Ұмытылмаған отан, Ұмытылмайтын отандастар



бет3/51
Дата05.02.2022
өлшемі13,87 Mb.
#22958
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   51
Жағда Бабалықұлы: – Менің әкем 1860 жылы, Ресей мен қытайдың шекарасы белгіленбей тұрғанда, яғни, қазіргі Шығыс Түркістанның үш аймағы қазақ жерінің әлмисақтан бергі ата мекені боп тұрған кезде туған. Ағайынды Оқыбай мен Дүрімбай қажылардың, Жиекбай бидің, Әбдірахманның апайы Шәкеттен Бабалық он екі бала көрді. Үлкен ұлы Құсайыннан – он бір, Оспаннан – он тоғыз (!), Әубәкірден – тоғыз, менен – екі бала өсіп-өнді. Төрт қыз, екі ұл тоқалынан тарайды. Садық қазір де бар. Ұзын-ырғасын алғанда қазір бір Бабалықтың өзінен 180 төл тарап отыр. Ол кісінің қазаққа қосқан үлкен үлесі осы. Ал өзі шекара бөлісінен кейін саудамен айналысқан. Әкем Бабалықтың мына әңгімесі есімнен кетпейді. Ол маған өзінің кәсіпті қалай бастағаны туралы:
– Екі елдің шекарасы ажыратылған соң Шәуешекке келіп, таяғымды қолыма ұстап алып жұмыс іздедім. Базардағы жұмысшы жалдайтын жерге барып, топты адамға келіп жөнімді айттым. Маған жылы қабақ танытқан ешкім бола қойған жоқ. Көңілсіздеу басып кетіп бара жатыр едім бір адам артымнан дауыстап қуып жетті. Сөйтсем, атақты көпес «Шәнішевтің сабын зауотының» қожайыны Рамазан Шәнішев деген кісінің өзі екен: «Қара жұмыс істейсің. Сабын қайнатасың», – деді. Кәсіп үйренуге жаным құмар болғандықтан да мен неге болса да мақұл едім. Үлкен қораға кіргізді. Қораның іші толы қотыр-қотыр сабын қайнататын қазан. Отынды, қойдың құйрық майын өлшеп береді. Әр нәрсенің өз өлшемі бар. Майдың шыжығын қазаншыға береді. Мен еріткен май өзінің айтқан өлшемімен дәл шықты. Отын да (қи) үнемделіп қалды. Уақыты да созылған жоқ. Маған: «Есің бар екен», – деді. Қойшы, екі-үш қазан қайнатқан соң мені әлгілердің топ жетекшісі етті. Одан жұмысшылар жатағының бастығы болдым. Ептілігімнің арқасында көзге түстім. Енді өзінің жеке қора-қопсысына қараушы, күтуші етті. 2-3 аты бар, соны баптап, күттім. Одан үй-ішін күтуге, тазалауға ауыстырды. Кілемін тазалап жүріп соның арасында қалып қалған тиындарын, теңгесін өзіне қайтарып беріп жүрдім: «Адал екенсің», – деді. Содан беделім өсіп, Рамазан қажының шаруашылығын жүргіздім. Үш жылдан кейін батасын алып, өз бетімше кәсіп қудым. Үш жылғы еңбегіме тарақ, түйреуіш, сабын сияқты ұсақ-түйек, бір күрең қасқа ат, бес қанатты киіз үй сатып алдым. Содан кейін аяғым үзеңгіден түскен жоқ, – дейтін..
Содан кейін Семейдің можандарына (ағаш шеберіне) арба жасатып, сонымен Семей – Шәуешек – Шиху – Турфан – Хами – Күшәр арасына сауда жүргізген. Түйелі адам болса керек. Бабалықтың түйесі «манжуран» деген дала капустасы өсетін Толы ауданының Өндірбүйрегін түгел алып жатады екен. Бабалық 1937 жылы дүниеден қайтты. Сүйегі – Толыда.
Бабалықтан туған балаларының ішіндегі ел сәлем бертін белдісі, шешені, айтысқа да ебі бар ұлы – Құсайын болды. Ол атақты Шәріпқан мен қызайдан шыққан генерал Әбудің бажасы еді. Екі әйелінен он екі бала сүйді, он бірінің ізі бар. Ал Оспан сауатты адам еді, ол мал шаруашылығын кәсіп етті. Оған 4 000 қой, жүздеген жылқы мен қос-қос түйе бітті. Ал Әубәкір саудамен айналысты. Сауатты, істің жөнін білетін. 1945 жылдан бастап кеңес одағының Шәуешектегі консулының жанындағы «Азаматтық қоғамның» шаруашылық ісінінің жауапты жүргізушісі болды. Қарамағында – 20 мың қой, 10 мың сиыр, 40 автомашина болды. Соны саудалап Шәуешек – Пекин – Шанхай – Семей арасында жүрді. Одан кейінгі ұл – менің өзім, міне, 92 жасқа келіп отырмын.
Өмірден азын-аулақ бірдеме көрген сияқтымын. Соған орай түйгенім де болса керек. Әкемнің көзі қарақты, молда ұстаған адам еді. Мен сол молдадан, шеруші Әріпбай молдадан усусул-қадыми үлгісінде (көне араб емілесі) сауатымды аштым. Әулиесымақ адам еді. Дәрісті кеудесін ұрып-ұрып жіберіп бастайтын. Одан кейін усусул жәдидті де тез меңгердім.
Бұл кезде Шәуешекте мәдениеттің туы желбіреп келе жатқан, халық мәдени өркендеуге жабыла бет бұрған кез еді. 1935 жылдары кеңес одағынан ауып келіп Толыға орналасқан татар молдасының Рифхат деген ересек баласымен таныстым. Ол үнемі мен түсінбейтін бір нәрселерді (формулаларды) шимайлап жатады. Таңырқай қараймын. «Бұл не?», – дегенімде, – «Бұл – есеп, математика», – деді. Мен: «Маған да үйрет», – дедім. Ол: «Тегін оқытуға болмайды. Не бересің?», – деді. «Қалағаныңда ал», – дедім. Осыны айтқанымда әкем маған бір ешкі мен бір қой берді. Мен оны Рифхатқа бердім. Ол маған математика үйретті. Ол кезде ызыңдаған дыбыстың өзін қағып алатын кезім. Қалт жібермей жадымда сақтадым. Ата заңы бойынша мені Оқыбай қажының қызы Ажарханға айттырып қойған. Бас қостық. Сол арада әкем қайтыс болды да оқуым үзіліп қалды. Шынын айтайын, басқа түскен жетімдіктің кесірі шығар, Ажархан мені менсінбей, мен де оны жатырқап жүрдім. Жеке отау болғандықтан да, амалсыз, еншіміздің есесіне жазда – егін қоримыз, қыста қора-қопсының жұмысы.
Содан 1937 жылы Шәуешекте төрт кластық мектеп ашылды деп естідім. Есі-дертім қалайда оқуға бару болды. Онда Шағантоғайдамыз. Ойымды інім Тұрсынға айттым. Ол да қатты құмартты. Не керек, Тұрсын екеуміз келісіп алдық та, белдеуде дайын ат болмағандықтан да, қоңыр өгізге мінгесіп, тоқсан шақырым жердегі Шәуешекке жасырынып қашып шықтық. Семіз өгіздің жүрісі өнди ме, тез болдырды. Түнде бір жардың қалқасына қондық. Інімді дағарға орап тастадым да, өзім болдырған өгіздің борбайына тығылып жатып жылындым. Емілдің бойында кіші шешеміз бар еді, сонда кеп бір қондық. Таңертең ерте тұрып елу шақырымдай қалған қалаға тарттық. Әубәкірдің үйіне келіп түстік. Соңымыздан қуа келген кіші шешеміз қояр да қоймай Тұрсынды қайта алып кетті. Мен қашып кетіп құтылдым.
Жоғарыда айттым, Әубәкір кеңес консулының шаруашылығын жүргізеді, сауда жасайды. Мен барғанда төрт мыңдай қойды Жеменейден шекараға өткізбек екен. Маған көмектесуді өтінді. Жеті күн жүріп Жеменейге жеттік. Одан қайтып келгенше желтоқсан болды, мектептің оқуы баяғыда басталып кетіпті. Барып едім, мені қабылдамай, қуып шықты. Содан қыстығып ал кеп жыламаймын ба! Осы Кариманың әкесі Хафиз аға мектепке мені өзі алып барды. Кеңсеге барысымен бағанағы мен қуып шыққан мұғалімге: «Ей, ана баланы оқуға алыңдар», – деді. Мүдір: «Қалай аламыз, мынауың соқталдай жігіт қой», – деді. «Өкінбейсіңдер. Бұл көп білетін бала», – деді. Сол арада менен сынақ алды. Мен төрт амалдан тұратын есепті түрегеп тұрған күйі ауызша шығарып бердім. Екінші сыныпқа қабылдады. Математикаға дайындығым жақсы. Бір айдан кейін үшінші сыныпқа көшірді. Рух көтерілді. Әде биеттен Махмұд мұғалім сабақ берді. 37-38 жылдары оқыдым. 39-жылы орта мектепке түстім. «Тұран» мектебінің 5-6 класын бітірген соң, гимназияға ауысып, 1939-1943 жылдары гимназияда оқыдым.
Арасында Шәуешектегі базарға шығып, қайыңның бір жағына арабша, бір жағына қытайша аттарын ойып жазып, мөр сатумен айналыстым. Ол кездері елдің бәрі өз мөрлерін ұстайтын. Кейіннен кітап түптеу кәсібін меңгердім, жұмысымның сапасы жоғары болғандықтан, көптеген мекемелер өз құжаттарын түптеуте маған тапсырыс беретін.
Оқуды игеріп, білімнің бағасын біліп, қанығып қалдым. Енді Үрімжіге барып, институтқа түсуге ұмтылдым. Тағы да Әубәкірдің саудасын саудалап Қашқарға бардым. Он екі ай жүріп қалдым. Енді Үрімжіге баратын арбакештермен, саудагерлермен сөйлестім. Ақша сұрады. Келістім. Төрт ат жеккен арба күніне жиырма шақырым жүреді. Мен арбаға отырмай алдында жүріп отырамын. 27 күнде Үрімжіге жеттім. Мен барғанда институттың студенттері сабақтарын аяқтап, емтихан тапсыруға шығып кетіпті. Олардың көбі қытай. Мені қабылдамады. Содан Ту деген профессорға жолықтым, ол маған жанашырлықпен қарады. Ректорға ертіп барды: «Осы баланы алшы. Ақысын төлеп оқысын» – деді. Ректор: «Та ма ды», – деп өтінішімді жыртып-жыртып тастады. Жыртылған қтінішімлі жиып алдым да Туға бардым: «Мені осы емтихан тапсыратын студенттермен бірге сынаққа қатыстырыңыз. Егер өте алмасам, өз обалым өзіме», – дедім. Емтихан алды. Ақырында мен әлгі іштей оқыған студенттерден де жоғары баға алып шықтым. Сөйтіп, институтқа түсіп кеттім.
1940-жылдан бастап Өр Алтайда ұлт-азаттық қозғалысы булыға бұлқына бастады. Біз де, яғни, Тарбағатай аймағы да мазасызданып тұрған. Екі-үш студент бас қосып, астыртын ұйым құрдық.
Өмірбаяндық мінездемеден: «1944 жылы қытайдың геноцидтік саяси бағытына қарсы Үрімжі қаласында құрылған астыртын «Ұлт-азаттық ұйымына» қатысқан. Ұйым мүшелері – Ахметқали Бітімбайұлы (қазақ), Оспанхан Базарбайұлы (қазақ), Әбдірашит Хасанов (тәжік), Мақатай Закарияұлы (өзбек), Жағда Бабалықұлы (қазақ).1944 жылы көкек айында Шың-шы-цайдың әкімшілігі «Ұлт-азаттық ұйымын» талқандалды, ұйым мүшелері түгелдей қолға алынды. 17 көкек күні Жағда да қамауға алынды».

Каталог: repository -> history -> артурли
артурли -> Оларды да ұмытпайық…
артурли -> Бұл басылым «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрлғанына 10 жыл толуына арналады
артурли -> Даналық МӘйегі жібек жолының рухани бесігі
артурли -> Біртұтас алаш идеясы және шығыс түркістан ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
артурли -> Өкінішке орай, тіршілік кеңістігінің өзі сананы
артурли -> Көркемдік шындық және тарихи тұлға
артурли -> Алланың арқадағЫ Үйі немесе Керекудегі керемет
артурли -> Тұрсын ЖҰртбай, филология ғылымдарының
артурли -> Ұмытылмаған отан, Ұмытылмайтын отандастар


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   51




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет