Әлдихан Қалдыбаев



бет16/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#43802
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

АРУАҚТЫ СЫЙЛАУ КЕРЕК
Біраздан бері Таразда бір талас жүріп келеді. Ол – аруаққа сыйыну керек пе, жоқ па?

Діндарлар айтады: жоқ.

Дүбәралар айтады: сыйыну керек.

Облыста аруақты асқақтатып жүрген бір адам бар, ол – Айдархан Сихаев. Айдархан – білімді жігіт, тамаша сәулетші, бірбеткей. Мен оған бұдан әрі мінездеме бермей-ақ қояйын, белгілі азамат. Қоғамдар, қорлар саңырауқұлақтай қаптап құрылған тұста Айдархан да «Аруақтар» қауымдастығы тәрізді бірдеңе құрып, аруақты насихаттауға кіріскен.

Ол кезде мен облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы едім, бірлі-жарым мақалаларын жарияладым. Аруақ туралы түрлі түсінік бар екен, әңгімені дауға айналдырмай, тоқтатуға тура келді. Менің ақылдастарым: «Мұсылман баласы, адам бір ғана Құдайға сыйынады, қалғанының бәрі дұрыс емес», десті. Олардың айтқандарын теріс деуге тіл бармайды.



Құранның сөзінде: «Ла ілаһә іллаллаһу Мұхаммадүн расулулаллаһ» делінген.

Тәржімасы – Алладан басқа ешбір тәңір жоқ, Мұхаммед (ғ. с.) – Алланың елшісі.

Мұсылман баласының Тәңірден басқаға табынуы – күнә.

Аруақтың өзі – Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті.

Сонда қалай, аруаққа сыйынбауымыз, аруақты сыйламауымыз керек пе? Иә, аруаққа сыйынбауымыз керек, сыйлауымыз қажет.

Мен теолог ғалым емеспін, кезінде атеист болғанмын, қазір мұсылманмын. Мен аруақты атеист болып жүргенде де сыйлағанмын, қазір де сыйлаймын. Ол кезде де, қазір де мен аруақ өмірден бұрын және кейінгі өткен ата-бабаларым деп білдім, алдағы уақытта да сөйтемін. Күні кеше өмірден өткен әкем де бүгін маған аруақ.

Құдай, оңда, аруақ, қолда! Ата-бабамыз осылай деген, мен де осылай деймін.

Бейсенбі, жұма күндері аруаққа арнап бауырсақ пісіріп, құран оқып шай ішпейтін қазақ отбасы мүлдем аз бұл күнде. Құран сүрелерін оқып болып, бата беретін тұсқа назар аударыңызшы, қолын жайған әр мұсылман, алдымен Құдайға жалынып-жалбарынады, тілеуін айтады, содан соң барып, аруаққа ауысады, Құдайдан олардың біліп, білмей жасаған күнәсін кешіруді, алды пейіш, арты кеніш, жатқан жерлерін жайлы, топырақтарын торқа етуді сұрайды, содан кейін барып, аруақтардың артында қалған ұрпақтарын желеп-жебеуін тілек етеді.

Дін мұсылман Құдайға ешкімді теңгермейді. Алайда, аруақтан жәрдем, демеу сұрау – Құдайға күнәһар болу емес Біздің қазақ, айта берсеңіз, өзін аруаққа қарыздар санаған.

Әкем айтар еді, бейсенбі және жұма күндері аруақтар, яғни о дүниелік болған ата-бабаларымыз көрден шығып, қара шаңырағына, кейінгі үрім-бұтағының үйіне келеді. Сонда келген үйі оған арнап дастархан жайып, құран оқып, ас жесе, аруақ тойып, разы болып қайтады, егер келген үйі оны есіне де алмай, өз тірлігімен болса, аруақ салы суға кетіп, аштықтан бұралып мәңгілік мекеніне әзер жетеді. Балаларым, кейін өсіп, өздеріншс түтін түтеткенде бейсенбі, жүма күндері аруақтарды далаға келгендей қылмаңдар, бір жапырақ нан, бір кесе шай болса да соларға арнап, құран оқып ішіңдер.



Бала кезде естіген бұл әңгіме маған ұрпағы сыйламаған аруақка керемет аяныш сезімін ұялатып еді, әлі сол, аруақтарға бағыштап құран оқып отыруды парызым санаймын. Жарықтықтар жабырқамасын!

Құдайға қараған адам аруақты сыйлайды.

Аруақты сыйлаған адам азбайды.

ҚУЛЫҚ ТҮБІ – ҚИЯНАТ
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Біз – етек-жеңі кең халықпыз. Екінің бірі, жоқ, үштің екісі – сенгішпіз, аңқаумыз, әй-шәйсіз илана кетеміз. Тәуір адам болам десеңіз, бұлардан арылу керек.

Абай өстіп дүрс дегізсе, түлей болар еді, соны біліп, өлеңмен әдемі өрнектеген ғой ақын. Адамды алданудан сақтандыру, жігерлілікке үндеуді тәтті тілмен сәтті жырға айналдырған Абай талантына таңданбасқа әддің жоқ.

Осындағы Абайдың өзі шошып, сөз ұғарлық адамды шошындырып отырған пәле – қулық.

Біздің бір ағамыз біреуден түңіліп кеткенде кейіп:

«Әй, бір қу екенсің-ау!» деуші еді.

Қулық – қу адамның өмір сүру нормасы.
Ойлаймын күндіз-түні ақыл-айла,

Ойлаған ақыл-айла жанға пайда.
Төлегенді мерт қылған Бекежан өстіп өзіне-өзі разы болып, қарқ-қарқ күлмей ме. Өзінің айлакер, яғни қу екенін мақтан қылады.

Айла мен қулық – ағайынды, екеуінің де бітіретіні – алдау, амалы – өтірік айту.

Құстың қуы сауысқан да, аңның қуы түлкі де, адамның қуы Алдар да қулықтарын алдау арқылы жүзеге асырған.

«Өтірікшінің құйрығы – бір-ақ тұтам» деген сөз бар. Өте дәл айтылған. Қулық-сұмдық – бір сәттік. Ол ешуақыт әшкереленбей қалмайды. Сөйте тұра ол қолданыстан шығып көрген емес. Өйткені қулық жасаған адам аз уақытқа болса да ойлағанын жүзеге асырады. Қуға осы да жетіп жатыр. Тайқы маңдай, шақшақ бас қу — «іс бітті, қу кеттінің» адамы. Жоқ, ештеңе, ешқашан із-түзсіз қалмайды. Қулық та сол, әшкереленеді. Сол кезде бетіне бір көн жамап алған адам болмаса, жер басып жүруі мұң болады. Сондықтан ғой атам қазақтың: «Біреудің ала жібін аттама» дейтіні. Ал, Абай ақын: «Ақырын жүріп, анық бас», - деген.



Бірақ, амал қанша, бүгінде қулықтың жүрмейтін жері қалмады. Қоғамдық құрылыс қарапайым, адамдар аңқау кезде бір-бірінен ғана қулығын асыратын. Қазір билік басындағылардың қулығы құзыры жүретін жердің бәрін, мемлекет басшыларының қулығы әлемді қамтитын болды. Сөйтіп қулық түбі – қауіп, дегеннен басқаға амал қалмады.

Айталық, КСРО кезіндегі Конституцияда одақтас республикалардың одақтан бөлініп шыға алатындығы жазылған болатын. Шын мәнінде, ешқандай республиканың мұндай еркі жоқ-ты, сөйте тұра бізге «Ерікті елдердің мызғымас одағы» дегізіп ән шырқатып қойған. Одақ тараған соң мұның әншейін қулық екеніне көзіміз анық жетті. Сол кезде де мұның бос сөз, қулық екенін білгендер аз болмаған, бірақ айта алмаған, қорыққан.

Қазіргі күндері де мемлекет деңгейіндегі қулық аз емес. Мәселен, Ресейдің Чешенстанға, АҚШ-тың Иракқа зорлық көрсетіп жатқанын әлем көріп, біліп отыр. Бірақ Ресей өз федерациясының біртұтастығын, АҚШ Ирактың әлемге қауіп төндіретін ядролық қаруы барлығын сылтау етіп, қулықтарын бүркемелеп бағуда. Қулықтың қаңқасы – өтірік, ол өрге баспайды, шындық- өткір кездік, ол қап түбінде жатпайды. Қазірдің өзінде бұп екі ұлы мемлекеттің де қулығы белгілі бола бастады, әлі-ақ шындық салтанат құрар.

Жарайды, бұл – әлемдік қауымдастық шаруасы.

Біз жерге түсейік, өз қотырымызды қасиық. Жеке адамның қулығы – оның өз басына қорлық, әкім-қараның қулығы – халқына зорлық. Алаяқ біреуді алдаған екен, әшкереленіп, жазасын тартады. Ал, әкім-қара біреуді емес, мыңды алдай- ды, құйрығын да ұстатпайды. Оның классикалық үлгісі оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктестерін өлтіргендерді алдымен тергеу, енді жүріп жатқан сот үдерісі кезіндегі қулық-сұмдық. Жапа шеккен жақтың соттың әділ өтетініне үміті қазірдің өзінде үзіліп отыр. Өйткені қолында билігі бардың қулығына найза бойламайды.



Әлімсақтан жәбірленуші – аш бала, жәбірлеуші – тоқ бала. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды».
Қулық түбі – қиянат,

Жақсылықты қия алад.

Адал жүрген әз адам,

Жамандықты тия алад.
Жақсылардың кеудесі – алтын сандық

Еш қулық жоқ, келіскен салқынқандық.

Жамандардың кеудесі – қуыс құбыр,

Желдей ескен өң қулық, сыбыр-жыбыр.

Қулық түбі – зауал

Боларсың сенсең, жау ал.
ҰЛТТЫҚ КИІМ – АРХАИЗМ
Еліміз еркіндік алып, тәуелсіз тірлік кешкелі бергі он бес жыл ішінде көп нәрсеге қолымыз жетті, тарихымызды қайта танып, тіліміз, дініміз, діліміз өз сабасына түсе бастады.

Осыларды орнықтыруда, әрине, қоғамдық пікірдің атқарар рөлі ерекше. Бұл ретте, әсіресе, тіл жөнінде айтылып келген, қазір де айтылып жатқан пікірлердің ұшан-теңіз көп әрі қуатты екенін атап өту ләзім. Ауызша үгіт-насихат жұмысы азайған бұл шақта қоғамдық пікірді жариялауға және қалыптастыруға бұқаралық ақпарат құралдарының өлшеусіз үлес қосып отырғаны әмбеге аян.

Мен бас редактор болған жылдары облыстық «Ақ жол» газеті де бұл тақырыпты аз қаузаған жоқ. Оқырмандар байқады ма, жоқ па, білмеймін, кейін мен екпінімізді саябырсыттым. Неге? Себебі бір сөзді езгілеп айта беру құтын қашырады.

Шынында, қазақ тілін қайта түлетіп, оған қоғамдық-саяси, экономикалық өмірімізде кең өріс беру жөнінде айтылмаған сөз қалды ма, меніңше, қалған жоқ. Бірақ іс алға баспайды. Себебі профессор Мекемтас Мырзахметұлы анықтап берген шала қазақ пен ада қазақ қанша айт, жалын, қазақша сөйлемейді, орысқа қазақ тілін үйретем деу қазіргі мемлекеттік саясат тұсында құр қиял. Мұны таратып айтсам, талайдың бетін жыртам, қоя-ақ қояйын.

Ұлтқа айтар бір-ақ сөз бар, ол – балаңды қазақша оқыт. Бітті. Әйтпесе, уәлі сөзінің – баяндамасының беташары мен шымылдық жабарын ғана қазақша айтып, ең сүбелі орта тұсын орысша көсілтетін басшылардың қазақ тілін оңдырары дүдәмал болып барады. Соның салдарынан қазақ тілі деп зарлап жүргендерден басқалар қазақ тілін қажетсінуді қойды. Осы жерде Қазақстанды дүрліктірген Геннадий Колбиннің казақ тілін үйренбек болғаны, оның да баяндамасының басында «Қазақша» бірдеңелерді шүлдірлегені көзден бұлбұл ұшты. Қазір Қазақстанда Колбиннің жолын қуған жалғыз орыс бар, ол – қазақтың күйеу баласы Виктор Храпунов. Басқа бір басшы орыс қазақ тіліне пысқырып та қарамайды. Мысалы, біздің облыста В.Храпуновқа жетеғабыл жұмыс істеп жүрген орыстар бар. Бірақ олар өмірінде бірде-бір қазақ сөзін айтып көрмеген. Қазақ тілінің оларға керегі де жоқ, жиналыс, кеңес атаулының барлығы ресми тілде – орыс тілінде өтеді, алдарына орыс тілін білмейтін адам келмей-ақ қойсын, оған олардың қылы да қисаймайды. Қысқасы, осы кісілер қазақша сөйлемей, біздің облыс қазақша сөйлемейді. Мұндай кежегемізден кейін тартып отырған орыс ағайындар басқа әкімшілік құрылымдарында да бар. Олар өздері отын оттап, суын ішіп отырған елдің ең асылы – тілін өзі біліп сыйламайды екен, бетіне айтатын кез әлдеқашан келген, қазақ тілін білмеген адамды басшылық қызметке жолатпау керек. Бұл – бір менің ғана емес, көптің пікірі. Алайда, бұлай етуге біздің жалтақ мінезіміз, асқан интернационалдық сезіміміз жібермейді. Біз – барлық мәселені дау-дамайсыз, бейбіт жолмен шешуге құмбыл халықпыз. «Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынады» деп қол жайып қарап отырғанды жөн көреміз. Тіл мәселесінде де солай болып отырмыз. Ендеше, жоғарыда айтқанымдай, қазақ атаулы баласын қазақша оқытсын. Сонда ешкімнің бетін жыртпай, аяғынан шалмай, арманымызға жетеміз.

Менің негізгі айтпағым ұлттық киім туралы еді, сөз екпінімен талай жерге кетіп қалғанымды қарашы. Жә, белгілі бір ұлттың өзіне ғана тән нәрсені ұлттық десек керек. Осы ретте ұлттық киім жетекші рөл атқарады. Көзі қарақты адам үстіндегі киімін көрген бойда кісінің қай ұлттың өкілі екенін айнытпай ажыратады.

Кешегі кеңестік кезеңдегі мерекелерде одақтас он алты республика ұлттарының киімдерін киіп сахнаға шыға келген әртістер мен көркемөнерпаздардың қай ұлттың өкілі болып өнер көрсететінін бірден білетінбіз. Қазір де Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы жасақтап, киіндіріп сахнаға немесе алаңға алып шыққандардың қай диаспора екенін ешкім айтпай-ақ танимыз.



Бір айтарлығы, ұлттық киімдерді күнделікті киіп жүрген ешқандай ұлт жоқ. Ұлттық киім тек декорациялық қызмет атқарып келеді. Меніңше, бұл – заңды. Ұлттық киімге қайта оралу – өркениеттің жеткен жерінен кері шегіну. Менің бұл сөзіме кейбіреулер тыз ете қалуы мүмкін. Сол қызбалық жасаған адамның үстінде бірде-бір ұлттық киім жоқ екеніне мен шәк келтірмеймін. Ұлттық киім – архаизм, оны адамдар өсіп-өркендеуіміздің белгілі бір кезеңінде киген. Бір кезде адамдар ұятын жабар лыпа ғана киетін болған, одан кеп шәркейге, тері шалбарға, ақ қалпақ пен түйе жүн шекпенге ауысты. Кезінде олардың бәрі де ұлттық киім болған, қоғамдық құрылыстың, өркениеттің дамуымен бірге киім де жетіліп отырған, сөйтіп бүгінгі жарастығын тапқан. Мыналар ұлттық киім болатын деп адамдарға қайтадан лыпа, шәркей, қалпақ, шекпен кигізу оларды машинадан түсіріп, арбаға отырғызумен бірдей болар еді.

Рас, кейбір модельерлер ұлттық киімдерді жетілдірген болып жүр, бірақ олары көпшілік сұранысқа ие болған емес.

«Ағаш көркі – жапырақ,

Адам көркі – шүберек».

«Бала иығына қарап өседі».

Мына екі мақалдың да айтары – киімнің адам өміріндегі зор маңызға ие екендігі. Алғашқы мақалдағы «шүберек» те, екіншісіндегі «иық» та – киім.

Шіркін-ай, қалай шендестірген атам қазақ, неткен тапқырлық.

Киімге қатысты бұдан асырып сөз айту мүмкін емес.

Біздің қарабайыр тілімізбен айтқанда, әркім өзіне жарасқан киімді киюі керек. Ол ұлттық бола ма, басқа бола ма, бәрі бір, жұрт көзіне ұялмайтындай болып көрінсең, жетіп жатыр.
ЖУРНАЛИСТ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС
Журналистік қызметке адам үш түрлі жолмен келеді. Атап айтар болсақ, алғашқысы – арнаулы оқу орнын бітірген мамандар, екіншілері – қаламгер болуды жасынан армандағандар, алайда, оқуға бірден түсе алмай, редакцияларды жағалағандар, үшіншілері жолдан қосылған басқа мамандық иелері, онда да көбіне қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері.

Осылардың ішінде журналистиканың ең ауыр жүгін көтеретіндер – екіншілері. Олар міндетті түрде еңбек жолын газеттің зіл батпан қызметі – корректорлықтан бастайды. Корректор дегеніңіз аты дардай, қауқары жоқтан бар жұмыс. Бұл – болашақ журналистің жаттығу алаңы. Осында келешекте, қаламын ақ қағаздың үстінде өмір бойы сырғытуға бекінген жас үйрену, шыңдалу жолынан өтеді. Арпыл-тарпыл жазған кішкентай хабарының баспасөз бетінен көріну бақытын сезінеді. Біртін-біртін күрделі дүниелер жазуға кәнігеді.

Бұл айтқаныма мысал көп. Облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еткен қырық жылға жуық мерзім ішінде мен журналистердің барлық буыны өкілімен, барлық тегі ұрпағымен қызметтес болдым. Сондағы көзім анық жеткені журналистиканың ең төменгі, яғни «қара жұмысынан» шыққандары «тесік өкпе», яғни іскер болады екен.

Жалындаған жастық шағымыз бірге өткен Жанайдар Бұралқиев, Жақан Сатаев – облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің редакциясына аудандық газеттің отымен кіріп, күлімен шығып, шынығып келген жігіттер еді. Екеуі де аудандық газетте корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшы болған. Екеуі де газет жұмысының ұңғыл-шұңғылына қанық, әсіресе, газет жанрына жетік-тін.

Шіркін, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарындағы «Еңбек туының» тігіндісін қарар ма еді, оларда біздің небір материалдарымыз шүпірлеп жатыр. Ерте шапса, кешке озған, ылди салса, төске озған Жанайдар мен Жақанның жазғандары көп шығар. Бұл екеуі кішкентай хабардың өзін зіл қара тас салмақ беріп жазатын, сол кездегі сансыз жиындардан есеп жазуға шебер болатын, айына екі-үш очеркті сүйкеп тастайтын.

Сол жылдары аудандарда осы екеуінің жолымен жүрген бірқанша жігіттер өсіп келе жатты.

Солар бүгінде журналистиканың серкелері. Облыстық «Ақ жол» газетінің қазіргі жетекші журналистері – Тұрсынхан Толқынбаев, Ақылжан Мамыт, облыстағы басқа да басылымдарды дөңгелетіп жүрген Жаңабай Миллионов, Ахметжан Қосақов, Рахан Мөмей, міне, осындай жігіттер. Олар өндірістен, яғни газеттен қол үзбей жүріп білім алған, қолдарына диплом тимей тұрып-ақ әбден ысылған журналистер болып қалыптасқан.



Қазақ әдебиетінің классигі Тәкен Әлімқұлов Мәскеуде М. Горький атындағы әдебиет институтында екі жыл оқыған. Сонысы жөнінде Тәкең: «Қайран босқа кеткен екі жыл өмірім-ай!» - деп өкініпті. Бұл сөзді Тәкең аудиториядан гөрі өз бетінше оқып, білім алғанды жақсы көргендіктен айтқан. Ал Тәкеңнің білімі – ұшан-теңіз. Қазақтың білімдарлығы Абайды танумен өлшенетіні бар, бұл өте орынды. Абайтанудың көшбасшысы Мұхтар Әуезов ғұламалылығымен әлемге мәшһүр. Одан кейінгі Қайым Мұхаметханов, қазіргі Мекемтас Мырзахметұлы өздері құралпы ғылымдардан оқ бойы озық. Тәкен ағамыздың Абай поэзиясы жайындағы «Жұмбақ жан» деген кітабы – қазақ көркемойының інжу-маржаны.

Мына мен әңгіме етіп отырған жігіттер Тәкендей білімді болмас, бірақ қызметті оқумен ұштастыра жүріп, журналистиканың қыр-сырына әбден қаныққан. Бұлардың Раханнан басқасының бәрі облыстағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Ақ жол» газетінде шыңдалудан өтті. Шындығында, Раханды да осы санатқа қосса болады. Себебі ол – облыстық газеттің ең өндіртіп, ең сапалы, тақырыптың тамырын дәл басып жазатын штаттан тыс тілшісі.

Жаңабай мен Ахметжан – аудандық газеттердің бас редакторлары, жұмыстары бір бастарынан артылып жатады. Сөйте тұра Ахметжан соңғы екі жылда екі прозалық кітап жазып шығарды.

Осы жоғарыда аталған жігіттердің бәріне белгілі бір дәрежеде ықпал еткенімді ойлап қоятын кезім болады, сонда «Ағаға қарап іні өсер» деген мақал ойға оралады. «Біз іні еліктейтін аға бола алдық па екен?» деп сәл тоқталып қалып, бәрінің «Ағалап тұратынын, әлі күнге бір де біреуінің: «Аға - бордан, іні – зордан» - демегенін медеу етемін.
Жақсылық көрсем, өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен, -
деп ақын бекер айтпаған. Орыс «Адам – өз бақытының ұстасы», - дейді.

Біз «Асарымызды асадық, жасарымызды жасадық» - дейтін жасқа жақындап келеміз, жастардың келешегі – алда. Жастарға айтарым: журналист болу тек жазу емес, көп-көп білу де. Журналист жер өңдеуді агрономдай, мал өсіруді зоотехниктей, оқу-тәрбие жұмысын мұғалімдей білмесе де соларға жетеғабыл бо- луы керек. Бизнестің, нарықтық тілін де анық әрі қанық білсін.



Әрине, шындықты жазу – басты талап.

Жақсыны, шындықты жазу жағында жүріңдер, інілерім!

Бұл жай бір айта салған сөз емес, журналист ағайындардың наны мен арына жабысатындар көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Баспасөз туралы заңға енгізілген өзгерістер талабына сай жұмыс істеу де талай проблеманы алға тартатын сыңайлы, өзіңе сен, журналист інілерім.
ШАТА БАЛА – ЖАЛТАҚ
Қазақта магынасын біреу біліп, біреу білмейтін сөз аз емес. Соның бірі – шата.

Мен бұл сөзді алғаш рет қазақ мемлекеттік университетіне түскен 1958 жылы естідім. Сол жылы филология факультетіне қабылданған студенттер Калинин көшесіне орналасқан жатақханада жаттық.

Менің оқуға бірге түскен ауылдас досым Қарауылбек Қазиев ересектеу жігіттермен бірге жатқан.

Бір күні Қарауылбек:

– Әлдихан, сен шата деген сөздің мағынасын білесің бе? - деді.

– Жоқ, білмеймін.

– Шымкенттік жігіттер айтты, шата – қырық сідік деген сөз екен.

– Құрысын, білмегеніміз жақсы екен!

– Сен филолог боласың, білмейтін сөзің болмауға керек.

– Сен журналист боласың, саған да білу керек.

Білдік, шата, сыпайылап айтқанда, ойнастан, одан да мәдениеттендірсек, жүгірмеден туған бала екен. Қазір қарасам, «Қазақ тілінің сөздігінде» «Шата – некесіз туған бала», - деп дәл ғылыми әрі сыпайы түсінік беріліпті.

Шата деген сөзді мен адам баласына айтып көрген емеспін. Меніңше, бұл адамды қорлаудың барып тұрған шегі. Айта берсеңіз, бұл адамды емес, оның ең асылы – анасын қорлау. Анасының күнәсін өзгенің аузынан есту, соның азабын шегуден асқан жаза бар ма екен адамға?!

Шата бала – кешегі сұм соғыстың ең бір зұлмат ескерткіші. Жаңа қосылған жарлары майданға кеткен келіншектің бәрі бірдей қу тізесін ұзақ құшақтауға төзе алмаған, Мұхтар Әуезовтің қаралы сұлуының кейпін киген. Нәтижесі – шата бала.



Майданнан келген солдаттардың да бәрі бірдей жар құшағына бірден кіріп кете қойған жоқ, шата балаға әке болды. Шаталарды шешелері Олжабай, Оңкелді, Аманкелді деп атады. Бұлардың әкелері оң да, аман да келген жоқ, олжабайларға қол созым жерде жүрді. Бірақ «Әкең – осы» деуге анасының ары, «Сен – менің баламсың» деуге әкесінің батылы жетпеді. Өсе келе шата өзі иемденіп жүрген тектің бөтені екенін білді, бірақ намыс аузын буды, өмір бақи өтірік әкесін иемденіп, жалтақ, жасқаншақ күй кешті.

Өмір бір орнында тұрмайды, жас өседі, жарлы байиды. Шаталар да сөйтті, өсті, өздері әке болды. Шатаның құпиясын білетін бірен-саран кәрі көз болмаса, бәрі ұмыт болды. Шата сүйекке таңба болған қорлықтан құтылды.

Әй, қайдам, шата қанша өссін, деміне нан піссін, бәрібір некесіз туғандығын ұмыта алмас. Шатаның шаталығы – өзімен бірге көрге баратын қайғысы. Құдай жаратпай жатып күнәкар еткен шата өсе келе талай күнә жасайтын қиямпұрыс, қутұяқ болады. Бұл сөзді мен білген соң айтып отырмын. Кісімсіп жүрген екі шатаны білемін, екеуі де біреуге жамандық жасауға жүйрік.

Біздің халқымыз – кең. Өз ағайындарынан туған шата баланы ғана емес, жаугершілікте қолға түскен балаларды да асырап, өсіріп, өздеріне сіңіріп жіберген. Қазірде қазақтың руларының ішінде қалмақ дейтін ата балалары бар. Бұл қалмақтар – кешегі жоңғарлардың балалары. О баста тұтқын болған жетім баланы бір қазақ асыраған. Үйлендіріп, үй еткен, оны бүкіл ауыл бөтенсінбейтін болған. Алайда, жаны қиналғанда Құдайды да қарғайтын қазақ ашуланғанда сіңбені «Қалмақ» деп айтып қалатын болған. Қазір енді қайда, «Қалмақ» деген қамыт әлдеқашан сыпырылып тасталған, бәрі қазақ болып кеткен. Өйткені өз аталарын түп-тұқиянынан бүгінгі бесіктегі балаға дейін таратып айтатын шежіреші қарттар азайған. Қалмақтар тәрізді шаталар да өз ағайындарының арасында шат-шадыман өмір сүріп жагыр. «Ағайындары» дейтінім қазақ әйелдері соғысқа кетіп оралмаған немесе өз ажалынан өлген күйеулерінің жақындарымен ғана көңілдес болған.

Адамзат гуманизмінің биік шыңы – тең құқылық. Өмірге келген адал ұл да, шата да, сіңбе қалмақ та тең құқылы. Бәрінің құқы тең дәрежеде заңмен қорғалған.



Дей тұрғанмен, адамгершілік өлшеммен қарар болсақ, бұлардың айырмашылығы бар. Оны өлеңмен былай өрнектесе болар:
Болса егер өз бел балаң,

Болмассың сен ешбір алаң.
Шата бала – тексіз неме,

Тудың екен, бетсіз, неге?!
КҮНГЕЙ МЕН ТЕРІСКЕЙ
Құдайым-ау, не боп барамыз, бұл қазақ күнгей мен теріскейді ажырата алмайтын халге жетіпті!

Мұны әр кезде әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасағанда көріп жүрміз.

Мен тау баласымын. Алатаудың Қордай асуынан төмен қарай құлдаған бір сілемі Кербұлақ тауы деп аталады. Бұл – атақты Жайсаң жотасының солтүстік бүйіріндегі шығыстан батысқа қарап ағатын Кербұлақ өзенінің екі қапталындағы қаптаған қалың төбелі тау. Мен сол тауда туғанмын.

Бала жастан білемін, күн жолы Кербұлақ өзенінің оңтүстік жағы. Күн сәулесі Кербұлақ тауының оңтүстікке қараған бетіндегі тастарды қарып, қақтап қап-қара қылып жіберген. Қара беттерде жатаған шие, тобылғы, ақтаспа болмаса, шөп өспейді. Өседі, көктемде желкілдеп тұрады, жазда түк қалмай қурап кетеді. Міне, күнгей дегеніміз осы, таудың күн жақ беті, сол өңір.

Кербұлақ өзенінің оңтүстік қапталындағы таулардың солтүстік беті тұнған алуан түрлі шөп. Жаздай көкпеңбек болып жататын жерлері де бар. Міне, бұл – теріскей, яғни таудың күн жемейтін салқын солтүстік беті.

Шәмші Қалдаяқовтың сөзін Сабырхан Асанов жазған «Теріскей» атты тамаша әні бар. Халық әні іспетті бұл әнді, өзгені қайдам, өз басым тыңдай бергім келеді. Сазгер мен ақын Қаратаудың теріскейіндегі шұрайлы жерді, берекелі елді ғажап етіп әнге, жырға қосқан. Қазаққа осы ән-ақ қай жағымыздың теріскей, қай жағымыздың күнгей екенін соқырға таяқ ұстатқандай етіп әдемілеп айтады. Айталык, сіз Алматы – Ташкент автотрассасымен Шымкентті бетке алып бара жатырсыз делік, сонда оң жағыңыз, яғни Қаратаудың бергі беті – күнгей, тағы да оң жағыңыз, бірақ Қаратаудың арғы беті – теріскей, күнгей де, теріскей де бір жақта, жаңа қазақты шатастыратыны – осы.



Сонымен, шегелеп айтқанда, таудың күн түсетін беті – күнгей, бұл - солтүстік жақ, яғни терістік. Иә, теріскей емес, терістік. Таудың күн түспейтін көлеңке беті – теріскей, бұл – оңтүстік жақ, яғни түстік.

Адамдарды шатастыруға екінші бір себеп осы. Адамдар солтүстік жақты күнгей, көлеңке бетті түстік деп біле алмайды, бірақ шындығы солай.

Біз Жер атты алып планетада тұрамыз. Әрқайсымыздың туған жеріміз, мекеніміз – соның кішкентай ғана бір пұшпағы. Менің туған жерім – ол үлкен өңір, өле-өлгенше естен кетпейтін балалық өмір. Өмір сүруіме қажетті түсінік-түйсіктің бәрін менің бойыма Кербұлақ ұялатқан және ұмытпайтын етіп сіңірген.

Жер – Ананың кішкентай ғана бір жапырағы, айналайын Кербұлақ, сен екенсің маған оңым мен солымды танытқан! Әлемнің қай түпкіріне барған екенмін, жер бедеріне назар салған екенмін, сен келесің көз алдыма, туған жер. Жаңа аяқ басқан жердің батысын-шығысын, күнгейін-теріскейін, терістігін-түстігін сенімен салыстырамын. Кербұлақ, бәрі түсінікті бола қалады. Кербұлақ – бала кезде оқыған қызық кітап, көп жайды қабақ шытпай үйреткен ұлы ұстаз.

Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет