Жасампаздық қиырында



бет6/18
Дата20.06.2018
өлшемі406,43 Kb.
#43874
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

ЕКІНШІ БӨЛІМ
КІШІ ӘЛЕМ КЕҢІСТІГІНДЕ ДАЙЫНДЫҚ АЛДЫНДА
Белгіленген уақыт болған кезде кеме ішіндегі шамдар жыпылықтап, дабылдар берілді. Бұл жұлдызаралық кеменің өздері көздеп келе жатқан жұлдызға жақыңдағанының белгісі еді. Ғалым-ғарышкерлер енді қарбаласа бастаған. Бұдан бұрын өздері қонып, онда біраз болған Қызғылт ғаламшарға жақындағанда дәл бұлай әбіржімеген еді. Өйткені ол ғаламшар тіршіліксіз болса да, тап Жердей үлкен әрі қыртысты еді. Сондықтан да оған қону оңай болды. Ал ендігі көрініс пен жағдайдың жөні мүлдем бөлек. Бір шөкім бұлттай ғана болып көрінген жұлдыз жүйесі қай қайсысын да о бастан-ақ өзіне баурап алған-ды. Мұндай сұлулықты олар тек маржаннан ғана көрген еді. Маржандай сұлу деп бекерден бекер айтпаса керек, дана қазақ. Ал мына көрініс кеңістіктің бір түкпірінде ұмыт қалып қойған маржан тастар сияқты. Жылт-жылт еткен көріністері көз қарықтырады. Жас кезінен жылт-жылт еткен әдемі жұлдыздарға қараудан жалықпай өскен Тәкен тіпті де тебіреніп кетті. Ол кезде санасы әлі жетілмей тұрса да сол өзі туып өскен ауылда түн мезгілінде жарық жұлдыздарға ерінбей-жалықпай ұзақ қарайтын. Соларды бір көріп қызықтау үшін түн ұйқысын да төрт бөлетін. Ол жұлдыздардың аттарын, Жерден қандай қашықтықта екенін, олардың табиғи қасиеттерін білмей тұрса да соларға қарай ұшып кеткісі келіп қарай беретін, қарай беретін. Оның жұлдыздарға деген махаббаты есейген сайын күшейе түспесе, бір әлсіреген емес-ті. Сол жұлдызды әлемге қарай ұшып барсам деген құштарлық өзін ғарышкерлікке сүйреген. Енді міне, сол жастайынан арман еткен жұлдызаралық сапарында келеді. Бейнебір ертегідегі кейіпкердің орындалған арманы сияқты. Ал ең ғажабы мына көз алдындағы жылтылдаған жұлдыздар мен ғаламшарлардың кішкентайлығы. Кеме қаншама жылдамдықпен зымырап ұшып келе жатса да олар ұлғаяр емес. Сол қалпында жылт-жылт етіп көздің жауын алады. Ғалым-ғарышкерлердің ойларына енді бір кезде кеңістікте болатын нейтрино да түскен. Әдетте, нейтри, но немесе нейтроннан да кіші бөлшектер деген ұғымға ие болған майда бөлшектер жұлдызаралдар тобын түзетін. Ондайлардан ғаламшарлардың түзілуі мүмкін емес делініп келген. Ал мына көрініс ол ойларды көпе-көрнеу жоққа шығарғандай.

Ғалым-ғарышкерлер Ғаламның бір шетіндегі осы бір кіші әлемге жақындаған сайын қарбалас күйге түсті. Тіпті әрқайсысының бойында Жерге қайтып оралғандай да бір сезім пайда болған. Ал екінші жағынан бөтен жұлдызды жүйені, бөтен елді ертерек көруге деген құмарлық та уақыт санап күшейіп барады. Адам баласы қашан да қандай да бір саяхатқа шығуға, жаңа жер, жаңа ғаламшар ашуға құмар. Ғарышкерлердіңбойларында ондай қасиет болмаса, өздері көздеп келген, өздері Қызғылт ғаламшар деп ат қойған ғаламшардың тіршіліксіз екеніне көз жеткізген соң-ақ Жерге қайтып кеткен болар еді. Ұлудай адамнан оның жұлдызды жүйесі, тұратын ғаламшары жайлы жол-жөнекей де, Жерге жеткен соң да біле жатар еді. Жоқ, ғарышкерлер өйтпеді. Қайтпас қайсарлыққа салып, Ғаламнан бір жаңалық таппай қайта оралуды, осыншама уақытты босқа еткізуді намыс санаған. Сол намыс өздерін қамшылап-ақ келген.

Кіші әлемге жақындаған сайын Тәкен ұлудай адамнан оның ғаламшары қандай екенін сұрай түскен. Бұл кезге дейін одан көп нәрсені білсе де, бәрібір, бөтен жердің ой-шұқыры көп дегендей, толғана түскен. Бірақ сұрақ шіркін біте ме. Сағат, минут санап, сұрақтары жауындай жаудыұлудай пендеге. Онымен қоса ендігі негізгі уақыттары да мына басқару пультіне ойысқан. Ұлудай адам да ерекше ширап, пысып, Тәкен қойған сұрақтардың кез кегеніне тез жауап қатумен тұр. Өзі де көп нәрсені айтады. Тек оған мына алапат кеме өзінің ғаламшарынан сәл ғана үлкен болып көрінгендіктен сәл де болса толқиды. Олай толқуына негіз де бар. Стадион пішінді «Ақлағыл» жұлдызаралық кемесінің диаметрі 700 метр болатын. Ал мына кіші әлемдегі ең үлкен деген ғаламшардың диаметрі бір шақырымнан әрең асады. Ал ұлудай адам үшін ол бір ғаламат үлкен ғаламшар. Жер ғаламшары да адамның үлкендігімен, жүру жылдамдығымен салыстырғанда ғаламат бір аспан денесі. Бірақ адамдар Жер шарын ғарыш кемесімен санаулы уақыттың ішінде орай ұшып шыға алады. Бар келбетін анық көреді. Ұлудай адамдар да сондай. Олар тіпті, ғылыми-техникалық прогресс жағынан да жерліктерден асып түседі. Олар кеңістікте, бүлінген кеменің бір бөлігінің ішінде кетіп бара жатып осы кеменің қармағына іліккен жоқ па еді. Ол бөлшек сол бағытпен зымырап ұшып кете бергенде, кім білсін, бәлкім, бір заманда Жермен де ұшырасып онан өз жұлдыз жүйесін бақылап та көрер ме еді. Ұлудай адам үшін кез келген жылы жер тіршілік ортасы емес пе? Оның қазақ ертегілеріндегі, эпостарындағы алып батырлар алып жүретін қалқан сияқты қалқаны да бар. Қорғану қажет болған жағдайда ол арқасына жабысып тұратын қалқанның ішіне сәл жиырыла еніп, қорғана, тыныстай алады.

Ғалым-ғарышкерлер ұлудай адамның ондай қабілетін алғаш рет кеменің қабылдау, ұстап қалу құрылғыларының арнайы жасалған камерасынан көрген. Оның қалқан-қабыршағы сонда қалған еді. Сол қалқан- қабыршаққа мұқият қараған адам онан спиралға ұқсаған жұлдызаралдарды көз алдына елестетер еді. Бірақ ұлудай адам жұлдыз аралдан емес, оның шалғай шетіндегі шөкім бұлттай ғана жұлдыз жүйесінен болып шықты Ол жұлдыздардың бәрі де ергежейлі. Ал ең кереметі, Күн жүйесіндегі тоғыз ғаламшар өз айналым жолдарымен айнала қозғалса, мұндағы ғаламшарлар тобымен айнала қозғалады екен. Бұл да ғарышкерлер ешқашан көрмеген нәрсе. Рас Күн жүйесіндегі ең алып Асқақ ғаламшар маңындағы топтана айналып өздерінше астероидтар белдеуін құрайтын астероидтар бар екені белгілі. Олардың көбінің грек мифологиясындағы кейіпкерлердің есімдеріне сай аталатындары да ғарышкерлерге жақсы белгілі. Бірақ олардың бірінде де тіршіліктің нышаны жоқ. Бәрі де беті бұжыр, пошымы әрқалай жаралған тас болып келеді. Сонысына қарамастан гректер оларды аңызға енгізіп жіберген. Сондықтан да олар осындай бір аңызды көзге елестеткендей болады. Астрофизик Сәрсенбі Сапарұлының кез алдына мына көріністерден сол аңыз елес бергендей болып та кеткен еді.

- О, ғажап-ай! Қандай әлем!-деді ол өз тебіренісін жасыра алмай жеңіл күрсініп, - егер осылай қарай ұшпағанымызда мұны ешқашан да көрмейтін екенбіз бұл дүниеде! Дүниенің ең қызығы да көруде ғой). Бәрін көру! Бәрін саралау, табиғатын білу! Енді міне, біздің сондай арманымыз орындалуға жақын!

- Ендеше, дайындығымызды ширатайық, - деді Тәкен де алдағыдан көз алмай тұрып.

- Бір мынандай алапат кемемен ол ғаламшарға ешқашан да қона алмаспыз, - деді геолог Азамат.

- Ол өз өзінен түсінікті нәрсе, - деді Тәкен.

- Ғаламдағы мұндай ғажайып жаратылысқа қонып жатпай-ақ, оны осылай дәл жанынан бір көрудің өзі маған ұмытылмас оқиға, - деп қойды осы кезде өзінше бір ойға кеткен философ Сейдолла Тұрсынұлы да енді сәл сергігендей болып.

- Ал енді уақыттан ұтылмайық! Жер бетіндегі жайлы жеңіл колік ішінде келе жатқандай болмайық, достар! Әрбір секундтың бәлшегі қымбат! Кемені тежеуді күшейте түсіңдер!

- Түсінікті! - деді оған жалт қараған астрофизик Сәрсенбі, - кемені тежеуді бастағанымызға да аз уақыт болған жоқ. Соның өзінде де кеме жылдамдығы аса азаяр емес!

- Ауасыз кеңістікте тежеу мұндай қиын болса, ауасы бар жер бетінде тежеу қандай болар еді? - деп Тәкен астрофизикке қарап сәл ғана езу тартты.

- Біріншіден, жер бетінде мұндай жылдамдық ешқашан да алынбайды. Болған күнде оны тежеу еш мүмкін емес. Кеме жоқ болып кетеді!

- Түсінемін мен оны, - деп қойды Тәкен басқару пульті үстіндегі шыны қорапты қолына алып, - мына азаматтың ауылына қалай қонамыз? Туған-туысқандарымен қалай тілдесіп, үйлерінен қалай дәм татамыз?

- Енді оны бара көрерміз де, - деп Сәлмен шыны қорапты саусағымен шертіп қойды.

Сол кезде бірдемені түсініп қойғандай шыны қорап ішіндегі ұлудай адам есігін ашып, сыртқа шықты да, алақандай ғана пластмассаның үстінде әрі-бері жүрді. Соңғы кездері ол ғарышкерлеге әбден үйреніп алғандықтан қалаған жағына бара беретін. Енді Тәкен оны ерекше қадағалай бастады. Өйткені ол алапат кеменің ішінде оп-оңай жоғалып кете алады. Содан соң байланыс жүйесі қаншалықты жақсы болса да оны тез таба қою қиын іс. Бірақ осы кезге дейін ондай жағдай болып көрген емес. Ешбір іздеу жүйелері іске қосылған да жоқ. Ғалым-ғарышкерлерсонысына сүйсінеді. Ал егер ол кемеден кең кеңістікке шығып кетсе, ол-қиын. Оны қайта тауып алуға деген үміт те жоғалады. Оның үстіне ол осыншама жылдамдықта ұшып кетіп бара жатқан кемеден сыртқа шыққан бетте мерт болады.

Ал ең негізгісі ол да ғарышкер болғандықтан өзінің жұлдызды жүйесін жақсы біледі. Әрбір ғаламшарда болмадық дегені, әйтпесе, ғарышкерлер олардың ешқайсысына қонбай-ақ кемедегі күрделі жүйелер арқылы ол ғаламшардың табиғатын жақсы біліп алған. Кішкентай жұлдызды онан да кішкентай жеті ғаламшар топтасып айнала қозғалып жүр. Солай айнала жүріп олар бір бірін де айналады. Сол жетеудің үшеуінде ғана тіршілік бар. Қалғандары әлі тіршілігі оянбаған, тіршілік ортасына енді-енді ғана айналып келе жатқан ғаламшарлар. Ұлудай адам сол тіршілікті үшеудің ортадағысынан болып шықты. Ал ең ғажабы, сол үшеу бір бірін айнала қозғалып, бейнебір аспанда би билеп жүрген бикелердей әсер береді. Оның өзі де бір ғажайып көрініс!

Тәкен, уақыт жылжыған сайын оларды бақылау, есептеу жұмыстарын жиілетті. Маржандай болып жылт-жылт етіп, көз тартқан тамаша әлемге мейлінше жақындауға деген үміт те жоқ емес-ті. Кіші әлем жұлдызды жүйесі де менмұндалап тұрғандай әсер береді. Ғарышкерлер дайындыққа кіріскен бетте ұлудай адам да тыныш қала алмаған. Туып-өскен жер оңай ма? Өз ғаламшарынан жаңалық ашқандай куанды. Кіп-кішкентай адамның осындай әрекеттері ғалым-ғарышкерлерге қызық та еді. Кеме жылдамдығы азая түскен. Көз алдарындағы майда ғаламшарлар да бейнебір мына кеңістікке шашылып түскен моншақтардай. Олардың біреуі жоғары қарай, енді бірі төмен қарай ағып ұшып кетіп бара жатқандай да болады. Жұлдызаралық сапарда ешқашан болып көрмеген адам көрсе мұнан шамалы болса да шошынып қалар ма еді. Білмейтін адамға ғарышкерлердің мұндай сапарлары жас баланың ойыншық кемеге мініп алып «сапар шеккеніндей» ғана бір көрініс болып көз алдына елестер еді. Немесе, бүгінде жиі қолданылатын дүрбіге ұқсас, адамға жұлдызаралық сапарда болғандай әсер беретін «Болашақ» құралының алдында отырған адамның алған әсеріндей болмақ. Ал шын мәнінде жұлдызаралық сапардан өткен қатерлі сапар жоқ бұл жарық та жылы дүниеде. Мұндай сапардағы адам тағдыры секундтың бөлшектерімен есептеледі.

Соның өзінде де адам пенде өзінің қиын-қыстау жұлдызаралық сапарда екенін ұмытып, тіршілік мәселесін ойлап кетеді. Ойламасқа шарасы да жоқ. Тағдыры келте болса, үлде мен бүлдеге оранып отырған адам да болмайтын бір себептен о дүниелік болып кете барады. Ажалдыға себеп көп. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген ұлағатты сөз де ел арасында бекерден бекер тарамаған болар. Қатер әрбір секунд қана емес, секундтың бөлшегіндей уақыт аралығында бола қалатындай сезілсе де, ғарышкерлер өз тіршіліктерін жасап жүр. Кеме ішінде Жердегідей тіршілікті өмір өтіп жатыр. Тіпті, кеме жылдамдығы да сезілмейді. Тек кеме ішіндегі күрделі жүйелердің жай дыбысы мен түрлі-түсті шамдардың жыпылықтары көңіл аудартады. Ғалым-ғарышкерлер алапат жұлдызаралық кеменің кеңістікте секундына қанша шақырым жылдамдықпен ұшып келе жатқандарын тек сол жүйелер арқылы ғана біліп отырады. Оның өзі де жай бір салыстырмалық уақыт немесе жылдамдық сияқтанып сезіледі. Ал қазіргі уақытта ғалым-ғарышкерлердің басты назарлары жылдамдықта да, тежеуде де емес, алдарындағы ғажайып кіші әлемде. Соны жан-жақты зерттеу, сондағы саналы тіршілік иелерімен жүздесіп, мүмкіндігінше тілдесу. Тәкен соңғы минуттарда кеме ішіндегі барлық негізгі жүйелерді мұқият тексеруден өткізді. Кеменің ұшу жылдамдығы азайған сайын кіші әлемнің көрінісі де бірте-бірте өзгеріске ұшырағандай болған. Қарсы алдарындағы жұлдыздар да қозғалыс жылдамдығын алғашқысынан азайта түскендей көрінеді. Ғалым-ғарышкерлер ендігі әрбір қызықты көріністі қалт жібермеу үшін кемедегі бейнефильм түсіретін барлық жүйелерді іске қосып қойды. Жерден ұшып шыққалы бері түсіріліп алынған бейнефильмдер болса да жетерлік. Жерге аман-есен оралар күн туса, ол ғылыми мәліметтердің бәрі де елге үлкен олжа болмақ. Жердегі кейінгі ұрпақтар ол ғылыми мәліметтер арқылы Ғаламға сапар шекпей-ақ көптеген құпия-сырды ашатын болады. Тәкен де, басқа ғалым-ғарышкерлер де ол жағын қашан да ойлап келеді. Әрбір көрініс, әрбір түсірілген сурет пен бейнекөріністер ғарышкерлердің қай қайсысына да ерекше қуаныш. Қай кезде де адам баласының алдында үміт етер бір мақсат тұрмаса, оның өмір сүре түсуге деген құштарлығы да болмас еді. Әзірге ғалым-ғарышкерлер қанағат тұтып келе жаткан нәрселер де осы қызықты көріністер мен маңызды ғылыми мәліметтер еді. Кіші әлемге енуге таяған сайын ғарышкерлердің қай қайсысы да ширай түсті.

АЛҒАШҚЫ МӘЛІМЕТ

Жер тәулігімен есептегенде апта уақыт өтті. Ал осы небәрі жеті тәуліктің ішінде жұлдызаралық алапат кеме «Ақлағыл» қаншама қашық жолды кейінге тастады. Ғалым-ғарышкерлер көріп-біліп келе жатқан нәрселердің бәрі де уақытқа сай өзгерумен келеді. Әрбір өзгеріс бір-бір жаңалық. Ғаламның жұмбақтары таусылған ба. Жерден ұшпай тұрғанда оқып-білгендері мұнда әліппенің алғашқы парақтарындай ғана болып қалған. Бәрін қайта жазып, қайта оқу керек сияқты. Өздері Жерге оралғанша кейінгі ұрпақтардың әлем жайлы түсініктері де молаймақ. Ал өздері Жерден ұшып шыққан кездегі Ғалам жайлы жазылған ілім басқашалау еді. Енді, тіпті, Жерде жүргенде, айсыз, бұлтсыз түндерде қызықтайтын шоқжұлдыздардың пішіндері де мүлдем басқаша болып кеткен. Егер енді Жерде өмір кешер күн туса, ондағы жұлдызнама пәніне де, аспан жайлы күллі кітаптарға да осы өзгерістерді енгізер еді. Осы ұшу сапарында астрофизик Сәрсенбі Сапарұлы көптеген шоқжұлдыздардың пішінін арнайы қартаға түсіріп те алған. Ол пішінін былай қойғанда, картаға түсірілмеген жұлдыз шоғырлары мен майда тұмандықтар қаншама еді. Сондай тұмандықтың немесе кіші әлемнің бірі енді міне, ғарышкерлердің көз алдарында.

Аспанға шашылған майда шарлардай болып, әрқалай айналып, қозғалып жүрген ғаламшарлардан ұзақ уақыт бойына көз алмай отырған Тәкен алақанындағы ұлудай адамға бір қарап қойып, панельден бір түймені нұқыды. Соның артынша ғаламшарлардың жалпы жағдайы жөнінде ғылыми қысқа-қысқа мәліметтер беретін автоматты есептеу жүйелері іске қосылды. Бұл жүйе қандай да бір ғаламшар жайлы ғылыми мәліметтерді белгілі бір қашықтық аралығында ғана бере алатын. Тәкен де сол сәтті, сол арақашықтықты күткен еді.

- Бұл жұлдызды жүйеде жеті ғаламшар бар, - деді автомат есептегіш роботша дауыстап.

- Оны әуелден білеміз, - деді Тәкен жанындағыларға бір қарап қойып.

- Ғаламшарлар айнала қозғалып жүрген орталық жұлдыз ергежейлі жұлдыздар тобына жатады.

- Бұл да түсінікті.

- Жеті ғаламшардың үшеуінде ғана тіршілік бар.

- Оны да білеміз.

- Тіршілікті үш ғаламшардың ортадағысындағы мәдени даму жоғары.

- Бұл да түсінікті. Тек ол қандай дәрежеде?

- Олар кез келген жұлдызаралға сапар шеге алатын дәрежеде.

- Жұлдызаралды да игерген бе?

- Жоқ, - деді автомат жүйе, - олар екінші типтегі мәдени дамудың адамдары.

- Адамдары дегенің қызық екен, - деп жымиды Тәкен.

- Өте кішкентай. Ергежейлілерден де кішкентай. Бірақ саналары мен мәдени дамуы жоғары.

-«Білекті - бірді, білімді -мыңды жығады» дегеннің кері келіп жүрмесін, - деп, осы кезде Сейдолла Тұрсынұлы Тәкенге қарап иек қағып қойды.

- Иә, «Сақтықта - қорлық жоқ» деген деп азамат та килікті.

- Ұлудай адамдардан не қатер келуі мүмкін, бізге? - деп, осы кезде Сәлмен автомат жүйеге бір қарап алды.

- Олар жергілікті адамдар, - деді автомат жүйе жай ғана.

- Бола берсін! Мына ғаламшарларының өздері біздің кемемізден сәл- ақ үлкен емес пе?

- Мәселе үлкендігінде ме екен? Көптігінде болар?-деді оған Жақан.

- Иә, қаптаған қарақұрым шегірткелерден де, арадан да қорқатынымыз бар емес пе? Ал бұлар тек көптігімен ғана емес, саналы, білімділігімен де қатер төндіре алады ғой, қажет болып жатса бізге.

- Оның рас, Тәкен, - деп Жақан оған қарап басын изеп қойды.

- Ал, ғаламшардың, сол ортадағысын айтып тұрмын, пішіні деңгелек болып келген.

Жалпы өзінің бет-бейнесі айды көзге елестетеді. Айда мұхит пен теңіз деген атымен жоқ. Әрі ол мына ғаламшардан әлдеқайда үлкен. Ал мынау кіп-кішкентай. Бірақ бұл соншалықты әдемі. Қарандаршы, - деп Тәкен ерекше тебіренді.

Кемедегі автомат жүйелер берген толық мәлімет ғалым-ғарышкерлерді толық қанағаттандырды. Енді алғашқыдағыдай емес, бәрі де жайбарақаттанып қалған. Тәкен ара-тұра ұлудай адаммен тілдесіп қояды. Бейнебір кішкентай жәндікпен ойнаған адамдай ол да көңілді. Ұлудай адам да нешетүрлі әрекеттер жасайды. Кеменің басқару пультінен шықпайды. Үлкен иллюминатор арқылы ілгері қараумен болады. Ол үшін иллюминатор аспанның бір бөлігіндей көрінсе керек. Кейде ол салмақсыздықты пайдаланып, қалықтай көтеріліп, өзіне алапат болып көрінетін сол иллюминаторды айналып шығады. Өзі соншалықты кішкентай болғанымен санасы жоғары, ойы терең. Бұл уақыт аралығында ол ғалым-ғарышкерлерге талай ақыл-кеңестер беріп те тастаған. Өзінің жұлдыз жүйесін ол өте жақсы біледі.

Ой жіберіп қараған адамға алдағы көрініс Жерде мереке күндері аспанға шашылып тұратын фейерверк оттарына ұқсайды. Бытырай шашырап, жоғары қарай көтеріліп, одан қайта төмен қарай құлаған түрлі түсті әсем жарық от шарлар сияқты. Фейерверкте, әрине, ондай оттар көп тұрмай сөніп жоғалады. Ал мұндағы шарлар от шарлар емес, бұлардың әрқайсысы бір-бір ғаламшар. Олардың төңірегіндегі майдалары қаншама. Ғарышкерлердің жобалауларынша, олар сол ғаламшарлардың мың-сан серіктері. Егер кемедегі ғылыми мәліметтер бергіп автомат жүйе мен көзбен тікелей бақылауға мүмкіндік беретін қуатты сыңардүрбі болмаса, оларды бір бірінен ажыратып білу де қиынға соғар еді. Кәдімгі тұмандықтан еш айырмасы жоқ. Ал сыңардүрбі арқылы көрген кезде онан ғажап көрініс жоқтай болады. Ғалым-ғарышкерлер оларға келіп жеткендеріне бір жағынан қуанғанымен, екінші жағынан қатерді де сезеді. Онымен кеменің соқтығысып қалуы да әбден мүмкін. Олар өздерін бейнебір Күн жүйесіндегі Асқақ ғаламшар мен Қызыл ғаламшар арасындағы астероидтар белдеуіне тап болғандай сезініп те кетті. Бірақ олардың табиғаты да, жұлдыз төңірегіндегі айналу мерзімі мен көлемдері де басқа.

Арада тағы біршама уақыт өткенде Тәкен автомат жүйені сұраққа алды.

- Біз бұл жүйедеп ең үлкен деген ғаламшарға қона аламыз ба?

- Жоқ, - деді автомат жүйе.

- Неге?


- Ғаламшардың кесекөлденеңі бір шакырымнан асқанымен, оның бетінде бос орын аз.

- Жерімізді адам баласының түгелдей жайлап алғаны сияқты, бұлар да ғаламшарда ине шаншар жер қалдырмаған десеңші.

- Дәл солай десе де болғандай!

- Ендеше, біз мына алапат кемемізден оның төңірегінде ғана айналып ұшып жүре аламыз?

- Дәл солай! Басқа жол жоқ!

- Өзім де солай ойлап едім, - деді Тәкен жеңіл күрсініп.

- Қайран өз туған Жеріміз-ай!-деп қалды сол кезде Жақан Тәкенге Қарап қойып, - көзден ұштың-ау! Оның қара топырағын аяғымызбен басып жүретін күн қайта туар ма екен енді бізге!

- Ораламыз, Жақан! Ораламыз біз әлі Жерге! Ол жағын уәйімдей берме. Бұл сапарды өзіміз қалап алдық емес пе?

Бәрі үнсіз қалған. Тәкен енді автомат жүйеге тағы бірнеше сұрақтар беріп, одан нақты ғылыми негізді жауаптар алды да, өзінің қорытынды шешімін былай деп жеткізді.

- Достар, біз өзіміз көздеген кіші әлемге жеттік! Енді біліміміз бен тәжірибеміз сынақтан өтетін күн жетті. Бәріміз де сырт киімдерімізді ауыстырып, кеңістікте жеке-дара ұша алатын киімдерімізді киейік. Қандай жағдай болғанда да бәріне сақадай сай дайын болуымыз керек! Біз бұл алапат жұлдызаралық кемемен ғаламшар бетіне бір дегеннен қона алмаймыз. Кіп-кішкентай әлемді тек төңіректейміз. Ал, ең бастысы, алаңсыз, өз бетімен тіршіліктерін кешіп жатқан майда пенделерге зиянымызды тигізіп алмайық!

- Бұл ойңыз өте дұрыс - деді оған Сәрсенбі Сапарұлы, - кішкентайлардың да өмір сүргілері келеді. Біз көрген әлемді олар да көреді емес пе?

- Біз оларға ғаламат алып адамдар болып көрінеміз ғой!-деп қалды Азамат Амангелдіұлы басқару пультінің маңдай тұсындағы үлкен айнаға қарап қойып.

- Біз мұнда ғана емес, Жер ғаламшарымызда жүргенде де ондағы жер бетінде қыбырлаған жәндіктерге ғаламат алып болып көрінетінбіз, - деп Жақан ұлудай адамға көз салды.

- Бірақ жер бетінде қыбырлаған мың-сан жәндіктердің бәрі де саналы емес-тін. Ал мыналарың өзімізден де ақылды!- деп Сейдолла да ұлудай адамға қадалды.

- Е, достар-ай, ендеше бұлардан несіне қорқамыз. Не істей қояр дейсің, бұлар бізге?! - деп химик Сәлмен өзінің күш-қуатын танытқысы келгендей екі қолын екі бүйіріне ұстап тұра қалды.

- Егер бұл жұлдыз жүйесінде керісінше үлкен ғаламшарлар мен алып адамдар болса, бізді дәл осылай санар еді, - деді Азамат үлкен иллюминатор арқылы сыртқа, кіші әлемге көз тастап, - бірақ біз ештемеден де қорықпаймыз ғой. Өзімізден көп есе үлкен алып адам болса да, алып жануар немесе жыртқыш болса да амалын тауып жеңеміз. Бұлар да біз сияқты шығар, бәлкім? Кім біледі? Мына ұлудай адамның бізбен бірге жүргені мынау, ештемеден де саспай! Ұлудай ғана адамдар екен деп қапыда қалып жүрмейік, достар!

- Оқасы жоқ. Аса қиын жағдайға тал болып жатсақ, мына өзіміз кеңістіктен құтқарып алған ұлудай адамымыз бізге қолұшын берер, ақыл- кеңесін айтар. Жақсылыққа - жақсылық деген емес пе? Ондай жағдайда бұл оларға біз жайлы түсінік берер. Одан бас тартып жатса, оны тағы көрерміз.

Тәкен осыны айтып панельден бір түймені басқанда онан ызындаған дыбыс естіліп, ұзын дәліз бойымен кішкене көлік жылжып келді.Ол көліктің үстінде бәрінің сырт кеңістікте емін-еркін ұшуға мүмкіндік беретін арнайы комбинезондары бар еді. Ол бесаспап-тын. Арқа тұсына кеңістікте жеңіл де жылдам ұшуға мүмкіндік беретін қозғалтқыш бар. Ғарышкерлер ол қозғалтқыштың күшімен қалаған жеріне тез ұшып жете алады. Бірақ ол аса қажет жағдайда ғана қолданылады. Ал ең бастысы-тағамдар, оттегі мен су және тағы басқадай адамға аса қажет нәрселердің бәрі де осы комбинезонның тұла бойына орналастырылған. Оны киген ғарышкер кемеден тыс кеңістікте Жер тәулігімен есептегенде он төрт тәулік бойы тіршілік етіп, емін-еркін ұшып жүре алады.

Ғарышкерлер енді уақыт жоғалтпастан әлгі көлікпен жеткен комбине-зондарын тез-тез киіп алды. Ауыстырылған киімді көлік қайтадан қоймаға қарай алып кетті. Осы кезде ұлудай адам да ғарышкерлердің әлдеқандай әрекетке шұғыл дайындалып жатқанын сезіп сөйлемекке ниеттенді.Тәкен онымен тілдесетін кішкентай ғана тілмашын, дыбыс күшейткіш жүйесін тексеріп шықты. Соны күткендей ұлудай адам да;

- Біздің кіші әлемге хош келдіңіздер! Халқым жуас! Еңбекқор! Жаугершілігі жоқ! Бөтен елмен жұмысы болмайды.Сондықтан да сабырлылық сақтаңыздар! Зиян жасап алмаңыздар халқыма!-деп сарнап кетті.

- Біз оларға ешқандай да қатер төндірмейміз? Бір білетін нәрсе, сіздерде қатерлі қару деген бар ма?— деді Тәкен оған үңіле түсіп, — болса, олары қай аймақта орналасқан!

-Қару бар,-деді ұлудай адам жай ғанатіл қатып,-өзін өзі қорғамайтын ел болмайды. Біздегі қарулар аса қажет жағдайда ғана қолданылады.

- Біз де бейбіт елдің адамдарымыз. Жаман ниетіміз жоқ. Еліңіздегілер қару қолданса, біз қорғанамыз. Басқа шарамыз жоқ.

- Менің елімдегілер ондайға бара қоймас, - деп сәл ғана езу тартып қойды ұлудай адам.

Осыдан кейін ғаламшарды жақыннан төңіректеуге деген қызу дайындық басталып та кетті. Кеменің қосымша тежеу жүйелері де іске қосылған. Қарбалас іс басталды. Олай етпеске шара да жоқ. Енді кіші әлем тұрғындары мына алапат жұлдызаралық кемені көрмей қала алмайды. Олар қанша кішкентай болса да, мына алапат деген кемені жойып жібермесе де, негізгі жүйелерін істен шығара алады. Ондай күш-қуаттарының бар екені мына ұлудай адамның сөздерінен байқалған. Тәкен енді кемені жыпырлаған майда ғаламшарлардан алыстау, олармен кездейсоқ соқтығысып қалмайтын айналым жолға шығаруды ұсынды. Ғалым-ғарышкерлердің көбі кеме қона алмайтын ғаламшарларға барамыз дегенге іштей сенбей де келген-ді. Енді шынымен-ақ кеме ішінде қалатындарына көз жеткізді. Сондықтан да онша асығып-аптыққан жоқ. Уәйімге де берілмеді. Нағыз батыл да батыр ғарышкерлерге тән іс-әрекеттерін жасап жатыр. Кіші ғаламшарлардың өзіндік жүйелік қозғалысы қай қайсысына да ерекше белек әсер береді. Егер де ол ғаламшарларда өмір сүрерліктей мүмкіндік болып жатса, осы төңіректе біршама уақытқа қалудан да тайынбас еді, бәрі де. Өйткені, ғаламшарлардың соншалықты әдемілігі мен табиғатының сұлулығы көз тартады. Бұлармен салыстырғанда Жер ғаламшары әбден тозығы жеткен тіршілік ордасы екен. Ал өздері бұл сапардан оралғанша онда не болып не қоярын бір алла білсін.

Кеме өзінің ұшу бағытын бірте-бірте өзгертіп, кіші ғаламшарлар жүйесінің сыртқы айналым жолына шықты. Әзірге бұл айналымжолда ешқандай хабар-ошар болған жоқ. Тек осы сәттерде ұлудай адам ғана тынымсызданып кеткен. Оның тып-тыныш жүргені бұл ғаламшарлар жүйесіне жақындамаған кезде ғана екен. Енді ол әрбір қас-қағым сәт пен минутты бос жіберетін емес. Өзінше бір пысық әрекетке көшкен. Тәкен оның бұл әрекеттерінен көз жазбайды. Ұлудай адамның психологиясын барлау арқылы ғарышкерлер кіші ғаламшарларда нендей жағдайлардың болып жатқанын да болжалдайды. Ең қиыны, олармен байланыстың жоқтығы. Олар кемеден арнайы жіберілген радиодабылға да жауап бермеген. Оның себебі де әзірге түсініксіз ғарышкерлер үшін. Бірақ «Үмітсіз — сайтан» дегендей, ғарышкерлер олардан үміттерін үзген жоқ. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, ғарышкерлер енді комбинезондарының жұмыс жүйесін тағы бір тексеріп, қандай құбылысқа да дайын жүр. Кеме енді кіші ғаламшарлар жүйесіне қарай ене түсігі, оны айналып ұша берді.



Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет