Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет17/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   23


Кітаби ақындардың әдеби шығармашылық тілі тұрғысынан келгенде, егер ежелгі жазба кітаби тілімізді ескі қазақ тілі деп ұғар болсақ, онда Жүсіпбек өзге де кітаби ақындар ескі қазақ тілін кейінгі, өз заманындағы қазақ тілімен ұштастырушылар, сол арқылы тек әдебиетті ғана емес, тілімізді де ерекше байытқан қаламгерлер болып шығады. Ал бүгінгі таңдағы кітаби ақындар тілі, сөз қолданыстары араб, парсы сөздерін орынды, орынсыз көп қолданған тілін шұбарлау болды деген түсінікке келер болсақ, бүгінгі қазақ тілі одан ұтылған жоқ, шұбарланған жоқ. Керегін бойына сіңіріп орныққанын алды, сіңбегені қалды. Нәтижесінде қазақ тілі байыды.

Жүсіп пайғамбар оқиғасы зерттеуші ғалымдардың қай-қайсысы да бұл оқиғаның сілемі өте көне дәуірлерге жол тартып жататынын айтады. Қазақ ғалымы А.Қыраубайқызы қазақ қисса-дастандарының түп-негізі, шығу төркіні туралы арнайы зерттеу еңбегінде жазды (75, 336). Шеййад Хамзаның «Жүсіп пен Зылиха қиссасы» жайлы ғылыми зерттеу еңбек жазған ғалым Н.А.Аникеева аталған тақырыптың түп-негізі туралы: «Мотивы, составляющие сюжетную основу истории Йосифа Прекрасного и «жены Пентефрия», уходят своимы корнями в глубокую древность. История «сопротивляющегося любовника» ... и любви замужной женщины к юноше-пасынку, брату, племяннику или рабу мужа, известна по древнеегипетскому рассказу «Два брата», восходящему, очевидно, по времени фараона Сети II, древногреческому мифу об Ипполите, иранскому эпосу «Шах-наме», русским былинам и др.» дейді (76, 9). Ал тікелей мұсылман қаламгерлерінің бұл тақырыпқа баруына, қалам тебуіне келер болсақ, бұл жөнінде ғалым А.Қыраубайқызы: «Жүсіп пайғамбар оқиғасын парсы, түрік тілдерінде көптеген ақындар жазды. Оның түпкі нұсқасы, әрине, Құранның 12-сүресі және Фирдоуси жырлаған «Жүсіп – Зылиха», бірақ Әли, Жәми, Дүрбек үшеуі сүйенген бір ортақ негіз XI ғасырда өмір сүрген Герат ғалымы Абдаллах Ансаридың (1006-1088) прозалық сюжеті екені анықталып отыр. Оны алғаш салыстырып зерттеген Е.Э.Бертельстің шәкірті, өзбек ғалымы Э.Р.Рүстемов, татар ғалымы Н.Ш.Хисамов болды. Ал Фирдоуси «Жүсіп - Зылиха» жазғанда ІХ ғасырда өмір сүрген Табаридың Құран тефсірінен қарағаны мәлім. Рабғузи «Қисса-ул-әнбиасындағы» Қисса Жүсібі Ансаридың ғазал аралас келіп отыратын прозалық шығармасы «Анис муридин уа шамс ал-маджалис». «Муридтер досы және мәжісілістер күніне сүйеніп жазылған пікір бар», - деп Жүсіп тақырыбына қатысты зерттеу еңбектермен қатар тақырып түп негізі жөнінде тұтас қамтып баяндап кетеді (15, 5) Осы еңбектердің ішінде Н.Ш.Хисамовтың Құл Әлидің «Қисса Жүсібі» туралы ғылыми монография- лық зерттеу жасаған еңбегі ерекше. Ол аталып отырған мұраның алдымен күллі түрік әлемінің ортағасырлық ортақ мұрасы екенін: «Поэма Кул Али - не единственное произведение на сюжет Йусуфа, а одна из многих версий его. Нашей задачей было определение ее место в исторической цепи поэтических разработок сюжета. Мы должны были выяснить степень оригинальности и определить самостоятельную ценность первой тюркской поэмы о Йусуфе (68, 219), - дей тұра, шығарманы бүгінгі татар әдебиеті, фольклорымен көп байланыстырып, ескерткіштің ежелгі бұлғар бойынікі екенін, сол арқылы татар халқының мұрасы ретінде қарастыруға өзінің сол бағыттағы ойларын дәлелдеуге тырысады. Құл Әли поэмасының Еділ бойы түріктері поэзиясына, әсіресе татар поэзиясына ғасырлар бойы ықпал етіп келгенін сөз етеді. Әйтсе де, ол: «Творение Кул Али оказало благотворное воздействие не только на татарскую поэзию но и на фольклор и развитие литератур тех народов, которые географически и культурно стояли близко к татарскому народу, в частности на башкирскую и казахскую литератур» (68, 226.),- деп ескерткіштің қазақ фольклоры мен әдебиетіне де қатысты екенін айтып өтеді. Солай дей тұра ол Жүсіпбек Қожа қиссасы жөнінде: «В конце XIX века поевилось казахское переложение «Кысса-и Йусуф». Выполнил его в 1897 г. Ходжа Йусуфбек Шайхулисламуглы Айходжи. Казахская поэма несколько раз издавалась в Казани. В основу ее положены тот же размер и тот же народный стих, только рифмовка несколько изменена: ааба. Основные звены сюжета, мотивы и художественные детали поэмы сохранены даже в нюансах. Можно сказать, что это - поэма Кул Али, максимально приближенная к казахской языковой и поэтической стихи» (68, 226) деген пікір айтады. Бірақ пікір иесінің кейбір өзгешеліктер деп отырғаны нәзиралық дәстүр, қиссаның қазақ тілінде дүниеге келген нәзиралық туынды екенін аңғартуға жетіп жатыр. Бұған нәзиралық туынды табиғаты жөнінде ғалым Н.Ш.Хисамовтың өзінің: «Но если поставить разные версии сюжета в один ряд, то одна и та же мерка не пройдет для оценки их достойнств. В разные эпохи и в разных литературах соответствует им различная роль. И каждая значительная разработка имеет свое непереходящее значение и свою неповторимую ценность» деген пікірі дәлел болады (68, 220). Демек, Жүсіпбек қиссасы Құл Али қиссасының сөзбе-сөз көшірмесі емес. Сол сюжет ізімен қазақ тілінде, қазақ өлеңі табиғатымен, заман тынысы, уақыт талабы тұрғысынан қайта жырланған еңбек. Ойымызды дәлелдеу үшін біршама салыстырулар бере кеткенді жөн көрдік. Жүсіпбектің:

Илләһи өзің баста тұғры жолға

Қаламды бісміллә деп алдым қолға

Өлең қып аударған бұ кітапты

Жүсіпбекті йа Алла, өзің оңла!(39, 3-бет)-

деген өз сөзінен бастағанды жөн көріп отырмыз. Н.Ш.Хисамов Құл Әлидің «Қисса-и Иусуф» шығармасына қатысты нәзира ұғымын өзгеше терең, кең мағынасына қолданғысы келсе де ақынның: .

Йусуф саучы қыссасын қылдық ғаян,

Ғараб, Ғажам дил шейдікше қылдық баян.

(Мы расказали историю пророка Йусуфа, изложим так, как изложено на арабском и персидском языках) деген өлең жолдарынан өтіп кете алмайды. (67,36). Жүсіпбек қожа да ортағасырлық ақын Құл Әли бастан кешірген нәзирашылдық құбылысты сол қалпы бастан кешкені, қолында бар материалдарды пайдалана отырып, солардың ізімен қайта жырлағаны анық. Арабша, парсыша, түрікше кітаптармен таныса отырып, Құл Әли ізімен еркін жырлап шыққан. Нәзиралық дәстүрдің шығармашалық ерекшелігі де бар сюжетті қайта жырлау болып табылады.

Раст қисса бұ сөзім өзге сөзден,

Кәләмдә, кітаптарда көрдім көзбен (39, 3),-

деп жырлайды Жүсіпбек қожа. Мұндағы «кәләм» деп отырғаны алдымен Құран, сонан соң Құранға қатысты діни кітаптар екенін жоғарыда сөз еттік. Демек діни ақын, өзі қожа Жүсіпбектің басты назарда ұстағаны Құран және -тәпсірлер болғаны аңғарылады. Кітаптарда деп отырғаны Рабғузидың «Қисса-ул әнбиа», Шеййад Хамзаның «Жүсіп пен Зылихасы» болуы әбден мүмкін. Ең бастысы ақын Жүсіп сюжетіне қатысты діни кітаптармен қатар қиссаларды да оқығаны, пайдаланғаны анық.

Ғалым А.Қыраубайқызы «Ежелгі әдебиет» атты еңбегінің «Қисса Жүсіп» (ХІІІғ.) тарауында Құл Әли мен Жүсіпбек қожа қиссаларын бірнеше рет өзара мәтіндік тұрғыдан салыстырады. Алдымен Құл Әли қиссасының мәтінін береді, аудармасын жасайды, сонан соң Жүсіпбек қожа мәтінін ұсынады:

«Айдыр, айа Йусуф, сенің сөзің датлу,

Ұстанымдан дыңламаға не рахатлу.

Иузің ләтаиф, құлжаның хүб марутлу,

Ешітсем рахатым артар емді.

Уәсәлің діләрім жан рахатым,

Жамалын құйаш кебі, ғишқын қатты

Суретін ғажаб, тарафа лафзың йетті,


Аудармасы:

Айтшы, ай, Жүсіп, сенің сөзің тәтті,

Шаршамай тыңдай берсем, қандай рахат!

Жүзің жұмсақ, лебізің сүйкімді,

Естіген сайын рахаттана беремін.

Кездесуді күткен кезім жан рахаты,

Жамалың күн сияқты, ғашықтық қатты.

Суретің ғажап, шартарабқа тілің жетті,

Қанжар сынды жанымды алар енді» (15, 142)

Жүсіпбек қожа нұсқасының мәтіні:

Ай, Жүсіп, жүзің нұрлы, сөзің шырын,

Бұ күнде ішкен асым у мен ірің.

Сен сөйлесең көңілімнен сабырым кетер,

Сөзімнің тыңламайсыз бірде-бірін.

Менің сізден тілегім жан рахаты,

Нұр жүзіңнің ыстығы ішіме өтті.

Қанжардай тілді бауырым нұрлы жүзің

Суретің ғажап турфат, лебізің тәтті (39,41).

Ғалым аталған жыр жолдарын салыстыра келіп Жүсіпбек қожаны қайталап, өз заманының оқырманына лайықтап жырлағанын айтады. Ғалым пікірімен келісе отырып, Жүсіпбек қожаның оқиғаны Құл Әли ізімен жырлап отырса да, ең бастысы, қазақ тілінде еркін жырлағанын айтқымыз келеді. Кітаби ақының түп нұсқадан көп ауытқымай жырлауының өзі нәзирагөйлік дәстүрдің бір көрінісі екені даусыз. Шындығына келсек, Жүсіп-Зылиха сюжетін өзек еткен Фирдоуси, Құл Әли, Шеййад Хамза нұсқаларының сюжеттік желісі бір-бірінен айырмашылығы ұсақ, аздаған детальдік шағын көріністік сәттерде ғана. Әйсе де, Жүсіп сюжеттері, нұсқалары қайта жырлаушы, нәзирашыл ақындардың есімімен атала береді. Мысалы ғалымдардың зер салып қарастырып жүрген сәттерінің бірі - Жүсіп пен Зылиханың сарайда оңаша жолығуы. Барлық нұсқаларда дерлік Зылиха өзінің ғашықтығын Жүсіпке айтады. Сол сәтте Жүсіп алдымен құл екенін, сонан соң жақсы қарап, баласындай бағып, мәпелеп отырған қожайынына арамдық жасай алмайтынын айтады. Зылиха көп уағыз айтады. Ешқандай уағыз, Жүсіптің Алла тағаладан қорқуы Зылихаға еш әсер етпейді. Ол Жүсіпке қатты ұмтылып, құшақтап алады. Сол сәтте Жүсіп көңілі бұзылады. Жүсіп көңілінің бұзылуы барлық нұсқаларда шамалас. Бір-бірінен болар-болмас қана айырмашылығы бар. Рабғузи қиссаларында: ...Зылиха Жүсіп, ғ.с.-ді көп мақтай отырып, құрметтеп күтіп: «әлдекімнен қорқамысың?» - деді. Жүсіп ғ.с. «Алладан қорқамын, қиямет күні азаптан қорқамын», - деді. Зылиха: «Тәубе етерсің», - деді. Жүсіп ғ.с: «Күнәға батып, тәубаға мұқтаж болғанша, күнә қылмаған жақсы»,- деді. «Әй, Жүсіп! Жігіттік еш құмарың жоқ па, ілләһә», - деді Зылиха. Сонда Жүсіп ғ.с: «Аллаға сыйынамын, ол істі жасап қожама қиянат етпеймін», - деді. Зылиха айтты: «Әй, Жүсіп! Маған бір ғана көз салшы», - деді. Жүсіп ғ.с Зылихаға қарап шымшып күлді. Зылихаға пейіл білдірді. Сол сәтте Жүсіп ғ.с бір дауыс естіді. «Әй, Жүсіп! Сен пайғамбар дәптеріне тіркелгенсің, ақымақтар ісін қыламысың?». Атасы Жақыптың бейнесін көрді. Атасы бармағын қатты тістеп: «Зылихаға жақын болма»ғ- дегенде, Жүсіп ғ.с қолын Зылиха қолынан тартып алды.

Зылиха Жүсіпті қуып етегінен ұстай алды. Етегі жыртылып, Жүсіп ғ.с жетінші есіктен шықты» (54, 98).

Жүсіпбек қожада бұл сәт ұзақ өлең жолдарымен өрілген. Зылиха аузымен Жүсіп сұлулығы мадақталады. Оған қарсы Жүсіп өз уағызын айтады. Зылиханы есінен тандырған сұлулықтың бәрі уақытша екенін айтып оны сабырға шақырады:

I

«Жүсіп айтты Зылиха сөзім тыңла,



Не айтқан жауабымды ұғып, аңла.

Жүзің сұлу екен деп қызықпаңыз,

Өлген соң нұр қалмайды үшбу тәнде!...

Өлместей біліп тұрсыз бұ күн мені,

Нандырамын, Зылиха, не деп сені?

Жаман іске Құдадан қорқу керек,

Мәрдер іске қол сүріп келмес жөні.

Зылиха айтты, сенде менің дертім,

Қорқып сабыр қылурға келмес уақтым

Уисал жауқың көңілімді ғарт қылды

Фирақ отын жұтыппын, көп қасіретім.
Ай, Жүсіп, сенің өзің не ойлайсың,

Көңілді маған қарап бір қоймайсың.

Сен маған қызықпайтын күнің жоқ па?

Болмаса бір адамнан қорқамысың?

Жүсіп айтты: қорқамын жаратқаннан,

Жаһанды құдіретімен жаратқаннан.

Сол себептен мен сізді қаламаймын,

Ахирет азабынан қорыққаннан.

Жүсіпті құшақтап ап қысты қатты,

Күлімдеп Жүсіп сонда езу тартты.

Атасының дауысы боп сол арада:

«Лә-тақаррабу-ззина»! деп дауыс келді.

Бұл соңғы шумақ қазақ тілінде жарияланған жинақтардың ешқайсысына енбеген. Сол себепті де «Жүсіп-Зылиханың» қазақ тіліндегі соңғы нұсқаларын пайдаланған ғалым А.Қыраубайқызы оқиғаның осы маңызды сәті Жүсіпбек қиссасында жоқ деген ой айтады (15, 147).

Ғайыптан бұлай деген үн есітті,

Жаман істен қолыңды тартқын депті.

Ол айтты есітіп, қатты қорқып,

Онан соң Жүсіп нәби сабыр етті (54, 42).

Жүсіпбек қожа қиссасында Жүсіп көңілінің бұзылуы, Зылихаға аууы осылайша қысқа, бір ғана сәттік болады. Құл Әли де, Рабғузиде де солай. Ал Шеййад Хамза да бұл сәт ұзақ суреттеледі. Жүсіп Зылихаға қайта-қайта көңілі ауып толқып отырады. Әрқайсысында Алла аян беріп, тыйып отырады. Бірақ келесі сәтте Жүсіп көңілі қайта бұзылады. Соңында ғана Жәбірейіл періште әкесі Жақыптың бейнесінде келіп тоқтатады. Фирдоуси дастанында да дәл осылай суреттеледі. Бұл бір жағынан шынайы, сәтті шыққан. Ал Құл Әли, Рабғузи, Жүсіпбек нұсқаларында авторлардың Жүсіп Нәбидің бәндәлік, шынайы табиғатынан гөрі пайғамбарлық, діни, турашыл Жүсіп Сыздық бейнесі қызықтырған. Демек, алдыңғы планда дін мәселесі, сонан туындаған діни көркем бейне тұр деуге болады. Яғни, бұл қиссаны жырлаған Хамза алдында шығармашылық бағыт ретінде Фирдоуси жыры, Жүсіпбек Қожа алдында Рабғузи мен Құл Әли туындылары негізгі бағыт, қазық болып тұрса керек.

Жүсіп оқиғасын өзек еткен қисса, жырларына өзара біршама салыстырулар жасағанда айтқымыз келетіні, әркезде, әр жерде жырланған, бірақ негізінен бір-бірінен алшақ жырланбаған осы туындылардың әрқайсысы бүгінгі таңда әдебиет тарихы, әдебиеттану ғылымында әрқайсысы өзінше бөлек, дербес нәзиралық туындылар ретінде бағаланып келеді. Содан келіп ғылымда Құл Әли, Рабғузи, Фирдоуси нұсқалары секілді терминдер туған. Сол себепті де араға бірнеше ғасыр салып қана жырларды негізге ала отырып, Құл Әли туындысын басты, қазық ете отырып, қазақ тілінде еркін, қайта жырлап шықты. Сол арқылы қазақ халқына көне классиканы қайта ұсынған, қазақ әдебиетін жаңа шығармасымен толықтырған кітаби ақын Жүсіпбек қожаның бұл туындысын дербес нәзиралық туынды ретінде тану қажеттілігін басты назарда ұстадық. Нәзирашыл ақын Жүсіпбек Шайхисламұлы түбі бір түрік халықтарына ортақ көне мұраны қазақ тілінде қайта жырлау арқылы қаламгерлік екі мәселені оңтайлы, сәтті шешті дей аламыз. Бірі - көне классиканы қазақ тілінде қайта тірілту, жаңа ұрпақ үшін керекке жарату, екіншісі - көне мұраны қайта жаңалау арқылы көне заманның емес, өз заманының - XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазаққа қатысты біршама мәселені қозғап отырғаны, көне мұраны өткен көне заман үшін емес, жаңа заман үшін, дәуір тынысы, уақыт керегі үшін қайта жырлауы.

Шығарма тақырыбы жөнінде бірер сөз. Өзге әдебиеттерді айтпағанның өзінде қазақ әдебиеті тарихында «Жүсіп-Зылиха» қиссасы ғашықтық шығарма ретінде бағаланып келді. Шындығында, шығармада басты-басты бірнеше тақырып бар. Олар іштей бір-бірімен сабақтасып, өрбіп отырған. Әке мен бала арасында ыстық ықылас. Әкенің балаға деген әкелік сезімі, баланың әкеге деген перзенттік сезімі. Әке мен бала арасындағы осы сезім болашақ оқиғаның басты себебі. Тіпті бауырларының Жүсіпті жеккөрушілігі, оған көрсеткен зорлық-зомбылығының өзі әкелерінің Жүсіпке деген ерекше ыстық ықыласынан туындайды. Жүсіпке Алла тағала тарапынан берілген пайғамбарлық алғашқыда оның түс көру арқылы тұспалданса, Жүсіп көрген қорлық, теперіштен соң шын іске айналады. Жүсіп әкенің сүйікті перзентінен Алланың сүйікті құлына-пайғамбарға айналады. Демек, бір оқиға бастауы, шығарма арқауы әке мен бала арасындағы ерекше ықыласты сезімнен бастау алып жатыр. Сондықтан да Е.Э.Бертельс: «Центральным моментом в поэме Фирдоуси является не эпизод Зулейхи, а пламенная любовь отца и сына. Отношения Ианова и Иосифа развернуты в религиозную картину нежнейший и самоотверженнейшей любви. Основная катастрофа - это разлука отца и сына»,- деп айтып көрсетеді (77,63) Жақыптың Жүсіпке деген ерекше ықыласы оның өзінің қасына алып жатуы, ерекше күтіп, мәпелеп өсіруі, күні-түні жылап екі көзінен айрылуы. Жүсіп тарапынан да солай. Өзіне зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан ағаларына алдымен әкесінің қайғыға бататынын, тақсірет тартатынын айтады.

«... Көпсінгенің мен болсам өлтірерсіз,

Мақсұттарыңды орнына келтірерсіз.

Құдайдан тағдыр болса амалым не

Атамды қай жауаппен нандырасыз.

Қасіретке саларсыздар Исрайылды

Көз жасынан қорықпастан ол залымды

Атама жүз мың мата салмаңыздар,

Қорқыңдар бақытын қара қылмаңыздар...

Мен өлсем атам көзден қан ағызар,

Қорқыңдар көз жасынан, болмаңыз таң»,-

деп Жүсіп алдымен әке жағдайын ойлап сөйлейді (54, 5).

Құл Әли мен Жүсіпбек қиссаларында әке мен бала арасындағы ерекше ықылас сабақтасып жатқан пайғамбарлық көп көксеген идеал - ел билеуші мәселесі шығармадағы басты қазық болып табылады. Сондықтан да ғалым Н.Ш.Хисамов: «Заслуга Кул Али заключается прежде всего в том что он впервые в истории разработок сюжета о Йусуфе в восточных литературах выдвинул в передний план проблему правителя и народного благоденствия. А свежесть постановки и своеобразная модель ее решения представляли собой значительный этап в развитии прогрессивных тенденций древнетюркской литературе» (68, 42),- деп, қиссадағы әділ әкім Жүсіп бейнесін ел билеушілер бейнесімен байланысты қарастырады. Бұған қосымша айтарымыз бұл қиссалардағы әділ әкім бейнесінің тікелей дінмен, Алла тағала тарапынан Жүсіпке жіберілген пайғамбарлықпен тығыз байланыстылығы. Себебі әділ әкім Жүсіптің іс-әрекеті Алла тағала аянымен, нұсқауымен орындалып жатуы дәлелдеуді қажет етпейтін жәат. Құл Әли мен Жүсіпбек қиссаларында ең алдымен пайғамбарлық сөз болады. Өзге іс-әрекеттің бәрі сонан туындап жатады. Жүсіп көрген алғашқы түсті әкесі Жақып жорығанда да, пайғамбарлық басты нысана болады. Жүсіпбекте бұл сәт былай суреттеледі:

-Ай ұғылым, бұл түсіңіз мүбәрәк түс,

Құдайым берер сізге ниғмат уа күш.

Саған ғиззәт уа рәфғат қылұр субхан

һешкімге бү түсіңді айтпағыл һеш.

Күншығыс, күнбатысқа кетер атың,

Алланың көрерсіңіз ғинаятын.

Ғаламға сенің атың мәшһүр болұр,

Көресіз пайғамбарлық рисалатын (39, 4).

Тауратта, Ш.Хамзаның «Жүсіп-Зылихасында» пайғамбарлық емес, әкімдік мансап, бақ-дәулет басты нысана етілсе, Жүсіпбек қиссасындағы барлық іс-әрекет діни тұрғыдан қаралған. Діни қаламгерлік оймен өріліп жырланған. Бұл жайт қиссадағы ғашықтық мәселесінде анық ашыла түседі. Себебі ғашықтық - шығармада басты тақырып емес. Тек кейіпкердің пайғамбарлық ерекше қасиетін сынау, шыңдай түсу және адам баласы ретіндегі бақытын түгендеу, үлестіру мақсатында қосылған сюжет деуге де болады. Өйткені «махаббатсыз дүние бос». Қиссадағы ғашықтық мәселесі бір жақты сөз етілген. Онда да Жүсіп тарапынан емес, тек Зылиха ғашықтығы турасында ғана сөз болады. Ал басты кейіпкер Жүсіп - оның шынайы сезіміне жауап бере алмаған бейне. Себебі, ол - пайғамбар, Алла тағаланың жердегі елшісі. Оның жер бетіндегі, адамдар арасындағы басты миссиясы дін мәселесі болып табылады. Сондықтан да шығармада ол жүрген жердегі ел дінге кіріп отыруы үнемі арнайы айтылып отырады. Тіпті Зылиханың өзі табынып жүрген бұттарынан бас тартып, Жүсіптің құдайын танып, дініне кірген соң ғана мақсатына жетеді. Сол секілді Жүсіптің әділ әкімдігі де, ғашықтығы да Алла тағала аяны, рұқсатымен нұсқауынан соң ғана, Құдайдың бұйрығымен орындалып жататын жайт. Демек, бүгінгі таңда шығарманың шынайы табиғатын танытар шынайы бағалау қажет. Сонымен, шығармада ғашықтық мәселесі жоқ емес бар, бірақ басты тақырып емес. Бұл - басы ашық мәселе. Шығармадағы ғашықтық басты кейіпкерді сынаудың бір тәсілі ғана. Зылиханың жасын айтқан ғашықтың құштарлығынан соң Жүсіп оған күлімсіреп қарап пейіл білдіреді. Ол да жай қызығушылық, жақындасу құштарлығы ғана. Олай дейтініміз, кейін Жүсіп Зылиханы ұмытып та кетеді. Тек Алладан пәрмен келген соң ғана оған өзінің үйленетінін хабарлайды. Сондықтан да ғалым Н.Ш.Хисамов Э.Е.Бертельстің Дүр бек поэмасы жөнінде айтқан «Элемент любовный, т.е. вся история Зулейхи - не центральная часть поэмы, лишь один из эпизодов, обусловливающих развитие действия», - деген пікірін келтіре отырып, «Разлука отца и сына как центральный мотив в разработке сюжета остается общей для всех версий вплоть до величавого романа Томаса Манна. Один лишь Джами и его подражатели избрали главной темой любовь Зулейхи к Йусуфу» (68, 40) дейді. Құл Әли, Жүсіпбек қиссалары ғашықтық шығарма ретінде танылып кеткенімен, діни шығарма. Қисса - пенделік құштарлық атаулының қай-қайсысын да адам баласы ретінде жаны қалай тұрса да, бойында тұншықтырып жеңе алатын, тек құдіреті күшті Алланы ғана сүйетін, одан қорқатын, Алла бұйрығын негізге алып өмір сүретін Жүсіп пайғамбар туралы шығарма.

«Әлқисса, түйенің Жүсіпке жауап қылғаны», «сонда Ибн-Иаминнің жылап айтқан ғазалы көңілдері езіліп», «Әлқисса, сонда Ибн-Иаминнің Жүсіпке айтқаны», «Әлқисса, сонда Жүсіптің айтқан жауабы» секілді тараушаларында кітаби ақын қазақтың жеті-сегіз буынды жыр жолдарымен жырлауы, қазақ батырлық жырларына тән ырғақты сөйлеуі өте сәтті шыққан. Сонымен бірге, қазақ фольклорына тән сөз қолданыстар да осы сәттерде мол қолданылған.

Қорыта айтқанда, XIX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасыр басында ерекше дамуды бетке алған қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына үлес болып қосылған кітаби ақындар шығармашылығының бір нұсқасы - «Жүсіп - Зылиха» қиссасы; шығарма – Алтын Орда дәуірі әдебиеті үлгісінің қайта жырлануын, ғалым А.Қыраубайқызы айтқандай қазақ қиссаларының бастауы сол дәуірлерде жатқанын көрсететін туынды; шығарма - «Құран» сюжетінің Құл Әли нұсқасы жүйесін сақтай отырып қазақ кітаби ақыны арқылы қазақша жырланған нәзиралық туынды; Жүсіпбек Шайхисламұлы - шығыс фольклоры туындыларын қазақ тілінде жазбаша жырлаған, сол арқылы қазақ жазба әдебиетінің дамуына мол үлес қосқан кітаби ақын. Қазақ қиссаларындағы сопылық ілім

және дәстүр жалғастығы


«Қисасу-л-әнбия» кітабы XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында Қазан, Ташкент баспаларынан кітап болып басылып шығып Орта Азия мен Қазақстанға кеңінен тарайды. Ежелгі дәстүр бойынша осындағы шағын хикаяларды кітаби ақындар өлеңмен қайта жырлап отырған. Бұған бip ғана XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің өзінен қаншама мысалдар табуға болады. 1889 жылы Қазандағы университет баспасынан «Хикаят Марғұба қатын» кітап болып шығады. Осы хикаятты өлеңге айналдырып, дамытып қайта жырлаған Ақылбек Сабалұлы нұсқасы «Қиса-и Марғұба» деген атпен Қазандағы Қаримовтар баспаханасынан 1911 жылы кітап болып басылып шығады. Жоғарыдағы сюжетті негізге алған Ақылбек Сабалұлы қиссаны сопылық ілім негізінде жырлайды. Сопылық ілімнің тереңдігін Низами, Науаи, Физули шығармаларының құдіретімен түсіндірген белгілі шығыс зерттеушісі Е.С.Бертельстің мынандай cөзi бар: «Низами - ақын ғана емес ұлы ойшыл. Оған жазу оңай болғандықтан жазады. Жазу үшін ғана жазған жоқ, осы бағытында оқырмандарына әсер ету үшін жазды» [78, 456]. Шығыстың гуманист ағартушыларының осы мақсатын яғни адам мінезін, қоғамды түзеу үшін көркем әдебиетті үгіттеуге, насихаттауға, түсіндіруге құрал етіп пайдаланғанын білеміз. Мұны кітаби ақындар да әдеби бағыт етіп ұстанады. Олар әдебиеттің көркемдік мақсаты - үгіт насихат деп түсінген, сондықтан да шығармаларында осындай дидактикалық ой-пікір басты назарда болады. Өлеңдерінің көркемдігінен гөpi, оқиғасының мазмұнына басымдық беріледі. Тәрбиелік әcepi бар бip оқиға алынып, өлеңмен жырланады. Ақылбек Сабалұлы өмip сүрген кезеңде көптеген шешімін таппаған күрделі әлеуметтік мәселелерге қарсы тұрарлық таза ілім - сопылық болғаны анық. Бұл туралы Бертельс: «Низами в какой-то мере были свойственны суфийские воззрение. Их отсутствие было бы странно, либо в то время всякий прогрессивный человек именно в суфизме искал ответа мучившие его сомнения» [78, 448]. Ғалым пікірінен сопылық көзқарастың Низами заманында прогресшіл бағалы ілім болғаны көрінеді. Қазақ ғалымы Е.Ысмайлов та Ақан cepiнің сопылық жолға түсyiн былай түсіндіреді: «Жауыздықтың қабындай беруінің түпкі тамыры қайда деген сұрақтарға жауап іздейді. Ол серілік жолды тастайды, әділдік туралықты іздеп шарқ ұрады. Сондағы іздеп тапқаны - Шығыс елінің ақындарының орта ғасырлардан басталған әдеби-философиялық ағымы - сопылық жолға салынады. Ол бұл сопылық ағымнан адамдардың құлық-мінезін түзеу жолын, өзінің замандастарының, кейінгі жас ұрпақтарының ой-санасын ашу мақсатын, ғылым үйрену, әлеумет өмірін тереңдей ұғыну жолын іздейді» [79, 167]. Идрис Шах: «Однако целью поэта- влюбленного мага в суфизме является не только растворение в сиянии истины, которую он постигает. Истина преображает его, и в результате этого он приобретает социальную функцию - указать людям то направление, в котором они нуждаются, чтобы достичь завершенности» [80, 358],- деп дамытады.

Сопылық ағымның түркі халықтары әдебиетінде негізін салушы- Ахмет Ясауи ілімін Ақылбек Сабалұлының терең танып өскенін оның «Tahиp-3yhpa» жырынан көруге болады:

Бисмилла мен сөйлейін патша құдай,

Біз ғаpiп бенделерде көп қой күнә.

Қыл көпip қияметтен өтерінде,

Болады заманымыз әлдеқалай.

Екінші жәрдем бepciн пайғамбарым,

Шапағат қыл үмметіңнің хәммаларын.

...Не болам бip күндерде тіл байланса,

Алуға ажал өлім ыңғайланса,-

деген сөздері Қ.А.Ясауидің «Хикметтеріндегі»

-Ей, достарым, өлсем мен, халім не болар,

Көрге кіріп жатсам мен білмеймін, халім не болар [81, 59]

немесе


Өмipiм ақыр болғанда, не қылғаймын Құдай-а,

Жан алушы келгенде, не қылғаймын, Құдай-а [81, 58] .

Таһирдің зынданда жатып өзін-өзі жұбатуы Ясауи ойымен сабақтастықта жырланады:

Мехнат өтiп ғapiпкe,

Рахат бітер күн болар.

Қайғы берген Алламыз,

Алса керек, иншалла.

Айыра білген Алламыз,

Қосса керек, иншалла.

Қacipeт берген иеміз,

Шаттық берер, иншалла.

Әр мехнатқа бip рахат,

Болса керек, иншалла [82, 220].

«Tahиp - Зухра » жырында Низами, Науаи, Физули дәстүрлерімен ғашық болып дүниеге келген ерекше жандардың бip-бipінe ынтық сезімі арқылы берілген сопылық таным «Қисса-и Марғұбада» жазықсыз жазаланған адал жанның басынан кешкен азапты өмipi арқылы беріледі. Сопылық ілімнің негізгі ұстанымдары: ғаріпшілдік, көрген қиындыққа шүкіршілік ету, нәпсісін қанағатпен тыйып ұстау, Алланың қаһарынан қорқып, рахымынан үміт үзбеу, бұ дүниенің бар қызығын ақыретке айырбастау, яғни рухани тазару, сол арқылы жаратушыға жақындау... Идеялық ұстанған бағыты жағынан гуманист ағартушы болып келетін кітаби ақындардың қай-қайсысы болса да, өздерінің жандарына жақын осы сопылық ілімді насихаттауы сондықтан [83]».

Шығармада сопылықтың негізгі белгілері кейіпкердің басына түскен әр түрлі қиындықтар арқылы беріледі. Ақылбек Сабалұлының «Қисса-и Марғұба» қиссасы идеялық жағынан осы ілімді насихаттауға негізделген. Сондықтан бұл шығарманың мазмұнында осы ілімнің қалай берілуі назарда болады. Автор кейіпкерлерін сопылық көзқараспен таныстырады:

Бар екен бip қатыны Марғұба атты,

Көркем, бойы сипатты, салтанатты.

Рузе, намаз оқиды, өзі халал,

Ер әмірінен шықпайтұғын асыл затты

немесе:


Сопы екен Мұрат Салих дінін күткен,

Һәр бенде ықыласпен Хаққа жеткен.

Шығармада сопылық әдебиеттің терминдері өте көп пайдаланылады: «ғapiп», «көңілінен таупих қашып, шайтан кірді, ақырда қуанармын», «Мұнша бейнет бергенге шүкір етті», «жүз мың шүкір қылайын хәр не салса», «ақыретке сатайын жалғанымды», «Тәубә қылдым», «Рахметіңнен үмітім үзбен», «дін жолында мехнат тартты», «Артық тамақ iшпейді, ұйықтамайды, Дүниені ақыретке сатты дейді», «Мұсылман иман табар нәпсіні тыйса», «Халал ниет жолында жанын қиса», - деген сөздер қиссаның өн бойында, кейіпкерді сомдау үстінде ұшырасып отырады. Кейіпкер Мұрад Салихтың қажылық сапарына аттануы:

Өзі сопы ер еді дінін күткен,

Һәр пенде ықылас бірлән Хаққа жеткен.

«Қағбаға тауап қылып келемін» деп,

Бейшара қажыға баруға ниет еткен.

Ойлайды қажыға барып келейін деп,

Рузасын Пайғамбардың көрейін деп.

Әулие, машайыққа зиярат қылып,

Топырағына жүзімді сүртейін деп.

Қажыға барған болады күнәдан пәк

Қажын қабыл қылсын бip Ақ»,-

деп осы іліммен жырланады. Сондай-ақ:

Қажы парыз болады малы барға,

Нәсіп болсын hәp мумин мұсылманға.

Екі дүние рахатын бірдей берсін,

«Лә иләһә иллә Алла» деген жанға.

Қажы сапарына кетерінде Мұрат Салих әйелі Марғұбаны өз інісіне аманат етеді:

Тапсырдым алғанымды, Құдай, саған,

Tipi көрсет көзіме есен-аман.

Қатынын тапсырады iнiciнe:


  • Әл-ауқатын біліп тұр hәp күн таман.


Інім, келіп біліп жүр әл-ауқатын...

Інісі қабыл көрді айтқан сөзін,

Тапсырған ағасының аманатын.

Таза жолдағы адамдардың көп қайғыға ұшырауы, әдетте жолдан тайған, құдайдан қорықпайтын залым пенделерден болады. Марғұбаның да басына қиындық әкелетіндер - өзi сенген, жақын жандары болып шығады.

Бip күні жеңгесіне келді дейді,

Керек-жарақ нәрсесін берді дейді.

Марғұба шашын тарап отыр екен,

Дидарын жеңгесінің көрді дейді.

Көрді де ашық болды Марғұбаны...

Жігіттің кеудесіне сайтан кірді,

Марғұбаға һәр күні келіп жүрді.

«Қойныңа ал» деп айтады жеңгесіне [84,85].

Осы кезде Марғұба адалдық жолындағы пенде ғана емес, адалдық үшін күрескер дәрежесіне көтеріледі. Сұлулығына қызығып, нәпсісін тыя алмаған қайнысына асқан сабырлылықпен, білімділікпен жауап береді:

Құдайдан мұны айтарға қорықпаймысың,

Аманат деп тапсырды саған бізді.

Аманат деп тапсырды ағаң,- дейді,

Бұл ниетің мұсылманға жаман,- дейді.

Құдайдан қорық, ұял пайғамбардан,

Мұндай сөзді eciттipмe маған,- дейді [84, 85].

Қайнысын сабырға шақырып, арамдық ойлатып тұрған шайтанның ісі екендігін ескертіп, тәубеге келуге көмек жасағысы келеді. Нәпсісін қозғаған шайтанды жазғырып, шайтан жолынан адалдық жолына түсуге үгіттейді:

Шайтан сенің көңліңе кірген шығар,

Көңілді шайтан бұзып жүрген шығар.

Тәубе қыл, бұл ниетің жаман болар,

Құдай біліп сырыңды тұрған шығар.
Тәубе қылып қайт, жаным, бұл ниеттен.

Ақыретте береміз не деп жауап,

Ынсапсыз, қорықпаймысың ақыреттен [84, 86].

Өзі сенген ақ жол Марғұбаны еш адастырмайды. Өзі де сенеді, өзгені де сендіруге күш салады. Нәпсіңді тый, қиындық көрсең шүкіршілік ет, жаман ойыңды өзгеден жасырсаң да, Тәңірден жасыра алмайсың, тобаңа кел. Істеген ісіңе ақыретте жауап берер күн туады. Сол күндерді ұмытпа. Періште келіп, істеген ісіне жауап сұрағанда, бұл өмірдегі бар іс-әрекетіңмен соған дайын бол. Азғана күнгі тірлігіңді мәңгілік деп есептеме, шайтан жолына еріп азғындама. Марғұбаның бар іс-әрекеті осыны насихаттайды.

Қайнысы бұ сөзді естіп ашуланды,

- Ceнi жұртқа масқара қыламын,-деп,

Өлтірем, деп қатынға қорқу салды.

Көңіліңді қоспадың маған, -дейді,

Көп ашу көрсетемін саған,-дейді.

Қылармын сені жұртқа мен масқара,

Кел, мойынымнан құшақта жылдам,-дейді.

Мұншалықты сөзді есіткен Марғұба өзінің ар-намысын, иман-ибасын жоғалтпастан ерлікпен жауап береді.

Өлiм артық дүниеде жаман аттан,

Мен қорықпай зина қылман аманаттан [84,86].

Қайнысы Марғұбаға қастық жасауды ойлайды. Төрт жалған куә дайындап, қазыға барады, жеңгесіне жала жабады. Жалған куәлердің сөзінен соң, ақ-қарасы ажыратылмастан жалған сөйлеп ақша үшін құдай сөзінің айтып тұрған төртеудің сөзіне шүбәсіз иланған қазы үкімімен Марғұбаға, зина жасаған әйелге кесілетін шариғаттық «тас боран» жазасы бұйырылады.

Шариғат хүкім бірлән таспен атып,

Жұрт тарқап үйлеріне кетті қайтіп.

Төбе болды қатынға үйілген тас,

Бір күнәһ бейшараға қылды қайтіп [84, 87].

Адалдығын дәлелдей алмай, ақша үшін жанын беріп куә болған жандардың, нәпсі үшін адамдықты аяққа басып, ол ойы іске аспағанда, өзіне келер сөзден қорқып, кісі өлтіруге шімірікпей бара алатын қара ниетті қайнысының жапқан жаласының құрбаны болған Марғұба аузынан ешбір қарғыс, тағдырына нала естілмейді, шүкіршілігінен танбайды:

Құдай-а, үмітім көп менің сеннен,

Тәубе қылдым, қабыл қыл ғapiп меннен.

Әнбия, әулиенің құрметіне

Өлгенше құрметіңнен күдер үзбен,-дейді [84, 88].

Кейіпкер адам баласының төзімі, сенімі сынға түскен қиын сәттерде қанша қиналып тұрса да, Алланың рахымынан ғана үміт етеді. Өзінің тек Алланың жаратылысы екендігін, бәрін жаратушы құдай қылатындығын бұ дүниенің сынақ екенін жадында ұстайды. Өзі түгілі пенделіктен пәк пайғамбарлар да сыналып, азап шеккенін ойлай келе өзінің басынан өткен оқиғаларға, тартқан тауқыметтеріне тәубе деп қарайды. Көңіліне сәуле түспеген, адал жолды көрмеген жандарға көкірегі ояу, сопылық іліммен сусындаған Марғұба биіктен қарайды.

«Жалғыз қайным жөн білмей болды надан» [84, 86],- деп қайнысының адам айтқысыз жауыздығын надандықтан, көзін ашып, көңіліне сәуле түсіpетін Хақ жолын танытатын танымнан мақұрым қалуынан деп біледі. Өзіне жәрдем берер жалғыз жаратушы ғана екеніне нық сеніп, Алла жақсылығын сол сеніммен күтеді. Кейіпкердің басына түскен бейнетке төзіп, Аллаға шүкіршілік еткен сәттері сопылық сарында былайша өріледі:

Бiз түгіл пайғамбарлар құлың болған,

Жүз мың шүкір қылайын хәр не салса...

... Құдайым өзі маған бермес пе екен,

Ақыретке сатайын жалғанымды.

Үмітім көп құдайым сенен дейді,

Tәубә қылдым қабыл қыл менен дейді.

Бұл бейнеттен ғаріпке халастық бер,

Рахыметіңнен үмітім үзбен дейді [84, 88].

Шығармада өлім халінде жатқан кейіпкердің пәктігі, адалдығы, Алла рахымының шексіздігіне соншалықты ceнімi оның аман қалуына себеп болып жырланады.

Шығармада кейіпкер бір қиындықтан құтылып, екіншісіне тұтылып отырады. Бұл - қиссаның негізгі тақырыптық ерекшелігі. Кейіпкер сол қиыншылықтың бәріне төзіп, жеңіп шығуы тиіс. Оның бұл күресінде демеуші Бір Алла деген сопылық ой-таным бар. Марғұбаны ажалдан арашалаушы араб жігіті те оның сұлулығын көріп, ғашық болады, некелі жар еткісі келеді, ұсыныс жасайды. Марғұба өзінің өмірлік ұстанымын, қасиетті неке, некелі жар туралы түсінігін дінмен, шариғат жолымен сабақтастырады.

...Сақта деген қатынға ер аманатын,

Бip қатынға екі ер дұрыс па екен?

Пайғамбардың ойлап көр шариғатын

Менің epiм қазірде тірі,-дейді,

Меккеде қажылардың бipi,- дейді.

Байы тipi қатынға ерге тимек

Шариғатта дұрыс па, сұра?- дейді [84, 91].

Шығармада басты кейіпкер көп адамдардан жәбір көреді, жапа шегеді. Әйтсе де, осы кейіпкер-араб жігіті оның пікірімен келіседі. Бұл шығарманың айтпақ болған бір ойын танытатын секілді: ол – қоғамдағы адамдардың барлығы бірдей жаман емес арагідік болса да жақсы жандардың ұшырасып отыратыны.

Жігіт айтқан сөзіне тәубе қылды,

Шариғаттың әміріне мойынсұнды.

Қияметтік сен маған қарындас бол,

Есен келсе, еріңе мен тапсырып,

Бейшара, аз қалайын сауабыңа [84, 91].

Адалдық, парасаттылық салтанат құрады. Алланың қағидаларын орындап, нәпсінің емес, иманның жолынан үн қатып аз да болса, Марғұбаға жәрдем бepiп Алланың сауабын алайын деп өзінің ағалық қолын ұсынады. Жат деп емес, жақыным деп құшақ ашады. Бұл да - кейіпкерлердің адамгершілік туралы ислам діні қағидаларымен, сопылық іліммен астасып жатқан әрекеті. Әйтсе де, сопылық ілімнің басты ұстанымы болған дәруіштік жол көп қиындық көру, ғаріптікте болуымен сабақтастықта туындаған Марғұба кейіпкердің көрер қиыншылығы жалғаса түседі. Сол қиыншылық арқылы Аллаға жақын болу, Оның мейір-шапағатына бөлену. Осындай себептерге, сопылық ұстанымдарға сай шығарма сюжеті де шебер шиеленістерге құрылған.

Үйіне паналатып, қияметтік қарындас қылған жiгiттiң iнici Марғұбаға «ғашық болады», оның тағы да қиындық көруі, қасірет шегуі басталады.

Ол Мағұбаға жала жауып, масқара етіп өлтірмекті ойлайды. Ол өз ойын жасырмастан:

-Жұртқа сені қылайын мен масқара,

Сөзіме құлағың қой, бермен қара.

Не өлтіріп қоярмын, не күйдіріп,

Әгәр мойын қоймасаң, әй, бейшара.

Марғұба жігіт сөзіне:

- Құдай-а, сиынамын саған,-дейді,

Eciттipмe сөзіңді маған,- дейді.

Өлсем, жақын болармын Құдайыма,

Өйткенше иман берсін маған,-дейді».

«Марғұба жалғыз Хаққа жалбарады,

Iшi қайнап, жүрегі оттай жанып» [84, 93].

Кейіпкер қиналған сайын Аллаға деген сүйіспеншілігі арта түседі, сопылық сенімі шыңдала береді.

Адал жанға жала жауып қиянат іске баруды «жігіттік» деп түсінген залым жігіт шімірікпестен өз бауырының жалғыз перзентін өлтіріп жаласын Марғұбаға жабады. Шығармадағы бұл кейіпкерлер «ғашықтығы» ақын өзі қастерлеген, Алла сыйлаған қасиетті сезімнің иелері емес, Ясауи айтатын «жалған ғашықтар» екенін көрсетіп отырады. Олардың «ғашықтығы» - нәпсі құмарлық. Бipi үшін бipi жанын қиған Tahиp мен Зухра, Бозжігіт пен Хануза сезімі күндей алаулап, ол жандарды тек адалдыққа, биікке көтерсе, Марғұбаға кезіккен «ғашықтар» күнәсіз бейшараның басына небip қиямет-қайымды орнатады. Олардың жүрегінде Алланың нұрымен құйылған адал сезім емес, шайтан салған күнәһар лас пиғыл бар.

«Ғашық» болған қайнысы жұрт алдында масқара өлім жазасын сыйласа, келесі «ғашығы» сәби өлімінің жаласын жабады. Басында мұңы, азабымен қашып келе жатып өзгеге сауапты ic жасаймын деп басына тағы бip бәлені тауып алады. Марғұба Алланың ақ жолында жүрген, жаны жомарт, жақсылыққа жаны жақын тұратын мейірімді жан екенін байқатады. Қарызын өтей алмай дарға асылып тұрған жігітті сопылық жолдағы Марғұба ақшасын төлеп өлімнен құтқарып қалса да, бұл жігіт те оған өзгелердей «ғашық» болады да қалады. Сопылық жолды ұстанған, ақ жолдан айнымас Марғұба:

Ынсабың бар ма сенің,

Қайғы бірлән тұтанар менің жаным.

Алтын бepiп өлімнен алып едім,

Құтылғанда айтқаның мынау сенің».

Қатын сөзіне құлақ аспаған жігіт:

«Сен мені сатып алдың,

Жүзің көріп бәлеге енді қалдым.

Өлсем тыныш болар ем бұнан-дағы,

Сен мені судан алып, отқа салдың» [84, 97].

Жігіттің өзі айтып отырғанындай, ол Марғұбаның оның көркіне, сұлу сымбатына құмар болады. Ал Марғұбаның өзіне өмірлік жол етіп ұстанған сопылық ілімнің негізгі қағидасы тән қалауы емес, жан қалауы еді. Сондықтан да оған Марғұба:

- Басымды, Тәңірім, саған бердім,-дейді,

Құтылмайтұғын бәлеге қалдым, -дейді.

Іздегенім бұл ма еді ғаріп басым,

Өзіме бәле сатып алдым,-дейді.

«Зина қыл» деп айтасын маған, -дейді,

«Тәубе қыл» деп айтамын саған,-дейді.

Ондайдан Тәңірім қылсын аман дейді,

Махшарда зина қылған жаман,-дейді [84, 97].

Кейіпкердің бұл ойларымен жігіт ниет алған жолынан қайта қоймайды, өршелене түседі. Шарасы таусылған әрі қажыған, бірақ әрқашан Бір Аллаға берік сенімді Марғұба қатты жалбарынады. Оның тілегі қабыл болады:

Марғұба келді дария жағасына,

Сиынды медет бер деп Алласына.

Жүретін уақытқа әзір болған

Жолықты керуендердің кемесіне [84, 98].

Бірақ ойға алған ниетіне қолы жетпеген жігіт сұрқия айлаға көшеді, Марғұбаны күңім деп кеме керуеніне сатады. Міне осылай «жалған ғашық» жанның жасаған қаскөйлігінің нәтежесінде жасаған жақсылығы сұмдық болып оралып, Марғұба күң болып сатылып кетеді. Бірақ әрқашан жақсылық ойлайтын ол алдағы күннен күдерін үзбейді. Бipақ оның алдағы күнге деген сенімі, жақсы ниеті тағы да алдамшы болып шықты. Оның көркіне қызығып ойы бұзылғандар тағы да жолықты. Солайша кейіпкер бастан кешетін тағдыр тәлкегі жалғаса түседі. Бұл да көркем шығарманың түпкі тақырыптық мақсатымен сабақтасып жатқан, кейіпкерін сынай түсетін, шыңдай түсетін сопылық ілім ұстанымдарының шығармадағы ықпалы деуге болады. Оған ендігі көңілін білдіруші «ғашық» жан керуен басы болды. Санасы тұманданған керуенбасы тек өз қалауын орындау мақсатында адамдықтан аттап, айуандық надандық іс бастайды. Сопылық жолды ұстанатын Марғұбаның жаны қайғыдан қиналып, жүрегі қанжылап жалғыз жәpдeмшici Тәңірден медет сұрайды:

- Әyeлi жад етемін Тәңірім заты,

Қиналды бейшараның ғapiп жаны.

Зина бірлән дүниеде әсер қылып,

Шерменде мақшар күнде қылма мені.

Иләһи, барлық сырым мағлұм менің,

Зұлымдардан қалмады жаным менің.

Өзің жәрдем қылмасаң ғapiбiңe,

Қалмады осы күнде халім менің [84,99].

Марғұбаның бұл наласынан оның бүкіл жан дүниесі, өмірлік ұстанымы, рухани тазалығы Бір Аллаға деген сенімі көрінеді. Кейіпкердің шектен тыс сұлулығы шығармашылық тұрғыда екі себептен туындаған секілді: бірі – шығыс фольклоры мен әдебиетіндегі сұлу әйелдердің еріне деген опасыздығының көп жырлануы, екіншісі – сұлу әйелді жолынан тайдыруға барша жұрттың құштар болуына қарсылық ретінде сомдалған, бүкіл жан дүниесі сопылық іліммен кемелденген Марғұбаның бейнесі нәзиралық туындының басты шығармашылық иедеялық, көркемдік ұстанымы болып табылады. Сондықтан да шығармада бейшара әйелдің Аллаға зарланып айтқан мұң-наласын есіткен кеме үстіндегі барша керуен адамдары жиналады. Бірақ олар қатынның нұр дидарын көрген сәтінде оған араша болудың орнына өздері де құштарлық танытады. Бұл шешім кейіпкердің адамдардан қайыр болмасына налуына алып келеді. Бұл да - қисса авторының шығармашылық көркемдік мақсатының көрінісі. Жалпы дін мәселесінде, сопылық ілімде тілек өзгелерге емес тек Тәңірге бағышталуы тиіс екендігі кейіпкердің мінәжатынан көрінеді:

«Иләһи, тілек менден, себеп сенден,

Бұ жерде үмітім жоқ heш адамдан.

Құдіретіңменен ғарібке халастық бер,

Жаһанда мұңлы болмас бұ күн менден.

Тіледі бip Тәңірден қолын жайып,

Қылмадым бip жақсы ic сізге лайық.

Рақым (ет), Падишаһ, күнәһымды кeшipeөр,

Өзіме-өзім қылдым жүз мың айып» [84,101].

Жоғарыда айтылғандай, кейіпкердің діни ой, сопылық ілімінен туындаған, Тәңіріне риясыз сенген дұғасы қабыл болады.

Түтінге дария жүзі толды дейді.

Күн күркіреп, аспаннан қар, мұз жауып,

Қиямет дария жүзі болды дейді.

Бұларға Қадір Ием қаһар қылды,

Аспаннан бip бөлек от хазір болды.

Дарияның ішінде Құданың құдіретімен

Адамның бәpi күйіп күлдей болды.

...Кемедегі алтындар аман қалып,

Адам қалмай бәpi де жанып бітті [84, 101].

Кеме ішінде пейілі пәк, ниеті ақ, жаны адал, сопылық ілім, таным иесі жалғыз Марғұба ғана қалады. Бұл да Ясауи сопылық ілімімен сусындап өскен діни кітаби ақынның енгізген идеялық шығармашылық деталі. Сондықтан да бұл сәтті автор мұсылманшылықпен сабақтастырып, Құдайым барша жанға тауфиқ бepciн, Бұзықтық мұсылманға жаман дейді деп көрсетеді.

Ақылбек Сабалұлы шығармадағы кейіпкерге қарсы іс-әрекет үстінде көрінетін «ғашық» жандарды надан қалыпта сипаттайды. Таза, діни болмысты ақынның танымы бойынша, ғашықтық - кіршіксіз сезім, таза, адал жүректерде ғана орын тебе алатын қасиетті нәрсе. Шын ғашықтық - нәпсіні ғана қанағатандыратын қара дүрсіндіктен жоғары, биік те пәк сезім. Шығармадағы жалған ғашықтар – надан нәпсіқұмарлар, кісі өлтіргіш жауыздар, кейіпкер Марғұбаның басына сан түрлі қайғы салушылар. Мұсылманшылықта «күніне мың пәле көрсең де, үміт үзбе Бір Алладан» деп айтылатынындай, Марғұба әрқашан адалдығынан таймайды. Өліммен қорқытқан надандарға «Өлсем жақын болармын құдайыма, Өлгенде иман берсін маған дейді», - деп лас өмірден иманды өлімді жоғары қояды. Ақ адал өлімнің өзі жақсы, іштей тазару арқылы, жаратушының дидарын көру - ақын насихаттап отырған ілімнің қағидасы.

Ақыретті түсінуге, Алла құдіретін ұғуға, шынайы ғашықтық сезімнің мөлдір тазалығын сезінуге олардың ой-өpicтepi, білімдері жетпейді. Айналасы осындай жандарға толған, ғаріп жанға қол ұшын созар бip қасиетті жан табылмағанда, әйелдің үміт eтepi - тек Алланың рахымы. Оның жаны өлiмнeн емес, залымнан шошиды.

Зинамен дүниеде әуре қылып,

Шерменде мақшар күнде қылма мені.

Жанымды алсаң айырма иманымнан,

Халал жолда жанымды қиғанымнан.

Зинамен дүниеде әуре етіп,

Мақшарда мақұрым қылма дидарыңнан.

Құдайымнан болмаса ақыр себеб,

Адамнан еш шапағат болмайды енді - деген сөздер арқылы Марғұбаның ой-танымы көрініс береді. Қанша бейнет көрсе де, ақ жолынан таймаған пeндeciнe ақыры Алланың рахымы түседі де, жауыз жандар Алланың қаһарына ұшырайды. Алланың рахымы түсіп кейіпкер сопы патшаға жолығады, ол Марғұбаның бастан кештен оқиғаларына әрі таң қалады, әрі қатты қайғырады, көзіне жас алады. Марғұбамен бірге барып, падиша алтын, күмic асылдың бәрін ордаға алып келеді. Өзі әділ сопы падишаның кісі ақысына адалдығы шығармада былай беріледі:

«Біреудің қақы менде қалмасын»,- деп,

Хан оңаша сарайға салды дейді.

Малдың бәрін түгелдеп салды хатқа,

Қиянат бола ма деп аманатқа.

Жерден тауып алғанды олжа көpiп,

Қалмайын ақыретте жаманатқа» [84, 103].

Марғұба осыншама азаптардан кейін пенделіктің көп қызығынан қашып, тек Аллаға мінәжат етіп, түнде ұйықтамай, күндіз тоя тамақ ішпей бipжола сопылық ілімді ұстануға ниет етеді. Патшаға:

Разы үй берсеңіз болар едім,

Тәңіріме күндіз-түні жылар едім.

Ораза, намаз оқып өлгенімше,

Тағат қып құлшылығын қылар едім.

Ниет қылдым сол үйден шықпайын деп,

Дүниенің бұзық сөзін ұқпайын деп.

Күні-түні Құдайға тағат қылып,

Жан бірлән иман қамын жоқтайын деп, -

сопылық жолда көмек етуін өтінеді. «Патша қатынға үй салып берді дейді, Марғұба ғаріп үйге кірді дейді. Күндіз-түні Тәңірге шүкір қылып, Құлшылық оңаша үйде қылды дейді» деген Марғұбаның сопылық өмір суреттері беріледі.

Шығармадан діни қиссашыл Ақылбек ақынның Ясауи сопылық ілімін меңгеріп, шығармашылығына арқау еткені «Дін жолында мехнат тартты дейді, Артық тамақ ішпейді, ұйықтамайды. Дүниені ақыретке сатты дейді, Мұсылман иман табар нәпсі тыйса, Дүниеде ізгілік сауап жыйса. Тәңірі бенде тілеуін бермей қоймас, Халал ниет жолында жанын қиса» деген өлең жолдарынан анық аңғарылады. Адал ниеттен таймаған, көп бейнет шегіп шүкіршілігінен қайтпаған Марғұбаға Алланың ерекше мейірімі түседі. Ол ерекше қасиетке ие болады. Осының өзі шығармада адалдық жолынан таймаған кейіпкерге Алланың мейірімінің түсуі деп түсіндіріледі. Марғұбаға Алла Тағала тарапынан дарыған ерекше қасиет шығармада былай жырланады:

Ғapiпкe дұға қылса қабыл болды,

Құдай берді қатынға кереметті.

Әулие қатын болды ниетінен,

Өзін Хаққа тапсырған құрметінен –

Ақсақ, соқыр, шолақ пен тілсіз келсе,

Бата алса жазылады бұ қатыннан.

Мұңлы кісі қатынға келеді екен,

Келген жанға батасын береді екен.

Келген жан мұратына бәрі жетіп,

Тәңірім қабыл дұғасын қылады екен.

Һәркімге дұға қылса қабыл болды,

Құдай берді қатынға кереметті.

Көп мехнат шегіп, ақ жолынан танбаған адал жанға Алланың шапағаты төгілсе, рахымы түссе, пенделіктен жоғарылап, шынайы бақытқа қолы жетпек. Сопылық ілімнің түсіндірері, қарапайым тілмен айтсақ, осы болмақ. Марғұбаның ерекше қасиетті, керемет жанға айналуы ақын тарапынан діни сопылық ойлармен сабақтастырылып түсіндіріледі. Кейіпкерге Алланың берген кереметтерін ақын тағы да нақтылап былай жырлайды:

Ақсақ келіп бата алса,аяқ бiттi,

Саңырау келіп бата алса, құлақ бiттi.

Жарлы келіп бата алса, малды болып,

Қатынның талай жерге даңқы кетті.

Соқыр келіп бата алса, көзді болды,

Тілсіз келіп бата алса, сөзді болды.

Адал жанға Алланың рахымы болса, жазықсыз жанды азапқа салған, нәпсінің құлы болған, ақыретін ойламаған пенделерге Алланың қаһары бар. Оны да ұмытуға болмайды. Ясауидің сөзімен айтқанда:

Қahap атты қаһарынан қорқып жылар Қожа Ахмет,

Рахман атты рахымыңнан үміт тұтар Қожа Ахмет [81, 15].

Алланың рахымынан Марғұба қамқор патшаға жолығып, керемет қасиетке, ен дәулетке ие болып, халық арасына даңқы кеткен уақытта, залым жандарға Алланың қаһары да келіп жетеді.

Бұл арада өтеді бip жаз, бip күз,

Баршаға ғаділ болған Құдайыңыз,

Не қылса шыда алдыңа келмей қоймас.

Күнінде кeлмeйдi деп асықпаңыз.

Келмей қалмас, жақсылық қылсаң-дағы.

Жер жүзiнe падиша болсаң-дағы,

Дүниеде алдыңа бip келтірер,

Жаман ниет жолында жүрсең-дағы.

Әділ қазы-Құдайдың пенделерінің ic-әрекетіне қарай рахымымен қаһарын көрсетер тұсы - қиссадағы композициялық шиеленістердің шешімі болып шығады. Мұнда ешбip іс-әрекеттің себепсіз болмайтыны, қандай ic, не амал қылсаң да әр істің өзіне тән өтеуінің болатыны, жақсылыққа жақсылық, қайырымға қайырым, жамандыққа жамандық өтеуі болып жырланады. Осындай шығарма оқиғаларының шешімі Марғұба бастан кештен қиянаттардың ретімен жүйеленіп беріледі. Алдымен, шығарма оқиғасының бастауында баяндалған қайнысының қиянаты оның екі көзінен айырылып, зағип болып қалуы: «Марғұбаға өтірік жала қылған Жігіттің соқыр болды екі көзі»,-деп жырланады. Жігіттің ағасы Марғұбаның күйеуі Мұрадсалих iнісін осы дерттен айықтырам деп талай дәрігерлерге барады, інісінің денсаулығы үшін көп мал шашады. Бірақ ешқайсысынан шипа болмайды. Әбден үміттері үзілген шақта:

Бip шаһарда әулие қатын бар, -деп,

Себеп сонан болар,- деп есіттілер.

Бұлар іздеп ойлайды, баралық деп,

Тапқан малын алдына салалық деп.

Тәңірім берсе, бip себеп болмас па екен,

Қатынның фатихасын алалық деп», -

атағы алысқа шыққан шипагер әйелді іздеп жолға шығады. Жолай олар Марғұбаға сәби өлтірді деп жала жапқан жігіттің ағасының үйіне түседі. Ол жігіт те Алланың қаһарына ұшырап, аяқ-қолынан айырылып жатыр екен. Ал Марғұба өзі өлімнен төрт жүз ділдә төлеп падишадан алған жігіт те Марғұбаның қарғысынан ауыр дертке ұшыраған екен. Ол да осылармен ілесіп жолға шығады. Ұзақ жол жүріп, олар Марғұба тұрған шаһарға да жетеді. Емшінің үйін де табады. Бірақ сансыз көп адамды өз үйінде қабылдайтын емші бұларды танып, өзін танытпай, оларды хан сарайында қабылдайтынын айтады. Ханға хабар жетіп, ол ел-жұртын тегіс жияды. Марғұба хан ордасында дүйім жұрттың алдында олардың еткен күнәлы істерін түгел айтуын талап етеді, себебі бұлардың үлкен күнәлы істері болып, соған тәуба қылмай, содан дертті болуы мүмкін дейді. Олар күнәлы істерін ел алдында айтуға қатты сасып қиналады, Марғұба ондай болса, өзінің бата бермейтінін айтып талап етеді. Олар амалсыз көнеді де, әрқайсысы өз ретімен көп алдында бір бейшара әйелге еткен қиянаттарын, жасаған зорлықтарын жайып салады. Жиылған жұрт олардың істеген қиянаттарына қайран қалады, сол сәтте Марғұба өзінің кім екенін жария етеді.


  • Сақтаса, Тәңірім өзі болар қорған,


Үш залым бір қатынға жапа қылған.

Сол бейшара қатынмын мен - Марғұба,

Залымдардың қолынан халас болған, - деп

бастап өзінің қанша қорлық көрсе де, бір Аллаға сиынудан танбағанын айтады. Сондықтан да Тәңірінен өзінің жақсылық көргенін, қиянатшылдардың Тәңірден қорықпай, залымдық етуінің нәтижесінде қор болып алдына келіп отырғанын баяндайды. Жұртқа өзін де, күйеуін де таныстырады:

Мұрат Салық – халалым, ерім менім,

Түркістаным – шаһарым жерім менім.

Елімнен шығып жүрген мәнім осы,

Қалмады айтылмаған сырым менім, -

дей келе залымдардың Тәңірге тәубе қылуын талап етеді. Өзінің де батасын беретінін айтады:

Құдайға бұлар тәубе қылсын, - дейді,

Жаман ниет көңілден қалсын, - дейді.

Райдан қайтқан адам сауап табар,

Мен батамды берейін, алсын, - дейді, - деп дін, сопылық ілім жолындағы адамның кешірімшіл болатынын көрсетеді. Сонша жанына азар берген жандар алдына келгенде, жүрегіне Алланың нұры құйылып рухы тазаланып тұрған Марғұба залымдарды тәубесіне түсіріп кешірімін береді. Күйеуіне қосылып, еліне – Түркістан шаһарына қайтады. Күйеуі Мұрат Салық Құдай бақ беріп, патша болады:

Бақ берді Марғұбаға патша Құдай,

Жанның бәрі ескерсін мұнан былай.

Адамзат өз пиғылынан күнәһ табар,

Құдайдың құдіретінің бәрі осылай.

Марғұба қаңғырыпты талай жаққа,

Қараңызшы, Құдайым берген баққа.

Өзінің ниетінің дұрысынан

Отырды Мұрат Салық алтын таққа.

Сөйтіп, сопылық ілімді негіз етіп жырланған діни хикаялық қисса кейіпкерлері барша мұрат-мақсаттарына жетеді. Олардың мұрат-мақсаттарына жетуінің кілті – өздерінің хақ пейілділігі мен жан тазалығында. Бұл - олар ұстанған сопылық ілімнен бастау алып жатқан арна. Ниеті адал, көңілі таза жандарға осылай бақ қонады. Қоғамды рухани тазарту жолы деп, сонау Ясауи бабамыздан бастау алған сопылық іліммен діни кітаби нәзирашыл ақын Ақылбек Сабалұлы адал жар Марғұба оқиғасын қисса етіп жырлап шығады. Олар қоғамның бұзылған реңін көpiп қиналады, соның eмi ретінде сопылық ілімді ұсынады. Жан азығын, іздеген жан жоғын осыдан табады. Бұл ілімдегі Аллаға деген ғашықтықты кітаби ақындар адам баласының рухани жарақатын емдейтін таптырмас дәру деп бағалайды.

Діни нәзирашыл сопы ақындар осындай шығармалары арқылы ел көңіліне адалдық, мейірім, әділдік нұрын ұялатқысы келеді. Алла жолына адал мейірімді, жомарт бола білген адамның кемелдікке жол алатынын айтады. Демек, сопылық ілімді насихаттаудың өзі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамына қажеттіліктен туындаған діни ағартушылық идеясын насихаттау болып табылады. Сопылық пен діни ағартушылық ұстанымдары қабысып кеткен тұстары діни ақындар тарапынан терең түсіндіріледі. Сопылық - көр соқыр қараңғылық, жоққа сену емес, терең білімге ұмтылып, Хаққа, ақиқатқа жету. Ақиқатқа тек білімділер ғана қол жеткізеді.

Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармалар жинағы кеңес дәуірінде «Назым» деген атпен 1972, 1982 жылдары кітап болып басылып шығады. Бір атаумен екі рет жинақталып шыққан ақын мұрасының кейінгі 1982 жылғы үлгісі алдыңғыдан көлемі толықтырылып шықты. Осы жинақтардың «Дастандар» аталып берілген бөлімінде ақынның «Марғұба» қиссасымен тақырыптас нәзиралық туындысы «Рауа Бану» бар. 2007 жылы ақын мұрасы «Т.Ізтілеуұлы. Шығармалары» деген атпен басылып шықты. Мұнда алдыңғы жинақтарда «Рауа Бану» атауымен беріліп келген туынды кітаптың «Мысал, хикая, дастандар» бөлімінде «Орданың хикаясы» болып беріледі. Жоғарыдағы сюжетті негізге алған Тұрмағанбет Ізтілеуұлы өз дастанын діни сопылық сарында жырлайды. Ақынның кеңес дәуірінде жинақталған шығармаларында оның дінге, сопылық ілімге қатысты жырланған ой-пікірлері алынып тасталған. Сондықтан да алдыңғы жинақтар мен кейінгі жинақтағы шығарманың арасында мәтіндік айырмашылықтар көрінеді. Мәселен, 1972 жылғы жинақта берілген «Рауа Бану» мынадай өлең жолдарымен басталады:

Тоқталмай топ ішінде, тілім, сөйле,

Дауамат тұра алмайсың мұндай тейде.

Жаһанның тұрақсызы түciп ойға,

Қалмай ма қапаланып көңлің кейде.

Жеті ықылым жетегінде болғанменен,

Киерсің үш-ақ қабат бөзден жейде.

Жай жатпай сондықтан да жаз хикая,

Айтылып жүретұғын әр кірәйда.

Ecipкeп есіткендер eciнe алар,

Жан жорытпас жатқаныңда бip түлейде.

Наһанын сеннен сұрап тұр жұрт,

«Отыр,- деп,- өте терең бүркемейде»

Шешенсіп шелиюдің керегі не,

Сөзіңді сақтап қойып құр көмейге» [85,172].

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі ақын жинағында бұл жолдар өз қалпына келтіріліп, ақын сөзі мен ойы орнына қойылып былайша беріледі:

Тоқталмай топ ішінде, тілім, сөйле,

Дауамат тұра алмайсың мұндай тейде.

Жаһанның опасызы ойға түciп,

Қалмай ма қапаланып көңлің кейде?

Жеті ықылым жетегінде болғанменен,

Киерсің үш-ақ қабат бөзден жейде.

Халін біл, Хақ үкіміне мойынсұнып,

Ерте-кеш ет пенделік, едірейме.

Жатпа тек және дағы жаз хикая,

Айтылып жүретұғын әр кірәйда.

Ecipкeп естігендер етер дұға,

Жан жорытпас жатқаныңда бip түлейде.

Нәһанын сенен сөздің сұрап тұр жұрт,

«Отыр,- деп,- өте терең бүркемейде».

Шешенсіп шелеюдің керегі не,

Сөзіңді сақтап қойып құр көмейге» [86,398].

Шығармаға кіріспе ретінде жырланған бұл жолдардан ақынның діни және сопылық ілімдік ойларын танытатын сөздердің кеңес дәуірінде арнайы алынып тасталып отырғаны анық аңғарылады. Осындай өзгешеліктер мына өлең қатарларынан да көрінеді.

1982 жылғы нұсқада:

Елінде Ысырайылдың бар ед қатын,

Деуші еді «Рауа Бану» оның атын.

Жазы-қыс жақсылықты жадына алып,

Уәли ед өне бойы отыратын [85,172].

2007 жылғы нұсқада:

Елінде Исрайылдың бар ед қатын,

Деуші еді «Орда Бану» оның атын.

Жазы-қыс Жаппар Хақтың жадын айтып,

Уәли еді өне бойы отыратын [86,398].

Бұл үзінділерден кеңес дәуірінің дінге, сопылық ілімге қатысты ұстанған саясаты көрініс табады. Ал ақынның өзі жырлағалы отырған шығармасының кіріспелік ой толғамында бұл жалғанның өтпелілігін, сондықтан Хақ үкіміне мойынсұнып, иманды момын халде өмір сүрудің қажеттілігі шығармашылық адамның елдің одан күткен көркем де, даналықты жырлайтын туындылар сұрауына лайықты жауап беріп, ер артында сөз асылының қалуын дұрыс деп біледі. Ақын замандастарына, кейінгі жас толқынға өзінің діни ойлары мен адал өмірді уағыздайтын насихатын «Орданың хикаясы» аталатын түп тамырын шығыстан тартқан әрі пәлсапалық, әрі діни сопылық нәзиралық туындысы арқылы ұсынады. Өмір бойы шағатай-түрки, араб, парсы тілдерін және сол тілдердегі әдеби, діни шығармаларды оқып қалыптасқан ақынның өлкемізге кең таралған Ясауи сопылық ілімін жете танығаны, шығармаларында жырлағаны анық.

Қазақтың ұлттық фольклоры, әдеби мұрасы және шығыс классикалық әдебиетінен нәр алып өскен ақын еліне қажет рухани азықты бip замандарда айтылған аңыз-әпсаналардан, ертегілерден алуды, шығыс дастандарынан жырлауды мақсат етеді. Замана құбылысын, замандас келбетін оның ішкі әлемінің жүдеуін, жадағай тартуын ұлттық рухпен, діни сопылық іліммен және шығыс діни фәлсафасымен нәрлендіруді қалайды, заман адамының рухани әлемін байытуды көздейді. Т.Ізтілеуұлының «Рауа Бану» дастаны да «Марғұба» қиссасы секілді нәзиралық туынды. Нәзирашыл ақындардың әрқайсысының жырлау ерекшеліктерімен қатар, шығармашылық қиял, ой ұшқырлығы әрқилы. Соған орай шығармалар оқиғалар барысы, сюжеттік желісі нәзиралық дәстүр аясында болса да, өзіндік өзгешеліктермен беріліп отырады. Шығарманың жырлануы, кейіпкерлер әлемі, сюжеттік-оқиғалық желінің өрілуі және шығармашылық шешім нәзирашыл ақындардың бip сопылық іліммен сусындағанын, туындыларын толықтай сопылық ілім негізінде жырлағанын аңғартады.

Марғұбаның epi қажылық сапарға аттанса, Тұрмағамбет ақын кейіпкері Орда Банудың epi әлeyмeттiк ахуалдарының төмен болғандығынан, амалсыздан алыс сапарға аттанады.

Адал ниетті жандардың көп қайғыға душар болып, азаптануы көбіне көп тура жолдан тайған, азғындаған, Жаратушының қаһарынан қорықпайтын надан, харам жандардың кесірінен болып жатады. Орда Банудың да көп тауқымет тартуы жаттан емес, жанына жақын, өздері сенген жандардан келеді. Күйеуі кеткеннен соң қайнысы Ордаға бұлай деді, отырғанда мәжіліс құрып::

-Ей, жеңге, жан-діліммен едім ғашық!

Keттi ағам келе алмайтын жолға қашық.

Өткізбей өмipдi бос балалықта,

Тұрайық татулықпен араласып.

Етейік енді ұзамай ойын-күлкі...

Етті,- деп, - тілегімді Тәңірі қабыл.

Осы кезде Рауа Бану ниеті ақ, пәк жүректі пенде ғана емес, ақтық яки әділет үшін күресетін күрескер дәрежесінде көрінеді. Сұлулығына қызығып, нәпсісін тия алмаған қайнысына асқан сабырлылықпен, білімділікпен жауап береді:

Ағаң жоқ болғанымен Алла дайын,

Аз өмір, әлі-ақ заман батар айың.

Қатынды қасиетсіз қайдан таптың,

Батпаққа батыратын белден байын?

Отырам өле-өлгенше сақтап хақын,

Отырма, олай десең, маған жақын.

Көзіме көрінбе енді, кет үйімнен,

Дініңе диуана екенсің ұрған зақым!

Үзіндіден адал әйелдің Алла жолына берік екендігі, бұ дүниемен қатар о дүниенің қамын да ойлайтындығы, еріне адалдығы көрінеді.

Қайнысын сабырға шақырып, нәпсінің жетегіне ермей ақырет күнді ойлауға, ағасының ақ төceгiн аяққа таптай алмайтындығын айтып ақылға шақырады. Әйтсе де, қайнысы алған бетінен қайтпайды, дегеніне көнбеген жеңгесінен кек алуға кіріседі. Шығармадағы кейіпкерлердің осылайша қарама-қайшылықта сомдалуының өзінің де шығармашылық, көркемдік себептері бар. Туынды діни тақырыпты болуы себепті іс-әрекетке әзәзіл араласады. Ол әрқашан негізгі кейіпкерге қарсы бейнелерді қайрап салушы, азғырушы болып отырады. Орда Банудың рухани тұрғыдан әлсіз қарсыластары үнемі оның жетегінен табылып жатады.

Артынан әзәзіл де оның жетіп,

Өз-өзін үйреніскен жар-дос етіп, -

деп қайнысының түзу жолдан таюына түбегейлі себепкер болады.

- Қорқытсаң айтқаныңды етер,- деді

Жігіттік желдей зулап өтер,-деді.

Барында базарыңның қудай шалқы,

Қайта бар, тұрмай мұнда бекер деді.

Ібілістің дегеніне көнген қайнысы Бануды тағы азғыра бастайды.

Өзі сенген адалдық, ақтық тазалық жол Орда Бануды еш адастырмайды. Ол бүгініне ғана емес, ертеңіне ақырет күніне еш шүбәсіз сенеді. Өзі сенген сенімге, адалдыққа өзгелерді де сендіруге күш салады. Hәпсі қозғаса қанағатты ойла, қиындық кездессе, ол үшін мойыма шүкірлік етіп, тәубеңді ойла. Егер арам пиғылың болса, оны өзгеден жасырғаныңмен Алладан жасыра алмайсың, тобаңа кел. Сен жаратушы емес, тек жаратылыссың ертеңгі күні ақырет сәтінде сұрақтарға жауап бepiп бес күндік фәни тipшiлiктeгi әр бip iciңнiң жауабын алады. Сол күндерді ұмытпа. Періште келіп icтeгeн ісіңе жауап сұрағанда, бұл өмірдегі бар ic әрекетіңмен соған дайын бол. Азғана күнгі тірлігіңді мәңгілік деп есептеме, шайтан жолына epiп азғындама. Адамдығыңды аяққа таптап, пенделіктің қамытын киме, жасанды, алдамшы тіршіліктегі құлқыңды нәпсі үшін нәсіліңді ұмытып адалдықтан аттама. Орда Банудың бар ic-әрекеті, міне, осыны насихаттайды. Сондықтан да Орда Бану қайнысына батыл да, шешімді жауабын:

Орда: - Арманым жоқ, - деді, - өлсем,

Жолында Жаппар Хақтың жаным берсем,

Боламын қияметте қара жүзді

Егерде айтқаныңа сенің көнсем, -

деп береді. Айтқанын етпеген соң қайнысын ашу қысып, жалған төрт куәні жалдап алып, жеңгесін зинақор деп айыптайды. Ібілістің жетегінде кетіп, ой-санасын бүтіндей нәпсі жаулап алып, көңілін қапас қараңғылық тұманы жайлаған қайнысы Орда Бануға жала жабады. Оған зина жасаған әйелге кесілетін шариғаттың «тас боран» жазасы бұйырылады.

Шынайы діни дүниетанымда, сопылық ілімде адам баласы төзімі, сенімі сынға түскен қиын сәттерде қанша қиналып тұрса да, Алланың рахымынан ғана үміт етеді. Өзінің тек Алланың жаратылысы екенін, бұ дүниенің өтпелі жалған екенін, сынақ екенін жадынан шығармайды. Өзі түгілі пенделіктен пәк пайғамбарлар да азап шеккенін, олардың көрген сынағының қасында өзінің басынан өтіп жатқан оқиғалардың түк еместігін ойлап, қиямет күніне тәубе етеді. Нәпсі жолына түсіп, азғындаған адамды - «надан» дейді. Көңіліне сәуле түспеген, адал жолды көрмейтін жандарға көкірегі ояу, сопылық іліммен сусындаған Орда Бану биіктен, сабырмен көз тастайды. «Жалғыз қайным жөн білмей болды надан»,- деп қайнысының адам айтқысыз жауыздыққа баруын надандықтан, көзін ашып, көңіліне сәуле түcipiп тұратын Құдай жолын үйрететін білімнен мақұрым қалғандығынан деп түсінеді. Жәрдем берер жалғыз жаратушы ғана екеніне нық сенеді. «Санасызға айтқан сөз, Құмға сіңген су мен тең» - деген сөзді ұстанғандай, оған артық оғаш сөз шығындамайды. Тарихаттан мысалдар келтіріп, Алланың жаксылығын нық сеніммен күтеді. Басына түскен бейнетке шүкіршілік етеді.

Үйілген тас астында қалып, өлім аузында жатқан Орда Банудың өзінің адалдығына, Алланың рахымдылығына соншалықты ceнiмi, шындығында, адамды таң қалдырады. «Марғұба қатын» қиссасында Марғұбаны тас астынан құтқаратын жай бip жүргінші Ғараб деп берілсе, «Орда Бану» дастанында араб деп нақты бip ұлттың атын айтады.

...Сол жерге шаруа бip араб келген,

Кідіріп, тыңдады да тұра қалды.

Шыққан соң шамалы ыңыл осы жерден,

- Дыбыс,- деп тұрды қарап, - қаяқтағы?

Қолында бар еді оның таяқ-тағы.

Түрткілеп тасты аударып көре берді,

Итеріп етігімен аяқтағы.

Орда Банудың сондай сеніміне лайық оны Құдайдың құдіретімен бip араб жігіті құтқарып алады. Бұл арқылы ақынның айтпағы Алланың өзi сүйген пендесін сынаққа салғанмен ажал аузында қалдырмайтындығын сопылық іліммен жеткізеді. Бұл нәзирашыл кітаби ақындардың мұсылмандық шығыстың діни-рухани білімімен сусындауының, сопылық ілімнен нәр алуының айғағы. Шығарма кейіпкерінің сынағы онан әрі жалғаса түседі. Тас астынан аршып, өлімнен арашалап, емдеп сауықтырып алған жігіттің де оған көңілі ауады:

Ордаға оның-дағы кетіп ғишқы,

Қалжыңдап, қиқарсып кеп қолын қысты.

Тітіреп тұла бойы қорқып Хақтан,

Ойла, - деді, - ақиретте болар істі, - деп Орда Бану оны ақылға, сабырға шақырады. Өзінің Алланың ақ жолынан айнымайтынын, шариғаттың заңын аяққа баса алмайтынын айтады. Араб жігіті де оның айтқанымен келісіп:

Деген соң, «олай болса, тәубе еттім» деп,

Ордамен ақиреттік дос болады.

Адалдық, парасаттылық салтанат құрады. Алланың қағидаларын орындап, нәпсінің емес, иманның жолынан үн қатып, аз да болса Ордаға жәрдем бepiп Алланың сауабын алайын деп өзінің ағалық қолын ұсынады. Жат деп емес, жақыным деп құшақ ашады. Әйтсе де, Орданың көрер қиындығы жалғаса береді. Өйткені автор мен туындының тақырыптық және шығармашылық мақсаты бойынша сопылық таным иесі-кейіпкер дәруіштер көрер қиындықтардан өтiп, ғаріпшілдіктің ауыр сынынан соң ғана Алланың мейір-шапағатымен мұрат-мақсатына жетуі тиіс. Бұл жағынан алғанда, туындылар көркемдік шешім тұрғысынан ұқсас, кейіпкерлердің көптеген қиын сынақтар арқылы бақытқа жету идеясы өрілген. Шығарма композициясы осындай идеямен жабдықталып, соған орай шебер шиеленістерге құрылған.

«Марғұба қатын» қиссасында ақын өз кейіпкерін сындарлы сынақтардан өткізуді жөн санайды. Достық пейілмен eciгiн ашқан арабтың iнici Марғұбаға ғашық болып, пейілі ақ жанның басын шырғалаңға салса, «Орданың хикаясында» үйіне паналатып, қияметтік қарындас қылған жігіттің eciк алдындағы қара кұлы «ғашық болып» кейіпкерге көп қиындық келтіреді. Ол шығармада былай беріледі:

Бip қара кұл бар ед коңқақ мұрын,

Көрген жан «құрсын» деуші ед оның түрін.

Оның да Ордаға ғишқы кетіп,

Cyбх уа шам салушы еді көздің қырын.


Арам пиғылды, надан құл Орданың адалдық, тазалық туралы айтқан сөзіне қатты ашуланады. «Кеуіліне кейігенін кек тұтынып, Осы құл ортасында тұрып түннің» адал жанға жала жауып, қиянат жасайды. Залым құл шімірікпестен өз қожайынының жалғыз перзентін өлтіріп, жаласын Орда Бануға жабады. «Марғұба қатын» қиссасында арабтың інісі нәпсінің жетегіне еріп, туған ағасының емшектегі нәрестесін бауыздайды.

Баласын баярының барып шалды,

Ұйықтап ед ол уақытта жұрттың алды.

Десін,- деп,- осы өлтірген үйдің iшi,

Ycтiнe Орданың жақты қанды.

Мысықтай маймалаңдап барып қана,

Пышағын бас жағына тықты жана,

Кеуіліне келді едәуір мақтаншылық,

«Кегімді алдым ғой, - деп, - көрген мана.

«Марғұба қатын» қиссасында Марғұбаның нақақ жаланың құрбаны болғанына имандай кәміл сенген Ғараби «әйелімнің мінезі нашар, кектесіп жүрер. Сенің ақ екеніңе күмәнім жоқ» деп Марғұбаны шығарып салса, бұл оқиға барысы «Орданың хикаясында» былай суреттеледі:

«Бәрі де: - Бұл айтқаның дұрыс,- деді,

- Жаламыз біздің еткен бұрыс, - деді.

- Кешіріп қатемізді осы қылған,

Ал бізден төрт жүз теңге күміс,- деді.

Ордаға беріп баяр төрт жүз теңге,

Күніңді ет, келгенше ерің шығып кеңге.

Біреудің кесепаты тағы тиер, -

Деп жылады, - емес ед,- деп,- ойым өңге».

Осылайша Орда Бану сапарға аттанады. Бір шаһардың базарында жұрт шуласып бір жерге жиналып жатыр екен. Ортада үлкен дарақта бір жігіт асып өлтіруге бұйырылған екен. Жөнін сұраған Бануға оның төрт жүз теңге борышты болып, өлім жазасына кесіліпті. Сопылық ілімді ұстанған Алла жолына шүбәсіз сенген Орда Бану еш қысылмастан жігітті ажал аузынан алып қалуға ұмтылады. Ақшадан адам өміpiн биік қойып, өзінің ой парасатының биік екенін тағы да дәлелдейді. Бірақ бұл да оның жасаған жақсылығын сол сәтте ұмытып, «ғашық» болып, бәле болады. Бұл сәт те Марғұба оқиғасымен сәйкес келеді.

«Марғұба қатын» қиссасындағы оқиғалық желі «Орданың хикаясында» да ұқсас болып, қайталанып жырланады. Өзінің басына сор боп жабысқан, шексіз сұлулығымен, нәзік жанды әйел болғандығын ecкepiп тағы да басыма қиыншылық туар деген ниетпен істейтін ic-әрекеті «Орданың хикаясында» өзінің жынысын жасырып, еркекше киінуімен көрінеді. Сопылық іліммен сомдалған тұлғалар Марғұба мен Орданың ой түюлерінше, оларға көп қиындық келтіретін кейіпкерлер ақыретті түсінуге, Алла құдіретін ұғынуға шынайы ғашықтық сезімнің мөлдір тазалығын сезінуге ой-өpicтepi, білімдері жетпейді. Айналасы осындай жандарға толған, ғаріп жанға қол ұшын созар жан табылмағанда, әйелдің үміт eтepi әрқашан бір Алла және оның рахымы болып отырады. Кейіпкерлердің өлімнен емес, залым жандардан жаны шошиды. Қанша бейнет көрсе де, Хақ жолынан таймаған кейіпкерлерге шығарма соңында Алланың рахымы түседі де, жауыз жандар Тәңірдің қаһарына ұшырайды. «Орданың хикаясында» рахымы түскен пендесін Алла сопы патшаға жолықтырады, бұл да - шығарманың тақырыптық тұрғыдағы өзіндік ерекшелігі, шешімі. Сондықтан да сопы патша «Патша еді фазылатты дәті бepiк» деп суреттеледі. «Көңіліне жан екен, орнаған нұр» деп падиша Орданы пір тұтынады. «-Дауамат дуғаңыздан тастама»,- деп, өтініп отырады. Патшаның осылайша қадірлеп өзгеше қабылдауынан, жағдай жасауынан кейін Орда Банудың бipжола дін жолына қызмет етіп, сопылық іліммен өмір сүруіне толық мүмкіндік туады. Алланың рахымымен Орда Бануға керемет емшілік қасиет дарып, ен дәулетке ие болып, атақты болады. «Орданың хикаясындағы» осыдан кейінгі оқиғалар «Марғұба қатын» қиссасында жырланбайды. Демек, өзегі бір нәзиралық екі туындының түйінді шешімі дербес шығарылған. Тұрмағамбет ақын жырлауында Орда Бануды үлкен құрметте қарсы алған патша ауыр науқасқа ұшырайды:

Падиша бip күндері болды хаста,

Жақындап, жазылуы тағдыр баста.

Орнында отыратын ұлы жоқ ед,

Сол үшін түсті уайым кәрі жасқа, - деп сопы патша тағдыры үшін ел-жұртының патшасы үшін шын қайғырғаны жырланады. Дерті меңдеген патша Алланың жазмышымен бақыл боларының алдында жамағатын жинап, өзінің орнына, патшалыққа Орда Бануды ұсынып кетеді. Бұл сәт шығармада:

Падиша:- Жыламаңдар,- деді, - халқым,

«Шәрбатын» бұл өлімнің татады әркім.

Орныма осы жігіт отырсын,- деп,

Жаһаннан жұмып көзін болды марқұм, - деп беріледі. Артында қалған елі Орданы ортаға алады:

«Дүниеден өмipі бiтiп өтсе де өзi.

Біздерге бар еді,-деп,-сондай сөзі»,

Орданы үлкен-кiшi ортаға алып,

Өтінді «падишаның бол,-деп, - көзі».

Бұл жолдандан шығарманың өзіне тән, тақырыптық ерекшелігіне орай патша, патшалық, ел-жұрт өзгеше әуенде сопылық танымда жырланғаны аңғарылады. Соған орай, Орданың шешімі де, патшалықтан бас таруы да лайықты жырланады. Ол адал ниетінің арқасында «Жетістім мәртебеге бұл сияқты, Өзіңдей хақын сақтап ердің,-деді» дегеніндей жан жарымен қайта қауышып, бақытқа қол жеткізеді. Шығарманың бұл шешімі автордың діни сопылық ойларымен сабақтастықта «Қайтадан қосып, Алла, осы екеуін, Тудырды өздерінен төрт ұғылды. Пайғамбар төртеуін де етті Тәңірім, Алланың айтты олар халыққа әмірін» деп, адал ниет, ер хақын сақтау бақытты перзентті өмірге, перзенттерінің Алла Тағала пайғамбарлары болуымен байланыстырылып беріледі.

Шығарма соңында автор оқырман қауымға арнап діни сопылық ойларымен қорытынды жасайды:

Олардай артым абат болсын десең,

Алланың әмірінен асылы аума!

Қолыңа туралықтың туын алғын,

Жазылған жақсылыққа ұшырауға...

«Хаққа – дос, халыққа бас» болам десең,

Ерте ізде, елеуремей, тауфиқ, тәуба...

Осы шығармалардың негізгі оқиғаларының желісін, басты кейіпкерлердің діни сопылық ұстанымдарын, жан тазалығы мен рух биіктігінің кітаби ақындар тарапынан жырлануы өзге нәзиралық шығармаларға да ұласып жатты. Солардың бірі – «Болат-Жанат» қиссасы. Шығарма оқиғасы жырланатын мекен – қазақ жері, орта – қазақ арасы. Оқиға ноғайлы елінде, Шолақ деген шаһарда, Мақалбай деген бір бай бар екен деп басталады. Кейіпкерлердің аты да қазақша: Болат, Жанат [87,15-63 бб]. Сол секілді Қызыл жыршы Мырзабек Байжанов жырлаған «Мұңлы Сейіл» нұсқасында да кейіпкердің тақсірет тартуы қазақ даласында болып өткен ескі хандықтар қалаларында өтеді. Олар Қалаш, Зарлық қалалары. Жамал патшаның қол астына қарасты хандар Егей хан, Сығай хан, Борай хан, Алаша хан деп беріледі. Басты кейіпкері – Алаша ханның жылғыз қызы Күлбала перзентсіз Жамал патшаға тұрмысқа шығады. Аяғы ауыр болады, осы сәттен бастап ол көп тақсірет тартады. Шығарма соңында беймәлім әулиеге айналған Күлбала «Марғұба қатын», «Орда Бану» шығармаларындағыдай қиянатшылардың бәрін мойындатады, жазалайды. Демек, осы тақырып сопылық таным тұрғысынан жырлау дәстүрі жалғасын тауып отырған [88, 55-116 б].

Хазiретi Мұхаммед пайғамбарға алғаш құдайдан келген бұйрық «оқы» екендiгi баршамызға аян. Мүмкiн бұл ортағасырлық кезеңде ғылым, бiлiм жөнiнде алғаш айтылған сөз болса керек. Демек, мұсылмандық жол – бiлiм жолы, ал сопылық – рухани бiлiм жолы. Ислам діні бойынша әрбір мұсылманның білім іздеуі парыз екендiгi шариғат үкiмдерi бойынша анық дәлелмен белгiленген. Оған адамзат баласына алғаш келген аяты - «оқы» деп басталатын Құраннан да, «бесіктен қабірге дейін білім ізде» - деген хазiретi Мұхаммедтiң (ғ.с) хадистерінен де көптеген мысалдар келтіруге болады.

Ахмет Ясауидің Пақырнамасындағы шариғат мақамдарының жетіншісі - «ғылым үйрену».

Құл Қожа Ахмет ғалымдарға қызмет істе,

Ғалымдардың сөзін естіп амал істе.

Амал істеп, Хақ жолына жаныңды бер, - деп Алла Тағала дидарына ғашық болудың өзін ғылым-біліммен сабақтастықта жырлайды. Сондықтан мұсылман әлемінің сопылық ілімінің негізгі бастауы ғылым-біліммен тығыз сабақтастықта қарастырылды. Сол себепті де діни кітаби ақындар жырлаған қиссалардың біршама бөлігі ғылым-білімді тақырыптық өзек етті, уағыздады. Сол арқылы қазақ әдебиетін тақырыптық, жанрлық және көркемдік жағынан өсірді. Осы әдеби үдерістің бір көркем көріністері ретінде «Сұлтан патша» қиссасын, Базар жыраудың «Айна-тарақ» дастанын, сол материалдармен сабақтастықта дүниеге келген Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романын айтуға болады.

«Сұлтан патша» дастанының сюжеті “Мың бір түннен” алынған [89]. Шығарманың басында ол туралы жырлаушы «Бұл өзі өлең емес, әңгіме екен» деп береді. «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 24-томында «Қытайдағы қазақ фольклоры. Хикаялық дастандар» қатарында беріледі [90].

Сұлтан патшаның үш ұлы да уәзірдің қызын өздеріне жар еткісі келеді. Патша үшеуін алыс сапарға ғылымның жаңа жетістіктерін меңгеріп, алып келуге жұмсайды. Үлкені өлген адамды тірілтетін шиша, ортаншысы алысты көретін айна, кішісі ұшатын тақтай алып келеді. Олар қайтар жолда кездесіп айнадан қыздың өліп қалғанын көреді. Тақтаймен ұшып келіп, шишамен тірілтіп алады. Үшеуі қызға таласып, бір шешімге келе алмаған соң Сұлтан патша ғылым-білімнің нәтижелі ісін шешуді білімді молдаға тапсырады. Молданың ұйғарымы бойынша патшаның кенже ұлы уәзірдің қызын өзіне жар етеді. Осылайша білімге ұмтылу, ғылым жетістігін пайдалану діни кітаби ақындар тарапынан да таза ұлттық дәстүрдегі ақын-жыраулар тарапынан да қолдау тауып, жырланып жатты. Сондай еңбектің бір нәтижесі Базар жырау Оңдасұлы жырлаған “Айна-тарақ” дастаны. Екі шығарманың жалпы мазмұны бірдей. Дегенмен “Айна-тарақ” дастанының аталған қиссадан айырмашылығы жоқ емес, мысалы, бұл дастанда үш ағайынды жігіт қызға таласып емес, кезекті саяхатқа шығады. Бір шаһарға келіп, бірі – алыстағыны көретін айна, біреуі - өлген адамды тірілтетін тарақ, енді бірі – ұшатын кілем сатып алады. Айнадан өліп жатқан ханның қызын көреді. Кілеммен ұшып келіп, тарақпен тірілтіп алады. Қыз тарақ сатып алған жігітті таңдайды. Сюжеттері ортақ екі шығармада ағайынды үш жігіт таласқан қыздың тағдыры әртүрлі шешіледі. Қызды “Сұлтан патша” қиссасында білімді молда тақтаймен ұшып келген жігітке ұйғарса, “Айна-тарақ” дастанында қыз тірілтетін тарақ сатып алған жігітті қалайды.

“Сұлтан патша” қиссасында шығыс дастандарындағыдай сипаттау, суреттеу жоқ. Кейіпкерлердің бір-біріне айтатын ғазал, монологтар мүлде кездеспейді. Қисса назиралық шығармалардың көпшілігінен өзгеше басталады. Дәстүр бойынша қиссашыл ақындар шығарма басында кіріспе ретінде Алла Тағаланы, оның елшісі Мұхаммет пайғамбарды, сахабаларды жырлап барып, негізгі оқиғаға көшіп жатса, бұл шығарманы жырлаушы бұл үлгіні ұстанбайды. Әйтсе де, ақынның бұл тақырыпты жырлауға рухани тұрғыдан мол даярлықпен келгені аңғарылады. Соған қарағанда, шығарманы жырлаушының ескіше жақсы сауатты болғаны көрінеді. Ол:

Ойладым бұл өлеңді жазайын деп,

Кейбіреу нәпсіден жүр азайын деп, -

деп мұсылманшылық, сопылық ойлар айтады. Шығарманың негізгі оқиғасы:

Болыпты бір патша салтанатты,

Халқына әмірлері жүрген қатты.

Атын айтсам мұның баян етіп,

Аты екен патшаның Сұлтан атты.

Малы көп кереметті патша екен,

Үш ұлы бар білмеген жаман атты, -

деп патшаның аты, оның үш ұлы бар екенін айтумен басталады. Ақын қазақы ұғыммен патшаның үш ұлына қалың бермей жүргендігін айтады:

Жүріпті үшеуіне қалың бермей,

Ұлдарын жаман-жақсы, тәуір демей.

Бұл ақынның шығыс фольклорлық материалын ұлттық дәстүрмен сабақтастырып жырлауын көрсетеді.

Күндердің күнінде патша үш ұлын шақырып алып, патшалықтағы кімнің қызына үйленгілері келетіндіктерін сұрайды. Ойланып келуге мұрсат береді. Үш ұл да Шаһибаз уәзірдің қызын алғысы келетінін айтады. Бұл іске не деп жауап беретінін білмеген патша оларды ұзақ сапарға өнер үйрену, ғылым-білім меңгеру мақсатында Ерен деген шаһарға жұмсайды. Үш ұлдың ұзақ сапарда шынығуы, түрлі қиын істерде шешім таба білуге дағдылануы, түрлі өнер үйреніп келуі мақсат етіледі. Бұл:

Азық-түлік үш ұлы алды сонда,

Сапар жүріп үшеуі шықты жолға.

Тілеуі үш ұлының бір болды енді,

«Бере гөр, бізге өнер осы жолда» деген өлең жолынан көрінеді.

Үзіндіден ақынның ағартушылық мақсат ұстанып, тақырып таңдап отырғаны аңғарылады. Кіші ұл базардан бір жарқылдаған асыл тақтай сатып тұрған кісіге жолығады. Бала қызығады. Тақтайдың мәнісін сұрайды. Иесі тақтайдың кереметін былай баяндайды:

Қас қаққанша басады жылдық жолды,

Зуылдап кетер ұшып оң мен солды.

Алсаң да, алмасаң да тек өзің біл,

Бос қойып отырасың екі қолды.

Бала қызыққан тақтай кейбір ертегілердегі ұшатын кілем секілді ұшатын тақтай болып шығады. Кіші ұлдың бұл сәттегі оқиғасы осы ұшатын тақтайды сатып алуымен байланысты:

-Тәуекел, - деді бала, - алайын деп,

Өнерін байқап енді қарайын деп.

Мың ділдәға тақтайды сатып алды,

Еліме жылдамырақ барайын деп.

Шығарма оқиғасы барысында кіші ұлдың ұшатын тақтайды сатып алуы оның сапары мақсатының орындалуын, алдағы оқиғалар шешіміне қатыстылығын көрсетеді. Сондықтан да шығарма оқиғасы ортаншы ұлдың жайын баяндауға ойысады. Шығармада кіші ұлдың ұзақ та, қиын сапары егжей-тегжейлі баяндалса, ортаншы ұлдың сапары оның бір қалаға келгенімен басталады. Бұл мәселе кіші ұлдың шығарманың негізгі кейіпкері дәрежесінде суреттелгенін көрсетеді. Ортаншы ұл да бір шәріге жетеді. Ол да базар аралайды. Бір айна сатып жүрген кісіге жолығады. Айнаның иесінің көңілі қалаған нәрсені ұзақ жерден көрсететін кереметі бар екен. Ортаншы ұл оқиғасы қысқа ғана жырланып, оның осы керемет айнаны сатып алуымен аяқталады. Оқиға сарыны үлкен ұлға ауысады. Оның да ұзақ сапары толық баяндалмайды. Тек бір қалаға келіп, базар аралап жүргені сөз болады. Үлкен ұлдың сатып алатын кереметті заты өлген кісіні тірілтетін су болады. Сатушы: - Мұны құйса, тірілер өлген адам.

Аспайды уақыты сол сағаттан,

Асып кетсе болмайды әр жаһаттан, - дейді.

- Керек екен, - дейді де әлгі жігіт,

Шишаны сатып алды саудаласқан.

Сұлтан патшаның үш ұлы кері қайтып үш айрық жолдың басында жолығады. Сөйтіп, қыздың не істеп жатқанын көргілері келеді. Айнаменен қараса, қыз өліп қалыпты. Ел-жұрт жиылып жерлегелі жатыр екен. Үш жігіт дереу ұшатын тақтайға мініп, жетіп келеді. Қызды жерлеуге алып кетіп бара жатқан көпшілікке «тоқтаңдар» деп айқай салады. Үлкен ұл өлгенді тірілтетін суынан қызға ішкізеді. Ол сол сәтте тіріледі. Енді үш ұлдың арасында қызды кім алуы керектігі жайында дау туады. Кіші ұл «менің керемет тақтайым болмаса, жете алмас едік» дегенді айтады. Ортаншы ұл «менің айнам болмаса, қыздың өлгенін білмес едік» дейді. Үлкен ұл сиқырлы суы болмаса, қыздың тірілмейтінін айтады. Сұлтан патша бұл мәселенің шешімін «Біреуі көрді, біреуі жылдам жетті, енді бірі жан салды» деп көпке салады. Халық істің мәнісін шеше алмайды. Сонда Сұлтан патша ұзақ жерде бір үлкен молданың барлығын айтады. Кісі жібереді. Молда мәселені дұрыс шешу үшін кітап ашады. Бұдан көрінетін жайт: ақынның білім, кітап мәселесін жоғары көтере жырлап тұрғаны аңғарылады. Молданың шешімі бойынша қызды кіші ұл алады. Шығарма оқиғасы осымен аяқталады. Тақырып және шығармашылық мақсат – негізінен, сопылық ілімнің бір саласы болып табылатын білім мен өнерді, ғылым жаңалығын уағыздау, халықты оқуға үндеу.

Шығыс халықтарының ертегілерінің сюжеттік желілерін негіз етіп, қисса, дастан жырлау шығармашылығымен тек діни ақындар ғана емес таза ұлттық жыраулық-ақындық дәстүрде тәрбиеленіп, қалыптасқан ақын-жыраулар да айналысты. Шығармашылығының үлкен саласын жыраулық дәстүр туындылары алатын Базар жырау Оңдасұлы да - жыраулық терме, толғау жаратумен бірге шығыс тақырыбына да көптеп барған ақын. Оның «Айна-тарақ» дастаны да «Мың бір түн» ертегілерін желі етеді [91]. Бұл шығарма - жоғарыда айтылып өткен «Сұлтан патша» қиссасымен оқиғалас, өзектес туынды.

      «Айна-тарақ» - сюжеті шымыр құрылған шығарма. Ағайынды үш жігіт бір қызға ғашық болады. Бірақ бірін-бірі білмейді. Үш жігіт мал саудасымен ұзақ жолға жүрмек болып, әрқайсысы жеке-жеке қызға келіп: «көңіліңе ұнаған нәрсеңді айт, әкеп беремін»- дейді. Қыз жігіттердің үлкеніне кілем алуды, ортаншысына айна, ең кішісіне тарақ әкелуді ұсынған. Бір ай жол жүріп, Бұхара  шаһарына жетіп, базарға айдап барған малдарын сатып болған соң, үлкен мың ділдәға кілем, ортаншысы мың ділдәға айна, кішісі үш мыңға тарақ сатып алады. Кілемді мініп алып ұшуға, айнаны биік жерге қойып дүниенің төрт бұрышын көруге, ал тарақты кеудесіне қойса үш күн бұрын өлген кісі тіріледі екен. Айнаның кереметін көру үшін биік жерге қойып, өз ауылдарына көз салған.

  ...Айнаның кереметі болған артық,

  Сәулесі түседі екен күнмен балқып,

  Дүниенің төрт бұрышын жақындатып,

  Алысты алады екен леппен тартып,

  


  Көп адам бір нәрсені көтерісіп,

  Шаһардан бара жатыр сыртқа таман.

  Кәдімгі хан қызы екен опат болып,

  Жиналған жаназаға сонша адам [92, 58].

      Үш жігіт кілемге мініп алып ұшып, жаназа тарқамай-ақ елге жеткен. Тарақты кеудесіне қойған кезде өлген қызға жан еніп, түрегелген. Тірілген қыз жігіттердің біреуіне ғана берілуі тиіс. Жігіттердің әрқайсысы өзінің алғанын орынды көріп, қызды бір-біріне қимай көп таласады. Бұл таластың түйінін шешуді хан қазылар алқасына тапсырған.

Шешпекке шиеленген мүшкіл сырды,

Сарапқа қазы салып кеңес құрды.

Тексеріп туралықпен түрлі жағын,

Ақылдың мизамымен өлшестірді.

Әбжаттың есебімен екшегенде

Тарақтың сан-салмағы болып тұрды,

Кілем мен айна парқын қосқанда тек,

Болыпты бағасы әрең тарақ құрлы.

Тарақтың тағы айрықша бір қасиеті

Жан беріп өлген қызды тірілдірді

Сондықтан қызды қосып кенжесіне

Кетірген көңіліндегі басқа кірді.

Қосылып екі ғашық бір-біріне,

Деп,- айтады өле өлгенше дәурен сүрді [92, 60].

«Сұлтан патша» қиссасы мен Базар жыраудың «Айна-тарақ» дастаны өзектес туындылар. Әйтсе де, әр шығарманың өзіндік ерекшелігі, бөлек көркемдік шешімі бар. Қиссада шығыс фольклоры материалы негізінде жырланған туындының шығыстық сипаты көбірек сақталған. Ал жырау туындысында ұлттық фольклорлық сипат басым көрінеді.

«Сұлтан патша» қиссасы мен Базар жыраудың «Айна-тарақ» дастаны арасындағы жалпы сабақтастық «Мың бір түннің» бір ертегісін негізге алғаны, ал шығарма оқиғаларындағы әрбір детальдар кітаби ақын тарапынан, Базар жырау тарапынан өзгеріске ұшырап отырған. Әрине, «Сұлтан патша» қиссасы «Мың бір түн» ертегісі нұсқасына жақын, ал Базар жырау дастанында көп жайттар ұлттық психология, ұлттық салт-дәстүр аясында беріледі. Мәселен, қисса мен дастанның басталуынан-ақ өзіндік өзгешеліктер анықтала түседі. Қиссада: үш ұл Сұлтан патшаның перзенттері, ұлдар ғашық болған қыз - уәзірдің қызы. Ал дастанда, біріншіден ұлдар – байдың, қыз – ханның перзенттері. Екіншіден, қиссада патша, дастанда хан деп беріледі. Мұның өзі - дастанның ұлттық санамен жазылғандығы, оқырманға түсінікті болуы ескерілгендігі. Сондай-ақ, қиссада патша ұлдары Ерен деген шаһарға сапарға аттанса, дастанда бай балалары мал сатуға барады. Қиссада патшаның ұлдарының кетерде қызбен жолығулары көрсетілмейді, дастанда хан қызымен мал сатуға кетіп бара жатқан бай балалары жеке-жеке кездеседі, олардың әрқайсысы «базарлыққа не әкелейік» деп сұрайды. Хан қызы үлкен ұлға кілем, ортаншы ұлға жақсы айна, кіші ұлға малы өтіп, пұлы жетсе, жақсы бір тарақ әкелулерін табыстайды. Екі шығармада да айна айна болып беріледі, ал ұшатын кілем ұшатын тақтаймен, өлгенді тірілтетін тарақ шөлмек сумен ауысады. Дастандағы кілем - қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінің ықпалының нәтижесі.

Қисса мен дастанда үш ұлдың сапарлары екі түрлі беріледі: қиссада үш ұл үш жол айрығына келеді, бірі - барса келер жолды үлкен ұлы таңдайды. Не келіп, не келмейтін жолды екінші ұл қалайды. Барса-келмес жолды кенже ұл қалауға мәжбүр болады. Үлкені мен ортаншысының жолда кездескен қиындықтары сөз болмайды, ал үшінші ұлдың жолының қиындығы ерекше болып, жыландармен, қалың ормандағы аюлармен соғысуы егжей-тегжейлі сөз болады. Ал дастанда малдарын сатқан ұлдар өздеріне тапсырылған заттарын Бұхар шәрінің қан базарынан алғандары ғана сөз болады. Мұндай құбылыс әдебиетте нәзиралық дәстүр делінеді. «Мың бір түннен» алынған «Сұлтан патша» қиссасы мен «Айна-тарақ» дастанын нәзиралық автор әрқайсысы өз қалауынша өзгеріспен жырлайды.

Дәуірінің ағарту саласындағы озық ойлы қайраткерлердің бірі болған Т.Жомартбаев ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің дамуына да мол үлес қосқан қаламгер болды [93]. Оның «Қыз көрелік» романы - осы кезеңдегі қазақ әдебиетіне ақын-жазушылар шығармашылығы арқылы еніп жатқан жаңа жанр романның қазақ топырағында өркендеуіне үлес болып қосылған туынды [94]. Шығармада жоғарыда айтылып өткен сюжеттік желі шамалы ғана өзгеріспен ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірімен байланыстырылып беріледі. Кейіпкерлер де, оқиға желілері де қазақыланған. Сюжеттері ортақ үш шығармада ағайынды үш жігіт таласқан қыздың тағдыры әртүрлі шешіледі. Қызды “Сұлтан патша” қиссасында білімді молда тақтаймен ұшып келген жігітке ұйғарса, “Айна-тарақ” дастанында қыз тағдырын қазы-билер шешіп, қызды тірілтетін тарақ сатып алған жігітке балайды. Ал «Қыз көрелік» романында жазушы заман талабына сай оқыған қыздың өз қалауына салады. Автор ертегі сюжетін пайдаланғанымен, ол жігіттерді емес өзі теңдес оқыған Мұхаметғалиды таңдайды. ХХ ғасыр басындағы тақырып - әйелдің бас бостандығы. Бас бостандығы өзінде ХХ ғасырдың жаңа адамы Ғайникамал өз тағдырын өзі шешеді. Мұның өзі автордың оқырманды ілім-білімге, оқуға үндеуі деп білуге болады. Осылайша қазақ әдебиетінде «Мың бір түннің» бір ертегісінің желісін өзек еткен үш нәзиралық шығарма дүниеге келген. Үшеуі де сопылық ілімнің негізгі тақырыптарының бірі - білім, ғылым өркендеуінің адамзат баласының игілігі үшін зор мүмкіндіктер туғызатын ерекшелігін үндейді. Әйтсе де, осы арада бір дәстүр аясында туған үш туындыдан үш түрлі әдеби құбылысты аңғаруға болады. «Сұлтан патша» қиссасында прозалық туынды поэзиялық шығармаға айналу үдерісін бастан кешті. Сонымен бірге, қисса авторының өзі тарапынан ғылым-білімге үндеген өмірдегі таза бейілге, көңіл тазалығына, түрлі жаман пиғылдан арылуға, нәпсіні тыйып ұстауға шақырған қиссашыл діни ақынның сопылық ойлары анық аңғарылады. Ал Базар жырау ертегі оқиғасын қазақ еліне, хандық дәуірге алып келеді. Өлең өрнектері де 7-8 буынды толғау, жыр үлгісінде өрілген. Т.Жомартбаев романы ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының ағартушылық ойын, жастардың оқу оқуын, қазақ қызының теңіне қосылуын, жалпы, қазақ жастарының жарқын болашағын білім алу, өнер үйренумен бірлікте қарастырған көлемді прозалық шығарма, әрі жаңа роман жанрының туындысы.

Қорыта айтқанда, Ясауи хикметтері арқылы қазақ мәдениеті мен әдебиетіне айрықша сіңген сопылық ілім дәстүрлі жазба әдебиет өкілдері кітаби ақындар шығармашылығында, сол секілді ақындық-жыраулық поэзияда да ерекше көрініс тапты. Сондай-ақ, ХХ ғасыр басындағы жаңа реалистік жазба әдебиетте де заман талабына сай ықпал-әсерін жалғастырып, ағартушылық ой-өрнегімен астасып жатты.




Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет