Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов



бет163/205
Дата06.01.2022
өлшемі1,06 Mb.
#109867
түріОқулық
1   ...   159   160   161   162   163   164   165   166   ...   205
Байланысты:
Әлем әдебиеті by Көптілеуова Д.Т. (z-lib.org)

Бхагаван Сингхтың «Апне-Апне Рам» («Әркімнің өз Рамы бар») атты романы Айдохьедегі хинди-мұсылмандар арасындағы қақтығыстың өршіккен тұсында жарық көрген болатын. Бұл роман оқырмандар мен сыншылар арасындакеңінен талқыланды. Бұл резонанс­тың басты себебі жазушының жаңа новаторлық тәсілді пайдалануы болып табылды. Роман­ды талқылау барысында оның хинди романдарына қарағанда жаңа замандағы батыс романы­на тән сипатта айшықтауға болады. Ал Нарендра Кохлидің романы «Абхьюдай» («Өркен­деу») болса, тетралогия болып есептеледі, ол «Дикша» («Арнау»), «Авасар» («Оқиға»), «Сангхаш ки ор» («Толғақ таяп келеді»), «Юддх» («Шай­қас») романдарын қамтиды. Кохли­дің «Абхьюдай» романының ерекшелігі – онда кәсіпқой филолог, санскрит әдебиетінің маманының мол тәжірибесінің қолданылуымен қатар, онда эпикалық сюжетке және дәстүрлі адамзаттық және діни құндылықтарға деген автордың көзқарасының білдірілуінде. Кохли бұл романды жазу барысында атақты эпикалық «Рамаянаны» баяндап берумен шектелуді емес, аты аңызға айналған бұл туындының авторы, дана Вальми­кидің идеясын қазіргі заманғы оқырмандарға түсіндіруді мақсат етті. Кохли «Рамаяна» бойынша роман жазуға Шы­ғыс Пәкістанмен соғысқа байланысты кіріскен болатын. Бұл аймақтағы діни қақтығыс кезінде туындаған роман мемлекеттік мәселесі мен қазіргі заманғы маңызды мәселелерді арқау етеді. Осы негізде бұл роман Сидханың «Апне-Апне Рам» романымен үндес делінеді.

Сингхтың «Апне-Апне Рам» романының элементтерінің көпшілігі батыстық детективті романдарға ұқсайды. Романның негізі қастандықты жүзеге асыру мен әшкерелеу жатыр. Ағымдағы жайтты автор кейіпкерлердің көзімен көреді, істің мәнін оқиға соңына қарай бірақ білуге болады. Дей тұра романды детективті роман деп атау қателік болар еді. Бұл романда детективтің элементтері көптеп кездескенімен, мұнда үш «деңгейдің» жанрлық белгісі байқа­ла­ды: біріншісі – Рама туралы туындыларға тән дәстүрлі үнділік элемент­тер; екіншісі – ро­ман­дағы еуропалық романтизмнің сипаттары; үшіншісі – роман постмодернизм дәуіріндегі әдебиетке тән комикс сипатына ие.

Ал Нарендра Кохлидің «Рамаяна» сюжетіндегі жаңа романы «Абхьюдай» көбіне батыс­тық утопия романдарына ұқсайды. Мұндай тұжырым жасауға бізді мына фактілер итерме­лейді: романдағы сюжетті түсіндіру барысында автор әлеуметтік бағытты таңдаған. Мұның негізінде ойдан шығарылған кіршіксіз қоғамның құрылуы, гүлденуі жатыр. Сонымен қатар автор утопиялық қағидатқа адалдықпен реттелген қоғам туралы тәптіштеп жазып, жан-жақты сипаттайды. Сингхтың «Апне-Апне Рам» романына қарағанда, Кохлидің «Абхьюдай» романы дәстүрліліктен алшақтамай, романның эпостың негізінде жазылғанын ерекше атап көрсетеді.

Екі романның да артықшылығы мен ондағы постмодернистік элементтердің көрінісін атап айтар болсақ: «Апне-Апне Рамда» сюжет құраушы элемент ретінде оқиғаның өріс алуы, «Рамаяна» фабуласының өзі болса, «Абхьюдайда» оның идеялық бағыттылығы, романның негізгі идеясын ашуға көмекші құрал, кіріспе ретінде қолданылған оқиғалардан маңыздырақ болып есептеледі.

Қарастырылған романдардағы постмодернизм құбылысына тән экспери­мен­талды пішіні мен элементтеріне қарамастан, оларды бірауыздан постмодер­нистік әдебиет туынды­сына жатқызуға болмайды. «Апне-Апне Рамдағы» ашық көрсетілген соңға қарамастан, оқыр­ман­дар эпос бойынша сюжетті жақсы біледі, Рама елді гүлдендіріп, жандандырып, жұмақ өмір құрады. Осылайша, барлық эпистемологиялық қиындықтар артта қалады. Оқиғаның бір ағымды­­лығы мен постмодернизмге жат дүние жалындылық оқырмандарға алдын ала белгілі сюжетте анықталады. Осы романдарда кездесетін уақытша қиындықтар­дан кейін кіршіксіз қоғам мен мемлекеттің өмір сүруіне ықтималдылығы байқалады.

Сол сияқты бұл романдарды постмодернистік туындыға жатқызуды күрде­лен­діретін тұсы – романдарда кездесетін гуманизм. Рама – қай кезеңде болмасын әлемнің әділ жүйесі, дхарманы қорғаушы болып табылады. Раманың әрекеттері дәстүрлі негізбен қатар, жеке психологиялық дәлелдерге сүйенеді. Бірақ қай жағдайда болмасын бұл бейнені функцио­налдық салмағы жоғалған емес. Бұл романдардағы Рама - бұрынғыдай құдыретті Құдайдың жердегі бейнесі емес, қазіргі алмағайып заманда әлемге сенім сыйлап, құтқарып қалуға, «құ­дай­ға тең» болуға қолы жеткен, күмәнданушы, қайғырушы адам. Аталмыш романдарды постмодернистік туындылардан жырақтатын элементтер – гуманизм, жалындылық, әлеумет­тік сын элементтері, адамзат баласының құтылу ықтималдығы мен жарқын болашаққа деген сенім.

«Жаңа әңгіме» бағытындағы үнді жазушыларының шығармашылық­тарында постмодер­нистік көзқарастар көптеп кездеседі. Бұл бағыттың XX ғ. 70-жылдарында пайда болуына, негізінен Батыс әдебиетінің, соның ішінде модернизм мен жаст постмодернизмінің тікелей ықпалы болды. Ал бұған дейінгі үнді әдебиетіндегі басты бағыт сыни реализм болатын. Жанрдың қандай екендігіне қарамастан, сюжеттің айқындығы мен сол кезге қажет­тілігін алдыңғы орынға қойған хинди әдебиетінің белді классиктері – Премчанд, Ашк, Яшпал.

Ал «Жаңа әңгіме» ағымының өкілдері реалист жазушыларға қарағанда көркем мәтінді ұйымдастыруға, ырғағына, түрлі айқындаушы құралдарды қолдануға көбірек көңіл бөледі. Соны­мен қатар бұл ағымның туындыларында сюжет те кейінгі орынға шегерілгенімен, на­зар­дан тыс қалдырылмайды. «Жаңа әңгіме» тақырыбы релистік туындылардың тақырыпта­ры­­на ұқсас келеді, ол, негізінен, әлеуметтік сипатта. Сонымен қатар бұл ағымға психоло­гия­лық сипат тән болғандықтан, отбасы мен тұлғааралық қатынастар маңызды тақырыптар­дың бірі болып табылады.

Жалпы алғанда, «жаңа әңгімелерде» реалистік, модернистік және постмо­дер­нистік эле­менттері бірдей кездеседі. «Жаңа әңгімелердегі» постмодернистік көзқарастарды XX ғ. соңын­да жарық көрген Рамеш Бакшидің «Ауытқы­ған қайықтағы армандар ағымы» әңгіме­лері негізінде қарастырамыз.

«Ауытқыған қайықтағы армандар ағымы» әңгімесінің басты кейіпкері осы әңгімені баяндаушы болып табылады. Автор осы басты кейіпкердің атынан оның ішкі жан-дүниесін, сезімін, естеліктерін ішкі драмалық монологы арқылы жеткізеді. Баяндаушы тілек білдіруші адамдарды қайықта ырғалтып отырып, суға қағаздан жасалған кеме жіберіп жатқан саридегі арық қызды көріп, есіне жастық шағы, өзінің де бір қызбен дәл осындай қағаз қайықты суға ағызған есіне түседі. Ол қаншалықты толқып, тебіреніп тұрса да, ішкі көңіл-күйін, сезімін сыртқа білдірмеуге барынша тырысып бағады.

Әңгіменің сюжеті күңгірттеу, ондағы әрекеттер оқиғалар емес, көбіне кейіпкердің есте­ліктері мен сезімін тудыратын ассосациация ғана. Кейіпкер мұнда, бір жағынан, қайықтағы күйіне дән риза болса, екінші жағынан өткен күнді еске алып, қайғырады. Әңгіменің жалпы символдық мәні бар. Ондағы басты символдар – су мен қайық. Мәселен, әңгіменің атауының өзі «Ауытқыған қайықтағы армандар ағымы» символдық тізбек болып табылады. Мұндағы: су ағымы – армандар ағымы – адам өмірінің ағымы осы тізбектің көрінісі.

Рамеш Бакшидің «Ауытқыған қайықтағы армандар ағымы» әңгімесінде постмодер­нис­тік туындының элементтерін көптеп кездестіруге болады. Бұл әңгімеде әлемді ассоциацивті-рефлекторлық қабылдау үдерісі көрінеді. Мұнда шындықтың өзі белгілі бір бағытсыз, бейберекет су қозғалысына ұқсас. Ал өткен мен бүгін арасындағы шекара жоғалған, шынайы әлемдік біртұтастық байқалмайды. Мұнда модернистік түсінікке жақын баяндаудың фраг­мент­тігін баяндаушының логикалық құралдардың көмегімен ішкі әлемнің логикаға қайшы шындығын құруға ұмтылысынан байқаймыз. Ал бұл әлемнің әртектілігі мен бейбере­кет­сіздігі мәтінде композициялық және стилистикалық тәсілдердің көмегімен ерекше айқында­лады. Мұндағы ырғақтың өзін әдеттегі постмодер­низм туындысына тән ерекшеліктердің бірі ретінде қарастыруға болады.

Ал Гирирадж Кишордың «Тараптар» әңгімесіне келер болсақ, туынды композициясы мен стилистикасының қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Автор қысқаша ақпараттық сөй­лемдерді қолданғандықтан, бұл әңгімені екіжақ­ты талдау мүмкін емес: «Жанұямызда екеу­міз. Мен және әйелім. Әйелімнің есімі – Мита. Мита қызметші әйел ұстайды. Оның құрбы­ларын ер-қызметші абыржытады дейді. Әрине, әйелдерге өздеріне әйел адам қызмет еткені қолайлырақ қой».

Әңгіменің сюжеті аса қарапайым – үйде екі қызметші – әйел және еркек жұмыс істейді. Олардың біреуі жұмыстан босату қажеттілігі туындағанда, ер-қызметшіні қалдырып, өзінің керісінше қалайтынына қарамастан, әйелінің ығына жығылып, әйел-қызметшіні жұмыстан шығарады. Мұнда баяндау драмалық емес, әбден ойластырылған, логикалық тұрғыда құрас­ты­рылған монолог түрінде келген. Баяндаушы өзінің отбасылық өмірі жайлы баяндау бары­сында, көп нәрсеге күмәндылығы, я болмаса жете түсінбейтіндігі байқалады. Немесе ол баян­дау барысында тыңдарманға жақсы пікір қалыптастыруды мақсат тұтып, шындықты әдейі бұрмалайды.

Баяндаушы қызметшілермен қызық жағдай қалыптасқандығы туралы айтады, өзінің қызметшісі Митаның тапсырмаларына ыждаһатты болса, Митаның қызметшісі, керісінше, баяндаушының қажеттіліктерін айна-қатесіз біледі. Ерлі-зайыптылар өзара бұл қалыптасқан жайтты талқылайды: «Раджа сенің тірліктеріме олақ, ұқыпсыз, ал қызметші әйел – Мита­ныкіне». Қожайын­дарға қызық көрінетіндігі, баяндаушы үйіне оралғанда, аузына Раджаның емес, қызметші-әйелдің есімі түседі. Ал, Мита, керісінше, Раджаны шақырады. Олар бұл жайды ойлана келе, әйелінің күні бойы әйел адамдармен қатынастан, олардың есімдерінен жалыққандығы, күйеуі, сәйкесінше, еркектерден деген қорытындыға келеді. Бұл туралы қыз­метшілер де ойланады, олар күйеуіне қызметші-әйел, әйеліне Раджа ұнайды деп ұйғарады.

Бұл талқылаулардан кейін көп ұзамай, Митаның өтініш-талабымен екі қызметшінің біреуі, әйел қызметшіні жұмыстан босатады. Баяндаушы әйелінің келтірген дәйектеріне келіспесе де, керісіп жатқанды жөн көрмеді. Айтқандай-ақ, Мита сендіргендей әйелге көңілі ауып кеткеннен жұмысына олақ Раджа, ол босағаннан кейін де түзелмеді, керісінше бұрын­ғыдан бетер жауапкершілігі кеми түсті.

Әңгіменің соңында кейіпкер «эмоцияналды қорытындылар» жасайды. Митаның Раджа­дан дән риза екендігін айта келе, өз күйін «Ал мен риза емеспін, ал неге екенін өзім де түсін­беймін» деп аяқтайды.

Әңгіменің постмодернистік сипатын айқындауда, оның атына тоқталайық. Аударма кезінде сөздің құбылмалылығы мәнін жоғалтады. Түпнұсқадағы «Parte» атауы формасы жағы­нан ағылшын тіліндегі «part» сөзіне хиндидегі әйел тегі, көпше түрді білдіретін «e» жалғануы арқылы жасалған. Хинди тілінде мұндай сөзжасам болғанымен, бұл қалыпты болып есептелмейді, мұны неологизм деп қабылдаған дұрыс. Кишор бұл атау арқылы көбіне «топ» деген сөзді меңзегенін айтады. Ал мұның астарында әлеуметтік топ (қожайындар мен қызметшілер) және адамзат санасындағы қабаттар жатыр.

Осылайша, Гирирадж Кишордың «Тараптар» әңгімесінен көпмәнділік, түрлі түсіндіру мүмкіндігі, оқырмандармен ойынға сүйене отырып, туындыны постмодернизм элементтерін кеңінен қолданылған қазіргі заманғы хинди прозасының үлгісі деп қарастыруға болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   159   160   161   162   163   164   165   166   ...   205




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет