Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті



бет5/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,71 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

Қазақ мемлекетінің нығайып, территориясын көршілерінің мойындауы Тәуке ханның кезінде одан ары жалғастырылды. Оның көрші мемлекеттермен, солардың ішінде Ресей патшалығымен, Орталық Азия елдерімен өзара тиімді қатынастары хандықтың іргесін нығайтып, жерінің тұтастығын қамтамасыз етті. ХІХ ғасырдың басындағы белгілі орыс ғалымы Г.Спасскидің жазуынша: “ ... Тәуке ханның кезінде ... халық арасын­да тыныштық пен сабырлылық орнады”. [12]. Міне осылай ол “қазақ руларының қоныстарын сырттан басып кіруден қауіпсіздендірді.”[13].

Алайда ХҮІІІ ғасырдың басы Қазақ мемлекетінің тарихындағы сынды кезең болып табылады. 1718 жылы Тәуке қайтыс болғаннан кейінгі ішкі-сыртқы қайшылықтардың күшеюі салдарынан қазақ қоғамындағы орын алған жікке бөлінушілік одан ары тереңдеп, қазақ хандығының тұтастығы бұзылды. Қолайлы сәтті өздерінің мүдделеріне сай пайдаланып қалуға тырысқан хандықпен көрші жатқан елдердің барлығы қазақ жерінен үлестерін алуға ұмтылды. Мұндай мақсаттағы қимылдар әсіресе Ресей патшалығы, Цинь империясы мен Жоңғар хандықтары тараптарынан күшейе түсті.

Осындай қысыл-таяң елдің бірлігін қамтамасыз ету, территориясын сақтап қалудағы Абылай ханның қызметі ерекше болды. Шоқан Уәлихановтың жазғанындай: “... Абылай ғасыры қырғыз рыцарлығының ғасыры болып табылады” [14].

Ол өзінің дипломатиялық басқару шеберлігі арқасында ХҮІІІ ғасырдың соңына дейінгі Ресей империясы, Қытаймен арадағы қатынасты қазақ елінің мүдесіне сай реттей білді. Жоңғар нояны Әмірсананы өз мақсатына шебер пайдаланды. Осылардың ішіндегі ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысының басындағы Цинь империясы тарапынан қазақ жеріне төнген ашық агрессияға қаймықпай қарсы тұрып, біріккен қазақ әскерлерінің басы бола білді. Біріккен қазақ сарбаздары күші басым қытай армиясына бірнеше рет ойсырата соққы беріп, олардың жоспарларын орындатпады. Жерін қорғаған қазақтардың батырлықтары және де Абылайдың осы мерзімдегі Рееймен арадағы қатынасының ықпалынан саябырсыған Қытай басшылығы соғыс қимылдарын тоқтатып, бейбіт келісімдерге келуге мәжбүр болды. Бұл оқиғалардың сипаты туралы тарихи деректерде: “1760 жылы қазақтар Тарбағатай облысы мен Ертістің жоғары ағысындағы өздерінің жайлымдықтарын кеңейтті. Цинь үкіметі қазақтардың Жоңғария территориясына одан ары орналасуына қарсы болды, алайда олардың әрекеттері сәтсіздікке ұшырады, және қазақ малшылары өздерінің көштерін одан ары жалғастырды. Циньдік Жоңғария территориясындағы жайылымдық қыстық тұрақ ретінде пайдаланылды, және қазақ көшпенділері қытай-ресей шекарасынан өтуді жалғастырып келді. 1760 жылдан қазақ көшпенділері Тарбағатай және Алтай облыстарын игере отыра алға қарай жылжи түсті. ... Осы уақытта үкімет (Қытай үкіметі,-Ғ.Қ.) қазақтарды Цинь империясы басқарып отырған территорияға (Жоңғарлар басып алған бұрынғы қазақ жеріне,-Ғ.Қ.) кіргізбеуге ұмтылды. Жоңғар шекарасы бойымен жаңадан қойылған бекеттер қазақ көшпенділерін Цинь иеліктеріне енулерін болғызбауға әрекет етті. Алайда 1760 жылдары Цинь үкіметі қазақтардың өз территориясындағы қыстық жайылымдықтарды пайдалануға рұқсат беруге мәжбүр болды,”[15]-деп баяндалған.

Абылайдың дипломатиялық саясаты мен табанды іс-қимылына орай ресейлік әкімшілік –териториялық басқару жүйесі Қазақстанға таратылмады. Аталған мерзімдегі патшалық империяның қазақ жеріне деген іс-әрекеті негізінен Абылаймен келісім арқылы жүзеге асырылп келді.

Осы мазмұндағы ХІХ ғасыр соңындағы ресейлік тарихи деректерде баяндалатынындай: “Орта жүздің ханы – Абылай ерекше тұлға болып табылады. Ол көршілері Ресей, Қытай, Жоңғариямен көреген саясат жүргізді. Абылай өз қызметінде тәуелсіздік әрекет жасап, оның барлық мақсаты қырғыз халқының саяси бостандығын қамтамасыз ету болды”[11].

Ресей империясының отарлау саясаты негізінде ХІХ ғасырдың басынан басқарудың жаңа әкімшілік-территориялық жүйесіне көшіріле бастаған қазақ жерінің тұтастығын, халқының дәстүрлі билік жүйесін сақтап қалу, болмаса отарлықтан азат болу жолындағы Кенесары бастаған азаттық соғысының ұлтымыздың тарихындағы орны ерекше. Өзі бастаған күрестің талаптарын ол император Николай І-ге: “Бізде менің атам Абылайдың кезінде халық арасында тыныштық пен сабырлылық орнады және оны ешкім бұзған жоқ. Екі иелік аралығында осындай бейбітшілік бұзылмастан, өзара сауда іске асырылды.... Екі арадағы бұрынғы қалыптасқан бейбіт келісімді бұза отыра ... сіздің адамдар бүкіл қырғыз халқы Ресей империясы құрамына енді деп жалған айта отыра менің қайтыс болған атам Абылайға тиесілі жерлерде сегіз диван ашты. Бұл біздің халқымыз үшін үлкен қасірет. ... Сондықтан біздің бүкіл қырғыз халқының қысымшылық көрмес үшін және бейбіт өмір сүруі мақсатымен мен сізден ... оларды бұрынғы қалпында қалдыруды, біздің даладағы сегіз округтық диванды және тағы да басқа құрылымдарды жоюды сұраймын,”- [16] деген нақты ұсыныстармен білдіреді. Бірақ та оның талаптары орындалмады. Сондықтан да ол халқының тілегі одан ары қарулы күреспен жалғастырды.

ХІХ ғасырдың соңындағы белгілі орыс өлкетанушысы Н.Я.Коншин: “Ол жеке басында асқан батыл,ерік жігерлі, сонымен бірге ерекше тапқыр саясаткер болды”,- [17]деп жазды. Міне осылай Кенесары:“Ресейдің отарында болған қырғыз (қазақ,- Ғ.Қ.) халқына бұрынғы саяси бостандығын, өткендегі ұлылығы мен тәуелсіздігін қайтарып беруді мақсат етті”[11].

Алайда бұл азаттық соғысы өзінің мақсатына жете алмады. Солай болғанмен де патшалық билік оның сабақтарын саралап, қазақ даласын жылдам отарлап, жерін әкімшілік-құқықтық тұрғыдағы империяның ажырамас аймағы етуге белсене кірісті. Болашақ осындай көтерілістерді болдырмаудың шараларын жасады. Бүкіл қазақ жеріндегі осы қозғалысқа қатысушыларды қатал жазалады. Осы мерзімнен қазақ жерін орыстандыру белең алды. Жер-су атаулары толығымен өзгертіле бастады.

ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы азаттық қозғалысын бастаушы Алаш жетекшілері елінің бостандығы мен теңдігі жолындағы күрестің бейбіт жолын таңдады. Қазақстанның жаңарған, демократиялық Ресей республикасы құрамындағы автономилық мемлекеттігін алуының жоспарын жасады.

Алаштықтар алдарына қойған мақсаттарына жетуді қазақ жұртының тарихи территориясын айқындау ісінен бастауды көздеді. Олардың тұжырымынша автономиялы Қазақ Республикасының құрамына: “ ... қазақ тұрғындары бар барлық аудандар: Бөкей Ордасы, Торғай, Ақмола, Семей облыстары, Маңғышлақ уезі және Закаспий облысы Красновод уезінің 4 және 5 болыстықтары, Сырдария мен Жетісу облыстары, Самарқанд пен Ферғана облыстарының бөліктері және Алтай губерниясының оңтүстік болыстықтары енетіндігі көрсетіледі. Астанасы ретінде Алаш қаласы деп атау арқылы Семей облысының Зареченск слободасын (қазіргі Жаңа Семей) жариялады. Алашордашылардың автономияның территориясы мен шекаралары туралы жоспарлары осындай болды”[18]

Бірақ одан кейінгі Ресейдің ішіндегі орын алған қарулы қақтығыстарға, азамат соғысына дейін жалғасқан саяси шиеленіс олардың бұл қадамдарын жүзеге асыртпады.

Халқымыздың тарихи территориясын айқындау жоғарыдағы аталған оқиғалардың барысында өмірге келген РКФСР құрамындағы автономиялық кеңестік Қазақстанның негізделуі кезінде қолға алынды. Бұл тарихи шараны жүзеге асыруға Алаш қозғалысы басшыларымен қатар ұлтының болашақ дамуын аңсаған большевиктік қазақ жетекшілері де белсене араласты. Ұзақ анықтаулардан, талқылаулардан кейін Лениннің қолдауымен Қазақ АКСР-нің территориясы белгіленіп, бекітілуі қамтамасыз етілді. Оған тарихи қазақ жерлері түгелге дейін қосылды. Қазақ АКСР-і осы территориясымен құқықтары ұлғайтылған КСРО құрамындағы одақтас республикаға айналды.

Қазақ жерінің тұтастығына қауіп ХХ ғасырдың ортасындағы Н.С. Хрущевтың КОКП Орталық Комитетінің біріші хатшысы, КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы мідеттерін атқарған жылдарда төнді. Білімі жетімсіз, саяси сауаты төмен, дөрекі де ашушаң, өлшеусіз зор билікке ие болған ол өзінің алдына қойған мақсатына жетуде халықаралық және мемлекет ішілік саяси, шаруашылықтық сәйкессіздіктерді тудыратын волюнтаристік шараларға бой ұрды.

Осылардың қатарында Кеңес Одағының террриториясын ешкіммен ақылдаспай бөлшектеуге кірісті. Ал мұның өзі оның Кеңес Одағы халықтарының тарихын білмейтіндігін, істерінің арты терең ұлтаралық шиеленістерге апаратындығын ұққысы келмейтіндігін көрсетіп берді.

Оның одақтас республикалардың территорияларын өзгертуге арналған арандатуларына тарихи қазақ жері де іліккендігі белгілі. Хрущев өзінің Қазақстанға келген әр сапарларында республиканың жерін көршілері арқылы өзгертуге әрекет жасай бастады.

Алайда оның осындай әпербақан талаптарына сол мерзімдегі Қазақ КСР басшылығы өкілдері батыл тойтарыс бере білді. Бір ескерте кететіні Хрущевтың Қазақстан территориясына арналған осындай әрекеттері мен талаптары ресми құжаттарда тіркелмеген. Стенографиялық есептер жүргізілмеген. Мұның өзінен бұл істі қоғамнан жасырын, құпия түрде және жедел атқару мақсатталғандығын білуге болады. Алайда Мәскеудің осы жоспары қазақ қауымы арасында белгілі болып, оған наразы болушылардың саны артқандығы белгілі. Осылардың қатарында Д.А.Қонаевтың хрущевтік билік тарапынан еліміздің тарихи территориясын бөлшектеу әрекетіне қаймықпастан наразылық білдіргендігі туралы деректер бар. “Тағыда бір,-деп жазады Д.А.Қонаев,- келіспеушілік туралы айтқым келеді. Біздің бір кездесуімізде Хрущев Маңғышлақ жарты аралын Түркіменияға берудің қажет екендігін мәлімдеді. Өзінің ұсынысын ол түркімендер Маңғышлақтың байлығын тез игереді. Түркімендерде шөл, жартылай шөл аймақтарда жұмыс істеуге бай тәжірибе қалыптасқан және олардың мықты геологиялық-зерттеу ұйымдары бар-мыс. Мен бірден қарсы шықтым”[19].

Н.С.Хрущевтың Қазақстанның жерін басқаларға үлестіру туралы келесі талабын Д.А.Қонаевтың жазушы Хамит Ерғалиевпен кездесуіндегі: “Хрущев тың өлкесіне келген сапарларының бірінде үлкен жиыннан кейінгі дастархан басында отырып, қызара бөртіп алды да: “Димаш ,-депті,- мына Юсупов айтып жүрген әңгіме менің миыма қонып тұр. Тегінде, соны алдағы алпыс бесінші жылы заңдастыратын шығармыз”.

Димекең ол әңгімеден хабарсыз екенін айтса керек. “Ендеше хабардар болыңыз”, -депті де “бас-аяғы далиып жатқан Қазақстанды республика орталығынан басқару қияметтен де қиын”екеніне сендірмек болыпты. Сонда не істеу керектігін тақсырыңыз былайша таратып айтыпты: ... осының алдында ғана құрылған Талдықорған облысын түгелдей, Жамбыл облысының шығыс жақ бөлігін өзіне қосып алған Алматы облысы –Қазақ республикасының құрамындағы ұйғыр автономиясына айналады. Алматы қаласы соның орталығы болатын себепті, Қазақстан астанасы Қарағандыға көшіріледі. “Зілзаладан көз ашқысыз ” өзбек жерінде астана болуға қолайлы жер жоқтығы себепті Шымкент соған берілсе, облыс түгелімен көршіге көшеді. Мұнай кәсіпшілігін бір жерге шоғырландырмақ үшін, Маңғыстау түбегі Түркіменге беріледі.”[20] - деген әңгімесі бізге жеткізеді. алулары толығымен айқындайды. Одан арғы Д.А.Қонаевтың батыл жауабы Хрущевтың бұл әмірін де іске асыртпады..

Хрущевтың тың игеруді сылтауратып, мыңдаған жылдар бойғы халқымыздың төл қоныстарына айналған Қазақстанның солтүстік облыстарын РКФСР-дің құрамына қосу туралы күштеуіне сол мерзімдегі ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Жұмабек Ташенев үзілді-кесілді тойтарыс берді. “Кешкі сағат он кезінде,- деп еске алады ол,- менің бөлмеме Д.А.Қонаев (сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы) телефон шалып, Н.С.Хрущевтің екеумізді шақырып жатқандығын айтты. Бұрын кездескенде жылы шырай көрсететін мәскеулік бастық жүзінен бұл жолы қатаңдық байқалады. Сөзін бастағаннан-ақ:- Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының жан-жақты дәрежеге жетуінің негізгі себебі, Кеңес үкіметі мен Ұлы партиямыздың көрегендік саясатының арқасында екендігін көпшілік білсе де, әлі күнге дейін соған дұрыс мән бермейтіндер жоқ емес,-деп сөзін бір түйді. Соңғы кезде Саяси Бюро мәжілісінде Қазақстанның саяси-экономикалық мә»селелері сөз болғанда, бұл республиканың алға дамуына кедергі келтіріп отырған түрлі себептер бар екендігі айтылып отырады. Солардың ең бастысы –республиканы басқарып отырған кадрлардың қазіргі талапқа сай келмей отырғандығы және өзге республикаларға қарағанда жер аумағының өте кеңдігі, ал өндіріс салаларының өте көптігі дер едім.,- деп тағы түйді. Ал енді осы жағдайларды ескере келіп, Саяси Бюроджағы келісіми бойынша осы кедергіні де тез арада шешпейінше, республика алға жылжи алмайды. Кадр мәселесін кейінрек қарауға тиіспіз, қазір кезектегі және жедел шешетін мәселе- республиканың жер көлемі жайында болып отыр. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар негізінен қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын,-деді.Мәймөңкені білмейтін басым:-Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын,-дедім. Менің сөзімді естісімен-ақ, бастықтың беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, маған жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалды.

Сәлден кейін: -Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік; ал сенің айтып отырғаның мынау; әрі-беріден соң бұл мәселені сендерсіз-ақшешеміз; қай жерді қай республиканың меншігіне беру-КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі.Бұл жай пікір алысу еді,-деп реңінен ашуының қайтқаны білінді. Сонысын пайдаланып, халқымыздың “шешінген судан тайынбас” дегені есіме түсіп, пікірімді жалғастырдым:-Никита Сергеевич,-дедім,-егер Жоғары Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарсыз шеше беретін болса, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқығы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқығы жоқ,-деп ойымда жүрген Ата Заңымызда жазылған баптардағы тұжырымды айттым. Сөзімді жалғастырып:-Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден тайынбаймыз, ондай құқығымыз бар,-деп айттым. Далаға шыққан соң, Д.А.Қонаев:-Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау дейді”.[21]

Қазақстан басшылығы тарапынан қарсы дәледеулерді күтпеген Хрущев райынан қайтуға мәжбүр болады. Біраз уақыттан кейін оның өзі барша абыройынан айырылып, қызметінен кетуге мәжбүр болды. Егер де Хрущевтің осы айтқандары орындалғанда Қазақстанның қазіргісі мен болашағының қандай болатындығын елестету қиын болар еді.

Яғни, Д.Қонаев, Ж.Ташенев сияқты елінің келешегін ойлаған халқының адал ұлдарының бұл батыл қимылдары Коммунистік Кеңес басшылығының Қазақстан, тіпті Одақ құрамындағы басқа республикалар есебінен Орталықтың мүддесіне сай территорияларды өзгерту әрекеттеріне тоқтау салды деп нық айтуға болады.

Халық композиторы Е.Рахмадиевтің еске алуындағы: “ХХ ғасырдың 50-жылдарында Қазақстандағы тың өлкесіне келген Хрущевтың: “Ресей патшасының екі ғасыр орындай алмағандығын мен екі жылда ғана жүзеге асырдым”[22.] деген мәлімдемесі хрущевтық шовинистік саясаттың алдына қойған түпкі мақсатын аша түсетіндігі айғақ.

Осындай дүмше саясаттан шыға алмаған брежневтік билік мерзіміндегі Қазақстан территориясында неміс автономиясын ашу туралы Мәскеудің қимылы да қазақ халқының бірден наразылығына орай қағаз жүзінде ғана қалды.

Елінің бірлігі, жерінің ажырамастығына деген беріктігін көрсеткен қазақ жұрты тура осы уақыттағы Қазақ Кеңестік Республикасының жетекшісі Н.Ә.Назарбаев бас бола отыра Кеңес Одағы тарар кездегі кейбір мәскеулік шолақ саясаткерлер, ұлы державалық пиғылдағы ұлтшылдар тарапынан айтылған арандатуларды да дәлелді де байсалды ұстанымдармен тоқтата білді.

1991 жылдың соңындағы осындай жағдайда қазақ халқы тарихи жерінің тұтастығы негізінде егемендікке қол жеткізді. Осы мерзімнен Тәуелсіз Ел ретінде әлемдік қауымдастыққа енген іргесін тіккен Қазақстанның шекарасын белгілеп, халықаралық құқық негізінде заңдастыру мемлекеттілік қажеттілікке айналды. Осылардың қатарындағы ең маңыздысы еліміздің бостандығын алғанға дейінгі мерзімде Ресей империясына күшпен қосылып, осы мемлекеттің одан кейін Кеңес Одағының ажырамас аймағы ретінде танылған, отарлаушылардың мүддесіне орай үнемі бұзылып келген тарихи территориямызды ажыратып алу, бүгінгі Ресей Федерациясымен арадағы шекараны мақұлдасу, оны халықаралық қауымдастық тарапынан заңдастыру күн тәртібіне қойылды. Тәуелсіз Қазақстанның келесі тарихи көршісі Қытаймен арадағы шекараны мемлекеттер аралдық тұрғыда қалыптастыру де өзінің орындалу мерзімін күтті.

“КСРО тарағаннан кейінгі алғашқы уақыттан - ақ Қазақстанның Ресейлік бодандық пен Кеңес Одағы құрамында бірге болып, осы уақыттарда территориялары империялық мүддеге сай қазақ жері есебінен өзгертіліп келген Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекараны анықтайтын мәселелер де бірден туындады. Міне осылай, тура осы мерзімдегі Елбасының жоғарыдағы аталған елдермен жүргізген сыртқы саясатының басты бағыты да аталған күрделі мәселелерді бейбіт жолмен түбегейлі және де әділетті тұрғыда шешуге арналды. Нәтижесінде қысқа мерзімде Қазақстан Республикасының көрші мемлекеттермен, соның ішінде Қытай, Ресеймен арадағы шекаралары толығымен танылды.

Мемлекетіміздің Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей: “1994 жылы премьер Ли Пэннің Қазақстанға келген сапарында, екі елдің арасындағы шекараны заңдастырып, үлгеріп, тиісті келісімге қол қойдық. ... 1995 жылдың қыркүйегіндегі бұл елге барып қайтқан үш күндік сапар үстіндегі соңғы жолығысу өте ерекше болды. ... Қазақстан мен ҚХР арасындағы Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі грамоталар алмасу протоколына қол қойылды.

1998 жылдың 12 қазанында Ресей Пре­зиденті Борис Ельциннің мемлекеттік сапары бары­сында Қазақстан мен Ресейдің 1999 жылдан Қазақ­стан Республикасы мен Республикасы мен Ресей Федерациясы арасын­дағы шекараны анықтауды белгілеген Хаттамаға қол қойылды.

Осы қатынастың қорытындысындай (2005 жылдың,-Ғ.Қ.) 18 қаңтарында Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды, нәтижесінде әлемдегі ең ұзақ шекара құқықтық негізде бекітілді.

1998 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республи­касы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мем­ле­кеттік шекараны анықтау туралы меморандумға қол қойылды”. Өзбекстанмен арадағы шекара да екі елдің тарихи мүдделеріне сай реттелді. Қорытындысында:

- Үнемі даулы сипат алып, ұзақ жылдар бойы, әсіресе ХХ ғасырдың 90-жылдарының басынан екі халық арасындағы қалыптасқан достық пен ұғыныстыққа қаяу түсіріп, мемлекеттер қатынасын күрделендірген Қазақстан мен Ресей арасындағы территория мәселесі де қазақ халқының ұзақ дәуірден қалыптасқан ата қонысының негізінде түбегейлі анықталып, екі мемлекет шекаралары достық пен ұғыныстықтың орнына айналып отыр;

- Ғасырлар бойы, соның ішінде Қазақ хандығы кезінде танылмай, одан кейінгі мерзімдегі қазақ жері құрамында болған Ресей патшалығы және Кеңес Одағымен арадағы жиі орын алған араздықтар, тіпті қарулы қақтығыстардың ошағына айналған Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараны белгілеу қазіргі күні толығымен және түпкілікті біздің халқымыздың мүддесіне сай қорытындысын тапты;

- Тарихи тамырлас ұлттар арасындағы орын алып келген түсініспестіктердің екі жақты қанағаттанушылық тұрғысындағы жауабы табылып, Өзбекстанмен арадағы шекара мәселесі де өзара әділдік нәтижесінде айқындалды.

- Қырғызстанмен екі арадағы қазіргі күнгі шекара туыстас қос халық арасындағы ынтымақтастық, тарихи тамырластық, ұғыныстықтың белгісіне айналып, екі халықтың одан ары экономикалық, мәдени, салттық, тұрғыдағы араласуына мүмкіндік беріп отыр.

Яғни, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев тарапынан халқымыздың ғасырлар бойы жерінің тұтастығын қамтамасыз ету жолындағы барша ұмтылысы мен арманы қысқа мерзімде және де бейбіт, дипломатиялық келісім жолымен іске аырылды. Осының арқасында қазіргі күні мемлекетіміздің территориясы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды. Осы тұрғыда Н.Ә.Назарбаев: “Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді,”-деп көрсетті. Міне осылай ата-бабаларымыздан бізге мұра болып қалған кең –байтақ жеріміз толығымен қалпына келтірілді[23].

Өйткені “Мемлекеттік шекара туралы келісімдердің барлығында Қазақстанның ұлттық мүддесі толығымен ескерілді”[24]

Міне осылай, мыңдаған жылдар бойы негізделген Қазақ Елінің тарихи территориясы алғаш рет халықаралық құқық негізінде толығымен заңдастырылды. Ал бұл істің басында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың болғандығы баршамызға белгілі.

Сондықтан да ата-бабалары қалпына келтірілуін армандап, күресіп өткен, осы асқақ ниет ХХІ ғасырдың басында толығымен іске асырылған Қазақстанның кең-байтақ бүгінгі территориясын сақтай отыра “Мәңгілік Елге” айналуды қамтамасыз ету әр қазақстандықтың міндеті екендігі айқындала түседі.


ӘДЕБИЕТТЕР
1. Cааданбеков Ж. Нурсултан Назарбаев: Зако­ны лидерства. - Астана, 2005.- с.485

2. Ирмуханов Б.Б. Этническая история древнего Казахстана. Алматы, 1998, с.43

3. История Казахстана и Центральной Азии: Учеб. пособие /И 90 Абусеитова М.Х. и др.-Алматы: Дайк-Пресс, 2001,- с.20

4. Акинжанов М.А История Казахстана. Курс лекции. Часть І. Алматы, 1995, с.16

5. Гумилев Л.Н. Көне түріктер: көпшілік оқырман қауымға арналған. Алматы. “Білім”, 1994, 4 б

6. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 2-том.-Алматы: “Атамұра”, 2010.- 640 бет

7. Академик Бартольд В.В. Сочинения, Т-ІІ, Часть-2, Москва., 1964, 490 б.,Т-ІІ,Часть-І, Москва., 1963, 82 б

8. Материалы по истории казахских ханств ХҮ-ХҮІІІ веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинении)Алма-Ата.,1969,195 б

9.Дулати М.Х. Тарих и Рашиди.-Алматы: М.Х.Дулати қоғамдық қоры, 2003., 306 б

10. Ремезов С.У. Приложение к чертежной книги Сибири, составленной Тобольским сыном боярским Семеном Ремезовым в 1701 году І. Тексты. ІІ. Указатели.- Спб., 1882. сс. 1-2,3,6,78,9,13-14

11. ГАВКО,Фонд-1070,опись-1,дело-11, л. 7

12.//Сибирский Вестник, издаваемый Григорьем Спасским. 1820 год. Часть девятая. “Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой Орды”. О чиноначалии и правлении киргиз-кайсаков и о произо­шедших в их Ордах разных переменах.-Спб., 1820, с.129-131,132,140

13. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. –Алматы: “Атамұра”, 2010, 98 б

14. Уәлиханов Ш.Ш.Көп томдық шығармалар жинағы /Шоқан Уәлиханов.-Алматы: “Толағай групп”. 2010,т.4, 124 б

15. История Казахстана в западных источниках ХІІ-ХХ в.в. Том ІІІ. Казахи Китая. Очерки по этническому меньшинству (сборник статей). Часть І. /под редакцией Л.Бенсон и И.Сванберга.-Алматы. “Санат”, 2005.- сс.107-108

16. Национально- освободительная борьба казахского народа под предводительством Кенесары Касымова.-Алматы: Гылым, 1996, сс. 120-121

17. Коншин Н.Я. Краткий исторический очерк Семипалатинского края (с ХҮІІІ века до 1917 года) //Наше хозяйство,№1 (14) 1928, 9-10 бб

18.Белан П.С. Границы Казахстана: краткая история формирования. /Под общ. ред. С.Ф.Мажитова/. Алматы: Тарих тағылымы, Алматы., 2008,с.35

19. Кунаев Д.А. О моем времени: воспоминания.-Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011.- c.168

20. Жүз тұңғыш. Жинақ.2-кітап.Құраст.- Бексұлтан Нұржекеұлы.-Алматы: “Жалын баспасы” ЖШС, 2005. 236-237 бб

21.Дүйсен Сейітқали, Еңсенов Қанат. Жұмабек Тәшенев: Ғылыми басылым / Авт. С.Дүйсен, Қ.Еңсенов\ Б.Ғ.Аяғанның ред.-Алматы: “Литера-М” ЖШС,2012, 185-187 бб

22. Алматы, Желтоқсан 1986, екінші кітап, Алматы, 1992, 8б

23. Қарасаев Ғ.М. Тәуелсіз Қазақстанның шекара мәселесі – мемлекет тұтастығының негізі http://e-history.kz/kz/contents/view/1313

24. Интервью Президента Республики Казахстан Н.Назарбаева телеканалам “Казахстан” и “Хабар” 01.01.2005, с.2




ТӘШЕНЕВ – АЛАШТЫҢ АСЫЛ ТҰЛҒАЛАРЫМЕН ҚАТАР АТАЛАТЫН ҰЛДАРЫНЫҢ БІРІ
Каренов Рашит Саттарұлы

Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, э.ғ.д., академик

Қарағанды қ.
Жұмабек Тәшенев кім еді?

Жұмабек Ахметұлы Тәшенев 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Александровка селосында дүниеге келген (бұрынғы Целиноград облысы, Вишнев ауданы, Бабатай ауылы /Танакөл/). Бұл жер Тәшеневтер әулетінің ата-қонысы болған. Тәшеннің азан шақырып қойған аты — Тәшмұхамет. Ол өз ортасында беделі биік, көзі ашық, қадірлі кісі болыпты. Тәшеневтер әулеті Арғынның ішіндегі Қуандық руына жатады. Қуандықтан Алтай, Қарпық, Есен, Қарт, Бөрші, Темеш болса, Тәшеннің арғы атасы Алтайдан өрбитін Қареке (сызбаны қараңыздар).



Жұмабек Тәшеневтің ата-тегі [1; 12]


Тәшен (Тәшмұхамет) әйелі Гүлсім екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Олар: ұлдары – Қасен, Манап, Жұмабек; қыздары – Бидан, Сақыш. Жұмабек Ахметұлының өз кіндігінен төрт ұл, бір қыз өрбіген. Олар: Саян, Саят, Болат, Мұрат, Алма.

Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің энциклопедиялар мен анықтамалықтардағы ресми өмірбаяны мынадай [2 – 4].

Ол Ақмола құрылыс техникумын (1932 жылы), КОКП OK жанындағы жоғары партия мектебін (1955 жылы) бітірген. 1940 жылдан КОКП-ның мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты (1962 жыл).

Еңбек жолын 1934 жылдан бастаған. 1934-1939 жылдар аралығында Бейнетқор аудандық атқару комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. 1939-1943 жылдары Ақмола облысының жер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне көтерілді.

1944-1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары және мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылды. 1947-1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1948-1951 жылдар аралығында осы облыстық атқару комитетінің төрағасы болып бекіді.

1952 жылы Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне келді. Бұл қызметтен 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметіне сайланды. 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағалығына тағайындалды.

Ж. А. Тәшенев Республика басшылығында болған 6 жылда (1955-1961 жылдар) Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басты. Оны мынадай деректермен дәлелдеуге болады. Осы жылдары электроэнергия қуатын өндіру – 2 есе, мұнай қазу – 1,6 есе, көмір қазу – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыштар өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, мал майын шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскенін ескерсек, өнеркәсіп салалары жоғары қарқынмен дамығанын көреміз.

Сол жылдары тың игеруге байланысты, егістік жер көлемі 6 миллионнан 22 миллион гектарға жетті. Ірі қара мал саны 5,5 миллион, қой мен ешкі 28, 5 миллион басқа дейін өсті.

Халық шаруашылығында 125 мың жоғары білімді, 5 мың орта білімді мамандар қызмет етті. Бес жылда 269 мың пәтер салынып, 2,4 миллион адам жаңа тұрғын үйлерге көшті. Халықтың тұрмыстық және мәдени қажеттерін өтейтін көптеген кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылды. 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғылар, 25 музей, 19 облыстық театрлар жұмыс істеп тұрды. Сөйтіп, халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс мәдениеті айтарлықтай жақсарды [5; 117 – 118].

1961-1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1956-1961 жылдары КОКП OK мүшелігіне кандидат және төртінші сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, төртінші-бесінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1949-1961 жылдары Қазақстан КП ОК мүшесі, 1955-1961 жылдары оның бюро мүшесі болды. 1975 жылдан одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер.

Жұмекең 1986 жылы, дүрбелеңді Желтоқсан оқиғасына бір ай қалғанда, 72-ге қараған жасында бақилыққа аттанды. Сүйегі Шымкент қаласында жерленген.

Ұлты үшін ұлан-ғайыр еңбек сіңірген қайтпас қайсар жанның өмірбаяны қысқа қайырғанда осындай.


Жұмабек Тәшеневтің адамгершілік асыл қасиеттері мен

еліне сіңірген ерен еңбегі туралы бірер сөз
40 жасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы, 45 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалған Ж. А. Тәшенев бұл қызметті небәрі бір-ақ жыл ғана атқарды. Ерекше батыл, өз ісіне барынша берілген, жауапкершілігі жоғары, қабілетті қызметкер ретінде тез өскен Жұмабек Ахметұлы неге бұл қызметінен тез босатылды? Кремльге несімен жақпады?

Ж. А. Тәшеневті орнынан түсіруіне мына жағдайлардың ерекше себебі болды.

Біріншіден, бұл Н. С. Хрущевтің қазақ жерін бөлшектеу мақсатындағы қитұрқы саясатымен байланысты оқиға еді. КСРО басшысы Қазақстанның солтүстіктегі бес облысын – Ресейге; Маңғыстау түбегін – Түрікменстанға; оңтүстіктегі мақта егетін аудандарды Өзбекстанға беруді жоспарлады. Осыған байланысты 1960 жылы Н.С. Хрущев Ақмолада кеңес өткізді. Ол Тың өлкесіне біріктірілген бес облысты Ресей Федерациясына ерікті түрде беру туралы мәселе көтерді.

Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А. Бекбосын өзінің естелігінде былайша ой толғайды: «Жұмабек Тәшенев...Бұл кісінің атақ-даңқы елуінші жылдардың аяқ кезінде дүрілдеп, шарықтап барып басылған еді. Ал одан бұрын өзім ол кісіні алғаш рет 57-нің аяқ кезінде ҚазМУ-дың акт залынан көргем-ді. Қазақстан Үкіметінің басшысы бізге, студенттерге арнайы келіп, елдің экономикасы, жоспарлары туралы бір сағаттай лекция оқыған-ды. Дұрысы, ол кісі оқыған жоқ, сан-сапалық цифрлар мен фактілерді, терең-терең талдауларды ешбір қағазсыз-ақ мүдірместен өзінің сәл қатқылдау қуатты даусымен санамызға сіңірген-ді. Оның үстіне шашын қысқалау қидырған, толық аққұба жүзді кісінің бүкіл болмысынан сарқылмас қайрат, мұқалмас сенім сезілгендей еді. Арада біраз уақыт өткен соң: «Тәшенев бір мәселеде Хрущевқа қатты қарсы келгендіктен орнынан алыныпты!» деген хабар дүңк ете түскен. Не мәселеде?.. Ол жөнінде ол кезде ешкім жарытып жақ ашпады ғой. Тек 1964 жылғы 14 қазаннан кейін ақырын-ақырын айтыла бастағаны. Тәшенев Қазақстанның Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар секілді бес бірдей облысын РСФСР-ға қоспақ болған Хрущевтің зымиян жоспарына қасқая қарсы тұрып, елінің тұтастығына қалқан болған екен!..» [6; 9].

Е. Қабылда «Ер Жұмабек елдің шын арысы еді» деген эссесінде былай деп жазады: «Академик Б. Ермұқанов «Сіз бізге қарсы емессіз, сіз өз күйіңізді күйттейсіз» деген мақаласында мынадай тәмсіл келтіреді: Ғұндардың ұлы мемлекетінің іргесін қалаушы Модэге (б.з.д. 209 ж.) дұшпандар келіп, одан сәйгүлік арғымағын беруді талап етіп, сонан соң Ғұндардың аса сүйікті әйелдерінің біреуін алып кетуін емеурінмен білдіреді, ол сұрағандарын береді. Ал олар жердің бір бөлігін алғысы келгенде, ол ашуға булығып: «Жер – елдің тұғыры, оны қалай беремін?» дейді. Ол өзіне жерді беру жөнінде кеңес айтқандардың бәрінің бастарын шауып, жауына тарпа бас салып, оларды талқандаған. Одан әрі мақала авторы мына жайтқа назар аудартады: «...60-жылдардың бас кезінде КОКП-ның Бас хатшысы Хрущев Қазақстанның бес облысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кірген Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы өлкені тікелей орталыққа бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылған кезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. Бағымызға қарай, осы сәтте Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсынысына өжет басшы – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Тәшенев батыл қарсы шықты. Орталық Комитет басшысы Хрущев Тәшеневтен пікірін сұрағанда, ол ашық өз қарсылығын айтты: «Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді. Ойланыңыздар, жолдастар! Мен осындай мәселені шешу түгілі, көтерудің өзіне қарсымын...» дейді. Бұған шамданып қалған Хрущев: «КСРО – біртұтас мемлекет, сондықтан қай республикаға қандай жерді беру керектігін біз сізден, Тәшенев, сұрамай-ақ шеше аламыз!» дегенде, Тәшенев оған қарсы: «Олай болса бұл КСРО Конституциясына қарсы шыққандарыңыз. Ал онда әрбір республиканың аумағы оның бұлжымас меншігі делінген. Егер Конституцияның бұл талабы өрескел бұзылатын болса, біз Халықаралық ұйымдардың араласуын сұрауға хақымыз бар!» дейді тайсалмастан. Оның бұл сөздерін естіп, қатарлас отырған Д. Қонаев өзі Жұмекеңнің батылдығына таңғалғанын жасыра алмай, қонақүйге келе жатып: «Сіздің жүрегіңіз, Жұмеке, адамдікі емес, арыстандікі шығар» деген екен.

Ақыры Одақ басшысының бұл даурықпа дәмегөйлік пиғылы жүзеге аспай қалды» [7; 6 – 7].

Екіншіден, Жұмекең республика басшылығында жүрген кезінде СОКП Орталық Комитетінің екінші хатшысы Ф.Р. Козлов ол кісіге астам сөз айтып, қоқан-лоққы көрсеткенде: «Не айтып тұрсың, мен бір республиканың үкімет басшысымын, сендер Қазақстанның жарым-жартысындай анау Албания сияқты басқа бір шет елдің басшысы келсе, құрметті сап түзеп, құрақ ұшып күтесіңдер де, бізге қалай болса, солай сөйлейсіңдер. Менің өзімді сыйламасаңдар да, көрер көзге болсын, менің елімді сыйлап, санасуларың керек қой» [8; 143], – деп тыйып тастаған көрінеді.

Үшіншіден, 1960 жылдың аяғында Тың өлкесі басшылары алдағы жыл жоспары бойынша көрсеткіштерді әдеттегідей республикалық органдарға емес, Мәскеуге жіберіпті. Осыған байланысты Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Жұмабек Тәшенев дереу арада Ақмолаға ұшып келеді. Тың өлкесі партия комитетінің бірінші хатшысы Соколовты жауапқа алады: «Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетіне алдағы жылдың бюджеттік көрсеткіштері неге жіберілмеген?». Соколов алдағы жылдан бастап өлкенің бюджетімен Қазақ КСР-інің емес, РКФСР-дің мемлекеттік жоспарлау комитеті айналысатынын айтады. «Енді біз екі жаққа бірдей бағынудан құтылатын боламыз», – дейді ол кекесінмен. Сол жерде жанжал шығады. «Өлке Ресейге берілмейді!» – дейді Тәшенев. Ал бұған қарсы дау айтпақ болған Соколовқа: «Жиырма төрт сағаттың ішінде Қазақстаннан кетіп боласың!» – дейді. Бұл айғай сол күні-ақ Хрущевке жетеді [9; 4].

Сонымен, Жұмекеңнің қызметте бірбеттілігі, жігерлілігі, бетің бар, жүзің бар демей шындықты бетке айтатындығы, қайсарлығы, өз республикасының намысын, жерін қызғыштай қорғайтындығы Мәскеуде, Орталықта отырған басшыларға, әсіресе қазақтың жерін бөлшектегісі келген КОКП Орталық комитетінің 1-хатшысы Никита Хрущевқа айрықша ұнамай, көп ұзамай оның қаһарына ілігіп, абзал Азамат саяси қуғынға ұшырайды. Айтқанымыз дәлелді болу үшін Д. А. Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп аталатын кітабына жүгінейік: «...1960 жылы желтоқсан айында КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясы өтіп жатты. Үзіліс кезінде Косыгин қасыма келді...

—Хрущев сені мен Тәшеневті түскі дәмге шақырады, - деді.

...Шақыруды құп алып, Хрущев түстенетін жерге бардық. Орталық Комитет Президиумының мүшелері түгел осында жиналыпты. Неге екенін қайдам, Никита Сергеевич өзінде жоқ елгезектік танытып, Тәшеневке қайта-қайта бұрылып, бірде қайдағы жоқ сұрақтар қойса, бірде:

— Мынадан ауыз тиіңіз, дәмдісі, сірә, осы болар, – деп алдындағы тағамнан асатады.

...Түстік ас ішіліп, мәжіліс алдында әркім өз шаруасына жинала бастаған. Хрущев мені тоқтатып:

— Отыз-қырық минөттен соң маған келіп кетіңіз. Сіз қажетсіз, — деп ескертті.

Тәшеневті майлы ішектей айналдыруымен табан астында мені іздей қалуында бір гәп бар-ay деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді.

...Менің жауабымды аяғына дейін ден қойып тыңдаудан гөрі ол өз ойымен арпалысып отырғандай көрінді. Бірінші хатшының түлкі бұланға түсуі мені қайран қалдырып отыр еді. Түсінсем бұйырмасын. Күтпеген жерден асқа шақырады. Оны өзге емес, Косыгин келіп хабарлайды. Жайшылықта Тәшеневке бүйрегі бұра бермейтін Хрущев жоқ жерден ілтипат көрсетіп, асты-үстіне түсе қалды. Міне, оңаша шақырып, ойқастап, орағыта сөйлеп отырғаны енді мынау, мұнда не мән бар?!

Ойымды жинап үлтергенше, Никита Сергеевич бұлталақтауды қойып төтесінен кетті.

—Тәшеневті республика Министрлер Кеңесінің Төрағалығынан босатыңыз, — деді.

Бұл мен күтпеген шешім еді. Никита Сергеевичке таңдана қарадым» [10; 210-211].

Шала сауатты, мінезі әпербақан Хрущев сияқтыларға тұлғасы биік, ұйымдастырушылық қабілеті зор, жан-жақты және терең білім иесі, ойындағысын тайсалмай айта алатын, турашыл Ж. А. Тәшеневтің ұнамауы заңды ұғым еді. Біреудің сөзіне ермейтін, орынды пікір таластырудан қашпайтын басшыдан отаршылдар әрдайым тезірек құтылуға тырысқан. Айтуға тұрарлық кінә таба алмаған соң жалған жала жауып, қаралауға дейін барған.



Оспанова қ.б.
Незабываемые встречи – естен кетпес кездесу
Для потомков и истории…
Жұмабек тәшеневтің өмірі мен қызметі ақындар шығармаларында
Куандыкова а. (каргту, бт-15-5) науч.рук: ст.преподавтель нуржанова к.к.
Кенжеғұл ж.м. (караганда, каргту) балгабекова а
Жұмабек тәшеневке

Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»
2016 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2016 -> Сабақтың атауы Бейнелеу өнерінің түрлері Сілтеме Сабақтың жабдығы
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Менің Отаным Қазақстан
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Абайдың өмірі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет