Әлдихан Қалдыбаев



бет13/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#43802
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19

ҚАЛАНЫҢ ҚЫЗЫ
Бір ұлттың кескін-келбетін екінші ұлттың өкілі де, өзге ұлттың арасында өскен қандасымыз да ұқсатып сала алмайтынын мен көптен білемін. Тіптен, мынандай әңгіме де болған.

Менің жарым Бану – қаланың қызы. Екеуіміз 60- жылдардың дәл ортасында қосылғанбыз. Ол кезде мен – жас жазушымын, ол – жас суретші. Ауыл балаларының өмірінен «Автобус аялдамасы» деген әңгіме жаздым. «Балдырған» журналының екі нөмірінің бірінде әңгімем жарияланып тұратын кез еді. Ол әңгімелерімді В.Безелюк, Б.Табылдиев тәрізді балалар суретшілері безендіретін.

«Автобус аялдамасының» суретін Бану салып, суретті-кітапша шығармақ болдық. Мен Бануға ауыл өмірі, кемпір-шал, балалар туралы айтып, түсіндірдім.

Бану кітапшаның суреттерін салуға кірісіп кетті.

Міне, енді екеуіміз әңгімені де, оның желісі бойынша салынған суреттерді де алдымызға алып қарай бастадық.

Лепірген көңілім су сепкендей басылды. Кемпір де, балалар да — орыс. Әлбетте, Бану қазақ кемпірін салуға тырысып-ақ баққан, бірақ онысынан ештеңе шықпаған.

– Мыналарың орыс қой, Бану! - дедім.

– Неге? Қазақ!

– Жоқ, орыс.

– Мен қазақ кемпірін сала алмаймын.

– Орыс кемпірін ше?

– Саламын.

Бану – қаланың қызы. Орысша оқыған. Орыс қыздарымен дос, солардың әжелерімен, шешелерімен көп араласқан.

ҚҰДАЙДАН ҒАНА ҚОРҚАМЫН
«Тәмсілердің» алғашқылары жарияланысымен пікір айтыла бастады.

Әу дегенде лебізді қызым Раушаннан естідім.

Бану екеуіміздің шығармашылық одағымыз жалғасын таппады.

– Бәрі дұрыс. Өткір пікірлеріңіз бар екен, өзіңізге зияны тиіп кетіп жүрмесе бопты, әйтеуір, - деп қауіп қылды қызым.

Ештеңе етпейді. Мен шындықты жазамын. Шындық ешуақыт ешкімді орға жықпаған.

– Сонда да.

– Сонда мен қорқуды, жасқаншақтауды қашан қоямын? Алпыстан асқанда аталы сөзін айта алмаған жазушы – аяншақ, аяр.

– Мен қойдым.

Қызымыз екеуіміздің әңгімеміз үзілгенімен, ойым үзілген жоқ, қайта шартарапқа алып ұшты.

– Біз – қорқыныштан қорғанып жүріп өмір кешкен ұрпақпыз.

Қорқыныш бізді тұқыртып тастағаны былай тұрсын, балаларымызды да шарпыған екен.

Кешегі тоталитарлық жүйе кезінде адамды қорқытуды айтасыз, зәресін зәр түбіне кетіретін жайлар көп болушы еді. Пионердің ережелері, комсомол мен партияның, әскердің жарғылары, коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексі адамды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаудың заһарлы құралдары болатын. Қандай да бір іс-әрекетіміз олардың нормаларына сай келмеген екен, ағаш атқа отырғызатын, бейшара қылатын.

Біз партиядан, бастықтан, жарымыздан қорықтық, зәрезап болдық. Біз Құдайдан қорықпадық.

Тәуба, тәуелсіздік алдық, егемен ел болдық. Өз халқымыздың салт-дәстүрімен, демократия үрдісімен өмір сүріп жатырмыз.

Сөз бостандығы социализм кезіндегідей бос сөз емес, шындыққа айналды. Бұқаралық ақпарат құралдарын күндіз-түні аңдып отыратын цензура таратылды.

Енді қорқатын не бар?

Енді тек Құдайдан қорқамыз.

Құдай – адамның ары.

Құдайдан қорқу және Абайша айтқанда, ар ұялар іс қылмау – бүгінгі ұстанарымыз, міне, осылар.

Мен – қорқыныш тұмшалаған тұста сақтық жасап, шындықты жеріне жеткізіп айта алмаған көп жазушының бірімін. Енді еркін сілтермін деп дәмеленіп отырған жайым бар.
ТЫҢ КӨТЕРУ – ҚАСІРЕТ
Халыққа керегі – шындық.

Дәл қазір шындықты айтудан қашқақтау – бейшаралық.

Кеңестер одағы кезінде басшы кадрларды Алматы жоғары партия мектебі жанындағы бір айлық курста оқытып, қайта даярлықтан өткізетін, сол курсқа барғанмын. Курстың оқу бағдарламасымен қоса мәдени-көпшілік жұмыстар бағдарламасы да бар.

Бір күні сабақтан соң Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет галереясына апарды. Галерея қызметкері курс тыңдаушыларын бастап жүріп, әр суреттің қасына аялдатып, әңгіме соғады, біз түкті көрмегендей, түк білмейтіндей, ау- зымызды ашып, көзімізді жұмып тыңдаймыз.

Өстіп жылжып, Қанапия Телжановтың «Ата-баба жерінде» атты полотносының алдына келіп тоқтадық.

Бізді бастап жүрген келіншек ой бір көсілді дейсің:

– Қанапия Телжановтың бұл полотносында Коммунистік партияның дана басшылығымен Қазақстандағы тың игеру керемет шынайы көрініс алған. Қараңыздаршы, әріде пойыз заулап барады, беріде алып тракторлардың өткір соқаларымен аударылған жер жатыр. Күні ертең бұл жерде қалың бидай жайқалады. Қазақ даласы Отан қоймасына миллиардтаған пұт астық құяды. «Ата-баба жерінде» – теңдесі жоқ туынды.

Мен ойланып тұрмын. Мына келіншектің айтқанының нобайы дұрыс.

Әрідегі пойыз да, мына жыртылып тасталған жер де бір қарағанда қазақ даласын тірілтетін тірлік.

Бірақ, иә, бірақ ата-баба жерін бір көріп, мүмкін соңғы рет көріп қайтуға беттеп келе жатқан қария есік пен төрдей кер биенің үстінде асығы алшысынан тұрып емес, тұнжырап келеді. Желігіп, ойнақтап келе жатқан құлын кенет қалың шөптің тасасынан шыға келіп, арса-арса болып сойылып жатқан қара жерді көріп, екі көзі шарасынан шыға шошып, шапшып барып дірілдеп тұра қалады.

Қанапия Телжанов ғажап суретші екен. Күнәсіз құлынның осы жаншошырлық қарасымен аяусыз жыртылып, ту талақай болып жатқан қазақ даласының халін қалай керемет бейнелеген.

Мен осы ойларымды айтып сөйлеп кеттім.

Жанымдағы жамбылдық жігіттердің бірі жеңімнен тартып, сыбырлады.

– Абайла! Үш әріп адамдары естіп қоймасын.

Шынында, ондай қауіп бар еді ғой ол кезде, мен сөзімді шорт үздім.

Осы жай анда-санда ойыма түсіп кетіп жүретін.

Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде орыстың ұлы жазушысы «М.Шолоховтың билікке күйінген бір сәттерінде отқа жағып жіберген қолжазбаларын айта келіп, «Такая же участь постигла и рукопись, повествующая о зверских методах освоения Казахстанской целины» деген сөзі жарияланды.

Михаил Шолохов білгенді Қанапия Телжанов та білген екен.

М. Шолохов – ұлы жазушы.

Қ. Телжанов – ұлы суретші.

Тың көтерудің қазақ даласының ту-талақайын шығарғанын қазір екінің бірі біледі.

Ал, ұлылар мұны дер кезінде ұққан, ұлының ұлылығы да осында ғой.

АСАНБАЙ АСҚАРОВ – ҰЛЫ АДАМ
Сондай ұлының бірі – Асанбай Асқаров.

Қазақ жерінің қиқы-жиқысын шығару тоқтамаған жылдары Асекең Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы екен. Бірінші хатшының жолы қыздың жолынан да жіңішке, Партияның Орталық Комитеті не айтты, соған бас шұлғуы керек.

Адамнан амал артылған ба, Асекең өз наразылығын білдірудің жолын тауыпты.

Жетпісінші жылдардың аяғында облыстық аурухананың «Партактив» деп аталатын, негізінде екінші терапия бөлімінде емделгенім бар. Бір бөлмеде «Талас» асыл тұқымды қаракөл қой кеңшарының біркездердегі атақты директоры, Социалистік еңбек Ері Әбдір Сағынтаевпен бірге жаттым.

Қой шаруашылығының атақты білгірінің жеткілікті бедел мен құрметке ие болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі.Құдай ақыл мен көрікті аямай берген адам тамаша әңгімеші де екен. Ертелі-кеш әңгімелесіп жүрдік. Әрине, сөйлейтін – Әбекен, тыңдайтын – мен.

Бір күні маған Асанбай Асқаров шақырып жатыр деген хабар жетті, - деп бастады бір әңгімесін Әбекең. – Келдім. Кабинетіне кірдім.

Асекең кабинетінде әрі-бері теңселіп жүр екен. Сәлемдестік. Жайғасып отырдық.

Асекең біраз ойланып отырып барып, сөз бастады:

– Әбеке, сіз – шаруаның жайын жақсы білетін адамсыз. Әрине, жер тағдыры сізді алаңдатпай қоймайды. Тың көтеру деген желеумен жерді бүйтіп жыртқыза берсе, малды қайда жаямыз? Жоқ, біз партияның саясатына қарсы келе алмаймыз, бірақ қазіргідей жаппай емес, егін шығатын жерді ғана аударалық. Жер-Ананы абайлап, біліп пайдаланбаса болмайды. Жер – жайылымдық, егіндік, ормандық, жазық, құм, тау болып келеді. Жердің қасиетіне жетпесек, бүлдіреміз. Біздің қазіргі тірлігіміз – сол, бүлдіру. Сіз осыны Орталық Комитеттің пленумында айтып, мәселе көтеріңіз. Сөзіңізді дайындауға біз көмектесеміз, - деді.

Менің СОКП Орталық Комитеті тексеру комиссиясының мүшесі кезім, Асекеңнің айтқанын орындадым. Алайда, еш нәтиже шыққан жоқ. Қайта алып тракторлар мен өткір соқалар Қаратаудың үстіне де шығып кетті, егін өспейтін, мал жайылатын тастақты да аударды-ау!

Әбекең күрсінді. Енді қайтеді? Шарасыздық шарадан асқан заман еді ғой ол.

Мен сол сәтте Асанбай ағаның ұлылығына іштей таңдандым. Жүрегі халық деп соғады екен ғой!

Асекеңді ақыры қапасқа қаматқан осындай ұлтжандылығы шығар.

СОКП Орталық Комитетінің хатшыларын айтпағанда, қатардағы қызметкерлеріне дейін Асанбай Асқаров сияқты ұлы тұлғалардың башпайының қимылдағанына дейін аңдып отырған.

АЛТЫН ҚОР
Беделді адамдар — алтын қор. Мұны Асекең сынды ақылды басшылар жақсы білген.

Айтбай Назарбеков сондай басшы болған.

Мойынқұм ауданын ұзақ жылдар абыроймен басқарған бұл адам жөнінде айтылар әңгіме көп.

Айтбай Назарбеков мыжырайған жатаған үйлі Фурманов ауылын осы заманғы әсем кентке айналдырған. Айтекеңе бұл істе дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев өлшеусіз көмек көрсеткен.

Құрылыс, жол салатын болсын, басқа да тұрлаулы тірлік бастамақ болсын, Айтекең Жазекеңді машинасына отырғызып алып, Алматыға тартады екен. Содан ағызып отырып, Жаз-ағасын Димаш інісінің қабылдау бөлмесіне алып келіп, айтады екен:

– Ал, Жазеке, Димаш ініңізден аурухана сұраңыз.

Жазекең Д.А.Қонаевтың кабинетіне кіреді. Димекең Жазекеңді Құдайындай қарсы алады, бұйымтайын сұрайды.

– Әй, Қонай, - дейді Жазекең жарықтық, – Порманопкаға аурухана керек, бер.

Димаш Ахметұлы береді.

Фурмановкада қандай да бір күрделі құрылыс салуды ойға алған екен, Айтекең Жазекеңді алға тартады.

Соның бірде-біреуінде Димаш Ахметұлы қабақ шытып көрмепті. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осындай-ақ болар!
КҮЗДІҢ ДЕ КҮЗІ БАР
Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» атты әдемі хикаяты бар. 60-жылдардың басында кітап атына ие болған «қоңыр күз» сөзі содан бері қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының бетін бермейтін болды. Журналистер күз жөнінде мақала жазған екен, «қоңыр күз еді» тақырып болады.

Шындығында, сары күз және қоңыр күз бар. Атынан да көрініп тұрғандай, шөп атаулы сарғайған шақ – сары күз, «сұрғылт тұман жерді басқан» тұс – қоңыр күз. Жазушы Кәмел Жүністегі мұның екеуін екі ай дейді.

Қ.Ысқақов осы қоңыр күзді жазып отыр. Жазушы өзінің балалық шағының қоңыр күздей қоңыр, ауыр болғанын хикаятына арқау еткен. Табиғат пен адам тағдырын астастырып, тамаша шығарма тудырған.

Ал, біздің түк білмес, ессіз еліктегіш жазғыштарымыз жиын-терін жүріп жатқан берекелі сары күзді де, сұрғылт күзді де «қоңыр күз еді» деп жаза береді. Күздің де күзі бар.

Қолға қалам ұстадың екен, нені болса да біліп, байыбына барып жаз, қаламгер ағайын.

ӨКІЛ ӘКЕ МЕН ӨКІЛ ШЕШЕ
Білместіктің екі түрлі сорақылығын осы жуырда көрдім.

Мен – қазір екі көзім теледидардағы, екі құлағым радиодағы, бар зейінім баспасөздегі зейнеткермін. Хабарлардың, жарияланымдардың бәрін дерлік көріп, тыңдап, оқып отырамын.

Көп уақыт өте қойған жоқ, мені алғаш теледидардан беріліп, кейін «Ақ жолда» жарияланған бір хабар мазаландырды.

Осы Тараздағы бір мектеп-интернатта өзінше бір әдемі шара өтіпті. Оның мәнісі мынау: әке-шешелерінен алыста жүрген, аз қамтамасыз етілген балаларға өкіл әке, өкіл шеше керек екен. Мектеп-интернат басшылығы балаларға сол өкіл әкелер мен өкіл шешелерді тауып, таныстырып игілікті іс атқарған.

Бір қызығы – теледидардың да, «Ақ жолдың» да басшыларының өскен өлкесінде өкіл әке, өкіл шеше дегендер жоқ, аяқ астынан шыға келген жақсы дәстүр жөніндегі хабарларды ойланып жатпай жариялап жіберген.

Менің білуімде өкіл әке, өкіл шеше — жаңа отау құрған екі жастың «еншісі». Әке-шеше баласы үйленерден бұрын өкіл әке мен өкіл шешені таңдайды. Әдетте, олар баласы үйленетін әке-шешенің ағайын-туғаны, дос-жараны болып келеді. Өкіл ке мен өкіл шеше үйлену тойына қатысып, сол жерде олардың ендігі жерде кім екендігі жария болады.

Олар жас жұбайлардың өкіл әкесі, өкіл шешесі ретіндегі жөн-жоралғысын жасайды. Шын әке-шеше баласы мен келініне өкіл әке мен өкіл шешесін өздерінен бір мысқал кем көрмеу, сыйлау жөнінде аманат тапсырады. Бұл бір – екі жасты да, ата-ананы да, өкіл әке мен өкіл шешені де, тойға жиналғандарды да қуанышқа бөлейтін әдемі үрдіс.

Сонда өкіл әке мен өкіл шеше кімнің өкілі, міндеті қайсы?

Мына мектептің іс-шарасында ол – демеуші (спонсор), ал біздің жақтың, яғни Шу жағының салтында ол – өкіл. Некелескен екі жастың әке-шешесінің, тілеулес ел-жұртының өкілі. Өкіл әке мен өкіл шеше – ендігі жерде екі жастың ең жақын адамдары.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар.

Өкіл әке мен өкіл шеше тағайындау, біздіңше, соның озығы. Бүйректен сирақ шығарып керегі не?! Орыста «Дурной пример заразителен» деген сөз бар. Бесіктен белі шықпай жатқан балаға өкіл әке мен өкіл шеше телімек болған мына сорақы қылық басқаға жұқпаса екен.


МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІ
Жуырда облыстық мәслихаттың сессиясы өтті.

Әрине, сессияда бірнеше мәселе қаралды.

«Қазақстан-Тараз» телеарнасының ақпарат арнасын жүргізуші «мәселені» «сұрақ» деп соқты. Бір емес, бірнеше рет айтты.

Шенеуніктерге «сұрақты» «мәселе» деп айтқыза алмай жүргенде, қаламгерлерге не жорық?!

Қазақтың қазіргі ұлы ойшылы, классик жазушы Әбіш Кекілбаев кезінде бұл туралы қынжылыс білдіргені бар. Сонда да қоя алмағанымыз ұят-ақ!

Иә, «вопрос» сөзі орыс тілінен сұрақ, сұрау, сауал; мәселе; міндет; іс, жағдай болып аударылады. Біздің тілге жұтаң технократтарымыз осылардың ең алғашқысынан әрі оңайынан жабысып айырылмай-ақ келеді.

Зиялыларымыз қазақ тілін жандандырамыз деп жанын салып жүргенде, ең болмаса, «вопростың» ресми тілде баяғыдан айтылып келе жатқан «мәселе» мәніне мән бергеніміз жөн. Ең өкініштісі – біз мансұқтап жүрген коммунистік замандағы толып жататын жиналыстардың бірде-біреуінің күн тәртібіне сұрақ қойылмайтын, мәселе қойылатын.

Еркіндік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткендегі жеткен жеріміз осы – тілімізді көпе-көрнеу шұбарлау ма сонда?
СІЗ БЕН СЕН
Сыйластықтың бісмілләсі де, аллаһу әкбары да – «Сіз».

Мұны жақсы біліп, қатаң ұстанған біздің қазақ үлкенді, әйел ерін өмірі «сен» деп көрмеген.

«Сіз» – деп сөйлегенді «әдепті», «сен» – деп сөйлегенді «дөрекі» адам деп білген атам қазақ.

Ресей мен қызыл империя тұсында жоғалтып алған «алтынымыздың» бірі осы – «Сіз».

Оған кінәлі үстемдік құрған ел адамдарына біздің өзіміздің ессіз еліктегеніміз. Ойпыр-ай, десеңізші, орыс халқының ең әдемі, адамды бір-біріне жақын тарттыратын сөзі – Сен. Жігіт қызбен жаңа танысқан, жақындық лебі енді ескен екен, «Давайте, перейдем на ты», - дейді. Енді екеуі «сенге» көшеді. Бітті, махаббат оты маздады дей беріңіз.

Бұған қарапайым халық тұрмақ ақынымыздың еліткені – өкініштің көкесі.

Қазақ сөзінің мәйегіне қанық, өзі де мақал-мәтел шығаратын даңғайыр ақынымыз Мұзафар Әлімбаев:

«Сіз» деген салқын сөзден шошып қалсам,

«Сен» десең, көңіл қайта шалқыр еді, - деп жыр жазды.

Қазақтың аяулы қызы Роза Бағланова ардақты ұлы Шәмші Қалдаяқовтың осы сөздер басты мәніне айналған «Ақмаңдайлым» әнін тамылжыта шырқады.

Сонда осы қазақтың қаймақтарының «Сіз» сөзінің қасиетіне жетпегені ме? Қайран қалмасқа лажың жоқ.

Қазақтың жігіті мен қызы таныстықты «Сіз» деп бастап, өмір бойы «Сіз» деп өткен.

Оны мен өзімнің әкем Қалдыбай мен шешем Әміржанның өмір бойғы қарым-қатынасынан көріп, көңілге түйгенмін. Әкемді шешем: «Әлгі кісі», «Біздің үйдегі кісі», «Шәкеннің (балалардың үлкені) әкесі» дейтін, тіптен бұл сөздерді айтпай-ақ әкеміз туралы, әкеміздің атқарған ісі, сөйлеген сөзі, т. б. жайлы әдеп айта беретін. Біз әңгіме әкеміз туралы екенін түсіне қоятынбыз.

Шешеміз, әкемізге «Сізін» үзген емес. Еріне «сенді» аузына алмау, қандай жағдайда да «Сіз» деп сөйлеу – қазақ әйелінің асыл қасиеті. Ал, әкеміздің шешемізге «Сізі» – өмір бойы Әміржан деп атын атау болатын. «Әміржан, шай дайын ба?», «Әміржан, Шуға, базарға барып келейін» дер еді. Қазір ойлап отырсам, әкеміз шешемізге деген сыйластығын оның есіміне сыйғызған екен ғой.

«Сіз» деу әдептің үлкені ретіндегі әдетіміз еді, айырылып қалдық. Әдепті, ибалы, қырмызы қызымызды қыңыр, үлкенді ағалап тұратын оғланымызды ожар еткен «Сен» деген сөз. Қазақ «Сен-сен» дей бергенді «Семіп қалғыр» деп қарғаған. Күйініп кеткеннен айтқан.

Қарғау – қорқыту.

«Сенді» таста деп қорқытқан ғой үлкендер жасты.

Біз қайтеміз? Қазақтың «Үйрен жақсы әдептен, жирен жаман әдеттен» деген аталы сөзін айтамыз.
ЕРКЕК ӘЙЕЛДІҢ ПІРІ
Әйел – ерін шексіз сыйлаған, беттен алу, қарсы тұру атымен болмаған. Әйел өзін еркектен аласа ұстаған, алдынан кесіп өтпеген. Осысымен әйел еркектің сыйластығын туғызған.

Ауыл көшесінің басынан түскен ақсақалды алдын кеспей, күтіп тұрып, сәлем жасап, ілгері оздырып жіберетін әйелді өзіміздің көзіміз көрді.

Қария: «Көп жаса, қарағым!» - деп бата беріп өтетін. Қарияның көңілі көркейіп, келіннің мерейі өсіп қалатын.

Қазір өзіміз қария болдық. Келіндер, көшені айтамыз, есіктен бұрын өтуімізге мұрсат бермей, тайраңдап алдымызды орайды. Оларға бірдеңе деп ренжімек түгілі, ала көзіңізбен қарасаңыз, пәлеге қаласыз. «Тәрбиесіз», - деп өзіңізді күстаналайды. Онысы – еуропа халықтарынан үйренген үлгісі. Оларда еркек әйелге жол береді, бізде – әйел еркектің алдын кесіп өтпейді.

Әйелді біздің қазақтай қастерлейтін халық кемде-кем. Ерлі-байлы адам, яки қыз бен жігіт атқа мінгесуге мәжбүр болса, ұрғашы алға, ерге, еркек артқа, бөктергіге отырады. Осында, аңдап қарағанға, әйел затын сыйлаудың теңдессіз тәлімі бар.

Ал, енді жаңағы әйелге есіктен бұрын өтуге жол беретін халықтардың еркектері әйелдерін аттың артына екі аяғын салақтатып мінгестіріп алады. Әйелді қорлаудың, зәбір көрсетудің бұдан артық көрінісі бола қоймас.

Қазақ аттың артына отырғызуды жарына емес, жауына жасаған. ..

Меніңше, біздің атқа мінетін ер жігіттеріміз жарын, жалпы әйел затын алдына отырғызудан танған емес. Ал, әйелдеріміздің еркектің алдын орап тайраңдауын үдетпесе, кемітетін түрі жоқ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мен облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы кезімде кабинетіме қадірменді ақсақал Жапар аға Түйебеков келді.

– Әлдихан, осы қазір кіріп келе жатсам, бірінші қабатта бір әйел күтіп тұрып жол беріп, сәлем жасап өткізіп жіберді. Ол кім? - деп сұрады.

Көпті көрген ағаның үнінде ризалықпен қоса танданыс бар еді.

Қазақы дәстүрді ұстанған әйел таңдандырған ағамызды.

Ойланып қалдым: Кім болды екен? «Ақ жолда» ондай әйел жоқ, бәрі – осы заман мәуесі. Бірінші қабаттағы облрадиода ондай екі әйел бар: Нұржамал мен Несіпкүл. Екеуі әрі өткен – бері өткенде маған да жол беретін.

– Ол – Нұржамал деген әйел. Өзіңіз Шуда аупарткомның бірінші хатшысы болғанда Ленин атындағы ұжымшардың төрағасы болған Жұмағұловтың келіні.

Қара жер қозғалса, қозғалмайтын Жапар аға:

– Апырай-а, - деді де қойды.

Ағаның «Апыр-айында» үлкен астар бар еді. Жұмағұлов қоғам мүлкіне қол салып, сотталып кеткен. Пәленің бір ұштығы оның әйеліне барып тірелген тәрізді болатын. Сондай отбасынан, енеден тәлім алған Нұржамал қалайша инабатты бола қалды? Жапар ағаны таңдандырғаны – осы.

– Аға, бұл – бізге емшектен біткен қасиет, сүйекпен кетеді. Жастар жағы ұстанбаса, ол – заманның зауалы. Көрдіңіз бе, түйсігі бар әйелдер орала бастады инабаттылығымызға. Көн тартса, – қалыбына, қалпына келеді.

– Көп уақыт керек.

Қысқа да нұсқа сөйлейтін Жапар ағаның сөзі рас еді.

Көп уақыт керек.

Мың өліп, мың тірілген менің халқым небір жоғалды деген ата салтымыз бен дәстүрімізге қайта оралып жатыр емес пе. Әйелдің күйеуін, жалпы ер адамды өзінен жолы үлкен деп сыйлайтын жақсы дәстүріміз сөйтер, жалғасын табар. Сенгің келеді.
МЕНІҢ «МІНІМ»
Дана халық еш нәрсесін шашау шығармайды, ұмытпайды.

Үндемегеннен үйдей пәле шығады.

Үндемейтін – ішмерез.

Аузын буған өгіздей, үн шығармастың өзі.

Біздің қазақ кісіні сүмірейтуге келгенде алдына қара салмайды-ау, шіркін!

Өстіп жер қылып отырған адамын «Көп сөйлемейтін бір тоға», - деп демнің арасында ақтап ала қоятынын қайтерсің. Түсініп көр.

Көп сөйлейтінді мылжың, ішіне сыр сақтамай, айтып қоятын адамды ашық ауыз дейді.

Өстіп ағаш атқа мінгізіп отырған адамын, ізінше «Аузын ашса, көмекейі көрінеді», - деп аспандата мақтайды. Бұл қалай?!

Мінезі ауыр, қабағы түксиіп немесе томсырайып жүретін адамды «Қабағынан қар жауған біреу екен», - деп жақтырмайды.

Сөйтіп алып, көп ұзамай, әлгі адамға «Жер қозғалса, қозғалмайтынның нағыз өзі екен», - деп таңданыс білдіреді. Қайран қаласың.

Таңданатын ештеңе жоқ. Үндемеу де, ойына келгенді ірікпей айту да, салмақты болу да – мінез.

Мінез сүтпен бітеді. Оны өзгертем деу – бос әурешілік.

Менің әкем сөздің емес, істің адамы, Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжымшарының темір ұстасы болатын. Қазір ойлап отырсам, жоғарыда мен атап отырған үш түрлі мінездің үшеуі де бар еді әкемде. Отызыншы жылдардың соңы, қырқыншы жылдар түгел бір ұжымшардың темір құрал- саймандарының түзіктігі бір өзінің қолына қараған адам бос әңгімені қайтсін.

Әкем – ешқандай арамдығы жоқ, жақсы өмір кешкен адам. Кейін, елуінші жылдары ұсталықты тастаған соң әкем үйге келген кісілермен әңгімелесіп отырар еді. Сонда байқадым, менің әкем керемет әңгімешіл екен. Арғы-бергі әңгімелерді майын тамызып айтатын, ара-арасында өзінің өмірі жөнінде айтқандары менің жадыма ұмытылмас болып ұялап қалды. Мен әкемнің сол әдемі әңгімелерін «Шаншар атай» хикаятыма, «Мен – апамның баласымын» романыма пайдаландым. Соларды жазып отырғанда, әкем тұрды көз алдымда.

Көп-көп әңгіме айтып, тыңдаушысы кеткен соң әкем:

Уһ, ішім босап, рахаттанып қалдым ғой, - дейтін.

Әкемнің осы мінезі менде де бар. Не болса, соны ішке бүкпей, емін-еркін айтып отырамын. Әкемнің айтқаны рас, сөз ұғарлык адамға не болса, соны сыр қылмай, ақтара айтсам, ішім босап, кеудем кеңіп қалады.

Менің бұл «мінім» мен деген адамдарымның біреуіне ұнайды, біреуіне ұнамайды. Тіптен, бір ағамыздың ескерту жасап, ақыл үйреткені де бар.

– Әлдихан, сен – шыли ақкөңілсің, іштегі сырыңды аңқылдап, кім болса, соған айта бересің. Бұл жақсы емес, - деп кісімсіді ағамыз.

Сондағы менің оған бар айтқаным:

– Аға, «Жалын» баспасынан кітабым шығатын болды.

Мұнда тұрған не құпия бар?!

Түк те жоқ.

Кітабым шықты.

Мені зымияндыққа баулымақ болған ағаның әрекетінен ештеңе шықпады.

«Ақылшы» ағамыз қулық-сұмдықтарын өзімен бірге о дүниеге алып кетті.

Мен сол ашық-жарқын мінезімнен айныған емеспін.

«Ақкөңілдің аты азып, тоны тозбас» деген рас екен-ау, - деп қоям кейде өзімді «көріп».
АС ТА ТӨК НЕГЕ КӨП?
Әлмұхан Исақтың алпыс жылдық тойына әдеттегідей, яғни қазақи қалпымызбен сәл кешігіп барып едік, басталып кетіпті, әрі ыңғайсыздандым, әрі таңдандым. Әлмұхан – жақсы көретін, ұятты адам, кешіккенім ұят болды. Сонша неге ерте бастаған тойды!

Той қызығымен арқа-жарқа болып отырғанбыз, бәрін аңдағыш, әр нәрсенің астарына үңілгіш досымыз Қыстаубай Байтуов:

– Облыстық әкімияттан бірде-бір адам жоқ, шақырмаған ба? - деп қалды.

Таңданыстың көкесі енді болды.

– Бұл калай?

– Мұнысы несі?

Осындай таңданыс, сұрақ көкейімде кілкілдеп тұрып алды.

Бұл қалай? Мұнысы несі?

Әлмұхан Исақ – биліктің ұшар басында бір адамдай-ақ істеген кісі. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық Кеңестің төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары болған. Елге де, билікке де беделді. Талай тойдың құрметті қонағы болып, той иесінің иығына облыс әкімінің шапанын жауып, қолына құттықтау хатын тапсырған.

Бұл адам билікті, билік бұл адамды сыйласа керек.

Тойдан кейін біраз күн өткен соң Әлмұханнан тойға облыстық әкімият басшыларын неге шақырмағанын сұрадым.

– Оларды шақырсаң, кешігіп келіп, елді күттіріп қояды, - деді Әлекең.

Кім білсін, солай ма екен?

Әлмұхан – терең жігіт, шын сөзі ме, әншейін айта салды ма, маған әлі белгісіз.

Мен Әлмұхан Исақтың сол әрекетінің астарын енді тауып отырғандаймын.

Айналайын, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ақылды ғой, ақылды, елімізде не болып, не қойып жатқанын жіті қадағалап, біліп отырады.

Жуырда өткен облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен Кеңесте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы былай деді: «Соңғы кезде азаматтардың хаттары мен Қазақстанның бірқатар басылымдарында мемлекеттік қызметшілер мен жоғары әскери шен иелерінің мерейтойлары мен той салтанаттарына және мемлекеттік наградалар мен әскери шендер алуына байланысты шектен шыққан, ас та төк жиындар өткізу тәжірибесі жағымсыз жағынан атап көрсетілуде. Әдетте, ондай мерекелік банкеттерге тек туған- туыстары, дос-жарандары мен әріптестері ғана емес, сонымен бірге түрлі деңгейдегі және дәрежедегі лауазым иелері, араларында еліміздің өңір басшылары да бар, аса көп қонақтар шақырылатын болып жүр. Қайсыбір шенеуніктердің бүгінде ресми іс-шараларға қарағанда түрлі жиын-тойларда көбірек бой көрсететін «той көркіне» айнала бастағанын да айта кеткен жөн. Ауқымды «банкеттік отшашулар» қазірдің өзінде мерекелік отшашулармен бәсекелесе бастады, ол рәсімдердің сән-салтанаты мен қонақтардың, әсіресе, жоғары лауазымды қызмет иелерінің саны көбіне-көп салтанат иесінің абырой-беделінің өзіндік бір өлшеміне де айналып барады.

Қоғамымызда әлеуметтік мәні бар осы мәселенің асқынғаны соншалықты, мемлекеттік қызметшілер арасында қайтыс болған жақындарын ақтық сапарға шығарып салудың өзі де жарамсыз бәсекеге айналғандай. Діни әдебиеттерде бұл жөнінде ештеңе айтылмағанына қарамастан, қайтыс болған кісінің қырқы мен жылына арнап бір емес, бірнеше мал сойылып, жүздеген адамдарға лайықталған дастархандар жайылуда. Мәселен, Астанадағы «Меруерт», «Аққу», мейрамханалары күн сайын түс мезгілінде осындай жиындардан босамайды. Онда да негізінен жұмыстарынан кешігіп, қайтыс болған кісіге бәлендей қатысы жоқ жоғары лауазымды қызмет иелері жүргенін көресің. Бұл жиындарға ұлт салт-дәстүріміз деп қарағанның өзінде де,олар қайтыс болған азаматтың жақын туған-туыстары мен дос-жарандары арасында ғана өткізілгені орынды болар ма еді?».

Біздің Президентіміз білгір-ақ қой, шіркін қалай дәл тауып, бүгінгі өмірдің тамырын қалай дөп басып айтқан!

Президенттің бұл айтқандары біздің облысымызда орныққалы қашан.

Үлкен бастық кезінде Әлмұханның өзі де мұндайды сынан аз өткермеген. Той иесі бүкіл елді былай жиып тастап, жоғары лауазымды шенеуніктерге (ішінде өзі де бар) жалпаң қаққанынан жиіркенген де болар. Енді рөлді ауыстырып ойнағысы келмеген шығар.

Оның бәрін айтып жату – Әлмұхан сияқты сарабдал саясаткерге артық. Ал, біз бастықтардың кешігіп келіп, тойдың берекесін кетіргенін талай көрдік. Тіптен бір жақсы ағамыздың тойына екі сағат күттіртіп, келмей қойғанын қайтерсің. Сондағы ағамыздың көңіл-күйін Құдай басқа салмасын. Тойға келгендердің де зығырданы қайнады. Сол ағамыз басшыларды шақырмаса ғой, ештеңе жоқ, тойды Әлмұханша уақытылы бастап, дүркіретіп өткізер еді.

Президент – ең тұғырлы тұлға. Ол кісі түйедейді тү ймедей етіп түйіп айтады. Елбасынын ауызы – уәлі.

Президенттің мына тұжырымдарының да түбінде өмірдің өрескелдіктері тұнып тұр. Соларды көргенде біз түйген ойлар былай болып келеді.



Той лауазым иелерін қалың бұқарамен жақындастырмайды, алыстатады. Оның басты себепшісі—той иесі, қалайда бір мақтап қалуға қолы еркін жетпей жүрген жағымпаздар, асаба жаңа шаңырақ көтеріп жатқан екі жасты жайына қалдырып, әруағына ас беріліп отырған о дүниеліктен бастықтың әруағын асырып мақтау, мадақтау асып-төгіліп бара жатыр еді біздің тойларымызда, енді тоқтау болар.

Қошамет – алтын іспетті.

Алтынды көріп періште жолдан таяды.

Қошаметті көріп бастық ісініп-кебінеді.

Қошаметшіл жұртқа жауап қату керек.

Ұстанар үрдіс – «Сыйға – сый, сыраға – бал».

Әсем сөйлеп, көсем ой айту керек.

Көріп жүрміз, сөйтемін деп кей басшылар аузына келгенді айтатын асабадан да асып түсетін болды, тіптен, асабаның тізгінін қолына алғанды да көрдік.

Той – Құдайдың қазынасы.

Өлік бардың малын шашады, жоқтың артын ашады.

Той бардың да, мемлекеттің де малын шашады.

Қызықты қараңыз, кейінгі кезде өздері тұрған жер аз болғандай аудан әкімдері Тараздағы «Мөлдір» мейрамханасында той өткізуді әдетке айналдыра бастады.

Той шығыны, әрине, әкімдердікі. Ал, сол тойға ат сабылтқан, қазіргі тілмен айтқанда, машина зулатқан адамдардың, әлбетте, олардың бәрі аудандық деңгейдегі бастықтар және облыстың барлық аудандарының әкімдері, бірде-біреуі көліктеріне қалталарынан ақша шығарып, бензин құймайды. Шалғай аудандардан Таразға керуен тартқан машиналар мемлекеттің қанша қаржысын желге ұшырғаны ешуақыт есепке алынбайды. Өйткені, бастық мемлекетке, мемлекет бастыққа қызмет етеді.

Осы жерде ойға облыс әкімі болған кезінде, Амалбек Тшановтың селекторлық Кеңес дегенді шығарып, бүкіл аудандар активін аудандық әкімиятқа, облыс активін облыстық әкімиятқа апта сайын жинап алып, селектормен ақыл айтқаны еске түседі.

Облысқа одан кейін әкім болып келген Сарыбай Қалмырзаев: «Бұл экономикалық жағынан тиімсіз екен», - деп мұндай кеңес өткізуді тоқтатып тастаған болатын. Өте дұрыс істеді. Сонда Сарыбай жанар-жағармай ысырабын есептетіпті деп естігенбіз.

Қазіргі той жорықтарының шығынын кім есептейді?

Басшылар той иелерінің иығына шапан жабатын еді, енді алдына автокөлік тартатын болды. Сонда мырза кім, басшы ма, мемлекет пе? «Жаны ашымастың жанында белі ауырмастың» кебі. Басшының қалтасынан шығып жатпаған соң, бәрібір.

Бұл – тереңдеп айтсақ, Сұлтанмахмұт іздеген «нақақ көзден жас». Себебі шапан да, машина да басшының қалтасынан шыққан жоқ, бизнесменнің табан ақы, маңдай тері. Бастықтың өзі емес, жандайшаптары алдап-сулап, көнбесе, тізеге басып алады. Әрине, бизнесмендер еш уақытта ондай шиеленіске бармайды. Олар шапан мен автокөлік беру арқылы билік басындағылармен сыбайлас болады. Әуелім, қаттырақ айтсақ, ілкімділердің әлгі жөн-жоралғыларға берген дүниелері пара болып шықпай ма?!

Ешкім де бұлай жақсы кісі болмасын.

Басшының өзін көрсететін жері той-томалақ емес, халыққа қызмет ету, елдің ертеңін еңселі ету қамын ойлау.
АДАМНЫҢ ТАУАНЫНА ҚАРАП СӨЙЛЕГЕНІ ЖАҚСЫ
Қайта құру – мылжың заман.

Қоян арыстанның сөзін айтқан, кәнден пілдің тірсегіне жабысқан заман еді ол.

Бір күні кабинетіме корректор бала Бақытжан Әліқұлов кірді, алдыма отырды. Бірдеңе айтқысы келіп, қипақтай бастады.

– Сөйле, Бақытжан, - дедім.

– Аға, мына аландағы Ленин ескерткішін алып тастау керек деп жазсам, басасыз ба? - деп қарап отыр бала.

Не айтарсың? Сөздің құны осыншама кеткеніне ішім удай ашыды.

Ленин ескерткішін жаппай алып жатқан кез.

Бақытжанның айтып отырғаны – дұрыс.

Бірақ Бақытжанның сөзі – пытыра.

Лениннің ескерткішін алып тастауға бағытталған сөз – зеңбіректің снаряды яки бомба болуға керек. Бұл, әлбетте, бейнелеп айтып отырғаным, дегенде мұндай ірі тірліктің сөзін белгілі тұлға айтуға керек. Адамның тауанына қарап сөйлегені жақсы.

– Қой, бала! - дедім Бақытжанға.

Бақытты болғыр Бакытжан түсіне қойды, қызарып кетті.

– Бара ғой, Бақытжан! Аталы сөз айтатын жасқа кел. Аузыңнан соқталы сөз шығатын соқпақтан от!

Бақытжан ойға батып бара жатты.

Мен де ойланып қалдым.

«Мына бала шынымен-ақ осыны білмей ме? Газет жұмысына араласқанына біраз болғанына қарамай, мұнысы несі, шикілік пе, аңғалдық па? Жастығы шығар».

Сабақты ине сәтімен.

Кейін Лениннің ескерткішін алып тастау жөнінде атақты адамдардың сөздерін ұйымдастырдық. Ленин ескерткіші мұражай еншісіне айналды, үлкеннің де, кішінің де қабырғасына батпайтын болды.

Орнына Бәйдібек бабамыздың ескерткіші орнатылды.
БІР ШАРИГІ АРТЫҚ ТА, КЕМ ДЕ КЕРЕК
Облыстық «Ақ жол» газетінің «Еңбек туы» кезінде Әкпарбек Доспамбетов деген майдангер тілші болып қызмет етті. Өмірі тілшілікпен өтті. Білімі газеттің қандай жұмысына да болса, жарарлық еді. Ол осы қиямет-қайым ауыр жұмыстың барлық қыр-сырына жетік болатын, журналистиканың барлық жанрында қиналмай жаза беретін. Ол жылдары журналист ілкімділігінің, икемділігінің бір өлшемі – аудармашылық қабілет-тін. Әбекең бұған да жүйрік тұғын.

Әбекең мінезді адам еді.

Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ. Дегенде, Әбекеңнің қырсық-қыңырлығы жеткілікті еді. Ештеңе, еш нәрсе ұнамайтын кер, ғылыми тілмен айтқанда нигилист болатын. Әдетте, өзі көп білетін, білімдар адам сөйтсе керек. Әбекең көп оқып, көп тоқыған кісі еді. Бір беткейлігі, ұстанымдылығы бір басына жетіп артылатын.

Жоғары партия мектебінің екі жылдык курсын бітірген Әкпарбек Доспамбетовті партия жауапты қызметтерге жұмсаған, екі рет аудандық газет редакторлығына бекіткен. Алайда, екеуінде де аудандық партия комитетінің бірінші хатшыларына қарсы жазылған материалдарды жариялап, қызметінен босап қалған. Ол кезде редактор тарапынан бұдан артық жауыздық жоқ. Бұл – қазіргі тәуелсіз газеттердің редакторына үйреншікті іс болды.

Сонда деймін-ау, Әбекең мезгілінен бұрын туған адам.

Қазір ойлап отырсам, солай ма деп те қаламын. Әбекеңнің жақтырмайтындары қазіргі оппозиционерлердің айтатындарына астар болуға жарамайды.

Сонда деймін-ау, Әбекең нигилист емес, шындық жағында болған адам. Оның жақтырмағандары – қоғамның шіріктері.

Әбекең философ еді.

Мен бұл жерде оны философия ғылымының не екенін білмейтін философқа теліп отырғаным жоқ, ақылды, ойшыл адамға балап отырмын.

Көрген-білгені, көңілге түйгені көп Әбекең әңгіме үстінде небір соқталы ой айтатын. Оны философ атандырған осы ойлары.

Солардың ішінен Әбекеңнің: «Бір шаригі кем адамнан бір шаригі артық адам жаман» деген сөзі, неге екенін, менің көкейіме қона кеткені. Әлі күнге мұны рас сөз деп білемін.

Шынында, бір шаригі кем адам да, бір шаригі артық адам да – бүлдіргіш.

Бір шаригі кем адам – аңғал, жуас, көп бүлдірмейді.

Бір шаригі артық адам – ардың-күрдің, алаңғасар, көп бүлдіреді.

Кемшілікті түзеу оңай, асқынғанды ауыздықтау қиын.

Әбекең бір журналист апайымызды бір шаригі кем адамға мысал ететін. Қалжыңға жүйрік, әзілқой Әбекең бірде сол апайымызға:

– Жазушылар Одағының мүшесіне өлгенде он шаршы метр жер артық беріледі, соған өтпейсің бе? - деп жел беріпті.

Сөйтсе, апамыз кәдімгідей сеніп қалып, әрекетке кірісіпті.

– Өлген адамға жер неге керек екен? - деп күлкі қылды артынан әлгі апамызды Әбекең.

Ал, шындығында, Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің жазушыға кабинет жасау үшін басы артық бөлме бөлу жөнінде қаулысы бар болатын. Меніңше, үкіметтің ондай мырзалығының пайдасын көрген біздің облыста бірде-бір қаламгер болған емес.

Соған қарап ой келеді: мәселе үкіметтің қаулысында емес, облыс басшысының пейілінде. Қараңыз, Атырауда әкім болғанда Иманғали Тасмағамбетов сыртта жүрген аталас ақын-жазушыларын, өнер адамдарын академик Зейнолла Қабдоловты басы етіп, коттедж салып беріп, Атырауда тұрақтатты. Тіптен ол қатарға біздің сарысулық ағайындары Ілия Жақанов пен Сәуле Жанпейісованың да еніп кеткенін қайтерсің!

Ал, біздің облыс басшыларының тіптен Ұлы Отан соғысының Ұлы Батыры Бауыржан Момышұлына үш бөлмелі үй салып бермегенін өзек өртер өкінішпен айтып отырудан басқа қолымыздан не келеді?!

Қазір мәлім болып отырғанындай, ерімізді жер еткен облыстың сол кездегі бірінші басшысы Хасан Бектұрғанов екен. Сөйтсек, Баукең соғыс кезінде барлауға барып, командирін жауға алдырып қайтқан Хасанды шапалақпен бір салыпты. Сол ішіне қан болып қатқан ғой Хасанның. Кекшіл екен, ұмытпаған, өш алған.

Біз неткен намыссызбыз! Айбатты арыстанымыздың өмірлік өтінішін аяқ асты еткен адамдарды аузымыздың суы құрып мақтаудан әлі күнге айныған емеспіз. Кішкене бір мәселенің бас-аяғына қарап, байыбына баруға қашан ден қоямыз?

Жә, Әбекеңнің бір шаригі артық деп санайтын адамы Алаңғасар алып еді.

Алаңғасар алып Түйме қызға ғашық болыпты.

Түйме қыз көңілін білдірген Алаңғасарға тірі жанның қолынан келмейтін шарт қойыпты:

– Бір өзің тастан сарай сал! Сонда жар боламын саған, - депті.

– Мақұл, - депті Алаңғасар.

Содан Алаңғасар алып Ботамойнақ тауының етегіне келіп, сандықтай-сандықтай тасты жазыққа қарай лақтыра бастапты.

Ақырында Алаңғасар алып зорығып, бір орасан дәу тасты лақтырамын деп белі үзіліп, мерт болыпты.

Түйме қыз келесі ғашығына қала салдырыпты. Ол – Түймекент қаласы.

Алаңғасар лақтырған сандық тастар содан бері топ-топ етіп түскен жерінде пырдай болып жатыр. Бір адам емес, бірнеше ондаған адам көтере алмайтын тастар көргенді таңдандырумен келеді.

Міне, енді Ақыртас атанған сол тастар, сол маңай «Мәдени мұра» бағдарламасына еніп, қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттелініп жатыр.

Мүмкін, алып ағамыздың алаңғасарлығы жөнінде бір нәрсе қылаң берер-бермес, мәселе онда емсс.

Тегі, бір шаригі кем – аңғалдар мен бір шаригі артық – алаңғасарлар болмаса, адамдар зерігіп кетер еді.
ҚАЛА МЕН АУЫЛ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Коммунистік партия қала мен ауылдың айырмашылығын жоямыз деп қаншама зарлады, бәрін істеді, бірақ ештеңе шығара алмай кетті.

Енді де ондай ұран көтергендер табыла қалса, мұныңыз ақымақтық дегеннен басқа айтарымыз болмаса керек.

Оған тегі бір үлкен де түбегейлі мәселелерді алға тартпай-ақ, өмірдің өзінен кішкентай мысал келтірсем де жеткілікті.

Қазір – көктемнің күні. Арагідік жаңбыр жауып тұр. Күн көзін кішкентай бұлт басқанға қалалық бір әйелдің:

– Тағы да! - деп қиналғанын естіп қалдым.

Сондағысы, жаңбыр жауса, жақсы киімін кие алмайды екен.

Сонда сонау бала кезімде әкем айтқан бір сөз есіме түсті.

Мен онда Шоқпар станциясында алтыншы сыныпта оқитынмын. Әкем 1 мамыр мерекесі қарсаңында атқа мінгестіріп, Кербұлақтағы ауылымызға алып келді. 1-2 мамыр күндері аспаннан шелектеп жаңбыр құйып тұрды.

Әкем онда қорықшы еді.

Жаңбыр басылған күннің ертеңіне әкем Кербұлақтың басын аралап қайтты.

Шай үстінде әкем:

– Құдайдың нұры-ай! Кешегі жаңбырдан шөп, егін бір қарыс өсіпті! - деп таңданып, рахат күй кешіп отырды.

Міне, осы екі мысал-ақ қала мен даланың айырмашылығының ешуақыт жойылмайтынын көрсетеді.

Қаланың тік өкшелеріне, береке – жаңбыр жауғанынан жақсы киімдерін кигені артық.

Ауыл адамына Құдайдың нұры – жаңбыр жауып, шөп, егін бір қарыс өссе, қуаныш.
ӘДЕБИЕТТЕН БАСҚАНЫҢ БӘРІ ӘНШЕЙІН
Мойынқұмда Болатхан Әліқұлов деген ақын бар еді, марқұм болды.

Жақсы ақын, жуас жігіт еді.

Қу арақ кімді шешен, кімді көсем етпеген.

Артық ауьп сөзі жоқ Болатханды да сайратқаны бар бірде бұл арақтың.

Ертеректе журналистік сапармен Мойынқұмның «Көктерек» кеңшарына барғаным бар.

Жанымда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің сол кездегі біздің облыстағы меншікті тілшісі, ақын Жақсылық Сәтібеков бар, аудан орталығынан Болатхан қосылды.

Мақсат – жаңадан дүркіреп аты шыға бастаған шопан Шоман Шәріпбаев жайлы очерк жазу.

Кеңшар директоры Дәрмен Құндызбеков – мен туып, өскен Кербұлақтың баласы.

Шоманның Хантаудағы қыстауына Дәрмен өзі бастап барды.

Шоманның үйіне қонып, көл-көсір дастарханынан дәмге де, араққа да мейпілдеп тойдық.

Қойын кітапшаны Шоманның, Дәрменнің айтқандарына толтырдық.

Бәріміз кеңшар автобусымен көңілді қайтып келеміз.

– Аға, - деді бір кезде Болатхан, - мына директордан сіз мықтысыз. Бұл кім, ішкен-жегені өзімен бірге кетеді. Сіз – жазушысыз, сіздің кітаптарыңыз қалады артыңызда. Директорды орнынан түскенше осы кеңшар адамдары сыйлайды, сізді барша қазақ құрметтейді, келер ұрпақ та атыңызды ардақтап атайтын болады.

Сіз – Шаншар атайсыз. Шаншар атай – ғажап қарт.

Мақтағанды кім жек көрсін, кәдімгідей-ақ желпініп қалдым. Жалпы, мені былай қойғанда, Болатханның айтып отырғаны дұрыс. Халық қашан да ақын-жазушысын қадірлеген.

Дәрменнің менен жасы үлкен, кішкентайдан бірге өскен ағай. Болатханды қоштасам, Дәрменнің көңілі қалады.

– Болатхан, қой. Қай-қайдағыны айтқаның, жолың болғыр.

Енді Болатханның көңілі қалды:

– Ой, сіз білмейді екенсіз ғой. Сіз босқа жазушы болғансыз.

– Жарайды, Болатхан. Бүгін сенің айтканыңның бәрі дұрыс.

Мұным саған бұл сөздерді айтқызып отырған арақ дегенім еді.

Болатхан түсінді, үндемей қалды.

Дәрмен де түсінді, ренжіген жоқ.

Болатхан тірі болып, ақын-жазушының бүгінгі хал-ахуалын көрсе, не дер еді?

Оның орнына мен айтайын: бүгінде ақын-жазушыны ерекше жаратылған жан деп ойлайтын Болатхандай адам азайған.

Міне, мысал, жуырда бір атаның балалары жиналып біраз мәселеге бәтуаласты. Сонда бір ағайындар қайтыс болған ілкімдінің атын көшеге беру туралы мәселені әжептеуір ежіктеді. Сол атаның марқұм болған Кәрім Баялиев, Мейірхан Қуанышбаев сияқты белгілі қаламгерлері ауызға да алынбады. Бір бұл емес, жалпы, қазір қайтыс болған шенеуніктің, ілкімдінің мүрдесінің топырағы кеппей жатып есімін мәңгі есте қалдыру жұмыстары қызу жүріп беретін болды. Ал, ақын-жазушыға келгенде бұлар тырысып қалады. Сонда бұл ел өз қалтасына жұмыс істеген адам мен халыққа жұмыс істеген адамның айырмасын білмейтін болғаны ма?

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының төрағасы болып тұрған кезімде Тараз қалалық әкімдігіне жазушы-публицист Мейірхан Қуанышбаевтың есімін бір көшеге беру жөнінде екі рет ұсыныс жасадым, екеуінде де шығарып салма жауап алдым.

Кәрім Баялиев марқұм жөнінде алдымен белгілі театр сыншысы Яхия Шынәсілұлы, содан соң ақын Жақсылық Сәтібеков екеуіміз мақала жазып, Тараз қаласының әкімінен ардақты ағаның атын елеусіз қалдырмауын құлаққағыс еттік.

Бұл қаламгерлердің екеуі де қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қомақты үлес қосқан тұлғалар еді. Шерағаң «Тараз жазушыларының тарланы» атаған Кәрекеңнен атының басын оздырған қаламгер бар ма екен біздің облыста? Оның үстіне бұл ағамыз Одаққа белгілі радиожурналист еді. Таңның атысынан ел жатқанша радиодан Кәрекеңнің саңқылдаған даусы естіліп жататын ол кезде. Облыстың қоғамдық-саяси, экономикалық өмірінің барша қырын жіті бақылап, сергек үн қататын Кәрекеңнің назарынан титтей де өзгеріс қаға беріс қалмайтын.

Гитлер соғыс жылдары Мәскеуді алған жағдайда ең алдымен Левитанның үнін өшіруге тапсырма берген. Левитанның «Говорит Москва. Передаем сообщения ТАСС» деген сөзі басқыншы жауға бомбадан бетер әсер еткен.

Егер Кәрекең қызмет істеген жылдары Жамбыл облысының жауы болса, ең алдымен Баялиевтің үнін өшіру керек деген болар еді. Бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде радио да бар, үгітшілік, насихатшылық қызмет атқарып қана қоймайды, жұмылдырушы, ұйымдастырушы да болады. Осы өлшеммен келгенде Кәрекең – жазушы, жаршы ғана емес, облысымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан адам.

Билік басындағылар Кәрекең тәрізді кісілер атқарған іргелі істің байыбына қашан жетер екен?!

Кәрім Баялиев пен Мейірхан Қуанышбаевты аталастары елемеген жоғарыда айтқан жиында ілкімдінің баласы мұртынан күліп отырды.

Содан бірнеше күн өткен соң Мейірхан Қуанышбаевтың баласы Нұрлан жолығып қалып, «Әкем елеусіз қалды. Аға, айтшы, менің әкем ұмытылуға лайық па еді?» - деп екі көзінен тарам-тарам жас ағып жылады.

Кәрім Баялиевтің балалары Яқаңның, біздің жазғандарымызды алға тартып, лауазым иелерінің алдын тоздырып жүр. Әзірге еш нәрсе шыққан жоқ.

Ілкімдінің ілкімді баласы ойына алғанын орындайды.

Қайтіп? Қалтасы қалың.

Ана екі ағамыздың балалары жылап-сықтап, табанынан таусылады, бірдеңе шығаруы неғайбыл.

Неге? Қалталарының түбі тесік.

Қалталарын қампайтқандар ұятты қойғалы қашан!

Ана бір жылы, «Ақ жолдың» бас редакторы кезімде Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы Болат Жаппарұлы бір материал әкеліпті, мазмұны – бір кісінің есімін бір бастауыш мектепке беру.

Болатжан, бұл кісі кім? Қандай еңбегі бар?

Мұғалім. Осы бастауыш мектепте мұғалім болған.

Мектеп меңгерушісі болып па еді?

Жоқ.

Онда болмайды ғой.

Ағатай, басыңызшы. Баласы – үлкен бизнесмен. Сол сұрап, қоймай, мазамды алды.

Болат – жақсы көретін інім.

Маған «Ақ жол» бәрінен қымбат.

Екі оттың арасында қалдым.



Болат, бас редактор буынсыз жерге пышақ ұра алмайды.

Болат түсінді.

Өздері әкелерінен зор шығып, құлатөбел өмір кешіп, о дүниелік болған әкелерін зорайтпақ болып жүрген нысапсыздарға қайткенде тыйым болар екен?!

Өмірден қазанат пен жабының айырмасын, жақсы мен жаманның парқын біліп, әдебиеттен басқаның бәрі әншейін деп өткен Болатхан бақытты екен. Артында көзі тірісінде шығарып үлгерген кітаптары, буда-буда қолжазбалары қалды.

Ақын-жазушы өз ескерткішін көзі тірісінде өзі орнатады.

Ол – оның сөзі.

Ақын-жазушының өлгеніне де, тірісіне де құрмет көрсету – ізгінің ісі.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет