Сабит Муканов. Молдир махаббат



бет12/12
Дата14.05.2022
өлшемі269,92 Kb.
#143259
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
мөлдір мах
29.09.2021, 20Б, сай, m-hanbet-ali-lyny-tar-keze-romanynda-y-ltty-a-arman-beynesi

11. МЕНІҢ ЖЫНДАНУ ТАРИХЫМНАН


Күндер солай өтіп жатты... Бәрі де көңілсіз... Институттағы менен басқа қыздардың мен сияқты сүйгендері жоқ па, әлде, бар бола қалған күнде, бәрі де ғашықтарына риза ма, іштерінде мендей санамен сарғайған біреуі де жоқ сияқты: бәрінің де «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» дегендей, оқудан басқа уақытта, ойын-күлкіден ауыз жаппайды, үйде де жыртың-жыртың, түзде де жыртың-жыртың!.. Оқудан, астан қолдары босаса-ақ, ұйқыдан басқа уақыттарын қыдыруға жұмсап, әлдеқайларға кетеді де, ұзақ жүріп қайтады. «Пәлендей қызық, түгендей қызық көрдік» деп қайтысады олар. Мені де сол қызықтарға қызықтырмақ болады. Көрмегендіктен бе, көңілім шаппай ма, мен қызықпаймын. Кластағы оқудан, тамақтан, ұйқыдан басқа уақыттарымның бәрін түгелімен жатақханада өткізіп, екі нәрсені ғана ермек етем: бірі, пысықтайтын сабақтарым, екіншісі, жазып жүрген естелігім... Осылай қозғалмаудан ба, әлде Бүркітті өлердей сағынуымнан ба, семіз болмағанмен, Қызылордаға келгенге дейін толықша денем жараған аттай ысылып, қатқыл етім босап, қаны ойнап тұратын бетім қуқылданды да кетті. Бұл қалпыма бірге оқушылар да, мұғалімдер де, басқа таныс адамдар да көңіл бөліп «бұның не?!» десе, әуелі, «қой, олай болмас» деп танған болам да, «рас!.. солай!..» деп мойындатқаннан кейін, «оқуға келдім ғой, осы қалаға... Оқуым аз ғой, менің... Институтқа әрең деп түстім ғой... Ықлас қойып, ынта жұмсамасам үлгере алам ба, ауыр оқуды... Қадала көп оқимын, содан шығар...» дей салам. Олар маған «өйтпе!.. Ретсіз көп оқып зорығудың қажеті жоқ... Ауруға шалдығып кетерсің!..» дейді. Мен ол ақылды сол арада тыңдаған болам да, артынан өз бетіме көшіп, жатақханадан шықпайтын қалпымды өзгертпеймін...
Сондай күндердің біреуінде, жатақханада жалғыз отырған шағымда Мүсәпір келді. Біраздан бері көрінбей жүрген ол, Шымкент жағына барып қайтқан екен. Қанша күндік уақытқа жолаушылап келсе де, маған қалаға келе сала соғатын ол, бүгін де сол әдетін істепті.
— Мынауың не?!—дей таңырқай келді ол маған.
— Ие, не бопты?—дедім мен, айтар сөзін жобалай тұра.
— Ойбай-ау, әнеугіден жүдеп қапсың ғой, шөлмектей боп қатып!.. Денің сау ма өзіңнің?
— Ауырған жерім жоқ.
— «Жоқ» деген сөз емес. Адамның ішінде өзі білмейтін сырқаты бола береді. Дәрігерге көріндің бе?
— Несіне көрінем, ауруым болмағасын?
— Түу, Бәтес-ай, қызық екенсің ғой өзің!— деді Мүсәпір кейіп, — дәрігерсіз қайдан білесің, бар-жоғын?
— Білем.
— Енді не, жүдеткен?
— Оқу!..
— «Оқу!» Жалғыз сен бе екенсің, оқыған? Қағаздан бас алмайтын талайларды көргеміз. Дәл сендей жүдегенін көрген жоқпыз. Әлде:
Ғашықтық жеңсе егер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып,— деп Абай айтқандай, ғашықтық па, осылай жүдетіп жүрген?
Мен үндемедім.
— Хат бар ма, Бүркіттен?—деді Мүсәпір.
Тағы да үндемедім.
— Жоқ болғаны ғой!— деді Мүсәпір кейіп, теріс айналып кетіп, жүре сөйлесіп,— есі дұрыс па өзінің, әлде ақылынан адасқан ба?.. Біреудің жап-жас, сап-сау қызының басын айналдырады да, әрі оны жұрт көзіне масқара ғып елге тастап кетеді, әрі іздеп шығып, жолда оқуға орналасқан қыз хат үстіне хат жазса, бір де біріне жауап бермей, тым-тырыс жатады да қояды!.. Осындай да адамгершілік бола ма екен?!

  • Тұрпайы сөз айтқанға кешір, Бәтес!—деді Мүсәпір, тұнжырап отырған маған жақындап,— барып тұрған иттік, бұнысы!..

  • Олай тілдемесең де болады!—дедім мен.

  • Енді не дейін?.. Айтпайтын сөзді айтқызып тұрған қылығы!.. Енді ол итке хатты өзім жазам. Бөлелік правомды пайдаланып, ит терісін басына қаптап жазам. Содан кейін көрейін оның қалай шыдағанын!..

  • Ал, саған айтар ақылым,— деді Мүсәпір суық ажарын жылытып, — бұлай сіресіп жатып алуды қой. Кино бар қалада, театр бар, ойынсауықтар бар, бақша бар — бәріне де өзің теңді қыздармен бірдей жүріп тұр. Олармен барғың келмесе, өзім апарып тұрайын. Бүгін бір қызық кино жүреді екен, барамысың соған?

  • Жоқ.

  • Театрда Бейімбеттің «Малқамбай» дейтін пьесасы ойналады екен бүгін, күлкіден шегің қатады, соған барамысың?

— Жоқ.
— Ресторанды білесің ғой?
— Сыртынан көргенім бар.
— Іші қызық болады оның. Әлдеқайдан келген сыған артистері бүгін түнде концерт береді дейді сонда. Дүниеде одан қызық нәрсе болмайды: әрі музыка ойналады, әрі әндер айтылады, әрі билейді... Бәрі де сен бұрын көрмеген таңсықтар... соған барамысың?..
— Жоқ.
— Бақша ішіндегі эстрадада Өзбекстаннан келген артистер ойын көрсетеді дейді, оған ше?..
— Бармаймын...
— Циркте,— деді Мүсәпір, менің ешбір ойынға бармауыма көзі жеткендей, кейіңкіреген кескінмен, үмітсізденген дауыспен,— қытайдың артистері ойын көрсетеді дейді. Олардың ойыны, сиқырдан да қызық. Соған барамысың?..
Мен басымды шайқадым.
— Туһ!..— деді Мүсәпір қатты кейіп,— жасыңа жетпей кәртайған не қылған адамсың!.. Тысқа шығып келемісің, менімен, тым болмаса ауа жұтып, желпініп?
— Рахмет. — Не «рахмет?» — Бармаймын!
— Қап, саған дауа болмас!— деді Мүсәпір,— бүгін зорламайын енді. Ал, ертең бар ғой, сүйреп шығарсам да әкетем көңіліңді көтеретін бір жаққа!.. Ризашылығыңа қарамаймын.
— Оны көрерміз,— дедім, жабысқан Мүсәпірден құтылғым кеп.
— Көрмейсің, барасың!.. — «Көрерміз» дедім ғой.
— Ә, жақсы онда,— деді Мүсәпір, менің, «көрермізімнен» дәмеленгендей боп. —Ал, мен кеттім. Ертең күн бата жетіп келем де, алып кетем.
Ол шығып кетті. Ертеңіне айтқан уақытында жетіп келді. Бөлмеде менімен сабақтас бірталай қыз отыр еді, солардың көзінше сөйлене кірді. Қыздар оны танитын, мені жақын тартып жүретін себебін де білетін.
— Келдім!—деп кірді Мүсәпір есіктен,— бармауға болмайтын жер болған соң, арбакеш жалдап әкелдім.
— Қандай жер ол?— десті қыздар.
— Дәмге шақырған жер. Қазақта дәмнен үлкен ештеңе жоқ. Өзгеге бармайтын қазақ, дәмге міндетті түрде барады.
— Ол рас!— деп шу ете қалды қыздар.
Мен де ішімнен «рас» дедім, өйткені — бүкіл ауыл атаулының дәмнен үлкен ештеңе жоқ деп ойлауын өзім де білем. Елде талай қырқысқан ағайындар, дәм татысса-ақ тату боп кететінін көргем. «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деген, «дәм-тұзымды тат, расыңды айт» деген мақалдар бары, «дәм ұрсын» деген қарғыс бары, «татқан дәмге қас қылған адам оңбас» деген өсиет өлең бары есімде. Бұл ұғым менің санама шешемнің сүтімен бірге кірген. Қазақтың ұғымында,— «сүтпен кірген, сүйекпен шығады...» Бірақ, мынау Мүсәпір шақырып тұрған дәм кімдікі екен деп сұрап ем:
— Тысқа шыға білесің,— деді ол.
— Кімдікі болса да бар,— деп шуласты қыздар,— үйден шықпайсың. Дәмнің сылтауымен далаға шығып, желпініп бой көтеріп кел!
Қыздардың шуы әсер етуінен бе, әлде дәмді өзімнің де қасиетті көруімнен бе, сырттағы салқыннан қорғанғандай, өз киімдерімді өзім зорлап кигендей боп, Мүсәпірге еріп тысқа шықтым.
Бұл ноябрь айының орта кезі-ді. Қызылордаға бұрын бұл мезгілде қар жаумайды екен де, егер жауа қалса, еріп кетеді екен. Биыл тарының дәні сияқты қиыршықтанған бірдеме кейде ұшқындап тұрды да, түнде жауып, күндіз еріп кетті. Күндердің көбі құрғақ болды. Бірақ, сызы шекеңнен өтетін сұмдық қара суық. Жерді ол тобарсытып ат тұяғы батпастай сірестіріп тастады. Сол ызғар аз дегендей, теріскейден үздіксіз соққан бір қара дауыл, күні-түні басылмай-ақ қойды. Қара суық пен қара дауыл қабаттасқанда ызғары өңменіңнен өтеді екен. Менің тысқа көп шықпауыма бір себеп осы болған. Тыста жұқа киіммен азғантай ғана жүрсең, суықтан қалтырап ұшып кете жаздайсың. Жылы киім менде жоқ. Жатақхана мен оқу үйінің арасы бірталай жер. Сол екі арада суықтан дірдектеп жүргенімді көрген Тәслима да, Шамсия да, Мүсәпір де жылы пальто алып бермек болған еді, «керегі жоқ» деп алмадым. Мүсәпір еркіме қарамай сатып әкелген қысқы пальтоны, ренжісе де алмай, Қарсақтың үйіне апарып тастадым. Сыртқы дәлелім — «өз киімдеріммен де тоңбаймын», «ішкі дәлелім — кімі боп алам, олардың киімдерін? Бөтен біреуден тегін киім ап қайыршымын ба мен?.. Одан да осы жеңіл киімдерімнен жарылғасын!..»
Бүгінгі күні, күндіз сынықтау сияқтанған күн райы, кешке қатайып, біраздан бері дым тимеген даланың топырағын өкпек жел суыра қопарып, дала қара боран боп тұр екен, ауа өте суық!.. Тоңазып кеткен мен, Мүсәпірге еріп, анадайда күтіп тұрған арбакешке жақындағанда:
— Бармай-ақ қойсам қайтеді?— дедім Мүсәпірге.
— Ойбай, болмайды ол.
— Неге?..
— Малын сойып, қазанына салып қойды...
— Кімнің үйі еді?
— Оны жолда айтам. Кәне, мін!— деп тартыныңқыраған мені, Мүсәпір арбаға көтеріп салғандай болды.
Арбакеш те тоңып тұр ма, немене, бізден «тез құтылайын!» дегендей атын айдай жөнелді. Аты да тоңып тұрған ба, әлде жүрдек ат па, немене, қамшы салдырмастан, божы қақтырмастан ыта жөнелді. Бұндай жүрдек ат болар ма, қатқағы кедір-бұдыр жолмен екпіндей жортқанда, жайдақ тарантастың тоңқылдаған доңғалақтарының темірі жалтыраған табанын анда-сандағы жерден бір-ақ тигізеді. Ол қалпында мені арбадан ұшып кетер дегендей, Мүсәпір қыпша белімнен қымқыра қатты құшақтап алған...
Көше-көшеге бұрыла, жүрген сайын шапшаңдата жортқан ат, бір кезде қаладан шыға бастады.
— Қайда барамыз?—дедім Мүсәпірге.
— Барған соң көресің ғой.
— Жоқ, сонда да айт!..
— Қайтесің оны?
— Айт!..
— Барған соң бір-ақ айтам.
— Керегі не ол жұмбақтың?— дедім мен кейіп.— Айтпасаң, түсем арбадан.
— Егер, мен жіберсем!..
— Немене, қылжақ қылғың келе ме?— дедім мен, Мүсәпірдің құшағынан бұлқынып,— жібер!.. Түсем!..
— Неге ашуландырасың? — деді атшы кейіп,— айтсайшы, өлімге апара жатпасаң!..
— Сөзің қалай жаман еді,— деді Мүсәпір.
— Ісің жақсы ма өзіңнің?— деді атшы.— Айтпай апаратын қонақ бола ма екен? Айтпасаң кейін оралам! — деп, атшы көлігін қырын қарай шаужайлай бастады.
— Әй, жынды атшы екенсің ғой өзің,— деді Мүсәпір, аттың божысына жармасып,— өзің айтқандай, тапа-тал түсте өлімге апарады деп келесің бе? Айтпадым ба мен саған, «туған бөлемнің қалыңдығы» деп. Өтірік десе айтсын мына қыз. Бөлеммен де қалжыңдастырмаймысың...
— Неге айтпайсың, баратын үйімізді?— дедім мен, божыға таласқан Мүсәпірге.
— Атшының не ақысы бар онда?
— Маған айт!.. Айтпасаң, бармаймын!
— Күзеннің үйі!
— Ол қайдан шақыратын боп еді?
— Сені ғана емес, қатынымен Жақыпбекті, қатынымен Балқашты, қатынымен Қарсақты және біз екеумізді шақырған...
Атының басын бұрмалаудан доғарып, Мүсәпірдің еркіне көнген атшы, мырс етіп күліп жіберді.
— Неге күлесің?—деді Мүсәпір оған.
— Күлмегенде ше?— деді атшы,— сөзің тірі кісі түгіл, елі кісіні күлдірер!..
— Не сөзім?..
— «Қатынымен пәленше, қатынымен түгенше» деп кеп, мынау қарындас пен өзіңді қоса айтқанда, жат құлаққа қалай естілгенін білемісің?
— Қалай?
— Өп-өтірік аңқаусымасайшы,— деді атшы Мүсәпірге бөлемнің қалыңдығы деп келе жатып, өзіңнің қалыңдығың ғып алдың ғой, әлгі сөзіңмен бұл қарындасты?

  • Мүсәпір,— «әй бір былшыл екенсің ғой өзің, жоқ нәрсе жорамал жасай беретін» деп теріс қарады. Одан кейін екеуі сөз қатыспады. Күзен үйіне бармаймын деп тырмысудың ретін таппаған мен де, несі болса да бара көруге ойлап үн-түнсіз отырмын. Елден кеп түсіп, қонбай кетіп қалғаннан кейін менің бұл бірінші келе жатуым. Артынан Күзенді де, әйелі Есектасты да талай көріп, олар талай рет шақырғанмен, сылтау тауып бармай қойғам. Мүсәпірдің мына жолы мені жатақханадан барар жөнімізді айтпай алып шығуы да, «айтсам бармас» деп ойлағандық болу керек.

Арбакеш бізді Күзен үйінің қақпасының алдына әкеп түсірді де, ақысын алып боп:

  • Мынау үй екен ғой, қонаққа келгенің,— деді Мүсәпірге, - «бір сұмырайға бір сұмырай қызыл іңірде жолығады» дегендей, қайдан тауып жүрсің, елден шыққан алаяқтың үйін?

  • Оттама!— деді оған Мүсәпір едірейіп.

— Оттамасаң оттама!— деп арбакеш атын айдай жөнелді де, «Мүсәпір қуып жете алмайды» деген тұсқа барғанда:
— Қарындас!— деді маған атын тежеп,— бұзық адам болсаң, өзің білесің. Түзік адам болсаң, жоламайтын үйің бұл.
— Уа, әкеңнің...— деп Мүсәпір тұра ұмтылғанда:
— Менде, әкеңнің...— деп арбакеш тарта жөнелді. Мүсәпір оған жерден кесек балшық алып лақтырып еді, тиген жоқ. Арбакеш қарауыта бастаған кештің қара боранына сүңгіп алыстай берді.
— Чистый хулиган,— деді Мүсәпір, әлденеге ентігіп.— Қолға түспеді, сыбағасын беретін.
— Осы үйді сенен басқа жақсылаған кісіні көрген жоқпын,— дедім мен.
— Жаман түгі де жоқ, - деді Мүсәпір,— нашар тұрған шағына кез кеп қап жүрегің айнып жүр. Кәзір көрші — қатардағы үй. Бұл өзі бір күнде кедей боп та, бай боп та үлгеретін нар жігіт.
— Көрейік,— дедім мен.
Екеуміз қатарласып қақпаға кіре бердік. Ендігі ойым, мана атаған адамдары бар ма, жоқ па?»
Біз қақпаға кіре, үйден аузына папирос тістеген Тәслима жеңгей шықты. Оған ішім аздап жылығандай болды.
— Қайда жүрдіңдер, сонша күттіріп?— деді ол.
— Аздап кешіктік,— деді Мүсәпір,— ағай келді ме?
— Осында келгелі жатқанда, редакторы Елтай Ерназаров шақырып әкетті, газеттің ертең шығатын санына байланысты мәселе бар деп. , р р д
Маған «сен бара бер, атпен; мен де тез босап жетудің амалын істермін» деді. Ат кетті. Кешікпей келіп қалуы мүмкін. Ал, кіріңдер үйге!..
Ауыз бөлмеде ешкім жоқ екен. Іші — қуырдақтың да, қайнап жатқан еттің исі шығады. Төргі бөлмеге кірсек: Қарсақ, Бөдене, Балқаш, Жаңыл, Күзен жерге жайған дастарқанды жағалай орналасып шай ішіп отыр, Есектас самауыр қасына шоқиып шай құйып беріп отыр. Қодығы қасында. Оның да киім-кешегі тәп-тәуір. Бәрі де бізді көре — «жоғарылатыңдар!» деп ду ете қалды. Мүсәпір екеуміз дастарқанның бостау бұрышына барып орналастық. Балқашты институт үйінде күнде көрем мен. Жаңылды Қызылордаға келгелі көріп отырғаным осы. Әнеукүні іші білінбейтін байғұс, енді қарны қампиып, оны білдіртпеймін дегендей, үстіне батсайыдан кең көйлек киіпті. Онымен жүктілігін жасыра алатын түрі жоқ. Қалай жасырады? Кескіні былай да түрсіз кісі, беті қара жағалданып, ноқталана қойыпты. Үй ішіне ақырын көз жүгіртсем, Мүсәпір айтқандай, әнеугіден әлдеқайда жақсы. Қалай тез жиналған!..
Үйдегі жұрт бізден бұрын шайға қанып алған сияқты, өйткені, алдарына қойған шәшкелеріндегі суыған шайға қолдарын созбайды. Күзеннің қасында бірі бос, бірі орта бөтелкелерге қарағанда, Күзен, Қарсақ, Балқаш үшеуінің қызулау сөйлеп отыруларына қарағанда, еркек жағы біраз ішіп алған сияқты.
Мүсәпір мен мен шайдан ауыз тиіп қана отырған шағымызда, сырттан Тәслима кірді. Оң езуіндегі шылым: манағысы ма, жаңадан тұтатқаны ма, аузынан алмастан сорып, түтінін сол езуімен екі танауынан бірдей шығарады.
— Жақаң кешікті,— деді ол, сырт киімін босағаға ілгеннен кейін, — тегі, бөгелетін жұмыс болды ғой ол. Расын айтқанда, өзіміздің қарнымыз да аша бастады. Қуырдақты оған қаратпай жей берсек деймін. Ет піскенше келер.
— Сен ұлықсат етсең, бітті, жеңгей!— деді Күзен Тәслимаға,— Жақаңның келмегені есеп емес. Татып жүрген дәмі. Бұл қойды анау Бәтеске арнап сойдым. Бір күн бай, бір күн кедей адам екенімді қайдан білсін, ол бала. Әнеукүні, аса жүдеу кезімде келе қап, ұялғаннан жерге кіре жаздадым. Міне, енді байыдым, шырағым,— деді ол маған, шалбарының қалтасынан қоқырай будақтаған бір уыс червонецті суырып көрсетіп,— ақша дегенің мынау, қалтаға сыймайтын. Мүлік дегенің — аналар!..

  • Болды, мақтанбай!—деді Есектас.

  • Несі бар, мақтанса?—деді Күзен.— Өтірік болса мақтанба! Шынға мақтан! Дүние дегеннің бұты бір-ақ тиын маған, Бәтес шырағым. Қашқалақтап жоламай жүрген өзің. Әйтпесе, сені де үлде мен бүлдеге орай салудан ештеңем кетпейді. Бүгін әдейі мал сойып шақырып, үйімнің түзу кезін де көрсін деп шақырдым. Енді жирене қоймассың. Келгеніңнің алды осы болсын. Бұдан былай келіп жүр. Ал, қатын, деді ол Есектасқа,— әкел қуырдағыңды, қаужала тұрайық!..

Шайға жайған дастарқанның үстіне, екі табаққа салған, картопқа аралас піскен қуырдақ келіп қалды. Ол менің өте жақсы көретін асым. Тәслима менің қасыма кеп отырды. Әркімдердің алдына қасық тасталды. Сол шақта күлімсірей қараған Күзен, Тәслимаға бірдемені ымдап еді:

  • Әкел! — деді Тәслима. — Мен енді ақ ішпеймін. Екі рюмке қақтым, жетеді. Оны енді еркектерге бер. Әйелдерге бал-сыра әкел.

«Бал-сыра» дегені де арақ па екен?» деп ойладым мен. «Әйелдерге әкел» деуінен шошына қалдым. «Әйелдер де іше ме екен?!»
Күзен кроват астынан екі бөтелке ақ арақ суырды да, оны «сен құй мынаны!» деп Балқаштың қолына ұстатып, үлкен жез құманды «мынау әйел жолдастар, сіздердің сыбағаларыңыз» деп Тәслимаға ұстатты. Бұл үйдің шайлық ыдысы да, басқа сұйық ыдысы да кесе екен. Еркектер жағы кеселерді толтыра ақ арақты құя бастады, әйелдер жағынан жез шәйнектен бозамық түсті бірдеме құйыла бастады.
— Бал-сыра осы, шырағым!—деді маған Тәслима.— «Бал» деген атынан көрініп тұр, не екені. Дәмі қышқылтым, өте тәтті нәрсе. Арақ емес бұл, қымыз сияқты сусын ғана. Ішсең тоймайсың өзіне.
Және бөшкесін ішсең де мас болмайсың. Жұртпен бірге алып жібер! — деп бір кесені алдыма қойды.
— Өзің осы балаға арнап, қолымнан әдейі ашыттым,— деді Есектас.— Ұн мен қант. Одан басқа ештеңе жоқ.
Ашытқан кішкене бөшкені әлгінде ғана аштым. Бұлқысып бабында тұр екен. Балға бергісіз.
Өзгелері де, «ал, Бәтес, ұста!» деп өз кеселерін қолдарына алғанмен, мен кесеге қолымды тигізбеп ем:
— Қыстамаңдар,— деді Тәслима,— алады. Оның алдында айтар сөзім, Бүркіт те, Мүсәпір де біздің үйдің туған жиені екенін білесіздер...
— Білеміз!.. Жақсы білеміз!—деп ду ете қалысты бәрі.
— Екеуін де нағашысы жанындай жақсы көретінін білесіздер.
— Білеміз.
— Кәзір мұнда Бүркіт жоқ, Мүсәпір бар, оған елден еріп келген анау Бәтес бар, осы кесені солардың денсаулығы мен бақытты болуы үшін жұтып жіберіңдер!..
— Бәрекелді!— деп ду етті бәрі.
Тәслима да, басқалары да қанша өтінгенмен, мен өз кесеме қол тигізбедім.
— Көрмеген нәрсесі, қорқып отыр!— деді Тәслима.— «Айшық мүйіз ақ серке қойды бастар» дегендей, ішіп көрген өзіміз бастап жіберейік, кәне, көтеріңдер!..
Еркектер де, әйелдер де кеселерін көтере салысты. Солардың ішінде Жаңыл да көтере салды!..
— Тәтті ме екен, Жаңыл келін?— деді Тәслима.
— Тамаша екен!— деді ол.
— Бал бұның қасында садағасы кетсін!..
Аздан кейін кеселер тағы құйылып, қолдарына алған өзгелері, «ал, кәне, Бәтес!.. Осының бәрі сенің құрметің!.. Бірді алып көр, ұнамаса, одан кейін ішпессің!..» деп шулап кеткен соң, «татып көрейін» деген оймен, кесені алып, ерінімді тигіздім. Дәмі рас қышқылтым және тәтті екен. Сонда да татып қана қояйын деп ем, бәрі «іш, жұт!» деп шулап кетті. Кесемнің астынан көтеріп аузыма тосқан Тәслима, ішпесем үстіме төгетіндей болғасын, тәуекел деп жұттым да салдым.
— Ура!— деп қол шапалақтасты бәрі... «Не болар екен?» деп өзімді өзім шамаласам, бал-сыра ішіме жағып баратқан сияқты.
— Ал, кәне, тағы бірді!— құйылған кеселерді жұрт тағы қолға алғанда:
— Көрдің ғой, шырағым, жақсы екенін,— деді Тәслима,— ендігі бәлденуің ұят болады, мына жұртты сыйламағаның болады... Ала бер, жұртпен қатар!..
Ала берем деп, не болғанымды білмей қаппын. Білгенім әлден уақытта үй төңкеріліп бара жатқан сияқтанды. Одан кейін не болғанын білмеймін...
Бір кезде көзімді ашсам, әлдекімнің құшағында жатырмын. Шошып кескініне қарасам — Мүсәпір!.. Ол да тырдай жалаңаш, мен де тырдай жалаңашпын!.. Екеуміз бір кроваттамыз!.. Түсім бе бұл, әлде жындандым ба?.. Өзімді өзім байқап көрсем, түсім де емес сияқты, есім де дұрыс сияқты. Басым зеңгіп әкетіп барады... Төсегіміз былыққан құсық!
Жан-дәрмен дегенде төсектен ұмтыла тұрып сәкіге түсе бергенімде, құсыққа тайғанадым да, әлімнің жоғы ма, етбетімнен жалп етіп құладым... Ұмтыла беріп тағы құладым... Енді тұрар дәрменім жоқтай көрінген соң:
- Кім бар, құтқаратын?— деп бар пәрменіммен шыңғыра айғай салдым.
Есіктен екі кісі жүгіріп кірді: Қарсақ, Бөдене!.. Бұлар қайдан?!.. Қарсақ жалаңаш менен қымсынғандай шығып кетті...
— Не болды?!—деп Бөдене мені құшақтай алды.
— Бәсе, не болды?!—дедім мен, Бөдене сүйегенмен, әлсіз буынымды баса алмай, жалп-жалп құлап...— Не ғана болды, ойбай?!..
Даусым аса қатты және тұрпайы шықты білем, Мүсәпір есеңгірегендей төсектен жалаңаш қалпымен атып тұрды да, аздап есі кіргендей, кроват басына ілген көйлек-дамбалын үстіне кие сап, Бөдене ие бола алмай жүрген мені:
— Не болды, Бәтес?!—деп ұстай алды.
— Кет, шошқа!—деп итергеніме айырылмаған соң,— қарабет!— деп бетіне түкіріп ем, онда да айырылмады. Сол кезде оң жақ иығынан қыршып шайнай бастап ем:
— Өлдім!—деп айғай салды Мүсәпір...
— Өрем қап, бетсіз лағынат!—деп, бетінен тістегелі ұмтылғанымда, Күзен мен Есектас кіріп келді.
— Мынау жынданды!— деді тістетпей арпалысқан Мүсәпір.
Күзен одан күшпен айырып, мені көтеріп алды да, кроватқа алып соғып:
— Арқан әкел,— деді Есектасқа,— бұны көрпеге бөлеп шандып тастамасақ бой бермейді...
Мүсәпір, Бөдене, Есектас үшеуі шығып кетті. Күзен тырп еткізбей басып жатқанда, сырттан Есектас арқан әкеп, арпалыстан әлім біткен, ентіккен демімді әрең алған мені, көрпеге бөлеп шандыды да тастады. Енді қозғаларлық халым жоқ мен, аз тыныстан кейін дауысымды шығарып еңірей бастап ем:
— Үні шықпастай ғып, аузын мақтамен тығындап тастау керек!— деді Күзен. Есектас «қайда ол?» деп іздестірмек болып еді:
— Таста, іздеме!—деді, кіріп келген Бөдене жыламсыраған дауыспен оған,— осы қиналғаны да жетер!..
— Іздесін!.. Тапсын!.. Тығындасын!..— дедім мен ызалы күлкімен...
— Айттым ғой, «жынданды» деп, — деді Күзен.— Тиісті жеріне апарғанша аузын тығындай тұрмасақ, бақырып мазаны кетіреді. Жынданған адам барын білсе, жұрт та қаптап кетеді.
— Дұрыс, дұрыс!— деді Есектас.
— Әй, шош-қа-а-а,— дедім мен оған,— не айтайын одан басқа, саған!..
Күзен әлдеқайдан табан уыс мақта тауып әкеп, менің аузымды тығындамақ болып еді:
— Қойшы, құдай үшін!—деді Бөдене оның қолын ұстай ап, жалынып,— осы Бәтесті үндетпеудің міндетін мен-ақ алайын.
— Әліңнен келмейді ол.
— Келеді!.. Бәтес, сәулем,— деді көзінен жасы шұбырып кеткен Бөдене маған,— берші уәдеңді мыналарға, «бақырмайын» деп.
— Бақырмайын...— дедім мен.
— Қарған!—деді Күзен.
— Олда-білде...
— Онда, қояйын,— деді Күзен,— бақырсаң жағың айырылады,— деді маған.— Кеттік!— деді Есектасқа.
— Қайда? — деген Бөденеге:
— Жындыны сұлатып сап отырамыз ба, үйде?— деп жауап берді Күзен.— Жындыханаға апарсақ, жындылар бұны шайнап өлтіреді, одан да Көр-ишанға барып келейік, жынды қағып алады дейтін.
Қаланың сыртында, зираттағы көрдің ішінде жататын сондай бір ишан бар деп естігем. «Соны алып кеп үшкіртеді екен» деп ойладым да, жындыханаға апарудан оны жеңіл көріп:
— Барыңыздар, тезірек!— дедім. Күзен мен Есектас шығып кетті. Қасымда Бөдене қалды.
— Мен қайда жатырмын?—дедім Бөденеге, анау екеуі кеткеннен кейін.

  • Біздің үйде жатқан жоқпысың?!—деді Бөдене.

  • Мен қалай кеп қалдым бұл үйге?

  • Өзің сұранып келдің.

  • Қашан?

  • Түнде қартшының29 үйінде. Жақыпбек келе алмай атын жіберген екен. Мүсәпір сені сол атпен жатқан жеріңе апарам деген екен, «сенімен бірге болам» деп көнбепсің.

  • Өз құлағыңмен естідің бе, осы сөзді?

  • Жоқ, ойбай. Кешегі бір «бал-сыра» деген пәледен өзім де мас боп құлап қаппын. Мені де саған қоса, арбаға көлденең салып әкепті. Осында келем деп болмағаныңды басқалар естіген...

— Ә-ә...— дедім мен «түсінікті» дегендей, сонда, мас болыппын ба мен?
— Мас болмасаң, осындай халге келемісің?
— Ол рас. Өзгелері ше?
— Мен құлағанша, жәй қызып отырысқан, нақ сендей бүлінгендерін көрген жоқпын!..
— Иә, мен бүліндім!..
, ү д
Күндіз әлдекімдер ауыз бөлмеге сыбдырлап кіріп, Бөдене олармен жауаптасып қайтып кеп жүрді. Мен манағы уәдеммен дыбыс берместен жаттым. Басым сынып кетерліктей боп зеңгіп барады. Ішім алау-жалау боп өртеніп барады. Жүрегім өрекпіп, әлсін-әлсін лоқсимын. Өзім шөліркеп барам. Өзгеге шыдасам да шөлге шыдамай, Бөденеден сусын сұрап ем, ол әкеп берген бір аяқ суды қақалашашала әрең жұттым да, табан аузында құсып тастадым. Біраздан кейін дәрет қыса бастады. Сонда ғана Бөденеге:
— Аз уақытқа ғана шеш те, қайта бөлеп таста!— деп жалынып ем:
— Оны істей алмаймын, қарғам!—деді Бөдене,— мені өлтіреді онда, сені де өлтіреді...
— Кімдер?
— Қайтесің кімдер екенін!.. Толып жатыр олар... Шыдап көр, шамаң келгенше!..
Шыдаймын дегеніңмен, табиғат өз ырқына ғана бағынбай ма?.. Шыдауға тырысқан мен бүліндім... О, сорлы Бәтес, енді не бүліншілік күтіп тұр екен алдыңда?..
Іңірде үйге асыға басып Қарсақ пен Күзен кіріп келді. Бөдене Күзенге:
— Бәтестің есі дұрыс,— деп еді:
— Жындының әдеті емес пе, солай алдайтын,— деді ол,— шешіп көрші, не істер екен!
— Түк те істемейді. Шешейік.
— Ал, шеше ғой, онда!—дегенде, Бөдене қуанып кеткендей, шырмаған жіпке қол сала бастап еді, Күзен итеріп жібергенде ұшып кетті. Тұра беріп бірдеме демек болған Бөденеге — «өшір, үніңді!— деді Күзен,— әйтпесе сені де апарам, Көр-ишанға!»
«Мені Көр-ишанның өзіне апармақ болған екен ғой!» деп ойладым. Зираттан жаман қорқатын нәрсем болмайтын. Оның өзі түгіл маңына, жаяу түгіл атпен де жоламайтынмын... Сондықтан:
— Ағатайлар, апара көрмеңдер! Мен жынды емеспін!— деп жылап қоя бердім.
— Жоқ, сен жындысың!..— деді Күзен.
— Не дегендеріңді істейін, ағатай!..
— Не істеуді біз емес, ишан айтады.
— Қайда ол?
— Мекенінде.
— Қайдағы?
— Оны бара көресің.
— Көрде ғой мекені,— дедім мен дірілдеген дауыспен жылап,— апармаңдар мені оған!.. Ишансыз-ақ орындайын бар тілектеріңді!..
— Ойпырай, істеңдерші соны — деп жылап жіберген Бөденеге:
— Аузыңды жабамысың, жоқ па?— деп, жеп қоярлықтай қараспен Қарсақ ұмтыла беріп еді, Күзен көлденеңдей қалды да:
— Тұрамыз ба, осылай салғыласып,— деді ағасына,— әкетейік тез...
— Алла-ау, енді қайттім!— деп қаттырақ жылап жіберген менің аузымды Күзен алақанымен баса қойды.
— Аузын тығындайық,— деді Қарсақ, күндіз тауып ап, төсектің аяғына тыға салған мақтасын суырып ап,— әйтпесе, жолшыбай бақырып масқарамызды шығарады.
— Аш, аузыңды!— деді ол маған.
Амалым қанша, аштым. Аузым тығындалды. Күзен аяқ жағымнан, Қарсақ бас жағымнан ұстап, мені бөленген қалпымда сыртқа алып шықты. Дала тастай қараңғы екен. Әрі шаңы мен қары араласқан сұрапыл боран. Көтерушілер мені жегулі аттың жадағай арбасына ұзынымнан әкеп салды. Сол кезде:
— Міне, киімдері!—деген Бөдененің ақырын даусы естілді.

  • Әкел!—деді Қарсақ ақырын.

Оған дейін, «мені ишанға емес, оңаша жерге шығарып өлтіруге барады ғой» деген ойда едім. Енді киімдерімді алғаннан кейін, «өлтірмек болса, керегі не еді оның? Ишанға апаруы рас болған ғой» деп жорыдым. Онда не болар екен?
Тескіндіксіз қараңғы және дауылды суық түнде аттарын қатты айдап, мазасыз жолмен ұзақ жорытқан жендеттер, бір уақытта, әлде не жерге кеп тоқтады. Сол арада сыбыр-күбірлер естіліп қалды. Қараңғыға үйренген көз қиығымды жүгіртсем, маған көрсетпеу ниетімен бе, әлде ұйтқыған қарлы бораннан қорғанудан ба, беттерін бүркеп алған қара киімді адамдардың елестері... жобасы... бесеуалтау сияқты...

  • Ишан күтіп отыр!— деп сыбырлады олардың біреуі менің жендеттеріме.

— Ал, түсіріңдер, онда!..
Арбадан мені көтеріп алғандар, ішінде білте шам сияқты жылтыраған бірдемесі бар әлдене үңгірдің ішіне түсірді де жерге жатқызды. Шамасы, төрт-бес кісі отырып сөйлесерлік кең үңгір...
— Баруларыңа болады!— деді әлдекім.
— Құп,— деді біреуі,— киімдері де осында, хазірет.
Өзгелері кетіп, үңгірде жалғыз ғана адам қалған сияқтанды. Ол білте шамды қолына алып, менің кескініме тосты. Қарасам: қалың, бұйра, ұзын қара шашы дударланған, ұзын, қалың қара сақалы кеудесін жапқан; жоғарғы жағын таңқита қырыққан мұртының төмен салбыраған екі сапары, асылып тұрған кіші-гірім жыландай; көздері бақырайған үлкен, дөңкиген мұрны келсаптай, күңгірт сәуледен бе, шынында солай ма, кескіні аппақ, басы үлкен, иығы кең, деңкиген зор адам!.. «Ишаны осы болар!» деп ойладым ішімнен.
— Ей, күнәһкар бейшара,— деді ол маған,— білемісің қандай жерге келгеніңді?
Мен басымды шайқадым.
— Қабірстан! Қабырдың ішінде жатырсың сен. Менің мекенім бұл!.. Есіміміздің қажеті болмас. Лақабымыз — Көр-ишан. Неге келгеніңді білемісің мұнда?..
Мен жайымды қалтыраған дауыспен айта бастап ем:
— Оның бәрі жәй сөз,— деді ишан.— «Бүркіт» деген жігітің орыс кемпіріне дуа қылдырып, басыңды айналдырған. Дуаның бәрі кәзір сенің тас төбеңде тұр.
Мен: «ешбір дуа жоқ, хазірет!» деп ем:
— Таласпа!— деді ишан жекіп,— осы қабырстанда отырып, мен бәрін де біліп отырдым. Бүркіттің қолынан кәмпит жеп көрдің бе?
Ойласам: жеген екем, Кәкеннің тойы кезінде, тобылғы сайда түнде оңаша жолыққан шақта.
— Жедім.
— Сол орыс кемпірінің дуа ғып берген кәмпиті. Басың ауыра ма кәзір?
Кейістікке ұшырағаннан бері, басымның кейде зеңгіп ауыратыны рас еді. Ишанға ол шынымды да айттым.
— Кәне, білмегенім?—деді ишан масаттанғандай. — Өзің білмегенсің, бейшара. Дуа бары анық.
Мен сене бастағандай болдым. «Бүркітке сонша құмартуым,— осы дуадан болу керек» деген ой кеп кетті маған.
— Дуаны кетірудің екі-ақ жолы бар,— деді ишан,— бірі — төбе шашыңды түбірімен түгел жұлып алу (денем тітіркеніп кетті. Б.) Екіншісі — некені бұзу...
— Маған неке қиылған жоқ,— дедім мен.
— Таласпа!..— деді ишан,—баларақ кезіңде Бүркіттің үйіне қонаққа бардың ба?
— Бардым.
— Қымыз іштің бе, сол үйден?
— Іштім.
— Сол қымызға молда некеңді оқып үшкіріп берген. Оны да білмегенсің. Мен осында біліп отырдым. Ал, енді қайсысын қалайсың? Төбе шашыңды жұлуды ма?.. Некеңді бұзуды ма?..
— Соңғысын, хазірет!—дедім мен,— бірақ қалай?..
— Ол үшін, басқа еркек көру керек.
— Көрдім ғой, хазірет!— дедім мен жылап.
— Олай көру, «көру» болмайды. Оның аты — зина.
— Енді қайтем?—деп жылаған маған:
— Кәзір сені босатам, содан кейін айтам,— деп байлауымды шешті.
— Мен теріс қарайын, киін!—деді ол.
Ішкі киімдерімді ғана үстіме іліп үлгерген шағымда:
— Жетеді!— деді ишан.— Басқаларын киме.
«Неге?» дегендей тоқыраған маған:
— Алла бізге некелі болуды қоспаған. Әйел бізге харам. Бірақ, сені дуадан арылту үшін, сауап үшін, қасыма жатқызуға болады,— деді ишан.

  • Мейіріміңізге рахмет, хазірет!— дедім, бойым үйреніп алған мен, нық дауыспен,— зорлыққа амалым таусылған адаммын!.. Әсіресе, қабыр ішінде!.. Зорлаймын десеңіз еркіңіз. Мен сіздің қасыңызға жатпаймын!..

  • Онда шашыңызға қоса, төбе құйқаңды жыртып алуға бейіл боласыз да?—деді ишан ашулана қалған кескінмен тесірейе қарап.

  • Құйқам түгіл басымды жұлып алсаңыз да бейілмін!..

  • Айтар сөзі таусылып қалғандай, түсі де құтырған бура тәрізденіп, тісін де құтырған бурадай шықырлатып, даусы да құтырған бурадай гүрілдеп, мені бүріп тастардай боп, саусақтарын тарбита, құшағын қаусыра жайған ишан, кеудесімен басып өлтіргісі келгендей, жерді тізерлей, маған қарай төне берді... Аспаннан жылан арбап жерге түсірген бозторғайдың құтыла алмасын көргеннен кейін, сол жыланның өзіне қарай жорғалай жүгіргенін көргенім бар еді. Мен де сөйтіп, төніп келген зор денелі ишанның баурына қарай тығыла беріп ем, басымды екі қолымен бірдей бүрген ол, саусақтарын бас сүйегіме ауырта қадап:

— «Жыртам, құйқаңды!»—деді.
— Жыртыңыз!.. Езіңіз!.. Өлтіріңіз!..— дедім мен, қысқан саусақтардан бас сүйегім шатынап ауырған соң ышқынған дауыспен. — Тәңірден басқа куәм жоқ!..
Діншіл ишан «тәңірі!» деген сөзден қорқып кетті ме, әлде, ышқынған даусым тым ащы шығып, содан сескенді ме, алақанымен аузымды баса қойды... Аузымнан шыға алмаған үнім, бауыздалған лақтың үніндей мұрнымнан қысыла шығуға айналғанда:
— Босатайын... аузыңды!..— деді ишан сасқалақтаған дауыспен,— бірақ, дыбыстай көрме, шырағым!..
— Мақұл!—дедім мен, аузым босағаннан кейін, демімді қатты ентіге алып.
Одан кейін екеуміз, қараңғы қабыр ішіне таңның бозамық сәулесі түскенше үн де, тіл де қатысқан жоқпыз.
— Егер дуадан жазылам десең,— деді ишан таң ата,— кідіртпей некеңді оқыт, әйтпесе жазылмайсың!
— Болсын, хазірет!— дедім ишанға,— некемді кімге оқысаңыз да мейліңіз!
— Кім көрінгенге оқуға болмайды. Кеше бірге жатқан жігітіңізге. Тәңірінің лаухолмахфузда сізге жазғаны сол.
— Болсын!—дедім. Демегенде не дейін, мен енді өлексемін. Өлексені ит жесе де бәрібір емес пе?!.
— Жалған айтсаң, жаның жаһаннамда болады,— деді ишан,— өйтер болсаң сендей бұзық әйелді шариғат тірідей отқа қақтап өлтіруге қосады. Уәдеңді бұзсаң ол жазадан құтылмайсың.
— Бұзбаймын, хазірет.
— Үш айт!..
— Бұзбаймын, бұзбаймын, бұзбаймын!..
— Сөздеріңнің бекітімі болсын, мына құранды сүй!— деп ишан қасында беті ашық жатқан құранды ұсынды. Мен сүйдім.
Үшінші бөлімнің аяғы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет