Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)


«Қисса Шеризат» нұсқалары және олардың көркемдік



бет19/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
«Қисса Шеризат» нұсқалары және олардың көркемдік ерекшеліктері

Шеризат пен Гүлшат оқиғасын жырлайтын қазақ қиссалары ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында көп болды. Себебі қазір бұл тақырыптағы «Қисса Шеризат», «Қисса Шеризат-Күлшат», «Қарқабат», «Гүлзат-Шеризат», «Шеризат» секілді бір-біріне жақын атаулармен берілген бірнеше қазақ қиссалары бар. Тақырыбы мен мазмұны, сюжеттік желісі, кейіпкерлер әлемі, ең бастысы түп негізі бір бұл қиссалар бір ортақ тақырыпты өзек етіп жырлаған нәзиралық туындылар. Олардың ортақ түп негізі жөнінде «Бабалар сөзінде» Шеризат пен Гүлшат туралы қазақ қиссаларын сөз еткен ғылыми түсініктемеде былай береді: «Бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы бар Шеризат пен Гүлшат туралы қазақ дастандарының дүниеге келуіне орта ғасырдағы парсы әдебиетінде кең тараған, мазмұны өте қызықты, тақырыбы әр қилы, сюжеті шытырман боп келетін қара сөзбен жазылған қисса, хикаяттардың бірі – Шеризат пен Күлшат туралы әңгіменің себепші болғаны анықталды.

Осы хикаят ХҮІІІ ғасырдың басында әңгімешілердің аузынан жазылып алынған. Парсы тіліндегі байырғы қолжазбалар сақталған қорлардың барлығында дерлік бұл шығарманың нұсқалары кездеседі. 1862, 1863, 1871, 1988 жылдары хикаят орыс тіліне аударылып, Мәскеуде жарық көрген. Сондай-ақ дастан 1926 жылы Лондонда кітап болып шықты. Орта Азияда бұл шығарма тәжік, өзбек, қазақ тілдерінде кең тараған. Өзбекстан Республикасы Х.Сүлейменов атындағы Қолжазба институтында сақтаулы тұрған Шеризат пен Күлшат туралы парсы және өзбек тіліндегі бірнеше қолжазбалары қарастырылды: 1) «Хикаят ке мунизар», Ш.121/1, парсы тілінде, ХҮІІ ғасыр нұсқасы; 2) «Хикаят ке мунизар», Ш.4369/ІІ, парсы тілінде, 1255/1839 жылы көшірілген; 3) «Қисса-и Шеризад ва Гольшад», Ш.415/1, парсы тілінде, ХІХ ғасырдың екінші жартысында жазылған; 4) «Шеризад ва Гульшад», Ш. 2542/ҮІ, өзбек тілінде, т.б. Мазмұны жағынан бұл нұсқалардың арасында айырмашылық жоқтың қасы. Түсініктеме жазу үшін осы шығарманың Мәскеуде 1988 жылы жарық көрген ғылыми басылымы түпнұсқа ретінде пайдаланылды: Девять встреч. Персидские анонимные повести. – М., 1988. – С.29-116».

Келтірілген үзіндіден аталған қазақ қиссаларының түбі бірлігін және тек қазақ қана емес тәжік, өзбек халықтарында да көп жырланған тақырып екенін көрсетеді. Осы тақырыптағы қиссалардың бірі – «Қисса Шеризат». Қиссаның қайда, қашан, кімнен жазылып алынғаны, жырлаушысы не авторы т.т. секілді сипаттамалық пікірде: «Қолжазба аяқталмаған. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында сақтаулы: Ш. 193, 2-дәптер, 13 парақ, 26 бет. Қолжазба жолсыз ақ қағазға араб әрпінде арпадан күйдіріп жасаған қара сиямен, құс қанатымен жазылған.

Қолжазбаны 1960 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған Омбы экспедициясы әкелген. Экспедицияны басқарған Т.Сыдықов. Ол қолжазбаны Омбы облысы, Шарбақкөл ауданында тұратын Шормановтардан алған.

Осы бумада «Қисса Шеризат» дастанынан басқа араб әрпімен жазылған «Бозоғлан», «Қозы Көрпештің Баяны», «Шортанбай қиссасы», «Балықшы Ибраһим» сияқты дастандар бар.

Қолжазбаның бірнеше бетінде «үшбу кітап иесі уа үшбуны жазған Шорман Білтебайұғлы, 1881 жылы қолымды қойдым», - деген жазулар бар.

Демек, қолжазбаның иесі, яғни, көне халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, қағазға түсіруші – Шорман Білтебайұғлы.

Ал, қолжазбаның 204-бетінде «Білтебай Жантиынұғлы» деп қол қойылған. Бұл деректерге қарағанда, Шорманның әкесі Білтебай, Білтебайдың әкесі Жантиын екендігі және Білтебайдың араб әрпімен жазған жазуына қарағанда, оның оқымысты адам екендігі байқалады. Сондай-ақ қолжазбаның жазыла бастаған кезі 1880 жылдар емес, одан әрі Шорманның әкесі Білтебай заманында екендігі дәлелденеді, - деген «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» авторларының [102] түйінімен толық келісуге болады [103, 380].

Бұл айтылған жайлардан «Қисса Шеризаттың» өзімен тақырыптас өзге туындылардан өзіндік айырмашылығы бар және көне әрі кітабилық стильде жазылған шығарма екендігі көрінеді.

Бірақ кітаби ақындардың көпшілігіне тән шығармаға кіріспе ретінде айтылатын Алла Тағалаға арналып жырланатын мадақ «Хамду сәна» жырлары жоқ. Сол секілді Мұхаммет Пайғамбар және оның төрт шариары, өзге сахабалары да жырланбай негізгі тақырыпқа бірден көшеді.
Болыпты бұрынғыда бір бай патша,

Бек әділ, есімі оның Көркін патша.

Нәсілі Қиян руы, өзі көркем,

Жүзі гүл, бойсын бойлы ағзи патша.

Биназар әділетті сияһ көрген,

Жұп жігіт саясында және ерген.

Шын, Машын шаһарында мекені еді,

Өтіпті солардан да дүние шіркін, - деп бастап кетеді.


Үзіндіден Көркін патшаның өте әділ патша болғанын, билігі де өте мол, патшалығы үлкен болғанын байқаймыз. Бірақ патша өте сымбатты еді дегенді шығыс поэзиясына тән әсірелеумен беріп, түсініксіз немесе түсінуге ауырлау араб, парсы сөздерін көп қолданғанын да аңғаруға болады.


Жеті жұрт болып тұрды фарманында,

Ғейіш-ғишрат милләтлар аулатында.

Сөйтсе де перзенті жоқ, қаралы екен,

Зарланды отырып бір күн тахтында, -


деп патшаның бір перзентке зар екенін сөз етеді. Бұл жайт шығармаға ертегілік сипат дарытатын көптеген қазақ батырлық жырлары мен ертегілеріне тән перзентсіздік мәселесін еске түсіреді. Мысалы, «Алпамыс батыр» жырындағы:

«Жиделі Байсын жерінде,

Қоңырат деген елінде,

Байбөрі деген бай бопты,

Төрт түлігі сай бопты,

Бір перзентке зар бопты, -

секілді жолдар, бір перзенттің зарын тартып жүрген кейіпкерлердің тәңірге жалбарынып перзент сұрауы т.т.

«Қобыланды батыр» жырында да дәл осы сипат – перзентсіздік сарыны жырланады. Бұл сарын қазақ фольклоры мен әдебиетіне шығыстан келген қиссаларда да көп кездеседі. Солардың бірі, бірегейі – «Қисса Шеризат».

Көркін патша әрі әділ және сонысымен еліне сыйлы патша болады. Бұл мотив те көптеген фольклорлық және әдеби шығармаларға тән құбылыс. Бұл шығармаларда әділдік пен зұлымдық шайқасқа түседі. Басында зұлымдық үстем болғанымен, түптеп келгенде әділдік салтаната құрады. Бұл жалпы адамзат баласына тән әділ патша мен бақытты елді т.т. аңсап жырлаудан туған жайт екені анық. Көркін патша да сондай әділ патша. Сол себепті ол перзентсіздік зарын тартып жылағанда онымен бірге бүкіл халқы жылайды. Ол перзент сұрап Тәңірге жалбарынса, бүкіл халқы да онымен бірге Хаққа жалбарынады. Бұл сәт:


Сөйтті де жұртын жиды зар-зар жылап,

Қайыр беріп, құрбандық тағы шалып.

Патшаға арыз бірлән халайықлар

Жыласты бір құдайдан фәрзәнд сұрап, -


деп суреттеледі. Көп ұзамай патша мен елі қосыла тілеген тілек қабыл болып, оның ханымы жүкті болады. Патша ұлан-асыр той жасайды. Көп ұзамай аңға шыққан патша арыстанмен айқасып, оны мерт етіп, өзі жараланады. Сол жарадан оңала алмай бақилық болады. Патшаның қайтыс болуы бас кейіпкер Шеризаттың дүние есігін ашпай тұрып әкесінен айрылуы немесе дүние есігін жетім болып ашуы тақырыптың бөлінбес бөлшегі, үлкен мағыналық жүк көтеріп тұрған сюжеттің құрамдас бөлігі. Себебі қиссаның болашақ кейіпкері Шеризат дүние есігін ашпай тұрып жетім болды. Екінші, Шеризаттың әкесі Көркін патша аң патшасы арыстанмен айқасып оны мерт еткен ер. Үшінші, Көркін патшаның кенет қайтыс болуы жаңа, тосын оқиғаларға себепші болады. Қаралып отырған Шорман Білтебайұғлының нұсқасының патша өліміне байланысты ұстанған ұстанымы осындай. Ал кей нұсқаларда патша сырқаттан қайтыс болады. Одан гөрі Шорман Білтебайұғлының авторлық шешімі дұрыс, ұтымды шыққан дей аламыз.

Жараланған Көркін шаһ өлер халге келіп, халқымен қоштасады:

Шаһыны дәргаһына алып барды,

Зарланып көп нөкері хабар берді.

Патша өлер халге ерушкен соң,

Әділдік жұрттарынан сонда сұрады.

- Мен қалдым құтылмастай мехнатқа,

Бұ жанды даярладым ахыратқа.

Кім өлмей дүнияда кім қалады,

Қайтейін, аһ, дариға, мен де арманда, -

деп патша өзінің мезгілсіз кетіп бара жатқанын, әлі де перзенті дүниеге келе қоймағанын арман етіп толғайды. Сонан соң жылаған елі-жұртына басу айтып, (жылау, зар жылау, қатты қайғыру, көзінің жасын көл қылу түп негізі шығыстан келген қазақ қиссаларында көп кездесетін жағдай. Қазақтың фольклорлық мұрасында бұл жағдай ұшыраспайды. Себебі ол фольклорлық мұрада, мысалы, батырлық жырларда кейіпкерді өте қайратты етіп суреттеу басты міндет болып табылады. Сондықтан да қазақ жырының кейіпкері көзіне жас алмайды.) аманатын тапсырады. Ол:


...Арызым зағифамыз хамла тұрұр,

Ұғыл ма, қыз ма туар Алла білур.

Ұғыл болса тахтымды анға сақта,

Сіздерді ренжітпей билеп тұрұр.


Рухым разы болар сізге сонда,

Қайтейін қайғы берді Құдауанда.

Менен сонда халас сіз боларсыз,

Өсиет ақылымды жақсы тыңда, -

деп өзінен туылар перзент ұл болса, оның мұрагер ретінде таққа мініп, патша болуын, осы елді билеуін аманат етіп ұсынады. Келтірілген үзіндіден өзге нұсқалармен салыстырылғанда, көнелік, тіл көнелігі, кітаби стиль мол аңғарылады. Мұндағы «тұрұр», «бүлүр», «ұғұл ма», «қыз ма», «тахтымды анға сақта» секілді сөз қолданыстар арнайы тіл бұзушылық емес, кітаби тіл табиғаты.

Патша өсиеті, арызы бойынша патшаның ұлы дүниеге келгенше, оның уәзірі Фарухзат таққа отырды. Аталып отырған нұсқада уәзір жаман болып еді демейді. Керісінше, оны:

Бір уәзірі бар, аты – Фарұхзат,

Ол тұтты сол заманда көп әділет...

Фарұхзат патша сонда дәурен сүрді,

Жеті ықылым үстінен патша болды.

Әділет, өсиет білгенінше,

Фарұхзат һәр тарапқа бұйрық қылды,-

деп көп мақтайды. Әділ уәзір еді, енді әділ патша болды дейді. Нәзиралық туынды авторы өз кейіпкерін қиянат іске біртіндеп алып барады. Өйткені мансап, дәулетті, сәулетті өмір, алтын тақ оны айныта бастайды. «Сайтан азғырады». Бұл сәтті:


Сонда бір күн Фарұхзат ой ойлайды,

Түбіне ойдың сонда жете алмайды.

Саудасына бір шайтан кіргеннен соң,

Ой түбіне жетпес іс болмайды, - деп суреттейді.


Фарұхзат патша астындағы уақытша берілген тақты бәндәлікпен мәңгілік етуге ұмтылады. Бұл да тым сөкет іс емес. Адамзат баласының басым бөлігі мұндай сынды көтере алмасы мәлім. Сондықтан кітаби туынды авторының – шайырдың авторлық шешімі реалистік, шынайы шешім болған деп айтуға болады. Патша астындағы тақты сақтап қалу үшін әрекет етеді. Ол тек бейкүнә адам қанының төгілуі арқылы іске асады. Ол сол әрекетке барды. Бұл – қисса оқиғалар тізбегінің бір буыны. Сонымен бірге өте ауыр, күрделі буыны. Бұл буын, алдымен, адам баласының опасыздыққа бейімдігін танытатын фәлсафалық шешім. Сол секілді адам баласының мансап, байлық үшін ештеңеден тартынбайтын қатал табиғатын танытады. Қаталдық түрлі дәрежедегі қантөгістермен сипатталады.


Ойлайды: «Патша болдым қиянатсыз,

Атыспай, шабыспай һеш...

Ұғылы падишаның туа қалса,

Қалайық алып берер ықтиярсыз.


Онан да хайланы мен қылайын,

Бала тумай ханымын өлтірейін.

Өзім түгіл әулетім патша болар,

Биіктеніп ғұмырым мен тұрайын, - деп шешеді.

Қан төгіледі. Айы-күні жетіп отырған ханымның басы алынады. Патша ұлы дүниеге әлі келмеген бейкүнә сәби әкесінен де, анасынан да айырылып, тұлдыр жетім болып дүниеге қадам басады. Қаталдық қаталдыққа себепші. Бұл алдағы болар қатал оқиғаларға себепші, жетекші болуға тиіс. Сюжеттік желінің бұл буыны жоғарыда айтылған жайлармен қатар тағы да түрлі мәселелерге себепкер болып тұр. Баланың өлі анадан туылуы, өлі ана сүтін емуі. Сонан соң оны арыстанның асырап алуы. Соған орай кейіпкер есімінің Шеризат болуы т.т. оқиғалар осы буыннан бастау алып, өрбіп тұр.

Көркін шаһтың Фарұс атты бір уәзірі болған. Фарұхзаттың бұйрығын орындап, ханымның басын жендет құлдарға алдырып жүрген сол уәзір. Оны қисса авторы:

Бір уәзірі бар еді Фарұс атты,

Данышпан, өзі әділ, ер сипатты, -

деп жоғары бағалап сипаттағанымен, оның бейнесі көмескі сомдалған деуге болады. Оған, әлбетте, Фарұхзат патша қаһарынан қорқу мәселесін үстеуге болады. Оған патша:


Бұл инғам білән кескенім тіліңізді,

Білмесін бұл сырымды һеш адамдар, -


деп талап қойғанда ол еш қарсылықсыз және қатты қорқынышпен:


Фарұс сонда бас ұрды құллық даю,

- Лазым емес біздерге жұртқа жаю.

Не ерік бар менде, тақсыр, құлмын, - деді,

Байлауда ойын үйренген мен бір аю, -


деп жауап беріп жатуы ақылды, дана уәзір еді деген сипаттамамен толық сәйкес келмей жатқан көрініс деуге болады. Керісінше, оның келбеті күткендегіден көп төмен сомдалған. Әрине, оның бұлайша суреттелуіне себеп те жоқ емес. Патша бұйрығы орындалмаса, басы алынатыны белгілі. Сол секілді патша әйелі өлтіріліп, оқиға онан әрі өрбуі тиіс. Жат елде өскен Шеризаттың кейін елімен қайта табысуына да, атадан қалған мирас – алтын таққа отыруына да осы уәзір мұрындық болуы қажет. Сондықтан патшаның:


- Әй, Фарұс, келтір, - деді, - көңіл нәшін,

Келтірсең бұ бұйрықты бажайыңа,

Түседі сонда саған ықыласым...
Іс дегенім бір ғаурат хамла тұрұр,

Хатуны Көркін шаһ өзі едур.

Егер де ұғұл туса құдай беріп,

Хандығын қалайықтар оған берур,-


деп оған осы бұйрығымды орындасаң, көп жақсылық жасаймын, уәзір ағзам (бас уәзір мағынасында) қоямын. Немесе басың алынады деп тұспалдағанда, ол патша бұйрығына мойынсұнады. Ақын оның бұдан басқа амалы болмағанын:


Ойлайды Фарұс байғұс ғажап мүшкүл,

Істерге мұнан жаман өзі түшкүл.

«Егер де бұйрықтарын келтірмесем,

Патша қаһарланып мені өлтүрүр, - деп баяндайды.


Патша бұйрығы орындалады. Орындаушы, ханымды қара құлдарға өлтіртуші Фарұс уәзір болады. Ол - Фарұхзат қызметінде жүріп, патшаның айтқанын екі етпей орындайтын, ханымды өлтіретін, бұрынғы патшаның аманатын орындауға дәрмені жетпеген дәрменсіз, қауқарсыз тұлға. Бірақ бұрынғы патшасына іштей ғана адалдық ниет ұстанатын, оның ұлы өлі анадан тірі туылып жатқанда, оның мойнына тұмар етіп, гауһар тағатын, баланың кім екенін мәлімдеп хат жазатын да осы Фарұс уәзір. Демек, ол әлсіз тілекші кейпінде ғана бейнеленеді.


Бұған таман уәзір жетіп келген,

Өліп жатқан ханымды көзі көрген.

Бір ұл бала ханымнан туып жатқан,

Кеудесіне шешесінің өрмелеген, -


деп ханымның өлуі, Шеризаттың дүниеге келуі суреттеледі. Осы жайды көзімен көрген Фарұс қатты қиналып жылайды. Оның қолынан келері сол ғана болады. Сөйте тұрса да, қиссаның нәзиралық авторы оны ер деп атап айтып, жырлап жатады.


Мұны көріп ер Фарұс зар жылайды,

Мейірі түсіп ер Фарұс қолына алды.

Бір бөзге біткен малдың бәрін салып,

Қалта қып ішіне он гауһар салды.

Тұмар қылып мойнына тақты сонда, -
деп жоғарыдағы жайды баяндайды. Осыдан кейін уәзір ханымның өлгенін патшаға хабарлайды. Патша оған мол сый-сияпат жасайды. Қызметін өсіреді. Ол екеуі бұдан былай жат жерде өсіп, ержетіп еліне оралған Шеризатпен жолыққанша, шаттықта, сән-салтанантта өмір сүреді. Бұл жайт қиссада былай өріледі:
Сонда бұған көп инғам патша берді,

Сөйлеген һәрбір сөзін қабыл көрді.

Өзіне уәзір-ағзам оны қылып,

Ғейіш-ғишрат салтанатқа мәшғұл болды,

Сөйтіп олар дәурен сүрді дейді,

Һәр түрлі қызық илән тұрды дейді.


Бұл өлең жолдарынан Көркін патша заманында оның қызметінде болған, онымен адал достық қарым-қатынаста өмір сүргендердің оның ханымын өлтіріп, баласын тағы етіп, далада қалдыра тұра сондай рахатты тұрмыста сән-салтанат құрады. Бәлкім бұл адамзат табиғатының қаталдығы, дүниеқоңыздығы, шегі болмайтын опасыздығы туралы арнайы жырланған өмір фәлсафасы.

«Қисса Шеризаттың» Шорман Білтебайұлы нұсқасы – тоғыз жүз жетпіс жолдық, отыз беттік, көлемі жағынан шағындау нұсқа. Оның үстіне қисса оқиғасы да түгел жырланып аяқталмаған немесе соңғы жағы жоғалған шығарма болуы керек. Әйтсе де біз жоғарыда бұл туындының әдеби тілі жөнінде, оның көнелігі жөнінде сөз еттік. Шындығында, бұдан өзге нұсқаларда кітаби табиғат аңғарылғанымен, басым сипатта көріне бермейді. Тек шығарманың шығыс әлемімен байланыстылығы, нәзиралық дәстүр туындысы екені ғана көрініп тұрады. Яғни, кітаби, нәзиралық дәстүр туындыларының кітаби деңгейі қилы-қилы болатыны байқалады. Мұның өзі екі салада көрініс табады деп ойлауға болады. Бірі – кітаби тіл табиғаты және ондағы көне элементтердің басымдығы, кітабилығы жоғары дәрежеде көрініс береді.

Жоғарыда сөз болған оқиғалардан соң патшаның қызды болуы, оған ұлан-асыр той жасауы, қызға Күлшатхан деп ат қоюы, оның тәрбиелі, білімді әрі сұлу болып өскені баяндалады. Қыз бейнесін:


Он бесте туған айдай жүзі көркем,

Данышман болды патшаның бұл баласы, -


деп суреттейді. Күлшаттың патша қызы болуы, әрі көркем, әрі ақылды болып өсуі оған жүктелер міндетке сай туындап отыр. Өйткені Шеризат пен Күлшат туралы қиссалар оқиғаларының шарықтау шегінде қызға Шеризаттың ғашық болуы оның сұлулығымен ақылына тікелей қатысты. Сондықтан да оған ғашық болған Шеризат Көркін патшаның тақ мұрагері ретінде қыз әкесі Фарұхзаттан тағын, елі-жұртын қайтарып алады. Фарұхзатты қатал жазалап, қатал жазалап өлтіремін деп зынданға тастайды. Осы сәтте әкесін өлімнен Күлшат құтқарып қалады.

Фарұхзат патша түс көреді. Түсінде бір ақасақал келіп оған қызының көп жақсылығын көретінін айтады. Сол үшін қала сыртында бір үлкен үй салғызуды ұсынады. Патшаның қызына арнап үй салғызу үдерісі ұзақ суреттеледі. Үй құрылысы, Фердаус аталған бағының суреттелуі таза шығыс фольклоры мен әдебиетіне қатысты үлгілерде жырланған.

Алтын білән күмістен салды үйін,

Қорғанын өрт келмеске салды шойын.

Жиһанда оныңтек үй һеш болмаған,

Падиша қырық күндей қылды тойын.

Безетті гауһар тастан тағы шарбақ...

Алтын, күміс, гауһардан қылды затын... –

секілді шығыс поэзиясына тән асыл тастарды көп атап суреттеу, безендіру өлең жолдары шығарма тақырыбының тікелей шығыс фольклоры мен әдебиетіне қатыстылығын көрсетеді. Сол секілді осы «Шеризат пен Күлшат» секілді қиссаларда кейіпкерлердің бейнесінің сомдалуы, сұлу қыз суретінің бейнеленуі де осы тақілеттес болып келеді. Сол сияқты Күлшат сұлулығы да осы бағытта шығыс фольклорына тән үлгілер дәстүрінде суреттеледі.


Атлас лабас киіпті хале тонын,

Шығыпты айға теңеп жарық жүзін.

Бұралып тал шыбықтай Күлшат сұлу

Бәрінен сол қыздардың бойы ұзын.

Киіскен алтын, жауһар білезігін,

Күлшаттан есітерміз сөз негізін.

Жиһанда ондай сұлу жан көрмессіз,

Шығады жарқыратып алтын жүзін, -


деп суреттеледі Күлшат сұлу бейнесі. Қыз суретінде шығыс поэзиясына тән асыл тастармен, алтын, күмістерді аралстырып бейне сомдаумен қатар қазақ поэзиясына тәнөрнектеулер де орын алған. Күлшат сұлуды «Бұралып тал шыбықтай», «Бәрінен сол қыздардың бойы ұзын» деп суреттеуі қазақ поэзиясына тән жолдар екені анық.

Қазақ фольклоры мен әдебиетінде сұлулық сурет негізінен қыз бейнесіне арналады. Ал шығыс тақырыпты қазақ қиссаларында ер кісілердің сұлулығы, сымбаты айрықша суреттеледі. Бұл қиссада да Шеризат сұлулығы ерекше сомдалады. Мысалы, «Жүздері толық айдай жарқыраған, жігіттер бір топ көркем енді келді» деп жігіттер сұлулығының берілуі. Сол секілді Шеризат бейнесі:

Ішінде бір жігіт бар шырын сөзді,

Он бестегі туған айдай жүзі нұрлы, -

деп жырланады. Сол сияқты «Ай жүзді жігіттер», «Ішінде бір жігіт бар түрі бөлек, Жүздері қараңғы үйді қылып жарық», - деген секілді айрықша бояулармен әр кез қайталап жырлап отырады.

Қисса оқиғасының дамуының келесі сатысы патшаның қызына арнап салдырған үйі мен бау-бақшасында Шеризат пен Күлшаттың қосылуымен жалғасады. Әйтсе де Фердаус аталатын ғажайып бағын аралап сейілдеуге көп қызбен бірге шыққан Күлшат Шеризатты көріп ғашық болып қалады. Бұл сәтті ақын:

Күлшат қыз бұл жігітке ғашық болды,

Есі ауып сол арада бихұш болды, - деп суреттейді.

Сәлден кейін есін жинаған Күлшат өзінің Хожасарай есімді (шамасы қыз үйіне, бау-бақшасына қарап, күтуге, қыз жағдайын жасап отыруға, басшылыққа тағайындалған адам болса керек. Қожасарай сөзінің мағынасы соны аңғартады. Бірақ ақын ол сөзді есім ретінде қолданған) жолдасына:


- Кім болды бұл жерлерде, әй, ағалар,

Ай жүзді жігіттер кімдер бұлар,

Бәрі бірдей жас жігіт қайда барар?

Жат жерлік жігіт екен және олар,

Патша ма, баласы ма, қайда тұрар? –
деп көп сұрап:
Кім екен сол жігіттің есімі, заты,

Кім екенін, әй, Хожа, кел анық біліп, -


деп оны арнайы жұмсап, Шеризатқа жібереді. Қожасарай Шеризатқа келіп, Күлшаттың сән-салтанаты, абыройы асқан, үй-жайы ғажап, өзі өте сұлу деп сыртынан таныстырады. Шеризат та Күлшатқа ғашық болады. Екеуі қосылады. Қисса мәтінінде, оның оқиғалық желісінде көп селкеулік бар. Біз сөз етіп отырған нұсқада бір оқиғаны екінші оқиғамен жалғап отыратын, бірінен екіншісін туындатып отыратын, сабақтастықта жалғайтын тіпті болмаса, «Әлқисса, қыз жағы осымен тұра тұрсын, енді жігіттің жайын сөйлейік» деп ауысып отыру да, қиссалық әңгімешілдік желісі де дұрыс сақталмаған. Бұлай дейтініміз, Шеризаттың қыз қонысына қалай, қашан келгені айтылмайды.

Қыз бен жігіттің осылайша ғашық болып, өздерінің ешкімге айтпай-ақ қосыла салуын қызға сырттай ғашық болып жүрген бағбан ауырлап патшаға барып айтады. Қатты қаһарланып оларға Алмас, Қоймас атты екі алыбын қасына жүз батыр қосып аттандырады.

- Кел, - деді, - Шеризатты ұстап алып,

Жазасын өзім берем келгеннен соң,

Кім екен, оның затын білгеннен соң...-


деп Шеризатты алдына келтіруге бұйырады. Қиссадағы осы сәттер, Шеризаттың патша жіберген алыптармен, өзге батырлармен жолығуы, шайқасы жақсы суреттелген, сәтті жазылған тұстар деп айтуға болады. Оқиға желісі де ретті, жүйелі шыққан. Екі алыптың қорқынышты суреттері де іс-қимыл, қозғалыс, соғыс, әрекет үстінде көрсетіліп, дұрыс сомдалған.
Келеді Алмас, Қоймас күркіресіп...

Түбінде алтын қақпа тұрды-дағы,

Шақырды «Кісі бар ма?» деп айғайласып, -
деп берілетін екі алыптың қисса оқиғасына араласқан сәттерінің өзінде олардың қимылы кесек, ерен көрінеді. Сондықтан да сөйлескелі шыққан қыз қатты шошиды.
Шығады сөйлескелі сонда бір қыз,

Жүрегі қорыққаннан болады мұз.

Сиаптын Алмас, Қоймас көргеннен соң,

Дірілдеп айта алмайды бір ауыз сөз, -


Қыз шошуын алыптардың сипатымен сабақтастырып береді.


Бұл қызға Алмас, Қоймас айғайлайды,

Айғайын қаһарланған һеш қоймайды.

- Патша «алып кел» деп бұйрық қылды,

Шеризатты жылдам мұнда шығар, - дейді.


Осы секілді жолдармен бұл ер жігіттердің іс-әрекеттерінің суреттелуі бір жағынан жақсы, шынайы шығып жатса, екінші жағынан Шеризаттай қайратты ердің қарсыластары да осал болмауы ескерілген. Ол алыптардың мықтылығы, оларды Шеризаттың жеңуі негізгі кейіпкер ерлігін, аса қуатты, қайратты азамат екендігін айшықтай түседі. Сондықтан да патша қызы Күлшат болған жайдан шеризатқа хабар беріп, әкесіне барып қайтуға рұқсат сұрайдыжалынып әкесіне райынан қайтаруға әрекет ететінін сөз етеді. Бұл әркет - өзі ғашық болған Шеризаттың қайратын әлі жете танымаған, оның үстіне, сүйгенін қауіп-қатерден аулақ ұстауға тырысқан, содан туындаған әрекет. Ал Шеризат қызға:


Сонда Шеризат күледі үшбу сөзге,

- Неге Шеризат атандым осы кезде.

Бұларды баһадүр деп ойламаймын,

Бір қызық көсетейін бүгін сізге, -


деп Шеризат байсалды, саспас, қайтпас, қайсар мінез танытады. Өзінің қаншалықты батыр екенін сенімді түрде қызға айтып оны сабырға шақырады.


Қасыма олар менің келе алмайды,

Мені жылдам байлап ала алмайды.

Қуанышым, көзім нұры, көңілім-ай,

Еш қайрат бұлар маған қыла алмайды, -


деп Шеризат шайқасқа әзірленеді. Айқас алдында Күлшатпен ас ішуге отырады. Асықпай отырып, ас соңынан шарапты да ішеді. Қызды өзінің ерлігін көруге, соғысты тамашалауға шақырады. Шеризаттың кешіккеніне ызаланған Алмас қаһарланып Қоймасқа:


- Нағып тұрсың, ішкері Қоймас, барсаң,

Шеризаттың қол-аяғын байлап алсаң.

Өзің алып қарасың бір кісіге,

Күркіреп көктей оған қаһар қылсаң, -


деп айқайлайды. Сол айқаймен Қоймас Шеризатқа келіп, екеуі шайқасқа шығады. Шайқас нәтижесі Шеризаттың Қоймасты қылышпен қақ жаруымен бітеді. Кезек Алмасқа келеді. Екеуі алдымен белдесіп күреседі. Бірін-бірі ала алмай қолдарына қару алады. Осы сәтте діни қиссаларға тән соғыс сәттерінде Алла Тағалаға сиыну, медет тілеу көрініс бар. Ондай кезде әрқашан Алла Тағала қолдауымен мұсылман батыры не басты кейіпкерлер үнемі жеңіп шығып отырады. «Қисса Шеризат» діни қисса болмаса да, осындай діни көріністер аздар енгізілген. Ол:


Алмас Шеризатты шапқанында,

«Иә, Алла» деп басына қалқан салды.

Басына «Иә, Алла» деп қалқан салды,

Құдайым сақтап мұны аман қалды, - секілді өлең жолдарынан көрінеді. Шайқас, жекпе-жек нәтижесі:


Қаһарланып ер Шеризат салғанында,

Алмасты қақ басынан екі бөлді, -

деп Шеризаттың жеңісімен аяқталғанын жырлайды. Қолбасылары қайтыс болған әскерді Шеризат «Аш бөрі қойға кірсе қандай қылар, әскерін Фарұхзаттың сондай қылды» деп беретіндей түгел қырады. Тек Фарұхзат патшаға хабар жеткізсін деген ниетпен екі жауынгер ғана қалады. Осы жеңістің салтанатына, Шеризат ерге арнап қыздар тарапынан ғазал айтылады. Сегіз өлең жолынан тұратын бұл ғазал көнелігімен көз тартады.


- Бұ жиһан ғаламда сендей әділ сұлтан болмағай,

Сұнмаған бексің һәр кез мұсылман болмағай.

Жеті ықылым үстінде патша көп болар,

Болғушы бәрі де жер жүзінде хан болмағай.


Өлең жолдарында қолданылған сөздер де бұрынғы ескі әдеби тіл үлгілерімен өрнектелген. Мұның өзі әрі көркем, әрі қызықты қолданыс деп қабылдау керек. Ғазалдың екінші жартысы Күлшатқа, оның сән-салтанатты бау-бақшасына арналады.


Дүнияда бустандар көп болар,

Мұндай бустан һеш әлемде болмағай.

Әй, жамағат, көп оқыдық түрлі-түрлі қиссалар,

Қисса Күлшаттай әлемде дастан болмағай, -


деген өлең жолдарында айрықша назар аударуды қажет ететін мәселелер бар. Соның бірі – аталған қисса жазылған кезеңде қазақ даласында қиссалық әдебиеттің ерекше дамуын көрсетеді. Екіншісі – осы қиссаның қазақ даласына кең таралғаны және көркемдігі тұрғысынан өте құнды, бағалы туынды болғанын көрсетеді. Шағын ғана деректің өзі бүгінгі ұрпақ ұшін, әдебиет тарихы үшін маңызды мәліметтер болса керек.

Қисса оқиғасы мұнан әрі Шеризаттың батырлығын көріп, уайымға берілген Фарұхзат патша мен Фарұс уәзір екеуінің ақылдасуы:

Қандай ер балуан-ау біздің Алмас,

Қоймас пен жүз батыр бәрі де бас.

Соларды бір шыбындай көрмей қырды,

Бұл бала соғыссақ та бізді қоймас, -

деп Шеризатпен келісім жасауға мәміле жасайды. «Қыз түгіл дүния малын сұраса да ... аямалық» деп Фарұс уәзірді Шеризатқа аттандырады. Шеризаттың қасында асырап алған әкесі қожа Асады болады. Ол қашан, қалай келді, Шеризатпен бірге келді ме секілді мәселелер бұл нұсқада айтыла бермейді. Тек Асада Фарұс уәзірге кезінде ол бала мойнына таққан бойтұмар, ондағы хат пен гауһарды көрсетеді. Уәзір мен Шеризат қауышып табысады. Фарұхзат патша «қанымды бір қасықтай кешіңіз» деп басын иіп, кешу сұрап келеді. Патшалықты, елі-жұртын, алтын тағын ұсынады. Шеризат оның анасына істегенін бетіне басып, азаптап өлтіремін деп зынданға салады. Сол сәтте Күлшат ақылмен іс етіп, Шеризатқа түрлі қисса, хикаялар айтып ашуын басып әкесін аман алып қалады. Бұл шығыс фольклоры мен әдебиетіне тән дәстүр. «Мың бір түн», «Тотынама» секілді кітаптардың шығармашылық құрылымы, бір әңгімеден екінші әңгімені өрбітіп жалғап отыруы Шеризат пен Күлшат оқиғасын жырлаған нұсқаларда сол үлгіде бірақ тым үлкен емес, шағын көлемде көрініс табады. Олай дейтініміз мұнда айтылар әңгімелер көлемі аз. Бірақ шығармада «Күн сайын бір қиссадан оған сөйлеп, Ашуын шығарады көңілінен» деп көп қисса айтылғанын аңғартады.

Бұл жерде Күлшаттың ақылы, мол білімі, сабыры мен парасаты көрініс тапқан. «Тоқтатты хайламенен дәл отыз күн», «һәр түрлі ғазал сөйлеп ойнап-күліп», «Ақылмен қисса сөйлеп алдайды енді», «Күн сайын бір қиссадан оған сөйлеп, Ашуын шығарады көңілінен» секілді өлең жолдарынан Күлшат айтқан қиссалар легі мол болғаны көрініп тұрады. Шеризаттың қыз әкесі жөнінде, әсіресе анасының өлімін кеше алмайтынын айтып, кейде жер бауырлап жатып қалғанында Күлшат:

- Шариғат хүкімі білән обалы жоқ,

Көзім қиып берейін сізге недеп.

Бір қасықтай атам қанына қызыққанша,

Айтайын сіз тыңдасаңыз жақсы бір кеп, -

деп жаңа қисса бастап отыратыны аңғарылады. Осы сәтте Күлшат жаңа қисса бастар сәтінде толғауы жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде, қазақ жырларының, толғауларының мақамында әдемі өріледі. Мысалы, мына секілді:


Сонда Күлшат сөйлейді,

Бұлбұл даусын күйлейді.

Күйлегенде бүй дейді, -
деп келетін өлең жолдарының қазақ эпосы өрнегімен жаралғаны көрініп-ақ тұрады. Немесе:
Мехнат көрмей опа жоқ,

Мына дәурен айналған.

Бәрі Құданың құдіреті,

Ауыр келген бір заман...


Бендеде һешбір күнә жоқ,

Не жақсылық берсе де.

Жаратқушы Құдадан...

Менің саған тигенім,

Жүзіңнен өбіп сүйгенім, - секілді өлең жолдары...


Шеризаттың Күлшаттың әкесіне деген ащы кегін, қатты ашуын басып, әкесін ажал аранынан алып қалғысы келіп түрлі айла қолданып, қилы-қилы қисса жырлаған қыздың бір әңгімесі – Ұрым елінің патшасының қызы Маһиманзар мен Тебриз патшасының ұлы Миһірасар оқиғасы еді. Бұл қисса ішіндегі қисса болып жырланған, Шеризатқа айтылған әңгіме не қисса есебінде құрылған туынды. Бұл шығыс әдебиетіне ежелден тән құбылыс, ерекшелік. Көлемі он беттік қисса аяқталмай қалған. Әйтсе де, Күлшат аузынан айтылатын қисса шытырман оқиғалы, қызық туынды.

Оқиға Маһиманзар мен Миһірасар арасында өтеді. Сұлу әрі ақылды қыздың даңқын естіген Миһірасар екі жүз жігіт алып, екі жүз нар түйеге алтын, күміс, түрлі асыл тас, гауһар артып Рұм шаһарына аттанады. Рұмға келіп жетіп қыз әкесімен сөйлесіп, екі жас қосылатын болады. Той кезінде ғаяр Ахтар дәрі иіскетіп есінен тандырып қызды алып қашады. Басқа елдерге ауып кетеді. Соңынан Миһірасар іздеп шығады. Ахтар ғаярдан қашып шығып ғайыптан сол елдің патшасына айналады. Қысқасы, шығыс әлеміне тән шытырман оқиғалы романтикалық бітімді қисса.

Жоғарыда Шеризат, Күлшат оқиғасына арналған бес-алты қазақ қиссалары бар екені айтылды. Қазіргі талданып отырған Шорман Білтебайұлының нұсқасы соның бірі ғана. Шығармаларды бірінен соң бірін тізіп әңгімелеп жатудың қажеті шамалы. Сондықтан келесі мәселе осы қиссалардың бәрінің басын қосып бәріне ортақ жайттер, яғни ұқсастықтар, сол секілді әр кітаби ақынның осы тақарыпты өзінше жырлауына байланысты пайда болған айырмашылықтарды біршама сөз ету керек.

Бірінші – тақырып мәселесі. Жоғарыда аталған қиссалардың барлығының тақырыбы, шығарма мазмұны арқылы көтерген проблемалық мәселесі бір. Ол - дүние, мансап үшін досының аманатына қиянат жасау. Оның патшалығына, уақытша аманат етіп тапсырылған алтын таққа мәңгі ие болып қалу үшін түрлі зұлымдықтарға бару, патшаның үй ішін талқандау, айы-күні жетіп отырған ханымның басын алу, өлі анадан бала тірі туылуы, кейін әке кегін алуы т.т. тақырып дүниедегі опасыздық және оның, түптеп келгенде, жеңіліс табуы, әділеттің үстемдік құруы. Екі ғашықтың қосылуы, бақытты өмір сүруі. Тақырып бір. Тұтастай алғанда сюжеттік желі де бір. Әйтсе де бір-бірінен өздеріне тән айырмашылықтары да жоқ емес. Соған орай шығарма мазмұнында да айырмашылық пайда болып отырады.

«Қисса Шеризат» «Болыпты бір бай патша» деп шығарма оқиғасы бірден басталып кетеді. Ал К.Әлімбетов нұсқасы «Қисса Шеризат-Күлшат» ақынның өзін таныстырып жырлауынан басталады. Он екі жол, үш шумақтан тұратын өлең жолдары мынау:

Шабытым көкке шарықтап,

Құмармын дастан, нақылға.

Домбыра, сырнай үйреніп,

Болып ем үйір басында.
Қалам алып қолыма,

Әр сөздің болдым нәшінде.

Өлеңіммен таныстым

Алыс пенен жақынға.


Жастайымнан көп болдым,

Жақсылардың қасында.

Бұл дастанды шығардым

Алпысқа келген жасымда, -

өлең жолдарында нәзиралық туынды авторы жөнінде мол мағұлмат бар. Басты мәселе автордың өте өнерпаз әрі сауатты ақын екендігі және осы шығарманы алпысқа келгенжасында жырлап отырғандығында.

Ал «Қарқабат» деген атпен жырланған Нұралы Нысанбайұлы нұсқасы екі шумақ, сегіз жолдан тұратын:

Бұрынғы өткен заманда,

Ілгері өткен адамда,

Шаһарында Үрімнің

Патша өткен Қарқабай, -

деп жырлап бастайды. Оның өте әділ патша болғанын, жетім менен жесірге, мүсәпір мен міскінге қайырлы мол болғанын айтумен басталады. Мұндағы басты айырмашылық патша есімі қатты өзгеріп Қарқабат болып жырланады. Алдыңғы нұсқада Көркін, кейінгіде Қарқабат болып патша есімі түрленіп отырады. Мәшһүр Жүсіптің «Гүлшат-Шеризат» нұсқасында Елкөргенше деп беріледі. Мәшһүр Жүсіп негізгі оқиғаны жырлауға дейін жиырма жолдан тұратын алғысөз жырлайды. Ал Әсет ақын:


Басталық бісміллә деп сөздің басын,

Төккендей қайғылы жан көзден жасын.

Еріккен тыңдайтұғын ерлер болса,

Сөйлейік бұрынғының бір қиссасын, -


деп қысқа қайырып, негізгі мәтінге көшіп кетеді.

Шорман Білтебайұлы, К.Әлімбетов, Н.Нысанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп, Әсет ақын нұсқалары - барлығы да поэзиялық нәзиралық туындылар. Әйтсе де, өлең үлгілері де қилы-қилы болып келеді. Сол секілді кейде өлең мен қара сөз аралас келіп отырады. Ш.Білтебайұлы нұсқасы тұтастай он-он бір буынды өлең үлгісінде жырланған. Кей сәттерде ғана он бес-он алты буынға дейін жетіп жатады. Ал кей сәттерде жеті-сегіз буынды жыр үлгілері де қолданылады. Шығарма тұтастай өлең жолдарынан тұрады, қара сөз араласпайды.

К.Әлімбетов нұсқасында өлең жолдары жеті-сегіз буынды, жыр екпінді болып келеді. Кейде он-он бір буынды қара өлең үлгісінде де жырланады. Демек, жеті-сегіз буынды өлең үлгілері он-он бір буынды өлеңдермен аралас қолданылған. Арасында шағын ғана қисса табиғатына тән қара сөзді мәтін де жолығып отырады. Олары: «Анда уәзір әйелдің өлгеніне қайғырып, жаңа туған баланы бауырына басып, өмір тарихын қағазға жазып, білегіне байлап жатқан жері» [103, 50-б] немесе «Әлқисса, Қожа Әсет Шеризатты оқытып жата тұрсын, ендігі сөзді Үндістандағы Пархизат патшадан айтамыз» [103, 54-б] секілді қара сөз үлгілері. Бұл – қисса жанрына тән әңгімешілдік сипат, қиссаның табиғаты.

Н.Нысанбайұлы шығарманы негізінен жеті-сегіз буынды жыр ырғағына құрған. Бірақ өлең жолдарының арасына, әдетте қисса жырлауда бір оқиғадан екінші оқиғаға өту кезінде қара сөзбен берілетін мәтін бұл нұсқада көлемді болып келеді. Бұл өзгешелік шығармаға мол мағыналық ерекшелік үстеген. Сонымен бірге, қисса жанры туындысына тән әдеби шығармашылық табиғатты, өзгеше сипатты таныта әрі оқиға әсерлілігін күшейте түскен.

Мәшһүр Жүсіп нұсқасы тұтастай он-он бір буынды қара өлең үлгісінде жырланған. Шығармаға қиссалық табиғат, әңгімешілдік сарын беретін, сипат үстейтін қара сөз үлгісі, мәтін мұнда қолданылмаған.

Шеризат пен Гүлшат оқиғасын арқау еткен қиссаны көркем жырлаушылардың бірі – ақын Әсет Найманбайұлы. Оның нұсқасы да бірыңғай он-он бір буынды өлең үлгісімен жырланған. «Әлқисса» деп басталып отыратын қара сөзді мәтін өлеңмен жырланады:

Әлқисса, уәзір талып қала тұрсын,

Сарайға екі жендет бара тұрсын.

Ханымға қандай жаза қылар екен,

Бұл іске тыңдаған жан көңіл бөлсін...

Немесе:
Әлқисса, уәзір тұрды талған жерден,

Сарайда бассыз дене қалған жерден.

Уәзір есін жиып түрегелсе,

Тауыпты ханым қаза жендеттерден, -

сияқты үлгілері көптеп кездеседі.

Шеризат пен Гүлшат оқиғасын жырлайтын қазақ қиссалары нәзиралық дәстүр туындылары екенін жоғарыда айтып өттік. Сондықтан да бір тақырыпты қозғаған бірнеше нұсқаның бір-бірінен айырмашылығы да болып жатады. Шығарманың сюжеттік желісі оқиғалардың мазмұнындағы реттік жүйелік айырмашылықтары шамамен мынадай деуге болады:

«Қисса Шеризатта» Шын, Машынның әділ патшасы Көркін перзентсіздік зарын тартады. Құдайдан өзі де, жұрты да перзент тілейді. Бұл тілек қабыл болып ханымының аяғы ауыр болады. Аң аулауға шыққан патшаға кенет арыстан шауып, қылышпен оны шауып өлтірген патша жаралы болады, сол дерттен қаза табады. Өлерінде өзінің ақылды әрі әділ уәзірі Фарұхзатқа елін, тағын, үй ішін ұл туылса, сол өскенше деп аманаттап кетеді. Таққа отырған Фарұхзат ол биліктен айырылғысы келмей, діни тұрғыдан пайымдағанда «шайтан азғырып» ханымды өлтіртеді. Өліп жатқан ханымнан ұл бала туылады. Өлі анасын еміп жатқан баланы арыстандар асырап алады. Емізеді. Бала етеді. Сондықтан «Шер деген сөз арабша арыслан екен, Шеризат деп оның атын қойды дейді», - деп береді. Яғни, бала есімі оның тағдырымен тікелей сабақтас туындаған. Осы сәтте Фарұхзат патша да перзентті болады. Оның атын Күлшатхан деп қояды. Ол әрі сұлу, әрі ақылды және тәрбиелі болып өседі. Патша қала сыртында қызына арнап үлкен сарай, әдемі бақ салып береді. Осы жерде Шеризат пен Күлшат жолығып табысады. Қыз әкесі жіберген әскерді Шеризат тас-талқан етіп жеңеді. Оның кім екені мәлім болып, Фарұхзат алдына келіп, тізе бүгіп кешу сұрайды. Ел-жұртын, аманатқа алған алтын тағын қайтарып алады. Бірақ анасының өлімі, өзінің тартқан тақсіреті бар Шеризат Фарұхзатты азаптап өлтіру үшін зынданға салады. Әкесін қайткенде де аман алып қалуды ойлаған, білімді әрі тәрбиелі ақылды Күлшат Шеризатқа күніне бір қисса әңгімелеп, жырлап беріп отырады. Осылайша қисса ішіндегі қисса оқиғасы өріледі. Осы нұсқада Күлшат әңгімелеп жатқан Маһиманзар мен Миһірасар ғашықтық оқиғасы аяқталмай қалады. Соған орай Шеризат пен Күлшат оқиғасы да үзіліп қалады.

К.Әлімбетов нұсқасында Үндістан деген қалада Көркінше патша болады. Атақты Шамшид пенен Кейхаус та соның нәсілінен тараған деп береді. Фарұхзат уәзір мұнда:

Пархизат деген інісі,

Әкесімен әкелес,

Сол еді жақын туысы, -


деп беріледі. Алла Тағаладан перзент тілеп, мінәжат етіп жатқан Көркінше:
- Пархизат,

Бір шикі өкпе көре алмай,

Сенің де емес көңілің шат.

Не көрмейді дүниеде

Қам сүт емген адамзат.

Берер болсаң, Құдайым,

Екеуімізге бір перзент.

Менен ұл сенен қыз туса,

Бір-біріне қосалық,

Қабыл көрсе жалғыз Ақ, -


деп інісіне құда болуды ұсынады. Ол да:


Пархизат айтты: - Көркінше,

Туысқаның мен, - деді,

Қабыл еттім, е, тақсыр,

Бұл сөзіңіз жөн, - деді, -


деп берілетініндей құдалыққа қуана-қуана келіседі. Көп ұзамай патшаның да, Пархизаттың да әйелі жүкті болады.

«Қарқабат» нұсқасында перзентсіздік зарын тартып жүрген патша бір күні түс көреді. Елі-жұртын жинап, түс мазмұнын ортаға салады. Шешіп беруін сұрайды:

- Құлақ сал, жұртым, уәзірім,

Бір түрлі бүгін түс көрдім.

Бәріңе баян қыламын:

Көп жылдан бері қураған,

Есігімнің алдында

Байлапты мәуе шынарым.

Біреуін алып жейін деп,

Мен ғаріп әуес қылғаным.

Көтерілді жоғары,

Болмады ила шығарым.

Жеткізбей кетті аспанға,

Құрыды шөлдеп дәрменім.

Біреуін алып жей алмай,

Тарқамай қалды құмарым.

Жақсылыққа жорыңдар,

Арт жағын қайғы қыламын, -

деп түсін баяндайды. Бұдан кейін қара сөзді мәтін беріледі. Онда:


«Әлқисса, патшаның екі уәзірі болады, бірінің аты – Дана, екіншісінің аты – Зұлмат еді. Дана уәзірі оң жағында тұрушы еді. Бұл Дана патшаның сенімді уәзірі еді. Екінші уәзірі Зұлмат патшаны жаман көруші еді. Патша өлсе, мен тағына ие боламын деп тілек тілеп жүріп еді. Дана Зұлматтан бұрын мен жориын деп, Дананың патшаның түсін жорып тұрған жері еді», - деп мәтінде уәзірлердің аты өзге нұсқалардан басқаша беріледі. Олардың атының өзінен қандай адам екендіктері көрініс береді. Сондықтан да Дана уәзір Зұлматтың алдын орап патша түсін өзі жорығысы келеді:
- Рас па, тақсыр, белгіңіз,

Жорылық мұны енді біз.

Байласа мәуе шынарың,

Бір ұл табар қатының,

Сүйінші, шаһым, беріңіз,

Әуелгіңнен сүйініп,

Кейінгіңнен күйініп,

Қапалы боп тұр көңіліміз.

Мәуені қалсаң жей алмай,

Бол ма қысқа өміріңіз.

Тәуелдер болып залымға,

Тартармыз жапа көбіміз.

Мәуеңіз піссе түсіңде

Ер жетер өсіп ұлыңыз, -


деп патшаға перзентіңіз қашан өскенше, елі-жұртыңызға ауыртпалық болады-ау, бірақ түбінде ұлыңыз өзіңіздің орныңызды басады дегенді айтады. Сонымен, патша әйелі жүкті болады, бірақ патша дертке шалдығады. Дана уәзірді шақырып алып, өзінің перзентін көре алмай кетіп бара жатқанын арман етіп айтады. Әйелі мен баласын оған тапсырады. Зұлматтан күдіктенетінін айтады. Сөйтіп, «Ұл тапса мұны таққын деп, Бес мысқал гауһар береді». Өзге нұсқаларда бұл он дана гауһар болып келеді.

Мәшһүр Жүсіп нұсқасында перзентсіздік зарын тартқан патша үйінде қырық күн тұрмай жылап жатады. Пақыр міскіндерді, жамағатты жидырып, құдайдан маған перзент тілеңдер деп өтінеді. Патша әйелі осыдан кейін жүкті болғаны мәлім болады. Патша аңға шығады. Құлан аулап келе жатып, қалың орманға килігеді. Орман ішінде арыстанға жолығып, үріккен атынан патша құлап түседі. Әйтсе де, арыстанды шауып үлгереді. Өзі қатты жараланады. Елі-жұртын жиып, «Болдық деп біз бармақшы ақыретке, Мал-мүлкім, иесіз қалған көп жұртымды, Тапсырдым аманат қып Парахзатқа» деп, сонан соң Парахзаттың өз орнына патша болуын, әйелі ұл туса, орныма хан көтерерсің, деп елі-жұртымен ризаласып, дүние салады. Бұл нұсқада Парахзат өте қу уәзір еді, патшаға аса жақын жүруші еді деп алдын-ала уәзірдің ішкі мінезін беріп қояды. Осының өзі алдағы болар күрделі оқиғалардан хабар бергендей болады.

Әсет Найманбаев нұсқасында:


Нұр шалған арғы әулетін, арғы затын,

Ғұлама болған әділ, Хаққа жақын.

Болыпты Бағдатта бір халифа,

Деуші еді Елкөргенше мұның атын, -


деп өзге нұсқалардың барлығынан бөлек бағытпен бастайды. Мұнда Шын, Машын, Үндістан шаһары деген сөз қолданыстары жоқ. Сол секілді Көркін патша өзінің әділдігімен патшалыққа қол жеткізген азамат еді деген пікірдің орнына ата-бабасынан бері дәулет дарып, патша болып келе жатқаны айтылады. Шаһары – Бағдат, патшалығы – халифа болып тұр. Бірақ есімі қазақыланып – Елкөргенше болып кеткен. Ол да елуге дейін перзент көрмей зарығып жүреді. Бірақ Әсет ақынның бұл тұрғыдағы шешімі тағы да бөлек. Оны ақын:


Өткізді жылауменен елу жасты,

Ағартты қайғыменен сақал-шашты.

Патша елі-жұртын жиып алып,

Мекеге барамын деп ақылдасты, -


деп таза мұсылманшылық бағытта жырлайды. Бұдан кейін оның ел-жұртқа мол қайыр-садақа беріп, қоштасып, көп әскермен шеру тартып, Мекке мен Мадинаға бір ай жол жүріп жеткені сөз болады. Елкөргенше патша түсті осында көреді.

Алланың парыз қылған әмірі деп,

Сол күнде азат етті қанша құлды.

Сол күнді раузаға қонып жатты,

«Қылғай, -деп,- қуанышты сапар жолды!»

Сол түні бір әулие түсіне еніп,

Түсінде халифаға аян берді, -


деп әрі мұсылманшылық, әрі түс турасындағы қазақы ұғымға жақын жырланады. Бірақ түс мазмұны айтылмайды. Түсті де халифа өзі жориды:
Ұйқыдан көзін ашып хан оянды,

Сөзіне пайғамбардың мейірі қанды.

Ашылып шекер, шарбат, нұр жайнап тұр,

Жүрегі жарылуға тез таянды.

Аллаға сыр ашады, сәжде қылады;

Артымда болады екен ұл баянды, -


деп түсіне кірген әулие бұл сәтте пайғамбар болып кеткендей әсерде беріледі. Халифа Мадинада той жасайды. «Расулды көрген сөзін кеңес құрып» деп оның тойда өзінің түсін баян еткені, түсінде көрген әулие – енді пайғамбар екені анық айтылады. Патша бір жұмадай жатып, еліне қайтады. Ханымы жүкті болады. Патша аңға шығады. Онда өзіне қарсы шапқан арыстанға тап болады. Сонда патша түсінде көрген әулиенің сөзін ойға алады. Ажалым менің осыдан екен ғой деп түйеді. Сөйтіп, қайраттанып, арыстанға қарсы шабады. Бұл сәтті ақын:


Ойлады: «Ажал болса, қалмайын,- деп, -

Қорқуды көңіліме алмайын,- деп, -

Қайратсыз қапыда өліп, ғапыл кетсем,

Жүзімді торықтырып алмайын», - деп.


Күркіреп о да шапты, бұ да шапты,

Алмас қылыс ағыны жайдан қатты.

Шапқанда екі жаққа басы айырылып,

Патша аттан жығылып жерді қапты, - деп суреттейді.

Қатты жараланған патша Алла Тағалаға разымын, Шам, Бағдат, жетпіс әлемді биледім, тек перзентімді көре алмай бара жатырмын деп Алла Тағаладан бір ұл тілейді. Өзім барда патша сайлап тапсырып кетейін деп ойлайды. Сөйтіп, елі-жұртын жинап, екі уәзірі бірінің аты Таһмас, екіншісінің аты – Шаһмас. Соларды бас етіп, ақылдасып, Шаһмасты орнына патша сайлайды. Сондағы патшаның айтқан сөзі:


Мен саған сөз айтайын, ей, Шаһмас!

Мен разы, сен патша бол, тағымды алып,

Бұл заман сізге аманат, менен қалып.

Іншалла, бір айдан соң балам туар,

Қылғайсың он үш жылда патшалық.

Он жылға толғаннан соң тағымды бер,

Сонан соң уәзір болып, орныңа кел, -
деп Шаһмаспен уағда байлап, Кәләм Шәріп сүйгізіп, қағаз жазып, жұртқа мөр бастырып, дүниеден өтеді.

Аталып өткен салыстырулар Шеризат, Күлшат тақырыбына жырланған қазақ қиссаларының тек басталу жағын қамтитын басты-басты айырмашы- лықтары ғана сөз етілді.

Шорман Білтебайұлының нұсқасы көнелігімен, кітаби тілділігімен құнды. Бірақ шығарма аяқталмаған және оқиғалардың бірімен екіншісінің сабақтасып жалғасып отыру жүйесі дұрыс сақталмаған. К.Әлімбетов нұсқасында оқиға жүйесі жақсы сақталған. Шығарма соңында Шеризаттың патша әскерімен соғысына көп көңіл бөлінген және жақсы суреттелген. Бірақ мұнда Күлшат қыздың әкесіне араша түсіп, Шеризаттың ашуын тарқату үшін айтатын қиссалар тізбегі жоқ. Тек Шеризаттың асырап алған әкесі Қожа Әсет пен уәзір Парс Пархизатты ел алдына шығарып, мынаған не жаза бересіңдер дегенде, бүкіл халық оған өлім жазасын лайық көреді. Сол сәтте оның қызы Күлшат әкесіне араша түсіп:
Әкеміз, ер Шеризат, бір туысқан,

Мен доспын қияметтік, әкем – дұшпан.

Болып ең, Парс уәзір, жұртқа аға,

Сенің де хабарың бар бұл жұмыстан.


Әкемнің әрі қызы, баласымын,

Көзінің ағы менен қарасымын.

Әкемнің қамқорлығын ақтамасам,

Мойныма қаны жүк боп қалатұғын.

Бұл жерде жасыңыз бар, кәріңіз бар,

Бұл істі шариғатқа салыңыздар.

Өлмесе, әкем, тірі жаза тартса,

Сіздерге зорымыз жоқ, зарымыз бар, - дейді.

Жиналған жұрт пен Қожа Әсет, Парс уәзір қыздың тілегін қабыл етіп, Пархизатты он жылға зынданға отырғызуға шешім қылады. Шеризат патша болып, алтын таққа отырады. Парс най (бас) уәзір болады. Шығарма осылай аяқталады.

«Қарқабат» нұсқасында шығарма шын мәніндегі қиссалық келбетке ие болған, бірақ қисса кейіпкерлерінің аттары түгелдей ауысқан, патша – Қарқабат, екі уәзірдің Дана мен Зұлмат есімді болғанын жоғарыда сөз еттік. Күлшаттың есімі мұнда Құндызша болып беріледі. Бұл нұсқада түс көруші Зұлмат болады. Түстің мазмұны күндердің күнінде Шеризаттың келіп, ел мен жұртқа, алтын таққа ие болуы Зұлматты өлім жазасына кескенде, араша болып алып қалатын оның қызы – Құндызша болатыны аңғарылады. Сол секілді баланы асырап алатын екі жолбарыс (арыстан емес) оқиғасы жүйелі, ұзақ жырланады. Баланы асырап алатын Қожа Әсет мұнда Мүшкүләт кейде Мүшкүл деп беріледі және оны Қарқабат патшаның жан досы еді деп суреттейді. Сондай-ақ, екі жолбарыстың баланы тәрбиелеуі де тиянақты сөз болады. Оны ақын былай береді:

Шерілердің қолында

Қарқабат ердің көдегі.

Баланы қандай бақты екен,

Шерінің жайын көрелі.

Жолбарысқа жас бала

Дәл бір жаста кезікті.

Аузына салды емшегін,

Тартынбай бала еміпті.

Сұсы басым болсын деп,

Айдаһар өтін теріпті.

Жүректі күшті болсын деп,

Аузына шашты көбікті.

Жүзі сұлу болсын деп,

Алтынға булап көміпті.

Еркелетіп баланы,

Өзіне берді ерікті.

Мүшкүләт балаға жолыққанда оның жасы шамамен сегіз-тоғызда болады. Бірақ көрінісі жиырмадан асқан жігіттей болады. Еліне баланы алып келген Мүшкүләт қой, сиыр, ту бие, құр ат сойып той жасады, - деп береді. Мұнысы қазақы табиғаттың үстелуі деуге болады. Шеризат бұл нұсқада Шерқуат боп беріледі. Оның себебін:


Балаға атты қоюға

Жиналды жас пен қарт ойлы.

Шерінің сүтін емген деп,

Шерқуат деген ат қойды, - деп түсіндіреді. Қазақ эпостық жырларындағыдай Мүшкүләттің Алтын сары деген биесі ақ кекіл құлын туады. Оны Шерқуатқа бәсіре етіп ен салады. Ақ кекіл оның ер қанаты ат дегендей, қазақ жырларындағыдай Шерқуат батырдың серігі болады. Осы шығармадағы бір кемшілік деп Шерқуаттың патша жіберген батырларды өлтіруі онан кейін келген зәңгі батырлармен соғысу тұстары деп айтуға болады. Мұнда соғыстан қажыған Шерқуат балаға Құндызшаның айласы көмектеседі. Қыздың айласымен келіскен Шерқуат қызша киініп, қырық қыздың бірі болып жүретін сәттері бар. Яғни, өзге нұсқалардағыдай алып күшпен, батырлықпен қалың әскерді талқандайтын Шеризаттай емес, Шерқуат шығарманың дәл осы сәттерінде бәсең суреттелген деп ойлауға болады.

Мәшһүр Жүсіп, Әсет нұсқаларында да осы секілді шығарманың оқиғалық желісіне, кейіпкерлер есімдеріне қатысты өзгешеліктері, әр қиссаның өзіне тән көркемдігі, қызықты оқиғалық желісі, шығарма құндылығы бар. Әрқайсысы - қазақ әдебиетінің тарихында, оның шығыс әдебиетімен байланысты дамыған саласында өзіндік орны бар туындылар.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет