Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал



бет28/203
Дата06.02.2022
өлшемі6,98 Mb.
#34376
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   203
УДК 32-051
Қ 56


МҰСТАФА ШОҚАЙ: ӨМІР ЖОЛЫ МЕН БАСПАСӨЗ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ


Қожимбетова Р.Қ.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

Мұстафа Шоқай дүниеге келген түста, яғни ХIX ғасырдың соңғы ширегі Түркістан тарихының ең қараңғы кезеңдерінің бірі еді. Бұл кезеңде патшалық Ресей Түркістанды жаулап алуын толық аяқтаған. Бұдан кейін Петербург өкіметі бұл жерлердегі билігін нығайтуға күш жұмсап жатты. Сонымен қатар Түркістанның кең даласын мүмкіндігінше жан-жақты қанау шараларын жүргізді. Ресейдің ішкі аймақтарындағы жері жоқ орыс мұжықтарының Түркістанға жаппай көшулерін тездетті. Түркістандағы жергілікті орыс билеушілері де осы саясатқа сай билік жүргізді. Меншікті жер мен мал-мүлікке ие болуға әбден құнығып алған орыс келімсектерінің Түркістанның жергілікті қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен секілді халықтарының жерлерін иемденуіне тосқауыл болмады.


Халық жер дауына байланысты жүгініп барған орыс сот орындарынан көбіне оңды нәтиже ала алмады. Өйткені халық жергілікті дәрежеде орыс тілі мен заңдарын білмеуші еді. Осындай қилы заманда дүниеге келген Мұстафа жастайынан білімге құштар болып, алғашқы білімін анасы Бақтыдан алды. Бақты ұлының сауатын бес жасар кезінде ашты. Бұдан кейін Мұстафа ауыл балаларымен бірге ауылдағы түрік имамынан дәріс алды. Бұл дәрістер Исламның негіздерін қамтыған діни сабақтар еді. Мұстафа ауыл балаларымен салыстырғанда осы дәрістерді және Құранды үнемі үздік оқыды.
Мұстафа діни біліммен қатар Мұстафа музыкадан да сабақ алды. Бес жасында домбыра тартып, ән салатын еді. Мұнда да оның алғашқы мұғалімдері – отбасы мүшелері болды. 
Мұстафа Шоқай ауыл имамынан алған діни білімін аяқтап, мектеп жасына келгенде Түркістанда ол бара алатын төрт түрлі мектеп бар еді. Олар: ескі әдістегі медреселер, жаңа әдістегі жадит мектептері, жергілікті халық пен орыс балалары білім алатын аралас мектептер және орыс мектептері еді. Бұлардың ішінде соңғы екі мектеп орыс өкіметінің демеуімен сапалы білім бере білді. Осыған байланысты әкесі Шоқай Мұстафаны аралас мектепке беруді қалады. Бірақ бұған екі әйелі мен ауыл имамы қарсы болды. Оған қарамастан Шоқай би ұлын жергілікті халық пен орыс балалары бірге оқитын аралас мектепке беруде табандылық танытты.
Мұстафаның орысша білім алуына қарсы шыққандар баламыз ұлттық және діни ерекшеліктерінен көз жазып, орыстанып кете ме деп алаңдады. Тіпті діннен безіп, шоқынып кете ме деп қорықты. Бірақ Шоқай би ондай қорқынышқа бой алдырмады. Өз перзентінің орыс мектебінен білім алса да азамат болып шығып, өз халқына қызмет ететініне нық сенді. Бірақ Шоқайлар тұратын маңайда аралас мектеп жоқ еді. Мұндай мектеп Ташкент, Ақмешіт секілді орталықтарда ғана бар болатын. Ал Шоқайдың ауылы болса Ташкент темір жолы бойында, Сарышығанақ станциясына бес шақырымдай жерде орналасқан еді. Шоқай би баласын үйіне жақын Ақмешіттегі мектепке жіберуді ұйғарды. 
Әкесі Шоқай Мұстафаны жеті жасқа толғанда оқуға тіркеу үшін Ақмешітке алып барды. Сонымен бала Мұстафа тұңғыш рет үлкен қаланы көрді. Қаланың у-шуы мен адамдардың көптігі алғашқыда оны шошытты. Екінші жақтан өмірде бірінші рет көріп тұрған таңсық шаһар тірлігіне таңырқай қарады. Әсіресе, сөрелері әр түрлі заттарға лық толы дүкендерді аң-таң болып тамашалады. Әкесі осы дүкендерде сауда жасап жатқанда, алғаш рет ақшаны көрді. Орыс тілін тұңғыш рет осында естіді. Орысша сөздерді еш түсінбегендіктен, орыс тілін ешқашан меңгере алмайтынына алаңдады. 
Шоқан би оны Ақмешіттегі бір орыс мектебіне тіркеді. Мұстафа мектепте жатып оқитын болды. Бірақ мектепте сабақтың басталуына әлі бірнеше ай бар болғандықтан, Шоқай баласымен ауылға қайтты. Мектепте сабақ басталған күні Мұстафа Ақмешітке қайтып келмекші еді. Бірақ ойлағандай болмады. Сабақ басталуына аз уақыт қалғанда Мұстафа қаракешек ауруына шалдығып, үш апта бойы төсек тартып жатып қалды. Ал сауыққан кезінде сабақ басталып кеткен еді, отбасы да аурудан жаңа тұрған Мұстафаны ұзаққа жіберуге қимады. Алайда Шоқай би оны орыс мектебінде оқыту туралы райынан қайтпады. Осы себепті оны Сарышығанақ станциясы маңайындағы орыс балалары баратын мектепке берді. 
Мұстафаның бастауыш мектепте өткен күндері туралы ешқандай мәлімет жоқ. Тек оның бұл мектепті 1902 жылы бітірді. Мұстафа Шоқай би ұлының орта мектеп пен лицей білімін де орыс мектептерінде жалғастыруын қалады. Ол кезде жақсы білім алудың алғышарты да осы еді. Ондай мектеп тек Ташкентте бар еді. Ол кезде Петербург өкіметінің Түркістанда орыс тілін білетін жергілікті кадрларға сұранысы күннен-күнге күшейіп келе жатты. Сол себепті орыс мектептеріне жергілікті оқушылар да қабылданатын. Сонымен қатар жыл сайын жаңа мектептер де ашылуда еді. 
Мұндай мектептердің бірі Ташкент гимназиясы еді. Әкесі Шоқай баласын осы оқу орнына берді. Мұстафа әкесінің өзін оқыту жолындағы табанды шешімінің орынсыз емес екенін дәлелдеді. Ол гимназияны үздік бітіріп, мектеп үздігі атағына ие болды. 
Диплом беру рәсімінде Мұстафа өмірінде ұмытпайтындай үлкен бір әділетсіздікке ұшырады. Ташкент гимназиясында оқуды ең үздік бітірген оқушыға алтын, екіншіге күміс медаль беру дәстүрі қалыптасқан еді. Сол жылғы диплом беру рәсімінде мектептің ең үздік оқушысы ретінде Мұстафаға алтын медаль берілуге тиіс. Бірақ бұл жағдай Ташкенттегі Түркістан генерал-губернаторы А.В.Самсоновқа ұнамады. Самсонов түркістандық бір оқушының орыстардан жоғары тұруын көтере алмады. Мектеп директоры Граменицкийдің қарсылығына қарамастан, алтын медальды Мұстафаға емес, екінші үздік оқушы Запреметовке тапсыруға нұсқау берді. Самсоновтың бұл шешімі сол дәуірдегі патшалық Ресей генерал-губернаторларының жергілікті халықты қаншалықты төмен санайтындықтарының айқын бір көрінісі еді. Самсонов жабайы және мәдениетсіз қоғам ретінде бағалаған халықтан шыққан жас жеткеншектің орыс оқушыларынан озық тұруына төзе алмады. 
Мұстафа марапаттау рәсімінде өзіне берілген күміс медальды алмады. Осыған орай Запреметов те лайықты емес екенін айтып, өзіне берілген алтын медальдан бас тартты. Сөйтіп диплом рәсімі Мұстафаға мына ащы шындықты үйретті: әкімдер мен халықтың дүниетанымы бір-бірінен өзгеше. Әкімдер саясаттың ырқына беріліп нәсілшіл және империалист пиғылда болса да, қарапайым халықтар саясаттан аулақ бір-бірлеріне адал және мейірімді бола біледі. Сол себепті Мұстафаның өмір бойы жиі қайталаған сөзінің бірі мынау болды: «Жаман ұлттар жоқ, жаман адамдар бар. Мейірімді мемлекеттер жоқ, мейірімді адамдар бар».  Ташкентте лицейде оқып жүргенде Шоқай қоғамның құқықтық және мәдени өміріне қатысты көп нәрсені жақыннан бақылады. Оның рухани салада өсіп-кемелденуіне башқұрттан шыққан атақты фольклорист ғалым Әбубәкір Диваев көп әсер етті.
Мұстафа Шоқай студент кезінен-ақ баспасөздің қоғамның саяси және мәдени өміріне тигізер ықпалы мол, пәрмені күшті екендігін байқаған еді. Сол себепті ол кейінгі кезеңдерде баспасөз тірлігінен қол үзбеген. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Түркістанда атқарған қауырт саяси жұмыстары кезінде де мақала жазуға уақыт бөлді. Ол Ташкентте Ұлттық орталықтың төрағалығымен қатар «Бірлік туы» газетін басқарып жүрді.
Ташкентте 1917 жылдың маусымында шыға бастаған «Бірлік туы» газеті Шоқайдың алғашқы газет басқару тәжірибесі болып табылады. Газет Ташкентте тұратын қазақтар құрған «Ықтият одағының» баспасөз органы еді. Аптасына бір рет шығып тұрған газеттің баспасөз саясаты – Түркістан халқының ынтымақтастығын қамтамасыз ете отырып, саяси таным-түсінігін толықтыру, осылайша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына дайындалу еді. Газет осы орайда Бөкейхановтың жетекшілігіндегі «Алашорда» қозғалысының баспасөз органы «Қазақ» газетімен үйлесімді әрекет етті. «Алаш» қозғалысына қарсылардың бірі – Сәкен Сейфуллин Түркістандағы қазақ зиялыларының Ташкенттегі «Бірлік туы» газеті арқылы «Алаш» қозғалысына қолдау көрсетіп, кеңес өкіметінің саясатын сынағандықтарын айтады. 
Шоқай Ташкенттен кеткеннен кейін газетті басқаруды Қожанов мойнына алды. 1918 жылдың орта шеніне дейін отыз шақты саны жарық көрген газет Түркістан большевиктер қолына өткен соң жабылды. 
Большевиктер Түркістанға өз биліктерін орнатқаннан кейін Тбилиси мен Бакуге барып уақытша тұрақтағанда баспасөзге мақала жазумен қатар журналдар да шығарды.
1919 жылдың сәуір айында Тбилисиге келіп, 1921 жылы ақпан айының ортасына дейін осы жерде тұрған Мұстафа Шоқай осы мерзім ішінде орыс тілінде «На рубеже» және «Шафак» атымен түрік тілінде екі газет шығарды. Бірақ бұл екі газеттің де өмірлері қысқа болды. Шоқай бұл газеттерді Тбилисиде болған күндерінің соңғы алты айында шығара бастаған еді. Ол бұдан бұрын Тбилисиде шығып тұрған дағыстандық Ахмет Салиховтың «Вольный горец» және «Борьба» газеттеріне мақала жазуын жалғастырды.  Сонымен қатар, «Шафак» газетінде түріктердің армяндарды қырып салғаны туралы өзінің тұжырымдарын қорытып, мақалалар да жазды. Әсіресе, Тбилисиде белең алған әсіре сілтеушіліктерге қарсы түрік жағы берген мәліметтер арқылы жауап беруге тырысты. 
«Шафак» пен «На рубеже» газеттерінің жұмыстары большевиктердің Кавказды жаулап алуынан кейін тоқтап қалды. Алты-ақ саны жарық көрген «На рубеже» Грузия өкіметінің материалдық көмегі арқылы шығып тұрды. Түрік тілінде шыққан «Шафак» Тбилисидегі түрік қоғамының жәрдемімен жарияланды. Шоқай «На рубеже» газеті арқылы Грузия өкіметі кеңес билігінің қарсы ұлт-азаттық күресін қолдаса, «Шафак» газеті арқылы Анатольяда Мұстафа Кемалдың жетекшілігінде одақтас мемлекеттерге қарсы жүргізіліп жатқан ұлт-азаттық күреске қолдау көрсетті. Бұл мәселеде ұлт-азаттық күштерінің Тбилисидегі өкілі Қазым «Дирик» пашамен жақын қарым-қатынаста болды. Қазым пашадан Анадолыдағы күрес туралы алған мағлұматтарын «Анатолья хаттары» деген атпен жариялады. Бұл мақалалар оқырмандар арасында үлкен қызығушылық туғызды.
Содан ағылшындардың қол астындағы Стамбулға өтіп, бірнеше апта «Таймс» газетіне мақалалар беріп тұрды. Шоқай 1921 жылдың жазында Парижге барғаннан кейін Түркістанның саяси және экономикалық жағдайы туралы мақала жазуды жалғастырды. Шоқайдың мақалалары орыс, түрік, француз және ағылшын тілдерінде әр түрлі газет-журналдарда жарияланды. Шоқай орыс тілідегі мақалаларын, бұдан бұрын жан-жақты айтылып өткеніндей, босқын орыс лидерлері Кренскийдің «Діни» газеті мен Милюковтың «Последние новости» газеттерінде жариялады. Француз тіліндегі мақалаларының басым көпшілігі «Прометей» журналында, содан кейін «Ориен е Оксидан» журналында жарық көріп тұрды. Ағылшын тіліндегі мақалалары болса, «Азиятик Ревью» секілді журналдарда орын алды. Осылайша Шоқай әр түрлі журналдарда мақалалары үнемі басылып тұрған қаламгер болды.
Шетелдердегі өмірінің соңғы аялдамасы – Париж қаласында Мұстафа Шоқайдың саяси шығармашылық тәжірибесінің шырқау шегіне жеткені байқалады. Оның мақалалары орыс, француз, түрік және ағылшын тілдерінде шығатын әр түрлі газет-журналдарда басылды. Сондай-ақ, екі журналдың жарыққа шығуына жетекшілік етті.
Мұстафа Шоқайдың студенттік жылдарынын бастап баспасөз саласында жинақтаған тәжірибесінің бір жемісі мақала жазу әдетін II дүниежүзілік соғыстың ең қызып тұрған күндерінің өзінде де тастамады. Мұстафа Шоқай өз өмірінің ең қасіретті, ауыр күндерін бастан өткерген тұтқын лагерьлеріндегі жұмыстары кезінде де естеліктері мен алған әсерлерін қағазға түсіре білді. Міне, тап осы кезеңде, немістерге Түркістанның мәдени және философиялық қырын таныстыру үшін «Түркістан» атты мақала жазды. Бірақ Шоқай бұл мақалаларын басып үлгерместен қайтыс болды. Осы қолжазба мақала оның соңғы мақалалары болды.



Каталог: download -> vestnik
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Государственного педагогического
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Государственного педагогического


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   203




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет