Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті



бет2/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,71 Mb.
#219
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

Оспанова Қ.Б.

«Нұр Отан» партиясы

Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары


Құрметті конференцияға қатысушылар!

«Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы атынан баршаңызға Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізіліп отырған Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті - Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтың 100 жылдығына арналған республикалық конференцияға қош келдіңіздер дегіміз келеді!

Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруда, «Нұр Отан» партиясының XV съездінде қабылданған партия Доктринасында атап көрсетілген қазақстандықтардың берекелі қоғамын құру, қарапайым адамдардың өмірін жақсарту, адам капиталын дамыту, азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдардың ролін арттыру және қоғамдағы көкейкесті мәселелерді шешуге халықты топтастыруда біздің партиямыз халық пен мемлекет арасындағы дәнекер ретінде зор орынға ие.

«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы» - дейді дана халқымыз. Ел мүддесі, халық игілігі қай заманда да, қай қоғамда да көкейкестілігін жойған емес.

Ел мен жердің тағдырына алаңдап, халық игілігі жолында еңбек еткен қоғам қайраткерлерінің бірі - Жұмабек Ахметұлы Тәшенов.

Алғаш қызмет жолын Ақтөбе обкомының бірінші хатшысынан бастаған Жұмабек Ахметұлы Тәшенов Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Президиум төрағасы қызметінде де іскерлік қабілетімен, қарымды қайраткерлігімен танылған тұлға.

Кеңес дәуірінде бес бірдей облыстың Ресейге қосылуына қарсы шығып, басын бәйгеге тіккен, елге, жерге қорған бола білген Жұмабек Тәшеневтің ерен ерлігі ұрпақтың есінде мәңгі сақталатынына кәміл сенеміз.

Жұмабек Тәшеневтің өмірін зерттеп, оның тарихи тұлғасын келер ұрпаққа жеткізу жолында еңбек еткен зиялы қауымға, бүгінгі конференцияны ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің білім ордасы, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ұжымына зор алғысымды білдіремін.



Конференция жұмысына сәттілік тілеймін.
Ж.ТӘШЕНЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ: ҚАРЫЗ БЕН ПАРЫЗДЫҢ ҚҰНЫ
Байғазин Мейрам Жолтайұлы

журналист, тәшеневтанушы


Ұлы тұлғалардың тарихтағы рөлін саралаған ҚР Ғылым және білім министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжанов олардың тағдырлары қилы өлшемдермен анықталады дей келе, біреулері ғылым мен техника саласында көз көріп, құлақ естімеген жаңалық ашуымен тарихқа енсе, екіншілері, әдебиет пен өнердің үздік шығармаларын тудырумен атын мәңгілікке қалдырады. Ал, саясат пен мемлекеттік билік саласында ұлыларға қойылатын талаптың, ұлылар қатарына кірудің өлшем және -ұстанымы мүлде бөлек. Егер алдыңғылардың ұлылығы өзі өмір сүріп тұрған заманда ресми рәсімделусіз анықталып жатса, саясат пен мемлекеттік билік әлеміндегі ұлының ұлылығы әлденеше жылдар емес, ғасырлар өткеннен кейін мойындалуы, жемісін беруі мүмкін,- деп тұжырымдаған еді. ХХ ғасырдың алыптары Қаныш Сәтбаевтің, Мұхтар Әуезовтың, Шәкен Аймановтың, Мұрат Айтхожиннің, тағы басқалардың интеллектуалдық ерекше жаратылысы жаңалықтарымен, кітаптарымен олардың көзі тірісінде мойындалғанына тарих куә. Ал алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуақасов, Халел Досмұхамедовтердің аласұрған ХХ ғасыр басындағы саяси үдерістердің нағыз серкесі екенін енді ғана танудамыз. Қазақстанға, қазақ халқына сіңірген зор еңбегі әзірге лайық бағаланбаған, міне, осындай тау тұлғалардың қатарында Жұмабек Тәшенов тұр.

Менің Тәшеневтің өмірі мен мемлекеттік қызметін шындап зерттеуім 2009 жылдан басталды. Оған бірден-бір себепші болған сол кезде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға жазушы әрі драматург Рахымжан Отарбаевтың бас директор болып келуі еді. Бұрында біз Қазақ радиосында бірге істегендіктен Отарбаевты жақсы білетінмін. Сондағы Рахымжан бауырымның айтқаны: «Мәке, кезінде есімдері бүкіл қазақ еліне кең танымал болған Мәшhүр Жүсіп атамыздың, көрнекті мемлекет қайраткерлері Жұмабек Тәшенев пен Еркін Әуелбековтардың есімдері ұмыт болып барады. Жастар бұл тұлғалар туралы білмейді. Жазылмаған және айтылмағаннан кейін оларды кінәлауға да болмайды. Осыған орай бірнеше жылдан соң жүз жылдық мерекесі жақындап қалған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке арнап ғылыми-практикалық конференция өткізсек деп қолқа салды.

Содан бері мен үшін Тәшеневтің өмірі мен мемлекеттік қызметі мәңгілік тақырыпқа айналды. Қаншама әдебиеттер мен мұражайлардағы құжаттарды ақтаруға тура келді. Түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарға хат жазып, олардан жауап күтудің өзі қанша уақыт алды.Сол ізденіс барысында кейбір шенеуніктердің ұлттық мәселе мен ұлттың бетке ұстайтын азаматтарына деген кереғар ұстанымдарының да куәсі болдым. Оның үстіне кітапхана бас директоры Рахымжан Отарбаев басқа жұмысқа ауысып, көмек беретін адамға зәру болдым. Сондай қысылтаяң кезде Ж.Тәшеневке байланысты конференцияны өткізуге қол үшін берген азаматтардың есімдерін бүгін ілтипатпен атап өткім келеді. Олар мемлекет қайраткерлері, сол кездерде Сенат депутаты болған Оралбай Әбдікәрімов пен Мәжіліс депутаты Бауыржан Смайылов, соңғы жылдарға дейін Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы болған, мемлекет қайраткері Қуаныш Алпысбеков және мәжіліс аппаратының жауапты қызметкері, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов, «Қазмұнайгаз» АҚ сол кездегі басқарма төрағасы болған Қайыргелді Қабылдин мен АҚ «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының президенті Асқар Маминдердің арқасында жоғарыда аталған республикалық конференцияны өткізу мүмкін болды. Соның нәтижесінде сол конференцияға қатысып сөйлегендердің сөзі Жинақ болып шықты.

Бұл аталған конференция 2010 жылдың 18 наурызында Жұмабек Тәшеневтің туғанына 96 жыл толуына орай ұйымдастырылған еді және оны өткізуге мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Рахымжан Отарбаевтың Мәдениет министрлігіне осы шараға қаржы бөлдіру жөніндегі әрекеті еш нәтиже бермеді. Министрліктегі жауапты шенеуніктердің уәжі мынадай: «Қаржы тапшылығына байланысты сіздер белгілеген шараға ақша бөлу мүмкіндігі жоқ және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшенев мерейтойы жақындағанда іс-шаралар өткізу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастырамыз». Мәдениет министрлігіндегі «данышпандардың» бұл жазғандарын мен сол кезде Сенат депутаты Оралбай Әбдікәрімовқа жолдаған жауабынан келтіріп отырмын. Мұндай жауапты бюрократтық жауап дейміз бе жоқ әлде Мәдениет министрлігін жайлап алған біліксіз мамандардың жауабы дейміз бе? Олай дейтін себебіміз былтыр күзде Жұмекеңнің 100 жылдығын өткізу жөніндегі ынталы топ мүшелері сол министрлікке барып, вице-министрдің біреуінен «Жұмабек Тәшеневтің мерейтойын өткізуге байланысты қандай шаралар белгіледіңіздер» деп сұрақ қойғанда, Вице-Министр міз бақпастан – «ол кім еді» деп барған адамға сұрақ қойыпты.

Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығына үш айдай қалғанда мен екі тілде көлемді мақала дайындап, біреуін «Казправдаға», екіншісін «Айқын» газеттеріне бердім. Екі газеттің редакторлары—Александр Тараков та, Нұртөре Жүсіп те «мақалаңызды басамыз» деп уәде бергендеріне, міне жеті айдан асты. Олар әлі тым-тырыс. А.Тараковты түсінуге болады, қалай дегенмен ұлты басқа ғой, ал Н.Жүсіптің дәрменсіздігін қалай түсінуге болады. Осы жәйттің себебін анықтай келе менің көзім жеткені бұл редакторлардың қорқатын қожайыны Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаев екен. Міне, біздегі ақпарат құралдары мен сөз бостандығына жетекшілік жасайтын азаматтардың сиқы осындай. Мақала жариялау үшін де сенің биографияң емес, географияң қажет.

Менің баяндамамның тақырыбы «Ж. Тәшенев және қазақ қоғамы: Қарыз бен парыздың құны» деп аталады. Ұлт мақтанышы болып саналатын осындай алып тұлғаларды әспеттеп ұлықтайтын қазақ қоғамы. Ол қоғамның мүшелері ұлтына шексіз берілген, ұлттық мәселелерді ту етіп көтерген, тарихи тұлғалардың ролін мемлекет көлемінде насихаттап, жастарға оларды кеңінен танытатын азаматтар болуы тиіс. Ал енді билік басындағыларды қазақ қоғамы мүшелерінен бөле жаруға бола ма? Меніңше, кейбір ұлттық мәселелерге немесе тарихи тұлғаларға байланысты қазақ қоғамы мүшелері мен билік арасында түрлі көзқарастар қалыптасқанымен, билік басындағы қазақ азаматтарын өз халқымызға ортақ мәселелерден шеттете алмаймыз.

Биылғы 2015 жыл ұлтымыз үшін мерейтойға толы жыл болды. Мен ресми түрде аталатын қазақ хандығының 550 жылдығы мен Конституция және кірмеге айналған Қазақстан халықтары Ассамблеясын айтып отырған жоқпын. Менің айтайын дегенім халқымыз үшін мәңгілік ұлы тұлға болып дүниеге келген, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің, тарихи шындықты ту еткен екі бірдей теңдессіз тұлға – көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин мен атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың мерейтойлары бірдей келді. Ал енді біздер қазақ қоғамы осы ардақты ағаларымыздың жүз жылдығын қандай дәрежеде атап өттік? Биліктің қосқан үлесі қандай, бәрі бірдей ойдағыдай болды ма, жоқ әлде әттеген-ай дейтініміз басым болды ма? Сол тұлғалар алдындағы қарызымыз бен парызымызды қаншалықты өтей алдық? Осыған орай, мен Жұмабек Тәшеневке байланысты өзім куә болған бірнеше жайттарды келтірейін.

2010 жылы Жұмекеңе байланысты конференцияға дайындық кезінде белгілі мемлекет қайраткері Мақтай Рамазанұлы Сағадиев ағамыз «Мейрам, сендердің конференцияларыңды өткізуге билік рұқсат береме екен» деп қауіптенгенін жасырмап еді. Жоқ, ешкім кедергі жасамады, конференция өте табысты өтті. Оны сол жиынға қатысушылардың құрамынан да аңғаруға болады. Олардың қатарында Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылжар, Шымкент, Жезқазған мен Аягөзден келушілер болды. Тіпті осы конференцияға Астана мешітінің діни қызметкерлері де қатысты. Осыдан-ақ, Тәшеневтің ел аумағын сақтаудағы азаматтық ерлігінің қаншалықты халық санасында мәңгілік сақталғанын аңғаруға болады. Соның бір дәлелі конференция аяқталысмен Шымкентте Тәшенев көшесінің бойында Жұмекеңе арнап бюст орнатылып, ас берілді. Бүгінгі алқалы жиынды пайдаланып, мен Оңтүстік Қазақстан облысының жазушылары мен журналистерінің Жұмабек Тәшеневтің қайталанбас сол ерлігін бүкіл Қазақстан бойынша тұңғыш рет жариялаудағы еңбектерін ерекше атап өткім келеді.

Ж.Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойы жақындаған сайын Жұмекеңе Астана төрінен ескерткіш орнату мәселесімен шұғылдануға тура келді. Үкіметке жолдаған хатымыз шыр айналып, әуелі Мәдениет министрлігіне, одан соң Астана қаласының әкімдігіне жетті.

Мәдениет министрлігі өзінің №07-01-14\б-231, 26.09.2012 жылғы хатында «Астана қаласы тарапынан Ж.Тәшеневке ескерткіш орнату туралы ұсыныс түскен жағдайда оны ҚР орнатылытын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қарауына шығаруға дайын екенімізді хабарлаймыз» десе, Астана қаласы әкімінің орынбасары А.Балаева ханымның № жт-б-14975, 25.09.2012 жылғы жауабы әлде қайда көңілге қонымды. «Мемлекет қайраткері Ж.Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойын лайықты атап өту республикалық және өңірлік деңгейде өткізілетін атаулы күндер мен мерейтойлар тізіміне енгізілуі қажет. Сонымен бірге ескерткіш орнату бойынша қаржы көзі анықталып, жоба Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияның оң шешімін алған жағдайда жер бөлу мәселесі қарастырылатындығын жеткіземіз».

Байқап отырған боларсыздар, осындай қазақ қоғамы үшін өзекті мәселені шешуге келгенде билік оны бір-біріне сілтеп, жұртты әуре сарсаңға салатын әдеті бар. Осы жайттан хабары бар Астанадағы Гумилев атындағы ұлттық университеттің проректоры, филология ғылымының докторы, Тәшенев мерейтойын өткізу жөніндегі ынталы топтың мүшесі, белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы;- Астанадағы зиалы қауым өкілдерінің қолын жинап, «Егемен Қазақстан» газетінде ашық хат жариялауды ұсынды. Хат дайындалып, оған КСРО халық артисі, Мемлекеттік силықтың лауераты, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Кәкімбек Салықов, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова және филология ғылымының докторы, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтар қол қойды. Дереу оны «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Сауытбек Әбдірахмановқа табыс еттім. Лондон олимпиасынан көңілді оралған бас редактор «танысып шығайын, хабарын газет қызметкерлері берер» деп хатты алып қалды. Күн артынан күн, апта соынан апта өтіп, біржарым ай өткен соң ақыры шыдай алмай, бас редакторға тағы кірдім. Сауытбек Әбдірахманов мені көрісімен: «Мәке, мынадай ашық хатты жариялай алмаймыз. Оны жарияласақ, басқа адамдар да осы мазмұнда хат жолдап, қағаз астында қаламыз. Оданда хатқа қол қойған төртеудің біреуі өз атынан мақала жазып, соны газетке басайық. Басқа амалды көріп тұрған жоқпын»,-деді.

Сауытбек бауырымыздың сөзіне қарағанда біздің қазақтар күнде ерлік көрсетіп, атамекен жерін қорғаумен айналысып жүрген көрінеді.Солардан жаппай ашық хаттар келетін болса, оларды жариялау газет редакциясы үшін қиынға түспек. Қандай көрегендік!

Ашық хатқа қол қойған зиялылардың ең үлкені Еркеғали ағамыз бірден кесіп айтты: «Арамыздағы ең жасымыз Мырзатай, сол жазсын. Кәкімбек екеуміздің денсаулығымырыз сыр беріп жүр. Фариза да емделуге Германияға кетіпті,-- деп сөзін аяқтады Ер ағамыз.

Мән-жайды бірден түсінген Мырзакең, «онда маған Тәшенев туралы материалдарды жеткіз, ар жағын көре жатармыз,- деп мақала жазуға қарсы емес екенін байқатты. Дереу бар материалдарды жинап, оған қоса жазушы, әрі тарихшы Кәрішал Асановтың маған силаған «Шынжырда өткен жолбарыс...» кітабін қоса бердім. Ара – тұра Мырзакеңмен кездескен сайын қал жағдайын сұрап қоям. «қол тимей жатыр, бір сәті болар» деп жұбатып қояды мені. Содан не керек, үш жылдай уақыт өтті, уәде берілген мақала із-түзсіз жоқ. Оның есесіне «Егеменнен» Мырзакеңнің өз жерлестері туралы жазған құлаш-құлаш матариалдары жарық көре бастады. Есімдері елге белгілі жерлестері мен нағыз қайраткерлер туралы жазуға ешкімнің қарсылығы жоқ. Алайда, Жұмабек Тәшеневтің Қазақстан тарихындағы орны да ролі де тым асқақ, тым ерекше ғой! Осыны біздің зиялы қауым өкілдері түсіне ме екен, жоқ әлде Абай атамыз айтқандай, «бас басына би болған өңшең қиқым» дегендей, әрқайсымыз өз руымыздың қамын ойлап бет-бетімен жүрген парықсыз адамдармыз ба!?

Міне, ұлтымыздың ұлы тұлғалары алдындағы қарызымыз бен парызымыздың өтелу құны осындай. Аблай ханның да 300 жылдығын үш жыл өткеннен кейін ғана әзер дегенде атап өттік. Оның өзінде де Елорда- Астанада емес Көкшетауда атап өтілді. Ұйқышыл халық болып бара жатқан сияқтымыз.

Ал, Жұмекең 100 жылдығына келетін болсақ,ол қарапайым азаматтардың арқасында әртүрлі дәрежеде атап өтілуде. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада, Ұлттық мұражайда, Республика Сарайында Ж. Тәшеневке арналған конференциялар мен «дөңгелек үстелдер», Елордадағы қазақ мектептерінде түрлі танымдық жиындар өткізілді.

Ең маңызды шараның бірі Көкшетауда Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында драматург, ҚР халық артисі Ерсайын Төлеубайдың Жұмабек Тәшеневке арналған «Алдаспан» спектакльінің тұсаукесері болып өтті.

Тағы бір ерекше атап өтетін шара Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Еженді кеңшарында өтті. Оған ұйтқы болған аудандық маслихаттың депутаты, ауыл бойынша меценаттықты дамытқаны үшін Құрмет орденімен марапатталған Қанат Жарияұлы Отарбаев өз ауылында Тәшеневке арнап ас берді, көрші ауылдардың футбол командалары арасында Жұмабек Ахметұлы атындағы турнир ұйымдастырды, аудан көркем өнерпаздарының концертін тамашалатты. Концерт соңында Жұмабек Тәшеневке арналған «Дәуір дарабозы» маршы орындалды. Оның сөзін жазған осы конференцияға қатысып отырған жерлестеріңіз Қанат Отарбаев пен әнін жазған Амангелді Базарбайұлы Шаhарбаев.

Бұл марш мамыр айында тұңғыш рет Қазақстан ұлттық телеарнасының «Айтуға оңай» бағдарламасында орындалды. Осы бағдарламаны эфирге ашығару үшін қаншама жүйкемді тоздыруға тура келді. Осындай шаралардың бәрін өткізуге себепші болғандар ұлтын ұлықтайтын, нағыз ұлтжанды азаматтар. Солардың қатары көбейе берсін деп тілейік.

Осыдан бес жыл бұрын Астанада өткен «Ж.Тәшеневтің азаматтық ерлігі және қазіргі кездегі патриоттық тәрбие» атты ғылыми-практикалық конференция барысында Ж.Тәшенев тұлғасы, оның атқарған істері мен қалдырған мұрасы біздің жастарымызды бей-жай қалдырмайтынына көз жеткіздік. Сонау шалғайдағы Аягөзден келген жас экономист Ертіс Нұрқасым «Ж.Тәшеневті ұлықтау – ұрпақтар парызы», Астанадағы № 56 мектеп-лицейдің 10 сынып оқышысы Жібек Садырова «Ж.Тәшенев ерлігі – ұрпаққа үлгі», ал ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының түлегі Ерікболат Қабылдин «Туған жер үшін жан пида» атты баяндама жасап, Жұмабек Ахметұлына байланысты тақырыптың біздің жастар арасында өте өзектілігін байқатты. Сондай-ақ, Мемлекеттік тарих институтының ғылыми қызметкерлері, тарих ғылымының кандидаттары, осы конференцияға қатысып отырған Қанат Еңсетов пен Сейтқали Дүйсендер үшін Жұмабек Тәшенев мұрасы оның ғылыми ізденістеріндегі мәңгілік тақырыпқа айналды. Мұндай феноменді ұлы Абай сөзімен айтқанда: «Өлді деуге болама, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегендей, Жұмекең біздің ұрпаққа қазақтың қасиетті қара жерін қалдырды, елін, жерін қызғыштай қорғау керектігін аманат еткен мұра қалдырды, небір қисынсыз қысымға төтеп беретін қазаққа тән қайсар мінез қалдырды, қандай бір қиын жағдайда болмасын басын тік ұстап, ұлттық болмыстың қайталанбас үлгісін паш етіп өтті.



Ал біздің қоғам ұлт мақтанышы болған тұлғалар алдындағы қарызы мен парызын өтей алды ма? Бұл сауалды әрқайсымыз өзімізге қойып көрелік.

Жұмабек батырдың жұлдызы
Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»
2016 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2016 -> Сабақтың атауы Бейнелеу өнерінің түрлері Сілтеме Сабақтың жабдығы
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Менің Отаным Қазақстан
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Абайдың өмірі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет