Ұ. Н. Жанбершиева, Қорқыт Ата атындағы Қму профессоры, ф.ғ. к., Жансая Нақатова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ



Дата11.01.2017
өлшемі99,51 Kb.
#7182
«КҮЛТЕГІН» ЖЫРЫНДАҒЫ ЭПИКАЛЫҚ ДӘСТҮР КӨРІНІСІ

Ұ.Н.Жанбершиева,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

профессоры, ф.ғ.к.,
Жансая Нақатова,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

4-курс студенті
«Күлтегін» жырындағы эпикалық дәстүрді сөз еткенде әңгіме дәстүрге барып тіреледі. М. Әуезов: «Дәстүр тұлғасы тарих талқысынан өтетін болған, халықтың эстетикалық талғамына төтеп бере алатын, бейнелеу нақыштарымен күллі ұлт тіл байлығы арқылы көрінеді,»- дейді. [1.309]

Ғалым Р. Нұрғалиев: «Дәстүр ұрпақтан – ұрпаққа берілетін – рухани игілік»,-деп баға береді.

Ғалымның осы пікіріне сай, дәстүр тарих талқысынан өткен, халықтың ой – сезімін, болмысын көркем образға айналдыратын ұғым екені белгілі. Дәстүр – ұзақ уақыт, сан ғасырлар өмір сүріп, өзіне тән барлық өзгешеліктерді қалыптастыратын өте бай ұғым.

Халықтық дәстүр өнер, өмір тарих атты үш бірліктен құралады. Өнер дегеніміз көркем туындының ғасырлар бойы сақталып, халық жүрегінен орын алуы. Тарих сол жазылған туындының ғасырлар бойы халықтың еншісінде өмір сүруі және жаңа әдебиеттің биігін тербеп, күш қуатын қозғайды. Сол арқылы халықтың бойына нәр беріп, ұғындырады.міне, халықтық дәстүр дегеніміз осы болар.

Дәстүр көркем әдебиетте жаңалық үлгісінде туып, ғасырлар бойы өзіндік жеке арнамен дами келе, дәстүрге ұласады. Сондықтан дәстүр – адамзаттың өнеріне, өміріне, тарихына қатысты құбылыс. Әдебиет зерттеуші ғалымдар эпикалық дәстүрдің ерекшелігі бір тұрақты оқиғаны баяндап айту тәсілімен берілетіндігінде деген қорытындыға келеді.

«Күлтегін» жыры мен қазақ фольклорында да шешуші рольді баяндау дәстүрі атқарады. Эпикалық дәстүрде басты нәрсе адам емес, оқиға болады. Сондықтан «Күлтегін» мен батырлар жырында оқиға басты рольді атқарып, елдің беріктігі мен біртұтастығы өзекті идея болады.

Орхон ескерткіштерінің жанрлық ерекшелігі туралы ғалымдар арасында әртүрлі қайшы пікірлер айтылып келген. Күлтегін, білге Қаған және Тоныкөк жырлары әдебиетке еш қатысы жоқ дүние деп топшылаған ғалымдар болса, енді бірі бұл ескерткіштер, көркем поэзияға жатады деп таниды.

Осындай екі түрлі көзқарас тілші, әдебиетші, тарихшы ғалымдар арасында ұзақ жылдар талас тудырып келді. Бүгінде эпикалық дәстүрдегі көркем туынды деп толық тұжырым жасалды.

Көрнекті түркітанушы ғалым Х. Көроғлы жазба ескерткіштерді екіге бөліп қарастырады. Біріншісі, тарихи эпикалық, екіншісі, этникалық дидактикалық деп бөледі. Ғалымның пікіріне орай «Күлтегін» жырын тарихи эпикалық жырға жатқызамыз, жырда сыртқы жауға қарсы әскери жорықтар баяндалады.

Ғалым И.В. Стеблева: «Күлтегін мен Тоныкөк жазуларын жанрлық жағынан тарихи –батырлық поэмаға жатқызуға болады ғой деп ойлаймыз»,-дейді. [2]

Орхон жазулары өзінің мазмұны мен пішіні жағынан ғана емес, ырғаққа , ритимге-үннің жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануына негізделуі тұрғысынан да поэзиялық сипатқа ие екенін ғалым осылай дәлелдеп береді. Бұл пікірдің теориялық практикалық мәні зор еді. Қазақ ғалымдарынан бұл ескерткіштерді поэзия, ерлік жыры, эпикалық туындылар деп алғаш баға берген М. Әуезов болатын. Күлтегін жеңілуді білмейтін, елінің бірлігін, еркіндігін аңсаған батыр болған. Оның 16 жастан 47 жасқа дейінгі ерлік қимылдары жырдың мазмұны мен сипатынан байқалады, сондықтан ерлікті жырлайтын батырлық дастандарға ұқсайды деп атап көрсеткен.

«Күлтегін» жырындағы эпикалық дәстүрді қарастыру мақсатында Көне түркілердің шынайы көне тарихы мен тасқа қашап жазылған дастандарды өзара салыстыра отырып, Күлтегін жәдігерліктер жылнамасы емес, сол дәуірдің өзіне тән поэзиялық дәстүрімен жазылған әдеби үлгілер деген түйін жасаймыз деді Н. Келімбетов. [3.51] Осындай ойдан кейін мына пікір соның дәлелі шынайы айтқанда, - деп жазды А.Н.Веселовский, батырлардың ерлігін жазған эпостар халықтың қалыптасуымен қатар туа бастаған. Тарихи кезеңдердің елеулі тұлғалар төңірегінде неше түрлі өлеңдер құрастырылып, солардың негізінде бүтін цикл жасалған деп атап көрсеткен. Бұл көрсетілген циклдер бойынша топтаманы түрколог ғалым Н. Келімбетов үш циклға бөліп көрсетеді.

Қазақ эпосының тууы жайында академик Қ. Жұмалиевтің мынандай пікірін келтірейік: «Қай елдің эпосы болмасын, белгілі бір оқиғаның ізін баса туғанға ұқсайды және ол бір жылдың бір күннің жемісі емес, халықтың басынан өткен талай заман, талай ғасыр, талай тартыстың нәтижесі» [4.10].

Қазақтың осы күнгі рулық құрылысы кезінде: үйсін, қаңлы, қоңырат, керей, қыпшақ заманында әр рудың өз істерін ерлікке айналдырып жыр еткен қысқа көлемді жырлар екені сөзсіз.

Демек, А.Веселовский айтқандай, ерлік жырлары халықтың қалыптасуымен бірге қатар туған болса, «Күлтегінге арналған жыр, дәл осылай түрік халқының қалыптасу кезінде жазылған. YI-YIII ғасырлардың түрік қағанаты астына топтасқан үйсін, керей, қаңлы, найман, жалайыр, алшын руларының мұралары еді деген тұжырым жасайды» М. Жолдасбеков [5.48].

Ежелгі түркілер көкке, жерге сыйынған, шайқасқа бастайтын жол көрсетушісі көк бөрі болған, отты киелі деп тұтқан, Ұмай анаға табынған. Қазақтың эпостық жырларында да осындай көрініс байқалады. Демек, «Күлтегін» жыры мен қазақтың эпостық жырлары үндесіп, сабақтасып жатыр.

Сол себепті, біз қазақ эпостарының әдепкі арналары түрік қағанатының кезінен басталады дейміз.

М. Әуезов: «Түрік рулары мен қағанатының тілсіз таста қалдырған осынау жорықтары қырғыздың сол кезіндегі эпостық аңыздарының тууына ықпал жасаған. Егер мұндай ескерткіштер қара тастан ойылып, қашалып тұрып жазылған болса, сол жырлардың ауызша айтылып таралған әрі бұдан да толық нұсқалары болуы мүмкін. Егер мұндай жыр аңыздарды оғыздар, түргештер және басқа тайпалар шығара алмаған болса, сондай аңыздарды сол дәуірде, тіпті IX ғасырда емес, YI-YIII ғасырда соншалықты бұғауда болған, халықты қорғаушы батырға әсіресе, білгір болған қырғыздар қайтіп шығармайды? ... Эпостың туу дәуірін айқындап, анықтағанда осындай жәйттерді ескерту қажет» деп атап көрсетті М.Әуезов «Уақыт және әдебиет» атты еңбегінде. Бұл пікірге біздің жылдардың берер бағасы құнды.

Осы айтылғандардың бәрі де тегі бір түрік тілдес халықтар эпосының, оның ішінде қазақ эпосының тууына қатысты екені сөзсіз. Түрік руларындағы Азман атты Күлтегін, қыпшақтағы Тайбурылды Қобыланды,қоңыраттағы Байшұбарлы Алпамыс жалпы түркі халықтарының М.Әуезов айтып отырғандай қаһарманы еді»,-дейді М. Жолдасбеков [7]

«Тастар сөйлейді» атты еңбегінде, Жоғарыдағы ғалымдар пікіріне сүйенсек, эпостың туу төркіні әріде жатыр екен, яғни, эпостық аңыздардың тууына таста жазылған ескерткіштердің ықпалы болған.

Халқымыздың эпикалық туындыларды тамсана жырлап, шешендік қасиетін танытатын сөзге ұста келуінің өзі сонау ерте дәуірден басталса керек.

Академик В.Радлов «Түркі тектес халықтардың ішінде қазақ, қырғыз, шешен, өткір, көркем сөздің майын тамыза сөйлеп, поэзияны қадірлеген. Қазақ, қырғыздардың мақал-мәтелдері болсын, айтыстары мен билік сөздері болсын бәрі де өлең, жыр болып келеді»,-деп құнды пікір айтқан.

Көне түркі ескерткіші «Күлтегін» жырларының эпикалық жырлармен ұқсастығын танып-білу үшін салыстыра отырып талдау жасап көрейік.

«Күлтегін» - түрік поэзиясының алғашқы үлгісі. Үлкен жазу – 6 хикаяттан, 428 өлең, 53 қатардан тұрады. Кіші жазу 8 циклдан тұрады. Сол жазуларда ерлік, батырлық, ел қорғау, ынтымақ-бірлік, әділ басқаратын қаған әскери жорықтар т.б сөз болады.

Қазақ әдебиетінде «Күлтегіннің» ғылыми және көркем аудармасын

Қ. Мырзалиев жасады.

«Күлтегін» жырында басты қаһарман - батырдың жорыққа мінетін сәйгүлік аттары бейнеленген. Күлтегін жорыққа мінген Торы ат, Алып Шаншы т.б. Әскери қолбасшы мінген сан түрлі сәйгүліктер туралы оқи отырып, қазақ батырлық жырларындағы, әр аяғы келідей, он екі құлаш «Шұбар» тұлпарды, бір өзі он екі биені емген, шапқанда бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын «Тайбурылды», айшылық жолға бір күнде жеткізетін «Байшұбарды» еске түсіреміз. Күлтегін мінген тұлпарлар, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын мінген сәйгүліктердің эпикалық жырда түр- түсіне, сыртқы сипатына ерекше мән берілген. Сөзіміз, дәлелді болу үшін мысал келтіріп, салыстырып өтейік.

Мәселен, Күлтегіннің жорықтарында:

Күлтегін ақбоз Азманға мініп,

Шабуылға ұмтылды.

Жаудың алты батырын шаншып,

Жекпе-жекте жетіншісін қылыштады [10.45] немесе Күлтегін туралы:

Күлтегін боз ат мініп шапты,

Ол ат сонда өлді.

Ерттеулі торы атын мініп шапты,

Ол ат сонда өлді [10.32-33] - деп суреттесе,

«Қобыланды батыр» жырында:

Тайбурыл атты ойнатып,

Қобыланды шықты даладан.

Ақырда тұрған Бурылды,

Шығарып ептеп алады.

Беліне терлік салады [8.154].

Тайбурылды шу деді,

Құбылып Бурыл гуледі [8.165].

Алпамыс мінген Байшұбардың шабысы жырда:

Асыл туған Байшұбар,

Құстай ұшып шабады.

Болаттай төрт аяғы,

Шақпақтың отын жағады.

Сыңсып тұрған қалмаққа,

Қылышын суырып алады.

Жолбарыстай ышқынып,

Шұбарға қамшы салады.

Тура келген қалмақты,

Қақ маңдайдан шабады [8.288].

Сол сияқты батырлар жасаған ерліктер ұқсастығын әдеби әсерін байқауға болады. Мысалы, «Күлтегінде»:

Түнде ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым.

«Қобыландыда»:

Түн ұйқыны бөлгендей,

Қай шаһарға барасың.

«Алпамыста»:

Күннен күнге түн қатып...

Бұл жолдардан біз өз халқының тәуелсіздігі, намысы үшін мәңгілік ел болып қалуына ұмтылған , түн ұйқысын төрт бөлген ерлердің батырлық қимылын, дамылсыз жортуылдарын көреміз.

Эпостың ежелгі дәстүрмен сабақтастығын тағы бір көрінісі, ежелгі жазба ескерткіштерде кездесетін сөздердің, сөйлем стилін қолданудан және көркемдік тәсілдердің ұқсастығынан да байқалады.

«Күлтегін» жырындағы ерлікті, елдікті мадақтаған эпикалық дәстүр қазақтың батырлар жырынан өз жалғасын тапты. Орхон ескерткіштерінде шешендік арнау, ойлы мақал, азалы жоқтау, жойқын соғыстағы ерлік үлгілері көп.

Риторикалық сұраққа негізделген шешендік арнау да жетерлік. Мысалы,

Түркі халқы, тыңдаңдар!

Көктен тәңір баспаса,

Төменде жер айырылмаса,

Ел-жұртыңды кім қорлайды? [10.21].

Дүние салған кісіні жоқтау, батыр қазасына арналған, азалы өлеңдерді де эпостық жырлармен сарындас, орайласып жатады.

Інім Күлтегін қаза болды,

Өзім қайғырдым.

Көрер көзім көрместей,

Білгір ақылым білместей болды,-деп қайғырады.

Қобыландыда: Жайықтың суы лай-ай,

Көр болды көзім жылай-ай

Алпамыста: Көретін көзім көр болды,

Бір перзентке асық боп. [8.160]

Келтірілген үзінділерден екі жырда да каһарманның ауыр шері баяндалатын, ортақ ұқсастықты табамыз. Соған қарағанда Орхон ескерткіштері мен қазақ эпостарының негізгі идеясы бір, яғни, елді жаудан қорғау болып табылады. Батыр ерлігі қырғын соғыстарда көрініп, әлеуметтік сарын анық байқалады. Батырдың бала кезінен өмірінің соңына дейінгі ерлік қимылдары суреттеледі. Ержүрек қолбасшы Күлтегін мен Білге қағанды мадақтауға арналған жазулар батырлар жырындағы ерліктер мен жалғасып дәстірге айналған деген мәселе осыдан туады.

Күлтегін жорықтары қазақтың жырларына арқау болуы да мүмкін.

«Күлтегін» жырымен қазақ эпостарының арасында басқа да толып жатқан сәйкестіктерді мысалға келтіруге болады. Біз солардың кейбіреуіне тоқталдық. Эпос дәстүрін мұрат еткен халық батырлар жырының бастапқы дәстүрі Күлтегін жырында жатқанын аңдайды.

Ежелгі түркілердің мәңгілік ел идеясы екі мағынада алғашқысы-үндеу тұрғысынан жарияланған.Екіншісі-ерлік,елдік мәселесі болған.Кезінде түркі жұрты қағандары «Түнде ұйықтамай,күндіз отырмай,қара терін төгіп,қызыл қанын ағызып», «Мәңгілік елдің» іргесін қалап кетсе, қазір Елбасымыз «Мәңгілік ел» идеясы тұрғысында сабақтастықты жалғастырып отыр. «Күлтегін» жырындағы елдік, ынтымақтастық,ел қорғау идеясы, басты кейіпкер Күлтегін батыр бейнесі мен қазақ эпостарындағы батырлар бейнесі үндесіп жатыр.

«Елді халық едім,елім енді қайда? Қағаны бар ел едім,қағаным енді қайда? Қай қағанға іс-күшімізді жұмсар екенбіз»-деген астарлы тілмен ел тағдыры жырланған.

Қорыта келгенде, Орхон ескерткіштері поэзия тілінде жазылған,ерлік жыры,эпикалық туынды десек, эпостық жырдың мазмұны мен сипатында эпикалық дәстүрдің көрінісі байқалады. Оқиғаны баяндау арқылы ойды беретін эпикалық дәстүр көрініс тапқан. Ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып бізге жеткен рухани игілік эпикалық дәстүрге айналып отыр.

Тарих қашан да өз перзенттерінің құнды мұраларымен қымбат десек,ұлт тағдыры мен сол халықтың мәдениеті өзектес өріледі.



Ел тағдырын шешетін хандар мен дана көсемдер,өмір шындығын толғап жеткізетін жыраулар,ерлік пен еркіндікке құштар ел қорғаған батырлар бүгін тарихтың жарқын бейнесі болып отыр. Әдеби дамуды ұрпақ игілігіне айналдыруда «Күлтегін» жырының қазақ эпостарындағы батырлармен сабақтас үндесуін зерттеп, зерделеудің маңызды екені сөзсіз.
Пайдаланған әдебиеттер:


  1. М Әуезов. Дәстүр мен жаңашылдық. – Алматы: Жазушы 1961 – 509б.

  2. Стебелева И.Ф. Поэзия тюрков VI-XIII веков – Москва: Наука 1965 – 148 стр.

  3. Келімбетов Н. Ежелгі әдеби жәдігерліктер – Астана: Фолиант 2004 – 480б.

  4. Жұмалиев Қ. XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті. – Алматы: Мектеп, 1967 – 340б.

  5. Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы: Жазушы 1990 – 328б.

  6. Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы 1985 - 448-б.

  7. Жодлдасбеков М. Тастар сөйлейді. – Астана: Фолиант 2002 – 194б.

  8. Батырлар жыры. 1-2 том – Алматы: Жазушы 2000 – 288б.

  9. Жолдасбеков М. Орхон ескерткіштерінің толық атласы – Астана: Күлтегін. 2007 – 360б.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет