ОҚулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 616. 8(075)



бет4/13
Дата10.06.2017
өлшемі3,09 Mb.
#18806
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Күрделі рефректорлық орталық болып табылатын торлы құрылым аймағы зерттеушілердің ерекше көңілін аударады. Өз заманында И. М. Сеченов орталық жүйке жүйесінің жеке аймақтарына өзінің әсерін тарата алатын ми діңгегінің бөліктерін атап көрсеткен.

Одан кейінірек канада оқымыстысы В. Пенфилд сана ми қыртысында емес, мидың діңгек бөлігінде орналасқан деген концепциясын ұсынды.

Пенфилд ойын теріске шығарып, П. К. Анохин біздің санамыз оны толтыратын, белсенді ететін, оған өмір бойы тірек болатын мазмұны болмаса, болуы мүмкін емес екендігін атап көрсетеді, ал бұл мазмұн И. П. Павловтың іліміне сәйкес қыртыс процесстерінің керемет бай қарым-қатынастарында қалыптасады. Шынында, адамның санасын қоршаған әлем заттары мен құбылыстарын дұрыс бағалаусыз қалай көз алдыңа келтіруге болады? Ал бұл әлем біздің миымызда қыртыстық анализатор-аспаптар көмегі арқылы ми сыңарлары қыртысында құрылатын нерв байланыстары түрінде бейнеленеді.

Қыртыс асты құрылым механизмдері, әсіресе қыртыс астының біріктіруші рефлекторлық орталығы ретінде торлы формация, қыртысты белсенділендіреді және қыртыс функцияларының түзілуіне жағдай жасайды. Эволюциялық даму барысында мидың құрылымдық байланыстарының (архитектоникасының) біртіндеп қалыптасуымен қатарласып бұл байланыстарды энергиямен қамтамасыз ететін механизмдер де дамыды.

Торлы құрылымының белсенділендіргіш ролі (арнаулы емес қозу) және қыртыс астында қозудың тоқырау ошақтарын түзу қабілеті кейбір патологиялық синдромдарды түсінудің негізін қалыптастырады.



Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Торлы құрылым қай жерде орналасқан?

  2. Торлы құрылымда қандай орталықтар болады?

  3. Торлы формацияның маңызы, оған әртүрлі оқымыстылардың көзқарасы қандай болды?


Жүйке жүйесінің қызмет атқаруының

үш бірлестігі

А. Р. Лурия (1973) мидың анатомиялық құрылымдары туралы бар мәліметтерді жинақтап, адамның психикалық процесстерінің дамуы үшін солардың физиологиялық маңызын көрсете отырып, психикалық қызметті іске асыратын үш негізгі қызметтік бірлестікті (блокты) бөліп шығарды. Әрбір бірлестік иерархиялық құрылымды (төмендегі құрылымдар жоғарыдағы құрылымдарға бағынатын) болады және жүйке жүйесінің бір-бірінің үстіне орналасқан деңгейлерінен тұрады.

Бірінші бірлестік – тонус пен сергектікті реттегіш бірлестік. Психикалық процесстердің толық құнды өтуін қамтамасыз ету үшін адам сергектік жағдайында болуы қажет. Оларды қалыпты ұстап тұру үшін ақпараттың қабылдануы мен өңделуін, жадыда белгілі бір ассоциациялардың пайда болуын, қызметті жоспарлауды қамтамасыз ететін ми қыртысының белгілі тонусы қажет. Ми қыртысының тонусын қамтамасыз ететін және реттеп отыратын аппарат болып торлы құрылым табылады. Ол ми діңгегінде орналасып және жоғары қарай аралық миға дейін көтеріліп, жоғары және төмен жүретін импульстерді белсенділендіре отырып көптеген құрылымдарды біріктіру қызметін атқарады. Жоғарыға бағытталған ретикулярлық жүйе қыртыс белсенділігін ретттеуде шешуші роль орындайды. Төменге бағытталған торлы құрылым ортаңғы мидың, гипоталамус пен ми діңгегінің құрылымдарын бақылап және реттеп, оларды қыртыстың реттеуші қызметіне бағындырады. Осылайша, торлы құрылым қыртыс тонусының реттелуін және сергектік жағдайын қамтамасыз етеді. Алайда торлы құрылымның белсенділендіргіш функциясы арнаулы емес және сонысымен ми қыртысы жүйелерінің арнаулы қызметтерінен (сенсорлы және моторлы) ерекшеленеді. Бағаналық құрылымдарды, ортаңғы және аралық миды біріктіре отырып, торлы құрылым гомеостазды (организмнің ішкі тепе-теңдігін) қамтамасыз ететін зат алмасу процесстерінің реттелуін қалыпты жағдайда ұстап отырады.

Қыртысты торлы құрылым ғана емес, сезім мүшелерінен келетін тітіркенулер де белсенділендіреді. Адам ылғи өзгеріп тұратын орта жағдайында өмір сүреді, ол адамнан үнемі жігерлі сергектікті, организм күшін жұмылдыруды (мобилизациясын) талап етеді. Кезінде И. П. Павлов адам ағзасының мұндай күйін бағдарлау (ориентировочный) рефлексі деп атаған, бұл рефлекс танып-білу қызметінің негізі болып табылады.

Сонымен, бірінші бірлестік бас-ми жүйкелерінің ядроларымен және кезбе жүйке жүйесімен қоса ми бағанасын, торлы құрылымды, ортаңғы және аралық миды, сонымен қатар қыртыс асты құрылымдарын біріктіреді.

Екінші бірлестік – ақпаратты қабылдау, өңдеу және сақтау бірлестігі. Ол жаңа қыртыстың сыртқы бөліктерінде орналасады және оның құрамына көру (желке), есту (самай), жалпы сезімталдық (төбе) аймақтары кіреді. Бұл бірлестік аппараты миға перифериялық рецепторлардан келетін сыртқы тітіркеністерді қабылдауға, оларды көптеген құрамдас бөліктерге бөліп талдауға (сигналдарды анализдеуге) және де оларды керекті динамикалық қызметтік құрылымдарға үйлесімді құрастыруға (тітіркеністерді синтездеуге) бейімделген. Көру, есту және жалпы сезімталдық ақпаратын қабылдау үшін мидың бұл бірлестігінің жасуша құрылымы және байланыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылған болып келеді. Оның құрамына қыртыстың иіс сезу мен дәм сезу тітіркеністерін қабылдаушы бөліктері кіреді. Негізгі қызметті ми қыртысының біріншілік және екіншілік алаңдары, яғни ортақ иерархиялық ұстаным бойынша құрылған модальды-спецификалық анализатордың орталық аппараты өзіне алады. Ми қыртысының артқы бөліктерінің күрделі интеграциясын үшіншілік алаңдар іске асырады. А. Р. Лурияның пікірі бойынша үшіншілік алаңдардың қызметі көрнекі ақпараттың сәтті жинақталуы (синтезделуі) үшін ғана қажет емес. Сонымен қатар ол тікелей көрнекі синтез деңгейінен белгілік (символдық) процесстер деңгейіне өту үшін де қажет. Бұл процесстер сөз мағынасымен, күрделі грамматикалық және логикалық құрылымдармен, сандар жүйесімен және абстрактты қатынастармен жұмыс істеу үшін қажет.

Біріншілік алаңның жүйке жасушаларына келіп жеткен хабар өңделіп, жіктеліп, гностикалық аймақтың екіншілік алаңдарына түседі, бұл жерде осында келіп түсетін тітіркеністердің ізі сақталады. И. П. Павлов жады – бұл ми қыртысына келіп жеткен тітіркеністердің ізі деп санаған. Екіншілік аймақтарды құрайтын қысқа аксонды ассоциативтік нейрондар құрылымының маңызы зор, олар тітіркеністердің әртүрлі қисындастыруларының (комбинацияларының) бірлестіктерге бірігуін қамтамасыз ете отырып, синтез қызметін атқарады. Балалық шақта біріншілік, екіншілік және үшіншілік алаңдардың іске қосылуы мен бір-бірінің үстіне жалғасып құрылу реті басты маңызға ие болады. Біріншілік және екіншілік алаңдардың зақымдалуы үшіншілік алаңның қалыптасуын қиындатады, бұл жоғары деңгейлердің дамымай қалуына әсер етіп, жоғарғы психикалық функциялардың қалыптасуын тежейді.

Әртүрлі анализаторлардың немесе талдағыштардың қыртыстық бөлімінің үшіншілік алаңы (жабушы зоналар) тек адамдарда ғана болады. Олар көрнекі қабылдаудың ұйымдастырылған тәжірибенің жадыда сақталуы үшін қажетті, ішкі жобалар арқылы іске асырылатын абстрактты ойлауға айналдыруға қатысады (А. Р. Лурия, Л. С. Выготский). Психикалық функциялары толығымен қалыптасқан ересек адамда қыртыстың өздеріне бағынышты екіншілік алаңдарды басқаратын үшіншілік алаңдары басты маңызға ие болады. Ми қыртысындағы жоғарғы психикалық функциялардың латерализация приципі екіншілік және үшіншілік зоналар деңгейінде ғана өзекті мәнге ие. Өйткені осы аймақтар қыртысқа жеткен ақпараттың функционалдық ұйымдастырылуында негізгі рөл ойнайды, ал бұл сөйлеу тілінің арқасында жүзеге асырылады. Осылайша, екінші бірлестік ми жұмысының ең қиын түрлерін қамтамасыз етеді. Ми қызметінің мұндай түрлері генетикалық тұрғыда еңбекпен байланысты, ал құрылымдық тұрғыда – психикалық процесстердің ұйымдастырылуына сөйлеу тілінің қатысуымен байланысты болатын, адамның таным қызметінің аса жоғары түрлерінің негізінде жатады.

Үшінші бірлестік – құрамына ми қыртысының маңдай бөлігі кіретін, қызметтің күрделі түрлеріне бағдарлама құру, оларды реттеу және бақылау бірлестігі. Әрекет жоспары мен бағдарламасын жасау, орта талаптарына сай тәртіпті реттеу, сонымен қатар саналы қызметті қадағалау осы бірлестікке байланысты. Алдыңғы ортаңғы қатпар, немесе біріншілік моторлық алаң, «шығу қақпасы» болып табылады, өйткені бұл жерден импульстерді ми бағанасындағы бас-ми жүйкелерінің ядроларына және жұлынның қозғалтқыш нейрондарына апаратын пирамидалық жол басталады. Бірақ пирамидалық жасушалардың өздері қозғалыс импульстерін даярлай алмайды, күрделі қозғалыс актін қамтамасыз ететін құрылым қажет. Маңдай аймағының екіншілік алаңдарының қызметін соматотопиялық белгісі бойынша ұйымдастырылған процесстерді функционалды ұйымдастырылған жүйелерге айналдыратын премоторлық бөлімдер атқарады.

Қыртыстың үшіншілік алаңдары мидың префронтальды бөлімдерінде орналасады, олардың қыртыстың барлық бөлімдерімен және мидың төмен жатқан бөлімдерімен, әсіресе мидың барлық бөліктеріне қуат пен тонус беріп отыратын торлы құрылыммен мол байланыс жүйесі болады. Маңдай қыртысының байланыстары екі жақты. Қыртыс торлы құрылым түзілістеріне жекелендірілген сипат бере отырып, реттеуші әсер етеді. Осылайша, қыртыстың префронтальды бөлімдері белсенділік күйін сөз арқылы жеткізілетін ниеттермен және ойлармен сәйкестендіріп, оларды реттеуде маңызды роль атқарады (А. Р. Лурия). Адамның саналы қызметінің реттелу процесінің ерекшелігі оның сөйлеудің тығыз қатысуымен жүзеге асырылуында. Қыртыстың дәл осы префронтальды бөлімдері адамның саналы қызметін жоспарлаудың, реттеудің және бақылаудың аса күрделі түрлерін қамтамасыз етеді.

Үш бірлестіктің жұмыс істеуі жайында алынған мәліметтерді жинақтай келе, олардың адамның күрделі психикалық қызметі түзілуіндегі қызметтік біртұтастығын ерекше атап көрсету керек.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Психикалық қызметтің үш негізгі қызметтік бірлестігі туралы түсінікті кім енгізген және оның мәні неде?

  2. Біріншілік бірлестікке қандай құрылымдар кіреді және оның маңызы?

  3. Екінші бірлестіктің құрылымы мен қызметі?

  4. Үшінші бірлестікке не кіреді, оның маңызы?

  5. Ми қыртысындағы біріншілік, екіншілік және үшіншілік алаңдар жайлы ұғым?



§3. Жұлынның құрылысы мен қызметі
Жұлын омыртқа глотасындағы жұлын каналында орналасқан (13-сурет). Ми бағанының жалғасы бола отырып, жұлынның өзіне тән арнайы құрылысы болады. Жұлынның сыртқы түрі қалыңдығы 1,5 см жуық ақ бау тәрізді. Мойын және бел бөліктерінде аяқ-қолдың иннервациясына байланысты жуандаған жерлері бар. Жұлынның ұзындығы адамның бойына байланысты, орта есеппен 40-45 см тең болады.

Жұлынның алдыңғы және артқы бетінде ұзына бойы салалары болады. Жұлынға сегменттік құрылыс тән (14-сурет). Әр сегмент, немесе кесінді, бір жұп нервке бастау береді. Барлығы 31 сегмент болады. Әр сегменттен қозғалтқыш (алдыңғы) және сезгіш (артқы) жұп жүйке түбіршектері болады. Осылай мойын бөлімінен 8 жұп, кеудеден – 12, белден – 5, сегізкөзден – 5 және құймышақтан 1 жұп жұлын түбіршектері шығады. Қозғалтқыш және сезгіш түбіршектер жұлыннан шыққаннан кейін бірігіп, омыртқааралық тесіктерге бағытталады, онда сезгіш түбіршек жұлын түйінін (ганглий) құрайды. Алдыңғы және артқы түбіршектердің бірігуінен түзілген жұлын бағаналары омыртқааралық тесіктерден шыққан жерде мойын, иық, бел-сегізкөз өрімдерін құрайды, олардан қаңқа бұлшық еттерін жүйкулендіретін перифериялық (шеткі) жүйкелер тарайды. Мойын-иық өрімінен қол бұлшық еттерін жүйкелендіретін шынтақ, шыбық, орталық нервтері шығады. Бел-сегізкөз өрімдерінен аяқ бұлшық еттерін жүйкелендіретін шонданай, сан жүйкелері және басқа да жүйкелер шығады.

Жұлынның ішкі құрылысын көлденең кесіндісінен зерттеуге болады (15-сурет). Мұндай тілікті қарастыра отырып, жұлынның да ақ және сұр заттан тұратындығын көреміз. Тілікте сұр зат латынша Н әрпі немесе көбелек пішінді болады. Сұр заттың ортасында жұлын арнасы өтеді, ол мида кеңейіп, ми қарыншаларын түзеді. Сұр заттың шығыңқы жерлері жұлын мүйіздері деп аталады. Алдыңғы шығындылары жалпақтау және қысқалау болады, олар жұлынның алдыңғы мүйіздері деп аталады, артқылары – созылыңқы, олар артқы мүйіздері деп аталады, ал бүйір шығындылары бүйір мүйіздерін құрайды. Артқы мүйіздің төбесі ерекше майда жасушалар мен көп жағдайда миелинмен қапталмаған талшықтардан құралған, бұл түзіліс Роландо желатинозды заты деп аталады. Оған белдеулік аймақ жанасып жатыр. Артқы мүйіздің перифериясы бойымен шеткі аймақ (Лиссауэр зонасы) орналасқан.

Артқы мүйізге артқы сезгіш түбіршектер кіреді, алдыңғы мүйізден бұлшық еттерге бағытталатын алдыңғы қозғалтқыш түбіршектер шығады. Бүйір мүйіздерде вегетативтік жүйке жүйесінің ядролары жатады.

Жұлынның сұр заты миелинді талшықтардан тұратын ақ затпен қоршалған, бұл талшықтар бағаналар деп аталатын ерекше будалар құрайды. Осылай, алдыңғы мүйіздер арасында алдыңғы бағаналар, артқыларының арасында – артқы бағаналар және алдыңғы мен артқыларының арасында бүйір бағаналар орналасқан. Бұл бағаналарда жұлынның өткізгіш жолдары өтеді, олар мимен байланыстыру сияқты күрделі қызмет атқарады. Өткізгіш жолдардың ішінде жоғары көтерілетін, немесе орталыққа бағытталатын (афференттік), сезу импульстарын перифериядан орталыққа өткізетін және төмен түсетін, немесе орталықтан шығатын (эфференттік), қозғалтқыш импульстарды қыртыс пен мидың басқа да бөлімдерінен жұлынға өткізетін түрлерін ажыратады. Орталыққа бағытталатын жолдар артқы және бүйір бағаналарда, ал орталықтан шығатындар – алдыңғы және бүйір бағаналарда өтеді.

Сұр заттың қызметі сезу импульстарын жұлынның қозғалтқыш рецепторларына өткізуде. Осылай, сыртқы орта тітіркенісі терідегі сезгіш рецепторлардың ұштарынан сезгіш жүйке арқылы омыртқааралық түйінге, ал одан кейін жұлынның артқы түбіршегі арқылы артқы мүйізіне беріледі. Сезу импульсының әрі қарай қозғалтқыш құралға (алдыңғы мүйізге) берілуі тікелей, немесе қосымша аралық нейрон арқылы жүзеге асады. Сезу импульстарының келіп түсуі нәтижесінде қозғалтқыш импульстар пайда болады, олар қозғалтқыш түбіршектер мен жүйкелер арқылы бұлшық еттерге бағытталады да, бұлшық еттер белгілі бір қозғалыстар жасайды. Осылайша, жұлын деңгейінде жұлын автоматизмдерінің бір түрі болып табылатын қарапайым рефлекторлық доға іске қосылады (16-сурет).

Рефлекторлық процесстің екінші жартысы жұлынның өткізгіштік қызметіне қатысты, ол буындардан, байламдардан, бұлшық еттерден келетін сезу импульстерінің әрі қарай жоғары көтерілетін (орталыққа бағытталған) жолдар жүйесі арқылы мидың қыртыс асты құрылымдары мен қыртысына берілуін жүзеге асырады. Қыртыстың жоғарғы бөлімі перифериядағы жағдай туралы сигналдарды осылайша алып отырады. Өз кезегінде ми қыртысы төмен түсетін (орталықтан шығатын) жолдар жүйесі арқылы шеткі қозғалтқыш рецепторлар мен бұлшық еттерге бағытталған кері импульстер жібереді. Жұлынның сұр затының ұзына бойымен бірқатар маңызды вегетативтік орталықтар орналасады. Осылай, жоғары мойын сегменттерінде диафрагма қызметін реттейтін орталықтар, VIII сегментте қарашықты кеңейтетін орталық жатады. Төменгі бөлікте (бел-сегізкөз) қуық пен тік ішектің, сонымен қатар жыныс мүшелерінің қызметін реттейтін вегетативтік орталықтар орналасқан.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Жұлынның өлшемдері мен сыртқы пішіні қандай?

  2. Жұлын қандай бөлімдерден және неше сегменттен тұрады?

  3. Жұлын түйіні қай жерде орналасқан?

  4. Қандай жұлын өрімдері болады, олардан қандай жұлын нервтері тарайды?

  5. Көлденең тіліктегі жұлынның сұр затының құрылысын сипаттаңыз?

  6. Жұлынның ақ затының құрылысы қандай?

  7. Қарапайым рефлекторлық доғаға не кіреді, ол қалай жұмыс істейді?

  8. Жұлынның өткізгіштік қызметін түсіндіріңіз?

  9. Жұлындағы вегетативтік орталықтар қандай?

§4. Жұлын мен мидың өткізгіш жолдары
Жүйке жасушасының көптеген өсінділері болады. Жасуша денесінен алшақ жатқан жүйке бұтақтары жүйке талшықтары деп аталады. Орталық жүйке жүйесінің шегінен тыс шықпайтын жүйке талшықтары жұлын мен мидың өткізгіштерін құрайды. Ал орталық жүйке жүйесінің шегінен тысқа қарай бағытталатын талшықтар шоғырларға жиналып, шеткі нервтерді құрайды.

Жұлын мен мидың ішімен өтетін жүйке талшықтары әртүрлі қашықтыққа созылады – кейбірі жақын жатқан нейрондармен, басқалары алысырақ жатқан нейрондармен қатынасқа кіреді, ал үшіншілері өз жасушасының денесінен алысқа кетеді. Соған байланысты импульстердің орталық жүйке жүйесі көлемінде берілуін іске асыратын өткізгіштердің үш түрін бөліп шығаруға болады.



  1. Проекциялық өткізгіштер орталық жүйке жүйесінің жоғары орналасқан бөлімдерінің төмен орналасқан бөлімдерімен байланысын жүзеге асырады. Олардың ішінде жолдардың екі түрін ажыратады. Төмен түсетіндері импульстерді мидың жоғары жатқан бөлімдерінен төмен қарай өткізеді де, орталықтан шығатын деп аталады. Олар сипаты бойынша қозғалтқыш болып табылады. Перифериядан теріден, бұлшық еттерден, буындардан, байламдардан, сүйектерден импульстарды орталыққа бағыттайтын жолдар жоғары қарай жүріп, орталыққа бағытталған жолдар деп аталады. Сипаты бойынша олар сезгіш болып табылады.

  2. Комиссуральдық немесе дәнекерлік талшықтар ми сыңарларын біріктіреді. Оң және сол жарты шарды қосатын сүйелді дене, алдыңғы дәнекер, ілгек тәрізді қатпардың дәнекері және көру төмпешігінің екі жартысын қосатын сұр дәнекер осы түрге жататын байланыс үлгісі болып табылады.

  3. Ассоциативтік немесе тіркестіруші талшықтар мидың бір жарты шары көлеміндегі бөліктерін қосады. Қысқа талшықтар бір бөліктегі немесе жақын жатқан бөліктердегі қатпарларды, ал ұзындары жарты шарлардың бір бөлігінен басқа бөлігіне созылып жатады. Мысалы, доға тәрізді буда маңдай бөлігінің төменгі және ортаңғы бөлімдерін, төменгі ұзынша буда самай бөлігін шүйде бөлігімен байланыстырады. Маңдай-шүйде, маңдай-төбе будаларын және т.б. бөледі.

Ми мен жұлынның басты проекциялық өткізгіштерінің жүру жолдарын қарастырайық.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Жұлын мен мидың ішінде өтетін өткізгіштердің түрлерін неге байланысты ажыратыды?

  2. Проекциялық, комиссуральдық, ассоциативтік талшықтарға сипаттама беріңіз?



Орталықтан шығатын жолдар

Пирамидалық жол алдыңғы орталық қатпардың бесінші қабатында және парацентральдық бөлікшеде орналасқан ірі және алып пирамидалық жасушалардан (Бец жасушалары) басталады. Алдыңғы орталық қатпардың жоғарғы бөліктерінде аяққа арналған, ортаңғы бөліктерінде – кеудеге, одан төменірек – қолға, мойын мен басқа арналған жолдар орналасады. Осылайша, адамның дене бөліктерінің мидағы проекциясы төңкерілген түрде болады. Бүкіл талшықтардың жинағынан ішкі дорба арқылы өтетін күшті буда түзіледі. Содан кейін пирамидалық буда ми аяқшасының негізі, Варолиев көпірі арқылы өтіп, сопақша миға, ал одан соң жұлынға кіреді.

Варолиев көпірі мен сопақша ми тұсында пирамидалық жол талшықтарының бір бөлігі бас-ми жүйкелерінің (үштік, сыртқа әкеткіш, бет, тіл-жұтқыншақ, кезбе, қосымша, тіл асты) ядроларында аяқталады. Бұл қысқа талшықтардың будасы қыртыстық-бульбарлық жол деп аталады. Ол алдыңғы орталық қатпардың төменгі бөлімдерінен басталады. Қысқа пирамидалық жолдың талшықтары ядроларға кірудің алдында айқасып қиылысады. Пирамидалық жүйке талшықтарының басқа, ұзынырақ будасы алдыңғы орталық қатпардың жоғарғы бөлімдерінен басталып, төмен қарай жұлынға түседі де қыртыстық-спинальдық жол деп аталады. Ол сопақша ми мен жұлынның шекарасында толық емес қиылысу жасайды, сонда жүйке талшықтарының басым бөлігі (қиылысуға ұшыраған) жолын жұлынның бүйір бағанасында жалғастырады да, ал азғантай бөлігі (қиылыспаған) өз жағындағы жұлынның алдыңғы бағанасының құрамында жүреді. Екі кесінді де жұлынның алдыңғы мүйізінің қозғалтқыш жасушаларында бітеді.

Пирамидалық жол (қыртыстық-бульбарлық және қыртыстық-спинальдық) қозғалу импульстарын ми қыртысының жасушаларынан бас-ми ядролары мен жұлынға жіберетін жолдың орталық кесіндісі болып табылады. Ол орталық жүйке жүйесінің аумағынан шықпайды.

Бас-ми жүйкелерінің қозғалтқыш ядроларынан және жұлынның алдыңғы мүйіздерінен импульстер бұлшық еттерге баратын жолдың шеткі кесіндісі басталады. Яғни қозғалтқыш импульстардың берілуі екі нейрон арқылы жүзеге асады. Біреуі импульстерді қозғалыс анализаторының қыртыс жасушаларынан жұлынның алдыңғы мүйізіндегі жасушалар мен бас-ми жүйкелерінің ядроларына, ал екіншісі – беттің, мойынның, кеуденің және аяқ-қолдың бұлшық еттеріне өткізеді.

Пирамидалық жол зақымданғанда қозғалыстың бұзылуы зақымданған жаққа қарама-қарсы жақта болады, бұл бұлшық еттер қозғалысының толығымен жоғалуы, яғни салдануы (паралич) немесе олардың әлсіреуі (парез) түрінде білінеді. Зақымданудың орнына байланысты орталық және шеткі параличтер мен парездерді ажыратады. Бұл бұзылыстардың сипаттамасы сәйкес тарауда берілген.

Монаков будасы ортаңғы мидағы қызыл ядролардан басталады. Қызыл ядролардан шыға салысымен талшықтар айқасады да, артқы мидан өтіп, жұлынға түседі. Жұлында жүйке талшықтарының бұл будасы бүйір бағаналарында қиылысқан пирамидалық жолдың жанында орналасады және пирамидалық жол сияқты біртіндеп жұлынның алдыңғы мүйіздерінің жасушаларында аяқталады.

Монаков будасы бұлшық ет тонусын реттейтін қозғалтқыш импульстарды өткізеді.



Жабынды-жұлындық буда ортаңғы мидың алдыңғы қыраттарын жұлынның алдыңғы және жекелей бүйір бағаналарымен байланыстырады. Көру және есту бағдарлану рефлекстерінің орындалуына қатысады.

Кіре беріс-жұлындық буда кіре беріс аппаратының ядроларынан (Дейтерс ядросынан) басталады. Талшықтар жұлынға түсіп, алдыңғы және жекелей бүйір бағаналарында өтеді де, алдыңғы мүйіздердің жасушаларында бітеді. Дейтерс ядросы мишықпен байланысты болғандықтан осы жолмен вестибулярлық жүйе мен мишықтан шыққан импульстар жұлынға барады; тепе-теңдік функциясына қатысады.

Торлы-жұлындық буда сопақша мидың торлы формациясынан басталып, жұлынның алдыңғы және бүйір бағаналарында әртүрлі будалар түрінде өтеді. Алдыңғы мүйіздің жасушаларында бітеді; артқы мидың координациялық орталығынан шығатын өмірлік маңызы бар импульстарын өткізеді.

Артқы ұзынша буда жоғары және төмен қарай бағытталған талшықтардан тұрады. Ол ми діңгегі арқылы жұлынның алдыңғы бағаналарына өтеді. Бұл жолмен ми бағанасынан және жұлын сегменттерінен, вестибулярлық аппараттан және көз бұлшық еттерінің ядроларынан, сонымен бірге мишықтан шығатын импульстар өтеді.

Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Пирамидалық жол қайдан басталыды, оның жалпы сипаттамасы?

  2. Пирамидалық жолдың екі бөлігін атаңыз, олардың құрылысы мен қызметі?

  3. Қозғалтқыш импульстардың берілуі неше нейрон арқылы іске асады?

  4. Пирамидалық жол зақымданғанда қозғалыстың бұзылуының қандай түрлері болуы мүмкін?


Орталыққа бағытталған жолдар

Беткей терілік сезгіштіктің жолы ауыру, температуралық және жекелей сипап сезінулерін өткізеді (сипап сезінудің негізгі жолы терең сезіну талшықтарымен өтеді). Осы жол омыртқааралық түйіндегі екі бұтағы бар жасушалардан басталады, олардың бірі шеттегі тері рецепторларына бағытталады да, ал басқасы жұлынға бағытталып, жұлынның артқы мүйізіндегі жасушаларда бітеді. Бұл былайша айтқанда сезгіштік жолының бірінші нейроны. Артқы мүйіздерде терілік сезгіштіктің екінші нейроны орналасқан. Терілік сезгіштіктің жолы қарама-қарсы жаққа өтіп, жұлынның бүйір бағаналарымен жоғары көтеріліп, сопақша ми арқылы өтеді де, Варолиев көпірінде және ортаңғы ми тұсында медиальды ілмек құрамына кіріп, көру төмпешігінің сыртқы ядросына бағытталады. Көру төмпешігінде сезгіштік жолының үшінші нейроны орналасады; әрі қарай бұл жол ішкі дорбадан өтіп, ми қыртысына бағытталады. Артқы орталық қатпар аймағында (төбе бөлігі) бітеді.

Терең сезгіштік жолы да омыртқааралық түйіндегі нерв жасушаларынан басталады, мұнда тек қана тері мен шырышты қабаттардан ғана емес, сонымен қатар бұлшық еттерден, буындардан, сүйектерден, сіңірлер мен байламдардан да импульстар келеді. Терең сезгіштік жолы тітіркеністерді осы құрылымдардың бәрінен әкеле отырып, жұлынға артқы бағананың құрамында кіреді. Содан кейін жұлын бойымен жоғары қарай ядроларында осы жолдың бірінші нейроны аяқталатын сопақша миға дейін көтеріледі. Сопақша ми ядроларынан терең сезгіштіктің екінші нейроны басталады. Ядролардан шыққан соң талшықтар айқасып сосын медиальды ілмекті түзеді де көру төмпешігінің бүйір ядросына бағытталады. Көру төмпешігінен терең сезгіштіктің үшінші нейроны басталады, ішкі дорбадан өтіп, ол да артқы орталық қатпар жасушаларында аяқталады (төбе бөлігі).

Мишықтық өткізгіштер барлық жоғары жүретін өткізгіштер сияқты омыртқааралық түйіннен басталып, жұлынның сұр затына қарай бағытталып, артқы мүйіз жасушаларында бітеді. Артқы мүйізден екінші нейрон басталып, ол екі буда түрінде жұлынның бүйір бағаналарына бағытталады. Бірінші, тікелей буда сопақша миға жетеді де, мишықтың төменгі аяқшысын түзіп, мишық жасушаларында бітеді. Екінші, айқасқан буда жоғары қарай ортаңғы миға дейін көтеріліп, мишықтың жоғарғы аяқшасы арқылы ол да мишыққа кіреді.

Жоғары жүретін жолдарға иіс, көру, есту тітіркеністерін алып жүретін сезгіш жолдарды жатқызу керек. Олар жайында төменде, бас-ми жүйкелері туралы тарауда айтылады.

Сезгіштік өткізгіштерінің зақымдануы кезінде сәйкес аймақтың барлық сезгіштік түрлерінің бұзылысы байқалады. Осылай, бүйір бағанасынының сәйкес жолдары зақымданғанда қарама-қарсы жақтағы терілік (ауыру мен температуралық) және жекелей тактильдік сезгіштік зардап шегеді.

Мишықтық жолдар талшықтарының зақымдануымен байланысты қимыл координациясының бұзылыстары туындайды. Артқы бағаналардың зақымдануында терең сезгіштік бұзылады – қимыл мүшелерінің қалпы мен орнын сезіну, екі өлшемді кеңістіктік сезіну. Осыған байланысты адамның жүрісі де сенімді емес боп бұзылып, қимылдары сермегіш, дәл емес болып қалады.



Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Орталыққа бағытталған жолдардың түрлерін атап шығыңыз?

  2. Беткей терілік сезгіштіктің жолына сипаттама беріңіз?

  3. Терең сезгіштік жолының өтітін бағыттары?

  4. Беткей және терең сезгіштік жолдары неше нейроннан тұрады, олардың айырмашылығы?

  5. Мишықтық өткізгіштердің құрылысы?

  6. Орталыққа бағытталған жолдардың зақымдануы кезінде қандай өзгерістер байқалады?


Бас-ми жүйкелері

Бас-ми жүйкелері олардың ядролары орналасатын мидың діңгек бөлімінен басталады. Тек қана иіс сезу, есту және көру жүйкелері ондай емес, олардың бірінші нейрондары ми діңгегінен тыс жерде орналасады.

Бас-ми жүйкелерінің көбісі аралас болып табылады, яғни олардың құрамында сезгіш те, қозғалтқыш та талшықтар болады, және сонда кейбірінің құрамында сезгіш, ал басқаларының құрамында қозғалтқыш талшықтар басым болады. Барлығы 12 жұп бас-ми нерві болады.

І жұп – иіс сезу нерві. Мұрынның шырышты қабатынан жіңішке жүйке жіпшелері түрінде басталады, олар ми сауытының торша сүйегінің тесіктері арқылы өтіп, мидың негізінен шығып, иіс сезу жуашығына жиналады. Иіс сезу жуашығынан екіншілік иіс сезу жолы шығады. Иіс сезу жолының талшықтары жартылай ажырап, үшбұрыш құрайды. Иіс сезу талшықтарының көбісі қыртыстың ішкі бетіндегі ілмек тәрізді қатпарда орналасқан иіс сезу анализаторының орталық ядросында аяқталады.

Иіс сезуді иісі бар заттардың жиынтығы көмегімен зертейді.

Иіс сезудің бұзылысы әртүрлі білінуі мүмкін: иістерді қабылдаудың мүлдем жоқтығы – аносмия, немесе иістерді қабылдаудың төмендеуі – гипосмия. Кейде иісті заттарға деген ерекше жоғары сезгіштік – гиперосмия (балалық жаста кездеспейді десе болады).

Кейде мұрынның шырышты қабатының жергілікті зақымдануы кезінде (мысалы, тұмау кезінде), иістерді қабылдаудың бұзылуы байқалатындығын, бірақ ол иіс сезу жолының өзінің зақымдануымен тіпті байланысты емес екендігін ескеру қажет.



ІІ жұп – көру нерві. Көру жолы көздің торлы қабатынан басталады. Көздің торлы қабатының құрылысы өте күрделі болып келеді, ол таяқшалар мен колбашықтар деп аталатын жасушалардан тұрады. Бұл жасушалар әртүрлі жарық және түс тітіркеністерін қабылдаушы рецепторлар болып табылады. Бұлардан басқа көзде ганглиозды жүйке жасушалары болады, олардың дендриттері таяқшалар мен колбашықтарда аяқталады да, аксондары көру жүйкесін құрайды. Көру нервтері сүйек тесіктері арқылы бас сауытына кіріп, ми негізінің түбімен өтеді. Ми негізінде көру жүйкелері жартылай айқасу жасайды – хиазма. Айқасуға жүйке талшықтарының барлығы емес, тек қана торлы қабаттың ішкі жартыларынан келетіндері ғана ұшырайды; сыртқы жартыларынан келетін талшықтар айқаспайды.

Жүйке жолдарының көру талшықтарының айқасуынан кейін түзілетін ірі будалары көру тракты деп аталады. Осылайша, әр жақтың көру трактында бір көздің жүйке талшықтары емес, екі көздің торлы қабатының бірдей жартыларынан келетін талшықтар өтеді. Мысалы, сол жақ көру трактында екі торлы қабаттың да сол жақ жартысынан келетін, ал оң жақ көру трактында екеуінің де оң жақ жартысынан келетін талшықтар өтеді.

Көру трактының жүйке талшықтарының басым бөлігі сыртқы тізе тәрізді денелерге, ал аз бөлігі төрт қыраттың алдыңғы қыраттарының ядроларына, көру төмпешігінің жастығына келеді.

Сыртқы тізе тәрізді дененің жасушаларынан көру жолы ми қыртысына бағытталады. Жолдың бұл кесіндісі Грациоле будасы деп аталады.

Көру жолы шүйде бөлігінің қыртысында бітеді, мұнда көру анализаторының орталық ядросы орналасады.

Балалардың көру өткірлігін арнайы кесте арқылы тексеруге болады. Түстерді сезу түрлі-түсті суреттер жинағы көмегімен тексеріледі.

Көру жолының зақымдануы кез келген кесіндіде болуы мүмкін. Соған байланысты көрудің бұзылысының клиникалық көрінісі де әртүрлі болады.

Негізінен зақымданудың үш аймағын ажырату керек: көру талшықтарының айқасуына дейінгі, айқасудың (хиазма) өзінің аймағындағы және айқасудан кейінгі. Бұл туралы төменде айтылатын болады.



ІІІ (көз-қимыл нерві), IV (шығыр нерві) және VI (сыртқа әкеткіш нерві) жұп жүйкелер көз алмасының қозғалысын жүзеге асырады, яғни көзді қозғалтушылар болып табылады. Бұл жүйкелермен импульстар көз алмасын қозғалтатын бұлшық еттерге келеді. Осы жүйкелердің зақымдануы кезінде сәйкес бұлшық еттердің параличтері байқалып, көз алмасының қимылы шектеледі – қылилық.

Сонымен қатар, ІІІ жұп бас-ми жүйкелерінің зақымдануы кезінде птоз (жоғарғы қабақтың түсіп кетуі) бен қарашықтардың тең еместігі де байқалады. Соңғысы көз иннервациясына қатысатын симпатикалық нерв бұтағының зақымдануымен де байланысты болады.



V жұп – үштік жүйке ми сауытынан бетке шығып, үш тармақ құрайды: а) көз қуысы, б) жоғарғы жақ, в) төменгі жақ. Алғашқы екі тармақ сезгіш болып табылады. Олар жоғарғы бет бөлімдерінің терісін, қабақ пен мұрынның шырышты қабықтарын, сонымен бірге көз алмасын, жоғарғы жақты, қызыл иекті және тістерді нервтендіреді. Жүйке талшықтарының бір бөлігі ми қабықтарын нервпен қамтамасыз етеді.

Үштік жүйкенің үшінші тармағы талшықтар құрамына қарай аралас болып табылады. Оның сезгіш талшықтары беттің терісінің төменгі бөлімін, тілдің алдыңғы 2/3 бөлігін, ауыз қуысының шырышты қабатын, төменгі жақтың тістері мен қызыл иегін нервтендіреді. Бұл тармақтың қозғалтқыш талшықтары шайнау бұлшық еттерін жүйкелендіреді.

Үштік жүйкенің иннервация жүйесіне симпатикалық нерв үлкен үлес қосады.

Үштік жүйкенің шеткі тармақтарының зақымдануында беттің терілік сезгіштігі бұзылады. Кейде жүйкедегі қабыну процесі шақырған ауырудың азапты ұстамалары пайда болады (үштік нервтің невралгиясы). Талшықтардың қозғалтқыш бөлігінің бұзылыстары шайнау бұлшық еттерінің салдануын тудырып, оның нәтижесінде төменгі жақтың қозғалысы қатты шектеледі де, тамақтың шайналуын қиындатады. Үштік жүйке баланың емуі, шайнау бұлшықеті жүйкеленуімен іске асырылады. Үштік жүйке қызметін төменгі жақтың реакциясымен бағаланады. Егер саусағыңызды баланың ернінің астына иекке қойып бассаңыз сәбидің төменгі жағы көтеріліп шайнау бұлшықеттің жиырылуы байқалады.

Үштік жүйкесінің негізгі қызметі: шайнау актісі, төменгі жақтың қозғалысы, бұлшықеттің жиырылуы және ширылуы жағдайы, тістерді бір біріне тигізу (қабыстыруы). Үштік жүйкенің қызметі бұзылған жағдайда астыңғы жақтың қозғалысы бұзылады, жақ беттің салдануға қарсы жағына қисаяды, баланың ауызының жабылуы қиындайды, шайнау актісі қиындайды, дыбыс артикуляциясы бұзылады, зақымдалған жақтың бұлшықетінің ширығуы жоғалады.

VІI жұп – бет жүйкесі (қозғалтқыш) беттің барлық мимикалық бұлшық еттеріне барады. Көбінесе суық тиіп ауырғанда болатын бет жүйкесінің біржақты зақымдануы кезінде мынандай көрініс байқалады: қастың төмен түскен, көз саңылауы сау жақтағысынан кеңірек, қабақтары тығыз жабылмайды, мұрын-ерін қатпары тегістелген, ауыздың бұрышы салбыраған, ерікті қозғалыстар қиындаған, қабақты түйіп, қасты көтеру, ұртты тегіс үрлеп толтыру мүмкін емес, ерінмен ысқыра алмайды немесе «у» дыбысын айта алмайды. Науқастар бұл кезде бетінің зақымданған жағының жансызданғанын сезінеді, ол жағы қатты ауырады. Бет жүйкесінің құрамына секреторлық және дәм сезу талшықтары кіретіндіктен, сілекейдің бөлінуі мен дәм сезу бұзылады. Дәм сезу функциясын атқаруға сонымен қатар үштік жүйкенің талшықтары қатысады. Мимикалық бұлшықет дұрыс жүйкеленгенде тыныштықта, жылағанда, қас қозғалғанда бала беті симметриялы болады. Мимикалық бұлшықет сал болғанда беттің симметриялығына, көз саңылауының, ерін мен мұрын аралығындағы қыртыстың, ұрттың симметриялығына, көз жасаурауына назар аудару қажет. Бет жүйкесі зақымданған аурулардың екі көздерінің жұмылуы асинхронды болады. Сал болған жағында адамның қабағы түйілмей көздін қабағы түсінкіреп тұрады. Ауыз-еріннің бұлшық еттерінің тонусының төмендеуінің салдарынан ауру адам ұртын толтырып ұстай алмайды. Соның себебінен ішіп отырған тамағын толық мөлшерімен жұта алмай ұртының сыртына ағызып алады. Сонымен қатар артикуляциясы да бұзылып ауру адам “П” және “Б” дыбыстарын анық айта алмайды.

VІIІ жұп – есту жүйкесі екі тармақпен ішкі құлақтан басталады. Біріншісі – жеке есту жүйкесінің өзі – лабиринттің ұлуында орналасқан спиральды жүйке түйінінен шығады. Спиральды түйіннің жасушалары биполярлы, яғни екі бұтақты болады, және бұтақтардың бір тобы (шеткі) кортий мүшесінің түкті жасушаларына бағытталады да, басқалары есту жүйкесін құрайды. Аралас есту жүйкесінің екінші бұтағы вестибулярлық жүйке деп аталады, ол да ішкі құлақтан, онда орналасқан вестибулярлық аппараттан шығады. Вестибулярлық аппарат үш сүйек түтікшелерден және екі қапшықтан тұрады. Түтікшелердің ішінде эндолимфа деген сұйықтық айналып жүреді, сұйықтықта отолиттер деген әк тәріздес тастар жүзіп жүреді. Қапшықтар мен түтікшелердің ішкі беті ішкі есту жолының түбінде жатқан скарпов жүйке түйінінен келетін сезгіш жүйке ұштарымен қамтамасыз етілген. Осы түйіннің ұзын бұтақтары вестибулярлық жүйке тармағын құрайды. Ішкі құлақтан шыққан кезде есту және вестибулярлық тармақтары қосылады.

Аталған жүйкелер сопақша мидың қуысына кіріп, осында жатқан ядроларға келеді, одан кейін қайтадан ажырап, әрқайсысы өз бағытымен кетеді.

Есту жүйкесі сопақша мидың ядроларынан енді есту жолы деген атпен шығады. Талшықтардың бір бөлігі көпір деңгейінде қиылысып, қарама-қарсы жаққа өтеді. Қалған бөлігі құрамына басқа ядролық құрылымдардың (трапеция тәрізді дене және т.б.) нейрондарын қосып ала отырып, өз жағымен жүреді. Есту жолының бұл кесіндісі бүйір ілмек деп аталады, ол төртқыраттың артқы қыраттары мен ішкі тізе тәрізді денелерде бітеді. Осы жерге қиылысқан есту жолы да келеді. Ішкі тізе тәрізді денелерден есту жолының ішкі дорбадан өтіп, есту анализаторының орталық ядросы орналасатын самай бөлікке баратын үшінші кесіндісі басталады.

Есту жүйкесі мен оның ядроларының біржақты зақымданған кезде зақым тиген жағының кереңдігі дамиды. Есту жолдарының (жеке алғанда бүйір ілмектің), сонымен қатар қыртыстағы есту аймағының біржақты зақымдануы кезінде айқын білінетін есту бұзылыстары болмайды, қарама-қарсы жақтағы құлақтың естуінің аздап нашарлауы байқалады (екі жақты иннервацияға байланысты). Толық қыртыстық кереңдік тек сәйкес есту аймақтарындағы екі жақты ошақтар болған кезде ғана орын алуы мүмкін.

Вестибулярлық жүйке вестибулярлық түйіннен басталып, есту бұтағымен бірге біраз қашықтықты өткеннен соң сопақша ми қуысына еніп, бұрыштық ядроға келеді. Бұрыштық ядроның құрамына Дейтерстің бүйір ядросы, Бехтеревтің жоғарғы ядросы және ішкі ядро кіреді. Өткізгіштер бұрыштық ядродан мишықтың құртына (тісті және жабынды ядролар), жұлынға кіре беріс-жұлындық және артқы ұзынша буданың талшықтарымен барады. Артқы ұзынша буда арқылы ортаңғы мидың көз-қимыл ядроларымен байланыс жүзеге асады. Көру төмпешігімен де байланысы болады.

Вестибулярлық аппарат, сонымен қатар вестибулярлық жүйкемен оның ядролары зақымданған кезде тепе-теңдік бұзылады, бас айналуы, лоқсу және құсу пайда болады.

Туғаннан дені сау сәби дыбысқа әсер етеді. Қатты қоңырау, сылдырауық дыбысына сәби көзін жұмады, маңдайын тыржитады жылау белгісі пайда болады. Баланың тыныс алуы жиілеп, дыбыс шыққан жаққа басын бұруға тырысады. Жаңа туған сәбиде вестибулярлы аппараттың қалыпты қызметі айналмасы рефлекс сақталуынан байқалады. Айналғанда баладан айналу бағытына қарама-қарсы жақта горизонталды нистагм пайда болғанын байқаймыз.

ІХ жұп – тіл-жұтқыншақ жүйкесі сезгіш, қозғалтқыш және секреторлық талшықтардан тұрады. Тіл-жұтқыншақ жүйкесі сопақша мида орналасқан төрт ядродан бастау алады, кейбір ядролары кезбе жүйкесімен ортақ болады. Бұл жұп жүйке Х жұппен (кезбе жүйкемен) тығыз байланысты. Тіл-жұтқыншақ жүйкесі тіл мен таңдайдың артқы 1/3 бөлігін сезгіш (дәм сезу) талшықтармен қамтамасыз етеді, кезбе жүйкемен бірге ортаңғы құлақ пен жұтқыншақты жүйкелендіреді. Бұл жүйкенің қозғалтқыш талшықтары кезбе жүйкенің бұтақтарымен бірге жұтқыншақ бұлшық еттерін қамтамасыз етеді. Секреторлық талшықтары шықшыт немесе құлақ маңы сілекей безін нервтендіреді. Тіл-жұтқыншақ жүйкесі зақымданғанда бірқатар бұзылыстар байқалады, мысалы дәм сезудің бұзылуы, жұтқыншақ аймағында сезгіштіктің төмендеуі, сонымен қатар жұтқыншақ бұлшық еттерінің аздаған спазмы немесе жиырылуы. Кейбір жағдайда сілекей бөлінуінің бұзылуы мүмкін.

Х жұп – кезбе жүйке сопақша мида орналасқан ядролардан бастау алады, кейбір ядролары ІХ жұп жүйкесімен ортақ болады. Кезбе жүйке бірқатар сезгіштік, қозғалтқыш және секреторлық сипаттағы күрделі қызметтерді атқарады. Осылай, ол жұтқыншақ бұлшық еттерін (ІХ жұп нервімен бірге), жұмсақ таңдайдың, көмекейдің, көмекей үсті шеміршегінің бұлшық еттерін және дауыс байламдарын сезгіш және қозғалтқыш жүйке талшықтарымен қамтамасыз етеді. Ол басқа бас-ми нервтерінен бас сауытының шегінен алысқа шығып, кеңірдекті, бронхтарды, өкпені, жүректі, асқазан-ішек жолдарын және басқа да кейбір ішкі мүшелерді, сонымен қатар қан тамырларын жүйкелендіретіндігімен ерекшеленеді. Осылайша, оның талшықтарының әрі қарайғы жүрісі парасимпатикалық нерв жүйесін құрап, вегетативті иннервацияға қатысады.

Кезбе жүйке қызметі бұзылғанда, әсіресе екіжақты жекелей зақымдану болған кезде бірталай ауыр бұзылыстар болуы мүмкін, мысалы жұтудың бұзылуы, дауыстың өзгеруі (мұрнынан сөйлеу, дисфония, афония) сияқты; жүрек-қан тамыр және тыныс алу жүйелері тарапынан бірқатар ауыр бұзылыстар орын алады. Кезбе жүйке функциясының толық тоқтатылуы жүрек пен тыныс алу қызметінің сал болып қалуына (паралич) байланысты өлімге әкеп соғуы мүмкін. Тіл-жұтқыншақ және кезбе жүйкелердің қалыпты жағдайдағы қызметі - емізу және жұту актісін қамтамасыз етеді. Дені сау жаңа туған бала тойып тұрса да емізік емеді, ал егер оны алуға талпыныс жасасақ ол қарсылық көрсетеді. Бала дұрыс емгенде сүт ауыздан ақпайды, қақалмайды, ему ритмді және әрбір екі ему қимылына екі жұту және 1-2 тыныс алу сәйкес келеді. Егер бала емізікті дұрыс сормаса, емуі әлсіз болып тез шаршап қақалса, бұл бульбарлық және псевдо бульбарлық бұзылыстың әсері болғандықты көрсетеді.

Ауыз куысында жұмсақ таңдайдың орналасуын, жұмсақ таңдайдың фонациясын, таңдай жұтқыншақ қақпасының қалыптасуын, таңдай жұтқыншақ рефлексінің жағдайын да тіл- жұтқыншақ және кезбе жүйкелер қамтамасыз етеді. Олар жұмсақ таңдайдың дыбыс шығаруына қатысады.

Жұмсақ таңдайдың көтерілуі, төмен түсуі жағдайы тіл-жұтқыншақ жүйкесіне байланысты. Адамның таңдай-жұтқыншақ қақпағының рефлексі өте маңызды. Тамақ ішкенде, жөтелгенде таңдай-жұтқыншақ қақпағы өз бетінше жабылуы керек. Тіл-жұтқыншақ жүйкесі бұзылса жұмсақ таңдайдың рефлексі жоғалады, жұту актісі бұзылып адам шашала береді. Сонымен қатар дауыс байламдарының да жұмысы бұзылып фонация кезінде жұмсақ таңдай салбырап тұрады.



Дауыс байламдарының жұмысын, көмейдің жұмысын, дауыстың шығуын кезбе жүйкесі де қамтамасыз етеді. Кезбе жүйкесі бұзылғанда қарлыққан қатан дыбыс(дисфония,афония) пайда болады.

ХІ жұп – қосымша жүйке қозғалтқыш жүйке болып табылады. Оның ядролары сопақша ми мен жұлында жатады. Бұл жүйкенің талшықтары мойынның, иық белдеуінің бұлшық еттерін жүйкелендіреді, соған байланысты басты бұру, иықты көтеру, жауырынды омыртқа бағанасына жақындату сияқты қимылдар жүзеге асырылады. Қосымша жүйке зақымданғанда аталған бұлшық еттердің атрофиялық салдануы дамиды да, соның нәтижесінде бастың бұрылуы қиындайды, иық салбырайды. Жүйкенің тітіркенуі кезінде мойын бұлшық еттерінің тоникалық тырысуы болуы мүмкін, соның нәтижесінде бас күшпен бір жаққа қарай еңкейеді (қисықмойын ауруы). Атап өтілген бұлшық еттердің клоникалық тырысуы (екі жақты) күшпен бас изеу қозғалысын шақырады. Бұл жұп бас бұратын (стернокляйдомастоидеус) бұлшықетін жүйкелендіріп, бас бұрылуын қамтамасыз етеді. Кейбір туу процессі ауыр жағдайларда нәрестенің басы, мойыны анасының туу жолдарында қысылып қалғанда қосымша жұптың бұзылуының себебінен баланың мойыны қисық болып туады.

ХІІ жұп – тіл асты жүйкесі. Бұл тілдің қозғалтқыш жүйкесі. Талшықтар ромб тәрізді шұңқырдың түбінде орналасқан ядродан басталады. ХІІ жұптың талшықтары тілдің бұлшық еттерін нервтендіріп, оның максимальды иілгіштігі мен қозғалмалылығын қамтамасыз етеді. Тіл асты жүйкесі зақымданғанда тіл бұлшық еттерінде атрофиялық құбылыстар дамуы мүмкін, оның сөйлеу мен тамақтану қызметіне қажет қозғалыс қабілеті әлсірейді. Мұндай жағдайларда сөйлеу анық емес болады, күрделі сөздерді айту мүмкін болмайды. Тіл асты жүйкесінің екі жақты зақымдануы кезінде анартрия дамиды. Сөйлеудің және фонацияның нағыз тән көрінісі ІХ, Х және ХІІ жұп жүйкелердің аралас зақымдануы кезінде байқалады, ол бульбарлық салдану деген атпен белгілі. Бұл жағдайда сопақша мидың ядролары немесе олардан шығатын түбіршектер мен жүйкелер зақымданады. Тілдің салдануы, сөйлеудің ауыр бұзылыстары, сонымен қатар жұтудың бұзылуы, қақалу, шашалу байқалады, сұйық тамақ мұрыннан төгіледі, дауыс міңгірлеп шығады. Мұндай салдану бұлшық еттердің атрофиясымен өтеді және шеткі салданудың барлық белгілеріне ие болады. Орталық жолдың (қыртыстық-бульбарлық) зақымдануы жиірек кездеседі. Балалық жаста қыртыстық-бульбарлық жолдардың екі жақты зақымдануы кезінде, мысалы параинфекциялық энцефалитпен ауырғаннан кейін, сырттай бульбарлық салдануға ұқсас, бірақ орналасу сипатымен ерекшеленетін көріністер дамиды. Аталған салдану орталық сипатта болатындықтан, ол кезде бұлшық еттердің атрофиясы болмайды. Бұзылыстардың мұндай түрі псевдобульбарлық салдану деген атпен танымал. Тіласты жүйкесі тілбұлшықет қозғалысын қамтамасыз етеді. Тіласты жүйкесінің бұзылысының салдарынан тіл аз мөлшерде қозғалады, тез шаршап қалады, тіл бір жағына қисайып кетуіде мүмкін, кейде сілекей де шұбырып тұрады, артикуляция бұзылып әсіресе ауру адам «Ц», «Ч» дыбыстарын дұрыс айталмайды.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Бас-ми жүйкелерінің жалпы саны неше, оларды атап шығыңыз?

  2. Бас-ми жүйкелерінің ядролары қай жерде орналасқан?

  3. Құрамындағы жүйке талшықтарының түрлеріне қарай бас-ми жүйкелерін қалай топтастырады?

  4. Қай бас-ми жүйкелері аралас болып табылады?

  5. Бас-ми жүйкелерінің қайсысы ішкі мүшелердің қызметін реттейді?

  6. Әр бас-ми жүйкелерінің қызметіне тоқталып өтіңіз?

  7. Бас-ми жүйкелерінің зақымдануы кезінде қандай бұзылыстар байқалады (әр жұпқа жеке талдау жасаңыз)?

  8. Бульбарлық және псевдобульбарлық салдануға түсініктеме беріңіз?



Каталог: portal -> ebook -> files
files -> Кенжебекова Р. И., Айдарова Б. А.,Ералиева Т. О. Мектепке дейінгі жаста қарапайым математикалық ТҮсініктерін қалыптастыру әдістемесі шымкент-2016
files -> Оқулық Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен Аламаты, 2011 (075. 8)
files -> I теоретические основы логопедии
files -> «Бейнелеу өнері, сызу және кәсіптік білім» кафедрасы
files -> «Аналитикалық геометрия және сызықтық алгебра» пәні бойынша 5В011000- “Физика”
files -> Лекция жинағЫ Қарағанды 2011 Құрастырғандар: Жұмабаев С. Ә. ф-м.ғ. к., доцент
files -> Музыкалыќ іс-јрекетініѕ психологиясы
files -> Ә. Т. Мейірбеков., Т. П. Раимбердиев., Г. Ю. Башбенова тіршілік қауіпсіздік негіздері


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет