ОҚулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 616. 8(075)



бет5/13
Дата10.06.2017
өлшемі3,09 Mb.
#18806
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
§5. Вегетативтік нерв жүйесі
Вегетативтік жүйке жүйесі жұлын мен мидың әртүрлі деңгейінде орналаса отырып, ішкі мүшелердің қызметін реттейді. Ол симпатикалық және парасимпатикалық жүйелерден тұрады (17-сурет).

Симпатикалық орталықтар жұлынның бүйір мүйіздерінде кеуде және бел бөлімдері деңгейінде сегментарлы түрде орналасқан. Жұлынан шығып, симпатикалық жүйке талшықтары басты өрімді (күн өрімі мен құрсақ асты өрімі), сонымен қатар жоғарғы мойын, жоғарғы және төменгі шыжырқай түйіндерін түзеді. Симпатикалық жоғарғы мойын түйінінен көз алмасына қарай талшықтар келіп, көз қарашығының реакциясын қамтамасыз етеді, сонымен қатар шықшыт және басқа сілекей бездеріне де талшықтар барады. Жұлдызша түйінінен талшықтар өңешке, көмекейге, жұтқыншаққа, тыныс бұлшық еттеріне және жүрек бұлшық етіне барады. Күн немесе құрсақ өрімінен және жоғарғы шажырқай түйінінен талшықтар бауырға, асқазанға, тоқ және аш ішекке барады. Төменгі шыжырқай түйінінен және құрсақ асты өрімінен біріккен симпатикалық талшықтар ішектерді, жатырды, қуықты жүйкелендіреді. Осында жұлынның сегізкөз бөлімінен шығатын парасимпатикалық талшықтар да келеді.

Парасимпатикалық иннервацияны ми бағанасында және жұлынның сегізкөз бөлімінде орналасқан орталықтар қамтамасыз етеді. Ми бағанасында өмірлік маңызы бар жүрек-қантамыр және тыныс алу орталықтары болады (кезбе жүйке нің парасимпатикалық жүйесіне жататын).

Симпатикалық және парсимпатикалық жүйкелер барлық ішкі мүшелер мен қан тамырларға (тегіс бұлшық еттерге) келіп, бір-бірін өзара теңестіреді де, ішкі мүшелер қызметінің және зат алмасудың шебер реттелуін қамтамасыз етеді.

Жоғарғы вегетативтік орталықтар гипоталамуста және ми қыртысының лимбикалық аймағында орналасады. Гипоталамустың алдыңғы бөлімдері парасимпатикалық, ал артқы бөлімдері симпатикалық жүйені реттейді. Гипоталамустың біртұтас қызметі дене қызуын реттеумен, жүрек-қан тамыр жүйесінің, асқазан-ішек жолдарының, несеп шығарудың, жыныстық қызметтің, зат алмасудың барлық түрлерінің, эндокриндік жүйенің, гомеостаздың, ми қыртысының тонусының (ретикулярлы формациямен бірге) жағдайын реттеумен білінеді.

Жүйке жүйесінің қызметін зерттеуді қорытындылай келе, біз барлық мүшелер мен тіндердің жүйкелендірілуі екі жолмен өтетінін ерекше атап өтуіміз керек: жүйкелік және гуморальдық. Жүйкелік жол – шеткі жүйкелер арқылы орталық жүйке жүйесінен тікелей жүйкелендірілу. Гуморальдық жол – қызмет атқарушы мүшеге қоректік заттардың, гормондардың және оттегінің келіп тұруын қамтамасыз етуші қантамырларды жүйкелендіретін вегетативтік жүйе арқылы орталық жүйке жүйесінен жүйкелендірілу. Гуморальдық жол вегетативтік жүйке жүйесінің (симпатикалық және парасимпатикалық) жағдайына тәуелді. Вегетативтік жүйке жүйесі қоршаған ортаның өзгеріп отыратын жағдайында организм қызметінің ішкі тұрақтылығын сақтап, тұтас организмнің жалпы вегетативтік реакцияларын үйлестіре отырып, барлық ішкі мүшелердің келісімді қызметін қамтамасыз етеді. Вегетативтік жүйке жүйесінің жағдайына едәуір дәрежеде адамның эмоционалдық өмірі, оның тәртібі, жұмысқа қабілеттілігі, жадысы және басқа да психикалық қызметтері тәуелді.

Анатомиялық құрылымдарды зерттеуге қорытынды жасай келе, жүйке жүйесі қозғалыс актінің мағыналық құрылымына сәйкес жетекші деңгеймен басқарылатын және мидың барлық бөлімдерімен іске асырылатын күрделі көпдеңгейлі механизм екендігін баса айтуымыз керек. Н. А. Бернштейн әртүрлі жас кезеңдерінде іске қосылатын белгілі бір неврологиялық құрылымдарды ескере отырып қимылдардың құрылуының бірнеше негізгі деңгейін бөліп шығарды:

А – палеокинетикалық реттелулер деңгейі – орталық жүйке жүйесінің қызыл ядро-жұлындық деңгейі;

В – синергиялар деңгейі – таламо-паллидарлық деңгей;

С – кеңістіктік алаң деңгейі – пирамидалық-стриарлық деңгей; екі деңгейшеге бөлінеді: С1 – стриарлық, ол экстрапирамидалық жүйеге жатады, және С2 – пирамидалық, ол қыртыстық деңгейлер тобына жатады;

D – әрекет деңгейі (заттарға қатысты әрекеттер, мағыналық тізбектер және т.с.с.) – төбелік-премоторлық деңгей;

Е – белгілік үйлестірулердің жоғарғы қыртыстық деңгейлер тобы (жазудың, сөйлеудің және т.с.с.). Ұсынылған жоба жүйке жүйесінің қимыл актін іске асыруға қатысатын әртүрлі деңгейлерінің өзара байланысын көрсетеді.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Вегетативтік жүйке жүйесі қалай жіктеледі?

  2. Симпатикалық орталықтар қай жерде орналасады?

  3. Симпатикалық жүйке талшықтары қандай негізгі өрімдер мен түйіндер түзеді және олар қай мүшелерді нервтендіреді?

  4. Парасимпатикалық орталықтар қай жерде болады?

  5. Жоғарғы вегетативтік орталықтар қайда орналасады?

  6. Гипоталамустың реттеуші қызметіне сипаттама беріңіз?

  7. Барлық мүшелер мен тіндердің жүйкелік және гуморальдық жолдармен реттелуін түсіндіріңіз?

  8. Қимылдардың іске асырылуының жүйке жүйесінің әртүрлі деңгейлерімен байланысына талдау жасаңыз?


§6. Жоғарғы жүйке іс-әрекеті туралы түсінік (ЖЖҚ).
Нейрофизиологияның даму тарихы

Осыдан бұрын талқыланған жүйке жүйесінің құрылымы туралы мәлеметтер бұл саладағы ғалымдардың жетістіктерін дәлелдеді. Бірақ осы зерттеулерді жүргізе асыра отырып, ғалымдар жүйке жүйесінің тек анатомиясын ғана зерттеп қоймай, олар бұл жүйенің әрбір құрылымының қызметтерін де зерттеген. Сонымен адамзат дамуының әр кезеңінде зерттеушілердің ойы адамның психикалық іс-әрекеттерін түсінуге және оның негізінде не жатқаның білуге тырысқан.



Ми ойлау мүшесі ретінде қарастырылмаған кез де болған. Аристотель психиканы жүрек аймағында локализациялаған. Бірақ, Эразистрат (б.э.д III–ғ) бас-ми жарақаттарынан (зақымдалудан) кейін байқалған сананың өзгеру фактілеріне сүйеніп, ми ойлау қызметінің мүшесі деген пікір білдірген. Орталық жүйке жүйесі қызметінің рефлекторлы қағидасының негізгі қалпы екі жарым ғасыр бойы өңделген. Бұл концепцияның дамуын бес кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең – 17 ғасырда орталық жүйке жүйе қызметінің рефлекторлы қағидасының негізін түсінудің қалыптасуы. Р. Декрат рефлекторлы теорияның екі негізгі қалпын қалыптастырды: 1) сыртқы әсер кезіндегі организмнің қызметі шағылдырғыш (рефлекторлы) болып табылады, 2) тітіркендіргіштерге жауап реакциясы жүйке жүйесі арқылы іске асырылады.

Екінші кезең – рефлекс туралы материалисттік түсініктің тәжірибелі (экспериментті) негізделуі (17-18ғасырлар). И. Прохаска организмнің және қоршаған ортаның бірлігін анықтады, адам мен жануар ағзаларының функцияларын реттеудегі орталық жүйке жүйесінің рөлін зерттеді, «рефлекс» түсінігін енгізді, жұлынның артқы және алдыңғы мүйіздерінің қызметтерін зерттеді және қарапайым рефлекторлы доғаны суреттеді. Ч.Шерингтон сегментті рефлекстерді сипаттады, «синапс» түсінігін, ортақ жүйке жолының қағидасын, жүйке жүйесінің интегративті іс-әрекеті туралы түсінікті енгізді.

Үшінші кезең – психикалық іс-әрекеттердің материалдық негіздерін ұсыну. Алғашқы рет орыстың атақты физиологы И. М. Сеченов жануарлардың, адамның мінез-құлығы, оның санасы мен ақыл-ойының ең күрделі көріністері мидың рефлекстік қызметімен байланысты екендігі туралы батыл болжам ұсынды. Психикалық іс-әрекеттердің қалыптасу негізінде рефлекс қағидасы жатыр дегенді келесі сөйлеммен бекітті: «Саналы және саналыдан тыс өмірдің барлық актілері пайда болу тәсілі бойынша рефлекстерге сайып келеді».

Төртінші кезең – жоғарғы жүйке іс-әрекеті туралы негіздерді өңдеу (20-ғасырдың басы). И.М.Сеченовтың ойларын И. П. Павлов ерекше дамытты және нақтылы тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Ол шартты рефлекстер әдісін енгізіп, жоғарғы жүйке іс-әрекеті туралы осы заманғы ілімнің ірге тасын қалады. И. П. Павлов рефлекторлы теорияның үш қағидасын құрастырды: 1) детерминизм қағидасы (себеп-салдар қағидасы). Осы қағида бойынша жүйке жүйесінің әр бір әрекетінің себебі бар. 2) құрылымдық қағидасы (Павлов жоғарғы жүйке іс-әрекетінің физиологиялық негізі шартты рефлекстердің пайда болуы деп бекітіп, шартты рефлекстердің пайда болуын ми құрылымы мен жүйелеріне ұштастырды. 3) талдау және жинақтау процесстерінің тұтастық қағидасы (жүйке жүйесі ішкі және сыртқы рецепторлар көмегімен барлық әсер ететін тітіркендістерді талдайды және осы талдаудың негізінде тұтас жауапты реакцияны қалыптастырады – яғни жинақтауды (синтезді) іске асырады). Мида үнемі қоршаған және ішкі ортадан келген тітіркеністердің талдауы мен синтезі бірге жүреді. Нәтижесінде ағза ортадан керекті мәлеметті қабылдайды, оны талдайды, жадында сақтайды және кез келген жағдайға сәйкес жауапты іс-әрекетті қалыптастырады.

Бесінші кезең – 20-ғасыр ортасында П. К. Анохинның функциональды жүйелер туралы ілімді жарыққа шығаруы. Функциональды жүйе – бұл пайдалы нәтижеге жетуге (бейімделуге) бағытталып қалыптасқан әр түрлі мүшелер мен ұлпалардың динамикалық жиынтығы. Пайдалы нәтижесі деп ішкі мүшелердің қызметтерін реттеу арқылы немесе соматикалық мінез-құлықты реттеу арқылы іске асатын ішкі ағзаның тұрақтылығын айтамыз.

Адам мен жануарлардың үлкен ми сыңарларының қыртысы мен оған таяу құрылымдары орталық жүйке жүйесінің жоғары бөлімі болып саналады. Бұл жетекші бөлімнің қызметі – жоғары жүйке іс-әрекетінің негізін құрайтын, яғни мінезді бейімдейтін күрделі рефлекстік әсерленісті жүзеге асыру.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Нейрофизиологияның даму тарихында қанша кезеңді қарастыруға болады? Осы кезеңдердің ерекшеліктері қандай?

  2. И. П. Павлов бойынша рефлекторлы теорияның қағидаларын түсіндіріңіз.


Жоғарғы жүйке іс-әрекетін іске асыратын негізгі механизмдер

Әр жануар ағзасы сыртқы ортамен әрдайым әрекеттесу жағдайында ғана өмір сүре алады. Бұл өзара әрекеттер белгілі бір байланыс жолдары (рефлекстер) арқылы іске асады. И. П. Павлов тұрақты байланыстар немесе шартсыз рефлекстерді бөлді. Бұл байланыстармен жануар немесе адам туылады. Ол рефлекстер дайын, тұрақты, стериотипті. Сонымен, шартсыз рефлекс – жүйке жүйесі көмегімен іске асырылатын ағзаның сенсорлы рецепторлардың тітіркенулеріне деген жауап реакциялары. Шартсыз рефлекс – жүйке жүйесінің туа біткен түрлік әсерленісі. Ағза іс-әрекетінің осы көрінісіне сәйкес, ол барабар тітіркену әсеріне жауап ретінде тұрақты рефлекстік жолдар ішінде пайда болады. Олар ағзаның тіршілігін сақтап қалуға бағытталған, олардың негізгілеріне қоректену, қорғаныс, бейімделу рефлекстері және балалардың шартсыз рефлекстері жатады.

Бірақ қоршаған орта мен жануарлардың не адамның күрделі өзара әрекеті күрделі механизмдегі іс-әрекетті талап етеді. Өмір шартына бейімделу процессі кезінде үлкен жарты шарлардың қыртысында ішкі ортамен байланыстың басқа түрі қалыптасады – уақытша байланыстар, немесе шартты рефлекстер. Шартты рефлекс – жеке тіршілік кезінде жүйке жүйесінің иемденген әсерленісі. Ол лайықты рецептор аппараты арқылы, кез келген сигналдық тітіркенудің әсеріне жауап ретінде, тұрақсыз және өзгергіш рефлекстік жолмен жүзеге асырылады. Шартты рефлекстер өзгерістерге ұшырайды. Бекітпеген жағдайда оның әлсіреуі, өзінің бағыттылығын жоғалтуы мүмкін. Шартты рефлекстер шартсыз рефлекстер негізінде өндіріледі.

Шартсыз рефлекстердің материалдық негізі ми бағанасы мен жұлын деңгейінде жасалады. Шартты рефлекстер адамда үлкен ми сыңарларының қыртысында қалыптасады. Шартты рефлекстер нейродинамикалық құралымдар ретінде бір бірімен функционалдық байланыстар арқылы бірігіп, әр түрлі функционалды жүйелер құрайды және ойлаудың, білімнің, дағдылардың, еңбектегі іскерліктің физиологиялық негізінде жатады.

Кез келген шартты рефлекстің жолы өзінше үш негізгі бөліктен тұратын доғаны құрайды. Ол доғаның бірінші бөлігі талдағыш деп аталады, оның ішіне рецептор, сезгіш жүйке және мидағы жасуша кіреді. Үлкен мы сыңарларының қыртысы – түрлі талдағыштардың мидағы жиынтығы. Осында сыртқы және ішкі әлем тітіркендіргіштері түседі де, ми қыртысында көптеген тітіркендіргіш ошақтарының пайда болуына ықпал болады. Сонымен, қозу және тежелу орындарының ауысуынан тұратын, өзіндік түрлі өрнек пайда болады. Ол көптеген жағымды және жағымсыз шартты байланыстың пайда болуымен қоса жүреді. Нәтижесінде психиканың физиологиялық негізі болып табылатын белгілі бір шартты рефлекстердің функциональды динамикалық жүйесі қалыптасады. Жоғарғы жүйке іс-әрекетін екі негізгі тетік (механизм) іске асырады: шартты рефлекстер және талдағыштар.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Шартсыз рефлекстерге мысалдар келтіріңіз.

  2. И. П. Павлов шартсыз рефлекстерді неге тұрақты байланыстар деп атаған?

  3. Шартты рефлекстердің ерекшеліктерін сипаттаңыз.

  4. Шартты рефлекстерді зерттеу кезіндегі И. П. Павловтың эксперименттері туралы не білесіз?


Талдағыштар туралы түсінік

Адам ағзасы өзін қоршаған ортамен қарым-қатынаста ғана тіршілік ете алады. И. М. Сеченовтың айтуы бойынша «организмнің қоршаған ортасыз тіршілігі болмайды». Адам табиғи жағдай мен қоршаған төңіректің өзгерістері туралы ұдайы мәлімет алып тұрады. Түйсік – қабылдаудың күрделі жүйелі процессі. Ол алынған мәліметтердің арнайы сенсорлық жүйелерді немесе талдағыштарды (анализаторларды) жұмыс істетуі арқылы жүзеге асырылады. И. П. Павлов талдағыштар ұғымын алғаш рет енгізді. Ол талдағышты бір-бірімен тығыз байланысты үш бөлімнің (шеткі, өткізгіштік және орталық) біріге отырып, бір жүйеде қабылдаған тітіркеністі талдаушы ретінде көрсетті. Бір бөлімінің бұзылуы бүкіл талдағыштың бұзылуына әкеп соғады. Талдағыштар көмегімен адам қоршаған әлем құбылыстарын танып біледі.

Талдағыш – күрделі жүйке механизмі. Ол тітіркенуді қабылдайды, миға тасымалдайды және талдайды. Ағзаның көру, есту, вестибулярдық, дәм сезу, иіс сезу, висцералдық талдағыштарын (немесе сенсорлық жүйелерін) ажыратады. Барлық талдағыштар екі түрге бөлінеді. Сыртқы орта тітіркендіргіштерінің анализі мен синтезін іске асыратын талдағыштарды сыртқы немесе экстерорецептивті талдағыштар деп атайды. Ал организмнің ішінде болатын құбылыстарды талдаушы талдағыштарды ішкі немесе интерорецептивті деп атайды.

Әрбір талдағыш үш бөлімнен тұрады:



  • Сезу мүшесі – перифериялық (рецепторлық, шеткі) бөлігі

  • Жүйке импульстерін жүйке орталықтарына жеткізуші афференттік жолдар – өткізгіш бөлігі

  • Ми қыртысы (орталық бөлігі) – нерв қоздырғыштарын қабылдап және талдаушы ми қыртысының аймағы.

Шеткі бөлімі немесе рецептор, тікелей сыртқы ортаға қарайды. Бұл көздің торлы қабығы, ішкі құлақтың спиралды аппараты, терінің сезімталдық рецепторлары және т.с.с. рецепторлар. Бұлшық еттердің, байламдардың, сіңірлердің, буындардың тітіркендірулерін қабылдайтын проприорецепторлар деп бөлінеді.

Рецепторлардың сыртқы және ішкі ортадан болған әсерлерді ерекше сезіну қабілеті бар. Рецепторларға ерекше тән қасиет – бұл қоздырғыштарға сәйкес жоғарғы дәрежеде қозу, қозудың бұл түрін адекваттық қозу деп атайды. Адекваттық қоздырғыштардың іске қосылуы белгілі бір сезім мүшесін тітіркендіріп, сезінуін қамтамасыз етеді. Адекваттық қоздырғыштарды қабылдаушы рецепторлар эволюция жүйесінде пайда болды. Олар белгілі бір мүшеде жинақталған. Бұл мүшеде рецепторларды сыртқы ортадан немесе өте күшті қоздырғыштардың әсерінен сақтандырушы, қоздырғыштарды қабылдау қабілетін біртіндеп жақсартатын қосымша аппараттар қалыптасқан.

Өткізгіш бөлімі – миға бағытталған әр түрлі жүйкелер (мысалы көру жүйесі, есту жүйкесі). Барлық талдағыштардың орталық ұштарының жиынтығы ми қыртысы болып табылады. Қоршаған ортадан түсетін тітіркендіргіштер, сонымен қатар организмнің ішкі ортасынан келетін серпіндер осы жерге түсіп, ми қыртысында көптеген тітіркену ошақтарын түзеді. Бұған сансыз көп шартты рефлекстер пайда болып, ере жүреді. Осының нәтижесінде психиканың физиологиялық негізі болатын шартты рефлекстің функциональдық динамикалық жүйесі қалыптасады.

Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Талдағыштардың кызметтерін атап шығыңыз?

  2. Талдағыштардың құрылымын суреттеңіз ?

  3. Талдағыштардың қандай түрлерін білесіз?



Жүйке үрдістерінің қозуы мен тежелуі

Шартты рефлекстердің қалыптасуы үлкен жарты шар қыртысының іс-әрекетті, белсенді кезінде ғана мүмкін болады. Бұл белсенділік қыртыста негізгі процесстердің өтуімен қамтамасыз етіледі – қозу және тежелу.



Қозу – ішкі және сыртқы тітіркендіргіштердің талдағыштар арқылы әсер етіп, ми қыртысының жасушалық элементтерінде пайда болатын, белсенді процесс болып табылады. Қозу ошағы аймағында жүйке байланысының күшеюі жүреді – мұнда белсенді жұмыс аймағы пайда болады.

Тежелу де белсенді процесс болып табылады, ол қозуды күшпен (зорлықпен) ұстап тұратындай болады, белсенділіктің түрлі деңгейімен сипатталады. Тежелудің сыртқы (шартсыз) және ішкі (шартты) түрлерін ажыратады.

Сыртқы тежелу – ол бірден әсер етіп, шартты рефлекторлы іс-әрекетті баса алатын, туа біткен механизм. Ол – сыртқы бөтен тітіркендіргіш әсерінен іс-әрекет актісінің кенеттен әлсіреуі немесе басылып қалуы. Мұның себебі әртүрлі жаңа тітіркендіргіш бағдарлау рефлексін туғызады. Осы тітіркендіргіштің көптеп қайталануынан, оған деген үйрену пайда болады.

Шартты рефлекстің шамасы тітіркендіргіш қарқынына («күш заңы») тікелей тәуелді келеді. Шартты тітіркендіргіш күші шектен аса өссе, қарама-қарсы нәтижеге, яғни шартты рефлекстің әлсіреуіне, тежелуіне әкеліп соғады. Бұл тежелудің сақтандырушы маңызы бар. Өйткені ол жүйкені шамадан тыс күшті немесе ұзақ тітіркенірудің әлсірету әсеріне кедергі жасайды. Бұл тежелу жүйкені уақытша жұмыстан босатады және оның қалыпты қозғыштығы мен жұмыскерлігін қайта орнына келтіруге жағдай жасайды. Жүйкесі тозған жануарларда шектен тыс тежелу тіпті біршама әлсіз шартты тітіркендірудің әсерінен де пайда болады.



Ішкі тежелу – жүре пайда болатын механизм, ол өмір, тәрбие, еңбек процесі кезінде қалыптасады. Ол шартты рефлекс сияқты құрылады.

И. П. Павлов шартты тежелуді өшетін, ажырататын, шартты тежейтін және кешіктіретін деп 4 түрге бөлді.



Өшетін тежелу – шартты қоздыру бірнеше рет бекітілусіз ұсынылған жағдайда пайда болады. Егер шартты тітіркендіргіштің шартсыз тітіркендіргішпен ұштасуы тоқталса, бұрынғы қалыптасқан тұрақты шартты рефлекс әлсірейді, кейін шартты сигнал бірнеше рет нықталмаса рефлекс тіпті жойылады.

Егер шартты тітіркендіргіш тағы біраз уақыт қолданылса, өшкен шартты рефлекс қайтадан қалпына келеді. Бұл құбылысты тежелуден босау деп атайды.



Ажырататын тежелу. Жаңа қалыптасқан шартты рефлекстің алғашқыда жалпылама өзгешелігі болады. Өйткені ол үйренген шартты тітіркендіргіштен басқа, бірақ оған ұқсас немесе көптеген біррайлы тітіркендіргіштерге де жауап ретінде пайда болады. Алайда, егер тек шартты тітіркендіргіш қана бекітіліп, басқалары елеусіз қалса, біраз уақыттан кейін ұқсас тітіркендіргіштерге әсерленісі өшеді. Шартты рефлекстің ажыратылмалығының өңделуі психикалық іс-әрекеттің жоғарғы түрінің қалыптасуына көмектеседі – логикалық ойлау, бөлікке бөлінген сөйлеу тіл және күрделі еңбекті қимыл-қозғалыстар. Оқыту және тәрбиелеу процессі ажырататын тежелудің өндірілуіне сүйенеді.

Шартты тежегіш. Егер небір қосымша агентпен ұштастырылған тітіркендіргіш нығайтылмаса, ал жеке қолданған шартты сигнал әрдайым нықталса, жүйке орталықтарында шартты тежелу пайда болады.

Кешіктіретін тежелу қозудың берілу тәртібінің өзгеруімен шартталады. Кешіктіретін шартты рефлекстер бірден құрылмайды, тек нығайтудың басталуы біртіндеп ұзартылғанда барып жасалады. Осы шартты тітіркендіргіштің жекеленген әсерімен бастапқы кезде жүйке жасушаларының іс-әркеті тежеледі.

Тежелу мен қозу осы процесстердің іске асырылуында заңды түрде пайда болатын ерекше қасиеттермен сипатталады. Иррадация – қозу мен тежелудің үлкен жарты шар қыртысы бойынша тарала алу қабілеті. Концентрация қарама-қарсы қасиет, яғни доминанта ошағы қалыптасатын, жүйке процесстерінің жиналу, белгілі бір аймақта шоғырлану қасиеті. Жүйке процесстерінің өзара индукциясы деп – сол процесстердің тығыз байланысы түсіндіріледі. Олар әрқашан бір-бірін шақырып өзара әрекеттеседі. Оң және теріс индукцияны ажыратады. Негізгі жүйке процесстерінің берілген қасиеттері тұрақты қызметімен ерекшеленеді, сондықтан олар жоғарғы жүйке іс-әрекетінің заңы атауын алды.

Ми қыртысына әсер ететін тітіркендіргіштер әсер ету сипатына қарай әр түрлі болады. Кейбіреуі тек қана бағыттық манызды болады, басқалары белгілі функционалды-динамикалық жүйелерді құрайды. Осы жүйелердің тұрақтылығы олардың қалыптасу жағдайымен байланысты. Егер әсер етуші тітіркендіргіштер жиынтығында қандай да бір кезеңділік анықталса және тітіркендіргіштер белгілі бір тәртіпте, уақытта келіп түссе, онда шартты рефлекстер жүйесі үлкен тұрақтылықпен ерекшеленеді. И. П. Павлов бұл жүйені динамикалық стереотип деп атады. Динамикалық стереотип – арнайы функцияларды атқаратын шартты рефлекстердің жаттықтырылған бір қалыпты жүйесі.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Негізгі жүйке механизмдерін сипаттаңыз.

  2. Шартсыз тежелудің мысалдарын келтіріңіз.

  3. Шартты тежелудің қандай түрлерін білесіз?

  4. Өшетін, ажырататын тежелудің, шартты тежегіштің және кешіктіретін тежелудің мысалдарын келтіріңіз.

  5. Тежелу мен концентрацияның қандай қасиеттері болады?

  6. Динамикалық стереотип деген не?


Жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтері

Жүйке қызметі жалпы заңдылықтарға бағынышты болғанымен, оның жеке индивидке тән бірқатар жеке дара ерекшеліктері бар. Негізгі жүйке процестерінің (қозу мен тежелудің) күшіне, қозғалғыштығына және өзара тепе-теңдігіне қарай И.П.Павлов жоғарғы жүйке іс-әрекетінің төрт түрін бөлді:

А) күшті, байсалды, қозғалмалы (Гиппократ бойынша сангвиник);

Б) күшті, байсалды, бірақ аздап инертті – салмақты, жәйбасар түр (флегматик);

В) күшті, бірақ байсалды емес, тежелу процесіне қарағанда қозуы басым; қозғыш және ұстамсыз (холерик);

Г) әлсіз, байсалды емес, тежелу тез пайда болады (меланхолик).

И. П. Павлов бойынша, адамның және жануарлардың жүйке жүйесінің түрі туа біткен, соның ішінде тұқым қуалаушылыққа тәуелді, қасиеттер мен сыртқы орта әсері (өмір жағдайы, тәрбиелеу және оқыту ерекшеліктері, еңбек іс-әрекеті) нәтижесінде жүре пайда болған қасиеттердің біртұтас құймасы болып табылады.

Философиялық механизімдер ретінде И. П. Павлов ерекше екі сигналды жүйе концепциясын ашқан, олардың көмегімен жануарлар мен адамдар болмысты танып біледі. Бірінші сигналды жүйе – жануарлар мен бізге ортақ, шынайылық жүйесі. Ол сөздерден басқа біздің өзімізде бар, қоршаған ортадан естіген, көрген әсерлер, мысалы шу, вибрация, жарық және т.б. Екінші сигналды жүйе – ол сөз. Егер бірінші сигналдар сезім мүшелеріне есту, көру, сезу т.б арқылы әсер етсе, екінші сигналдар сөз арқылы бірінші сигналдардың сапасын және сипатын білдіреді. Адамның ерекшелігі сыртқы әлемді бір-бірімен тығыз байланысты бірінші және екінші сигналдармен танитындығында тұрады. Сигналды жүйелердің өзара әрекеттесуінің бұзылуы кейбір психикалық аурулардың пайда болу себебіне жатады. И. П. Павлов сигналды жүйелердің өзара әрекеттесуіне негізделе, өз заманында адамдардың арасында үш түрді бөліп шығарған: көркемдік, ойлы және орташа. Көркемдік түрге ойлау кезінде бірінші сигналды жүйе басымдылық танытатын және оған мидың қыртыс асты құрылымдарының қатысу дәрежесі жоғарырақ болатын адамдарды жатқызған. Ондай адамдардың ойлауы бейнелі, нақты сипатта болатындығымен және көңіл-күйге аса тәуелді екендігімен ерекшеленеді. Ойлы немесе философиялық түрге жататын адамдарда керісінше екінші сигналды жүйе басымдылық танытады. Ондай адамдарға абстрактылы ойлау тән. Павлов адамдардың көпшілігін жатқызған орта типті адамдарда ойлаудың қандай да бір ғана түрінің басымдылығы анықталмайды.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Гиппократ бойынша қандай жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтерін ажыратады?

  2. И. П. Павлов жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтерін негізгі жүйке процестерінің қандай қасиеттеріне қарай бөлген?

  3. Сигналдық жүйе деген не? Оның түрлері?


Нәрестелер мен сәбилердің шартсыз рефлекстері

Жаңа туған баланың жүйке дәрежесінің негізін шартсыз рефлекстер құрайды (18-сурет).



Іздеу рефлексі – баланың ауыз бұрышын сипағанда сол адамға басын бұрады, аузын ашып және тілін тітіркенген жерге тигізуге тырысады.

Тұмсықты рефлекс — баланың ернін саусақпен тез басса ернінің дөңгелек бұлшық еті жиырылады, сонымен қатар ерні тұмсық тәрізді болып, алдыға созылады.

Ему рефлексі — берілген емізікті бала белсенді түрде сорады.

Алақан-ауыз рефлексі (Бабкин рефлексі) — екі алақанға күш түсіріп үлкен саусаққа жақын алақанды басса, бала аузын ашып, басын иіп, иық және білегін бүгіп жұдырық жасауға тырысады.

Ұстап алу рефлексі (Робинзон рефлексі) — жаңа туған бала дәрігер қолын ұстап алып қысады. Кейде қысудың қатты болғаны сонша баланы көтеруге болады. Рефлекс симметриясын бағалау керек.

Табан рефлексі — ұстап алу рефлексі секілді аяқтың II-III саусақ маңын қолмен басқанда табан саусақтарының бүгілуі болады.

Бабинский рефлексі — табанның өкшеден саусаққа дейінгі сыртқы қырының тітіркенуінде үлкен саусақ экстензиясы және қалған саусақтардың веер секілді ашылуы байқалады.

Құшақтау рефлексі (Моро рефлексі) — бұл рефлексті тексерген кезде құндақтау үстелін бала басынан 20-30 см алшақта қолмен ұрғанда, бала қастарын ашады, қысқан саусақтарын ашып, аяқтарын тіктеп созады, бірнеше секундтан кейін бала өзін қолымен құшақтайды, ал қозулы балаларда қолдың треморы байқалады.

Асимметриялы тоникалық мойын рефлексі (Магнус-Клейн рефлексі) — баланың басын пассивті бұрғанда балада «фехтовальщик позасы» пайда болады, яғни басын бұрған жағындағы қолы мен аяғы жазылып, ал қарама-қарсы жағындағы қол-аяғы бүгіледі.

Симметриялы тоникалық мойын рефлексі — басты пассивті игенде қолдағы флексорлы тонус және аяқтағы экстензорлы тонус жоғарылайды, яғни нәрестенің қолдары бүгіліп, аяқтары жазылады, ал енді басын қайтадан көтергенде керісінше әсер байқалады.

Тіреу рефлексі — баланы қолтығынан вертикальды көтеріп ұстаса, ол аяқтарын барлық буындарында бүгеді. Енді баланың табанын үстелге тіресек, ол денесін тіктеп және жартылай бүгілген аяғымен табан тіреп тұрады.

Автоматты жүру рефлексі — тіреу рефлексін орындаған баланың денесін алға еңкейтсек, ол аяғын бүгіп, қолын қимылдатпай алға қарай қадамдар жасайды.

Қорғану рефлексі — ішпен жатқызғанда бала жан-жаққа басын бұрады және бірнеше тербелген қимыл жасап, басын көтеруге тырысады.

Еңбектеу рефлексі — егер ішімен жатқан баланың табанына алақан қойса, ол рефлекторлы түрде итеріп өзі белсенді еңбектеген тәрізді қимыл жасайды.

Галант рефлексі — арқа терісін омыртқа бойымен бір жанынан тітіркендіргенде жаңа туған сәби денесін бүгіп, қоздырғыш болған жаққа басын және денесін бұрады.

Перес рефлексі — егер ішпен жатқан балаға құйымшақтан мойынға дейін саусақпен жүргізсе, әсіресе омыртқаның үшкір өсінділерін жеңіл басқанда бала басын көтеріп, белінде лордоз пайда болып жамбасын көтеріп, қолын және аяқтарын бүгеді. Кейде бала айғайлайды.

Лабиринтті тоникалық рефлекс — ішпен жатқан балада бүгуші бұлшық еттердің тонусы жоғарылайды, басы кеудеге әкелінеді, қолда флексорлы жағдай жоғарылап кеудеге әкелінеді, аяқтарының буындары бүгіліп ішке әкелініп, арқа иіледі, бірнеше минуттан соң бұл жағдай жүзу қимылдарына ауысып асығыс еңбектеу рефлексі пайда болады.

Жаңа туған баланың тірек-қимыл сферасын зерттеу бұлшықет тонусымен, сіңір рефлексімен сипатталады. Әлсіз және тез қимыл көлемін анықтайды. Жаңа туған баланың белсенді іс-қимылында бұлшықет маңызды рөл атқарады. Нәрестелер мен сәбилердің туа біткен шартсыз рефлекстері белгілі бір уақыт сақталады да, кейіннен біртіндеп сөнеді немесе жоғалады (редукцияланады). Олардың қалыпты мерзімінен кеш жоғалуы жүйке жүйесінің патологиясына тән, бұл бала дамуының артта қалуын білдіруі мүмкін.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Сәбидің шартсыз рефлекстері қандай рефлекстерге жатады?

  2. Сәбидің шартсыз рефлекстерін атап шығыңыз.

  3. Сәбидің шартсыз рефлекстерінің ерекшеліктері қандай?


ІІ тарау

ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ (ЭВОЛЮЦИЯСЫ)

Каталог: portal -> ebook -> files
files -> Кенжебекова Р. И., Айдарова Б. А.,Ералиева Т. О. Мектепке дейінгі жаста қарапайым математикалық ТҮсініктерін қалыптастыру әдістемесі шымкент-2016
files -> Оқулық Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен Аламаты, 2011 (075. 8)
files -> I теоретические основы логопедии
files -> «Бейнелеу өнері, сызу және кәсіптік білім» кафедрасы
files -> «Аналитикалық геометрия және сызықтық алгебра» пәні бойынша 5В011000- “Физика”
files -> Лекция жинағЫ Қарағанды 2011 Құрастырғандар: Жұмабаев С. Ә. ф-м.ғ. к., доцент
files -> Музыкалыќ іс-јрекетініѕ психологиясы
files -> Ә. Т. Мейірбеков., Т. П. Раимбердиев., Г. Ю. Башбенова тіршілік қауіпсіздік негіздері


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет