ПӘн бойынша глоссарий анимизм


Іс-әрекет субьектісінің жеке-психологиялық және мінез-құлық ерекшеліктері



бет7/15
Дата11.02.2018
өлшемі3,05 Mb.
#37530
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15

Іс-әрекет субьектісінің жеке-психологиялық және мінез-құлық ерекшеліктері.

Мақсаты: жеке тұлғаның даралығын білдіретін психологиялық ерекшеліктер туралы түсінік қалыптастыру.

Жеке тұлғаның биологиялық негізі. Темперамент туралы түсінік. Темперамент және жоғары жүйке жүйесінің негізгі қасиеттері. Темпераменттің қасиеттері. Мінез туралы түсінік. Мінез-құлық туралы түсінік. Мінез- тұрақты мінез бітістерінің жүйесі. Мінез бітістерінің негізгі топтары. Қабілет туралы жалпы түсінік. Қабілет және нышан. Нышан қабілетті дамытудың әлеуметтік және табиғи негізделген алғышарты. Қабілет түрлері. Еріктің жалпы сипаты. Ерік, оның адам өміріндегі, іс-әрекетін ұйымдастырудағы және қарым-қатынасындағы маңызы. Әрекетті еріктік реттеу. Ерік амалдарының кезеңдері.


Темпераменттің физиологиялық негіздерін ғылыми тұрғыдан дәйекті етіп түсіндірген И.П.Павловтың ілімі темпераментті ғылыми сара жолға түсірді. Сөйтіп, И.П.Павловтың айтуынша, жүйке жүйесінің әрбәр типінің үш белгісі болады. Мәселен, күшті типтердің бірі – ұстамсыз тип, жұмыс істеу қабілеті күшті, қозу мен тежелу процестері бір-бірімен сәйкес келмейтін ерекше қозғалыстағы тип. Екіншісі – ширақ типтер, қозу мен тежелу процестері бір-бірімен тең келіп, тез алмасып отырады. Үшіншісі - қозу мен тежелу процестері тең, бірақ алмасуы сараң, баяу қозғалатын тип. И.П.Павлов осы айтылған негізгі типтерден басқа да, аралас, көшпелі типтердің кездесетінін айтты.

Соңғы жылдары көрнекті орыс психологы Б.М.Тепловтың лабораториясында жүйке жүйесінің типтері одан әрі зерттеле түсті. Бұл зерттеулерде И.П.Павловтың жүйке жүйесінің төрт түрлі типі туралы ұғымы адамдардың жеке өзгешеліктерін, әсіресе, оның темпераменттерін анықтауда ерекше маңызды ғылыми теория екені дәлелденді.

Темперамент жайлы ғалымдардың пікіріне тоқталсақ: темперамент - жүйке жүйесінің тума қасиеттерінен туындайтын адамның жеке өзгешеліктерінің бірі. Ол адамдардың эмоциялық қозғыштығынан, қимыл-қозғалысынан, жалпы белсенділігінен жақсы байқалады. Темперамент - ағзаның физиологиялық өзгешеліктерімен, әсіресе жоғары жүйке қызметінің тума қасиеттерімен шарттас психикалық құбылыс. Темперамент адамның жалпы қозғалысынан да(шапшаң, асықпай), психиканың күші мен тереңдігінен де (өжет, сылбыр, жігерсіз), адамның көңіл-күйінің ерекшеліктерінен де (салмақты, тұрақты, тұрақсыз), эмоция сезімдерінен де (сабырлы, күйгелек) жақсы байқалып отырады.

Темперамент туралы алғашқы ой-пікірлер ғылымда өте ерте кездің өзінде-ақ айтыла бастады. Ежелгі Грецияның белгілі ғалымы, дәрігер Гиппократтың еңбектерінде бұл жөнінде біраз пікірлер айтылған. Гиппократтың ойынша, әртүрлі темпераменттер адамдар мен жануарлардың денесіндегі төрт түрлі сұйық затқа байланысты деген. Олар: денені жылытып тұратын - қан, салқындататын - сөл, құрғататын - баурдағы сары өт және оған дымқылдық беретін қара өт. Осы төрт түрлі сұйықтың араласуының пропорциясын грекше «красис», латынша бұл терминді темпераментум деп атап кеткен. Сөйтіп, Гиппократ адамдағы темпераменттердің әртүрлілігі ағзадағы осы төрт түрлі сұйық заттың бір-бірінен аз- көптілігіне байланысты деп түсінген. Мәселен, қанның пропорциясы көп болса - сангвинник (латынша «сангиус»), ал сөл көп болса – флегматик (грекше «флегма»), ал ағзада қара өт көп болса – меланхолик (грекше «мелай-нехоле»), сары өт көп болса – холерик (грекше «холеот») темпераменті деп аталған.

Ал Рим дәрігері Гален темпераменттің санын он үшке жеткізді.Гален ағзада жылылық басым болса, адамның темпераменті күшті болатынын, денесі салқын болса, темпераменті баяулайтынын айтқан.

Орта ғасырдағы ғалымдар темпераментті ағзадағы химиялық заттардың құрамына байланысты түсіндіруге тырысты. Кейіннен темперамент ағзаның түрліше физиологиялық өзгешеліктеріне, атап айтқанда, қан жолы жүйесінің құрылысына, зат алмасуға, ішкі секреция бездеріне, т.б. көрсеткіштерге байланысты деген пікірлер таратады.

Темперамент туралы теориялар XIX ғасырдың аяқ кезінде кең өріс алады. Неміс анатомы Гейне темпераменттің түрліше болуы жүйке жүйесінің тонусына байланысты десе, орыс астрологы Н.Л.Зеланд ми қабықшаларындағы молекулярлық қозғалыстың жылдымдығы мен біркелкілігіне байланысты деген. Ал орыс педагогы П.Ф. Лесгафт темпераменттерді қан сауыттарының жуандығы мен кеңдігіне байланысты деді.

Мінез – жеке адамның өзіне тән қылық әрекетінде, тіл қатынасында тұрақты қалыптасатын дара ерекшеліктерінің жиынтығы. Мысалы, мінез нақты адамның шыншыл, адал, ақ көңілділігіне орай сипатталмайды, аталған сапалар - әр түрлі жағдайларда көрініс беретін жеке адам қасиеттері.

Мінез туралы ілім өзінің ішкі бастауын ежелгі Грециядан алады. Бұдан 2500 жыл бұрын грек ғалымы Теофраст Афины жұртының 30 – дан астам үстем тап өкілдерінің мінез бітістерінің 30 – дан астам нашар жастарына талда жасаған (суайт, мылжың, жағымпаз т.б.) талдау жасаған.

XVII ғасырда француз жазушысы Лабрюен нашар мінез бітістерінің 4500 – ден астамына сипаттама берген.

Графология ілімі (Аристотель, Гефаст т.б.) адамдардың жазуына қарай адамның мінезін ажыратуға болады деді. Адамның жазу – сызуына қарап, оның мінез – құлқын айыру психологияда криминалистика ара – тұра қолданылады. Ал жан қуаттары қалпында тұрған кісілердің мінез бітістерін объективтік әдістерімен зерттеу қажет.

И.Кант мінезді темпераментпен салыстыра отырып, оны адамда жүре пайда болатын қасиет деп анықтады. Сондай – ақ, ол адамның даралық қасиеттеріндегі туа пайда болатын ерекшеліктер мен жүре пайда болатын ерекшеліктерді бөліп көрсетеді. Т.Рибо мінезді адамда туа пайда болатын икемделу десе, ал Мальпер, Фулье т.б. мінездің туапайда болуымен қатар жүре пайда болатын ерекшеліктері де бар дейді. Полан мінездің барлық сипаттары адамның тіршілік жағдайымен байланысты деген пікір айтады.

Адам мінезінің қалыптасуы қоғамдық болмыспен, әлеуметтік ортамен (мектеп, балар мекемелері, оқу, өндіріс коллективі, қоғамдық ұйымдар т.б.) тығыз байланысты. Осылар мінездің дамуы үшін шешуші роль атқарады. Мінез өзгермейтін тума қасиет емес, ол өмірде қалыптасады. Мысалы, ешбір бала туысынан еңбек сүйгіш, не жалқау, тәртіпті, не ұстамсыз болып тумайды. Оның мінезі ұзақ жылға өмір сүру барысында өмірдің сан алуан ағымына қарай тәрбие процесінің ықпалымен қалыптасып отырады.

Мінездің қалыптасуындағы басты шарт - өмірлік мақсат, мұраттың нақтылығы. Мақсаттың болмауы не оның шашыраңқылығы – мінезсіздіктің белгісі.

Мінез ерекшеліктері адам қызығушылығымен тығыз байланысты, бірақ оның бұл қызығулары мәнді әрі тұрақты болуы шарт.

Мінез адамның қолы бос уақытындағы өзі қалап шұғылданған істерінен де танылуы мүмкін. Мұндай әрекеттер тұлға мінезінің жаңа, ерекше қырларынан хабардар етеді.

Мақсатқа жетуде бағыт – бағдар бірдейлігі болғанымен, әр адам өз жолын таңдайды, өзіне қолайлы қайталанбас әдіс – тәсілдерді пайдаланады. Осы дербестіктен адам мінезінің ерекшелігі көрінеді.

Адам мінезі сан алуан. Бұл іс - әрекетте айқын көрінеді: біреудің барша қимылы – шапшаң, екіншісі – асықпайды, бірақ ісі тыңғылықты, үшіншісі – іске ойланбастан асым салады, кейін барып ойланады да, жағдайға қарай ісін ретіне келтіреді. Адам мінезінде көрінетін мұндай ерекшеліктер – мінез бітістері деп аталады. Қандай да бітіс әрекет – қылықтың тұрақты, қайталанып отыратын нақты белгісі.

Мінез бітістері өзара көрінуі тиіс болған қалыпты жағдайлардан бөлек қаралмайды. Сондықтан қалаған мінез бітісі нақты жағдайда орынды көрінген қылықтың тұрақты формасы.

Мінездің бітістері мен сипатын белгілі қылықтың нақты оқиғаға байланысты болуынан да білуге болады. Мінез бітістері өз ішіне ойлау, түсіну әдістерін қамтиды. Мінез бітісі адам қылығына ықпал ете отырып, сол қыдық - әрекет барысында қалыптасады, бекиді. Бітістердің қалыптасуын әрекет – қылық мотивтерінен айыра қарауға болады. Мотивте алғашқы да ниет түрінде көрініп, ал кейін оны әрекет тұрақты қасиетке айналдырады .

Адамның  қабілеті  жайлы сөз болғанда оның іс-әрекеттің белгілі бір түрін орындай алу мүмкіндіктері есте болады. Мұндай мүмкіндіктер іс-әрекеттерді меңгеруде айтарлықтай табысқа, еңбекте жоғары көрсеткішке жетуге әкеледі.

Қабілет  қоғамдық және жеке адамдық зор мәнге ие. Экономика мен ғылымның, өнердің дамуында әлеуметтік объективтік жағдайлармен қатар адамдардың  қабілеттері  де маңызды орын алады. Осы айтылғандармен қатар қабілеттілік адамның дамуын жеделдетеді, еңбекте творчестволық табысқа жеткізеді, оған материалдық және рухани ләззат береді.

Қабілетті адамның жетістігі — оның нервтік психикалық қасиеттері комплексінің іс-әрекет талаптарымен сәйкес келуінің нәтижесі болып табылады.

Кез келген іс-әрекет күрделі де сан қырлы болып келеді. Ол адамның психикалық және физикалық қуатына әр түрлі талап қояды. Егер жеке адамда бар қасиеттер жүйесі осы талаптарға сай болса, онда іс-әрекетті табысты, әрі жоғары дәрежеде орындай алады. Егер осындай сәйкестік болмаса, онда индивидте  қабілет  болмағаны.

Міне, сондықтан қабілетті адамнын басқа бір қасиетімен (заттың түстерін жақсы айыру, пропорцня сезімі, музыкалық есту т. б.) шатастыруға болмайды.  Қабілет  әр кезде де жеее адам қасиеттерінің синтезі.

Белгілі бір істі үздік орындауға мүмкіндік беретін адамның әр түрлі жеке қасиеттерінің қиысып келуін, яғни адам қасиеттерінің синтезін қабілет деп атайды.

Қабілеттіліктің өлшемі- белгілі бір істің нәтижелі болып орындалуында. Қабілет адамның іс-әрекетінің белгілі бір түріне, өнер саласының біріне жарамдылығын жақсы көрсете алады. Қабілеттің дамуы оны қажет ететін қызмет саласында және әрекетке үйрену үстінде көрініп отырады. Қабілеттің дамуы адамда тиісті білім жүйесінің, икемділік пен дағдының болуына байланысты болады.

Қабілеттердің  құрылымы жеке адамның дамуына тәуелді.  Қабілеттердің  дамуын репродуктивтік және творчестволық деп аталатын екі деңгейге бөледі.  Қабілет  дамуының бірінші деңгейіндегі адам білім игеруде, іс-әрекетті меңгеруде, оны белгілі үлгіде жүзеге асыруда жоғары іскерлік көрсетеді. Қабілеттің дамуының екінші деңгейінде адам жаңа, соны туынды жасай алады.

Қабілеттің дамуы мен көрінісінің ең жоғары деңгейі «талант», «дана» деген терминдермен аталады. Талантты және дана адамдар практикада, өнерде, ғылымда зор қоғамдық мәні бар нәтижелерге жетеді. Дана адам әдебиет, өнер, өндіріс, ғылым саласында бұрын-соңды болмаған, соны жаңалықтар ашады. Талантты адам да жасампаз, бірақ өзіндік жаңалықты белгілі идеялар, бағыттар, зерттеу тәсілдері шеңберінде жасайды.

Таланттылық даналықтың қалыптасуына аса қолайлы жағдайлар жеке адамның жан-жақты дамыған кезінде туады. Мәселен, Леонардо да Винчи, Гете, Ломоносовтар творчестволық қызметтегі даналықтың және адамның жан-жақты дамуының үлгісі болып табылады.

Қабілетті осындай деңгейлермен қоса оның бағыт-бағдарына, мамандық ерекшеліктеріне қарай түрлерге бөлу қажет. Әдетте, психологияда осы бағытта жалпы және арнаулы  қабілеттерді  зерттейді.

Қабілет негізінен екіге бөлінеді:

1. Адамның ақыл-ой өзгешеліктерінің жеке қасиеттерін көрсететін кез келген адамнан табылатын қабілет жалпы қабілет деп аталады. Мысалы; ақылдың орамдылығы мен сыншылдығы, материалды еске тез қалдыра алу, зейінділік пен бақылағыштық және т.б. осы секілді ақыл-ой әрекетінде көрінетін өзгешеліктер жалпы қабілет болып табылады.

2. Іс-әрекеттің жеке салаларында ғана көрініп, оның нәтижелі орындалуына мүмкіндік беретін қабілетті арнайы қабілет деп атаймыз.Мысалы, суретшінің, музыканттың, актердің қабілеттерін жатқызуға болады.

Жүйке жүйесінің кейбір анализаторларының ерекшеліктері де туысынан пайда болады. Мұны физиологиялық нышан д.а.

Физиологиялық нышан қабілеттің дамуында белгілі орын алады. Нышан көп мәнді қасиет, яғни сол нышанға негізделіп, адам өмірінің жан-жақтылығына қарай түрлі қабілет қалыптасады. Нышанның ықпалымен қалыптасқан қабілеттің түрін дарындылық деп атаймыз.

Қабілет адамнан әрекеттің бір түрімен айналысуға мүмкіндік беретін бейімділікте байқалады. Бейімділік пен қабілет көп жағдайларда бірге болады. Себебі адамның бір нәрсеге қабілеттілігі оның бейімділігіне орай қалыптасады. Бейімділік- адамның белгілі бір әрекетпен айналысуға бет бұрысы, оған көңіл аууы, оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі. Нағыз бейімділік адамның әрекетке тек құшарлығы ғана емес, оны нәтижелі етіп орындауында.

Адамды әрекетке бағыттайтын, мақсат қоюға талаптандыратын бір түрткі болады, мұны психологияда мотив не түрткі д.а. Кез-келген түрткі сан-қилы қажеттермен тікелей, не жанама түрде байланысып жатады. Адамды әрекетке итермелейтін негізгі түрткі- оның қажеттіліктері. Адам өз қажеттеріне байланысты алдына түрлі мақсаттар қояды. Осы мақсаттарды орындау үшін түрлі әдіс-амалдар қарастырады. Осының салдарынан қимыл-қозғалысқа, іс-әрекетке түсіп отырады. Адамның қимыл-қозғалыстарын екі топқа бөлеміз: еріксіз қозғалыстар (көздің жұмылуы, жөтелу, түшкіру).

Ерікті қозғалыстар (жерге түсіп кеткен нәрсені көтеріп алу).

Ойланып істелетін, алға мақсат қоюды қажет ететін, түрлі кедергілерді жеңе білуден көрінетін қимыл-қозғалыстарды психологияда ерік амалдары н/е ерік д.а. Сонымен ерік дегеніміз адамның өз мінез-құлқын меңгере алу қабілеті.

Ерік-бұл адамның мақсат қоя отырып жұмыс орындау барысында кезіккен сыртқы немесе ішкі кедергілерді жеңумен байланысты өз әрекеттерін қолдап, реттей білу қасиеті. Ерік өмірдің ауыртпалық түскен жағдайларда белсенділік көтеріп, өзін-өзі реттеудің көзі бола отырып, сана басқарымында болады. Осыған орай ерік саналы өзіндік басқарумен бірге белсенділік арттыру немесе ынталандыру және реттеу қызметтерін атқарады.

Мақсатқа жетуде қандай да қиыншылықтарды жеңу сол мақсаттың мән-мағынасына терең түсіне білуге және адамнаң өз борышын саналы байыптауына тәуелді. Мақсат неғұрлым маңызды болса, адам солғұрлым қандай да кедергіден қаймықпайды.

Идеалистер ерікті ми қызметімен де, қоршаған ортамен де байланысы жоқ рухани күш деп санайды. Олар ерікті біздің санамыздың нұсқаушылық, қызмет атқаратын жоғары агенті деп санайды. Ерік ешкімге және ешнәрсеге де бағынбайды. Ол еркін. Олардың пікірінше, адам кез келген жағдайда ешкіммен есептеспей-ақ өзінің ойына келгенін істей алады. Ол еркін әрекет етеді. Басқаша айтқанда, адам не тілесе соны істейді, қалауына қарай қылық жасайды. Бәрі оның ерікті еркіне байланысты.


Ерік еркіндігінің идеалистік концепциясы философиялық және этикалық көзқарас тұрғысынан да жалған. Идеалистердің ойынша рух бостандығы әрекет бостандығына алып келеді. Бірақ қоғам мүшелерінің мүдделерімен санаспайтын жеке адам мінез-құлқы мораль және заң нормаларын менсінбеу, кейде оны бұзу болып табылады.

Материалистік ұғым – ерік табиғаты жөніндегі бірден-бір дұрыс түсінік. Онда психиканың басқа жақтарымен бірге еріктің де нервтік ми процестері түрідегі негізі болады. Ерікті материядан, мидан бөліп алу мүмкін емес. Материалистер адам қоршаған ортамен өте тығыз байланыста болады деп қарайды. Тиісті сыртқы жағдайлар болмаса, ол өмірін сақтай да, жалғастыра алмайды. Ерік сананың басқа да түрі тәрізді объективтік шындықты мидың бейнелендіруі. 


Ерік табиғаты жөніндегі материалистік көзқарасты баяндай және оны идеалистік көзқарасқа қарсы қоя отырып, Ф. Энгельс: «Еркіндік табиғат заңдарына ой жоруындағы тәуелсіздікте емес, еркіндік сол заңдарды білуде және сол білудің негізіде табиғат заңдарын жоспарлы түрде белгілі мақсаттар үшін қызмет етуге көндіру мүмкіндігенде» - деп жазды және онан соң: «Олай болса, ерік еркіндігі – істі жете біліп, қортынды жасай алуда, одан басқа еш нәрседе емес деді.

Ерік адамның практикалық және танымдық әрекетін ретке келтіруден көрініп, соларды жүзеге асырудан тұрады. Ерік табиғатын материалистік түсіну әрекеттер мен қылықтардың қозғаушы күштері адамның өзіде емес, сыртқы ортада жатады деген жайтты сөзсіз мойындаудан көрінеді.


Интелектуалдық немесе ассоциациялық теория. Бұл теорияны жақтаушылардың және дамытушылардың бірі Германияда өткен ғасырда өмір сүріп, негізін салған Э.Мейман. Бұлардың айтуынша, еріктік әрекеттердің барлығы ақыл-ой, интелектпен байланысып, солардың нәтижесінен пайда болады, яғни ерік адамның мұқтаждығы мен қажеттілігі секілді рухани күшінен туындайды. Адам өз мұқтаждықтарын жүзеге асыру үшін мақсат, міндеттер қояды, сол мақсатқа жету үшін алда тұрған бөгеттердің барлығын бұзуға әрекет етеді. Бұл үшін адам ең алдымен алға тұтқан мақсатын елестетуі керек, содан оны ортаға салып көпшілікпен талқылауы қажет. Сөйтіп адам қандай міндеттер, қандай әрекеттер жасайтынын ақылға салып, оға алдына ала дайындық жасап, содан соң еріктік әрекетті атқаруға кірісіп, оны жүзеге асыруы тиіс. Э.Мейманның айтуынша, адамның ерік-жігері үнемі екіге бөлініп отырады. Бірі – ақыл-оймен байланысты елестеудің пайда болуы, екіншісі – ақыл-ойды қатыстырмайтын жай әрекеттер. Бұл пікір бойынша ерік өздігінен пайда болады, ол өзінен-өзі еріксіз жүзеге асып отырады. Адам ерікті әрекет ету үшін өзінің бұрынғы көрген-білгенін елестетуі керек, сол елестеудің нәтижесінде адамның ерікті әрекеттері пайда болады. Мұндай көзқарас адамның ерік- жігерін белсенді түрде өзінің әрекеті ретінде қарастырмайды, өздігінен ассоциация заңдары бойынша пайда болатын әрекеттер деп түсінеді.
Ерік туралы эмоциялық теорияны ұсынушы неміс психологы В.Вундт. Оның көзқарасы бойынша, ерік эмоциялық сезімдердің тек бір түрі ғана болып табылады. Ерік ең күшті сезімдердің, аффектердің ерекше варианты. Жағымды сезімдер ерікке негіз болып, оларды тудырып отырады. Әрине ерікті эмоцияның бір түрі деп айтуға болмайды. Өйткені ерік пайда болу үшін, оған адамның түрлі жағымды сезімдері түрткі болмайды, керісінше адамның мұқтаждықтары себеп болады. Америка психологы Джемс ерік адамда пайда болған ойдың еріксіз қимылға айналуы дейді. Оның пікірінше, адамның қимыл-әрекеттері ой арқылы өздігінен қимылға айналып кетеді. Мысалы, адам көзін жұмып тұрып екі қолын екі жағына созып, бір қолын алдына, екінші қолын артына қарай қимылдатса, адамның қолы өздігінен біраз қимылдай бастайды. Немесе адам жіпке бір тасты байлап, қолын созып жіпке тізген тасты жай айналдырам деп ойласа, жібі қимылдап өздігінен айналғандай болады. Міне, осындайды Джемс ерік әрекеті деп ойлайды.       
қалады.
З.Фрейд пен Э.Фроммның психоаналитикалық зерттеулерінің нәтижесінде «ерік адам қылықтарына дем беруші» ерекше қуат деген түсінік ғылымға енді. Бұл ғалымдардың болжамынша, адам қылықтарының көзі психикалық формаға келтірілген жанды ағзаның қандай да биологиялық қуаты. Ал бұл қуат, З.Фрейдше, санадан тыс, ақылдан алшақ, «либидо» (махаббат) жыныстық құмарлықтың психо-сексуальды энергиясы. Мұндай тұжырымдаумен З.Фрейд адам қылығын осы тіршілік жалғастырушы, яғни «либидоның» «мәдениеттестірілген» алғашқы көрінісі (эрос) деп, ал кейін бұл қылық адамның арғы дүниеге (өлімге) ұмтылысының белгісі (танатос) екнін түсіндіріп бақты.

Еріктің физиологиялық негіздері. Еріксіз әрекеттердің физиологиялық негізі болып табылатын шартсыз байланыстар тізбегі - инстинкт әректі ырықсыз орындалады. Психологияның табиғи – ғылыми негіздерін қалаған И.М.Сеченов пен И.П.Павловтың ілімі ерікті әрекеттердің негізі мұндағы материалдық процестер, сыртқы әсер мен мидың уақытша байланыстары шартты рефлекстер деп түсіндіреді. И.М.Сеченов ерікті әрекеттердің физиологиялық механизімін зерттей отырып, адамның ассоциациялық рефлекстердің жиі қайталану жолымен өзінің қимылдарын жіктеп ажыратуға бейімделетіндігін және сол рефлекстер арқылы қимылдарын тоқтатын қабілетерді игеретіндігін дәлелдейді. Ал И.П.Павлов ерікті әрекеттердің механизімін жоғары жүйке қызметінің барлық заңдарына бағынатын, шартты ассоциациялық процесс деп анықтайды.


И.М.Сеченов пен И.П.Павлов ерік қимылдарының белгілі бір себепке байланысты пайда болатындығын эксперименттік зерттеулермен дәлелдеді.
И.М.Сеченов: «Кәдімгі ырықты деп аталатын барлық саналы қозғалыстарымызды бейнелеу мағынасында ұғыну керек». «Адамның кез келген қимылдарының алғашқы себебі одан тыс болады» деп еріктің сыртқы ортадан тәуелділігін және ол ми қызметінің нәтижесі екендігін көрсеткен болатын.

Өзін-өзі тексеруге сұрақтар:



    1. Темперамент дегеніміз не?

2. Темперамент типтерін атаңыз.

3. Мінез бен темпераменттің байланыстылығы қандай ?

4. Ерік дегеніміз не?

5. Еріктің физиологиялық негізін ашыңыз.

6. Қабілеттің қандай түрлері бар ?

7. Қабілет саласындағы дара айырмашылықтарды атаңыз.

Әдебиеттер:


  1. Тәжібаев Т. Жалпы психология. А., 1995. 232-235 беттер.

  2. Жарықбаев Қ. Психология. А., 1993. 254-266 беттер.

  3. Рубинштейн Л. С. Основы общей психологии. М., 535-551 беттер.

  4. Гамезо М. В. Атлас по психологии. М., 1997. 217-240 беттер.

  5. Столяренко Л. Д. Основы психологии. М., 1997. 154-158 беттер.


Жеке тұлғаның психологиялық мәселелері.

Мақсаты: Жеке тұлғаның психологиялық мәселелеріне талдау жасау.

Тұлға түсінігі. Тұлғаның негізгі көрсеткіштері: белсенділік, саналылық, дербестік, жеке даралық. Тұлға құрылымы. Тұлға құрылымынң негізгі блоктары. Тұлғаның әлеуметтік мәртебесі, әлеуметтік рольдер, мотивтер, бағыттылық, мінезі.Тұлғаның белсенділігі және бағыттылығы. Тұлғаның дамуы және қалыптасуы. Тұлғаның әлеуметтенуі. Өмір барысында жеке тұлғаның дамуына ықпал ететін факторлар. Тұлға типологиясы. Тұлға құрылымныдағы факторлық бағыт (Р.Кеттел, Н.Айзенк, Дж.Гилфорд). А.Ф.Лазурский концепциясындағы тұлға құрылы. В.И.Мясищевтің, Б.Г.Ананьевтің, С.Л.Рубинштейннің конепцияларындағы қатынас туралы көзқарастың өңделуі.


Тәрбиенің негізгі мақсаты жеке адамды қалыптастыру және оны жан-жақты дамыту. Ал бұл міндеттердің нәтижелі болуы жеке адамның қалыптасуына қандай жағдайлардың ықпал ететінін білумен байланысты. Тәрбие қоғамдық өндірістік және мәдени өмірдің белсенді қатысушысын даярлауды мақсат етіп қойған жеке адамды қалыптастырудың жүйелі үрдісі.

Мәнді мәселенің бірі – “жеке тұлға” түсінігінің өзін айқындап алу. Адамның дамуында бір-біріне байланысты екі өзек байқалады, оның бірі – биологиялық, екіншісі – әлеуметтік. Шетел педагогикасы мен психологиясы жеке тұлғаның даму мәселесін үш негізгі бағытта қарастырады, яғни олар: биологиялық, әлеуметтік және биосоциологиялық. Осы бағыттар адамның дүниеге келген күнінен бастап оның дамуы мен қалыптасуында көрініс бере бастайды. Адам туғанда тек биологиялық тіршілік иесі болып танылады, жеке тұлғалыққа жету әлі ерте. Биологиялық нышандар мен қасиеттердің дамуы адамның өмір бойы мүшелік пісіп жетілуі және қалыптасуы үрдісінің сипатын көрсетіп отырады. Адамның биологиялық кемелдену және өзгеру үрдісі, оның дамуының жастық сатылары мен мінез-құлығында көрініп, осыдан балалық, жасөспірімділік, ересектік және қариялық табиғи бітістерін ажыратамыз. Жеке адам қоғам өмірінің өнімі болғанымен, оның тірі организм екенін ұмытпау керек. Әлеуметтік және биологиялық қатынастар жеке адамның қалыптасып дамуына әртүрлі әсер етеді.

Тұлға дамуы туралы ізденістегі психологтердің айтуы бойынша әр адамның дамуы өз қолында, оны сырттан әсер етер күшпен дамытуға болмайды, тек оңтайлы ықпал жасауға болады. Осы пікірден туған білім беру мақсатының басқа да тұжырымы бар. Оқушы тұлғасын дамыту, ол оның толық өзіндік өсуінің, өзіндік қалыптасуының, өзіндік жетілуінің амалы ретінде қарастырылады. Сондықтан, мектеп мақсаты баланың табиғи күштері мен мүмкіншіліктерінің өзіндік ашылуына қолайлы жағдай жасау болып табылады. Ол үшін оқушы тұлғасының дамуын көздейтін білім беру үрдісін ұйымдастырудың түрлі әдістері мен амалдарын анықтап, жүзеге асыру қажет

Ал “жеке тұлға” түсінігін алатын болсақ, ол тек қана әлеуметтік сапа мен қасиеттерді игерген тұлғаны танумен байланысты. Л.С. Выготскийдің айтуы бойынша: “Жеке тұлғаның негізгі функциялары қоғамдық тәжірибені шығармашылықпен меңгеру және қоғамдық қатынас жүйесіне қосылу”. Бұл тұлға қоғамдық тіршілік иесі сипатында көрініп, тіл игеруі, санасы, әртүрлі әдеттермен ерекшеленеді. Жеке адамдық қасиетке ие болу, оның табиғи биологиялық болмысына емес, қоғамдық қасиеттерге тікелей байланысты. Сонымен “жеке тұлға” дегеніміз адамның қоғамдық сипатын танытып, оның өмір барысында өзіне топтаған әлеуметтік сапалар мен қасиеттер жиынтығын білдіреді.

Жеке адамдық сапалар өмір барысында қалыптасқандықтан, олар біреулерде айқын көрініп, басқаларда күңгірттеу болады. Олай болса, жеке адамдық дәреже деңгейін қалай білеміз және оның өлшемдері қандай деген сұрақтар туындайтыны сөзсіз.

С.Л. Рубинштейн зерттеуі бойынша жеке адам өз қылығы мен іс-әрекетін саналы басқаруға мүмкіндік беретін психикалық даму деңгейімен сипатталады, яғни өз әрекетін ойластыра біліп, жауапкершілікті сезіну қабілетінің болуы, өз бетінше дербес іс-әрекетін жасай білуі – жеке адамның мәнді белгілері.

Жеке адамдық сапалар адамның өмір барысында дамиды және қалыптасады. Даму – бұл жеке адам сапалары мен қасиеттеріндегі сандық өзгерістер жүйесі. И.П. Подласый даму ұғымын былай түсіндіреді: “Даму дегеніміз адам организміндегі сандық және сапалық өзгерістер”. Адамның туған күннен бастап дене құрылымы мен әртүрлі мүшелері ұлғаяды. Ол сөйлей бастайды, сөздік қоры молая түседі, көптеген әлеуметтік-тұрмыстық және рухани ептіліктер мен еңбектік дағды және әдеттерді игереді. Бірақ адамның жеке адам болып дамуындағы басты белгі, ондағы сапалық өзгерістер. Оны мына мысалдардан түсінуге болады: тілдік қызметтің жіктелуі адамның танымдық қабілетін арттырады, сезімдік аймағын кеңейтеді. Танымдық қызмет барысында абстракт ойлау, логикалық ес дамиды, өмірге деген көзқарас пен наным-сенімдер орнығады. Еліктеушілік мінез-құлық бірте-бірте белсенді – жасампаз, шығармашылық іске ауысады, өз қылық әрекетін басқара алу мен өзіндік билік қабілеті көркейеді. Бұл өзгерістердің бәрінен адамның анатомиялық-физиологиялық кемелденуіндегі, жүйке жүйесі мен психикасының және танымдық пен шығармашылық іс-әрекетінің жетілуіндегі, дүниетанымдық, имандылық, қоғамдық-саяси көзқарастары мен нанымдарындағы бір-біріне кіріге байланысқан сандық және сапалық өзгерістер үрдісін білеміз.

Идеализм өкілдері жеке адам дамуы жөніндегі пікір-сайыста бірнеше теориялық концепциялар бар. Олар: биологизаторлық бағыт: адамның дамуы оның табиғи (биологиялық) жетілуімен байланысты, соның барысында оның дене құрылымы мен рухани қасиеттері қалыптасады. Адамдар арасындағы моральдық қатынастар биологиялық негізде орнығады (Аристотель, Ф. Мюллер, Э. Геккель, Шешендік Летурно, Ч. Ломброзо). психоаналитикалық бағыт: жеке адамдық қалыптасуда қоғам зиянды. Адамның дамуы мен оның мінез-құлқы толығымен жыныстық инстинктке тәуелді (З. Фрейд). Прагматикалық бағыт: адамның психикалық дамуы тума инстинктерге байланысты, әрбір адамда тұрақты нәсілдік қасиеттерді сақтаушы ерекше саналық гендер болады. Сондықтан да жеке адамдар мен әлеуметтік топтардың қоғамдағы орнын иеленуі олардың биологиялық болмысымен анықталуы тиіс, себебі әртүрлі халықтар мен нәсілдердің бірі табиғатынан дарынды, ал екіншілері – кемірек дамыған (Дж. Дьюи, Э. Торидайк).

Материалистік бағыттағы философия және оныың көрнекті өкілдері жеке адамның дамуы мен қалыптасуы туралы: - ежелгі грек философы Эпикур: адамның қоғамдағы иеленген орнының әртүрлі болуы оның табиғатынан емес, тұрмыстық жағдайы мен таптық тұрғысынан; - француз философы Гельвеций: адам қоршаған орта, нәсілдік және тәрбиеге байланысты біртұтас әсерлердің нәтижесінде қалыптасады. Соның ішінде аса маңыздысы – тәрбие; - В.Г. Белинский: адам табиғаттан, бірақ оны дамытып, жасайтын қоғамнан; - Н.Г. Чернышевский: адамдарды бұзықтыққа келтіретін келтіретін табиғат не олардың нәсілдік кемістігі емес, қолайсыз қоғамдық жағдайлар мен жаман тәрбие.

Қазіргі кезде жеке адам дамуы жөнінде қалыптасқан ой-пікірлер төмендегіше:

- Адамның қоғамдық тұлға ретінде қалыптасуына, оның дамуға деген табиғи қабілеті аса маңызды. Әр адам іс-әрекеттің түріне негіз болар нышанмен дүниеге келеді, сондықтан да адамның биологиялық және әлеуметтік даму мүмкіншілігі бір-бірімен тығыз байланыста, бірақ әлеуметтік фактордың рөлі басымдау.

- Жеке адамдық дамудың ықпалды көзі – тәрбие, қоршаған орта, табиғи нышандармен қатар тұрса, ол адам қалыптасуына жетекші фактор. И.П. Подласый: “Тәрбие – қоғамға жеткілікті қалыптасып дамыған жеке адамды бере алатын негізгі күш” – деп баса айтады. Олай болса қоғамға қажет жеке адамды қалыптастырып, дамыту үшін тәрбие ісін дұрыс, мақсатты, ұйымдастыру керек деп ойлаймыз.

Адам дамуында тәрбиенің ықпалды күш екенін айта отырып, оның қоршаған орта мен нәсілдік әсерлердің енжар объектісі деп тануға болмайды. Бұл үрдісте жеке адамның өз белсенділігі мен шығармашыл-жасампаздық іс-әрекетінің маңыздылығын ескеру қажет. Олай болса қазіргі күні тәрбие ісінде оқушыға, тәрбиеленушіге өзі дамушы субъект ретінде қарау аса маңызды.

Жеке адам дамуы мен қалыптасуында ықпал жасаушы әсерлер екі топқа бөлінеді: ішкі және сыртқы. Қоршаған орта және тәрбие – сыртқы әсерлер: табиғи икемділік пен құмарлықтар. Сыртқы тәрбие орта әсерлерінен пайда болатын сезімдер мен толғаныстардың жиынтығы – ішкі әсерлерге жатады. Жеке адамның дамуы мен қалыптасуы осы екі фактордың байланысынан болады. Тәрбие адамның ішкі жан дүниесіне ұнамды қозғау салып, (өзіне бағдарланған) өзіндік өңдеу белсенділігін арттыра алса ғана, адам өз дамуындағы қызметін орындай алғаны.

Балалар қабілеттілігі – тарих азығы. Көптеген іс-әрекеттің нәтижесінде адамдардың қабілеті қалыптасып, дамиды. Жай ғана психикалық процесстерден күрделі процесстерге дейін адамның іс-әрекет процесінде дамиды. Өмірлік практика әртүрлі заттарды қажет еткендіктен – қабылдау қабілеті дамиды; табиғатқа әсер етуі арқасында, оның өзгеруі нәтижесінде – ойлау қабілеті дамиды; өткен ұрпақтың тәжірбиесі жетіспегендіктен, жаңа орта жағдайына байланысты – елестету қабілеті дамиды. Қазіргі психология адамның қабілетінің тұқым қуалайды деген теорияны жоққа шығарады. Сонымен қатар, қазіргі психологтардың кейбіреулері тұқым қуалаушылық қасиеттердің болуын да айтады. Туа біткен анатомиялық- физиологиялық ерекшеліктерді қасиеттер деп айтады.

Қасиеттер, дегеніміз, қабілеттің табиғи сілтемелері және олар қалыптасу мен даму процессіне әсер етеді. Қалыпты жағдайда қасиеттер адам қабілетінің қалыптасуына әрекет етеді, олардың дамуын жеңілдетеді.

Танымал психолог А.В. Петровский қасиетті дәнмен теңестіреді, сондықтан оған даму қажет. Мұны Петровский бойынша түсіндірсек, топыраққа тасталған дәннен масақ өсіп шығу үшін мынандай жағдайлар қажет: ылғалдылық, қалыпты температура және т.б. Сол сияқты адамның қасиеті бар, соны дамыту үшін жағдай жасалуы қажет. Өмірде, тамаша қасиеттері бар адамдардың өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, жетістіктерге жете алмай қалғандардың мысалы жетерлік.

А.Н. Леонтьев, С.Л. Рубинштейн, Д.Б. Эльконин, А.З. Запорожец т.б. ғалымдар Пиаженің баланың психикалық дамуын әлеуметтік қатынастар жүйесіне біртіндеп және өте жай уақытта кіретін индивид ретінде қарастыруын сынға алған. Индивидтің қоғамнан тәуелсіз болуы мүмкін емес. Олардың пікірінше, Пиаже бала туғаннан бастап адамдар ұжымына мүше болып, қоршаған адамдармен қатынасқа түсу дерегін есепке алмаған. Жалпы Пиаже «әлеуметтендіру» үрдісін қате түсінген. Оның ойынша «әлеуметтендіру» - бала санасының басқа саналармен қарым-қатынасы, ал қоғам – қоғамдық санамен сипатталады (Францияның әлеуметтік мектептерінің көзқарасы). Сонымен қатар, бала ойлауының дамуын, баланың әлеуметтік тәжірибесін есепке алмай, объектілермен қарапайым манипуляциялау дей келе, баланың алғашқы заттық әрекеті ересектермен қарым-қатынас жағдайында (ересек адамдар заттың әлеуметтік қызметіне қарай бала әрекетін ұйымдастырады) жүзеге асатындығын ескермеген. А.Н. Леонтьевтің пікірі бойынша баланың қоршаған заттық әлемге қатынасы үнемі қоғамды, әлеуметтендірілген. Пиаже еңбектеріндегі «бала-зат» қатынасына қарағанда, Л.С. Выготский, Д.Б. Эльконин т.б. көзқарастары бойынша «бала-ересек адам-зат» қатынасы әлдеқайда дұрыс.


Өзін-өзі тексеруге сұрақтар:

1. Тұлғаның негізгі көрсеткіштері: белсенділік, саналылық, дербестік, жеке даралық ұғымдарына анықтама беріңіз.

2. Тұлғаның әлеуметтік мәртебесі, әлеуметтік рольдер, мотивтер, бағыттылық ұғымдарына анықтама беріңіз.

3. Өмір барысында жеке тұлғаның дамуына ықпал ететін факторлар қандай.


Әдебиеттер:

  1. Тәжібаев Т. Жалпы психология. – А.,1993.

  2. Алдамуратов Ә. Жалпы психология. –А.,1995

  3. Немов Р. С. Психология. Т 1.- М., 1998.

  4. Столяренко Л. Д. Основы психологии.- М.,1997.

  5. Жарықбаев Қ. Психология.-А.,1993.

  6. Жақыпов С.М. Жалпы психологияға кіріспе. А, «Қазақ универститеі», 2007 ж.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет