Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов



бет21/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   36

Эрнест Хемингуэй (1899-1961) жастық шағында Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар мен 30 жылдары Испанияда орын алған фашизмге қарсы соғыстарға қатысып, түрлі қиыншылықтарды бастан кешірген «жоғалған ұрпақ» жазушыларының қатарына жатады.

Хемингуэй адамзаттың маңызды, трагедиялық жақтарын, әрі өз дәуірінің қоғамдық-саяси өмірін жазған. Оның ең басты тақырыптары – адам мен соғыс, адам мен табиғат; олар­дың философиялық аспектілері – үздіксіз күресуші адам болмысының көрінісі. Соғыс корри­да секілді, ал қатыгез өмір матадор мен өгіздің күресі өтетін аренаның бейнесіне теңестіріле­ді. Хемингуэйдің шығарма­ларындағы басты кейіпкер жеңілуден еш қорықпай, тірі тұр­ғанында күресуден бас тартпайды. Адам жеңілу үшін жаралмаған. «Адамды жойып тастау­ға болады, бірақ жеңу мүмкін емес», - дейді Хемингуэй «Шал мен теңіз» повесінде.

Э. Хемингуэй Чикагоның маңайындағы Оук-Парк деген жерде дәрігер­дің отбасында дүниеге келген. Оның әкесі табиғатты жақсы көрген, сол себепті де ол әрқашан серуендеуге шыққанда өзімен бірге ұлын ертіп жүретін. Отбасын қатал әрі салқын мінезді анасы басқар­ған. Анасы ұлына музыкалық білім береді. Хемингуэй Оук-Парктағы мектептен білім алады, әдебиетке қызығушы­лық танытып, спортпен шұғылданады. 1917 ж. мектеп бітірген жас Эрнест Канзас-Ситиге кетіп, сонда «Стар» газетінде репортер болып қызмет атқарады. Осы кезден оның журналистік таланты көріне бастайды. Хемингуэйдің Канзас-Ситидің журналистика мектебінде алған сабақтары жас репортердың кейінгі уақыттағы тілшілік қызметіне көп пайдасын тигізеді.

1918 ж. көктемде америкалық Қызыл Крест бөлімшесіне жүргізуші ретінде Хемингуэй Италияға атттанады. Оны көзінің дұрыс көрмеуіне байланысты әскер қатарына алмаған болса да, жас жауынгер италия-австриялық соғыста майданға қатысады. Қатты жарақат алып, үш ай Милан ауруханасында емделеді. АҚШ газеттеріне Италиядан репортаждар жібереді. Соғыс біткен соң Оук-Паркқа қайта оралады. Соғыс кезеңін «Біздің уакытта» (1925) атты әңгімелер жинағында, «Күн шығып келеді» (1926) , «Қош бол, қару!» (1929) атты романдарында өте шебер суреттейді.

Оның шығармашылығында Испания тақырыбы ерекше орынға ие. «Испан­дық репортаж», «Мадридтік жүргізуші» атты әңгімелері мен очеркісінде, «Бесінші бағана» (1938) атты пьесасында осы тақырып қозғалады. Соғыстан кейін Хемингуэй Кубада тұрады. Ол осы жерде «Қария мен теңіз» (1952) повесі мен «Өзеннің ар жағында, ағаштар көлеңкесінде» (1950) романын жазады. 1954 ж. Хемингуэй әдебиеттегі Нобель сыйлығының лауреаты атанады. Хемингуэй орыс әдебиетін жақсы білген, әсіресе, Тургеневті жақсы көрген.

Оның «Кімге қоңырау соғады» атты еңбегі ХХ ғ. ең керемет романдарының бірі ретінде танымал болған. Хемингуэй романдарына шығарма­ның проблематикасы, құрылымы, ішкі монолог, авторлық коммен­тарий­лер, психологизм, лиризм, образдардың жарқындығы тән.



Уильям Фолкнер (1897-1962) – «ұлы Америка романын» дүниеге әкелген көрнекті жазушылардың бірі. Ол атақты Фрэнк Норрис пен Марк Твендердің ізін жалғастырып, Драй­зер, Стейнбек, Дос Пассостармен қатар әлемдік әдебиет­ке өзіндік мұрасын қалдырған.

Миссисипи штатының тұрғыны Фолкнер АҚШ әдебиетінде 1920 ж. пайда болған «оңтүстік мектептің» өкілі. Аға буын өкілдерінің реалистік дәстүрлерін сіңірген таланты мен жаңа дәуірдегі модернизм жаңа­лық­тары оның шығармашылығына әсер етпей қоймады. Жазушы жергілікті көріністер арқылы жалпыға ортақ мәселелерді ашуға тырысады. Фолкнер «адам жүрегінің мәселелеріне» басты назар аударып, 1949 ж. Нобель сыйлығын алған кезін­дегі сөйлеген сөзінде өзге жазушыларды да осыған шақырады. Ол: «адам жүрегінің ескі иделдарына - махаббат пен намыс, өркөкіректік пен жанашырлық, азап пен құрбандыққа» назар аудармау әдебиетті өлтіреді», - деп біледі.

Фолкнердің шығармаларынан «Солдат сыйлығы» (1926), «Москиттер» (1927), «Мәрмәр фавн» (1924), «Фолкнердің қойын дәптері» (1946), «Қала» (1957) және т.б. еңбектерін ерекше атап өтсе болады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы америка әдебиетіндегі жаңа кезеңнің баста­луына ықпал етеді. АҚШ жаңа дәуірге дамыған алып мемлекет ретінде енді. 50 ж. өзінде-ақ америкалық жазушылар мен сыншылар соғыс арасындағы 10 жылдық­тардағы әдеби көрсет­кіштерді бағалай отырып, жаңа кезеңдегі әдебиетті қандай нәрселер күтіп отыр екен деген сұрақтарды алға тарта бастады. Әдебиеттің жаңаруына үміттене отырып, ХХ ғ. бірінші жартысындағы америкалық классика­ның жеткен көркем жетістіктерінен айырылғандарына да өкініш білдіреді.

«Жеке адам мен қоғам» және ХХ ғасырда адамдардың қажеттіліктері мен қарым-қатынастарында, әдебінде орын алған өзгерістер сол уақыттағы әлеуметтанушылар мен философтардың өзекті мәселесіне айналады. Д. Рисмен өзінің «Жалғызсыраған халық» атты кітабында адамның даралығы жоғалып, оның орнына қоғамға бағыныштылық пайда болды деп жазған. Фолкнер секілді Э. Фромм да өзінің «Үміт революциясы» атты еңбегін «Біз қайдамыз және қайда бара жатырмыз?» деген сөздермен бастап, қазіргі замандағы ұйымның құрылысын «мега машина» деп атаған. Қоғам машина секілді жұмыс жасайды, ал адамдар осы машинаның құрамдас бөлшектері секілді. Техника адамзат пайдасы үшін емес, кері­сінше адам техника үшін қызмет жасап жатқандай.

Әдеби шығармалардың типологиясы, жазушының өмірге деген көзқарасы мен эстети­калық идеалы жаңа кейіпкердің типологиясын анықтап береді. Бұл америкалық жазушылар мен драматургтердің, ақындардың шығармаларындағы кейіпкерлердің арасынан – Норман Мейлердің шығармашлығындағы соғысқа қатысқандар, Джеймс Болдуин мен Уильям Стай­ронның романдарындағы қара нәсілді адамдар, Аллен Гинсбергтің поэзиясын­дағы заманның жас түлектері, Джек Керуак пен Джероми Дэвид Сэлинджердің романдары мен әңгіме­лерінде, Артур Миллер мен Теннеси Уильямстың «Орта америкалықтар» пьесасында, Джон Апдайк мен Джон Чивердің әңгімелері мен романдарында, интеллектуал­дар Сола Беллоу мен Торнтон Уайлдердің шығрмаларындағы кейіпкерлерден көрінеді. Сонымен қатар Курт Воннегуттың романдарындағы пародиялық кейіпкерлерін ерекше атап кетуге де болады.

Конформизм мен қалыптасқан қоғамдық нормаларға қарсы Джек Керуак пен Аллен Гинсберг шықты. 60 жылдары елдегі саяси-әлеуметтік тәртіптерге көңілдері толмаған халықтың қарсылық қозғалыстары тек публицистикада ғана емес, сонымен қатар көркем әдебиетте де орын алады. Жазушылар көбіне саяси-әлеуметтік мәселер мен бостандық үшін күрес тақырыптарын қозғайды.

60 жылдардағы әдебиетте Уолтер Лоуэнфелстың (1897-1976) шығармашы­лығы ерекше орын алады. Лоуэнфелст өз поэзиясында Уитмен дәстүрлерін жалғастырады. Оның өлең­дерінде техника мен саясат, мифология мен нақты ғылым сияқты әртүрлі саладағы бейнелер мен түсініктер шебер үйлестірілген. Оның «Саған деген махаббатпен атомды ғасыр» атты еңбе­гі атомдық энергия дамыған заманында өмір сүретін адамның тіршілігі жайлы ой-тол­ғанулардан тұрады. Бұл поэмада Уолтердің өз жұбайы Лилианға деген сүйіспеншілігі көрсетіліп, Вьетнамдағы соғыс туралы айтылады. Атомдық жарылыс қауіпі соғыс зама­нындағы адам баласының бөлініп кетуіне теңестіріледі. Тек соғыстан бас тарту арқылы ғана, адам баласы бейбітшілікте бақытты өмір кеше алады.

Вьетнамдағы соғысқа қарсы шыққан АҚШ-тың ХХ ғ. аса көрнекті ақыны ретінде Роберт Лоуэллді (1917-1977) ерекше атап өтуге болады. Оның философиялық-лирикалық поэзиясында Дж. Донның, Т.С. Элиоттың, Р. Фростың дәстүрлері көрініс тапқан. Лоуэллдің өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер – автордың өзі. Ол өз өмірінің поэтикалық реттілігін қалып­тастырып, кейін бұл Американың ұлттық өмірінің тарихи бейнесіне айналады. Лоуэлл­дың лирикасындақоғамда болып жатқан жағдайларға жанашырлық, ал оның еркін өлеңде­рінде соғыс пен қантөгушілік кезеңінің трагедиялық жағдайы суреттеледі.

60-70 ж. соғысқа және саяси қозғалыстарға белсенді түрде жас студенттер де қатысады. 1971 ж. «Жаңа америкалық қозғалыс» атты студенттік ұйым құрылады. Бұл қозғалыс бур­жуа­зиялық тоқыраулар мен Вьетнамдағы агрессияға қарсы бағытталған болатын. Нью-Йорк, Принсто, Сан-Франциско, Лос-Анджелес сынды АҚШ-тың көптеген қалаларында соғысқа қарсы демонстрациялар мен толқулар орын алады. Осы кездегі жастардың көңіл-күйі публи­цисттік мен поэзияда көрінеді. 1971 ж. «Қарсылықтың жалыны. Қозғалысқа қатысушы­лар­дың поэзиясы» атты поэтикалық антология жарық көреді. Толығымен өзгерген көзқарастар революциялық қимылдарға шақырған үндеулерден айқын көрінеді. Бұған Г. Снайдер («Рево­лю­циядағы революция») мен Д. Георкастың («Мен өзімнің тапаншамды аламын») өлеңде­рін мысал ретінде келтірсек болады. Осы кезде фольксин­гер­лердің (ақын-өлеңшілер) өлеңдері жарыққа шыға бастайды. Олардың ішіндегі ең атақтысы Фред Гарднер болды. Ол өз өлең­дерін митингтерде, шерулерде, әскери бөлім­дер­дің жанында орындап жүрді. Оның «1905 жыл» атты революция туралы өлеңі мен «Потемкин», «Мемлекет құриды» атты еңбектері халық арасында кең тарайды.

Фольксингер бейнесі Эдвин Гилберттің «Джейми» романында шебер сомдалған. Роман кейіпкері елде болып жатқан оқиғаларға түсінік бере отырып өлеңдер оқиды. Гилберт үкімет мен нәсілшілдікке, соғысқа қарсы сипаттағы өлеңдер жазады. Ол өз шығармаларында жұмысшылар мен студенттердің, ақ пен қара нәсілдердің бірігуіне шақырады. Романда 60 ж. қоғам өмірінде орын алған шынайы оқиғалар суреттеледі: жастар жедел хаттарды жыртып тастап, әр кез полиция қызметкерлерінен қашып жүріп, хабарламаларды өздері басып, оларды елге таратады.

Уоллес Грейвздың «Трикси» атты романы күнделіктік жазулар негізінде құрылған. Онда студенттік өмір мен жастар қозғалысы суреттеліп, оқиға қара нәсілді Трикси атты қыз­дың атымен баяндалады. Оқиғаның болған уақыты 1963-1968 ж. аралығы, яғни президент Джон Кеннедидің өлімінен қара нәсілділердің көшбасшысы Мартин Лютер Кингттің өліміне дейінгі кезең.

Нәсілшілдік мәселесі көптеген ақ және қара нәсілді американдықтардың назарын аударды. Джеймс Болдуин (1924-1987) Гарлемде дүниеге келіп, сонда өскен. Джеймс осы жерде мектепте оқып жүріп, журналдарға мақалалар жазады. 1940-57 жылға дейін Парижде тұрып, осы жерде «Бар да таудан жарияла» атты романын жазады. Аталған шығармада ақ нәсілділер әлемінен қуылып, қайғыға душар болған Джон Граймстың образы бейнеленген.

Қозғалыстың қызған шағында АҚШ-қа азаматтық алу үшін келген Болдуин осы қоз­ғалысқа өзі де белсене араласып, публицистикалық мақалаларын жарыққа шығарып, көгілдір экранға да жиі шығып тұрады. Ол экзистенциализм идеяларынан бас тартып, күнделікті өмірдегі мәселелерге көшеді. Дәл осы кезде оның «Маған поезд қашан кететінін айтшы» деген романы жарыққа шығады, онда заман ағымынан қалмай, уақытпен бірге жүру және қара нәсілділердің бостандығы үшін күресу жайлы айтылады. Болдуин Американың бола­шағын бостандық үшін күресушілердің жаңа ұрпақтарымен байланыс­тырып, оның мақсатын - ұлттық және әлеуметтік мәселерді шешу деп түсіндіреді.

Уильям Стайрон, Эрскин Колдуэлл, Шерли Энн Грау сынды нәсілді америкалық жазу­шылар өз шығармаларында нәсілшілдік және онымен күресу мәселелерін көтереді. Уильям Стайронның «Ната Тернердің мойындауы» атты романында 1831 ж. Ната Тернер бастаған құлдар көтерілісі туралы айтылған. Стайрон өз өз шығармасын тарихи романнан гөрі, тарих жайлы ойлар деп атаған. 1831 жылғы оқиғалар екі жақты қарастырылады – өткен дәуір мен қазір заман тұрғысында. Баяндау Ната Тернердің өз өмірі туралы әңгімелері мен қозғалыс жайындағы ойларынан құралған. Ол түрмеде сот шешеімін күтіп отырған кезінде барлық оқиғаны өз адвокатына айтып береді. Тернердің алдында екі жол тұрады: көну немесе құлшылыққа қарсы шығу. Әрине ол күрес жолын таңдайды. Жауапқа тартудың алдында Нат Тернер аспанда жарық жұлдызды көріп, оны бостандық үшін күресушінің өшпес ізі ретінде қабылдайды. Стайрон Нат Тернерді әділеттілік пен теңдік үшін тек нәсілшілерге қарсы күрескер ретінде қана емес, сонымен қатар барлық ақ адамдарды жек көретін адам ретінде де бейнелейді.

Шерли Энн Граудың «Үйді аңдушылар» атты романы да нәсілшілдікке қарсы бағыт­талып, ақ нәсілді Абигейл атты әйелдің атынан баяндалады. Бұл шығармада оңтүстік Америка штаттарында орын алған сегрегацияға қарсы қозғалыстар жайлы айтылады. Жазу­шы­ның гуманизмі Абигейлдің атасының әйелі болған қара қыз Маргареттің образын бейнелеуде айқын көрінеді. Шерлидің романында халық көтерілісі жоқ болғанымен, жалпы сол 60 жалдардағы жағдайлар суреттелген.

1948 жылы Норман Мейлердің «Өлілер мен жалаңаштар» деген романы жарық көреді. Жазушының бұл шығармасы Екінші дүниежүзілік соғыста болған оқиғаларға арналып, аз уақыттың ішінде үлкен жетістікке жетіп, авторға бүкіләлемдік атақ алып келеді. «Өлілер мен жалаңаштар» әскери роман болса да, Мейлер бұл шығармасында әскери қимылдарға қарағанда, кейіпкерлердің мінезі мен адамгершілік қасиеттері жайлы көбірек жазған. Мей­лер­дің өзі де Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Оның романы жазушының басынан кешірген оқиғалары желісінде жазылған. Романда Тынық мұхиты аралдарының бірінде аме­ри­калықтар мен жапондықтардың арасында болған шайқас пен сержант Крофт пен лейте­нант Хирн сынды кейіпкерлердің бейнесі асқан шеберлікпен суреттелген. Бұл осы романд­ы ХХ ғ. америка әдебиетінде дүниеге келген ең үздік шығармалардың қатарына жатқызуға негіз болады. Автор америка халқы үшін болып жатқан соғыстың негізгі мағынасын ашып беруге тырысады. Ол көптеген соғысқа қатысқан америкалықтар үшін, бұл соғыстың себебі мен мақсаты белгісіз болды деп жазды. Не себепті олар жапондықтарға қарсы соғысып жатыр, не үшін өз өмірлеріне қауіп төндіре отырып, басқа адамдарды өлтіріп жатыр деген сұрақтар жауынгерлердің ешқайсысын да толғандырмады. Оларға жақсы ақша төледі, сол үшін олар атысты да жақсы жүргізді. Тіпті олардың көпшілігі соғыс біткен соң да армияда қалғысы келді.

ХХ ғ. америка әдебиетіндегі романның жанрлық бөлінуі сан түрлі. Торнтон Уайлдердің «Сегізінші күн», «Қасиетті Людовик патшаның көпірі» атты шығармалары философиялық уағыздарға жақын келеді. Жазушы өзінің «Сегізінші күн» атты романында Эшли жанұя­сы­ның мүшелерін Америка ұлтына теңестіре отырып, оларды еңбекқор, күш-жігері мықты, ақыл-ойлары кең адам ретінде суреттейді. Ол «Наурыз айының он бесінші күні» атты тарихи романын жазып, онда ойдан шығарылған оқиғалар мен шынайы өмірдегі нақты айғақтарды шебер үйлестірілген. «Теофил Норт» атты романы автобиогра­фиялық әңгімелер мен дұрыс жол көрсететін нұсқалықтарды қамтиды, оның кейіпкері айналасындағы адамдарға қол үшін беретін, Уайлдердің эстетикалық идеалына айналады.



Курт Воннегут (1922-2007) сатиралық фантастика үлгілеріне сүйене отырып, «Титан­ның сиреналары», «Мысықтың бесігі», «Балалардың крестік жорығы» атты романдарын жазған. Воннегуттың көркем әлемі өте қызықты әрі жаңа заманға сай болады. Оның еңбек­тері бір жағынан абсурдтық, әрі бір жағынан трагедиялық сипатта болады. Ол өз романда­рында қазіргі қоғамда болып жатқан нәрселердің адамгершіліктен мүлдем алыс екенін атап кетеді. Воннегут өз шығармаларында дәйексөздер мен кейіпкерлердің атына сілтемелерді, түрлі иллюстрацияларды шебер қолдана білген.

Америка әдебиетінде соғыстан кейінгі алғашқы онжылдықта көзге түскен Джек Керуактың шығармашылығы (1922-1969) битниктер әдебиетіне жатады. «Жарылған» сөзін әдебиетке алғаш рет Керуактың өзі енгізіп, бұл ұғымды ағылшынның beatitude – ағарту­шылық деген сөзімен түсіндіреді. «Жарылғандарды» нью-йорктік (Джек Керуак, Аллен Гинсберг, Уильям Берроуз) және калифорниялық (Лоуренс Ферлингетти, Грегори Корсо, Гэри Снайдер) деп екі топқа бөлуге болады.

Керуак Лоуэлл атты ауылдық жерде дүниеге келген. Кейін оның ата-анасы Канададан АҚШ-қа қоныс аударады. Керуак католиктік дін бойынша тәрбиеленіп, тіпті бірнеше жыл бойы иезуиттік мектепте білім алады. 40 ж. басында Керуак Колумбиялық колледжде білім алып, алайда оқуын аяғына дейін бітірмей, теңіз әскерінің қатарына қосылады.

1946 ж. Керуак өзінің «Қалашық пен қала» атты алғашқы автобиогра­фиялық романын бастап, 3 жылдан соң аяқтап бітіреді. 1950 ж. бұл роман басылып шыққанымен, халық ара­сында кең тарала қоймайды. 2 бөлімнен тұратын бұл роман дәстүрлі реалистік мәнер жазы­лады. Роман сюжеті өте қарапайым. Гэлловэй атты шағын қалашықта Мартиндер жанұясы өмір сүреді. Үйдің отағасы Джордж Мартин өте қарапайым әрі ақкөңіл, Гэлловэйдегі беделді кісі болады. Автордың әкесі секілді ол да баспаханада жұмыс істейді. Мартиндер отбасы көп балалы, олардың көпшілгі мектепке барады. Алайда 50 ж. Джордж кедейленіп, ақша табу үшін ол Нью-Йоркке аттанады, осының нәтижесінде Мартиндер жанұясы ыдырай бастайды. Кейінен соғыс басталып кетеді, бір ұлы қайтыс болады. Аштықтың зардабын шегіп, жалғыздықты бастан кешірген Джордж Мартиннің өзі Бруклиндегі шағын пәтерде қайтыс болады.

Бір жылдан соң Керуактың «Жол бойында» атты жаңа романы дайын болады. Керуак аталмыш романын басып шығару үшін баспаханадағыларды 6 жыл бойы көндіреді. 1957 ж. «Жол бойында» романы жарық көріп, үлкен жетістікке ие болып, жазушыға үлкен табыс әкеледі. Бұл роман жарылған ұрпақтың нағыз манифесі болып табылады. Аталған шығарма­да жарылған­дардың өмір сүру образдары, олардың үздіксіз машинамен жарысулары айтыла­ды. Олардың қозғалыстарының еш мақсаты жоқ, бәрі құр жасалынып жатқан бос тіршілік. Керуак осы арқылы жол бойында кейіпкерлер бейнесінің ашылуын көрсетеді. Жол Керуак­тың пікірінше мәдениетті өмірден қашып құтылу болып табылады. Ең бастысы – қашу, қалыпты өмірден табиғатқа, ақылдан қиялға, саналықтан бассыздыққа қарай қашу. Мұндай қашудың түрін Керуак «Ұлы саяхат» деп атаған.

1958 ж. Керуактың «Дхарманың қаңғыбастары» атты еңбегі жарық көреді. Бұл роман «Жол бойында» романының жалғасы ретінде құрастырылған. Керуак өзінің бірқатар шығар­ма­ларында өзі ойлап тапқан «асығыс амалын» қолданады. Аталған амалдың негізгі принципі - баста пайда болған ойларды дәс сол қалпымен жазу, мәтінді өңдеу бұл сәндеушілік деп есептеді. Керуак «шеберлік» пен «бір сарындағы ағылшын фразасын» жек көрген. Керуак үшін бұл жалған әрі қызықсыз нәрсе, және бұл «асығыс амалдың» жүру үдерісін тоқтатады.

Америка әдебиеті тарихында Джером Дэвид Сэлинджер (1919-2010) ерекше орын алады, ол ХХ ғасырдағы ең «жұмбақ» жазушы атанған.

Өзінің ең соңғы шығармаларының бірі «Хэпворт 16, 1924» атты әңгімесін, Сэлинджер «Нью-Йоркер» журналының 1965 жылы жариялайды. Көзі тірі кезінде сыншылар «пайғамбар», ал тарихшылар «тірі классик» деп атаған жазушының өмірі мен шығармашы­лы­ғы жайлы мәліметтер аз. Дж Сэлинджер 1951 ж. «Қара бидай ортасында» романы шық­­қан­нан кейін, Корниш атты шағын қалаға қоныс аударып, тыныш өмір сүруге бет бұрады.

Сэлинджер Нью-Йоркте 1919 ж. 1 қаңтарда ет саудасымен айналысатын жанұяда дүниеге келген. Бірнеше оқу орындарында білім алып, тек – Вэлли-Фордждағы (Пенсильва­ния) әскери мектепті 1936 ж. бітіреді.

Оның көркем шеберлігінің өскенін дәлелдейтін ең алғашқы толыққанды шығармасы ретінде 1943 ж. жазылған «Вариони ағайындылары» деп аталатын новелласын ерекше атап өтсек болады. Автор бас кейіпкер Джо Вариони бейнесі арқылы әртістік қасиеттер мен шы­ғар­машылық талантты көрсетуге тырысады.

Діни сезімнің пайда болуы, адам санасындағы діни бастаулардың пайда болуы – Сэлинджердің жинақтарындағы әңгімелерінің ең басты негізі. Бірінші жағдайда бұл ақынның өлімі болса, екіншісінде – Құдай жайлы тым көп ойлайтын философ Тедди өлімі.

1965 ж. Сэлинджер «Қара бидай ортасында» романымен қатар 1953 ж. шыққан «Тоғыз әңгіме» атты кітабы үшін жинақтаған 30 новелласын да баспаға шығарады. «Тоғыз әңгі­меге», «Симор: Кіріспе» (1959), «Френни» (1961), «Зуи» (1961), «Хэпворд 16,1924» (1965) атты шығармалары кіреді.

«Сүргіңді жоғарылатып, ұста» (1955) повесінде Симораның мінезі мен оның рухани болмысы өте шебер суреттеледі. Повестің сюжеті Симора мен Мюриельдің үйлену тойынына байланысты. Шығармадағы оқиға Симораның нәзік рухани өмірі әр нәрсеге жеке ойы бар сұмпайы әйелімен салыстыра отырып өрбіген. Әр қайсысының өз жүргізушісі және психоаналитигі бар. Сэлинджердің айтуы бойынша, Симор – туа біткен ақын, дегенмен біз оның тек балалық шағындағы Китса туралы қалжың өлеңін ғана білеміз. Гласстар үшін Симор - адамзат баласына тән рухани әсемдік, шыдамдылық, пәктік сияқты барлық жақсы қасиеттерге ие адам. Селинджер «Симор: Кіріспе» атты повесінде де Батти арқылы физикалық және рухани тұрғысынан Симорға дәл осындай сипаттама береді. «Зуи» пове­сінде Симордың Христос туралы аңызы келтіріледі. Симордың кішкентай сіңілісі Френни көбінде ағасының тағдырын қайталайды. Ол өзіне жат басқа өмірге Гарвард университетінің студенті Лейна Кутелла кейпінде түседі. Френни қоршаған ортаның ештеңкеге тұрмайтұғын, сұрапыл күйбелжің екеніне ағасының көзін жеткізгісі келеді. «Зуи» повесі «Френни» пове­сінің жалғасы. Онда оқиға желісі Френни мен Лейни кездескеннен кейін екі тәуліктен соң дамиды. Зуи мен Френнидің әңгімесіне Симонның өлімінен кейін кішкентайларға рухани жағынан қорған болған ағасы Баддидің жазған хаты негіз болады. Хаттың негізгі түйіні – адам аласы өз жолын өзі таңдайды, бірақ таңдаған соң өз ісін таза ниетпен әділ атқарып, ең бастысы, оны жүрегі қалауы керк. Сэлинджердің соңғы «Хэпворт 16, 1924» атты повесінде жеті жасар Симор балалар лагерінде жазған хатында өзінің отыз жас шамасында өлетінін айтады, жазушы кішкентай сәби арқылы өзінің мінсіз адам туралы ойын жеткізеді. Сэлинджер адам күші мен мүмкіндіктеріне сенеді.

Қарапайым америкалықтардың өмірі мен күнделікті тұрмыс-тіршілігі, қайғы-қасіреті мен қуаныштары, наным-сенімдері мен дүниетанымы реалистік проза дәстүрлерін қатаң ұстанатын роман жазушылар Джон Апдайктің «Қаш, қоян» (1960) және «Кентавр» (1963); Джон Чивердің «Уопшоттар отбасының хроникасы» (1957) және «Уопшоттар жанұя­сын­дағы ұрыс-керіс» (1964); Филип Ротаның «Ол өте жақсы еді» (1967) және Джой Кэрол Оутстың «Олардың өмірі» (1969) атты шығармаларында шебер көрсетілген.

Джон Апдайк (1932-2009) - ақын, романист, бірнеше әңгімелердің авторы – Пенсильва­ния штатында мұғалім отбасында дүниеге келген. 50-ші жылдардың аяғына қарай әдебиетке келіп, поэтикалық жинақтары мен бірнеше әңгімелерін жарыққа шығарады. Апдайк Гарвард университетінде оқып, бір жыл бойы Англияда, Оксфордта көркем өнер шеберлігін үйренеді. Пенсильванияда өткен балалық шағы Апдайктің мәңгі есінде қалып, бұл естеліктер оның шығармашылығында да көрініс тапқан: 30-шы жылдардағы депрессия кезінде әкесінің жұ­мыс­сыз жүргені, нағашыларының фермасының жойылуы, соғыс жылдарындағы құрбандар. Апдайк шығармашылығындағы басты тақырып - қарапайым америкалықтардың трагедиясы. Кейіпкерлер аясы мен оладың қызығушылығы өте шектеулі, олар баяндаған оқиғалар ешқандай ерекшелікпен көзге түспейді. Апдайк күнделікті жанұялық күйбелістен, ұрыс-ке­ріс­тен асып шыға алмай, тек сол төңіректе ғана жазғанымен, ең қарапайым нәрселердің маңыз­дылығын асқан шеберлікпен көрсете білген.

«Қоян, қаш» романы оқырмандар қауымы арасында кең тарап, жазушыға үлкен табыс әкеледі. Қоян деген лақап атты Энгстром есімді жас жігіттің оқиғасы өзінің қарапайым­дылығымен, жастайынан отбасын құруға дағдылан­ған сол кездегі көптеген жастардың отбасылық өміріне жақын келетін жағдай­лар арқылы оқырман көңілін жаулап алады. Гарри Энгстром әлі өзінің баскетболға деген сүйіспеншілігімен қоштаспаған қарапайым шаруа отбасынан шыққан жас жігіт автокөлік саудасымен айналысатын шенеуніктің қызымен отбасын құрғаннан кейін күнделікті тұрмыстың күйбең тіршілігін бастан кешіреді. Оның екінші баласына аяғы ауыр әйелімен ара-қатынасы жақсы болмайды, оған ас үй жиһазына жарнама жасау қызметі ұнамайды, Қоянның нақты өмірлік мақсаты да жоқ. Қоян бұл өмірде ауыр сынақтардан өтіп, қайғы-қасіретке душар болады. Баласы қайтыс болады, кейін Рут Леонард күйеуінің сатқындығы үшін одан бас тартады. Барлық нәрсе «өз шеңберіне» қайта оралаы.

Жазушының «Қайта тірілген Қоян» (1971) және «Қоян байыды» (1981) атты роман­да­рында Гарри Энгстромның оқиғасы өз жалғасын табады. Кейіпкердің жәй тауып, көкірегінде тыныштық орнайды. Қоян туралы трилогия­да «орта таптағы америкалықтың» өмірі сати­ралық элементтер арқылы жызылып, әйгілі «америкалық арман» бейнеленген. Апдайк Қоян туралы романдары үшін әдебиеттегі ең үздік жүлденің иегері атанады.

Апдайктың «Кентавр» (1963) романында қарапайым америкалықтың мифтенген бейнесі суреттелген. Бұл шығармада жазушының адамгершілік ұстанымы көрініс тауып; өмірдің қатыгездігіне қарсы қойылатын гуманизм мен мейірімділік идеясы мектеп мұғалімі Колдуэл­дің бойынан табылып, кентавр Хиронмен салыстырылады. «Кентавр» - автобиографиялық роман, онда авторға өте жақын әрі ыстық келетін балалық шағы мен әкесі туралы естеліктер келтірілген. Сонымен қатар жазушы мифтік сарындар мен образдарға сүйене отырып адам өмірінің мәні мен оның болмысы туралы шебер суреттейді. «Кентавр» - көпжоспарлы роман: онда шынайылық, мифтік, фантасти­ка­лық үш түрлі жоспар өзара байланысып, тоғысады.

Апдайктің роман жанрының даму перспиктивасы туралы «Романның болашағы» (1969) атты мақаласында айтқан сөздері өте қызық. Романды жақын болашақта әдебиет сахнасынан кетеді дегендерге қарсы шығып, өзгеше көзқа­рас­ты ұстанған жазушы: поэзия сияқты роман да «біздің сезімдеріміз бен адагершілік дәстүрлерімізде өзгерістер әкелетін» компьютер дәуірінде де өз құнын жоғалтпайды дейді. Апдайк махаббат тақырыбындағы романдарға үлкен мән береді. Себебі «Махаббат барлық ерекше, түсініксіз сезімдердің рәмізіне айналып, адам баласының жанында мәңгі қалмақ».


Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   36




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет