А. М. Байкулова



Дата15.09.2017
өлшемі131,59 Kb.
ӘӨЖ: 373.015.311
Ұ.М.ӘБДІҒАПБАРОВА п.ғ.д., профессор

А.М. БАЙКУЛОВАдокторант, Абай атындағы ҚазҰПУ
ТҮРКІ ҒҰЛАМАЛАРЫ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ХАРИЗМАТИКАЛЫҚ ЛИДЕРДІҢ СИПАТЫ
e-mail: aigerim.baikulova@mail.ru Контактный телефон: +77779427733
Түйін

Осы мақалада харизма, харизматикалық лидер ұғымдарының мәні ашылады. Түркі ғұламалары Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иассауи, Ахмед Иүгінеки, Махмуд Қашқаридың еңбектерінде берілген харизматикалық лидер сипаттамасына талдау беріледі. Харизматикалық лидерге тән қабілетттер мен қасиеттер, сапалар талданады және қорытылады.



Негізгі сөздер: лидер, лидерлік, харизма, харизматикалық лидер, лидерлік сапалар.

Резюме

В данной статье раскрывается значение таких понятий как харизма, харизматический лидер. Также было проанализировано определение понятия харизматического лидера в трудах тюркских мыслителей, таких как Абу Насыр Аль-Фараби, Жусип Баласагуни, Ходжа Ахмет Яссауи, Ахмет Иугинеки и Махмуд Кашгари. Рассмотрены ценности и качества, относящиеся харизматическому лидеру.



Ключевые слова: лидер, лидерство, харизма, харизматический лидер, лидерские качества.

Abstract

This article reveals importance of concepts such as charisma, charismatic leader. There has been also analyzed definition of a charismatic leader in the works of Turkic scholars such as Abu Nasir Al-Farabi, Zhusip Balasaguni, Hodja Ahmet Yassaui, Ahmet Iugineki and Mahmud Kashgary. The values and skills related to a charismatic leader have been examined.

Keywords: leader, leadership, charisma, charismatic leader, leadership skills.
Қазіргі уақытта белсенді әрекет ететін, креативті ойлай алатын, жауапкершілігі мол, дербес шешім қабылдай алатын ұрпақ тәрбиелеу қажеттілігі бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.

Бұл мәселенің көкейкестілігін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғаны қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс» [1] деген сөздері дәлелдей түседі. Бұл бүгінгі білім беру жүйесі мазмұнына мектеп оқушыларының игерген білімдерінің қоғамды дамытуға тиімді қолдануға бағытталатындай жаңашылдықты енгізуді талап етеді.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ұйымдастырушылық қабілетімен лидерлік қасиеті бар белсенді жастарды, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында жастар ұйымдарының жетекшілерін даярлаудың көзделуі балалар мен жастардың лидерлік сапаларын дамыту мен қалыптастыру мәселесін зерттей түсудің қажеттілігін арттыра түседі [2]

Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде лидер сөзінің баламасы «жетекші» мағынасында түсіндірілсе [3], ал орысша-қазақша түсіндірме сөздікте: «лидер – қоғамға, ұйымға немесе топқа ықпал етуге қабілетті тұлға. Халықтың немесе белгілі бір әлеуметтік топтың мақсат-мүддесін толық сезініп, қорғай білетін, бойына лайықты қасиеттерді жия білген адам – лидер ретінде танылады. Лидер алға қойған мақсатқа жету үшін белгілі бір әлеуметтік ортада адамдардың күш-жігерін біріктіріп, іс-әрекетін қоғам мүддесіне сай жүргізеді. Лидерге алғырлық, көрегендік, ақылдылық, ұйымдастырушылық, жауапкершілік және т.б. қасиеттер мен қабілеттер тән [4] делінсе, ал лидерлікті алға қойған мақсаттарға жету үшін адамдарға ықпал ете алу қабілеттілігі болып табылады делінген. Сондай-ақ лидерлікке – «жеке тұлғалар арасындағы қарым-қатынаста үстемдік ету» - деген анықтама берілген [5].

Ғылыми әдебиеттерде лидерліктің бірқатар түрлері қарастырылған. Атап айтсақ, олар: транзакциялық лидерлік, этикалық лидерлік, көреген лидерлік, трансформациялық лидерлік, супер лидерлік, мәдени лидерлік, харизматикалық лидерлік, ұстамды лидерлік, демократиялық лидерлік, либерал лидерлік және т.б. жатады.

Біз осы мақаламызда харизматикалық лидерге тоқталып өтуді жөн көрдік. «Харизма» түсінігі ежелгі грек мифологиясынан бастау алады – өзіңе назар аудару дегенді білдіреді. Харизма – (грек тілінен charisma - шапағаттылық, құдай берген дарын) – аса дарындылық; қандай да бір тұлғаның қисынмен түсіндіруге келмейтін, айналасындағыларға қатты ықпал ету, әсер ету мүмкіндігі. Бұл ұғымды әлеуметтік-саяси ғылымға енгізген ғалымдар Э.Трельч (1865-1923жж.) және М. Вебер (1864-1920жж.) болып табылады. Олар осы ұғымды үстемдік ете алу тұрғысынан қарастырады. 

М.Вебердің пікірінше, харизматикалық үстемдік – айтқанын екі еткізбейтін, еріксіз көндіретін, ерікті түрде бағындыратын, харизматикалық билеуші тұлғасы дегенді білдіреді. Демек, «Харизма дегеніміз басқаларға қол жетімсіз, ерекше күшке және қасиетке тән құдырет ретінде бағаланатын жеке тұлғаның қасиеті» [6] деп анықталады. Олай болса, харизматикалық лидер түсінігінде «харизма» – жеке даралық тартымдылығы сипатымен жағымды көрінетін лидердің мінез-құлық сипаттамалары мен өзіндік сапаларының жиынтығы; лидерлік ықпалдың ерекше формасын атайды.

Осыған байланысты біз харизматикалық лидер деп, өзінің соңынан топты ерте алатын, адамдарға ықпалы бар бірегей қабілеттілік пен ерекше қасиетке ие адамды түсінеміз. Өзінің жеке тұлғалық ерекшеліктеріне қарай ізбасарларының ішкі жан дүниесіне күшті әсер ете алатын, мінсіз болашақты болжай білетін, оған жол нұсқай алатын лидер харизматикалық лидер деп есептеледі және лидердің харизматикалық сипаттамалары тұрғысынан алдын ала болжау стратегиясы мен ізбасарларды мотивациялық шабыттандыра алуы саналады. Харизматикалық лидер адамдардың сеніміне ене алады және өздерінің даралық бірегейлігі мен күші арқылы құндылықтарын қабылдатуға қозғаушы болады.



Сол себепті, харизматикалық  лидердің мынадай сипаттары болуы тиіс:

- тұлғаның өзге адамдарға әсерін тигізе алу қабілеттілігі, «қуаттылық шашу» және онымен басқаларды қуаттандыру;

- «жаулап алушы»;

- «тәуелсіз мінез»;

- «жақсы риторикалық және әртістік қабілеттілік». Олар айқын сөйлеу және тұлғааралық қарым-қатынас жасаудың өте жоғары қабілеттілігіне ие;

- «өзіне сенімді және өзін лайықты ұстай алу». Олар жинақы және жағдаятты бақылай алатын адам тұрғысынан әсер қалдырады [8].



Сонымен, харизматикалық адам – өзін тыңдата отырып, өзіне сендіре алатын, артынан көптеген жұртты ерте алатын адам [7]. Тарихта харизматикалық тұлғалардың ішінде әлемдік діндердің негіздеушілерінің бірі болып Шыңғысхан немесе Наполеонды айтуымызға болады. ХХ ғасырдағы қайтаркерлер арасында –Муссолини, Ленин, Троцкий, Ганди және Мартин Лютер Кингтер танылады. Өйткені Харизма қасиеті қызмет түрінен талап етілмейді. Қылмыскер де, әулие де харизматикалық лидер бола алады.

Алайда біздің қоғамда ізгілікті, игілікті, лидерлердің басым болу қажеттілігі күллі балалар мен жастарды гуманды лидерлікке тарту мәселесін көкейкестендіре түседі.

Осыған байланысты біз түркі ғұлама ойшылдарының харизматикалық лидер туралы ой пікірлеріне мән бердік. Қазақ халқының өзіне тән қайталанбас тәлім-тәрбиесінің қалыптасуына ертедегі түркі мәдениетінің алатын орны зор екені мәлім. Қоғамның молшылыққа кенеліп бақытты өмір сүруіне ықпал ететін факторларының бірі ұрпақ тәрбиесі деп түсінген түркі бабаларымыз сан ғасырлар бойы өздерінің тәлім-тәрбиелік құндылықтарын жасаған, нәтижесінде бүгінгі түркі тілдес халықтардың тағылымдық мұраларының дамуына негіз бола білді.

Олар лидердің харизматикалық бейнесін мінсіз адам, парасатты адам, кемел адам тұрғысынан сипаттайды. Атап айтсақ әлемдегі екінші ұстаз атанған Әл-Фараби өзінің «Философиялық-әлеуметтік трактатында» мынадай тұжырымдар мен қағидалар ұсынады: ешбір жанға бағынбайтын басшы адамның (харизматикалық лидердің) бойында туа біткен он екі қасиет ұштастыра жетілуі қажеттігін көрсетеді. Олар:

- адамның мүшелері мүлде мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелердің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек, сонда осы адам әлде бір мүшесінің жәрдемімен әлденедей бір істі істемек болса, ол мұны оп-оңай атқаратын болады;

- жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысындай және істің жай-жапсарына сәйкес ұғып алатын болуы керек;

- өзі түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында сақтай алатын, бұлардан ешнәрсені ұмытпайтын болуы қажет;

- әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт;

- өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан анық айтып бере алатын тілмар болуы шарт;

- өнер-білімге құштар болу, ақыл үйренуден шаршап шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болу керек;

- тағамға, ішімдік ішуге келгенде қанағатшыл болуы керек, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа

жирене қарауы шарт;

- шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көру керек, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт;

- оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуға тиіс;

- дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да төл нәрселеріне жирене қарап, жаратылысынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты және осылардың иелерін жек көретін болуы керек, жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып, жұртты әділдікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білгенінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет;

- әділ болуы шарт, бірақ қыңыр болмауы керек, әділеттілік алдында қияс мінез көрсетіп қасарыспау керек;

- әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүлдем рақымсыз болуы шарт, өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанша шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек делінген [9].

Өз заманында сан алуан ғылым салаларын меңгерген ғұлама ақын Жүсіп Баласағұни өзінің еңбегінде, харизматикалық лидерді парасатты адам тұрғысынан қарастырып, оның бойында мынадай сапалар қамтылуы тиіс деп, санайды:

- әділдік;

- ақыл;


- білім;

- зеректік;

- бақыт;

- қанағат.

Ал Қ.А.Иассауи болса, лидерді кемел адам ретінде қарастырып, оның бойындағы тұлғалық сапасын мына төмендегі ретпен жіктейді:

- туралық;

- адалдық;

- еңбекқор;

- қиындыққа төзе білу;

- ақиқатты іздеу (шыншыл болу);

- білім-ілімге құмар болу;

- имандылық [10].



Ахмед Иүгінеки  “һибуат-ул-хақаиқ” (“Ақиқат сыйы”) деп аталатын дидактикалық өлеңдер жинағында лидерге тән тұлғалық сапаларға мән береді. Олардың қатарында мыналарды атайды:

- білімділік;

- кішіпейілділік;

- сабырлылық;

- адалдық;

- жомарттық;

- қарапайымдылық.



Махмұд Қашқари әйгілі «Диуану лұғат-ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбегінде адамның бойынан табылуы тиіс бірнеше лидерлік қасиеттерге мән береді:

- білімді болу;

- жүректілік;

- әділдік;

- кішіпейілділік;

- сүйкімділік;

- әдептілік;

- үлкенді құрметтеу;



- сөзінде тұру.

Жоғарыда аталған түркі ойшылдары, Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иассауи, Ахмед Иүгінеки, Махмуд Қашқаридың харизматикалық лидерге тән айтылған ойларында олардың бірінші кезекте гуманды адам болуына аса мән беріледі. Өйткені, олардың әрбірі харизматикалық лидердің игілікті де ізгіліктігіне, жақсылық жасау мен игі істерге құштарлығына, әділдігі мен шыншылдығына, қайсарлығы мен батылдығына, жамандық пен жауыздықтан аулақ болуына баса назар аударады, бұл біріншіден. Екіншіден олардың осы мәселеге байланысты ой-пікірлері ұштасып жатыр, атап айтқанда олар харизматикалық лидерге берген сипаттамаларында бірдей сапаларды атайтындығын жоққа шығаруға болмайды. Атап айтқанда әділдік, ақылдылық, білімділік, зеректік, қанағатшылдық, кішіпейілділік сияқты лидерлік сапалар жоғарыда аталған түркі ғұламаларының барлығының да сипаттамаларында көрініс тапқан. Осы ғұламалардың арасынан Қ.А.Иассауи аталып өткен сапалардан басқа еңбекқорлық, имандылық, төзімділікке мән берсе, Ахмед Иүгінеки   сабырлылық, жомарттық, қарапайымдылыққа көңіл аударады, ал М.Қашқари сүйкімділік, әдептілік, жүректілік, сыйластық, бірсөзділік сапаларымен олардың ойларын толықтыра түседі.

Жоғарыда аталып өткен Түркі ғұламаларының арасынан әл-Фараби харизматикалық лидерді тереңірек қарастырған. Өйткені ол харизматикалық лидердің сапасын сипаттау барысында оның атап өткен қасиеттерден басқа да денсаулығына, жете ұғынуына, жадында сақтай білуіне, тілмарлығына, аңғарымпаздығына, шешімпаздығына, батылдылығына, сауыққұмарлықтан аулақ болуына терең тоқталады. Біздің тұжырымдауымызша осы көрсетілгендер харизматикалық лидерлікке тән тауып айтылған, бүгінде құнын жоймаған сапалар болып табылады. Олай дейтініміз адам мәселенің мән жайын жете ұғынғанда ғана ол туралы дұрыс, әділ, тура шешім қабылдай алады, жадында сақтау қабілетінің жоғары болуы оның әрбір іс-әрекетінін алдын ала болжай алуға септігін тигізеді. Лидердің шешендігі оның адамдарды, бірқатар топтарды, қауымды, қоғамды сендіре алуына, артынан ерте алуына көмектеседі. Аңғарымпаздығы мен шешімпаздығы қажет жерде тығырықтан, қиындықтан шыға алуына, адамға, елге ықпал ете алуына себеп болады. Сол себепті түркі ғұламаларының еңбектерінде қарастырылған харизматикалық лидер туралы ой-пікірлер бірін бірі толықтыра түседі, бірінің ойын бірі жоққа шығармайды, керісінше сабақтай түседі.

Болашақта біздің ортамызда игілікті де ізгілікті лидерлердің басым болуы үшін, бала бойында туа біткен лидерлік қасиеттері мен қабілеттерін дамытып қана қоймай, бүгінгі жалпыбілімберетін мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім алушылардың жоғарыда аталғандай лидерлік сапаларын дамыту қажет. Оның үстіне қазіргі қоғамның даму ағымына сәйкес және мемлекеттің әлемдік озық отыз елдің қатарына енуі жағдайында лидерлердің бойында көшбасшылық, бәсекеге қабілеттілік, көптілділік, қырағылық және т.б. сапалардың болуы қажет етіледі. Олай болса, бүгінгі таңда балалар мен жастардың лидерлік қабілеттерін, қасиеттерін, сапаларын, әлеуетін дамыту мәселесін зерттеп, зерделеп қана қоймай, оны тәжірибеге ендіру кезек күттірмейтін мәселе болып табылады. Осы тұрғыдағы зерттеулерде түркі ғұламаларының ой-пікірлері мен тұжырымдарының негізге алынуы сөзсіз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы-Астана, 2012.

  2. Қазақстан Республикасында білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығы.

  3. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: педагогика және психология. – Алматы. Мектеп баспасы, 2002. - 254 б.

  4. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: педагогика //Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: "ЭКО" ҒӨФ, 2006. - 482 б.

  5. Философиялық сөздік / Редкол: Р.Н. Нұрғалиев, Ғ.Ғ. Ақмамбетов, Ж.М. Әбділдин және т.б. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1996. -374 б.

  6.  Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007.

  7.  Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: "Сөздік-Словарь", 2006. - 384 бет. 

  8. Gunther M. Charisma //Jomal of Communication, 1979.- Vol.29. P. 2 - 54.

  9. Кубесов А. Әль-Фараби. – Алматы:Жазушы, 1971. -171 б.

  10. Баймуханбетов Б.М. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің лидерлік сапасын қалыптастыру. Философия докт. (PhD) ғыл. дисс: Алматы, 2014.


Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет