Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет10/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19

II.
Нұртуған нағашым, Айқыз және Азат үшеуі бір шаңырақтың адамдары сияқты бір-бірін көрмесе тұра алмайтын болды. Оларға бір жақтан ақсаңдай басып Домбыра келіп қосылды дегенше, әңгіме-дүкеннің көрігі қызды дей бер. Әсіресе, басынан аяғына дейін бүркеген ерекше киім үлгісі сияқты Айқыздың әңгімелері де мынау қымсынуды ұмытқан қоғам үшін қиял сияқты ғажайып ғақлиялардан басталады.

— Айқыз, — деймін сонда да, — сен осы бет-аузыңды орамалмен неменеге тұмшалап аласың? Әлі жас емессің бе? Оның үстіне әп-әдемі реңің бар...

Түйеден түскендей тосын сауалыма тосылып қалғандай қабақ шытқан Айқыз біраз уақыт ойланып отырып қалады. Содан кейін жәйлап қана:

— Орамал деген үлбіреген жұқалығына қарамастан әйел адамды ер-азаматтан қорғайтын ең мықты қамал ғой. Егер құлақ салсаң, сендерге бір хисса айтып берейін.

— Бұл Жортардың пайда туралы пәлсәпасы болмаса, басқа ғибратты тұшынып тыңдай қояр ма екен?

Нұртуған нағашым да баяғы әлі келгенше мұқатып жатқан. Бірақ оның сөзін естімеген болып:

— Айта бер, Айқыз. Жақсы нәрсені неге тыңдамасқа, — деп паңданамын.

Нұртуған соқа басты жалғыз, Айқызды да тұлдыр жетім деп естідім. Азат пен Домбыраның тағдыры боса-болмаса да түсінікті. Қала сыртындағы қоқысқа жел ұшырып әкелген ұрықтан жапырақ жайған гүл сияқты төрт мұңлықтың арманы не, аңсары кім?

— Имам Ағзам Әбу Ханифаның жас кезі болса керек, — деп бастайды хиссасын Айқыз өте бір нәзік те биязы дуыспен. Мен шығыстың Шаһризада атты ақылы асқан сұлуы да кезінде ұлы мәртебелі патшасына мың бір түннің хикаясын осындай бір әуезді үнмен бастаған шығар деп ойлап, тамсанып-тамсанып қоямын.

— Бірде дәрет алып отырса арықтағы сылдырап аққан сумен қармақтың қалтқысындай тербеліп келе жатқан қып-қызыл алманы көреді. Алманың аты алма. Оның үстіне су шайған жеміс жалт-жұлт етіп көздің жауын алады. Әбу Ханифа алманы судан іліп алып, тұщына тістейді. Бірақ тәтті шырын тілін үйіре берген сәтте біреудің ала жібін аттама деген ана тәрбиесі есіне сап ете түсіп, екі беті ду ете қалады. Содан кейін «Оу, шынтуайтына көшсек, бұл біреудің бақшасының жемісі. Ал мен болсам бағбанның рұқсатын алмастан жартысын жеп қойдым. Бұл үшін Алланың алдына барғанда не деп жауап беремін» деп қатты қайғырады. Қайғыдан арылу үшін бақшаның иесін іздеп, судың жоғарғы сағасына қарай аяңдап кете барады. Біраз жүргеннен кейін бағбан да кездеседі.

— Ассалаумағалейкүм, алдияр ата! Жоғарғы жақта сіздікінен басқа бақша бар ма?

— Уағалейкүмәссалам! Бұл арықтың бойында тек қана менің бақшам бар, балам. Оны неге сұрадың?

Әбу Ханифа арықтағы сумен ағып келе жатқан алманы рұқсатсыз жеп қойғанын айтып, бағбаннан қиылып кешірім сұрайды.

— Жоқ, балам, кешіре алмаймын. Қиямет күні осы күнәң үшін Алланың алдында жауап бересің әлі, — дейді бағбан.

— Ататай, кешіре көріңіз, бұл күнәні Қиямет күніне қалдырмайық. Жалғанның жарығында-ақ бітімге келейік.

— Ендеше, менің көзі соқыр, құлағы керең, қолы шолақ, аяғы ақсақ және тілі мақау бір қызым бар, егер сен тағдырдың салғанына көніп, соған үйленетін болсаң, күнәңді кешіп, ақ батам мен ризашылығымды берем. Дүние — қамшының сабындай қысқа, ал ақырет — мәңгілік. Сондықтан Қиямет күні болғанда мәңгі бақи қиналғанша, мұның ғаріп қызын алып, жарық дүниеде аз ғана уақыт қиналғаным жеңіл болар. Оның үстіне мүгедекке қол ұшын беру үлкен сауап, деп ойлаған Әбу Ханифа бағбанның талабына келіседі.

Бағбанның үйіне келсе бөлмеде ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу отыр дейді. Тал бойында титтей де мін жоқ. Жігітті жылы жымиып қарсы алады. Мұндай сұлуды бұрын-соңды көрмеген Әбу Ханифа:

— Сіз маған кемтар, ғаріп қызыңызды жар етем деп едіңіз, мұнда он екі мүшесі сау-саламат сұлу отыр ғой. Әлде жаңылып басқа бөлмеге кіріп кеттім бе?

Бағбан көпті көрген ғүлама кісі екен:

— Менің қызым осы. Бірақ, соқыр дегенім — жаман нәрсеге көзін сүзіп қадалған жоқ, керең дегенім — Құран мен Хадистің ғибратынан басқа сөзге құлақ салмады, ақсақ дегенім — бақшадан ұзап шығып, шаһардың лас көшелерін баспады, мақау дегенім — ғайбат сөзбен сүйреңдеп көзге түспеді, шолақ дегенім — арам затты қолына алған емес дейді. Сен де ісіңнен үлгі алатын ғибратты жас екенсің. Суда ағып бара жатқан алманың жартысын жеп қойғаның үшін бәленбай шақырым жерден мені ерінбей іздеп келіп, кешірім сұрадың. Осының өзі-ақ үлкен имандылықтың белгісі. Бірақ мен сені тағы бір сынап көрейін деген едім. Сен ол сыннан да сүрінбей өттің. Сонда ғана менің қызым саған лайық екеніне көзім жетті, — дейді.

Аузым аңқиып отырып қалыппын. Ыстыбай атам Жортардың көлік жуатын кәсіпорынынан аққан шайынды су арықты ластап жатыр деп алаңдаса, Айқыз арықтағы алманы абайламай бір тістеп, қамыққан Әбу Ханифаны үлгі тұтып отыр. Қандай тазалық, қандай үйлесім мен ұқсастық. Айқыздың талдырмаш тұлғасы көз алдымда Тәңіртаудың шыңындағы сұлу шынар сияқты қол жетпес биікте қалықтап бара жатқандай... Домбырамен әңгімем жараса бастады. Жарастырған оның көп білетіндігі. Гесиодтың «Теогония», Гомердің «Иллиадасы» мен «Одиссеясы» және Овидидің «Метаморфозасының» кез-келген жерінен мысал келтіргенде таңданбасқа шараң қалмайды.

Ол, әдетте, көлік жуушылар түскі тамағын алдына ала берген кезде төбе көрсетеді. Жындыхананың сылдыр судан тұратын тамағына қарны тоймай жүргенін сезіп, оны дастарқанға шақырамын. Көлік жуушылар дастарқан мәзірін шама-шарқы жеткенше жай- натып қояды. Ас-су ішілген соң гу-гу әңгіме басталады. «Өскенде Жоғарғы соттың төрағасы болам. Ел-жұртқа «Әділ болсаң, Құтыбастың баласындай бол!» дегей атақ-даңқымды шығарамын» деп жүрген мен үшін бұл таптырмайтын дәріс.

— Зевстің алтын тағының қасында Фемида кірпік қақпай қарап тұрады екен, - дейді Домбыра. - Оның міндеті Зевстің бұйрығымен Олимптегі құдайлар мен жердегі халықтың жиналысын шақырып, заңның бұзылмауын қадағалау болса керек дүр. Зевстің Дикэ деген ару қызы шындықтың қорғаны, өтірік пен өсектің жауы болыпты. Ондай ару жоқ қой қазір.

Домбыра ежелгі грек аңыздарын термелеп кеткен кезде ойыма Айқыз келеді. Дикэ сияқты ару неге жоқ болсын? Ол, міне, қасымызда отыр ғой. Ажарына ақылы сай деп осындай қызды айтпай ма!?.


★★ ★
Жортардың үйіндегі күйкі тірліктен құтқару үшін көлік жуушыларға көмекші болсын деп Азатты сұрап алғаным дұрыс болды. Өзі Айқызға әбден бауыр басып алды. Сұлу қыздың арбасындағы тәтті тағамдарға тойып алған соң әпкесінің дәрісін тыңдауға көшеді.

— Әпке, — дейді Айқызға, — мені жасың асып кеткен деп мектепке қабылдамай қойса қайтемін? — Тал бесіктен жер бесікке дейінгінің бәрі мектеп, бәрі білім. Ол үшін Имам Ағзам Әбу Ханифадай алғыр бала болуың керек. Сонда мектепке де, университетке де өздері шақырып алады.

— Әпке, Әбу Ханифаны Имам Ағзам дейтіні несі?

Айқыз хиссасын одан ары жалғастырады. Әбу Ханифаның заманында Харон ар-Рашид халифа болыпты. Ол Мұхаммед Пайғамбар Салаллаһу Ғалейки Уассаламды ерекше құрметтейтін ізгі жүректі жан екен. Пайғамбарымыздың хадисінен «ер кісі ертеңгі намазға барарда әйелін бір өбіп шықса, жаны жәннатқа барады» дегенді оқып, ұйқыда жатқан әйелі Зүбәйдәні өбіп алады. Шошып оянған әйелі «сен енді тозаққа баратын болдың» деп үрейленеді. Ар-Рашид болса ғұламаларын шақырып, болған жайды бастан-аяқ баяндайды да: «Мен жәннаттықпын ба, жаһаннамдықпын ба?» деп сұрайды. Ғұламалар патшаның көңілінен шығатын дәйекті жауап таппай абдырайды. Сарай білгіштерінің дәрменсіздігіне ыза болған Харон Ар-Рашид «ертеңге дейін дұрыс жауап айтпасаңдар, бастарыңнан айырыласыңдар» деп ақырады.

Газиз бастарына қауіп төнген ғұламалардың сұп-сұр жүздерін көрген Әбу Ханифа мәселенің мәнісін білген соң «Халифаның сұрағына мен жауап беремін» деп жар салады. Бұл мәлімдеме Халифаның құлағына жетіп, «алып келіңдер» деп бұйрық береді. Бірақ Әбу Ханифа шақыртушыларға ілеспей «Халифа маған бір түйе мен бір серке беріп жіберсін, өзім барам» дейді. Халифа бұған шамданғанмен сұратқан түйесі мен серкесін беріп жібереді.

Әбу Ханифа сарайына кіріп келген кезде Харон ар-Рашид «өй, кешелі бері шіреніп жүрген кім десем, бойы бір тұтам бала екен ғой. Бұл бізге қалай ақыл айтады?» деп күледі. Сол кезде Әбу Ханифа жұлып алғандай:

— Егер сізге бойы ұзын ақылшы керек болса әне, түйеңізді алып келдім, содан сұраңыз, ал егер сізге сақалды ақылшы керек болса әне, маған берген серкеңіз де тұр, содан сұраңыз. Ал пәтуәлі жауап керек болса, мінеки, кішкентай болсам да сіздің ғұламаларыңыздан ақылы асқан мен тұрмын, менен сұраңыз, — деп тақ ете қалады.

Халифа баланың тапқырлығына таң қалып, тағынан тұрып сәлемдеседі. Жас болса да білімі мен білігін мойындап, балаға болған жәйтті түгел баяндайды. Сонда Әбу Ханифа:

— Алла тағаланың қаһарынан қорқып, біреуге жасағалы тұрған қиянатыңыздан бас тартқан сәтіңіз болды ма? — дейді

Халифа біраз ойланып отырады да:

— Әкем қайтыс болғанда артында бір жас қызметші әйел қалып еді. Бірде сол сұлуға ойым ауды. Бірақ осы аруда әкемнің де көңілі болған шығар, олай болса бұл маған ана болмай ма деген ойдан қатты шошып, Алла тағаладан кешірім сұрап, бұзық ойымнан лезде қайтып едім, — дейді.

Халифаның сөзін зейін қоя тыңдаған Әбу Ханифа:

— Сіз — жәннаттықсыз! — дейді.

Манадан бері құлаққа ұрған танадай тыныштыққа бөленген сарайдың ішінде шыбын жандарынан түңіліп отырған ғұламалар Әбу Ханифаға қарап:

— Сен бұдан былай Имам Ағзамсың, — де шу ете қалады. Біз білмегенді ойын баласы қайдан білсін деген тәкаппарлықтары үшін кешірім сұрайды.

Халифа Харон Ар-Рашид Имам Ағзам атанған Әбу Ханифаны құрметтеп, үйіне зор салтанатпен шығарып салады.Үйіне келген соң Әбу Ханифа болған оқиғаны анасына түгел айтып береді. Сонда анасы:

— Біреудің ала жібін аттама, рұқсатсыз ештеңесін алма деген менің ғибратымды тыңдамай, суда ағып бара жатқан алманың жартысын жеп қойдың. Егер сол алманы жемей, нәпсіңді тия білгеніңде үш жасыңда Имам Ағзам атанар едің. Сол күнәң сені төрт жасқа кешіктірді депті. Әбу Ханифа Имам Ағзам сол кезде небары жеті жаста екен. Ендеше, ең бастысы ұят пен нысапқа берік болу керек. Солай ма, Азатжан... Айқыздың аңыздары көлік жуушылардың еңбегінің үстінен тапқан ақшамның құнын түкке тұрғысыз ғып тастаған сияқты. Нұртуған нағашымның тыжырынатынындай бар. Жұптары жарасқан тотыдай екі мұңлықтың жарастығын жамандыққа жорыған оңбағандығымды айтсайшы бәрінен де!?. Олар болса Жортардың байлығы мен менің шайлығыма сұғын қадап жүрген жоқ қой. Өз сезімдеріне өздері мәз. Дүниедегі бар олжасы сол.

Мен сонда кіммін? Бастық айтты екен деп бас изей беретінім қалай? Қарсы уәж, жеке пікір деген болмаушы ма еді адамда?


★★ ★
Жортар жоқта Домбыра мен Орынтаққа күтушілер қожайын. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен мал табуға машықтанған менің уақытша кәсібім сияқты олар да май шелпекке әбден жаман үйреніп алған. Өздерінің қолы бармайтын лас жұмысты аурулардың иығына артып қояды. Өкімет болса жүйкесі аурулармен бірге жүйкесі тозып жүр деп күтушілерге жақсы жалақы төлейді.

Айтпақшы, Орынтақ туралы айтпаппын ғой. Күтушілер байғұсты құдайдың құтты күні шыңғыртып жазалайды да жатады. Ол да өлер жерін ойламайтын бір сорлы. Ауруларды аулаға қуып шығып, палаталарына кешке дейін кіргізбей қоятын күтушілерге қарсы ұран жазып, онысын жалбыратып талға іліп қояды. Бұл қылығы үшін оны күтушілер қалай жазалауды біледі. Әлжуаз міскінді аяқ-қолынан дырылдата сүйреп әкеледі де біздің кәсіпорынның еденіне лақтырып тастайды. Сосын су атқышпен мұздай суды басы-көзіне ал кеп шаш.

Барып кел, алып келін тап-тұйнақтай етіп жүрген соң Жортармен еркінмін. Кеңсесінің төрінде болатын кішігірім қонақкәде кезінде шәй-пәйін тасып, қызмет жасап жіберетін пысықайлығым және бар. Жұғымдылығым жанына жаққаны сонша: — Сен, Көркемтай, оқуды қой да менің кәсіпорыныма басқарушы болып кел. Диплом керек болса кейін сатып-ақ аласың, — деп қамқорсиды.

Бірде көңілінің көл-пал кезін пайдаланып:

— Күтушілерді тәртіпке шақырмайсыз ба? — деп ем:

— Шырағым, әр жұмыстың өз спецификациасы болады. Ол бізге де тән. Сен тапқан ақшаңды шатаспай санауды ғана біл. Соңғы кезде жоспарды аздау орындап жүрсің. Байқа, бала, мен жорғалаған құрт-құмырысқа мен ұшқан құстың еркек, ұрғашысын ажырата білемін, — деп түсін суытты.

Бұл оның «Аязби әліңді біл, құмырысқа жолыңды біл» дегені тұғын. Шынында, сау басыма сақина тілеп нем бар? Одан да күшуаққа отыр-е-еп Орынтақпен қылжақтасқаным қызық емес пе.

— Әй, Орынтақ, кел, мына орындыққа жайғас.

— Жоқ, отырмаймын.

Ол өзінен өзі ыршып түседі. Оның осы қылығын қызық көріп сұрақтың астына аламын.

— Неге отырмайсың? Жамбасыңа жайлы емес пе, сорлы-ау?

— Бұл жаман орындық, бұған отырған адамдар жынданып кетеді.

— Қалайша?

— Мен бастық болған кезде осындай арқалығы биік, былғары орынтағым болған. Әдемі десең әдемі, жайлы десең жайлы. Отырған орныңда шыр көбелек айналып, қалаған телефоныңды алуыңа да болады. Бірақ үлкен кеңседегі үлкен орындыққа отырғызған соң бір айдан кейін айқайлай бастадым. Үйде тып-тыныш жүрем. Ал кеңсеме келіп әлгі орындыққа отырсам болды, ашудан алқымым ісіп, арқам қоза бастайды. Сосын телефонды терем де әркімге бір айқайлап, ұрса бастаймын. Кейде, тіпті, қатты айқайлайтыным сонша, басым ауырып, жүрегім айнып, шаршап қаламын. Ондайда күйзелген жаныңа темекінің ащы түтіні де жәрдемдеспейді. Бұл — өте жаман орындық. Бұл орындыққа сен отыр... құмарсың ғой... Орынтақ маған қолын шошайтады. Таққұмарлығымды бұл да біліп қойған ба, немене?!. Айтпақшы, мінберде тұрғандай өзінен өзі екіленіп, қолын сермеп, талдарға ұрандар іліп, лағып кете беретін Орынтақты жазалау үшін өзі қорқатын орындыққа немесе талға байлап, қарғаның қанаты күйетін ыстықта күннің астына қалдырғанын талай рет көргем.


III.
Нұртуған нағашым ақыры кетті. Ә дегенде «өлеңдерімді жариялаған редактор сенен жап-жақсы публицист шығады деп қызметке шақырып жатыр, бірақ сүйегім қатайып қалған маған қайдағы жазушылық» деп, жүрген нағашым редакцияның қоңыр салқын бөлмесі жанына жаққан соң бір жола қарасын батырды.

Айқыз болса Азатты алып кетпекші. Балалар үйіне орналастырамын деп талаптанып жүр. Мен оның осыншама жұмысқа қалай үлгеретініне таң қаламын. Қазір балақай көңілді. Жыртылған киім-кешегі де бүтінделді. Анасының суретін де қайта жасатып бергенбіз. Айтпақшы, шешесінің дерегі сонау Парижден шықты. Әйгілі Эйфель мұнарасының түбінде тұрған суретін салып жіберіпті. Қазақтың «қой мен қыздың бармайтын жері жоқ» дейтіні бекер емес екен. Айқыз әйтеуір хат жазысып жүріп Азатты балалар үйіне орналастыруға тілхат алып алды.

Жәрмеңкедей қыз-қыз қайнап жататын кәсіпорынның қызық-думаны нағашымның арқасы екен, қазір тарқаған базардай құлазып қалған. Қай жаққа қарасаң да көңілсіз сұрқай дүние. Әйтеуір ендігі сырласым да мұңдасым да Домбыра. Оның өзі де жалғызсырап, көңілсіз жүр. Кеше, тіпті, кемсеңдеп жылап жіберді.

— Сізге не болған, бізге Геракльдің он екі ерлігін үлгі ғып жүруші едіңіз ғой. — Қолдан келмейтін шаруа болған соң айтқан арман ғой ол. Ерлік сендерден шықпаса...

— Не болды? Жұмбақтамай айтсаңызшы?

Домбыра аузынан жалын ата ауыр күрсінді.

— Мен... мен... жынды емеспін.

— Не-ме-не?!.

— Мен сап-сау адаммын деймін. Ой-санам орнында.

Бекер-обалы не керек, Домбыраның көзі аларып, сілекейі шұбырып жүргенін көрген емеспін. Пәлсәпаға толы аңыз әңгімелерін сау адамға бергісіз ғып айтады. Негізі, нағашымның Домбыраға бүйрегі бұра беретінінде бір сыр бар сияқты көрінуші еді, тегін емес екен.

— Домбыра, сен мені алғаш рет көргенде «Тасың өрге домалағалы тұр бала, бірақ...» деп неменеге күмілжіп қалдың? Сенің сол екіұштылау ғып айтқан сөзіңнің жауабын әлі күнге дейін таппай, ойланамын да жүремін.

— Айтпауым керек еді. Бірақ Жортар мені «есуас» деп қамап отырған соң есуасқа ұқсап бірдеңе деуім керек болды ғой.

— Сонда ешқандай қисыны жоқ, әншейін айта салған сөз бе?

— Мен қашан қисынсыз сөйлеп ем?

— Сонда не?

— Білгің келсе айтайын. Сен сияқты менің де қызметім тура осы диспансерден басталған. Сен сияқты мен де Жортарға шаң жуытпайтынмын...

— Мүмкін емес.

— Неге? Бәрі де мүмкін. Менің көрген құқайымды ертең сенің де бастан кешуің әбден мүмкін. Ана безбүйректен бәрін күтуге болады.

Тұла бойым мұздап, денем түршігіп кетті. Дегенмен сыр бермеуге тырыстым.

— Сен менің бір аяғымды сылтып басатынымды байқап жүрсің бе?

— Иә.

— Бала кезімде тап болған полиомиелит ауруынан семіп қалған.



— Кешіріңіз, сау адамның «есуасқа» айналуына полиомиелиттің қандай қатысы бар?

— Мен бәленің бәрін бала кезде жабысқан аурудан көремін.

— Қызық екен...

— Егер бір дөкейдің еркесі болғанымда шет елдегі ең мықты деген ауруханада емделіп, құлантаза жазылып келер едім. Бірақ менің анамның оған мүмкіндігі болмады. Ал кемтар адам кімге керек?

— Әлемде тіршілікке икемді атақты мүгедектер де аз емес қой.

— Оның рас. Бірақ ақ жүрек аңқаулары да бар. Олар өмірге икемсіз болады. Менің жындыханаға түсуіме осы бір осалдығым себеп болды.

— Қалай?

Домбыра «Қалай дерің бар ма?» дегендей қабағын шытып, күйзеліп қалды. Әлден уақытта өзіне өзі келгендей бойын тіктеп, еңсесін көтерді де менің өңім түгілі түсіме кірмеген сұмдықты айта бастады. Сұмдық дейтінім Жортардың әйелі... Домбыраның қарындасы екен.


★★ ★
Домбыра ашуын насыбайдан алғандай ернінің астындағы көк бұйра түйіршіктердің уытына елтіп біраз үнсіз отырды.

— ... Анам қайтыс болған соң өгей әкем мен өгей қарындасымның сыбыр-күбірі көбейе бастады. Сөйтсем қара шаңырақты өз аттарына қалай заңдастырып алуды ойлап ұйқылары қашып жүр екен. Бірақ маған айтуға бата алмайды. Қара шаңырақтан басқа пәтерім де болған. Бірақ төлемақысы алқымнан алған соң сатып, ақшасына саяжайдан шағын баспана алып ем. Сол кішкентай құжырам бір басыма беймарал жететін болған соң үлкен үйге қарындасымның қожайын болуына қарсылық білдірмедім. Бірақ бұл бәленің басы ғана екен...

Ойыма жеңгемнің Азатқа «арналған» шәйі түсіп кетті.

— Қарындасыңыз...

— Иә, Жортардың үйіндегі жеңгең. Мүгедектігіме берілетін азын-аулақ зейнетақымды қанағат қылып, жұмысты да біржола қойып, жан бағып, тып-тыныш жатыр ем Жортар мен қарындасым екеуі жалғызілікті екенімді айтып, қарттар үйіне орналастыруға үгіттеді. «Дегендерің болсын» деуім сол, құжырамды бір айта жеткізбей сатып жіберді де, мені қарттар үйі емес, осы жерден бір-ақ шығарды. Диспансерге кіріп келе жатып оның бір кезде өзім есепші болған жындыхана екенін көріп есімнен танып, құлап қала жаздадым. Бірақ кеш. Қара шаңырақ қарындасымда, саяжайдағы баспанамның ақшасы Жортар сияқты «қамқоршыларымның» өңешінен өтіп кетті.

Ақыл-есі түзу адамның мына жерге көндігуі қиын болады екен. Орынтақтан бастап айналамның бәрі жат, бәрі жиіркенішті. Әжетханасына да, асханасына да кіре алмаймын. Жуынатын жері де адам көргісіз. Қарға адым жер аттауы мұң байғұстармен бірге май, тұзы жоқ сылдыр суды қалайы тостақтан ит сияқты еденде отырып сораптаған кезде, «бүйтіп өмір бойы азапқа салғанша бала кезімде басқа ауру жіберіп неге өлтіре салмадың» деп құдайды қарғаймын. Әжептәуір кітаптарым бар еді, оларды да босаға күзеткендер алып қалды. «Итке темір не керек?» дейді. «Ау, мен есуас емесіпін» десем, «Бәлкім, Пушкин шығарсың» деп жырқ-жырқ күледі.

— Жортар не деді? Уәдесі қайда оның?

— Ол бұл жерге былтыр келді. Бұрын департаментте болатын. Не істеу керек? Қарындасым екеуінің алдап соққанына қаным қарайып жүрсе де сыр білдірмей мына қапастан құтқаруын өтіндім.

— Бара салатын баспанаң жоқ. Әзірге жүре тұр. Қарттар үйіне барғанда да көретін құқайың осы, — деді ол.

Сөйтсем Жортардың алашағы әлі таусылмапты. Ендігі нысанасы — зейнетақым сияқты. Мен бұл қорлыққа шыдамадым. Аулада ұран жазып, айқайлап жүрген Орынтақ екеуміз өшімізді арақтан алдық. Есімді жисам у-шу. Орынтақ түн жамылып Жортардың кеңсесіне кіреді де орынтағын быт-шыт қылып, телефондарын шағып тастапты. Ол байғұс бәленің бәрі орындықта деп ойлайды. Ертесіне Жортардың тергеуі басталды.

— Талға байлайық па, әлде ине шаншиық па?

Күйеу бала мүлде жат адам сияқты. Өйткені ең басты кінәлі мен ғой. Ыстық күннің астында талға таңылғым келмегендіктен дәріні таңдадым. Ол да оңай емес. Бір мезгілде 20 құты дәрі егеді. Сосын күні бойы мең-зең болып жүресің де қоясың. Дәрінің уыты қайтқаннан кейін Жортарға апарды. Орынтағын жаңалап алыпты. Телефондары да безілдеп тұр.

— Саған не жетпейді осы? Кәрі қойдың жасындай жасың қалғанда тып-тыныш жүремейсің бе?

Көкейімдегі барлық шер-шеменді ақтардым. Бірақ Жортар әйелін сүттен ақ, судан таза адамдай ақтап шағарды да, кінәнің бәрін өгей әкеге теліп қойды. Дегенмен:

— Жақсы, қарттар үйіне орналастырайын. Бірақ ол үшін мені қамқоршым деп тануың керек. Онысыз болмайды. Бірақ оған дейін бүлік шығармай, шыдай тұр, — деген сөзіне ішім жылып қалды.

Осыдан кейін ол мені машинасына мінгізіп поштаға алып баратын болды. Зейнетақым 9 мың 128 теңге екен қол қойып, санап алдым. Бірақ 9 мыңды Жортар өңмеңдеп өзі алды да, 128 теңгені маған ұстатты. Міне, көрген күнім осы. Ай сайын поштаға барып, адал ақшамды Жортарға өз қолыммен санап беріп тұрамын. Кейде өзегімді өртеген өкініш пен ызадан ішім удай ашып, жылап жібере жаздаймын. Ол болса адвокат жалдаймын, судьялармен сөйлесемін деп істі әлі сағыздай созып келеді. Ал менің мына ит байласа тұрғысыз жерде бір минөт те өмір сүргім жоқ. Түк білмейді екем. Мынау айтуға ауыз бармайтын қатыгездік қой, құдай-ау! Осыншама езгіге шыдап жүрген Домбыраның жүйкесі темірден жаралған екен қайта. Осыдан кейін Жортарға қалай қол ұсынып, қалай амандасуға болады?

Домбыраны жаңа көргендей аяп кеттім.
★★ ★
Ыстыбай атамның жиналысы партия серкелерінің ұрандатқан бас қосуларына ұқсамайды. Партия демекші, біздің ауылда бір партияның қорасынан екінші партияның қорасына қой сияқты кіріп кететіндер жыртылып айырылады. Ондайлар «сатқын» атандық-ау деп те ұялмайды. Әйтпесе, Шыңғысханның «Сен бүгін Қайырханды сатсаң, ертең мені сатасың» деп, Отырар опасызын қалай жазалағанын бесінші сыныптың оқушысына дейін беске беледі емес пе? Осының бәрін көріп жүрген Нұртуған нағашым түңіліп кетенде «партия біткен түптің-түбінде өз өтірігіне өзі тұншығып өледі» деп, маған Том Сойэрдей досты тауып берген Американың аты әлемге әйгілі жазушысынан мысал келтіреді.

— Жортар келді ме? — деді, Ыстыбай атам жұрттың бәрі түгел жиналды-ау деген кезде.

— Келді, — деді біреу, — залда отыр.

— Онда мәселені «Жортар» деп жазып қойыңдар.

— Екінші мәселені қараймыз ба?

— Ол неғылған мәселе? Оны кім ұсынып отыр?

— Алдағы айда сайлау ғой. Бас дәрігер өз партиясының атынан бір ауыз сөз сұрап отыр.

— Ерікпесін, сайлаудың кампаниясы әлі басталған жоқ.

Сөйтіп жиналыстың күн тәртібіндегі «Жортар» деген жалғыз мәселені Ыстыбай атам бастады.

— Жортар қарағым, мына елдің де сен сияқты құдайдан үміті бар. Тамағы, бала-шағасы бар. Оларға да таза дәм, таза су керек. Ал сенің анау көлік жуатын жеріңнен ағып жатқан дәрі аралас лайың бәріміздің бау-шарбағымызды майқамдап түгесті.

Мектептің іші араның ұясындай гуілдеп кетті.

— Ақсақал орынды айтып отыр.

— Көлік емес, өлік жуатындай иісі әлем сасиды сайтанның...

— Май мен шаңға химия араласқан соң тірлік оңа ма...

— Ойбай-ау, ол жерде адам мен итті қағып кеткен байдың балалары көліктеріне жұққан қанжынды жудырады дейді түнделетіп...

Жортар орнынан атып тұрды.

— Өйтіп жала жаппаңыздар, мен заңға қайшы келетін ешетеңе істеген жоқпын.

— Әй, Жортар, сен өйтіп шыжбаңдама!

— Рас, — деді Жортар түтігіп.

Жұрт тағы да дабырласып кетті.

— Әй, Жортар, біз бұл жерге біреудің жыртысын жыртып келіп отырған жоқпыз, балалардың болашағын ойлап келіп отырмыз. Өтірік десең шарбағымызды барып көр...

Жортардың бедірейіп, міз бақпауы жанына қатты батып кетті-ау деймін, Ыстыбай атамның жүзі де күреңітіп кетті.

— Мен айтатынымды айттым, — деп Жортар да қасарысып тұрып алды.

Мен де шыдамадым. Отырғандар одырая қарасты. Жүздерінде бұл бишікеш не айтпақшы деген таң-тамаша кейіп бар. Жалпайған, сопайған беттер мен бақырайған, сығырайған көздердің арасынан Айқыз мен Нұртуғанның да жүздерін байқап:

— Халайық, — дей беріп ем тамағым құрғап, үнім шықпай қалды. Айқыз жүгіріп келіп «Кока-Кола» ұсынды.

— Құтыбас, а, Құтыбас, мына балаң адам боп қапты, әй.

— Жиналыстан соң «жуып» жіберу керек.

— Тұрысын қараш-ш-ш, қасқайып. Быжылдап көпке дейін басылмайтын көпіршікті газы кеңсірігімді жарып жібере жаздаған «Кока-Кола» тамағымды жібітіп, жан сарайымды шайдай ашты.

— Халайық, — дедім тағы да айналама қарап, — ойыма «Қыз Жібек» фильміндегі ру басыларын ауызбірлікке шақырған Төлеген түсті. Ол отты жанары сұлу Жібекпен тоқайласып қалған сәтте бірауық аңтарылып тұрып қалмаушы ма еді? Мен де Айқызды іздедім. Олар Нұртуған екеуі терезенің қасында тұр екен. Абыржи бастағандарына қарағанда, мынау біреңені бүлдірмесе игі еді деп қобалжып тұрған сияқты.

— Мен Ыстыбай атамның бір өлеңін оқып берейін. Атам оны кезінде басқарма болған Төскебай деген құрдасына шығарған екен.


Төскебай, ақылың бар, бас адамсың,

Күнделікті табысқа мастанасың.

Алдап жеп әркімдерден бес-он тиын,

Ақыретке барғанда — масқарасың!
Қарындас сіздің үйде жібек баулы,

Ер жігіт күн көреді дені саулы.

Мұсылман ақыретті ойлау керек,

Ақырет — мұсылманның үлкен аулы!
Бұл өлеңмен айтайын дегенім, Жортар да жамағаттың мәңгілік мекені — көр азабынан қорықса деймін. Мен болдым.

Мектептің іші тағы да гуілдей жөнелді.

— Әй, мына өлеңді Жортар түсінсе жақсы ғой...

— Сөз-ақ болды-ау...

Айқызға қарасам дұрыс дегендей, күліп тұр екен. Жортар болса уы сыртына тепкен қарақұрттай тырсиып, ала көзімен атып жібере жаздайды.
★★★
«Орманбет би өлген күн, он сан ноғай бүлген күн» дегендей, Жортар екеуміз диспансерге екі бөлек қайттық. Бұрын ол мені сары алтындай салмақтап «Джипіне» мінгізіп алатын. Бұл жолы өлмесең өмірем қап дегендей ми қайнатар ыстықта жаяу тастап кетті. Бұл — «ел айрылғанның» маған бағытталаған алғашқы соққысы еді.

Жұмысқа келген соң екі өкпесін қолына алып күтушілер жетті. «Жортар шақырып жатыр» дейді ентігіп. Барсам орынтағында өкпесімен қабынып, өтіменен жарылып, түтігіп отыр екен.

— Түлкіні түлен түртсе түнде жортар деген. Қандай түлен түртіп жүр сен баланы? - деді сіріңкедей жіңішке шылымының күлін шертіп-шертіп жіберіп.

— Ешқандай түлен түрткен жоқ.

— Енді ненің буы желіктіріп жүрген?

— Сасық суы кілкіген арықтан аттағанмен, алқалы топта ақиқаттан аттай алмайды екем.

— Бәлі, ұстазың есуас Домбыра болды ғой. Мен сені дүниеге икемі бар пысық жігіт бола ма деп үміттеніп жүрсем. Мылжыңдықпен малтасын езген нағашымның жолын қуам десеңші. Демократсымақтар...

Ызғарлана сөйлеген Жортар қызбаланып орынтағынан тұрып кетті. Бөлмесін ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Маған столының үстіндегі күнпарақты көрсетіп ақыл айтатын әдетіне тағы басты.

— Бермен қара кішкентай данышпаным, тарихшылар Ленинді жауыз болған екен деп таңғалып жүр ғой қазір, бірақ Сталиннің сойқаны одан асып түскен жоқ па? Хрущевті те күстәнәлап еді, енді «ой- бай, Брежнев одан өткен албасты екен» деп, аһылап- үһілеп шыға келді. Ә-ә, «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген осы. Бұл жерден мен кеткенмен ертең тағы бір Жортар келеді. Қуырдақтың көкесі сонда болып жүрмесін. Ол коммунистердің көсемдерін басқа ұрып санай бастағанда, әкем сүйсініп айтып отыратын «Ай, Абылай, Абылай, Он бір ғана жасыңда, Әншейін-ақ ұл едің, Он бес жасқа келгенде, Әбілмәмбет төренің, Түйесін баққан құл едің, Абылай атың жоқ еді-ау, Сабалақ атпен жүр едің» деген Бұқардайын жыраудың термесі ойыма орала кетті. Міне, сол бетің бар, жүзің бар демей кемшілігін тура айтқан жанкешті жыраудың тілін байлап, басын кеспеген Абылай хан не деген текті еді! Бірақ оны Жортарға айттың не, айтпадың не, бәрібір: «Домбыра сияқты есуастар мен сенің нағашың сияқты мылжыңның жанына не керек осы, а? Тамағы тоқ, көйлегі көк болса жетпей ме?» деп, талағы тарс айырылатыны анық.

— Боспын ба?

— Бар, жоғал.

Азаттық деген арқа-жарқа қуанышты өз жаныңмен сезіну қандай ғажап, сыртқа шығып ем тынысым ашылып, арқам кеңіп сала берді. Осында келгелі еңсемді көтертпей жүрген белгісіз бір зілбатпан жүк те иығымнан өзінен өзі сыпырылып түскендей. Жүрегімде көлік жуушы балаларға деген сүйсіпеншілік сезім тамыздың өрігіндей уылжып қоя берді. Президенттердің тарихын хатқа түсіретін шежірешілер біраз жылдардан кейін мына балалардың біреуі туралы «Ай, Абылай, Абылай...» дегендей, «Бәленбайыншы жылдың түгенбайыншы айында көлік жуған бала еді» деп сүйкектетіп отырмаса неғылсын...


★★ ★
— Көке, сізге хат келді...

Алдымнан арқа-жарқа болып жүгіріп шыққан Тінәлі қолыма бір конвертті ұстата берді. Ойым лезде он саққа бөлінді. Нұртуған нағашыма еліктеп өлең жазатыным бар еді, соның біреуіне редакторлардан келген жауап болды ма екен? Біреуі болмаса біреуін жариялап қалса әжеп емес деген есек дәмемен өлеңдерімді жолдамаған газетім қалмаған шығар. Бірақ бәрінен құрғақ ақылға толы хат келеді де тұрады. Кейбір газеттер, тіпті, аттың бауырына алып, «сабап» та алады. Бір қу тілді редактор шымалдай қаптаған өлеңшілерге жеке-жеке хат жазуға ерінді ме білмеймін, әйтеуір, «Аттарыңды тауып ал» деп, айқайлатып тақырып қойыпты да, шығармалары сынға шыдас бермеген мен сияқты бір топ ақынсымақтардың аты-жөндерін өлең шумақтарының тәсілімен тізіп шығыпты. Тізімінің «тұздығы» да тұщымды сайтанның.

«Қожанасыр бір тойдан тойып шықса, қара басып, өзінің атын өзі танымай қалыпты. Бірақ бұл масқаралығын жұртқа білдіргісі келмеген әпенді «уа, жамағат, мен қазір атымды атамын, тез өз аттарыңды алып, тайып тұрыңдар» деп, доқ көрсетеді-міс. Қожанасырдың мінезінен құлағдар жұрт «мына сойқан атса атып тастар» деп, аттарын дереу аулаққа алып кетеді. Сол кезде Қожекең мама ағашта жалғыз қалған атына мініп кете барады. Сол сияқты дейді, — әлгі жағыңа жылан жұмыртқалағыр редактор, — сендер де аттарыңды тауып алыңдар депті де, қаптаған аты-жөнді «Нақ-нақтың» әнімен ұйқастыра термелеп шығыпты. Бір жағынан киім-кешектері сияқты аты-жөндері де ала-құла болып келетін ақын ағайындарды да «дырау қамшысымен» бір-бір осып өткен бе, немене:
Тобылғының түбінен,

Қазық алдым, сылқ-сылқ!

Бөдененің етінен,

Азық алдым, былқ-былқ!

Екі манақ, нақ-нақ,

Айта бар, қайта бар,

Д.Құдабай, М.Жұмабай,

Ішім-ай! Дертім-ай!

Қаба-Сақал Еркін-ай,

Мырзатегі Ерсін-ай,

Кәкітайүлы Берсін-ай,

Қ.Шоқыбас пен К.Құтыбас,

деген серілерге де сәлем айта бар!
деп оспақтатады жазған. Менің аты-жөнім осы түбің түскір «өлеңсымақтың» қайырмасындағы «К.Құтыбас» деген болады. Содан бері хат-хабар, газет-жорнал дегеннен «қара қағаз» келгендей жаным түршігетін болған. Мына хат та сау сиырдың жаппасы емес шығар, әйтпесе сүйінші сұрап сәлем жолдайтын екі туып бір қалған кімім бар еді» деп конвертті қорқа-қорқа қолыма алдым.

Хаттың түр-түсі біздікіне ұқсамайды. Мөрлері де, әріптері де шет елдікі. Тек конверттің ішіндегі қағазға өрнектелген маржандай жазулар ғана көзіме жылыұшырап, қобалжыған көңілімді орнына түсірді. Біздің сыныпта бүйтіп тек қана Сана жазатын. Ал- пыс екі тамырымды нағшымның «ыстық дәрісі» қуалап өткендей болды. Көзіме жас сияқты бірдеңе үйірілгендей.

«Тұманды Альбионнан Сәлем!

Сәлематсың ба, Көркемтай! Хал-жағдай, денсаулығың жақсы ма? Ата-анаң, бауырларың аман-есен бе? Демалысты қалай өтізіп жатырсың?

Өзіме келетін болсам, дін аманмын. Бұл жақтың ауа-райына да, адамдарының мінез-құлқына да бойым бірте-бірте үйреніп келеді. Жақсы ел, көркем қала, тіпті, сен жақсы көретін жазушы Конан Дойль тұрған Бейкер-Стрит көшесінің қызықтары да ғажап; бірақ өзіңнің туған жеріңе ештеңе жетпейді екен.

Есіңде ме, сабақтан қайтып келе жатқанда маған ұлын аш-жалаңаш жұртты, ауру-сырқаулар мен қайыршыларды көрсетпей тәрбиелемек боп үлде мен бүлдеге толы сарайынан шығармай ұстаған патша туралы айтып беріп ең ғой. Бірақ ол бала өсе келе әке сарайының аста та төк ас-суы мен жанына жайлы тұрмысын тәрк етіп, ақиқатты іздеп жолға шықпаушы ма еді. Мен қазір ежелгі Үнді елінің Шакья тайпасынан шыққан сол Сиддхарта Гаутма2 сияқтымын.

Лондонда оқу үшін жан-жақтан келгендер өте көп. Бәрі ауқатты адамдардың ұл-қыздары. Солардың қызық қуып, қыдырумен жүргенін көргенде сен сияқты дарынды балаларды осында оқытса ғой шіркін, деп армандаймын.

Қайғы-мұңымды айтып көңіліңді жабырқатпайын. Хат жазып, елдің жаңалығын, ағайынның амандығын айтып тұр. Ауылды ойласам жылағым келеді. Ал хош, көріскенше күн жақсы болсын.

Сәлеммен, Сана!

7. 07. 2007.

Лондон».

Тікемнен тік тұрған күйі хатты екі қайтара оқып шықтым да, астаң-кестең болған көңіл толқынын тыныштандыра алмай шарбақтың іргесіндегі орындыққа сылқ етіп отыра кеттім. Биылғы демалыстың менің гұмырнамамдағы күрт бұрылыстың біріне айналғанын ол қайдан білсін.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет