Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі


Сәндік қолданбалы өнер - әсемдік әлемі



бет25/30
Дата05.02.2022
өлшемі2,57 Mb.
#1879
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30
6. Сәндік қолданбалы өнер - әсемдік әлемі


6.1. Қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің әсемдігі мен көркемдігі, мазмұны
Сәндік-қолданбалы өнер ертеде үй ішілік қолөнердің дамуымен қатар пайда болған. Алдымен халықтың тұрмысқа, тіршілік етуіне қажетті заттарды қолдан жасауына байланысты қолданбалы өнердің, соңынан олардың эстетикалық талап-сұраныстарының өсуіне орай пайда болған сәндік өнердің бірлесуінде сәндік-қолданбалы өнер туындаған. Бірақ ХХ ғасырдың бас кезеңіне дейінгі әдебиеттерде негізінен «қолөнер», «қолөнер кәсіпшілігі», «қолданбалы өнер» ұғымдары қолданылған.
Қолмен немесе құралдармен, техникамен өндірілетін қолданбалы, сәндік, сувенирлік бұйымдар түрлерін ұқсатып жасаудағы идеялар мен ойлардың, материалдар мен көркемдік шешімдердің, техникалар мен технологиялардың, ұлттық нақыштардың жиынтығын құрайтын өнер түрі. Сәндік-қолданбалы өнер арқылы жеке тұлғаның эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың маңызды факторлары болып оның ерекшеліктері мен атқаратын қызметі табылатындығын ескеру керек. Сәндік-қолданбалы өнердің ерекшеліктерін оның қамтитын салаларына қарай шартты түрде төрт топқа топтастырамыз: 1) көркемдік-эстетикалық ерекшеліктер: мағыналық-мазмұндық, сәндік, дәстүрлік. Олардың өлшемдері болып айтылар ойдың символдар, образдар, түр-түстер мен композициялар арқылы бейнеленуі, осы белгілер арқылы әр түрлі ақпараттардың берілуі, олардың сәнді де, әсем бейнеленуі табылады; 2) практикалық ерекшеліктері: тұрмыстық, шаруашылық, мерекелік, сувенирлік – қолданысқа арнайы жасалынуы және игілікке пайдаланылуы саналады; 3) еңбек ерекшеліктері: осы өнер түрін жасау процесіндегі өзгешеліктер – жеке және ұжымдық (топтық, қауымдық, рулық, ауылдық) еңбек етуі, олардың музыкалық, әдет-ғұрыптық сүйемелденуі, осы процесте эстетикалық-адамгершілік қарым-қатынастардың қалыптасуы. 4) шығармашылық ерекшелігі: дарындылық, шеберлік, кәсібилік –шығармашылық дарындылықты дамытуы, шеберлікті шыңдауы және кәсібилікті меңгертуі.
Осыған байланысты өнердің бүгінгі күнге дейін анықталған атқаратын қызметін шартты түрде былайша төрт топқа бөліп жүйелеуге болады: 1) ағартушылық – белгілі бір өмір туралы білімдер, танымдық білімдер, мәліметтер, пікірлер, теориялар, осы аталғандардың формалану белгілері; 2) коммуникативтік – суретші мен оның аудиториясының, халық пен ұрпақ арасындағы қарым-қатынас жасау құралы, білімдерді ғана емес, сезімдерді де жеткізу арнасы, адамдардың рухани қарым-қатынас құралы, көркемдік мәдениетті қоғамдық байлыққа айналдыруы, философиялық, құқықтық, этикалық, діни және т.б. идеяларды таратуы; 3) гедонистикалық – білім алушының эстетикалық әсем сезімдерін оятуы, рухани тұрғыдан көңіл-күйді көтеруі, айрықша сезім сыйлауы, құндылық бағдарлық, эмоционалдық, эстетикалық, көріністілік сапасы; 4) тәрбиелік – адамның рухани өмірін қалыптастыруға, әр түрлі қоғамдық идеалдарға сәйкес оның санасына, сезіміне, еркіне ықпал етуі.
Ұлттық мәдениет халықтың ежелден жалғасып келе жатқан өзіне тән өнері, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, дүниетанымы есебінде жетіліп отыратыны белгілі. Бүгінгі таңда қазақтың дәстүрлі өнерін, оның мәдениеттанулық негізін дұрыс көрсете танып, біліп, өнер түрлерін жинақтап, зерделі зерттеудің маңызы артып, жастарды сол ұлттың салт-дәстүрінің негізінде тәрбиелеудің қажеттігі өсіп отыр. Сондай қажеттіліктің бірі – халқымыздың қолөнері, соның ішінде ою-өрнек пен зергерлік, сәндік қолөнері, әшекейлеу әдістері өнерінің тәлім-тәрбиелік, эстетикалық-танымдық мүмкіндіктерін қазіргі ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалана білу болып табылады. Оның үстіне қазақ халқы өнері өзінің бай тарихы, терең мәдени-философиялық мазмұны, өзіндік ұлттық сан-қилы ерекшелігімен қымбат әрі құнды. Сондықтан да оның мәдениеттанулық негіздерін көрсету, танып-білу, жоғарғы оқу орындарында ұлттық тәлім-тәрбие беру процесінде қажетті мәселелердің бірі болып табылады.
Әр халықтың сан ғасырға созылған ұрпақ тәрбиесінде өзіндік рухани тарихы, тағлымы, ой-пікірі, қорытынды түйіні болады. Күн санап халқымыздың дәстүрлі құндылықтарына, олардың қайнар бастауларын тануға деген ықылас өсіп келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнердің ғасырлар сынынан еленіп, бүгінгі таңға дейін жетуі оның өміршеңдігін, мәдениеттегі өзіндік орнын, қажеттілігін айқындап тұр. Енді осы мұралардың құндылығын арттыру, дәстүр сабақтастығын жалғастыру, оған дәнекер болу әрбір ұлттық мәдениетке көзінің қарашығындай қамқорлық жасау зиялы қауымның борышы мен парызы. Бар әдемі құндылықтарды сырттан іздемей, оны өзіміздің асыл мұралардан іздеу, оны жандандыру, қалпына келтіру, мәдениеттанулық деңгейге көтеру – бүгінгі таңдағы ең бір көкейтесті, өзекті проблемалардың бірі деп түсінеміз.
Қазақ халқының ескі заман дәуірінен сөнбес мұра болып, ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, ұзақ жылдар өзіндік тарихымен елімізді бүкіл әлемге мәдени қол өнерімен танытып келген өшпес өнер кейінгі уақытта да танытпақ. Қазақ халқы мол байлығымен республика жерінде ескіден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді, салтты өркендетуші, ары қарай жаңғыртып, байытушы.
Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті ғасырдан бастама алып, осыған орай мәдениеттің тарихи қозғалысын, заңдылықтарын біліп-танудың мәні артып отыр. Белгілі философ А. Қасымжанов айтқандай, «қайта жаңару уақыты туды, ол рухани тамырларымызды зерттемей, ұғынбай іске асуы мүмкін емес. Іздену, ұғыну, өткенге құрметпен қарау бұл - халықтың іштей түлеп, өзін-өзі тану жолына түсуі, өркениетті қоғамдағы озық халықтың қатарына терезесі тең қатарға қосылуы. Халықтың тарихи мұрасының өрлеуі ұлттық сана сезімінің өсу процесінің негізгі бөлігі болып табылады. Мұнсыз халық тәуелділігі дегеніміз сөз болып қала бермек» (Касымжанов А.Х. Пространство и время великих традиций. - Алматы: КазНУ, 2001. - 301 с.).
ХІХ ғ. 2-ші жартысы мен ХХ ғ. басында қазақ халқының дәстүрлі қолөнері ең жоғарғы даму баспалдағына көтеріліп, өмірде өз орнын ала білді. Қазіргі таңда қазақ қолөнерін жан-жақты этнографиялық тұрғыда зерттеудің ғылым үшін де, өмірлік тәжірибе үшін де маңызы өте зор. Қазақтың қолөнері жалпы қазақ мұраларының даму жолындағы, мәдениеттің ішіндегі негізгі бір саласы. Ұлттық мәдениеттің бір саласы қолөнер болғандықтан, қолөнер шеберлерінің дәстүрлі талабын да жан-жақты зерттеу болашақ жастардың ісі. Қолөнер – баға жетпес, өшпес мұра. Оны қорғай да, қолдай да білуіміз керек.
Киіз үй жасайтын ағаштарды үйшілер көктемнен әзірлеп, бір жыл бойы көлеңке жерде сақтап, кептірген. Киіз үй сүйегінің жасалуы көптеген еңбекті талап етеді. Киіз үйдің үлкен-кішілігі кереге қанаттарына сәйкес болады. ХІХ ғ. 2-ші жартысы мен ХХ ғ. басында тараған киіз үйлердің түрлері 4-12 қанатқа дейін кездескен. Академик Ә. Марғұланның зерттеулерінде 18-30 қанатты үйлер болған дейді.
Қазақ даласында ершілер өнері жоғары бағаланды, талапты іскер ершілерді қолдан-қолға тигізбеді. Ерлерге, әйелдерге арналған ер болды. Әйелге арналған ер өзінің сәнділігімен көзге түсті. Әйел ерінің сүйегі ауыр, әшекейі мол болды. Әйел ер тұрман жабдықтары (тоқым, үзеңгі, жүген, айыл) түгел бір ғана ершінің қолынан шыққан. Әйел ерін әшекейлеуде кең тараған тағы бір түрі – оймалы өрнек. Ол үшін темір әшекейлердің ортасынан әр түрлі өрнектерді немесе өрнекті ойып тастап, қалған жеріне күміс істейді. Еркектердің ерлерінің сүйегі жұқа және ықшам болды, жеңіл ағаш ісіне көп көңіл бөлінеді. Күміс әшекейлері тым шағын, бірақ әдемі.
Қазақтардың өнері дамыған сайын, тынысы кеңейіп, өнер түрлері Қазақстанның барлық жерлерінде түгелдей өрістеді. Әр өңірдегі өнердің қалыптасып, дамуына көрші халықтардың ықплы зор. Ата-бабамыздың қолөнер мұраларын жақсарту – қазіргі заман жастарының ісі, халықтың ертедегі істері жарасымды жалғасын тапса, өнер дамыған үстіне дами береді (Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Қазақстан, 1995. - 240 б.).
1958 ж. Мәскеуде болып өткен қазақ өнері мен әдебиетінің 10 күндігі «алтын кемер белге сән, асыл жиһаз елге сән» деген даналығының растығын паш еткен үлкен оқиға болды. Мәскеу жұртшылығы қазақтың қолөнер шеберлері жасаған заттардың мыңнан аса экспонаттарын көргенде қайран қалған. Шығыс Қазақстандық Қ.Көшкенова, Н.Сарымбаева, Ш.Мұстафин, халық оюшысы Ғ.Иляев және басқа көптеген халық шеберлерінің ою-өрнектеп жасаған бұйымдары аса жоғары бағаланды.
Қолөнердің үш тобы – ХІХ ғ. аяғы, ХХ ғ. басында қазақ өнерінің жүйесін құрады. Қолөнердің алғашқы түрі өте көнеде пайда болған. Ол өзінің қарапайым геометриялы элемент пен мотивтер құрылысымен айрықшаланады. Ол түзу және қисық сызықтардан, қарапайым геометриялық фигура, күрделі емес комбинациялардан құралған, тас заманында пайда болған. Жеке элементтер мен мотивтер бірінің үстіне бірі қосылып, бронза дәуірінен бастап, осы уақытқа дейінгі қолөнерді құрайды. Алғашқы ою түріне сызықтар, вертикалды және қисық параллельді сызық белбеуі, үшбұрыш, ромб, квадрат, шеврон, шандра, крестер мен әртүрлі белгілер жатады.
Екінші қолөнер түрі, яғни қазақтың декоративтік өнері көптеген мыңжылдықтарды қамтиды. І мыңжылдықтар ортасынан б.ғ.д. ҮІІ-ҮІІІ ғ. жатқанымен кейбір элемент пен мотивтер өте көне, тіпті тас ғасырына жатады. Бұл түр нақты белгілері арқылы бөлініп алынған, оның мағынасы мынада: қисық сызықты форма мен түйіншіктелген немесе аяғы спираль тәрізді бұралған, жазық және бір қалыпты ою мотивтері мен композицияда. Оның шыққан элементі мен симметрия түріне бағыңқы.
Бұның негізгі органикалық форма әлемі - өсімдіктер мен зооморфты бәрі бір құрылысты заңға бағынады. Жалпы құрылыс композиция өзара сызу элементтерімен өте жақын болған, кейде өсімдік пен зооморфты ажырату қиынға соғады. Бұл топқа өте көне спираль тәрізді, розетка, дөңгелектерді де жатқызамыз.
Үшінші қолөнер түріне күрделі геометриялық конфигурациялар мен көпжақты бұрыштар, сатылы ромб, жұлдыз тәрізді фигуралар, күрделі крест формаларды енгізуге болады.
Қазақтың қолөнер жүйесін осындай ою түрлері құрайды. Қазақ оюлары толық жүйе құрайды. Өз кезегінде ою құрылысын құрау қосалқы бөлім өте күрделі кеңістік ансамбіліне құралады. Әр түрдегі ою мотивтері мен композициясы қазақы декоративті өнері де шешімін табуда көптеген әртүрлі типтер және симметрия шекті сандар элементін қолданады.
Қазақ «өнер алды - қызыл тіл» дейді. Дегенмен,сурет өнері осы тілден бұрын пайда болған тәрізді. Өйткені сонау тас ғасырынан қалған таңбалы тастарда ою-өрнектер арқылы адам баласы тым ерте-ақ өз ойын суретпен жеткізуге талпынған көрінеді.
Сонау алғашқы қауымдық құрылыс кезінде үңгірді мекендеген адамдар өздерінің тірлігін сурет арқылы баяндап,үңгір қабырғаларына қашап салған екен. Бұл туралы археологиялық деректер мен ғылыми еңбектерде көрсетілген. Одан бері келетін болсақ, б.д.д. V-ІІІ ғ.сақ дәуіріндегі Пазырық қорғандарынан табылған ою-өрнектер қазіргі біздің ою-өрнектерден айна қатесі жоқ дүниелер.Сондықтан біздің тегіміз тым әріде жатқандығын,тіпті ұлт болып қалыптаспай тұрғанның өзінде ою-өрнектің тілі қазіргі біздің ою-өрнектің тілімен бірдей болып тұрғандығы.Соған қарап,бейнелеу өнерінің тарихы тіл өнері қалыптаспай тұрғаннан да бұрын басталғаны байқалады. Күні кеше Берел қорғанынан табылған зергерлік алтын бұйымдар қазақ халқының материалдық байлығының негізі екендігінде дау жоқ.Ондағы аң стилімен жасалған бұйымдарға қарап,зергерлік өнердің тым ерте дамып,биік шеберлікке жеткендігіне ғалымдар қауымы көз жеткізіп отыр. Сондай-ақ Жетісудан, Шілікті жазығындағы обалардан табылған Алтын адамдардың бойындағы әшекейлер тым биік талғам,асқан шеберлікпен орындалуы,тіпті бүгінгі зергерлердің қолынан келе бермейтіндей.
Бір ғана киіз үйді алып қарасақ,қ андай даналық пен шеберлік ұштасқан көркем дүниені көреміз. Осы киіз үйде біздің ұлттық салт-дәстүріміз біте қайнап дамыды. Өнерге тұнып тұрған киіз үй формасының өзі де ғажап.Ол мына жер бетін күмбездене қоршап тұрған аспан әлемі секілді әсер береді.Үй ішіндегі басқұр, тұскиіз, жихаз, ыдыс-аяқ атаулы ою-өрнекпен әшекейленген. Табиғат пен ғарыш арасындағы үйлесімділікті танып білген ата-бабамыздың даналығы мен эстетикалық талғамының күштілігіне қайран қаламыз. Қазақ халқы ислам дінін қабылдағанға дейін табиғатқа, Тәңірге табынып,сеніп келген уақыттың ізін, әсерін осынау қолөнер бұйымдарынан көруге болады. Көшпенділік өмір салт табиғатпен тіл табысып,оның құпия сырларына терең мән беруге үйретті.
Қазақ халқының көшпенділік кезеңде бар байлығы алдындағы малы болғандықтан,оның тұрмысы мен қолданыстағы заттары сол малдың терісі, жүні, сүйегінен алып жасалынды. Қымбат тастармен, алтын-күміспен безендіріліп, әшекейленді. Бұл жағынан алғанда халқымыздың қолы жеткен көркемдік дүниелерінің сапасы мен сәндігі, жасалу технологиясы академиялық деңгейге көтерілген.
Халықтың қолөнерінде әдет-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар да кіреді.Қолөнерде көңілге қонымды мәнерлер мен ондаған қолданылған әдістер архитектурада кеңінен қолданылып келеді. Ертеден біздің заманымызға дейін сақталған мазарлар мен ескерткіштердегі, діни әртүрлі құрылыстардың қабырғалары мен мұнараларындағы сәнді ою-өрнектер,ағаштан қиюлап,тастан қашалып жасалған діңгектер- халық өнерінің тамаша туындылары.
Қазақ халқының қолөнері ішінде киіз үйдің сүйегін, ағаш төсек жасау, ағаш өрнектеу,кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу кең өріс алды. Бұл кезде жастарға арнап ер-тұрман мен белдік, қыз-келіншектерге арнап сәукеле, шашбау, білезік, сырға жасап оларды түсті өрнектермен әшекейлеу өнері де өрістей түсті. Қазақ халқының Қарыс қазы - балықта, қалың қазына – халықта деген мақалы да осы өнер молшылығынан туған еді.
Халықтың мәдени дәрежесі өскен сайын тұтыну бұйымдары мен жабдықтардың сапасына қатты талап қойылып,олардың әрі ұнамды,әрі сәнді болуын қалады. Еңбек үстіндегі шығармашылық ізденудің нәтижесінде тұрмысқа керекті заттардың жаңа алуан түрлері жасалып отырды. Сонымен қатар жихаздардың ою-өрнектері талғамға қарай жаңа мәнер,жақсы әшекейлермен безендірілу және жихаз-мүліктердің жаңа түрлерін шығару талабы да арта түсті.
Халық қолөнерінің тоқу ісінде қолданылатын өте қарапайым әдісі - өрнек. Бұл күрделі емес, қарапайым кез-келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтары оңай табылатын өрнектің 2 түрі бар. Біріншісі аспалы немесе термелі өрнек, ондайда өрнекте кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады, екіншісі жай өрнек дейді. Жай өрнек алаша, шекпен, қап, қоржын, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналады. Жай өрнек – ең көп қолданылатын түр. Өрнекке арналып иірілген жіптер істелетін бұйымдарға байланысты өрнектерге қарай бірнеше түсті болады және ол түстер бөлек-бөлек домалақтанады.
«Үй жасауы – кілем» дейді халық. Кілем - жайсаң төселгіш, ілсең – сән, осындай ел аузына іліккен асыл қасиетін ол әлі сақтап келе жатқан бағалы зат. Қазақстан территориясында көне заман деректерінде олар тап осы күнгі аттарымен аталады. Мысалы, бұқар кілем, жол кілем, халық кілем, мақта кілем деген сияқты көптеген атаулардың өзі-ақ қазақ халқының кілем тоқумен ертеден таныс екенін және кілемнің әр жерде әр түрлі мәнерде жасалғандығын айғақтайды. Кілем екі түрде тоқылады: аспалы өрнек, кілем өрнегі делінеді. Кілем өрнегінде әртүрлі, түрлі түсті бояулар қолданылып, сәнді шығады.
Зергерлік - өте ертеден келе жатырған өнер саласы. Әсіресе, оған қазақ халқы көп көңіл аударады. Әртүрлі сәнді бұйымдар асыл тастардан жасалған қымбат заттар әлгі шеберлер қалдырған халықтық мұра болып табылады (Қазақтың зергерлік бұйымдары. Алматы: Өнер, 1981, 28 б.).
Зергерлік өнердің Қазақстан топырағында сонша ерте заманнан-ақ болғандығының бір куәсі Кеген ауданындағы Ақтас қыстауынан табылған алтын сырғалар. Археологтар оның б.з.б. І – ІІ ғ. Жетісу бойын мекендеген үйсін елінің зергер-шеберлердің қолынан шыққандығын анықтады.
Қазақ елінің зергерлік өнері ертеден келе жатырған көркемдік өнерінің түрі. Қазақ халқы алтын, күміс, жез, мыс сияқты қолданылатын нәзік жұмыстарын зер дейді. Ерте көне түрі зерлі тон, зерлі шапан, зерлі кемешек деп тіркестіле береді. Осындай зерлі бұйымдар көркем өнерді, шеберлікті білдірді. «Зер», «зерделі» деген сөз асыл, таза, салтанатта әр мағынаға ие болады. /15/
Халық зергерлері көбіне білезік, өңір жиек, сақина, сырға, жүзік, шолпы, сәукеле сияқты адамның өз бойын әсемдейтін заттарды жасады.
Қолөнер шеберлері өрнектеліп болған заттарды әдемілеу үшін оны түрлі қағазбен, шұғамен, мақтамен, жұмсақ матамен ысқылап, жылтыратады. Сақина, білезік, сырға сияқты бұйымдарды қазақ зергерлері осындай әдіспен жасады. Білезіктерге келсек, қос білезік, бес білезік, жұмыр білезік, орама білезік деген тағы басқа түрлері бар. Сақина мен балдақ саусаққа салынады. Сақиналар әшекейлер мәнеріне қарай, көздерінің бейнелеріне қарай да әртүрлі аталады. Мысалы, тасты сақина, моншақты сақина, құсмұрын сақина, бұрамалы сақина т.б. болып бөлінеді. Сақина көздеріне теңбіл тас, су тас, көк тас, құлпырма тас, гауһар тас және ақ тасты пайдаланған. Кейде зергерлер қырланып, боялған моншақ шыныларды да сақина көздеріне отырғызады.
Шолпы - әйел әшекейінің ішінде сәнді әрі күрделілердің бірі.Қазақ даласында оның түрлері өте көп. Шолпыны сән әшекейі ретінде және оның салмағының әсерінен шаш ұзын болып өседі деп таққан. Мұны байлықтың, баршылықтың белгісі деп есептеген. Шолпының жалпыға бірдей ел арасында көп тараған түрлері қоңыраулы, қозалы, қосүзбелі, сағат баулы, маржанды, шаш теңге т.б.
Шашқапты бойжеткен қыздар мен жас келіншектер шаштарына киетін болған. Оны қыз-келіншектер жүн сабау, киіз басу, ши тарту, мал сауу жұмыстарына араласқан кезде киетін болған. Шашқап көк, жасыл, қызыл, қара түсті мақпалдардан жасалады. Оның оң жақ бетіндегі мақпалдың айнала шеті, екі жақ басы алтын-күміспен зерленеді. Мақпалдың ортасына ою-өрнектің ұнасымды түрін пайдаланып, ақ меруерт тізеді.
Зергерлік ою-өрнектерді қалыптастырып, қазақтың ұлттық киімдерін безендіріп,әшекейлеуде қолданылады. Зергердің қолынан шыққан киімдер әрі сәнді, әрі ықшам болып келеді. Зергерлер киімдерге әртүрлі аңдар мен гүлдердің, өсімдіктердің кескінін қолданған. Ұлттық киімдерге әртүрлі ою-өрнектерді пайдаланған. Ұлттық киімдер қазақ халқының жүріс-тұрысын, келбетін, тәртібін көрсеткен.
Қазақ халқының тұрмыс тіршілігіне, руына, әшекей тағуына, жер аймағына байланысты өзіндік ерекшеліктері болды. Оңтүстік жақта бояу түрі мол қолданылады. Солтүстік, Орталық Шығыс Қазақстанда сүйекпен, күміспен, асыл тастармен әсемдеу жағынан өзгерістер кездесті. Зергерлік қолөнер Батыс және Оңтүстік аудандарында кең тараған. Оңтүстік- батыста әйел адамдарының әшекейлері жақсы өрістеді. Осылай қазақ халқының зергерлік тәсілдері әр түрлі сәндік-әдемілікті байқатады. Сәнді өнер адамдарды сұлулыққа, әдемілікке шақырады. Сәнді қолданбалы өнерді бағалап, қастерлеп, жан-дүниемізбен сезінуіміз керек. Бұл өнер әр жанұяда, тұрмыста қолданылатын сәнділік қолтаңба.
Қазақта қайсыбір түстердің символдық мәні бар: көк – түс – аспанның символы, қызыл түс-оттың, күн көзінің символы, ақ түс – ақшаттың, қуаныштың, бақыттың символы, сары түс-ақыл-парасаттың, қайғы-мұнның символы, қара түс – жүр символы; жасыл түс – жастықтың, көктемнің символы. Затты осы түстердің бірімен болғанда оған белгілі мен беріледі. Демек, бояу мен түсті таңдап орналастыру тарихында әрбір елдің ұлттық өзіне тән талғамы мен татымы болған.
Мысалы, бір өңкей шахмат төртбұрышты құралып, шық-иық болып өрби түсетін “омыртқа” өрнегін алып қаралық. Онда көбнесе түстер нақ ортадан бастаб шетке қарай түрленеді. Сонда ортада - қара, ақ, қызыл, жасыл, сары, көк түс келеді.
Бұрын табиғатта жиі кездесетін және сол күйінде пайдалануға жарай беретін ақ, сары, көк, қызыл және қара топырақтар, түрлі түсті жосалар (сары, көк, қызыл) ағашты, теріне, қайысты бояуға жұмсалған. Сол сияқты малдың қанын, қара бауырынан, көк бауырынан да бояу ретінде пайдаланған. Көк текенің бүрі, мойыл, долана, қарақат, бұлдірген, итмұрын және тағы басқа да осылар тәрізді түрлі жемістердің шырыны да дояр турған бояу десе болғандай еді.



Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет