І тарау ҚытайТүркі мифтерінің ұқсастықтары. 1 Тотемдік тұрпаттың ұқсастығы



бет4/4
Дата26.10.2019
өлшемі331 Kb.
#50684
1   2   3   4
Байланысты:
0BD9~1


Қорытынды
В. Г. Белинскийдің пайымдауынша, батыстан шыққан мифтерде рыцарлық сипат, ал шығыс мифтерінде фантастикалық сипат басым жатса керек./4,18б/ Дәл осы сөздің негізінде ой өрбітер болсақ, Қытай мен Түркі елінің мифтерінен қиял мен ойдың өрелі өрнегін, бірде оза шауып, ал бірде қалыс қалған екі елдің тыныс-тірлігін, әлеуметтік, мәдени,саяси өмірінің қиюласқан тұсын көре аламыз. Өйткені, екі елдің де ен жайлаған жері-Шығыста орналасқан. Белинскийдің пайымдауына сәйкес, оларда ортақ белгі, ортақ мұрат болған десек еш қателеспейміз. Сондай-ақ екі елдің бір-бірін қайталамас ерекшеліктері де жетерлік.

Адамның қиялдан, ойдан шығарған барлық көне дүниелері мифтер, аңыздар және ертегілер болып үш жанрға бөлінеді. Бұл жанрлардың ортақ сипаттары көп-ақ. Дегенмен оларды бір-бірінен бөлектеп, өзгешелеп тұратын бірқатар ерекшеліктері де баршылық.

Біздің барлығымыз балалық шақта таңғажайып сиқырға толы ертегілерді оқыдық. Ертегілер - тұнып тұрған қиял-ғажайыптар: жануарлар адамша сөйлеседі, батырлар жау әскерімен ғана емес, айдаһарлармен, жын-перілермен және басқа да халық қиялы тудырған жалмауыз-құбыжықтармен шайқасады. Аңыздар нақты тарихи оқиғаға негізделеді.

Ал ежелгі мифтердің ертегілер мен аңыздардан айырмашылығы, мифтердің мазмұнында ертедегі халықтардың жаратылыстық-ғылыми және тарихи таным-түсініктері көбірек ұшырасады. Бұған мысал ретінде жердің жаралуы жайлы немесе барлық тіршілік атаулының «әлемдік жұмыртқадан» шығуы туралы мифтерді, болмаса жер жүзін топан су басуы туралы мифті келтіруге болады.

Алғашқы мифтер өте бағзы замандарда пайда болған. Содан әрбір жаңа мың жылдық сайын қарапайымнан күрделіге қарай сатылап даму дәуірлерін өткерген. Мифтер –адамдардың дүниетанымының көрінісі. Солар арқылы жер бетіндегі тіршіліктің пайда болуы жөніндегі мыңдаған жылдар бұрынғы түсінік, көзқарастар бізге жетіп отыр. Олар неліктен күндізді – түн, жазды – қыс алмастыратынын, неге күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жер бетінде су тасқыны мен басқа да табиғат зілзалалары болатынын бейнелі түрде түсіндірді.

Ертедегі адамның санасы мифологиялық сипатта болған. Сол замандарда табиғат құбылыстарын түсіндіру үшін мифтерді пайдаланған, мифтік бейнелер арқылы жаратылыстың сырлары мен шығу тегін ұғуға тырысқан. Сондықтан мифтерде бағынбағандарды жай оғымен жайрататын құдайларға үлкен мән беріледі. Алайда адамдарға көмектесетін, оларды кесір-кесапаттан құтқарып, отпен жылытатын мейірімді құдайлар да көптеп саналады.

Профессор Б. Кенжебаевтың: «Миф деген нәрсе халықтың әлеуметтік-қоғамдық тұрмыс тіршілігінің жемісі, нәтижесі. Сондықтан да әр халықтың мифтері сол халықтың тарихтық, экономикалық-әлеуметтік дамуы дәрежесінде, соған сәйкес мәдениетінің, салт-санасының дәрежесіне лайықты болады. Оларда азды-көпті сол өзін жасаған жағдайдың ізі, ен-таңбасы болады» -деген тұжырымын еске алсақ, жалпы адамзат ежелден-ақ асқақ арманның иесі болған деп білеміз.

Біз, жұмысымыздың кіріспе бөлімінде, сан түрлі тайпалардан құралған түбі бір Түркі елі мен алып Қытайдың мифологиясын салыстыра зерттеп, тереңіне осылайша үңіліп көрдік. Әлемге өзінің құпиялығымен танымал Қытайдың мәдени- әдеби өмірін теңізге баласақ, онда сол теңіздің асыл маржандары болып қалған мифтеріне зерттеу жасау – қиынның қиыны. Десе де, ашық есік саясатын ұстанған бұл күндегі Қытайдың мифтеріне қызығушы ғалымдар саны де күннен-күнге артып келеді. Сол ғалымдардың зерттеулері мен еңбектері біздің сұранысымыз бен талаптарымызды қанағаттандыруға ерекше ықпал етті. Көптеген зерттеуші мамандардың пікіріне сүйене отырып, Қытай мифтері мен Ұлы Дала елінің мифтерін әліміз келгенше саралауға тырыстық. Қытайдың өз ішінде кеңінен таралған мифтік аңыздардағы мифтік тұлғалар мен Түркі елінде танымал болған аңыз-әңгімелерді топтастырып, олардың өзара ұқсастықтарына тоқталдық.

Жалпы кіріспе бөлімінде осы жұмысымыздың қаншалықты салмақты екенін атап өттік. Қазіргі таңда алып көршіміз Қытай мен Қазақстанның арсындағы мәдени- әдеби байланысты тереңдету саласында екі жақты елдің бірлескен туындылары саусақпен санарлық қана. Сол олқылықты толтыру мақсатында бұл еңбегіміз бір кәдеге жарап жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Осындай өзекті ойдан туындаған ойымызды ғылымиландыра түсуге бар күшімізді салдық.

Негізігі бөлімдегі бірінші тараудың атын «Тотемдік тұрпаттың ұқсастығы» деп алуымыздың басты себебі, мифологияның жалпы сипатына қатысты сияқты. Мифология дегенде бағзы заман адамдарының арман-тілегі көрініс табатын туынды елестейді. Ал сол туындының кіндігі іспетті біте қайнасқан мифтік тұлғалар – тотемдік тұрпаттан алшақ кеткен емес. Мифологияның негізігі ерекшелігі де сол кездегі қауымның діни, наным-сенімдерімен тұтасып жатыр. Әрине, табиғаттың тылсым күшін сезіне алмаған, қоршаған ортаның тосын құбылыстарының мәнін түсіне алмаған, бірақ жер бетіндегі тіршілік атаулыдан өздерінің жаратылысының бөлек екенін, қараңғы түйсіктің санасында жылт еткен сәуледейін сезіне білген ежелгі адамдардың бойында сол бір сыры көп құпиялы әлдебір күштерге деген табыну қасиеті бірінші дамыды. Ол біреудің санасында әйел кейпінде болса, ал енді біреулердің санасында жылан келбетті, айдаһар іспетті бейнелер ретінде көрініс тапты. Өзінің сан мыңдаған жылдық тарихы бар деп есептелетін, келтірілген деректер бойынша ежелгі адамдардың сүйектері табылған Қытай елі осы тотемдік ұғымды берік ұстанған халықтардың қатарына жатады. Сонау мифологиялық дерек көзінен, күні бүгінге дейін тек әдеби ауқымда ғана қамтылып қоймайтын, Айдаһар келбетті Қытай елі бұл тотемдік ұғымды ұлықтаған үстіне ұлықтай түсуде. Ежелгі ата-баба нанымын жоғалтпай, керісінше дәріптеп жатқан елдің бұл ерлігіне сүйсінесің. Айдаһардың тұлыбынсыз өтпейтін мереке-шерулер де соның бір үлкен айғағы болса керек.

Біз «Тотемдік тұрпаттың ұқсастығы» атты бірінші тарауымызда Қытай еліне ғана тән деп танылып келген тотемдік жануар -Айдаһардың бейнесі іргелес қонған көрші ел -Түркі халқының тарихымен тамырлас деген тұжырымды дәлелдеуге тырыстық. Оған өз тарапымыздан және ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып бірнеше дәлелдер келтірдік. Лингвистикалық сәйкестік, этнографиялық ұқсастықтардың барлығы тұщымды пікір айтуға лайықты айғақтар бола алар деген үміттеміз.

Бірінші тарауда атап өткендей, әлемді анасыз елестету мүмкін емес. Ана есімін барша адамзат ұлықтап өткен. Ертедегі елдің санасында да ана бейнесі асқақталып ардақталған. Оған дәлел ретінде, ежелгі елдің өмірінен сыр шертетін ана туралы мифтерді алға тартамыз. Екі елдің аңыз ертегілерінде, мифтерінде кездесетін әйел кейіпкер - әлемді жаратушы, ұрпақ таратушы, жер дүниені жаратушы бас құдайдың жары. Қытай халқы мен Түркі еліндегі бұл сипатты аналардың мекен еткен тұрақтары мен қызметтері де біте қайнасып жатыр. Осының өзі үлкен әңгімеге жүк болар ұқсастық емей, немене? Ню ва мен Ұмай ананың, Си ван му мен Бибі Фатиманың өзара ұқсастықтарына жеке-жеке тоқталып өттік. Мазмұнға сәйкес келесі тармақшаны екі елдің жаратылыс туралы дүниетанымдық көзқарастарына арнадық. Зеттеу барысындағы бұл талпынысымызда текке кетпеді. Айтарлықтай ұқсастықты екі ел дүниетанымындағы жаратушы бейне мен табынар тұлға – Құдайларды сипаттауынан-ақ сыр берді.

Түркілерде Тәңір деп аталып кеткен, бастапқы атауы «Танг» көне түркі сөзінен шыққан - Құдай бейнесі, шығыстың алыбы - Қытайда сәл өзгертілген «Тиань» сөзімен ұштасып жатты. Дей-түркілердің дүниетанымындағы Тәңір сөзі «көк аспан билеушісі», «көктің иесі» деген іргелі ұғымды білдірсе, Қытай елінде ұлық тұтылып келген «Тиань» сөзінің мәні көне түркі еліндегі «Тәңір» сөзімен астарлас «аспан», «көк» деген мағынаға ие. Тіпті бертінге дейінгі ел басқарған патша мен оның ұлдары «аспан ұлы», «көк билеушісінің ұрпағы» деп марапатталып отырған. Есте жоқ ескі заманда, Шань ди ұрпақтарының сол көктің иесі - аспан билеушісіне арнап құрбандыққа адамдар мен құлдарды шалып отырғаны да бізге тарихтан белгілі.

Дәл осы діни дәстүр Түркі елінде де айна-қатесіз қайталанып отырған. Тәңір ұлы деп есептелінетін тайпалардың патшасы, немесе абызы өлген жағдайда оның сүйегімен бірге мінген атын, ыдыс-аяғын, қызметші құлдарын қоса көмген. Ел басқару идеологиясында «Тәңір» мен «Тиань» «Шань ди» ұғымдары қараңғы тобыр елдің тұтастығы мен тыныштығы жолында жоғарғы роль атқарды.

Сонау ерте заманда-ақ өздерін Тәңір жаратты деп есептейтін Түркі елі сол Жасағанның іші хаосқа толы жұмыртқаны жарып шығып, жер дүниенің иесі - адамдарды балшықтан илеп шығарғаны туралы мифтік деректің мазмұны еш өзгерместен, тек кейіпкер атының өзгешелігімен ерекшеленетін Пань гу –ға қатысты ұқсастығына таң қаласыз. Екі елдің дүниетанымдық түсінігін қалай қоссаң да ұқсамайды деп айтатындардың өзінде де қарсы айтар уәж қалмайды. Тараудың екінші тармағында Қытай елінің жаратушысы Пань гудің жұмыртқаны жарып шығып, әйел затына үйленіп, ұрпақ өндірген нұсқасы мен Түркі еліндегі Тәңірдің Ұмай анаға үйленіп, жер бетіндегі адамзаттың арғы ата-бабасы ретінде суреттелуі бір ұқсастық болып табылса, енді бір сол Пань гу мен Тәңір туралы кең тараған мифтің келесі нұсқасында, Пань гу өле-өлгенше ел игілігі үшін аспан мен жерді тіреп тұрып, кейін аспан мен жер тіреусіз-ақ бөлек тұра алатын деңгейге жеткенде, қаһарман Пань гу қайтыс болады да, оның шашы өзенге, бір көзі күнге, ал бір көзі айға айналады деген сияқты мазмұнда келетін жері Түркі еліндегі Тәңірдің баяндалу тұлғасымен тұтасып жатыр. Түркі еліндегі миф бойынша Тәңірдің оң көзінен күн, сол көзінен ай, ал демі жер мен бұлттарға, дауысы күннің күркіріне айналды деп есептеді. Адамдардың жаралуы туралы Қытай елінде Ню ва есімі де аталмай кетпейді. Пань гу мен пара-пар тұлға саналатын Ню ва туралы деректер көзін пайдалана отырып, Ұмай анамен ұқсастығын ашып көрсетуге тырыстық. Көптеген ғалымдардың деректеріне сүйене отырып, ежелгі Түркі елінің тайпалары туралы жазған Қытайлық ғалымдардың пікірлерін алға тарттық. Түркі еліндегі танымал мифтік бейне Қыдыр атаның типтік образы Қытайда да көрініс табатын жерін тілге тиек еттік. Сондай-ақ жерлеу шараларындағы, табыну тұлғаларындағы, тұрмыстық өмірлеріндегі ұқсастықтарға шамамыздың келгенінше тоқталып өттік.

Жеңістің мәресіне бірде Қытай, ал бірде Түркі елі жеке келген сәттерін айтпағанда, біріне-бірі жұтылып кетпеген, күш-қуатқа кенде емес, шығысты мекендеген бұл елдердің тұрмыс-тірлігінің айырмашылығы жер мен көктей еді. Төрт түліктің тілін ұғатын, табиғатпен етене жақын өскен, дала заңын қанына сіңірген, адалдықты ана сүтінен енгізген, Тәңіршілдікке сенгізген ұрпағы бар түркі елі Ұлы Дала төсін ен жайлаған, ерлікті дәріптеуші, еркін елдің бірі болды. Көшпелі халық жер жырту, егін салу сияқты отырықшы елдерге тән шаруашылықтың түріне келгенде кенжелеу қалды. Отырықшы елдерде қасиетті саналатын арба, соқа, балта сиқты құрал-саймандардың орнына, Түркі елінде мінсең-ат, саусаң-сүт, жесең-ет болатын Тұлпардың тұрқы жоғары болды. Арғымағын арда тұтқан Түркі елінің ежелгі тайпалары сақтар мен ғұндардың ат құлағында ойнай алатын шеберлігі туралы әлемді дүр сілкіндірген кентавр ұғымы да дүниеге сол дәуірде келген болатын. Тарихтың атасы саналатын Геродоттың еңбегінде кездесетін скифтер мен Ұлы Қытай Қорғанының салынуына түрткі болған жауынгер ел – ғұндардың ерліктері де осы тұлпарларды тани білген танымы арқылы жүзеге асты десек артық айтпаған болар едік. Тұлпарлар жайлы ой толғатқан Түркі еліндегі аңыз-әңгімелердің үштен бірі – осы тақырып төңірегіндегі мифтер болып келеді. Сондықтан да біз екі елдің жалпылама алғандағы ерекшеліктерін айтуда Түркі елінің Тұлпарлар туралы мифтеріне жеке тоқталып өткенді жөн көрдік. Екінші тарауда айтып өткендей, әлемде атты дәл Түркілердей қадірлей білген ұлт жер бетінде кемде-кем. Асыра айтқандық емес, оған сол кездегі алып империя мен патшалықтардың жазба ескерткіштері де дәлел бола алады. Түркі елі ұлық тұтқан тұлпарлар мифтерде пырақты жануар деп есептеледі. Олар - елдің жүгін арқалаушы ерлердің сенімді серігі, кезі келсе тіл бітіп, иесімен сөйлей алатын қасиетке ие.

Алып Қытайдың әдебиетіндегі асыл-мржан сияқты құнды ойларға толы мифология саласында қамтылмаған тақырып жоқ десе де болады. Егін саласында да, батырлық аясында да, пәлсапалық санасында да айтылмаған тақырып, жазылмаған жырлар кемде-кем. Бір қызығы, өздерімен етене құрдас өмір сүрген көшпелі елдің киелі деп санайтын тұлпарлары жайлы түсінігіне қатысты деректер көзі Қытай еліне сіңісті болмаған іспетті. Бәлкім, мұның сыры ел мен елдің ұқсамайтын тілі мен діні сияқты, нанымы мен сеніміннің ерекшелігінде жатқан шығар. Бәлкім, тұлпар тақырыбы тек түркі еліне ғана тән туындының өзегіне айналған болар. Осыған байланысты түркі елінде кездесетін тұлпарлар туралы деректер көзін Қытай елі мифтерінен өзгеше деп алып шықтық.

Отырықшы шаруа, өмірін өзен арнасынан бастау алған деп санайтын еңбекшіл елдің ертеңгі күнін қалай елестететіні туралы ой-қиялдың төркінін аңғара беруге болады. Қытайды осы қырынан танып –білуге көмектесетін орамды ойларды негізігі бөлімнің екінші тарауындағы екінші тармаққа топтастырдық. Қытайдың наным сеніміндегі мифтерде, алғашқы адамдарды егін салып жер жыртуға үйретуші, немесе күнделікті тұрмысқа керекті дүниелер - ине, жіптен бастап, ағаш от, темір судың өз құдайлары бар деп сенген.

Жалпы Қытай елінде ұстаз ұғымы ежелден-ақ ұлықталып келген ба деп қаласыз. Үйретуші жандардың дарынын аспан билеушісі - көк тәңірінің сыйы деп бағалаған, бізше айтқанда, Алланың нұры түскен жан деп есептейтін Қытай елінде от жағуды, егін салуды, жер жыртуды үйретуші Құдайлар көптеп саналады. Осыған байланысты өте ерте заманда пайда болған мифтер Қытай мифологиясының тең жартысынан астамын құрайды.

Өзен арнасын мекендеген Қытай елі егіншілік машақатынан тыс табиғаттың түрлі-түрлі тосын «сыйлықтарының» құрбаны болды. Су тасқыны Қытай елі үшін ауыр зардап әкелер тілсіз жау. Жер ананың төсін еміп өскен ел үшін егіншіліктен асқан құнды дүние жоқ, ал сел тасқыны сол елдің нәпақасын жуып-шайып кетеді. Өзеннің де өз құдайы бар деп есептеген қара халық жыл басы егін егер кезде бір рет, жыл аяғы егін жинар тұста екінші рет құдайға арнап құрбандық шалған. Олардың наным-сенімінде құдайлар құрбандық бермеген соң ашуланды деген жаңсақ, әрі таяз ұғым жатты. Біз өзіміздің екінші тарауымызда Түркі елінен өзінің егін шаруашылық саласындағы отырықшы тұрмысы арқылы өзгешеленетін мифтері төңірегінде ой өрбіттік.

Сонымен қатар Қытай елінің құдайға сену жолындағы тағы біраз Түркі еліне ұқсамайтын ерекше тұстарына тоқталдық. Түбі бір Түркі елі тек бір ғана Тәңірге табынса, Қытай елі көп құдайлы халықтардың қатарында жатты. Сол себепті де олардың мифтерінен құдайлар есімін көптеп кездестіреміз. Алып жатқан жері мен елінің саны арқылы әлемнің үштен бірін құрайтын қытай елін бір ғана құдайшылдық төңірегіне топтастыру оңай шаруа емес. Және ол кезең қазіргідей көкірегі ояу, көзі ашық адамға толы қоғаммен салыстыруға келмейтін ахуалда болатын. Сондықтан да Қытайда төрт тараптың төрт түрлі құдайы болды. Ол аздық етті десеңіз, мифтерде кеңінен айтылып келген орталықтың патша құдайы - Хуаң диді қосыңыз. Бес бөлікке бөлінген әрбір құдайдың атқарар қызметі мен жалпы сипаты бір-бірін қайталамайтын қасиеттер мен қабілеттерге ие етіп суреттелінеді. Олардың осы қасиеттері туралы біз жеке-жеке тоқталып, қайырымды мен қайырымсыз тұлғалар және құдайлар жайлы мифтік деректерді кеңінен пайдаландық.

Қытайдың өзіне ғана тән тағы бір ерекшелігі деп таныған музыкалық аспаптар туралы мифтерге де шолу жасап өттік. Расында да, ежелден-ақ өнертапқыш ел болып саналатын алып елдің өнерге ғашық болмауы мүмкін емес. Әуенге, әуезді сарынға құмар халық өздері табынған құдайларын ән айта алатын, би билеуді білетін жан ретінде асыра суреттеуден кем болған жоқ. Мифтерде кездесетін әнші, жыршы, дауылпаз, сырнайшы құдайлар мен тұлғалар Қытай елінің әу бастан-ақ әнге деген құрметінен туындаса керек.

Ежелгі Алтай өңірінде, (бұл күнде жартылай Қытайға тиісті жерлерде) бір кезде талай тұлпардың тұяғын шаңдатып біздің ата-бабаларымыз ғұмыр кешкен десек, біреу - сенер, біреу - сенбес. Бірақ өзінің тарихын жатқа білер ұрпақ үшін аспаннан айғақ іздеп жатудың да қажеті шамалы. Өрелі өрен тарихтық шежіресінен сусындап, ауыз-әдебиетінен нәр алады. Сол ежелгі тарихтың таптырмас кені – мифтер болып танылады десек артық айтпаған болар едік. Біз өзіміздің осы еңбегіміз арқылы құдайы көрші еткен Қытай елі мен Түркі елінің тамыры сабақтасып жатқанын айшықтай түсуді мақсат еттік. Қатарласа қонған екі елдің өткені мен бүгіні, ертеңі жайлы сыр шертетін мифтерін тоғыстыру нәтижесінде достықтың даңғыл жолына тағы бір жаңа бағыт, ал әдебиетіне жаңа леп әкелсек деген ниеттен туды.

Көкбөрінің ұрпағымыз деп өздерін төрткүл дүниеге паш еткен түркі елі тарихта скиф, сақ, ғұн тайпаларынның қайталанбас ерліктері мен салт-дәстүрлері арқылы есте қалды. Даланы кезген жауынгер халықтың даналығына да дау айта алмайсың. Бізге жетіп отырған мифтер мен аңыздарды жадында жаттап, ауыздан-ауызға таратып отырған білгір шешендер мен сұңғыла көсемдердің ерліктері мен еңбектерін айтып тауыса алмаспыз, сірә. Сондықтан да болар, біз, тек Қытайға қатысты арадағы ұқсастықтар мен ерекшеліктеріне байланысты болып келетін мифтер төңірегінде ғана ой өрбітттік.

Ежелден еркіндік аңсаған, сол арманы үшін ғана тағдырдың түрлі тоқпағын көрген Қазақстан бұл күнде Түркі елінің азаттыққа қол жеткізген бір мемлекеті ретінде бақытты, бейбіт өмірді бастан кешуде. Саясаттың сахна төрінде де, Орталық Азия құрлығында да алып державалармен алыс-берісі жақсы, сөзі - өтімді, ойы – кесімді, өзі еркін жас Қазақстанның болашағы жарқын болу үшін, өткеннен сабақ алуы аса қажет. Сол өткеннің тарихына да, әдебиетіне де жататын жанр - мифологияның маңызын түсіну артық жүк емес. Өз еліңнің мифтеріне ғана шолу жасамай, оны алып елдердің қатарына қосып, салмақтау - әдебиеттің ғана емес, екі ел достығының да өміршеңдігін арттырмақ. Біздің ата-бабаларымыз, жалпы адамзаттың арғы тегі - алғашқы адамдар өз кезінде өзекті болған тұрмыстық жеңілдіктерден басқа, әртүрлі игіліктер: мейірімді, қайырымды пендені дәріптеу сияқты ізгі ойларын мифтер арқылы жеткізе білді. Және сол армандарына бұл күнде қол жеткізді.

Заманы - дамыған, адамы - ақпараттанған бұл күннің мифологиясы фантастикалық жанрға жол тартқан. Ендігі арманымыз екі ел тек өткеннің мифологиясында ғана емес, дамудың сан түрлі тарабында да үзеңгі қағыстырып, тебінгі тебістіре алатын терезесі тең, іргесі берік елге айналса екен дейміз. Қорытындылай келе жұмысымыздың соңғы сөзін: « Қазақстан халқы ғарышқа құлаш сермеп, Байқоңырмен барша әлемді бағындыра алатын деңгейге жетіпті. Себебі Америка елі ашқан дерек көзі бойынша Ай мен Шолпанда адамдар тірлік етеді екен. Олар - қазақша сөйлейтін, жердегі түркі елінің азат тайпасы- қазақтардың аспандағы бауырлары екен. Нәтижесінде қазақ халқы жермен жүретін емес, аспанда ұшатын қабілетке ие болыпты. Әр елдің тарихына үңілген Алла Тағала адалдық пен әділдіктен аттамаған қазақ халқына көңілі түсіп, олардың мерейін осылайша бәрінен үстем етіпті. Сондықтан жер бетіндегі адамзат бір-бірімен қазақ тілінде ғана сөйлепті –мыс» деген ізгі арманнан тұратын, әлі ешбір ел естімеген, жаңа ғана пайда болған мифпен аяқтасақ. Келешектен күдерін үзбеген елміз ғой, тілегіміз Алланың құлағына шалынар...








Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет