«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



бет3/13
Дата25.12.2016
өлшемі3,2 Mb.
#4856
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Қарабалуан (Жанұзақ) мен Жазы би
Бүгін әңгімені әріден қозғауға мүмкіндік туып отыр. Биылғы жыл да бұрнағы жылдар сияқты айрықша зерделеніп жатырған ұрпақтар сабақтастығының аса бір салихалы салтанаты. Бабаға бағышталған, анаға арналған перзенттік махаббат пен елдік бауырмалдықтың еңселі куәсі.

Бәрімізге белгілі кейінгі жылдары өткенді еске алып, қазақтың тарихын жаңартып, келесі ұрпаққа айқын, сара жол салып беру жөніндегі игілікті істер атқарылуда. Әсіресе, қазақ халқынның бауырластығын, ата-мекенді сақтау жөнінде күрескен ерлеріміз бен даналарымыздың тұлғаларын жан-жақты көрсетуде аз жұмыс жүргізілген жоқ.



Ерекше тұлғаны сынайтын тұс тарихи кезең десек, соның айғағы жаугершілік кезінде туған халқының тағдыры үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, елін, жерін қорғаған батырларымыз бен билеріміздің үлкен істері белгілі болып жатыр.

Бірақ қаншама аруақты аталарымызды еске алсақтағы, соншама аруақты аталарымыз назардан тыс қалып жүргендігі көпшілікке мәлім.

Осыдан сегіз жыл бұрын Шақшақ Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған тойы өзінің туған жері Торғайда республикалық деңгейде өтіпті. Осы аруақты атамыз Жәнібектің ағасы Қарабалуан (шын аты Жанұзақ) жаугершілікте бірге жүріп, елінің тұтастығын сақтап, мызғымас бірлігін қорғауға ат салысқан. Шақшақ Жәнібек пен Қарабалуан Алдиярұлы аттары қатар айтылып, кезінде үлкен жорықтарда, әсіресе жоңғарларға қарсы күресте бірге болып, үлкен қолбасшылық көрсетіп, ірі жеңістерге жетіп отырған.

Бұған:


Кім озар Қошқарұлы Жәнібектен,

Шақшақтың шөбересі асыл тектен.

Қалмақты қонысынан қойдай қуып,

Халқы үшін қабырғадан қанын төккен.

Қасында Қаракерей Қабанбайы,

Жаурыншы жауды болжай біліп шеттен.

Жолдасы Қарабалуан, Күрен шешен,

Әйтеке, табын Сәрке, тама Есеттен, деп жырлаған атақты Нұрқан ақынның сөздері дәлел.

Жаугершілікте Қарабалуан мен Жәнібек батыр ылғи бірге жүретіндігі мына жәйттерден де белгілі. Жәнібек батырдың жол бастаушысы түлкі болған, Қарабалуанның жол бастаушысы қарақабан болған. Кей кезде Жәнібек батыр айтады екен: «Балуан, менің түлкім тайсақтай береді, қабаныңды алға салшы», деп. Осы маңызы зор сөздердің төркіні, жауынгершілік тілге аударғанда былай түсінуге болады. Жәнібек батыр стратег болған, Қарабалуан тактик болған, себебі түлкі айлакер, ал қарақабан жуан қол жұдырық.

Қарабалуан мен Жәнібек батырдың айырылмас, мызғымас достығына үш себеп болған. Біріншіден, екеуі жақын ағайын, туыс. Аралары төрт ата.

Екінші себеп, Қарабалуан атақты Абыз биге бата аламын деп барғанда, Абыз би «ел бастап би боламын десең, алдыңа келгеннен әділдігіңді аяма. Көп бастап жол аламын десең жолдастың мыңын алма, бірін ал. Мың кісіге татитын өз туысың бар, ол Шақшақ Жәнібек» дейді, үшіншіден, Қарабалуан 18 жасынан әйгілі батыр болып танылған.

Осы үш себептен Қарабалуан Жәнібек батырға егіздің сыңарындай болады. Алдияр атамыздың ата-мекені жері шұрайлы, отын-суы мол, малға пана боларлық орман-тоғайы бар Обаған өңірі, яғни осы Қостанай облысының Сарыкөл, Алтынсарин аудандары. Алдияр атамыздан үш бала: Қожамжар, Қарабалуан (Жанұзақ), Өмірзақ. Үлкен кісілердің естелігіне сүйенсек, Қарабалуан осы Обаған бойында (қазіргі I.Омаров атындағы шаруашылық) 1688 жылы дүниеге келген. Жасы 18-ге толғанда Жанұзақ қалыңдығын іздеп, бір елге барады. Түске жақын қайын жұртына келсе, сол заматта барған ауылын жау шабады. Қашып бара жатқан жігіттерді тоқтатып, өзі басқарып, жаудың алдында ту ұстап келе жатқан қалмақтың батырын өлтіреді. Жаудың беті қайтып, көбі шығынға ұшырап, қалған бөліктері Жанұзақ бастаған шабуылға шыдамай қашады, яғни жау жеңіліс табады.

Еліне төнген жауды жеңуге қол жеткізген жігітіне қыз қымыз ұсынады. Жанұзақ қымызды сіміріп алып, ризашылығын білдіріп, «қандай бата берейін» деген екен. Қыз «үстіме әйел алма, денеме қамшы салма» депті. Сонда ғана қалыңдығын бірінші рет көрген Жанұзақ қыздың ақылдығына риза болып «мен серт бұзбайтын адаммын, батам осы деп біл» депті.

Сол жылы Жанұзақ үйленді. Өмір бойы сертін бұзбайды, сол қосылған әйелімен тату-тәтті өмір сүреді.

Сонымен, екінің бірінің қолы жете қоймайтын Ұлы жүздің ортасынан әйгілі Төле би елінен ойып алғандай Жасқана анамызға (Төлебидің жиені) үйленген кезінде үш жүзге мәлім бола бастаған жас балғын, әрі балуан, әрі ақылды Қарабалуан (Жанұзақ) еді. Әйелі, яғни анамыз Жасқана Жұмағұл, Ақмалай, Барақ, Меңіс атты төрт ұл тауып береді. Ұлдарын тамаша азаматтар етіп өсіреді.

Бүгінгі таңда Қостанай, Торғай өңірінде осы бабаларынан өрбіген 800 отбасы түтінін түтетіп жатыр. Жасқана анамыз елге өте қадірлі адам болған. Ауру-сырқат адамдарды емдеген. Жанұзақ он екі жасқа қарағанда Қарабалуан атанған. Үш жүздің жақсылары мен жайсаңдары жиналған үлкен аста кіші жүздің түйебалуанымен жекпе-жекте Жанұзақтың мәртебесі басым болады. Осыдан кейін қара торы келген Жанұзақ «Қарабалуан» атанып кетеді.

«Айқап» журналының редакторы, ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералиннің «Қазақ қай заманда Россияға қараған» деп аталатын мақаласында қазақ халқының Россия империясының қол астына қарағанына қол қойған Әбілхайыр хан бастаған елу алты ру басы ақсақалдарының аты-жөндері көрсетілген. Солардың ішінде кезінде белгілі кісілермен екінші болып қол қойған Қарабалуан Алдиярұлы, қырық бесінші болып қойған Жәнібек батыр Қошқарұлы. Мұның өзі олардың өз заманының кесек тұлғалары болғанын айғақтаса керек.

Өмірде өте сирек кездесетін жағдай, әкесімен баласының бірдей үлкен тұлға болуы. Шақшақ Жәнібектің баласыДәуітбай батыр әкесіне сай еліне еңбегі сіңген атақты кісі болған. Қарабалуанның кенжесі Барақ батыр да әкесі сияқты халқына қызмет еткен үлкен қолбасшы, батыр.

Халықтың Барақ батырға ықыласы, сыйлауы, әкесі Қарабалуанға бас июінен кем емес. Екі ғасырдан артық уақыт бойы Қазақстанның әсіресе солтүстік, орталық, өңірлерінен, Ресейдің бізбен шекарадағы облыстарынан қазақтар, жалпы мұсылман қауымы әдейі келіп, Сарыкөл ауданы аймағында орналасқан Барақ батырдың зиратының басына түнеп, мал шалып, құран оқытады.



Атамыздың ұрпақтары мен туыстары өз күшімен Барақ батырдың кесенесін жаңартып, төбесіне күмбез орнатылды. Жанында түнемелікке арналып қонақ үйі салынды. 1996 жылы көпшілікке арнап ас берілді. Зираты қоршалды.

Осындай құрмет 1997 жылы Қарабалуанның өмірлік серігі, әйелі, Барақ батырдың анасы Жасқанға, 1995 жылы Қарабалуанның ағасы Қожамжардың ұрпағы Балқан ұлы Шоқай биге көрсетілді.

Қарабалуан атамыздың ұрпағынан шыққан белгілі тұлғалар баршылық. Солардың бірі Жазы би Жанұлы, Алдиярдан Ақмалай, Ақмалайдан Жан, ал Жанның баласы Жазы би 1770-1840 жылдар арасында өмір сүріп, билік құрған шешен де көсем билердің бірі.

Ол халықты басқарушылық қабілетімен де, әділетті, білімділігімен де бірден ақ көпшіліктің көзіне түсіп, ел аузына ілігіп, би атағын ерте алған. Жазы би Кенесары хан, Уәли хан баласы Шыңғыстармен сьійластықта болған. Жазды бидің атқарған үлкен жұмысы Қазақстан жерінің тұтастығы, оның шекараларын белгілеп, анықтауы.



Жазы би Сібірдің генерал-губернаторы М.Спиринскийдің өтініші бойынша Сібір мен Орынбор аралығындағы шекараны белгіледі.

XX ғасырдың 20-жылдары А.Байтұрсынов бастаған кеңестік топ қазіргі Қазақстанның шекарасын анықтап, көршілес Ресей губернияларына заңсыз қарап кеткен қазақ жерлерін қайтып аларда, сөйтіп болашақ тәуелсіз Қазақстан Республикасы жерін, аумақтың тұтастығын сақтап қалуда сол баяғы «Жазы би сызығының» шешуші маңызы болған.



Қарабалуан Жәнібек батырдан бұрын қайтыс болады. Бұл жағдайды Жәнібек батырға естіртуге еш адамның батылы бармайды. Қарабалуанның денесін кигізге орап, түйеге артып, түйені Жәнібек батырдың ауылына қарай айдап жібереді. Жәнібектің жасы келіп қалған кезі, ылғи таңертеңгі асын ішіп, атқа мініп, қыдырып келеді екен. Бір төбенің үстінен келе жатқан түйені байқап қалып, жанындағы жігіттерге: «Балуаным қайтыс болған екен ғой. Түйені қарсы алыңдар, халықты жинаңдар, Түркістанға алып баруға даярланамыз», депті.

Жәнібек батыр Қарабалуанның денесін Түркістанға өзі басқарып алып барып, Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің албарына жерлеген, басына құлпытас орнатылған. Кейін Жәнібек батыр қаза болғанда, өзі тірі кезінде Қарабалуанның зиратының жанынан белгілеп қойған жеріне жерленген.

Түркістан қаласының 1500 жылдығы қарсаңында Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің жанына жерленген жақсылар мен жайсаңдардың аты-жөндері анықталып, белгі қойылды. Оның ішінде Алдияр ұлы Қарабалуанмен бірге Шақшақ Жәнібек, Мешітбай Сүгірұлы, Мерген Бабасұлы, Әлібек Құдайбергенұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Шобан Жаманқұлұлы сияқты батыр-билеріміз мәңгілік тыныстап жатыр.

Аруақ жар болсын, ағайын!



Қабылахат СЕЙДАХМЕТ
Мерген Бабасұлы
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихи даму жолында талай тар жол, тайғақ кешу қиын кезеңдерден өткендегі белгілі. Солардың ішінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атаумен ел аузында сақталып қалған XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншыларына қарсы халқымыздың ерлік күресінің алатын орны ерекше екендігі анық. Осы кезеңдегі халқымыздың басынан кешкен қиын жағдайы туралы Шоқан Уәлиханов: «XVIII ғасырдың алғашқы онжылдығы қырғыз (қазақ) халқының өміріндегі сұмдық уақыт болды. Олардың ұлыстарын жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары және башқұрттар әр жақтан талқандады, малын айдап әкетіп, тұтас әулеттерді тұтқын етіп алып кетті» деп жазған болатын.

Осындай, өмір мен өлім белдескен қиын кезде қазақ халқы өзінің бостандығын мыңдаған ержүрек ұлдарының ерен ерлігінің арқасында Қытай мен Ресей империяларының қолдауымен көк темірге құрсанған қарулы жоңғар жасақтарының жолына берік тосқауыл қоя білді. Ат жалын жаңа тартып мінген бозбалалар мен рулы елге билік айтқан ақылман қарттарға дейін бір кісідей аламан-әскер қатарына еніп ауылдарын жаудан қорғады. Олар ат ауыздықпен су ішіп, ер тізеден қан кешкен шайқастарда қатарының аздығына қарамастан қаптаған жаумен қайыспай айқасты, арттағы ауылдарын жаудың құрсауынан құтқарып, олардан тараған ұрпақтың бүгінгі бақытты өмірге жету үшін өздері шейт болды.

Жауға тойтарыс беруді ұйымдастыру үшін әр түрлі аймақтарды біріктіру қажет болды. Көптеген жайылымдардан айырылып, әр түрлі рулар мен қауымдардың жаңа жерлерге орын ауыстыруы қазақ қоғамының түрлі топтарын ащы шындықпен санасуға мәжбүр етті. Бұл жағдайларда жалпы келісім қажет болды. Мұнда да халық арасында белгілі қазақ батырлары, аса көрнекті билері зор рөл атқарды.

Сөйтіп халықтың қырып-жойылуына жол бермеу үшін, енді сұлтандар мен рубасыларынан үміт үзген халық өзін өзі құтқаруға кірісті. Сол бір ауыр жылдарда қазақ жасақтарын Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Наурызбай, Шақшақ Жәнібек батырлар мен өзге де есімдері қазаққа аса танылмаған көптеген батырлар басқарды.

Осындай кеңестік қызыл саясаттың кезінде есімі елімізге кеңінен танымал бола қоймаса да, өзі өмір сүрген кезеңнен кейінгі үш ғасырдан бері ерлік істері ұрпағының, туған өлкесінің тұрғындарының жадында мәңгі сақталған ерлердің бірі кіндік қаны Торғай өлкесінде тамғанымен, бақилық мекені ер түріктің көне астанасы Түркістандағы алаш баласы екінші Мекке деп санайтын Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың кесенесінен бұйырған Теңізбай Бабасұлы. Ол кісіні замандастары қол мерген-атқыштық қасиетіне байланысты «Мерген батыр» деп атап кеткен, тарихи және әдеби деректерде де көбінесе осы жанама атымен аталған.

Мергеннің әкесі Бабас би Торғай мен Тобыл өзендерінің арасын жайлаған Арғын Қыпшақ руларына да, іргелес Кіші Жүзге де сыйлы, рулы елдің талай күрделі дау-жанжалына әділ төрелік жасаған қадірменді қариялардың бірі болған. Қазір Жанкелдин ауданында ол кісінің есімімен аталатын «Бабастың боз қыры» деген жер бар. Бабас бабамыздың мазары сол биік төбенің басында аумағы ат шаптырым жерден өткен жандарға алыстан мұнарланып көрініп тұрады. Кезінде Торғай облысының әкімі болған Жақан Қосабаев өзінің өлке тарихына арналған «Атамекен ақиқаты» атты еңбегінде «Мерген батыр Торғай өңіріндегі Тоқал Арғынның Әйдерке атасынан шыққан атақты Бабас бидің бәйбішесінен туған тұңғышы. Нағашы жұрты Ұлы Жүздің Албан тайпасы» деп жазған.

Ал Қостанай облысының өткен тарихын сараптауға арналған, белгілі тарихшылар, тарих ғылымдарының докторлары М.Қ.Қозыбаев пен З.А.Алдамжарлардың жетекшілігімен жарық көрген «Қостанай» энциклопедиясында Мерген (Теңізбай) Бабасұлы туралы: «Мерген (Тенизбай) Бабасулы (1691-1754), батыр, би, мастер красноречия. Известный глава рода в 18 в. Вместе с Жанибек Шакшакулы возглавил войско против джунгар. За проявленный героизм назван мергеном (снайпер). В Анракайской битве получил тяжелое ранение. Вместе с Жанибек Шакшакулы принял участие в примирении, просил пойти на компромисс Койгельды батыра, когда он захватил караван, и взял в плен русского посла Карла Миллера. Потомки Мерген би живут в Жангельдинском районе. Похоронен в Туркестане мавзолее Ходжа Ахмета Яссави» деп жазылған.

Жоғарыда атап көрсетілгендей, Мергеннің жасақты жауға қаймықпай қарсы тұрған жүректілігімен қатар, талай қиын даудың түйінін шешкен әділ билігімен аты шыққан. Сондықтан, ол кісіні «батыр» деумен қатар төбе би деп атайды. Әрине, Мергеннің топқа түсіп қара қылды қақ жарған әділ төрелігі туралы ұрпаққа мирас болған әңгімелер болмаса, сол дәуірде баспа жүзін көрген жазба деректердің жоқ екені түсінікті. Торғайлықтар: «ұрпағы Төке биге әділ билік бабасы Мергеннен жалғасқан» дейді. Төке би атамыз: «Осы жұрт мені қатал би дейді. Кезінде бабамыз Мерген би «Ұрлық түбі қорлық». Қазір ағайынның желісін қиып жылқысын алған жан ертең оны өлтіріп, жанын алудан да жүзі жанбас» деп туыстарының малын ұрлаған жерінен қолға түскен ұрының бетіне күйе жаққызып, көтерем қара атқа теріс отырғызып, масқаралап, маңайдағы ауылдарды аралатқан екен. Ол кездің адамының жөні бізден бөлек қой» деп еске алады екен. Қарттардың айтуынша, бірде оңтүстік өлкедегі (Шымкент облысының аумағы, Қаратау бөктері) ағайынды екі байдың жылқысы өрісте қосылып кетіп, оны бөлісе алмай өзара таласады.

Араздықтың соңы барымтаға ұласып, бір туысқан екі ауылдың да берекесі кетеді. Екі байдың біреуінің көзінің ағы мен қарасына балап отырған жалғыз ұлы бар екен. Ал екіншісінің мирасқор ұлы болмаған. Малынан құрық, төбесінен сырық кетпей әбден дағдарған олар ауылына жолаушылап бара жатып ат шалдырған Мерген биге «Ағайын арасының дауын тоқтата алмай әбден қиналдық. Әділ билігің туралы бұрын біз де естіген едік. Сондықтан «Қырықтың бірі қыдыр» деген, мына даудың төрелігін сен айт, ағайындарды бітістіруге ықпал жасасаң» деп қолқа салады. Сонда Мерген алдымен екі байдың жылқысын бір жерге қосып жинатыпты. Кекілін үкілеген құнан мінген байдың жалғыз ұлына өрісте иіріліп жатқан көгалалы көп жылқыны ортасынан қақ айырып шауып өтуді бұйырады. Ортадан шауып өткен баладан үркіп, екі жаққа бөлінген малды осыған дейін малын бөлісе алмай, басы дауға қалған екі байдың еншісіне бөліп береді. «Мен бөлген жоқпын, ортадан атпен шауып өткен баладан үркіп, қыл құйрықты Қамбар ата тұқымы жылқыны тәңірінің өзі бөлді. Біреуіңе көп тиер, екіншіңе сәл аз тиер, ол несібеңе Алланың бұйыртқаны. Алланың бұйыртқанына пендесі разы болмақ. Мал дауы осымен тәмам. Қыздың жасы балиғатқа жетсе күйеуге тигенді қалайды, шаңырақта ұлың болса қиналғанда сүйенішіңе жарайды. Ағайынды екеуіңнің атыңды ертең елге жаятын орталарыңдағы осы жалғыз ұл болмақ. Бірақ өзі жалғыз екен. Жалғыздық жаратушыдан өзгеге жараспаған. Орталарыңнан бірігіп қалыңмалын шығар. Отауын көтер. Телқозыдай екеуіңді тең көріп, туған әкесіндей екеуіңді де сыйлап, тәрбиелеріңді алып өссін. Адамның басы алланың добы. Заманың ертең не болмағы бір тәңірге ғана аян іс. Сондықтан көпке созбай ортадан қалыңмалын шығарыңдар. Шаңырағын көтер. Тұңғышы ұл болса, бұрын ұлың болмады ғой, сен бауырыңа бас, жатың емес, жақының, өрісі бір қозы көгенін үзбес. Осы бала тілектесің де, тілеулесің де болуға жарар», деп жас ұланға батасын беріпті. Ол осындай әділ биліктеріне байланысты Мерген (Теңізбай) батырды халық «Мерген би» деп атаған, батырлығымен қатар би ретінде де айрықша қадір тұтқан.

Мәселен, Торғай өлкесінің тарихын бүгінгі ұрпақтың тағлымды тәрбие көзіне айналдыруға үлес қосып жүрген белгілі қаламгер, бірнеше кітаптың авторы Мақсұтбек Сүлейменов 2001 жылғы 3 тамызда «Астана айнасы» газетінде жарияланған «Мерген би» атты әңгімесінде: «Мерген бабамыз дауға түссе дауды, жауға шапса жауды жеңіп шығатын әрі би, әрі батыр болған соң оны Арғын-Қыпшақ қатар қадыр тұтқан. Мерген би осындай атақ-абыройы асқақтап тұрған соң кімге сыйлы болмасын, Ұлы Жүздегі әйгілі Қойгелді батырдың апасымен түтін түтетеді».

Осы басылымда Мерген би дүниеден өткен жылы оның баласы Баймырза 13 жасында ерлігімен елге танылып, батыр атанғаны да айтылған. Ал Баймырзаның Жанкелдин ауданының Шұбалаң ауылының тұсындағы мазарындағы құлпытасында Баймырза батырдың 1741 жылы туып, 1829 жылы 88 жасында қайтыс болғандығы жазылған. Ал Торғайлық қариялардың «Мерген би пайғамбар жасында дүниеден өткен» деген дерегіне сүйенсек, батырдың 63 жаста қайтыс болғандығы айқындалады. Демек, Мерген шамамен 1691 жылдары туған. Мұны Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи әулие кесенесіндегі Мерген бидің құлпытасындағы жазу да нақтылайды. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша кесенеде Мерген бидің құлпытасы болған. Өкінішке орай қазіргі уақытта құлпытас жоқ болып шықты.

Қарттардың айтуынша Мергеннің бәйбішесі Ұлы Жүздің Дулат руынан шыққан Сартұлы Қойгелді батырдың апасы. Шежіре дерегінше: бұл анамыздың есімі Асыл. Өткен ғасырдың 70-жылдарында Бидаш Қонарбайұлы, Міркемел Сейітқазыұлы, Биғали Молдахметұлы, Қамбар Төкеұлы сияқты Торғай өлкесінің көне тарихына жүйрік аталарымыздың Мерген бидің Асыл анамызбен алғаш жолығысып, танысуын аңыз етіп айтып отыратыны да әлі күнге дейін есімізде. Мерген би бірде нағашы жұртына қарай бара жатқанда сусап келе жатып, бір ауылдың шетінде құдықтан қауғамен су алып тұрған бойжеткенді көреді. Ол кезде құдықтан су тарту әйел заты үшін ерсі қылық саналған көрінеді. Қызды сынамақ болған Мерген би жақындап келіп, «Қарындасым, атым сусап келеді, науаға су құйып жібермейсіз бе» деген тілегін айтыпты. Бойжеткен болса қолына ұстаған қауғасын жігіттің өз қолына ұстата береді. Қауғаны шыңырау құдықтан тарта бастаған Мерген шелектің зілдей ауырлығын бірден сезеді.

Қыз алдында намысты қолдан бермеуге тырысқан ол қауғаны тартуға бар күш-жігерін салады. Бейтаныс жігіттің өз сынынан сүрінбей өткенін көрген қыз оған: «Ат аяғы жететін жерде менің тартқан қауға шелегімді құдықтан тартып шығаратын жігіт жоқ еді. Шамасы алыстан келген жолаушы болдыңыз ғой» депті. Екеуі осы жолы сөз жарастырып, Мерген қайтар жолда Сарт байдың батасын алып, Асыл анамызды Торғай өзенін жайлаған Арғын еліне алып келіпті. Осы Асыл анамыздың інісі Қойгелді Сартұлы Ұлы Жүздің жоңғарға қарсы күресін жарты ғасырдай басқарған әйгілі қолбасы батыры, ол кісі де мәңгілік бақи мекенін жездесі Мерген батырмен бірге Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінен тапқан. Ол кісі туралы Тараздық өлкетанушы-жазушы Б.Әбділдаұлы «Егемен Қазақстан» газетінде «Төле би – Ұлы Жүздің төбе биі болса, Қойгелді қолбасы-батыры еді» деп жазған.

XVIII ғасырдың отызыншы жылдары Кіші Жүздің ханы Әбілқайыр ханның орыс патшасына бодандыққа өту туралы ант беруі қазақ даласындағы саяси жағдайды аса күрделендіріп жіберді. Бұланты мен Бөленті, Аңырақай шайқастарында жоңғарларды талқандап, Қаратау мен Алатаудың бойын жаудан азат ете бастаған Үш Жүздің жасағы бұл жеңісті жорықты күрт тоқтатуға мәжбүр болды. Кіші Жүздегі Табын Бөгенбай, Орта Жүздегі Шақшақ Жәнібек, Қараман Бөгенбай Қожаекеұлы (Әбілқайыр хан шыққан Өсеке әулетінің күйеу баласы) батырлар да Кіші Жүз ханының ізімен патшаға бодан болуға ант берді. Осы кезде талай жорықта тізе қосып жауға бірге аттанған, жаз жайлау, қыс қыстауда да Шақшақ Жәнібекпен іргесі бөлінбеген Мерген би патшаға бодандыққа келісімін бермеген. Ақтөбе облысының аумағындағы Майтөбеде, кейін Ор (Орынбор) қаласында патша елшісі М.Тевкелев пен Орынбор губернаторы И.И.Неплюевке ант бергендердің тізімінде Торғай өлкесін жайлаған Шақшақ руының құрамына енетін шағын рулардың би-батырларының аттары аталып, қолдары қойылғанын мұрағаттарда сақталған тарихи деректерден көруге болады. Ол тізімнен Мерген би басқарған Тоқал Арғынның Шақшақпен тең дәрежелі іргелі атасы Әйдеркеге жататын 18 рудың біреуінің де билері мен батырларының ең болмаса біреуінің де есімінің кездеспеуі айқын дәлел болғандай. Қорыта айтар болсақ, 1754 жылы Мерген би өмірден озғанға дейін Әйдерке руы патша үкіметіне бағынуға келісіп, ант бермеген.

XVIII ғасырда патша үкіметі Жоңғар хонтайшысы Қалдан Серенге майор К.Миллерді елшіліке жіберген. Елшіге жолай қазақ даласы, оның билеушілері туралы деректерді жинау және: «Сапар барысында қастарыңдағы геодезист жігітке ескертіп қойыңдар, ол бізге керекті мәліметтер жинай отырсын, өзендерді, тауларды т.б. бедерлі белгілерді қағазға түсірсін» деген құпия тапсырма берілген.

«Майор Миллердің жоңғар ханы Қалдан Серенге барып қайтқандағы жазбаларында» Мерген бидің Ресей мен Қазақ хандығы арасында 3-4 жылға созылған даулы оқиғаны шешуге қатынасқандығы туралы деректі кездестіруге болады. Патша үкіметі бұл қақтығысты «Керуен дауы оқиғасы» деп атаған. 1739 жылы Ресейден Жоңғарияға жіберілген үлкен керуенді майор Миллер басқарып барған. Қойгелді батыр бұл керуеннің жоңғарларға сатуға жасырып қару алып бара жатқандығын анықтап білген соң, оның бар мүлкін еліне «хан талапай» етіп таратып беріпті. Керуеннен тартып алған мылтықтарымен өзінің жасағын қаруландырады. Өз құзырына бағынбаған Ұлы Жүздің батыры Қойгелдіге еш шара жасай алмайтындығын білген Ресей патшалығы керуендегі адамдар тұтқыннан құтқарылғанша Орта Жүз қазақтарымен Орынбор, Ор қалаларындағы базарларда сауда жасауға тиым салады. Қойгелді батырмен араға жүріп, тұтқындағы керуеншілерін құтқаруға Шақшақ Жәнібек тарханға сөз салады. Ал өзімен үзеңгілес Жәнібекпен жолықса, қолқасын орындауға тура келетінін түсінген Қойгелді батыр онымен кездесуден бас тартады. Әрі Жәнібектің Қойгелдіге жіберген туысы Байғұлақты жолда жоңғарлар өлтіріп кетеді.

Арада бір жыл өтеді. Керуенін Қойгелді «мырза қамаққа» ұстаған патша үкіметі өшін өз бодандығына өткен Кіші Жүз бен Орта Жүздің руларының қазақтарынан алып, оларға Ресеймен сауда жасатпай қояды. Базардан қағылып, күнделікті тұрмысына қажет тауарсыз қалған елдің қамын ойлаған Мерген би жерлесі әрі Кәдірімбет атадан бірге тарайтын туысы Өмірзақ бимен бірге Түркістан қаласына барып, орыстарды тұтқыннан босатуға қайнағасы Қойгелді батырды көндіреді. Бұл туралы «майор Миллердің жоңғар ханы Қалдан Серенге барып қайтқандағы жазбаларында бұл оқиғаның 1743-жылдың 14 наурызы күні болғандығы туралы да жазылған.

Ал өлкетанушы М.Сүлейменов: «Ресей патшасының елшісі Миллердің керуенін Қойгелді батыр тонап алғанда Шақшақ Жәнібек әйгілі «Керуен дауын» шешуге арғынның өзге биіне емес, осы Мерген биге қолқа салды. Тарихи деректерді сарапқа салсақ, Мерген би Шақшақ Жәнібек тарханның үзеңгілес серігі болған адам. Мерген би Шақшақ Жәнібектің бесінші атасы Аманжолмен бірге туысатын Сомжүрекұлы Әйдеркенің шөбересі. Оның әкесі Бабастың да қазақ халқының атақты биі болғаны көпке мәлім» деп ой түйеді.

1741 жылы Түркістан қаласында осы дауға төрелік айтуға бас қосқан Үш Жүздің билері Ресей патшасын біржола тыныштандыру үшін Қойгелді батырға керуеннен тоналған тауар мен қарудың құнын қайтару туралы шешім қабылдап, орыстарға екі мың жылқы «жарты құн» төлеуге үкім шығарады. Ол кезде «жарты құн» деп тай-тулақ, қолаң болған арық атты айтады екен. Қойгелдіден құнға алған арық жылқының Орынборға барып жетпесін сезген патша ұлықтары бұл құнды алудан өздері-ақ бас тартыпты деседі. Бұл туралы белгілі ғалым, көрнекті қаламгер С.Ақтаев 1994 жылы «Ақиқат» журналында жарияланған «Керуен оқиғасы» атты мақаласында да жан-жақты баяндаған болатын.

Бұл туралы Ж.Қосабаевтың «Атамекен ақиқаты» атты кітабында: «Былтыр «Ақиқат» журналында Қаратау баурайындағы Қойкелді батырдың ауылына елшілікке Мерген бидің барғандығы туралы жазылды. Бұл кісі Шақшақ Жәнібектің бесінші атасы Аманжолмен бірге туысатын Сомжүрек ұлы Әйдеркенің шөбересі. Осы Бабас ұлы Мергеннің Баймырза деген баласына жауынгерлік батасын беріп, жорыққа баулыған да қарт қолбасының өзі еді» деп жазған болатын.

Әрине, Мергеннің жоңғарға қарсы айқастардың қайсысына қатынасқаны туралы нақты жазба дерек сақталмаған. Дегенмен, батырдың қайын жұрты жайлаған Қаратаумен өзінің ата қонысы Торғайдың арасындағы біраз шайқастарға қатынасқаны анық. Ал бізге қазақтың белгілі қаламгерлерінің бірі Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» атты повесінен белгілі болған жағдай Мерген бидің жоңғарлармен Жетісуде болған алғашқы соғысқа қатынасқандығы. Ә.Әлімжанов осы кітабында Мергеннің Малайсары батырмен тізе қосып, Ұлы Жүзді жау табанынан құтқару үшін қабырғадан қан кешіп жүріп айқасқанын тебірене жазған.

М.Сүлейменовтің: «Жарықтық, топырағы торқа болғыр Ғафаң ағамыз айтушы еді: «Мен Мерген бидің Әулиеата, Тараз өңіріндегі жорықтарда ауыр жарақат алғандығы туралы оқиғаны Ә.Әлімжановқа әңгіме етіп айтқан едім. Ол соны өзінің «Жаушы» кітабында жазып, бабамыздың бұл жорыққа қатынасуын Арқа мен Жетісу батырларының бірлігі ретінде суреттеді. Бірақ та мұнда «ауыр жарақат алды» демейді, «қаза тапты» деп жазады. Демек, Мерген бидің Ә.Әлімжановтың «Жаушы» повесінің басты кейіпкерінің бірі болуының сыры осылай ашылады. Ғафекең ағайындарымен бас қосқанда үнемі: «Мерген атамыз туралы Ә.Әлімжановтың кітабында жазылған. Оқыңдар. Жастарға түсіндіріңдер. Тәрбие болсын» деп айтып отыратын. Әрине, Ә.Әлімжанов кітабының сюжетін қоюлату үшін «Мергенді шайқас алаңында қаза болды» дегені болмаса, өзгесі елінің азаттығы үшін жаумен қайыспай айқасқан батырдың ерлігін нақты көрсете білген. Ал, жоңғардың таңдаулы жасағымен қаймықпай айқасқан Малайсары мен Мергеннің сарбаздарының ерлігі ертедегі Фермопил асуындағы Спарта әскерінің парсылармен соғысынан еш кем емесі анық. Өкініштісі, Спарталықтар туралы орта мектептен жаттап өскен жастар өз бабаларының ерлігі туралы деректі тек Ә.Әлімжановтың «Жаушысынан» ғана кездестіре алады.

Осындайда төл тарихты таразылауға самарқаулығымыз тағы да жанды ауыртады. Мерген батыр 1753-1754 жылдары Жайықтағы қалмақтарға қарсы соңғы рет жорықта болған. Тарихи деректерде 1753-жылдары Орта Жүзбен Кіші Жүздің бірлескен 20 мыңдай сарбазы Еділ-Жайық бойындағы қалмақ елін шапқандығы айтылады. Көп олжамен оралған қазақтар қуғыншы қалмақ жасағынан көп шығын шегіпті.

Қазақтар бұдан кейін де қалмақтарға қарсы бірнеше жорық ұйымдастырған. Батыс Қазақстандық өлкетанушы-жазушы Нәбиден Әбутәлиевтің жазуынша: «Орта Жүздің Тоқал Арғын руынан шыққан Қараман Бөгенбай, Мерген, Әйдерке Өтей және Уақ Бармақ батырлар түрікпендер мен қалмақтарға қарсы Кіші Жүз қазақтарының күресіне көмектесуге 15 мың адамдық жасақпен жорыққа аттанған. Осы «жорықта Қараман Бөгенбай мен Өтей батыр шейіт болған. Өтей Атырау облысының қазіргі Қызылқоға ауданының аумағына, Бөгенбай батыр Жайық өзенінің жағасындағы бір төбеге жерленген».

Ал ауыр жарақаттанған Мерген батырды Ақжайықтан Торғайға екі нардың ортасына кереге жайып, үстіне қабаттап төселген киізге салып жеткізген. Мерген би осы ауыр жарақаттан 1754 жылы күз түсе қайтыс болыпты.

М.Сүлейменов: «Ол Жәнібекпен тірлікте тіземіз, қоныс іргеміз бөлінген жоқ еді. О дүниеде де ажыраспасақ» деп, Алладан тілек айтады екен. Мерген би қайтыс болғанында үш жүздің абыз ақсақалдарының ұйғарымымен оның денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауидің кесенесіне апарып жерленеді. Оған оның денесін баласы Беркімбай алып барған. Бұл туралы Мерген бидің бір ұрпағы, белгілі ақын Ғафу ағамыз бір рет Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне барғанымда қасында Сырбай Мәуленов болған көрінеді. Сонда ол Ғабит Мүсірепов тәрізді заңғар ойлы замандастарының алдында «Мұнда Сырбай екеуміздің бабамыз жатыр деп «қыр көрсетіп» қатты мақтаныпты. Иә, Жәнібек те, Мерген би де қай қазақ баласына болмасын «Менің бабам» деп мақтануға әбден лайықты, ұлтына ұйытқы болған ұлы тұлғалар ғой» деп жазды. Айта кетер бір жай: С.Мәуленов Шақшақтың Аю руынан, ал Ғафу Мергеннің Баймырза атты ұлының ұрпағы» деп жазған болатын.

Бұл деректерді Мерген бидің ұрпағы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғафу Қайырбековтің «Жел қайық» атты өмірнамалық кітабынан да кездестіруге болады. Мерген бидің баласы Баймырза да елін жаудың табанына таптатпай өткен атақты батырдың бірі болған. «Баймырза Торғай бойын жайлаған қалың Арғынның іргелі тұқымдарының бірі Бабас бидің баласы Мергеннен туған. ...Елі құрметтеген Мерген би дүние салғанда, оның денесі алты алаш қазақтың қасиетті орны Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне апарып жерленген. ...Мерген бидің үшінші баласы Баймырзаның есімі Торғай еліне ерлік істерімен аңыз болып тараған. Қасиетті батыр бабамыздың қорымын көне көз қариялар күні бүгінге дейін киелі орын деп қастерлейді. Баймырза батыр Жанкелдин ауданындағы Шұбалаң деген жердегі құлпытасындағы жазуға қарағанда 1741 жылы дүниеге келген. 88 жасында 1829 жылы дүние салған. Кезінде батыр бабаның басына орнатылған биік белгі әлі де алыстан көз тартады. Түрлі дертке шалдыққан сырқат жандар Баймырза қорымына түнеп, дертінен айығып жатады.

Күні кешегі коммунистік саясат кезінде де бұл қорымға тәу етіп келушілер шеруі еш үзілген емес».

Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Ресейге қарсы келген тарихи тұлғалар туралы көп айтылмады. Кеңес кезінде, тіпті, үш жүздің басын ортақ бір тудың астына қосам деп, Ресеймен тең саяси қатынас ұстанған Абылай хан туралы да толыққанды зерттеу болмады. Ал мұның Мерген тәрізді арыстардың тарихта алатын орнын нақтылауға да кері әсері тимей қалған жоқ.

Қазір Мергеннің ұрпақтары Жанкелдин ауданында тұрады. Мерген бидің кіндігінен: Қуандық, Сағындық, Баймырза, Бозша, Беркімбай, Ноғай деген алты ұл тараған. Қуандық, Сағындық, Баймырза, Бозша Мерген бидің бәйбішесі Асыл анамыздан туады. Ал екінші анамыз Кіші Жүздің Жаппас руынан шыққан Кенже деген кісіден Беркімбай, Ноғай атты екі ұлы туады. Мерген руынан Баймырза батыр, Сүттібай, Төке билер Кенесары хан қозғалысына белсене ат салысқан болса, Торғай қазақтарының 1916-жылғы патша жарлығына қарсы ұлт азаттық қозғалысының басшылары Смағұл, Хакімбек Төкеұлдары мен халық батыры Аманкелді Имановтың үзеңгілес серігі-мыңбасы болған Сейдахмет Бәйсейітұлы тәрізді ел тізгінін ұстаған азаматтар шыққан. 1916 жылғы ұлт азаттығы үшін қозғалыста Мергеннің ұрпақтары Мағау Баймағанбетов, Табай Бұзаубақов, Махмұт Токин, Төлебай Бәйсейітов тәрізді арыстар шейт болды. Ал Мерген бидің ұрпағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбеков есімі елге танылған ақын болса, академик Марат Барманқұлов Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде телерадио-журналистика кафедрасының меңгерушісі, белгілі ғалымдардың бірі болды.

«Қазақ қауымының ел тәуелсіз болған кездегі негізгі парызының бірі елін қорғайтын, жерін қорғайтын перзент тәрбиелеу, баба салтын, ұлжандылықты, ұлтқандылықты-патриотизмді бойына ана сүтімен дарыту болса керек», деп белгілі тарихшы М.Қ.Қозыбаев жазғандай атадан балаға мирас отансүйгіштік қасиетті дамыта түсу үшін батыр бабаларымыздың өнегелі өмір жолын, елін қорғауда жасаған ерліктерін көпшілікке үнемі насихаттап отырса, нұр үстіне нұр болмақ.

Ертай қажы ИСЛАМҰЛЫ


Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет