Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет7/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19

ҚЫЗҒАНЫШ
«Алдын ала сезу қабілеті маған әкемнен дарыған....»

Марио БЕННЕДЕТТИ.


Әпкем менің жанымды түсінбейді. Түсінбегені сол емес пе, төрдегі құрақ көрпешенің үстінде етпетінен түсіп жатқан інісінің көңіл түкпіріндегі шер-шеменнің сыры неде екенін сұраудың орнына, күйіп-пісіп ұрысып жүр.

  • Неменеге етпетіңнен түсе қалғансың, әй. Ойыңа не түсіп кетті? Осы-ақ қай-қайдағыны бастайды да жүреді екен ылғи.

Айттым ғой түк сезбейді деп. Оған мен қаладағы әке-шешемді ойлап, сағыныштан қамығып жатқандай көрінетін болсам керек. Жоқ, қателесесің әпке! Басқа басқа, дәл осы жолғы ашуың орынсыз.

Шіркін-ай, адам дегендер бір-бірінің жан дүниесіндегі қуанышы мен қайғысын неге көздеріне қарап-ақ оқып, ортақтаса бермейді екен! Біле-білсе тап қазір кеудемді от-жалынға орап жатқан күйіктің басты себепкері өзі емес пе? Айттым ғой түсінбейді деп. Түсінбеген соң, кінәлі де ылғи мен болып шығамын.

Менің әпкемнің жанында қайта осы уақытқа дейін бір әдеби кітап оқып көрмеген Бақыттың әпкесі қу. Аты — Алма. Сол Алма ылғи інісі Бақытты мақтап отырады.

— Біздің Бақыт тек тиісті сабақтарын ғана оқиды, - дейді ол әпкеме, — менің Том Сойер, Гекльбери Фин, Робинзон Крузо, Шерлок Холмс, Айвенго, Спартактардың қилы-қилы қызықтарына құныга түскенімді жақтырмағандай. Әпкеме де осы сөз керек.

—Ми жоқ қой мұнда, пайдасыз кітаптарды оқығанша сабағыңмен шұғылданбайсың ба? — деп табанда шап ете қалады. Бірақ менің бір қасиетім, сірә, сабақтың бұған қатысы шамалы-ау деймін, осылай отырып-ақ Алманың менің кітапқа деген құштарлығымды іштей қызғанып, інісі Бақыттың мұрнына мынау әлемдік үлгілердің иесі де бармайтынына өкініштен іші жарылғалы отырғанын сезе қоямын. Ал, әпкем Айзада аңқау-ау, аңқау. Дәл қазір оның ойы жаңа түскен қылаудай таза. Алма әпкемнің осы аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл мінезін де көре алмайды. Ойпыр-ай десеңші, тіпті ол менің осы сезімталдығымды, яғни біреудің ойынан өзіме деген болмашы қулық-сұмдықты сезе қалсам, көңіл-күйімнің табан астында су сепкендей басылып қалатынын да біледі. Осы жолы да кеудемдегі қызғаныш отын тұтатып, үрлеп жіберген Алма...

Түс ауа штандр ойнағанбыз. Ойын маған алғашқы сәттен-ақ ұнаған жоқ. Екі-үш күн болды, Алма менің әпкеме «Нұрлан» деген бір есімді кенеше жапсырып, мазақтап жүр. Бұл менің жүрегіме шаншудай қадалды. Әрине,«Нұрлан» деген есімнің менің әпкеме қырындап жүрген жігіт екенін ойлағанда, қызғаныштан іштей күйіп-пісіп, не істерімді білмеймін. Ал әпкем, айттым ғой, түк сезбейді деп, інісінің ішіне ала мысық кіріп кеткенінен мүлде бейхабар.

Сонымен ойын басталып, Алма «Штандр, штандр...» деп әлгі әпкеме таңылған есімді атап допты бір-екі рет аспанға әулете лақтырып та үлгерді. Менің ит-жынымды ұстатқан да осы. Қызғаныштан түсім өзгеріп кетсе керек, Алма менің сезімтал көңілімнің неден алай-түлей болып тұрғанын тап баса қойды. Сол-ақ екен ол енді мені қызғаныш дертімен бір жолата тұралатып тастау үшін допты тезірек қолына түсіріп, тағы да «Штандр, штандр, Нұрлан» деген әуеніне баспақшы болды.

Міне, доп Алманың қолында. Не дер екен? Допты кімді атап лақтырар екен? Мен ойым сан саққа жүгіріп, демімді ішіме тартып тұрмын. Жүрегімнің дүрс-дүрс соққанын өзім ғана емес, барлық балалар естіп тұрғандай.

«Тым болмаса осы жолы атамаса екен әлгі жігітсымақтың есімін». Өкінішке орай, Алма менің қызарақтап, қобалжып тұрған көңіл-күйімді тағы да сезіп қойды. Демек, ол енді осы сәтті қалай да өз пайдасына шешуге тырысады. Бірақ бұл жолы «жауын өлтірмес» бұрын, біраз азаптап алғысы келген сияқты. «Штандр, штандр...» деп әпкеме бір, маған бір қарап күле берді...

«Штандр, штандр...». Алма әлі күліп тұр. Басқалар ұмыт қалған, әпкем екеумізге ғана кезек-кезек қарайды. Міне, енді маған жылы шырай танытқандай болды. Иә, шынында көзімен: «Таңат, қамдан, қазір сені атаймын» дегенді оқытып, қолындағы қызыл добын ыңғайлай берді. Мен сендім. Көңілімнің түкпірінде, оған деген үміт шырағынан гөрі күдік тұманы қоюырақ болса да, менің жанымды қашанғы жаралай берер дейсің деп өзімді өзім еріксіз сендіруге мәжбүр болдым. Сөйтіп Алма допты менің қолыма ұстататындай болып: «Штандр, штандр...» дей берді. Бір сәттің ішінде маған деген көңіл хошы оянып, мүсіркегеніне оның барлық «күнәсін» кешіріп, мен де ұмытыла бергем, бірақ...

Бірақ... еһ, Алмаш-ай, аямайды екенсің де адамды, аспанға ұшқан қызыл, жасыл әдемі доппен бірге Нұрлан есімі тағы әуелеп кетті. Бұдан ары мен ойыннан шықтым да, үйге келіп төрдегі құрақ көрпешеге етпетімнен түсіп жатып қалдым. Ал әпкем түкке түсінбейді, ұрсып жүр.

— Әже-ау, мына балаңызға тұр деп айтсаңызшы. Жер бауырлап жатысын қараңызшы.

Оған әжемнің қамқор үні қосылады.

— Тұра ғой, құлыным, ымырт жабылғанда үйде жатпайды, далаға шық... Қарашы, өзіндей балалардың бәрі сыртта ойнап жүр. Әжемнің үні сондай жұмсақ. Жаныңа да жағымды. Қайтейін тұрғым-ақ келеді, бірақ белгісіз бір зілбатпан күш екі иығымнан басып көгертпейді.

— Бәрібір тұрмайды ол. Айттым ғой әке-шешесін ойлай, емешегі езіліп жатыр деп...

Әкпем тағы да шапылдап келе жатыр еді, әжем тиып тастады.

— Тек, әй! Немене жас балаға сонша шүйілгенің. Тұрады, неге тұрмайды...

Әжем неге екені белгісіз, қаладағы әке-шешем жайлы айтыла бастаса әңгімені тезірек басқа арнаға бұрып жібереді. Тегі немерелерім мені тастап, кетіп қалады деп қорқатын болуы керек. Жоқ, әжетай. Мен сені ешкімге айырбастамаймын. Тіпті, ең жақыныма да.

Сүйретіліп орнымнан тұрдым. Уақыт өткен сайын әпкеме деген «ашуым» да тарқай бастаған. Бұдан әрі «өкпелеудің» де құны түсер еді.

Сыртқа шықтым. Шынында, кешкілік өрістен қайтқан малдың тұяғынан көтеріліп, тымық ауада белуарға дейін кілкіп тұрып қалған шаңның арасында балалар у-шу болып ойнап жүр екен. Күн Дүйсенбек шалдың қалың талының төбесіне қонақтап, күлімдеп тұр.

Мен балаларға барып қосылдым, Бағанағы өткінші жауынмен араласа жүретін найзағайдай жан дүниемді осқылап өткен ашу-ыза көңілімнен біртін-біртін арыла бастаған. Мен «ата жауым» Алманың үйіне қарадым. Өзі көрінбейді. Інісі Бақыт шырттай киініп, балалардың ойынын сырттай қызықтап тұр...

— Таң-а-ат, кел, тамағыңды іш, — деген әпкемнің үні жетті соңымнан. Манағыдай емес, дауысында зіл жоқ.

— Қазір.

Менің әпкеме қайтарған жауабым да қошуақ көңілден, көтеріңкі естілді. Біз әпкеміз екеуіміз менің сезімтал көңілім тағы бір нәрседен секем алып, өзімнен-өзім ой тұңғиығына батқанға дейін татумыз. Бірақ ол менің «штандрды» өзі үшін тастап кеткенімді бәрібір сезген жоқ.



ТАС ТҰҒЫРҒА ӨСКЕН ТІКЕН
Ауылға келген сайын көрші-қолаңдарымның арасынан бір қимас адамымды жоғалтып аламын. Сосын өзі жоқ, көкірегімде — сөзі, көңілімде — бейнесі қалған асыл жанның қасиеті жайлы ал кеп ой қауза. Бір-бірінің қадірін өлгеннен кейін білетін ағайын бұл жолы ақыреттің ақ жолына Ізтілеуді аттандырып сап отыр екен...

Қай бір жылы «әйелі өліп, шиеттей бала-шағасымен жағдайы болмай жүр» деп естігем. Өзіне кездейсоқ жолыққанымда «сен тентек те адам болдың, ә» деп бір мәз болып еді. Иә, бейкүнә бала сияқты марқұмның өз сөзіне өзі күлетін ерсілеу әдеті бар еді. Бірақ айналасына әжім үйірілген көзіне көзім түскен тұста бұл жолғы күлкісінің шарасыз бейбақтың сайқымазақ күлкісі екенін байқап қалғам.

Кішкентай ғана елді мекеннің үй-жайы кәдімгідей сиреп қалыпты. Отын үшін жаппай отап тастаған ба, шіліңгір шілдеде күннің ыстығын өткізбейтін қалың тал да сиреп қалған.

— Қолындағы оншақты тұяғын алданыш қылған кәрі-құртаңдар болмаса, ауылда ешкім қалған жоқ, — деді менің көшкен елдің жұртына тап болған жолаушыдай жетімсіреп қалған жандүниемді байқаған Бақыт.

— Анау Қарақожаның мешітінің орны емес пе?

— Иә.


Бақыт күрсінді.

Қар еріп, жер қарая бастаған кез. Күмбезіне көрген адамның көзі тоятын Қарақожаның мешітінің алды дегди бастаған. Қожыр-қожыр жердің бетіне ақ ұлпа тозаң да қонақтап үлгеріпті. Тозаң, әрине, Мұсатай бригадир мешітке сонау боқырауда әкеп төккізген бидайдан шығып жатыр. Тоқ етерін айтсам, тозаң мешіттің күншуағындағы «екі иығын» жұлып жеп, селкілдеп тұрған агрегаттың қуыс-қуысынан бұрқырайды. Қарша бораған шаң-тозаңнан бидай тазалайтын агрегат та аппақ, қасындағы қараң-қүраң етіп жұмыс істеп жүрген екеу де аппақ. Шаң-тозаң кірпіктеріне дейін кіреукелеген күпәйкелі адамдардың бірі — Ізтілеу. Біреулер оны туа керең екен десе, біреулер әйелі құлағын тазалаймын деп отырып жарғағын жарып алыпты десетін. Бірақ ел аузындағы күңкіл-сүңкілді елең ғып жүрген Ізтілеу жоқ. Әңгіме десе айналасын әжім шимайлаған көзі күлмеңдеп, кебірсіген құрғақ жүзіне шырай жүгіріп, жадырап сала береді.

Ізтілеудің қасындағы — Мұстапа. Оның Ізтілеуден айырмасы — бір ауыз сөзді базардан сатып алғандай салмақтап, «Осыны айтсам ба екен, әлде айтпай-ақ қойсам ба екен?» дегендей көмейінен он ойланып, жүз толғанып әрең шығаратын бұл өңірде жоқ паңдығы.

— Баяғыда мынау аяқ асты боп жатқан дәннің бір уысын үйіндегі ана сияқты шартық қарындарының қамы үшін (осы кезде анандай жерде шекесі тырысып отырған шалға қарап ішек-сілесі қата күліп алады) іш көйлегінің ішіне тығып алып қайтқан қатындарды Мұсатай талай шырылдатып еді...

Шақша орнына ұстап жүрген кішкентай құтысын қалтасынан шығарып, онысының шайдың жылтырақ қағазынан сән үшін әдейі орап жасаған «тығынын» саусақтарының арасына салтанатпен қыстырып, ернінің астына тастаған көкбұйра насыбайдың «кәйпі» тарқап кете ме деп қорқа ма, жіпсіктей жанары жасаурап тұрған Мұстапа үндемейді. Шаң қауып, түсі бозғылт тартқан бидайдың бойынан көтерілген тозаң кеңсірігін қытықтап, мешіттің күмбезін жаңғырықтыра түшкіріп-түшкіріп алған Ізтілеу мұны «сенбідіге» жорып, әңгімесін одан әрі тәптіштейді.

— Құдай үшін рас айтам. Қырманнан қайтарда қатын біткеннің қойны-қонышын осы Мұсатай бір-бірлеп тексеріп шығатын. Бірде Жалкыемес жеңгеміздің іш көйлегіне тығып алған бір дорба бидайын суырып алғаны бар сұмның.

Ізтілеу агрегаттың ұңғысына тұқымдық бидайды қайтадан бұрқыратып лақтыра бастады. Әңгіме де, Мұстапа да жайына қалған. Ақыры езуіндегі насыбайын аулақтата түкіріп тастаған Мұстапа ерінбестен агрегатты айналып Ізтілеудің жанына келді. Ізтілеу* де оның бірдеңе демекші болған ыңғайын жақындағанынан сезіп, тұмағының салбыраған баулығын жоғары көтеріп, қүлағын Мұстапаның аузына тоса қойды.

— Әй, неғып үндемей қалдың? Айта бермейсің бе?

— Нені?

— Әлгі ше... Мұстапа оған жаңа ғана өзі айтқан әңгімені ыммен көрсетті.



— Ә-ә...

Ізтілеу әп-сәтте манағы көңілді қалпына қайта түсті де, өзінен-өзі сақылдап тұрып күліп алды.

— О, сойқанның мінезін білмеуші ме ең. Келін- кепшіктерінің қойнын ашқан ұятсыз бригадирдің қылығына у-шу болған қатындарға «Әй, неменеге шулайсыңдар түге. Қойнымды ашса бөтен деймісің, өзімнің ақсақ қайнағам ғой. «Жалқы» деп пе едіңдер» деп салған ғой. Бірақ үйіне барғаннан кейін ыза мен күйіктен әбден жылапты дейді байғұсты...

Мен мұны білмеуші едім. Бірақ Қайырдың апасын үлкен кісілердің Жамал деудің орнына «Жалқы- емес», — дейтіні таңқалдырып жүретін.

— Ойпырай, ә! Заман да кінәлі.

Әр сөзін сағыздай созып сөйлейтін Мұстапа күлудің орнына ойланып қалған.

— Еріккен қу керең! Ақсақ бригадир Ізтілеуге деген қыжылын өзі ғана еститіндей ғып ернінен ысылдап қана шығарады. Ізтілеудің қаперінде түк жоқ, қолы қимылдаса тілі де қоса қимылдайды. Біресе өзінен өзі жымың- жымың етіп, біресе сақылдап тұрып күліп алып, «тас дәуіріндегі» тарихты тірілтеді. Екі жұмысшысының әңгімесі қытығына тиіп, қарадай тынысы тарылған Мұсатай отырған жерінен бір тұрып, бір отырды. Жұп-жұқа танауы біресе қусырылып, біресе делдиіп, шалдың кәрі кеудесінен бір ақ сайтанның бас көтеріп келе жатқаны білінеді. Қабағы қарс түйіліп, ұрттары жыбыр-жыбыр етеді.

— Қап, тас керең-ай! Әй, қысыр әңгімені тиясыңдар ма, жоқ па?!

Мұндайда сыбырлап айтқан сөзді де қағып ала қоятын Ізтілеу қабағы қырыстанған шалдың қытығына одан сайын тие түсейін дей ме, тағы да қутыңдап шыға келді. Кереңнің сойған түлкідей осы ыржалақтағанынан-ақ зәрезап болған Мұсатай қамшысымен қонышын сарт еткізе бір ұрып, теріс айналып кетті.

— Тіпу, сен саңырауға дауа жоқ шығар!

Бірақ шалдың қытығына тиді екен деп тілінің ұшына келіп қалған сөзді іркіп қалатын Ізтілеу жоқ.

— Ал, енді кеп мына иен тегін бидайға ие бола алмай жатырмыз. Бір кезде Гәләшөкін деген халыққа жаужұмыр жегізіпті ғой. Одан кейін «жоқ, жүгері жақсы» деп Хұрышев шығыпты...

— Бірақ сол өзекті жанға ортақ ашаршылықтың кезінде кейбір шолақ белсенділердің кекірігі азбаған деседі.

Мұстапа қабағын керіп, көзінің қиығымен Мұсатайға қарап қойды. Үлкендерді қайдам, бала атаулы ол кезде Мұсатай бригадирден өлердей қорқатын. Той-домалақ түгілі өлім-жітімнің өзінде көпшілікке көп үйірілмей саяқ жүретін, ал зәуімен алқа-қотан топтың ортасына түсіп қалса, адамдардың арқа-жарқа у-шуын жаратпай, уы сыртына тепкен бүйідей тырсия қалатын. Айналасын ұмсынған кісінің қолы жетпейтін биік шарбақпен шегендеп тастаған үйінің сыртқы көрінісі де тым сұсты. Ішінде не болып, не қойып жатқанын бір құдай білсін. Базда бір келетін айт кезінде кез-келген үйдің табалдырығынан айылын жимай аттайтын ауыл балалары ар жағынан қасқыр иттері қосарлана абалаған Мұсатайдың темір шарбағына келіп, кері қайтатын.

— Әй, әй! Сен найсап, тіл мен жағыңа сүйеніп, аузыңа келгенді оттай берме, білдің бе? Сандалып кетерсің!..

Шал безгек буғандай қалшылдап кетті. Мен оны бұлай ашуланады деп ойламап едім. Үкімі кесіліп, дар ағашының алдына желкелеп әкелген опасыздай екі көзі айранданып, аузынан түкірігі шашырап кетті.

Мұстапаның да ит жыны ұстап, қитыға қалған.


  • Қиын қылғаның қызығын тышқан көрген бидайды тазалатпау болса, әнеки күрегің! Құдайдан қорықпай қасиетті мешітті дәрі сасыған қамбаға айналдырған сенен бәрін күтуге болады. Бірақ екі қолға бір кетпен табылатынын да ұмытпа. Ізтілеу, жинал! Кетеміз...

  • — Әй, Мұстапа, Қой деймін саған. Кеттігің не, әй! Сапхоз ертең себуге тұқым сұрайды. Кежегең кейін тартып тұрса өзің-ақ қайта бер. Ізтілеу, әй, сен ілеспе оған...

Буынып-түйініп, оны-мұныларын жинастыра бастаған екеуді қайтып жұмысқа жеге алмасы жетесіне жеткен Мұсатай қанден итше шабаланды да қалды. Аяқ астынан шыққан ұрыстың төркінін түсінбей тұрып қалсам керек, Мұсатай жетімсіріп қалған агрегатты тоқтан ажыратып, айналаға мүлгіген тыныштық орнаған кезде барып есімді жидым.

Міне, сол кездегі түсініксіз дауға менімен бірге куә болған Қарақожа мешітінің орны осы. Шалбарымның балағынан өтіп, балтырымды шым-шым «тістеген» қып-қызыл жантағы болмаса, мешіттің орны жым-жылас, ешқандай белгі қалмаған. Бір кездері Қарақожа атты Құран-кәрімді жатқа оқитын қари осы арадан мешіт соққызып, медресе ашып еді, бірақ кейін заман ағымымен ескіліктің жұрнағы ретінде адыра болып қалған кезінде оған біресе тыңайтқыш, біресе тұқымдық бидай сақтаған Мұсатай бригадир осы жерде Ізтілеу, Мұстапа деген мұндарлармен ұрысып қалып еді десең, анау қолпылдаған керзі етігінің қонышы балтырын соғып, сиыр айдап бара жатқан бала иланар ма? Иланса да «Онда тұрған қандай ғибрат бар ағаау?» деп иығын қушитар-ау...

Қарақожа мешітінің жұртын артқа тастап ауылдың сыртына қарай беттедім. Бағытым — керзі етігі қонышын қаққан қара сирақ бала сиырын қуалап кеткен ескі қырман жақ. Кенет көзім цементтен құйылған тұғырға түсті. Мен оны алғаш көрген кезде үстінде ақ түске боялған кісінің мүсіні бар болатын...

Онда жоңышқаның қарауылы Естібай атамның тірі көзі. Бірде сол атамның қара айғырына мінгесіп ауылға келгенмін. Сонда мектептің қасындағы текпішек-текпішек тұғырдың үстіндегі кісіні алғаш рет көргем. Бір қолын кителінің өңіріне салып алыпты, ал екінші қолын алға қарай созып түр. Бірақ мені қызықтырған текпішек тұғыр да, оның үстіндегі әкпен боялған кісі де емес, соған бір шығып, бір түсіп мәз болып жүрген балалар еді. Қызыққаным сонша аттан секіріп түсіп, асыр салған балаларға араласып кеткім келді.

— Ата, анаң қара...

— Тек, шошайтпа қолыңды! Әй, кәне, көздеріңді байытыңдар бұл арадан. Ойнатын жер құрып қалды ма басқа?

Атам менің қолымды қағып тастап, атын тебіңді де, әлгі балаларды тас мүсіннің жанынан аулақтата қуып тастаған.

— Тұғырға шығып ойнайтынымыз есіңе түсіп кетті ме?

— Осы тұқғырдағы мүсінді алып тастауға жұмысшылардың ешқайсысын көндіре алмағанда топтың ішінен Ізтілеу ғана жұлқынып шығыпты дейді ғой. Сол рас па?

— Рас болғанда қандай. Мұстапаның тракторына трос жалғап құлатты да, сол күйі Таластың жағасындағы Талды ауылға сүйреп тастапты. Қаңқалары әлі күнге дейін шашылып жатыр. Бірақ ел оны Ізтілеудің «жындылығынан» көріп жүрген жоқ...

Өзінен өзі жиі күле беретін болган соң Ізтілеуді «есалаң» дейтіңдер де бар еді ауылда.

—Керең де болса іші бәрін сезеді дейді.

—Шынымен солай дей ма?

Есіме Қарақожа мешітінің жанындағы баяғы ұрыс-керіс оралды. Бала кездегі бір мезгіл ермегім — жем тазалайтын агрегатты Мұсатай өшіріп тастаған соң көңілім жабырқап үйге келгем. Қарап отырмай шай үстінде әжеме мұңымды шақтым. «Ізтілеуді балағаттаса, ол кәрі құзғында иман жоқ екен. Әкесінің түбіне жеткені аз ба еді?» деген сонда әжем. Бірақ ол кезде бұл сөздің мәнісін сұрайтындай жаста ма едім.

- Мұсатай қайтыс болғалы жантақ басып кетті өзін. Уақ малына деп шөп орғанда осы төңіректегі жантақты да тазалап орып алатұғын.

Бақыт тұғырға қарап тұрып Мұсатайды еске алды. Көз алдыма баяғы Естібай атамның қара айғырына мінгесіп ауылға келген кезімдегі тұғыр мен үстіндегі мүсіннің бейнесі елестеді. Бірақ баяғыдай емес... бұл жолы толық кескін-келбетімен көрінді. Бір қолын кителінің өңіріне салып, екінші қолын алға қарай созған қою мұртты, түксиген қалың қабақты кісі. Толқындаған шашын артқа қайырып тараған. Бейне-бір қайта тіріліп, «құдайларыңды ұмытып кеттіңдер ме» деп саусағын безеп тұрандай...

— Қой, үйге қайтайық. Сәрсен де шай жасап, күтіп отырған шығар.

Бақыт жүр-жүрдің астына алды. Мені ойдан арашаламақ түрі.

— Бақыт десе...

— Әу.


— Бүгін қолың тисе ата-бабаларымыздың қорымдарына барып құран оқып қайтайықшы.

— Жарайды.

Көңіл-күйімді айтқызбай ұққан Бақыт тез келісті. Күні кеше ғана дүниеден өткен Ізтілеудің рухы да сол қорымда жатыр. Бақыт «енді аялдай бермейік» дегендей, тікен өскен тас тұғырға үрейлене бір қарап қойып, үйіне апаратын жолға бастай берді. Қайтып келе жатып тас тұғырға өскен жантақтың тікені бүгін балтырымызды жырса, «нағыз тікен» Ізтілеудің қақ жүрегіне қадалыпты-ау деп ойладым. Соған шыдамаған ол, о, сұмдық, шер толқытқан ойларын айту үшін өтірік есалаң болып жүруі де мүмкін екен- ау.
АСТАНА ӘФСӘНӘЛАРЫ
1.Сакура гүлдегенде
Әңгімелемекке бел буған тақырыбымның атын әуелі «Көп қабатты үйдің тұрғындары» деп қойғым келген. Әрине, бастары шалқақ, сөздері асқақ келетіндерге «көп қабатты үй» деген қарабайырлау көрінер, бірақ мықтылар менсіне бермейтін сол көп қабатты үйлер маған, неге екені белгісіз, таңдаған тақырыбымның кішкентай нұсқасындай көріне бергені анық.

★ ★ ★




  • Осы Женяның мінезі орысқа ұқсамайды, ә.

  • Орыстың мінез-құлқы қалайша орысқа ұқсамасын?

— Жоға деймін де, анандай жерден бұрылып кеп, әдетте, біздің ауылдың қазақтары амандасушы еді, ал мына қаланың орысы (бір қызығы Женяның ұлының аты да Женя. «Неге бұлай?» десем, «Білмеймін, баламның әжесі немересіне ат таңдағанда осылай шешіпті» деп, иғың қиқаң еткізеді) алыс жолдан артынып-тартынып туған нағашысы келгендей ыржиып келіп, ықыластана амандасады.

Зайыбым «рас екен-ау» дегендей үндемей қалды. Өйткені ол менің төмен қарап, ой үстінде келе жатқан кезімде Женя тұрмақ, әкемді де байқамай қалатынымды жақсы біледі. Ал ондай «ойшылға» сәлем беру үшін алдымен жөткірініп, өзіңе қаратып алуың керек, содан кейін қас-қағым уақыттың ішінде «Осы шіркін менің сәлеміме зәру ме, жоқ па?» деген тұрғыда «зерттеу» жүргізуің һәм міндетті-дүр. Бұл дегенің мына асығыс-үсігіс, алай-дүлей заманда бірталай уақытты сарп ететін шаруа болғандықтан «е-е, өзі ниет танытып, назар салып жатпаса, бұрылып барып сәлем беретіндей не басыма күн туды сон- ша» деген ұстанымға амал жоқ мойын бұрғызбай ма? Мінеки, осы кең ауқымды қамтыған ақыл-кеңес тұрғысынан алғанда Женяның мені күтіп тұрып, не болмаса бұрылып келіп сәлемдесуін, сәлемдесіп қана қоймай, ауыл-аймақ, бота-тайлақтың амандығын сұрай бастауы, бауырмалдықтың белгісі екенін мойындамасқа шараң жоқ.

Женя кейде өзінің Ресейдің Кемер деген жерінен екенін айтып, мақтанады. Мақтанғанда, Алтайдың таулары мен бауларын еске алып, көзі нұрланып, бетіне қан жүгіріп, ерекше шабыттанып кетеді. Сол кезде менің бойымдағы қан да жағаны соққылаған асау өзен сияқты тамырларымда лықсып-лықсып, толқып-толқып кетіп, «Алтайды ілгеріде түркі жұрты мекендеген» деп те жіберем. Содан кейін:

— Аман Төлеевті естуің бар ма? — деймін паңданып.

— Естігенде қандай, — дейді Женя, — губернатор қазақ қой. Ол кісіні кемерліктердің бәрі өте қатты жақсы көреді.

— Жақында жол апатына ұшырапты, естідің бе?

— Естідім, аман көрінеді әйтеуір.

Ана жылы Кемер қаласына менің де жолым түскен. Кемерліктердің қазақтың қара баласын жандарындай жақсы көретінін сол жолы байқағам. «Біздің Аман» деп иемденіп алыпты әуелі. Сосын «ол мынаны жасады, енді ананы қолға алып жатыр» деп, біраз ша- руаны көрсеткен.

Қазыбек би көшесінің бойындағы біздің көп қабатты үйден тоқсаныншы жылдардың басы мен аяғын ала жан-жаққа шілдің қиындай шашылып, көптеген тұрғындар көшіп кетті. Орыстар Ресейге, немістер Алманияға дегендей. Бірде атажұртым Алмания қайдасың деп көшіп кеткен Гауфлер келіпті деп естідім. Естіген себебіміз алғашында өзін көрген жоқпыз. Ол да көршісінің үйінен шықпай бір апта «тығылып», жатып алды. Інінен шыққан суырдай құлағы қылтип далға шыққан күнін күтіп жүріп жөн сұрасақ, «ақтанкерді» емін-еркін сілтепті сабазың.

— Не болды сонша? Ол жақта «шнапс» жоқ па немене?

— Түр-түрі бар әкеңнің..., бірақ мұндағыдай еркіндік қайда!

Сол сәттегі жүзін көрсең ғой, егер отбасы келіссе Қазақстанға табан астында қайта көшіп келгісі бар.

Астаналық өңірдің жұртымен ат құйрығын кесіскендей ата жұртына асығыс жиналып, шүу деп аттанып кеткен Кох та, мысалы, бірнеше жыл өткеннен кейін ауданның әкіміне сағынышты сәлем хатын жолдасын.

— Осындай да осындай, — дейді Кох мырза өзінің құсни хатында, — мен ары ойланып, бері ойланып өзіміздің (өзіміздің деуін көрдіңіз бе, ішқұса боп, әбден сағынған ғой) Арқаға қайтуды ұйғардым. Бірақ құр қол бармаймын. Бұл жақта асыл тұқымды торайлар бар. Соларды бірнеше вагонға тиеп, ала барамын. Қаражат мәселесін өзім шештім. Маған керегі анау бұрынғы әскерилерге арналған кеңшардың шошқа базы бар емес пе, қазақтар бәрібір шошқа бақпайды ғой, ауылдастарымнан қаңырап бос тұр деп естідім, соны берсеңіз. Сосын кедендегілер торайың анау, шошқаң мынау деп қинамаса болғаны.

«Ауылда тұрамын, сөйтіп шаруамен айналысамын» деген пысық адамды саз балшықтан жасай алмай отырған әкім Кохтың хатын оқып қуанып кетсін. Оның үстіне құр қол келмеймін деп отыр екен. Содан аудан әкімі Кохқа «айналайын, келе қал» деп хабар айтты. Кейін сол Кохтың шаруашылығы өңір мен аудан экономикасына кәдімгідей пайда әкелді.

Ал Женяның әкесінің, Женяның әкесі дей беретінім баласы біздің кішкентайымыздың досы ғой, неміс Кохтан айырмашылығы Алтай жақтан көшіп келгенімен, Алтай жақтағы ағайындарына қайтып көшіп кеткісі жоқ. Екі қолға бір жұмыс қайдан болса да табылады деп, бірде ана жерде, енді бірде мына жерде жұмыс істеп жатқан жайы бар. Жақында Алманиядан «Ауди» машинасын «қуып» келді. Ескілеу, бірақ зырылдап тұр. Ертедегі ата-бабаларымыздың «Ер қанаты — ат» дегенін бүгінгі жағдайға бейімдеп айтсақ — жеңіл көлік те ер қанаты емес пе? Демек, Женяның жағдайы жаман емес.

Оу, айтпақшы, «тетя Галя» туралы тарс есімнен шығып барады екен ғой. Біздің үйдің тұрғындарының бәрі оны «тетя Галя» дейді. Бірақ ол кәдімгі өзбектің қызы. Өзбек болған соң, әлбетте, күйеуі де, балалары да өзбек болады да. Ал тілдері... қазақша, өзбекше, орысша бірдей. Мүдірмейді-ау, шіркіндер. Галя мектепті орысша оқып бітірген соң ба, еркіндеу. Үйіңе кез-келген уақытта кіріп келіп, салдыр-гүлдір сөйлейтін әдетімен соңғы жаңалықтарға қарық қылып кетеді. Мінезі де қызық, есіктен кіріп келген бетте қазы-қартаның тәбет ашар иісіне, қазақтың қазаны, әсіресе, соғым айларында етсіз болушы ма еді, танауын төсеп тұра қалады. Тұра қалады да:

— Түу, шіркін-ай, қамырын қағаздай ғып жайып, өстіп бір ет асайыншы деп қанша тырыссам да қолымнан келмей-ақ қойды.

— Ал өзбек акаларымыздың иісі мұрынды жаратын палауын баса алмай біз қор боламыз.

Күлкі.


Айтпақшы, солай екен-ау өзі, ерекшелігіміз де сонда ғой, бұдан былай мен сіздерге палау, ал сіздер маған қазақша ет асқанды үйретіңіздерші. Келістік пе?

Сөйтеді де сақылдап тұрып күледі. «Тетя Галяның» мәнтісі мен самсасы да керемет дәмді. Біздің көп қабатты үйдің бүкіл тұрғындары қонақ күтсе «тетя Галяға» алдын-ала тапсырыс беріп жатады. Міне, сол Галяда Қырғызстанға, кешегі Фрунзе, бүгінгі Бішкекте туып-өскен қыз ғой, көшіп кеткен жоқ, қазақ елінде, онда да Астананың төрінде тұрақтап қалды. Астана, негізі, жасыл шаһар. Одан кейін біздің көп қабатты тұрғын үй бау-бақтың ортасынан тігілген отаудай, айналасы түгел талмен көмкерілген, гүлзармен әдіптелген, субұрқақпен сәнделген, көгалы жаз бойы мақпалдай жап-жасыл болып жатқан ғимараттардың қақ ортасына орналасқан.

Наурыз туа өрік гүлдейді. Одан кейін бозқарағанның гүлдері көздің жауын ала бастайды. Қазақтар бозқараған, орыстар сирень дейтін өсімдіктің гүлі де, иісі де ғажап қой, шіркін! Міне, биыл солардың қатарына сакураның гүлі қосылып отыр. 1 Мамыр мерекесі қарсаңында Женя бар, «тетя Галя» бар, мен бар, бүкіл тұрғындар сакураның гүлін тамашалауға жиылдық. Біреулер фотоаппаратын, енді біреулер ұялы телефонын сыртылдатып, ғажайып көріністі қаз-қалпында суретке түсіріп алып жатыр.

Жапондардың сакурасын біздің шие деуге келетін сияқты екен. Оны бағбандар былтыр күз әкімнің тапсырмасымен отырғызған. Сол кезде оның жерсініп, өсіп кететініне күмәнмен қарағанбыз. Кендір жіппен діңгегін орап қойғаны да біразға дейін тілге тиек болған.

— Тым шетелшілміз-ау, одан да аққайың, арша, қарағай екпей ма, — дескен аузымен орақ оратын жұрт.

Міне, енді сол сакура мамыр қарсаңында гүлдеп шыға келді. Жаңалықтан кімнің жаны шет қалсын, сакураны бірінші рет көргендер зәулім ғимараттың қасына тура бір НЛО келіп қонғандай жиналды. Жапон елінде сакура гүлдегенде, тіпті, үкімет үйіндегілер де орталық бақтарына барып, халықпен бірге жаңадан жапырақ жайған гүлдерді сүйсіне тамашалайды екен. Ол «ханами» деген дәстүрге айналыпты. Арнайы мереке ретінде аталып өтілетін бұл іс-шараға құрметті қонақ ретінде шетел дипломаттары мен жур- налистер де шақырылады-мыс. Өйткені сакураның гүлдеуі — жапондар үшін жаңарудың туы мен ұраны іспетті. Бізде жаңару айы — Наурыз саналса, жапондарда ол сәуір айына тұспа-тұс келеді. Сондықтан жапондықтардың барлығы, мейлі ол мемлекеттік қызметші болсын, мейлі кәсіпкер болсын, мейлі қарапайым жұмысшының отбасы болсын осы аймен бірге табалдырықтарынан бақыттың аттауын тілейді.

Сакура туралы мынадай бір аңыз да бар деседі. Сакура атты қария Хотта деген байдың қаталдығы туралы Сегун өлкесінің басшысына шағым айтып келеді Бірақ басшы жалаң сөзге сенбейді. Сол кезде Сакура балаларын шақыртып, әлгі байдың ұрдажықтары дырау қамшымен тіліп-тіліп тастаған арқасын көрсетеді. Сегун болса қатыгез Хоттаның сазайын береді, бірақ ыза-кегін ішіне бүгіп қалған ол кейін Сакураны балаларымен бірге қолына түсіріп, шие ағашының, діңгегіне байлап, таяқтың астына алады дейді. Қашан көз жұмғанша...

- Міне, содан бері, - дейді аңыз, - Сакура да бейкүнә балалардың қаны бойына сіңіп қалған шие ағаштары қызғылтым түсті бояуға малынып гүлдей бастайды. Қандай аянышты...


★ ★ ★

Кейде маған біз тұратын көп қабатты үй алып кемеге де ұқсап кетеді. Кемеге ұқсағанда, бейнебір ұлттар мен ұлыстарды, құстар мен жан-жануарларды тиеп алған кәдімгі Нұх пайғамбардың кемесі дерсің «Кемедегінің жаны бір» деген ескі сөз де, сірә, сонау Нұқ пайғамбардың заманынан қалған-ау. Сол алып кемеге ұқсаған көп қабатты тұрғын үйдің алдында қазір бірнеше сакура ағашы гүлдеп тұр. Жаңару гүлі, жасампаздық гүлі.

Құдайға шүкір, Астанада жылдан-жылға жаңарып келеді. Ел аман жұрт тыныш. Балалар да бақытты. Алла тағала халықтың қуанышын лайым ұзағынан сүйіндіргей.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет