Филология және педагогика ғылымдары факультеті



бет12/15
Дата11.12.2016
өлшемі4,27 Mb.
#3637
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

Келесі сабақ тапсырмасы: Сөз этикасының дүниетанымдық компонентіне жататын пайымдауларға бірнеше мысал келтіру – ауызша.
Әдебиеттер:
1.М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев Қазақ тілінің стилистикасы. - Алматы, 2005.

2. Б.Шалабай Көркем әдебиет стилистикасы. - Алматы, 2000.

3. Р.Сыздықова Сөз құдіреті. – Алматы, 1997.

4. Ф.Мұсабаева Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. - А,1976.


5-тақырып. Сөйлеу мәдениеті және фонетикалық норма.

Сабақ мақсаты: Қазақ сөз мәдениеті туралы түсінік қалыптастыру.

Сабақтың қысқаша мазмұны: «Фоностилистикадағы дыбыстық қайталау және фоносимволизм». Бұл тақырып тіл білімінде тек соңғы уақытта терең зерттеле бастады. Фонетикалық бірліктер бір уақытта бірнеше жүйенің басын біріктіріп тұратын табиғаты күрделі таңба болып табылады. Дыбыстық таңба (дыбыс, фонема) – әрі ментальды, әрі психикалық, физиологиялық, физикалық, лингвистикалық, әлеуметтік, психологиялық, мәтіндік, эстетикалық және мәдени мәнге ие құбылыс. А.С.Селях тіл дыбыстарының экспрессивтік қызметін оның фоносемантикалық табиғатымен байланыста қарастыра келіп, адамның санасында «жалпыланған дыбыс типін» – ономофонеманың тілдік жүйедегі номинативтік қызметіне және оның сөйлеуде синтагмофонемаға, морфонемаға трансформациялану ерекшелігіне талдау жасайды.

Академик Ә.Т.Қайдаров, Е.Қажыбеков, А.Айғабылұлының зерттеулерінде қазақ тіліндегі моносилабтық дыбыстың құрылымы дыбыстардың фонологиясы, дыбыс сәйкестігі, дыбыстардың алмасуы және т.б. фонетикалық құбылыстар мен заңдылықтар жан-жақты сөз болды.



Дыбыстық символизм – дыбыстың сөз мағынасымен метонимиялық ассоцияциялануына негізделген символизацияның бір түрі. Дыбыстық ассоциацияның жасалуына сөздің мына бөліктері қатысады: 1) ұқсас дыбыстар; 2) екпін түскен буынның алдында тұратын дауыссыздар; 3) екпін түсетін дауыстылар; 4) қайталанатын дыбыстар. Дыбыстық ассоциациялану шартты түрде жүзеге асады, сол себепті оны анықтау да күрделі.

2.2 «Аллитерация және ассонанс» дыбыстық қайталауға негізделеді. Аллитерация – сөз ішінде қатар немесе алшақ тұрған бірдей немесе ұқсас дауыссыз дыбыстардың қайталанып келуі. Стилистикалық мәнерлілікті күшейтудің ерекше амалы ретінде клишеге түсірілген синтаксистік құрылымдарда, мақал-мәтелдерде, күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаста кең қолданылады. Аллитерация ауызекі шығармалардан, поэтикалық шығармалардан басқа прозалық мәтіндердің де дыбыстық ұйымдасу ырғағына, мәтінге тән авторлық көңіл-күйді жеткізуге әсер етеді. Қатар емес, арасына дыбыс тастап жасалатын өтпелі (сквозной) аллитерацияға пароэмион жатады. Мысалы: Төбелер түгел өртеніп бара жатқандай, Осынау өрттен өзі бір рахат тапқандай. Бүрісіп қыста, бүк түсіп жатушы еді олар, Батырдай бейне басына жүрген бақ қонбай (Т.Молдағалиев).

Аллитерация құбылысы сияқты ассонанс та кең мағынада түсініледі, ол дауысты дыбыстардың сөз ішінде үндесіп, үйлесіп келіп, фоностилистикалық құрал болу қызметін белгілейді. Дауысты дыбыстардың үндестігі қазақ тілінде сингармонизм заңдылығымен байланысты қарастырылады да, көп жағдайда оның эстетикалықтан гөрі тілдік қасиет-сапасына көңіл бөлініп жатады. Бірақ ассонанстық қайталамалар сөйлеуге әуенділік, өлшемдердің сәйкестілігін, мәтінді нақты бір эмоциональдық күйде қабылдауға мүмкіндік береді. Ассонанс аллитерациямен бірге қолданылып, дыбыстық мәнерлілікті күшейтіп тұрады және осының салдарынан белгілі бір буындар қайталанып келіп, мәтіннің стилистикалық ұйымдасуына әсерін тигізіп тұрады: Шым ете түсті өн бойым, Көзқарасыңды байқап қап. Бөлініп кетті демде ойым, Жас көңіл қалай жай таппақ (К.Ахметова). Мұндағы буындардың қайталануы полифониялы. Полифониялы қайталаудың бір түрі дыбыстық параллелизм арқылы жасалады. Дыбыстық параллелизм өзара ұқсас дыбыстардың фраза, сөз тіркесі, өлең жолдарында симметриялы орналасуы арқылы жасалынады. Мысалы: Білмесең, ей, кімсана, даламын мен, Көргенде кең даланы баламын мен (Қ.Шаңғытбаев).

Ассоциациялық байланыс екі жағдайда ерекше мәнге ие болады:

1. Аттрактанттар дыбысталуы жағынан тым ұқсас, бірдей болып келеді, бірақ дыбыстардың бірізділігі әртүрлі болады. Мысалы: Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген, Сонау бір соғыс жылы естіген ем.

2. Аттрактанттар тек бір не екі дыбыс арқылы ғана ажыратылады. Мысалы: Мәңгі сені әлдилеп, аялайын, Жүрегімнің шуағын аямайын (К.Ахметова). Дыбыстардың мұндай үйлесімдігі квазиомонимдерді, яғни белгілі бір контексте айтылуы, дыбысталуы жағынан өзара ұқсас, бірақ мағыналар әр басқа сөздерді жасайды. Аттракцияның мұндай түрлері парехезаға негіз болады. Парехеза – сөз формаларының дыбысталуы жағынан өзара жақын болып келетін, бірақ кейбір айырмашылықтары бар полифонияның бір түрі. Сөз формалары өзара ұқсас болғанмен, біріншіден, дыбыстардың бірізділік реті жағынан ажыратылады (мысалы: естімеген – естіген ем т.б.), екіншіден, бір не екі дыбыс арқылы ажыратылады: (Жүректің шыңырауында қоздайтұғын, Шыбыны бар кеудені қозғайтұғын (М.Мақатаев), Аяп кетіп, сипадың сен бетімнен, Аумайтұғын сияқтымын жетімнен (К.Ахметова). Диссонанс жағдайында аттрактанттар тек дауысты дыбыстар арқылы ажыратылады: Қылығың жарасатын назым едің, Назым едің, не деген нәзік едің (К.Ахметова). Парехеза қарама-қарсылық мәнді жеткізу арқылы каламбур жасауға негіз болады.

Дыбыс қайталауларының көркем шығармада образ сомдауға да қызмет ететін жайлары кездеседі. Өлеңдерде өз кейіпкерлерін өлтіре сынап, күйіне, өткір сын айтып суреттеуінде немесе бойын билеген сүйіспеншілік, ғашықтық сезімін жеткізуде автордың осы эмоционалдық жай-күйі орын алады: Мал мен бақтың дұшпаны, Кеселді пысық көбейді. Күшік иттей үріп жүр, Кісіден кеммін демейді. Қу тілменен құтыртып Қызмет қылған кісісің, Құрытуға таяйды. Қылып жүрген өнері: Харекеті –әрекет. Өз оңбаған антұрған Кімге ойлайды берекет? (Абай). Осындағы «қ», «к» дыбыстарының аллитерациясы кеселді пысықтардың образын орынды суреттеуде айрықша қызмет атқарып тұр. Дыбыстық бейнелеуіштен гөрі коннотативтік мағынаға бір саты жақын тұратын дыбыстардың көркем образ сомдаудағы қызметі олардың фоникалық құрылымдағы стильдік қолданымының ерекше қырын танытса керек.
Келесі сабақ тапсырмасы: Тілдік нормалар туралы теориялық пікірлерді салыстыру.
Әдебиеттер:
1.М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев Қазақ тілінің стилистикасы. - Алматы, 2005.

2. Б.Шалабай Көркем әдебиет стилистикасы. - Алматы, 2000.

3. Р.Сыздықова Сөз құдіреті. – Алматы, 1997.

4. Ф.Мұсабаева Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. - А,1976.


6-тақырып. Сөз қолдану мәдениеті.

Сабақ мақсаты: Жазу-сызуды демократияландыру, халықтық тіл нормасы, жазба тіл нормасымен танысу.

Сабақтың қысқаша мазмұны: Біз жалпы тілді ауызша тіл және жазба тіл оппозициясында таптастырамыз. Оның мынадай себебі бар: 1) қазіргі адам санасында ойдың сыртқы тілге кодталуының екі түрі болады: графема арқылы сөздің графикалық портреті және фонема арқылы сөздің негізгі дыбыстық реңкі, 2) адам санасында тіл екі түрлі болып сақталады: ауызша және жазбаша, жазу монополиясының күшеюі тілдік санада екі түрлі ойлау жүйесін қалыптастырып отыр.

Кез келген сөзді естіген сауатты адамның санасында сөздің фонетикалық бейнесімен қатар, графикалық портреті елес береді. Бұл – әдеби стиль түрін меңгермеген кез келген сауаты бар адам санасында болатын код түрі.

Б.Куртенэ тек сөйлей ғана білетін адам мен сөйлей де жаза да білетін адамның санасында айырмашылық барын айтқан. Стиль түрлерінің ешқайсысымен машықтанбаған, сауатты адамның санасында, сонымен, екі түрлі елес өмір сүреді. Бұның біріншісін – ауызша тілді адам кішкентай кезінен отбасы, үй ішінде, ауыл, аула айналасы, қоғамдық орындарда (көлік, дүкен, асхана т.б.) меңгеріп, ал теледидар, радио, мәдени орындардағы сөйленістерден бейтарап әдеби сөйлеуді естіп өседі. Ал мектепке барып, сауатын ашқаннан жазба тілді алдымен ауызша тілдің деңгейінде (сөз тіркесін, сөйлем түрлерін құрап) қабылдайды. Жазуды пайдаланып, біреуге білдіретін ойын хат, қолхат арқылы шығарады. Немесе іштегі ойын сөйлем, мәтін (шығарма, әңгіме) құрау арқылы білдіреді. 2-сыныптан басталатын жазба тілдің жүйесін меңгерудің осындай сатылары адам санасында, жоғарыда айтылғандай, жазба тілдің елесін қалыптастырады.

7-8 сыныпқа келгенге дейінгі бала белгілі авторлардың көркем шығармаларын оқып, мазмұндап, ойды көркемдеп жеткізетін құралдарды қалай пайдалануды зердесіне тоқып, санасына елес түрінде сіңіргеннен кейін енді өзі осы елесті пайдаланып, белгілі бір мотиві бар ойын сыртқа көркемдеп жеткізу дәрежесіне жетеді (шығарма түрінде). Сондықтан 6-7-8 сыныпта еркін тақырыптағы шығармашылықтың жоғары деңгейі көрінеді. Оқушылар сезіміне әсер еткен кез келген құбылысты көркемдеп, әсірелеп жеткізуге төселе бастайды (көркем әдебиет стилі). Жас кезеңінде балалардың көркемдік сезімін ояту негізгі мақсат саналады. 9-11 сынып бағдарламасы шығарманың авторы, кейіпкері, оқиғасының өту дәуіріне талдау жасауға ауысады. Бала енді сезіміне әсер еткен мотивті әсірелеп жеткізуді емес, оның себебін іздеуге шығады. Сөйтіп, шығармасында салқынқандылық, саналы ой көріне бастайды (публицистикалық стиль). Бала мектепті осы үрдісте аяқтайды да, кейін ЖОО-нда дәріс, семинар есебінен өз мамандығының терминологиясымен танысып, жеке салаға маманданады (ғылыми стиль). Ал жұмысқа орналасқанда қызмет бабындағы ресми сөйлеу, ресми ісқағаздар стилін меңгереді.

Бұл айтылғандардан, біздіңше, тілді таптастырудың мынадай жүйесін табуға болады: тіл ауызша және ЖАЗБА ТІЛ арқылы көрінеді. Ауызша тілауызекі сөйлеу тілі (отбасы, аула т.б.), бейтарап әдеби тіл (БАҚ тілі, шешендік сөз, дәріс, жиналыс), ресми тіліне (мектеп бағдарламасы, ғылыми конференция, жиналыс сөзі т.б.) бөлінеді. ЖАЗБА ТІЛ жазба ауызекі тіл (хат, қолхат, интернет тілі) және жазба әдеби тілге (көркем әдебиет, публицистикалық, ғылыми, ресми ісқағаздар стилі) ажырайды. ЖАЗБА ТІЛ: жалпы графикалық ерекшелік, графикалық және графемдік ерекшелік.

Жалпы графикалық ерекшелікке ЖМ-нің парақ бетіне орналасуы, азатжол, көз тынысы, (үлкен ашық жол), қаріп түрлері (майлы, ашық, көлбеу әріп), үздікті жазу, асты сызылған жазу, қаріп түсі жатады. Графикалық ерекшелікке сол ЖАЗБА ТІЛ-ның қолданып отырған графикасы, әріп саны, әріп тіркесі, әріп диакритикасы, тыныс белгілер жатады. Графемдік ерекшелікке әліпбидегі әріп мәндері, графеманың мазмұн межесі мен тұрпат межесі, тілдің фонологиялық құрылымының графемаларға сәйкес келуі, бір әріптің бір/бірнеше фонеманы, бір/бірнеше фонеманың бір графемаға сәйкес ЖАЗБА ТІЛ-ның оқылу және жазылу жүйесі жатады.

Келесі сабақ тапсырмасы: ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы жазу-сызуды реформалауға айрықша назар аударып, демократиялық бағытқа қарай бетбұрыс жасауды көздеген ағартушылар, белгілі түркітанушы ғалымдар туралы мәліметтер табу.
Әдебиеттер:
1. Шалабай Б. Қазақ тілінің стилистикасы. Оқу құралы. – Алматы: Республикалық оқулық баспа орталығы, 2006. – 304 б.

2. Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті. Оқулық. – Алматы: «Зият Пресс», 2006 ж. – 140 б.

3. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов Е., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. - Алматы, 2005.
7-тақырып. Ресми-іскерлік қатынас тілі.

Сабақ мақсаты: Ресми стильдегі стильдік норма, ресми және іс қағаздар стилінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктері, ресми-іскерлік стилінің морфологиялық ерекшеліктері, ресми және іс қағаздар стилінің синтаксистік белгілері туралы түсінік қалыптастыру.

Сабақтың қысқаша мазмұны: Тіл жүйесіндегі стилистикалық бейтарап, яғни ешқандай қосымша реңксіз құралдар қатынас жасаудың барлық саласында кеңінен қолданылады. Олар стилистикалық бояуға ие болмайды. Мысалы, лексикада үй, қол, адам, тау, оқу, т.б. сөздер. Стилистикалық бояуға ие құралдар осындай стилистикалық бейтарап құралдардың аясында ғана айрықша көзге түсіп тұрады. Сондықтан олар стилистикалық нөлдік деңгейді құрайды.

Стилистикалық бояудың екі түрі ажыратылады: эмоционалды - экспрессивті және функционалды. Бұл жағдайда, стилистикалық бояуға ие тілдік құралдарға өздерінің негізгі атаулық, заттық-логикалық, грамматикалық мағыналарына үстемелей, белгілі бір экспрессивті немесе функционалды мағыналарды қоса білдіретін тілдік құралдар жатады. Тілдің ондай қосымша сапа - қасиеттері әлгі құралдардың қолданылу өрісін шектеп, қарым -қатынастың белгілі бір саласында ғана жұмсауға мәжбүр етеді. Мысалы, жалмауыз, шошқа, сүмелек, шаһар, сөлектеу, желкебай, тыраштану т.б. Бұлар эмоционалды-экпрессивті бояуға ие тілдік құралдарға жатады.

Функционалды бояуға ие тілдік құралдар да болады. Бірақ олардың ара-жігі экспрессивті бояуға қарағанда ондай айқын емес. Экспрессивті-эмоционалды бояу тілдік тұлғаның табиғи қасиеті болса, функционалды бояу тілдік тұлғаны қарым-қатынас жасаудың белгілі бір саласында көп қолданудан барып пайда болды. Соңғы жағдайда тілдік дәстүрдің де рөлі бар. Тілдің тұлға - бірліктерінің мағыналық-стилистикалық жағы мен оларды белгілі салада көбірек қолдану дәстүрі арасында қатаң тәуелділік бар. Белгілі салада тұрақты қолданудың нәтижесінде тілдік құралдың мағынасы белгілі стилистикалық мәнге, бояуға ие бола бастайды да, кейін тұрақты бекітіледі.

Мысалы, ресми стильде қалыптасатын штамптар («жоғары жетістікке жетті», «қаулы қабылдады» т.б.) осындай қолданыстың нәтижесі.

Демек, даму барысында функционалды стилистикалық бояу да бірте-бірте тілдік тұлға-бірліктердің олардың мағыналарына о бастан тән, табиғи қасиетіне айнала береді. Сондықтан функционалды стилистикалық бояу тілдік құралдың мағынасынан бөлініп қаралмайды.


Ресми іс қағаздар тілінің нормасы
Тірек сөздер: Ресми ісқағаздар, ресми стиль, ісқағаздар стилі, кеңсе стилі, әдеби тіл, жалпы халықтық тіл, жазба мәдениеті, ресми құжаттар, мемлекет жұмыстары, ел билеу, өтініш, өмірбаян, сенімхат, қолхат, анықтама, мінездеме, түйіндеме, хабарландыру, құттықтау, қатынас қағазы, акт, мәлімдеме, бұйрық, есеп, хаттама, шарт, міндеттеме, нұсқау хаттар, сот процесі, елшілік кездесулер.
Ресми ісқағаздар тілі – әдеби тілдің стильдік тармақтарының бірі. Әдеби тіл жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан тіл. Әдеби тіл жалпы халықтық тілдің ең жоғары формасы болып есептеледі. Қоғамның, мемлекеттің дамуымен байланысты, сол мемлекет тілінің байлығы, мәдениеті артып, қолданылу аясы да кеңейе түседі. Мемлекет тілі – көркем әдебиеттің, ғылымның, ісқағазардың, өнер-білімнің, баспасөздің тілі. Тілдің қалыпқа түсуі, дамуы халықтың жазба мәдениетімен тікелей байланысты. Жазба мәдениеті арқылы тіл байлықтары екшеленіп, құрылысы да жүйелі қалыпқа түсіп дамиды. Яғни халықтың жазба мәдениетінің болуы тілдің әдеби қалыпқа түсуінің негізгі шарттарының бірі. Әдеби тілдің негізгі белгілерінің бірі – бірізділік. Бұл бірізділік тілдің орфогафиясында да, грамматикасында да, терминологиясында да сақталуы тиіс. Яғни тілдегі сөздердің бір ізге түскен айтылу нормасы, жазылу нормасы, қолданылу нормасы болу керек. Ресми ісқағаздар тілі кейде кеңсе стилі, ресми стиль, ісқағаздар стилі деп те айтылады. Ресми ісқағаздар тілінің ерекшелігі, онда факт дәл көрсетіліп, бір ізбен жүйелі жазуға айрықша мән беріледі. Өйткені ісқағаздары да, ресми құжаттар да ерекше қатынас жасау құралы болып саналады. Бұл стиль ел билеу, мемлекет жұмыстарын жүргізумен байланысты. Ісқағаздар стиліне әртүрлі мекемелерде жүргізілетін жазу үлгілері жатады. Ісқағаздары белгілі бір форма бойынша жазылады. Ол форманың түрлі үлгілері болады. Ісқағаздарының үлгілеріне өтініш, сенімхат, қолхат, анықтама, мінездеме, шақыру билеті, хабарландыру, қатынас қағазы, акт, мәлімдеме, хаттама, шарт, міндеттеме, бұйрық, есеп, т.б. жатады. Ісқағаздарының әрқайсысының бұрыннан белгілі бірыңғай сөздері мен сөз тіркестері, сөйлем үлгілері болады. Ісқағаздары көбінесе сол үлгі бойынша жазылады.

Қолданылатын орны. Ісқағаздарында, нұсқау хаттарда, кеңсе құжаттарында жазба түрі, ал сот процесі кезінде, елшілік кездесулерде, мемлекет, мекеме қызметкерлерінің іскерлік қарым-қатынастарында ауызша түрі қолданылады.

Қарым-қатынас мақсаты: хабарлау, нақты мәліметтер беру.



Тілдік амал-тәсілдері: сөз, сөз тіркестері тіліндегі өз мағынасына сай жұмсалады. Мысалы, ресми стильде жазушы сөзі сөз зергері, қаламгер деп қолданылмайды. Жеңіл автомобиль атауы, сөйлеу тіліндегідей, жұмсақ машина деп айтылмайды. Грамматикалық ерекшеліктер тұрғысынан алғанда, ісқағаздары қалыптасқан үлгіде, баяндау түрінде жазылып, сөйлемдері тиянақты, ой аяқталған болып келеді де, мазмұны көбінесе «тапсырма», «бұйыру» ыңғайында болады.Ресми стильде кітаби реңктегі сөздер мен тіркестер, хабарлы сөйлемдер, даяр тіркестер мен термин сөздер пайдаланылады. Мысалы: орындау міндеттелсін, мекемеге тапсырылсын, жүзеге асырылсын, ұйымдастыру қолға алынсын, баса көңіл бөлінсін, баса назар аударылсын, ескеріп отыратын болсын, қамтамасыз етілсін, қаулы етеді, осы анықтама берілді, жарлық етеді, т.б. күрделі тіркестер көбірек кездеседі. Ісқағаздары көбінесе өткен шақ формасында жазылады, айқындап тұратын сөздер жиі қолданылады.

Стильдік сипаттары: ресмилік, нақтылық. Айтылатын ойды бұрмалауға не екіұшты түсінуге жол бермейтіндей дәлдіктің болуы; автордың жеке басының сезім күйі тежеулі, сөзі ресми сипатта болуы

1-тапсырма.

1. Ісқағаздары, оның түрлері туралы 1-кестені оқып шығыңыз. Ісқағаздарының қандай жағдайда жазылатынын, мазмұндық-құрылымдық жүйесін т.б. дерекшеліктерін есте сақтаңыз.

2. Ісқағаздары, оның түрлері туралы мәліметтерді есте сақтай отырып, оқу құралының көмегінсіз 2-кестені толтырыңыз.

1-кесте

Құжаттың аты

Мазмұндық-құрылымдық жүйесі

Қандай жағдайда жазылады

Өмірбаян

Аты-жөні, туған жылы, айы, күні, туған жері, ұлты, білімі, оқыған оқу орындары, қоғамдық-саяси қызметі, ата-анасы, жұбайы, балалары туралы мәлімет, қазіргі жұмысы, мекен-жайы

1.Қызметке орналасу кезінде

2.Оқу орнына түсерде



Түйіндеме

Аты-жөні, туған жылы, күні, айы, туған жері, ұлты, жынысы, мекен-жайы, телефоны, отбасы жағдайы, азаматтығы, білімі, бітірген, оқу орындары, кәсіби біліктілігі мен кәсіби тәжірибесі, тілдік дағдылары, компьютерлік сауаттылығы, жеке қасиеттері -    қызығушылығы туралы мәлімет, қосымша ақпараттар

Өз өмірбаяны мен жұмыс тәжірибесінің, мамандығының икемділігін ұтымы көрсете отырып, ойлаған жұмыс орнына қол жеткізу

Мінездеме

Тақырыбы, мінездеме берілетін адам туралы қысқаша мәлімет, негізгі мәтін, қорытынды, мінездемені талап етуші үйымның аты, мінездеме берілген күн, ай, жыл, мінездеме берушінің аты-жөні, фамилиясы, қолы, қосымша (егер болса), мінездеменің тақырыбы парақтың жоғарғы жағын ала, орта тұсына қарай үлкен әріптермен жазылады.



Қызметкерді басқа бір вакансияға немесе оқу орнына ұсыну мақсатында жазылады.

Өтініш

Мекеменің толық аты, басшының қызметі, атағы, аты-жөні, құжат аты, мазмұны, жазылу мерзімі, қолы, өтініш берушінің аты жөні, кейде мекен жайы.

жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату, басқа жұмысқа ауыстыру, кезекті демалыс сұрау, кезектен тыс демалыс сұрау, материалдық көмек (пәтер бөлу), балабақшадан орын бөлу және т.б. туралы сұрау; жалақыны көтеру туралы өтініш айту жоне т.б.

Сенімхат

құжат атауы,күні, айы, жылы, мекен-жайы, сенімхат беруші туралы толық мәлімет (аты-жөні, мекен-жайы, жеке куәлік нөмірі), сенім білдірілетін тұлға туралы толық мәлімет (аты-жөні, мекен-жайы, жеке куәлік нөмірі), алынғат заттың атауы (егер ақша болса, көлемі санмен де, жазбаша да көрсетіледі), қайтарылатын нақты уақыты, қайтара алмаған жағдайдағы шарты, нотариалдық мекеме мөрі.

Өз өкілеттілігі мен құқын екінші бір адамға берерде жазылады.




2-кесте

Құжаттың аты

Мазмұндық-құрылымдық жүйесі

Қандай жағдайда жазылады

Өмірбаян








Түйіндеме







Мінездеме




.

Өтініш




 


Сенімхат




.


Келесі сабақ тапсырмасы: Басқа тілден енген сөздерді ана тіліндегі баламасын табу, оларды қатыстырып мәтін құрау.
Әдебиеттер:
1.М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев Қазақ тілінің стилистикасы. - Алматы, 2005.

2. Б.Шалабай Қазақ тілінің стилистикасы. - Алматы, 2006.

3. Б.Шалабай Көркем әдебиет стилистикасы. - Алматы, 2000.

4. Л.Дүйсенбекова Қазақ ресми іс қағаздары. А., Ана тілі, 2005.


8-тақырып. Функционалды стильдердің тілдік сипаттамасы.

Сабақ мақсаты: Сөздің функционалдық типтері, функционалды стилистиканың өз ішіндегі стильдер бойынша жіктелуімен (подстиль) танысу.

Сабақтың қысқаша мазмұны: Жалпы стилистика зерттеу бағыттарына қарай іштей тармақталады.

1. Контекстен тыс түрде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін саласы - құрылымдық стилистика.

2. Тілдің әртүрлі қарым-қатынас саласында қолдану заңдылықтары туралы ілім функционалды немесе қолданымдық стилистика.

3. Көркем әдебиет стилистикасы.

4. Нормативті, практикалық стилистика.

Құрылымдық стилистика тілдік құралдардың стилистикалық сапа-қасиеттерін олардың нақты қолдану жағдайына қатыссыз тұрғыда зерттесе, қолданымдық стилистика, керісінше, тілдік құрылымдардың қызмет ету ерекшеліктерін олардың белгілі бір жағдайларда (мысалы, белгілі бір жанрлық ерекшелікте, ауызша, жазбаша т.б.) қолдануымен байланысты қарастырады. Көркем әдебиет стилистикасы тілдік құралдардың ерекше салада, ерекше жағдайдағы қолданысын: көркем шығармада өнер тудырушы, өнер құбылысы ретіндегі қолданысын, яғни көркем шығармадағы өмірін зерттейді. Ал, практикалық стилистиканың міндеті - стилистикалық тілдік мәдениетті қалыптастыру. Бұған негіз болатын тілдің стилистикалық қорын және оның қызмет ету заңдылықтарын меңгеру, мұның өзі сөз қолданудың стилистикалық нормаға сәйкес дағдысын қалыптастырады.

Бұлардың ішінде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін құрылымдық стилистика саласы - әріден келе жатқан дәстүрлі сала. Оны сипаттама стилистика десе де болады. Ол тілдің стилистикалық бояуға ие құралдарын, тілдік тұлғалардың (дыбыстан мәтінге дейінгі) мәнерлегіш мүмкіндіктерін, мағыналық-қолданымдық реңктерін зерттейді. Жазушы тілінде қолданылатын көріктеуіш-бейнелеуіш құралдар да осы стилистиканың қарамағына жатады. Тілдің стилистикалық синонимдік қатары - оның негізгі зерттеу аймағын құрайды. Бір сөзбен айтқанда, жалпыхалықтық тілдік қордың (байлықтың) стилистикалық құрамын зерттейді, ал ол стилистиканың негізгі базасын құрайды.

Филология ғылымында стилистика, стиль сөздері ертеден қолданысқа ие. Ресейде 19, тіпті 18 ғасырдан стилистиканың жекелеген аспектілеріне арналған зерттеулер шықты (мысалы, әртүрлі көркем шығармалардың не жазушылардың тілі, стилі туралы), теориялық сипаттағы еңбектер де жарық көреді. Алайда, ғылыми пән ретінде стилистика 20 ғасырдың 20-30 жылдарынан қалыптаса бастайды, ал оның бір тармағы болып саналатын функционалды стилистика 50 жылдардан бастап белсенді түрде зерттеу объектісіне айналады.

Стилистика, стиль ұғымының мәні тілдің коммуникативтік аспектісімен, тілдің қолданысымен, қызмет ету жағдайымен тығыз байланысты. Бұл мәселеге көңіл бөлу 19 ғасырдың аяғы 20 ғасыр басындағы тілші ғалымдардың еңбектерінен бастау алады: В.Гумьбольд, Ф. де Соссюр, А.А.Потебня, И.А.Бодуэн де Куртенэ, Е.Д.Поливанов, Л.П.Якубинский, Р.О.Якобсон, В.В.Виноградов, Г.О.Винокур т.б.

Функционалдық-стилистикалық зерттеулер, әсіресе, өткен ғасырдың 60 жылдарынан, тіл ғылымының тілдің құрылымын зерттеуден оның қызметін (тілдің тұрақты күйінен даму жағдайын) зерттеуге ауысуынан бастап белсенді жүргізіледі. Стилистиканың қалыптасуы әдеби тіл нормасы мәселелерін зерттей бастауға да тығыз байланысты (чех ғалымдары: В.Матезиус, В.Гавренек, Э.Косериу және орыс ғалымдары В.В.Виноградов, Г.О.Винокур т.б. еңбектері).

Стилистиканың қалыптасуына тіл ғылымының «ұсақ» бірліктерді зерттеуден «ірі» бірліктерге ден қоюы да (дыбыстардан – мәтінге қарай) әсерін тигізді.

Стилистиканының дамуына әдеби тіл, тіл мәдениеті мәселелерін зерттеу де өзіндік үлес қосты.Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына байланысты стиль, сөз мәдениеті мәселелері одан әрі өзекті бола түседі.

Мәтін лингвистикасы, прагматика стилистикалық зерттеулердің кейбір жаңа бағыттарын туғызды. Ю.С.Степанов: «Қазіргі уақытта ұлттық мәдениетті, тілді және психологияны зерттеу стлистиканың (тіл ғылымының бір саласы ретінде) пайда болуымен одан әрі нақтылана, айқындала түсті»,- дейді.

Стилистика, сонымен, өзінің сипаты, мәні жағынан - функционалды сипатқа ие (оның даму тарихы соны дәлелдейді). Бұл теориялық ғылым бола тұра, оның қолданбалы, тәжірибелік маңызын жоққа шығармайды. Керісінше стилистиканың дамуы (функционалды стилистиканың) тілді оқыту әдістемесіне, басқа қолданбалы салалардың дамуына ықпалын тигізді. Лингвостилистика тілдік теорияның іргелі мәселелерін зерттейді (мыс, тілдің әлеуметтік табиғаты, оның құрылымдық және функционалдық аспектілерінің байланысы, қызмет ету заңдылықтары, тіл мен ойлаудың байланысы). Тіл ғылымы тарихындағы ұлы жаңалықтардың бірі - тілдің қос қырлылығының (жүйелілігі мен қызмет ететіндігі, қозғалмалылығы) ашылуы болды. Тіл осы екеуінің бірлігінен тұрады. Мұның бір жағы -құрылымдық-жүйелік жағы, жеткілікті дәрежеде зерттелсе, функционалдық жағы (сөз тудырушылық аспектісі) енді ғана зерттеле бастады.

Тіл - өте күрделі, көп қырлы құбылыс. Сондықтан оны бірден тұтастықта алып зерттеу мүмкін емес, жеке бір қырынан келіп: логикалық, құрылымдық-жүйелік, психологиялық т.б. зерттеуге болады.

20 ғасыр тіл ғылымының үлкен жетістігі деп тілдің жүйесін, оның құрылымдық ұйымдасуын жан-жақты қарастыруын айтуға болады. Бірақ бұл тілдің кейбір мәнді белгілерін анықтауға жеткізе алмады. Соңғы кездері тілді зерттеуде коммуникативтік-функционалдық бағыт кең өріс алып, тілдің функционалдық жағына, сөйлеуге, мәтінге көңіл бөліне бастады.



Каталог: uploads -> doc -> 04ba
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
04ba -> Сабақ №14 Сабақ тақырыбы: Нарық механизмінің негізгі элементтері: сұраныс, ұсыныс, баға және бәсекелестік
04ba -> Орта мерзімді жоспар. Пән мұғалімі: Есенгалиева А. Е
04ba -> Сабақ Сыныбы: 9 Сабақтың тақырыбы: Экономикалық және әлеуметтік география ұғымы, мақасаттары мен міндеттері
04ba -> Сабақтыңтақырыбы Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер. Наурыз Әз Наурыз-түркінің төл жаңа жылы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет