Ташкент облысының жаңабайлары



Дата17.06.2018
өлшемі22,52 Kb.
#43032
ТАШКЕНТ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАҢАБАЙЛАРЫ
Ташкент облысында жаңабайлар негізінен Орта шыршық, Ахангаран, Пскент және Ташкент қаласында өмір сүреді. Орта Шыршық ауданының «Жаңабай» ауылында 400 ден астам отбасы, А.Икрамов шаруа қожалығында 120 дан артық отбасы, Ахангаран ауданының «Ғалақұдық» поселкісінде 100 отбасы, Ташкент қаласында ежелден Сіргелі тайпасының қазақтары тұрады. Оның ішінде жаңабайлар бүгінде шамамен 40-50 отбасын құрайды екен. Бөке ауданында шамамен 20 отбасы, Жаңажол (Янгиюль-Б.А) ауданының Балғабаев Өрісбай шаруашылығында, Шыназ ауданының «Түркістан 55» елді мекендерінде қоныстанған. Төменгі шыршық, Жоғары шыршық аудандарында 5-10 отбасы аралығында жаңабайлар шоғырланыпты. Шамалай айтсақ, Ташкент қаласы және Ташкент облысында 5 мыңға жуық өздерін жаңабай руының қазақтарымыз деп санайтын қазақтар мекен етеді. Олардың біразы соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстанға қоныс аударған.

Ташкент қаласындағы қазақтар негізінен өзбектеніп кеткен. Ташкент қаласындағы Сіргелі ауданында (Сергели тумани-Б.А) кеңестік кезеңінің алғашқы жылдары 16 қазақ-өзбек аралас мектебі құрылып, ол өткен ғасырдың 90 жылдарының басына дейін жұмыс істеген. Бүгінгі таңда ол мектептер толық өзбек мектептеріне айналған.

Тянь-Шань тауының оңтүстік-батыс етегіндегі Шымған тау-шатқал-дарынан ағып түсетін жылғалардан Шыршық өзені құралады. Шыршық өзені тікке Ташкент қаласының оңтүстік-шығыс бөлігін кесіп өтіп Сырдария өзеніне құяды. Шыршық өзенінің сол жағалауының орта аумағынан Ахан-гаран өзені ағады. Оның оң жағалауында Орта-шыршық ауданы орналасқан. Жалпы, Шыршық өзеннің жоғары бөлігі-жоғары шыршық, орта бөлігі-орта шыршық, төменгі бөлігі-төменгі шыршық деп аталады. Осы аудандар тұрғындарының басым бөлігі сіргелі, қаңлы, дулат, жалайыр, қоңырат, найман тайпаларынан тараған қазақтар құрайды. Бүгінгі таңға келіп, олардың көп бөлігі өзбек болып жазылып кеткен.

Ташкент қаласының Күріш (рисовый) және Қойлық базарлары арқылы оңтүстік-шығысқа қарай Ферғана даңғылы созылып жатыр. Шыршық өзенінің үстінен кескен осы даңғыл жол аудан орталығы Төйтөбе қаласын басып өтеді. Қойлық-Ата базарынан бастап осы жол бойымен 20-25 шақырым жүрген соң алдыңнан көсе-көлденең Қарасу өзені ағып жатыр. Қарасу өзені Шыршық қаласына кіреберіс маңындағы тоған-дамбасынан (Плотина деп аталады-Б.А.) Шыршық өзенінен бөлініп оңтүстік-батысқа қарай ажырап ағады. Қарасу өзенінің бастауынан жағалай Сырдария өзеніне дейінгі аралықта негізінен қазақтың сіргелі, дулат, шанышқылы және қаңлы рулары мекен етуде. Қарасу өзенінің орта ағысында «Ыстықбол» (өзбекшеден қазақшаға аударғанда «Егеменді», бұрынғы аты-Энгельс-Б.А) шаруа қожалығы орналасқан. 400 шаңырақтан астам отбасы шоғырланған «Жаңабай» ауылы кеңестік кезеңде «Дмитров» деген комунистік күн көсемінің есімімен аталды. Ауыл 1920 жылдардың басында Шалдар ауыл қышлағына қарапты. Ол кезде Тышқансай ауылы деп аталған екен. Бұл ауылдың қазақтары Жаңабайдың (шын аты Есенқұл-Б.А.) Өтебай атты ұлының Қосымбет, Рысбай деген балаларынан тараған ұрпақтар. 1920 жылдардың соңы мен 30 жылдардың басында алғашқы колхозды ұйымдастырған, ауыл құрғандар деп Қырғызбай Айтаев және Абди Тұрғынбаев, Құттыбай Медетов секілді белсенді аталарды атауға болады. Ол кезеңде Жаңабай ауылы аумағын Тышқансай деп тапты, мұнда 50 шақты отбасы-қожалық болған. Жаңа құрылған ұжымның атын «Раушан» деп атапты. Оның алғашқы председателі болып Қырғызбай Айтаев сайланған екен. Аты аталған жоғарыдағы аталар Ұлы Отан соғысынан оралмады.

«Раушан» колхозы 1937 жылы көрші «Дмитров» колхозымен бірігіп, Дмитров деп аталды. 1950-60 жылдары «Энгельс» атауымен аталып, көлемі кеңейген колхозда Әбдуәлі Қайымұлы, Нәшір Тәсімов, Медет Тәсімов, Тұрысбек Барақов, Үсенқұл Баубеков, Лахан Барақов секілді еңбекқор бригадирлер мен тәбелшілер ерен еңбек етті. Бүгінге келе Жаңабай ауылы колхоздың бір-екі бригадасына айналып отыр.

Жаңабай ауылынан көптеген ауыл шаруашылық мамандары, дәрігерлер, білім беру ұйымының қызметкерлер, ұстаздар шығыпты. Солардың кейбіреулерін атап кетсек, Өзбекстан ССР-нің денсаулық сақтау саласының үздігі, жоғары категориялы дәрігері, бірнеше жыл Ташкент обл. туб. диспанс-ерінде бас дәрігер болып жұмыс істеген, бүгінде бас дәрігердің орынбасары Мұқтар Құрымбаев, қаржы саласының ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысушы Әліқұл Бейсенов, Ташкент ауыл шаруашылығын суландыру және механизацияландыру инженерлері институтының (қысқа-ТИИИМ-СХ) жоғары математика кафедрасына аға оқытушы болып 1968-1994 жылдары жұмыс істеген, Өзбекстан Республикасының бүгінгі президенті Шавкат Мирамонович Мирзеявқа екі жыл дәріс берген, белгілі ұстаз Әбділлә Сұлтанов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ да көп жылдар ұстаздық еткен техника ғылымдарының кандидаты, профессор Әсетіллә Сұлтанов.

Бүгінгі таңда «Жаңабай» ауылында зор еңбегімен, ұйымдастыру қабілетімен көрініп жүрген Тұрғын Салимов, Марқа Бейсенұлы, Ықтияр Шегебаев, Темірбек Бейсенұлы секілді азаматтарды атауға болады. Ауылдағы №31 мектеп бұрыннан қазақ мектебі ретінде жұмыс істеп отыр. Дегенмен, 2017 жылдың маусым айының басында мектеп директоры болып істеп жүрген Ы.Шегебаевтың орнына өзбек ұлтынан әйел директорды тағайындапты.

Ахангаран ауданындағы Галақұдық поселкесі бұрында Дмитров, Шверник колхоздарының жайлауы болыпты. Ғала - өзбекше астық деген мағынада. «Астыққұдық» болады қазақшаға аударғанда. Бұл атауы дұрыс емес екен. Ғалла емес, Гала деп атау керек дейді жергілікті тұрғындар. Гала деген көп, мол деген мағына береді екен. Яғни «Молқұдық» мағынада. Бұл аумақ ертеде адыр, қыр сусыз аумақ болған екен. Мал жайылымына қолайлы жасау үшін көптеп құдықтар қазылған. «Әмірқұдық» дейтін де құдық бар. Оны қазған Әмір деген кісі, оның Арал және Құрал деген екі баласынан Орта шыршық ауданының «Жаңабай» ауылында көптеген ұрпағы тараған. Галақұдықта жаңабай, айтбозым, шалдар, қаңлы т.б қазақ рулары көп шоғырланған. Инфраструкрурасы бұрынғы совхоз құрылысы жобасымен салынған үлкен поселкеде бүгінде 3 жарым мыңға жуық халық тұрады.

Галақұдықта өмірінің 59 жылын бидай шаруашылығын дамытуға арнаған бірнеше медалдар, ордендер және ондаған мақтау қағаздарымен марапатталған еңбек ардагері, абыройлы азамат Айдархан Жарқынбекұлы-Мавлянов тұрады. Одан бөлек Жолдас Мәмбетәлиев, Жәнібек Бажақов секілді ауылдың беделділері бар. Галақұдықта 100 ден астам жаңабай, 40 жуық айтбозым, 15 үйге жуық шалдар, қаңлы, батыр т.б руларының отбасылары тұрады екен.

Пскент ауданының Жаңабай ауылында 100 ге жуық жаңабай отбасысы тұрады. Одан басқа шымыр, арғын, шанышқылы руының қазақтарынан шыққан жалпы саны 200 астам қазақ отбасылары қоныс теуіпті. Бұл ауылда ауыл шаруашылығын дамытуға көп жыл еңбек еткен, сол еңбегі үшін Өзбекстан Республикасы Үкіметі «Шухрат» (қаз.-Даңқ) медалімен марапаттапты.

Орта шыршық ауданының Акмал Икрамов атындағы шаруа қожалығына қарасты Жаңаабад (өзб.-Янгиабад) ауылында 120 ға жуық жаңабай руының отбасысы тұрады. «Үйсін» дейтін шаруашылық серіктестіктері бар. Бұрын бұл колхоз «Каганович» деп аталыпты. Бұл ауылдың жаңабайларынан көп-теген білімді-білікті инженерлер, шаруашылық еңбеккерлері, педагогтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері шығып отыр. Атап айтсақ, алға-шқы колхоз председателі Асыл Бажақов дейтін қазақ азаматы болыпты. Ұлы отан соғысының ардагері Қарсыбай дейтін кісі колхоздың ферма меңгерушісі болып көп жылдар істеп ауылдың дамуына зор үлес қосқан екен. Сонымен қатар, Байдулла Қойбақов дейтін жоғары білімді, қазақтың қайраткер азам-аты М.Горький, Ленин жолы атындағы колхоздардың партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған. Содан кейін, Б.Қойбақов №35,№7 орта мектептердің директоры болып істепті. Аманбай Байғабылов – физика-мате-матика ғ.-ның докторы, профессор, Тілләбек Байғабылов-ауыл шаруашылығы ғ.-ның кандидаты, доцент, Өзбекстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінде бөлім меңгеруішісі, Музафар Қойбақов-медицина ғ.-ның кандидаты, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ де доцент, Бахадыр Қойбақов-техника ғ.-ның кандидаты, Өзбекстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкері, полков-ник, Тұрғын Нарымбетов-психология ғ.-ның кандидаты, Қожабай Байғабылов-тарих ғ.-ның кандидаты, «Мирас» университетінің доценті. Байғабылов Султанмурат пен Элмурат заң ғылымының кандидаттары Ташкент заң академиясының түлектері, қазіргі таңда Ташкент қаласы ішкі істер органдарында офицерлер шенінде қызмет етуде.

Қорыта айтсақ, Ташкент қаласының маңы және облыстарында көптеген қазақ рулары-ның атауымен аталатын ауылдарды (махалаларды-Б.А.) кездестіруге болады. Көкрегі ояу, көзі ашық білімді көптеген жастар негізінен Қазақстанға қоныс аударған. Қазақ болып қалу мақсатында қазақ мәдениетінде өмір сүргісі келетін қазақ жастары әлі де Қазақстанға көшіп келуге құштар. Дегенмен, қазақ ауылдарындағы қазақ мектептері жабылып, орнына өзбек мектептері болып құрылып жатыр. Кеңестік кезеңде Өзбек Республикасында шамамен 661 қазақ орта мектебі болды. Қазіргі таңда олардың саны 100 ге жетпейді екен. Ал Ташкент қаласы және Ташкент облысында 100 ден астам қазақ мектебі болған, ал олардың тең жартысынан астамы бүгінде жабылып үлгеріпті. Оған себеп, оқулықтардың жоқтығы, пән мұғалімдері-мамандарының тапшылығы екен. Өзбекстан Үкіметі бұл мәселені өздері қолдан жасап отыр. Өзбекстан мен Қазақстан арасында маман алмасу, яғни жоғары оқу мамандарының дипломдарын өзара тану, мойындау жоқ. Егер Өзбек-станның қазақ жастары Қазақстанға оқуға келсе, олар осында қалуға мәжбүр. Екі ел ара-сында жоғары білімді педагог мамандарын тану, мойындау туралы үкіметаралық келісім жуық арада жасалмаса қазақ мектептері қалмайды. Ал Қазақстанда шыққан оқулықтарды мойындалмайды. Оның қолдануға қатаң тыйым салынған.

Ең қызығы қазақ ауылдары өз мектептерінің өзбек мектебіне айналуына айтарлықтай наразылық білдіргісі келмейтін секілді. Мұны заман талабы ретінде қабылдап отыр. «Егерде бірдеме деп атқарушы билікке наразылығыңды білдіріп барсаң, мұндай талапты олар ешқашан орындамайды» дейді олар. Бұл «Өзбекстан Үкіметі жасап отырған шара, саясаты, сен оған қарсысың ба? деп, керісінше, өзіңді тексеріп мазаңды алады. Ерегіссең, арнайы органның қызметкері келіп, алып кетіп жауап алады» дейді бауырларымыз.
Бахадыр Сатыбалдыұлы Айтай

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық



институты Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер

кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к., Шымкент қ.
Каталог: sites -> default -> files
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
files -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет