Әдептілікке тәрбиелеу (оқу-әдістемелік құрал) Дайындаған: Қапарова Ж. У



бет4/14
Дата24.04.2017
өлшемі5,38 Mb.
#14721
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Тыйым сөздер


Босағаны керме.

Босағаға сүйенбе.

Есікті теуіп ашып, жаппа.

Табалдырықты баспа.

Табалдырықты аттамай, сәлем берме.

Босағаға ат байлама.

Төрге қарап жүреңнен отырма.

Үйге қарай жүгірме.

Үйді айналып жүгірме.

Үйде ысқырма.

Бүйіріңді таянба.

Жағыңды таянба.

Таяққа сүйенбе.

Қолыңды төбеңе қойма.

Жуған қолыңды сілкіме.

Тізеңді құшақтама.

Табаныңды тартпа.

Аяқ-қолыңды жіппен байлама.

Мойныңа белбеу салма.

Таңдайыңды қақпа.

Жаяу қамшыланба.

Үлкен алдын кеспе.

Үлкен алдында бейпіл сөйлеме.

Үлкенмен сөз таластырма.

Жатқан адамның үстінен аттама.

Адамға қарап керілме.

Адамға қарап есінеме.

Адамға қарап жөтелме.

Адамды айналма.

Кісіге қару кеземе.

Бейуақытта кісіге көңіл айтпа.

Бейуақытта жылама.

Бейуақытта ұйықтама.

Бейуақытта сырқат адамның көңілін сұрама.

Жақын адамға мылтық, пышақ сыйлама.

Бос бесікті тербетпе.

Бесікті ашық қалдырма.

Құбыланы теуіп ұйықтама.

Басыңды босағаға қаратып ұйықтама.

Бөркіңді теріс киме.

Баскиімді теппе.

Баскиімді жерге тастама.

Аяқкиімді жоғары көтерме.

Киімді желбегей жамылма.

Киімді теріс аударып киме.

Дастарқан басында керілме.

Дастарханнан аттама.

Дастарқанды қағазбен сүртпе.

Дастарқанды пышақпен қырма.

Нанды бір қолыңмен үзбе.

Нанды аяққа баспа.

Нан қоқымын шашпа.

Нанды төңкеріп тастама.

Түнде ас бетін ашық қалдырма.

Тұзды шашпа.

Тұзды аяққа баспа.

Ақты аяқ астына төкпе.

Ақты баспа.

Кірдің суын баспа.

Қонаққа кетік ыдыспен ас берме.

Таңғы асты қалдырма.

Пышақ ұшымен ас алма.

Пышақты шалқасымен қойма.

Итке ожаумен ас құйма.

Ошақтан секірме.

Отқа түкірме.

Отпен, сумен ойнама.

Күлді баспа.

Суға түкірме.

Суға дәрет сындырма.

Айға қарап, дәрет сындырма.

Бейітке қарап, дәрет сындырма.

Мал қорада дәрет сындырма.

Жалғыз ағашты шаппа.

Көк шөпті жұлма.

Құстың ұясын, құмырсқаның илеуін бұзба.

Малды теппе.

Жыңғылмен малды ұрма.

Жүгеннен аттама.

Құр ерге мінбе.

Малды басқа ұрма.

Итті теппе.

Түнде суға барма.

Түнде далаға кір жайма.

Түнде тырнақ алма.

Тырнақты аяқ басатын жерге тастама.

Шашыңды аяқ астына тастама.

Сыпырғышпен баланы ұрма.

Сыпырғышты тік қойма.

Сыпырғышты көкке көтерме.



Сабақ жоспарлары




Ересектер тобы
Сабақтың тақырыбы: «Әдептілік – әдемілік белгісі»

Сабақтың мақсаты: Балалардың әдептілік туралы білімдерін кеңейту. Көрініс арқылы олардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін ашу, көрнекі суреттер арқылы зейінін, логикалық ойлауын дамыту.

Тілдік сөздік қорын байыту, байланыстыра сөйлеуге үйрету. Үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор бола білуге баулу.



Көрнекілігі: кітаптар,қуыршақтар,суреттер.

Әдіс-тәсілі: көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап.

Сабақтың барысы: балалар алдымен ұстаздармен, қонақтармен амандасып, жылы лебіздерін білдіреді.

Аспанымыз ашық болсын!

Еліміз тыныш болсын!

Бақшамыз бақты болсын!

Жеріміз гүлдене берсін!

Елімізде бейбітшілік болсын!

Ынтымағы жарасқан ел болайық!

Қазақстан гүлдене берсін!

Отбасымыз аман болсын!

Деніміз сау болсын!

Жеріміз бай болсын!

Әрқашан күн сөнбесін!



Тәрбиеші:Балалар,табиғат дегеніміз не?

Балалар: – Табиғат – бізді қоршаған әлем.

Тәрбиеші: – Табиғат нешеге бөлінеді және оны қалай атаймыз?

Балалар: – Табиғат екіге бөлінеді,олар тірі және өлі табиғат.

Тәрбиеші: – Қазір қандай жыл мезгілі?

Балалар: – Күз мезгілі.

Тәрбиеші: – Күз мезгілінің ерекшелігі қандай?

Балалар: Күн салқындайды, адамдар жылы киіне бастайды.Жемістер мен көкөністер піседі. Егістік алқабында қызу еңбек басталады. Қоймамыз алтын дәнге толады.

(Суреттердегі балаларға есімдер қойып,олардың іс-әрекеттерін әңгімелеу)

Тәрбиеші: Әдепті бала дегеніміз кім? Әдептілікке не жатады? Әдеп туралы қандай мақал-мәтел білеміз? Міне осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік

«Жылы киім тәнді жылытар,

Жылы сөз жанды жылытар» дегендей, балалар, өздеріңе әлдене қажет бола қалса, «өтінемін» деген сөзді айту қажет.

1-көрініс. Ортада Альбина мен Сәулемайдың сурет салуын тамашалайық. Альбина өзімен бірге сурет салып отырған құрбысы Сәулемайдан қарындаштарын рұқсатсыз алып кетеді. Себебі Сәулемайдың қарындаштары Альбинанікіне қарағанда әлдеқайда әдемірек болатын. Сәулемай қарындаштарын қайтарып беруін сұрайды. Алайда, Альбина оған бергісі келмейді.

Тәрбиеші: Балалар, біреудің құралын рұқсатсыз алуға бола ма?

Балалар: Жоқ.

Тәрбиеші: Қане, бұл қателікті кім түзейді?

Нұржан: Өтінемін, қарындас, бере тұршы қарындаш. (Қыздар қарындашты Нұржанға береді)

Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы, Нұржан қандай әдепті бала. «Өтінемін» деген сөзді айтуды ұмытпады. (Альбина Сәулемайдан кешірім сұрап, қарындаштарын беріп, екеуі қайта достасады).

Тәрбиеші: Кейде біз жылтыраған жалған сөздерді жиі естиміз.

Қасқыр қойды мақтады,

Барлық ісін жақтады.

Қасқыр жолдас болмайды-ау,

Қой түбінде оңбайды-ау.

«Ежелгі жау дос болмас» деген бар. Балалар жалған сөйлеуге бола ма?



Балалар: Жоқ.

Тәрбиеші: Дұрыс, жалған сөйлеуге болмайды. Біз кешірім сұрай білеміз бе? Кешірімді қай кезде сұраймыз?

Балалар: Досыңды және жақындарыңды ренжітіп алғанда.

2-көрініс. Диана мен Інжу ортада қуыршақ ойнап отырады. Кенет Диана қуыршағын қызғанып, Інжуді нұқып,қуыршағын тартып алады. Ал, Інжу ренжіп жылап қалады.

Тәрбиеші: Балалар, бірге ойнайтын достарыңды ренжітуге бола ма?

Балалар: Әрине, жоқ.

Тәрбиеші: Қане, Диана қатеңді түзету үшін Інжуден кешірім сұрай ғой.

Диана: Інжу, кешірші, мен қателестім, жүр, бірге ойнайық.

Тәрбиеші: Енді, балалар, мына суреттерге назар аударайық.

1-сурет. Әкесінің баласына қол көтеруі.

Тәрбиеші: Балалар, мына суретке қараңдаршы. Кімдердің суретін көріп тұрсыңдар?

Балалар: Әкесі мен баласы.

Тәрбиеші: Иә, әкесі мен баласы. Ал, әкесі баласына не істеп жатыр?

Балалар: Баласын ренжітіп жатыр.

Тәрбиеші: Не үшін? (Балалардың түрлі жауаптары).

Тәрбиеші: Балалар, сендер әлі кішкентайсыңдар. Ата-аналарың сендердің жасаған қандай да бір қателіктеріңе түсіністікпен қараулары керек. Мына суреттегідей ренжітуге болмайды. Ол әдептілікке жатпайды.

2-сурет. Жасы үлкен адам кішкентай балаға ауыр жүк артып қойды.

Тәрбиеші: Мына суретке назар аударыңдаршы, кімдерді көріп тұрсыңдар?

Балалар: Аға мен бала.

Тәрбиеші: Мына аға не істеп жүр, бала не істеп жүр?

Санжар: Аға кішкентай балаға ауыр жүк көтертіп келеді.

Тәрбиеші: Жасы үлкен адам кішкентай балаға ауыр жүк көтергізуге болмайды. Бұл әдепсіз адамдардың жасайтын қылығы. Әдепті адам ешқашан олай істемейді. Керісінше, балаларға қолұшын беріп жәрдемдеседі, қамқор болады.

3-сурет. Асханадағы тазалық

Тәрбиеші: Бұл қай жер?

Балалар: Асхана.

Тәрбиеші: Бұл суретте кімдер бар?

Балалар: Екі бала, екі қыз.

Тәрбиеші: Бұл балалар не істеп отыр?

Балалар: Тамақ ішіп отыр.

Тәрбиеші: Иә, тамақ ішіп отыр. Бірақ дұрыстап, зер салып қарайықшы, кім қалай тамақтанып отыр.(Балалардың жауабы)

Тәрбиеші: «Тәні саудың – жаны сау» дейді дана халқымыз. Әрқашан да таза, сүйкімді болу үшін не істеу керек? Балабақшада жуынамыз ба? Қай уақытта жуынамыз?

Жәдігер: Тамақ ішер алдында және тамақтан соң жуынамыз.

Жасмин: Серуеннен келгенде, ұйықтар алдыңда, т.б.

Тәрбиеші: Дұрыс, әрқашан қолымызды жуып жүруіміз керек. Себебі қолымызда әртүрлі микробтар бар. Қолымызды жумасақ, сол микробтар ішкі ағзаны зақымдайды, сол кезде ауырамыз. Сондықтан әрдайым қолымызды жуып жүруіміз керек. Бұл бір жағынын тазалықтың белгісі, екінші жағынан әдептілікке жатады.

4-сурет. Әдемілік бейнесі

Балалар, суреттегі бүлдіршіндерге ат қойып, олардың іс-әрекеттеріне талдау жасайды. Қыздардың сәнді киініп, таза әрі әдемі болып отырғандығын, баланың қызға құрмет көрсетіп, гүл сыйлағанын айтып береді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз. Мақал-мәтелдер, нақыл сөздер адамдардың іс-әрекеттеріне, мінез-құлқына, жасаған бағалауларынан туған дана сөздер екен. Енді мақал-мәтелге кезек берейік.



Мерей: Бірлік болмай, тірлік болмас.

Мақпал: Өнерлі өрге жүзеді.

Сандияр: Талаптыға нұр жауар.

Диар: Жақсы аға – орман, жақсы іні – қорған.

Әмина: Сіз деген – әдеп, біз деген – көмек.

Айым: Еріншектің ертеңі таусылмайды.

Инсар: Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі

Тәрбиеші: Рахмет, балалар. Сонымен, әдепті бала деп сәлемдесе білетін, үлкен-кішіні құрметтейтін, таза да ұқыпты жүретін, айтқан тілді алатын, ата-анасын, бауырларын, құрбы-құрдастарын ренжітпейтін баланы айтамыз. Бүгінгі оқу іс-әрекетіміз осымен аяқталды. Оқу іс-әрекетіне атсалысып қатысқандарыңыз үшін көп-көп рахмет.


Ересектер тобы

Сабақтың тақырыбы: «Әдептілік еліне саяхат»
Армысың, аспан әлемі,

Мейірімді Жер-ана!

Амансыңдар ма,достарым,

Сендерді көрсем қуанам, – деп, балалар қолдарындағы гүлді бір-біріне сыйлап, тілектерін білдіреді.


Мақсаты: Балаларға «Амансың ба?», «Сау болыңыз!», «Өтінемін!», т.б. сөздерінің мағынасын түсіндіру, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, жауапкершілікті сезіну, байланыстыра сөйлеп, диалог құрай білуге үйрету, сөзді тыңдап, тақпақты мәнерлеп айтуға дағдыландыру.

Әдіс-тәсілдер: ойын, көрсету, сұрақ-жауап, әңгімелесу.

Алдын ала жүргізілетін жұмыстар: ақын Е. Өтетілеуовтың суретін көрсете отырып, оның өмірі, шығармасы туралы әңгімелеу, иллюстрациялық кітаптармен таныстыру.

Көрнекілігі: орман декорациясы: ағаштардың бұтағы, саңырауқұлақтар, гүлдер, тақырыпқа байланысты суреттер: доп, қоян, тиін, кірпі, аю, түлкі атрибуттары, аңдардың жұмсақ ойыншықтары.

Сөздік жұмыс: өтінемін, бола ма, ғафу етіңіз, беріңізші, көмектесіп жіберіңізші.

Сабақтың барысы:

Тәрбиеші: Жапырағы жайқалған орманда аю, түлкі, тиін, т.б аңдар өмір сүріпті (бетперделерін кигізу). Олар сондай шыдамсыз, бір отыра алмайды екен. Жан-жағын ластап, саңырауқұлақтарды құлатып, гүлдерді басып, жұлып тастайды екен. (Балаларға көріністер көрсетіледі). Бір күні орманда қызықты оқиға болыпты. Әдептілік еліне ұшып бара жатқан Сыпайылық ханшайымының қолшатыры сынып, орманға қонуға тура келіпті. (Ханшайым келеді).

Ханшайым: Бұл әдепсіздер орманы емес пе? Саңырауқұлақтар жұлынған, гүлдер тапталған. Мұнда әдепсіз,тентек аңдар тұрады екен ғой. Осылай жалғаса беретін болса, ормандағы бүкіл өсімдік: ағаш, саңырауқұлақ, гүлдер құрып кетеді.

Балалар, сендер де байқаған боларсыңдар.

– Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Балалар: – Сәлеметсіз бе, Ханшайым! (Ханшайым балалардың есімін сұрайды).

Тәрбиеші: Ханшайым, біздің балалар аттарының қандай дыбыстан басталатынын біледі және оларды бір-бірінен айыра алады. (Менің атым Ернар – Е дыбысынан басталады. Осылайша 3–4 мысал келтіру, сұрау).

Ханшайым: Балалар,ормандағы мына әдепсіздікке не істеуге болады? (ойланады). Сиқырлы таяғымен сыпайылық елінен достарымды шақырайын.

Тәрбиеші: Сыпайылық еліндегі Бақтияр деген баланың достары көп болыпты.Ол бәрінен де қоян мен кірпіні жақсы көріпті. Бір күні Бақтияр далаға шықса, екі досы ренжісіп отыр екен. (Қоян мен Кірпі отырады).

Бақтияр: Екеуіңе не болған,ренжісіп қалдыңдар ма?

Қоян: Мен кірпімен дос болмаймын. Өйткені, ол әдепсіз. Оған: «Сәлем досым» десем, жауап бермейді.

Кірпі: «Сол сөзді күнде айтасың, сені кеше ғана көрдім ғой», – дейді.

Бақтияр: «Кірпі, оның не? Сәлеметсіз бе? деген сөз денсаулығың жақсы ма,дегенді білдіреді».

Қоян: «Сен өзің ғой, мені «қыли» деп мазақтай бересің.

Кірпі: «Сен өзің менің атымды атамай, әй, сен» – деп айқайлайсың.

Бақтияр: Достар бір-бірін сыйлап, құрметтеуі керек.

Қоян: Кірпі, кешір, досым.

Кірпі: Сен де мені кешір, қоян досым. Енді екеуміз татуласып, балаларға тақпақ айтып берейік.

Тәрбиеші: Балалар, егер біз ренжісіп қалсақ, «Татуласу» тақпағын айтып достасамыз. Солай емес пе? (Балалар бір-біріне қарап, қолдарын шапалақтап, тақпақты айтады).
Татуласу

Әкел, досым, қолыңды,

Татуласқан орынды.

Өкпелесіп, не таптық,

Көрсет, кәне, соныңды.
Баққа бірге кірейік,

Қол ұстасып жүрейік.

Татулықтың белгісі,

Кел, қосылып күлейік.



Тәрбиеші: (Аңдарға қарап) – Міне, қараңдаршы, әдептілік елінде қандай ақылды балалар тұрады. Қане, сендер орманды тәртіпке келтіріп, саңырауқұлақ, гүлдерді жинаңдар. (Аңдар жинайды).

Ойын: «Кім қандай сиқырлы сөздер біледі?»

Тәрбиеші тақтаға суреттер іледі.



1-жағдай. Анасы қызына алма сатып әкеліп, оны түскі астан соң жерсің дейді. Алма сондай қызыл, дәмді еді. Қыз: «Анашым, маған алма жеуге рұқсат беріңізші. Түскі тамақты тауысып ішіп қоюға уәде беремін», – деп өтінеді.

– Балалар, қалай ойлайсыңдар, анасы қызына рұқсат бере ме? (Иә, себебі қызы анасынан рұқсат сұрады). Біраздан соң ағасы мектептен келіп, екі алманы жеп қояды. Ағасының бұл қылығы дұрыс па? Неге? Сен не істер едің?

(Балалардың жауабы)

Сергіту сәті

Бойды сергек тік ұста,

Емін-еркін тыныста.

Деміңді ішке тез ал да,

Оң қолыңды соз алға.

Қол ұшына қара да,

Үшбұрыш сыз ауада.

Сол қол босқа тұрмасын,

Шеңбер жасап тынбасын.
2-жағдай. Екі бала жасырынбақ ойнап жүрді. Бірі ағаш артына тығылмақ болып жүгіргенде құлап, аяғын жарақаттап алады. Екіншісі оның тұруына көмектесіп, былай деді: Сен жылама, үлкенсің ғой, қазір сенің аяғыңды байлап береміз, т.б жұбату сөздері.

Сұрақ: Мысалы, Әрсен дұрыс жасады ма? Сен қалай ойлайсың? Неге? т.б.

1-жағдай. Әже ауырып жатыр. Ернар теледидардың дауысын қатты шығарып, күліп отыр. Ернардікі дұрыс па? Неге? т.с.с сұрақтар қою. Жауап алу.

Тәрбиеші: Балалар, әдепті бала ақылды, білімді болу керек. Білімдеріңді көрейік деп ойын ұсынады.

1-ойын: «Не қалай дыбыстайды?» Жануарлардың суреттеріне қарап, олардың қалай дыбыстайтынын бір-бірінен ажыратып айту. Мысалы: Аққу сұңқылдайды, тышқан шиқылдайды, жылқы кісінейді, қой маңырайды, сиыр мөңірейді, т.б.

2-ойын: «Бала не істеді?» Іс-әрекеттегі балалардың суреттеріне қарай отырып, не істеді? етістігіне жауап беру; жүгірді, секірді, отырды, т.б. Сөздік қорын жинақтау.

3-ойын: «Сөйлемді аяқта»

Мысалы: Аю күзде ұйықтайды, ал көктемде..... оянады.

Жүргізушілер қызыл түске тоқтайды, жасыл түске.... жүреді.

Кешке күн батады,ал таңертең .... атады. т.б.

Е. Өтетілеуовтың «Бай-бай, пай-пай» тақпағын мәнерлеп айту.

Сұрақ: Сен қандай бала болғың келеді? (Ақылды, әдепті, таза..).

Пай! Пай!



Қорытынды. Бүгін сабаққа кім жақсы қатысты? Кім белсенді болды? Неге? Неге олай ойлайсың? Балаларды мақтау, мадақ.

Ересектер тобы

Дәстүрлі сабақ
Сабақтың тақырыбы: «Қасиетті үш бабам»

Сабақтың мақсаты: балаларға туған жер туралы білім беруді жалғастыру. Ойлары мен тілдерін дамытып, дүниетанымдарын кеңейту. Өз Отанын, халқын, тарихын сүюге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, қайталау, көркемсөз, көрініс.

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі

Күннің көзі ашылып,

Көкте шуақ шашылып,

Құтты қонақ келіпті,

Төрімізге еніпті.

Амандасу үлкенге,

Тәрбиенің басы ғой.

Ал, қанекей, бәріміз,

Сәлем дейік үлкенге.

Балалар: Сәлеметсіздер ме, хош келдіңіздер!

Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі көңіл күйлерің қандай?

Балалар: Жақсы.

Тәрбиеші: Қане, бәріміз алақан жылуын білдірейікші.

– Сен әдемісің.

– Сен қайырымдысың.

– Сен шыншылсың.

– Сен мейірімдісің.

– Сен нәзіксің.

– Сен еңбекқорсың.

Балалар:

Біз кішкентай баламыз,

Өсіп- өніп толамыз.

Күнге қарай талпынып,

Көкке қанат қағамыз.

Әлемдегі бар адамға,

Жақсылық біз тілейміз.

Тәрбиеші:

– Енді орындарыңа жайғасып отырыңдар.

– Балалар, Отан дегеніміз не?

– Отан дегеніміз – біздің туып өскен жеріміз, халқымыз.

– Дұрыс айтасыңдар, балалар, мына тақтада біздің Отанымызға байланысты суреттер ілініп тұр, соны сендер атап беріңдер.(Балалардың жауабы)

– Біз қандай республикада тұрамыз?

– Біздің республикамыздың қандай рәміздері бар?

– Рәміздер туралы кім айтып береді?



Жасмин: Қазақстан мемлекетінің туы көк түсті, тудағы дала қыраны – еркіндіктің белгісі. Күн байлық пен берекені білдіреді.

Мақпал: Қазақ елінің елтаңбасында шаңырақ, қос пырақ ат бар. Ат – адамның қанаты. Шаңырақ үлкен ортақ үй деген мағынаны білдіреді.

Мерей: Әнұран – салтанатты ән. Мемлекеттік әнұран егеменді еліміздің туы мен елтаңбасының сазды баламасы.

– Қазақстанның елордасы қай қала?

– Астана қаласы.

– Елбасымыз кім?

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

– Біздің Отанымыз, жеріміз туралы қандай тақпақтар білесіңдер?



Ислам:

Алтын дәндей даласы бар,

Ақ күмістей қаласы бар.

Неткен сұлу, неткен көркем

Осы менің туған өлкем.
Жәңгірхан:

Ен даласын егін жапқан,

Бар баласы бақыт тапқан.

Менің жерім, туған елім –

Күн сәулелі Қазақстан!
Гауһар:

Отанды әркім анасындай

Қастерлейді бағалап.

Өйткені Отан баласындай,

Бізді өсірер аялап.

– Өте жақсы, балалар, қазір біз сендермен қызықты ойын ойнаймыз, «Мақалды жалғастыр» деп аталады, мен Отан туралы мақалды бастаймын, ал сендер жалғастырасыңдар.

Отан оттан да (ыстық).

Отан үшін отқа түс, күймейсің, (суға түс, батпайсың).

Отансыз адам – (ормансыз бұлбұл).

Халықтың ортақ үйі – (Отаны).

Ердің көркі елімен, (Отан көркі жерімен).

Отаны бардың (оты өшпес).

Елінен безген ер оңбас, (көлінен безген қаз оңбас).

Отан – қуат, (отбасы – шуақ).

Егемен елдің (еңсесі биік).

Елің – анаң, (жерің – анаң).

Жері байдың (елі бай).

Өз елің – (алтын бесік).

Туған жердің (түтіні де тәтті).

Сергіту сәті:

Дөңгеленіп тұрамыз,

Керегені құрамыз.

Айналамыз, айналамыз,

Киіз үйді құрамыз.

– Балалар, бүгін біз сендермен қазақ халқының ғұламалары туралы әңгімелесеміз. Бұрынғы заманда төрелік ететін, билік айтатын ауыл ақсақалын, рубасын, жұртағасын би атаған. Мұндай атаққа ата салтын жетік білетін, ғұлама, шешен, әділ адамдар ие болып отырған. Енді теледидарға көңіл аударыңдар (Билер туралы бейне-слайд көрсету ).



Тәрбиеші:

– Бүгін бізге қонаққа данышпандық қасиеттерімен халық қалаулысына айналған Төле би, Қазбек би, Әйтеке би келді. Қарсы алайық!



Әйтеке би:

– Орта толы болсын, қарақтарым!



Тәрбиеші: Балалар, бабаларға сәлем берейік (Балалар орындарынан тұрып сәлем береді).

Билер: – Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Әйтеке би:

Мен – Әйтеке бимін.

Ар сатып алған атақтан.

Тер сатып алған мал артық,

Сақалын сатқан кәріден,

Еңбегін сатқан бала артық.


Қазбек би:

Жарқылдайды екен деп,

Жастықты сөкпе,

Бәріңнің шыққан тегің – сол.

Қалтырайды екен деп,

Қарттарды сөкпе,

Ертеңгі жетер тегің – сол.
Төле би:

Үй сыртында атың болса,

Ерттеулі тұрған атың ғой.

Ел ішінде қарияң болса,

Жазулы тұрған хатың ғой.
Тәрбиеші:

– Балалар, осы бабаларымыздың қандай нақыл сөздерін білесіңдер?



Сандияр:

Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін,

Батыр болсаң, жауға найзаң тисін.
Жұлдыз:

Бүркіт бол, заманың түлкі болса,

Бай болар, кедей жігіт мүлкі болса.

Жақсылардың белгісі сол емес пе?

Қара қылды қақ жарған әділ болса.
Инсар:

Адамгершілік белгісі – кеңдік қой,

Бұл да үлкен ерлік қой.

Ашу – араз, ақыл – дос,

Ағайын, ақылыңа ақыл қос.
Жәдігер:

Атадан жақсы ұл туса – елдің туы болады,

Жаман ұл туса, соры болады.
Аян:

Ұят пен ар қымбат,

Тату болса, ағайын жақын.

Ақылды болса, апайың жақын,

Қимас жақын қарындасың.
Алуа:

Асқар тауың – әкең қымбат,

Туып өскен елің қымбат.

Кіндік кескен жерің қымбат,

Ұят пенен ар қымбат.
Диар:

Ашу деген – ағын су,

Алдын ашсаң, ақырар.

Ақыл деген – дария,

Алдың тоссаң, тоқырар.
Әли:

Жаңбыр жаумаса, жер жетім,

Басшысы болмаса, ел жетім.

Ұқпаса, айтқан сөз жетім.


Тәрбиеші: – Бәрекелді. Қасиетті бабаларымыздың шешендігі, ақылдылығы, әділдігі туралы аңыз көп.

Аңыз. Бір күні Төле би мен Қазбек би, Әйтеке тұратын ауылға келеді. Әйтекеден Төле би нағыз жігіт қандай болу керек деп сұрайды. Сонда Әйтеке би, нағыз жігіт нақыл сөздерді тыңдай білетін және өзін тыңдаттыра білетін болуы керек деген екен. Осы уақытта үйге бір-бірімен түлкіні бөлісе алмаған екі адам кіріп келеді.

Қазбек би Әйтекеге: «Ал, қане, осы шиеленісті шешіп көрші», – дейді.

– Алдымен мына адамдарды тыңдап көрелік, – дейді Әйтеке.

– Мен бұл түлкінің өсіп, үлкен, әдемі болуын күттім, – дейді біріншісі.

– Ал мен оның іздерін аңдыдым, – дейді екіншісі.

Әйтеке сәл ойланады да:

– Түлкі оның өскенін күтіп, шыдамдылық танытқан адамның қолына тиесілі болу керек.

Қазбек би: Өте ақылды шешім.

Төле би: Шиеленіс, ұрыстарды тек адал жолмен шешу арқылы елді бірлікке, ынтымақтастыққа әкелуге болады, – дейді.

Тәрбиеші: Балалар, үш биді қазақ халқы « Қасиетті үш бабам» деп атаған. Осы бабаларға арналған « Үш би» өлең жолдарын мәнерлеп оқып беріңдер.
Ойды қозғап жасынан,

Қайта туған ғасырым.

Төле би мен Қазбек,

Әйтеке би – асылым.


Айдын болған еліме,

Айдын болған көліме,

Айналайын үш бабам,

Пана болған жеріме.


Елдің туын ұстаған,

Ел намысын ұштаған,

Қалың қазақ пір тұтар

Қасиетті үш бабам.


Төле би: Тамаша, бабаларынан өнеге алатын нағыз өнегелі ұрпақ екенсіңдер. Сендер еліміздің болашақ ұрпағысыңдар.

Тәрбиеші: «Аталар, балаларымыз өздеріңіз сияқты сөз майталманы болсақ екен» деп армандайды.

Ойын: «Домбыра»

Қазбек би: Иә, балаларым, өздерің білімді де, ақылды, өнерлі балалар екенсіңдер. Өте риза болып, көңіліміз сендерге толып отыр.

Төле би:

Мен сендерге бата берейін.

Атасызға ата бол,

Батасызға бата бол.

Арын ашқан ғаріптің,

Жел жағына жота бол.

Панасызға пана бол,

Кек сақтамас бала бол.

Дос сүйсініп, қас сыйлар,

Асу бермес дана бол.



Тәрбиеші: – Рахмет, аталар, біздің балалар сіздер туралы көп нәрсе білді. Сау болыңыздар.

– Сау болыңдар, балалар.

– Балалар, бүгін қонақта бізде кім болды?

– Оларды қазақ халқы қалай атайды?( Қасиетті үш бабам)

– Бәрекелді. Қазіргі кезеңде үш бидің мақсат-мұраттары толық жүзеге асты. Еліміз тәуелсіздік алды. Халқымыз тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Осымен бүгінгі сабақ аяқталды. Сабаққа белсенді қатысқандарың үшін көп рахмет (Сыйлықтар таратылады).


Сабақтың барысы: «Бабалар өмірі – ұрпақтарға өнеге»

Сабақтың мақсаты: балаларға Абай мұраларын меңгерте отырып,оның әр ұлағат сөзін түсіне білуге үйрету. Шығармалар мазмұны бойынша өсиет-өлеңдерінен балаларға адамгершілік, адалдық, достық, сезімімен еңбекті сүюге тәрбиелеу. Жалқаулыққа қарсы шығу. Әр балаға имандылық әліппесін сіңіріп, халықтық этикаға тәрбиелеу. Отанды және елді қадірлеуге үйрету.

Қолданатын құралдар: Абайдың суреті, көрініске байланысты карта мен түлкінің шапкасы, т.б. заттар. Жыл мезгілдерінің суреттері.

Әдіс-тәсілдері: көрсету, айту, түсіндіру, көрініс қою.

Алдын ала жүргізілген жұмыстар:

1. Табиғатқа экскурсия.

2. Суреттерді қарау.

3. Абайдың өлеңдерін жаттау.

4. Ата-аналарға тапсырмалар беру: Абай әндерін орындауға дайындалу.

Сабақ барысы:

Тәрбиеші:

– Балалар, бүгін бізде қандай күн?



Балалар:

– Бесінші күн. Жұма.



Тәрбиеші:

– «Жұма күнін» қалай атаймыз?



Балалар:

– «Үлкен жұма» – қасиетті, киелі күніміз, ол күні өзімізді тәртіпті,мейірімді етіп ұстаймыз. Қатты сөйлемейміз, ұрыспаймыз.



Тәрбиеші: – Дұрыс айтасыңдар. Жұма күні бұрынғы ата-бабаларымызды еске аламыз.

– Ол үшін не істейміз?

– 7 шелпек нан пісіреміз.

– Жеті шелпекті не үшін пісіреміз?

– Жеріміз,еліміз аман болсын және өзіміздің дене мүшелеріміз сау болсын дей отыра, әртүрлі от-су апаттарынан сақтасын деген ниетпен 7 шелпек пісіріп, оны балаларға, көршілерімізге үлестіреміз.

– Өте дұрыс айтасыңдар. Ал,бүгінгі жұма күнді біз Абай атамызға арнаймыз,еске аламыз. Сабақты бастамас бұрын бір-бірімізге жақсы тілектерді тілейік, бір-біріміздің қолдарымыздан ұстайық (шеңбер бойымен тұрып, бір-біріне тілектерін айтады).



Тәрбиеші: – Балалар, Абай ата, менің ұрпақтарым білімді,өнерлі болсын, барлық елдердің мәдениетін үйренсін деді. Текке жүрме, текке күлме, адам болуды үйрене түс деген. Өлеңмен және әңгіме етіп қарасөзбен де жазып қалдырды. Ата өсиетін айтып беріңдер.

«Абай есімі», 19 сөз.

Салауат: Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп-көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды. (Ибраһим Құнайбайұлы)

Мерей:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып,шаттанба,

Ойнап басқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз,

Тілеуің өмірің алдыңда.
Инсар:

Оған қайғы жесеңіз

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер, мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз,

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой,

Бес асыл іс, көнсеңіз.


Қанат:

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз.

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Тәрбиеші:

– Міне, көрдіңдер ме, Абай атамыз не жақсы, не жаман екенін көрсетіп берді. Біз атамыздың өсиетін орындап жүруіміз керек.

– Отанымыз қалай аталады?

– Қазақстан Республикасы.

– Республикамызда қандай ұлттар мекендейді?

– Қазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан, украин, беларус, латыш, т.б.

– Олар біздің елде қалай өмір сүріп отыр?

– Тату, дос. Бір-бірінің тілін, дінін құрметтейді. Атамыз оны да бізге үйретіп кетті.

–Тату ел берекелі ел,көрікті де сұлу өлке болады деді. Ол жайлы Абай атамыз не айтты?

Мақпал:

Берекелі болса ел –

Жағасы жайлау ол бір көл.

Жапырағы жайқалып,

Бұлғақтайды соқса жел.
Жасмин:

Жан-жағына күркіреп,

Құйып жатса аққан сел.

Оның малы өзгеден

Өзгеше боп өсер тел.
Асанәлі:

Берекесі кеткен ел –

Суы ашыған батпақ көл.

Құс қаңқылдап, жағалап,

Шулай алмас жазғы төл.

Көл деп оны кім жайлар,

Суы құрыса, ол – бір шөл.

Осы өлеңнен түсінгеніміз: таласып,араздасқан елде ештеңе өсіп өнбейді. Достықсыз,татулықсыз жақсы іс алға баспайды екен.



Тәрбиеші: Абай жан-жақты терең ойлы ұлы адам. Ол сондай-ақ аудармамен айналысты. Біз «Қарға мен түлкі» мысалын білеміз,соны сахналап көрейік.
Жұлдыз:

Жұрт біледі, күледі,

Сұрқия тілдің жаманын,

Қошеметшілердің амалын.

Сонда да салар қайда жоқ?

Ептеп айтса,ересің,

Артынан өкінсең де пайда жоқ.
Инсар:

Ірімшікті Құдайым

Кез қылды бір күн қарғаға,

Алып ұшып барды да,

Қонды бір биік ағашқа.

Үлкен олжа емес пе,

Ірімшік деген қарны ашқа?

Бір жеп алып,шүкірлік,

Қылайын деп Аллаға,

Тұмсығында ірімшік,

Ойланып қарап тұр еді.

Бір қу түлкі сорына,

Жақын маңда жүр еді.
Диар:

Ішіне сақтап қулығын,

Жақындап барып,барлайды.

Бұлғақтатып құйрығын,

Қарғаның көзін алдайды.

Тәтті тілмен,тәтті үнмен

Сөйлесуге айналды:

«Қарағым, неткен сұлу ең!»

Деп таңырқап,таңдады.
Сандияр:

Неткен мойын,неткен көз!

Осындай артық дейсің бе?

Ертегі қылып айтқан сөз?!

Қалайша біткен,япырмай,

Мұрныңыз бен жүніңіз?!

Періштенің үніндей,

Деп ойлаймын үніңіз.

Осы көрікпен,бұл жүнмен,

Ұялмай, қалқам, бір сайра,

Біз алалық үлгіні.

Құс төресі біздерге,

Сіз боларсыз бір күні.
Жібек:

Басы айналды қарғаның

Сұмның айтқан сөзіне.

Қуанғаннан бөртініп,

Бір мастық кірді өзіне.

Өзіне біткен өңешпен


Әмина:

«Қарқ-қарқ-қарқ-қарқ» етті.

Ірімшік жерге салп етті,

Іс бітті, қу кетті.



Тәрбиеші: – Қарғада ақыл жоқ, ал түлкі – қу, оны қайдан білеміз?

Балалар: – Қарға қап-қара, даусы жаман, құс патшасы болуға жарамайды, әнші құс – бұлбұл, құс патшасы – бүркіт. Түлкі – өтірікші, қарға – мақтаншақ, өзінде жоқ нәрсені, өтірік біреу айтса, сенбеу керек екен. Қарға тамағынан айырылды.

Тәрбиеші: Абайдың бес асыл ісін атаңдар.

Балалар: Бес асыл іс – қағанат, рақым,терең ой,әділет,шапағат.

Тәрбиеші: Бес қашық ісін атаңдар.

Балалар: Олар: мал шашпақ, өтірік, жалқаулық, мақтаншақ, өсек.

Тәрбиеші: – Жылда неше мезгіл бар?

Балалар: 4 мезгіл бар. Табиғатты сүйген, аялаған, бізден де табиғатты аялауды талап етеді.

Тәрбиеші: Абай атамыздың жыл мезгілдеріне арнаған өлеңдерін білесіңдер ме?

Балалар: «Қыс», «Күз», «Жаздыгүні шілде болғанда», «Жазғытұры», «Наурыз-сәуір».

Тәрбиеші: Біз қандай халық ойындарын білеміз? – «Соқыртеке», «Бәйге», «Теңге алу», «Қызқуу».

Абай ата сендердей бала кезінде осы ойындарды құрбыларымен ойнаған. Ал, енді ең сүйікті ойыны «Қозы жасыру» ойыны екен. Балалар бәріміз осы ойынды ойнайық.

Үлкен елді басқаратын адамды – би дейді. Би болатын кісі жайлы не дейді екен?

Ислам:

Ақылсыз би болмас,

Сәулесіз үй болмас.

Жүректе оты жоқ,

Адамда ми болмас.

Тәрбиеші: Жақсы. Үлкен кісілерге көмектесіп жіберсек, олар бізге не дейді? Мысалдар келтіру (таяғын, киімін алып беру, т.б.)

– Рахмет дейді және батасын береді. (Үлкен жігіт бол, өркенің өссің, жасың ұзақ болсын. Осындай бата,жақсы сөздерді көп естісек,қабыл болып, үлкен азамат боламыз. Асқа және дастарқанға да бата береміз,сол баталар орындалады.Оның ақылды кісі болатыны кішкентайынан белгілі болды,ата-анасы үміт етті.

Бір ағаның Абайға берген батасы орындалады.

Жәдігер:

Шырағым, ержетерсің,

Ержетсең, сірә, не етерсің.

Шыңдаласың, шыңға жетерсің,

Алысқа шырқап кетерсің.

Бата Құдайдың құлағына шалынып,

Абай алысқа шарықтап кетті.

Қорытынды: Абай атамыздың өсиетін орындап, үлкен азамат болу, біздің міндетіміз. Күнделікті өмірімізде ол кісінің даналық сөздерін есімізден шығармай отырсақ, өскенде біз Отанымыздың үлгілі азаматы боламыз.

Қазақ халқы үшін, біздер үшін, Абай мұрасы мәңгілік, өлмейтін қазына. Сабаққа белсенді қатысқандарыңыз үшін көп рахмет.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет