Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)


«Мың бір түн» ертегілерінің нәзиралық дәстүрде



бет21/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

«Мың бір түн» ертегілерінің нәзиралық дәстүрде

жырлану мәселелері
Шәді жырлаған «Хикаят Қамар Заман» - «Мың бір түннің» үлкен бір саласы. Нәзирашыл ақынның бұл туындысы қазан төңкерісіне дейін Тәшкенде кітап болып басылды. «Қамар Заман» ертегісі көлемі жағынан «Мың бір түн» томдықтарының жеке кітабына жете қабыл келіп жатады, ал Шәді жырлаған нұсқа – араб әрпімен бүгінгі таңда қадымша, түрки аталып жүрген үлгіде басылған 60 беттік дүние. Қазіргі әліппеге салсақ, көлем жағынан көп өсері сөзсіз. Себебі, араб жазуы өте ықшам жазылатыны, басылатыны белгілі. Қалай дегенде де, шайыр Шәді «Мың бір түндегі» Қамар Заман оқиғасын түгел жырлаған жоқ. Өзі қажет деп санаған деңгейде, шығармашылықпен қарап, өзінің нұсқасын жасады.

Шайыр нұсқасын жеке сөз етер болсақ, кітап мұқабасы мұсылман кітаптарына тән әдемі өрнекпен көмкерілген. Мұқабаның жоғарғы жағына «Куллу жадид – ләзиз» деген нақыл сөз жазылған. Мағынасы – әр жаңалықтың мәнді, мағыналы екендігі. Жақсы жаңалық мағынасында. Тура мағынасында тәтті деп берілген. Шайыр Шәді бұл сөздерге үлкен мән беріп, ағартушылық оймен жазып отырғаны күмәнсыз. Бұл сөз шайырдың шығармашылық мұрат-мақсаты мен, ойымен сабақтас өрілгені аңғарылады. Онан соң «Мүтаржим султан Шаһ Жаһанкирұғлы» деген сөз берілген. Демек, көптеген кітаби ақындар нәзиралық деңгейінің әрқилылығына қарамастан, өздерін міндетті түрде автор деп көрсетсе, Шәдінің бұл мәселеге үлкен сақтықпен, жауапкершілікпен қарағаны аңғарылады. Сонымен бірге, оның жеке басының биік мәдениеті көрінеді. Мұнан соң кітап аты, оның бірінші басылуы екендігі көрсетілген. Тақырыптың төменгі жағында кітаптың Сейіт Ахмет қожа Қажы Сулейменқожаұғлы және Кәрімжан Хакимжанұғлы деген кісілердің қатысумен, ықыласымен және қаржылай көмегімен басылғаны айтылған. Оның төменгі жағына кітаптың Ташкенде Сейіт Ахмет қожа Қажы Сулейменқожаұғлының, Түркістанда Кәрімжан Хакимжанұғлының дүкенде- рінде сатылатындығын хабарлаған жазу берілген. Сонымен бірге кітап мұқабасының ең төменгі жағына осы кітапты аударушының рұқсатынсыз қайта басуға болмайтындығы ескертілген [105, 1]. Бұл жәйттерден кеңес дәуірінде көп айтыла беретін екі-ақ пайызы сауатты деген қазақ халқының үлкен мәдениеті көрініс беріп тұр. Баспа мәдениеті, кітаптың таралуы мен оқылуы, әдебиет пен өнерге, мәдениетке деген халықтың құштарлығы аңғарылса керек.

«Мың бір түннің» бір ертегісі «Қамар Заман» - қара сөзді туынды. Осы прозалық шығарманы шайыр Шәді поэзиялық шығарма етіп қайта жырлады. Сондықтан да автор өзін аударушы етіп көрсетсе де, шығарманы нәзиралық дербес туынды деп тануға болады. Шайыр ұзақ ертегіні түгел жырламай, бір бөлігін ғана тұтас туынды етіп жасайды. Бір оқиғадан өрбіп екінші оқиға не тұтастай келесі шығарманың жасалып жатуы шығыс фольклорына тән нәрсе. Шайыр Шәдінің осылайша ұзап кететін ұзақ әңгімені қазақ оқырманына арнап, ықшамдап, жырлауының өзі - оның шығармашылық шеберханасының бір көрінісі. Шындығында, «Мың бір түннің» орыс тіліне М.А. Салье аударған нұсқасының 5-кітабында берілген Қамар Заман оқиғасы «Повесть о царе Шахрамане, сыне его Камар аз-Замане и царевне Будур», «Рассказ об аль-Амджаде и аль-Асаде», «Повесть о Ниме и Нум», «Рассказ об аль-Амджаде и аль Асаде» (продолжение), «Повесть о Камар аз-Замане и царевне Будур» (окончание) секілді 140 беттік көлемді қамтитын тараулардан тұрады [106, 3-141]. Жазушы Қ.Әбдіқадыров аударған нұсқасы да орыс нұсқасы секілді «Қамарыл Заманның хикаясы», «Мәлік-Ғұйырдың қызы Мәлике Бүдірдің жайы», «Амжад пен Асғадтың басынан өткен оқиғалары», «Енді әңгіме Амжад туралы», «Нығмет пен Нағимның әңгімесі» секілді бірнеше тараулардан тұрады. Діни, кітаби ақындардың бір ерекшелігі – шығармаларын Алла Тағалаға, Мұхаммет Пайғамбар мен төрт шарияр – Әбубәкір Сыддық, Әзірет Әлі, Хазірет Омар мен Оспандарға арналған мадақ жырлармен бастауы. Бұл мұсылман әлімінің көптеген жырларына тән жәйт. Шәді де Қамар Заман оқиғасын бірден бастап кетпей, осы дәстүрді сақтап, мадақ жырларынан соң ғана негізгі оқиғаны жырлауға көшеді. Мысалы:

Худайға хадсыз сәнә хамді бихад,

Таусифын ада болмас әйләсам йад.

Йәткузиб хамд уасфин айта алмаған,

Әууәлдин бул уақтғиче һич адамзад.

Қум, туфрақ. Йамғурларниң и'дадинче,

Инс, жин Хақниң уасфин айтиб турсе,

Аллаһниң хамді сифат таусифиниң

Булмайди миңнан бирин ада қилсе,

'Уләма 'алымлар куб бурун уткин,

Бари һәм Хақниң уасфин зикр иткин,- секілді өлең жырларымен Алла Тағалаға жанды-жансыз мақлұқтар мен адамзат әрқашан айтуға тиіс және Алла Тағаланы қанша мадақтасаң да, оның сипатын айтып тауысу мүмкін емес деп жырлайды. Елу жол мадақ жырын:

Хәмд айтмақ аууалинде ләзим йрур,

Кағизғе һәр мусанниф йазсе хатин,

Миниң һәм хат йазмақғе куңлум китиб,

Ағзиме хамдин алдим азһар итиб, – деп аяқтап барып, негізгі оқиғаны жырлауға көшеді. Бұны ежелден келе жатқан «түркі классикалық өлең дәстүріне тән басты композициялық шарттылықтардың бірі деп ұққан абзал» [107, 11].

Шәді хикаясында «Мың бір түндегі» ұлттық дәстүрімізге жат оқиғалар желісі түгел алынып тасталған. Негізгі кейіпкерлер Қамар Заман, Саида Бүдір, Хайат Нуфус қосылып бақытты, патшалық салтанатында өмір сүріп, мақсат-мұраттарына жетіп шығарма аяқталады. Нәзирашыл ақынның бұл шығармашылық шешімін, ықшамды жырлауы сәтті шешім болғанын ерекше атап айтуға болады. Оқиғалар екшеліп, кейіпкерлер саны азайтылған. Бірақ ақын түпнұсқадағы анда-санда айтылып отыратын шағын бәйіттердің орнына және өз тарапынан оқиғаның ширыққан сәттерінде лирикалық рең беріп арнайы көлемді ғазалдар жазып отырған. Шаһраман патшаның ұлы Қамар Заманды жоғалтып алған сәтте қатты қайғырғанын былай береді:

Бир уақтде йсин жииб кузун ачиб

Йығларди дане-дане йашин сачиб

Дир йрди зиянкерде қай хайуанниң

Ағзине ауде журуб булдиң насиб

Куз нури куңлум хуши фәрзәнджан

Тәндаги жанимнан һәм 'азиз-дурсан.

Шаһраман патшаның ауыр халін өз сөзімен аралас келтіре отырып жақсы сипаттайды. Бұл жәйт түпнұсқада бұлай терең суреттелмеген. Ақын перзентін жоғалтқан патшаның зор қайғысын өз тарапынан сәтті жырлаған. Шығарманың лирикалық бояуын қоюлатып дұрыс өрнектеген. Осындай суреттерден соң патшаның жан қайғысын ғазал етіп жеке өреді, оған «Шаһраман падишаниң айтқан ғазали» деп ат та берген:

Кузде нур билим қути

Сән йрдиң куңлум мудәри

Қай йақғе китдиң йуқ булуб

Йғлатиб ата-анани

Йртқучи қайси хайуанниң

Узиңә тигән зарари.

Бұл ғазал жиырма жолдан тұрады. Онан соң «Икинчи ғазал» деп ат қойып, тағы да жиырма екі жолдан тұратын ғазал береді. Жоғары да айтқан «Мың бір түн» оқиғасының желісімен жүрмей, авторлық, дербес шығармашылықпен, лирикалық сезіммен, шабытпен жырлағаны аңғарылып отырады.

Шәдінің «Хикаят Қамар Заман» шығармасы туралы сөзімізді қорытар болсақ, талданған шығарма - «Мың бір түн» ертегілерін жырлаудың, нәзирагөйліктің бір сәтті, табысты үлгісі.

Сол секілді «Мың бір түн» ертегісі «Сәйфүл-Мәлік пен Бәдиғұл-Жамалдың хикаясы» қазақ ішінде ертеден жырланып келе жатқан, төл туынды, төл тақырып дерлік дәрежеге жеткен туынды. Қисса әдеттегідей дәстүрлі жолмен Алла Тағаланы атап өтіп, сонан соң шығарманың жазылу тарихын сөйлейді. Бірақ мұнда шығарманы хатқа түсіруші ақын, есімі айтылмаған. Қисса оқиғасын белгілі хикая желісімен хатқа түсіріп, отырғаны анық аңғарылады. Туындының хатқа түсіруші кітаби ақын тарапынан жылынған кіріспесі мол емес. Төрт шумақ қана өлең жолы. Мысалы:

Әуелде жад етемін Тәңірім атын,

Сұрасаң өзі берер онан датын.

Бұ кітапты бастай салдым,

Айып қылып оқыма жазған хатым.


Қолыма қағаз бен қалам алдым,

Дүниенің опасына қайран қалдым.

Кәріптер жұрт ішінде тыңдасын деп,

Қиссасын Сейпілмәлік хатқа салдым.

Кісіден білген сөзім сұрамадым,

Жаза бердім, кісіге қарамадым.

Қалған сөзім жазарсыз ұлыңызбен,

Қайта түзеп жазарға жарамадым.

Сөйлейді кім де болса, жалған сөзім,

Әр жерде көңіліне алған сөзін.

Асығып бұ кітапты мен жазғанмын,

Жаңылсам түзей көрші қалған сөзін.

Қай жерде жүрсем-дағы жалғыз басым,

Ағады ойлай берсем көзден жасым.

Сүлеймен патшаның заманында

Бір патша өтті Мысырда, аты – Қасым, -

деген өлең жолдарымен басталады. Осы өлең жолдарының өзінен біраз жайды аңғаруға болады. Бірінші, шығарманың таза қазақы табиғатты орындалуы. Көптеген қиссаларда үнемі Алла, Алла Тағала т.б. көптеген арабша атаулармен жырланып отырса, мұнда оның орнына түбі түркілік тәңір сөзі қолданылады және бұл сөз шығарманың өн бойында көп қайталанып отыратыны аңғарылады. Екінші, шығарманың хатқа түсу мақсаты сөз болады. Ол – кітаптың жұрт алдында оқылып отыруы. Сол үшін кітаптың жазылуы. Үшінші, шығарманың ел ішінде бұрыннан мәлім туынды екені аңғарылады. Сондықтан да кітаби ақын: «Қиссасын Сейпілмәлік хатқа салдым», - деп сөйлейді. Төртінші, кітапқа тапсырыс берілуінің барлығы. Бесінші, шығарманың тез, асығыс жазылуы. Бірақ кітаби ақын өзін де, тапсырыс берушіні де атап көрсетпейді.

Қазір жарияланып жатқан «Бабалар сөзі» сериясында «Мың бір түн» ертегісі мен қисса арасында көп айырмашылық жоқ екені аталып айтылса да, оларды салыстыра қарастырған кісіге ертегімен қисса арасында кейіркерлер мен оқиға желісі бір болғанымен, өзгешеліктердің біршама екені анық аңғарылады. Ертегімен қисса арасындағы бұл айырмашылық нәзирашыл, кітаби, қиссашыл ақынның шығармашылық ерекшелігін танытса керек. Атап айта кетсек: Ертегіде Ғасым бин Сафуан деп аталатын әділетті патша Мысыр билеушісі ретінде айтылып қана өтсе және оның қартайғанша бала көрмей, соған қайғылы болып жүргені сөз етілсе, қиссада:

Төрт жүз шәр Қасымға қарайтұғын,

Төрт жүз патша әділ деп сыйлайтұғын.

Жүз жетпіс жасы оның, перзенті жоқ,

Алладан перзент бер деп сұрайтұғын,-

деп жырланады. Патша әділдігі мен перзентсіздігі сай болса да, патшаның жүз жетпіс жасқа келуі, төрт жүз қала оның билігіне бағынатындығы ертегіден өзгеше, өзінше кеткен. Ертегіде патшаның таққа отырғанының өзіне жүз сексен жыл болады. Бұл жәйт кітаби-нәзирашыл ақынның шығармашылық ерекшелігі. Нәзиралық туындының нәзиралық деңгейінің көрінісі. Сол секілді ертегіде бас уәзір Салых деген кісі аталады. Перзентсіздігіне нала болып қайғырып жатқан патша қайғысының себебін сұраушы да сол. Сонымен бірге ол – патша досы. Сол себепті де қайғы сырын жасырған патшаға сырыңды ашпасаң өзімді өлтіремін деген әрекетке де барады. Қиссада патша қайғысын, себебін сұраушы билер болады. Билер сөзі көбірек, уәзір сөзі азырақ қолданылады. Бұл жағдай шығармаға қазақы табиғат үстеген. Ертегіде перзентсіздігіне налыған патша қайғысы бірер сөзбен, сөйлеммен жеткізілсе, қиссада жеті шумақ, жиырма сегіз жол өлеңмен, мұңлы әуенмен, сырлы сазбен өрілген.


Жасым жетіп, дүниеден көңілім қалды,-

деп намыс қылған патша:

Ажал жетіп бір күні өле қалсам,

Орнымды ұстап кім алар осы малды?!-

деп сұрақ қойып жылап, оған өзі:

Әкесі өлсе орнында ұлы қалар,

Орнын ұстап, дұға қып, көрге салар,-

деп қазақ қайым өлеңі үлгісінде сұрақ-жауап етіп толғайды. Бұл да біз жоғарыда айтып өткен қазақылық табиғат. Сонымен бірге көркемдік сипат. Қиссада билер әрекетсіз жатпай, балгерлерге бал аштыруды ұсынса, ертегіде бас уәзірге патша:

«- Досым, мен дүнием, мансабым жетпей жылап жатқаным жоқ. Ата мұрасымен патша болдым. Мен таққа мінгелі бір жүз сексен жыл болды. Қартайған шынардай кәрі менен не шықты?.. Мен өз тамырымды өзім сорып, орныма құлап шіритін ұрықсыз ағашпын. Өмірімнің жалғасы жоқ, - түсте көрген бір елес. Олай болса, мен жыламай кім жылайды. Оны сұрап несіне әурелейсің? – деп еңкілдей берді», - деп беріледі.

Сол сәтте уәзір өзінің жүзге келгенін, бір перзентке өзінің де зар екенін айтып, патшаны әрекет етуге үндейді:

«Уәзір ойланып отырып:

- Уа, тақсыр, мен қайбір жетісіп отырмын! Жасым жүзге келді, сол сіз көксеген бала менде де жоқ. Бірақ көздің жасы, кеудені кернеген өрттей қайғы – бала бола ма? Онан да батыр күннің шуағындай қалған өмірімізде болса да шара қарастырайық. Жердің шығыс шеңберінде Сүлеймен деген патша бар дейді. Ол жер жүзінің ғалым адамын, қасиетті барлық мақлұғын үкіміне көндіріп, өмірдің керегіне пайдаланып отырған көрінеді. Соның алдынан талай кісінің тілегі орындалатын көрінеді. Соған барып, мүддемізді айтсақ, бізге жәрдем етіп, тұқым қаларлық шарасын табар ма еді, қайтер еді? – деді [108, 37].

Яғни ертегіде патша мен уәзір қайғысының түйінін Сүлеймен патша шешеді. Қиссада кітап оқып, бал ашқан балгерлер Жамын деген патшаның қызын алу керек деп шешеді. Жамын патшаның қызы Жәмилаға үйленген Қасым патша ұлды болады. Оның атын Сейпілмәлік деп қояды. Сонымен бірге оның Қамыт атты патшаға сөзі өтімді уәзірі де ұлды болады. Оның атын Сейіт қойып қатар тәрбиелеп, олар дос болып өседі. Ертегіде Сағадат.

Жалпы ертегіде де, қиссада да негізгі кейіпкерлер өмірін жаңа қиырларға бастаушы Сүлеймен патша берген заттар. Ертегіде екі шапан (тон деп те айтылады) бір жүзік пен қылыш. Мұнан өзге бір құты бар. Екі тон екі балаға жүзіп, қылыш, құты патша баласына берілген. Қиссада Сүлеймен пайғамбар патша досы деп айтылады. Ол өлерінде Ғасым патшаға жүзік, тон, қанатты ат қалдырады. Патша қанатты баласының Сейітке ұсынады. Тон мен жүзік патша баласына. Тондағы шексіз сұлу пері қызы Бәдиғұл-Жамал суреті алдағы болар оқиғалар себепшісі. Сүлеймен пайғамбар жүзігі көп қиындықтарда кейіпкерге демесін болады. Яғни қасиетті жүзік. Ал патша баласының досына сыйға ұсынылған қанатты ат шығармада әңгіме болмай, ұмыт қалады. Шындығында қанатты ат көп қиындық көрген кейіпкерлерді небір қиын-қыстаулардан алып өту үшін енгізілген болса керек. Бірақ, өкінішке орай, бұл қанатты ат қисса оқиғасына еш араласпайды. Ертегіде сұлу қыз суреті Сүлеймен патша еш уақытта ашпауын өтінген, бірақ ұсынған құты ішінен шығады.

Ертегі мен қисса арасындағы айырмашылық жөнінде ерекше айтуға қажет нәрсенің бірі – пері қызы Бәдиғұл-Жамалдың бейнесін салған суреттің екі түрлі жағдайда берілуі. Ертегіде Алла Тағаладан перзент, Сүлеймен пайғамбардан медет, демеу тілеп келген, әрі патша атынан, әрі өз атынан келген патшаның досы ол да перзентсіз, бас уәзір Салых Пайғамбар алдында болады. Пайғамбар оған:

-... Екеуінде де бала болады. Осы уақытқа шейін бала болмаса, ойларыңды кернеп кеткен кеселдің зардабы. Оның емі де сол Мысырдың жанында. Мысырға барған соң Ғасым бин Сафуан екеуін батыс жақ жиектегі Ніл бойының тоғайына барыңдар. Сонда бұтақты біткен үлкен ағаш кездеседі. Соның басына шығып, түс қайтқанша отырсаңдар, солтүстіктен екі жылан пайда болады. Оның бірінің басы маймылдың, бірінің басы жынның суретінде. Олардың қорқынышты суретінен сескенбей, екеуің екеуін атыңдар. Оларға ажал болатын оқ мыналар,- деп Сүлеймен қолмен ұштаған екі садақтың оғын берді. – Жыланның жаны шығысымен, басынан бір қарыс, құйрығынан бір қарыс кесіп тастап, үйлеріңе апарыңдар да, сорпа пісіріп, әйелдеріңмен отырып, етіп жеп, сорпасын ішіңдер. Өмір бойы у жинаған жыланның қайнатқан сорпасы сендердің кеселдеріңе, тұқымдарың жайылмай жатқан бәлеге мың да бір дауа. Сонан кейін күмәнсыз бала болады. Ал балаларыңа мына бір шапанды кигізерсіңдер. Мына бір жүзік пен қылышты патшаның баласына бер. Мына бір құтыны да соған бере саларсың, бала ержеткен соң қолына берсін, ішін ашпауын мұқият табыс етерсің, - дейді. Демек, болашақ өтілер бүкіл оқиғаның себепкері болар қыз суреті салынған зат елеусіз ұсынылады. Сонымен бірге тыңдаушыны еліктіріп, құтыны ашпауын табыстайды. Әлбетте, құтыға қызыққан Сейпілмәлік оны ашады. Ішінде орамал, орамалда сұлу қыз бедерленген. Бұл жағдай жазушы, аудармашы Қ.Әбдіқадыров былай суреттейді:

«Ғасым қазынадан Сүлеймен берген екі тонды алдырып, екеуіне кигізеді. Жүзік, аузы жабық құтыны баласының алдына қояды. Сейпілмәлік жүзікті қолына салып, қылышты беліне байлады...

Сейпіл-Мәлік түн ортасында оянып, жанында тұрған құтыны ашпақшы болды. Құтыны ұстағанда бойын әлденендей қорқыныш сезімі ме, не бір қуаныш билегендей болып, денесі түршіккендей болды. Қайта жерге қойып, ойға кетті.

- Бұл қалай?.. Менің дүниеге келуіме себепші болған Сүлеймен берген бұл құтыда мен қорқатын нендей зат болмақ? Қалайда Сағадат ұйықтап жатқанда ішіндегі затты көрейін, - деп, тағынан жерге түсті.

Құтыны ашқанда қорқынышты ешнәрсе болмады, бүктеліп салынған жібек орамал екен, оны жазғанда, сипатын тілмен суреттеп болмайтын сұлу қыздың суретін салыпты.

- Уа, орамал, қырмызы,

Бетінде сұлу жын қызы...

Сипаттап тілім жетпейді,

Шыңдағы көктің жұлдызы.

Сәулесіндей айнаның,

Ашқан шоқтай жайнадың.

Сиқырлы бейне сүре оқып,

Жүрегімді байладың...(43-б.), -

деп орамалды жұмарлап бауырына басты да, есінен танып құлады (4-том, 43-б).

Сейфіл-Мәліктің досы Сағадат орамалды жазып, сұлу қыздың суретін көрді. Суреттің бас жағында маржан моншақпен тізіп жазған «Бұл жын патшасы Шымақ бин Шаһбалдың қызы Бәдиғұл-Жамал. Тұрағы – бин Ғадтың мекені – Бабыл қаласы» деген сөз бар екен. Бұдан екі жайды аңғаруға болады. Бірінші, ертегі мен қиссадағы кейбір көркемдік кестелерінің, детальдар мен оқиғалық желісінде, кейіпкерлер галереясында айырмашылықтың болуы. Кітаби ақынның белсенді шығармашылық тұлға екендігі. Екінші, екі жас тағдырының олар дүниеге келмей тұрып, алдын ала Алла Тағала тарапынан шешіліп қоюы деп ойлауға болады. Сол секілді ертегіде жас баласына патша тағын, бас уәзір қызметін береді. Тон, жүзік, сурет оқиғасы соған орай болады. Ал, қиссада патша ұлы мен оның досына арнап ғажап сарай салады. Сурет оқиғасы қоныс тойына орай суреттеледі.

Жалпы, «Сейпілмәлік» қиссасын ертегімен салыстырғанда, ерекше атап айтылуға тиіс мәселе – шығарманың тұтас дерлік қазақы табиғатта туындауы. Шын мәнінде қазақы болмысты шығарма болып шығуы. Мұны айтып отырғанымыз, тағы да араб ертегісін қазақша сөйлеткен қазақ ақынының бұл шығармада шығармашылық үлес салмағының басым екендігі. Мына секілді өлең жолдарын мысал ретінде ұсына кетуге болады:


Оқыды да ол хатты жерге қойды,

Жұртына ақылдасып малды сойды.

Алтын-күміс жарлыға қайыр қылып,

Көп мал сойып қылды да жұртына тойды (122-б).


Осы өлең жолдарындағы «хатты жерге қоюы», «жұртына ақылдасуы», «малды союы», «көп мал союы», «жұртына той қылуы» секілді сөз қолданыстар шығармаға қазақы мінез дарытқаны көрініп тұр. Ал «Алтын-күміс жарлыға қайыр қылуы» шығысқа, шәрілік танымға тән болса керек. Сол секілді:


Айы-күні бітті де бір ұл тапты,

Әр жақтан шүйінші деп кісі шапты.

Жарлыға ат мінгізіп, тон кигізіп,

Батаны жақсылардың бәрі қылды, -


деген өлең жолдары да таза қазақы сурет болып өрілген. Сонымен бірге, шығарманың шығыстық тұрмыс, шәрілік өмір салтын көрсететін өлең жолдары да жетерлік. Мысалы,


Алтын менен күмістен үй қылды,

Шәріне ұсталардың бәрі келді...


Кірпішін күміс қылды, алтын жағып,

Әр жерге гауһар тастан шеге қағып т.б.

Шытырман оқиғалы, романтикалық сарынды қисса негізінен он бір буынды қара өлең үлгісімен жырланған. Әйтсе де, кей сәттерде жеті-сегіз буынды жыр жолдары да араласып отырады. Дегенмен, негізгі басым өрнек – он бір буынды қара өлең. Сондай жеті-сегіз буынды жыр жолдарымен берілген сәттердің бірі –кейіпкер Сейпілмәліктің тағдыр тауқіметін тартып, бұ дүниеден баз кешіп, құса болып жылап Аллаға мінәжат еткен сәті. Мінәжатта кейіпкер өзін Тәңірдің оны жарық дүниеге әкелуі, бір сұлуға ғашық етіп түрлі меһнәтке душар еткенін термелеп толғайды.


- Тәңірім өзі жаратты

Он сегіз мың әлемді,

Бір өзіне қаратты,

Шешеден туған адамды

Күн көрсін деп жаратты.

Біз құлыңды жараттың,

Шеше ішінде қан қылып,

Жылатып жерге түсірдің,

Өмірі зарлап өтсін деп,

Он айдан соң жан қылып,

Аяқ беріп, қол беріп...(139-б).
Көптеген діни қиссалар кейіпкерлері секілді кейіпкер Сейпілмәлік те қатты қиналып, шаршап жатып, ұйықтап қалады. Түсінде біреулер жөн сілтеп Сүлеймен пайғамбардың жүзігі арқылы қиындықтан құтылып шығады.

«Мың бір түнде» «Сейфіл-Мәлік пен Бәдіғұл-Жамалдың хикаясы» аталған ертегі жеті жүз жетпіс төртінші түнді қамтиды. Яғни жиырма түндік ертегі. Демек, ертегі ішіндегі желілік үзілістер мен оқиғалық бұрылыстар түннен түнге ерекшеленіп ауысып отырса, қиссада оқиғалардың әр сәтіне жеке тақырыпшалар қойылып, оқиға мен оқиға арасына желілік үзілістер жасалып отырған. Сонымен бірге ол тақырыптар оқиға желісінен де хабар беріп отырады. Мысалы, ол тақырыптар «Билердің жауабы», «Елшіден патшаның хат жазғаны», «Патша қызын ұзатқаны», «Қасымханның тон, жүзік бергені» т.т. болып отырады.

Негізгі өзегін «Мың бір түн» ертегісінен алған қисса «Сейпілмәлік» - фольклорлық дәстүрдегі романтикалық туынды. Жанрлық ерекшелігі мен тақырып табиғатына орай қазақ тілінде көркем жырланған шығарма. Шығарманың ең негізгі, басты тақырыбы, ең алдымен, ғашықтық, махаббат, сүйіспеншілік мәселесі. Сонымен бірге шығармада шексіз адал достыққа ерекше орын берілген. Сейпілмәлік пен Сейіттің әкелері дос, достыққа адалдықты берік ту етіп ұстап келген. Сол достық енді балаларына ұласқан. Олардың достығы да қылаусыз таза достық көңілден, шексіз ыстық ықыластан тұрады. Досын жоғалтып жылап жырлаған Сейпілмәлік жырлары бұған дәлел.
Сенсіз маған болмайды осы жиын,

Дүниенің сенсіз маған бәрі қиын.

Таққа отырып патша болсам-дағы,

Сенсіз маған пайда жоқ жалғыз тиын.

Еске түссең жылаймын мен осында-ай,

Тақ үсті сенсіз маған бір тұтқындай...


Хабар болса мен жүзіңді көремін бе,

Жоқ дүниеден көрмей-ақ өлермін бе?

Өлгеніңді естісем, мен өлермін,

Бұ қайғыға сарғайып жүрермін бе?-

деп досын сағынған кейіпкер Тәңірге жалбарынып мінәжат етеді.


- Әр жерде медет қылған Құдайым сен,

Тілеймін жазықтықпен кедейің мен.

Досымды тірі болса бір көрсетсең,

Жолыңда жанымды құрбан етейін мен,- деп келеді.

Шығармада махаббат, достық, әділ патшалық суреттеледі, бұл халықтың бақытты өмірді, әділетті патшалықты аңсауынан туындаған. Қасым хан баласына орын береді,

Шаһзада досыменен сейіл құрды.

Мал да ортақ екеуге, жан да ортақ,

Татулықпен дүниеден өмір сүрді.


Бірде сейіл құрады Ирамбағы,

Тұрады Сарандилда аз күн тағы.

Қызметкер, бәрілері қайғысы жоқ,

Ойнағаны, күлгені қызық тағы.

Өмірі өтті бұлардың жаңа жардай,

Көкіректері бәрінің аппақ қардай.

Көрсетпесін бендеге Құдай зары,

Төртеуі көкке қонған төрт бұлбұлдай.

Көп жасап өтті бұлар өмір сүріп,

Қылдылар патшалықты әділ тұрып.

Азабының соңында жақсылық бар,

Жетті мұрадына көп жыл тұрып.

Айрылуға келгенде қимай өтті,

Жаңа келген қонақтай сыйлы өтті, арманы жоқ,

Қуаныштары қойнына сыймай өтті.

«Сейпілмәлік» қиссасы - қазақ қиссаларының ішінде бірінші кітап болып басылып шыққан туынды. Өткен ғасырлар туындысы болса да, әлі де қызықты оқылатын, көркемдік кестесі келіскен, өлең өрнектерінен шығыс пен қазақ фольклорының әсері айқын аңғарылып отыратын, көркемдік құны жоғары асыл қазынамыздың бірі деп қорытуға болады.

«Мың бір түн» цикліне кіретін үш ертегіні - «Мәлік-Маран туралы әңгіме», «Балқия туралы әңгіме», «Жақаншаның өмірі туралы әңгіме» секілді шығармаларды арқау еткен «Шаһмаран» қиссасы өте көлемді, 9194 жолдан тұрады, мазмұны өте бай һәм маңызды, фабуласы күрделі, көп сюжетті, көпқабатты. Соған қарамастан композициясы өте тартымды, жинақы, оқуға, тыңдауға, жалпы қабылдауға жеңіл. Оның себебі дастан фабуласын құрайтын сюжеттер мен мотивтер, фольклорлық аңыз, әңгімелер, Құран Кәрім мифтері мен хикаяттар, бір сөзбен айтқанда, көптеген аралық әңгімелер бір-бірінен туындап отырады. Олар мазмұны, кейіпкері, бастапқы идеясы, т.б. жағынан бір-біріне тікелей қатысты, өзара байланыста емес. Бірақ оларды біріктіріп байланыстыратын негізгі кейіпкерлер – Шаһмаран мен Жамсыбтың тағдыры, сондықтан олар бір-бірінен туындап, бір-бірін жалғастырады да, дастан фабуласын құрайтын отыз шақты сюжет пен мотивтер іштей тұтастанып, шығарманың мазмұнын байытып, маңызын тереңдетіп, негізгі идеясын аша түседі. Яғни, бұл шығармада шығыс әдебиетінде жиі кездесетін, ғылыми еңбектерде «рамочная композиция» деп аталып кеткен тәсіл қолданылған [109, С.3]. Нақтылап айтқанда, мұнда сол тәсілдің таза моделі сақталмаса да, дастан композициясы сол тәсілдің басты принциптеріне негізделген, сондықтан шығармаға енген ертегі, миф, аңыз, әңгімелер, хикаяттар, т.б. дастанның негізгі өзегінен өрбіп тұтастық танытады. Осы өте көлемді шығарманы жырлаған Нұрымұлы Жүсіп деген Көкшетау өңірінің кітаби ақыны айтылады. Шығарманың бірнеше нұсқасын айта отыра бәрінің түбі осы Жүсіп ақынның нұсқасынан шыққаны «Бабалар сөзінде» айтылады. Яғни, Жүсіп нәзиралық дәстүрде шығармашылық еткен ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы кітаби ақын. Осы секілді «жазып алған», «жырлаған», «бүгінгі күнге жеткізуші», «кітап етіп шығарушы» деген анықтамалармен «Бабалар сөзінде» көптеген ақын-жазушылардың есімдері аталады. Сондай «Мың бір түн» ертегілерін негізге алып жырлаған «Қисса үш қыздың» нәзиралық авторы Әли Махмұдұлын өз дәуірінің осындай әдеби үдерісіне өзіндік үлесін қосқан нәзирашыл кітаби ақын деп айтуға болады.

«Қисса үш қыз» қиссасы «Бабалар сөзі» жүзтомдығының «Хикаялық дастандар» сериясына енген. Бесінші томның 253-293-беттер аралығын қамтиды. «Мың бір түннің» 10-20-түн аралығындағы айтылған әңгіме.

Қисса 1897 жылы Қазан қаласында Мұхамметжан және оның әкесі Шәріпжан Каримовтардың қаражатымен М.Чирков әулетінің баспаханасында араб әрпімен басылып шыққан. Шығарманы кім жырлаған немесе кітаби нәзирашыл авторы кім деген мәселелер айтылмаған 1978 жылы жарық көрген «Революцияға дейін қазақ тілінде шыққан әдеби кітаптар (1807-1917)» атты библиографиялық көрсеткіште бұл шығарманы жариялаған Махмудұлы Әли деп көрсетілгені 5-томның «Ғылыми қосымшаларында» арнайы айтылады. Осында Әли Махмудұлының Қазан қаласында 1897 жылы жарық көрген «Қисса адам» және «Қисса егіз бала» кітаптарында, 1898 жылы кітап болып шыққан «Қисса самұрықта» өзі туралы мәлімет бере отырып, «Қисса үш қыз» дастанын да дайындап, баспаға жібергенін айтқан екен. Бұл айтылған мәліметтер Әли Махмудұлының аталған шығармаларды шығыстық фольклорлық, әдеби және діни материалдар негізінде қайта жырлаған кітаби нәзирашыл ақын болғанын толық танытады.



«Қисса үш қыз» шығармасы - бірнеше аралық әңгімелерді тақырыптық тұрғыдан басын біріктіріп тұрған шығарма. Мысалы, перінің қатысуымен болатын шытырман оқиғалы хикаялар «Мың бір түн» оқиғаларында үлкен орын алады. Сондай шығармалардың бірі - «Балықшы илә ғифрит» қиссасы. Осы тақырып «Қисса үш қыз» шығармасына да өзек болады. Ол қиссадағы соқырлар әңгімелерінде қамтылған. Сонымен бірге, «Мың бір түнде» көп әңгімеленетін тақырыптың бірі – кейіпкердің ұзақ сапарға шығуы, сол жолда көп қиыншылықтар көруі. Қиссаның бір әңгімесі осы саяхат мәселесін одан туындайтын кейіпкер бастан кешетін көп қиыншылықты өзек етеді. Шығармадағы ең басты тақырып – ағайынды бауырлардың немесе апалы-сіңлілі қыздардың көре алмаушылық қызғанышпен бауырларына қастық қылуы. «Қисса үш қыздағы» негізгі кейіпкерлер - бір ата-анадан туған апалы-сіңлілі қыздар. Шығармадағы осы тақырып өзге тақырыптарға қозғаушы дәрежесінде қызмет етеді. Негізгі оқиғасы - үш қыздың басынан кешкен хикаялық оқиғалары. «Мың бір түн» оқиғаларын өздерінше жүйелеп әңгімелейтін араб ертегішілері мен қазақтың қиссашыл ақындарының осы арада жырлап отырған тағы бір тақырыбы - әділдік мәселесі, әділ патша халиф Һарон Рашид оқиғалары.

«Қисса үш қыздың» негізгі тақырыбы - апалы-сіңлілі қыздардың бірін-бірі көре алмауы және соның салдарынан түрлі қаскөйлік әрекеттерге барып отыруы. Қиссада әке-шешелері қайтыс болғаннан кейін мол дәулетке мұрагер болып қалған үш қыздың іс-әрекеттері әңгімеленеді. Үлкен қыз әке дәулетін ұқыптап ұстап, әкесінің жолымен саудагершілік істеп, сіңлілеріне көп қамқорлық көрсетеді. Сіңлілері екі реттен тұрмысқа шығады. Әрқайсысында әпкелері мол дүние мүлік бөліп беріп, той жасап ұзатып отырады. Әйтсе де, сіңлілері бұл бөліп берген мол дүниеден айырылып, күйеулері тастап кетіп, қайыршылық дәрежеде азып-тозып әпкелеріне қайта оралып отырады. Әпкесі үлкен бауырмалдық сезіммен оларды қайтадан бағып-қағып адам қалпына келтіреді. Сіңлілерінің әпкелеріне қастандық жасау оқиғасы олардың бірігіп сауда жасау мақсатымен бір кемеге мол мүлік тиеп алыс сапарға аттануына байланысты әңгімеленеді. Бұған дейін әкеден қалған үй-жайға ие болып, тұрмысқа шығудан сақтанып келе жатқан әпкелерінің бір жігітке ғашық болып қосылуы сіңлілерінің қастық әрекетіне алып келеді. Жаңа тұрмысқа шыққан әпкелерін ұйықтап жатқанда, күйеуімен қосып матаға орап теңізге лақтырады. Сөйтіп, әпкелерінің сүйіп қосылған күйеуі жүзе алмағандықтан, суға кетіп опат болады. Қыз теңіздегі ағып келе жатқан ағашқа жолығып аман қалады. Оқиға әпкелерінің сіңлілерін перінің көмегімен итке айналдырып жіберуімен өрбиді. Бұл жерде бірін-бірі көре алмайтын қыздар, пері, жын оқиғасы, адамның түрлі айуандарға айналып кетуі тақырыптары тоғысып тұр. «Мың бір түнде» итке айналған қыздар, қиссада ат болып беріледі. Оның себебі қазақ қиссашыл ақынның оқиғаны қазақ тұрмысына жақындатуы деуге болады. Қиссада екі атты үлкен қыздың бес жүз рет қамшымен ұруы, «Мың бір түнде» жүз реттен ұруы әпкелерінің амалы жоқтықтан істейтін әрекеті ретінде суреттеледі. Сондықтан да ол қамшымен ұрып болғаннан кейін орамалымен олардың бетін сүртіп, сүйіп отырады. Себебі әпкелері бұлай істемесе, өзі де сіңлілері секілді сол жануарға айналып кетеді. Бұл - жын, пері талабы. Сіңлілерінен жазалау арқылы кек алып отырса да, оның бауырларына деген сүйіспеншілігі екі туындыда да арнайы жырланған. «Мың бір түнде» үш қыз оқиғасына қатысты әңгімеде жын, пері орнында қорқынышты алып дию болмайды. Керісінше, қарапайым қыз келбетінде болады. Кейіпкер үлкен қыз теңізден құрғаққа шыққанда, елсіз далаға тап болады. Келе жатып бір жыланды жұтқалы жатқан айдаһарға жолығады. Жыланға жаны ашыған қыз үлкен тас алып айдаһарды ұрады. Айдаһар екіге бөлініп түседі. Жауынан құтылған жылан бір аунап түседі де, құс болып ұшып кетеді. Өзі аш, әбден қажыған қыз осы жерде отырып, ұйықтап қалады. Оянса, аяғын уқалап отырған бір қызды көреді. Жөн сұрасады. Сөйтсе, жылан болып, айдаһар жұтайын деп жатқанда, одан құтылып құс боп ұшып кеткен осы пері қыз екен. Қыз жақсылығына алғыс ретінде оның кемедегі бүкіл мүлкін әп сәтте үйіне апарып жайғастырып, екі сіңлісін ит етіп босағасына байлап қойғанын айтады. Қызды да көтеріп ұшып, көзді ашып-жұмғанша үйіне жеткізеді. Бірақ қоштасарда:

- Мына екеуіне рақым етуші болма! Күн сайын әр қайсысына жүз қамшыдан дүре соғып тұр. Егер оны орындамасаң, Сүлейменнің алтын жүзігінің құрметімен ант берем - өзің осы суретке түсесің, - деп қатаң ескертіп кетеді.

Ал қиссада қастық оқиғасы сол қалпы қайталанады, шамалы ғана айырмашылық бар. Қиссада қызды судан құтқарушы пері қызы болады, мұнда құла дүздегі жаяу келе жатқан қыз, айдаһар, жылан, құс оқиғалары жоқ. Бұл қыз да мұның күйеуіне ғашық екен. Бірақ оны құтқаруға үлгермей, қызды құтқарыпты. Жоғарыда айтылғандай, екі қызды екі ат етіп, үй астына байлап, күніге мың қамшы ұруды талап етеді.

«Қисса үш қыз» туындысын автор діни, кітаби ақындар дәстүрімен Алла Тағалаға мінәжат етіп, Мұхаммед Пайғамбарға салауат айтқан жолдармен бастайды. Бұл жолдар шығарманың кіріспесі дәрежесінде берілген он жол өлеңнен тұрады:


Иә, Алла, жан аманат ғаріп құлға,

Салауат мен айтамын Пайғамбарға.

Алладан мен мүсәпір рахым тілеп,

Бір бәйіт шығарайын барша жанға,-

деген діни автордың оқырманға арнаған өлең жолдары кітаби ақындардың бір шығармашылық ерекшелігін көрсетеді. Діни, әдеби шығармашылық ету – көпке қызмет ету, игі іс дәрежесінде баланып, сол қызметі арқылы о дүниелік болғанда Алла Тағаладан медет көру, үміт ету мағынасында беріледі. Демек, халық қажетіне жарайтын іс істеу көркем шығармашылыққа қатысты да айтылып, сауап іс ретінде бағаланатыны көрініп тұр.


Жарандар, көп зар әйла Құдіретке,

Шапағат деп зар жыла Мұхамметке.

Тәңірім қазы болып сауал сұрса,

Қылғайсың сонда шапағат біз үмбетке.

Өтіпті бізден бұрын Адам, Хауа,

Қорқыныш сол сираттан қыламын аһ,-


деген жолдарда автордың мұсылман халқының Мұхаммед Пайғамбардың үмбетімін деп о дүниеде Одан көп медет тілейтін діни ойлары көрініс береді. Осы жолдардан соң автор бірден шығарма оқиғасына көшеді. Шығарманың Бағдат шаһарында өтетінін, оның әділ билеушісі Һарон Рашид екенін айтып, әділ патшаға қатысты өлең жолдарын арнайды. Бұл өлең жолдарын әділ патшаға, жалпы әділдікке арналған мадақ жолдар деуге болады:


Шаһарын Бағдаттың әділ билеп,

Өтіпті Һарон Рашид бір падишаһ.

Әділ болып Һарон Рашид өтті солар,

Ұжымақтан әділ патша орын алар.

Теп-тегіс адам ұғлы жаралмайды,

Біреу бай болса, біреу жарлы болар.

Осы дүние бізден де өтер, сізден де өтер,

Жазған соң Алла тағдыр пенде не етер.

Һәр түрлі уақиғамен адам ұғлы,

Бір күні керуен-дүние көшіп кетер,-


деген жолдарда діни кітаби автор Әли Махмудұғлы әділдікті, әділ патшаны мадақтаумен бірге бұ дүниедегі жақсылықтың, істелген әрбір жақсы істің о дүниеде шапағаты болатынын айтады. Сонымен бірге дүние жаратылысы, өмірдің өтпелілігі жөнінде фәлсафалық ой толғайды. Сол секілді Бағдат шаһарының үлкен, сәнді, салтанатты қала екенін, халқының әртүрлі кәсіппен күн көретін байы мен жарлысы, жаман-жәутік кедейі бар екенін сипаттап өтіп, қисса оқиғасын бастайды. Яғни, қиссада болатын әңгіме оқиғаларының алдымен өтетін жерін таныстырып алған. Қисса оқиғасы:


Бір күні бір хаммалшы ерте тұрды,

Жаяулап жүк таситын сол бір ер-ді.

«Көтерер жүк бар ма» деп тұрғанында,

Бек матур бір сұлу қыз жетіп келді,-


деп жүк тасушыны әңгімелеуден басталады. Қыздың сұлулығына жүк тасушы жігіт қайран қалады. Қыз жігіттің жүк тасушы екенін жобалап, оған жақын келіп, дүкенде біраз алған заты бар екенін және оны үйіне жеткізіп беруін сұрайды. Осы жерде ақын дүкендерді лапке, магазин деген сөздермен береді. Ескі кітаби сөздерді де қолданады. Қыздың жүгі шарап пен асыл кеселер екен. Жүк тасушы ол заттарды көтеріп қыз соңынан ілеседі. Бұлар патша сарайындай үлкен де сәнді, салтанатты үйге келіп жетеді. Қыз үй есігіндегі бір шегені баса қойғанда, сарай есігі өздігінен ашылады. Бұл нәзирашыл автордың қисса оқиғасына қиял-ғажайыптық сурет үстегені болса керек. Шындығында, «Мың бір түн» оқиғасында бұл сәттер өзгеше берілген. «Мың бір түннің» «Һамбал туралы әңгіме» аталатын тарауында жүк тасушы мен қыздың жолыққан сәті бір шумақ өлеңнен басталып, ар жағы қара сөзбен беріледі:


Бақшадағы қызыл гүл,

Шашы жібек бір сүмбіл.

Шартарапқа нұр шашып,

Аспан айы жерде тұр,- деген өлең жолдарынан кейін жүгін көтертіп, алып жүрген қыз көп сауда жасайды: «Бір қызыл алтын беріп, зейтін деген жемістен кәрзеңкесі толғанша салды. Бір жемістен бес, бірінен он, бірінен он бес қадақ алып, бір дүкенге келді де, 10 қадақ ет алды. Жүктің көбейгенін көрген һамбал – «Бұл мені есек деп ойлады ма, сайқал!..» деді ішінен. Қыз да оны сезген тәрізді жымиып күлді де, тағы бір дүкенге барды. Онан бірнеше қадақ алуа, бірнеше шөлмек шарап, жағатын май шам алып, Һамбалды жан терге түсіріп, артына ертіп жүріп кетті. Қаланың қалтарыстау бір көшесіндегі биік үйдің дарбазасына кірді», - деп беріледі [110, 67-б].

Қиссада қақпа ашылған сәтте іштен бір қыз жүгіріп келеді, оның сұлулығы алғашқы қыздан көп асып түседі, сол үйдің төр жағынан тағы бір есік ашылып, үшінші қыз көрінеді. Екі қыз оған тағзым етеді. Осылайша бір қыздан екінші қыздың сұлулығы артып отырады, үшінші қыздың сұлулығы қисса авторының суреттеуінде:
Һаммалшы оны көріп есі кеткен,

Киімін сары алтынмен зейнетлеткен.

Қаламқас, оймақ ауыз бір перизат,

Туар ма мұндай сұлу адамзаттан.

Жігіттер, бұ сөзім емес жалған,

Ләззатты шырын сөзі шекер, балдан.

Әуелгіше қарағаннан көз ала алмай,

Хаммалшы сонда тұрып таң қалған, -


деп берілсе, «Мың бір түнде» оларға есік ашқан қыз сұлулығы сонша бейне бір есік жанына қойған панар сияқты жарқырайды деп суреттеледі. Оны өлең жолдарымен былай береді:


Екі беті қып-қызыл,

Бақшадағы гүлдейін.

Көктен алып орнатқан

Қақпадағы күндейін.


Қыз сұлулығына таң қалған Һамбал қорғасындай балқып, үстіндегі зілдей басып тұрған жүктің ауырлығын да ұмытады. Үшінші қыздың сұлулығы:

Тақ үстінде толықсыған,

Көрді Һамбал хор қызын.

Көрмесе оны әр ер адам –

Көрмегендей күн жүзін, -


деп аудармашы Қ.Әбдіқадыров оны тақ үстіне отырғызып суреттейді. Қиссада қыздар жүк тасушыға қызметі үшін бір алтын төлейді. «Мың бір түнде» екі алтын деп айтылады. «Мың бір түн» мәтіні көркем аударма жанрының туындысы болуы себепті араб тіліндегі нұсқа оқиғасы мен суреттеулеріне жақын берілген болуы керек. Ал нәзиралық нұсқа, жалпы, нәзиралық дәстүр - аударма жанрының дербес әдеби жанр ретінде қазақ әдебиеті тарихында туып қалыптасқанға дейінгі аударма жанрының жүгін көтеріп келген дәстүр. Бұл дәстүрдің әдеби шығармашылық шарты аударма жанрының табиғатынан бөлек. Нәзиралық автордың дербестігі басым. Мысалы, «Мың бір түн» секілді шығыс фольклорының классикалық үлгілері қалыптасқан дәстүр бойынша негізінен қара сөзді мәтінмен беріледі. Әр жерде шығарма оқиғасына, кейіпкер сымбатына, кейіпкер көңіл-күйіне қатысты өлең жолдары аралас келеді. Ал ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында басым шығармашылық еткен кітаби нәзирашыл ақындардың қиссалары тұастай дерлік поэзиялық туынды. Кей сәттерде ғана аздаған қара сөзді мәтін қосылып отырады. Бұл - қазақ әдебиетіндегі қисса жанрының өзіндік ерекшелігі.

Екі шығармада да қыздардың сұлулығына арбалып, есінен айрылғандай күйге түскен жүк тасушы кері қайтпай, өтініш етіп, қалып қояды. Бұл шығарманың негізгі оқиғаларына бастау болады. Шығыс фольклорлық туындыларына тән тағы бір жағдай – кейіпкерлердің әңгіме айтулары арқылы бір оқиғадан әлденеше оқиғалардың өрбуі. Осы әдеби желілік ерекшеліктің түп негізі үнді әдебиетінде жатқандығы бүгінгі әдебиеттану ғылымында орыс тілінде рамалық, қазақ тілінде аралық композиция делінеді. «Үш қыз қиссасында» да, «Мың бір түн» оқиғаларында да осы әдеби сюжеттік желілерге құрылған рамалық композиция үлгісі сақталған. Бұл жөнінде «Бабалар сөзінде»: «Қисса үш қыз» сондай ертегі, әңгімелердің сюжетіне құрылған типтік хикаялық дастан. Ол композициялық құрылымы жағынан бірнеше аралық әңгімеден тұрады. Демек, бір әңгімеден екінші әңгіме өрбиді. Сол әңгімелердің өзегі дастанның негізгі арқауымен шендесе бермейді. Дей тұрғанмен, дастан өзегінен әңгімелер өрбіп, тұтастық танытады. Яғни, алғашқы сюжеттің өзегі – шығарманың тақырыбын саралап, әңгіме сюжеттерінің іштей тұтастануына себепші болады. Сонымен қатар, оларды тұтастандырып тұрған тағы бір жайт – дастанның бас кейіпкері аралық әңгімелердің кейіпкері болмаса да, олардың айтылуына негізгі себепші болады.

Бұл дастан үш қыздың оқиғасымен басталады да, сонан соң үйіне келіп паналаған жолаушылардың әңгімесімен жалғасады. Яғни дастан «Соқырдың хикаяты», «Екінші соқыр хикаяты», «Ханым әпенді қиссасы», «Екінші қыз қисасы» атты тараушаларды қамтиды. Олардың әрбіреуі – жолаушылардың басынан кешкен, нанымсыз, таңғажайып оқиға баяндамасы», - деп беріледі [84, 304-б].

Һарон Рашид - «Мың бір түн» ертегілерінің халыққа сүйікті, шешімтал, әділ кейіпкері «Мың бір түн» ертегілерінің көбінде сөз болады. «Үш қыз қиссасында» да «Мың бір түн» ертегілерінің дағдылы, дәстүр болып қалыптасқан үлгіде кейіпкерлердің басына түскен қиын мәселелерін әділ шешуімен аяқталады.

Шығармадағы рамалық композицияға негізделген сюжеттік желілердің алғашқысы және кейінгі оқиғалардың әңгімеленуіне негізгі себепші желі «Мың бір түнде» «Һамбал» деп берілсе, қиссада «Хаммал» жүк тасушы оқиғасы. Қыздардың сұлулығына қызыққан және олардың әлденендей бір сыры барлығын аңдаған жүк тасушы қыздармен бірге қалуды көп өтініп сұрайды. Сонда қыздар оған не көрсе де, ешкімге ешқашан айтпауға және көрген нәрсесінің сырын сұрамауға уәде етуді талап етеді, олай болмаған жағдайда басынан айрылатынын ескертеді. Жүк тасушы келіседі. Сонымен Һаммал қыздармен ас ішіп, домбыра тартып, күй шертіп, ән салып, сұлу қыздармен мәжіліс құрып отырғанда, қақпадағы қоңырау шылдырайды. Оқиғаға тағы екі кісі араласады. Олар да қыздардың шартына көнген, бір қонып шығуды өтінген жолаушылар еді. Осы жерде рамалық композицияның бір бөлігі аяқталып тұр. Кітаби нәзирашыл ақын оқиға желісін көп қысқартқан. «Мың бір түн» ертегісіндегі ұзақ сөз болатын жайларды шығармашылық електен өткізген, нақты қазақ оқырманына жырлануы қажет деген сәттерін ғана жырлаған. Ақынның бұл шешімі әрі шығармашылық, әрі этикалық және көркемдік эстетикалық тұрғыдан дұрыс қабылданған деуге әбден болады. Оның себебі «Мың бір түн» оқиғасының осы сәті ұзақ баяндалған және ішімдікке мейлінше тойып, түрлі әдепсіз қылықтар көрсеткен үш қыз, бір жігіттің өрескел әрекеттерін ақын тұтастай алып тастаған, жырлауды қажет деп таппаған. Бұл жайт кітаби ақынның шығармашылық шеберханасы мен көркемдік ойлау мен шешім ерекшелігін танытады.

«Мың бір түндегі» жүк тасушы жігіттің үш қызбен өткізген алғашқы отырыс сұқбаты тұтастай түсіп қалып, екінші кешкі отырыс қана қиссада жырланады. Екінші отырыс жаңа басталғанда, есіктің қоңырауы шылдырап, келген кісілер де сұқбатқа араласады. Әрине, қыздардың қойған шарттарын орындауға уәде еткен соң. Қисса мен «Мың бір түннің» кейінгі келген қонақтарының саны екі түрлі, қиссада – екі, «Мың бір түнде» - үш.

Қиссада бұл сәт былайша суреттеледі:

Қыздардан ас ішті хаммал сонда,

Бір Құдай, бейшараны өзің оңда.

Ас ішіп, дұға қылып болған соң,

Әкеліп бір домбыра берді қолға.
Қолына сол хаммалшы домбыра алған,

Һәр түрлі күйге шертіп, әнді салған.

Төртеуі мәжіліс қылып отырғанда,

Қоңырау даусы шықты шылдыраған.


Осы екі шумақтың өзінде қиссашыл ақын тарапынан енгізілген өзіндік өзгешеліктерді атап айтуға болады:

Бірінші, бұлар ас ішіп болғаннан кейін мұсылмандық шартымен дұға қылады. «Мың бір түн» мәтінінде ас ішу дұға қайырудан гөрі ішімдік ішу, мас болу, бейәдеп әрекеттер жасау арнайы сөз болады. Демек, қиссашыл ақын өз шығармасын мұсылмандық мәдениет деңгейінде жырлап отыр.

Екінші, жүк тасушы жігіт домбыра тартты, күй шертті, ән салды деп қазақы, ұлттық дәстүрлермен сабақтастырып береді. Бұл да - нәзирашыл ақынның дұрыс көркемдік шешімі.

Есік қоңырауы шылдыраған соңғы оқиға қиссада:

Жүгіріп сонда бір қыз барған екен,

Құлағын ақырын ғана салған екен.

Қараса, босағада екі адам тұр,

«Кімсіз?» деп хал-ақуал сұрған екен, -

деп берілсе, ал «Мың бір түнде» бұл сәт былай беріледі:

«Базаршы қыз үйге шам жақты, тамақ ішуге отырып, дастархан жайылды. Енді асқа қол соза бергенде, есікті біреу келіп қақты, базаршы қыз қақпаға шықты. Қайтып келіп: - Есікте үш кісі келіп тұр. Үшеуінің де сол жақ көзі соқыр. Сақалдарын қырыққан. Киімдері, түрлері басқа, бір-біріне ұқсамайды. Рұқсат болса қонғысы келеді. Егер үйге келе қалса, кісі күлерлік пішіндері бар,- деді. –Олай болса, кірсін,- деп рұқсат етті екі қыз. Һамбалға қойылған шарт оларға да қойылып, соқырлар үйге кірді».

Бұл мәтінде келген қонақ үш кісі деп беріледі және олардың көздерінің соқырлығын айтумен бірге киім киісі, бет-бейнесі ерекше суретпен беріледі. Бірақ бұл үйге келу себептері айтылмайды. Ал қиссада олардың кештетіп жүру себебі ашылып беріледі:


- Мүсәпір мейман едік, әй, перизат,

Айтайын, тыңласаңыз, азғана зат.

Нөмірге кеше келіп түсіп едік,

Іздедік падишаны болып қажет.


Білмейміз пәтеріміз қайда екенін,

Бір Құдай адастырып бұнда келген,

Бүгін түн мұнда болып кетуімізге,

Перизат, бізге рұқсат болар ма екен.

Қыз сонда қайтып келіп айтты сөзді:

- Есікте екі адам тұр сыңар көзді.

- Өз бойын белгілесе қона берсін,

Сіз айтып бекітіңіз сөзіңізді.

Қисса мәтінінде бұл кісілердің өзге жақтан осы қалаға келіп, мейманханаға немесе пәтерге орналасқаны аңғарылады. Сол секілді осы шаһардың патшасын іздеп келгені де айтылады. Жат жерлік меймандар қаланы аралап өздер қонған жерді таба алмауы, адасуы көрсетіледі. Мейман екеу, екеуі де «сыңар көзді» деп беріледі.

«Мың бір түнде» кейінгі келген меймандармен болған отырыс: «Тамақ ішіліп, шарап суы қайта басталды. Һамбал соқырларды тұрғызып, домбыра тартқызды. Олар түрлі күй тарта білетін кісілер екен. Тартылған күйге қосылып, қыздар өлең айтты. Осылай үй іші қызып жатқанда, қақпа тағы қағылды. Базаршы қыз қақпаға барды. Есік алдында саудагерше киінген үш кісі тұр. Шыққан қызға:

- Біз Табырстаннан келген сәудегер едік. Бір достың үйінде қонақ болып, қайтып келе жатқанда, сарайымыздың жолын білмей адастық. Енді үйлеріңізге бір түн қонып шығуға рұқсат етіңіз,- десті. Қыз қайтып келіп, екі қызға айтты. Екі қыз:

- Сәудегер болса, қонсын, - деді. Үш сәудегер үйге кірді. Сәудегерлерге құрмет көрсетіліп, төрден орын берілді.

Бұл үшеуі – Бағдаттың патшасы Һарон-Рәшит, уәзірі – Жағыпар, жігіті – Мәсірор еді. Түнде қаланы тексергелі жүргенде, өлең айтып, қораны басына көтеріп жатқан бұлардың кім екенін білгелі кірген еді. Сәудегерше киініп, қаланы түнде аралап жүру Һарон Рәшиттің ежелгі әдеті болатын», - деп соңғы келген кісілердің үш кісі екенін, олардың өздерін сәудегерміз деп таныстырғанымен, шын мәнінде кімдер екені анық айтылады. Ал қиссада алғашқы келген екі кісі жайғасып, ас ішіп отырғанда, даладан тағы да қоңыраудың даусы естілгені айтылады. «Мың бір түндегі» шарап ішу, күй тарту, ән салу бұл жерде жоқ.


Жүгіріп сонда бір қыз шығады тез,

Есікте бір-екі адам болады кез.

Қыз келіп екеуінен сөз сұраса,

Олар айтты: - Куфалық саудагерміз.


Саудаменен келіп едік Бағдатқа,

Шақырды бізді бір бай зияпатқа.

Адасып сол кісіні таба алмадық,

Сізден тілеп біз тұрмыз бір қонбаққа, -

деп қиссада кейінгі келген меймандардың үш емес, екі кісі екені, олар куфалық саудагер деп беріледі. Қыздардың талабы қайталанады. Меймандар еш істің мәнісін сұрамасқа ант етеді.


Со келген патша еді атқа мінген,

Аралап шаһарларын байқап жүрген.

Даусын домбыраның естіген соң,

Саудагер болып сонда патша келген, -


деп кейінгі келген екі мейманның бірі – патша екені айтылады. Бірақ аты-жөні сөз болмайды. Екінші кісі жөнінде де ештеңе айтылмайды. Қиссада келген меймандар ас ішіп болған соң тынығуға жатып қалады. «Мың бір түнде» дастархан басында ұзақ уақыт шарап ішіледі. Һарон Рәшит «Мекеге барып қажы болған кісі едім. Ішуге маған күнә», - деп ішпейді. Қасындағылар шарапты есебін тауып, төгіп кезегін өткізіп отырады. Кесемен ішілген шарап жеті рет қайталанады. Қыздар һауызға шығады. Онда һамбалды шақырып, байлаулы тұрған екі қара итті көрсетіп, бірін шешіп менің жаныма әкел, - дейді басшы қыз. Сөйтіп, Һамбал алып келген итті қыз әбден шаршағанша қамшымен сабайды. Иттен әл кетіп, талып қалады. Қыз қолындағы қамшысын тастап, ұрған итін құшақтап бетінен сүйеді, басы-көзін сипап орнына қайта байлатады. Екінші итке де тап солай істейді. Бұл жайдың бәрін меймандар көріп отырады. Ал қиссада меймандар жатып қалған соң осы оқиға қайталанады, бірақ мұнда екі қара иттің орнына екі қара ат деп беріледі. Олардың әрқайсысына бес жүзден қамшы ұрылады. «Мың бір түнде» басшы қыз тағына қайта келіп отырады. Базаршы қыз оның алдына отырып, зарлы күй тартады. Күйге қосылып ән салады. Қыз салған ән алты шумақ боп беріледі. Өлең мәтінінде күйініш, ғашықтық, рақымы жоқ тағдыр, т.т. жырланады. Осы орындалған әннен соң басшы қыз үстіндегі киімін дал-дал қылып жыртып талып түседі. Сонда жұрт оның денесінің сау-тамтығы қалмаған, қамшы тілген орнын, тыртық боп біткен жараның таңбасын көреді. Патша мұны көрген соң, қыздың бір кезде кәріп болғанын сезіп жаны ашиды. Ал қиссада қыз аттың мойнын құшақтап, сүйіп тұрып «амал жоқ, не ғылармын, аһ, дариға» деп, содан соң ас келтіріп, екі атпен адамша отырып, ас ішеді. Хаммалды демалуға бұйырып, қыздар бөлек бөлмеде сырнай тартып, бәйіт айтып отырады. Қыздар бәйіттерін айтып болып талып қалысып жатады. Осы сәтте көргенімізге таң қалмаймыз ешқандай істің мән-жайын сұрамаймыз деп ант берісіп, уағда етіскен қонақтар шыдамай, көрген, өздері куә болған оқиғалардың мәнісін сұрағысы келеді. Сонда бір ғана кісі патша уәзірі қарсы болады. Дегенмен одан өзгелері бірауыздан қыздар сырын сұрауға келіседі. Орталарынан хаммалды сайлап жібереді. Бұл жайды естіген басшы қыз – қиссадағы ханым меймандарға келіп, істің жайын сұрайды. Олар хаммалды өздерінің жібергенін айтады. Сонда:


Ханым айтты: - Әй, ақымақ жолаушылар,

Һалах боп істен себеп сұраушылар.

Әуелде шарт айтқан басын беріп,

Уағдаға хилаф қылған алдаушылар.


Деп ханым ашуланып тебініпті,

Қорыққаннан сонда хаммал шегініпті.

Қолына жап-жалаңаш қылышы бар,

Он кісі үй астынан шыға кепті, -

деп қиссадағы өзге оқиғалардың әңгімеленуіне себепші болатын бөлім осылайша аяғына жақындайды. Жанынан қорыққан жүк тасушы «Мен ақымақ қонақтарға елші болдым, сөйтіп өзім де ақымақ болдым. Әйтсе де, елшіге өлім болмас деген атамыздың сөзі бар еді ғой деп ханымнан кешірім сұрайды. Ханым оның қателігін кешеді. Сөйтіп: Туды ма анасынан соқыр болып, Мирас па атасынан жүрген еріп. Көздерің не себептен соқыр болды, Біреуің жауабын бер жақын келіп,- деп олардың өздерінің соқыр болу себептерін сұрайды. Қиссаның бұл тарауының соңы:


Біреуі қос соқырдың түрегелді,

Болғанын бір сойқанның енді білді.

Рұқсат сөйлеуіңе деген соң,

Соқырың енді тұрып сөйленеді,-


деген өлең жолдарымен аяқталады. Осыдан бастап шығарма оқиғасына қатысушы кейіпкерлердің әрқайсысы өзінің бастан кешкен түрлі жағдайларды кезегімен сөз етеді. Ол қиссада «Соқырдың хикаяты», «Екінші соқыр хикаяты», «Ханым әпенді қиссасы», «Екінші қыз қиссасы» секілді тараушаларға бөлініп жырланады. Осы оқиғалар кейіпкерлер тарапынан әңгімеленіп болған соң, шығарманың түйіні іспетті төрт шумақ өлең жырланады. Онда Һарон Рәшид патшаның әділетті патша екендігі және оның кейіпкерлер тағдырына қатысты әділ шешімдер жасағанын атап айтады. Қыздың бірін өз ұлы Марурға некелейді, әпенді ханымды жүк тасушыға қосады. Әлденеше күн екі атты оқытып адам қалпына келтіреді. Екі соқыр патшаға екі қызды қосып, көп дүние-мал беріпті Һарон патша деп «Қисса үш қыз» оқиғасы аяқталады.

«Мың бір түн» оқиғасының осы сәттері былайша әңгімеленеді: Келген қонақтар мұның қандай сыр екеніне таңырқады. «Бұл жерге қайдан тап болдық, қандай бәленің ортасына түстік» деп іштерінен өкінді. Һарон-Рәшит «Бұлардың үй иесі осы болар» деп Һамбалға қарап: - Бұл қандай сыр? – деді. Һамбал: - Құдай ақына білмеймін, бүгіннен басқа уақытта бұл үйге келіп көрген емеспін,- деді.

- Олай болса, - деді халифа, - біз жеті кісіміз. Осы үш қатыннан «сертіміз бар деп несіне жасқанамыз. Жайын сұрайық. Егер жауап бермесе, қорқытып сырын айтқызайық, - деді, - қыздар есін жия алмай, жылап-сықтап жатқан уағын пайдаланып. Уәзір: - Тақсыр, онымыз ұят болар. Бүгін үндемей кете беріп, таң атқан соң ордаға шақырып сұрағанымыз жөн болар еді.

- Болмайды, - деді патша, - бұлардың мынау істеп отырған толып жатқан түсініксіз сыры, қайғы-қасіреті, етіндегі таяқтың таңбасы не? Онысы сұрамай минөт тұруыма сабырым қалмады, - дейді патша.

Демек, мұнда оқиға сырын сұрау, уағда бұзу халифа Һарон-Рәшиттің өзінен бастау алады. Қиссада бес кісі болса, ертегіде - жеті кісі. Қиссада орталарынан қыздарға жүк тасушыны жіберсе, ертегіде шек салынады. Шек хаммалға сәйкес келеді. Ол қыздардан істің жайын сұрайды. Ертегіде хамбал сөзі «Ей, қатын!» деп басталған ұзақ мәтінмен берілген. Сол сәтте қызды ашу кернеп:

- Қонақтар! Мынау не айтып тұр! Осыны сөйлетіп отырған сендер ме, не өз бетімен айтып тұр ма? – деді. Қонақтың бәрі де бірауыздан: «Сұратқан біз. Сендердің жұмбақ боп отырған сырларыңды білгіміз келіп отыр» десті.

- Олай болса, - деді қыз, - уәдесін бұзған адам опық жейді! Сіздер «сұрамаймыз» деп уәде беріп, енді соны бұздыңдар!

Қыз айғай салды. Қолында жалаң қылыштары бар жеті құл жетіп келді. Мұның көктен түскенін, жерден шыққанын сезбей де қалды қонақтар. Қиссада жалаң қылышты он кісі болса, «Мың бір түнде» жеті құл деп беріледі. Мұнан кейінгі оқиғалар да екі түрлі баяндалады. Қиссада жалаң қылышты он кісі меймандарды қоршап, қыз бұйрығын күтсе, ертегіде – уәдесіз кісілерді байла! – деді қыз. Күшті құлдар бұлқынуға мұршасын келтірмей, жетеуінің де қолын байлап, қызға бас иіп:

- Енді өлтіруге рұқсат етіңіз! - деді құлдар.

- Сабыр етіңдер! Бұлардан алатын жауабым бар. Соның артынан өлтіруге рұқсат етемін, - деді басшы қыз, - деп бірнеше дербес оқиғалы әңгімелер басталады. «Мың бір түнде» алдымен әңгіме айтушы жүк тасушы жігіт болады, оның әңгімесі қысқа ғана, осы үйге өзінің қалай келгенін баяндау болып шығады. Дегенмен, басшы қыз осы әңгімеден соң оның қолын шешкізіп, үйіне қайтуына рұқсат етеді. Бірақ жүк тасушы оқиғаның аяғына дейін осында қалуға өтініш етеді. Осыдан кейін барып, «Бірінші соқырдың әңгімесі», «Екінші соқырдың әңгімесі», «Үшінші соқырдың әңгімесі», «Басшы қыздың әңгімесі», «Жігіттің қызға айтқан әңгімесі», «Қақпашы қыздың әңгімесі» деген тарауларға бөлініп әңгімеленеді. Бұл әңгімелерді дербес деуіміздің себебі: айтылатын әңгіме, оқиғалар, кейіпкерлер келесі әңгімелермен еш сабақтаспай айтылады. Дегенмен, осыншама әңгімелердің басын қосып тұрған ортақ желі де жоқ емес. Ол - әңгімелерге бастау болатын алғашқы оқиға – жүк тасушы жігіт пен базаршы қыздың жолығуы, жүк тасушының қыздармен көңіл көтеруі, сұхбат құруы, сол сұхбаттың үстіне өзге меймандардың қосылуы. Сонымен бірге, барлық дербес оқиғалардың басын қосып, патша халиф Һарон Рашидтің шешім шығаруы да осыншама дербес аралық әңгімелерді біріктіріп аяқтайды. Шығарманы тұтастандырып тұрған осы екі мәселе деуге болады.

Бірінен екіншісі өрбіген екі туынды «Мың бір түн» мен «Қисса үш қыз» көлемі тұрғысынан да, айтылатын әңгімелер, кейіпкерлер саны, оқиғалар жағынан да өзгешеленеді. Бірсыпыра айырмашылықтар жоғарыда сөз болды. Ең бастысы шытырман оқиғалы «Мың бір түн» ертегілері өте көлемді. Қисса авторы – нәзирашыл ақын осы оқиғалардан іріктеп, ықшамдап қазақы ұғым мен ұлттық салт-сана, мәдениетпен үндесетін кітаби туынды жазып шыққан.

«Қисса үш қыз» - қазақ әдебиетінің аталып өткен кезеңінде ерекше дамыған әдеби дәстүр аясында және көркемдік дәрежесі дәуіріне сай қиссалық табиғатта туған шығарма. Сонысымен қиссалық әдебиеттің дамуына өзіндік үлес болып қосылады.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет