Сабит Муканов. Молдир махаббат



бет2/12
Дата14.05.2022
өлшемі269,92 Kb.
#143259
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
мөлдір мах
29.09.2021, 20Б, сай, m-hanbet-ali-lyny-tar-keze-romanynda-y-ltty-a-arman-beynesi

1. ЕРКЕКШОРА


Менімше, жыныстық табиғатын жас шағынан-ақ, яғни ес кіре бастаған күннен-ақ сезінбейтін адам баласы болмауға тиісті. Адам түгіл хайуанат да бұны сезінеді ғой деймін, оған мал шаруашылығымен шұғылданған, ояу өмірінің бәрі баққан малдарының арасында ететін ауылдан талай мысалдар келтіруге болар еді, оның бұл арада қажеті жоқ. Кейін, тіршілік заңынан аз да болса мәлімет беретін сабақтық кітаптарынан көрсем, «жанды» дейтін хайуанат былай тұрсын, «жансыз» дейтін өсімдіктер де (ғылымның ұғымында олар да «жанды» ғой) жыныстық табиғатын өте нәзік сезінеді екен!..
Бұны айтып отырған себебім — қазақша «ес біліп», «етегін жиған» аталатын жасқа келгенге дейін өзімді өзім де «ұлмын» деп жүргенмен, жұрт та мені «ұл» деп жүргенмен, «қыз» екенімді үр ұр ұ үр
аяғымды апыл-тапыл басқаннан-ақ сезінген сияқтымын. Оған дәлелім, кіп-кішкене еркек балалар асыққа, бәкіге қызыққанда, мен ине мен қуыршаққа қызығып, «ұлмын» деп жүрген күндердің өзінде солармен ойнайтын ем. Ендеше, неге «отау иесі» атанатын жасқа дейін «ұлмын» деп жүрдім?..
Бұлай деуіме мен кінәлі емеспін, қазақ аулының салты кінәлі. Үлкендерден естуімше де, өзімнің байқауымша да, қызды қазақ, тіршілігіне жәрдемші мағынасындағы «бала» деп түсінген емес. Қалай түсінеді ол? Қазақтың «қыз» атаулысы түгелімен қалың малға сатылады. Қалыңды кім көп төлесе, қыз сонікі. Сатып алғанның аты «сатып алған», яғни, күң, сондықтан жаратылысында адамгершілік қасиеті бар біреу болмаса, сатып алған қызды, сатып алған мал я мүлік сияқты көреді де, қалай ұстаса да өз еркі болады.
Оның бір мысалы, туған шешем Жәния. Мен ес біліп ержеткен уақытқа дейін, әкем Мәмбет оны таяқ астында шірітті. Сонда, тым болмаса жазығы болсайшы-ау!.. Не шаруа бағуда, не тұрмыс салтында ешбір жазығы жоқ!.. Шаруашылықта, осы үйдің «отымен кіріп, күлімен шығады» дейтін күңі; тұрмыс салтында, мол дәулеттің ішінде отырып, не жарқырап киім киген емес, өзгелеріміздің қатарымызда отырып ас ішкен емес. Киім жағынан кедейдің әйелінен ешбір айырмасы жоқ, астан ішетіні бізден қалған сарқыт. Жасы отызды жаңа орталағанмен, өз ауылымызда я көрші ауылдарда болып жататын ойын-тойдың біреуіне барғанын көрген де, естіген де емен!..
Жұрттың айтуынша, «оның көңілі дүниеден қалған кісі». «Неге?» деген сұрауға: «бір кедейдің қызы еді, деп жауап береді олар, әкеңнің бәйбішесі перзент көтермеді де, қалың малын жығып беріп, бұны бала үшін алды. Жасы сол жылы он төртте еді. Сол уақыттың өзінде «Мәмбет қожа» деген дардай аты бар әкең, кедейдің қызын езі барып әкелуді ар көріп, бәйбішесі Қарағызды жіберіп алдыртты. Бұнда келе, әрі әкең, әрі бәйбішесі бірдей қожаңдап, «отырса басқа, тұрса аяққа» дегендей, таяқ астында ұстады. Оның үстіне күні-түні салпылдаған жұмыс!.. Дүниеден, тұрмыстан осынша тепкі көрген кісінің көңілі қалмағанда, кімнің көңілі қалады?»
— Сондай қорлығын көре тұра,— деседі, шешем туралы аянышты сөз айтатындар,— жас әйел боп желіккенің ерінің «көзіне шөп салғанын» көрген де, естіген де жан жоқ.
— Шешең,— деседі олар,— алғашқы баласын он бес жасында босанды. Онысы ұл еді. Бала көтермеген бәйбіше, ерінің көңілі ұл тапқан тоқалға ауып кетеді деп қорықты да, сол баланы кішкене күнінде өлтіртті.
Осы елдегі делқұлы біреуді жалдап, есік алдындағы жер ошақта қайнап тұрған құртқа түсіріп жіберген!..
Одан кейін шешем, ұлы-қызы аралас жыл сайын бала көтереді де, алғашқылары бірер жаста өле беріп, он тоғыз жасында — Кәкенді, жиырма жасыңда — мені туады. Бәйбіше мені кішкене күнімнен бауырына салады да, кімнен туғанымды жұрттан естігенше, содан туған боп жүре берем.
— Қыз бола тұра, «ұл» дегені несі мені?!—деп сұрасам:
— Байғұс бала-ау, білмеймісің қазақтың ғұрпын?— деп жауап береді әңгімелесуші адамым,— жат жұрттыққа жаралған емес пе, қыз байғұс? Бойжеткесін малға сатылып кетпей ме ол? Одан кейін әке-шешеге пайдасы бар ма?.. Ендеше, балам деп қайтеді оны? Әлденеше қызы бар, ұлы жоқ біреуден «балаң бар ма?» деп сұрашы, «жоқ» деп жауап берсін!.. Немесе қызы әлденешеу, ұлы біреу-ақ адамнан «балаң нешеу?» десең, «жалғыз-ақ» десін!..
— Түсінікті,— деймін мен,— сонда «қызды ұл» деуден не пайда?
— Уақытша болса да өзің өзі алдауы ғой!..
«Ұл» болуымның тарихы осыдан басталған мені, әжем кішкене күнімнен ұлша киіндірді. Біреудің «жалғызы» әрі «мырзасы» болғандықтан, мен, әрине өте сәнді киінем, бірақ, кейбір шын ұлдардың да үстіне қадайтын алтын, күміс, асыл тас сияқты жылтырауықтың ешқайсысын әжем денеме жолатпайды. Ауылдағы еркек балалардың да еркелері маңдайына кекіл, шекесіне айдар қояды. Ал әжем маған оны да істемей, жаз түгіл қыстың суық айларында басымды ұстарамен тап-тақыр ғып қырғызып тастайды. Кішкене күнімнен мәпелеп өсіруден болу керек, мен өте аяншақ едім: бір жеріме қиттықандай шөгір кірсе найза сұққандай, терімді әлде не жырса балтамен шапқандай бақыратынмын; тырнағымды алудың өзі маған саусағымды кескендей көрінетін; ал, шашымды алу, басымды алу сияқтанып, қолы күшті әжем құшағына қатты қысып отырмаса ұстара тигізбейтінмін, сонда да бақыра тыпыршып басымды бұлғақтата бергендіктен шаш алуға ең шебер деген адамның өзі, құйқамның әлденеше жерінен қан шығармай қоймайтын...
Сырт бейнемді сондай ғып ұстайтын әжем, «қызға жолама, қызы жұғады» деп, қатарлас қыздарды маңыма жолатпай қуатын.
Ұлдың да, қыздың да өз табиғатына сәйкес сөздері бар емес пе? Ескі ауылдағы ұлдың, әсіресе, ерке ұлдың жас күнінен аузы дағды алатын сөзі — боқтау. Қыздың аузынан боғауыз түгіл, әдепке жатпайтын сөз шығу, ауылдың салтында мүмкін нәрсе емес. Ал, «еркек орнында» дейтін кейбір жасамыс, би әйелдер, еркекшілеп те боқтап жібереді. Мысалы, менің әжем. «Боғауыз» аталатын сөздердің қайсысын болса да айтуға және еркекше айтуға, ол қандай жағдайда болса да қымсынған адам емес.
Мені де сол әдетіне салғысы келгені ме, әлде «ұлдық» есіміме жұрттың құлағын үйреткісі келгені ме, әжем тілім шыға, маған тентек ұлдар айтатын боғауыздың бәрін де айтқызып үйретті. Мен байғұс не сөз екенін түсінбей, ұятты аңғарған шағыма дейін, «боқташы!» деген адамның бәрін сыбай бердім. Сонда, әжемнің ұйытқуымен, ерекше сыбайтын адамымның бірі, туған шешем — Жәния. Неге боқтаймын сонда? Жазығы не оның?.. Түк те жазығы жоқ!.. Сөгіс сөзге еті өліп кетуден бе, әлде, іштен шыққан баланың сөзін ауыр көрмеуінен бе, қалай сыбап жатсам да шешем ұрсу түгіл қабағын да шытпайды.
Әжем мені, шешемді боқтатып қана емес, ұрғызып та үйретті. Бірақ, ол таяқтың әкесін менен емес, әкем мен әжемнен жейді. Әжемнің жайын ездеріңіз білесіздер. Әкем «көзі ашық» адам бола тура, бертінге дейін шешеме аса қатал боп, таяқтан көзін ашырмады.
Менің өтірік ұл боп жүруімді бетіме басатын балалар, сөз аңғаратын кезге жеткен шағымда, туған шешемнің де кім екенін дәттетіп беретін еді. Бұл сөзге алғаш жылағаныммен, кейін сенетін болдым; өйткені енді ғана байқасам, түр-тұлғам шешемнен айнымай, аузынан түсіп қаппын!.. Өңге кескінімнің дәл тартуын былай қойғанда, оң жақ ұртымның үстіне тарының дәніндей ғана боп біткен қап-қара меңім дәл шешемдікі. Осы сенім бойыма бекігеннен кейін, шешеме көрінеу көзге болысып, өзім бар жерде әкеме де, әжеме де ұрғызбай, араша түсетін болдым.
Менің болысуымнан ба, әлде, мен жеті жасқа шыққанда, шешемнен ұл туып, атын «Сейіл» қойған бала аман есуінен бе, әкем шешеме енді қол түгіл тіл де қатпайтын болды. Ерінің аужайына қарағандықтан болу керек, ескі дағдымен ара-тұра шапылдап алғанмен, әжем де шешеме одан кейін қол жұмсамады.
Сыртқы түрін ұл ғып көрсетем дегенмен, қыздың аты, «қыз». Қызға «ұлмын» деу, есін білгенге дейін ғана жарасады екен, одан кейінгі «ұл» болғаның құрысын!.. Не ұлдардың, не қыздардың тобына кіріп, ойынына қосылмаған өмірдің несі қызық!..
«Ұл» кезімде менің көрер бар қызығым, әкемнің я әжемнің қасына еріп, ауыл-үйді де, шетті де аралау еді. Жалған ұлдың жәйін түсінгеннен кейін, бұл қызық та мені бұрынғыдай еліктірмей, әкемнің де, әжемнің, де қасына сараң еретін болдым. Сондағы сылтауым, сабақ.
Біздің ауылда қазақ мектебі 1918 жылдың күзінде ашылды. Ол жұмысқа басшы болушылардың бірі — әкем. Он алтыншы, он жетінші жылдардың дүрбелеңінде атқа мініп, Амангелдіге қарсы шыққан топтың ішінде жүрген ол, біздің арада Совет өкіметі орнай сала ауылға қайтты да, мектеп ашу ісімен шұғылданды. Алғашқы кезде, ол мектепте сабақ та оқытып жүріп, келер жылы босанды, содан бері үй шаруасының жабдығымен шұғылданады. Бірақ, «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Шолпан» сияқты журналдарды, «Еңбекшіл қазақ», «Ақ жол» сияқты газеттерді үйге алдырып, бос уақытта қолынан тастамай оқып отырады.
Оқу жасындағы Кәкенге мектеп есігін аттатпаған ол, мені өз қолынан жетектеп апарды. Сабақты мен алғашқы күннен-ақ жақсы алып кеттім, соған қуанған ол:
— Егер осылай жақсы оқи берсең,— дейтін болды бертінде,— жоғарғы жаққа қарай жіберіп, әуелі Торғайдан, одан кейін Орынбордан оқытам!
Мұғалімдердің бағалауынша, егер сабақ жарысындағы тізгінімді еркіне жіберсе, бұл мектептің «төрт жылдық» аталатын мерзімін, мен екі жылда тауысып кететін сияқтымын. Тізгінімді солайша тежегенмен, барлық класта да, барлық сабақтан да мен үнемі алда отырам, сондықтан, үшінші класқа барған шақта, мұғалімдердің кейбірі әлде не себеппен мектепке келмей қалса, кластағы балалардың сабағын, оның орнына мен үйрете салам.
— Тек, тіл, көзден аман боп, дені сау боп, алдағы жылда төртінші класты бітірсін,— дейді мектептің меңгерушісі Балқаш,— содан кейін, әке-шешесінің ұлықсатын алам да, Орынборға апарып, үлгілі тәжрибе мектебіне ез қолымнан орналастырам. Онда екі жыл оқып, алты класты тәмамдағаннан кейін, институтқа жүйрік аттай шауып өтеді. Жасы ол кезде де бәлкім жетіңкіремегенмен, бойшаң бала, ретін тауып өткіземіз!..
Балқаштың бұл жобасы іске асар ма еді, қайтер еді, егер, төртінші класты аяқтар жылы, ойда жоқ бөгет кездесе қалмаса!.. Ол бөгетім — Бүркіт.
Мен онымен ең, алғаш өзінің үйінде кездестім. «Сыр бойынан көшіп келген осындай жақын адамымыз бар, ерулік апарамыз» деп аттанған әжем, мені қасына ерте кетті. Соңғы бірер жылда бұндай жүрістен бойымды тартыңқырағандықтан, барғым келмеген қалпымды көрсетіп ем, әжем апаратын үйінің мән-жайын айтып, ықтиярыма қараған жоқ. Ол жолшыбайғы кеңесінде, бара жатқан үйіміздің адамдарын жекелей сипаттап отырып:
— Бұл арадан Сырға көшкенде, Бүркіт деген баласы кішкентай еді. Өзі шідер үзген тентек еді. Әлі де солай ма екен, әлде есейіңкіреген соң басылды ма екен?— деп қойды.
— Егер бұрынғы қалпы болды бар ғой,— деп қойды әжем бір сөзінде,— мазаны кетіреді ол!.. Бұрын, не оның үйіне біз барсақ, не ол біздің үйге келсе, құтылғанша асық болатынбыз.
— Рас,— деп жұптады Қиқым,— талай тентек баланы көре жүре, бұндай тентекті ешқайда кездестірген емен!.. «Айтып сөз, ұрып таяқ өтпейді» дейтіннің нағыз өзі!.. Әке-шешесі де өзің тым шолжаңдатып, бетке қақпай жіберген!..
— Бопашжан, байқа!— деп сақтандырды мені Қиқым,— маңына жолама!..
Бұл сөздерге құлағым елеңдеді де, мен сол тентекті көруге асықтым. Ал көрсем, әжем айтқандай, кәзір есейіңкіреуінен бе, әлде жұрт бұрынғы қылығын есіріп айта ма, тентектік түгі де жоқ!.. Әсіресе — маған!.. Қонақ деп сыйлады ма, әлде «ұл» боп жүрген мен байғұсты мүсіркеді ме, әп-сәтте менімен үйір боп ойнап кетті. Әжем «Бүркіттің жасы биыл он үште» деген. Ал, бойына қарасам, бұндай жастағы баладан әлдеқайда ірі. Мінезі ақкөңіл, аңқылдақ, ойыншы!..
Үйінде төрт-бес күн мейман боп жатқанда, ол екеуміз бірге туған баладай және тату баладай дос боп кеттік. Ояу кезде жұбымыз жазылмай, қайда жүрсек те бірге боламыз.
Кейде әдейі қытығына тиіп ашуландырайын десем, кеюдің орнына күліп жауап береді. Бойым үйренгеннен кейін басыныңқырап, кейбір жағдайда жәбірлік көрсетсем, тулаудың орнына ырқыма көне береді.
Осылай достасқан біз, алғаш жолығып ажырасқаннан кейін, көріспесек тұра алмайтындай болдық. Әсіресе, Бүркіт. Толып жатқан сылтаумен, ол біздің үйден ат ізін құрғатпайды. Аса жақсы көргендіктен, оңаша кездескен шақтарда, неге екенін кім білсін, ол мені кейде «бота» кейде «ақбота» дейді; мен оны, әкесінің атауына қарап, кейде «Бөкенжан», кейде өз жанымнан қосып «Ақ Бөкен» деймін.
Сүйтіп жүргенде күз басталып, қыстауларына беттеген ауыл арасы .алшақтап кетті. Енді не істеуге білмей жүрген шағымда, Таңатар аулында ашылған алты жылдық мектептің оқуы басталды да, Бүркіт төртінші класына оқуға келіп түсті, салығы біздің үйде. Екеуміз бір класта оқитын болдық.
Жырақ жердегі ауылдың мектебіне көлікпен бірге барып, бірге қайтатын Бүркітпен екеуміздің бұрынғы достығымыз сол қалпынан айныған жоқ. Әдетте, біз Таңатар аулына түйеге жеккен шанамен барамыз. Біздің ауылдан сабаққа баратын балаларды шанамызға кейде мінгіземіз де, кейде жеке кетеміз. Баланың ойынсыз күні жоқ. Біз де жолшыбай алысып-жұлысып, бірімізді біріміз шанадан құлатып, қарға аунатып, қар лақтырып дегендей... асыр саламыз... Сондай ойындардың ешқайсысында Бүркіт маған «сен қыз, мен ұл» деген ешбір белгі көрсетпейді...
Дағдылы күндердің біреуі. Күндізгі сабақты бітірген Бүркіт екеуміз, күн мезгілі кешкіріп, бұлыңғыр ауа қоюлана түскен шақта, түйеге жеккен жайдақ шанада, қалың қамыстың ішін аралаған жылтыр жолмен ауылға беттеп келеміз... Тымырсықтау аязды ауа райы, күн еңкейе шаңытыңқырап тұр. Кешке қарай жер бетін қалың жапқан туманная қара күреңденген күн келбеті, сөніп бара жатқан шоқтай әлсіз ғана жылтырайды. Бұндай күндерде, далаңқы жерлерде «үрлесін» атты боран сымақ боп, қар бетіндегі қырау ала қаншықтана сырғи жүгіріп жатуға тиісті. Мектеп пен ауыл арасындағы жол, қалың қамыстың арасымен жүретіндіктен, көлдің беті тымық. Қимылсыз қалпында үстіне қалыңдай үйелеген қыраудан, әрбір қамыстың жуандығы сырғауыл боларлық қайыңдай көрініп, ауыр салмақтан белдері бүкірейіп, бастары төмен иіліп кеткен. Соңғы жұмада боран болмағандықтан, қары мен мұзы араласқан көк ала жолдың беті майлаған қайыстай жып-жылтыр.
Балалардан оңашаланған Бүркіт екеуміз шана үстінде ойнап барамыз. Әуелі соқтығатын менмін. Бүркіттің бір мінезі ызғырық суықта өзге балалардай оранып-шымқанбай әрі ықшам, жеңіл киінеді де, қамзолша күзен ішігінің де, кеңірдек барқыт қамзолының да, көйлегінің де жоғарғы түймелерін салмай, омырауын далита ашып жүреді. Денесінің қызуы өзгелерден күштірек пе, терісі өзгелерден қалыңырақ па, өзгеміздің ашылған жерімізді үскірік аяз темірдей қарығанда, Бүркіттің аяз сүйген жері, жүнін жұлып отқа қақтаған құстың денесі сияқтанып, күреңдене бөртіп тұрады!.. Аяғына ол жеңіл ғана байпағы бар етік, бұтына жеңіл ғана сырмалы шалбар киеді. Басындағы түлкі малақайының бауын ешуақытта байламай екі құлағы салпаң құлақ ешкідей селтеңдейді де жүреді. Шешесінің қой терісінен жүнін ішіне қарата тігіп берген биялайын ол ешуақытта қолының басына ілмей, белбеуінің алдыңғы жағына қыстырып қана қояды. Белін әкесінің тұрқын қысқартып берген жалпақ кемер белбеуімен тас-түйін ғып байлап алады. Осы белбеуді ол, қысқы киімін шешкенде де тастамай, қамзолының сыртынан буынып жүреді. Өзге баланың беті аяз сорғанда қызара қалса, Бүркіттің қоңыр сұрлау өңі сол қалпынан өзгермейді.
Мектептен күн сайын көңілді қайтатын Бүркіт, бүгін Таңатар ауылынан ұзағанша, әлде не себеппен үн-түнсіз бола қалды. Ол осындай күйге әр кезде түсетін, сонда мен, жадыратуға күшім жетпесе, қол күшімді жұмсап, сүйкеніп, қытықтап... дегендей, лезде ырқыма көндіріп алатынмын. Қандай қылжағыма болса да, ол ешуақытта ашуланбайтын...
Бүгін де осы әдісіме бағып, жым-жырт келе жатқан Бүркітке, әуелі әлде неменелерді айтып қылжақтап ем, әуліге қоймады. Қытықтап көріп ем, «қойшы, Бәтес!» деген сөзді салқын кескінмен ғана айтып отырып алды. Бір қызығы, мен өте қытықшыл адаммын, егер біреудің қытықтарын білсем, қолы тимей-ақ зәрем ұшып тұрады да, қолы тие қалса, кішкене баладан да жеңіліп, жанымды қайда қоярлық жер таба алмаймын; ал, Бүркіттің қалай қытықтасаң, да қымсыну түгіл, бүйрегі бүлк етпейді!..
Бұл жолы да сол әдетіне баққан Бүркітті қайтсем де қозғау, көңілін өзіме аудару мақсатымен, жанаса берген бір күртіктен екі уыс қарды жентектеп алдым да, бейғам отырған Бүркіттің ашық омырауынан көйлегінің ішіне салып кеп жібердім. Жалаңаш етіне суық қар тиіп шошынған шақта маған жалт қараған ол, ұстағысы келгендей ұмтыла беріп еді, шанадан түсе қаштым, ол тұра қуды!.. Біздің ойынымызға көңіл бөлгендей, үсті басын қалың қырау жапқан түйе тұра қалды да, «ойындарыңнан от тұтанбасын» деп сақтандырған кескінмен «ауф!» деп дыбыстап ақырын аяңмен жөніне жылжыды.
Қуған Бүркіттен қашқан мен, жол жиегіндегі қалың қамысқа үймелеген биік күртікке сүріне-қабына бұрын шықтым да, қарды уыстай жентектеп, Бүркітті атқылай бастадым. Оныма ызалана түскендей, лақтырған қардан бетін ғана қорғаған Бүркіт, бір биік күртіктің құлай беріс жарында қуып жетіп ұстады да, жас баладай көтеріп ап, кеудемді кеудесіне, бетімді бетіне тақай қатты қысып, ерініме ерні қадала қалды!.. Мен есімнен танған адамдай, не халге ұшырағанымды білмей қалдым!.. Сондай халімде, әлдекімнің: «Сүйер көбейсін!» деген даусы құлағыма сап ете түскенде, шырт ұйқыдағы адамның үстіне мұздай суды құя салған сияқтанып, жалт қарасам, Жұман!.. Мен жанталасқан жандай бұлқынып, Бүркіттің құшағынан әрең босандым да, күртіктің ойпатынан домалай түсіп, таса-тасамен әрі қарай жүгіре жөнелдім!..
Сол бетіммен қаңғырып өлер ме едім, қайтер едім, егер аздан кейін артымнан «Бәтес!» деген Бүркіттің даусы естілмесе!.. Оған да тоқтамас па едім, қайтер ем, егер қуып жетіп ұстай алмаса!.. Оған да көнбес пе едім, қайтер ем, егер жалбарынышты сөздеріне жауап бермей бұлқынып ағыл-тегіл жылаған мені, Бүркіт ықтиярымнан тысқары тағы да құшақтай көтеріп ала жөнелмесе!.. Содан кейін бұлқынған жоқпын. Бірақ, шанаға әкелгенге дейін де, отырғызғаннан кейін де, ауылға жетіп, үйге кіргенге дейін де, Бүркітке тіл қатқан жоқпын... Тіл қатуға күшім болған жоқ. Ызаға булығудан ба, ұятқа өртенуден бе — мана, Бүркіттің күштеуімен шанаға отырғаннан бастап көтерілген денемнің қызуы аздан кейін үдеп, тұлабойым жалындай лаулады да кетті.
Үйге жетіп қора ішіне кіргеннен кейін, шанадан тәлтіректеп әрең көтерілдім де, құлап кете жаздап әрең оңалдым. Бір жақсысы, бұл кезде мезгіл алакөлеңке боп қалған екен және ол маңда адам жоқ екен. Үйдің есігіне қарай сенделе басып жөнеле берген мені, дауысында қорқу мен аяу үні сапырылысқан Бүркіт қолтығымнан демемек боп жақындай беріп еді:
— Ұстама!...— дедім мен ыршып кетіп,— тәтем үйіне бар!.. Құдай үшін біздің үйге келе көрме!..
Не дерін білмегендей, Бүркіт аңырып тұрып қалды, мен үйге кіріп кеттім. Шамы жағылмаған көлеңкелі үйдің ауыз бөлмесінде ешкім жоқ екен. Дуылдаған денем мен дірілдеген аяғыма әрең ие боп, қабырғаға сүйеніп төргі бөлмеге кірсем, бұрышта намаз оқыған әжемнің елесі көрінеді. Намазының сәлемі ме, әлде үйге кіргеннің кім екенін білгісі келді ме, босағадағы, ағаш төсекке беттей берген маған әжем одырая бір қарады да, ғибадатымен шұғылдана берді... Мен үстінде көрпелер жиюлы, тапалтақ, кең ағаш төсекке әрең жетіп, үстіне созыла әрең шықтым да, бетімді мамық жастықтың ішіне көме, етбетімнен жата кеттім. Сол кезде қызуы тағы да күшейе түскендей болған денем, отқа қақтаған қорғасындай балқып бусанды да кетті. Аспаннан түскен қалың жаңбырдың тамшылары жыраға жиналып су боп ағуы сияқты, денемнен көтерілген бу көзіме жиналғандай, ал кеп ағыл-тегіл жыла!.. Тегі, жылау үстінде өзіме өзім ие бола алмай, өксіген даусым шығып кеткен болу керек, онымды әжем намаз үстінде-ақ естіп қалған болу керек, аздан кейін нақ қасыма кеп, «немене, Бопашжан?» деп сұрады. Мен жауап бермеген соң, өксуімді доғармаған соң, әжем әуелі басымды, одан кейін тамырымды ұстап көріп:
— Құдай-ай, сақтай гөр!.. Ауырып кепті ғой, мына бала!.. Не болды, қалқам?!— деп еді, мен тағы да жауап бермедім, жатқан қалпымды өзгертпедім...
Әжем өте қарулы кісі еді. Мықты жігіт әрең көтеретін жүкті, қолы тисе жұлып алатын. Қайраты сондай әжем, менен тіл ала алмауына, ырқына сөзбен көндіре алмауына көзі жеткендей, не халге ұшырағанымды алдына өңгеріп ап білгісі келгендей, тырмысуыма қарамастан, төсектен құшақтай суырып алды да жерге отыра қап бауырына басты. Сол шақта ауыз бөлмеден әлдекім кіре берді.
— Жапашпысың?—деді оған әжем.
— Иә!— деген даусы естілді шешемнің.
— Мына бала ауырып кепті,— деді әжем үрейленген үнмен,— денесі өрт боп күйіп барады. Үшкіртіп жіберетін әкесі де үйде жоқ! Пұшық шешейді шақыра қойшы, ұшықтап берсін!..
Пұшық шешей де тез келіп жетті. Денемнің қызуын көрген ол: «Мана үйге ұшықтап кіргізу керек екен!» деп өкінді де, «қорықтық құяйын» деп, ауыз бөлменің пешінде жанып жатқан отқа темір шабаланы қыздыртты. Қып-қызыл болған шабаланы шешем алып кеп төбеме ұстағанда, үрейленген мені әжем құшағына қаттырақ қысып алды да, пұшық шешей, қызған шабаланың үстіне суды борылдата құйды. Зәрем кеткен мен, әжемнің кең омырауына басымды қалай сұғып жібергенімді білмей де қалдым...
Бірақ қорықтық құюмен, денемнің күйіп-жануы басылудың орнына үдеп кеткен сияқтанды. «Бәтес ауырып қапты» дегенді есітіп көрші-қолаңнан көңілімді сұрауға келгендерді, «түнде көңіл сұрамас болар» деп, әжем ауыз бөлмеден бері аттатпады.
Жолаушылаған әкем ол түні келе қоймады... Өкпем алқынып, жүрегім өрекпіп... дегендей түні бойы дөңбекши аунап, көрер таңды көзімнен атырдым. Сонда, қасымда отырған әжем ара-тұра қорылдай қалғып кетсе, есік алдына қисайған шешем қит еткен қимылымның бәрін сезіп, жастығынан басын көтеріп алады. Әжемнен қорқатын байғұс сонда да жолай алмай: «Не керек еді?» деп дыбыс қана береді, сол дауыстан әжем де оянып кетеді...
Бір сәтте қалғи қаппын... Әлде не дыбысқа оянып кетсем, есіктен Қалиса кіріп келеді екен. Терезеге қарасам, күн түске тармасып қапты. Мен үйдің төрге жақындау бұрышында жатыр едім, бұл үйдің келіні болғандықтан, ол араға келуге хақысы жоқ Қалиса, босағада тұра қап:
— Қалайсың, Еркежан?—деді.
Сырқат адам ондай сұрауға, әдетте «тәуірмін» деп жауап беруі керек. Мен оны айта алмадым, себебі, біріншіден, қу Қалиса неге сырқаттанғанымды алдақашан білуге тиісті, сондықтан, не деймін оған жауап бергенде? Екіншіден, тұлабойымды байқасам, түндегі күйіп-жануы бәсеңдегенмен, қызуы әлі де күшті және ауыр ойдан ба, әлде қызудың салдарынан ба, басым қатты зеңгіп қапты... Кезерген сияқты ерінімді тіліммен жалап көрсем, қағы кепкен шақат жердің бетіндей тілімдене жарылып кетіпті... Осындай халде, сұрауына жауап бермей кескініне жаутаңдай қараған маған:
— Бәрін де естідім,— деді Қалиса, жаны ашыған кескінмен,— байқамаған екенсіңдер, байғұс балалар!.. Қайдан байқасын!—деді ол өзіне өзі,— қауызынан жаңа ашылған бейшаралар, үстіне кеп қай шыбын-шіркейдің қона қаларын қайдан білсін!..
Қалиса бетін теріс бұрды да, жаулығының бұрышымен көзін сүртті.
— Бөкен қайда?— деп қалдым мен оған, ықтиярымнан тысқары.
— Үйіне кетті.
— Үйіне?!
— Иә, үйіне!.. Жұман иттің жемсауын тығындамаса, айдай әлемге жәйіп масқара қылмай ма?.. Соған бірдеме алып келуге кетті...
— Онда айтпас па екен?
— Қайдам. Көмекейі кең ит еді. Тойымдығы да аз болушы еді. Жалмауыз ит тоймай сілені қатырып жүрмесе!..
Бұл сөз көңіліме тағы да қобалжу сала бастады.
— «Отыз тістен шыққан сөз, отыз ру елге жайылады» депті, шырағым,— деді Қалиса кейіген қабақпен.— Қайткенде де ел еститін сөз бұл. Жастарыңның жетіп тұрған да шағы емес: «Ести берсін, совет заманы, еркімізбен қосылсақ, бізде кімнің не жұмысы бар?» дей салатын. Ондай жасқа жеткенше, бірталай уақыт бар әлі. Ескі заман болса, бұл хабар жетісімен-ақ, қайын жұртың сойылын сүйретіп қалың қолмен келіп қалар еді де, дүмді неме шаңырағыңа қобыз ойнатып зықыңды шығарар еді. Әкең оған төтеп бере алмас еді. Кәзір оны істей алмайды, совет заманы!.. Әйелге бостандық берілген заман!.. Бірақ, олай екен деп, бұғып та жатпас, сасық ит. Көрінеу шаппағанмен, астыртын жұмысын жүргізіп-ақ бағар. Әлі де байлыққа сатылатындар жоқ емес. Ақшасы көп ит, әркімдермен жең ұшынан жалғасып, талай саққа жүгіртеді бұл жұмысты!..
— Осы сөздерді неменеге айтып отырсың маған?— дедім Қалисаға.
— Жәй, әншейін, сөздің сырағысы да,— деді Қалиса,— әйтпесе, совет заманында кімді кім жей қояр дейсің. Тек, құдайдан, бұл істе сенің әкең мен Бүркіттің әкесінің өзара ауыз біріктіруін тілейік!
Қалисаның соңғы сөзі көңіліме ұялай қап, ішімнен мен де соны тіледім.
— Сонымен,— деді, кескіні әлі де тілек үстінде сияқты болып отырған Қалиса,— еркекшора боп далдаңдайтын дәуірің басыңнан өтті. Сен енді «ұл» емессің, қызсың!
Мен үндемедім. Несіне үндеймін, рас!..


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет