ОҚулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 616. 8(075)


§5. Қызметтік жүйелердің қалыптасуы



бет7/13
Дата10.06.2017
өлшемі3,09 Mb.
#18806
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13
§5. Қызметтік жүйелердің қалыптасуы
Сенсомоторлық құрылымдардың онтогенезін қарастыра отырып, біз академик П. К. Анохин сипаттап кеткен қызметтік жүйелердің қалыптасуына жүгінеміз. Қызметтік жүйелер теориясы организмді әрқайсысы өзінің динамикалық қызметімен организмге пайдалы нәтиже беретін көптеген қызметтік жүйелерден тұратын күрделі интегративтік құрылым ретінде қарастырады.

Системогенез организмнің ішкі ортасының көрсеткіштерімен, оның биологиялық қажеттіліктерінің қанағаттандырылуымен, әлеуметтік орта әсерінің нәтижесімен тығыз байланысты қызметтік жүйелер туралы жалпы ілімнің бір бөлімі болып табылады. Адам мен жануарлардың кез-келген бағытталған қызметі қызметтік жүйелер тұрғысынан алғанда қызметтің соңғы кезеңі болып табылады. П. К. Анохин системогенезді қызметтік жүйелердің және оның жекелеген құрамдас бөліктерінің онтогенездегі таңдамалы түрде пісіп жетілуі деп бағалайды. Қызметтік жүйелердің пре- және постнаталды даму кезеңдеріндегі пісіп жетілуінің жетекші генетикалық және эмбриологиялық аспектілерімен қатар, системогенезге мінез-құлық, тәртіп қызметтерінің қалыптасу заңдылықтары да кіреді. Филогенезде тұқым қуалайтын факторлармен бекітілген тірі организмдердің сыртқы ортаны бейнелеуінің бүкіл процесі сүтқоректілердің ұрығының дамуында көрініс алады. Өмірдің эмбрионалды кезеңінде нәрестені сыртқы ортаға бейімдейтін, дәл оның өмірге маңызды қызметтерін іске асыру үшін қажет қызметтік жүйелерінің дамуы жүреді.

Орталық және шеткі құрылымдардың жеделдетілген (гетерохронды) және таңдамалы пісіп жетілуі жаңа (сыртқы) ортада өмір сүру үшін қажет қызметтік жүйелердің дәлдеп бөліп шығарылуын жүзеге асыратын негізгі процесс болып табылады. Организмнің бұл бейімделгіш реакциялары фило- және эмбриогенезде тұқым қуалап бекітіледі.

Ұрықтың түрлі құрылымдарының осылай әртүрлі уақытта пісіп жетілуі қоректік заттар мен энергияның белгілі жас мерзімінде белгілі жүйелерде жинақталуы үшін қажет. Адамда ерте пісіп жетілетін қызметтік жүйелердің өзіндік жинағы, яғни өзіндік системогенезі болады. Сонымен қатар жүйе толық дамымаса да, қызмет атқара бастай алады. Оның қалыптасуы үшін сыртқы ортадан түсетін сигналдар (тітіркеністер) қажет. Орталық жүйке жүйесінің бөлімдерінің пісіп жетілу реті генетикалық негізделген. Жұлын мидан ерте және оған тәуелсіз жетіле бастайды. Жүйке жасушасының қызмет атқаруға даярлығы қоректік заттардың жинақталуына, миелин қабығының болуына, синапстардың қалыптасуына байланысты болады.

Құрсақ ішіндегі дамудың бірінші жартысында ұрықтың жұлыны жетіледі. Жүктіліктің 20-шы аптасындағы ұрықтың алғашқы рет қозғалуы жұлынның өз қызметін атқаруға даярлығын көрсетеді. Бірте-бірте ұрықтың қозғалыс белсенділігінің артуы жұлынның бүкіл ұзындығы бойында толығымен қызметіке қосылғандығын білдіреді. Ұрықтың белгілі қалыпта жатуын қамтамасыз ететін вестибулярлық аппарат, мидағы онтогенездік тұрғыдағы ең ерте дамыған рецептор болып табылады. Вестибулярлық аппарат жедел дамып, құрсақ ішіндегі дамудың 6-7-ші айларында белгілі дәрежеде пісіп жетіледі. Жүктіліктің екінші жартысында ұрықтың миы, әсіресе оның артқы бөлімдері қалыптасады: ми бағанасы мен қызметтік жағынан вестибулярлық жүйемен тығыз байланысты мишық. Жұлынның жалғасы болып табылатын ми бағанасында бас-ми жүйкелерінің ядролары, торлы құрылым, өткізгіш жолдар орналасады. Жүктіліктің екінші жартысында мидың қалыптасуы аяқталады, ол толық пішінге ие болады.

Баланың дүниеге келуі құрсақ ішіндегі жағдайдан құрсақтан тыс жағдайға өту болып табылады және ол жауапты сын кезеңі деп белгіленеді. Бала туылуы үшін, анасының құрсақ жолдарынан өту үшін ұрықта жеткілікті энергия жинақталуы қажет. Сонымен бірге тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін қамтамасыз ететін кезбе жүйкенің қызметі қосылуы керек, себебі плаценталық қанайналымның тоқталуына байланысты және өкпемен тыныс алуға, өзіндік қанайналымға, өзіндік ас қорытуға және т.б. өтуіне байланысты баланың организмінде бірқатар өзгерістер болады.

Кезбе жүйкенің және басқа бас-ми жүйкелерінің ядролары ми бағанасында орналасып, шеттен орталыққа және орталықтан шетке жүретін импульстарды күшейтетін және белсенділігін арттыратын, жүйке жасушаларының арнайы емес жинақталуы болып табылатын торлы құрылым бірігеді. Торлы құрылымның қызметтерді біріктіруі және белсенділігін арттыруы арқасында арнайы бірлестіктер – белгілі қызметті атқаруға арналған қызметтік жүйелер түзіледі.

Өмірдің алғашқы күндерінде балада сору рефлексі қалыптасады. Бала ернінің кез-келген жерін тітіркендіру жауап реакциясын шақырады. Сору рефлексінің жүзеге асуына ми бағанасында орналасқан бас-ми жүйкелерінің (үштік, бет, вестибулярлық, тіл-жұтқыншақ, кезбе және тіл асты) ядролары қатысады. Олардың бір қызметтік жүйеге бірігуін мидың бағанасында орналасқан торлы құрылым іске асырады. Сору әрекетінде де гетерохрондық орын алады, ол сору үшін тілдің алға-артқа қарапайым қозғалуының, емшектің ұшын ұстау үшін еріндердің жұмылуының, ұрттың үрленуінің, жұмсақ таңдайдың керілуінің, жұтудың және т.б. қажет екендігімен білінеді.

Соруды орындайтын қарапайым қозғалыс актілері бас-ми жүйкесінің бүтін ядросының қызметімен емес, сол ядродағы жасушалардың жеке тобымен жүзеге асырылады. Қозғалу актісінің күрделенуіне қарай (мысалы, емшекті сорудан тамақты кеседен ішуге немесе қасықпен ішуге өткен кезде) тура сол ядроның күрделірек қызметтік жүйенің қалыптасуын анықтайтын жаңа жасушалар тобы қосылады, ал ертерек қалыптасқан жүйе (бұл жағдайда сору рефлексі) әлсіреп, тежеледі.

Бала қозғалысының дамуы қара субстанцияның, қызыл ядролардың, төрт қыраттың, паллидумның (қыртыс астының ескі ядросы) қосылуына негізделген. Осылайша бүкіл экстрапирамидтік жүйе іске қосылып, сыртқы ортаның тітіркеністерін қабылдауды, ақпаратты өңдеуді және жауап реакциясын қамтамасыз ететін жаңа сигналдық жүйе қалыптасады. Паллидумның қосылуы эмоционалдық жүйенің белсенділігінің артуымен көрінеді: ересек адамның жағымды даусына немесе жымиюына бала алдымен жымияды, сосын күледі. Қыртыс асты деңгейінде көру, есту, сезім және қозғалу байланыстары қалыптасады.

Төрт ай мерзімінде, баланың белсенділігі артқан кезде (бір жағынан екінші жағына аунайды, аяқ-қолын қимылдатады, алдында ілулі тұрған ойыншықтарға қызыға қарайды, қолын тигізеді, қызық көреді) қозғалыс есту мен көрудің бақылауымен, олардың тепе-теңдігін қамтамасыз ететін мишықтың құрылымының қатысуымен іске асырылады. Батапқыда қимылдар дәл болмайды да, кейін үйлеседі (бала ойыншықты ұстап алады). Жаңа сигналдық жүйе (мишық, қол, көз) қалыптасады, оның арқасында қозғалыстың өлшеулілігі және үйлесімділігі, қашықтықтағы әрекеті дамиды, осының бәрі баланың әрі қарайғы қызметтері үшін өте маңызды. Бұл кезеңде кешенді тітіркендіргіштің сенсорлық құрамдас бөлігін қабылдау түрлі анализаторларға бірдей әсер етіп, олардың арасындағы байланыстарды қалыптастырады.

Бес ай болғанда қыртыс астының басқа ядросы – стриатум қосылады, нәтижесінде қозғалыс бір бағытты және біркелкі бола бастайды. Қозғалыстар бірте-бірте жетіледі (бала өздігінен ойыншықты қолына алып, ұстап тұра алады), ұстау рефлексі қалыптасады және жаңа қызметтік жүйе бекітіледі. Бұл кезеңде бала дыбыстарды, әсіресе дауысты дыбыстарды жақсы айтып, оларды естігенде тыңдай қалады. Егер ересек адам сөйлеу белсенділігін танытып, баладан соң дыбыстар мен сөздерді қайталаса, ол эмоционалдық реакция беріп, сөйлесуге тырысады. Дыбыс шығаруға қозғалыс жүйесі іске қосылады (бүкіл тыныс алу және дыбыс бұлшық еттерінен келетін проприоцепция, есту және көру), бұл дыбысты кешенді қабылдауды және өзіндік қызметтік жүйенің қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Алтыншы айда ми бағанасының, бағана үсті құрылымдарының, қыртыс асты түзінділерінің анатомиялық жетілуі (миелинизация), сонымен бірге физикалық және психомоторлық дамудың белгілі деңгейін қамтамасыз ететін экстрапирамидалық жүйенің қалыптасуы аяқталады. Дене дамуының айқын өзгерістерінің бірі болып баланың өздігінен отыру мүмкіндігі табылады. Бұл кезде қоршаған ортаны меңгеру мүмкіндігі күрт өзгереді (ойыншықты тауып алу, онымен ойнау), ұстау рефлексі әрі қарай жетіле береді.

Ми қыртысының бірінші бөлімдері іске қосыла бастайды, тітіркендіргіштер қыртысқа дейін жетеді, алғашқы гнозис пайда болады (тану). Бірте-бірте мидың бір аймағының біріншілік және екіншілік алаңдарының арасындағы байланыстар мен мидың әртүрлі бөліктеріндегі екіншілік алаңдардың арасындағы байланыстар қалыптасады. Осылай көру және моторлық аймақтардың арасындағы жолдар бірінші пайда болып, өзінің қызметтік жүйесін құрайды. Есту және моторлық аймақтар арасында байланыс қалыптасады және сәйкесінше белгілі әрекетті орындау үшін өзінің қызметтік жүйесін қалыптасады. Ми қыртысының көру және есту аймақтарының арасындағы байланыстар ерте пайда болады. Осы кезде сенсорлық жүйелердің (есту, көру, проприоцепция) қосылуының маңызы зор, өйткені олардың арқасында акустикалық-моторлық және оптикалық-моторлық байланыстар қалыптасып, үйреншікті қозғалыстар жеңілдейді және нығаяды (праксис).

Сөйлеудің дамуы да жаңа деңгейге көтеріледі. Егер 6 айға дейін бала жекелеген дауысты дыбыстарды эмоциялық мәнермен айтқан болса, бұл жауапты кезеңнен соң сөздің буындарын айта бастайды (былдырлау). Былдырлаудың ерекшелігі, бала ана тілінің дыбыстарын қолдана бастайды. Алғашқыда былдырлау кедей болғанмен, бірте-бірте қайталап айтуыдың саны артады, белсенді сөйлеу уақыты ұзарады. Баланың сөйлеуін бақылайтын, қадағалайтын екі жолы бар: біріншісі – есту тітіркеністерін қабылдау, екіншісі – терең сезімталдық (кинестетикалық) жолдарымен. Осы жолдар ми қыртысына, оның самай және төбе бөлімдеріне келіп, ол тығыз байланысты қамтамасыз етіп, қызметтік жүйе құрайды, соның арқасында фонематикалық есту мен сөйлеуді қабылдау қалыптасады. Бұл кезеңде ересектермен сөйлесудің маңызы өте зор, олар баламен қосыла қайталайды немесе бала айта алатын буындар мен сөздерді айтады. Бала тек өз дыбысын ғана емес, айналасындағылардың да сөзін қабылдайды, бұл әрі қарай оның тілінің дамуын қамтамасыз етеді.

Өмірдің екінші жартыжылдығында айналасындағы адамдар балаға заттардың атын атап және көрсетіп, оның көру және есту, содан кейін қозғалтқыш (бала заттарды ұстай бастағанда) аймақтарының арасындағы байланыстарын қалыптастырады. Заттарды сипау, ұстап көру, олармен ойнау байланыстың жаңа түрін – тактильды-кинестетикалық және моторлық байланысты қалыптастырады. Осылайша, бірте-бірте өзінің қызметтік жүйесін құра отырып, ми қыртысының барлық бөлімдері іске қосылады.

Тілдің дамуы үшіншілік алаңдардың қосылуына байланысты, оның белсенділігі екінші жартыжылдық жас кезеңінде артады. Алдымен пассивті сөздік қалыптасады (белгілі бір затпен байланысты жеке сөздерді түсіну). Бір жасқа толайын деген бала алғашқы сөздерін айта бастайды. Сөйлеу қызметі бүкіл моторлық аймақтың дамуымен тығыз байланысты болады, мұны локомоцияның (еңбектеудің) қалыптасуы көрсетеді. Еңбектеу, тұрып тұру және бір-нәрседен ұстап жүру, ал бір жасқы жуық өздігінен жүру пирамидалық жолдың миелинденуіне және күрделі қозғалыс актіне қатысатын ми қыртысының барлық бөлімдерінің іске қосылуына байланысты болады. Біртіндеп кеңістіктік-вестибулярлық жүйенің бақылауымен болатын алғашқы қадамдардан әрі қарай жүру автоматты процеске айналады, оған ми қыртысының маңдай (эфферентті), төбе (афферентті), шүйде және самай бөлімдері қатысады. Бұл бөлімдердің байланыстары жас ұлғайған сайын бірте-бірте күрделенетін өзіндік көп деңгейлі қызметтік жүйені құрайды. Артикуляциялық моторика баяуырақ қалыптасады және ол сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасаудың және жүйке жүйесінің дамуына қарай іске қосылады. Баланың әрі қарай дамуын қамтамасыз ететін, күрделі сенсомоторлық қызмет атқаратын, ірі бірлестіктерге бірігетін қызметтік жүйлердің қалыптасуының белгілі бір кезеңі осылай аяқталады.

Өмірінің екінші жылының барысында баланың жалпы моторлық қызметі одан да белсендірек және жетілдірілген болады. Бірте-бірте сөз дыбыстарын айту ерекшеліктерін қамтамасыз ете отырып, артикуляциялық моторика жақсарады. Пассивті және активті сөз қоры ұлғайып, сөз тіркестері мен қысқа сөз тізбектері пайда болады. Белгілі бір қызметтің құрылуы барысында өзінің қызметтік жүйесі қалыптасады, оған жүйке жүйесінің әртүрлі деңгейлері қатысады. Бұл кезеңде эмоционалдық реакциямен көркемделген танып-білу қызметінің, ойнау процесінің, араласуға ынталанудың белсенділігі артады. Екі жасқа толатын кезде бала 200-300 сөз айтады, бірақ олардың құрылымы әлі тұрақсыз болады (буындық элементтердің қысқартылуы, қарапайымдалуы мүмкін).

Өмірдің үшінші жылында жалпы моторика белсенділігі айтарлықтай артып, дыбыстың таза айтылуын қамтамасыз ететін артикуляция жақсарады, тіл сезімі пайда болып, ертегі тыңдауға қызығады. Оларды есіне сақтап, ойынға айналдырады, ұқсауға тырысады, мәнермен қайталауға тырысады. Сенсорлық белсенділік (көру, есту, тактильдік-кинестетикалық) таным қызметінің қалыптасуының жаңа деңгейін қамтамасыз етеді. Тілі жетік, сөзі анық бола бастайды, 1000-ға жуық сөз айтады (үшке толатын кезде). Үш жас кезеңі физиологияда, анатомияда, невропатологияда жауапты сын кезеңі болып табылады. Себебі ми қыртысының мидың барлық бөлімдерімен байланысын қамтамасыз ететін маңдай бөлігінің үшіншілік күрделі аймақтары іске қосылады. Бұл кезде префронтальдық аймақ адамның барлық қызметінің жаңа психикалық деңгейге өтуін қамтамасыз етеді, сонда бала өз ойын сөйлеу арқылы жеткізіп, сөзін ойланып айтады. Лексикалық және грамматикалық құрылымдар нығаяды, ойын білдірудің, тәртіптің, эмоционалды-ерік саласының бағдарламасы қалыптасады.

Ми қыртысының префронталдық және төбе-шүйде аймағының жүйесі фило- және онтогенез тұрғысында ең жас болып табылады. Ол басқаларынан кеш дамиды және танымдық, моторлық және сөйлеу қызметтерінің жаңа деңгейін қалыптастырады.

Үш жастан кейін баланың сыртқы түрі мен физикалық жағдайы өзгереді. Балалар шымырланады, өз бетімен жүріп-тұрып, әрекет ете алады, қимылдары епті болады, ойынға алғыр болып, ойнаған кезде қарым-қатынас жасауға тырысады, жалпы ұғымдардың қоры көбееді. Дайындалған бала сәби тобынан бала-бақшаға өтеді, мұнда оның психомоторлық қызметіне жоғарырақ талаптар қойылады. Ойнау барысында білімі кеңейіп, таным процесі қалыптасады (ертегілерді, тақпақтарды және басқа да әдебиетті тыңдау және есте сақтау). Қоршаған ортаға эмоционалдық қатынасы анықталады. Белгілі бір тапсырманы орындауға қажет болатын зейін мен шыдамдылықтың маңызы артады. Бұл уақыттың қарсаңында баланың майда моторикасының белсенділігі артады: пластилинді жақсы илейді, мозаиканы жинайды, сурет салады, қарындаш пен қаламсапты дұрыс ұстайды. Олар кеңістікте және дене жобасында жақсы бағдарланады, бұл суреттерде және ойын процесстерінде көрініс алады.

Бұл жаста ауызша тіл түрінде сөйлеудің өзіндік қызметтік жүйесі қалыптасуы керек (дыбысты айту, фонематикалық есту, лексика мен грамматика, өздігінен сөйлеу қызметі) және жазбаша тілге дайындық басталуы керек (оқу және жазу). Баланың дамуындағы жаңа күрделі кезең – мектептегі оқуға дайындық.

Сонымен, жоғары маңдай құрылымдарының басқарушы сипаттағы қатысуымен бірқатар дәйекті іске қосылулардың, жинақталулардың және секірулердің нәтижесінде көп деңгейлі қызметтік жүйе түзіледі.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Қызметтік жүйелер теориясының негізін қалаған кім?

  2. Системогенез терминін қалай түсіндіңіз?

  3. Құрсақтағы ұрықта жұлын қызметінің дамып жетілгендігі қалай білінеді?

  4. Жаңа туылған нәрестеде қандай қызметтік жүйелердің көрінісін байқауға болады?

  5. Алты айға дейінгі баланың қай құрылымдары іске қосылады?

  6. Алты айдан бір жасқа дейінгі балада қандай қызметтік жүйелердің іске қосылғанын көреміз?

  7. Бір мен екі жас аралығында балалардың қандай даму ерекшеліктері жаңа қызметтік жүйелердің түзілуін білдіреді?

  8. Екі жастан үш жасқа дейінгі баланың дамуыны сипаттама беріңіз?

  9. Баланың үш жасында қандай ерекше қасиеттер қалыптасады?

  10. Мектеп жасына дейінгі балалардың қызметтік жүйелерінің күрделіленуі қалай байқалады?

  11. Адамның көп деңгейлі қызметтік жүйесінің түзілу барысына қорытынды жасаңыз?


ІІІ тарау
ЖҮЙКЕ АУРУЛАРЫНЫҢ КЛИНИКАСЫ
§1. Қимыл және сезу қызметтерiнiң бұзылыстары
Қимыл бұзылыстарының синдромдары

Қимыл қызметтерiнiң бұзылыстарына ми, жұлын және перифериялық жүйкелердiң зақымдалуы, тiрек-қозғалыс аппаратының даму ауытқулары, сүйек және буындардың анатомиялық бұзылыстары (сынық, шығу), бұлшық еттерiнiң аурулары себепкер болуы мүмкiн.

Қимыл қызметтерiнiң өзгерулерi органикалық және функционалдық түрде болуы мүмкiн. Функционалдық бұзылыстар невроздар кезiндегі есiрiк (истерия) сал ретiнде кездеседi. Олардың негiзiнде жүйке ұлпасының органикалық бұзылуы емес, қыртыстың қимылдатқыш зоналарында iркiлген тежелу орталықтарының қалыптасуы жатады.

Қимыл жүйесінiң жетекшi бөлiмi болып қыртыстың маңдай бөлiмiнде орналасқан қозғалыс талдағышы болып табылады. Бұл талдағыш арнайы өткiзгiш жолдар арқылы қыртысты мидың басқа бөлiмдерiмен (қыртыс асты орталықтарымен, ортаңғы мимен, мишықпен, жұлынмен) байланыстырады. Қозғалыс талдағышы көру, есту талдағыштары сияқты басқа да сезiмтал жүйелермен тығыз байланысты.

Қимылдарды еріктi және ерiксiз деп екі топқа бөлуге болады. Ерікті қимылдар ми қыртысымен байланысты, ал ерiксiз қимылдардың негiзiнде ми бағанасының және жұлынның автоматизмдерi жатады.

Қимыл бұзылыстары плегиялар (сал), парездер, гиперкинездер, қимыл үйлесімсіздігі, менингеальды симптомдар, қилылық, сөйлеу бұзылыстары түрінде байқалады.



Плегия (паралич немесе сал ауруы) – бiр мүшенiң қимылдарының толық жоғалуы, яғни қимылсыздануы. Парез дегенiмiз қимылдардың әлсiреуi, бiрақ қимылдары бұл кезде толық жоғалмайды. Салдардың себептерi – бұл жұқпалы аурулар, жарақаттар, зат алмасу бұзылыстары, ми затына қан құйылу, тамырлар жұмысының өзгеруi.

Салдар орталық және перифериялық болуы мүмкiн. Орталық қимылдатқыш нейрон мен перифериялық нейрон арасындағы байланыс бұзылса орталық сал байқалады. Орталық салдарға тән белгілер: бұлшық еттердiң тонусының күшейюi (гипертония), сiңiр және периостальдық рефлекстердiң жоғарылауы (гиперрефлексия), Бабинский және Россолимо сияқты патологиялық рефлекстердiң пайда болуы, мүшенiң семуі.

Перифериялық қимылдатқыш нейрон мен бұлшық еттiң арасындағы байланыс бұзылған кезде перифериялық сал пайда болады. Перифериялық салдарға керiсiнше сiңiр және периостальдық рефлекстердiң төмендеуi (гипо- немесе арефлексия), бұлшық еттердiң әлсiреуi (гипотония немесе атония), бұлшық еттердiң семуі (атрофия) тән. Сонымен қатар сал болған бұлшық ет пен жүйке бұзылыстарында қалпына келмейтін реакция деп аталатын электрлік қоздырудағы өзгерістер дамиды. Электрлік қозудың өзгеріс тереңдігі перифериялық салдың ауырлығын білуге көмектеседі. Рефлекстердің жоғалуы мен атония рефлекторлық доғаның үзілісімен түсіндіріледі. Мұндай үзіліс бұлшық ет тонусының жоғалуына әкеледі. Осы себептен қалыпты рефлекс жоғалады. Бұлшық ет атрофиясы немесе тез арада кішірейіп, семуі бұлшық еттің жұлын нейронымен байланысы үзілгенде көрінеді. Осы нейрондардан перифериялық жүйке мен бұлшық етке импульстар барады, олар бұлшық ет тініндегі қалыпты зат алмасуды реттейді. Перифериялық сал ауруы кезінде атрофияланған бұлшық етте жүйке талшықтары мен бұлшық ет талшығы шоғында тез жиырылу түріндегі фибриллярлы дірілдеу байқалады. Олар перифериялық қозғалтқыш нейрон жасушаларындағы созылмалы үдемелі патологиялық процесте байқалады. Перифериялық жүйке бұзылуы сол жүйкемен жүйкелендірілетін бұлшықеттің перифериялық сал ауруына әкеледі. Сол аймақта сезімталдық және вегетативті бұзылыстар болады,өйткені перифериялық жүйке аралас болып, оның құрамында қозғалтқыш және сезімтал талшықтар өтеді.

Алдыңғы түбірлердің бұзылуы нәтижесінде сол түбірмен жүйкеленетін бұлшық еттің перифериялық сал ауруы туындайды. Жұлынның алдыңғы мүйізшелерінің бұзылуы сәйкес сегменттегі бұлшықетте перифериялық сал ауруын тудырады. Мойын аймағындағы жұлынның алдыңғы мүйізшелері бұзылысында қолдың перифериялық сал ауруы туындайды. Бел аймағындағы жұлынның алдыңғы мүйізшелері бұзылысы аяқтың перифериялық сал ауруын тудырады. Егер мойын немесе бел аймақтарында жұлынның екі жақты зақымдануы орын алса, онда жоғары немесе төменгі параплегия пайда болады.

Аяқтың перифериялық сал ауруына мысал: полиомиелит ауруындағы жұқпалы вирустың жүйкеге әсері. Полиомиелит кезінде аяқ, қол, тыныс алу бұлшықеттерінің салдануы байқалады. Жұлынның кеуде және мойын сегменттері бұзылысында диафрагма және қабырғааралық бұлшықеттің перифериялық салдануы тыныс алу өзгерісіне әкеледі. Жұлынның жоғарғы бөлімдерінің зақымдалуы қолдың перифериялық сал ауруына, ал төменгілерінің зақымдануы аяқтың сал ауруына әкеледі.
Орталық және перифериялық салдардың айырмашылықтары

Cал ауруының белгілері

Орталық сал

Перифериялық сал

Бұлшықет тонусы

Жоғары

Төмен

Рефлекстер

Сіңір рефлексі жоғары, іш рефлексі төмен немесе жоғалған

Сіңір және тері рефлексі жоғалған немесе төмен

Патологиялық рефлекс

Бар

Жоқ

Біріккен, қосалқы қозғалыстар (синкинезия)

Бар

Жоқ

Бұлшықет атрофиясы

Жоқ

Білінеді

Қалпына келмейтін реакциялар

Жоқ

Бар

Плегиялардың арасында моноплегия (бiр қолдың немесе бiр аяқтың сал болуы), гемиплегия (бiр жағындағы, яғни оң не сол жақтағы аяқ пен қолдың сал болуы), параплегия (екi аяқтың немесе екi қолдың сал болуы) және тетраплегия (барлық қол мен аяқтардың сал болуы) сияқты түрлерiн ажыратады.


Гиперкинездер – ерiксiз, зорлықты, қолайсыз, артық қимылдар. Оларға тырыспалар (клоникалық, тоникалық тырыспалар және миоклониялар), атетоз (қол және аяқ саусақтарының құрт тәрiздес жиырылуы), қалтырау (тремор), тиктер (белгiлi бiр бұлшық еттердің жыпылықтаған тәрізді стереотиптi қайталанатын жиырылулары) жатады.
Қимылдың үйлесімсіздігі (атаксия) қимылдарды дәл сәйкестiрмей, бiрлестiрмей, икемсіз орындау және осының салдарынан күрделi қимыл актiлерiн дұрыс орындамау түрінде байқалады.

Қимылдарды дұрыс үйлестiру бiрнеше жүйелердiң бiрiккен жұмысының арқасында iске асады. Бұл жүйелер: жұлынның артқы бағаналары, ми дiңi, вестибулярлық (тепе-тендiк) аппарат, мишық).

Атаксия көбінесе жүрiс бұзылуымен сипатталады. Атаксияның келесi түрлерiн ажыратады: гемиплегиялық жүрiс (пирамидтық жолдардың бұзылуынан болған гемиплегия) – ауру адам сал болған аяғын тартып жүредi, сал болған жағы сау жағынан қалып қалады; атаксиялық жүрiс (жұлынның терең сезiмталдықты өткiзетiн артқы бағаналарының бұзылуы) – ауру аяқтарын екi жаққа алшақ қойып немесе талтайтып, өкшесiн жерге қатты басады; мишықтық жүрiс – мас адамның жүрiсi және т.с.с.

Менингеальдық симптомдар ми қабықшаларының қабынуы кезiнде байқалады, олар ауру адам кейiпiнің бұзылуы және бiрқатар патологиялық симптомдар (желке бұлшық еттерінің керілуі немесе ригидтілігі, Брудзинский симптомы, Керниг симптомы) түрінде көрiнiс бередi.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Қимыл бұзылыстарының қандай түрлерін білесіз?

  2. Плегия мен парездің айырмашылықтарын көрсетіңіз.

  3. Перифериялық салдың негізінде қандай бұзылыстар жатыр?

  4. Орталық салдың негізінде қандай бұзылыстар жатыр?

  5. Перифериялық және орталық салдардың арасында дифференциалдық диагностика өткізіңіз.

  6. Гиперкинездер деген не?

  7. Атаксия деген не?

Мишықтың зақымдалу синдромы

Мишықтың зақымдалу синдромы тепе-теңдіктің, қозғалыс үйлесімділігінің және мишық тонусының бұзылыстарынан байқалады.

Тепе-теңдік бұзылысы статикалық атаксия болып табылады. Статиканың бұзылысы кезінде науқас Ромберг қалпына тұрған кезде мишықтың зақымдалған жарты шары жағына қарай ауып кетеді. Ауыр жағдайда статикалық бұзылыстың қатты білінгені сонша, ауру адам тіпті екі аяғын бір бірінен алыстатып тұра да алмайды, отыра да алмайды.

Қозғалыс кезіндегі тепе-теңдік пен үйлесімділіктің бұзылуы динамикалық атаксия деп аталады. Динамикалық атаксия жүру кезінде көрінеді, оны “саусақ-мұрын” және “тізе-өкше” сынағын жүргізу арқылы табуға болады. Сонымен қатар қарқынды дірілдеу байқалады.

Мишықтың зақымдалуы нәтижесінде гиперметрия байқалады—қозғалыстың шамадан артық орындалуы түріндегі сәйкессіздігі. Гиперметрия пронаторлы сынама өткізу арқылы анықталады. Ауру адамға қолын алдына созып тұрып, алақанының жайылған немесе жоғары қараған (супинация) жағдайынан тез арада төмен қараған (пронация) жағдайына ауыстыруын сұрайды. Мишықтың бұзылу себебінен, зақымдалған жақтағы қол алақанының шамадан артық айналып кетуі байқалады.

Қарама-қарсы қозғалыстардың алмасып орындалуының бұзылысы адиадохокинез деп аталады. Адиадохокинез қол буынының супинациясы мен пронациясының кезекпен-кезек тез жасалуынан көрінеді. Ауру адамда бұл қозғалыстар баяу, біртүрлі икемсіз болады, калыптан тыс қозғалыс байқалады.

Мишықтың зақымдалу себебінен сөз баяулап, буындарға бөлініп шығатын болады.

Көз алмасының қозғалысы кезінде көздің қағып тұруы —нистагм байқалады.

Тремор мен майда қимылдар үйлесімінің бұзылуы нәтижесінде науқастың жазуы өзгереді. Ол тегіс және біркелкі болмайды, әріптердің сызығы қисық болып келеді. Ал әріптердің өзі өте үлкен болып жазылады.

Мишықтың зақымдалуы бұлшық ет гипотониясына әкеп соқтырады.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Статикалық атаксия деген терминді қалай түсіндіңіз?

  2. Динамикалық атаксия деген терминді қалай түсіндіңіз?

  3. Адиадохокинез деген не?

  4. Мишық зақымдалуы кезіндегі наукастың жазуы неден өзгереді?



Сезу бұзылыстарының синдромдары

Сезiмталдық – ағзаның сыртқы ортадан және өзiнiң тiндері мен мүшелерiнен келетiн тiтiркенiстердi қабылдау қасиетi. Осы тiтiркенiстердi қабылдайтын экстерорецепторлар, телерецепторлар, проприорецепторлар, интерорецепторлар, осморецепторлар, хеморецепторлар, барорецепторлар және т.с.с. Сезiмталдықтың келесi түрлерiн ажыратады: 1) беткей (үстiртiн) – ауырсынуды сезу, температураны сезу, тактильдік немесе сипап сезу, 2) терең (проприорецептивтік) – бұлшық ет, буындарды сезу, вибрацияны сезу, басқанды сезу, терi қатпарының бағытын сезу (кинестезия), 3) сезiмталдықтың күрделi түрлерi – шаншу немесе сипаған жерiн сезу, теріге жасалған әрiптердi немесе белгiлердi тану (екі өлшемдік және кеңістіктік сезгіштік), дискриминациялық сезiмталдық (екi жердi бiрдей шаншығанда, осы шаншулардың ара қашықтығын сезу), стереогноз (сипап сезу арқылы заттың пішінін анықтау); 4) интерорецептивтiк (iшкi мүшелердiң рецепторлары арқылы тiтiркенiстердi сезу).

Сезiмталдықтың бұзылыстары: гипестезия – сезiмталдықтың төмендеуi, анестезия – мүлдем болмауы, дизестезия – тiтiркенiстердi дұрыс қабылдамау, аналгезия – ауырсынуды сезiнбеу, топанестезия – локализацияны сезiнбеу, астереогноз – стереогноздың бұзылуы, гиперестезия немесе гипералгезия – қалыптан тыс сезiмталдықтың жоғарылауы, гиперпатия – тiтiркенiс шегiнiң жоғарылауы, парестезия – құмырсқа жүрген сияқты жыбырлағын, қышыған, ашыған, шаншыған сияқты жалған сезінулер, полиэстезия – бiр тiтiркенiстi көптеген тiтiркенiстер ретiнде сезiну, фантомдық ауырсыну – жоқ мүшенiң ауырсынғанын сезiну.

Сенсорлық (сезiмталдық) бұзылыстарға сонымен қатар көру бұзылыстары (көз өткiрлiгiнiң бұзылуы – амблиопия, амавроз, түстi ажыратпау – ахроматопсия, дисхроматопсия, көру аймағының өзгеруі – скотома, гемианопсия; көру агнозиясы) және есту қабiлетiнiң бұзылыстары (мүлдем естімеушілік, нашар естушілік, есту агнозиясы) жатады.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Сезімталдықтың қандай түрлерін білесіз?

  2. Сезу бұзылыстарын сипаттаңыз.

  3. Көру бұзылыстарының негізінде қандай бұзылыстар жатады?

  4. Есту бұзылыстарының жіктелуін суреттеңіз.



Жоғары қыртыстық қызметтердiң бұзылыстары

Жоғарғы қыртыстық қызметтерге гнозис, праксис, фазис, есте сақтау, ойлау жатады.



Гнозис дегенiмiз – ол сыртқы ортаның құбылыстары мен заттарын сезiну және түйсiк алу арқылы өтетiн қоршаған ортаны бiлiп, тану. Гнозистың бұзылыстарын агнозиялар деп атайды. Сезiм мүшелерiне сәйкес көру, есту, тактильдік (соматосенсорлық), иiс сезу, дәм сезу агнозияларын ажыратады. Ерекше түрiн сөйлеу тiлi агнозиялары құрастырады. Бұл бұзылыстар затты немесе құбылысты танымауымен сипатталады. Агнозиялардың себептерi болып орталық жүйке жүйесiнiң әртүрлi жұқпалы аурулары, ми қыртысының жарақаттары, интоксикациялары табылады. Балалық шақ кезеңiнде бұл агнозиялар зият кемiстiктерiне апарады.

Праксис – үйренген қүрделi қозғалыстардың орындалуы. Терең сезiмталдықтың афференттiк жолдарымен келетiн тiтiркенiстердiң барлығы мидың төбе бөлiгiнiң қыртысында қабылданады. Бұл бұлшық еттерден, сiңiрлерден, байламдардан және буындардан келетiн тiтiркенiстер қозғалыстың әрбiр мезгiлi туралы белгi берiп тұрады, ал осы қозғалыстар үйреншікті, әдеттенген бола бастайды. Төбе бөлiгi зақымдалған кезде праксис қалыптаспайды немесе бұзылады. Осы жағдай апраксия деп аталады. Апраксияның үш негiзгi түрiн ажыратады: 1) моторлық немесе эфференттiк, 2) көру-кеңiстiктік (конструктивтік), 3) кинестетикалық немесе афференттiк. Сонымен қатар сөйлеу тiлiнің апраксиясын бөледi. Моторлық апраксия кезiнде ауру адамның үйренген қозғалыстарды орындауы бұзылады. Көру-кеңiстiктік апраксия көру арқылы кеңiстiкте бағдарланудың бұзылуы салдарынан мақсатты қозғалыстарды орындай алмаумен сипатталады. Кинестетикалық апраксия қимылдарды орындайтын мүшелердiң қалыпын реттеу бұзылыстары салдарынан қозғалыстарды басқара алмаумен білінеді. Бұл түрiн кейiп апраксиясы деп атайды.

Есте сақтау құбылысында келесi кезеңдердi ажыратады: жадында тұту (жатталу), сақтау, еске түсiру және ұмыту. Келесi түрлерi болады: ерікті және ерiксiз. Есте сақтау қабiлетiнiң төмендеуi (гипомнезия) жадында тұтудың бұзылыстары кезінде де, еске түсiрудiң бұзылыстары кезінде де болуы мүмкiн. Есте сақтау қабілетінен толығымен айрылуды амнезия деп атайды. Амнезияны келесi түрлерге бөледi: зейін қоюдың (белгiлеудiң) амнезиясы – жадында тұтудың кенет бұзылуы; антероградтық амнезия – жарақат алып, естен айырылғаннан кейiн болған жағдайларын есте сақтамау; ретроградтық амнезия – жарақаттан бұрын болған оқиғаларды еске түсiрмеу; амнезиялық афазия – заттардың жалпы қасиеттерiн немесе қызметтерiн бiлiп отырып, аттарын еске түсiрмеу. Кейбiр адамдардың есте сақтау қабiлеттерi өте жоғары дәрежеде болуы мүмкiн – ол гипермнезия деп аталады.

Ойлау қабiлетiнiң бұзылуы зият кемiстiктерi ретiнде байқалады.

Сөйлеу тiлi – адамның ми қыртысының өте манызды қызметтерiнiң бiрi. Оны iске асыру ми қыртысының және жалпы жүйке жүйесiнiң әртүрлi бөлiмдерiнiң жұмысын қажет етеді. Балалық шақ кезiнде сөйлеу тiлi бұзылыстарын олардың себептерiне қарай бөлуге болады:

I. Орталық жүйке жүйесiнiң органикалық зақымдалуымен байланысты сөйлеу тiлiнiң бұзылыстары. Олардың өздерiн келесi топтарға бөлуге болады:



  1. афазия – ми қыртысының сөйлеу зоналарының зақымдалуы салдарынан болатын сөйлеудiң барлық компоненттерiнiң бұзылуы (моторлық және сенсорлық афазия);

  2. алалия – ми қыртысының сөйлеу зоналарының сөйлеуге дейiнгi кезеңдегi зақымдалуының салдарынан сөйлеу тiлiнiң жалпы дамымауы (моторлық және сенсорлық алалия);

  3. дизартриялар – сөйлеуге қатысатын бұлшық еттердiң иннервациясы бұзылғаннан болатын дыбыс шығарудың бұзылуы.

II. Орталық жүйке жүйесiнiң функциональдық өзгеруiмен байланысты сөйлеу тiлiнiң бұзылыстары:

  1. кекештену (тұтықпа) – сөйлеу ырғағының, екпінінің, жатықтығының бұзылыстары;

  2. мутизм, сурдомутизм.

III. Артикуляциялық аппараттың кемiстiктерiмен байланысты сөйлеу бұзылыстары (механикалық дислалия, ринолалия).

IV. Әртүрлi себептерден болатын сөйлеу тілі дамуының кiдiруi (шала туылғаннан, iшкi мүшелерiнiң күрделi ауырларынан, тәрбие берудың дұрыс болмауынан және т.с.с.).


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Гнозис деген не?

  2. Гнозистың бұзылыстарын сипаттаңыз.

  3. Праксистың мысалдарын келтіріңіз.

  4. Апраксияның түрлерін және олардың ерекшеліктерін көрсетіңіз.

  5. Есте сақтау қызметінің бұзылыстары қалай аталады?

  6. Сөйлеу тілі бұзылыстарының жіктелуін сипаттаңыз.

  7. Сөйлеу тілі бұзылыстарының ішінде қайсысы органикалық бұзылыстармен байланысты?

  8. Сөйлеу тілі бұзылыстарының ішінде қайсысы функционалдық бұзылыстармен байланысты?



Каталог: portal -> ebook -> files
files -> Кенжебекова Р. И., Айдарова Б. А.,Ералиева Т. О. Мектепке дейінгі жаста қарапайым математикалық ТҮсініктерін қалыптастыру әдістемесі шымкент-2016
files -> Оқулық Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен Аламаты, 2011 (075. 8)
files -> I теоретические основы логопедии
files -> «Бейнелеу өнері, сызу және кәсіптік білім» кафедрасы
files -> «Аналитикалық геометрия және сызықтық алгебра» пәні бойынша 5В011000- “Физика”
files -> Лекция жинағЫ Қарағанды 2011 Құрастырғандар: Жұмабаев С. Ә. ф-м.ғ. к., доцент
files -> Музыкалыќ іс-јрекетініѕ психологиясы
files -> Ә. Т. Мейірбеков., Т. П. Раимбердиев., Г. Ю. Башбенова тіршілік қауіпсіздік негіздері


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет