Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет18/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

Бесінші тарау

Күн-Ананың құдыреті. Алғашқы тарауда айтылган Айдаһармен танысатын да сәт туды.

Қою қараңғылық бірте-бірте сейіліп, сәресі әлетіндегі тайқазанның түп күйесіндей қап-қара түсті бозғылт бояу алмастырды. Сол бозғылт бояудан айналаға тіршілік белгісі тарап, түні бойы көзге түртсе көргісіз «соқыр теке» қараңғылықтың құзырында демдерін ішіне тартып, тым-тырыс тұншыққан талдар бой түзеп, қолаң шаштай ұйысқан жапырақтарын самал сілкіп, жел тарай бастаған. Сонау күншығысты көлбеп жатқан алып қырда хабаршысы — ақ самалдың желөкпе мінезі еліктірмей қойсын ба, жапырақтар да бір-бірімен жапырласа бас изесіп, өзара жарасымды бір жылы сыбырға көшіп жүре берді. Әлбетте, қанаттарын жел көтеріп, бұтақтан-бұтаққа ұшып-қонып, дегбірсіз шырылға басқан шымшықтардың үнін естісеңдер, оны да осы таң хабаршысының сүйіншісінің шашуы деп біліңдер. Таңғажайып таң арудың еншісіне ғана тән осынау нәзік көріністің әрбір нақышынан әсем әуен тындағандай бір рахат сезіммен қанағат алып, маужырап жатқан Ақпарақ айналаға көзін төңкеріп, ойлана қарайды.

Аулада тіршілік иелерінен өзінен өңге әлі қыбыр еткен жан жоқ. Қызыл Айдар, жылы төсегін қимады білем, жаңағы бір әлетте үзіп-созып таң хабарының ырымын жасаған да қойған. Қарала болса да анау еңселі үйдің ішінде, қалың көрпенің үстінде пырылдап, тәтті үйқыны соғып жатқан шығар. Еһ, олар Күн-Ананың қадірін Әлімбек атасындай білмейді ғой.

Қожайындары күнде таң ертең төсегінен түрып, қалқиып есігінің алдына шыққанда әуелі күнбағысша иіліп Күн-Анаға тағзым ететін. «Күн, — дейтін сосын қолтығындағы балдағына сүйеніп тұрып, — жарықтық, табиғаттың төсін емген тіршілік атаулының ортақ анасы ғой!»

Бірде терезеден түскен жарықты азсынып электр шамын жағып қойған осы әумесер Қаралаға «Бәтшағар, сенің бұл шамыңның жарығы күннің құдыретті нұрына бәрібір жетпейді! Бұдан былай бүйтіп асылық мінез көрсетпе!» деп, зекіп тастағаны бар. Шынында жер-жаһанда Күн-Ананың сәулесінен құдыретті ешқандай керемет жоқ шығар! Иә, ешқандай жоқ! Егер Күн болмаса Қызыл Айдардың патшалығының да, Қараланың пандығының да құны көк тиын ғой.

Ақпарақ шәу-шәу үріп, қораны бір айналып келді. Аппақ нұр айналада мейлінше молайып, шығыстағы тұтасқан ақшарбы бұлттардың етегі қызыл жалқын түске бояла бастаған. Бұл енді, әне-міне дегенше, Күн- Ана да бой көтереді деген сөз.

Түу, ендеше мынау жұрт Күн-Анамызды қарсы алмай неғып жатыр? Мақұл, Қаралаға Күннің шуағы денесін аяз қарып, тоңғанда ғана керек, ал анау Қызыл Айдарға, Тышқанға не жорық? Қожайыны Күнді қарсы алу дәстүрін боса да бұзбасы анық, әйтпесе, анау аңыз әңгімені майын тамызып айтып бермес еді ғой.

...Мындаған жылдар бұрын, кім білсін, бәлкім беріде-ақ болар, көкжасыл көркем өлкедегі тіршілік атаулыға әмірін жүргізіп, Күннің де, Түннің де қызығын жалғыз өзі иемденіп келген бір қатыгез патшаның жұлдызы көк кеңістігін жарқырата ақтық рет жанады да, жерге қарай құддилай ағып жөнелді. Көп ұзамай оның орнын Айдаһар сынды айбатты патша басты. Бұрынғы қатыгез патшаның темір бұғауынан Күн-Ана да құтылды. Өйткені, әлгі қатыгез әмірші жан-жануарлар алым-салықтарын жыл сайын бір еседен артық апарып тұрмаса Күн-Ананы шынжырлап, ұясынан шығармай қоятын. Сондықтан, осы уақытқа дейін қаһарлы патшаның қысымынан әбден зәрезеп болып, жүні жығылып қалған жан- жануарлардың арқа-басын бір жадыратайыншы дегендей мейірімді Күн-Ана алтындай ақсары өңі гүл- гүл жайнап, нұрын төгіп кеп берді.

Қолы кетпенге тиіп, аузы нанға жарыған жан- жануарлардың қуанышында шек жоқ. Қуанған хайуанаттар кездескен жерінде тұра қалып Айдаһардың аманшылығы үшін дұға оқып, тәу етуді әдетке айналдырды. Олардың өз ықтиярларынан айырылғандары сонша бір-бірінен «ау, осымыз ертең өзімізге таяқ болып тиіп жүрмесін» деп, ақыл тоқтатындай халде емес еді. Қайта бір-бірімен жарысқа түсіп, Айдаһардың алдында жақсы атты көрінгісі келетінді шығарды.

Әлбетте, Айдаһар да көктен аяғы салбырап түскен әулие емес еді, оның үстіне тақтың буы бар, сондықтан өзіне көрсетіліп жатқан осынау даңқ пен дақпыртқа мас болып, елтімей тұрсын ба? Төңірегіне «көрдіңдер ме, бұл өлкеде менен өткен ақылды ешкім жоқ, бәрі менің құдіретімнің арқасы» дегендей, масаттана көз тастайтыңды шығарды. Оны айтасың, құзырындағы құлдық ұрушылардың жанарынан өзіне деген ессіз табынушылықтың ұшқынын көру — оны адам айтып болмас ләззатқа бөлейтін. Айдаһар осылайша мейманасы тасып көкжасыл көркем өлкедегі тіршілік иелерін уысында ұстап, сән- салтанатпен дәурен сүріп жатқан. Бірде уәзірлерінің ішіндегі үндемей, көрінгеннен қауіптеніп жүретін Шибөрі топтан жырылып қалды да, мұның аяғын сүйе құлады.

— О, Алдияр хан ием, датым бар!

Шибөрінің жылбысқыдай жабысқан алақанынан жиіркеніп, қолын тыжырына қағып тастаған тәккаппар Айдаһар ақырып жіберді.

— Айт, датыңды!

— Бәрі-дағы Сіздің алтын тағыңыздың, асыл тәжіңіздің тұрлаулы болуының қамы, хан ием! — Шибөрі Айдаһарға жаутаңдай қараған күйі құйрығымен жылжып кері шегінді де, шоқиып отырды. — Көк Тәңірі куә, жан-жануарларыңыздың Сізге деген құрметін айтып жеткізу мүмкін емес. Қара тобырыңыз Сіздің басқан ізіңізді жығылып жатып сүюге бар. Бірақ... — Шибөрі жорта мүләйімсіп, сөзінің аяғын әдейі жұтты. — Не дейсің?! Айт жылдам, әйтпесе ... әй, жендет, ал мынаның басын!

— Ойбай, тақсыреке, күнәһәр пендеңіздің шыбын жанын қия көріңіз!

Айтайын дегенім «Іштен шыққан жау жаман» деген. Сіздің әлемге әйгілі әмірші ретінде даңқыңыздың асып тұрғанын кейбіреулер көре алмай жүр. Бұрынғы патшаның заманын көксеп, сыпсың сөз тарататын көрінеді. — Шибөрі аузындағы сөзін айтып болғанша қаһарлы патшаның кәрінен қорқып жонарқасын мұздай тер жуып кетті.

— Айт шапшаң, кім ол! ? Қайдан естідің?!

Осы сауалдан қашып құтыла алмасын біліп, оған алдын-ала жауабын қанжығасына бөктеріп келген Шибөрі бұл жолы онша саспады.

— Жау алыста емес, хан ием! Иегіңіздің астында. Түстеп берсем, Сіз ұстанған сара жол ең алдымен Арыстанға ұнамайды.Өткенде Жолбарыс екеуі сөз қылып отырғанын өз құлағымен естідім. Ойлары — қайткен күнде де Сізді тақтан құлату... Айдаһар аузынан от шашып, алпыс алты кез құйрығымен жерді салып-салып қалғанда жер сілкініп, тау-тас, орман-тоғай жапырылып қалды. Өзен-көлдер арнасынан асып, егіс алқаптарын шайып кетті, жануарлар ешнәрсеге түсіне алмай, у-шу...

— Жоғал, көзіме көрінбей, малғүн! Жаманат хабар жеткізген сені де аямаймын! Әй, жендет...

Айдаһардың алтын сарайынан Шибөрінің шыбын жаны шырқырай шықты.

Төтеннен келген бұл нәубеттің алдында ақылды Арыстан да, алғыр Жолбарыс та төтеп бере алмады. Ертесіне қызыл киімге оранған жендеттің қан сасыған шөркесінің екі жағында екі арыстың басы денесіз домалап жатты.
Алтыншы тарау
Ақ шашты әзіз Әулиенің шарты.

Ұйқыға кеткен Айдаһар қайтадан оянып кетпей ме?


Екі бірдей сенімді ақылшыларының асыл текті патша ағзамға деген «қаскүнемдіктері» әшкере болып, бастары алынғаны жайлы оқыс оқиғадан кейін жан- жануарлардың санасын қайғы бұлты торлап алды. Арыстан мен Жолбарысты «ақ еді», «обал болды» деп айтуға ешқайсысыныңда дәті жетпеді. Дәлірегі, бұрын жан-жануарлардың Айдаһарға деген құрметінен шынайы сүйіспеншілік лебі есіп тұрса, ендігі құрметтің астарында «пәледен машайық қашыпты» дегендей, тылсым үрей бар-тұғын. «Біреудің жаманаты — біреудің қанағаты» болған заманда бұған, әсіресе, Шибөрі тектестердің айызы қанып, құдайлары берді де қалды. Олар ұзында өші, қысқада кегі бар біреуді көрсе бітті «міне, мынау ақылы асқан айбатты патшамыз Айдаһардың атақ-абыройына дақ салатын ғайбат сөз айтты» деп, сырттарынан тұзақ құрып жатты. То- пырлап дарға астырды. Жан-жануарлар өлкесі қан сасыды. Көк майса қурап, апырақтарынан айрылған ну орман арса-арса болып, Алла тағаладан сауға сұрауға көшті. Өзен-көл суалып, жер қақ-қақ айырыл-ды. Жан-жануарлар біткен талғажу қыларлық тамақ таппай туған өлкелерін тастап босып кетті.... Не істерін білмей сасқан жан-жануарлар амалдары таусылған соң ебір жын-перілерді аузына қаратып, құрдай жорғалататын, тіпті қалса қара тасқа айналдырып алшитып қоятын сиқыршы-әулиеге барып жалбарынды. Сонда Әулие ойланып отырып былай деген екен.— Иә, Айдаһар — осал жау емес. Ол өзінің қара басынан басқа біреуді мынау да мен сияқты тіршілік иесі-ау деп аяған емес. Жер-Ана үшін мұның қауіпі өте зор. Өйткені, оның ойындағы осы менмендік ұрығы бүгінде жәми тіршілік иелерінің бойына жайыла бастады. Олар а кәзір бір-біріне өктемдік жасап, бір-бірінен бақталайын асыруға құмар. Сондықтан, ей, менің ақытсыз жан-жану-арларым, талаптарыңды орындамас бұрын сендерге қояр шартым бар. — Айтыңыз шартыңызды, — десті, жан-жануарлар күңірене шулап. — Оңай шарт қояды екен деп ойламаңдар. Асықпай ақылдасып алғандарың жөн. — Не де болса көндік, Әулием! — Әбілет басқыр Айдаһардан құтқарсаңыз болды,әйтеуір.... Әулие отқа ұмтылған ессіз көбелектей алды-артын ойламайтын тобырға қабағын түйе қарап, қолын сермеді.

— Жә, олай болса, сөзіме мұқият құлақ салыңдар. Бүгіннен бастап бір-біріңе көз алартпай, ауызбірлікті, ынтымақты боласыңдар. Екінші — мынау аспан асты, жер үстінде біреудің басына қайғы бұлты төнсе, соны «ол жаттың басына түскен қайғы-қасырет» демей, ортақ қасірет деп қабылдайсыңдар. Өйткені, мынау Домалақ Жер, Домалақ Күн тіршілік атаулының — Анасы! Домалақ Шаңырағы...Домалақ Бесігі!

Жан-жануарлар Әулиенің талабы мұндай оңай болар деп ойламаса керек, шулап қоя берді. Әсіресе, Қасқыр:

— Ой, бар болщны осы-ақ па? Ха...ха... Бір - біріңмен дос болыңдар дейсіз ә, мінеки, достық құшағымыз қазірден ашық. Әй, Қыли, қайдасың? — деп, көлеңкесінен қорқып отырған Қоян байғұсты өзеуреп шақыра бастады.

— Енді үшінші шартымды тыңдандар! Мен бүгіннен бастап Айдаһарды оқып, ұйықтатуға кірісемін. Ол сиқырлы дұғамда оқыған сәттен бастап, қалғи бастауға тиіс. Көзін мәңгібақи жұмғызсам да болар еді. Бірақ, мен сендерге сенбеймін. Оған анау қырғынға ұшыраған жәмиғаттарыңның рухы куә. Сондықтан, үшінші шартымның серті — өздеріңнің пиғылдарыңа байланысты болмақ. Яғни, жоғарыдағы екі шартты бұлжытпай орындайтын болсаңдар Айдаһар мәңгі бақи көз жұмады. Ал зұлымдық тәңірі мәңгібақи көз жұмған кезде жер бетінде Қасқыр мен Қоян бірге жайылып, адам сенгісіз бейбіт заман орнайды. Егер өзді-өзіңмен жауласып, бейбіттіршіліктің берекесін ала берсеңдер Айдаһардың бойындағы зұлымдық қайта күш алып, бас көтеруі мүмкін. Ал ол екінші рет бас көтереді дегенше күллі тіршілік иесі ғана емес, мынау сендерді мәпелеп асырап отырған жомарт Күн-Анаға да қатер төнді дей беріңдер.

Ақ шашты әзіз Әулиенің осы сөзінен кейін көкжасыл көркем өлкеде тату-тәтті тіршілік қайтадан қыз-қыз қайнап жүре береді. Жан-жануарлар бір- біріне «сіз-бізімен» жағып, адамгершілік ұғымы мызғымас ақ туға айналды. Бір кездері озінің басқан ізін құшып, аяғына қоғадай жапырылатын қара тобырын қынадай қырған Айдаһар болса шығыстан күлімдей көтерілетін Күн-Ананы өзімен бірге ала кетпек болып көкжиекті көлбей құлаған қалпы әулиенің дұғасына ұйып, ұйқыға кетті... — Ата, Күн-Ананың әлі күнге дейін күлімдеп тұрғанына қарағанда жан-жануарлар уағдаларында тұра білген-ау шамасы. — Қожайынның ертегісін тыңдап біткенше не болар екенмен әр түрлі ой құшағында жаны жай таппай отырған Ақпарақ атасына әнтек сұрақ қойған.

— Жоқ, Ақпарақ. Әулиенің сөзін есіңе түсірші. Ол жан-жануарларға шарт қоярда Айдаһардың бойындағы зұлымдық ұрығы басқалардың бойына да у сияқты жайыла бастады демеп пе еді. Айтқанындай- ақ, жан-жануарлардың бір парасы тату-тәтті өмір сүріп жүрсе, енді бір парасы әлі күнге шейін өзара бәтуаласа алмай, босқа қан төгіп жатыр.

— Сонда, — Ақпарақ шығыс жақты көлбей Айдаһарша ұзыннан-ұзын созылып жатқан қырға үрейлене көз тігіп қойды, — Айдаһар әлі біржолата ұйықтаған жоқ па?

— Иә, күшім, өкінішке орай, Айдаһардың алты кез азуынан қауіпсіз біз деп айтуға әлі ертелеу болып тұр.

Құлағы салбырап ойланып қалған Ақпарақ кенет қыр жаққа қарады да қуана айғайлап жіберді.

— Алақай, алақай! Күн шығып келеді, Күн! Ата, қарашы, әне! Күн, Күн шығып келеді!

Әлімбек қария Ақпарақтың қуанышын бөлісіп, дәрменсіз тіршілік иесінің көңілін ауламаққа күншығысқа қарай мойын бұрған. Шынында мына дүние жаһанның арғы-бергі мыңжылдық тарихында ешқандай қантөгіс болмағандай қырдың үстінен Күн- Ана бейбіт көтеріліп келеді екен. Ақпарақтың көз алдына алтын күннің шапақтарының астында отар-отар болып жайылып жүрген аппақ қойлар, қойлардың үстінде қуана шырылдап отырған бозторғайлар елестеп кетті. Мына қызықты қара, олардың ортасында өзі де шапқылап жүр екен дейді....



Жетінші тарау
Тынымсыз-Тышқан мен Оқымысты — Тотықұс.

«Өлке таңындағы» Сауысқанның сандырағы...
Бәрекелді, енді манағы Тынымсыз-Тышқанымыз не істеп, не қойыпты? Жалықпасаңдар, енді соған азкем оралайық. «Оқымыстыға қалайда тез жетуім керек» деп ойлаған Тышқан жолындағы кездескен кедергі атаулыға қарамастан етегіне сүрініп- қабынып жүретін әдетімен тапырақтап тұрып-ақ жүгіріп еді. Соңындағы, бораған алақұйын шаңнан қасы-көзі әппақ ақ қырау болыпты. Танауына кіріп кеткен шаңның тозаңдары кеңсірігін жыбырлатып Оқымыстының жанынан жете берсем сәлемдесуден бұрын түшкіріп-түшкіріп жібергені. Әт-пүш, әт- пүшу....

Жайлы орындыққа шалқая жайғасып, қолына газет үстаған Оқымысты-Тотықұс Тышқанның бұл қылығын, әлбетте, жақтырған жоқ.

— Кісіге қарап түшкірмес болар, Тышқан мырза. Қашанғы құлағыңа құямын осы.

— Кешірші, Тотықұс! Сәлематсың ба! Өзіңе асыққаным сонша, жүгіремін деп шаңға әбден малтықтым. Ақпарақ пен Қызыл Айдардың ұрыс- керісін бақылаймын деп жүріп түс әлетіндегі тәтті ұйқысынан қағылған Тышқан қолын керіп, рахаттана есінеп алды.

— Кісіге қарап керілуге болмайды. — Тышқан күйіп кетті.

— Үйтпе, бүйтпе... Қит етсең осы.

— Жарқыным, өмір дегеніміз-өсиетнамаға толы кітап екенін білмеуші ме ең? Ал енді осы кітапты ашқан екенсің, ендеше оның әліпбиін де меңгеріп алғаның абзал.

— Кешірші, Тотықұс! Қызыл Айдардың мамығы Қарлығаштарға не үшін керек? Оқымысты-Тотықұс өзінен әлдекім ақыл сұрай келген кездегі ісіп-кеуіп, маңызси қалатын әдетімен Тынымсыз-Тышқанға көзілдірігінің үстінен масаттана қарап-ақ сүт пісірімдей уақытты өткізді.

— Әй, Тынымсыз-Тышқан-ай! Зыр жүгіргенің болмаса, бұ дүниедегі бар жаңалықтан бейхабарсың- ау? Мә, оқы!...

— Оқымысты-Тотықұс «Өлке таңы» деп аталатын сарыала газетті Тышқанға ұстата берді...

СОҢҒЫ ХАБАР

ӘУМЕСЕР АҚПАРАҚ

Қарлығаштардың ұясына мамық іздеп шыққан Ақпарақтың жолы болмады. Әуелі Қараламен шекісіп қалды. Сосын Қызыл Айдардың патшалығына жасаған сапары да сәтсіз аяқталды. Ақпарақ қайырымды болса Қарлығаштарға өзінің мамығын сыйлауы керек еді.

САУЫСҚАН


Ашуланған Тышқан газетті лақтырып жібере жаздады.

Өсекші Сауысқан, Ақпараққа бекерге тіл тигізіпті ғой.

Оқымысты-Тотықұс болса Ақпарақтың көңіл күйі өзіне түк әсер етпегендей бұрынғыдан бетер маңызданды.

— Олай деуге болмайды.

— Ой, болмайдыңмен бар бол сен! Жаңа ғана өз құлағыммен естіп келдім. Қараланың мамығы түлеп, желге босқа ұшып жүргенге байғұс Ақпарақ елпілдеп жетіп барған ғой. Ал, ол болса...

— Дегенмен, Ақпарақтың әуелі ойланып алғаны мақұл еді.

Тышқан Оқымысты-Тотықұстан опа таппасын білді де мына жерден тезірек кеткісі келіп ініне қарай жүгіре жөнелді. Жүгіріп бара жатып дүрбісі қазыққа ілініп қалды да шаңға тағы бір аунап тұрды. Қасы — көзі аппақ шаң.

— Әт-пүш! Әт-пі-шу! Ақпарақ ақ самаурындағы өзінің бейнесімен ойнап, Қарлығаштарға сый- сияпат әзірледі. Тынымсыз-Тышқанның әңгімесі біраз жәйттің шетін шығарды.

Ақпарақ іске кіріспес бұрын самаурындағы өзінің бейнесіне тесіліп біраз тұрды.Бейне бір өзіне-өзі: «Мынау құлағы селтиіп, қутың-қутың етіп тұрған күшік шынымен-ақ мен бе?» дейтін сияқты. Самаурындағы жүні қағаздай әппақ, тұмсығы мен көзі мойылдай қап-қара күшік тым көңілді. «Бір-бірімізбен осылай «үндемес» ойнап қашанға дейін тұрар екенбіз?» дегендей» ол да орнынан тапжылар емес. Ақыры бұл Ақпарақ шыдамады. Күнге шағылысып жарқыраган әппақ самаурындағы күшіктен көзін айырмаған күйі басың оң иығына қарай әнтек қисайтыңқырап, тікірейген құлағын қайшылап-қайшылап жіберіп еді, мазақтағандай ол да мұның істегендерін айнытпай қайталады. Бұл — Ақпарақтың көңілін көтеріп жіберді. «Енді не істесем екен?» Әп, бәлем, қазір састырайын сені. Ақпарақ шолақ құйрығын астына басып отыра қалған. Қу екен, ол да шолтиған кішкене құйрығын астына басып шоқиып отыра кетті!

Көк аспанның төріне шығып алған Күн-Ана аула ішін жып-жылы шуаққа бөлеп тұр. Ақпарақ жападан- жалғыз. Ол үшін қазір осы жалғыздық қолайлы.

Ақпарақ қолындағы жүзі қылпып тұрған өткір қайшысын саусақтарына іліп, ыңғайлап алды да іске кірісті. Самауыр-айнадан бәрі ап-анық көрініп тұр..

Ақпарақ алдымен құлағының ұшындағы шашақтарын қиып алды. Сонан соң аяқтарындағы жалбыраған балақ жүндерін қырықты. Оһо, осының өзі-ақ бір ұяға жетіп артылады, әуелі. Бәрінен бұрын Қарлығаштарды айтсайшы, бір қуанып қалатын болды. Ақпарақтың Қарлығаштарға берген мамығы жайлы естіген Қарала мен Қызыл Айдар өздерінің сараңдықтарына ұялатын болады әлі.

Қой, енді уақытты өткізбей Қарлығаштарға барайын. Әлбетте, олар сондай мейірімді құстар ғой, мұның өздері үшін осыншама әуреге түскен хикаясын естіп «Ақпарақ-ау, өзіміз-ақ бірдеңе ғып ілдәлдалап жазды өткізер едік қой, түу...» деп, екеуі екі жақтан ал кеп өкінер. Бұл болса, әрине, бәрібір сыр бермейді. «Ой, мен қиналатындай ештеңе болған жоқ. Ә-ә, Қызыл Айдар мен Қараланың қиқаңын айтасыздар ма? Ой, мен олардың мінезіне үйреніп кеткенмін» дейді. Сол кезде ұябасар Қарлығаш бұған жанарыңдағы бар жылуын сыйлап, мөлдірей қарайды да ата Қарлығашқа әсем мойнын наздана бұрады.

— Қайтеміз енді, Ақпарақтай ағайдың көңілін қалдырғанымыз ұят болар. Осы кезде ата Қарлығаш қанатын қайшылай қозғап, ризашылығы болар, елпілдеп қалады.

— Әрине, әрине....бірақ осы мамығы түскірді өзіміз де өйтіп-бүйтіп жинап алып едік. Мейлі енді, артық болмас.

Қуанған ұя басар мұның қолындағы мамықты ұясына бипаздап төсей бастайды. Өзі балаша мәз. Тамағын қырағыттап, назданып та қояды.

— Ой, мамық деп міне, осыны айт! Ақпарақ аға, Сізғе көп-көп рахмет!

Өзінің момын құстарға жақсылық жасағанына жүрегі кеудесіне сыймай өрекпіп, шын қуанып тұрса да бұл әрине, сыр бермей сабыр сақтайды. Өйткені аға деген аты бар емес пе? Сондықтан, лажы болса олардың рахметіне жосықсыз елпілдемей, қысқа ғана жауап қайтарғаны абзал. Мәселен, былай: «Жар-р- рай-ды!» деғен сияқты. Жоқ, бұл тым мардымсыған мырзаларға тән сөз сияқты. Сонда не деуім керек енді? Былай десем қалай болады? «Оқасы жоқ, айналайындар! Бір-бірімізге қол ұшын беріп, көмектесу қай-қайсымыздың да парызымыз ғой». О-о, осы дұрыс сияқты. Тек «Ұрпақтарыңның аспаны ашық болсын, айналайыңдар!» дегенді ұмытпау керек...

— Ақпарақ! Ау, Ақпарақ! Ақпарақтың балдай тәтті ойын аяғының астынан шіңкілдей естілген жіңішке үн бөліп жіберді. Бүл кезде Ақпарақ мамықтарын себетке салып, Қарлығаштардың шаңырағына қарай енді бет алғалы тұрған.

— Оу, Тышқанбысың! Аяққа оратылып қайдан жүрсің?

— Ой, несін сұрайсың Ақпарақ, өзіңе айтатын әңгімем көп.

Тышқан әбден шаршаған сыңай танытып отыра кетті. Тышқанның әңгімесі шынында көп еді.

Әңгіме болғанда, бәрі әлгі Қызыл Айдардың патшалығында өзі куә болған оқиғадан басталды ғой. Оның үстіне Оқымысты-Тотықұстың ызасы тағы бар. Шынында мұндай оқиғадан кейін Тышқан сияқтылардың ештеңе болмағандай үйінде аяғын аспанға көтеріп алаңсыз жатуы мүмкін еместі. Сондықтан ол інінен атып шығып, жорғалай жөнелген. Әдепкіде лағып жүріп, өзінің қайда бағыт ұстауы керек екенін де зерделеген жоқ. Бір гәбі болар деген де қойған. Ең бастысы, әйтеуір, біреуге қастандық ойлау ниетінен аулақ қой.

Бір уақытта қараса, қүдықтың басына жақындап қалыпты. Дұрыс, дұрыс, дәл осы уақытта Қарлығаштар құдықтың жанындағы шалшыққа келіп қонақтайды. Ойлап қараса, Тышқанның іздеп шыққаны да осы Қарлығаштар екен. Қарлығаштар көп күттірген жоқ. Тышқанның үстінен шыр айнала ұшып, төңіректен қауіпті ештеңе білінбеген соң судың шетіне келіп қонақтады. Қос мұңлық шөлін басып, ауық-ауық тамақтарын қырағыттай шықылықтап өзара әңгіме- дүкенге кіріскен кезде Тышқан да тіл қатқан.

— Армысыңдар, нау құстарым!

Қарлығаштар домбыраның шірей бұралған астыңғы ішегінің үніндей жіңішке дауыстан сескеніп, орындарынан қанат қағып көтеріле берді де дауыс иесінің Тышқан екенін көріп, жерге қайта бауыр басты. Қарлығаштардың өзінен үркіп ұшып кетпегеніне Тышқанның да кәдімгідей мерейі өсіп қалды. — Достарым, тапа-тал түсте ауланың ішінде асықпай қыдырып жүрген қандай ақымақ Тышқан деп ойлап қалмаңдар. Мен осында сендердің ұрпақтарыңның қамы үшін шыбын жанымды шүберекке түйіп келіп отырмын. Әңгіме былай. Сендердің ұяларыңа мамық қажет екенін екеуара әңгімелеріңнен естіп қалған Ақпарақ деген қожайынымыздың күшігі Қарала атты мысыққа барып, келісімін алып қайтты. Қазір Қарала ауланың ортасына келіп көсіліп жатады.Сендер болсаңдар сол кезде зулап ұшқан бойларыңда Қараланың үстіндегі бұрқырап түлеп жүрген жүндерін іліп алып, ұяларыңа біртіңдеп таси беріңдер, таси беріңдер....

«Осы Тышқан өзі рас айтып отыр ма?» дегендей, Қарлығаштар бір-біріне сұраулы жүзбен мойын бұрысып қойды.

— Немене, сенбейтұрсыңдарма? Әне, Қараланың өзі де келе жатыр. Ал, қайыр-қош, мен кеттім. Егер Қарала мені көзі шалып қалса, уәдесінен айнып қалуы мүмкін. Сондықтан өзі келісіп тұрғанда, қапы қалмаңдар, айналайындар!

Тышқан осыны айтты да, тіпті Қарлығаштардың жауабын да күтпестен шарбақтың қуысына қойды да кетті.

Қарлығаштар қанат қағып, бірден ұшып жөнеле қоймаған. Бірақ «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, Қарлығаштардың осы әрі-сәрі ойына дөп келгендей Қарала да ауланың ортасына келіп, ұзынынан көсіле жатсын... Басын керенау көтеріп, түрпідей тілімен жамбас жүнін біраз сылап-сипап алды да, салқын жерге қайтадан басын қойды. Қарлығаштар байқап тұр: Қарала, Тышқан айтқандай, шынында түлеп жүр екен, жұмсақ самалдың лебі желпіген сайын мамықтары қызғалдақтың жапырағындай үлбіреп, көздің жауын алады. Ұябасар шыдамады.

— Егер Тышқан өтірік айтса, Қарала ауланың ортасында бүйтіп керіліп жатпас еді.

— Жә, тоқтай тұр. Тағы біраз күтейік. Арада біраз уақыт өтті. Денесін күн қыздырып, сүйек-сүйегі балқып, маужырап жатқан Қарала өліп қалғандай тыпыр етер емес.

— Әне, көрдің бе, Ақпарақтың Қараламен сөз байласқаны рас болды.

— Ойпырай, ә!... — Осы сөз ата Қарлығаштың аузынан шыққанша ұябасар аспанға көтеріліп, Қараланы торуылдай бастап еді...

Тышқан әңгімесін мұқият тындаған Ақпарақ ашуланарын да, қуанарын да білмей дағдарды.

— Демек, сен екенсің ғой бәрін бүлдіріп жүрген...

— Қайтемін енді, сені аяп кеттім. Кегімді бір қайтарайын деп едім.

Тышқанның үні айыпты жаңдай, бәсең шықты.

— Есіңде болсын, «Таспен атқанды, аспен атқан» ләзім. Екі ортада Қараланың тырнағына мен арандап қала жаздадым... Айтпақшы, сен осы қылығың үшін Қарлығаштардан кешірім сұрамаушы ма едің?

— Әрине, кешірім сұраймын.

— Олай болса, жүр...

Ақпарақ өзінің Қарлығаштарға апарып бергелі отырған себет толы жүнін көрсетіп еді, таңғалғаннан Тышқанның көзі бағжаң ете қалды. Сөйтті де адымдай жөнелген Ақпараққа «Өлке таңындағы» хабардың жай-жапсарын айтып, соңынан құлдыраңдай ілесе жөнелді. Ақпарақтың ауладан Қараланы көрген кезде есіне түскен оқиға, міне, осы еді.



Тоғызыншы тарау
Қожайыны далаға иіықты дегенше

Акдарақ үшін тылсым дүниенің өңі

кіріп, түрленіп жүре береді. Аспандағы

айшықты кемпірқосақты қауыздың

үстінен кез-келген уақытта көруге болады.

Осы өлкедегі ең қырсық адам...
Сықырлай ашылған есіктің ар жағынан есіктің ар жағынан бой көрсеткен қожайыны балдақтарына сүйеніп табалдырықтан бері аттағанда қап-қара сүйкімді көзін ойнақшытып, селтиген шолақ құйрығын қал-қадерінше бұлғаңдатып, еркелей қарсы алу — Ақпарақтың сүйікті әдеті. Өйткені таң атып, қожайыны далаға шықты дегенше Ақпарақ үшін тылсым дүниенің өңі кіріп, түрленіп жүре береді.

Ақпарақтың қожайыны үйінен шыққан кезде қуанғанынан секіріп-секіріп түсетіні — екінші сөмкеге тезірек ие болу. Ал сөмкеге ие болу дегеніңіз, көшеге шығып, дүкен аралап дегендей, бой жазып, қыдырып қайту ғой. Бұған атасы да үйреніп алған. «Қалай, Ақпарағым, түн тыныш өтті ме?» деп, құлағының түбінен қасылап, еркелетеді де, қолындағы сөмкені ұстата береді. Әрине, Ақпарақ атасы сөмкені өзіне ыңғайлы болу үшін бауынан тістеп алады да, шалдың алдына түсіп, үйреншікті жолымен жортақтай жөнелді. Ақпарақ содан соңындағы қос балдақты жерге шегеше қадап, жалғыз аяғымен қасқая адымдап келе жатқан атасына жалтақ-жалтақ қарайлап қойып, әуелі газет сатушының шағын күркесінің тұсына аялдайды. Атасы бұл күркеден түрлі газет-жорналдармен бірге «Қазақстан» деген ақ қорапшалы темекі сатып алғанша Ақпарақ анадай жердегі көк майсаның ортасындағы фонтанды тамашалап қайтады. Фонтанның аспанға атқылаған мөп- мөлдір моншақтарға ұқсас кәусар суы — айналаға салқын дым бүркіп, Ақпарақтың көңілін одан сайын сергітіп жібереді.

Кейде фонтан әлдеқайдан леки соққан самалдың лебімен мұның үстіне жаңбыр жаудырып, көңілді ойынға шақыратыны бар. Жаңбыр демекші, бір ғажабы аспандағы айшықты кемпірқосақты қауыздың үстінен кез-келген уақытта, тіпті қол созым жерден көріп, тамашалай беруге болады. Қай түсін қалайсың: көгін бе, сарысын ба, жасылын ба, қызылын ба, ерік өзіңде. Ақпарақ көшеге шыққан кезде әнтек көңілденіп кететін. Өйткені шарбақтас көршілері Қарала, Қызыл Айдардай емес, көшеде Ақпарақты сыйлайтындар көп. Олар кездескен жерінде бұған тоқтап, жол береді. Көздерінен шуақты нұр төгіліп, ерекше құрметпенен қарайды. Енді өзінен үлкен сөмкеге азық-түлікті сықита толтырып ап, балдақты қожайынының алдына түсіп тыпыңдап келе жатқан күшікті кім жек көрсін.

Бірақ, бүгін Әлімбек атасы сөмкені беруін бергенмен, бұ болса сөмкені бауынан салбыратып тістеуін тістегенмен, қожайыны дүкеннің үйреншікті жолынан бұра тартты. Қайда барады? Ол жағын жанындай жақсы көретін Ақпарақтан әләзір жасырып келеді.

Ақыры қожайыны бір үйдің жанына тоқтады да: «сен осында күте тұр» деп, бұны есіктің аузына қалдырып, өзі ішке еніп кетті. Таудай үйдің қасында, түймедей ғана болып көрінетін Ақпарақ жападан- жалғыз елегізи бастады. «Еһ, осындайда Тышқан болар ма еді? » дегенше болған жоқ:

— Мен мұндамын! — деген Тышқанның шіңкілдеген көңілді үнін естіген.

— Ой, сен қайдан сап ете қалдың? Мына үйде кім бар еді?

— Е, мұнда осы өлкедегі ең қырсық адам отырады. Жұрт оның түр-түсі Қабаннан айнымайтын болған соң Қабан деп атайды. Ал, сенің қожайыныңның ол немеде қандай зәру жұмысы бола қалғанын кәзір білеміз.

Тышқан жамбасындағы дүрбісімен бірге жүретін қорапты алды да, тетіктерін сарт-сұрт бұрай бастады.

— Тышқан-ау, бұның не өзі?

— Мұның атын сиқырлы қорапша, яғни видео телефон дейді. Қазір іске қоссам болды, мынау үйдің ішіндегі қожайыныңды тура телевизордан көргендей боласың.

— Ойпырай, ә! — Ақпарақтың таңғалғаны сонша көзі бақырайып, аузы аңқиды да қалды.

Шынында Тышқанның сиқырлы қорапшасының экраны біруақ жыпылықтап тұрды да, кенет жарқ ете түскен көгілдір шыныдан бөлме іші көрінді. Бөлменің қақ ортасында қаққан қазықтай түрегеп тұрған қожайыны көзіне оттай басылған Ақпарақ ұмтылыпақ қалған. Тыңшы: «Әй, абайла, сындырасың» демегенде, кім білсін, сиқырлы қобдидың түбіне жететін бе еді.

Бөлменің төріндегі емен столдың ар жағында желкесі күжірейіп біреу отыр. Қабаннан айнымайды екен. Жұрт қалай тауып қояды атты.

— Сен кімсің?

— Әй, береке тапқыр, неғып танымай қалдың? Осыдан бір апта бұрын келген жоқпын ба?

Жұмыс деген шашетектен, қайсы бірің есте қаласың? Шаруаңды айт!

— Айтсам, майдангерлерге тиісті отынымды әлі алғам жоқ.

— Так... келесі аптада кел.

— Өткенде де өстіп уәде бергенсің. Келесі аптада тағы ұмытып кетесің. Қабанға ұқсас адам ашуға булығып орнынан атып тұрды.

Көзілдірігі секіріп барып мұрнының ұшына қонақтады.

— Бар, боссың!

Ол столды жұдырығымен қойып қалған кезде сауытсаймандары еденеге ұшып-ұшып түсті.

— Ырр-р-р...

Ақпарақтың сиқырлы қобдиды бүдан ары тамашалауға шыдамы жетпей, қожайынына дауыс көтерген тоңмойын пәлені жағадан ала түспекке шапшып есікке ұмтылды. Есік ішке қарай шалқасынан ашылып, Ақпарақ бөлменің ортасына төрт аяқтап дік ете түскенде Қабанның жан дауысы шыға баж ете қалды да, терезеден қарғып жоқ болды. Ақпарақ адымын аштырмай қуып жетіп, желкесінен бүре түсейін деп еді «Ақпарақ, тоқта!» деген қожайынының мейірімді үніне еріксіз қайырылды. Қабандікі дұрыс па? Айтпақшы, Тышқан қайда? Шіркін, құстың бекзаты деп Қарлығаштарды айт! «Жан-жануарлар театрын» ашу үшін не істеу керек?!

Әйтсе де ақылы асып туған Ақпарақтың жаны нәзік болатын. Кебеже қарын Қабанға байланысты әлгі аяғы насырға шапқан оқиғадан кейін қамкөңіл шіркін ал кеп ойға батсын. «Қалай болды өзі? Дұрыс істемедім білем, сірә. Әлде, қожайынымның әмірін күтуім керек пе еді? Әй, не де болса бас шұлғи қоймас... Бірақ Қабандікі дұрыс па? Бұдан былай кісімен жендеп сөйлесетін болсын өзі».

Айтпақшы, Тышқан қайда? Тасыр-тұсыр шыққан жерден жаны азар да, безер байғұс зытқан ғой шамасы. Тышқанбастың деген, таппайтыны болсайшы өзінің! Қожайынын бұған тура алақанында тұрғандай ғып көрсеткен жоқ па? Тіпті құлаққа жағымды қоңыр даусына дейін санасына жатталып қалыпты. «Үйім суық...тауықтарымның күркесі құлағалы тұр...» Бәле, бұл сонда Қарала мен Қызыл Айдарға бекерге өкпелеп жүрген болып шықты ғой. Тышқан болса тіпті Қарлығаштардың аңқаулығын малданып Қарала байғұстан шыңғыртып тұрып өшін де алды-ау...

Қарлығаштар... Шіркін, құстың бекзаты деп, міне, соларды айт! Жүздерінен имандары төгіліп тұр-ау! Біреуге деген жаман ой олардың санасына сірәғысында кірмес. Қараладан өшін алам деп өтірік айдап салған Тышқанға өкпелегендерінің бар болғаны сол: «Ұятты болып қалдық» деген жалғыз ауыз сөз болды. Тышқанға осының өзі де жетіп жатыр, қарадай жерге кіріп кете жаздады. Қарлығаштардың сондағы айтқаны ғой, кіп-кішкентай болып алып бастарына осынша ақыл-ой қалай сиып жүр десейші!

— Көкжасыл жапыраққа оранған өлкелеріңіз шынында да ғажап! Күн-Ана да ерекше мейірімді. Бірақ, біз түсінбейтін бір жәйт-мұнда әркім өз бетінше өмір сүреді екен. Біреудің — біреуде шаруасы жоқ....

— Неге, мәселен, Ақпарақ екеуміз...

Тышқан шыдамсыз әдетіне басып ақтала берді де ата Қарлығаштың қас кере қалғанын байқап, оның үстіне өзі айыпты ғой, әрі біреудің сөзін бөлу әбестік деп отыратын Оқымысты-Тотықұстың ақылы есне түсіп, аузын жұма қойды. Ата Қарлығаш сөзін жалғастырды.

— Ақпарақ аға, Сіз балаларды жақсы көресіз бе?

— Әлбетте.

Ақпарақ бұл қай сұрағаның дегендей иығын қушитып, алақанын жайды.

— Ендеше, олардың әрбір күнін көңілді өткізуте неге атсалыспаймыз ?

— Олар онсыз да көңілді емес пе?

Ақпарақтың есіне қожайынымен бірге дүкенге барып жүргенде қауыздың көкпеңбек мөлдір суына шомылып, төңіректеріне күмістей сыңғырлаған күлкілерімен шашу шашып, өздерінше жәрмеңке жасап жататын қара сирақ балалар түскен. Олар мұның екі бүйірі тыңқиған қара сөмкені қайқайта көтеріп келе жатқанын анадайдан көрісімен масадай қаптап қоршап алатын әуелі. Бір-біріне Ақпарақты нұсқап, ым қағып: «қандай ақылды, ә» деп, жарыса мақтайтындары да жадында. Ал қастарына атасы келіп тоқ сөмкеден бас-басына ыссы бәліш алып үлестіргенде — олар үшін бұл дүниеде мынау жұдырықтай күшік пен Әлімбек аталарынан асқан мейірімді адам болмайтын. Ендеше неге көңілсіз болады олар?

Ата Қарлығаш Ақпарақтың ішіне түсіп шыққандай өзінің Тышқан сүйіп тыңдайтын әдемі мақамын одан әрі жалғастырады.

— Рас, балалар мұнда сабақ оқиды, Бау-бақтарды аралап, компьютер ойнауға барады, кафеден балмұздақ сатып алып жейді. Ғажап-ақ! Бірақ сендердің мынадай көркем өлкелеріңнің балдырғандары үшін осы ғажайыптар да көп болып па?! — Сонда не істеуіміз керек?

Ақпарақ пен Тышқан ата Қарлығашқа аңтарыла қарады.

— Ол оп-оңай. Азырақ тер төксеңдер болды. Мәселен, осы ауладан неге «ЖАН-ЖАНУАРЛАР ТЕАТРЫН» ашпасқа?...

— Сонда қалай,дәл цирктегідей ойын көрсетеміз бе? — Ақпарақ ойланып қалды.

— Цирктегіден де қатырып жіберуге болады. Бірақ бұл үшін көп достар табуымыз керек. Анау Қарала мен Қызыл Айдардың шікірейіп, кеуде қақанына сендер де қырын қарай бермеңдер. Тілдерін тауып, дос болуға шақырыңдар.

— Ой, — кенет Ақпарақ мұңайып отыра кетті, — біздің өлкемізде Піл жоқ қой. Ал бала біткеннің бәрі циркке Пілге бола баратын әдеттері.

— Түу, Ақпарақ аға, мұндай уайымшыл боларсыз ба? — Ата Қарлығаш қасын керіп, ренжігендей кейіп танытты. — Гәп Пілдің бар, жоғында емес, сіздердің ойындарыңызға байланысты ғой. Орайын тауып еліктіре білсеңіздер балалар үшін сіздерден асқан шын дос жоқ.

— Алақай, алақай! Мен таптым!

— Нені? — Кенеттен айқай салған Тышқан ғажалт қараған Қарлығаштар қосарлана үн қатқан.

— Ирек мойын ше?

— Қай ирек мойынды айтасың?

— Түйенің баласы...

Ақпарақ сықылықтап күліп жіберді.

— Оны Түйенің баласы демейді, Ботасы дейді. Сосын осындай әп-әдемі аты бар түлікті Ирек мойын деуің жараспайды.

Тышқан жорта бұртиып қалды.

— Онда мені неге Тынымсыз-Тышқан дейсіңдер?

— Ол үшін өкпеңді Қаралаға айт.

— Жә, мынау ұсынысың жақсы екен Тышқан. Былай, жөндеп айтшы, ол неғылған Ботақан өзі? Өзінің жаңалығына ата Қарлығаштың ден қойып, әуестене сұрағанына кәдімгідей марқайып қалған Тышқан көп іркілмеді.

— Ой, бұл бір аянышты оқиға. Ақпарақ, сен Қабанды білесің ғой, Ботақанның қазіргі иесі сол. Енесінен адасып қалған жерінен ұстап алыпты.

— Қабан дейсің бе?

Ата Қарлығаш таңғала сұрады.

— Осында Қабаннан аумайтын біреу бар. Өзінің қара басының қамын ғана ойлайды. Міне, сол Ботақаңды күнде көшеге алып шығады да, кешке дейін тап-тақыр тастың үстіне шөгеріп қояды. Ал Ботақанды тамашалап, үстіне мініп суретке түскендер әлгіге ақша төлейді. Бота да шыдамады ғой, Қабанның дегеніне бағынып, кешке дейін тыпыр етпей жата береді. Қазір көрсең түрі адам аяғандай. Өркештері жығылып, әбден арықтап кеткен.

Ана Қарлығаштың мойылдай мөлдір жанарына лезде жас үйіріліп шыға келді.

— Ойпырмай, неткен қатыгез еді!

— Мен мұны білген жоқ едім. — Ойланып қалған Ақпарақ шынын айтты. Өткенде қожайынына жақтасам деп Қабанмен қақтығысқалы есіне анасы Аққаншық орала беріп еді. Иә, иә, дәл сол күнгі алып тіршілік иесі, аузынан от бүріккен темір таяқ... Ол мұның анасына жазықсыз оқ атып, ұяластарын тірідей көмген болатын. Ал мынау аспан да, жер де от болып жанып тұрғанда Ботаны тірідей тулаққа айналдырып тас алаңның үстіне байлап қояды екен. Ұқсас... түрі де, тірлігі де ұқсас...

Ата Қарлығаштың да жаны тым нәзік екен, демде шыр-пыр болды да қалды.

— Олай болса, Ботақанды тезірек құтқару керек. Меніңше, жаңа ғана сөз еткен ойымызды осы Ботақаңды құтқарудан бастағанымыз абзал.

Ата Қарлығаштың ұсынысына ешқайсысы қарсы болған жоқ.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет