Дәріс №1 Дәріс тақырыбы: Балалар әдебиеті туралы түсінік. Балалар әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері



бет17/19
Дата31.08.2022
өлшемі310,49 Kb.
#148396
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19
Байланысты:
лекция бала ад 15 саг

Дәріс №14
Дәріс тақырыбы: Қазақ балалар драматургиясы
Дәріс жоспары:
1. Балалар драматургиясы қалыптасуының алғашқы кезеңі
2. Балаларға арналған алғашқы драмалық шығармалар
3. Шағын балалар драматургиясының жанрлық ерекшілігі
4. Қ.Ыдырысов, Ә.Табылдиевтардың шағын драмалық шығармалары
Пайдаланған әдебиеттер:
С.Ордалиев. Қазақ совет драматургиясының очеркі. – Алматы: Жазушы, 1964. – 276 б.
Шағын пьесалар (жинақ) – Алматы: ҚМКӘБ, 1962 – 138 б.
Мектеп кеші көңілді(жинақ) -Алматы: Жазушы, 1991. - 201 б.
Б.Ысқақов. Әлімнің әлегі. – Алматы: Өнер, 1987. – 119 б.
Жасампаздар / екі актілі пьесалар жинағы. – Алматы: Жалын, 1979.340 б.
М.Дүйсенов. Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесі. –Алматы: Ғылым, 1977. – 185 б.
Ә. Тәжібаев. Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы — Алматы: Жазушы, 1971. - 415 6.
Дәріс мазмұны: Балалар драматургиясы қазақ әдебиеттану ғылымында аз зерттеліп, кенжелеу қалған сала екендігін зерттеу еңбектерден байқалады. Балаларға арналған драмалық шығармалардың зерттеуші ғалымдар назарынан тыс қалуы балалар драматургиясының кенжелеп дамуымен байланысты деуге де болады. Дегенмен қазақ балалар драматургиясына арналған зерттеулер қатарына І.Жансүгіров мақаласының құндылығын атап өткен жөн. Бұған қоса балаларға арналған алғашқы «Мектеп» атты пьеса авторы да І.Жансүгіров екендігін ескерсек, драмалық шығармаларға талдау жүргізуде тәжірибесі бар қаламгердің ойы, пікірі тұшымды шығатыны айқын.
Орыс әдебиеттану ғылымында балалар драматургиясын зерттеуде В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, М.Горкий, К.Чуковскийдің еңбектерін атауға болады.
Қазақ балалар драмасына арналмаса да жалпы қазақ драмасы туралы зерттеу еңбектер жазған М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиев, Р,Рүстембекова, М.Дүйсенов, С.Ордалиев еңбектері де осы бағытқа жол салған дүниелер деуге болады.
Қазақ балалар драматургиясы жөнінде тұшымды еңбек деп А.Ақтанованың «Қазақ әдебиеті драматургиясы мәселелері» атты оқу құралын атап көрсетуге болады. Аталмыш еңбекте ересек балаларға арналған драмалық шығармалар мен тарихи-әлеуметтік тақырыпқа жазылған драмалық шығармалар тарауларында балалар драмасына қатысты біршама талданып, ой-пікірлер тұжырымдалған.
Қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір саласы – қазақ балалар драматургиясы. Қазақ әдебиеті ғылымында аз зерттелген сала қазақ балалар әдебиеті екені белгілі. Ал сол аз қарастырылғандардың ішінде мүлде назар аударылмай келгені – қазақ балалар драматургиясы.
Қазақ әдебиетінің эпос, лирика салаларына қарағанда драма, соның ішінде балалар драмасының кенжелеп тууы да бұл сала зерттелуінің кешеңдеп қалуына әсер етті. Қазақ драматургиясының алғашқы қадамын 1914 жылы Семей қаласында Абайға арналған кеште қойылған «Біржан мен Сара» айтысының инсценировкасы деуге болады. 1917 жылы Семей облысында Әйгерім үйінде қойылған М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қазақ драматургиясының басы деуге негіз болады.
Қазақ балалар драматургиясының тууын, қалыптасуын зерттеуші Ш.Ахметов 1946 жылы қазақ балалар театры ашылып, сонда алғаш қойылған М.Ақынжановтың «Алтын сақа» пьесасын қазақ балалар драмасының басы ретінде таниды. Расында да, балаларға арналған драмалық шығармалардың көбейе түсуі балалар театрының ашылуымен тығыз байланысты еді. Әйтсе де, бұған дейін І.Жансүгіровтің 1934 жылы балаларға арнап жазған «Мектеп» пьесасының болғанын ұмытпау керек. І.Жансүгіровтің «Мектеп» пьесасы балаларды оқытуға, білімге шақыру тақырыбына арналған.
Балалар өмірін бейнелеген шығармаларды саралау үшін алдымен сол туындыларды баланың жас ерекшелігіне байланысты жіктеген жөн дегіміз келеді. М.Горький өзінің «Балалар әдебиеті туралы» мақаласында белгілі ортаға арналмаған «адрессіз» шығармалардың үлкенге де, балаға да қажетсіз болып қалатыны туралы айтқан. [4,156] Демек, балаларға арналған драмалық шығармаларды олардың жас ерекшелігіне байланысты жіктеп, саралау қажет. Қазақ халқы баланың өсу, есею сәттерін сатылап бөліп, оның әрқайсысын өзінше атаған.
Бұл жіктеу баланың жас ерекшелігімен сәйкес, нәресте, сәби, бөбек, бүлдіршін, ұлан, жеткіншек, жасөспірім деп атаған. Ал қазіргі кезде балалар әдебиетін мектептегі сыныпқа бөлуді басшылыққа алып: 1) мектеп жасына дейінгі әдебиет; 2) бастауыш сыныптарға арналған әдебиет; 3) орта сыныптарға арналған; 4) жоғарғы сыныптарға арналған туындылар деп жіктеу орын алған. Осы жіктеулерді басшылыққа ала отырып, қазақ балалар драматургиясындағы шығармаларды екі үлкен топқа бөлдік:
1) бүлдіршіндерге арналған драмалық шығармалар;
2) мектеп оқушыларына арналған драмалық туындылар.
Әдебиет жанрларының ішіндегі ең күрделісі де, қиыны да – драматургия жанры. Себебі, сөйлеу тілімен ғана жасалатын туындының өз шарттары мол. Қазақ драматургиясының дамуын талдай келе зерттеуші Р.Нұрғалиев драмалық шығармалардың ерекшеліктері туралы былай дейді: «Әдебиеттің ерекше түрі – драматургия театрды нысана етеді, сахнаға қойылу үшін жазылады. Танымдық-тәрбиелік мәні бар, идеялық-эстетикалық әсері орасан күшті өнер – драматургия тағдырлар тоғысуы, характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп, аса қатал композиция талаптарын ескере отырып, ерекше көркемдік құрал – диалогтар мен монологтар арқылы болмыстың сан алуан шындықтарын ашады, өмір құбылысына баға береді, билік айтады».
Олай болса, балаға арнап шығарма жазғандар алдымен қандай шарттарды орындауы керек? Ең бірінші, баланың жас ерекшелігіне сәйкес оның психологиясын ескеру қажет. Бала қашан да айналасындағы өтіп жатқан құбылысты білуге тырысып, тылсым дүниенің сырын ашуға асыға ұмтылады. Жас ерекшелігі ескерілмей жазылған шығармалардың баланың психологиясын бұзып, оны ерте есейтетіні туралы В.Г.Белинский: «Барлық мәселе оларға (балаларға) арналған кітапты дұрыс таңдауда. Дұрыс ұсынылмаған кітаптың зияны кітап оқымағаннан да асып түседі. Бала рухының мезгілсіз, ерте жетілуі аса зиянды әрі қауіпті. Бала – бозбала да емес, ересек те емес, бала болып қалуы керек» дейді.
Балаларға арналған драмалық шығармаларды жіктеу, сараптау кезінде ол туындылардың осындай ерекше белгілерін де басшылыққа аламыз. Баланың дүниетанымы әрі қарапайым әрі күрделі. Бұл талаптар балалар өмірін жазу үшін В.Г.Белинский айтқандай, «балалар жазушысы болып туу керек» деген пікірге әкеледі. Балаларға арналған шығармалардың тағы бір ерекшелігі – оның тілі. Осы орайда, белгілі ғалым З.Қабдоловтың драма тілі туралы: «Демек, драмадағы ең басты, ең шешуші, ең негізгі нәрсе – тіл. Пьесаның күші де, әлсіздігі де тілде; пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, көздеген жеріне дір етіп тиердей дәл, көкейге саулап құйылардай таза, мөлдір, санаға мықтап дарығандай мағыналы, мәнді болып келуге тиіс. Драма тілі тұжырымды, қысқа, түйінді болады. Өйткені, ол романда, бір бетте суреттелетін шындықты бір ауыз сөзбен беру қажет. Ал әр сөз, әр сөйлем шындықты ғана емес, сол сөзді айтқан кейіпкердің мінезін аңғартуы керек, әр адамның сөзі өзін танытуы шарт» - деп айтқан пікірін басшылыққа ала отырып, балалар драматургиясындағы пьесаларын тілдік, көркемдік жағынан саралап, талдауға мүмкіндік бар.
Балаларға арналған пьесалар көпсөзділіктен аулақ, тілі нақтылы, түсінікті, көркем және бала психологиясына, ұғымына сай болуы керек. Сонымен бірге, шығарма тілі жалаң үгітшілдіктен, құрғақ уағыз айтудан аулақ болуы шарт. Драмалық шығармалардың бір қиындығы осы тіл мәселесіне келіп тіреледі. Жазушы үнемі шығарманың тілін баланың жас ерекшелігін ескеруге бағындырып отыруы керек. Сондай-ақ, зерттеуші С.Ордалиев айтқандай, драмалық шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқын, бойындағы бүкіл қасиеттерін, ішкі дүниесін, характерін ашатын оның тілі екенін де естен шығармау абзал.
Драмалық шығармалардың негізгі шарттарының бірі – тез туып, жедел өрістейтін тартыстың болуы. Тартыссыз жазылған пьесаларда әрі бала өмірі көмескі тартады, әрі олар тартымсыз болады. М.Әуезов «Драма заңы туралы кейбір ойлар» деген мақаласында пьесадағы конфликт мәселесі драматургияның шешуші элементінің бірі екенін айтып кеткен.
Жалпы балаларға арналған әдеби шығармалар сияқты драмалық шығармалардың да бір сипаты – оның тәрбиелік мақсатты көздейтінінде. Қазақ халқы ертеден баланы елдің болашағы санап, оның тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп отырған: «Қызға қырық үйден тыю» деп бала тәрбиесін тек ата-ана, туған-туысқан емес, бүкіл қауымға жүктелген міндет сияқты саналған. Әдебиеттің тәрбиелік мәні дегенде, белгілі қоғамдық ортада қалыптасқан адамның рухани өсуін, көркемдік дүниені қабылдау ерекшелігін ескереміз. Олай болса, әдеби шығармалар арқылы бала сезіміне әсер етіп, алдымен елін, жерін, адам баласын сүюге, ұлттық мұрағаттарды қастерлеуге тәрбиелеу басшылыққа алынады. К.Чуковский: «Ертекшінің мақсаты – басқа. Ол қандай да болсын жолмен баланы адамгершілікке тәрбиелеу. Адамның бойындағы осынау біреудің тағдырына араша түсіп, біреудің қуанышы мен қайғысын бөлісуге ұмтылатын, біреудің тағдырын өз тағдырындай көретін асыл қасиетті дарыту» - дейді.
Балалар әдебиетінің толасссыз дамуы оның жалпы балалар өмірінің энциклопедиясы бола алуына байланысты. Сондықтан да балалар үшін жазылған шығармалар баланың жанұяда, мектепте, достарының ортасында, үлкендермен қарым-қатынасы кезіндегі мінезін, әрекетін қамтиды. Барлық адамдар белгілі бір қоғамда өмір сүреді. Әр түрлі қоғамдық-тарихи өзгерістер адамдар өміріне тікелей әсер етеді. Кеңестік кезеңде қалыптасқандықтан, сол әміршілдік кезеңдегі социалистік реализм, әдебиеттің партиялылығы, т.с.с. шектеу, бұйрық-қарарлардан қазақ балалар драматургиясы шетте қалған жоқ. Кеңестік дәуірде октябряттар, пионерлер, комсомолдар қатарындағы жеткіншектерді жалған марапаттайтын, идеялық бағытын алдын ала кесіп-пішіп көрсетуге негізделген үлгідегі көркемдігі солғын шығармалар дүниеге келді. Бұл туралы Ғ.Мүсірепов былай дейді: «Қазақ совет драматургтерінің өндірістен, ауыл шаруашылығынан, мәдениет майданынан таңдап алып жасаған образдарының бірде-бірі сахнаға бекіп қала алған жоқ. Өйткені, олар жасанды, бір сұлбамен жасалған салқын образдар болғандықтан, совет халқының көңіліне қона алмады. Тілек те бар, талап та бар, бірақ көркемдік шындыққа жете бермейді».
Балаларға арналған шығармалардың тақырыптары әр алуан болады. Әдебиетте белгілі бір тақырыптың тууына қоғамдағы өзгерістер, адамдардың мақсат-мүдделері себеп болады. Сондай-ақ, адамзат дамуымен бірге келе жатқан мәңгілік сөз болатын тақырыптар да болады. Адамгершілік, ізгілік, жақсылық, еңбек, достық, махаббат сияқты тақырыптар қай дәуір, қай кезең болса да қайталана беретін тақырыптар. Ал белгілі кезең тудыратын тақырыптар ретінде кеңестік әдебиет тұсында туған коммунистік рухтағы патриоттық, партияға шексіз берілгендік сияқты идеяларды ту еткен тақырыптарды атауға болады. Қалай десек те, балаларға арнап жазылған шығармаларда тақырыптық шектеу болмайды. Қай тақырыпта жазылса да шығарма үнемі баланың жас ерекшелігін ескеріп отыруы керек. Балаларға арналған шығармаға «не туралы» жазу емес, «қалай жазуға» болады деген талап, өлшем үстемдік етеді. Қазақ балалар драматургиясындағы негізгі тақырыптарды шартты түрде былай бөлуге болады:
1.Кеңестік идеологияға негізделген тақырыптар;
2.Ертегілік, қиял-ғажайып тақырыптар;
3.Халық бастан кешірген тарихи тақырыптарға арналған туындылар;
4.Табиғат туралы;
5.Бейбітшілік тақырыбы;
6.Жалпы ынтымақ, бірлік, еңбек, білім, ерлік, мейірім, ізгілік туралы;
7.Мектеп өмірі, мектептегі әрекеті.
Заман жаңарған сайын әдебиетке де жаңа тақырыптар келеді. 1960 жылы адамзат баласының ғарышқа көтерілуі қазақ балалар драматургиясына да тың тақырыптар әкелді. А.Сатаевтың «Айға сапар» пьесасынан ғарышқа ұшуды армандаған бүлдіршіндерді көрсек, Ә.Табылдиевтің «Армандастар» пьесасынан ғарышқа ұшуды армандап қана қоймай, сол сапарға дайындалып жүрген жеткіншектерді кездестіреміз. 1990 жылдарда тәуелсіз әдебиет аясында дүниеге келген негізгі тақырыптардың бірі – наурыз мерекесіне байланысты еді. Күн мен түннің теңескен ұлыстың ұлы мейрамы қаншама жылдардан кейін халқымен қайта табысты. Қариялар жадынан, ескі кітаптардан алынған наурыз мейрамының тарихын баспасөз беттерінде айтып, жазып та жатты. Ал балалар үшін мектептерде ертеңгіліктер, шағын инсценировкалар, қойылымдар, шағын пьесалар дүниеге келді. Наурыз тақырыбына жазылған К.Оразбекұлының «Ұлыс оң болсын», Б.Тайжанның «Тосыннан тойланған той» пьесалары дүниеге осы кезде келген еді.
Ынтымақ, бірлік, татулық тақырыбын арқау еткен Е.Елубаевтың «Асар», С.Әуелбаеваның «Оюхан мен Жоюхан», Ә.Тоқпанбетұлының «Қайырымды қасқыр», «Ақсақ көжек» , т.б. көптеген пьесалары туды.
1970-80 жылдары көп назар аударылған тақырыптардың бірі – мектеп өмірі, яғни оқушы баланың үйдегі, мектептегі әрекеті олардың әр түрлі ізгілікті бастамаларын суреттейтін шығармалар болды. Ә.Табылдиевтің «Бүлдірген мен Күлдірген» интермедиялары, Е. Елубаевтың «Өжет», «Саған күшік керек пе?», «Бір уыс бидай», С.Омаровтың «Портрет», М.Гумеровтің «Базарлық», Н. Ғабдуллиннің «Аулада», т.б. көптеген драмалық шығармалар тікелей балалар өміріне арналды.
Қазақ балалар драматургиясының туу барысын дәйектесек, балаларға арналған драмалық шығармалардың тақырыптары әр алуан екенін көреміз. Жылдарға бөліп жіктеу арқылы қай кезеңде қандай тақырыптағы пьесалар көбірек жазылғанын және сол кезде еліміздің басынан өткеріп отырған тарихи-әлеуметтік өзгерістердің әдебиетке түрліше ықпал жасағанын байқауға болады.
2. І.Жансүгіров өзінің 1931 жылы жазған «Мен қалай жаздым?» деген мақаласында қазақ балалар әдебиеті мәселесін көтеріп: «Бізде «балалар әдебиеті» - жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бір ойым осы әдебиеттің бізде жасалуына көмектесу еді. Бұл туралы біраз еңбектерім бар: «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Шәутеннің шәркейі», «Жұмбақ», «Одақ», тағы басқалар. Бізде, әсіресе техника, өнер туралы шығармалар туған жоқ. Енді бұл кетікке кірпіш қалауымыз керек дейді» - деп айтады да, артынша балаларға арнап пъеса жазады. Қазақ балалар драматургиясының алғашқы қаралғашы – 1934 жылы балаларға арналып жазылған І.Жансүгіровтің «Мектеп» атты пъесасы. «Мектеп» пъесасының тақырыбы балаларды оқуға, білімге, мектепке шақыру идеясына құрылған. Пъеса 1930 жылдардағы халықты сауаттандыру мәселесін көтеріп, жас жеткіншектерге оқудың пайдасын түсіндіру. Белгілі зерттеуші Р.Нұрғалиев «Мектеп» пъесасы туралы былай дейді: «Балалар әдебиетіндегі ақынның татымды бір ескерткіші – «Мектеп» атты бір перделі өлеңмен жазылған пъеса. Автор шығарманың сахнада қойылуын ескеріп, қажетті ремаркаларды тиянақты көрсетіп отырған. Драматургтің бала психологиясын, баланың көркем шығарманы қабылдау ерекшеліктерін жақсы ескергендігі пъесадағы ситуациялардан-ақ сезіледі. Шығармада бала қиялына лайық шартты, ертегі сипат бар. Бала мен қуыршақ арасындағы диалог сенімді берілген, әсіресе әрбір мамандық жайлы айтылатын монологтің екпіні, ырғағы, ұйқасы жаттап алуға ыңғайлы өлшеп тапқан. Наданды, сауатсыздық, қараңғылық кішкентай көңілінен шығатын фольклорда бар үлгіні драмалық формада жаңарта қолдану тәсілімен сыналады. Оқудың, білімнің керектігін бала өзі қажет санайтын халге жетеді».
«Мектеп» пъесасының негізгі кейіпкері – бала мен оның қуыршағы. Қуыршақ балаға мектепе бару керектігін, мектептің пайдасы туралы айтады. Кейінгі көріністерде қуыршақ қайта айналып келіп, мектеп туралы баланың не білгенін сұрайды. Мектептің не екенін бала мектеп оқушысы үлгілі баладан естіп біліп, өзі қорытынды шығарып, бірте – бірте мектептің пайдасын түсінетін дәрежеге жетеді. Кейіннен «мектеп деген немене?» деген баланың айтқанын қайталап былай дейді:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет