Әлдихан Қалдыбаев



бет12/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#43802
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19
Көбен (басу айтқан болып, шындығында, дем беріп). Қойыңыз, Тәке! Ата жолынан аттауға болмайды. Бұл келісіңізді ұрын келу, дейді. Ендігіде ашық келесіз, барлық әңгіме сонда болады. Қызды ұзату жағы сонда шешіледі.

Тантай. Бізге, болыстың үрім-бұтағына ырым-сырым жүрмейді. Біз қадалған жерден қан аламыз. Ата жолы деп ауызды аңқайтып отыру неге керек? Мен енді Ақбөпені қатын қылып алмай ауылға қайтпаймын. (Ашуланып). Тіл мен жағыңа сүйенбей, тұр орныңнан, атыңа мін де жөнел. Барып, әкеме осы ұйғарымымды жеткіз!

Көбен (дереу сасып-салбырап). Апырау, қалай болар екен? Ноқаң: «Не көкіп тұрсың», - деп қамшымен қақ басымнан салса, қайтемін?

Тантай. Не деп ұрады?

Көбен. «Сонша асығып, өліп бара жатырсыңдар ма?» деп ұрады.

Тантай. Ұрмайды. Біз қайта әкеме қыпшақтарға тізесін бір батырып қоюға жағдай жасап отырмыз. Менің әкем мұндайды қалт жібермейді.

Көбен. Айналайын, би атам керемет адам ғой. Осыдан қара да тұр, қыпшақтарды апай-топай қылады.

Тантай (масайрап). Енді не қыл дейсің, бар. Айтқаным айтқан, Ақбөпені қатын қылып алмай қайтпан.

Көбен (жып етіп). Құдай соған жазсын.

Тантай (шалқайып). Жазады. Ноқаңның тұқымының ойға алғанын Құдекең еш қипақсыз орындайды.

Көбен (жағасын ұстап). Астапыралла! Тәке, Құдаймен ойнама!

Тантай. Құдай аспанда, алыста, әкем жерде, жақында. Құдай – бар-жоғы белгісіз, күмәнді құдірет, әкем – елдің көзі көріп, сөзін тыңдап отырған әмірші. Көз жетпейтін жердегі Құдайдың құдіретінен қол жететін жердегі әкемнің өмірі күшті.

Көбен (көне кетіп). Рас. Сен Ақбөпені алады екенсің.

Таптай. Енді қалай? Өйтпесем, Тантай боламын ба!
Алтыншы көрініс
Ақбөпенің әкесі Өтелбайдың үйі.

Іргедегі төсек үстінде Ақбөпе жатыр. Өңі құп-қу, ауыру.

Өтелбай мен әйелі Күнімбала үрпиісіп отыр.
Күнімбала (күйініп, налып). Құдайым-ау, қайдан кезіктірдің бұл пәлелерге? Біз олардың қай теңі едік.

Өтелбай. Бәріне кінәлі – Ақбөпе.

Күнімбала. Бұл қай сөзің, байқұс-ау?! Ақбөпенің жазығы көрікті, ақылды, ақын қыз болғаны ма?

Өтелбай (жайымен). Әрине, солай. Аяқ жетер жердегі беті жылтыраған ұрғашының бәрі – би-болыстың баласынікі. Оның үстіне атының жорға болғанын мақтан көретін қазақ қатынының ақын болғанына жарылып кетер.

Күнімбала (сөзін бөліп). Жоқ. Бәріне кінәлі – біздің кедейлігіміз, сенің аз үй қыпшақтығың. Өзіңнің Арқаңда, қалың арғын, қыпшақтың ортасында отырайықшы, Ноғайбай болыс тұрмақ, Өтеген батыр тіріліп келсе де тісі батпас еді. Бұл аймақта Ноғайбайдың бетінен қағар тірі пенде жоқ, Ақбөпені алмай тынбайды енді олар.

Өтелбай. Ойы өзім де біліп отырмын.

Күнімбала. Ақбөпе де біледі.

Өтелбай. Білсе, көнсін.

Күнімбала. Қайтіп көнеді, көнбейді. Сауытбекке сөз беріпті, соны келеді деп күтіп жатыр.

Өтелбай. Келгенде не істейді ол сорлы, мына жуандардың таяғының ұшында кетер.

Күнімбала. Ақбөпе: «Сауытбекті сүйемін, оған қызбын, басқаға мұзбын», - дейді.

Өтелбай (кекесінмен). Сүю-күю – еріккеннің ермегі. Қайтсем күнімді көремін деп жүрген адамға оның түкке қажеті жоқ. Өзі жарымаған Сауытбек қызымызға қай бір опа шектірмек. Ақбөпе қойсын оны, Тантайға барсын, қолын жылы суға малып отыратын болады.

Күнімбала. Сүйгеніне қосылмаған әйел – бақытсыз. Ақбөпе Сауытбекке қосылуы керек.

Өтелбай. Әйелдің бақыты – қатын болу, бала туу, қазанның қаңырағанын емес, майлысын ұстау. Ноғайбай болыстың тұқымында осының бәрі бар.

Күнімбала. Бәрі болсын, бірақ бақыт жоқ.

Өтелбай. Содан бақытты болатын жерді Меккені үш айналсаң да таба алмайсың.

Ақбөпе (ақырын басын көтеріп). Көке, апа, мен үшін ұрысып-таласпай-ақ қойыңыздар. Мен сіздерді әуре-сарсаңға түсірейін деп ойлаған жоқ едім, өзіме-өзім өкінгеннен басқа не амал бар енді?

Өтелбай. Өкінбе, қызым, өмірің алда.
Өтелбай шығып кетеді.
Күнімбала (жігерлі). Әкеңе ренжіме, айналайын! Ол қайдан түсінсін әйел жанын? Сауытбек бір амалын ойластырар.

Ақбөпе. Сауытбектің «Келемін» деген күні өтіп кетті. Төрт күн өтті, жоқ. Тантайлар енді күте ме?

Күнімбала. Күтпейді.
Қойшы бала Солтай кіреді.
Солтай. Сәлеметсіздер ме?

Күнімбала. Кел, Солтайжан, қозың қайда?

Солтай. Қос талдың көлеңкесінде жатыр.

Күнімбала. Онда отыр.

Солтай (Ақбөпе жаққа көз салып). Әкпе, қалай, айықтыңыз ба?

Ақбөпе (күрсініп). Солтай, менікі айықпайтын ауру. Сен мына әнді үйреніп алшы. Сауытбек келгенде айтып бер. Сенің дауысың менікінен айнымайды. Міне, былай айтасың:

Ел ішінде бар ма екен мендей мұңлық,

Екі қолым байлаулы көзім жұмық.

Ықтиярсыз барамын зорлықпенен,

Қол-аяқта салулы құрсау-құлып.
Болмады, Сауыт, хабарың,

Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде тұрмастан,

Тістеулі кетті бармағым.
Мен секілді бар ма екен қайғысы асқан,

Босамады жылаудан көзім жастан.

Көкірегім қайғылы, көңілім шерлі,

Сауытбекті барамын көре алмастан.
Болмады, Сауыт, хабарың,

Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде тұрмастан,

Тістеулі кетті бармағым.
Күнім қандай болады, біле алмаймын,

Көтеріліп көңілім жүре алмаймын.

Қайғыменен қан жұтып сарғаямын,

Гүл ашылып, күн шығып күле алмаймын.
Болмады, Сауыт, хабарың,

Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде тұрмастан,

Тістеулі кетті бармағым.
Көп қарадым Сауытбек келеді деп,

Төрт күн жаттым ауырып, көремін деп.

Қорлықпенен өлтірер барғаннан соң,

Айтып еді: «Жазаңды беремін», - деп.
Болмады, Сауыт, хабарың,

Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде тұрмастан,

Тістеулі кетті бармағым.
Күнімбала (Ақбөпені құшақтап жылап). Сорлы қызым, қор қылыппыз-ау! Қарағым-ай, қайтсе болды. Сені аюдың тырнағынан айырып алар күш, қане?! О, Құдай, қу Құдай, шұнақ Құдай, Бөпемді осыншама жылататындай не жаздық саған?!

Ақбөпе. Апа, Құдайға тіл тигізбеңіз. Қарғасаңыз теңсіздікті, кедейлікті қарғаңыз.

Күнімбала. Бәрі – Құдайдан. Сауытбекті де келтірмей отырған – Құдай.

Ақбөпе. Сауытбекті маған жеткізбей тұрған күш – кедейшілік. «Бір жақсы ат тауып мініп келіп, алып қашамын», - деп еді, соны таба алмай, қор болып жүр ол.

Күнімбала (шарасыз). Қайдам? Кешікті. Амал жоқ, бүгін сәскеде ұзатамыз.

Ақбөпе (жылап). Солтай, сен бүған не дейсің?

Солтай. Әніңізді қайта айтыңызшы, мен үйрене түсейін.

Ақбөпе. Ол – мен қайта айта алмайтын ән! Кеудемнен «Сауытбек?» деп ұшқан құс. Не үйрендің, соны айт Сауытқа, өзі түсінеді. Оның жүрегі мен менің жүрегім – үндес.

Солтай. Әкпе, менің де жүрегім үндес сіздікімен.

Ақбөпе. Онда сенің жүрегіңе ұялады бұл ән.

Солтай. Иә, ұялады, айнытпай жеткізем Сауытбек ағаға.

Ақбөпе. Сөйт. Осы әннен басқа түгім жоқ менің. Сауытбекті қуантатын, жоқ, қайғыға батыратын болар.

Күнімбала. Түңілме, қызым! Қырық жыл қырғын болса да бір Алладан күдер үзбе.

Ақбөпе. Апа, қызықсыз, Құдайды біресе даттайсыз, біресе мақтайсыз.

Күнімбала. Шарасыз адамның көрген күні осы, Бөпем!

Солтай (Ақбөпенің әнін іштей айтып тұрып). Әкпе, мен әніңізді өзіңізден бір кем айтпаймын.

Ақбөпе (езу тартып). Дұрыс. Солтай – сен әншісің, бірақ бұл әнді өзім құсап ешкім айта алмайды. Бұл – ән емес, менің мұңым, қайғым, арманым.

Солтай. Бұл әнді менен үйреніп Сауытбек аға айтатын болады.

Ақбөпе. Сауыт айтады. Мен өлген соң да айтып жүреді ол.

Күнімбала. Қой, қай-қайдағыны айтқаның, Ақбөпе!

Ақбөпе. Рас. Солай болады, апа. Мені Сауытбектей түсінген бір адам жоқ бұл дүниеде. Шіркін, дүние, қандай кең ең, содан титімдей орын табылмайтындай кімнен кем ем?!

Күнімбала. Сен өйтіп түңілме, қызым. Әлі-ақ бақытты боласың.

Ақбөпе (жылап). Апа, менің бақытым – Сауытбек. Одан айырылған өмірім – жылау-сықтау.

Күнімбала. Қайтеміз енді, мұны әкең де, мен де білеміз. Осы күнімізге амалсыз көнеміз.

Солтай. Әкпе, әніңізді айтайын, тыңдап көріңізші.

Күнімбала. Солтай, айтпа. Онсыз да жылап отыр емес пе, Ақбөпе.

Ақбөпе. Бұл – жылау емес, қоштасу.

Солтай. Қош, әкпе!

Ақбөпе (еңіреп жылап). Қош, Солтайжан, мен сені енді көре алмаймын! Әнімді бір Сауытбекке ғана емес, барлық жерде айтып жүр.

Күнімбала. Неге?

Ақбөпе. Аруын жылатқан ел естісін, есі кірер, адамдардың тек сүйгеніне қосылуы керектігін білер.

Күнімбала. Қызым, бұл айтқаныңды ел біледі, әкең екеуіміз де білеміз. Қол қысқа болып тұр ғой, амал жоқ, көнеміз.

Солтай (Ақбөпенің әнін ыңылдап айтып). Әкпе, қапа болмаңыз, Құдай басқа салған соң, көніңіз.

Ақбөпе. Соны білсемші мен. Солтайжан, қалай тез өсіп кеткенсің сен?

Күнімбала (Ақбөпеге). Сенің ендігі іздеушің осы інің болады.

Ақбөпе (Солтайды құшақтап сүйеді. Көзінде жас). Іздеп тауып қуанасың ба, жоқ, айырылып қалып жылайсың ба, қошақаным менің?

Солтай. Қуанамын. Әніңізді айтып беріп, Сауытбек ағаны да қуантамын.

Ақбөпе. Сөйт, айналайын!

Солтай. Сөйтемін.
Солтай кетеді.
Күнімбала. Қайтейін, Солтайжан әлі жас. Жігіт болғанда саған араша түсетін еді.

Ақбөпе (күрсініп). Әй, қайда-а-ан!
Мақұлбек кіреді.

Ақбөпе бетін орамалымен жауып алады.

Күнімбала үн-түнсіз отыр.
Мақұлбек (зілді). Құдағи, жұмбақ ойнағанымыз жетер. Ноқаң адам жіберіпті, «Келінді бүгін ұзатсын», - депті. Ақбөпені бүгін ұзатыңдар, өйтпесеңдер, сөз басқа. Ноқаңды ашуландырған адамның оңғанын көрген емеспін мен.

Күнімбала (шарасыз). Құда да, сіз де қызық екенсіздер. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғының» кері ме бұл, нелеріңіз?

Мақұлбек (ширығып). Құдағи, біздің көзіміз соқыр, құлағымыз керең емес. Көріп, естіп, біліп отырмыз, Ақбөпе өтірік ауырады екен. Сауытбекті күтіп жатқан көрінеді.

Күнімбала. Құда ондай ащы сөз айтып, тәтті ауыздың дәмін кетіріп қайтесіз? Ат-көліктеріңізді дайындаңыздар, Ақбөпені ұзатамыз бүгін.

Мақұлбек. Міне – сөздің төресі. Біз дайынбыз. Мен Тантайларға барайын, қуантайын.

Күнімбала. Қуантыңыз. Бірақ Ақбөпе қуанар ма екен?

Мақұлбек (лып етіп). Қуанады. Ноқаңның келіні болу – қашанда біреудің маңдайына жазылған бақыт.

Күнімбала. Ноқаңа келін болу үшін алдымен баласына жар болу керек шығар.

Мақұлбек. Әрине.

Күнімбала (селқос). Сол жағы келіспей тұр ғой. Ақбөпе ініңізді сүймейді.

Мақұлбек (шалқайып). Сол да сөз екен. Сүю деген еркек пен ұрғашының басы төсекге түйіскен сәттен басталады. Қой, кеттім.
Мақұлбек кетеді.
Ақбөпе (басын көтеріп). Апа, мен бақытсыз боламын.

Күнімбала (шошып). Қой, күнім, о не дегенің? «Жақсы сөз – жарым ырыс» бақытты боламын де, сонда бақытты боласың.

Ақбөпе. Маған енді бәрі белгілі. Бәріне көнемін, Құдай басқа салғанды көтеремін.

Күнімбала. Сөйт, қызым, орныңнан тұр.

Ақбөпе (төсектен түсіп). Апа, кірісе беріңіздер ұзатуға. Мені Тантайдың уысынан ешкім ажыратып ала алмайды екен.
Жетінші көрініс
Құмдағы құдық басы. Солтай қауғамен науаға енді су

толтырып болып, еңсе көтеріп, бойын тіктеп тұра береді.

Сауытбек шығады. Солтай байқамай қалады.
Сауытбек. Ау, Солтайжан, аманбысың!

Солтай (жалт қарап). Аға! Ассалаумағалейкум! Сіз... Сіз кешіктіңіз. Ақбөпені алып кетті!

Сауытбек (мең-зең тұрып қалады). Ақбөпе!.. Арман!.. Ақбөпе жоқ, өмір бос! Солтай, Ақбөпе маған сәлем айтқан жоқ па? Мен білсем, Ақбөпе: «Маған жеткіз», - деп саған сәлемін айтып кетті.

Солтай (таңданып). Оны қайдан білдіңіз, аға?

Сауытбек. Ақбөпе сөз ұғарлық адамды біледі.

Солтай. Аға, Ақбөпе: «Солтай, сенің даусың менікінен айнымайды. Мына әнді Сауытқа айтып бер», - деп бір ән айтты. Сізге сәлемі – сол.

Сауытбек (дүр сілкініп). Бірден солай демейсің бе, Солтай-ау?! Ұмытып қалған жоқсың ба? Айт, тездетіп айт.

Солтай. Қалай ұмытайын, аға, ондай ән өмірі ұмытылмайды.

Сауытбек. Міне, жігіт!

Солтай. Аға, әннің соңғы ауызын ғана айтайын, содан бәрін ұғасыз.

Сауытбек. Айт.

Солтай (жөткірініп алып):

Көп қарадым Сауытбек келеді - деп,

Төрт күн жаттым ауырып, көремін деп.

Қорлықпенен өлтірер барғаннан соң,

Айтып еді: «Жазаңды беремін», - деп.

Болмады, Сауыт, хабарың,

Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде тұрмастан,

Тістеулі кетті бармағым.

Сауытбек (ауыр күрсініп). Мені өлтіріп, өзі өлуге кетіпті- ау, айналайын Ақбөпем! Солтайжан мен – тірі өлікпін. Сүйгенімді тамағына Тантай тажал тақаған ажалдан арашалап ала алмаған соң өлік емей, кіммін мен?!

Солтай (екі көзі боталап тұрып қалып). Аға, ең болмаса, бір көріп қалыңыз Ақбөпені. Ана талдың көлеңкесінде Бүркітбайдың бәйге торысы тұр ерттеулі. Соған мініңіз де, қуыңыз Ақбөпенің көшін.

Сауытбек. Солтай, сен – ақылды баласың. Мен кеттім, сен Бүркітбайға айт, атының бір терін қисын маған.

Солтай. Айтамын. Жолыңыз болсын, аға!

Сауытбек. Айтқаның келсін!
Екінші бөлім
Сегізінші көрініс
Сақ қарияның үйі.

Төрде қарияның өзі, дөңгелек үстелді айнала баласы, келіні, немерелері отыр. Есіктен үсті-басы шаң-тозаң, бет-ауызы айғыз-айғыз, екі көзі

қып-қызыл Сауытбек кіреді.
Сауытбек. Ассалаумағалейкум, қария!

Сақ. Уағалейкумассалам! (Сауытбектің бас-аяғын шолып шығады). Түрің қандай адам шошырлық еді, ерім! Жылағалы тұрсың ғой өзің. Қайғың басыңнан асқан адам сияқтысың, жөніңді айтшы, кімсің, қайдан келесің?

Сауытбек. Аттан жығылып, шаңға аунап тұрған адаммын.

Сақ. Жоқ, сен – шерлі адамсың. Аты-жөнің кім, қай елдің адамысың? Айтшы, білейік.

Сауытбек (солқ етіп, өксіп кетіп). Ашадағы шымыр күнтумін. Есімім – Сауытбек. Сіз біліп қойдыңыз, қайғым көп менің. Ауылыңызда түнеп жатқан ана көш – менің сүйген қызым Ақбөпенің ұзатылып бара жатқан көші. Қу кедейліктен ғашығыма қолым жетпей, зарлап қалған шермендемін мен, аға.

Сақ (елең етіп, сергіп). Өй, сен Сауытбек болсаң, ел аузында жүрген бозым жігіт болдың ғой. Сыртыңнан естуім бар, сені жұрт ақын, сал демейтін бе еді. Мына ұзатылып бара жатқан қызды Ноғайбайдың келіні деп естідік. Ол бейбақ сені әуелі өлердей ғашық етіп, енді өлімші қылып тастап, бидің баласына тиіп кетіп барады екен ғой.

Сауытбек. Қария, Ақбөпе амалсыз, қан жылап кетіп барады. Ажыратып алатын менің түрім – мынау.

Сақ. Сауытбек екеніңді білейін, осы кейпіңді әнге қосып айтшы.

Сауытбек:

Маған айтқан, Ақбөпе, сырың қане,

Сауытбектің сені іздеп ұрынғаны.

Тұмсығында Ұланның қуып келіп,

Сауытбектің ит болып ұлығаны.

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!

Өміріміз жылаумен өтер ме екен,

Бармағымыз тістеулі кетер ме екен?

Адамзаттың түспеді рақымы,

Арызымыз Құдайға жетер ме екен?

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!
Бір жолықсам, Ақбөпе, шырағыма,

Осы даусым жетер ме құлағыңа?

Шыныменен кеттің бе, ақ балапан,

Қара құстың түйреліп тырнағына?

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!
Шырылдатып қара құс кетті алып,

Шеңгелінде барасың естен танып.

Мұңымызды зарлаған екеуіміздің,

Тыңдайтұғын адам жоқ құлақ салып.

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!
Сақ (көкірегі қарс айырылып). Ой, жалған-ай! Сауытбек шырағым, сенің еркек басыңмен егіліп жылап отырғаныңды жақтырмап едім. «Арсыз неме ғой мынау бір» деп едім іштей. Жоқ, басқа екенсің. Шіркін, ғашықтық адамның өзегін шалған жалын, жоқ, өрт қой. Мен де сен сияқты сүйгеніне қосыла алмаған сорлымын.

Сауытбек (елең ете қалып). Сонда сіз кімсіз?

Сақ. Күнту Балқыбектің баласы Сақ деген ағаң мен боламын.

Сауытбек (қуанып). О-о, Сақ аға, мен сіздің есіміңізге сыртыңыздан әбден қанықпын. Сіздің сүйгеніңізді алмақ болған байды жайратып салып, он бес жыл Сібірде болып келгеніңізді де білемін. Мен сіздің сөзіңізді жаттап, әніңізді айтып өскен ініңізбін. Сіздің абақтыда жатқанда әкеңіз бен шешеңізге, сүйгеніңізге жолдаған өлеңдеріңізді әнімен талай-талай айтқанмын.

Сақ. Сауытбек қарағым, мен жасым алпыстан асқан, жетпіске қадам басқан, әнім баяу, көңілім қаяу тарланмын, кезінде талай бәйге алғанмын, бұл күнде аяқтан қалғанмын. Сауытбек, сені көріп, жастығым еске түсіп, екі құлағым елеңдеп, арқам қозып отырмын. Бір-екі ауыз өлеңді әнге қосып айтып көрейін, тыңдағын.

Сынап көрші, Сауытбек, тарлан бозды,

Аяғы кем, тұралап қалған бозды.

Естен шығып, елеусіз қалған едім,

Дүбіріңе, Сауытбек, арқам қозды.

Құрдасың қайда, Жамал-ау,

Таппадым іздеп амал-ау,

Кетпейсің естен,

А-а, аһ-аһ, Дәмелі-ау.

Балқыбектің баласы Сақ едім,

Қыз сүйетін жасымда кісі-ақ едім.

Дәмеліден айырылып, алас ұрып,

Тура саған, Сауытжан, құсап едім.

Құрдасың қайда, Жамал-ау,

Таппадым іздеп амал-ау,

Кетпейсің естен,

А-а, аһ-аһ, Дәмелі-ау.
Сауытбек (сергіп). Аға, нағыз тарлан боздың өзі екенсіз.

Сақ (бір көтеріліп отырып). Солай ма?! Сауытбек, мені қой, бүгінгі әңгіме сен туралы. (Келініне). Шырағым, естіп отырсың ғой, ана Батырбектің ауылында қонып жатқан көш мына Сауытбек ағаңның сүйген қызының ұзатылған көші екен. Сауытбек пен қызының арасына дәнекер болғын, сауабы тиеді.

Келіншек (төмен қараған күйі). Мақұл, ата.

Сақ. Сауытбек, Құдай сәтін салса, сен енді Ақбөпемен жолығасың, бірақ «Алып қашамын» деп жүрме. Өзің білесің, күйеу жігіт – Ноғайбай болыстың баласы. Болыс аяғыңды қия бастырмайды, ұстатып алады. Маған жақсы мәлім, сүйгенінен айырылу азаптың азабы. Мен – ол азапты он бес жыл өткерген адаммын. Маған бәрі белгілі. Амал қайсы, жағдай осылай болған екен, көнесің. Тағы айтамын, Ақбөпені алып қашамын деп әуре болма. Өйткен екенсің, оныңды Ноғайбай болыс кешпейді, өзіңді былай қойғанда, зияның еліңе тиеді, жар басында жарбайып отырған бізді де аямайды.

Сауытбек. Шын айтасыз. Бәрін түсінемін, аға. Қауіптенбеңіз, ондай әбестікке бармаймын.
Тоғызыншы көрініс
Уық шаншып, асығыс тігілген бірнеше шошала тұр.

Көш ахуалын аңғартар дүние-мүлік тең-тең болып жатыр.

Сауытбек бұғына басып шошаларға жақындай береді.

Бергі шеткі шошаладан басына шапан жамылған біреу шығады.

Ол – Ақбөпе. Ақбөпе басындағы жамылғыны алады.

Ақбөпенің сұлу жүзі аспандағы айға шағылысып тұрып қалады.

Іле Сауытбек Ақбөпеге жақындай беріп, екеуі құшақтаса кетеді.
Сауытбек (демігіп). Бөпе, жеттім бе шынымен!

Ақбөпе. Жеттің. Құдайым-ай, бар екенсің ғой көзім жасын көрген.

Сауытбек. Айналайын ақ Құдай бар, рақымы мол.
Екеуі құшақтасқан күйі қалың қамысқа кіре береді.

Шу бойының тамылжыған айлы түні.

Қамыс ішінен қос ғашықтың үздіккен үндері естіліп тұрады.

Ақбөпе. Жаным, қой!

Сауытбек. Қалай қоям, сен ендігі жерде маған жоқсың! Бұл – соңғы жырымыз, жоқ, тұяқ серпуіміз.

Ақбопе. Солай... Онда... Өзің біл..
Үнсіздік.

Таң сібірлеп атып келеді.

Ну қамыс сылдыр қағады.

Қамыс арасынан Сауытбек пен Ақбөпе шығады.

Бір-бірін қимай, құшақтаса береді.
Сауытбек (күйзеліп). Бөпе, таң атып келеді, қайтеміз? Не істейміз?

Ақбөпе (екі көзі жайнап):
Алып кел, Сауыт, атыңды,

Жолығу осы ақырғы.

«Тәуекел түбі – жел қайық»,

Білерсің деген нақылды.

Мінейік те кетейік,

Көз – қорқақ, қолың – батыр-ды.

Жөнел. Сауыт, кетейік,

Салса да заман ақырды.
Сауытбек (жан-жағына қарап, қарауылдап жүрген кісілерді көріп). Бөпе, аналарды қарашы. Олар – бізді қашып кетпесін деп қарауылдатып қойған Сақ қарияның адамдары.

Ақбөпе (үнсіз өксіп). Онда бар, жолың босын! Таң атып қалды, көзге түсеміз. Біліп қалса, ана дүлейлер аямайды. (Ілбіп басып, ұзай беріп). Қош, Сауыт!

Сауытбек (егіліп, езіліп тұр). Қош, Бөпе! Құдай бізді қосылуға жазбаған екен.

Ақбөпе. Сауыт, мен – бақыттымын.

Сауытбек. Қалайша?

Ақбөпе. Сені сүйдім, құштым, беріліп, мейірімім қанды.

Сауытбек. Баянсыз, өткінші бақыт қой ол.

Ақбөпе.

Өлі судан өткінші жаңбыр өткір,

Өбістік өлермсн боп, куэ - өрт тіл.

Қайтейін, барамдағы алғаныма,

Коңілде кетіп барад өтс көп кір.

Сауытбек.

Келмей тұр, Бөпешім-ау, қалғым енді,

Амал жоқ, алғаныңа барғын енді.

Екі көзің төрт болып сен жүрерсің,

Боп жүрермін мен дағы қайғы жеңді.

Ақбөпе кетеді.

Сауытбек жер болып тұр. Сақ қарт шығады.

Сақ (разы кейіппен). Сауытбек, жігіт екенсің, сөзінде тұрдың.
Сауытбек (өзіне-өзі налып):

Жігіт емес, мігітпін мен.

Ағатай-ау, өртеніп барад өзегім,

Таппады дертім өз емін.

Ақбөпеден айырған,

Жат болды маған өз елім.

Басымды қайда ұрамын,

Бетімді қайда бұрамын?

Ақбөпесіз өмір жоқ,

Болады қайда тұрағым?

Беріп едім сізге серт,

Болды оным маған дерт.

Мұрындық салған мен – өгіз,

Жетекте, аға, үйге ерт.
Сақ (бармағын тістеп). Қап! Обалыңа қалған екенмін!
Сауытбек. Жоқ, аға, менің обалыма қалған сіз емес, кедейшілік, теңсіздік.

Сақ (разы болып). Қалай тауып айттың, інім! Кедейшілік өмірді кер бақтырады, теңсіздік адамды жер қаптырады. Бүл екі нәлеттің де жабысатын жанды жері – қыз бен жігіттің махаббаты. Ақын-салдың еншісі – осы, арманын әнге қосып зарлап жүру. Алда әлі талай-талай Ақбөпені аңырап ән қылып айтасың, ал қазір үйге жүр.

Сауытбек. Аға, мен Ақбөпеден басқа жанға ән айта алмаймын. Мен қазір Ақбөпе жатқан үйге барамын, зарлы әнімді кейін емес, бүгін айтамын. Ақбөпені ақырғы рет көріп қайтамын.

Сақ. Қарағым, қой, тіл ал. Көзге түсесің. Онда Ноғайбай болыстың адамдары аямайды.

Сауытбек. Аға, Ақбөпенің бір ауыз сөзін тағы бір естіп барып өлсем, арман жоқ. Барамын.

Сақ (шарасыз). Сені ешкім тоқтата алмайды екен, бара ғой.
Сауытбек Ақбөпе жатқан шошалаға жақындай бере аңырап қоя береді.

Сауытбек.

Келдім, сәулем Ақбөпе, қайтайын деп,

Ақырғы сөз: «Қайыр, қош!» - айтайын деп.

Бұдан былай көрмеймін енді сені,

Келдім тағы халіңді байқайын деп.

Бұдан артық келмейді қолдан дәрмен,

Кесел болды, қайтейін, іштегі арман.

Жаратқанға жоқ еді жазығымыз,

Қайтіп қана орнатты ақыр заман?!

Ақбөпе – жаным,

Шекер – балым,

Қазан ұрған гүл құсап,

Бүрісіп қалды халім.
Ақбөпе (есіктен шығып, бүркеншігін ашып, егіліп жылап тұрып):

Даусыңды есіткен соң шыдамадым,

Қайтейін сабыр етіп, тұра алмадым.

Кетейік дегенімде бата алмап ең,

Енді неге арзиды жылағаның.

Еркім жоқ, ықтияр жоқ өз басымда,

Қарайтын жан адам жоқ көз жасыма.

Пайда жоқ қайғырғаннан енді бізге,

Сауытбек, білмедің бе о басында.

Көп жаныс отыз үйге салды қыспақ,

Қолынан не келеді аз үй қыпшақ?

Қорқытып ат ойнатты аз руға,

Жылаған кім бар екен маған құсап.

Ғашығым,

Көре алмаймын,

Күле алмаймын.

Қайғыдан енді тірі Жүре алмаймын.
Шошала ішнінен бір кемпірдің: «Бұл не? Үйдің сыртында сұңқылдап тұрған».
Ақбөпе не бері, не әрі жүрерін білмей, аңтарылып тұр.
Ақбөпе. Сауыт, бар енді, бара ғой. Айырылысудан басқа амал жоқ екен бізге.

Сауытбек. (Ақбөпеге иегін бір қағып, зарлай жөнеледі):

Ақбөпеден айырылып қалғаным ба,

Көз жасына тұншықты зарлады да.

Кері заман кедейге кесір екен,

Жете алмадым жоқтықтан арманыма.

Енді сені, Ақбөпе, көремін бе,

Қорлығына – тағдырдың көнемін бе?

Сенен қалып не болар көрген күнім,

Енді маған жылаудың керегі не?

Күн бар ма екен, Ақбөпе, көретұғын,

Жан сүйерім сен едің сенетұғын.

Өкпе-бауырым езіліп, ішім күйіп,

Көрінемін қайғыдан өлетұғын.

Бұл қайғыны кім тыңдар құлақ салып,

Өлейін мен бүйткенше Шуға ағып,

Енді тірі жүріп мен кім боламын.

Керегі не өмірдің аман қалып?
Сауытбек күңіреніп кетіп барады.

Шошаладан Тантайдың шешесі Қыжым шығады.
Әсел (шошалаға қарап). Сен қаншық өліп тынарсың! Алас-алас! «Сүйдім-күйдім!» деген не пәле ол?! (Сауытбек кеткен жаққа қарап). Ана Мәжнүніңнен көрмегеніңді Тантайдан көресің.

Ақбөпе (есік көзінен көрініп). Апа, айтыңызшы, сіз өзіңіз ғашық болып көріп пе едіңіз?

Әсел (кергіп). Ол не пәле? Ноқаңмен төсіміз түйіскен сәттен бастап білгенмін мен бай керек екенін. Содан бері қырық жыл өтті, «ғашық-машық» демей-ақ ерлі-зайыпты болып, тату-тәтті өмір сүріп келеміз атаң екеуіміз.

Акбөпе. Сіз бақытты екенсіз ғашықтықтың не екенін білмеген. Ғашық болу – ішке өрт түсу. Мен Сауытбекке ғашықпын, ішім толған жалын, күйіп барамын.

Әсел. Сорлы қар, бұл күйіңді тіс жарып, ешкімге айтпа!

Ақбөпе. Балаңыз біледі.

Әсел. Онда жетіскен екенсің! Болыстың тұқымы мұндайды кешпейді.

Ақбөпе (өткірленіп). Маған енді бәрібір. Бүйтіп тірі жүргенімнен өлгенім артық.

Әсел (аянышпен). Не болар екен көрген күнің, бейшара!

Ақбөпе (тайсалмай). Мен бәріне дайынмын! (Сауытбек кеткен жаққа қарап тұрып):

Сауытбек, мен байбақты кінәлама,

Еркелеп жүруші едім кіл анама.

Міне, енді еркім болмай кетіп барам,

Бұл дүлей, қатыгез жұрт тіл ала ма.

Мына көш тыныш жатыр, түнеп болар,

Бұл халімді білген соң күлед те олар.

Тантай тісін қайраумен келе жатыр,

Көрген күнім ендігі түнек болар.

Өзіңді сенуші едік ер десе, біз,

Ұзадық, енді қашан шендесерміз?

Жолың болсын, Сауытжан, бара бергін,

Біз енді о дүниеде кездесерміз.

Жылау шығар ендігі менің еншім,

Сауытбек, бір сүйейін, бері келші.

Алыстап барасың сен арманды алып,

Дерт қалдырдың жаза алмас ешбір емші.

Не қылайын,

Жылайын,

Қайғыдан өлейін.

Аман жүргін,

Сауытбек, сен лайым.
Оныншы көрініс

Қыр басында Сақ қарт пен түрі бұзылып кеткен Сауытбек тұр.
Сақ (Сауытбектің түрінен шошып). Сауытбек, бармысың? Біліп қойса, аналар не істер екен деп көз жазбай қараумен тұрмын. Олар саған жамандық жасамақ болса, Итжеккенге тағы бір айдалып кетсем де бәрін жайратып салайын деп бекініп едім, шүкір, аман екенсің.

Сауытбек (ауыр күрсініп). Аға, аман келген тек тәнім, жанымды да, әнімді де Ақбөпеге тастап кеттім. Бірақ оның ешқайсысы да Ақбөпенің ажалына арашашы бола алмайды.

Сақ (жалт). Қой, жаман ырымды бастағаның!

Сауытбек (екпіндеп). Ағатай, бұл ырым емес, шындық. Ақбөпе өмірде бір-ақ рет сүйетін адам. Ол менсіз өмір сүре алмайды. Ақбөпе – аққу. Сыңарынан айырылған аққу көктен өзін-өзі жерге тастап жіберіп өлетін көрінеді. Ақбөпе соның керін киеді. Мен де сөйте аламын ба? Қайдам?

Сақ. Аққу – тілсіз құс, мұң-шерін сыртқа шығара алмайды. Арнасынан асқан қайғысы оны жерге алып ұрады. Сен – ақынсың. Ақбөпенің аянышты халін, екеуіңнің мұңды махаббаттарыңды ән қылып айт, шерің тарқайды. Сонда сен аққу құсап жайрап жатпайсың, жұрт қатарына қосыласың. Айт, Сауытбек, шеріңді. Қалың ел жаттап алып, айтып жүретін ән айт!
Жидебай шығады.
Жидебай (ентелеп келіп, Сауытбекті құшақтап). Тірімісің, Сауытжан! Уһ, көңілім енді орнына түсті-ау! (Сақ қарияға). Ассалаумағалайкум, қария!

Сақ (разы болып). Уағалайкумассалам, Жидебай шешен, сал. Бауыр деген осы! Сендер, Ашаның алты салы, бір-біріңе жақынсыңдар, бір-біріңді іздейсіңдер. Оның үстіне Сауытбек – сенің ет жақының.

Жидебай (жымиып). Сіз де бөтен емессіз, аға.

Сақ. Оның рас. Мен де күнтумін. Мен де жасымда ән ұстағанмын, бәрі қалды. Маған ендігісі – Сауытбектің әсем әнін, сенің шешен сөзіңді естіп, «Әл, бәрекелді» деп отыру.

Сауытбек. Жидеке, «Тірімісің?» дейсіз ғой, сырттай – тірі, іштей – өлімін. Ақбөпені малы көптер алып барады, ажыратып алуға шамам жетпей, жер болып тұрмын.

Сақ. Олар – Ноғайбай болыстың адамдары, күйеу жігіт – баласы. Оларға ешкімнің шамасы жетпейді.

Жидебай (Сауытбекке). Ноғайбайдың қолынан қағатын адам жоқ бұл жалғанда.

Сауытбек. Кім білген?

Сақ (қатуланып). Ноғайбай – күшті, сүйегіңді отын, етіңді борша қылады.

Жидебай. Солай. Осы жерден тоқта, Сауытжан.

Сауытбек. Қайтіп тоқтаймын? Маған Ақбөпесіз жарық дүние – қараң, өмір – өксік.

Жидебай. Сенің ендігі өмірің – өлең. Айт, толға мына күйіңді.

Сақ. Мен де соны айтып тұрмын. Іштегі шер айтса, тарқайды.

Жидебай. Сөйтеді. Өлең сөз – құдыретті. Ол сенің шеріңді тарқатып қана қоймайды, көңіліңді де өсіреді.

Сауытбек. Кім біледі, жер болып қалған көңіл көтерілер ме?! Көрейік, «Әу» деп.
Аралтөбе түбінде бес үй отыр,

Ақбөпе жоқ ішінде несіне отыр?

Әлдеқашан бір ойран етпес пе едім,

Кедейшілік қолымды кесіп отыр.

Айтып жүрген Саукеңнің жыры, қане,

Бастан-аяқ келіскен сыры, қане?

Ақбөпеден айырылып қалғаннан соң,

Тұмсығында Ұланның ұлығаны.

Қалғаным ба Ұланның жотасында,

Ғашық болдым Ақбөпе ботасында.

Кемшілік боп кедейлік соққаның ба,

Жарамадым Бөпенің қолқасына.

Қаңғып қалдым далада қолым жетпей,

Ашадағы жақсыға сөзім өтпей.

Малым жоқ, ақшам да жоқ қалыңмалға.

Жүрекке тиіп барад жанған өрттей.

Қаңғып қалдым қол жетпей боз далада,

Күлкі-мазақ болдым ба бозбалаға?

Кезендің кердең заман кедей үшін,

Қолда жоқ қайрат-қуат жол бола ма?

Құрттың ба шаруаның қысқалығы,

Жаз айында киемін қыстағыны.

Өткен күзде бір қырға шығармақ ем,

Боп кетті болыс-бидің іштарлығы.

Болысына беретін атым да жоқ,

Биекеңе өтетін парқым да жоқ.

Бір атаның баласы – бәрі кедей,

Атсалысар ауқатты жақын да жоқ.

Бөрі жеген, Ақбөпе, болдың лақ,

Айыра алмай Ұланда қалдым жылап.

Елу қара берді де бай әкетті,

Бес қара таба алмадым басын құрап.

Ақбөпе, торғай болдың жылан сорған,

Қаңғырып ажыратпай, қайттым жолдан.

Басқа тұрмақ мінерге жалғыз ат жоқ,

Не келер жылағанмен енді қолдан?

Қош бол, Бөпе, көрем бе, көрмеймін бе,

Айналып келемін бс, келмеймін бе?

Бөпе, сенен бар болса, немді аяр ем,

Елу тұрмақ алпысты бермеймін бе.

Тыңдайтұғын бар болса әділ заман,

Басты тігіп жолыңда өлмеймін бе.

Қош бол, Бөпе, ақ Бөпе, алтын Бөпе,

Жақсы туған жайдары, жарқын Бөпе.

Малды артық баладан бағалаған,

Қайтерсің бұл қазақтың салтын, Бөпе?

Үш жыл жүрдім соңыңда үміт артып,

Таппадым еш нәрсенің шартын, Бөпе!

Тұсымдағы жігіттің

Сауықта мен серкесі.

Ауылдың әрін кіргізген

Қыпшақтың сен ең еркесі.

Шеңгелге шыққан қызыл гүл,

Өтелбайдай момынның

Туылған аппақ бөпесі.

Малға сатты зарлатып,

Үстіне беріп әйелдің,

Әкенің қызсын шекесі.

Жиырма жеті жасында

Сауытбектің қиылды

Кедейліктен желкесі.

Азаға салған тайлақтай

Жетекте кеттің байланып.

Саудагердің малындай,

Бір жерден жылжып, бір жерге

Базарға кеттің айдалып.

Ықтиярлы заман жоқ,

Арыстанның аузында.

Босқа кеттің шайналып.

Бір басыма бір көзім,

Жеге алмай қалдым зар жылап,

Тентек қойша айналып.

Екеуіміз де туыппыз,

Әділетсіз уақытта.

Күнім өтер жылаумен,

Қолым жетпей суатқа.

Жаман да болса бай ұлы,

Ойнаған кез шуақта.

Екеуіміздей қол қысқа,

Жылай-жылай күнбе-күн,

Көз жаспен бетін жуад та.

Баянсыз өткен бұл дүние,

Кедейге жоқ жақсылық,

Мал ие етер қуатқа.

Әйел үсті бір байға

Қордайға кетті зар жылап.

Қақпанға түскен қасқырдай,

Амалым жоқ, мен қалдым

Жылап-сықтап шырылдап.

Қан жұтарсың қайғыдан

«Тоқал» десе, қалжыңдап

Жөн білмейтін бір тентек.

Орнына кеттің байталдың

Қалыңмалға сатылып,

Жібек жалды арғымақ.

Қалған жерім қаңғырып

Жадыраның даласы,

Әулиеата, Пішпектің

Екі дуан арасы.

Күні құрысын кедейдің,

Болмаған соң қарасы.

Сауытбек қалды сандалып,

Түкке жетпей шамасы.

Қара баста ерік жоқ.

Әйел жатыр сатылып,

Қу заманға қарашы.

Жүрегімнен оқ тиіп

Ұлып қалдым далада,

Дүниеде бітпес жарасы,

Ит-құс боп ұлып, ән салып.

Билер зұлым болған соң,

Естілер кімге наласы?

Өз балаңды саудалап,

Сол жеріңді қайтейін,

Бойға сіңген бұл ауру –

Қазақ атамның шаласы.

Жылап қалдым далада,

Ем таба алмай жараға.

Өксіп-өксіп жылаймын,

Ұқсадым сәби балаға.

Артыңнан қуып іздедім,

Қолда қару, ақша жоқ,

Кім жүреді арада?

Үш жыл еткен еңбегім,

Босқа кетті далаға.

Малға болса кедеймін,

Сөзімді қулар ала ма.

Жоқтап жылап өтермін,

Өле-өлгеншс зар жылап,

Күлкі боп бала-шағаға.

Қош бол, Бөпе, не дейін,

Атадан туа кедеймін.

Алысқа кеттің айдалып,

Енді қайтіп көрмеймін.

Ете алмадым жігіттік,

Уәдеге мәрт болдым,

Оныңды қашан өтеймін?

Жылап-сықтап өтермін,

Көп жиылған жиында,

Соры да жалғыз көмейдің.
Сақ. Кемел ақын да, бұлбұл әнші де өзің екенсің, Сауытбек! Тәнті болдым.

Жидебай. Ақтарды-ау шерін, сабазың!

Сақ. Бірің әнді әдемі айтасың, екіншің бағасына жетіп тыңдайсың. Қандай жақсы! Екеуіңнің де біздің азғантай күнтуден шыққандарың таңданарлық.

Сауытбек. Таңданбаңыз, аға. Мені ән айтқызып зарлатып, Жидекеңді тіл мен жағына сүйендіріп сарнатып қойған күш – кедейшілік. Кедейшілік қой ғана емес, ой да бақтырады. Екеуіміз кедей-кепшіктігімізді әсем ән- жырымызбен, тапқыр, шешен сөзімізбен білгізбей-ақ жүруші едік, ақыры Ақбөпеге қолым жетпей, жария болды. Жидеке, бұйырғаны осы енді, жүріңіз, қайтайық.

Жидебай. Жүр.

Сақ. Сауытбек, мына дастаныңды айтып бар еліңе.

Сауытбек. Жоқ, аға, айта алмаймын, Ақбөпе – алай-дүлей нөсер. Жауын бір жауса, мен екі жауатын ағаш емеспін. Мен – көшкен жұртта ұлып қалған итпін. Ақбөпе жайлы әр сөзді егіліп, жылап, әнді ұлып айтамын. Бұл ит халімді жария ете беріп, неге керек, ұмытамын бәрін.

Жидебай. Ұмыта алмайсың. Әлі-ақ талай-талай еңіреп отырып айтасың.

Сақ. Айтпасын, ұмытсын. Біз айтамыз, ел айтады.

Жидебай. Сөйтеді. Бұл ән – талайдың шері.

Сақ (разы кейіппен). Сауытбек, сенікі әлаулай ән, сайқал сөз емес, жүректі жарып шыққан ащы айқай, өзекті тіліп түсер сойқан сөз. Ақбөпені қайдам, әннің ғұмыры ұзақ.

Жидебай (ағынан жарылып). Аға рас айтады, Сауытбек, мына әнің бұрынғы әндеріңнен бөлек, ерекше ерен.

Сауытбек. Әй, ағалар-ай, осы мақтау сөздеріңнен Ақбөпенің «Сауыт!» деген жалғыз сөзі артық еді-ау, шіркін! Амал қайсы, ол сөз енді естілмейді, онсыз маған ес кірмейді. Кеттік, Жидеке!
Жидебай мен Сауытбек кетеді.

Сақ (екеуінің соңынан). Бұл дүниеде сүйгеніне қосыла алмаған адамнан сорлы кім бар екен?! Ешкім жоқ!
Он бірінші көрініс
Тантайдың үйі.

Іргеге таяу төселген көрпе үстінде Ақбөпе жатыр сырт киімімен екі көзі жәудіреп. Өңі құп-қу. Жаны күйзеліп ауырып жатқаны білініп тұр.

Төрде Тантай отыр міз бақпай.
Ақбөпе (демігіп). Айналайын ақ Құдай, бармысың, бар болсаң, бір көрсетші көзіме Сауытты!

Тантай. Құдайдан қанша жалбарынып сұра-сұрама, ол сайтаның келе алмайды мұнда.

Ақбөпе. Сонда бұл қамал болғаны ма?

Тантай. Қамал емес, қасиетті ауыл. Сауытбек сияқты әумесерлердің жолауына жол жоқ.

Ақбөпе. Онда мен де саған жоқпын, о дүниелікпін.

Тантай (Ақбөпеге жақындап, төне түсіп). Сен мендіксің.

Ақбөпе (тайсалмай). Мен енді ешкімдікі бола алмаймын, бақиға аттанып барамын. (Кеудесін көтермек болады, Тантай басын сүйей береді. Ақбөпе жиіркеніп, зорға сөйлейді). Аллам-ау, ең болмаса, жөндеп өлгізсең қайтеді?! Сүймеген адамыма ақтық демім үзілерде басымды сүйеткенің қайткенің?! Мейлі, өлген соң бәрібір. Сүю де, жек көру де тек тірі адамға керек. Өмір... (үзіліп кетеді).

Тантай (безеріп). Бар! Бейшара!
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ

Тәмсілдер


Адам ойсыз күн өткізбейді. Көңіл қалықтап, небір ойға бөленеді. Бір ой бар, келді, кетті, із-түссіз жоғалады,бір ой бар, қайта-қайта орала береді, көкейіңнен кетпейді. Аяқ астынан болмашы нәрседен тұтанып, кең өріс алып кететін ойлар да бар.

Мен солардың кәдеге жарар-ау дегендерін тәлімді тәмсіл етіп жаздым. Мұндағы мақсат – мен білгенді ел білсін, білетіндері есіне түсірсін, жастар ғибрат алсын.

ЖЫЛҚЫНЫҢ «ТІЛІ»
Неге екенін білмеймін, маған киноларда жылқының кісінегені, дұрысы жылқыны кісінеткені түрлі ой салады. Бала күнімді ат үстінде өткізген маған жылқы жарықтықтың тегін кісінемейтіні жақсы мәлім.

Жан-жануарлардың бәрінің тілі болады, деседі. Әлбетте, біз оған сенбейміз. Дегенде, олардың өз қуаныш-қайғысын, жақсы көру-жек көруін, көңіл-күйін, сезім-түйсігін білдіретін «тілі» бар. Бұл ретте жылқының жөні бөлек, ол «тілге» бай.

Жылқы «тілін» білген адам жоқ. Сонда да жылқы үнінен көп нәрсені аңғаруға болады. Жылқы ештеңе айтпағанымен, адам бәрін ұғуы керек. Жылқының тілі – кісінеу, оқырану, пырылдау, шұрқырау.

Менің айтпағым – өнер туындыларындағы жылқы «тілі». Бірден айтайын: киноларда жылқыны кісінету кісінің жынын келтіреді. Заты, асау жылқы болмаса, жуас жылқы сирек кісінейді. Ал, аттың кісінегенін өз басым естіген де, көрген де емеспін. Ат деген сөздің бір синонимі жуас болса керек. Өгіз де, атан да сол. Өгіз өкірмейді, атан ашуланбайды.

Осыны өнер адамдарының, әсіресе, режиссерлердің неге білмейтіні таңдандырады. Аттың қарасы көрінген екен, жылқының кісінегені жазылған пленканы қосады. Жылқы тектен-текке үн шығармайды. Жылқының кісінеуі – сағынышы, қуанышы, аңсауы, іздеуі. Кісінеуге жас жылқы бейім. Мініс аты, мама бие көп нәрсені елең кылмайтын, желікпейтін егде адам тәрізді. Жылқының қандай жағдайда қалай кісінейтінін малсақ қазақ жақсы білген. Айғырдың үйірін аңсап, арқырап, құлынның енесін іздеп шырқырап, асаудың аталастарынан айырылып бара жатқандағы аянышты кісінегені адамға тілсіз-ақ түсінікті. Биенің құлынын еміренгені, аттың иесінен жем- шөп сұрап оқыранғаны тіл қату емей немене. Осы үннің бәрін жылқының кадрлардағы қимыл-әрекетіне, көңіл-күйіне қарай үйлестіріп салу керек. Өнер туындысы сонда өміршең болады.

Бір ғажабы, шетел фильмдерінде бұл жағы жақсы ескеріледі, ал бізде жылқының қарасы көрінді екен, аты-жөні жоқ, кісінете береді.

Жылқыны тағы бір қорлау да осы кинода. Қазақ – аттың құлағында ойнайтын халық.
«АТ - ЕР ҚАНАТЫ»
Біздің кинолардағы аттың сыйқы құрысын. Киношылар бір ауылдың тұсына келіп, шатырын тігіп, жылқы бар кадрларға қойшылардың атын тегін мініп түседі. Масқара! Ағып келе жатқан аттың астына түсіп, үстіне шығатын әбжіл жігіттеріміз қой торы мініп қопаңдайды. Ұяттың ұяты!

Ал, Голливудтың немесе Еуропаның фильмдеріндегі жігіттердің сүліктей жарау аттарымен ойпаң жерде орғытып, қырлау жерде қарғытып шапқанын көргеніңде ішің удай ашиды.

Қазақтың қазанаттары неге түспейді біздің жігіттердің тақымына?!

Көңілге медеу етсек, Бекежанның қара атын, Бақтығұлдың сүлік қарасын атармыз. Ал, қазақтың әр жігітінің маңдайына басқан бір аты болған. Қазақ экранға атпен шыққан екен, қазақ болып шықсын!

Қазақтай атқа соншама жарасымды, қонымды бола кететін адамды өз басым білмеймін. Қазаққа бір маңайласа, қырғыз маңайлар.

Ат та, оны ойнақтатып мінер жігіт те бар бізде. Бар пәле барымызды ұқсата алмай жүрген киношыларда. Оған көз жеткізгіңіз келсе, «Батыр Баян» фильмін көріңіз.

Міне, бұл нағыз қазақтың фильмі!

Айналайын Жұмахан – Баян келіскен торы атпен бір-бірінен айнымайтын екі көк ат мініп қашқан інісі Ноян мен қалмақ қызын қуады. Әсем Көкше етегінде, байтақ Баянауыл баурайында торы аттың сыпыра шапқаны, қос көктің құсша қалқығаны адамның айызын қандырады!

Жұмахан Әбдіқадыров – нағыз жігіт, атқа отырысы-ай, қандай жарасымды, нық, торы мен қос көк шын тұлпарлар ғой, сілтестері-ай, шіркін.

Көп жаса, айналайын Жұмахан!
БАТАНЫ ҮЛКЕН БЕРСІН...
– Көп жаса!

Бұл – бір жақсы бата.

Біз енді бата беретін жасқа жеттік.

Тәубе!

Адамның жасына жетпей бата бергені келіспейді-ақ екен.

Сонау бала кезде сондай бір ыңғайсыз жағдайға тап болғаным бар. Есіме түссе, әлі ұяламын.

Әдебиет сүйер қауым жақсы біледі, талантты жазушы Қарауылбек Қазиев екеуіміз түйдей құрдаспыз, бір ауылда, бір көшеде өскенбіз.

Сегізінші сынып оқып жүрген кезіміз.

Бір күні Қарауылбектің үйіне барсам, шешесі екеуі ет жеп отыр екен.

Ерекең (әкесін соғыс жұтқан Қарауылбек, шешесі Ермекті «Ереке» дейтін, біз де солай деп кеткенбіз) мені асқа шақырды.

Ет желініп болды.

Ерекең жанында тұрған шәугімді қолына алып, кірленді өзіне жақындатып:

– Ал, келіңдер, қолдарыңды жуыңдар, - деді.

Мен қолымды жуып болып:

– Жасыңыз ұзақ болсын! - деп бата бердім.

Қарауылбек күліп кеп жіберді.

Ерекең де мырс етті. Сөйтті де мені аяды білем, Қарауылбекті зекіп тастады:

– Қой, әрі! Әлдихандікі дұрыс, су құйған адамға бата беру керек.

Қарауылбектің күлкісі сап тыйылды.

Зіңгіттей-зіңгіттей екі бала тұрып, қолымызға үлкенге су құйғызғанымызға екеуіміз де ыңғайсызданып қалып едік. Батаны үлкен берсін, жас қуансын. Бата сонда жұғысты болады.

БАСЫНА ҚАРАЙ ШАШЫ
Киношылар мен театршылардың қазақты оңдырмаған тағы бір қылығы әлсін-әлсін ойыма орала береді.

Ертеде қазақтың ер-азаматтары шаш қоймаған. Мұны өнердің маңайында жүргендер жақсы білген. Оларды сахнаға шашсыз шығару керек. Ал, әртістердің шаш қоймайтыны жоқ. Міне, осы жерде өнер иелері бұрынғының адамдарын «тақыр бас» қылудың амалын оп-оңай ойлап таба қойған. Оларша тақыр бас пен шашты адамның арасы – жарты-ақ кез ақ мата. Ақ матамен шаш басып тұрған басты мықтап бір таңып, сыртынан тымақ, қалпақ, тақияны баса киіп ал да тарта бер – қазақсың.

«Көркемөнер құрбандықты талап етеді» деген бір аталы сөз бар. Мұны ұстанатын біз емес, тағы да шетелдіктер. Олар тақыр бастың рөлін ойнайтын болса, шашын қырғызып тастайды, бұйра басты сомдайды екен, жасанды шаш киеді. Біздің тірлігіміз – ауырдың үсті, жеңілдің асты. Қандай да өнердің нендей де шыншыл, шынайы туындысы жан аяудан емес, жанпидадан туады.

Осыны білсек, қане!
ҚАЗАҚТЫҢ СУРЕТІ
Өнер туындысының бірде-біреуіне немқұрайды қарауға болмайды. Өнер өмірмен біте қайнасқанда ғана шыншыл. Өкінішке қарай, өнерде өрен туындыдан өлер туынды көп. Өкініштің көкесі – сол сұрқай шығармаларға көз үйреніп кететіндігі. Ал, мұның өзі ұлтымызға немқұрайдылыққа ұласса, мәңгүрттік, әне, сол.

Менің бұлай ашына сөйлеуіме себеп – ТарМУ-дің акт залына ілінген Абай мен Жамбылдың портреттері.

Осы залда профессор Мекемтас Мырзахметұлының туғанына 75 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференция өтіп жатты. Залда отырғандар ішінде басқа облыстардан, көрші республикалардан келген қонақтар да бар еді. Солардың бірі – ташкенттік қазақ ғалым Қалдыбек Сейданов Жамбылдың портретіне қарап тұрып, қасындағы адамнан:

– Анау кім? - деп сұрады.

Көзі үйреніп кеткен жамбылдық ғалым:

– Жамбыл, - деді.

– Қазақ емес, сарт Жамбыл ғой! - деді ташкенттік қандасымыз.

– Иә, солай.

– Алып тастамайсыңдар ма?

– Айтылады, неге екенін, алып тасталынбайды.

– Қызық екен.

– Қызық.

Әңгіме осымен тәмам болды.

Қызық! Абай мен Жамбылдың портреттеріне бір қарап қойып, ойымызды да, сөзімізді де тәмам етіп жүргенімізге онға жуық жылдың жүзі болды.

Әне бір жылы өзбекстандық бір суретші біздің ұлыларымыздың суретін салып әкеліп, облыстық көрме залында көрмесін өткізді. Суретшінің өзі – қазақ, өнері – өзбек екен. Мүмкін, ол ұлтын сүйген патриот та болар, ұлыларымыздың портреттерін сондықтан да салған шығар, бірақ тағдыр айдап барып өзбек болып кеткен қазақ қазақты бейнелей алмаған.

Ал, біз болсақ, ұлыларымызды қорлатып қойып, қарап отырмыз. Көнбіс деген осындай-ақ болар.

Жалпы, бір ғана Евгений Сидоркиннен басқа ешкімге мұндай бақыт бұйырмаған. Кім білсін, оның қазақ кескінін соншама келістіріп салуына жары, қазақтың талантты суретші қызы Гүлфайрус Ысмайылованың әсері болған шығар. Не десек те әлі күнге дейін қазақ батырлары жырларын Евгений күйеу баламыздан асырып безендірген суретші болған емес.
Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет