Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет5/58
Дата15.12.2016
өлшемі6,93 Mb.
#3880
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58

ОН СЕГІЗІНШІ СӨЗ
Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек - дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ - кербездің ісі.

Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» - дейтұғын болмаққа ойланбақ.

Мұның бәрі - масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы - қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық.

1893
ОН ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады.

1893
ЖИЫРМАСЫНШЫ СӨЗ
Тағдырдың жарлығын білесіздер - өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол - тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?

Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын.



1894

ЖИЫРМА БІРІНШІ СӨЗ
Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы - қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік - адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді - осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез - ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол - надан, ләкин надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол - наданның наданы, ләкин өзі адам емес.

Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді.



1894

ОТЫЗ ЖЕТІНШІ СӨЗ
Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.

Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.

Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.

Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады.

Әкесінің баласы - адамның дұшпаны.

Адамның баласы - бауырың.

Ер артық сұраса да азға разы болады.

Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.

Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың.

Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал.

Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват.

Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім.

Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды?

Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?

Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза, қуаты артында болғаны.

Қуанбақтық пен бақ – мастықтың үлкені, мыңнан бір кісі-ақ к...н ашпайтұғын ақылы бойында қалады.

Егер ісім өнсін десең, ретін тап

Биік мансап - биік жартас

Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,

Екпіндеп ұшып қыран да шығады;

Жікшіл ел жетпей мақтайды,

Желөкпелер шын деп ойлайды.

Дүние - үлкен көл,

Заман - соққан жел,

Алдыңғы толқын - ағалар,

Артқы толқын - інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер.

Бақпен асқан патшадан

Мимен асқан қара артық;

Сақалын сатқан кәріден

Еңбегін сатқан бала артық.

Тоқ тіленші - адам сайтаны,

Харекетсіз - сопы монтаны.

Жаман дос - көлеңке:

Басыңды күн шалса,

Қашып құтыла алмайсың;

Басыңды бұлт алса,

Іздеп таба алмайсың.

Досы жоқпен сырлас,

Досы көппен сыйлас;

Қайғысыздан сақ бол,

Қайғылыға жақ бол.

Қайратсыз ашу - тұл,

Тұрлаусыз ғашық - тұл,

Шәкіртсіз ғалым - тұл.

Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң - өзің ғана тілейсің

1896


Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. Өлеңдер мен аудармалар. Поэмалар. Қара сөздер.

Алматы. «Жазушы», 2002. 124-146 бб.

ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДИЕВ
АДАМДЫҚ БОРЫШЫҢ
Адамдық борышың –

Халқына еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз,

Өнерсіз,

Болады ақыл түл.

Мақтанға салынба

Мансаптың тағы үшін,

Нәпсіңе билетпе

Басыңның бағы үшін.

Өміріңді сарп қыл өлгеніңше,

Жоба тап,

Жол көрсет,

Келешек қамы үшін.

Қайтадан қайрылып

Қауымға келмейсің,

Барыңды,

Нәрінді


Тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,

Шын бақыт –

Осыны ұқ,

Мәңгілік өлмейсің!

ДҮНИЕ МЕН ӨМІР
Білімділер насихат көп жазады,

Адам үшін уайым жеп жазады.

Байқап оқып отырсам, соның бәрі:

Дүниені «сұм, алдамшы» деп жазады.


Мұндағы тіршілікке қадам бастым,

Рахат, бейнет, әр іске араластым.

Өмір бойы қуанбақ жынды ісі ғой,

Кейде асып, кейде қашып, кейде састым.


Рахат көрсем, сыйдырып мақтаныма,

Таласы бар кімнің деп тапқаныма,

Қарсы жалдап, қайраңдап шыға бердім,

Көнбедім деп жалғанның қаққанына.


Қайғы көрсем: «дүниенің жалғандығы, –

Дедім, - алдап, мінеки, алғандығы».

Ол не десең, бұрынғы жазғандардың

Сөзі орнығып көңіліме қалғаңдығы.


«Мен де соққы жедім, – деп, – сұм дүниеден»,

Көп жазып ем, оныма өкіндім мен.

Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы

Болыпты не біреуден, не өзімнен.


Дүниенің ол туралы жазасы жоқ,

Біз сөкті деп токтай ма алла атқан оқ.

Пәрменімен айналған шархи фәләк1

Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк.


Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе,

Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе,

Әлбетте, бұл — тағдырға наразылық,

Түбі аллаға қарсылық, ондайға ерсе.


Кім үйретті дүниені жамандатып,

Оны сөгіп, өзіңді амандатып?

Мұны үйреткен — білімсіз шала молда,

Қу қазыкқа байлаған табандатып.


Кейбіреулер жазады «қу өмір» деп,

«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір» деп.

«Көрген қызық, қылған іс – бәрі де ұмыт,

На көлеңке, яки түс, у өмір» деп.


Бұған да еріп көп жаздым түшіркеніп,

Білімділер сөзі деп ентеленіп.

Өмір емес, алдаған өзіңді-өзің,

Пәленшекем айтты деп қалма сеніп.


Бұл екі сөз айтуға тым орайлы,

Жүрекке әсер берер сонша жайлы.

Терісті де дұрыс деп сендіретін

Шешендердін келеді тілі ыңғайлы.


Дүние деген қызыққан ісің болса,

Қызықтырған кім сені оған онша?

Пайдасыз, баянсызын біле тура,

Қуа бердің ойланбай неге сонша?


Өмір деген жастықтан қартаймақ па,

Бейнет, рахат, байлықпен мал таймақ па.

Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл,

Жала жауып, салынба жантаймаққа.


Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман,

Ажал алмай қоймайды ешкімді аман.

Өлмей, өшпей, қартаймай жүргің келсе,

Ол – болмай ма тағдырлы жамандаған?


Тумақ, өлмек, қартаймақ болмай қоймас

Қанша қызық көрсе де, пенде тоймас.

Сол тоймастық – дүниені жамандатқан

Сен сөкті деп тағдырды қайта жоймас.


Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,

Дүние – алдамшы, өмір – қу деп елерме.

Қамдан, сақтан, қағып бақ, бәле келсе,

Бәрін құдай қылады дегенге ерме.


Қаза келсе, өзіңнен, иә біреуден,

Немесе бір нәрсенің себебінен.

Дауың дұрыс бола ма, ойласаңшы,

Өмір – қу, дүние – алдамшы дегеніңмен?


Дүние – алдамшы, өмір – қу есерлерге,

Есерлікпен жолығар кеселдерге.

Ол екеуі мінді емес, мін өзіңде,

Сөзің бөлек өзгеден десеңдер де.


ТАЛАП ПЕН АҚЫЛ
Талап деген бір жүйрік тұлпар сынды,

Бабын таппай мінгенді қылар жынды.

Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,

Ал енді оған кісі қайтіп мінді?


Талап шапса ақылға мініп алып,

Жақсы, жаман бәріне бірдей салып.

Анық ақыл адымын аштырмайды,

Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.


Талап деген ындынмен ентелемек,

Ойға алып, қызыққанын қылсам демек.

Ол ісі орайлы ма, орайсыз ба,

Ойланып оны ақылға салса керек.


Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,

Тоны жүрек болады, мида басы.

Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға

Талаптың алты түрлі бар ноқтасы.


Ынсап, ұят, ар, рахым, сабыр, сақтық –

Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.

Алтауының ішінде ынсап әділ,

Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық.


Ынсап деген аспайды, кем қалмайды,

Орнын таппай ол, сірә, қозғалмайды.

Рахым жақсы көреді аяғанды,

Адамға қаттылықты ойға алмайды.


Ар демек — адамшылық намыс деген,

Арың кетпес жағыңа қарыс деген.

Теріс ұғып жүрмесін мұны біреу,

Сөз емес күншіл болып, алыс деген.


Намыс сол – өзің қорлан кемдігіне,

Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдігіне.

Алмай өз алдыңғының аяғынан,

Соқтықпай өзің ізден еңбегіне.


Ұят сол – аулақта ұял көргендей-ақ,

Ұрлаған малың шығып бергендей-ақ.

Орынсызды істеуге өлгенше ұял,

«Ұят күшті өлімнен» дегендей-ақ.


Сабыр деген – әр іске шыдамдылық,

Қатты керек адамға бұл бір қылық.

Қолы жетпей талай жан ызданады,

Осылай көп шығады адамшылық.


Сақтық деген – әрқашан байқап жүрмек,

Пайда ма, не залал ма, ескерілмек.

Көргенін, естігенін есепке алса,

Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек.


Ойменен, талаппенен болды сегіз,

Айтылмай ойда қалды неменеміз?

Өзге жақсы мінездің бәрі-дағы

Шығады осылардан түгел деңіз.


Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан!



АДАМ НЕМЕНЕ?
Білімділер сөз жазып, зарлағанда,

Ой кезіп, жердің жүзін шарлағанда,


Алдаусыз адам өмірін түзетерлік

Әділет, ынсап, мейірім бар ма адамда?


Әйтпесе мәз боп жүр ме қиянатқа,

Зорлықпен бірін-бірі жалмағанға.


Мен адамнан таза ақыл таба алмадым,

Ойланып, өзеленіп, қармағанда.


Көрсеқызар, жалмауыз, бәрі алдағыш,

Көп адамның қылығын барлағанда.


Өнерпаз, білімді елдің мінезі осы —

Аяу, жәрдем, махаббат қалмаған ба?


Немесе бұлар бұрын жоқ болса да,

Әншейін бар деп бізді алдаған ба?


Көрінер ғылымды елдің сырты таза,

Тексеріп терең ойға салмағанда.


Ақымақ пен айуанның иісі аңқиды,

Істерін әбден сынап талдағанда.


Кей-кейде «түзелейік, кел» деседі,

Кешікпей соғыс ашып, белдеседі.


Айласы артық, қаруы сайы жеңіп,

Мақтанып «бар ма біздей ел? » деседі.


Тамам жан өзін-өзі «мен» деседі,

Өзгелерді жатырқап «сен» деседі.


«Біз» дейтұғын бір елді таба алмайсың

Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі?


Ойласаң, барша адамзат - туған бауыр,

Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр.


Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ.

Бұл сөзім талай жанға тисе де ауыр.


Европа білімді жұрт осы күңде,

Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде...


Бақ-дәулетті мол берді жаратылыс,

Пайдаланып, қылсайшы жақсы жұмыс.


Табиғаттың таусылмас қасиетін

Жұрттың жұмсап жүргені - ақылсыз іс.


Қайда кетті жаралыс берген байлық,

Ұстанғалы әскер мен қару сайлық?


Жаны ашымай әлсізді аңша қырып,

Мейірімсіз, озбырлығы осындайлық.


Мұнысы айуаннан қалай дейсін,

Бір жаңа өнер шықса, «пәлі-ай» дейсің.


Ол өнермен өзгені құлданып ал,

Аямай өз баурыңды қалай жейсің?


Күн көре алмай жақының жатыр өліп,

Шіміркенбей жемтігін жейсің бөліп.


«Ғылым деген бұл болса, адыра қалсын»,

Демеске бара жатыр ішім толып.


Қанеки, ақ жүрекке қайсың жеттің?

Жеттім деп тамам жанды тентіреттің.


Жиырмасыншы ғасырдың адамынан

Анық таза бір елді көрмей өттім.


«Мен - ақ жүрек» деген сөз босқа шығын,

Қару, күшпен көрсетіп қасқырлығын,


Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ,

Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым.


Қару, әскер тастаудың жөні келмес,

Неге десең, біріне-бірі сенбес.


Тамам адам періште болмай тұрып,

«Ал, түзелші» дегенге ешкім көнбес.


Айла, күш - айуандықтың ең жаманы,

Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес.


Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.


Құр айтқанмен қолынан түк келмейді,

Ақ жүректі таза адам болса кем-кес.


Қас түзеймін деп жүріп көз шығарып,

«Қалмақ ойын» ойнаумен ештеме өнбес.


Жас баланы ұрғанмен шырылдатып,

Ойы толмай тұрғанда ақылы өнбес.


Араны ашық жалмауыз, арсыз төбет

Аулақта жемтік жеуден жиіркенбес.


Адамның сыртқы дене жаралысы,

Нәпсісі айуанмен анық теңдес.


Бөлектігі - жалғыз-ақ таза ақылда,

Әлің келсе, жол тап та, осыны емдес!



АДАМШЫЛЫҚ
Кісіге адамшылық неге керек?

Адамдық - өзге айуаннан артық, демек!

Ит талаған төбеттен қалай дейсің,

Аямай әл келгенін жұлып жемек.

Мейірімсіз қасқырда да күшті өмір бар,

Артылған жерін қайсы онан бөлек?

Үнемі сен жерінді қайдап білдің?

Бұл дүние кезек берер істі өңгелеп.

Онан қорқып, обырлық қоймасанда.

Адам боп, хайуаннан болсақшы ерек!

Жалмағанша, жәрдемін тигізсеңші,

Жығылған, жылағанға болып көмек.

Мархабатты2 теріс деп кім айтады?

Адамшылық сол дейді тамам зерек.

Мейірім - жақсы, зұлымдық - жаман дейсің,

Қасқырлыққа қайтесің құр дөңгелеп.

Жаны ашып жәрдем қылмай еткен адам –

Өсіп, өшіп құлаған бір бәйтерек.


* * *

Қаламым - қарындасым - жан жолдасым!

Жау болды, жан аяспас сан жолдасым.

Қайрылып, мейірімденіп қарамайды,

Кеше аласа, бүгін зор, паң жолдасым...
Жарқырап нұрын шашып, жанады шам,

Талайлар пайда алады жарығынан.

Су тамып, не жел тиіп сөне қалса,

Көрмей, басып, таптайды пайда алған жан


Демеймін мұңымды айтып зарланайын,

Жаралыс солай қылған адам жайын.

Жарық алып жалғанды тексерсең де,

Таза жүрек таппайсың, сол уайым...


Құдайбердиев Ш.

Шығармалары. Өлеңдер, дастандар, қара сөздер.

Алматы, Жазушы, 1988.

334-348, 262-267, 110-111, 154-157, 256-257, 197,

202-203, 234-235, 42-43, 200-201, 158-159, 166-167 бб.

Шәкәрім. Қазақ айнасы. Алматы. Атамұра, 2003. 11-169 бб.
ҮШ АНЫҚ
Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан – дегеніміз ынсап, әділет, мейірім.
СӨЗ БАСЫ
Кетті, келді,

Толды, семді,

Өзгеленді бұл ғалам.

Туды, өлді,

Жанды, сөнді,

Өршіп өнді қайтадан

Дөнгеленткен,

Өңгеленткен,

Түк білімсіз күш емес пе?

Тіпті мінсіз,

Кемшіліксіз,

Есті қылған іс пе екен?

Жан деген не?

Мүлде өле ме,

Шын жоғалып сөне ме?

Дене жөн деп,

Жоғары өрлеп,

Жаның мен деп келе ме?

Осы дүниеде көзге ілінбейтін кішкентай жандылардан бастап адамдарға шейін бәрі өзі һәм нәсілділерінің жақсылықта болып өсіп-өнуіне қам қылады. Мұны «барлық таласы» дейді. Бұл жаратылыстың берік жолы. Сондықтан барша адам шамасына қарай қай бірі өзі үшін, кей бірі табы үшін, қай бірі барша адам үшін жақсылық бақ іздейді. Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады.

Тіршілік туралы адам арасында көптен бері айтылып келе жатқан екі түрі жол бар. Бірі, дене өлсе де жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бұл тіршілікке, тіпті, ұқсамайтын бір түрлі өмір бар. Сондықтан жалғыз ғана дүние тіршілігінің, қамын ойламай, сол соңғы өмірде жақсы болудың қамын қылу керек дейді. Мұны ақырет – өлгеннен соңғы өмір жолы дейді. Енді бірі бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп жаратқан иесі жоқ, һәм өлген соң тірілетін жан жоқ дейді. Менің ойымша, осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу ақылы сау адамға қатты міндет. Неге десең адамды түркілікті бақытқа жеткізбек болсақ біліп жаратушы ие бар өлген соң да бір түрлі өмір бар деген жолдың шын, өтірігін білуіміз керек. Егер шын болса, соның да қамын ойлап, адамдарды түпкілікті бақытқа жеткізу үшін, егер өтірік болса, оған әуреленбей жалғыз ғана осы дүние қамын қылу үшін, олай болса бұл екеуін қалай тексереміз? Оны тексерушінің әр түрлі діндер жайынан, әр түрлі ғалым жайынан әрбір білімділердің сол туралы айтқан сөздерінен хабары болу керек. Және қатты керек бір шарты – өзінің тұтқан діні, оқыған-ұғынғаны, қалыптанған әдеті, құмар ісі бәлендей жақсы кісі айтты деп нанып қалған сөзіне біржола байланып қалмай, ақылын әбден шын босатып сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөз, қылған істері һәм оларға қарсы айтқан сөздердің бәрін ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынау керек. Әйтпесе, адам әдет, құмар нанымынан шыға алмай, арқандаулы ат сияқты болады. Және өзінің мынау жөн дегенін халық алдына салғаны жөн. Неге десең, қайсысы болса да әбден сыналып, тазарған соң шын болмақ.

Бұл екі жолдың түбі қайдан шыққанын тексерсе, адамдардың біз һәм әлемдегі барша нәрселердің қайдан бар болғанын, мұны кім жаратқан деген ойынан шыққан. Неге десең, адамның ақылы оны ойламай тұра алмайды және адам жаңа бір нәрсені көрсе мұны кім жасаған, бұл неге керек демей қоймайды? Сондықтан жаратуышыны іздеп әркім әр түрлі ой жүргізген. Тіпті, ескі замандағылар жаратушы осы деп немесе осында жаратушының қасиеті бар деп күн, от, ағаш, тас сияқтыларға табынған. Немесе әр нәрсенің бір тәңірісі бар деп сурет жасап табынған. Онымен де тұрмай адам қолынан келмейтін істерді істеген алдамшы жәдігөй, бақсы, дуана сияқтыларды да тәңірінің орнын басады деп сондайларға да табынған. Сөйтіп, соқыр кісіше сандалып жүргенде пайғамбар дегендер шығып, барлықтың бәрін жаратқан ие бар, өлген соң бір түрлі тіршілік бар, осы өмірде қылған ісіңе қарй ол өмірде де өлшеусіз бақ, қиын азап бар, мұны бізге сол жаратушы ие білдіреді дейді. Сіздерге ұқтыруға бұйырды деген. Ол кездегі адамның бір қатары бұған нанып ерсе де, бір қатары нана алмай бұрынғы қалып алып қалған әдетінен шыға алмаған.

Енді біліп жаратқан ие де жоқ, өлген соң өмір де жоқ деген жолдың түбінде осы барлық әлем иеден бар болды деген ойдан шыққаны төменгі сөзден мәлім болды. Ескі заманның білімділері әр нәрсенің түпкі негізі неден жарағанын тексеріп, тамам нәрсенің негізі төрт нәрсе деп білген. Онысы – от, су, топырақ, ауа. Олардан кейінгі білімділер ол төрт нәрсенің әр біреуі әлде неше негізден жаралғанын таба-таба жақынырақ кезде түп негізі сексен шамалы екенін тапты. Әр дененің көзге ілінбейтін кішкентай тараулардан қосылып жаралғанын тауып, ол кішкентайды қанша ұсақтаса да ақырында, тіпті, бөлуге келмейтін болады. Сол бөлінуге келмейтін түп негіздердің атын Европаның атом деп атап, арабша мадда немесе әсер деп атады. Біздің қазақша аты жоқ болған соң бұл кітапта біз оны атом, мадда деп атаймыз. Сөйтіп барша нәрсе сол сексен шамалы атомдардың бір-біріне қосылғанына дене жасап, әлде неше түрге түсіп, бірі-бірінен өршіп, жаралып жатқанын тапқан.

Мұны алғашқы тапқан ион-грек жұртының Пифагор деген білімдісі. Кейбіреулердің сөзіне қарағанда Пифагор оны Финикия жұртынан үйренді дейді. Олай болса алғашқы тапқан Финикияның Садда деген қаласынан шыққан Моско деген адамы болады. Кім бұрын тапса да, бұл атомды басында не нәрседен жаралғанын, оның не іске жарайтынын білу үшін іздеп тапса да, гректің Эпикур уа Демокрит деген білімділері сол атомды дәлел қылып, барық әлем атомнан өршіп жаралып жатыр, оны былай қылайыншы деп біліп жаратқан ие жоқ деген бір жолға негіз салды.

Араб жұртының патшалығы зорайып әр елдерді қол астына қаратқан Аббас тұқымы патша болған кезде ион-гректің білімділерінің жазған кітаптарын араб тіліне көшіргенде осы атом туралы сөздерді араб тіліне көшіріп, мұсылман молдаларының ортасына: барлық әлем басынан бар ма еді? Соңынан жаралды ма деген дау кіруіне осы атом себеп болды. Соңғы кезде Европаның Гасенди, Декарт, Ньютон, Линней сияқты ойшылдары бұрынғы Эпикур, Демокриттерден қалған жаратушы ие жоқ дегенді қайта жаңғыртып, Европа арасына сол ойдың жайылуына себеп болды. Және атомдар бірін-бірі тартып қосылуына бір күшті дәлел табылды. Ол әр нәрседе бірін-бірі тартатын қуат барлығы. Оны орысша притяжение деп, арабша тажазиб дейді. Мұны алғашқы тапқан Англияның Исаак Ньютон деген ойшылы.

17 жүз жылдарда (ХVІІ ғасырда – құрастырушы) алманың үзіліп жерге түскенін ойлап тапқан. Бұл біліп жаратқан ие жоқ дегенді ұғымдырақ айтсақ, әлемдегі бар нәрсенің негізі сексен атом, солар бірін-бірі тартатын притяжение заңымен қосылып, дене жасап, бірінен бірі өсіп, өзгеріп жатыр, оны былай қылайын деп әр қайсысын әр бөлек жаратып жатқан ие жоқ және жан деген өз алдына бір нәрсе емес, сол атомдардан жаралған дененің бір қозғалысы өзгерістерінен шыққан сипат.

Адам өлген соң дененің барша құраулары шіріп, шашылып, бытырап әр қайсысы өз атомдарына қосылып кетеді де, жан дегенің бір жола жоғалады. Сондықтан өлген соң тірілу жоқ дейді. Жақын кезде шыққан бір кітапта Европаның осы кездегі білімділері атомды электрия қуатымен әлде неше бөліп, ол ұсақтың атын электрон қойды дейді. Мұның арабша аты жоқ болса керек еді. Жақында бір оқыған кітапта «Хихату хахараба аиие» депті. Мағынасы электрия талқаны деген-ау деймін. Бұлай болғанда атомдар да бөлінгені ғой. Осы кезде білімділер жоғарыда айтқан сексен шамалы негіздің бәрінің негізі бір нұр екен деп жүр дейді. Олай болса, барлық әлемнің түп негізі нұр болғаны дейді.

Нұр-жарық. Нұр күннен не оттан шықса да, жан-жағының бәріне күлтеленіп шығады. Нұр бір секундта үш жүз мың шақырым жүреді. Күннің нұры жерге 8 минут, 17 секундта келіп жетеді. Күннен де алыс кейбір планета жұлдыздың нұры жерге үш жүз жылда жететіні бар. Тіпті, алыстарының нұры жерге мың жылда азар жететіні бар. Нұрдың жүрісін білімділер орысша Юпитер, мұсылманша Муштари деген.

Планеттің (планетаның – құраст.) Пик деген төрт жолдасы Юпитерді айналғанда, көлеңке жағынан шыққаннан өлшеп тапқан. Ол Юпитер Күнді айналғанда он екі жылға жақын мезгілде бір айналып шығады. Бұл нұрдың жайын жазғандағы мақсұтым мынау нұр да өздігінен бар болмай бір нәрседен шығатыны, о да қозғалып жүретіні ойда болсын. Және барлық әлемнің ұшы қиыры жоқ көп зорлығы білінген әлемге қарағанда, білінбегендердің есеп өлшеуге келмейтіндігі оқушының ойында болсын дедім.

Жоғарғы айтылған барлықтың бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп біліп Жаратқан Ие жоқ деген жол әлдеқашаннан айтылып келе жатса да, әсіресе 17-18-19 жүз жылдардың аяқ шеніне шейін Европа ішіне көбірек жайылды. Олардың дәлелдерінің, күштірек дегендерін айталық:

дәлел: қайта айналыс жолы.

Барлық нәрсенің түп себебі бұрыннан бар қуатты дене (сила вещества) атом. Әр нәрсені өсіп-өндіретін сол дүниеде еш нәрсе жоғалмайды, бірақ өзгереді. Әр планета, Жер, Күн, Ай болсын басында газ, түтін, жалын сияқты болып көп заманнан соң салқындап қатты дене болып, осы бір қалыбында қалмайды. Бірталайдан соң біріне бірі соқтығу сияқты бір себептермен қайта газ болып, онан сұйық, онан тағы қатты дене болып сол үш түрге түседі де жүреді. Қайта қатты дене болған кезде бұрынғысынан жер де, басқалар да не үлкен, не кіші дегендей басқа түрде болуы мүмкін. Және ол қайта жаратылыста жер де, адам, хайуан, өсімдіктер болады. Бірақ өлген соң бізден сезім кетіп, ол өзгерістен еш нәрсе сезбейміз. Ол қайта жаралыста біздің білім, шаруа, байлық, дене сияқтыларымыз мұнан, тіпті, басқа түрде болады. Және барлық әлем біржола газ болмай, бір жағы газ болып жатқанда, біржақтағылары қарайып, қайта жаралып жатса керек.

Мұның бәрін өзгертіп өзінен не шығып, не болып жатқанын сезбейді дейді.

2-дәлел: жаратылыс жолы. Мұқым барлықтың бәрін бар қылып тұрған жаратылыс жолы. Сондықтан біліп жаратушы ие деген бекер сөз, ол жаратылыс жолы осы жаралғандардың өзінен бөлек нәрсе емес. Осыдан бөлінбейтін заң барлықтың бәрі сол заңнан еріксіз жаралып жатыр. Ол заң өсіп өнуге, жоғарылауға ұмтылып ең жақсыны сайлап алады. Сондықтан бүтін әлемдегі планета, жұлдздардың жаралысы, жүрісі, адам, хайуан, өсімдіктердегі һәм басқа нәрселердің дене бітімі, жаралысы, реттері толық жарасымды мақсұтты жолмен жаратылған дейді. Бұл – философ Литерие сөзі.

3-дәлел: тұқымдастық жолы. Жоғарыда айтығандай, бар нәрсе өздігінен жаралып жатқан соң жаратушы деген жоқ. Құрғақтағы хайуандар, адамар, өсімдіктер, құстар – бәрі теңізден туған. Теңіз жерді орап алғандықтан су хайуандары, өсімдіктері құрғаққа шыққан. Жер жүзіндегі өсетіндердің жандылардың бәрі басында су хайуаны. Неге десең, қырда не түрі жандылар болса, теңізде де соған ұқсастар бар. Теңізде жылан, ит сияқтылар болғанымен тұрмай, құс сияқтылар да болған. Сондықтан бұларды бөлек-бөлек Жаратқан Ие жоқ дейді (Маиенің сөзі).

4-дәлел: дене сезімі. Біз әр нәрсені денедегі сезімімізбен білеміз. Мұқым барлық бәрі жаралыс жолымен еріксіз бар болып жатқанын көріп біліп тұрмыз. Егер біліп Жаратушы Ие бар болса, бұл жаратылыс себептерінің түк керегі жоқ болар еді. Неге десең, бір Жаратушы білімді құдірет бар болғаннан соң бұл себептердің керегі не? Сондықтан біліп жаратушы жоқ дейді. Бұл – Бюхнер сөзі.

5-дәлел: әр түрлілік. Барлық дүниеге қарасаң тасы, ағашы басқа өсімдіктер, хайуандар, адамдар, су, от сияқты, тіпті, біріне-бірі ұқсамайды. Бұл нені көрсетеді? Бұл әр нәрсе қалай болса, солай кезі келгендіктен себебіне қарай жаралып жатыр. Оны былай болсын деп жаратушы жоқ екені осыдан мәлім дейді. Бұл Ғайсадан үш жүз жыл бұрынғы Демокрит сөзі.


* * *
Жоғарыда айтып едік, бұл біліп жаратушы ие жоқ деген жол ХІХ ғасырдың аяқ шеніне шейін Европа ішінде көбірек жайылды. Онан кейін бұл жол нашарлыңқырады. Оның себебі, магнетизм, спиритизм, телепатия дегендер шыққандығы болды. Оның мәнісі мынау: магнетизм бір адамның жанының қуатымен әсер беріп, еріксіз ұйықтатып, сонан өткен бір істі немесе келесіде болатын бір істі сұрап ғайыптан хабар айтқызады Һәм басқа істерді істетеді. Спиритизм өлгендердің жанын шақырып келтіріп ғайыптан хабар айтқызады. Кейде қағазға да жазғызады.

Телепатия, тіпті, алыстағы тірі адамның жанымен өз жанын хабарластырып, соған ұнағанын істете алады. Осындай адам таңқаларлық бұрын сыры білінбеген метафизика жаралысы жолымен жоғары қуат барлығы анықталған соң, бұрыңғы дене сезіміне ғана нанып, онымен білінбеген нәрсені ғана жоқ деп жүргендердің ойын шатастырып басқа ойға түсіреді.

Жан, рух. Жан деушілердің сөзі жоғарыда айтылып еді. Сөйтсе де біраз ұғымдырақ қылып айталық: сөзі мынау – дененің арасы сезімнің орта тұрағы, центрі мида, ол тоқтаса, бәрі де тоқтайды. Сол мидағы орта тұрақпен мұқым денелер арасындағы сезетін, қимылдататын тамыр-сіңірлерге тұтастыратын бір жалғастық (проволкі) бар. Сондықтан жан деген бөлек нәрсе жоқ. Егер жан бар болса, ми жан болар еді. Оның жан емес екендігін көріп біліп тұрмыз.

Дене әрқашан өзгеріп тұратын болғандықтан, жылдар, уақыттар өту себепті, біржола өзге дене болып ауысады. Адамның әр түрлі сезімі, әр істі істеуі сол мидың өзіне ғана біткен сезу, ескерулер. Ол денеше әрқашан өзгеріп тұрмайды. Адам өлген соң, дененің құраулары шашылып-бытырап басқа бір өсімдік, хайуандарға кіріп араласады. Сөйтіп әркім өзіне арнаулы жаны болмай, біреуден біреуге көшіп жүретін болған соң, не дене, не жан қайта тірілу жоқ. Адамның сезімім, өмірім деп жүргені сол миға біткен сезу, әсерленудің жаңаруы, әрбір жаңаны сезуі ғана. Өзге бөлек ешнәрсе емес. Ол өзгеріп тұрған дене бұрынғы дененің өзі емес, құры ұқсаған болады. Сондықтан, адам оны өзім деп біледі дейді.

Енді жан туралы ой жүргізген білімділердің сөзін айталық: Герман Шефлер деген білімді айтады: жан атом қуатынан құралған бір қуат дейді. Уиршо – тіршілік механика дене машиналарының 10 түрінен бір түрі дейді. Доиуареман: әр тамырда электрия бар; ой денедегі атомдардың қозғалысының әсері дейді. Стуармель: адамның тіршілігі бізге сондай қиын бір сырлармен байқалады. Дүние тіршілігі жаратылытың өзге көп қиын сырларына қарағанда түпсіз, өлшеусіз; бостықтағы кішкентай арал сияқты дейді. Ж.Дольн: жан атом, дене емес, жаннан шыққан әсерлерде дене қасиеті, жөні, ой, оймен суреттеу, ойға түсіру сияқты жан қасиеттерінің түбі де жоқ, суретте және жан қасиеттері заман, уақыт астына кірмейді. Бұл – ақылдың өзінен шығатын қасиеттерді дене жаралысының еш сипатымен сипаттауға, өлшеп ұйқастыруға келмейді.

Бұлайша болып жан жаралысынан денеден шыққан соң, денедегісінен қуатты болып, тіпті, жоғалмайтындығы білінеді. Шын анықтап қарағанда, жан дене сияқты емес. Дене өледі, өзгереді. Жан олай емес, екеуі бірігіп тұрған кезде бір-біріне қатты әсер береді. Ашу, жек көру, сүю сияқтылардың әсері бетке шығады. Жан қатты әсерленсе, денені қиыншылыққа түсіреді. Кейде қапиядағы қатты қуаныш, қорқыныш, қайғы адамды өлтіріп те жібереді. Жан мен дене біріне-бірі жат, бөлек жаралған болса да, бірігіп тұрғанда үстіп біріне-бірі әсер береді. Докторлардың айтуынша, бір нәрсені ойлап сүрендеген ой денеге әсер береді дейді (Дольн, Декарт). Жан мен дене бір-біріне, тіпті басқа түрмен болса да, Жаратушы ол екеуін бірі-біріне әсер беретін қозғалыстан болғызған жанға денесімен әсер беріп, денені жан әсерімен қозғалыс қылғызған дейді Олер.

Жан мен дененің бір-бірімен әсер беруі қайтарыс жолымен дейді, мәселен, тасқа соққан дауыс қайта естілген сияқты (Кодрос). Жан мен дене арасында орта себеп болатын бір нәрсе бар, екеуінің де қасиетіне ортақ болатындықтан екеуін қосып жарастырып тұрған сол дейді (Ж.Дольн). Бұл туралы былай айтады: жан бөлінуді қабыл алмайды. Және денемен бір жола бірігіп те қалмайды. Ол екі араға тағы бір нәрсе қосып, оның міндетін анықтауға ақылымыз жетпейді. Бірақ ондай нәрсе бар болса, өлшеу, сипаттауға келмейтін бір мысал, яки қиял, сәуле сияқты болып, сол тамыр-сіңірлер арқылы әсер беретін шығар дейді (Ж.Дольн).

Ж.Дольн және айтады: бұл ортақ дене дегенді айтатын себептері Францияның военный академиясының (соғыс мектебінің) үстінен қарайтын Доруцатстың магнетизм жолымен бір адамды ұйықтатып, соның денесі өлімге ұқсас бір халге түскенде, жаны бұрынғы денеден шығып, сол адам қасында бір түрде болып отырғанын көргендіктен анықтап білдік дейді. Сондықтан, жанның түпкі негізі білінбегенмен, сол сәуле сияқты дене өлген соң да, сол жанның өз алдына біреу болып жүруіне жәрдемші екенін білдік дейді.

Және бір дәлелдері: 19 жүз жылдар ішінде болған Франция адамы Аланкардың айтуы солай дейді? Бұл жан шақырып алатын сперт еді. Оның айтуынша, жандар өз дүниелерінде біз сияқты барлар әр қайсымыз тірі күнімізде адам атанып, өлген соң жан боламыз. Бұл дене – ортақ дене, екеуі де жансыз ешнәрсе сезбейді. Ортақ дене тірі күнде денеде болса, өлгенде жанмен бірігіп кетіп біржола бар болады дейді.

Жаралыс (жаратылыс –құраст.) жолы физика жолымен табылмайтын, сыры білінбеген (физика) нәрселер туралы Европа білімділерінің сөздері мынау: атақты философ Жостшбатия шын білгіш ғалымдар жаралыс ғылымының әр тарауында білімінің тіпті, азғана екенін, білінбеген, сыры шешілмегендерге қарағанда, білгендері нолü есебінде жоққа есеп боп қалатынына еріксіз мойындайды деген. Био деген білімді айтқан: барлық жаралыстың заңдарын ойласам, ұғындыруға шамам келмей таң қаламын. Кейбір жазушылар бізді қанағаттандырмақ боп, терең ойларды білгізбек боп көп кемшіліктің ұғымсыз жаратылыс жұмбағына қарағанда, бос сөз болып қалатынын шын батылдықпен айтамын дейді.

Герберт Спенсер күн сайын білінуі қиындаған сырлар туралы қанша дау айтысып, ой жүргізсең соншалық ашық (форма) нұсқада адамнан үстін бір нәрсені барлыққа келтіруші, бұрыннан бар, тіпті жоғалмайтын бір қуаттың барлығы аңғарылады дейді. Проф. Фонтель «Білім айналасында» деген кітабында айтады: жаралыс физика бізге ең керектігі біздің тоймаған ақылымызды тойғызатындай емес, ең зор керегі барлықтың бәрін жаратушы иені тануға қарай жетелеуінде һәм соның құдіретінің өлшеусіз зорлығымен біздің ақыл сезімімізді таңғалдыруда деген. Руссо деген атақты поэт (ақын) айтқанмен, басында адам тәңірінің барлығына нанбаса да, толықтыққа жетеді деп ойлаушы едім. Аяғында онымның бекер ой екендігін білдім. Тәңірінің барлығына ақылымен әбден нанбай тұрып адам толық тазалыққа жете алмайды деген зорфилософ Биренжие. Дін мәселесі шешілу үміті таялды деген Жан Жак Русс, Ламетри, Лемке, Мишель, Кеттле сияқты неше жүз білімділер адамның ішкі ындынын тексеріп, дүниені жаңа бір дін қаптаса керек деген.

Жоғарыда аталған Фонтель айтқан: адамдар жаратылыстың негізгі сырын білуге соншалық нашар. Білмегеніне қарағанда, білгені жоққа есеп. Сөйтіп, тұрып себебін, мәнісін таба алмай нәрсені біржола жоқ деп таласады. Мұның сезімі дене сезіміне ғана нанып, басқаға нанбай терең ойлағандықтан жалғыз дене сезіміне ғана нанып тұрса, көп шатақ ойлар, даулар болмас еді деп жаралыс жолымен қуып, сыры табылмайтын (метафизика) істі ойлауға бөгет болуды да ойласқан. Мәселен, 1797 жылы туып, 1857 жылы өлген Огюст Конт позитивизм (шын анық) деген бір жол шығарды. Оның қорытындысы мынау: көзіміз көріп, өзге сезімімізбен әбден анықталмаған һәм жаралыс жолы физика ғылымымен тексеріліп шындығына көзіміз жетпеген нәрсеге әуре болмайық деген. Бірақ адамда жаралыс жолынан жоғары бір қуат барлығын сезетіндік бар болғандықтан, күн сайын бұрын сыры білінбеген нәрсе табылып, бұрын тіпті мүмкін емес дегендеріміз әншейін дағдылы нәрсе болып, оны күнде пайдаланып отырғандықтан ол Конттың сөзіндей сөздер адамды жаралыс жолынан жоғары қуатты ойланудан тоқтата алмайды. Осы кезде Европада әлде жүз ғалымдар магнетизм, спиритизм, телепатия сияқты ғылымдарды құрал қылып күні-түні жан мәселесін тексеруде.

Сыры жасырын нәрселермен жан туралы, тіпті қымбатты кітап жазған Камиль Фламмарион айтқандайын, біз жалғыз ғана дене сезіміне тоқтап қалсақ қатты алданамыз. Иондық-гректің Пифагор деген білімдісі, тіпті, кішкентай жердің айналасында өзге зор планеталар айналғаннан гөрі жер һәм өзге планеталар Күннің айналасында да айналғаны ақылға сиымды. Аспанның механика заңына да жөн дегенде сол заманның зор ойшылдары Платон, Архимед, аспан ғылымына жүйрік Птоломей, Гиппарх күлкі қылмас еді. Сократ Жаратушы Ие бар деймін деп не көрмеді. Галилей өзге планеталар жерден үлкен дегені үшін не көргенін білесіздер. Ауа (воздух) кислород-азот деген екі газдар қосылғанын тапқан Лавуазьеге онысын теріс көріп, химия ғылымына жүйрік Боумепртотес қылғанына дым көп.

Архимед Ғайсадан 287 жыл бұрын болған (грек-ион) көп уақыт өткен де жоқ. Сондай жаңа сыры ашылған нәрсенің бәрі басында күлкі болып, аяғында шын болған дейді Фонтель. Осы күнде сыры табылған физика жаралыс жолынан жоғары қуаттың барлығын 1738 жылы туып 1815 жылы өлген Месмер деген Германияның докторы хайуан магниті деген нәрсені тауып сонымен аураларды емдеген. Оны бүкіл Европа білімділері тексеріп бір қуаттың барлығын мойындаған. Месмер өзі доктор, көп ғылымды адам, бірақ емдеуді ғылым жолымен емес, бір шелек суды өзінің бір түрлі жолымен магниттейді де, сол суға кейі қолын, кейі аяғын, кейі құйынып жазылады. Суды магниттегенде сиқыршы жәдігөйлер сияқты ақылғы қонымсыз, Алатау жақтағы қарақұрты шаққанды емдейтін тарамшы дейтіндер сияқты-ау деймін.

Францияда оны тексеруші комиссия шығып, хайуан магниті түбі білімсіз болса да, әсер беретіні рас екен деп жар салған. Бұл хайуан магнитінің түбі білімсіз болғаны сияқты электрияның да түбі білімсіз. Бірақ электрияның не нәрседен шығатыны менен неғылып іске жарайтыны табылғандықтан, ғылым еріксіз қабыл алып отыр. Сымсыз телеграмм шықпай тұрғанда жаралыс жолымен іс қуғандар оны мүмкін дер ме еді? Соған қарағанда магнетизм, спиритизм, телепатиялар да бүгін түп себебі табылмай тұрған қуат екенін мойындау керек дейді. Білімділер бұл гипнотизм, спиритизм, телепатиялармен ауыр нәрсе жеңілденеді, жеңіл нәрсе ауырланады, тірі адамды ұйықтатып, жанын әлденеше жүз шақырымдарға жіберіп ғайыптан хабар алады. Өткенді, келесіні сөйлетеді. Өлген адамның жанын шақырып алып сөйлеседі, жазғызады. Сондықтан олар жанның барлығы, тіпті жоғалмайтындығы анықталды дейді. Мұның бірқатар шартын тапса, әркім өзі сынап білуге мүмкін. Жоғарыда аталған Месмер мен Калиостро деген адам Европа білімділерін таң қалдырған. Калиостроның қылған ісі 18 жүз жылдар Францияның наследнигі (орынбасары) болып, онан кейін король патша болған, аяғында еліне зұлымдық қылғандықтан өлтірілген ХVІ Людовик деген болған.

Соның наследник күнінде соған тиіп неке қиғызамын деп Францияның патшасы тұратын Париж деген қалаға бара жатқан Мари Антуанетта деген қыз жолда Францияның бір ақсүйегінің үйіне түскен. Сол үйде Калиостроға кез келген соң, оның ғайыптан айтатынын естіген соң Мари Антуанетта Калиостроға бал ашқызып беріңіз. Менің осы некемнің арты не болар екен деген. Калиостро бал ашпаймын десе де, қыз болмаған соң, бір шелек судың айналасында әр түрлі істер істеп, ұғылмайтын сөздер сөйлеп, қызға осы судың түбіне қара, өміріңді сонда көресің деген. Қыз суға біраз қарады да, ойбай деп талып қалды. Есін жиған соң қыз да, Калиостроға еш нәрсе демей жөніне кете береді.

Қыздың талған себебі, сол судың түбінде көп адам жиылған. Ортасында өзі. Өмірінде көрмеген бас кесетін машинаға жазалы адамдарды әкеліп бас кесіп жатқандарды көрген. Аяғында Маридің өзін де сол машинаға әкеліп бір тесігіне басын сұққанда, машинаның жоғары жағынан бір балта сияқты нәрсе Маридың басын қиып бір шылапшында домаланғанын көріп, сонан шошып қалған. Мұның бір таңырқарлық жері ол кезде бас кесетін гильотина деген машина жер жүзінде жасалған жоқтығын.

Онан соң Мари наследникпен некеленген. Бірталай уақыттан соң король болған. Онан да бірталайдан соң үкімет басты қинамай тез кесетін айла іздеп жүргенде, профессор Гийотек деген бір бас кесетін машина тауып, соның суретін салып, қалай істейтін жайын жазып абақты бастығына берген. Ол апарып корольға көрсеткенде, Мари корольдың қасында болғандықтан, әлгі машина суреті баяғы суда көрген машинаны дәл өзі болғандықтан, Мари ойбай деп талған. Есін жиған соң король неге талдың дегенде, баяғы көргенін айтқан. Онан бірталайдан соң аяғында Маридің де, корольдің де басы сол гильотина дегенге кесілген.

Калиостроның шын аты Джузеппе Бальзамо. Жандардың насихатымен атын Калиостро деп өзгерткен, заты италян. Жоғарыда жан туралы аты аталған Аланкардың шын аты Рауэль. Ұждан насихатымен өзгертілген, заты француз. Осы француз сперттерінің жолы сол Аланкардың жазып қалдырған кітабының жолы. Бірақ оны француздар ғана ұстайды.

Англия сперттері оны теріс дейді. Брахман дініне ұқсас, мәселен, өлген соң жаны бір хайуанға кіріп, сонан және біреуге кіре-кіре әбден тазарады. Мұны жандар солай айтты дейді. Англия сперттері жан басқа хайуанға кірмейді, кей жандардың сөзі материализмге (жаралыс жолы дене жолына) ұқсайды. Кейінгі басқа жолға ыңғай болады. Мұндай бір-біріне шатақ жан сөздеріне Аланкар себеп көрсетеді. Мәселен, адамдармен хабарласатын, көбінесе төмен дәрежелі жандар болады. Сондықтан, олардан шатақ сөз шыға береді. Кейбір сөздер надандар сөзі сияқты болатыны сонан. Бұл Аланкардың «Лажаз» деген кітабында сперт жайын, әсіресе жан жайын әңгіме сияқтандырып мысалдап әдемі суреттейді. Мұның қылған істері көп. Оның бәрін жазбай-ақ сперттердің сырын табамыз деп ізіне түскен білімділердің бір сөзін айтайын. Морс Лошатый деген «Білім лұғат» деген кітабында айтады, сперт туралы ойлаған ойлар бұрынғы ойлаған ойды өзгертіп, жоғарырақ ойлағандарды таңқалдырар. Бұл спиритизмнің тамам ғылымды жұрттың арасына кіріп кетуі кешікпей-ақ мұны анықтап жарыққа шығарушы Аланкарды 19 жүз жылдықтың ең зор ғылым өнер шығарушысы дегізер дейді.

Магнетизмді, спиритизмді жәдігөйлік, мұның сырын ашып һәм масқара қылайық деп Европа білімділері ізіне түссе де, көзі жеткен соң бір қуаттың барлығын еріксіз мойындады. Кейбіреуі өзі істеп көріп анықтайды. Бірақ түп себебін тапқан әзір ешкім жоқ. Сол ізерлеген білімділердің сөзін айтайын. Ожен Воннер айтады: мен басында спиритизмге күліп едім, енді оным ақымақтық екенін білдім дейді. «Равель» газетінің ғылым туралы жазушысы Виктор Моние айтқан: бұл спиритизм физиктердің (дене) жаралыс жолын қуғандардың құлаған ойларының үсітне балта көрмеген орман ағашы жоғарылауда деген. Сол газеттің бас жазушысы Август Багери айтқан: алғашында Америкада таяқ жеп, аяғында анықтығына он төрт мың адам нанып қол қойған спиритизмге өзім тәжірибе қылып, сынап еріксіз нандым деген. Оның «Мери Дели Стуар» деген кітабы бар. Сонда белгілі сперт Дожерден деген әйелдің істері туралы сөйлейді. 1896 жылы Нансы дәрігерлік факультетінің профессоры Брангайер магнетизм жолымен ұйықтатып емдеуге бола ма екен деп бір адамды ұйықтатып сынағанын айтады. С... ұйықтатып оянғанда (оған) артындағы столдағы күміс қасықты қалтаңа тық, мені көрмедім де дейді. Ол оянғанда алдындағы күміс сағатын алып, жоқ бұл ұрлық болады, бұл жарамайды деп қайта қойды дейді. Ұғындыруым нашар болғанын біліп, бір күні тағы артындағы күміс қасықты ұрламасқа лажың жоқ, қалтаңа тық мен көрмедім. Ол оянғанда артындағы столға қарап қасықты алды да не болса да лажым жоқ деп қасықты қалтасына тықты. Мені көрмедім деді.

1843 жылы Парижде шыққан «Клуб» газетінің 14 июньде шыққан номерінде Гартс Догасиен қол қойған «Ұйқыда кезу» деген мақалада айтады: Валери Обал көшесінде 243 нөмірлі үйде доктор Коканның ауру қарайтын бөлмесінде гипнотизм жолымен қатты ұйықтатқанды көрдік дейді. Лапонтин деген гипнотезер 22 жасында бір әйелдің шіріген тісін докторға алдыру үшін ұйықтатып, денең түк нәрсені сезе ме деп сұрағанда, сезбейді деп жауап берген соң әйелдердің қалпақ шәлі бекітетін инелерін әлгі әйелдің бетіне, білегіне, тіліне ине сұқса да түк сезбейді. Доктор әдейі ауыртпақ болып, тісінің етін қандауырмен тіліп, тісін суырғанда қаны бұрқыраса да әйел түк білмей, оянған соң да түк ауырмағанын айтты. Сонда жиырма шақты кісі көріп тұрдық дейді.

Мұнан отыз жылдай бұрын Үндіқытай теңізіндегі Францияның пороходындағылар спиритизм туралы сынау үшін, жан шақырып сөйлесіп отырғанда, бұрын өлген жолдастарының жаны келіп, мен өлмей тұрып кеме бастығы капитаннан бес франк жиырма бес центті ақша қарыз алып, соны төлеп алмай өліп едім. Сол маған қиын болып жүр. Сіздер мархабат қылып капитанға сол ақшаны төлеңіздер деген. Капитаннан сұраса ұмытып қалыппын деген. Аналар жалынып сол жылғы книгасын қараса, дәл болып шыққан.

Марсельде осындай бір сынау жасап отырғанда, бір жан келіп көршілеріңізде қант саудагерін шақырыңыз, соған айтатын бір сөзім бар десе, саудагер мұндайға нанбай жәдігөйлік дейтіндігінен келмейді. Жан: Келсін. Қызыл теңізге жіберген кемесі жайында айтамын деген соң саудагерді жалынып-жалпайып алып келгенде, қане жәдігөй маған не айтасың дейді. Жан айтыпты: Мені қаралағанда не табасың сорлы, сен сәрсенбі күні Қызыл теңізге бір кеме жібердің сонша қант, сонша қызметші, сондай жолаушы бар, капитаның пәленше, кеме он екі сағаттан соң толқынға ұшырап, жағаға тоқтап, оны-мұнысын түзетіп және жүрді. Ион жиегіне шейін жақсы барса да, Метабан тұмсығында қатты толқын болып, компасы (қыбыламасы) сынып жолдан адасты. Таңға жақын бір нәрсеге қатты соқтығып, бір адам тірі қалмай суға кетті. Мен солардың бірінің жанымын. Саған хабар бергелі келдім. Өкімет естіп, тексеріп жатыр. Бұрнағы күні пристанға хабар келеді. Сонда менің жәдігөй еместігімді білерсің дейді. Айтқандай хабар келіп бәрі дәл шықты.

Спиритизм жайын тексеруші Озен Носи жазады: 1759 жылы Англияның әскері Американың тұрғын халқымен соғысқандағы коменданты Цицерь Уильямс, Джонсон Сосет Мэрдағы Американ адамдарына елші жіберіп, Нигера қаласына келсін, сол жерде бітім шартын жасайық дейді. Алдындағы соғыста американдықтарға қолға түскен Александр Калмри деген офицері елші барғанда Американың қолында екен. Сол айтады: Елші келген соң, американдықтар «Зор тасбақа» деген жанды шақырып, соған ақылдаспақшы болып, бір үлкен шатыр тігіп, жан шақырушысы шатырдың жанында әлденелер істеп, ұғылмайтын сөздер сөйлеп, шатырдың алдына етпетінен жатты. Сонда шатыр солқылдап, біресе олай, біресе былай қисайып, ішінен әлдене түрлі қорқынышты дауыстар шыққан соң, жан шақырушы шатырға еңбектеп кіріп, біраздан соң терлеп шыққан соң, халқы «Зор тасбақа» не айтты де анталады. Сонда жан шақырушы барғанымыз ұнайды, комендант бізге көп сый беріп қайырады, ішінде сондай-сондай сауыттар, бәлендер бар дейді. Аяғында соның бәрі дәл шықты дейді.

Париждегі спиритизм мектебінен оқып шыққан түріктің Хасан Марзух деген сперті: спиритизм, магнетизм туралы Стамбулда бастырған кітабында айтады: біз Парижде бірталай сперт жан шақырғанымызда көбінесе Жақсаза деген жанды шақырушы едік. Онымыздың себебі, оның айтқаны дұрыс шыға беруші еді. Бір шақырғанымда түрік сұлтаны Ғабдулхамиттің зұлымдығын халық қанша уақытқа дейін тартады деп сұрағанымда:

– Патшалығының отыз үшінші жылының тоғызыншы айында тақтан түседі, – деді. Өлімі қашан дегенімізде, Австрия-Венгриядағы Франс Иосифтің өлімінен кейін болар, алты айдан кейін бе, қалай деді.

Ғабдулхамиттің түсуі айтқанындай шықты. Ғабдулхамит Сламекте өлді деген хабар өтірік болады. Енді өлім туралы айтқаны қалай болар екен? Соны ескеру керек дейді Хасан. Ол кітабын Ғабдулхамит түскен соң 1909 жылы бастырған.

Спиритизмнің Америка, Европада алғаш анықталуы. 1847 жылы Германияның Нос фамилиялы бір үйлі жаны Америкаға келіп, Гизоиль қышлағында тұрды. Бұл Гизоиль Нью-Иорк қаласында Аркадие ішіндегі Ден-Котлада болады. Фамилиясы Америкаша Фокус болды. Бұл бір үйлі жан бір әке, бір шеше, екі қыз. Қыздың үлкені Маргарет 15-те. Кішісі Кейт 12-де. Бір қатардан соң тұрғын үйлерінің төбесі, едені, қабырғасынан неше түрлі дыбыстар шығатын болып, аулақ қалған үйдегі көрпе-жастық сияқты нәрселері ауысып-шашылып қалатын болды. Басында көпке шейін қорықса да, Кейт үйрене келе, ақсақ шайтан, менің істегенімді істеші деп қолын о да қолын шығаратын болды. Сөйте-сөйте жан екенін біліп, Кейт сперт болды. Онан кейін Аери дариясының жағасындағы Ошестр қаласына көшіп келіп, неше түрлі спиритизм ісін көрсете бастаған соң, халық неше рет комиссия шығарып тексерсе де, шығарған комиссияның бәрі алдаусыз, айласыз бір қуаттың барлығын растады. Қара халық оған да болмай, бұл жәдігөй, мұны тірідей кескілейміз деп Кейтті өлтірмекші болғанда, өздері қасиетті бір Джорж Обленс деген сопысы: мені өлтіріп, денемнің үстінен өтпей, Кейтті өлтіре алмайсыңдар деп Кейтті азар алып қалған. Онан соң Американың Однос Мефс, Руберт Кеер һәм Лондондағы профессор Крокс сияқты данышпандар тексеріп алдау, айласыз бір қуат барлығын анықтадық деп жариялады. Жоғарыда аталған «Ревель» газетінің бас жазушысы Август Багеридің Америкада таяқ жеп, аяғында шындығына он төрт мың кісі қол қойған спиритизм дегені осы Кейттің ісі. Англияның атақты білімдісі Цормент Крокс айтады: Ешбір ғылым білмейтін бір сперт жан шақырып келтіргенде, ғылымды философтардың сөздерімен сөйлесіп дұрыс шығады деген соң, соны өзім сынап айтқан сөзімнің бәріне де ғылым жолымен жауап берді.

Әншейінде ғалым түгіл жай сөзге жауап бере алмайтын надан дейді. Францияда атақты сперт Жанна д’Арк деген қыз жанның даусын естіп соны қағазға жазып отыратын болған. Колбен Штобе деген сперт ақ қағазды столға не сандыққа салып қойса, жан соған жазып кетеді дейді. Гроиоотвод (жай тартатынды) шығарған Бенжамин Франклиннің жаны сперттерге келіп спиритизм жайын үйретеді дейді. Кейбір жандар артынан дұға қылып, күнәмді кеш деп сұрайтын кісім жоқ. Сондықтан жоғарылай алмай жүрмін дейді. Кейбіреуі мойнымда қарыз кетіп, сол бөгет болып жүр деп айтады дейді. Тіпті таңқаларлық іс. Сперттерге орысша Марс, мұсылманша Марных деген планетадағылардың жаны келіп хабар алысады дейді. Олардың бір түрлі тілі бар. Соның бір-екі ауыз сөзі мынау: «Кеуи бример ем һа еб», ол – тағы қашан келеді деген сөзі.

Атақты бәйт ақын-жазушылардың бірқатары спиритизм туралы ойларын өлеңдеріне қосқан. Бұл сөзіме Тиопель Коньенің «Спирит» деген кітабы мен Мышланың «Махаббат» деген кітабы куә. Францияның атақты ақыны Виктор Гюгоның спиритизм туралы айтқан жырының мағынасы мынау: Сөз сөйлеп қозғалатын столды бір талай жандар ермек қылып көңіл жұбатады. Ашық ұғысайық, мұндайды жеңіл есептеу орнысыз. Ісі ғылыми ең зор ғалымдар енді бірі Германия тілінде «Спенс» газетасы оны да өңкей білімділер шығарған фахризм деген болады. Ол – үндістан дуалыларының ісі. Оларды фахр дейтіндіктен фахризм атанған. Олар оқымай, ешкімнен үйренбей-ақ өзін өзі жөндеп тазартпай-ақ адам істей алмайтын істер істейді. Мәселен, бір үйде отырған бір қатар кісіге менің рұқсатымсыз ешқайсың қозғала алмайсыңдар десе, ешбірі қозғала алмай қалады. Бұл бақсылардың жолы болса керек. Жас күнімізде бақсылардың асау атты жүгенсіз мініп үйге кіргізгенін, алты қанат үйдің шаңырағынан секіріп шыққанын көріп едік. Әншейінде оның бірін істей алмайтындығы анық. Жоғарыда аты жазылған түрік сперт Хасан Марзух кітабында айтады. Бір адам көз тигізші деген соң, соған анау қақпадан алғаш кім кірсе, соған көз тигізші дедік. Біраздан соң қашырға мінген бір топ молда кіріп еді. Әлгі адам тұра келіп қадала қарады. Екі жүзі адымдай жерде келе жатқан поптың қашыры тайып жығылып, анадай барып құлады дейді. Қасына барсақ, еш жері ауырған да жоқ қашырын мінді де жөнелді. Көшедегілер қашыр таймаушы еді деп аң-таң. Біз көз тигізгеніне аң-таң болдық дейді. Кейде тірі адамның жаны дене сезімінсіз-ақ ғайыпты біледі, адам істей алмайтын іс істейді. Орысша лунатизм, Европаша сомнамбулизм дегенді ғылым оқығандар біледі. Ол біздің қазақша айтқанда, кейбір адам ұйқысырап жүріп кетіп әлде не түрлі істерді істеп, қайта келіп жатып қалады да, оянғанда онысын білмейді. Он біздің тілде ұйқыда кезу дейді. Мұндайлардың кейбіреулері биік үйдің шатырына шығып, таймастан дәл шеткі қырымен айнала жүріп келіп, сатыдан түсіп төсегіне жатқан. Ол жүргенде дымды мүлде сезбейді, ұйқыдан оянған соң онысынан өзі түк білмейді. Мұндайлар көп болады. Ондайды өзіміз өз көзімізбен де көрдік. Кейбір адамдар пәлен жерім тартты, онда солай болушы еді дегені де дәл шығады. Кейде көрген түс бұлжымай дәл келеді. Ол да, тіпті көп. Италияда дүние аралап жүрген бір қатын айнаға қарап киімін түзеп тұрғанда, Парижде қалған 13 жасар жиені айнадан көрініп, көрдің бе шеше, мен өлдім деген. Ол баланың шешесі әлгі қатынның сіңлісі еді. Келесі хатты жазбаса да қатын шыдай алмай Парижге келсе, дәл айнадан көрген күні жиені өлген екен. Сіңлісі апам қайғырар деп хат салмайды.

Америкада бір адам өзінің жақын қарындасын қиянатпен алдап, жақындық қылып, ол буаз болып қалған соң, халықтан жасырып, елеусіз орынға қойса да білінетін болған соң, қызды өлтіріп көмген. Біраздан соң бір диірменшіге түнде әлгі қыздың үрейлі аруағы келіп: мені ломмен өлтіріп, бәлен жерге киімімді, бәлен жерге денемді тықты. Соны судьяға айтпасаң өзіңді жазым қыламын деген. Сонда қыздың мия бырқырап, қан ағып, миынан дене суреті түгенделген. Жас баланың сәулесі көрініп тұрыпты. Диірменші судьяға айтпаған соң, үшке шейін тыныштатпайды. Аяғында айтып тексеріп, айтқанындай шыққан соң сперттерге сол қыздың жанын шақыртып алып, үйдің төрт қабырғасына сегіз жерден сурет тартатын аппарат қойып, соған қыздың жаралы пішіні иығынан көрінген баланың сәулесі түсіп, сол сурет бүгін ғылым жиналысы үйінде тұр дейді. Спиритизмді алғаш ашқан Кетти Кипикак деген Америка әйелі де сперттерге келгенде фотография сурет тартатын аппаратпен алған сурет бар дейді.

Бір ғылымды қатын түнде қорасындағы иттер үрген соң, тысқа шықса ешнәрсе жоқ болған соң, қайта келіп шамын өшіргелі жатқанда күнде жеміс сатып жүрген бір кедей қатын көрінеді де, мен бұрынғымнан да сорлы болдым дейді де жоғалады. Қайдан келгенін білмей есікке қараса, ілулі тұр. Ертең ерте әлгі бейшара қатынның үйі өртенеді. Бұған көрінген кезде жемісті қатын үйінде ұйқыда. Үйде аман қалған адамдар жаралыс жұмбағын шеше алмағандықтан, әлде қайда сандалып, ойлағандарын идеалист дегендердің сөздерін оқыса байқалады.

Олар дүниеде нағыз шын нәрсе жоқ дейді. Осы бар деп жүргеніміз құры ғана қиял, айнадағы көлеңке, не сағым сияқты нәрсе. Нағыз шыны бұл емес дейді. Дәлелдері: сезімдеріміздің бәрі бізді алдайды. Мәселен көз алыстағыны сағымданғанды әлде не қылып көрсетеді. Құлағымыз да бір дауысты әлде ненің дауысы сияқтандыра, ойымыз да бір нәрсені шын деп байлап, онысы қата болып шығады. Тіпті бізде дәлін табарлық сезім жоқ. Және ұйқымыз бен ояуымыз бірдей. Ұйқы түс көргенде әлде нені көрмейміз. Ояуымыз да сондай. Түстің бекер екенін, ояудағымыз анық екенін айыратын қаруымыз жоқ. Бір сенген дене сезіміміздің бәрі алдайды. Сондықтан ұйқыдағымыз, ояуымызы бірдей.

Баяш Платон деген білгіш өзінің «Республика» деген кітабында Троглодит деген адамдар болыпты деп мысалдайды. Олар зындан сияқты бір қараңғы үңгірде өскен, өмірінде жарық көрмеген. Соның бірі әлде қалай кез болып, үңгірдің аузын бекіткен есікке қақтығып, есік ашылып тысқа шыққан. Басында көзі шағылысып түк көрмесе де, үйрене келе күнді, ағашты, суды, шөпті, тауды көріп қуанып, тамашалап, жолдастарына келіп айтса, мынау жынданған екен деп күлкі қылыпты. Әлгі байқұс анық көрген табиғат қасиеттерін айтып тұра алмай, шын дей берген соң, аналар оны ұрып-соғып қойғызбақшы болады. Бірақ оларды сөгуге де болмайды. Себебі, өмірінде ондайды көрген жоқ. Өйтіп сынап қараса, ана байғұсты сөкпес те еді. Сондықтан біз өмірімізде көргеніміз жоқ ондайды, білмейміз, біз білмеген соң ол айтқанын, жоқ нәрсе дейді де қояды. Оған лажың не?

Бұл кітапты сөздің түп мақсұты барлықты басқа жаратушыда білім бар ма, жан өлген соң жоғала ма деген еді. Бұл екеуін бар, жоқ деушілердің сөзін білгенімше жаздым. Және жан жоқ деушілерге қарсы дәлел ылынып тұрған магнетизм, спиритизм, телепатия, фахризм, лунатизм, түс сияқтыны көбірек жаздым. Оны көп жазғаным қызықты ертегі айту емес, әр түрінен біреуін көрсетпекпін.

Жоғарғы тәңірі бар ма деген екі сұрауға баяғыдан бері талай жауап айтылып, талай ой жүргізілген. Сол жауап пен ойлардың кейбірі үстін болып, кейде анасы үстін бола келген. Бұл туралы қайсымыз қандай дәлел айтып, қандай ой жүргізсек те, сол ескі замандағы бір ойшылдың әніне басатынымызға дау жоқ. Менің ойымша, есік замандарда ойламаған ой, айтылмаған сөз, істелмеген іс қалған жоқ. Бәрінің басын олар бастап кеткен. Бірақ көп заман өту, қазаға ұшырау сияқты себептермен жоғалған, ұмытылған. Өйтсе де қаншадан кейін екенін өзі білсін, келген уақытының киімін киіп жаңарып шыға келеді. 17, 18, 19 жүз жылдарға Европа білімділері баяғы грек-ионның Эпикур, Демокриттерінің ойларын жаңыртып отырған жоқ па? 19 жүз жылда болған Дарвин әлде қашан сүйегі қурап қалған Маиенің таяғына кез келіп, соны үкілеп отырған жоқ па? 16 жүз жылдағы Коперник сүйегінің күлі де қалмаған грек-ионның Пифагорының бөркін тыстап киіп отырған жоқ па? Жақын арада таптық деп жүрген электрия қуатын грек-ионның әлде қашанғы табысы тапқан жоқ па еді?

Әнші, күйші кетсе-дағы,

Ән менен күй баяғы.

Олар өзі өтсе-дағы

Қалды бөркі, таяғы.

Сол сияқты біз жоғарғы екі сұрауға өткен білімділердің сөзінен қорытып оның үстіне тұңғыш ой деп өз ойымыздан жамау салып, бөрік жасамақпыз. Бірақ тұңғыш дегеніміз әлде қашанғы кімнің ойы болып шығарын білмеймін.


ҚОРЫТЫНДЫ
Барлықтың түп себебі жаратушының білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқ. Дәлелдерім: ғылым жолында бұл барлықтың ешнәрсесі өздігінен бар бола алмайды да, қозғала алмайды. Ол бар болайыншы, қозғалайыншы дей алмайды. Бұған себеп керек. Егер ол себепке де бір себеп керек болып, себептің түбі жоқ болады делінсе, ең түбі себепсіз, бар себеп болмаса болмайды. Сол себепсіз бар болу себеп жаратушы болады. Егер сол себепсіз бар болған атом, нұр сияқтылар делінсе, олар себепсіз бар болған нәрсе емес, дәлелім – оларда қозғалыс бар, қозғалуда, жүрісінің өлшеуі бар. Өлшеулі нәрсе өзі бар болған емес. Егер қозғалыс притяжение, отриöание өзіне тарту, әрі итеру заңымен делінсе, ол қозғалысқа да себеп керек. Ол заңды салушы керек. Және ол атом сияқты түп негізде ерлі-қатындылық сипат бар. Мәселен, сила вещества (қуатты дене) ол екеуі бір-біріне мұқтаж, олай болған соң ондай нәрсе өздігінен бар болды деуге қисынбайды. Сондықтан олардың түп себебі себепсіз бар себеп, түп жаратушы. Ол түп себептің білім құдірет шеберлігінде өлшеу жоқтығы мынадан анықталады. Барлықтың не нәрсені қарасаңыз да мақсұтсыз, керексіз жаралған емес. Бәрін айтпай-ақ өз көзіңізде ойлаңыз: құлақ, мұрын, ауыз сияқты мүшеңіз мақсұтпен жаралғанын көресіз. Ғылым жолымен өсімдік ағаштардың тамыры, өзегі, қабығы, жапырағы, гүлі сияқтылардың бір де бірі бұл мақсұтсыз деп айта алмайсыз. Бұлар нені көрсетеді? Түр себептің бүйтіп салған жолына қарағанда, оның білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқтығын анықтайды. Егер осының бәрін істеп шығарып тұрған түк сезбейтін соқыр табиғат болса, онан мұндй мақсұт, білім, ерік, гармония тартып жарасым таңдау жоғарылау шыға алмайды. Өйтіп кез келгендіктен еріксіз жаралып жатыр дегендерді жан ғылымына жүйрік психолог, өлермен философ Вольтер ақылдары шатасқан деп сөккен. Себебі, толымды нәрсенің толымды болатын себебі, толымсыздық ісі де толымсыз болатынын ғалымдар түгіл жабайы кісі де білсе керек.

Біз естінің ақылын, күштінің қуатын, ұстаның шеберлігін ісінен танимыз. Менің ойымша, бүтін барлықтың бәрі бізді осындай болмақ жолды салған түп жаратушының білім, құдірет шеберлігінде. Өлшеу жоқ деп бізге секунд сайын айғайлап тұр:

Бізге дүние түпкі сырын,

Көрсетіп те айтты ғой,

Елемеді он біздің

Тіпті өзімшіл мисыз ой.

Әлде түп жаратушы туралы біреу былай да айтар: түпкі жаратушы сіз айтқан себепсіз бар себеп-ақ болсын, бірақ соның бар қылған атом сияқты негізден шығып жатқан сансыз нәрселердің бәрін де сол түп жаратушы жатыр ма дер? Бұған жауабым мынау: Мәселен, мен асқан білімді, өнерлі болып, керек нәрсенің бәрін жасап шығаратын зор машина жасасам, соның істеп шығарған нәрселерін мен жасады дейсіз бе, машина жасады дейсіз бе? Бер жағынан қарағанда, дәл сол кезде жасап шығарған машина ғой. Ал, ол машинаға соншалық қуат шеберлік берген мен ғой. Маған сондайлық ілім, шеберлік һәм машинаға керекті нәрселерді шығарып тұрған жаралыстың негізгі табиғаты ғой. Ол негізге соншалық қасиет берген ең түпкі жаратушы ғой. Енді бәрінің түп иесі кім болады? Әрине, басқы жаратушы. Мінеки, осылар әр нәрсенің бәрін тәңірі жаратады деген сөзді қалай түсіну керек, байқау жөн. Ескі дін молдалары қай дінде болса да жаралыс жолының сырына шорқақтығынан бұл туралы анықтап ұқтыра алмаған.
ЖАН НЕМЕНЕ?
Мен жанды былай түсінемін: біз дененің түп негізін тексергендей жанның да түбін тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады. Дене негізін тексерушілердің сила вещества (қуатты дене) дегендегі қуат осы жан. Сол жанды денеден денеге өсіп өршиді. Жан да өршиді. Ғылым жолында әлде неше түрленіп өзгерсе де дененің еш нәрсесі жоғалмаған сияқты, жанның да еш нәрсесі жоғалмайды. Бірақ дененің толықтығы нашарлығының кезегіне қарай жанның да толық, нашар уақыты болады. Мәселен, жаңа біткен баланың, жұмыртқаның, сентябрьде ұрық көміп өлген шегірткенің ұрығының жандарын ойлаңыз? Хайуандардан еркі аздығы болмаса, өсімдіктердің де жаны осылар сияқты. Мәселен, бидай, тары, шөптің тамыры, жемістің ұрығын ойласаңыз, бұл 20 жүз жылдың адамдары білгіштері адамның ақылы таңданарлық қасиеттерді тауып пайдаланып отыр. Қайдан алып соқыр, ессіз деп жүрген жаралыстың шыққан қасиеттерден алып, әйтпесе сол соқыр ессіз деген жаралыстың бір шыбынын, не бір тозаңын адам жарата алмайды. Әрине соның жаратқан, өршіткен нәрселерінен жұмыртқа да жасар, ет те істер, бірақ соның бірі құс болып ұшып, бірі хайуан болып жүгіріп кете алмас.

Тіпті былай да айталық: мұнан былай ғылым зорайып әлгі айтқан жұмыртқа мен етке табиғат шығарған жаннан жан да алып салар, бірақ соңында түп жаратушысы сол кісі деп сау ақыл айта алмас. Дене жаннан қалайша әсер алады? Денелердің жаннан тез әсер алатыны да бар, жәйірақ әсер алатыны да бар. Мәселен, кішкене хайуандар мен түйе, піл сияқтылардың буаздылығын ойлаңыз. Піл 20 ай бойы бала көтереді, қол қояны бір-ақ ай көтереді. Және дененің жаннан әсер алмастай болып өліп қалғандай болады. Мәселен, тас, қу сүйек, құм, күл сияқтылар, олар не жанып, не шіріп қалғандар. Бірақ менің ойымша, тіпті заманынан кейін олар да жанмен қосылып сезімденуге жараса керек. Дәлелім: тас пен құм сүйектерге біткен қынаны алып қарасаңыз, қынаның астында тас пен сүйектің бетінде топырақ сияқты бір нәрсемен жабыстырылған болады. Сол топырақ сияқты нәрсені табиғат қайдан әкеліп отыр? Мен ойлаймын, су мен топырақ жылылықтан өсімдік шығарғандай тасқа ауа, су жылылығы сияқты себептер қосылып қына шығарып отыр. Бұл былай тұрсын ғылым жолына барлық планета нәрселерінің бәрі қайтадан газ болғанда, тас қалпында қалмайтыны анық. Менің бұл ойым дұрыс болса, қына мен газ отқа жанғанмен, шіріген денелер де көп уақыттан кейін жанмен бірігіп, сезіп өршуге жарайды екен. Сөз кезегі келген соң жану, шіру туралы біраз айталық.


Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58




©www.engime.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет