1 дәріс. Педагогика


Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар



бет6/51
Дата13.12.2019
өлшемі0,78 Mb.
#53594
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   51
Байланысты:
Дәрістер
Практикалық жұмыс 3 (1)

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар


    1. IV-IX ғ.ғ.Византиядағы ағарту ісі мен мәдениетінің алғашқы даму кезеңін сипаттаңыз.

    2. ХI III ғасырларда ортағасырлық христиандық Еуропадағы тәрбие мен білім беру туралы пікіріңізді түйіндеңіз.

    3. Византия мен араб-ислам әлемі арасында да интеллектуалдық байланысты сипаттаңыз.

Ұсынылған әдебиеттер


1. Беркімбаева Ш.К., Қожахметова К.Ж., Құнантаева К.К., т.б. Педагогика тарихы.-Алматы,

2009.

№5 дәріс. Таяу Шығыс, Орта Азиялық қайта өрлеу және Алтын Орда дәуіріндегі білім беру, педагогикалық ойлардың дамуы (VI- XV ғ.ғ.)


Мақсаты: Қазақ даласындағы ортағасыр ойшылдарының педагогикалық ой-пiкiрлерiмен таныстыру.

Дәріс жоспары:


  1. Көне түркі мәдениетінің даму кезеңдері. Орхон-Енисей ескерткіштері.

  2. ҮIII–IХ ғ.ғ. Орта Азия мен Қазақстан елдерiне араб-шығыс мәдениетiнің әсерi.

  3. Орта Азия елдер мәдениетіне Хорезмидің қосқан жаңалықтары.

  4. Орта ғасыр ойшылдарына (әл-Фараби, Ж.Баласағұни, А.Жүйнеки, А.Иассауи) тәлімдік ой- пікірлері.

Түрік мәдениетi Шығыс мәдениетiнiң бел ортасындағы ерекше көзге түсетiн құрамдас бөлiгi. Түрік өркениетiнсiз Шығыс пен Батыстың арақатынасын ашып беру, екi әлемнiң мәдени қарым-қатынасын айқындау мүмкiн емес.

Түркi мәдениетi тарихшылардың топшылауынша үш кезеңнен тұрады. Бiрiншi кезең б.з.д. III-II ғ.ғ. басталып осы дәуiрдiң ҮI - ғасырға дейiнгi мерзiмдi қамтиды. Ежелгi түркi мәдениетiнiң екiншi кезеңi ҮI–ХI ғ.ғ. көне түрiк дәуiрiн, үшiншi кезең ХI-ХҮ ғ.ғ. орта ғасырлық түркiлер мәдениетiн қамтиды.

Бүкiл Евразия құрлығына жайыла орналасқан түркiлердiң мекенi Ұлы Сiбiр Енисей, Моңғол- Орхон, Селенгi бойынан басталып, Қытайдың Шығыс Түркiстан өлкесiн басып өтiп, Орта Азияның Солтүстiк-батысы мен Қазақстан даласын көктей өрлеп, Едiл-Дон өзендерiнен өтiп, Карпат тауына дейiнгi кең алқапты алып жатыр.

Түркiлер ғұндардың этникалық бiр тармағы. II-Ү ғасырларда Орта Азия мен Қазақстандағы ғұндардың бiр бөлiгi Батысқа қарай жылжыды. Осы Ұлы көште ғұндар Жерорта теңiзi арқылы Римге дейiн, ал батыста Карпатқа дейiн жеттi. Карпаттағы бүгiнгi болгарлықтар сол ежелгi ғұндардың ұрпағы.

Түрiк Ұлы даладағы түрік тектес бiрнеше тайпалардың ҮI-ҮIII ғ.ғ. бiрiгуiне ұйытқы болған халықтың аты. “Түрiк” деген сөз тұңғыш рет 542 жылы қытай шежiрелерiнде айтылады. Түрік тектес тайпалар 545 жылы шамасында бiрiгiп жеке мемлекет болған. Ұсақ тайпалардың басын бiрiктiрген оның тұңғыш қағаны Бұмын болған. Бұммынның патшалығымен (шамамен 545-552 ж.ж.) Түрiк қағанаты - оның жас мемлекетi құрылады. Ол Қытай мемлекетiмен қарым-қатынас орнатты. Көршi теле, жуж-жань тайпаларын өзiне қаратты.

Қазiргi Моңғолияның Орхон өзенiнiң бойына 732 жылы орнатылған Күлтегiн тас ұсқыны (ескерткiшi) және басқа да Орхон-Енисей жазба ескерткiштерi ортағасыр дәуiрiнiң маңызды мұралары саналады. Күлтегiн атты түрiк қолбасшысына арналған 40 жол үлкен және 13 жол кiшi жазудан тұратын ескерткiш шамамен 732-735 жылдары орнатылған.

Күлтегiн тас ұсқынындағыдай Талас өзенi бойынан табылған жазбалардың Орхон-Енисей бойындағы тас ескерткiштегi, жазбалармен мазмұндық ұқсастығы көне түркiлердiң Еуразия даласында көшiп-қона жүрiп аумағы кең ен даланы жайлағанын дәлелдейдi.

Ескерткiштерде нақтылы тарихи оқиғалар туралы сөз қозғалады. Кезiнде бастылардың басын игiзген, Бұмын мен Елтерістің iсiн ұрпақтары жалғастыра алмай ҮII ғ. ортасында түркi халңының табғыштарға (қытайларға) тiзе бүккенiне күйiнiш бiлдiре келiп, “Басқа елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол” деген мәтелмен түйiндегендей болады.

Тас мүсiннен шығатын тұжырым түрiк халқының ежелгi жауынгерлiк дәстүрi мен ел билеудегi даналық ой тұжырымының болғаны байқалады. Ол - азаттық идеясын ту ету, елiнiң азаттығы жолында құрбан болуды үлгi-өнеге тұтқандық.

Тарихтан белгiлi көне түркiлер ұрпағы қазақтардың этногенезi туралы сөз қозғасақ, олар жоғарыда айтылған Енисей жазба ескерткiштерiндегi мәлiметтеріне және көне қытай, ұйғыр, моңғол жазбалары бойынша арғы тегi моңғол тектес ғұндар мен үндi-иран тектес қыпшақтар мен сақтардың, түркi тектес үйсiн мен қаңлылардың қосындысынан пайда болған Еуразия даласының көшпендiлерi екенi байқалады. Қазақтың этногенезiнде керейіттер мен наймандардың, арғындар мен қоңыраттардың, алшын жаппас, шектiлердiң де болғанын тарих дәлелдеп отыр. Ол жөнiнде атақты тарихшы В.В.Бартольд, Л.Н.Гумилев, Х.Арғынбаев, Ә.Марғұлан т.б. еңбектерiнде дәйектi дәлелдер келтiрiлген.

Қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеу дәстүрi халық педагогикасынан, оның ауыз әдебиетi үлгiлерi мен тұрмыс-тiршiлiгiмен байланысты туындаған салт-дәстүрiнен, ұлттық музыкасы мен өлең жырларынан, қолөнер түрлерi мен ұлттық ойындарынан бастау алады.

Ұлттық мәдениеттiң ұрпақ тәрбиелеудегi ерекшелiгiн зерттеу iсiмен ғылыми педагогиканың бiр саласы қазақ этнопедагогикасы айналысады. Ол халықтың ұрпақ тәрбиелеу тәжiрибесiн, педагогикалық ой-пiкiр көзқарастарын, ұлтты ойлау ерекшелiктерiн, өнер туындыларын зерттей отырып, оның мазмұны мен тәлiмдiк мәнiн, тәрбие құралдары мен оны iске асырудың әдiс- тәсiлдерiн қарастырады.

Этнопедагогиканың мақсаты жастарға халықтық салт-дәстүрлер мен ұлттық мәдениет түрлерiнен бiлiм, бiлiк, дағдыларды меңгерте отырып, олардың ұлттық сана-сезiмi мен дүниетану көзқарасының қалыптасуына ықпал ету.

Қорқыт ата ҮIII–IХ ғ.ғ. төңiрегiнде Сырдарияның орта және төменгi ағысын жайлаған оғыз-қыпшақ тайпаларының арасынан шыққан әйгiлi күйшi, музыкант, аңыздық кейiпкер, кемеңгер ойшыл. “Қорқыт ата кiтабы” Орта Азия, Қазақстан және Азербайжан халықтары арасына кең тараған. Оның музыкалық-этнографиялық мұрасы түркi тiлдес халықтардың бәрiне ортақ рухани мұра. Сондай-ақ Қорқыт айтты дейтiн ақыл-нақыл, афоризм, ұстаздық ұлағат сөздер көптеп кездеседi. Онда имандылық, iзгiлiк, қанағатшылдық, әрекетшiлдiк, тәубешiлiк мәселелерi сөз болады.

Қорқыттың бiр топ афоризм сөздерi жастарды ерлiкке тәрбиелеуге, тектiлiк мәселесiне, қонақжайлылыққа, мейiрiмдiлiкке арналған. Ол әйелдердiң бойынан жақсы адамгершiлiк қасиеттердi көрудi аңсайды. Қорқыт өсиеттерiнiң тәлiмдiк мәнi аса зор, қай заманда болмасын ескiрiп көнермейтiн асыл мұра.

IХ–Х ғ.ғ. Түркеш, Қарахан, Қыпшақ, Ұйғыр, Хазар, Қимақ т.б. бөлiнiп ыдырай бастады. Осы жағдайды пайдаланған Араб халифаты Орта Азия мен Қазақстан далаларын жаулап алып, ислам дiнiн, шығыс мәдениетiн таратуға күш жұмсады.

Араб басқыншылары Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алғанға дейiн де Орталық Азиядағы екiншi мәдениет орталығы Согд, Маргиана, Парфия, Бактрия атты мемлекеттердiң болғаны тарихтан белгiлi.

Орталық Азияда, оның iшiнде қазiргi Оңтүстiк Қазақстан аймағында өнер-бiлiмнiң, әсiресе техникалық бiлiмнiң дамуына оның географиялық жағдайы, табиғи байлығы, ауа-райы үлкен ықпал еттi. Алғаш канал қазу, егiстiк жерлердi суландыру iсi қолға алынды. Орталық Азия халықтарында агротехникалық-ирригациялық бiлiмнiң аса жоғары болған.

Орта Азияның ежелгi Хорезм, Согд, Ферғана және Түркiстан, Тараз қалалары көршiлес Қытай, Таяу Шығыс, Кавказ жєне Шығыс Европа елдерiмен тығыз экономикалық байланыс жасап, сауда-саттық жұмысын жүргiзуiне атақты Жiбек жолы ерекше әсер еттi. Сол сияқты Орта Азия елдерi керамика, тоқыма, зергерлiк өнердiң де мекенi едi. Орта Азия мен Қазақстан халықтарының музыкалық мәдениетiнiң жоғары болғанын, музыкалық аспаптар жасаушы шеберлердiң шыққанын мақтанышпен сөз етедi.

Өте ерте заманда Қазақстан мен Орта Азия жерiнде жазу өнерi де пайда болған, ол археологиялық қазбалардан табылған Согд жазулары жазылған ыдыс-аяқ сынықтары, ағашқа немесе терiге жазылған жәдiгерлер, бейiттерге қойылған тас ескерткiштердегi көне жазбалар растайды. Хорезмдiк ғалым әл-Бируни, ежелгi хорезiмдiктердiң ғылыммен шұғылданғанын, оның нәтижесiн өздерiнiң күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiнде пайдаланғанын жазады.

Бұған қоса ҮIII–IХ ғ.ғ. Орта Азия мен Қазақстан елдерiнiң араб-шығыс мәдениетiн қабылдауы да түркi халықтарына игi әсер еттi. Түркi халықтарының ұлы ғалымдары: Хорезми, Фараби, Фердауси, Авиценна, Бируни, Ибн-Сина, Низами, Науаи, Қашғари, Иасауи, Баласаұғын т.б. араб тiлi мен мәдениетiн меңгердi. Оның үлкен прогрессивтiк маңызы болды. Көптеген шаһарларда дiни медреселер ашылып, ғылым мен бiлiм деңгейi артты. Медреселер дiни iлiмдермен ғана шектелiп қалмай, арифметика, медицина, жаһаннама (философия), дiнтану, астрономия әлемдiк маңызы зор дәрiснама берудi мақсат еттi.



Бұхарада, Отырарда аса iрi кiтапханалар ашылды. Онда Гераклиттен бастап көне грек философтарының кiтаптары сақталды. Бұл кiтаптар Самархандтан әкелiнген қағазға басылған едi. Самарқанд ол кезде қағаз өндiрiсiнiң орталығы болған. Оның үстiне алғашқы медресе де осы Бұхарада ашылғаны мәлiм. Хорезм шахтары да ғылымға қамқорлық жасап, басқа қалалардан ғалымдарды шақырады. “Мамүн академиясы” немесе “Даналыќ үй” деп аталған ғылыми орталық құрды. Оны өз заманының ұлы ғалымы Әбу Райхан әл-Бируни басқарды. Алгебраның атасы ұлы ғалым Мұхаммед әл-Хорезми (780-850) еңбегiне ерекше тоқталуға тура келедi. Хорезми жергiлiктi медреседе оқып сауатын ашады, өз бетiмен бiлiмiн көтередi. Орталық Азияның бiрталай қалаларында болып, өзiнiң тарих, география, астрономия жөнiндегi мағлұматтарын толықтырады. Ана тiлiмен қатар парсы, араб және Үндiстанның ежелгi әдеби тiлi санскриттi үйренедi. Кейбiр деректерге қарағанда ескі еврей тiлiн де бiлген. Жиырма жасында керуенге iлесiп, ғылым iздеп, Бағдатқа келген. Онда ғылыми жұмыстармен шұғылданып, ескi грек тiлiн үйренген. “Даналық үйiндегi кiтапханадан кiтаптар оқып, гректер мен үндiлердiң ғылыми мұраларын меңгерген. Бес тiлдi еркiн меңгерген математик, астраном, географ, тарихшы, дәрiгер Хорезми Бағдатта бас ғалым ретiнде танылған. Кiтапхана мен обсерваторияны басқару, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу 35 жастағы Хорезмиге сенiп тапсырылған. Ол осында өзiнiң “Астрономиялық таблицалар” атты еңбегiн жариялайды. Бұл кiтап Ньютон мен Гершельге дейiн астрономияның Европадағы негiзгi құралы болып келдi.

Хорезми жер меридианының ұзындығын анықтаумен тұңғыш айналысқан. Хорезми ұлы географ. Оның “Китаб сурәт әл-ард” (“Жер түрлерi жайындағы кiтап”) атты еңбегi араб географиясының негiзгi арқауы болды. Онда сол кездегi теңiз, өзен, көлдер, таулар мен мемлекеттер, олардың халқы мен географиялық жағдайларына сипаттама берген. Кiтапта 4 карта бар. Әсiресе Азов теңiзi бассейнiнiң картасында жер аттарын арабша жазумен бiрге, жергiлiктi және парсы тiлiндегi атаулары берiлген. 70 географ Хорезмидiң басшылығымен үлкен атлас жасаған. Хорезми шет елдерге бiрнеше рет саяхат жасаған. Соның iшiнде Волга бойы мен Византиға барған экспедициясы ерекше. Ғалым Волга өзенiнiң хазар тiлiнде “Итiл” деп аталғанын (қазақ және татар тiлiнде Волганың “Едiл” атануы осы “Итiлден” шыққан) баяндайды.

Хорезми тарихи-этнографиялық, медициналық кiтаптар да жазған. Бiрақ, ол еңбектер сақталмаған. Хорезми “Алгеритми айтады” атты екi кiтап жазып қалдырған. Оныњ бiрiншiсiнде арифметикалық, ал екiншiсiнде алгебралық есептердi шығару жолдары көрсетiлген. Автор арифметикалық есептердi “үндiлер есебi деп атап, алғаш он цифрлы системаны үндiлердiң ойлап тапқанын дәлелдейдi.

Ал алгебралық есеп кiтабы үш бөлiмнен тұрады: 1) теңдеулердi шешу жолдары; 2) өлшеу және геометриялық есептердi шығару; 3) адамның өлер алдындағы өз мүлкiн жақындарына қалдыру (бөлу) жайындағы өсиеттер. Хорезми еңбектерiнiң басты ерекшелiгi түсiнiктiлiгi, өмiрмен, тәжiрибемен байланыстылығында деуге болады. Ол жазған алгебралық есептер он екi ғасыр өтсе де ескiрмей, күнi бүгiнге дейiн өмiрде қолданылып келуi оның шынайы өмiршеңдiгiн дәлелдей түскендей.

Хорезмидiң iзiн баса өмiрге келген, Отырардың перзентi, шығыстың екiншi Аристотелi атанған ғұлама ғалым Әбу Нәсiр әл-Фарабидi (870–950) ерекше атауға тура келедi. Ол ойшыл- философ, социолог, математик, физик, астраном, лингвист, психолог, педагог, музыка зерттеушiсi болған.

Мәдениетi өркендей түскен мұсылман дүниесiнде жас Әбу Насыр әл-Фарабидiң ғылым мен өнерге деген құмарлығы ерте оянды. Ол 20 жасқа дейiн бiлiмдi туған топырағы Отырарда алды. Кейiн Бұқара, Мерве, Хоране, Александрия, Бағдат, Каир, Дамаскi, Шам, Халеб сияқты мұсылмандық шығыстың көптеген қалаларында өмiр сүрiп, түркi, араб, парсы, грек, латын, санскрит және т.б. тiлдерiн жетiк меңгердi.

Әл-Фараби “Бақытқа жетудiң жолы”, “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы”, “Азаматтық саясат” трактаттарында “Жан қуаты”, “бақыт” дегеннiң не екендiгiн, оған жетудiң жолдарын қарастырады. Ұлы ғұлама “Бақыт қайырымды адамдардың мәртебесi, кемелденушiнiң жаны мен тән қуатының жетiстiгi, тұтас дүниедегi үйлесiмдiлiкте өмiр сүру қабiлетi”- дегендi айтады.

Әл-Фараби жоғарыдағы еңбектерiнде оқыту әдiстерiнiң түсінікті, дєйектi, жүйелi, көрнекi болуын ескертедi, сондай-ақ дағды, әдет, қабiлет, икемдiлiк, мiнез т.б. тәлiм-тәрбиелiк ұғымдарға түсiнiк бередi. Көз жеткiзу, иландыру, мойын ұсындыру тәрiздi әдiс-тәсiлдерге талдау жасайды. Ол өзiнiң “математикалық трактаттарында” жүзден астам геометриялық есептердiң шешiлу әдiстерiн, шығару жолдарын түсiндiредi.

Ол Аристотельдiң жан туралы iлiмiн одан әрi дамыта отырып, Шығыс әлемiнде тұңғыш рет психологиялық терминдерге түсiнiктеме бередi. Ол жан жүйесi туралы iлiмнiң сан-салаға бөлiнетiнiне (музыкалық, педагогикалық, қоғамдық, медициналық болып), түрлi iс-әрекеттерге қарай жетiлуiне тоқталады.

Фараби мұралары Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының философиялық, психологиялық және педагогикалық ой-пiкiрлерiнiң өрiс алуына ерекше ықпал еттi. Мәселен Х–ХҮ ғасырлар аралығында Орталық Азия мен Қазақстан топырағында медресе шәкiрттерiне арналған математика, логика, этика пєндерi бойынша көптеген оқу құралдары жарық көрдi. Тавтазани жазған “Мантик” (логика) атты оқу құралы медреселерде ұзақ жылдар бойы қолданылып келдi.

Әл-Фарабидiң iзiн қуа Орта Азияның ұлы перзентi, атақты ғалым, ұлы гуманист Әбу Әли ибн Сина 980 жылы Бұхара қаласының маңындағы Афшана деген қыстақта тәжiк отбасында дүниеге келген. Ибн Сина беске толғанда әкесi сол кездегi феодалдық мемлекет астанасы Бұхара қаласына көшiп келедi. Ибн Синаның әкесi сарай маңында қызметке орналасып, баласын бастауыш мұсылман мектебiне бередi. Ибн Сина (Құсайын) өзiнiң оқуға алғырлығымен көзге түседi. Оның үстiне Орта Азия, Таяу Шығыс, тiптi алыстағы араб елдерiнен Мысырдан (Египеттен) келген оқымысты қонақтар үлкен әсер етедi. Олар шығыс елдерiнiң тұрмыс-тiршiлiгi, әдет-ғұрпы, салт-санасы, философиясы, көркем өнерi жайында келелi әңгiмелер шертедi. Құсайынды он жасында әкесi жеке мұғалiм жалдап оқытады. Бұл мұғалiмдер оған дiни бiлiмдермен бiрге

математиканы, физиканы, астрономияны, географияны, философияны, логиканы, заң ғылымдарын үйретедi. Ибн Сина ескi грек философиясымен, логика, физика, астрономия т.б. ғылымдарымен терең танысады. Содан кейiн медицинаны қолға алып, оны да терең меңгередi. Ерте заманның ұлы дєәiгерi Гиппократ пен Галеннiң шығармаларын, шығыс медицинасын еркiн игередi.

Бұхара әмiрi Нұх ибн Мансұрды емдеп жазып, Құсайынның атағы әлемге тез жайылады. Құсайынға риза болған Бұхар әмiрi өзiнiң сарайындағы бай кiтапханамен пайдалануға рұқсат бередi. Замандастары Ибн-Синаны “Шейх ар-райс (“ғалымдардың атасы”) деп атаған.



Ибн Сина Хорезмде жүрiп өзiнiң атақты екi кiтабын жазды. Оның бiрi “Медицина ғылымының заңдары” (“Каноны”) екiншiсi “Саулық сақтау кiтабы”. Бiрiншi кiтапта дєрiгерлiк емдеу тәсiлдерi сөз болса, екiншi кiтапта физика, математика, астрономия, логика т.б. қоғамдық ғылымдар туралы айтылады. 1017 ж. Ғазна шахы Махмуд Ғазнауи Хорезмдi басып алып, патша сарайына жақын адамдарға қуғын көрсетедi. Ибн Сина 20 жылдай қуғында жүрiп, өзiнiң үлкендi- кiшiлi жүзден астам ғылыми еңбектерiн жазады. Өкiнiшке орай, олардык көпшiлiгi жоғалып кеткен. Солардыњ iшiнде “Әдiлеттiк кiтабы” атты 20 томдық философиялық еңбегi де бар. Орталық Азияның даңқты перзентi 1037 ж. маусым айында шетелде жүрiп қайтыс болады. Денесi Иранның Хамадан деген қаласының маңына жерленедi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   51




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет