Әлдихан Қалдыбаев



бет18/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#43802
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19
БІРЕУ ЕРТЕ, БІРЕУ КЕШ
Студенттік күнді бірге өткізген дос, бұл күндегі академик Рымғали Нұрғалиев:

– Жапондар баласын он үшке келгенше бетінен қақпайды, шекесінен шертпейді. Бала басын жарып, көзін шығарып жатыр ма, ұрыспайды, «қой» демейді. Тәрбие жұмысын бала он үшке толған соң бастайды, - дейді.

Қызық!

Қазақтың қағидасы: – «Баланы – жастан».

Қазақ баласын он үшке келгенше тәрбиелеп бітеді. Он үште ұл – отау иесі.

Жапондікі дұрыс па, қазақтікі дұрыс па?

Екеуі де дұрыс, жапонның тәрбиесінен жапон, қазақтың тәрбиесінен қазақ шығады.

Рас, қазақ та баланы аты-жөні жоқ жәбірлемеген, жақсысын асырып, жаманын жасырып тәрбиелеген. Заты жуас қазақ баласы айтқанға көніп, айдауға жүрген. Біздің ақылды ата-бабамыз баланы жасытпай, жабырқатпай еккен тәрбиені.
ОҢАЛТУ КІЛТІ – СӨЗ
Ас – адамның арқауы. Осы ас төңірегінде-ақ ақырын ғана талай ғибрат аларлық ақыл айтылған. «Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады, бәрінен де қой бағып, көтен-мойын жеген озады» дегенді естіп өскен бала малсақ, еңбекшіл болып ержетеді, кейін шаруақор адам болады. «Мешкей деген жақсы ат еместі» естіген бала қайтіп қана қомағай бола қойсын. «Жаманнан жарты қасық ас қалады» деу – ысырапқа жол бермеу. «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды», «Ас ішсең, атауыңдай іш» деп айтпаса, ойын қуған балалар қайтпас еді.

Наннан үлкен ас жоқ.

Шешем айтатын:

– Басқа тамақтың бәрінен шығасың, мысалы етті бір же, екі же, үшіншіде беттемей қаласың, нанды қанша жесең де шықпайсың. Нан жарықтықты ерте де, кешке де же, жей бергің келеді.

Әкем айтатын:

– Наннан қасиетті ештеңе жоқ. Нан құраннан да үлкен. Жоғарыда тұрған құранды нанға шығып алуға болмайды, жоғарыда тұрған нанды құранға шығып алуға болады.

Мен айтамын:

– Дастархандағы асты да, басындағы ойды да, тілі ұшындағы сөзді де бастықгардың алдына тосып үйренген жағымпаздарымыз ұлттық даналығымыздың осы ғажайып үрдісін СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Л.И. Брежневтің жағы түскен, тілі келмейтін аузына салып қор қылды. Қап! Бассектің құраны басқа, коммунистік партияның манифесі, жарғысы болатын.

Осы жуырда немерем:

– Ата, бала ми жесе, не болады? - деп сұрады.

Ойланып қалып барып:

– Бала ми жесе, миы көп, ақылды болады, - дедім.

– О-о, ми жеймін! - деп қуанды немерем.

Мен койдың басының миын алдым да, жартысынан астамын немереме бердім, қалғанын өзім жедім.

Немеремнің баланың ми жеуі, жемеуі жөнінде сұрауы тегін емес еді, үлкендердің: «Балаларға ми жеуге болмайды, жесе миы ылжырап кетеді» дегенін естіген ғой. Қазақтың мұнысы – дәмдіні үлкен жесін дегенді кішінің көңілін қалдырмай айту. Сүйектің майы шырын болатынын білмейтін қазақ жоқ. Үлкендер оны өзі жеу үшін балаларға: «Сүйектің майын жесең, мұрынбоғың көп болады», - деп алдаусыртқан. Жас баланың тісі пышақтай өткір, оларға сирақ, құлақ берген, «Шашың жібекше таралып өседі», - деп қыздарға желке жегізген. Өзінен-өзі түсінікті, ондағы ой – жылы-жұмсақты қарт жесін, жастардың еншісі – сирақ, сіңір, желке. Осыны дігерлемей, сыпайылап қалай жеткізген, шіркін, біздің үлкендеріміз!

Осының өзінен-ақ үлкенді сыйлау дейтін ең ізгі тәрбие орнығатын. Алға ас келген екен, үлкен бастамай, кіші қол салмайтын.

Қазір оның бәрі үзілген. Кіші үлкеннен бұрын табаққа қол салғанды айтасыз, қолындағысын тартып жейді. Балаларды алдаусырата алмайсың, өзіңді алдайды.

Бұл – келімсектердің өмір салты. Балаларымыз солардың балаларынан үйренген. Біз де солардың ересектерінен үйреніп, балаларымызды жер-жебіріне жетіп ұрсып тәрбиелейтін болдық.

Тілімізге оралу қиын ба, ділімізге оралу қиын ба, белгісіз, белгілісі – қиынның қиыны.

Қазақ тілінің көсегесін қайтсек көгертеміз деген ой, тірлік күн тәртібінен түспей жүргелі қашан, ал ділімізге оралу жөнінде жөнді әңгіме өрбіп көрген емес.

Тілге де, ділге де оралудың, оларды оңалтудың кілті – сөз. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегеннен асқан құрмет бола ма сөзге.

Сұр жыланды жібіткен сөздің сотанақ баланы да балқытары анық.

Көңіл жықпау – діліміз,

Мұны бәрің біліңіз.
МАЛДЫҢ ТҮР-ТҮСІН БІЛГЕН ОҒЛАН
«Төрт түлік малдың ішіндегі ең естісі – жылқы» – деседі қазақ. Тегі біздің халқымыз білген, жылқы, шынында да, ақылды мал. Кірпияздығы адам таңданарлық. Жылқы ағын суды ғана ішеді, тоқтаған суды татып алмайды. Әрине, мөлдір бұлақ пен таза құдықтың суын да қанғанынша сіміреді. Сиыр сауылған шелектен жиіркеніп, басын кегжең еткізіп көтеріп алады.

Жылқы керемет жершіл. Түнде, яки түтеген боранда адасқан адам басын еркіне жіберсе, аты ауылын жазбай тауып келеді. Жақсы ат иесінің сенімді серігіне айналып кетеді. Адамның айтқанын бұлжытпай орындайтын аттарды кинодан да, өмірде де талай көріп, таңданған жайымыз бар. Оған біреу сенеді, біреу сенбейді, өз басым күмәнсіз сенемін.

Аттың бейбіт күнде көлік, жаугершілік кезде сенімді серік екені бесенеден белгілі. Қуса, жетіп, қашса, құтылатын ат – ер қанаты. Ертеден-ақ батыр мен ат қатар аталып, мадақталған. Алпамыстың байшұбары, Қобыландының тайбуры- лы, Қамбардың қарақасқасы – халықтың ерекше ілтипатына бөленген жануарлар. Кендебайдың керқұла аты ақыл айтып сөйлейді. Әлбетте, өмірде бұлай болмайды, алайда, мұнда халықтың жылқы малына деген разы пейілі, шексіз сенімі көрініс алған.



Қазақ жылқыны мінсе көлік, жесе ет, ішсе қымыз ретінде де қастерлеген. Жылқыны, жалпы мал атаулыны түр-түсіне, жасына қарай атауда қазақтан тапқыр халық жоқ. Ойдың оралымдығын, тілдің байлығын көрсететін ол атауларды біз мақтан тұтсақ керек. Жылқы малының жасына қарай атаулары былай болып келеді: құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, дөнен, дөнежін, бесті, бие, айғыр, осы атаулар жылқының жынысы мен жылын білудің анықтамасы іспетті. Торы, құла, қара, боз, құба, құбақан, күрең, жирен, қызыл, көк, сары, боз, ақбоз, бөрте, бурыл, шұбар, қасқа, төбел, кер, ақ танау, ақ табан сөздерінің мағынасын түсінген адам жылқыны жазбай таниды. Өкінішке орай, халқымыздың мұндай зеректігі кеміп барады, қазіргі қазақты қалың жылқының ішіне қоя беріп, «Күреңді ұстап мін» – десең, қай атқа тап берерін білмей тұрып қалатыны анық. Күрең мен жиренді айыру үшін қазақ болу керек. Сәкен Сейфуллин жазған қызыл аттың қандай ат екенін білу үшін нағыз қазақ болу керек. Қазіргі қазақтың көбі қызыл атты жирен атпен шатастыратыны күмән туғызбайды. Шын мәнінде, қызыл ат – боз ат. Боз және жирен қызыл деп жүргендері осы – жирен түгі аралас атты қызыл ат дейді.

Малды жасына қарай атау, түсін түстеу, жасын анықтауда мен Аманханнан жүйрік адамды көргенім жоқ. Болайын деп тұрған бала еді, әттең, қыршын кетті. Аманхан – менің досым Қарауылбек Қазиевтің немере інісі. Олардың аталары Мақат малшы еді. Аманхан атасының үйінде өскен.

Қарауылбек екеуміз университетке түсіп, бірінші семестрден соң ауылға келгенбіз. Аманхан оныншы сегізінші оқитын. Бізге қызыға қарап, түбі сөз қуған адам болатынымызды біліп, қажеті болар-ау деп мал жөнінде төгілтіп әңгіме айтқаны бар еді. Әңгімесі мал жөнінде болғанымен, біздің халқымызға деген мақтанышы, сүйсінісі ғажап еді. Бізден көп кіші бала:

– Ағалар, дүниеде қазақтан ақылды, білгір халық жоқ. Мал атаулыны жасына, жынысына, түрі-түсіне қарай соншама дәл, барша қасиетін жан-жақты қарастырып бейнелеген халық жоқ, - деп тебіреніп еді.

Қайран бала Кеңес әскері қатарында қызмет етіп жүрген жерінде бір оңбағанның оғынан қаза тапты.

Мен: «Қарауылбек екеумізден гөрі сол бала мықты қаламгер болатын еді-ау!» - деп қазір де өкінемін. Аманхан маған ұлтын шексіз сүйген патриот болып көрінеді де тұрады.

Аманханның өліміне себепші болған оның осы өз ұлтын шексіз сүюі болған шығар деп те топшылаймын. Әскерде қызмет еткенімде көрдім ғой, онда орыс шовинизмі сұмдық өріс алған болатын. Өзге ұлттың өкілдеріне орыс солдаттары ойына келгенін істейтін: ұрып-соғатын, есебін тауып өлтіріп те жіберетін.

Аманханды жерлеуге әкесі – Ұлы Отан соғысына оң аяғын беріп қайтқан Мейнақ ағамыз барды. Сондағы алып қайтқаны Аманханның аппақ көйлекпен боп-боз болып төсекте жатып түскен суреті. Есіл ер көзі жәудіреп алыста қалған елімен, кіндік кескен жерімен, құлын-тайдай тебісіп өскен достарымен қимай қоштасып жатқандай кейіпте екен. Біздерге, екі ағасына, Қарауылбек екеумізге де мұңын шағатындай, аянышты. Жүрек сыздады, басқа амал жоқ. Шарасыздық шарықтаған заман еді ғой ол.

Малының жайын білген қазақ – нағыз қазақ. Аманхан сол еді, көктей солды. Оны жалмаған тажал – еріксіз ел болған күніміз, құлақ кесті құл іспетті күйіміз. Келмеске кетсінші, қайтып келмесінші сол қою қара бұлтты күндер. Өз елінде емін-еркін жүрмеген, ашық-жарқын күлмеген адам – бақытсыз. Адамды пәле-жаладан қорғайтын күш – қоғам. Қоғамына қарай адамы дейтін сөз өте орынды. Тәуба, қазақты қорғайтын қоғамы, заңы бар мемлекетімізді мақтан етсек болар енді.

Біздің алтын құрсақты аналарымыз талай Аманханды әкелер өмірге әлі. Солар өз жерімізде еркін өмір сүрсе екен. Басты тілек – осы, басқасы – бола жататындар.
ӘР СӨЗДІҢ ТҮБІ – ТЕРЕҢ
Мына қызықты қараңыз, адамдар жас санауды білмейді. Таңданыңыз-таңданбаңыз, солай. Нанбасаңыз, осы жылдың басында, яғни қаңтар айында елуге толған адамнан «Қаншадасыз?» деп сұраңызшы, «Елудемін» дейді. Шын мәнінде ол елуге толған күннен, сағаттан, минуттан бастап елу бірде. Менің бұл айтқаныма таласатындар табылар, оларға айтарым: елуді шұңғыл ыдыс, жылды соған құйған су дейік. Ыдыстың сыйымдылығы елу литр, әр литр бір жас бол- сын. Ыдысқа елу литр су құйдыңыз екен, грамм артық болса, асып төгіледі. Жас та солай, елуге толдыңыз бітті, ендігісі артық, елу бірдің еншісі. Осы сәттен бастап елу бірдесіз. Бұл ретте орыстар дұрыс айтады: «Исполнилось пятьдесят лет», «На пятьдесят первом году жизни» деп. Мұны «Елуге толды», «Елу бірге қараған шағында» деп аударып жүрміз. Бұл аудармалардың алғашқысы дұрыс, соңғысы – қате, оны елу бірде деген жөн.

Сөз бар ма, бұл – білімсіздіктен емес, әр сөздің түбіне терең бойламаудан орын алып отырған жайт.
ЖАМАН ҚОРС ЕТЕДІ
Зейнеткер адамның бір ермегі теледидар көріп, радио тыңдау. Мен көбіне радиодан берілетін халық әндері мен күйлеріне құлақ түремін.

Халық әндерінің кез келгеніне салынып айтыла беретін жақсы бір мәтіндер бар. Соның бірі – мынау:

Бір жұлдыз бар әуеде айдан жақсы,

Бір кедей бар Арқада байдан жақсы.

Бір сөз айтса жаманға, қорс етеді,

Қорғасындай балқыған қайран жақсы.


Бір әнші осындағы «қорс» етеді дегенді, «былқ етпейді» деп айтты.

Аңдағанға бұл екі сөздің мағынасы екі түрлі. «Қорс» етеді мінезі жаман, шыртылдақ, «былқ етпейтін» момын, жуас адамды бейнелейтін сөздер.

Осыны бір үлкен кісіге айтып едім, ол күліп алып, бір күлкі әңгіме бастады.

Бұл әртіс те, басқалары да, халық та оны басында «қорс» етеді деп айтатын, кейін бұзылды. Себеп: қорс ететін жануар – шошқа. Ал, шошқа – орыстың малы, оның еті – атасының асы.

Шошқаны жек көру, оны қанша қорсылдаса да «қорс» етеді деп қорлау, мұны әншейін айтса, бір сәрі, әнге қосып тұқырту орысты жек көру емей, немене. Қызыл империяның қырағы идеологтары бұған қалай төзсін, бір дөкейі әншіні, оның бастығын шақырып алып, ит терілерін басына қаптайды. Содан соң атақты әртіс амалсыздан ән сөзін бұзып айтатын болады, кейінгілер еш ойланбастан соны қайталап жүр.

Енді не, тәуелсіздік алдық, орыстың шошқасы тұрмақ, өзіне де қарап сөйлей алатын болдық. Ал, бірақ ән сөзі сол күйінде айтылуын қояр емес.

Адам деген бір мезгіл не айтып не қойғанын білсе қайтеді?!
ЗЫМИЯН
Жақсылық пен жамандық атаулының көрініс алуы әр қилы. Жақсылықтың аты жақсылық, оны жария етіп те, білдірмей де жасауға болады. Жақсылықтың ешкімге зияны жоқ. Ал, жамандық – басқа. Жамандық жасайтындар, меніңше, екіге бөлінеді. Алғашқысы – ардың-гүрдің, ақымақ. Ақымақтың жамандығы – ашық, көп зияны да жоқ, екіншісі – зымиян, нағыз пәле әне, сол. Ал, егер ол бастық болса, Құдай ұрды, дей бергін.

Осындай бір зымиян басшының қулығына құрық бойламайтын қылығын кезінде ол билік жүргізген бір ауданның азаматтары әрі ызаланып, әрі күліп айтып отырғанын естігенім бар. Ызаланатыны – олар қулық көрген, күлетіні пәледен құтылып, арқа-бастарының кеңігені.

Сонда зымиян басшы не істеді дейсіздер ғой, бар болғаны өзіне бағынышты, бірақ бағынғысы келмейтін адамдардың үстінен оған бағынатын адамдарға өз атына бағыштатып арыз жаздыратын. Арыз қолына тиген бойда зымиян басшының Құдайы беретін, дереу комиссия құрып, әлгі басы асау ба- тырды башпайының тырнағынан төбе шашына дейін тексертетін. Тексеру нәтижесін дұрыс-бұрыстығына қарамай, өзі төрағалық ететін алқа отырысына салып, жауыққан адамын айызы қанғанша езгілейтін.

Зымиян бір басына дүниедегі бар пәлекетті үйгізген бір пақырдың мәселесі қаралған отырысқа облыс басшысы Ербол Құсайынов қатысады. Алдымен арыз оқылады. Арыз иесі – қатардағы қызылшашы, сөз саптауы – экономистікі.

Облыс басшысы:

– Апырау, мына арыз қызылшашы жазды дейтінге келмейтін сияқты, абайлаңыздаршы, - дейді.

Жазықсыздан жапа шегіп тұрған жазған:

– Ереке, мұны жазған адам – мына әкіміңіз. Бұл кісі әкімдіктің бір белді қызметкеріне жаздырып, ол қызылшашыға көшіртіп алған. Арғы жағы – осы, - дейді.

Бұл қалай сонда?

Әрі қарай әңгіме қызып жүріп береді.

Енді алқа отырысына қатысып отырған зымиянның талай рет тізесі батқандар кезек-кезек сөйлеп кеп береді.

Облыс басшысы сазарған күйі отырып қалады, сол ешкімге тіс жармаған бойы аттанып кетеді.

Зымиянның қорлығын көрген жұрт: «Құтылатын болдық-ау!» - деп қуанып қалады.

Шынында да, қуаныштары баянды болады, осыдан бір ай уақыт өткенде зымиян басқа ауданға басшылыққа ауыстырылады.

Мейлі, ғой, қорлық көрген жұртқа бұдан басқаның керегі не, барсын. Ал, бірақ ол барған жерін оңдыра ма, мұны енді облыс басшысы ойлауы керек еді, оның ұйғарымы осы болды. Сөз бар ма, облыс басшысы бәрін біледі, өмірде себеп те, салдар да көп, соның қайсысы әсер етті, ол жағы Ерекеңнің бір өзіне ғана аян.
ҚАЙРАН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ШАЛЫ
Бұл күнде мерейтой көбейді. Көл-көсір дастарханға көз, көпірме сөзге құлақ үйренді. Қай асқа қасық, қай шалқымаға құлақ саларын білмей бөгіп отыратын болды жұрт мұндай тойларда. Тойлардың дастарханы айны-қатесіз ұқсас, өйткені ас бір аспаздың қолынан шығады, сөйленер сөз де біреу-ақ, аянбай мақтау, жабыны тұлпар, күйкентайды сұңқар ет, бәрекелді.

Мына той қызық басталды.

Той иесі суайт еді.

Тойшыларға бәрібір, өзіне сөз беріледі-ау дегендері айтатын тәтті лебіздерін жұптап отыр.

Тойды ашу үшін сөз той иесінің ағайын ақсақалына берілді.

Ауылдың кәдімгі қара шалы микрофонды қолына жасқана ұстап, шошыңқырап аузына жақындатты да:

Қарағым! - деді. Сен елуге шыққанша елді алдап келіп едің, енді қоярсың. Бізге де, саған да керегі сол, - деп микрофонды той иесіне ұстата салды.

Айналайын қазақтың қара шалы, шындықты сен айтпасаң, кім айтады, мына қошеметшіл ағайыннан оны күту – күпірлік.


АЯЛДАМА АТЫ
Кейінгі кезде мен 25 және 17 нөмірлі автобустарға жиі мінетін болып жүрмін. Бұл екеуі жүретін жолда Қонаев аялдамасы бар.

Автобустардың кондукторлары кез келген аялдамадан шыға бере келесі аялдаманың атын айтып, «...бар ма?» деп сұрайды. Сонда кондукторлар өзіміздің қара көз бола тұра «Кунаева бар ма?» деуден бір танбайды. Бұл – грамматикалық жағынан сауатсыздық. Біздің сауатсыз бауырларымыз орыстың «Остановка Кунаева» дегенін қазақша айтқан болып отыр. Орыстар ілік септігінде айтып отыр, олар қазақтың ұлы перзенті Қонаевтың кім екенін білмесе де ер адам екенін біледі, ал біздің білімсіздер Қонаевты (айтуға ауыз бармайды), кімге айналдырып жібергенін білмейді.

Жарайды, орыс тіліне шорқақ-ақ болайық, ал ат жалын тартып мінген қазаққа Қонаевтың кім екенін білмеу өлім емес пе?! Өлімнің көкесі!

«Театр киім ілгіштен басталады» деген сөз тегін айтылмаған, ең бастысы, ол – театрға келген адамның мәдениет – тілігін білдіреді.

Ал, қоғамдық транспорт – оны жүргізушілердің, кондукторлардың мәдениеттілігімен қоса саналылығын да білдіреді. Егер біздің автобус, троллейбустарымызда өз елін сүйетін адамдар қызмет етсе, осыдан алды он, соңы төрт-бес жыл бұрын өзгертілген көшелер атымен аталатын аял- дамаларды сол бұрынғы қалпында жариялар ма еді. Білгенге аялдаманың атының өзі – патриоттық тәрбиенің көзі.
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ КЕМСІТУГЕ КЕЛМЕЙДІ
Мені, анығырақ айтқанда, менің жазғандарымды менсінбеген бір ағай:

– Әй, қойшы соны, балаларға арналған шығармалар ғой, - деді әңгіме кезінде.

Балалар жазушысын, анығырақ айтқанда, балаларға арналған шығармаларды ауызға алғысыз етіп отырған адамды бірінші рет көруім еді бұл.

Мен балалар жазушысы болғанымды бақытым деп білетін едім.

Әжептеуір сөзге келдік.

Ол ағайды алған бетінен қайтару мүмкін емес екен.

Қазір де мен мына әңгімені ол үшін емес, балалар әдебиеті үшін жаным күйіп жазып отырмын.

Менің жеке шығармашылығымды кім қалай бағалайды, ол – өз еркі, ал балалар әдебиетіне бұлайша мұрын шүйіріп қарау – білімсіздік.

Небір ұлы жазушылар балаларға арнап шығарма жазуды ардақты борышым деп білген.

Адамзат көркем ойының алыбы Л.Н. Толстой «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясын жазып, даңқы мейлінше шарықтап тұрған кезінде тұтас үш жыл бойы балалар әдебиетіне өзіндік үлес қосумен айналысқан, «Әліппе», есеп кітаптарын, балалар түсінігіне лайықты бірнеше кітапша жазған. Сол әңгімелердің көлемі, қазіргі журналистік тілмен айтқанда, 20-30-ақ жол, салмағы – зіл батпан.

Ұлы орыс сыншысы В.Г. Белинский: «...должно родиться, а не сделаться детским писателем, это своего рода призвание. Тут требуется не только талант, но и своего рода гений», - деген.

Осы екі гәпті білген адам балалар әдебиетін, оның талмай жазып келе жатқан өкілі – мені бұлайша қомсынып, көңірсімес еді. Мен балалар жазушысы болғанымды мақтан етемін.

Ақылды адам айтпақ сөзін білер еді.

Ақылсыз адам білмей сөйлеуге беріледі.
ҚАРАУЫЗ – АЛҒЫР ТАЗЫМ МЕНІҢ
«Мен – апамның баласымын» атты романым «Жұлдыз» журналында жариялануға дайындалып жатқанда, Таразға қазақтың оқыған-тоқығаны көп білгір жазушыларының бірі Төлек Тілеуханов келіпті. Жолығып, әңгімелестім.

Төлек – «Жұлдыздың» бөлім меңгерушісі, менің қолжазбамды оқып, разы болыпты. «Әсіресе итің керемет екен», - деді Төлек. Мен білетін Төлек – сөзге жоқ, біреуді мақтау сөз аузынан шығып көрмеген жазушы.

Қатты қуандым. Енді қалай, сиясы әлі кеппеген шығармам мақталып отыр.

Шынында, мен романымда балалығымның апайтөс, алғыр тазысы – қарауыз жөнінде сүйсіне жазғаным рас.

Жазушыға кім, не туралы жазу үшін көп дайындық керек. Мен де қарауыз жөнінде жазуға аз дайындалғаным жоқ. Бұл ретте білгенге үйренерлік жазушылар – Джек Лондон мен Мұхтар Әуезов. Лондонның «Ақ азуы» мен Әуезовтың «Көксерегін» оқыған адам ит туралы қалам тартудың қыр-сырына әбден қанығары аян. Бұл екі ұлы жазушыда елеулі айырмашылық бар. Лондон ит болып жазады, Әуезов ит туралы өзі баяндайды. Лондон тіптен ит туралы жалғыз «Ақ азу» емес, тағы екі роман жазған. Ол «Джерри – аралдық», «Майкл – Джерридің інісі» деген романдарында итті басты кейіпкер етіп ала отырып, өзі өмір сүрген қоғамның ең өзекті мәселелерін қопарып жазған. Ал, Мұхаң ойын баласы, аңғал Құрмаштың адаммен әсте достаспайтын жыртқыштың аузына түсіп қалғанын қатыгез өмірдің трагедиясына айналдырып өрнектеді ғой.

Әдебиетте бұл екі жазушыдан үйренгендер көп болды. Еліктегендер емес, үйренгендер олар. Мен солардың ішінен өзіміздің Мүхтар Мағауинді ерекше атар едім. Мұхтардың «Тазының өлімі» деп аталатын хикаяты иттің көкірек көзімен қазақ өмірінің бүткіл бір аумалы-төкпелі кезеңін керемет бейнелейді.

Мен болсам, Лашыныммен байланыстыра отырып, өзім бала болған кездің, яғни өткен ғасырдың елуінші жылдарының өмір шындығын өрнектедім. Онымның енді Төлек сияқты кірпияз жазушының көңілінен шыққаны – маған қуаныш!
БӘЙГЕНІ ШАППАЙ АЛҒАН АҒА
2007-ші жылды мен білетін адамдардың ішіндегі ең жақсы қорытындылағаны профессор Мекемтас Мырзахметов болды.

Бұл жылдың соңын ала Мәкең әдебиет пен өнер адамдарына арналған мемлекеттік стипендияны иеленді, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды.

Біраз адам Мәкең ағамызды осы қуаныштарымен құттықтадық. Сөйтсек атақты ғалым стипендияға да, атаққа да өзін кімдердің ұсынып, олардың қалай беріліп жүргенін білмейді, сонша бір жарыла қуанып та отырған жоқ. Бәйгені шаппай алды деген осы-ақ болар.

Стипендияға да, Құрметті атаққа да адам талай өткелектен өтіп барып ие болатыны екінің біріне аян. Облыстың Құрметті азаматы атағын алу үшін кейбіреулердің әліне қарамай басын тауға да, тасқа да ұрғанын көріп те, біліп те жүрміз. Ал, Мәкеңе стипендия да, атақ та өз-өзінен бұйырған.

Бұл, әрине, бір қарағанға, әйтпесе, бұл талантты, дарынды еңбекқор адамның әдебиеттану ғылымына, облыстың қоғамдық өміріне қосқан үлесі тым қомақты. Оған көрсетілген құрмет – өзі өмір бақи сарыла зерттеп, насихаттап келе жатқан ұлы ұстазы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген ұлағатының анықтығының айқын көрінісі.

АБАЙЛАП СӨЙЛЕГЕН АЗБАЙДЫ
Өткен жаңа жылыңызбен құттықтаймын!

Қазақ радиосының адамдар бір-бірін құттықтап, музыкалы сәлем жолдап жататын бағдарламасында біреу осылай деп соқты.

Мен неге «соқты» деп кекесінмен айтып отырмын? Себебі құттықтаушы бұл жерде Жаңа жыл деп тек 1-қаңтарды айтып отыр, біздіңше 1-қаңтар – жаңа жылдың алғашқы күні, алда оның әлі 365 күні бар, өйткені биыл – кәбиса жыл, ендеше ол 366-ға толады.

Әңгіме ауанымен арифметикаға түсіп кеттім, әйтпесе, менің айтпағым: адам әр сөзін абайлап сөйлеуі керек. Бір кезде «Аздан да, көптен де үнемдейік» деген жақсы ұран болған, сол сияқты, аз айт, көп айт – ойланып айт. Әр сөздің түбіне терең бойламай сөйлеу олақтық қана емес, шолақтық та. Аузына келгенді ойланбай айта салатынға күйіп кеткен қазақ: «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деп ескерткен. Абайламай сөйлегенге осыдан артық тұқырту сөз қайдан табылсын. Әр сөзді пішіп, кесіп сөйлеу – ақыл-ойдың көрінісі. Осыны білген адам сөзін түзер дегеннен басқаны айту – артық.
КОМИССИЯ
Ұлы Гогольге «Өлі жандар» атты теңдесі жоқ романның сюжетін ұлы Пушкин берген. Таланты жөнінде бұл екі алыпты салыстырып сөйлеу – әбестік. Әрине, Пушкин «Өлі жандарды» Гогольге өзі жаза алмайтып болғандықтан берген жоқ. Мұның себебін білмек болып басын қатырғандардың бірде-бірі ешқандай анық қорытындыға келе алған жоқ, бәрінікі – жорамал. Біздіңше сол жорамалдардың ішіндегі дұрысы Ресейдің ірік-шірігін жер-жебіріне жетіп жазуға керемет улы тіл қажет болды. Ол – Гоголь. Пушкин мұны білді де Гогольге қолқа салды.

Гоголь бір ғана «Өлі жандар» емес «Ревизор» атты комедиясымен де шіріген қоғамының сілікпесін шығарғанын жақсы білеміз.

Қазақта Гоголь болса, қазір оған жазғызар тақырып, берер сюжет көбейіп тұр. Соның бірі – комиссия.

Комиссия да ревизор сияқты тексеретіндер. Гогольдің кезіндегі ревизорлар қазіргі комиссияның қасында жіп есе алмайды десе болады. Гогольдің ревизоры арбамен келсе, қазіргі комиссияның немен келетінін енді өздеріңіз білесіздер. Қалтасынан соқыр тиын шығып жатпаған соң олар ұшақтың әкесіне, вагонның тәтесіне, машинаның көкесіне мінеді, жолдың төтесімен келеді. Оны айтамыз, комиссия келеді дегенде, асырып айтқанға жарты жыл, кемітіп айтқанда бір ай бұрын әуре-сарсаң басталады. Алдымен, мекеменің есепшісі комиссия мүшелерінің мініп келетін, аттанып кететін көліктеріне жұмсалатын шығыннан бастап, жүріп-тұруы, жатуы, шайы, пайы, қойшы, әйтеуір, туалетіне дейін кететін қаржыны ең жоғарғы тариф бойынша есептеп шығарып, әдемілеп компьютерге басып, екі данасын бастыққа береді. Ұмытып барады екем, мұның бәрі не үшін жасалатынын алдымен айту керек екен. Мұндағы мақсат – комиссияның бүткіл шығынын мекеме қызметкерлеріне шашып тастау. Бұл дегеніңіз – қызметкерлерден ақша жинау. Мен, тегі, ұмытшақпын, мекеме есепшісі де ұмытшақ, есесіне бастық перен, ол есепшінің есебіне комиссияның өзі сияқты бастығының қалтасына салатын ақшаны қосуды әсте ұмытпайды. Бұдан арғысы енді оңай, ақша жиналады, орын-орнымен жұмсалады. Мемлекеттің қара шақасы да шығын болмайды, рас қызметкерлер алғаш қыржыңдап-тыржыңдаған, қазір үйреншікті жай болып кеткен. Комиссияның бір емес, мыңы келсін, бәрібір, бәрі селт етуді ұмытқан, тізімге қол қойып қарап отырады.

Мұны қалай түсінуге болады сонда? Кешегі өзіміз жатып кеп күстаналайтын коммунистер үстемдік еткен заманада мұның біреуі де жоқ болатын. Іссапарға шыққан адамға жол ақысы, тәуліктік шығыны, жамбас пұлы төленетін. Сонымен бітті, іссапарға шыққан адам барған жерінде бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүріп, қайтатын. Әрине, пір атқандар да болды, ондайлардың үстінен арыз түсіп, талқыланып, жөнге салынатын. Мемлекетіміз, оның әрбір мүшесі тәуелсіздік алып, айтқанның құшырын қандыратын, естігеннің аузының суы құритын заман орнатамыз деп жатқандағы кейпіміз мынау.



Елбасымыз мұның бәрін түбірімен жою қажеттігін әлденеше рет қадап айтып-ақ келеді, тіптен шенеуніктердің іссапарға орынсыз көп шығатындарының жазаланғандары да бар. Жоғары лауазымды қызметкерлердің іссапарды сылтауратып, бұрынғы бауыр басып қалған қаласы Алматыға барғыштап жүргендері де сын тезіне алынғаны белгілі.

Сонда қалай, біздің ләпбай шенеуніктеріміз жөнді-жөнсіз келген комиссияға бағыныштыларын майшелпек қылып қойып отыра бермек пе.

Кезінде біз де – талай комиссия құрамында болғанбыз, қанша комиссия бізді де тексерген, мұндай сұмдықты көрген емеспіз. Коммунистік билік белең алған кезеңде комиссия дегеніңіздің жұмысы – белгілі бір мәселе бойынша тексеру, бар мен жоқты анықтау болатын. Тексерілген мекемеде, әрине, кемшілік болады, бірақ олардың басшылары ол үшін қазіргідей пұшайман болмайтын. Қорытындысын естірткен жиында мекеме басшылары мұны атап айтып, тексерушілерге шексіз ризашылығын білдіретін.

Қазіргіміз қай жосық?
БҰЛ – МАСҚАРА!
Өткен жылдың күзінде өзім туып, өскен Шу ауданына жолым түсті. Шуда менімен емшектес үш қарындасым, олардың үйлі-баранды болған бала-шағалары, яғни жиендерім тұрады.

Әке-шешемнің кенжесі іспетті болып өскен жиен қарындасымның үйінде қонып отырғанмын, ол үйде ағасының кызы Ақерке жүр екен, бетінен сүйдім. Әңгімеден әңгіме шығып отырып, Ақеркенің аудан орталығындағы орта мектептің жоғары сыныбында оқитыны айтылып қалды. Жиен қызым екеуіміздің арамызда төмендегідей әңгіме өрбіді.

– Не, «Коммунизмде» орта мектеп жоқ па?

Ой, аға «Коммунизм» қалғалы қашан, қазір ол Ақтөбе ауылы аталады. Әдемі орта мектеп тар, бірақ жоғарғы сыныптар жоқтың қасы. Ел ертең тестілеуден өтпей қалады деп жоғарғы сыныптардағы балаларын өстіп жан-жақта, қалада, аудан орталығында оқытуға мәжбүр болып отыр. Әр сыныпта басқа жақта оқуға мүмкіндігі жоқ бес-алты бала қалған.

Қызық екен! Сонда ол мектептің мұғалімдері нашар болғаны ма?

Сөзге Ақерке араласты:

Жоқ, аға. Біздің апайларымыз бен ағайларымыз жақсы. Оқулық жоқ, үш-төрт балаға бір кітаптан, қайтіп оқытсын?

Осы аз ғана әңгіме мені көп ойға жетеледі.

Бұл – масқара!

Әр ауылда «Бар жақсымыз – балаларға!» деген коммунистік ұранның мүлтіксіз жүзеге асқанының белгісіндей болған ең әдемі ғимарат – мектептер тұрып, жұрт балаларын тентіретуге мәжбүр болған. Мектептегі оқудың жартысынан астамын бөтен үйде жүріп оқыған малшының баласымен мұны жақсы білемін, бұл тірлік тентіреумен бірдей. Үй иелерінің, мейлі олар жақын туысқандары болсын, қабағына қарау баланы жастайынан жалтақ, жарымжан етеді. Өзегің талып оқудан келгенде бір жапырақ нанға еркін қол соза алмайтыныңнан асқан қорлық бар ма?!



Ана бір Колбинді тұлға тұтқан жылдары кейбір сыңар-езулер Қонаевтың кезінде Қазақстанда мектептер саны пәленге азайып кетті деп соқты. Сонда сол шіркіндердің Қазақстанда жүргізілген ұжымшарларды ірілендірумен бірге бұрынғы кішігірім мектептердің де жабылып, есесіне ірілендірілгенін білмегені таңдандырады. Айталық, 1958 жылы біз онжылдықты бітіргенде бүкіл Шу ауданында Шу қаласын қосқанда орта мектептерді санауға бір қолдың саусағы көптік ететін. Қазір әр ауылда Қонаев салдырған орта мектеп бар. Ал, енді соларды ұқсатып пайдалана алмау кімгс сын? Жергілікті баспасөзде жарияланған облыс әкімі есебінің «Білім беру» тармағын оқысаңыз, бұл саладағы ересен жетістіктерге басыңыз айналады. Бәрі рас, біздің мемлекетіміз оның басшысы Н.Ә.Назарбаев мектептер мен мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің жүйесін арттыру, олардағы оқыту мен тәрбиелеуді осы заманғы материалдық-техникалық құрал-жабдықтардың ең озық үлгілері негізінде жүргізуге шексіз қамқорлық көрсетіп отыр. Осыған орай облыста атқарылған игі шаралар шоғыры жетерлік. Сонда мен өзім бір кейіпкері болған жоғарыдағы әңгімені қайттік?

Ептеп сұрастырып көрсем, бұл жалғыз Шу ауданында емес, барлық ауданда көзге көп еленбей белең алып бара жатқан жайт екен. Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен, Жамбыл ауылдарындағы орта мектептер де жаңа оқу жылының басында біраз оқушылары сапалы білім іздеп ыдырап кеткендіктен біраз әуре-сарсаңға түсіпті. Ондағысы – оқушы санын толтыру үшін жан-жақтан бала іздеп тауып, оқуға тартқан.

Осыларды біле келе үлкен проблеманың шаужайынан ұстағанымды білдім. Мұны, әлбетте, жергілікті білім беру органдары біледі, бірақ жария ете алмайды, өйткені өздері жауап берулері керек. Ал, бұл проблеманы шешудің жолы, біздіңше, анау айтқан қиын емес. Ол үшін мектептердегі білім беру сапасын арттыру қажет, содан соң оқытудың құрал-жабдықтарын жақсылап сайлау, бір кітапты үш-төрт бала әрі тарт-бері тарт етіп жүргенді құрту керек. Ең бастысы – «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген ұзын арқау, кең тұсау психологияны да, орынсыз шамшылдықты да қойып, барлық жердегі істің жайын анықтау қажет. Арғы жағы, әрине, шара қолдану.

Барлық жерде оқытудың озық үлгілері – компьютер, интерактивтік оқу өмірге еніп жатқанда ауыл мектептерінде оқулықтың жетпеуі неткен қарама-қайшылық. Оқулық қара базарда қаптап тұрады, мектептерде жоқ. Бұл – түсініксіз жайт. Мұның түп-төркіні – күмән.

Ұзын сөздің қысқасы, ауыл балаларының оқуы мен тәрбиесіне мықтап көңіл бөлмей болмайтын дәрежеге жетіппіз. Өкінішті-ақ!
ОБРАЗДЫ ОЙ
Қазақ – керемет нәзік халық. «Достың көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген тұжырымды қазақтан басқа халық жасай алар ма екен? Қайдам? Досқа қазақ қоң етіп кесіп беруге әзір. Қараңыз, замана ағымымен бүгінде шылым тартып, арақ ішетін болған қазақ бір кезде осылардың ағайыны насыбайды ауызға алғысыз у, лас зат санаған. Міне, сол кезде сол түкке тұрғысыз заттың өзін әуестікпен сұраған адамы бермей қойса, соған да өкпелеген ғой, қайран ақкөңіл ағамыз.

Содан барып кісінің көңілін қалдырмау керек деген үлкен ой айтылған. Онсыз көңіл орнына түспейтінін сұмдық тап басып айтқан. Сұмдық дейтінім соншама жиіркенішті заттың өзіне көңілі қалған адам неткен нәзік, жаны жараланғыш. Мұндай адамнан ешқашан жамандық шықпайды.

Айналайын қазағым, ақыл айтуды білген. Ноқай: «Өй, кісінің көңілін қалдыруға болмайды» деп дүңк ете қалар еді, ал біздің ойға жүйрік, сөзге шешен ағамыз шендеспейтін ұғымдардың өзін қиюластырып, қандай әдемі образды ой айтқан.
ТАПҚЫРЛЫҚ
Мінездің бір жаманы кекшілдік. Бұл жаман әдеттен аулақ бол дегенді біздің қазақ «Жақсының кегі жібек орамал кепкенше, жаманның кегі басы көрге жеткенше» деп мінеп-шенеп тұқыртқан. Түу, неткен тапқырлық! Дүниеде үлбіреген шай орамалдан жылдам кебетін зат бола қоймас. Кектің соңы сойқан екенін, шұғыл табыспаса болмайтынын осыдан тез қазақы уақыт өлшемімен өрнектеу мүмкін емес тіптен.

Айналайын қазағымның қай тапқырлығына таңданарсың. Тек Абайша «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деу ғана керек.
ТУҒАН ЖЕР
Кербұлақ – менің туған жерім. «Мен – апамның баласымын» атты романымда Кербұлақ жөнінде кең толғап жазғанмын. Шу аудандық мәдениет үйінде өткен романымның тұсаукесерінде осы Кербұлақтың ойы мен қырын көп шарлаған қойшының баласы, зерделі азамат Жақан Қожағұлов: «Біздің Кербұлақты білеміз дегеніміз бекер екен, нағыз білетін адам Әлдекең екен», - деді.

Мен қатты толқыдым. Неге? Кербұлақ – қазір иесіз қалған өлке. Біздің бала күнімізде Кербұлак тауын қақ жарып ағатын осы аттас өзеннің күнгей беті ұзыннан-ұзақ салынған шатырсыз жаппа тамдар болушы еді. Осы тізілген тамдарда сонау басы Барлыбайдан анау аяғы Бөкейге дейін екі кеңшар – «Кербұлақ» пен «Қарауылтөбенің» адамдары өсіп-өніп, еңбеккерлер егін егіп, мал бағып жататын.

Сол сүттей ұйып отырған ел 1949 жылдың ерте көктемінде Шу бойына күштеп көшірілді. Ата мекендерінен қоныс аударғысы келмегендерді тыңдаған белсенді болған жоқ. Бала болсақ та біліп қалғанбыз, кейбір қариялар қатты қиналды. Кенбай дейтін ақсақал Кербұлақтың бір уыс топырағын дорбаға салып алып: «Өлсем, көріме салыңдар», - деп егіліп жылаған. Бұған аяныш білдіргендер де, күлгендер де болды. Аяйтыны – ақсақал, шынында да, өлім халінде еді, күлетіні – Шу дегеніңіз мына тұрған жер.

Таулықтар ойға жер аударылып емес, шаруа қамымен көшіріліп еді. Шу бойының суармалы құнарлы жеріне қызылша деп аталатын өнімі тәтті, еңбегі қатты техникалык дақыл егіле бастаған. Көзіміз көрді ғой, ол кезде техника жоқ, барлық жұмыс қол күшімен атқарылатын. Қызылша плантациясында ауылдың барлық ақжаулықты аналары алты ай жазға күнге күйіп, күзгі жиын-терін кезінде суыққа тоңып жүрер еді. Есесіне уыс-уыс ақша тауып, қап-қап қант алатын.

Ал, Кербұлақ болса, елсіз-күнсіз қалған жоқ, жыра-жықпылдары қыстау, жотасы жайлау болып, төрт түлік малға толған. Міне, енді социалистік меншіктің ту-талақайы шығып, іске жарардың бәрін қолы ұзындар талапайға салған сойқан Кербұлақты да айналып өтпепті. Отар-отар қой мен үйір-үйір жылқыдан тігерге тұяқ қалмаған. Сонау 1949 жылы елін көшіргенімен, малы, оны бағатын адамы қалған, қысы-жазы малшылардың қамын жасауға жегілген адамдар бригада-бригада болып қаптап жүретін Кербұлақ енді қу-медиен өлкеге айналған. Оның жыра-жырасындағы жалғыз аяқ соқпақ жолдар түгілі өзенді бойлап көсіліп жататын күре жолының өзіне шөп шығып кетіпті.

...Әнебір жылы осы Кербұлақтың баласы, марқұм жазушы Қарауылбек Қазиевтің туылғанына алпыс жыл толуын атап өтуге келген құдасы, шымкенттік ақын Шалқар Әбішев: «Қарауылбектің туған жерін көрсетіндер», - деген тілек айтты. Оны біз ҚазМУУ-дің бесінші курсында оқып жүргенде «Ақ бантик» әңгімесін Қарауылбекпен жарысып жазған Ерғали Ахметов те қостады.

Кербұлақты көрмегелі талай жыл өткен.

Ана бір жылы бала күнгі досым Әлібек екеуіміз Кербұлақтың басынан түсіп, аяғынан шыққанбыз. Марқұм болып кеткен қайран Әлібек дос мені кіндік қаным тамған, бүгінде жұрнағы да жоқ үйдін орнына әкеліп, «Ауна» - деп қалың шөп тұнып тұрған жерді көрсетті. Өзім де біліп тұрмын, бұл – біздің отбасымыз қаншама жыл бақытты өмір өткізген қоржын тамның орны. Ұйысқан шөп үстіне жата кетіп аунадым. Ішім елжіреп, көңілім әлем-жәлем болды.

О, туған жер! Кербұлақ! Сен мені дүниедегі ең қамқор, ең әділ әкенің, ең аяулы, ең әдемі ананың ұлы етіп өмір есігін аштырып, ең мейірімді, ең ақылды әженің бауырында өсірдің.

Кербұлақ! Сенде әлемнің барлық пұшпағында бар ғажаптың, хайуанаттың шөп-қурайдың, тал-дарақтың бәрі бар. Терең сайларың, тау-тасың, құз-қияң, маған әжемнен, әке-шешемнен кем тәрбие берген жоқ. Қуаныш-қайғы, үрей- қорқыныш, жақсы көру, жек көру, жалпы адамзатқа тән қасиеттің бәрін сен ұялаттың бойыма. Жер басып, тау асып жүруді де сен үйреттің. Асып-тасуды білмейтін момын болмысым – сенің мінезің, Кербұлақ. Ешкімге есе жібермейтін қайсар қалпымды сен, сенің өркеш-өркеш тауларың қалып- тастырған.

Мына мен аунап жатқан жұрнағы да жоқ үйдің алдындағы ана тұста - Қалдыбайдың құйында ауыл балалары ерсілі-қарсылы құлаш ұрып шомылғанымыз қандай еді! Кейін Шу өзенінде балықтай жүзгенім, Есіл, Ертіс өзендерінде, Арал, Қара теңіздерде, Атлант мұхитында көсіле малтығаным сен берген сабақтың арқасы еді, Кербұлақ!

Түбі тұңғиық терең, беті бүлк етпейтін тұнық құй, мен саған ұқсаспын. Мұны біреу білер, біреу білмес, ал өзіме аян.

Кербұлақ емгіп тұр екен. Тауы, ой-қыраты, сай-саласы белуардан көк майса. Шалқардың «Джипі» саздау жерде ну қорысқа еніп кетіп, қырлау жерде төсінен алатын қалың шөпті тілігі келеді.

...Қарауылбектің әкесі Қазы қойшы екен.

Қарауылбек «Кербұлақ» ұжымшарының Далауыздағы Еспембет деген жердегі қой қорасында туған. Келсек, Қарауылбек туған үйдің де, қой қораның орнын да қалың шөп басқан.

Бұл жолы бізді бастап келген құрдасым Әділхан:

– Жігіттер, осы енді Қарауылбек туған үйдің орны. Одан бері көп жыл өтті ғой, ізі де жоқ, - деді.

Қарауылбектің құдасы Шалқар да, досы Ерғали да ләм-мим демеді. Екеуі Қарауылбек екеуіміз туған үйді көреміз деп көңілдері өсіп келігі еді, орны да жоқ, елсіз-күнсіз айдалаға келгендей болып қайтып келеді.



Менің де көңілім пәс тартты.

Кербұлақтың басына қарадым.

Алып Ақ ордадай болып, басын күн сүйген Шатыртөбе тұр, жарықтық. Одан бері қарай Кербұлақ өзенінің екі қапталында жусап жатқан алып ірі қара тәрізді төбелер жыпырлайды. Әлбетте, әлемдегі ең суық, ең мөлдір сулы Кербұлак өзені жатыр, бір жерде кең жайылып, бір жерде сылдырап, бір жерде сарқырап ағып.

– Осы – біз туған жер, - дедім мен серіктеріме.

– Әсем жер екен, - деді Шалқар.

– Бәсе, Қарауылбек екеуіңнің жазушы болатындарыңдай бар екен. Ғажап өлке екен мына Кербұлақ, - деді Ерғали.

Ерғали біледі, ол – тау баласы, Алатаудың баурайында өскен. Кербұлақ – Алатаудың бір сілемі.

Мынадай құйқалы өңірден елді неге көшірген? - деп таңданды Шалқар.

Әділхан екеуіміз жарыса, жоғарыдағы жайды айттық.

...Мейлі, елі көшіп кеткенімен, туған жер ыстық адамға. Кербұлаққа әр соққан сайын, бір кітап оқығандай боламын. Кербұлақтың әр тұтам жерінде менің балалығымның естен кетпес көріністері тұнып жатыр. Шетінен кіріп, «Мен – апамның баласымын» романымды жаздым.

Кербұлақ – мен өмір бойы қаузайтын тақырып. Дүниедегі ең етене, біте қайнасып кеткен адамдар – осы Кербұлақтың адамдары. Жаһандағы ең сұлу, ыстық әлем – Кербұлақ әлемі. Оның бәрін айтып, жазып тауысу мүмкін емес.

Жазушы қаншама жерден талантты, әлеуетті болсын, өмірді өзіндей етіп өрнектей алмайды. Жазушының тірлігі, бейнелеп айтқанда, өмірдің көркем көшірмесін жасау. Ал, көшірме түпнұсқа емес. Кербұлақ, ол менің балалық, балаң шағымның түпнұсқасы. Мен оны ешуақыт айналып өте алмаймын, қайырылып соға беремін. Кербұлақ – ол менің қуатым. Кербұлақты әр көрген сайын бір жасап, жасарып қаламын. Сөйте берсем екен!

Шулықтар маған қолқа салады: «Туған жеріңіздің қазіргі тыныс-тіршілігі туралы кітап жазсаңызшы», — деп. Мен ойланып қаламын, көз алдыма Кербұлақ келеді. Кербұлақта көрген, өзім бастан кешірген оқиғалар анталайды.

Ешуақыт көзден де, көңілден де кетпес кең өлке, ешқашан жазып тауыса алмас мол тақырыпсың сен, Кербұлақ!

Сен туған жерсің!

Сенің қазіргі тыныс-тіршілігің маған беймәлім, бүгінгі ұрпағың – жат. Мен оларды жаза алмаспын.

Жазушы өзі бүге-шігесіне дейін білетін жайды жазады. Егер Мұхтар Әуезов Абай елінде туып, өспесе, «Абай жолы» романын жаза алмаған болар еді. Алып жазушының өзінің қыр-сырына қанық емес өмірді – «Өскен өркенді» келістіріп жаза алмауының сыры, меніңше, осы.

Ұлы Мұхтар Әуезовтің қасында біз кімбіз, тәйірі!
АХМЕТЖАН АТАЙДЫҢ ӘРЕКЕТІ
Бастықтар, тегі, қазіргі ию-қию заманда ғана емес, ел бала сияқты момақан сол кездің өзінде де қу болған. Олай дейтінім, өмір көрсетті ғой. Кербұлақ елін Шу бойына көшіргенде қызылшаның жұмысына жарамайтын кемпір- шалдарды көш деп қинаған жоқ, асырап-сақтары, мияты жоқтарын жұртқа тастап кетті.

Сондай қорғансыздың бірі – Ахметжан қария еді.

Ол кісінің үйі бұрын ауылдың бас жағында болатын. Осы жерде мына бір нәрсені айтуға керек: ауыл үйлері Кербұлақ өзенінің күнгей бетіне тау етегін жағалай салынған. Ауылдың барлық үйінің есігі күнге, яғни өзенге қараған, арты тау жағында. Менің ауылдың алды, арты, жоғарғы, аяқ жағы деп жазатыным сондықтан. Бір редактордың менің «ауылдың алды» дегенімді «жаны» деп өзгерткені бар. Ал ендігі бір редакторға «Жайсаң жотасы» деген сөз ұнамады. «Жота деген не сұмдық? Жердің жотасы болушы ма еді?» - деп кекетті. Жазық жерде, қара судың жағасында өскен балаға «ауылдың алды, арты» жоқ, жота тек адамда, жан-жануарда, балықта болады.

Тау баласы маған жақсы мәлім, таудың етегі, ортан белі, басы, төбесі, жотасы болады. Жайсаң – алып жота, жазира жайлау.

Ахметжан қарияға оралайын.

Өз үйі оқшаулау жалғыз қалған соң ол кісі біздің үйдің жанындағы шіңкілдек Еркештің кішкентай үйіне көшіп келіп кірді.

Екі үйдің есігінің алды дөп-дөңгелек айтақыр еді. Күнде кешке қарай оны біздің үйдің балалар жағы сыпырып, тазалап, су сеуіп қоятынбыз. Ахметжан атай көшіп келгелі бұл шаруамызға түбегейлі өзгеріс енді. Айтақырды Ахметжан атай тазалап қоятын болды, біздің еншімізге өзеннен шелектеп су әкеліп себу ғана қалды.

Ахметжан атайдың ауланы тазалағаны таңданарлық еді. Қолына жалғыз шыбық алып, сонымен жерде жатқан шөп-шаламды біртіндеп ілгері қарай түре түртіп отыратын. Содан бесін әлетінде бастаған бұл жұмысын, ешқандай асығыс-үсігіс жоқ, бабымен намыздыгер болғанда бір-ақ тәмамдайтын. Бұл екі арада Ахметжан атай, мейлі, тіптен, ауыл көшіп жатсын, алаңдамайтын. Атай жұмысын әбден бітіріп барып, артына бұрылып айтақырдың әр тұтамына дейін ақырын көз жіберіп шолып шығар еді. Сонда көзіне көлденең жатқан қылпық шалынса, ерінбей барып еңкейіп алып, айтақырдың шетіне апарып тастайтын да, үн-түнсіз бізге қарайтын.

Біз, балалар, түсіне қоямыз: ендігі кезек – біздікі. Бәріміз жалма-жан ың-дыңсыз жабылып, біреулеріміз өзеннен шелекпен су әкеліп, біреулеріміз балақты түріп тастап оны шашып, айтақырды текпілесең шаң шықпайтын етеміз.

Ахметжан атайдың бұл тірлігінің байыбына ешкім барып көрген емес, ол неге керек, кешке қарай есіктің алды тап-таза, су себіліп, салқын ауа себелеп тұрса, жетіп жатыр емес пе.

Қазір ойлаймын: осы бір кішкентай ғана тірлігімен бізге үлкен өнеге көрсетіп кеткен екен жарықтық. Ол өнегенің аты – туған жерді сүйіп, аялау, қолға алған ісінді жалықпай, жалқауланбай атқару.

Бала қитетсе, әдеп ақыл айта жөнелетін қазіргі қарттардан үндемей, ісімен өнеге көрсеткен сол Ахметжан атайлар қасиетті-ау! Күмән жоқ, солай.
КӨКЕК – ЖАҚСЫ ҚҰС
Көктемнің келгенін біреу малмен, біреу құспен, біреу өсімдікпен байланыстырады. Біздің жақта көктемді көкектің келуімен орайластырады.

Кербұлаққа көкек жыл құстарының ішіндегі алғашқыларының бірі болып келеді. Көкектің «көкек!» деген даусы естілді болды күн жылып, сай-сайға тығылған сұр қар еріп, жылға-жылғаның табаны суға толатын. Кербұлақ өзені тасып, өткел бермей адамдар ар жақ – бер жақ болып қалатын.



Көкекті жексұрын қылып көрсететін бір сөз бар, ол – «көкек өз атын өзі шақырады». Адамды жетесіздіктен, мақтаншақтықтан сақтандыруға бұдан артық тұспал сөз табу қиын. Әлбетте, көкектің өз атын өзі шақырғаны әбес-ақ. Ал, енді осы керемет еңбекқор, әдемі құсты «өз жұмыртқасын баспайды, балапанын асырамайды» деу – өтірік.

Бір газеттен оқыған едім: көкектің 128 түрі бар екен. Солардың біз айтып жүрген жұмыртқасын өзі баспай, басқа құстың ұясына тастап кететіні 82 түрі көрінеді.

Көкек дегенде менің көз алдыма Кербұлаққа ерте келетін, өзімен бірге көктемді ала келгенін «көктем» деп жариялап жүрген бір сүйем ұзын тұмсық, қаламсап іспетті айдары бар, сарала құс елестейді.

Кербұлақтың аң-кұсының арасында өскен мен көкектің таңның атысынан күннің батысына дейінгі барша тірлігіне жақсы қанықпын. Көкек ұясын ескі тас қоралардың саңлауларына салады. Ол көкек айында төрт-бес жұмыртқа туып, соларды мекиені басады. Балапан шығарған соң көкектің мекиені мен қоразы бір тынбай, маңайдың шегірткесін баудай түсіріп, балапандарына тасиды да жүреді. Көкектің басқа құстың ұясына жұмыртқасын салып жүрген зымияндығын мен ғана емес, бүкіл Кербұлақта жан адам көрген де, білген де емес.

«Өмірде жақсы көп пе, жаман көп пе?» деген сұрақтың жауабы – жаман көп.

Жаратушы иеміз – әділ, жақсы мен жаманды тендей етіп жаратпақ болып, «Жақсы» деп жақсыны, «Жаман» деп жаманды жаратып, арасында жаңылысып, «Жаман-жаман» деп қалған көрінеді. Өмірде жақсыдан жаманның көптігі содан деседі.

Жақсыдан – жақсылық, жаманнан – жамандық шығады. Олай болса, тірлікте жақсылықтан жамандық көп, жақсылықтың рахатын көргендер жамандықтың зардабын тартқандардан аз.

Мына елеусіз жерге ұя салып, жұмыртқалап, балапан шығарып, оларын қара қанат болғанша асырайтын көкек – жамандықтан зәбір көріп жүрген құс.

Зерделі оқырман, естігенге емес, көргенге сенген мақұл.

Ендеше, мен – көкектің өзін де, балапанын да қолыма ұстап көрген адаммын, сеніңіздер, көкек — жұмыртқасын да, балапанын да өзінен басқа құстың қанатының астына салып, тұмсығымен түрткізбеген құс.

Дүниедегі қатыгездіктің көкесі – өз перзентінен безіну, осындай оңбаған қыздарды жұрт қазір көкекке теңейтін болып алған. Шындығында, ол қыздар көкек емес. Көкек – балапаны үшін жанын пида етуден тайынбайтын құс. Оны көзім көрген.

Елі көшкен ескі үйлер мен қораларда құстар ғана емес, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, жылан жыртылып айырылатын. Жылан жылжып жүріп құстардың балапанын қылғыта беретін.

Ешқандай құс, тіптен кішкентай шымшыққа дейін балапанын жыланға оңайлықпен жегізе салмайтын, аянбай айқасқа түсетін, балапаны үшін өз жанын пида ететіндері аз болмайтын.

Бірде ескі қора тұсынан өтіп бара жатып, көкектің кіш-кіш еткен мазасыз үнін, қанатының тез-тез пырылдағанын естідім. Қораның арғы бұрышында көкектің ұясы барын көріп жүретінмін. Солай қарай ентелей бастым, бұрышты айнала бере көрдім: басын қақшитып алған ұзын қара шұбар жылан жатыр тілі сумаңдап. Мына сұсты пәленің дәл тұмсығының алдында бүкіл қауырсын қанаты дүрдиіп, айдары адырайып айбат шашып көкек отыр. Жыланның көзін тайдыра бергені сол екен, көкек дәл төбесінен шоқып-шоқып қалды. Жылан есеңгіреп, зорға жылжып барып, қалың шөптің арасына кіріп кетті.

Көкек «кіш-кіш» деп, айдарын селкілдетіп, құйрығы мен қанатын тарқатып жиып, ұясына қарай ұша жөнелді.

Мен көкектің балапанына жыланды маңайлатпайтынына көзім анық жетіп, қуанып тұрып қалдым.

Мен білетін көкек – осындай құс.

Ал, енді ана ағаш атқа мінгізіліп, жексұрын қылықтар таңылып жүрген көкек – басқа.

Ол – «ку-ку» - деген үн шығаратын айдары жоқ, жабайы кептер тәрізді көксұр құс. Ондай көкек біздің жақта жоқ.

«Қазақ тілінің сөздігінде жазылғанындай, біздің көкек «тұмсығы мен қанаты ұзын, тікше біткен айдары бар сарапа түсті құс». Мүмкін бұп ана албасты көкек мекендейтін жақта жоқ шығар.

Біздің көкегіміздің «Көкек» деп, аз атын өзі атағаннан басқа айыбы жоқ. Құстың тілін кім біліпті, мүмкін, біздің көкек: «Көктем!» деп қуанатын шығар, не десек те көкек – еш зияны жоқ құс.

Осыны біле жүргей, оқыған жұрт.
АҚЫННЫҢ ӨМІРБАЯНЫ – ӨЛЕҢІ
Ұлы Пушкин өзі туралы толтырған анкетаға туған жылы мен айын жазып, «Өмірбаяным өлеңімде» деген.

Ақын туралы небір әдемі сөзді ақындардың өзі де, өзге де айтқан, бірақ Пушкиннің мына сөзі бәрінен қарапайым, шындық.

Ұлы адам, ұлы шығарма қарапайым болады.

Абайдың, Әуезовтің, Мұқановтың, Мүсіреповтің шығармалары оқыған адамның көңіліне бірден қонады. Неге? Олар – ұлылар. Ұлылар шығармаларын қалың халыққа арнап қарапайым етіп, сонымен бірге шындыкты жазған. Шындық пен қарапайымдылық егіз, шындық қашан да шындық, ал қарапайымдылықты қарабайырлық дей көрмеңіз, ұғынықтылық деңіз.

Бізде бір жазушылар бар, одан-бұдан оқығанына еліктеп, ой бір бұрқыратып жазады дейсің. Өз басым соларға тамсанып отырғандарды көргенде жүдеп қаламын. Менің қастер тұтатындарым – өз топырағымыздан жаралған жоғарыда аттары аталған алыптар, жете алмай келе жатқан нысанам да солар. Олардың жеткен биігі – біз сияқты пақырлар ұшып та, өрмелеп те жете алмас мұзтау.

Ақынға қайта оралайық. Пушкиннің «Өмірбаяным өлеңімде» дегенін кең мағынада түсінген мақұл. Анығында, өлең – ақынның болмысы. Ақын өз арман-аңсарын, қуаныш-қайғысын, ысып-суынғанын, биіктегенін – жер болғанын жазады. Ақын жазған жайлар – бүкіл адамзатқа тән, етене жақын, әркім олардан өзін көргендей болады. Ақын деп сондай көптің көкейінен шығатын, әркімнің көңіл пернесін дөп басатын өлең жазған адамды айтсақ керек.

Мен көптен білетін бір ақын бар, өзі білімсіз, бәдік, жұқсыз, дәңкеуде, мақтаншақ, бір сөзбен айтқанда, Құдай сүйер қылығы жоқ, сөйте тұра дана, пәк, өресі биік, ақ, адал адамның сөзін айтқан болады, бірақ ұқсата алмайды. Асыл қасиет қанында болмаған соң қағазға түспейді, жазғаны жаман еліктеу болып шығады.

Жаратушы иеміз адамға өмірді ғана емес, өнерді де берген. Өзінде бардың бағасына жету – жетелілік, асыра сілтеу – әулекілік. Мен пәлсапа соқпақ болып әуреленіп қайтейін, «Әлін білмеген – әлек» деген ғой халық ондайларға. «Қысқа да нұсқа» деген осы болар.
Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет