Әдептілікке тәрбиелеу (оқу-әдістемелік құрал) Дайындаған: Қапарова Ж. У



бет2/14
Дата24.04.2017
өлшемі5,38 Mb.
#14721
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Кіріспе


Өмірге жаңадан келген әрбір жас нәрестенің, жаңа адамның пісіп жетіліп аяқтануы, өсіп-өніп, ержетіп, есею барысында оның бойына адамзат қауымдастығына тән саналық белгілері мен қасиеттерді сіңіріп, қоғамдық өмірге даярлап қосу – оны қоршаған нақты әлеуметтік ортасының белгілі бір мемлекеттік құрылыстың, ондағы қалыптасқан қоғамдық қатынастар мен байланыстардың көрінісі тәріздес әлеуметтік институттарының, отбасының, мектептің, ақпарат құралдарының тәлім-тәрбиелік ықпалына, сондай-ақ аға буын өкілдерінің үлгі-өнегелік тағлымына тікелей байланысты.

Елбасының: «Садағаң кетейін, айналайын қауым! Сенің мүддең жолында бойда қуат, ойда нәр – бәрін аянбай сарп етуге бейілмін!», «Қандай да қасіретке қабырғасы қайысса да, қаймықпай төзе білген, қажырлы да қайсар қазақ халқының алдында мен бас иемін!», «Менде Қазақтың елдігін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та, арман да жоқ!, «Осы елдің Президенті ретінде де, осы ұлттың бір перзенті ретінде де дәйім қөңілімнің төрінде тұратыны – туған халқым» деген сияқты сертпен тең тегеурінді тіркестері, ұрпақ үшін баға жетпес құнды тұжырым. (1; 4)

Бұл пікірді ұға білген болашақ: жер-ғаламшар, глобус – жердің моделі екенін; тау тыныстарым мен пайдалы қазбалар; әр жыл мезгіліне тән белгілерді, ағаштарды, шөптерді, бұталарды, жапырақты және қылқанжапырақты өсімдіктерді, бунақ денелерді, жорғалаушыларды, құстарды, аңдарды, жабайы және мәдени өсімдіктерді, жабайы жануарлар мен үй жануарларын ажыратып, әртүрлі денелер мен заттарға, табиғи құбылыстарға, әртүрлі пайдалы қазбаларға, олардың қасиеттеріне; аспан денелерінің қозғалуы (мысалы, жердің күнді және өз кіндігінен айналып қозғалу) шөп, дала, орман, шалғын, егістік, бақша, бақ өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ортасына, бейімділіктеріне табиғатқа деген тіршілік қатынастарына деген жоғары сезімдерді қалыптастыра отырып, Отан алдындағы парызын өтеуге илана білуге төселуді дағдыға айналдыру қажет.

Ой мен тіл арқылы балаларды
әдептілікке тәрбиелеу


Бойында ұлттық психологиясы мен саналылық қалыптасқан, халқының әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлерін көңіліне тоқыған, дені сау, шымыр да шыныққан, сымбатты, халықтың тілін білетін, рухани байлығы мол, жан-жақты азамат тәрбиелеп өсіру – бүкілхалықтық, отбасылық міндеттердің жауаптыларының бірі.

Халқымыздың ғасырлар бойы жинаған тарихи дәстүрін зерттеп, оның қажеттісін оқу-тәрбие процесінде, күнделікті өмірде ұтымды пайдалану – бүгінгі өмірден туындап отырған міндеттердің бірінен саналады. Халық қазынасы – нәрестенің сезімін ананың әуенімен оятатын бесік жырлары, даналыққа толы мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштар, құмарта қызығатын қиял-ғажайып ертегілері.

Халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – отбасы мен балабақша.

Балалардың болашағы отбасындағы өзара қарым-қатынасқа, ата-аналардың тірлігі мен еңбек әрекетіне тікелей байланысты. Олар өздерінің тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер мен білім машықтарын меңгеруге, әулет, ауыл аймақтың, елінің ар намысын қорғауға және т.б. ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 27-бабында: «Балаларыңа қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» делінген. Сонда қазіргі қазақ отбасында бұрынғы халықтың ғұрыптардың жағымды жақтары сақталумен қатар, түрлі ұлттық, мазмұны жаңа дәстүрлерді қалыптастырудың өзі болашақта отбасы өзіне дейінгі барлық ұрпақтардың қалыптастырған неке моралындағы ең таңдаулы асыл мұраларды өз бойына сіңіре отырып, адам баласын тәрбиелеудегі сарқылмас қайнар көз болып саналады.

Ата-аналардың жақсы үлгісі баланың сана-сезіміне, ой-дүниесінің өсуіне, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына ықпалын тигізеді. 15-ғасырда Англияның атақты ақылшысы Д. Локк: «Баланың ақылы да, жаны да туғанда ақ қағаздай болып туады. Ақ қағазға қандай жазу жазса да жазушының еркінде» – деген болатын. Демек, кез келген істің табыстарын, жетістіктерін байқағыштықпен көре біліп, ұрпақтың оған мән беріп, назар салуын қадағалаудың өзі, болашақта баланың бойында танып-білуге деген байқампаздығының қалыптасуына дәнекер болады.

Демек, балалардың ойлау қабілетінің қалыптасуы, олардың жасына ғана емес, басқа да шарттарға байланысты болады. Соның ішінде олардың шұғылданатын іс-әрекеті мен қарым-қатынас жасауы ерекше рөл атқарады. «Егер дүниеге келгеннен бастап балаға қоғамдық жағдай туғызылмаса (бірақ мұндай жағдай кездеспейді), онда оның психикасы, санасы кейін кәдімгі адамдардікі сияқты жетілмейді. Сондықтан әр жас кезеңіндегі психиканың дамуында қоғамдық жағдайлардың, тәрбиенің баланың өсуіне қаншалықты әсер ететінін еске алып, психиканың дамуын дұрыс түсінуге болады» – дейді ғалым М. Мұқанов. Мұның өзі болашақта бала өмірден белгілі және тексерілген фактілерді, ғылыми дәлелденген заңдарды келтіруге, әртүрлі дәлелдемелерге сүйеніп, логикалық болжамдар жасауға бірден-бір таптырмас жол екенін білдіреді.

Өз ұрпағының өнегелі, еңбексүйгіш абзал азамат болып өсуін армандаған қазақ халқы бұғанасы қата бастағаннан-ақ қыз баланы үй сыпыру, төсек жинау, ыдыс-аяқ жуу, шай құю, ас пісіру, су әкелу, сиыр сауу, өрмек тоқу, жүн түту, жіп иіру, ою ойып, құрақ құрау, іс тігу сияқты шаруашылықтың алуан түрлерін, ал балалардың қозы-лақ қайыру, мал суару, жемшөп беру, т.б атакәсібіне үйретіп отырған. Баланы әулет, ауыл-аймақ болып тәрбиелеу халықтық тәрбиеде ерекше орын алған. Әрбір әке баласына өз өнерін үйретіп, оларды өзіндей мерген, аңшы, құсбегі етіп тәрбиелеуді, қолөнер шеберлігін, жыршы, әнші, бишілік өнерлерді үйретуді мақсат еткен.

Ал, қыз баланы келешек ана, бала тәрбиешісі, әулет ұйтқысы деп түсінген халқымыз оның өнерлі де әдепті, еңбекқор, іскер, шебер, сымбатты болып өсуіне, сәнді киінуіне қөңіл бөлген. Халық тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан осындай салтымызды кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету – бүгінгі күннің міндеті.

Әр халықтың ұрпақ тәрбиесінде өзіндік ұлттық ықпалы болады. Халықтық өнердің әсер етуі – балаға айналасындағы бай мұраның әсемдігі мен әсерлігінің түсінікті болуында. Өнердің өзіне тән ерекшелігі – әдебиетте, бейнелеу өнері, кескіндеме, мүсіндеу, сәулет өнері, сәндік қолтаңбалы өнердегі ұлттық айшықтар арқылы айқындалады. Біздің мақсат – баланы осы тамаша көріністерді білуге тәрбиелеу. Шеберлердің қолынан (мүсіншілердің, суретшілердің) шыққан ағаштан, темірден, жүннен, матадан жасалған бұйымдар арқылы халық өнерінің сипатын, ұлттық еңбектің нәтижесін сезініп, қоршаған дүниеге үңіле қарауға, ой-қиялын дамытуға әсер ететіндей көркемөнер туындыларымен таныстыру, ол түсініктерін әдеби мұралар арқылы тиянақтау. Бұл мақсатқа жету үшін тәрбиешінің көркемдік тәрбиеден сауатты өнер саласынан хабардар және өз біліктілігін ұдайы шыңдап отыруы қажет.

Атадан балаға мұра болып қалған халық қазынасын баланың жан-дүниесіне дарытуға, оның шығармашылық, суретшілік, әншілік өнердің қарапайым негіздерін қалыптастыруда ауыз әдебиетінің алатын орны ерекше. Халық даналығынан туындаған ақыл, әңгіме, ертегі, мақал-мәтел, жұмбақтар баланың ой-өрісін, тілін дамытып, дүниетанымын жетілдіріп, қалыптастыруда тәрбие мектебі – айрықша орын алған. Мектепке дейінгі кезеңде балаға ұлттық әдеп-ғұрып негіздерін меңгерту тек мерекеге дайындық кезіндегі дүрбелеңмен емес, белгілі бір жүйеде, әр топтағы бала жасына, түсінігіне үйлесімді болып барлық тәлім-тәрбие жұмыстарымен сабақтас, бала санасында ұлт сезімін оятатындай іске асырылуы қажет.

Бұл жұмыс балабақшаның күн тәртібіндегі шынықтыру кезеңдерінен басталуға тиіс. Мысалы, нәрестелерді сергітуде «өс-өс» деп, аяқ-қолын созу, қол-аяғын айқастыра қимыл жасау,оң қолын сол аяғының өкшесіне /етбетінен жатқызып/, сол қолын оң аяғының өкшесіне қарай созу арқылы дене бұлшық еттерін, қимыл-қозғалысын жетілдіру көзделсе,ана әлдиі, бесік жырларын тыңдату арқылы баланың есту қабілетін дамытып,оларды халық әуендері арқылы тазалыққа,үлкендерді тыңдауға, еңбекке,шеберлікке тәрбиелеу мақсаты көзделіп,өнер мазмұнын әуен арқылы сәбидің құлағына құйып, нәзік сезіміне жеткізе білген.Осы арқылы ата-ананың болашақ ұрпағынан күтер үлкен ой-арманының қарапайым нышандары бала санасына орнығып, есейген сайын маңызды мазмұнға ие бола бастайды.

Ұлттық тұрмыстық салт-дәстүрдің бірі – шілдехана. Перзенттің шыр етіп жарық дүниеге келуі,тек туған әке-шеше емес, бүкіл ел-жұрт қуанышы болып есептеледі. Міне, осы күндері «шілдехана» өткізіледі. Тойға жиылғандар сәбиге бағышталған ізгі ниеттерін білдіріп,ән айтып,ойын ойнап,көңіл көтереді. Бұл жөнінде белгілі этнограф Х. Арғынбаев: «Шілдеханаға әдетте ауыл үлкендері қатыспайды. Жаңа туған нәрестені әртүрлі жын-шайтан перілердің салқынынан қорғау, күзету – халық сенімі бойынша тек жастардың міндеті болған», – дейді. Шілдехананы өткізу күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Ретіне қарай балабақшада ойын ретінде шілдехана,бесікке салу, ат қою, тұсау кесу тойларын өткізу балалардың бұл дәстүр жөнінде кеңірек түсінуіне мүмкіндік береді, өнерге баулуға негіз болады.

Осындай дәстүрлерге сүйене отырып,баланы ізеттілікке, мейірімділікке, имандылыққа, еңбекке тәрбиелеу – ата-баба парызы. Қазіргі кезеңде баланы тұлға ретінде қалыптастыру, оның бойына ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүр мұраларын сіңіру, имандылыққа тәрбиелеу – бүкіл халықтық іске айналып, жұртшылық назарын аударуда.

Тәрбие тағлымы – баланың нәрестелік шағынан біртіндеп іске асырылып,санасына орнығып отыратын ұзақ үрдіс. Сол себептен де қоғам өмірі, тәрбие, білім беру салаларын әрбір жаңалық мектепке дейінгі тәрбиеге тікелей әсер етіп,тәрбие мазмұнын жаңарту ісіне ықпал жасап келеді.



Бұл тақырып мазмұнын ұлттық салт-дәстүрге,ата-баба мұрасынан бүгінгі ұрпаққа жеткен даналық тағылымдарына қатысты асыл сөз қазыналары негізінде айқындап, балалардың жас шамасына, психологиялық, даму деңгейіне лайықты түрде тақырыптық жүйесімен топтастырылды. Олар: «Әдептілік – әдептілік», «Адамдық – асыл мұрат», «Жер байлығы – ел байлығы», «Келші, келші, балашым!», «Еңбек түбі – зейнет», «Ақ дастарқан», «Ақ боз үй», «Бабалар өмірі – ұрпақтарға өнеге» деп аталады. Осы тақырыптар төңірегінде 3-тен 7 жасқа дейін меңгерілетін адамгершілік мінез әрекеттері топ сайын біртіндеп күрделеніп отырады. Тақырыптардың атынан-ақ көрінгендей мұнда көзделген мәселе – баланың сәбилік шағынан бастап тазалық, әдептілік, ізеттілік, жомарттық, мейірімділік, еңбексүйгіштік рухына баулып, имандылыққа жататын жағымды мінез-құлық әрекетінің қарапайым негіздерін баланың бойына сіңіріп, ойына ұялату. Отаны – Қазақстанға, еліне, жеріне сүйіспеншілікке баулып, ұлттық психологияны қалыптастыру. Ұлтжандылыққа, басқа бауырластыққа, достыққа тәрбиелеу.


Әңгімелер



Әдептілік
Бір жұрттың үлкен бір оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы кісі өтіп бара жатып, оқымыстыға иіліп сәлем береді. Оған қарсы әлгі оқымысты да онан да төменірек басын иіп, қайтара сәлем береді. Сонда қасындағы бай тұрып:

– Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз, сүйте тұра осындай бір бейшараға соншама бас иіп, неге сәлем бердіңіз, – деп сұрапты. Сонда ғалым кісі тұрып: – Ешбір ғылым, білім үйренбеген кісі сонша иіліп, әдептілігін көрсеткенде, менің оған әдепсіз болып көрінгенім лайықсыз болған болар еді, – депті.


Ы. Алтынсарин

Мейірбан
Мамасы үйге кіріп, Мақсатқа:

– Дүкенде алма сатып жатыр екен, сен барып, кезекке тұра берші, мен қазір келемін, – депті.

Шалғай тың селосында бұл мезгілде алма, алмұрт, жүзім сияқты жемістер сирек болатын. Мақсат велосипедімен зымырап отырып, дүкенге тез жетті. Алушылар көп екен. Мақсат кезекке тұрды. Тез арада өзінен кейін талай адамның кезекке тұрғанын көріп, таңғалды. Мамасы: «Мен келгенше өзің өлшетіп ала бер» – деген-ді.

Мақсаттың кезегі жете бергенде, кенет сатушы жұртқа:

– Жолдастар, алма бітті. Мына баладан кейінгілеріңіз тұрмай-ақ қойыңыздар! – дейді айқайлап. Кезектегілер абыр-дұбыр өкініш сөздерін айтысып, амалсыз тарай бастады. Қолында дорбасы бар бір кемпір алға ұмтылып:

– Шырағым, алмаң бітіп қалды ма? – деді сатушыға қинала сөйлеп. Қап! Ауылдан әдейі ауруханадағы немереме келіп едім. Соған аздап тауып берсеңші.

– Жоқ, шешей, бітіп қалды, – деді сатушы қалған алманы Мақсатқа өлшеп жатып. Мақсат таразыдағы алмаға бір, кемпірге бір қарап қояды. Әлденеге ойланып, толқып тұр. Кенет ол бір шешімге келгендей:

– Әже, – деді әлі де кете алмай тұрған әлгі кемпірге. Мына алманы сіз алыңыз, мен мамама бәрін түсіндіріп айтармын, ол ұрыспайды, алыңыз. Немереңізге апарыңыз, – деді асығыс, біреу көріп қоятындай. Аузын ашып аң-таң қалған қария бір кезде есін жиып:

– Ой, өркенің өскір, көп жасағыр балам, не деген мейірімді едің... Рақмет, айналайын! – деп алғысын жаудыра бастады.

Мақсат кетуге ыңғайланып, артына бұрылса, мамасы тұр екен. Бала сасқалақтап қалды да ақталғандай:

– Білесің бе, мама... – дей беріп еді, анасы оның сөзін бөліп.

– Білем, білем, балам, айтпай-ақ қой. Тек әрқашанда осындай бол! – деді күлімсіреп.

«Мейірбандық – жүректен, қайырымдылық – білектен» – дейді халық.
Н. Қадырбаев

Автобустағы оқиға
Автобус іші лық толы адам. Есет жан-жағына қараса, жанында көзілдірікті атай мен сөмке көтерген әжей тұр екен. Есет оларды көрмеген болып, терезеге бұрылды. Сөйтіп орнынан тұрмастан, теріс қарап отыра берді. Баланың әдепсіз қылығына үлкен кісілер қайран қалды. Үлкен кісілердің қиналып әзер тұрғанына Есеттің беті бүлк еткен жоқ.

Автобустың оң жақ терезесінің жанындағы орындықта отырған Есен таяқ ұстаған қарт адамды көре сала орнынан ұшып тұрды.

– Отырыңыз, ата, – деді ол үлкен кісіге.

– Рақмет, балам. Көп жаса, өркенің өссін, – деп жатыр таяқ ұстаған атай.

Автобус ішіндегі жолаушылар Есенге қатты риза болды.

– Не деген әдепті бала! – десті олар сүйсініп.

А. Ормантаев

Мейірімді бала
Қытай жұртының ескі заңы бойынша біреуді алдағаны үшін қолға түскен кісінің қолын кеседі екен. Бір төре осындай іспен кінәлі болып, әлгі айтылған жазаны өтеуге тұрғанда, төренің жас қыз баласы:

– Әкем үшін жауап беремін, – деп ханға мәлім болыпты. Қызды партаға алып келеді.

– Тақсыр, – деді қыз, – менің әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшін қолынан айырылу керек болды. Мінекей, тақсыр әкемнің қолы деп, өзінің қолын көтерді. Менің бұл қолымда жазық жоқ, жазықты болған атамның қолы, бірақ менімен салыстырғанда ол бала-шағасын асырау керек. Бұйырыңыз, тақсыр, ол қолын кестіріп, жұмыссыз қарап отырса, бала-шағасын кім асырайды? Сондықтан бала-шағасын асырайтын қолын қалдырыңыз.

Патша қыздың мейірімділігіне рақымы түсіп, төренің күнәсін кешіріпті.

С. Сарғасқаев
Төлеш пен Игілік
Төлеш пен Игілік Нарима апайдың көршісінің балалары.

Апайдікіне жиі келіп тұрады. Игілік сөйлеп тұрды.



– Нарима апай, бірдеңе айтсам, сіз Төлешке айтпайсыз ба?

– Не айтайын деп едің?

– Жоқ, сіз айтыңызшы, Төлешке, тіпті мынадай да айтпайсыз ба? – деп, Игілік шынашағының тырнағын көрсетті.

– Жарайды, айтпай-ақ қояйын, – деп Нарима апай оның не айтпақ болғанын білгісі келді.

– Мен кешегі кәмпиттердің бәрін де өзім жеп қойдым. Төлешке бергенім жоқ, сіз оған енді айтпайсыз ғой, иә?

Кеше Нарима апай дүкеннен кәмпит әкеле жатып, «мынаны өзің же, ал мынаны Төлешке бер» деп Игілікке екі кәмпит беріп еді.

Игілік «жарайды» деп, томпаңдай басып кеткен. Әлгі сөзіне қарағанда, екеуін де өзі жеп қойған. Нарима апай аз үнсіз тұрып қалды да:

– Бүгін кешегіден де тәтті кәмпит әкеліп саған апарып бер деп Төлешке беріп жіберіп едім, – деді. Игіліктің көзі шатынап кетті.

– Апай,рас айтасыз ба?

– Рас.


– Әй, Төлеш, сені ме бәлем? – деп Игілік жөнеле берді. Нарима апай оны тоқтатып алды.

– Сен, немене, төбелескелі барамысың?

– Маған берген кәмпитті ол неге жеп қойды?

– Кеше сен жеп қойған соң, ол да жеп қойған шығар. Әй, бүгінгі кәмпит тәтті-ақ еді-ау! Сырты күміс қағазбен қапталған.

Нарима апай кәмпитті мақтаған сайын Игіліктің іші удай ашыды. Ол аз үнсіз тұрды да:

– Мен енді Төлешке берген кәмпитті жемеймін, өзіне апарып беремін, – деді.

– Басқаның адал болуын тілесең, өзің де адал бол. Адамгершілік деген сол. Менің кеше Төлештен саған кәмпит беріп жіберіп едім деген сөзім жәй сөз. Төлеш сендей емес, біреудің сыбағасына қол сұқпайды, апарып береді.
М. Дүйсенов

Автобуста
Автобус тоқтайтын аялдамаға келді.

Көп ұзамай көк автобус келіп тоқтай қалды. Екі есігі бірден ашылды. Адам да көп. Бірі мінсе, бірі түсіп жатты.

Алдыңғы есіктен апам екеуміз ішке кірдік.

– Мұнда отырыңыз, – деп менен үлкендеу екі бала анама орын ұсынды.

– Рахмет, балалар, – деді анам отырып жатып.

– Апа, рақметті не үшін айттыңыз?

– Кішіпейілділігі үшін. Сен де солардай бол. Үлкенді сыйла. Сонда үлкендер саған рақмет айтатын болады.

Сәлден кейін базарға жеттік.

Ә. Шынбатыров
«Рақметті» не үшін айтады?
Орман ішіндегі жолмен атасы мен немересі келе жатты. Күн ыстық еді, олар шөлдеді. Жолаушылар бұлаққа жақындап келді. Бұлақ сылдырап ағып жатты. Олар еңкейіп шөлдерін қандырды.

– Рақмет саған, бұлақ, – деді атасы. Ұлы күліп жіберді.

– Ата, сіз неге бұлаққа «рақмет» деп айттыңыз, ол бұлақ тірі емес қой, ол естімейді, сіздің алғысыңызды түсінбейді ғой, – деп таңғалды. Сонда атасы былай дейді.

– Егер қасқыр бұлақтан келіп су ішсе, ол рақмет деп айтпас еді, ал біз қасқыр емеспіз ғой. Біз – адамдармыз. Сен білесің бе, адамдар не үшін рақмет деп айтады. Ойлан, бұл сөз кімге керек?



Немересі ойланып қалды. Оның ойланатын уақыты көп, өйткені жол ұзақ еді.
В. Сухомлинский
Қарт және алма бағы
Қарт алма бағын отырғызыпты. Адамдар оған: «Бұл алма ағаштары саған не үшін керек? Бұл ағаш жеміс бергенше көп уақыт өтеді. Сен ол алмаларды жей алмайсың ғой», – дейді. Қарт оларға: «Мен жемесем де, басқалар жер, сосын маған рақмет айтар», – деп жауап қайырыпты.

Л. Толстой


Апалы-сіңлілі екі қыз
Биік таудың ар жағында, қалың жасыл орманда апалы-сіңлілі екі қыз өмір сүріпті. Біреуінің аты – Шындық, екіншісінің аты – Өтірік екен.

Шындық – әдемі, ақкөңіл, ақылды қыз болады.

Өтірік – қу, сүйкімсіз болады.

Шындық – еңбекқор болыпты. Өтірік еңбек еткендерге кедергі жасаған.

«Егін өссін», – деп адамдар бидай ексе, ал Өтірік: «Несіне әуре болдыңдар? Жер бәрібір сендердің бидайларыңды ұшырып әкетеді», – деп жалған сөздер айтып азғырған. Шыншыл адамдар оның сөзін тыңдамай, өздерінің жұмыстарын әрі қарай жасай береді. Өтірік ешкімге мән бермей, жұмыс өзі жүреді деп бұтаның арасына барып ұйықтайды. Оның жеріне ешқандай егін шықпай, елде аштық болады. Адамдар жалқаудан құтылу жолын ойлап, Шындық Өтірікті табалап ұялтады. Сонда да өзінің жалқаулығымен өтірік айтуын қоймайды. Ал адамдар Шындықпен дос болуға тырысып, Өтіріктен қашып жүреді. Өтірікші, жалқау болсаң, кейін одан құтылу қиын болады.

Ә. Табылды


Өтірік пен шын
Телефон безілдеп қоя берді.

Байыз тауып отырмайтын Меруерт жүгіріп барып телефонның құлағына жармасты:

– Әлло!

Мамасы «мен үйде жоқ деп айт» дегенше болған жоқ, Меруерт:



– Мама, мама, сені шақырып жатыр, – деп мамасының қолына телефон құлағын ұстата берді.

– Түу, жоқ деп айтпадың ба? – деген мамасы ренжіп қалды.

– Қалай жоқ деймін. Міне, барсың ғой, – деген Меруерт анасының ренішті жүзіне көзі жәудірей қарады. – Өзің ылғи өтірік айтушы болма. Өтірік айтқан адам – жаман адам дейсің ғой.

Іс тігіп отырған әжесі әңгімеге араласты.

Меруерт дұрыс айтады. Бар адамды қалай жоқ дейсің? Айналайын, өтірік айтпағаның жөн. Адамға өтірік айту жараспайды, – деп немересін тізесіне отырғызып, маңдайынан иіскейді.

Киініп жатқан мамасы өзінің ағаттығын сезді-ау деймін. Меруерттің алдына тізерлеп отыра қалды да.

– Кешір мамаңды. Мамаңнан бір ағаттық кетіпті. Әжең орынды айтады. Өтірік айта көрме, – деп қызының бетінен сүйіп, жылдам басып шығып кетті.

«Жұмысына шақырған ғой, шамасы. Мамамды ренжітіп алдым ба?» деп қобалжып отырған Меруерттің қөңілі орныққандай болды.


Т. Қажыбаев

Ана алғысы
Шешесі жұмысқа кетерде Кенжебекті ересектерге тапсырып:

– Ойнатыңдар, емізікпен сүт беріп тамақтандырыңдар, жаялығын суласа, ауыстырыңдар, ұйқысы келгенде ұйықтатып, демалдырыңдар, өздерің шуламай, тату ойнаңдар, – деп ұғындырып жатты.

Ересегі Ақлима Кенжебекті түрлі ойыншықтар беріп ойнатты. Шөлмекке сүт құйып, емізікпен тамақтандырды. Содан кейін арбаға жатқызды. Жаялығы суланып қалып еді, тазасын салып, суланған жаялықты шайып, жуып, жайып қойды.

Бұл кезде Болатбек арбаны қозғап, тербетіп, Кенжебекті ұйықтатты. Екеуі шуламай ойнап, ақырын ғана сөйлесіп жүрді.

Шешесі түскі үзіліске келді.

– Менің Кенжебегім не істеп жатыр? – деп сұрады үйге келген бетте-ақ.

– Кенжебек ұйықтап жатыр. Біз сенің айтқаныңның бәрін орындадық. Оны жылатқанымыз жоқ. Ойнатып, ұйықтатып қойдық, – деді екеуі жарыса сөйлеп.

– Міне, жақсы балалар сөйтеді. Кішісіне қамқорлық жасап, шешесін іздетпейді.

Еңбегін бағалаған жылы сөзге, ана алғысына балдырғандар мәз болып, қуанып қалады.
М. Төрежанов

Мейірімді қыз
Бірде кеңсеге келе жатып, көшеден ойыншық тауып алдым. Қуыршақ. Басына көк тақия, үстіне ақ көйлек кигізіп, күнтитіп қойыпты.

«Бір балақай ойнап жүріп ұмытып кетті-ау», – деп жан- жағыма жаутаңдай қарадым. Көшенің оң қапталында қызыл қақпадан төрт-бестер шамасындағы қыз бала жүгіріп шыға келді.

«Е, қуыршақ осы баланыкі болды...» Мен солай қарай жүрдім.

Дөңгелете қиған қара шашы желбіреп, топ-томпақ қара қыз алдымнан шықты.

– Жөндеп көтермейсіз бе? – деді қарсы келген бетте бұртия тіл қатып.

– Не дедің?

– Бөпенің қолы сынады, – деп ол менің қолымдағы қуыршаққа жармасты.

Сонда барып байқадым... қуыршақты қолынан салбырата ұстап келеді екенмін.


Н. Серғалиев

Қайырымды бала
Нодардың әкесі қызметінен қайтқанда қағазға орап ойыншық әкеледі.

– Алақай, моторлы қайық! – деп айқайлап жібереді Нодар. Нодар қуанып, Гивиге жүгіріп келеді, достар ойыншықты әбден көрді. Үлкен астауға су құйып, қайықтың моторын жүргізді. Оны су бетіне қоя берді.

– Жүзеді, жүзіп барады, – деп дуылдасып, балалар мәз болды.

– Нодар, менің де осындай қайығым болса... Екеуін жарыстырсақ, кімдікі озар еді? – деді Гиви күрсініп.

Нодардың «Әкең саған да алып береді» дегісі келіп еді, бірақ Гивидің әкесінің жоқтығы есіне түсті.

– Гиви, бұл қайықты сен ал, маған әкем тағы да алып береді, – деді Нодар шынымен. Гиви басын шайқап қайықты алмады.

Нодар да ойыншықты алмай, үйіне кетіп қалады. Есіктен кірісімен: – Әкетай, маған тағы қайық сатып алып берші, – деді ол әкесіне жалынып.

Түр-түсі бірдей ойыншықты жинап қайтесің? – деді әкесі таңданып.

Мен оны Гивиге бердім. Оның әкесі жоқ қой, – деді баласы. Әкесі Нодарды мақтады, арқасынан қақты. Тағы бір қайық сатып алып беретін болды.
С. Сауытбеков
Қайырымдылық
Амангелді бала кезінен-ақ Торғай уезінің Қызылжыңғыл болысында тұратын Махамбет, Сарымбай, Қорқақ секілді мергендерге еріп, тау-тасты аралап, құс атып, аң аулаған.

Бір күні соңына екі лағын ерткен киік келіп, суаттан су ішіп жатады. Ор қазып, киікті аңдып жатқан сақа мергендер:

– Ал, бала мерген, саған жол бердік. Ешкіні ат, – дейді. Амангелді:

– Анасын атып, екі лағын маңыратып, жетім қалдырар жайым жоқ. Қолым бармайды, – деп ешкіні атпайды.

Сол кезде бір қасқыр өлген малдың қу басын көлденең тістеп, сай ішімен ақырын ұрлана басып, ешкіге қарай жылжып келе жатады. Амангелді:

– Ал, ағалар, ататын рет жаңа келді, – дейді. Амангелді қасқырды жалғыз оқпен қос өкпенің тұсынан дәлдеп атып, жайратып салады. Киіктің ешкісі ажалдан аман қалып, екі лағын ертіп, жөніне жүре береді.

– Бала да болсаң, өзің әділ бала екенсің. Сен халықтың қамқоры болғалы тұрған жігіт екенсің, – деп, үлкен мергендер бата беріпті.
С. Мәуленов

Қайырымды балалар
Сәулет пен Келбет аулада доп ойнап жүр. Ыстықтан быршып, терлеп-тепшігендеріне қарар емес. Келбет допты Сәулетке қарай лақтыра беріп, тоқтай қалды. Екі көзі қалықтай ұшып жүрген қарлығаштарда.

Ананы қарашы, әне?

Сәулет көкке қарады. Қарлығаштар төмен құйылып, кеудесімен жер соға жаздап барып, қайта көтерілді. Екеуі біраз қарап тұрды. Қарлығаштар шырылдап ұшып жүр.

– Ой, – деді сүрініп кеткен Сәулет тізесін сипалап, – әне, ана балапанды қарашы.

– Қане, қайсы, қай жерде?

– Әне. Байқа, басып кетпе.

Келбет келіп, қарады. Кіп-кішкентай тұмсығын жерге тіреп, қызыл шақа жатыр. Көздерін ашып жүріп, дір-дір етеді. Сәулет балапанды алақанына салып көрді.

– Ұядан ұшып түскен ғой, – деді.

– Тірі ме?

– Иә, тірі сияқты.

– Бізден қорқып тұрған шығар.

– Онда ұясына салайық, – деді де, сатыны әкеліп, үйдің қабырғасына сүйеді.

Балалар балапанды ұясына салды. Ұяда тағы үш балапан бар екен. Бәрінің аяқтарын қылмен матап тастаған.

Мына балапан тентек екен.

– Оны қайдан білдің?

– Ұядан жайдан-жай құлай ма?

– Сәулет пен Келбет сатыны алды. Қарлығаштар ұяға қонды. Манағыдай емес, көңілді. Көкке көтеріліп, балалардың төбесінен екі-үш айналып өтті.
Б. Данабеков

Әжесін қайсысы жақсы көреді?
Қанат пен Болат әжесінің жанында ойнап отыр. Бір кезде Қанат әжесін құшақтап:

– Әжем менікі, мен әжемді жақсы көремін, – деді. Болат Қанаттан қалыспай, әжесінің екінші жағына шығып:

– Әже сенікі емес, әжем менікі, мен жақсы көремін. Мен сен сияқты әжемнің басын қатырмаймын, – деп таласады.

Әже немерелерінің егесіне риза болып отырды. Бір кезде қарттың көзі бұлдырап, қысылып, диванға қисая кетті.

Қанаттың зәресі ұшып, бақырып жылап жіберді. Болат абыржымай, үлкен кісіше телефонға барып, жедел жәрдем шақырады. Ақ халатты дәрігер келіп, әжесіне ине шаншып, дәрі береді. Әжесі басын көтеріп, дәрігерге алғыс айтады.

Дәрігер Болат пен Қанаттан:

– Телефонмен жедел жәрдемді шақырған қайсыларың? – деп сұрады.

Болат:


– Менмін, – деді.

– Ақылды бала екенсің, – деді дәрігер. Әжеңді жақсы көреді екенсің.


М. Төрежанов

Бақша ағаштары
Жаздың бір әдемі күнінде, таңертең бір бақшашы баласымен бақшаға барып, жеміс ағаштарын көріп жүрді. Баласы әкесінен:

– Әке, мынау ағаш неге түп-түзу, ал мынау ағаш неге қисық? – деп сұрапты. Әкесі:

– Оның себебі, балам, анау ағашты күткен, суарған, қисық бұтақтарын кесіп тастап, ертелі-кеш тәрбиелеген. Ал мынау ағашты күтуші болмаған, өз бетімен өскен. Сондықтан ол қисық болып өскен, – депті.

– Олай болса, бағу, тәрбиелеуде көп мағына бар екен ғой, әке! – депті баласы.

– Бағу, тәрбиелеуде көп мағына барында шек жоқ, шырағым. Мұнан көп ғибрат алу керек. Сен шыбық сияқтысың. Саған да тәрбие керек. Мен сенің қате істеріңді түзеп, жақсы ақыл айтсам, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтіресің, жақсы болып өсесің. Ал айтқан ақылды құлағыңа алмасаң, бетіңмен кетесің, тәрбиеге көнбесең, мынау ағаш сияқты қисық болып өсесің.

С. Көбеев



Үш ұл
Екі әйел құдықтан су тартып тұр екен, бұлардың қасына тағы бір әйел келіпті. Құдықтың тұсынан өтіп бара жатқан бір қарт кісі де дем алмақ болып, таяп келіп, құдықтың маңындағы тасқа отырыпты.

Әйелдердің біреуі:

– Менің ұлым батыл да күшті. Төбелесе қалса, ешбір бала оған шақ келмейді, – депті.

Екінші әйел:

– Менің ұлым ән салғанда бұлбұлдай сайрайды. Ешбір баланың дауысы даусына жетпейді, – депті.

Ең соңынан келген әйел үндемей тұра беріпті.

– Сен неге өз ұлың туралы бірдеңе айтпайсың? – деп сұрапты екі әйел.

– Не айтайын, баламның ешқандай ерекшелігі жоқ, – деп жауап беріпті ол.

Әйелдер шелектерін суға толтырып, үйлеріне қарай беттейді. Әлгі қарт та бұлардың соңынан жүріп отырады.

Жолда әйелдер шаршаған соң, шелектерін жерге қойып, әңгімеге кірісіпті. Қарт бұларды сынай қарап, бақылап тұрыпты. Осы кезде бұлардың алдынан жарыса жүгірген үш бала шыға келеді.

Балалардың біреуі жолдағы тастарды аяғымен зулата ұшырып келе жатады. Мұны көрген шешесі қатты қуанып, көңілі көтеріліпті.

Екіншісі бұлбұлдай сайрап, өлең айтып, өзінен-өзі құтырынып келе жатады. Оның шешесі де баласының мұнысына шаттанып, көңілі өсіпті.

Үшінші бала болса, жүгіріп келіп шешесінің қасына барыпты да:

– Апа, әкел, маған бер, – деп, шешесінің қолындағы су толы шелекті алып, үйіне қарай жүре беріпті.

Әйелдер қартқа бұрылып.

– Қалай, біздің балаларымыз сізге ұнай ма, қария? - деп сұрапты.

– Қайдағы балалар? Мен тек бір-ақ баланы көріп тұрмын, – деп, қарт шешесінен алып, өзі көтеріп бара жатқан баланы нұсқапты.
В. Осеев

Атасының ақылы
Төкенмен келісе алмай қалушы едің, қазір араларыңнан қыл өтпейтін болыпты ғой, Еркінім?! – деді бірде атасы.

– «Қыл өтпейді...» дегенге түсінбедім, ата, – деп таңырқады немересі.

– Тату-тәтті дос болыпсың дегенім ғой.

– Кездескен сайын кәмпит берсе, онымен кім дос болмайды!



– Мен ешкіммен тамақ үшін дос болып көргенім жоқ, балам. Достықтың тамыры тереңде. Адал, ақылды балалармен дос бол, балам! Адамға жақсылық жасаудың өзін бақыт санайтын адамдармен ғана дос бол, – деді атасы сонда.
С. Сейтенов






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет