Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет11/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19

IV.
Нағашымды айтам да, намысшыл гой, байлар мен бағыландардың көлігінің кір-қоңын жуып тапқан ақшадан ар-ожданының барқадар таппасын білді де тайып тұрды. Айқыз да тамақ сататын кәсібін тастады. Қазір газетке бірге жарияланатын жырлары сияқты редакцияда Нұртуған екеуі бір бөлмеде қатар отырады. Шұғыл хабар-ошардың қамымен компьютердің клавиштерін шықылдатып баса жөнелгенде қайран қаласың, қызығып та кетесің.

— Көркемтай, не болды, тыныштық па?

Көңілімнің қабаржып тұрғанын байқаған нағашым алдындағы бопыраған қағаздан басын көтерді.

— Тыныштық. Бірақ...

— Айтсаңшы енді үздіктірмей?

Неге айтпасқа? Редакцияға да сол үшін келген жоқпын ба? Нағашым тұрмақ күллі жұрт білуге тиіс сұмдық қой бұл? Бар күш-қайратымды жиып, тез-тез айта бастадым. Нұртуған мен Айқыз «бәсе, бәсе, бірдеңені жүрегіміз сезгендей еді» дегендей, демдерін ішіне тартып, тұнжырап, ойланып қалды. Бөлмеде зілмауыр тыныштық орнаған. Бұл тыныштық жалғыз Жортар ғана емес, дүние жүзіндегі барша қиянатқа бағытталған қарсылық акциясы сияқты еді.

— Газетке сұранып тұрған тақырып, кімнің кім екенін жұрт білуі керек!

Мен Айқыздың алдындағы шыны құтыдан пиалаға мұздай су құйып іштім де, келген шаруам осымен бітті дегендей диванға отыра кеттім.

— Несі бар, орынды ұсыныс, — деді нағашым.

— Тоқта, — деді Айқыз, — ойланайық.

Мен шыдамадым:

— Не ойланатыны бар? Ыстыбай атамның жиналысы бар, екі мақаланы қатар беріп, белі үзілген жыландай қайқаңдатып тастамаймыз ба, нәлетті?

- Жә, егер біз Жортардың жағымсыз қылықтарын жариялап жіберсек, ол біз барғанша Домбыраны тезге салып қояды. Сондықтан алдымен Домбыраны құтқару керек.

Қанша дегенмен өмір көрген ғой, нағашым қауіп айтты.

— Қалай құтқарамыз? Біреуге жасаған жақсылығымыз өзімізге бәле боп жүрмей ме? Оның үстіне барар жер, басар тауы жоқ байғұс сыртынан пішкен тонымызға қалай қарар екен?

— Біріншіден, Домбыраның есі дұрыс деген анықтамасы болса, біздің әрекетімізді «заңға қайшы» деп ешкім жазғыра алмайды. Екіншіден, мен кеше қарттар үйінің директорынан интервью алдым. Ол жердегі жағдай Жортардың диспансерінен әлдеқайда жақсы. Айтпақшы, Азатты ұмытып барады екенмін ғой. Көркемтай, сен барған бетте Азатты тауып ал да, қасыңнан бір елі шығарма. Өйткені оны енді жалғыз қалдыруға болмайды.

Айқыз жарады. Ойы мен жоспарын тастай ғып түйіп-түйіп тастады. Нағашым да осы байламға тоқтады.
★★★
Суы сорғалаған шүберектен қолдары босамайтын көлік жуушылардың жасы әр келкі. Көбісі жазғы демалысқа шыққан оқушылар. Жортар үшін олар іздесе таптырмайтын еңбек қолы. «Зейнетақы қорын аш, оған ай сайын ақша аударып түр» деп те ешқайсысы шалғайына оратылмайды. Ата-аналары да балалары тапқан аз-маз ақшаның буына мәз. Өзі сияқты жын-перілермен ауыз жаласып, кәсіпорынын «өлі нүктеге» айналдырып қойған Жортар салық та төлемейді. Сосын, бүленді нағашымның уайымы, анау он екіде бір гүлі ашылмаған балалар мен қыздардың болашағы не болмақ? Болашақта әке, ана атанудан үміті бар өрімдей ұл-қыздар мынау еттен өтіп, сүйекке жеткен суық судың зардабынан соңыра сан соқпай ма? Әсілі нағашымның:

— Шіркін, дүниенің тұтқасы қолымда болса анау бай-манаптардың көліктеріндегі шаң-тозаңды емес, алдымен Жортар сияқтылардың жан-дүниесіндегі кір-қоқысты жуып, тазартар ем, — деп армандайтыны рас екен. Мен болсам жиенсініп «Кедейдің күні кіжінумен өтеді» деп күлуші ем.

Біржола кететін күні ғой деймін, Нұртуған нағашым доңғалақтарына қан қатқан Жортардың «Джипін» жумай қырсықты.

— Неге жумайсың, ол көшедегі бұралқы иттің қаны? — деп ежірейді жүргізушісі.

— Немене, бұралқы иттерді басып-жаншып өте беріңдер деп бұйырып пе еді біреу? Бәлкім Домбыра сияқты ақсақ-тоқсақтарды да аямайтын шығарсыңдар.

— Әй, мынау қалай-қалай сайрайды өзі.

— Қай құлағыңмен естісең де айтқаным ақиқат.

— Қап, сеніме, осыданЖортарға айтып қаңғыртып жібермесем бе.

— Одан да зорына бар. Бүл жерде ешкім қүлақ кесті қүл емес!

Осы сөзден кейін күйіп-піскен мосқал жүргізушінің көмейіне құм құйылган... Бұл қараң өшкір жерден тезірек кетпесе болмас. Домбыра қайда жүр болды екен? Орынтақ байғұс ше? Ойымды ақсақ аяғын сүйрете басқан Домбыра бөлді. Түсі оңған матадай боп-боз боп кеткеніне қарағанда бірдеңеден өлердей қорыққан.

— Көркемтай, аналардың түрі жаман, мені шынымен есуас қылуға бел буған сияқты...

— Қалай?


— Әлғінде «сап-сау адаммын ғой, қарттар үйіне қашан ауыстырасың» дейінші деп барсам орынбасарымен күбірлесіп отыр екен. Қабылдау бөлмесіндегі сұлуы бір жаққа шығып кеткен бе, есіктері шалқасынан ашық. Менің тұрғанымды сезбеген Жортар орынбасарынан:

— Домбыраның шаруасы не болды? — деп сұрады.

— Қанша шара қолдансақ та ой-санасы әлі берілмей жатыр, — дейді анау.

— Енді не істеу керек?

— Басынан кірпішпен ұрудан басқа амал қалмаған сияқты...

— Мынауың жақсы ой екен...

Домбыра еңкілдеп жылап жіберді.

— Екеуінің пиғылы үрейімді ұшырғаны сонша, жүрегім аузыма тығылды. Енді маған бұл жерде бір күн де қалуға болмайды.

— Бұларды адам ба десем, нағыз айуан екен ғой. Жә, қорықпа, бір әрекет жасармыз. Мә, насыбай атасың ба?

Жол-жөнекей сатып алған көк бұйра насыбаймен көңілін орнына түсірмек болып тұрғанымда ұялы телефоным «әндетіп» қоя берді. Айқыз екен.

— Әлө, тыңдап тұрмын?

— Біз құқық қорғау органдарының адамдарымен бірге қазір жетеміз. Домбыра айнып қалмасын, көңілінің құлақ күйін туралап қой...

Байланыс үзіліп кетті. Мен Домбыраға қарадым.

— Қалай, аға, Геракльдің он үшінші ерлігін жасаймыз ба?

Насыбайға елтіп тұрған ол: —Он екі-ақ ерлігі бар емес пе оның? — деді.

— Сіз он үшіншісін жасайсыз. Ол ерліктің атын «Геракльдің жындыханадан қашуы» деп қоямыз.

— Рас па?!.

Домбыра қолымды ұстай алды. Көзінен ытқып жас шыққан. Қуаныш жасы. Ләйліден айырылған Мәжнүндей үнемі мұңға батып жүретін мұндардың сүйінішіне ортақтасу қандай бақыт.

— Сендей баланы туған анадан айналайын! — дейді кемсеңдеп. — Басың бар бала екеніңді келгеніңде-ақ біліп, бір жаманның арбауына түсіп қалмаса екен деп тілеуші ем құдайдан. О, Жаратқан ием бар екенсің ғой!..

Көлік жуушыларға қолды-аяққа тұрмай көмектесіп жүрген Азат әне-міне болғалы тұрған қуанышты сезгендей бізге жалтақ-жалтақ қарап, күліп қояды.

★★ ★

Айқыз құқық қорғау органының адамдары» дегені прокуратура, полиция және адвокатураның қызметкерлері екен. Жортар жұмысында болмағандықтан олар тиісті құжаттарын орынбасарға көрсетті де Домбыра мен Азатты мәшинеге мінгізді. Істің насырға шапқанын сезген орынбасар шу шығарған. Оның қоқан-лоққысына едірейіп шыға келген қарауылдар жолды бөгегісі келген. Бірақ:



— Жортармен бірге жауапқа тартылайын демесеңдер қақпаны ашыңдар, — деген «оқалы жағалылардың» сұсты жүздерінен тайсақтап, жолды босатты. Орынтақ болса медбикелер мен күтушілерді мазақтап анандай жерде ыржиып түр.

Жындыхананың ауласы көзден тасаланып, мәшине қалаға апаратын үлкен жолға түскен соң Домбыра бәледен құтылғаным рас па дегендей еркін тыныстады. Оқиғаның анық-қанығына көзі жете бастаған прокуратура қызметкері:

— Ойпырай, мұндай қатыгездік те болады екен- ау, — дейді шошынып. — Жүрегінде өзінен басқаға орын қалмаған мансапқорлар, әдетте, осындай болып келеді, — дейді нағашым.

— Орынтақты қимаймын, — деді осы кезде Азат.

Айқыз үнсіз. Бұл үнсіздік түбіне сан алуан сырды бүккен мұхиттай тым тұңғиық.

— Аға, — деді ол бір уақта Домбыраға жүзін бұрып, — егер Жортар жаздым-жаңылдым деп келсе кешіресіз бе?

Кешірім мәселесі менің миыма кірмеген дүние екен. Шынында қайту керек? Бұл өзі кешіруге жататын нәрсе ме? Бірақ неге болмасын? Әлемде бұдан да зор қылмыс жасағандарға кешірім жасалып жатпай ма?!, Тосын сауалға Домбыра да қиналды білем:

— Қайдам қарағым, уақыт шіркінді «емші» дейді ғой білетіндер. Өкініштің орны толып жатса, өкпелей бергеннен не ұтам? — деді.

— Мұныңыз ақыл, аға...

Айқыз маналы бері өзін мазалаған сауалдың жауабын естіп, көңілі жайланғандай Азатты мойнынан құшақтап, өзіне қарай тартты да, шашынан иіскеді. Не деген мейірім десеңші! Жалпы, Айқыз анау ғажайып хиссаларын Азатқа емес, маған арнап айтқан сияқты. Әбу Ханифа Имам Ағзамның әп-әдемі басталатын өмірінің соңы қасіретпен біткенде кәдімгідей мұңайып қалғанмын. Шын аты Нұғыман ибн Сәбит екен. Парсыдан шыққан сол парасат иесіне шаһар билеушілері қазылық қызмет ұсынады. Бірақ төрден төрелік айтып, біреуді айыптауға жаны қас Әбу Ханифа «мен ол қызметке лайық емеспін» деуден танбайды. Әмірі орындалмағанына ашуланған озбыр халифа оны зынданға тастатқызып, қашан келісімін бергенше күн сайын он рет дүре соғыңдар деп бұйрық береді. Бірақ өз дегенінен қайтпаған Әбу Ханифа зынданда жатып қайтыс болады. Оның орнында мен қайткен болар ем? Байлық пен мансапқа бір бүйрегі бұрып тұратын желөкпе емеспін бе, тәкәппарсып төрелік айтуға кегенде алдыма жан салмайтын шығармын жүдә... Алдын-ала кесіп-пішіп қойған соң Домбыраны қарттар үйіне, Азатты балалар үйіне орналастыру мәселесіне онша қинала қойған жоқпыз. Істің жылдам бітуіне, әлбетте, құқық қорғаушылардың да ықпалы әсер етті. Олар енді Домбыраның арызы бойынша Жортардың үстінен қылмыстық іс қозғамақ. Нүртуған мен Айқыз редакңияға тартты. Маған олардың мақалаға «Жындыханадан қашу» деген ат қоямыз деген батылдықтары үнады. Одан кейін... нағашым қолыма Айқыз екеуі бастарын түйістіріп түскен «Тойға шақыру» деген қатырма қағазды ұстатқан кезде «рас па, өтірік пе» дегендей абдырап тұрып қалыппын. Айқызға қарап ем ол: «рас» дегендей, басын изеп, күлді. Той тамызда болады екен.

Сонда мен не істемекпін енді? Алдымен Санаға хат жазайын. Ештеңені бүгіп қалмау керек. «Адамның мінезін түзеуте болмайды деген кісінің тілін кесер ем» деп Абай атамыз айтқандай, Сана екеуміз екі жақтап қолға алсақ, Жортар көкемнің мінезін де жібектей гып шығарармыз әлі.

Ал екі қолға бір жүмыс табылар. Алда бір демалыс бар. Іргемізде қала тұр. Оның үстіне ауылымыздың кент деген аты бар. Бәлкім жаңадан ашылған сауда орталығының барып кел, алып келіне жарап қалармын. Кенттің балаларының бәрі сонда. Тұтынушылардың алған заттарын арбамен көліктеріне жеткізіп бергені үшін кәдімгідей табыс табады. Алды алғашқы табысына велосипед сатып алып жатыр. Болмаса әкемнің пиязы бар емес пе? О-о, ол дегеніңнің жұмысы ауыр болғанымен арық-атыздағы суға шомылып, балық аулағанға жүдә жақсы. Орликтің балалары да ойынның неше атасын біледі. Бұл ұсынысқа Тінәлінің де бөркі қазандай болып қалары анық. «Болар елдің ба- ласы он бесінде баспын дер, болмайтын елдің баласы отызында жаспын дер» деп Ыстыбай атам айтпақшы, бәйтеректей биік еліңнің бір бұтағына айналып, жапырақ жайып, ақ адалынан нан жегенге жетсін.

Шеткері үйдің жарығы

Хикаят


1.Қаладан қашық үй

Мен Бақытжанмен қаланың қиян шетіндегі үлкен ауласы бар, оңаша үйде таныстым. Үй, сірә ертеректе бір байдың еншісі болған-ау шамасы, бірақ кейінірек сықыр-сықыр еткен ескі еденін Қазан тоңкерісінің солдаттары шаң басқан керзі етіктерінің нілді өкшесімен талай таптаған Кеңес өкіметінің бір құжырасы болғаны анық көрініп тұр, қазір Алтай өлкелік СПИД-ке қарсы емдеу орталығының мекен- жайы екен.

Үйдің ауласы құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Айналасын қоршаған кісі бойындай саңылауы жоқ үлкен шарбақ. Шарбақтың ішіндегі алуан түрлі ағаштардың ұйысқан жапырағы қаладан жетіп жатқан дабыр мен дүбірді өткізбейтін берік қамал сынды. Бірақ мен сияқты мынау бейдауа өмірден зәрезап болып, ештеңеге алаңдамастан бір тыныққысы кеп жүргендердің оң жамбасына келетін тып-тыныш, жанға жайлы бақ дәл қазір еңсемді езгені болмаса, көңілімді сергітер емес.

Мезгіл де күз еді. Қалың талдың арасындағы жалғыз аяқ жолды жапырақтар көрпе ғып көміп тастапты. Аяқ басқан сайын судыр-судыр етеді. Мүлгіген бақтағы бұл оқыс дыбыстан өзіңді бейне бір мынау ұлы жіңгір дүниенің тұтқасын ұстаған, сезімнен гөрі сенімге ерік берген шалдуар ұлдарының ырду-дыр- дуы мен ырың-жырыңынан шаршап, бір сәт мызғып алғысы келіп демалып жатқан Жер-Ананың шәйі көрпесінің шетіне саусағың тиіп кеткендей сезініп, ыңғайсыз күйге тап болады екенсің.

Бақытжан болса, әлі бала ғой, кейде әлгінде ғана екеуара болған ауыр әңгіменің әсерін кәдімгідей- ақ ұмытып, о, құдіретті құдай, қарғадай баланың басынан азғантай бақытты аяғаның не, еңселі емен ағашының басынан сарыала қанат көбелекке ұқсап қалбалақтап келе жатқан жапырақтарды қағып алмақ болып, соңынан қуалай жүгіріп кетеді. Туа сала аяқтанатын ерке құлыншақтай секіріп-секіріп қоятынын қайтерсің! Жапырақтардың қалың боп үйіліп қалған тұсында ылғал бар, қай күнгі жауған жаңбырдан шығар, Бақытжан соны әдейі кешіп жүгіргенде аяғындағы аппақ красовкасы суланып, жапырақтар жабысып қалады.

Бұтында өзіне құйып қойғандай шап-шақ жаңа джинси шалбары бар, үстінде шетелдік қара майка. Құдай-ау, деймін ішімнен, Бақытжанды мынау құлазыған тыныштыққа елтіп тым-тырыс мүлгіген қабырғаның ішінен емес, иә, иә, шүмегінен сарыл- дап су құлаған гүлзар қауыздың маңынан немесе әткеншекке таласып асыр салған бақтан көрсем қайтер едім? Басындағы бақытсыздықты танып, білер ме едім? Жо-жоқ. Ойыма ештеңе алмастан «кәдімгі тентек балалардың бірі ғой» деп өте шығар едім-ау қасынан...

О, Жаратқан ием! Кейде тым қатал қарайсың- ау, пендеңе! Адамзатты астамсып кетті деп ойлап тапқаның ба бұл? Әлде пендеңнің ала-құла туған ұлдары үшін Бақытжан сияты бейкүнә балалар зардап шегуі керек пе? Бейшара ананың еңірегенде етегі жасқа толып, сай-сүйегіңді сырқыратады...

«Әкесінен де айырылып, екеуден-екеу қалып едік, шошайып. Енді Құдайдың мұны да көп көрген түрі бар маған. Жарым көңіл, жалғыз тұяқ қой, мауқын бір басайыншы деп велосипед сатып әперіп едім. Мен мұны қайдан білейін қасіреттің тап сол шайтан арбадан келетінін... Құдай-ау, не жаздым саған!.... Жалғыз жарығымды, жалқы жұлдызымды шыныменақ мезгілінен ерте сөндірмексің бе? Бақсының моласындай жапан далада жалғыз қалдырмақсың ба?... Бақытжаным-ау, қайтейін енді...

Жүйкемді жүндей түтіп, жүрегімді қанжардай осқылаған бұл сөздерді бағана Бақытжанның анасы Еңлік зар еңіреп отырып басымды жерден көтере алмай төмен қарап отырғанмын. Себебі, біреудің ішіндегі «бітеу жарасының» аузын тырнап ашқандай болғаныма қысылып, бір жағы шерлі ананың жас шайған әжім-әжім түріне, қасірет көлеңкесі ұялаған жанарына шіміркенбей тік қарауға дәтім жетпеген Әйтеуір, абырой болғанда, ол кезде қасымызда Бақытжан жоқ еді, оны кезекті инесін арқасында ғана күн кешіп жүргенін ойлағанда біреу менің жүрегімде де біз тығып алғандай кеудем шаншып, қабағым кіржиіп кеткен...

— Осы қарғыс атқыр ауыруды біз құдайдан тілеп алғандай бүкіл ауылдың үдере қашқанын айтпаймысың?!. Көзге шыққан сүйелдей ғып балама да, өзіме де күн көрсетпеді ғой түге. Қайтейін, оларды да түсінем, «бала-шағамыз бар, бәле-жаладан аулақ болайық» дейді дағы. Бірақ ормандағы аңнан айырмамыз болған соң мысқалдай болса да мейірім, шапағат деген болмаушы ма еді адамда?!. Уһ!. Енді айтты не, айтпады не...

Жапырақ бүркенген жалғызаяқ жол бізді терең өзекке алып келді. Өзектегі судың жағасында отырып демалуға да, шетіндегі соқпақпен ары-бері қыдырыстап жүруге де болады. Ал біз Бақытжан екеуміз, жағаға келіп отырдық. Үнсізбіз. Егер мен оған сұрақ қойып, әңгімеге тартпасам, Бақытжан өздігінен сыр аша бермейді. Бәрі әлгі аурудың кесірі...

Қайраңнан жалпақ тас тауып алып, оны судың бетіне атып «қаймақ» жемек болып едім, бала кездегі бұл ойынды еске алғаным, қамкөңіл Бақытжанның жан дүниесін сергіту үшін ғой, ол ойымнан түк шықпады. Бетіне жапырақ пен балдыр жүзген суға шолп етті де, тасым тұңғиыққа батып, жоқ болды. Айналамыз сол баяғысынша тым-тырыс.

— Бақытжан

— Әу (үні тым солғын).

— Биыл мектепке барасың ба?

— Жоқ.


— Неге? (Неге бармайтынын, әрине білемін. Бірақ соны Бақытжанның өз аузынан естігім келеді. Жазушылық әуестік қой. Әлгі сөзді айтқанда қандай күйде болады соны көңіл қағазына түсіріп алмақпын).

— Ұрады... Боқтайды... (Бала ғой, жыламсыраса да шынын айтып тұр).

— Не үшін ұрады сонда?

— ?... (Үндемейді. Үндемеген сайын басы екі тізесінің арасына қарай салбырап саусағымен жер шұқылап, шөгіп барады). Бекерден бекер ұрып-соқпайды ғой енді дегенім ғой...

— Себебі... мен... аурумын ғой... (Тамағына өксік келіп тығылды да үні бұрынғыдан да бәсең, булығып шықты).

— Қандай ауру екенін білесің бе?

— Білем.

— Қандай?

— ?..

— Мейлі, айтпай-ақ қой.



— Басы салбырап, құнысып отырған баланы аяп кеттім. Бір жағынан дәрігер мен анасының әңгімесі арқылы оның ауруға шалдыққалы бергі өмірі маған аз да болса белгілі еді. Сондықтан Бақытжанның өзі не айтқысы келсе мен де соның ыңғайына қарай бейімделе бердім. Кім біледі, бәлкім бұл оның өміріндегі ешнәрсеге айырбастамайтын ең бір қимас сәттері шығар...

2.Мен анамды керемет жақсы көремін

Ауруханаға түскен соң тіпті сағынатынды шығардым. Ақ төсекке таңылғаннан кейі қабырғаға тесіліп жатып уақыт өткізер ермегім үйді /үй дегенім — анам ғой/ ойлау еді...

Менің анам... Шіркін, менің анам елде жоқ мейірімді жан ғой. Білемін, анасы туралы балалардың барлығы осылай дейді. Бірақ, мен ауылдағы балалардың шешелерін көріп жүрмін ғой. Нұрғаным апай дүкеннің жанына отырып алып ертеден қара кешке дейін пісте сатады. Немересі Нұрқанат бізге ілесіп дүкеннің жанына жолап кетсе қолына не түссе, сонымен салып кеп жібереді. «Жоғал үйге жүгермек! Анау бұзауды суғар, ешкіні арқанда!..» Сорлы Нұрқанат бізді тастап үйіне қарай құстай ұшады. (Бақытжанның езуіне болмашы күлкі үйіріліп, сәулесі солғын бір үшқын жылт ете қалады да лезде қайта сөнеді). Ал Ерболдың анасы Жарқынай қолына тоқып жүрген шұлығын алып үйді- үйді аралап, әңгіме соғып, шай ішумен кеш батырады. Біздің үйге келген сайын менің анама ұрсып кететіні де бар.

— Түу, осы қатынның-ақ тірлігі бітпейді түге! Адам құсап бір әңгімелесейінші деп келсең... көйлегі сауыс-сауыс болып күбі піседі де жатады.

Анам үндемей күбісін пісе береді. Жарқынай апаға бұл да ұнамайды.

— Тоңқандап өзің піскенше мынаған неге піскізбейсің. Соқталдай боп жатысын... (Мен «Балдырғандағы» суреттерді қарап төрде етбетімен жататынмын) — Осы баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірем деп қиналғаның аз ба?

Анамның өз пәлсапасы бар.

— Жаратқан ием қиындықты біздің-ақ маңдайымызға жазсында...

— Әй, сен қатынға дауа жоқ екен..

Жарқынай апай аузы жыбыр-жыбыр етіп, өзінен-өзі сөйлесіп келесі үйге қарай беттер еді.



Әкем қарагерді ерттеп жатады
Мінезі қатал болатын әкемнің. Қабағы ашылып, көп жадырамайды. Түзде де, үйде де сұсты. Кейде әкемнің осы мінезіне күйіп кеткен анамның «Осы сенің елдің еркегі құсап дастарқан басында күліп- ойнап, балаңмен шүйіркелесіп отыратын күнің бола ма? » деп бұрқылдайтыны барды. Жауап орнына әкем күректей алақанымен бетін бір сипап, дастарқанның жиналуын күтпей орнынан тұрып кететін. Артынан мен де ілесе тұрсам да еруге қаймығамын. Сосын амал жоқ құлағым қалқиып терезенің әйнегіне жабысамын. Әйнектен қарасам әкем қарагер айғырды ерттеп жатады. Ал сәлден кейін көкжиектегі шабындыққа қарай көзі ұшында сағымға араласып бұлдырап сіңіп кетеді. Одан арғысы мен үшін тылсым, жұмбақ. Оны әйнектен өкшемді көтеріп, мойнымды созсам да көре алмаймын. Анамның айтуына қарағанда әкем осы ауылдағы жоңышқаның қарауылы. Ал қарауылдықтың қиын жұмыс екенін мен әкемнің Сайлау деген мақаумен төбелесінен кейін білдім.

Тілі жоқ, бірауыз сөз сойлей алмайтын, оның орнына көмейінен ысылдаған үрейлі дыбыс шығаратын Сайлауды ауылдағылар атын атамай «Мақау» дейтін. Жастайынан қара жұмыс істеп, бұлшық еті білеудей боп өскен Мақау алып күш иесі болатын. Мемлекеттің шөбіне түссе туған-туысқанының малы болса да аямайтын менің әкем бірде осы Сайлаудың жалғыз тайын Мырзабек баздың ішіне апарып, қамап қойыпты. Осыған ашуланған Мақау аузынан түкірігі шашырап үйге келді. Әкем, абырой болғанда, аттың үстінде еді сірә, жоңышқалықты бір шолып қайту үшін жиналып жатты-ау деймін. Мақау әкеме есіктің алдында жатқан киіз үйдің бақанын ала ұмтылды да, анамның «әке, көке» деп аяғыңа оратылғанына қарамастан салып- салып кеп жіберді. Бақанның ауыр соққысы қарагер айғырдың жамбасына тиіп, жануар шатқаяқтап кетті. Соққы, бәлкім әкемнің қара санына да батқан шығар, бірақ ол сыр берген жоқ. Көзі от шашып Сайлаудың жон арқасынан сегіз өрім қамшысымен осып-осып жіберді. Мақаудың дүлейленген түрін алғаш көруім: маған диюдай өкірген Сайлаудан қарагер айғыр да, атам да тайсақтап қалғандай көрінді, әлде аяды ма екен...

Осы бетімен жалғаса берсе ұрыстың қажырлы жас жігіттің жеңісімен аяқталатынына күмән жоқ еді. Құдай ондағанда, Мақаудың өзі ішіндегі кей-кейде кемеріне сыймай ағатын Талас өзеніндей бұрқырап, тасыған ашуға шыдамай жас балаша жылап отыра кетті. Анам байғүс бәйек боп жұбатып жатыр.

- Қайтсін. Жетім жігіт қой. Жалғыз шешесі ғана бар, - дейді әкемнің Мақауға мейірімі түсіп, райынан қайтсын дегендей.

Әкемнің жауар бұлттай бұрқ-сарқ еткен ашуы болмаса, қайтымы тез. Кек те сақтамайды. Сол күні -ақ Мақаудың тайын қамаудан шығарып жіберді.

Анам айтып отырса...

Әкеме дүниенің керегі жоқ. Өмір бойы осылай Мойынқұмның жиегіндегі Мырзабек баздың жанындағы ескі үйде қарауыл қарап отыра беретін сияқтымыз. Ал, Шоңбай, Әбтібай сынды құрдастарының орталықта жарқыраған ақ шатырлы кең сарайдай үйлері, астарында бояуы жалт-жұлт еткен жүйрік мәшинелері бар. Әкеме өкіметтің шөбін өрт шалмаса, мал түсіп, таптап, зиян келтірмесе болды. Қорадағы азын-аулақ малын да орталықтағы сол құрдасы «Мейірқұл, қысылып тұрмын, қол ұшын бер» деп сұрап келсе «мынау қыл құйрық жылқы тұқымы екен-ау» демей, ноқталап беріп жібереді. Анау жоңышқаның шетіндегі құмдауытқа еккен қауын-қарбыздың иісі мұрыныңды жарып пісті дегенше бүкіл ауыл осында дей бер. Мәшине де, мотоцикл де, есекке екі-екіден мінгескен бала-шаға да. Әкемнің осындай мырзалығынан шошыған анам «Бақытжаным жесін» деп аздаған қауын, қарбызды есіктің алдындағы шөмеле ғып үйген шөптің астына жасырып қоятын...

Мен онда анамның ондай қулығын қайдан білейін. Бірде әкем өзімен бірге еріп келген кісілер «ет піскенше шөл бассын» деп анама «қарбызыңнан қалса әкел» деді, Анам «қалған жоқ қой, Мәке» деген. Шынында да қауын-қарбыздың әлдеқашан қазан боп кететін кезі еді бұл. «Ә, мейлі онда, шәйіңді тездет» деп әңгімеге енді кірісе бергенде мен өзімнің білгіштігімді көрсеткім келіп:

— Әке, есіктің алдыдағы шөптің астында қауын- қарбыз бар, — деп тақ ете қалайын.

Әкем маған бір, анама бір қарады. Адамның өңменінен өтетін отты жанары, әсіресе, анамды тесіп барады.

— Әкел!


Әкем шарт ете қалды. Ашуланғанда өстетін. Ыңғайсыздықты жуып-шайғысы келген кісілер:

— Балалы үйдің ұрлығы жатпайды, — деген осы, — деп күлкілері келмесе де күлген боп жатыр.

Мен кейде өстіп жанымдай жақсы көретін анамның жүрегіне байқамай қаяу түсіріп те алатынмын.

Аппақ қардың үстімен жалаң аяқ...
Ауруханада жатқанда корғен түсімде болды бұл аппақ қардың үстімен жалаң аяқ жүгіріп келеді екем...

Жә, бәрін басынан бастап айтайыншы.

Анам үйдегі он-он бес қаралы қойдың жүнін жинап, одан әйбат текемет басатын. «Әйбат текемет басатын» деп айтуға жеңіл, әйтпесе оған дайындықтың өзі қыруар жұмыс. Жүн жабағы болса оның ағын, қарасын, қоңырын бөлек-бөлек алып түтеді. Сосын Жамбылдың базарындағы өзбектерден сатып әкелген бояуға салып қызыл, жасыл, сары түске, анам оған менің асықтарымды да қосып жіберетін, бояйды. Бұл текеметтің бетіндегі қызылды-жасылды ою-өрнектер үшін керек. Осының бәрі дайын болды деген кезде жүнді көпсіте жайып, бетіне әлгі түрлі түске боялған жүннен ою-өрнек салып, шимен орап, таңып тастайды да, үстінен ыстық су құйып басады, білектейді, балаларға тепкізеді...

Маған осының ішіндегі ең ұнайтыны — шидің үстіне аппақ ақ жүнді көпсіте жайып жататын сәті. «Қой, тентек болма!» дегендеріне де қарамаймын, мап-мамық жүннің үстімен жалаңаяқ ары-бері жүгіріп өтіп ойнаймын. Мысықтың мамығындай ұлпаның аяғымды қытықтағанын ұнатамын ба, әйтеуір, құмармын. Соңымнан, аяғымның астынан жүн-жұрқалар бұрқырап ұшып, шашылып жатады.

Бірақ анамның көңіліне қарай ма, көмекке келген көрші үйдің қыз-келіншектерінің ешқайсысы үндемейді.

Түсімде өстіп аппақ ақмамық үнді қызыл сирақтан кешіп жүгіріп ойнап жүр екем деймін. Анамның «Қой, Бақытжан, жүнді шашасың» деп жекігенін де елемей сақ-сақ күлемін кеп. Бірақ бақытты сәтім ұзаққа созылмады, күліп жүр екен десем ботадай боздап жылап жүрмін. Жүгірейін десем жүгіре алмаймын. Екі аяғым зіл батпан, қозғауға әлім жетпейді. Анам дегенім — әкем, аппақ ақ мамық жүн дегенім — аппақ ақ ұлпа қар... Қардың үстімен жалаңаяқ жүгіріп келеді екем... Аяғымның басы дуылдап, үсіп тоңып барады. Шіркін, анам болса ғой қазір қып-қызыл болып жаураған саусақтарымды әкемнің сеңсен тоңына орап, ошақтың жанына жатқызып қояр еді» деп ойлаймын. Осы кезде әкем келіп әулетті қолдарымен қардың үстінен көтеріп алып қарагеріне мінгестірді де баяғы өзі кететін, маған беймәлім көкжиектегі шабындыққа қарай шаба жөнелді. Мына қызықты қара: айналамда қар да мап-мамық жүн де жоқ, төңірек түгел жап- жасыл шабындық. Менің қуанышым қойныма сияр емес. «Әке, қашан келдің?» деймін шаттанып. Ол үндемейді, күледі де қояды, «Әке сен өліп қап едің ғой, қалай атқа мініп жүрсің?» деймін. «Жоқ, тірімін, балам! Саған шабындықты, жылқыларды көрсету үшін әдейі келдім» — дейді ол...

Өстіп жатып оянып кетсем,, бәрі түсім екен. Тамағыма өксік тығылды. Жылағым келеді. Әкемді, анамды тағы да көргім келеді. Марқұм әкемді айтам да, күлмеуші еді...

(Сіз аға білмейсіз ғой, әкем мен ауруханаға түсерден екі-үш ай бұрын көкпар тартып жүріп қарагер айғырдан құлап қайтыс болған...)



Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет