Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет6/58
Дата15.12.2016
өлшемі6,93 Mb.
#3880
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58

ЖАНУ МЕН ШІРУ
Ғылым жолында жану мен шірудің түбі бір. Екеуі де әр нәрсенің құрауларын шешіп таратуға себеп болады. Бірақ от жылдам шешеді. Бұл екеуінің де жалыннан шыққан угольная кислота деген улы газ ауаға араласып кетіп, аяғында хайуан, өсімдіктерге пайдалы азық болып шығады. Сөйтіп жанған, шіріген денелерден шыққан иіс, жалындар да біржола жоғалмай, қайта айналып осы барлықтың ішінде бар болып жүреді.

Енді жанға қайта келейік: Жан менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп, барлықтың ішінде бар болып жүреді. Мен бұл араға шейін жанның бірінен бірі артылатын қасиеттерін анықтап бөліп айтпай бәрін де жан деп келдім. Жан әр түрге түседі. Мәселен, инстинкт – сезімді жан, сознание – аңғарлық жан, мысль – ойлайтын жан, ум – ақылды жан дегендей әр түрлі қасиеттері болады. Бұлай әр түрлі болуы, менің ойымша, дене бітіміне, себептеріне қарай болады. Дене әр түрге түскен сияқты жан да өсіп, өніп, жоғарылайды. Өсімдіктегі жандар сезімді ғана. Мәселен, жылылықты сезіп, өніп, үсіп, суықтықты сезіп тамырына қашқаны сияқты. Бірақ оның ішінде бір-бірінен сезімдірегі бар сияқты. өсімдік жайын жазған кітапта бір шөп бар. Ол ортасындағы балына қонған шыбынды тарауларының ұшындағы ине тікендерімен шаншып, дәнін сорып, құр қабығын қалдырады дейді. Бұл былай болғанда бұл өзгерістерінен гөрі аңғарарлық болғаны емес пе? Аңғару, ойлау ерікті хайуанның бәрінде бар. Бірақ олардың да бірінен бірі есті, бірінен бірі шебер, оны теріп жазбасақ та әркімге белгілі. Адамның күйі сол хайуандардан есті болмаса да, толық терең ақыл адамнан шығады. Бірақ сол адам да табиғаттан шебер емес.

Жан туралы тағы бір ой бар. Ол суға, топырақ топыраққа қосылып кеткендей жан-жануарларға қосылып, араласып әбден былжыр сияқтанған соң ол жан өзге жандардан қайтып айырылып шыға алады, дегенмен мұны саяз ойлдағандық деймін. Себебі жанның бар екеніне жаннан шыққан ерік, талап, ой, мақсат, сезім, білім арқылы көзіміз жетсе де, оның денелерге қосылып кетуіне ешбір дәлелім жоқ. Ол денеше қосылмаса керек. Және қосылады десек те бөлінуі оңай. Мәселен, жаратушысы соқыр сезімсіз табиғат болсын, мейлі біліп жаратушы тәңірі болсын, қайсысы жаратса да, жаралыс жолында денелерді бір-біріне қосып, неше түрге түсіріп, ол құрауларды қайта шешіп, негіздерді бөліп, онан неше түрлі қасиеттерді шығарып отырған жоқ па?

Шақпақ темір мен шақпақ тастан шыққан оттан бастап, электрия, радио құралына шейін ойлаңыз? Және су әншейін қарағанда бір-ақ нәрсе. Оның қаншасы водород, қаншасы кислород екенін біліп, осыны айырып алып керегіне жаратып, керек болса қайта қосып су қылып отырған кім? Соқыр табиғат жаратқан адам басында газ қылып, онан соң сұйық, онан соң қатты дене қылып, ол денеден өлшеу сипаттауға келмейтін нәрселер қасиеттер шығарып отырған соқыр, саңырау табиғат не біліп жаратушы тәңірі болсын, ол мынаны былай қылмайды деп қандай ақыл айта алады? Менің ойымша, жанның жоғарыда айтылған қасиеттерінің бір де бірі дене істеріне, дене қасиеттеріне тіпті ұқсамайтынына қарағанда, денеше бір бұзылып, бір түзелмей бірте-бірте жоғарылауына қарағанда келесі айналыста мұнан да жоғарылап, зор қасиетке ие болуы байқалады. Жоғарғы Дольн, Камиль Фламмарион, Герберт Спенсер, Струамель, профессор Фонтель сөзіндей сөзді тесе тексермей өте шығу жеңілдік болар.


ҰЖДАН – СОВЕСТЬ
Адам нысап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда мұсылманша ұждан, орысша совесть бар. Бұл не? Бұны істеп тұрған кім? Бұған жауап берушілер «адамшылық, ары соны ұнайды» дейді. Менше, бұл жауап сол ұжданның солай қылғанда ұнайды деген болып шығады. Мен сол ұждан, совесть қайдан шығып тұр десем, оған жауап жоқ сияқты. Меніңше, совесть-жанның тілегі. Неге десеңіз, жан тіпті жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылайтын нәрсе. Сондықтан тезірек жоғарылауға себеп керек қылады. Мәселен, таза дене, таза, толық мінез, ой, істер керек қылады. Соның қатты бір керегі совесть-ұждан. Оны осы өмір үшін керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады. Себебі егер бұл өмір үшін ғана керек болса, ол не пайда, не мақтан үшін болады. Мәселен, атым қалсын, пәленше мені сонда кісі деп халық мені жақсы көрсін деген болады. Онан басқа жоруы жоқ. Себебі, ол совестің иесі жан жоқ, артқы өмір жоқ деп отырса, соқыр табиғаттың жансыз жаратқан бір машинасы совесімен іс қылды не, қылмады не? Тәңір жарылқасын, алайын деудің де қисыны жоқ. Себебі, ол тәңірі бар деп отырған жоқ. Соқыр, саңырау табиғат тәңір жарылқасынды есітмейді, көрмейді. Менің таңырқайтыным сол тәңірі жоқ деп отырғандар жасасын, пәленше жасасын пәлендей іс дейді. Бұл бұйрық па, тілек пе? Бұйрық болса кімге? Тілек болса кімнен? Менің ойымша, қанша айтып тәңіріні жоқ қыламын дегенімен жанның сау ақылы тәңіріні мойнына салмай қоймайды. Бірақ дағдысынан оза алмай оны сезбейді. Жоғарыда жан жоқ деушілер жан миға біткен бір сипат, онан бөлінетін нәрсе емес дейді. Бұл сөз жанды таба алмай орнын сипалаған сияқты. Себебі ми, жұлын, электрия қуаттарын жинайты бөтелкесі батерея сауыттары сияқты жанның тұрағы, ол бұзылса электрия кеткен сияқты жан да кетеді. Жан өлген соң бір хайуанға кіріп, ол өлсе тағы бір хайуанға кіріп жүреді деген сөздің дәлелі не екен?

Олай болғанда шыққан жан тағы бір денеге кіре ме? Жансыз денеге кіре ме? Егер жанды денеге кіреді десе, өз жанының бар жоғын біле алмай жүргенде оған тағы бір жанның не керегі бар? Егер жансызға жан болады десе, өлген адамның жаны тіпті жоғалмай әр түрлі хайуан болып құбылып жүрген жоқ па? Қандай хайуанға жан болса да, ол жан өзін-өзі мен деп біліп жүрмей ме? Аяғында жан әр түрге түсіп дүние тіршілігіндегі ісіне қарай не рахат, не бейнетте болат деген брахман дінінің сөзі болған жоқ па? Жан жоқ деушілердің және бір дәлелі – қайта айналыс жолы. Онысы бұл әлем қайта газ болып, онан сұйық болып, онан және салқындап, қатайып планета болады. Өйтіп қайта жаралғанда да жерде адам, хайуан, өсімдіктер болады. Ол кездегі әр нәрсеміз бұл өмірдегіге тіпті ұқсамайды. Бірақ ол өзгерістерде бізден сезім жоғалғандықтан, біз түк сезбейміз дейді. Бұл дәл діншілдердің күтіп жүрген қияметі. Және бір дәлелі: жаратылыс жолы: онысы бәрі жаратылыс себебімен жаралып жатқан соң, басқа бір жаратушы не керегі бар дегені ғой. Ол соқыр, білімсіз табиғатты біресе білімсіз ессіз қылып, біресе таңдаушы, жоғарылаушы қылып отырғанын көрдіңіз бе?

Түзелуші мақсұтсыз, талапсыз түзеле ала ма? Сезімсізден ерік, мақсұт шыға ала ма? Олардың және бір дәлелі – тұқымдастық жолы еді. мұны жаратушы жан мен жан жоқ деген туралы дәлел қылудан гөрі жаралыстың сыры тураы айту керек еді. ондағы барша адам, хайуан, өсімдіктер басында су хайуаны жерге шығып сонан өзгерген және бір-біріне ұқсас. Хайуандар, адамдар бірі бірінен туып өзгерген дейді. Мұның тәңірі мен жан туралы аз болса да, бұл туралы ойымды айтайын.

Ең түпкі жаратушы туралы болмаса, барша өсіп-өнгендерді түрлентіп шығарып жатқан жаралыс жолы екеніне еш сау ақыл таласпайды. Бірақ біріне-бірі ұқсағандардың бәрін мынау мынадан туып өзгерді дей беруді менің ақылым қабыл алмайды. Бұл жер, өсімдік, хайуандар шығаруға жарарлық болғанға шейін мұның топырағы, суы барша заттарға әбден былжырақ болып араласқан, сөйткен жерден өскен өсімдік, хайундар себептеріне, топырақ, суы, ауасының өлшеуіне қарай біріне бірі ұқсса, ұқсаңқыраған тіпті ұқсамаған болып өнген. Менің бұл сөзмді сынау үшін даладағы сортандағы, балаулы сайдағы, өзен бойындағы өсімдік, шөп бұтаның бір арадағысының ғана бірі біріне ұқсамағандарын көріп, солардың топырақ, су, ауа сияқты себептерін тексеріп қараңыз. Егер Дарвин мен Маиенің сөзі дұрыс болса, ол өсімдіктер де бірінен бірі туып өзгерген болып табылады. Меніңше, жылқы мен есектен қашыр туса да, екі жылқыдан қашыр тумайды. Бұл сөзімнің қорытындысы тәмам барлықтың ата-анасы бір екені рас. Сонан туып өзгеріп жатқаны да рас. Бірақ ұқсасы, бәрі бірінен бірі туып өзгергені жоқ. Жаралған себептерінің ыңғайына қарай біріне бірі ұқсас не ұқсаңқырап, не тіпті ұқсамай жаралып жатыр. Бұл сөзімді маймылдан туғанға арланып айтып отырғаным жоқ, қайта жаманнан жақсы туғанға қуанатын орным бар. Бұл кезде бүкіл Европа мойындап отырған сияқты Дарвин сөзіне қарсы дау айтқаныма орысша ғылым оқыған жастар тексермей, үстірт қарап, мені сөгуі мүмкін. Оларға айтатыным: Дарвиннің нәсіл туралы, сайлау жоғарылау туралы айтқан сөздерін сын жазған Германия ғалымы Дидвар Дортманның дарвинизм туралы жазған кітабын оқып, Дарвин мен Дидварды салыстырып салмақтап, сонан соң мені сөгулерің қашпас деймін. Осы кітаптың аяқ жағында менің қорытындым болса да, көбіне Европа ғалымдарының таласты сөздері болады. Оның ішіндегі өз ойым қабылдағанын алып отырмын. Өз білімімше, сыңар езу болғаным жоқ деп өзіме өзім сенемін. Және өз ақылым ұнағанын жаңалап, қосқаным да бар. Мен пәленше екен айтқаны дұрыс, онан асып ойлап не табамыз дегенді терең ойын құмға көміп, өз көзін өзі шұқып шығарғандық деймін. Жоғарыда магнетизм, спириизм, телепатия, фахризм, лунатизм, түс көру сияқтылардың бәрі бір қуаттан шығады деп әр түрлі жору айтқан Европа білімділерінің сөзі туралы менің ойым мынау:

Мен жан да бар, жын да бар, адамның өз жанының қуаты да бар деймін. Дәлелім:

Шақырмаған жан келіп, кейде өзі пәленшенің жаны екеніне нанарлық сөз айтатыны.

Шақырмаған кісіге бақсылық-дуаналық, фахризм, жындылық, кез болатыны.

Ұйқыда кезу, лунатизм, магнетизммен біреудің еркін билеу, түсі дәл келу – бұл үш түрлісі үш бөлек қуаттың иесі болуға лайық, Оның бәрін бір-ақ қуаттан іздеу қате деймін.

Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таң қаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен? Осы кезде жанның барлығына, өлген соң да жоғалмайтынына күндей жарық дәлелдер табылып тұрса да, нанып қалған әдет алған шатақ діннен шыға алмаған молдаларша қатып қалу – ақыл ісі ме? Бір адам жанының өлген соң да жоғалмай, мұнан таза, жоғары болатынын ақылымен қабылдап нанса, және бір адам жан өлген соң біратола жоғалады деп таныса осы екеуі өлерде есі дұрыс болып, өлерін біліп өлсе, екеуі не жанынан өледі? Әрине жанның өлген соң тазарып, жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта болып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып, біржола жоғалмады-ау деп өлсе керек. Және ұждан, совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына жете қуанса керек. Олай нанбай, бай ұждан, совесть құры ғана көрініс үшін адамдыққа лайық деген кісіге жақсылық қиянаттың көп айырмасы жоқ болса керек. Ізін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне нана алмай ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, шбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмі сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы – ұждан, совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жәрдемі үш анық дегенім осы.
Шәкәрім Құдайбердиев.

Кереку-Баян кітапханасы. Рухнама.

7- кітап. Павлодар, 2003.198-233 беттер;
МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЕВ
БҰЛ ҚАЗАҚ ҚАЙ УАҚЫТТА ҮШ ЖҮЗ АТАНҒАН
Қырық сан Қырым, отыз сан Рұм, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, қырық сан қара Қалмақ, Қатсыбан, он сан Ноғай, бүлінгенде Орманбет би өлгенде Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. Ала тайдай бүлдірді делінген сөз сонан қалған деседі. Жұрт аузында бір замандарда осылай сөйленген. Сол замандарда Құндыкер, Құбан, Қотан, Қоғам дегендер болыпты.

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» – деген болыпты. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен деседі. Сол заманда қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан хан Бұқарада тұрып хандық қылған екен.

Бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтады. Мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала туып, бәйбіше өзінен тумай тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп, бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді деген соң хан қырық жігітке бұйырыпты:

– Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп, қоя беріңдер! Өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күн көрсін деп... жер аударыпты. Егіз екі қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін. Сендер де көрмеңдер деп.

Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күн кешіпті. Бала өз асын өзі алып ішерлік болған соң, өзінен басқа жанды жақтырмай, керек қылмай, тағы болып, жалғыз жонға шығып кетіпті. Тобылғыдан жақ қылып, жүзгеннен оқ қылып, көзіне көрінгенді қорек қылып, ішіп-жеп, оғын құралайдың көзінен өткізетұғын мерген болыпты. Дәл он екі жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай ұшырап, кез болып, ләм-мим деп бір ауыз тіл қатпай қала беріпті. Үйсін батыр үйіне барған соң әкесіне сөйлепті:

– Бір ағаштың көлеңкесінде отырған бала көрдім. Ай дейін десем, аузы бар, күн дейін десем, көзі бар. Көрген кісі қызыққаннан бір қасық сумен жұтып жіберерлік келбеті, сымбаты бар. Құсбегі тіккен томағадай құнысып тұрған бала. Өзінде Әзірейілдің анық бір түгі бар. Маңайына жан батып бара алмаса керек. Жалғыз-ақ айыбы – тілі жоқ екен депті.

Майқы би өзі ақсақ, өмір бойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмай, жаяу кісіге тартқызады. Мені арбамен алып барыңдар, көрейін, – депті.

Баяғы сағымнан пайда болған Шыңғыстың шын ұлын да көріп едім, мынау сонан соң жалғанға жалғыз қара болып келген жан екен деп барса, бала Майқы биді көре сала ұшып түрегеліп:

– Ассалаумағалейкум, хан атаулының қазығы, қара бұқараның азығы, – дегенде Майқы би:

– Әлейкимсалам, әмісе аман бол, балам. Сәтті күн туған ұл екенсің, жеріңе жетпей тұр екенсің. Кел, балам, қасыма мін, – деп үйіне алып келіп, төрткүл ошақ қаздырып, төбел бие сойдырып, төменгі елді жидырып, жорға бие сойдырып, жоғарғы елді жидырып, ала бие сойдырып, аймақ елді алдырып, баласы Үйсінді бас қылып, атқа мінгізіп, ердің ері, егеудің сынығы дегендей іріктеп, таңдап жүз жігітті қасына қосып:

– Мына баланы жебе қылып бастарыңа шаншыңдар, шеп қылып беттеріңе ұстаңдар, ту қылып төбелеріңе көтеріңдер. Қаратаудан әрман қарай асыңдар, Шу мен Сарысуды көктей өтіңдер. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Айдаһарлы, Құдаберді деген жерлер бар. Соған барып салық салыңдар. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қараша боласыңдар. Хан әділ болса, басынан бағы таймайды, қарашасы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді деген деп, батасын беріп жөнелтті. Бұл жорықшылар Қаратаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып жылқы алды, күймені бұзып қыз алды. Көш елді көш жөнекей шапты. Еру елді отырған жерінде шапты. Асулы қазан, тігулі дап-даяр үйге ие болып, орныға бастады. Өз алдына мал малданып, жан жанданып үйлі-баранды болды. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене? Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді. Қотан, Қоғам, Құндыкер, Құбан, Майқы билерге елші жіберді:

– Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны, баламды өзіме алып келсін, тапсырып, менен қалағанын алсын – деп. Сонан соң ақсақалдар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді, барып шақырып келіңдер деп. Бұлар келген соң бұрынғы келгендер «қайт» деген сөзді бізге айтпа, өздерің де қайтпа. Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын, тауықтан басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ. Еркегі ат болатұғын, әйелі жат болатұғын, тымақты тақияға айырбастап, пышақты қасыққа айырбастап, тәлімі бидайдың нанын жегенге, тары көженің суын ішкенге әлде қандай көріп, мас болып, биттей бөдененің бір санын жеумен күпті болып қалатұғын сарттың жаз болса, тұзын, қыс болса, отыны мен көмірін тасып, бейнет тартқаннан басқа көрер қызығы жоқ жерде не ақыларың қалды деген соң, рас-ау, рас, – деп шақыра келгендердің өздері де қайтуды керек қылмады. Қызыл Арыстан хан қайта-қайта кісі жібере берген соң, Қоғамұлы Алшынды жүз жігіт қосып тағы жіберді. Он үш ақсақал қосты. Есеп саны үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылып жау болса, бетіне келмейді, деп айтылған сөз бар дейді деп.

Үндемесе де, үйден шықпаса да «Бабыр еңбек» дегендей ақсақал шал жұмысты жатып-ақ жайлап бітіріп жатса керек.

Бұлар да келіп орнығып тұрып қалыпты.

Енді біз ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан көтерді. Оған «Алашахан» деп ат қойды. Бастапқы бір келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Үйсінді «Ұлы Жүз Үйсін» атады. Түпқазық салықшы болсын. Жауға шапқанда бұлар шаппасын, тас түйін боп тұрсын десті. Ортаншы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Болат қожа бұл жүз жігіт тосқауылшы орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын деп, оны Орта Жүз «Ақжол» атады. Соңғы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Алшынды беті қайтпаған жаужүрек, жан қадірін білмейтін кезуілші деп, қарсы алдында жүріп жауға шабатұғын да осылар болсын деп, Кіші жүз «Алшын» деп ат қойды. Кезуілші қашса тосқауылшыға, тосқауылшы қашса салықшыға барады, салықшы қашпайды. Тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға бар, көндімбай, көнтерілерді қойса керек. Қазақтың үш жүз аталған жері осы.

Бұрынғы заманда қазақтың Жүз деген де аталарының аты болса керек. Алаш деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» деген атты ұруға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда «Алаш, Алаш» деп шабыңдар, «Алаш, Алаш» демегенді әкең де болса, ұрып жық деп бата қылысыпты. Кеше «Алаш, Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деп айтылған сөз сонан қалды. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып, өз алдына отау тіккен емес, әр жұртқа бұратара қоңсы болып жүрген.

Біреу Болат қожа дейді, біреу Ақжол дейді. Екеуі бір кісіге аталған ат деседі. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс үш жүздің аталарының аты деседі. Біреулер ақсақ Келімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Науан, Шодан деген аталары бар десіп жүрді. Бірақ олардың ар жағы кім, бер жағы кім екенін біліп сөйлеуші жоқ болды. Түбірлі сөз қылып, туынды қылып айтушы болмаған соң біз ондай сөзді нұсқа қылып сөйлеуге еріншектік қылдық.
* * *
Бір адамның жақсы қатыны болады, сол қатыны өліп қалса, көңілі бұзылған шәһәр есепті болады. Еш нәрсесі орын-орнына қайтып келмейді. Бұл турада бұрынғылар бір мақал айтыпты:

Қарадан хан қойса,

Қасиеті болмайды.

Үлгісізден би қойса,

Өсиеті болмайды.

Кемелсізден пір болса,

Кереметі болмайды.

Тоқтышақтық терісін,

Тон ғып кисе тоңбайды.

Қарғыс алған атадан,

Егіз екі оңбайды.

Үш ай тоқсан түспесе,

Үлкен теңіз тоңбайды.

Қатын шайпау болмаса,

Ер жалғыз үй қонбайды.

Мыңды беріп, бірді алсаң,

Баяғыдай болмайды.
ОН ТӨРТ ТОЙМАС БАР
Жер жұтуға тоймайды, от отынға тоймайды. Кісі ойға тоймайды, бөрі қойға тоймайды. Құлақ естуге тоймайды. Көз қарауға тоймайды. Ғалым ғылымға тоймайды. Жер суға тоймайды. Қатын ерге тоймайды. Өлік дұғаға тоймайды... Бала нанға тоймайды. Тірі іске тоймайды.
ҒЫЛЫМ
Ғылым-білім немен болады? Ең алды құдайды, құдайтағаланы танымақ. Ол құдайды қайтсе таниды? Әркім өзін таныса, Сонда тәңірісін таниды. Қазақ қариялары да айтады жақтырмаған кісісін: «бұл, шіркін, өзін танымайды, кімді таниды?» – деп. Олай болғанда, ғылым-білімге талап қылушылар алдымен өзін тануды мақсат қылу керек.
* * *
Бір жаманы – өзіне де, басқаға да залалды ағаш. Денесі зор, бұтағы есепсіз көп, жапырақтары қисапсыз. Әр жапырағы әр түрлі басқа-басқа у. Көзге көрінісі бек тамаша, қызықты. Көрген кісі құр көрумен өзіне құмар. Исінің оңдылығы мұрын жарады. Тәттілігі бал мен қанттан тәтті десең өтірікші болмайсың. Бірақ қай-қайсысы болса да, ақыры у болып, жолап кеткеннің басын жоймай тынбайды. Және ол жаман ағаштың түбінен гүрілдеп ағып тұрған өзен бар. Ағып жатқан өзен болғанына – бұтағы, жапырағы мол. Өзі қызықты болғанына қызығып, бір ел келіп сол ағаштың түбіне қонды. Ағашта у барлығын біліп, уы білінген бұтақтарын кесумен әуреленді. Бір жағынан бір бұтақты кесіп жатса, ар жағынан тағы өніп-өршіп шыға береді. «Залалды болды» деп бір бұтағын бүгін кесіп тастаса, ертең және бір бұтақ шыға келеді. Ол онан да зор залалды болып шығады. Ешкімнің ойына келмеді, әуелі суды құртайық, сонан соң ағаштың түп тамыры құрып қалған соң шығып өсіп-өнуге жарамайды ғой деп. Бұл ел сол ағаштың бұтағын кесіп, тауысамыз деумен өздері таусылып бітті.

Енді бір ел келді. Бұл ел бұрынғы елдей болмады. Білді, су құрыса түп тамырынан ағаш құрып жоқ болатынын. Суды бір жаққа бұрып ағызып жіберді де, ағаштың айнала түбіндегі топырақты алып тастап, ағаштың түбін кемпірдің қаса сүйегіндей ақситты да тастады. Енді ағаш өзінен-өзі құрып, у жапырақ шықпақ түгіл, қу тобыр болып, дәнемеге жарамай қалды.

Текке көп бұтақ кесіп бейнеттенуден бұл ел халас болды. Қиссадан қисса, мақсұттан мақсұтты сезіп білу керек. Бұл жаман ағаш не дейсіз, бұл жаман ағаш адамның ішкі-сыртқы көрінісі. Қаншама қызықты болғанымен бір кісінің ішінде... көп бұтақ, оған шыққан жапырақтар – бәрі де у болып жатқаны... пайда болған тәкаппарлық, күпірлік... күншілдік, сараңдық, қырыстық... өрлік, кекшілдік... ұшы жоқ ұзын, түбі жоқ терең жаман мінездердің неше атасының ауылы. Ол ағашың түбінен гүрілдеп ағып жатқан өзен адамның денесіндегі қан.

Әй, жігіттер! Естеріңде болсын, шайтан... ол бір кесек нәрсе емес, бит пен бүрге сықылды бір жеріңнен денеге кіріп кететұғын. Өзіңнің денеңдегі арам қанның жүрегіңе барып құбылып, жүрегіңді толқытып, өзіңді бұзатұғын шайтан да сол... Қан бұзылса, кісі бұзылады. Шайтан деген нәрсе өзіңнің ойың. Ой иесі шайтан жүрегіне неше түрлі ой салады. Бәрін өзіңнің бұзылған қаныңның күші салады. Олай болса, көп ішіп, көп жеумен екі арам денеңді аралайтұғын қан. Бұл екеуі бойыңда толық болып тұрғанда басқан-тұрған жұмысыңның бәрі өзіңе у болғаннан пайдасы жоқ. Құнанбаев Ыбырай марқұм айтты ғой:

Өмір дүние дегенің ағып жатқан су екен,

Жүрген-тұрған жұмысың ойлап тұрсаң у екен, –

деп. Және бір сөзі:

Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,

Өлсең сасық боласың боқтан тағы.

Менімен сен теңбе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі ол баяғы, –

дейді екен. Соңғы әулиелер адамды адам санына кіргізбей жүрген қарындағы бір қап... екенін білді де ішпек-жемекті аз қылды. Ол екеуі азайған соң, ұйқы бөлінді, сергек болды. Сонан соң күлкі кем болды. Денеде арам қан азайды. Арам қан азайған соң жүректі барып ұйытқытып бұзатын дәнеме табылмады... күш, құт алып періште сипатта болды...


* * *
Адам баласында бір табиғат бар, кәдімгі заманнан өзге өзгерсе де бұл табиғат өзгермейді. Бұл күнге шейін мәңгі-бақи.

Ол не десең? Тура сөйлеушінің жазасы нахақ өлтірілу. Күнәкәрларға кесімді түрлі жазалар бар. Бір адам турашыл болса, хақ сөйлеуші болса, оның жанына сұқтанып, қас қылушы даяр тұрады.

Бұ табиғат әр милләттә, әр жыныс адам баласында бүгінге шейін бар нәрсе. Хақиқат дұрысы осы деп қостаушы болмайды, соның көзін қалай жоғалтудың жабдығына кірмек. Сол табиғат хазірет пайғамбарымыз Мұхаммед ғалайссаламның жанына ғаріптердің сұқтанып өшіккені сондай, замананың абзалы болып жаратылған пайғамбар да қашып, басын зорға құтқарды...

Тура сөз иелері өз ұлтында тұрып күн кешіре алмайды.

Батырлық жолдасқа пайда, жанға қас,

Мырзалық қонаққа пайда, малға қас,

Өтірік сөз дауға пайда, иманға қас,

Өткір пышақ қолға пайда, қынға қас.

– Басқа пәле қайдан?

Басқа пәле тілден.

Бір менің дегенім дәнемеге тұрмайды. Құдай өзі сақтауында қылсын, я Алла өзің сақтай гөр.
* * *

– Сөз өзі не нәрсе?

– Сөз – адамның өнері. Өнер алды – қызыл тіл деген. Адамның ғазизлігі... сөзбен болды. Хайуан сөз өнері болмағаннан хайуан болды. Көңіл бір жатқан кеннің дәриясы. Сонан шыққан сөз жауҺар. Ауыздан шыққан сөз көмір. Тіл бір болаттан жасалған өткір қанжар. Оның майдалап, уақтап жасап шығарып жатқанының бәрі інжу. Көп адамның бір жерге бас қосқаны – бау-бақша жасалған сияқты. Соның ішінде сөз жеміс сықылды. Бұ дүние бір қараңғылықтай нәрсе. Оны жанды қылатұғын ақиқат сөз. Сөз өліп қалған көңілді тірілтеді. Сөздің ізітінен адамның жаны рақат алар. Сөз жүгінің самалы Хазірет Жәбірейіл ғалайсаллам болды. Сөз осал жүк екен. Тіс тізіліп орнында тұрғанда қандай? Жерге шашылса, не құн қалады. Назымнан келген сөз орнында тұрған тіс сықылды. Қара сөз соның шашылып жерде жатқаны сықылды. Назым – әр түрлі жеміс шығып тұрған бау ағашы. Қара сөз көңілдің бау-бақшасында үлпілдеп тұрады. Жерге шашылды – қара сөз болды. Меруерт, маржан, інжу әбдіреде жатты – кім көрді? Тізілсе, жұрт көзіне түсетұғын болды. Қара сөз солардың әбдіреде жатқаны.
* * *
Адам қалай қылғанда адам болады? Ұшқан құстан, жүгірген аңнан ғибрат алып, солардың мінезімен мінезденбесе, аш арыстан жүректі болып келсе, палуан жолбарыс білекті болып келсе, досы көп болып, дұспаны жоқ адамнан осы екеуінің жүрегі, білегі табылады. Бұл екі хайуанның мінезінен шафағат табылады. Қазақта мақал бар: «Қарға табанымен басып жейді, сұңқар шашып жейді» – деген. Оның мәнісі – қарға біреу көріп қоймасын деп жалтақтап табанымен басқаны – жасырғаны. Сұңқар өзінің жегенін мақсат қылмайды, басқаға пайдам тисін, сарқытымды кім болса, сол жесін деп, жан-жағына шашып отырады екен. Сондай болғаны үшін қазақ мақал сөзінде: «Қарғаға балшық, сұңқарға талшық» делінеді. Бұл сөзден нәсихат табылады. Бал жинайтын ара қандай ұя жасайды... Адам «мен дәнеме білмеймін» деп қарап отырмай, өнерге тырысу керек. Қазақ мақалында бар: «Өнерлі өрге жүзер» деген.

Мысық бір тышқан алып жесе, аузын-басын сүртіп, жаланып, өзін-өзі таза ұстауға қандай тырысады. Сол үшін оның өзі арам емес, тазалықты мұнан ғибарт алуға жарайды. Кішкененің қайраттысы мысық. Өзі кіп-кішкентай болып, зор нәрседен қорықпайды. Қараңғы түнек жерге хайуаннан қорықпай жетіп баратын мысық.

Өзінің қаралдысынан үлкенді құмырсқа көтереді. Ол үмітінің зорлығынан үмітті болуды мұнан ғибрат алуға жарайды.

Жігіт адамның қырағылығы бүркіттей болсын. Зеректігі байғыздай болсын. Жүрісі маймылдай болсын. Он екі қырлы, бір сырлы, отыз аяқты болсын. Бұлай дегені – басқан ізін білдірмей, жүрген ізін кісіге сездірмейтін болсын дегені. Орнына қарай мінез қылсын. Сонда адам болып, адам қатарына кіреді. Біреуді біреу ит десе ашуланады. Өзі ит дәрежесіне жеткен жоқ. Ит суыққа, аштыққа шыдамды болады. Иесіне опалы болады. Ас құйса да, құймаса да, қадірлеп күтсе де, күтпесе де басқа біреудің есігіне телміріп бармайды. Қанша ұрып, соқса да иесіне кек сақтамайды. Түн болса, дамыл таппай үріп, иесінің маңына күзетші болады. Қараңғыдағы дыбысты аттан ит бұрын естиді. Түн болса ұйқыға да сақ болады, не үшін, иесіне көмек көрсету үшін. Жақсы кісіге, киімі әдемі кісіге үрмейді. Жаман кісіге, киімі жаманға үреді. Естілікте жаман-жұман кісіден есті болады. Қазақта мақал бар: «Киімі жаманды ит қабады, пиғылы жаманды тәңірі табады» деген. Ит иесіне болысып дұшпанға қару қылады. Сол үшін бұрынғылар айтқан: «Ит опа, қатын жапа» – деп.

Адам мінезді қайдан үйренем демесе керек. Түйе деген малдан ғибрат алу керек. Түйе сондай зор биіктігін ойына алмай, бір тышқанның құйрығына байлап қоя берсе, еріп жүре береді. Өзі қырық күн шөлге шыдайды. Көзіне көрінгенді қорек қылып, еш нәрсені талғамай жеп қанағат қылып жүре береді. Күштілікте қара жердің кемесі десе болады. Көнгіш те, сондай көнгіш бола шөгерсе де шөгіп жатады. Түн болса, байлап қойған жерден қозғалмайды. Оның жалғыз-ақ құмар нәрсесі тұз болады. Тұз жалата берсе, жаны кіре береді. Қазақта мақал бар: «Түйе тұзға тоқтайды, жігіт қызға тоқтайды». Және бір мақал бар: «Тұз десе, түйе тұтпайды, төркін десе, қыз тұтпайды» – деген. Төрт аяқты хайуанда түйе малының ұрғашысы ер іздемейді. Иесі қолынан шөгерсе жатады. Әйтпесе, ғұмырында еркегін керек қылмайды десе де болады. Мұнан ғибрат алуға жарайды.

Біздің қазақ жұрты мақтаған адамын «қойдан қоңыр» деп сөйлейді. Қойда жуастық мінез бар. Сол себепті басқа хайуандардан сипатты болады. Ешкі егіз табады, ит сегіз табады, шошқа тоғыз табады. Онан да көп табатын хайуандар да бар. Қасқыр қанша күшіктейді? Түлкі, қарсақ, мысық әрқайсысы қанша бала табады. Қой жылына жалғыз-ақ қозы табады. Сонда да төрт аяқтыда қойдан көп жануар жоқ. Өзі жылына үш түлейді. Бір қабат жүнін «жабағы» деп атайды. Қазақ халқы оны қанша пайдасына жаратады. Өзіне киім, малына жабу, артығын сатып, керек-жарағын алады. Бір түлеген жүнін қозының қарын жүні дейді. Одан текемет басып, қызға жасау қылады. Үй ішіне төсеніш қылады. Ақ жүнінен аппақ киіз басып, тұскиіз жасайды. Үшінші түлегенін күзем жүні дейді. Қанша киіздер басып, онымен керек жабдықтардың бәрін бітіреді. Жазда отыратын киіз үй, ішкі-тысқы төсеніштері мен қысқы үйдің астына төсейтін төсеніш – бұлардың бәрінен артылғанын және сатып керек-жарағын алады. Қазақ жұртының тұрмысын бірсыпыра көтеріп ірілендіріп тұрған осы қой деген мал. Құрт-май. Қыс болғанда қазақ деген жұрттың отыны қойдың барлығынан табылады. «Қой дегенді қой-ақ қой» дегені – ол жарықтықты айтып не қыласың деген сөз. Қойдың жүнінен басылған киіздің бір қасиетін сөйлейік. Кеше қазақ жұртында Едіге баласы Шоң би жаз күнінде қанша игі жақсы бас қосы, бір киіз үйде отырғанда жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнап жаңбыр жауды дейді. Сонда Шоң би отырған үйдің төбе киізіне қараса, бір саңылау-тесік жоқ екен. Қасында отырған әлеуметтен сұрады:

– Осы үйдің екі үзігін ұрлағанға қандай айып саларға керек? – деп. Жұрт дәнеме дей алмады. Сонда Шоң би өзі айтты дейді:

– Дәл осы үйдің екі үзігін ұрлағанға іші тола отырған жанның құнын төле деп бұйырар едім, – дейді. Отырған жұрт бұл сөзіне көнбей:

– Бұл екі үзікті сатса пәлен қой, мұнша құнды, мұнша пұлды болатын мұның не артықтығы бар, – дейді.

Сонда Шоң би отырып айтты:

– Сендер құдайдың қай бергенінің қадір-қасиетін білесіңдер. Күн күркіреп жауып тұр. Найзағай ойнап, жарқ-жұрқ етіп тұр. Естігенде жанда зәре қалды ма? Аспаннан түсетұғын жайдың оғы тесігі жоқ бүтін киізден тіпті өтпейді. Дәл осы күнде осы үйдің үстінен жайдың оғы кез келсе, өтетұғын жері жоқ, киіздің жүнінің арасына бытырап-бытырап сіңіп кетеді. Осынша жанды сақтап қалуға себеп болған соң бұл үзіктің құны үй толы жанның құны болуға жарамайды, – дейді. Отырған жұрт жағасын ұстап, таң-тамаша қалды дейді.

Жапалақ деген құс болады. Өзі он жұмыртқа табады. Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды. Екеу-екеуден жарып бала қылып ұшырады. Бәрін бірден жарып бала қылсам тамақ жеткізе алмаспын деп. Өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір-ақ мезгіл ұшады. Алса бір тышқан алады, алмаса алмай қалғаны. Сонда да құстың семізі болады. Себебі, қанағаты мол болғаннан. Адам қанағатты содан ғибрат алса керек.

Байғұз деген құс бар. Ғариплықты, бейшаралықты мойнына алып таста жатады, қайда бұзылған жай болса, сонда жатады. Су ішпейді, бидай, тары жемейді. Өзінде көлденең тістеген қылдан да жіңішке шөп болады. Оны да жемейді. Құры тістеп жүрсе керек. Қазақта бір сөз бар: «Тұрымтай екеш, тұрымтай да тайлы биенің етін жейді деген. Бір тауыққа һәм дән керек, һәм су керек деген. Бір нәрсені қорек қылып жейтұғын болсам, соның қарғысына ұшырап бейнетке қалсам керек» – деп. Сол үшін ешкімнің көзіне түспейді, жанға көрінбейді. Сүлеймен пайғамбарға барша құстар қызметкер, құл болғанда, ол келмеген. Сонда Сүлеймен патша:

– Не үшін маған келмейсің? – дегенде, байғыз айтты:

Менің жалған дүниеден ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін деген. Бұл сөзге ақыл жіберіп, ықылас қойған адам мұны ойлап пікір қылу керек. Ұшқан құсты торға түсіретұғын, жүгірген аңды орға түсіретұғын тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында. Ол жау не десеңіз, жұтқын тамақ жалғанда мазаққа, ақыретке, ғазапқа түсіретін тамақ. Тамағынан тартылған бәріне ықыласты болады.


Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58




©www.engime.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет