Әлдихан Қалдыбаев



бет10/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#43802
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19
Прокурор (қуанып). Сәлеметсіз бе, Ерік Көбенович! (екеуі қол алысады). Иә, келіп қалыпсыз, Ерік Көбенович! Өте жақсы!

Мұсылманқұлов. Жақсы болмай тұр ғой бұл келісім. Соңымнан шу шығарып жатыр екенсіңдер, соған келдім.

Прокурор. Ол қандай шу?

Мұсылманқұлов. Білмей тұрған шығарсың. Менің әкімдерімді қамап қойып, отырмақ екенсіңдер ғой түк білмегенсіп.

Прокурор. Ол – әкімнің тапсырмасы. Сіздің әкімдеріңіз де қызық. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» дегенді білмей ме, немене?

Мұсылманқұлов. Білгенде қандай, солардың бәрі Қасқабайдың бірге ішіп, бірге жеп жүрген достары. Мәселе аудан әкімдерінің білімсіздігінде емес, Қасқабайдың аяқ астынан өзгеріп кеткендігінде емес пе. «Адамды сынаймын десең, қызмет бер» деген сөз рас екен. Жаңа ғана мен облыстык әкімиятқа бардым, Қасқабайда болдым, сөйлестім. Қасқабай сұмдық өзгеріп кеткен. Бір кездегі емеурініме елеңдеп тұратын Қасқабай ыңыранып зорға сөйлейді. Жер қылып қайтарды. Ендігі үміт – екеуіңде, босатыңдар әкімдерді.

Генерал (жұлып алғандай тез). Қайтіп босатамыз, бұл – әкімнің тікелей тапсырмасы.

Прокурор. Босата алмаймыз, олар заңды бұзған.

Генерал. Олар – сіздің әкімдеріңіз, жаныңыз ашиды. Ал, біздің әкімге олардың қажеті жоқ.

Прокурор. Біздің әкімнің ешкімге жаны ашымайды екен. Арғы жағын айтпай-ақ қояйын, өзіңіз түсінерсіз.

Мұсылманқұлов. Түсіндім. Сол үшін ғой, менің құстай ұшып жеткенім. Сендер менің айтқанымды екі етіп көрмеген жігіттер едіңдер ғой, босатыңдар!

Генерал. Ол кезде сіз – біздің әкіміміз болатынсыз.

Прокурор. Сіз айтпайтынсыз, бұйыратынсыз.

Мұсылманқұлов. Мен енді сендердің қазіргі әкімдерің болмағанмен, бұрынғы әкімдеріңмін. Сондағы сыйластығымыз қайда?

Прокурор. Шенеуніктерде сыйластық, адамгершілік деген болмайды. Олардың шені үлкені – бұйырады, кішісі орындайды. Сіз мұны сыйластық деп біледі екенсіз ғой, жоқ, бұл – бар болғаны қызметтік әдеп деп аталатын иек қағу, бас шұлғу.

Генерал. Жақсы айттыңыз, Әбиірбек Рахымович. (Мұсылманқұловқа). Менің де сөзім – осы. (Генералдың министрмен сөйлесетін телефоны шылдырайды). Мен сізді тыңдап тұрмын, генерал-полковник мырза... Ия, тергеу изоляторында... Жоқ, босатпаймыз. Әлбетте, міндетті түрде сотқа жеткіземіз... Мақұл-мақұл, генерал-полковник мырза! (Телефон трубкасын қойып, Мұсылманқұловқа қарап). Естідіңіз ғой, әңгіме министрге жетіпті. Министр: «Босатпа. Сотқа жеткіз!» деген команда берді. Мен министрдің бұйрығын орындаймын. Кешіріңіз, Ерік Көбенович, мен енді ештеңе істей алмаймын.

Прокурор (орнынан тұрып). Қой, кетейін, Бас прокурор іздеп жатқан шығар мені.

Мұсылманқүлов. Тоқтаңдар! Үрейленіп сонша! Түсіндім, бұл мәселенің тізгіні сендердің қолдарыңда емес екен. Олар – сендерге әкім, министр, Бас прокурор, ал маған... Көреміз оларды әлі. Сендерге бір тілек – бәрін демей-ақ қояйын, біреуін – Құрман Қарғабаевты алдырыңдаршы осында. Ең болмаса, сонымен сөйлесіп, мән-жайды айтып кетейін.

Прокурор. Мұныңыз енді қолдан келетін шаруа.

Генерал (кнопканы басып). Подполковник мырза, ана аудан әкімдерінің ішінде Құрман Қарғабаев деген бар, соны дереу жеткізіңдер менің кабинетіме.

Прокурор. Осыған разы болыңыз, Ерік Көшербаевич, мен кеттім. Ендігісін Нұрқат Асылович реттер.
Прокурор кетеді.
Мұсылманқұлов. Нұрқат, айтшы, Қасқабай қандай әкім?

Генерал. Жақсы әкім. Ұстанымды, талапшыл, бәрін түсінеді?

Мұсылманқұлов. Түсінгені осы ма, аудан әкімдерін қаматқаны?

Генерал. Осы. Өте дұрыс істеп отыр. Бұл облыста парақорлық әбден асқынған. Менің білуімше, сіздің Шымқалаңыздан қалыспайды. Парақорларға осындай бір шешімді әрекет керек еді, мынау – сол. Әрине, қармақтың әкімдерді қапқаны өкінішті-ақ.

Мұсылманқұлов. Бәрі – өзім тағайындаған әкімдер.
Құрман Қарғабаев кіреді.
Қарғабаев. Ассалаумағалейкум, Ерік Көбенович!

Мұсылманқұлов. Әлейкумассалам. Кел (екеуі қол алысады). Құрман-ау, бұл не сұмдық?! Не жаздыңдар Қасқабайға?

Қарғабаев. Білмейміз. Жазығымыз – сыйлағанымыз. Сыйлағанымызды «пара» деп бас салды шәкіртіңіз.

Мұсылманқұлов. Бүйтіп шәкірт болғаны бар болсын! (Генералға). Сен бізді кішкене оңаша қалдыршы.

Генерал. Оған сөз бар ма. (Шығып кетеді).

Мұсылманқұлов. Жігіттер қалай, үрейленіп жатқан жоқ па?

Қарғабаев. Құрысын, шошып отырмыз.

Мұсылманқұлов. Шошитын түк те жоқ. Қасқабай әкім болса, осы облыстың әкімі шығар. Құзыры осы облысқа ғана жүрер. Сендердің тағдырларың бір ғана Қасқабайға тіреліп қалмас, мен қазір Астанаға ұшамын, бүгін бара салып, не ертең ертемен үлкен кісіге кіремін. Ол кісі Қасқабай құсап он әкімді темір тордың арғы жағында отырғызып қоя алмас.

Қарғабаев. Иә, құдай, сәтін сала көр!

Мұсылманқұлов. Әй, Құрман, сен осындай діншіл ме едің?

Қарғабаев. Жаны қысылғанда құдайға жалынбайтын қазақ бар ма?

Мұсылманқұлов. «Сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» деп құдайын ұмытып кететіні де бар қазақтың.

Қарғабаев. Біз қазір сондай күйдегі қазақпыз, сүйенгеніміз – сізсіз.

Мұсылманқұлов. Қайдағы, талайға айтып үлгеріпсіңдер ғой. Үкімет үйіндегілер де, Президент аппаратындағылар да естіпті.

Қарғабаев. Өзгені қайдам, мен сізге сүйенемін.

Мұсылманқұлов. Сүйенсең, баяғы сен Ортақұмда, мен Теріскейде әкім болып жүргеніміздегідей «сен» деп сөйлемейсің бе? Екеуіміздің достығымыз талай сыннан өтіп еді ғой, бұл жолы да бірдеңе болар.

Қарғабасв. Құдай соған жазсын! Сіздің қызметіңіз үлкен, «сен» деуге ауыз бармайды.

Мұсылманқұлов. Осындай оңашада ресми әдебіңнен танбайды екенсің ғой.

Қарғабаев. Ауыз құрғыр үйреніп кетіп, жұрттың көзінше «сен» деп бүлдіріп жүрермін, «сіз» дей берейін.

Мұсылманқұлов. Мейлің. Не десең де сені түрмеге отырғызып қойып, жер басып жүре алмаймын мен.

Қарғабаев. Қасқабай сонда сіз екеуміздің дос екенімізді білмегені ме? (Көңілі босап, көзіне жас үйіріліп). Ай, айналайын досым-ай, мен саған екі дүниеде де разымын. Мына сөзіңнен кейін түрмеде шіріп өлсем, арманым жоқ!

Мұсылманқұлов. Қой, қай-қайдағыны айтпай. Қасқабай бәрін біледі, білмесе, білгіземіз. Демнің арасында шел басып қалған көзіне көкесін көрсетеміз.

Қарғабаев. Мен сенемін оған.

Мұсылманқұлов. Ендеше көп мұңая берме, ертең үйіңе қайтасың, бүрсігүні қызметіңе кірісесің.

Қарғабаев. Мынадай масқарадан кейін бұл жұмыста істеуім қалай болар екен?

Мұсылманқұлов. Тырп етпе. Бұдан артық болмаса, кем емес қызмет беремін өзім.

Қарғабаев. Сөйтші... «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген, кетейін мен бұл жақтан. Өзіңе еріп келгенмін, өзіңе еріп кетемін.

Мұсылманқұлов. Жарайды, мен сені алып кетемін, басқалар қайтеді?

Қарғабаев. Кеуделерінде намысы барлар кетеді, ездері жүре береді.

Мұсылманқұлов. Мейлі, әркім өзі білсін, мына пәледен құтқарғаным да жетер оларға.

Қарғабаев. Жетеді. Маған да жетеді. Осыдан құтылсақ болды, тірі адам тірлігін істейді.

Мұсылманқұлов. Құрман, осымен доғаралық әңгімені. Менен бір хабар күтіңдер.

Қарғабаев. Жақсы. Күтеміз. Сарылып күтеміз.

Мұсылманқұлов. Ой, қойшы, сонша таусылып сөйлегенің.

Қарғабаев. Ереке, құдай басқа салмасын, абақтыда бір күн, бір сағат, тіптен бір минут отыру азап екен.
Генерал кіреді.
Генерал. Болдыңыздар ма?

Мұсылманқұлов. Болдық. Ал, бердім әзірге Құрманды сенің құзырыңа.

Генерал (орнына отырып, кнопканы басып). Апарыңдар мынаны!

Мұсылманқұлов. Сөзің қандай ірі еді, генерал мырза! Генерал. Кінәлі адаммен басқаша сөйлесуге болмайды. Бізде кіммен қалай сөйлесу әбден қалыптасқан, яғни ереже бар. Біз соған сәйкес сөйлесеміз.

Мұсылманқұлов. Онда жөн. Мен кетейін, Айттым ғой, көп тұқырта бермеңдер бұл байғұстарды.

Генерал. Көреміз.
Мұсылманқұлов кетеді.
Генерал (ішкі байланыс телефонының кнопкасын басып). Подполковник Әміреев, әкімдердің жағдайы қалай?.. Сен оларға өйтіп пейіш орнатпа, тергеу амалдарының бәрін қолданып, естерінен тандыр... Ең бастысы – компроматты көбейт... Пакеттегіні «Пара» дегіз. Сөйт. (Ұялы телефонның нөмірін тереді). Әбиірбек Рахымович... Мұсылманқұлов кетті... Айтатыны сол бір-ақ сөз: босатыңдар... Сосын айтам... Тергеу бөлімінің бастығына мықтап тапсырма бердім, қатырады... Солай болады... Сөзсіз мерзім алады.
Екінші бөлім
Жетінші көрініс
Қасқабай Төреқұлович Дүйсебаев кабинетінде отыр. Біреумен телефонмен сөйлесіп болып қалған.

Әкім. Мейлі, көреміз. Жарайды-жарайды. Сау болыңыз! Жақсы-жақсы!
Сапар қария кіреді.
Сапар. Қасқабай, аман ба?

Әкім (орнынан атып тұрып, қарсы жүріп). Сәлеметсіз, аға! Келіңіз. (Орындықты нұсқап). Отырыңыз.

Сапар (сыздап). Жаңағың кім, сонша елпілдедің.

Әкім. Президент аппаратынан. Тәуірбеков.

Сапар. Оған не жоқ, осындай майда-шүйдеге де араласа ма?

Әкім. Аға, бұл – майда-шүйде емес, үлкен кеселмен күрес.

Сапар (сабырмен). Сен қызбаланба. Парақорлықтың кесел екені бесенеден белгілі, онымен күресу керек, бірақ сен құсап бас-көзге қарамай, бас салудың қажеті жоқ. Мен сенен ит жейдені бұрын тоздырған ағаңмын, андағы орныңда бұрын отырған адаммын, бір ауыз ақылдассаң қайтеді?

Әкім (ширығып). Мен Мұсылманқұлов емеспін, шалдарды жинап алып, әдеп кеп, ақыл сұрайтын. «Өз ақылым ақыл-ақ, кісі ақылы – шоқырақ» деген атам қазақ. Мен өз ақылыммен жүремін.

Сапар. Мен саған жаным ашып келсем, сен шатқаяқтайсың ғой-ей!

Әкім. Сіз аяйтындай не бопты маған?

Сапар. Бүкіл ауданның әкімін маған пара бермек болдың деп қаматып қою – адам аяйтын іс.

Әкім. Мынауыңыз қызық екен, бүкіл ел, Президент, үкімет парақорлықпен күрес ашады, сіз оны әбес көресіз.

Сапар. Сен дұрыс түсін, парақорлықпен күрес, бірақ мынадай өрескелдікке барма. Жармахан Тұяқбаев айтты емес пе: «Парақорлықты тоқтату үшін өзің алмауың керек, сонда бітті» деп. Дұрыс айтқан, «Балық басынан шіриді» демекші, параны алдымен президент аппаратындағылар, үкімет үйіндегілер, содан соң барлық деңгейдегі әкімдер алмауы керек.

Әкім. Мен де сөйтіп отыр емеспін бе.

Сапар. Бұл жағынан сені мақтаса болады. Бірақ аудан әкімдерін топырлатып апарып қаматып қойғаның – ақылға сыймайтын әрекет.

Әкім. Ештеңе емес. Өстіп-өстіп барып түсеміз өркениет жолына. Сіз өте дұрыс айтып отырсыз, пәленің бәрін бүлдіретіндер – жоғарғы эшалондағылар. Ал, аудан әкімдері асқынып кеткен.

Сапар (разы кейіпке енеді). Қасқабай, сен өзі білетін бала болып шықтың ғой. Рас айтасың, аудан әкімдері тек пара жинаумен ғана айналысып отырған адам тәрізденеді маған. Басқаны былай қойғанда, бүгінде көбейіп кеткен мүшелтойлардың өзі солардың қалтасын қампайтатын шараға айналыпты. Жуырда ауылға бардым. Әкімиятқа кірсем, толған адам. «Не ғып жүрсіңдер?» деп бір жөн білетінінен сұрасам, «Құрысын, Сапаке, көрген күніміз осы. Көрші ауданның құрылғанына 60 жыл толыпты. Соған әкім барады екен, әрқайсымызға салық салып жатыр. Жинайтыны — мыңдап доллар, апаратыны – бір шапан, алақандай құттықтау қағазы. Ығыр болып кеттік» деп күйіп-пісті. Аудан әкімдері сөйтіп елді жылатып жинағандарын сендерге әкеліп береді екен ғой. Қандай оңбағандық!

Әкім (күлімсіреп). Міне, аға, сіз мені түсіндіңіз. Басқа жақты қайдам, біздің облыста пара тоқтайды енді. Мыналар барсын баратын жеріне, ендігі әкім болғандары аяғын тарта басатын болады.

Сапар. Бұл опыр-топырдың зияны саған тиіп жүрмесін деп қауіптеніп келіп едім, көңілім орнына түсті, сенікі жөн екен. Алған бетіңнен қайтпа. Бұдан шегінсең, шаруаңның біткені. Есіңде болсын, қашан да, қандай да бір тайсақтаған екенсің, ел иектеп алады, кеңдігің – кемдігің. Сөз бен іс бір жерден шықсын дейтін талап, ең алдымен, әкімдерге арналған. Ел, қасарыссаң – қатал, еркіне жіберсең – ез дейді. Әділ болсаң, соңыңнан ереді.

Әкім. Рахмет, аға! «Ақыл айтпаймын» деп едіңіз, көп айттыңыз ғой.

Сапар. Менікі – ақыл емес, ағалық сөз.

Әкім. Басқа шаруа жоқ па енді?

Сапар. Жоқ. Мен сенен ештеңе сұрамаймын, ешуақыт ешкімнен ештеңе сұрап көрген емеспін. Жасымда жасамаған тірлікке енді қартайғанда жолап қайтейін. Ал, бірдеңеге ақыл қос деп хабарлассаң, дайынмын.

Әкім. Қазақта, «Жетектеп қосқан тазы түлкі алмас» деген мәтел бар емес пе еді?

Сапар. Бар.



Әкім. Ендеше, мені неге жетектейсіз?

Сапар. Өй, сен өзі көп өсіпсің. Тәуба! Біздің азғантай Андастан да бір тәуір жігіт туған екен, жолын болдыра көр, құдайым!

Әкім. Аға, бәрімізге, әсіресе, әкімге атаның ұлы емес, адамның ұлы болған жөн шығар.

Сапар (қарқылдап күліп). Қатырдың-қатырдың, қарағым! Адымымды аштырар емессің. Біз көп нәрседен шеттеп қалған екенбіз. Кетейін.

Әкім. Сау болыңыз, аға!
Сапар кетеді. Әкім ойланып отыр.
Әкімнің ойы (радиомен). Қайран аға, қартаяйын депсіз-ау! Маған дүниеде сіздей ақылды, өткір, әділ, шешен адам жоқ сияқты болып көрінуші еді. «Ер арыса – аруақтың» кебі келіп, қалыпты-ау, аға. Мұндай әңгіменің не қажеті бар екен сізге? Астыңда тағы жоқ адамның сөзін кім елемек?! Бос сөз – құрғақ қасық. Бос сөз құлақ тартады, құрғақ қасық ауыз жыртады.
Үкіметтік телефон шар ете қалады.
Әкім (телефон тұтқасын апыл-ғұпыл құлағына тосып). Тыңдап тұрмын сізді, Дамир Тұңғышбаевич! Жаңа басқаша айтып едіңіз... Ерік Көбенович пе?.. Мақұл... Қазір босаттырамын... Оған сөз бар ма, ешқайсысына тиіспеймін, істей берсін жұмыстарын... Түсіндім-түсіндім... Жайлап, біртін- деп құртамын көздерін... Сөйтемін... Сау болыңыз, Дамир Тұңғышбаевич! (Ұялы телефон нөмірін теріп). Әбиірбек Рахымович, ана әкімдерді дереу босатыңдар!.. Тездетіңдер!... Не боп қалғанын қайтесің?.. Иә, команда... Бітті.
Әкім телефон трубкасын қойып, ойланып қалады.
Әкімнің ойы (радиомен). Қап! Мұным керемет ағаттық іс болған екен. Жатқан жыланның құйрығын басып нем бар еді?! Жылан деймін-ау, жеті басты айдаһар екен бұл – пара. Бір басын қағып түсірермін, екі-үш, тіптен төрт басын домалатармын, одан арғыға шамам жетпес. Жетінші бастың өзі тұрмақ жалына жан адамның қолы шендесе алмайды. Ол – басты бас. Осы басты бас қан беріп, ұшқан бастың орнына басқа бас жалмаңдап шығады. Олар өздері орнына шыққан бұрынғы бастардан әлдеқайда жалмауыз болады. Сондықтан ештеңеге тимеу керек екен. Парақорлықтың да мына өмірдің өзіндей бір сыдырғы аға бергені жөн шығар. Қойдым, құрысын! Әттеген-ай, бәрінен де Ерік Көбеновичтен ұят болды-ау! Қой, ол кісіге ертең жетейін (Ішкі телефонның түймесін басып). Қасеке, біліңізші, Ерік Көбенович ертең қызмет орнында болар ма екен?.. Иә, келіңізші...
Аппарат жетекшісі Қордабаев кіреді.
Қордабаев. Сіз ертеңді айтасыз, Ерік Көбенович бүгін де болады қызмет орнында. Осы қазір ұшып шығады Астанадан чартерлік рейспен.

Әкім. Жарайды. Рахмет. Бара беріңіз.
Қордабаев кетеді. Әкімнің ойы одан әрі жалғасады.
Әкімнің ойы (радиомен). Мына Қордабаев – Мұсылманқұловтың құлы. Жылы жерде отырып алып, менің тұяғымның қимылдағанына дейін жеткізіп отырады екен ғой. Премьер: «Өзіңе ұнамаған кадрды толайым емес, біртіндеп құрт» дейді. Алдымен құртатын адам – осы. Бірақ қалай құртарсың. Ерік Көбенович ара түседі. Қасым Хасенович те, аудан әкімдері де бұрын Ерік Көбеновичтің құлы болса, қазір құйыршығы. Ерекең – құлын да, құйыршығын да, жалпы осы облысты да уысынан шығармаған екен. Мынадан соң, әлбетте, оның беделі артады. Мен ше, мен де Мұсылманқұловтың құйыршығымын, енді қуыршағы болуым керек екен. Ерекең не айтса, соған «ләпбай, тақсыр!» деп бас-көзге қарамай орындауға кірісетін құл-қуыршақ болуым керек екен. Жоқ, ол болмас.
Қарғабаев кіреді.
Қарғабаев (үстелге жақындай бере). Қасқабай, біз босадық.

Әкім (томырайып). Дұрыс.

Қарғабаев (кекесінмен). Дұрыс. Үн-түнсіз сыйлығымызды алғанда дұрыс болатын еді, енді бұрыс, енді біз сені сыйлаудан қалдық. Қолыңнан келгенін істе. Сен екеуіміз – бір атаның баласымыз, інім деп сырттай арқаланып жүруші едім, бекер бопты.

Әкім. Тура биде туған жоқ.

Қарғабаев. Сендей қаныпезерде иман жоқ. Мен енді сенің қол астыңда бір күн де істемеймін (Папкасынан он шақты парақ қағаз алып). Міне, арызым. Сен сияқты дүлейден аулақ жүргенім артық.

Әкім. Дұрыс. Ең болмаса, бір парақор кемитін болды облыста.

Қарғабаев. Бір емес, он. Аналар да өтініштерін беріп жіберді. Мә, қол қой бәріне.

Әкім. Әкел. Парақордың өтінішіне қол қоюға қолым қалтырамайды менің (Өтініштерге шетінен қол қоя бастайды). Барыңдар аулақ.

Қарғабаев. Сенде, кішкене бір, адамды аяу, сыйлау деген болмай ма өзі?

Әкім. Аяйтын да, сыйлайтын да түк жоқ. Парақорлар кінәларын түсініп арыз берді, мен қызметтерінен босаттым. Аяған, сыйлаған деген осы – аман-есен жіберу.

Қарғабаев. Сен емес, бізді аяған – Мұсылманқұлов. Сен аясаң, сыйласаң, әімдермен бірауыз сөйлесер едің.

Әкім. Парақорларға қор қылатын сөзім жоқ менің, барыңдар бәрің!

Қарғабаев (қойын қалтасынан бүктелген бос пакетті суырып алып). Міне, көрдің бе, саған ұсынғанда қомпайып тұрған пакет бос. Сенің құқық қорғау органдарыңның қызметкерлері – кісі тонаушылар. Бізге байтал түгілі бас қайғы болып жатқанда олар барлық ақшамызды тонап алды. Мықты екенсің, облысты солардан тазарт. Адамдардың қайғысы – олардың табыс көзі, неғұрлым қылмыс көп болса, олар соғұрлым байи түседі.

Әкім. Өздерің шығар пара деп берген.

Қарғабаев. Ия, сөйттік. «Осы отыз мың долларды берсеңдер, шығарамын» деді. Бердік. Шықтық. Сөйтсек, бізді шығартқан мүлде басқа адам екен.

Әкім. Түу, тағы да бүлдіріпсіңдер ғой. Сендерге дауа жоқ екен. Парасыз өмір – тұл, адам – оған құл. Бұл неткен тірлік!

Қарғабаев. Өмірді енді түсініп келе жатырсың, бала. Әлі-ақ бәрін түсінесің, кабинетіңе кірген кісінің қолына, қойны-қонышына телміріп отыратын жемірдің өзі боласың. Аман бол!
Қарғабаев кетеді.

Әкім ойланып отыр.
Әкімнің ойы (радиомен). Апырау, қайттім? Өмірге ендеп те, бойлап та енген екен бұл пара. Әкім болғалы бекініп жүрген ісім еді бұл – парақорлықпен күрес. Онымның быт-шыты шықты. Бүйте берсе, қай шаруам алға жылжыр? Дүниенің бәрін сыбайластық шырмап алған. Осы пәлеге өзім бой алдырмай тұрғанда биліктен атымды аулақ арқандағаным жөн болар. Алда былық-шылыққа бату күтіп тұрған әкімдігі бар болсын! Елбасына өтініш жазайын: «Босатыңыз», - деп. (Радио өшіп, өзі сөйлейді. Залға қарап). Сыбайлас жемқорлық, парақорлық сияқты жегі құрттармен әкім күреспегенде кім күреспек, деп кінә қойма, ағайын! Әне, көрдіңіздер ғой, әжептәуір әрекетімнен не шыққанын. Ойға алғанын орындай алмаған адамнан не үміт, не қайыр?!

Шапалақпен (оң қолымен оң жағын басып) мына жағынан бір тартса, (сол қолымен сол жағын басып) мына жағын, бұл жағынан бір тартса (оң алақанымен оң жағынан басып) мына жағын тосатын езің мен емес. Тепеңдегенге текіректейтін тесік өкпе де бола алмаймын. (Телефон тұтқасын көтеріп, хатшы қызға). Әсия, жаңағы Сапар қария ұзап кеткен жоқ па?

Әсияның даусы. Ол кісі Қасым ағайдың кабинетінде отыр.

Әкім. Онда шақыр ол кісіні осында.

Әсия. Қазір.
Сапар қария кіреді.
Әкім (орнынан тұрып). Келіңіз, аға!

Сапар (әкімнің бет-жүзіне барлай қарап). Не болды, Қасқабай, демнің арасында жүдеп қапсың?

Әкім. Ештеңе болған жоқ, аға. Жоқ, болды, жаңағы әңгіме ушықты, жоғарыдан: «Әкімдерді босат!» деген пәрмен болды.

Сапар. Босат.

Әкім. Босаттым. Өзім де босанамын!

Сапар (жұлып алғандай). Е-е, оныңа жол болсын!

Әкім. Сөйткенім жөн, аға. Жаңа ғана Абаев телефон шалып, «Ондай парақор әкімдерге сол керек. Соттат!» деген. Енді жарты сағат өтпей жатып «Босат!» дейді. Сөйтсем, Ерік Көбенович барып, бүлдіріпті.

Сапар. Түсінікті. Дамир інісінің тілін алған. Сен де менің тілімді ал, босама, істе.

Әкім (ширығып). Ісің алға жылжымайтын болса, істеп неге керек?

Сапар (салмақты). Бала, «Сабыр түбі – сары алтын». Билікте жүр екенсің, ішіңде ит өліп жатса, былқ етпе. Жассың, тәжірибең аз, қызбасың. Әлі-ақ бастығасың, сөйтіп қазір өзің түңіліп отырған тірліктің майын ішкен майталманы боласың. Туған күніңе әкелгенді емес, әкелмегенді жек көретін дәрежеге жетесің.

Әкім. Жететін емес, құлдырайтын шығармын.

Сапар. Не де болса, шыда, Қасқабай. Бастық болу – бөрі болу. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегенді талай естіген шығарсың. Жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де жан адамға сездірме. Сен – биліктің ұшар басына шыққан адамсың, ұшып түскенің жаман болады, ауызға алғысыз болып қаласың.

Әкім (миығынан күліп). Аға, бұрын сондай болатын, қазір басқаша. Адамның адам болатын кезі – қазір. Ойға келгенді айтып, қолдан келгенді істеуіміз керек. Адамның құлдық психологиядан арылатын уақыты әлдеқашан келген. Сіздердің кездеріңізде адамды құл қылып ұстаудың құралы да, тәсілі де көп болған, солардың ең қуаттысы қызмет болатын. Партияның қызыл билеті мен қызмет егіз еді. Қит етсең екеуі екі өкпеңді қысып, езіп жіберетін. Енді не, еркіндік, екі қолға – бір еңбек. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Басы жұмыс істегеннің асы мол. Қызмет – қолдың кірі.

Сапар (таңданып). Қасқабай, сен менен ақыл сұрайын деп шақырдың ба, әлде, маған ақыл айтайын деп шақырдың ба?

Әкім. Жоқ, оның екеуі де емес, іштегі шерімді айтайын деп шақырдым.

Сапар. Қайдағы шер сендегі? Сенікі – кекірік ату.

Әкім. Аға, әкім тұрмақ Президенттің де қайғы-мұңы, шері болады. Армансыз адам болмайды. Адамды аспанға алып ұшатын да, жерге алып ұратын да арман.

Сапар. Қалай жақсы айтатын болғансың сен, Қасқабай. Мен сені енді түсінгендеймін. Қайтайын. Бірақ абайла! Әкім деген оңай қызмет емес. Біздің Елбасымыз адам таниды. Сенім артқан екен, үдесінен шық.

Әкім (орнынан тұрған Сапардың қолын алып). Жақсы, аға! Сау болыңыз!

Сапар (есікке беттеп бара жатып). Бала, абайла!

Әкім (дел-сал қарап тұрып). Көреміз, аға!

(Орынтағына отырып). Не істедім мен, апырау! Жын ұрған шығар мені, тегі! Қап, қарашы, сау басымды саудаға салғанымды. Өзгеге жасаған жамандығым өзімді тауып жүрмесін. Қайтіп қана құтылармын бұл пәледен?!

Қордабаев (жылт етіп кіріп, асығып-аптығып). Қасқабай Төреқұлович, осы қазір Ерік Көбенович Астанадан ұшып шықты. Ұшағы бір сағаттан соң жолай біздің әуежайға келіп қонады.

Әкім. Онда жүріңіз, кеттік. (Сәл кідіріп). Әй, бірақ ол кісінің көңілі қалып қалған шығар.

Қордабаев. Ерік Көбенович түсінеді бәрін. Ол кісі жасып-жабырқауды білмейді, жауынгер. Кешірімі мол, кемеңгер.

Әкім. Менің машинамды шақыртыңыз, сіз екеуіміз әуежайға барамыз. Ешкімді ерітудің қажеті жоқ.

Қордабаев. Сол дұрыс (сәл кідіріп). Сансызбаев пен Ахметов біліп қойып, бара қалса, қайтеміз?

Әкім. Олар қайдан біледі, сіз айтпасаңыз?

Қордабаев. Менің мұндайды ешкімге айтпайтынымды сіз білсеңіз керек еді. Прокурор мен генерал мұндай әңгімені бізден бұрын естиді. Олар енді осы түйін шешілгенше тыным таппайды.

Әкім. Мейлі, білсін, барсын, біз де барамыз.

Қордабаев. Онда мен кабинетіме кіріп шығайын.

Әкім. Сөйтіңіз. (Қордабаев шығып кетеді. Әкім орнынан тұрып барып, бұрыштағы сейфті ашып, қолына екі бүйірі тоқ папка алып, ұстап тұрып). Ерік Көбенович, міне, сіздің құныңыз!
Сегізінші көрініс
Әуежай басы. Прокурор Сансызбаев пен генерал Ахметов сөйлесіп тұр. Әріден диктордың ұшақтардың рейстерін хабарлаған дауыстары естіліп жатыр.
Генерал. Келмес.

Прокурор. Ерік Көбеновичтің тілін алмай, кінәлі болып қалды. Бірақ келеді, «Жалмауызға да жан керек».

Генерал. Сіз де тілін алмай қойдыңыз ғой, алдымен келіп тұрсыз.

Прокурор. Білесіз, генерал жолдас, бәрін білесіз. Нағыз тілін алмаған сізсіз. Ерік Көбенович, алдымен сізге өкпелі. Құртса, әуелі сізді құртады.

Генерал (мырс етіп). Әбиірбек Рахымович, осы шын сөзіңіз бе?

Прокурор (тез жауап қатады). Енді қалай деп едіңіз, бұдан артық қандай шын сөз керек?

Генерал. Маған да, сізге де керегі қандай да бір сөз емес, Ерік Көбеновичтің бетін бері қарату болып тұр емес пе.

Прокурор. Дұрыс айтасыз. Сіз іс-қимылдың адамысыз ғой, айтыңызшы, қайтіп жібітеміз Ерік Көбеновичтің көңіліне қатқан мұзды?

Генерал. Әбиірбек Рахымович, ол сіз екеуімізге белгілі адам емес пе, мұндайдың мыңын көріп едік қой, бір мәнісі болар. Ең бастысы – қалтаңызда конвертіңіз болса, болды.

Прокурор. Не ғыпты сіз білгенді білетін шығармыз.

Генерал. Оған сөз бар ма, сіз қатырасыз.

Прокурор. Мені қой (төс қалтасын басып қойып), мынаны қайтеміз, соны айтыңыз.

Генерал. Қазір әкімге еріп Қордабаев келеді. Сол бәрін реттейді. Біз оны оңашалап, әкелгенімізді берсек, жетіп жатыр.

Прокурор (разы болып). Шіркін, оперативті қызметкерлерді қойсаңшы бұл, қиыннан қиыстырасыздар-ау!

Генерал. Бәрібір, біздің істегеніміздің тиянағы сіздердің қолдарыңызда.

Прокурор. Жоқ, соңғы сөзді сот айтады.

Генерал. Айтсын. Мен өз басым прокурорды сыйлаймын.

Прокурор. Қой, Крыловтың «Кукушка хвалит петуха, за то, что хвалит он кукушку» дегенінің кері мұнымыз.

Генерал (оң жағына бұрылып қарап). Қоятын болдық, әне, келе жатыр екеуі.
Облыс әкімі мен оның аппарат жетекшісі шығады.

Прокурор мен генерал жымың-жымың етіп тұр.
Әкім (жақындай бере). Оу, сендер неғып жүрсіңдер мұнда?

Прокурор. Сізді күтіп жүрміз.

Әкім. Неменеге?

Прокурор. Сізбен бірге Ерік Көбеновичті қарсы алайық деп.

Әкім. Сендер оны кабинеттеріңде жөндеп қабылдамай, шалқаймап па едіңдер?

Генерал. Сөйткеміз. Онда жағдай басқаша болатын.

Прокурор. Ол Мұсылманқұлов пен мына Мұсылманқұловтың арасы жер мен көктей.

Әкім (жібі босап). Жарайды. Жерде жүрсін, көкте жүрсін, өзіміздің Ерік Көбенович – ол кісі.

Прокурор (қуанып кетіп). Дұрыс айтасыз. Орыс жазушылары: «Біз Гогольдің шинелінен шықтық» деген екен. Ал, біз Ерік Көбеновичтің костюмінен шыққанбыз.

Генерал. Бәріміз – Ерік Көбеновичтің баласымыз.

Әкім (күліп). Ал, балалар, не істейміз онда?

Прокурор (төс қалтасынан бағанағы конвертті шығарып, генералға). Нұрқат Асылович, біз алдымен өз әкімімізді разы қылайық.

Генерал (жан қалтасынан конверт алып). Сөйтейік, Әбиірбек Рахымович.

Әкім (зілді). Жігіттер, сендерге мен: «Қойыңдар!» демеп пе едім.

Прокурор. Дегенсіз.

Генерал. Алмай қойғансыз.

Әкім. Ендеше, мыналарың нелерің?

Прокурор. Бұл – Сізді сыйлағанымыздың белгісі. Иә, бұл сыйлық емес, сыйлаудың белгісі. Сыйлық – пара, сыйлау – адамгершілік.

Әкім (иығын қиқаң еткізіп). Түсінсем бұйырмасын. Қайткенде де андағының ішіндегі доллар емес пе?

Генерал. Доллар.

Әкім. Онда не қыл дейсіңдер? Доллардың жүрген жері – пара, доллар – долы қатын, аулақ жүрген жақсы.

Прокурор. Нұрқат Асылович екеуміз мұны сыйлық емес, сыйлаудың белгісі деп ұйғардық. Сіз білесіз бе, қылмыстық кодексте сыйлық та пара деп көрсетілген, ал, сыйлауға тыйым салынбаған. Ондай бап жоқ. Сыйлау моральдық кодекске жатады.

Генерал (кекетіп). Коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексіне жатады.

Әкім (кейіп). Сендер сол кодекске жүгініп тәрбиеленбеп пе едіңдер, енді келіп кекетесіңдер. Керек болса, айтайын, сол моральдық кодекс кіл адамгершілікке үндейтін. Оның әрбір тұжырымы Құранның сүрелерімен үндесетін. Алдама, ұрлық жасама, парақор, зинақор болма, кісі өлтірме, ешкімге қиянат жасама, арақ ішпе. Осылардың біреуінің адам тәрбиесінде күн тәртібінен түскенін көрдіңдер ме, айтыңдаршы (прокурор мен генерал ештеңе дей алмай, үнсіз келісіп тұр). Әне, көрген жоқсыңдар. Мына дүниеде адам барда бірге болатын құжат ол – моральдық кодекс. Сендер сол кодексті аттағандарды бас салып, май шелпекке айналдырасыңдар.

Прокурор. Біз заңмен әрекет етеміз.

Генерал. Біздің қимыл-әрекетімізде заң басты рөл ойнайды.

Әкім (кекесінмен). Қайдам,сендер заңды қолдан жасайтын сияқтысыңдар. Заң сыйлық, сыйлаудың белгісі дегендерің сияқты, тәлкекке салынбауы керек. Заң талқыланбайды, орындалады.

Прокурор. Ол – рас. Дегенде сыйлық пен сыйлаудың аражігін, соңғысының параға жататын-жатпайтынын анықтай түсу керек екен.

Әкім. Сонда қалай, заңды білмегендерің бе?

Генерал. Қасқабай Төреқұлович, қазір заң күнде өзгереді, бәрін біліп үлгеру мүмкін емес.

Әкім. Мәс-саған безгелдек? Сонда сендер заңды білмей, оны қалай қорғамақсыңдар?

Прокурор. Заңгерге өмірлік мәні зор заңдарды жақсы білсе, жетіп жатыр, қалғанын жұмыс үстінде игереді.

Генерал. Иә, кішігірім заңды білмесе де болады.

Әкім. Жоқ, бұларың дұрыс емес. Кез келген заңға майда-шүйде деп қарауға болмайды. Адам өміріне қатысты мәселеде ұсақ-түйек жоқ.

Прокурор. Айтқаныңыздың бәрі дұрыс. Сонда да Сізге бір шындықты айтсам қайтеді?

Әкім. Айт.



Прокурор. Айтсам, біздің заңымыздың біразы – шикі. Олардың осал тұсын кінәлілер де, заңгерлер де пайдаланып кетіп жүр.

Генерал (прокурорға). Әбден тауып айттыңыз. Біз қылмыскердің кінәсін бұлтартпайтын дәлелдермен мойнына қойып өткіземіз сотқа, ал ол сотта ақталып жатады, не болар-болмас мерзім алады. Не істейсің, таңданасың да қоясың.

Әкім. Прокурор қайда сонда? Заң алдында бәріміз жауаптымыз, бәріміз бағынамыз, бәріміз тең құқылымыз. Заңды Президенттен бастап бәріміз бірдей сыйлауымыз керек. Ал, сол заңның сақталуын қадағалайтын, адамдардың құқын қорғайтын өкілетті мансап иесі – прокурор. Прокурорға таңдану емес, заңды жұмыс істету керек.

Прокурор. Істетеміз.

Генерал. Заңмен әрекет етеміз.

Әкім. Заңнан саңылау іздеудің қажеті жоқ. Заң – талай-талай білгір адамның ақыл-ойының жемісі. Заңда бәрі ойластырылып пішіліп, кесілген. Заңның бір бабымен қылмыскерді ату жазасына кесуге де, босатып жіберуге де болады. Мәселе заңда емес, заңгердің біліктілігінде. Заңгер қара қылды қақ жарған әділ болса, ешкім жазықсыз жапа шекпейді, жасаған қылмысына қарай жазасын алады. Алайда, қандай да бір заңгерді ала-қол қылатын жалғыз әзәзіл бар, оның аты – пара. Ол араласқан тірлік оңбайды.

Генерал (сергектеніп). Айтқаныңыздың бәрі – шындық. Оны бүгінгі мына тірлігіміз де дәлелдеп отыр емес пе.

Прокурор (дереу қоштап). Генерал мырза, сіз – шұғыл қимылдың адамысыз және тауып сөйлейсіз, шынында да, біздің басымызды дәл қазір бір жерге қосып тұрған күш – біреу. Бәріміз Ерік Көбеновичтің көңілін аулайық деп келіп тұрмыз. Қалтасына бірдеңе түспей, ол кісінің беті бері қарамайды.

Әкім (кекесінмен). Прокурор мырза, жаңа ғана параны сыйлаудың белгісі деп едің, енді келіп көңілін аулауға апарып телисің, мұның қайсысына сенеміз сонда?

Генерал. Пара деген жалғыз сөзге сеніңіз. Параны берудің мың түрлі сүйкімді сөзі бар. Оның бәрі – бергенше және алғанша айтылатын сөздер. Сыйлағанның белгісі, көңіл аулау, тағы басқа толып жатқан сылтаулар пара берген соң айтылудан қалады, пара деген жемір бәрін жұтып, жоқ қылады.

Әкім. Ендеше, екеуің мені несіне алдайсыңдар?

Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, әкімді кім алдаушы еді. Алданатын адам әкім болмайды.

Әкім (сұрланып). Екеуің айтыңдаршы, біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз.

Генерал (тез). Құқықтық мемлекетте.

Прокурор (іле) Демократиялық мемлекетте.

Әкім. Екеуің де дұрыс айтасыңдар. Осыны Елбасы: «Демократия дегеніміз – заңдарды бұлжытпай орындау», - деп әдемі әрі дәл тұжырымдаған. Біздің бәріміз Елбасының бұл айтқанын мүлтіксіз орындауымыз керек.

Генерал. Орындаймыз.

Прокурор. Орындамағанда ше, кеудемізден жанымыз шыққанша орындаймыз.

Әкім. Орындасаңдар, Елбасы қазір жаппай майдан ашып отырған сыбайлас жемқорлықпен неге күреспейсіңдер? Жоқ, күресудің орнына өздерің жол ашасыңдар.

Генерал. Біздікі ешқандай сыбайластық емес, сыйлау.

Прокурор. Біздікі ешқандай жемқорлық та емес, Ерік Көбеновичтің бетін бері қарату, көңілін аулау.

Әкім (мырс етіп, кекесінмен). Ендеше, екеуің Ерік Көбеновичтің бетін бері қаратып, көңілін аулағалы әкелгендеріңді (анадай жерде тұрған аппарат жетекшісін нұсқап) Қасым Хасеновичке беріңдер де, қайта беріңдер.

Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, біз де төбе көрсетейік.

Генерал (прокурордың сөзін іле қостап). Біз міндетті түрде көрінуіміз керек Ерік Кобеновичке. Өйтпесек, болмайды.

Әкім. Не, сонда сендер маған сенбегендерің бе?

Прокурор (жақтырмай, шошып). О-о-ой, қойыңыз, Қасқабай Төреқұлович! Сізге сенбей, не болыпты бізге?

Генерал. Соны айтам. Сізге сенбейтін біз кімбіз? Қызық болды-ау!

Әкім (шорт кетіп). Сендер – сыбайлас жемқорсыңдар, парақорсыңдар.

Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, біз, құқық қорғаушылар, парақор болсақ, болармыз, сыбайлас жемқор бола алмаймыз.

Әкім. Мұныңды қалай түсіндік? Бұл екеуі бір емес пе?

Генерал. Кешіріңіз, бір емес.

Прокурор. Бұл екеуі екі басқа, айтарлықтай айырмашылықтары бар. Бірігіп алып, қоғам мүлкіне қол салу, немесе біреуді алдап, тақырға отырғызу – сыбайлас жемқорлардың тірлігі. Екінші біреуге жасаған жақсылығы, көрсеткен қамқорлығы, қызметке алғаны, өсіргені, оқуға түсіргені, жақсы баға қойғаны, қойшы, әйтеуір бақайы қимылдағаны үшін заңсыз төлем алып дәнігу – парақорлардың өмір салты. Бұл жағынан парақор мен жемқор бір-біріне ептеп жуықтайды, ал сыбайласу – ауыз жаласу, бірігіп жеп, араны ашылып, құнығу. Оған альтернатива жоқ.

Әкім. Әбиірбек Рахымович, осының бәрін білесіңдер, бірақ құртпайсыңдар. Оны айтам, сол жаман әдеттің бәріне өздерің бой алдырасыңдар. Өкінішті.

Генерал. Біз де өкінеміз. Бұл індеттермен күндіз-түні күресеміз. Ештеңе өндіре алмаймыз.

Прокурор. Неге? Бұл сұрақтың жауабы оңай әрі қиын. Оңай дейтінім, онымен Президентіміз бас болып, барша мемлекеттік құрылым күресуде. Ендеше, оң нәтиже болуға тиіс. Қиын дейтінім, сыбайлас жемқорлық пен парақорлық бұрынғы қоғамдық құрылымдардың, тас дәуірін қайдам, басқасының бәрінде болған, қазір де бәрінде бар. Дүниеде тірі пенде қырылып қалып, үш адам аман қалса, болды, сыбайластық пен парақорлық болады. Екі адам сыбайласып, үшіншісін сорлатады. Күштіге әлсіз әуелі жалынып-жалбарынып, жауыққанын жазалатады. Күшті бірте-бірте кергитінді шығарады. Әлсіз қалай да ойға алғанын орындауы керек. Ол үшін не істеуге болады, әлбетте, күштінің құлқынына бірдеңе тығу керек. Оның аты – пара. Күштінің жұдырығы – тауары. Енді ол сол тауарын сатуға, әлсіз барын, яғни пара беріп сатып алуға үйренеді, тұтынушы болады, сөйтіп бұл құбылыс өзіндік бір бизнеске айналады. Қоғамдық құрылыс жетілген сайын бизнес гүлдемей ме, гүлдейді. Сол тәрізді сыбайластық пен парақорлық та гүлдейді. Сыбайластардың күшті жағының аранының өлшеусіз ашылуына байланысты оған жемқор деген атақ жамалған. Сыбайлас жемқорлық пен парақорлық енді өмірге ендеп те, бойлап та еніп кетіп отыр. Олардың тамырына балта шабу мүмкін емес. Бұл әлемде өмір барда олар бар.

Әкім (таңданып). Прокурор мырза,сен құқық қорғаушыға емес, қоғамның өсу заңын білмейтін, қағаз кеміруді ғана білетін философқа ұқсайсың. Қоғам өз өмір сүру заңын өзі анықтап, адамдардың құқықтарын белгілеп, соларды орындаудың тетіктерін тауып, іске қосып, жүзеге асырады. Бұл істе шешуші рөл атқаруға тиісті сендер өстіп кері кетіп отырғанда, қалайша оңамыз біз? Сыбайлас жемқорды тауар иесі, пара берушіні – сол тауарды сатып алушы, яғни тұтынушы деген сұмдықгы естіп отырғаным осы.

Генерал. Қасқабай Төреқұлович, Сіз таңданғанмен, мен таңданғаным жоқ, бәрі рас сияқты.

Прокурор. Бұл сөзімнің түбіне терең бойласаңыздар, айтқанымның айдай анықтығына сенетін боласыздар.

Әкім (шорт кетіп). Сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтан құтылу үшін, алдымен, сендермен күресу керек екен. Қоғам, қазіргі құқық қорғаушылардан тазартпай, тазармайды екен. Әттең, есебі жүргізілмейді, жүргізілсе, параның тоқсан пайызын құқық қорғау органдарының қызметкерлері алатынын анықтар еді.

Прокурор. Сыбайлас жемқорлыктың дәл соншама пайызы – шенеуніктердің еншісіне тиеді.

Генерал. Айтуға Сізден қорқамыз, сонда да айтайын, парақорлыққа келгенде де таразы басын шенеуніктер басады.

Әкім (сұрланып). Қорқатын не бар, айтыңдар айтатындарыңды түгін қалдырмай.

Прокурор. Сіздің қолыңызда билік бар.

Генерал. Билік – шексіз күш.

Әкім (жүзі жылып). Шексіз болғанмен, ессіз емес.

Прокурор. Әлбетте.



Генерал (Прокурордың сөзін бөліп, әкімге). Оған күмәніңіз болмасын.

Прокурор. Билік басындағы азаматтар – ұлттың қаймағы. Олар не нәрсені болса да қапысыз ойлап, қалтқысыз шешеді.

Генерал. Соның бірі – сізсіз.

Әкім (жақтырмай). Жарайды. Мұндай одаларыңды (прокурорға) сен бас прокурорыңа, (генералға) сен министріңе айтарсыңдар. Маған мақтау сөздерің емес, аянбай, адал атқаратын қызметтерің керек. Шынын айту керек, екеулеріңнің бүгінгі тірліктерің маған ұнап тұрған жоқ.

Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, Сіз мұндай-мұндайды тірлік деп ойламаңыз. Мұны күнделікті болып жататын әдеттегі әрекеттің елеусіз біреуі деп біліңіз.

Әкім. Мұндай пәле – кәніккендерге елеусіз болса, болар, маған қайғы. Мен ешуақыт бұл жолмен жүре алмаймын. Керек болса, осы кеселмен күресуге өмірімді арнаймын. Қандай да кеселден адам, алдымен, өзін тазартуы керек. Жаппай індетпен алысуға сонда барып құқылы болады.

Генерал (таңданып). Қасқабай Төреқұлович, Сізге не болды сонша қапаланатындай?

Прокурор (генералға). Сен өйтіп жаймалама. (Әкімге). Сіз тым қатты кеттіңіз.

Әкім. Енді қалай деп едіңіз? Мен – Президент командасының мүшесімін, ол кісінің осы облыстың тізгінін сеніп тапсырған адамымын. Мен әділет жолынан айнысам, мына елдің күні не болмақ?! Мен кеттім.

Генерал (тұтығып). С-с-сонда біз қайттік?

Прокурор. Біз де кетеміз!

Генерал. Кетпейміз. Ерік Көбенович әлі талай керек болады.

Әкім (сабырлы, прокурор мен генералға). Оны өздерің біліңдер. (Бағанадан анадай жерде сөзге араласпай тұрған Қордабаевқа). Сіз қалыңыз.

Қордабаев (түкке түсінбеген сыңаймен). Сіз не деп кетесіз сонда?

Әкім. Мені үкіметтік телефонға Дамир Тұңғышбаевич шақырып, соған кетті, деңіз.

Қордабаев. Жарайды. Айтамын. Солай деймін.

Әкім (үшеуіне ала көзімен бір қарап). Ерік Көбеновичті сендерге бердім.
Әкім енді ештеңені елең қылмай, кете барады. Прокурор, генерал, аппарат жетекшісі не істерлерін білмей, аң-таң болып тұр.
Прокурор (әкімнің соңынан қолын бір сермеп). Барсын!

Генерал. Қайда барады?

Прокурор. Баратын жеріне барады.

Қордабаев. Ол қандай жер сонда?

Прокурор. Ол – сыбайластық, жемқорлық, парақорлық жоқ жер.

Генерал (прокурорға разы кейіппен). Бұларға өтірік жоқ жер дегенді де қосу керек.

Прокурор (қуана келісіп). Өт-те дұрыс айтасың. Қазіргі күннің ең зұлым кеселі – өтірік. Ол – сыбайластардың, жемқорлардың, парақорлардың теңдесі жоқ қаруы.

Генерал. Рас айтасыз. Өтірікті бұрын бірен-саран адам айтатын. Оларды жұрт «өтірікші, суайт» деп иттің етінен жек көретін. Енді өтірікті келістіріп айтып, елді тақырға отырғызған адамды «ақылы көп» -деп көтермелейтін болды.

Прокурор. Өтіріктің осыншама өрістегені, әсіресе, бізге қиын болды. Қылмыскер кашан да өтірікші. Бұрын олардың бірді-екілі сөзі шын болушы еді, қазір барлық сөзі – өтірік. Айыптау қорытындысын шығару – жатқан азап.

Прокурор. Өтірік айтпайтын бір адам қалды ма екен мына жалған дүниеде?

Генерал. Қалған жоқ.

Қордабаев (салмақты). Бар ондай адам.

Прокурор. Қойыңыз.

Генерал. Ол кім?

Қордабаев. Әкім! Қасқабай Төреқұлович!

Прокурор (сақылдап күліп). Сіз де айтады екенсіз. Бүкіл әкім атаулының қызметі өтірік айту, алдау мен пара алудан тұрады. Олар, алдымен, Президентті, содан соң үкіметті алдайды. Егер алдамаса, орнынан ұшып кетеді. Президент әкімдерге басқарып отырған аймақтың экономикасын көтеру, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөнінде тапсырманы аз бермейді? Әкімдер ол тапсырмаларды құлшынып қабылдайды, бірақ бірде-біреуі орындалмайды. Бұл өтірік емей, немене?

Генерал. Өтіріктің көкесі. Сөз бен істің бір жерден шықпауынан асқан өтірік жоқ.

Қордабаев. Ол – өтірік емес, Президенттің айтқанына тақ тұру.

Прокурор. Тақтұрған екен, орындасын. Орындай алмау – алдау. Сіз адамдардың бір-бірін жай тұрмыстық қарым-қатынаста алдайтынын ғана өтірік дейтін сияқтысыз, жоқ, өтіріктің өрісі кең, телефон шылдыр ете қалғанда баласына әкесінің: «Мен үйде жоқпын» дегенінен басталатын өтірік биліктің ұшар басында отырғандардың алуан түрлі айласымен астасқан. Сөйтіп қазір шын сөз бен өтірік сөздің аражігін ажыратып болмайтын дәрежеге жеттік, жоқ, дәреже қайда, оңбай құлдырадық.

Генерал. Шындық пен өтірікті ажырата алмай дал боламыз күнде.

Қордабаев (прокурор мен генералдың сөзін жақтырмай). Сөз-ақ! Екеуің айтыңдаршы, ал, өтіріктен құтылудың жолы бар ма?

Прокурор. Жоқ.

Генерал. Бар. Арнайы заң шығарып, өтірікшінің бәрін өтірігінің әлеуметтік мәніне қарай жазалау керек.

Қордабаев. Онсыз да толып кеткен түрмені кере түсу керек десеңші.

Прокурор. Түбі солай болады. Өтірік сонда да жойылмайды. Өмірдегі құбылыстың бәрі – егіз, жақсы-жаман, оң-теріс, ыстық-суық, қуаныш-қайғы, шын-өтірік қатар жүреді. Бұл бір жердің тартылыс заңы сияқты ұлы заңдылық. Бірі болып, екіншісі болмаса, тепе-теңдік бұзылып, апат болады. Өтірік жойылып, тек шындық қаптап кетсе, ел іші іриді. Адам өмірі тек қана жақсылық пен қуаныштан тұрса, ол малғұнға айналады. Егіздің жағымсыз жағы өзіндік бір тежегіш, реттеуші. Өтірік болмаса, адам бас-аяғын жинауды ұмытып, жағасы жайлауда, далаңбай болып кетер. Ара-арасында алданып, өзін-өзі қайрамай болмайды адамға.

Генерал. Әбиірбек Рахымович, сіз тегі профессорсыз, біліміңіз – ұшан-теңіз.

Қордабаев. Несі бар, болады әлі зейнетке шыққан соң.

Прокурор. Өтіріксіз күн көру жоқ. Өтіріктің бір кереметі өз кейіпкерін тек өрге сүйрейді. «Өтірік өрге баспайды» деген мәтел әлдеқашан айдалада қалып, «өтірік өсіреді» деген тұжырым тұрақтанған.
Сахнаның сыртынан қонып жатқан ұшақтың гүрілдеген даусы естіледі. Мына үшеу әңгімелерін шорт үзіп, жолаушылар шығатын есікке беттейді.

Ерік Көбенович Мұсылманқұлов шығады.

Үшеуі лап беріп, жамырай амандасады.
Қордабаев. Ат-көлігіңіз аман ба, Ерік Көбенович?

Прокурор. Саламалейкум, Ереке!

Генерал. Сәлеметсіз бе, Ерік Көбенович?

Мұсылманқұлов (бәріне). Бұларың қай сәлем, бағана амандаспап па едік.

Қордабаев. Одан бері бір күн өткен сияқты.

Прокурор. Бір күніңіз не, көп күн өткен сияқты.

Генерал. Көп оқиға өтті.

Мұсылманқұлов (Қордабаевқа). Қасқабайдың өзі қайда?

Қордабаев. Ол жаңа келген, үкіметтік телефонға Дамир Тұңғышбаевич шақырып, асығып, соған кетті.

Мұсылманқұлов. Барсын. (Прокурор мен генералға) Сендер де барыңдар. (Қордабаевқа қарап). Маған Қасым Хасенович те жетеді. Осы облыстағы маған шын пейілімен берілген, жаны ашитын адам – осы Қаскең. Сендер кімнің тарысы піссе, сонын тауығысыңдар, Қасқабайларыңа барыңдар.

Прокурор. Қатты өкпелепсіз, Ерік Көбенович, бізге сол керек. Айтқаныңызға – құлдық. Бір жолға ашуыңызды беріңіз.

Генерал. Сөйтіңіз, Ерік Көбенович. Біз – сізге керек адамбыз.

Қордабаев. Ерік Көбенович, бұлардың жазығы жоқ, кешіріңіз.

Мұсылманқұлов. Түсінемін. Қасқабайдың осыдан сопы болып кеткенін көрермін. Әкімдікті бәріміз де өстіп бастағанбыз. Өмір өзі үйретті қалай өмір сүруді. Қасқабай қайда барады, ол да біз сияқты болады. Мен білетін Қасқабай менің жолыммен жүреді. «Көн тартса, қалыбына» деген сөз тегін айтылмаған.

Прокурор. Біздің әкім – сіздің көшірмеңіз. Сіз не істеңіз, ол соны істейді.

Генерал. Сізден бір елі қалатын емес.

Қордабаев. Қасқабай – Ерекеңнің шәкірті ғой, жақсы шәкірті. Қашан да жақсы шәкірт ұстазынан озған.

Мұсылманқұлов (разы болып, масайрап күліп). Бәрін білесіңдер-ей! Сендер де менің шәкіртімсіңдер. Байқаймын, жаман шәкірт болмапсыңдар.

Прокурор. Рахмет, Ерік Көбенович!

Генерал. Түу, көңіліміз енді орнына түсті-ау!

Қордабаев (қолтығындағы папканы қолына алып). Ерік Көбенович, мынау – Қасқабай Төреқұлович төртеуіміздің Сіздің чартерлік рейсіңіздің шығынының өтеуі.

Мұсылманқұлов. Ой, жігіттер, бұларың нелерің?

Прокурор. Бұл – Сізді сыйлағанымыз.

Генерал. Иә, сыйлық емес, сыйлағанымыз.

Қордабаев. Бұл жігіттер осындай бір әдемі сөз ойлап тауып отыр. Сыйлық – пара, сыйлау – адамгершілік, дейді екеуі.

Мұсылманқұлов (Қордабаев ұсынған папканы ұстап тұрып). Қызық екен! Мейлі енді. (Сәл ойланып қалып барып). Сендер шындарыңды айтыңдаршы, Қасқабайды шынымен Премьер шақырды ма, жоқ, өтірік сылтауратып кетті ме?

Генерал. Шын шығар.

Прокурор (Қордабаевқа қарап). Оны мына кісі біледі.

Қордабаев (күмілжіп). Енді...

Мұсылманқұлов. Әй, бір шикілік бар-ау сөздеріңде. (Оқшаулана беріп). Қасым Хасенович, сен бері жүрші өзің.

Қордабаев (Мұсылманқұловтың жанына жақындап). Сіздің не сұрайтыныңызды білемін, Ерік Көбенович. Қасқабайды ешкім шақырған жоқ, өзі кетті. Беретінін маған бұрын беріп қойған, ана екеуінің көзінше қайтып ала алмады. Әйтпесе, онысын қайтып алмақ түрі бар.

Мұсылманқұлов. Түрі құрысын! Таяз ба, деймін өзін?

Қордабаев (құлшынып). Таязыңыз не, көр. Сіз туралы бірдеңе айтпақ болсам, жақ аштырмайды.

Мұсылманқұлов. Қарай көр-ей, мұны! Қасиетсіз! Мына екеуі не істеп жүр?

Қордабаев. Оларды қойшы, олар – кімнің тарысы піссе, соның тауығы.

Мұсылманқұлов. Өзің ше?

Қордабаев. Мен – Сіздің қызметшіңізбін.

Мұсылманқұлов. Айтып едім ғой, сен – менің осы облыстағы өкілімсің. Сені әзірше, Мұсылманқұлов өйтіп кетті, бүйтіп кетті деген әңгіме басылғанша осында ұстаймын, содан соң өзіме аламын кеңесші қылып.

Қордабаев. Қандай әңгіме шықпасын, мен Сізге жеткізіп тұрамын.

Мұсылманқұлов. Сөйт. Сен айтшы, мына Қасқабайды қайтсем болады? Бір жолға қоя тұрайын ба, жоқ, қызметінен қуғызып, қаңғытып жіберейін бе?

Қордабаев. Қоя тұрыңыз. Өзіңіз кеше ғана қошқар қойып кетіп, бүгін орнынан алғызып тастасаңыз, ел-жұрттан ұяттағы. Қасқабай қайда барады, кішкене жүре тұрсын. Оңалар. Өйтпейді екен, өз обалы өзіне, аямаңыз.

Мұсылманқұлов (құшырланып). Айтқаның жөн. Қасқабайдың тізгіні менің қолымда, қалай қарай тартсам, солай қарай жүреді. Ол біледі, ерегіссем, езуін жыртып жіберетінімді.

Қордабаев (мүләйімсіп). Біледі, әрине. Бәріміз білеміз.

Мұсылманқұлов (сұрланып). Қасым Хасенович, бар, ана екеуіне айт, кетсін. Маған олардың керегі жоқ. Бағанағы көрсеткен қорлықтарын мен ұмытты дей ме екен? Жо-о-оқ, Ерік ондайды оңайлықпен ұмытпайды (теріс айналып бара жатып). Барсын екеуі Қасқабайларына.

Қордабаев. Ерік Көбенович, Сіз не, екеуіне өкпелеп қалғансыз ба? Оларға өкпелейтін түк те жоқ. Олар – қызмет шеңберінде ғана әрекет ететін шерменделер. Шенеунік атаулының бәрі – сол, басында билігі жоқ, бастықтың құлы.

Мұсылманқұлов. Айтасың, Қаске, айтасың. Айтпақшы, аудан әкімдерін қайтті Қасқабай?

Қордабаев. Бәрінің өтінішіне қолын қойып, босатып жіберді.

Мұсылманқұлов. Неткен қатыгездік!

Қордабаев. Айтпаңыз, тегі!

Мұсылманқұлов. Қап, қателескен екенмін! Әкім болатын адам емес екен бұл Қасқабай.
Прокурор мен генерал бір шетте әңгімелесіп жүр.
Генерал. Әбиірбек Рахымович, қандай жорамалыңыз бар, аналар не айтып жатыр?

Прокурор. Не айтсын, Ерік Көбенович Қасқабайды қырамын-жоямын, аудан әкімдеріне өзім жұмыс тауып беремін, деп жатқан шығар.

Генерал. Сөйтіп жатыр. Ол кісінің кәрінен біз аман ба екенбіз, әйтеуір?

Прокурор. Бізді қайтсін ол? Әкім болып тұрғанда пайдаланды, енді қажетіміз жоқ.

Генерал. Біз – шәркейміз, десеңізші, жазында киіп, қысында лақтырып тастайтын.

Прокурор (күліп). Шәркейміз. Неге теңесеңіз, соған теңеңіз, біздің көрген күніміз – осы, бағыну,қорқу. Сіз білесіз, адамзаттың арыстаны, батыр Бауыржан қорқу сезімін ерекше бағалаған. Қорқыныш – өмірдің қозғаушы күші. Қараңыз, біздің бәріміз бастықтан қорқамыз. Сөйтеміз де жұмысты жақсы істейміз. Қорықпасақ, нақұрыс болып кетер едік.

Генерал. Әбиірбек Рахымович, сіз – философсыз. Сізден үйренетін нәрсе көп.

Прокурор. Нұрқат Асылович, осы біз қайтсақ қайтеді?

Генерал. Неге?

Прокурор. Ерік Көбеновичке біздің қажетіміз жоқ. Бізге де оның қажеті шамалы. Құдай Қасқабайға қуат берсін. Бізге керек адам – сол.

Генерал (таңданыспен). Әбиірбек Рахымович, сіз шын айтып тұрсыз ба? Қасқабайдың Қасқабай Төреқұлович болып қалқайып жүргені Ерік Көбеновичтің арқасы емес пе? Ерік Көбенович – Қасқабайға ғана емес, бізге де керек адам.

Прокурор. Онда бағана неге тілін алмадыңыз Ерік Көбеновичтің?

Генерал. Соны айтыңыз. Қасқабайды қоштаған түрім ғой ол. Сіз де Қасқабай жағында болдыңыз емес пе. Сөйтсек, Қасқабай қаңбақ екен де Ерік Көбеновичке.

Прокурор. Қаңбағыңыз не, үрлеп қалса, ұшып кететін үлпілдек. Ерік Көбенович – сүйенгені мықты адам.

Генерал. Білемін. Ерік Көбеновичтің өзі рұқсат етпей, біз бұл жерден кете алмаймыз.

Прокурор. Шын айтасыз, кете алмайды екенбіз.
Екеуінің жанына жайлап басып, Мұсылманқұлов пен Қордабаев жақындайды.
Мұсылманқұлов. Жігіттер, не, іштерің пысты ма?

Генерал. Жоқ. Пысқан жоқ.

Прокурор. Біз Сізді бір сағат емес, бір күн күтіп тұруға дайынбыз.

Мұсылманқұлов. Әрқашан дайын болыңдар!

Генерал (пионер құсап қолын маңдайына тигізіп). Әрқашан дайынбыз!

Прокурор. Дайынбыз!

Қордабаев (аярланып). Қасқабай болмаса, бұл жігіттер қамшы салдырмайды.

Мұсылманқұлов (маңғаз). Қойыңдаршы сол Қасқабайды! Менің алдымды орайтын кім ол?

Қордабаев (Мұсылманқұловтың сөзін іліп әкетіп). Бәсе, кім ол, ешкім де емес. Сіздің қолбалаңыз. Осы тұрған бәріміз – сіздің қолбалаңызбыз.

Генерал. Иә, солай, қолбалаңызбыз!

Прокурор. Сізге қызмет етеміз!

Мүсылманқүлов. Рахмет, жігіттер!
Мұсылманқұлов масайрап, Сансызбаев пен Ахметов жүдеп, Қордабаев

шат-шадыман болып тұр.
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ

САУЫТБЕК ПЕН АҚБӨПЕ
(Екі бөлімді сазды драма)
Қатысатындар:
Сауытбек – ақын, әнші, сал, 27 жаста.

Ақбөпе – ақын қыз, 19 жаста.

Жидебай – сал, шешен, 34 жаста.

Өтелбай – Ақбөпенің әкесі, 50 жаста.

Күнімбала – Ақбөпенің шешесі, 45 жаста.

Алтынай – Сауытбектің жеңгесі, 24 жаста.

Солтай – Ақбөпенің інісі, қойшы бала, 15 жаста.

Сақ қария – 65 жаста.

Тантай – Ноғайбай болыстың баласы, Ақбөпені көп қалың мал беріп алған жігіт, 30 жаста.

Әсел – Тантайдың шешесі, 60 жаста.

Мақұлбек – Ноғайбай болыстың жақын ағайыны, 64 жаста. Көбен – Тантайдың үзеңгілес серігі, 29 жаста.

Қыз-қырқын, келін-кепшік, үлкенді-кішілі ер адамдар, бала-шаға.
Бірінші бөлім
Бірінші көрініс
Шу мен Қорағаты өзендерінің қосылған жеріндегі үлкен саз.

Осы сазда Аша болысы Тілеуқабылдың немересінің сүндет тойы өтіп жатыр. Болыстың сый-сияпатына бөккен үлкенді-кішілі адамдар сегіз

қанат үй ішінде дәудірлесіп отыр. Осы сәт әлекедей жаланған

бір жігіт ішке ентіге еніп, көңілді сөйлей жөнеледі.
Жігіт. Ал, ағалар, аяқ-қолдарыңызды жинап, ыңғайланып отырыңыздар. Қыздар келе жатыр.

Отырғандар жарыса тіл қатады:

– Келсін.

– Кірсін.

– Ақбөпе бар ма ішінде?

Жігіт. Бар.

– Соны айт. Өзге қыздар – бір төбе, Ақбөпе – бір төбе.

Өзге қыздар – торғай, Ақбөпе – бұлбұл.

Жидебай. Жә, шуламаңдар. Ақбөпе – ақын қыз. (Сауытбекке бетін бұрып). Ал, Сауытбек сал, қолыңа домбыраңды ал, өзіңді көрсететін кезің келді.

Сауытбек (жайбарақат). Асықпаңыз, Жидеке, бір мәнісі болар.

Жидебай. Асығам. Айтысасың. «Абылайдың асында шаппағанда әкеңнің басына шабасың ба?» деген сөзді естімеп пе едің?

Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет