Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет63/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
4кл Презентациядағы анимация, 4кл Презентациядағы анимация, 00178533-2638c567, 2-sabak-57867617be58f (1), 2-sabak-57867617be58f (1), Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер, Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
* * *
Түнде, түн ішінде Тұрардың дауылға қарамай үйден шығып 
кеткенінен секем алған Сәбден інісі Әбденге барып, осы жайды 
хабарлаған  соң  Әбден  де  апыл-ғұпыл  киініп,  бәйбішесінің: 
«Қайда  барасың,  ойбай?»  –  дегеніне  қарамай,  көшеге  атып 
шыққан.
Қаланың  орталығы  Кауфман  көшесінде  тұратын  Ғұмар 
имамның  биік  көк  қақпасын  мезгілсіз  қағып,  көк  төбетін 
әупілдетіп,  тыныш  елді  Әбден  азан-қазан  қылды.
Имам мына дауылды түнде бұйығып ұйықтап, бойы зіл тартып, 
төсектен тұрғысы келмеп еді, сөлбірейген тұйық қызметші мұрты 
салбырай түнеріп:
–  Құрметті  имам,  бір  мұсылман  тығыз  шаруамен  келіп  тұр, 
кешігуге  болмайтын  көрінеді,  –  деді.
Аты-жөні кім, антұрған?
– «Шуро-и-Исламияның» адал азаматы Әбден дегенмін дейді.
«Шуро-и-Исламияның»  аты  аталған  жерде  қойныңдағы 
қатынын да, бауырындағы баласын да құрбан етуге даяр пәруана 
имам:
– Шақыр қонақ үйге! – деп орнынан атып тұрды. Тұлабойын 
жер  тартып  тұратын  зілмауыр  дерттен  құлан-таза  айыққандай, 
жарықтық  жіті  қимылдап,  иығына  ақ  шекпенін  желең  жамыла 
салып, аяғына кебіс іле салып, Әбденді имам дамбалшаң отырып 
қабылдады.
– Аузында «Ассалаумағалайкүмің» жоқ, абдырап жүрсің ғой, 
жайсыз хабар ма? – деп имам Әбденді бір жаншып алды.


–  Айып  менен,  құрметті  имам,  асығыста  шатасып,  сәлем 
беруді  де  ұмытып  кетіппін.  Кешіре  гөр,  әулием!  Оның  үстіне 
төсектен тұрған бетім – дәретім жоқ, сіздің қасиетті қолыңызды 
алуға  күнәқар  болмайын  дедім.
Имам өзі де дәретсіз екені есіне түсіп, сасыңқырап қалды.
Оқасы жоқ, себебі болса, құдай кешіреді...
– Себебі бар, қасиетті имам, себебі бар. Әлгі менің туғаным 
Сәбденнің үйінде бір большевик пәтерде тұрушы еді...
– Қай большевик? Орыс па, қазақ па, ноғай ма?
– Қазақ, қасиетті имам. Тұрар Рысқұлов деген.
– А-а, Тұрар Рысқұлов. Әлбетте, білемін. Ол нағыз мүттайым, 
мұсылман қауымынан шыққан кәпір ғой. Игі қауымның ауқатын 
тартып  алып,  кедейлерге,  құл-құтанға  бергізу  керек  деп,  бүлік 
салып  жүрген  сол  емес  пе?  Оны  қалай  пәтерге  тұрғызып 
жүргенсіңдер?
– Қасиетті әулием! Мен емес, Сәбден, – деп Әбден бүк түсіп, 
бүкірейді де қалды. – Сол большевик жаңа ғана үйден қаруланып 
шығып  кетіпті.  Бір  сұмдық  болмасын,  большевиктер  бір  пәле 
ойлап жүрмесін деген күдік мені сізге айдап келді, қасиеттім.
Ғұмар-имам түсі сұрланып, тақыр басын сипалап, сәл ойланып 
қалды.
– Келгенің дұрыс болған. Әбден әфенді, дұрыс болған... Тез 
Астахов мырзаға хабарласу керек. Әттең, «Шуро-и-Исламияның» 
таскері жоқ, өз өкіметі жоқ. Сондықтан орыс та болса, Уақытша 
үкіметпен қол ұстаспаса болмайды. Екі тажалдың біреуін таңдау 
лазым. Большевиктен гөрі меньшевик тиімділеу біздің мұсылман 
қауымына,  ұқтың  ба,  Әбден  әфенді?  Сондықтан  екеуміз  тез 
Астахов мырзаға жетсек керек. Ол да осы Кауфманның бойында. 
«Шуро-и-  Исламия»  өз  қуатына  кіріп  алғанша,  Уақытша 
үкіметпен  ыңғайласып  текені  –  «жезде»,  ешкіні  –  «апа»  дей 
тұруға  мәжбүрміз.
– Қасиетті имам, мен оқуым там-тұм, надан адаммын. Әйтеуір 
құдайға құлшылық ниетімен сіз ұстап тұрған қасиетті мешітке 
жұма  намаздан  қалмай  барып  тұрамын.  Бірақ  түсінбейтін 
нәрселерім  көп,  –  деп  Әбден  мыртық  қанден  құсап,  дауылды 
көшеде  имамның  ана  жағынан  бір,  мына  жағынан  бір  шығып, 


желдің  ығына  жығылып,  жортаңдап  келе  жатты.  –  Айып 
көрмесеңіз, бір сауалым бар. Жаңа Уақытша үкіметпен уақытша 
тіл  табыса  тұрамыз  дедіңіз.  Сонда  кейін  өзіміздің  қолымыз  өз 
аузымызға  жетер  күн  туа  ма,  қасиетті  имам?
–  Иә,  Әбден  әфенді,  Аллаға  сыйынып,  Мұхаммед  туын 
көтеріп,  мұсылман  өкіметін  орнатамыз.  Кәпірлерден  киелі 
топырағымызды тазартамыз. Сендердің, қазақтардың зиялылары 
адасып  жүр.  «Алашорда»  дегенді  құрыпты.  Құдайға  шүкір, 
әйтеуір  біздің  Әулие-Атаға  ол  тамырын  жая  қойған  жоқ. 
«Алашорда»  дегені  тек  қазақ  миллатының  мүддесін  көздемек. 
Өте келте ойлайды олар. Бүкіл ислам тұрғысынан ойласу керек. 
«Шуро-и-Исламия»  мүддесі  сол.  Мұсылман  қауым  біріккенде 
ғана  кәпірлерді  жеңе  аламыз.  Білдің  бе,  Әбден  әфенді,  қазақ 
қандастарға  осыны  айта  бер,  айта  бер.
* * *
Қара дауылдың, соңы ақ боранға айналып, ақ мұнар арасынан 
Әулие-Ата атырабына жаңа таң атып келе жатты.
Совдеп мүшелері гарнизонға бас-аяғы бірер сағаттың ішінде 
жиналып  та  қалды.  Чернышев,  Федоров-Заводский,  Карев, 
Цыганок сияқты тарлан большевиктер Степан Хмелевский мен 
Тұрар  Рысқұловты  сүйінші  хабармен  құттықтап,  құшақтасып, 
сүйісіп,  кейбіреулері  көзіне  жас  алып,  балаға  ұқсап  айқайлап 
жүр.
– Жолдастар! – деп дауыстады Тұрар мына жан тебіренткен 
жақсы  қауышушыларды  ажыратқысы  келмегендей  сәл  тоқтап 
тұрып.  Жұрттың  назары  бұған  ауғанда,  сөзін  сабақтады.  – 
Қуаныш  құтты  болсын!  Бірақ  Әулие-Ата  Уақытша  үкіметі 
әлі  құлаған  жоқ.  Қуаныш  үстінде  осыны  естен  шығармайық. 
Қазір жұбымызды жазбай Уақытша үкіметтің кеңсесіне барып, 
мүмкіндігінше қан төгіспей, билікті заңды түрде қолға алайық. 
Уақытша үкіметті таратып, яки құлатып, Кеңес өкіметі орнағанын 
халыққа  салтанатпен  жариялауымыз  керек.  Ол  үшін  уақытты 
өзімізге  сенімді  серік  етпесек  болмас.  Гарнизон  солдаттары 
Уақытша үкімет үйін қоршап алғаны жөн деп білемін. Ал Совдеп 
мүшелері кеңсеге еніп, Астаховты және оның орынбасарларын, 
үкімет  мүшелерін  шақыртып  алуымыз  керек.  Сөйтіп,  оларға 


ерікті түрде биліктен бас тартқызу керек. Оған көнбеген жағдайда 
ғана қарулы күш жұмсалады. Қалай қарайсыздар бұл ұсынысқа, 
жолдастар?
– Дұрыс! Дұрыс! – деген айқаймен әлгі қуанышқа мас қауым 
Тұрарды жерден көтеріп алып, бірнеше әлуетті қол оны аспанға 
атқылап, қақпақылдап қайта тосып алып, қайта атқылап, жерге 
әрең дегенде түсірді.
Совдеп  мүшелері  ойлағандай,  Уақытша  үкіметтің 
басшылары үйлерінде жақсы түс көріп ұйықтап жатпаған екен. 
Большевиктердің әрекетіне қарсы қимыл ұйымдастыру үстінде 
екен. Уезд комиссары Астаховтың кабинеті толған адам. Үкімет 
мүшелері  тап-тұйнақтай  болып,  әдеттегі  орындарында  отыр. 
Кабинетке  кіріп  келген  бетте  Тұрарды  таңқалдырған  жайт 
Уақытша  үкімет  мүшелерінің  ұқыптылығы  емес,  бұлардың 
арасында имам Ғұмар Халмұрзаев пен шіркеу кеңесінің төрағасы 
Никодим Калмыковтың отырғанына таң қалды. «Е-е, меньшевик 
Астахов  мырза  енді  дін  қайраткерлерімен  ауыз  жаласып, 
мұсылман мен христиан діндерін бауырластырмақ болған екен 
ғой. Дер кезінде келгеніміз қандай жақсы болған! Әйтпесе, имам 
мешіттен, поп шіркеуден сарнап берсе, әлі де діншіл халықтың 
қайсыбір  бөлігі  бүлік  шығарып,  әуре  көбейер  еді...».
– Мырзалар! – деді Степан Хмелевский есіктен кіріп келген 
бойда.  Кейбіреулер  орындарынан  қопаң-қопаң  тұра  бастап  еді, 
комиссар Астаховтың қара креслода міз бақпай, былқ етпестен 
отырғанын  көріп,  қайтадан  орындарына  құйрықтарын  басты  – 
Мырзалар! – Хмелевскийдің дауысы өзі биік, өзі кең кабинеттің 
ішінде күмбірлеп шыққанда ол өз дауысын өзі танымай қалғандай 
жан-жағына, одан соң кабинеттің күмбезді төбесіне қарады.
Дауылды  таңның  сәулесі  әлі  кабинет  ішіне  дари  қоймаған, 
комиссар ордасы сонда да жап-жарық. Күмбезді төбеден төмен 
қарай салбыраған кішігірім шаңырақтай шамдалдың балауыздары 
самаладай  жанып  тұр.  Комиссар  Астахов  отырған  креслоның 
тұсындағы  қабырғаның  кісі  бойындай  бөлігі  қарауытып,  қара 
дақтанып қалыпты. Ол дақтың орнында бұдан сегіз ай бұрын II 
Николай патшаның портреті болушы еді. Осыдан сегіз ай бұрын, 


яғни 1917 жылдың 2 наурызы күні күндізгі сағат 2-де II Николай 
өз қолымен былай деп жазды:
«Мемлекеттік  думаның  төрағасына  Аяулы  Ресей-Ананың 
шын бақыты мен амандығы үшін мен істемеген құрбандық жоқ. 
Сол себепті тақтан бас тартуға дайынмын. Таққа ұлым отырады, 
ол  кәмелетке  жеткенше  өз  қарамағымда  болады,  тақ  иесінің 
аталығына менің бауырым, ұлы князь Михаил Александровичті 
белгілеймін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет