Сабит Муканов. Молдир махаббат



бет8/12
Дата14.05.2022
өлшемі269,92 Kb.
#143259
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
мөлдір мах
29.09.2021, 20Б, сай, m-hanbet-ali-lyny-tar-keze-romanynda-y-ltty-a-arman-beynesi

7. ҚҰТЫРҒАН ҚАСҚЫРЛАР


Туған шешемнен жыртылып айырылғандай болғанға жанымның қатты ауруынан ба, әлде соңғы күндері шала ұйқы болудан ба, Қызыл отаудан сүлдерім құрып шыққан мен, біразға дейін ессіз адамдай, даланың соқпақ сияқтанған әрі тар, әрі кедір-бұдыр жолының бойымен секеңдей зырылдаған тарантастың үстінде шайқалған денеме әрең ие боп отырдым да, біраздан кейін қалғып шұлғып, басыма ие бола алмайтын халге жеттім. Мені Жаңыл мен Балқаш орталарына ала отырған еді. Әлгі халымды көргеннен кейін:
— Шырағым,— деді Балқаш, қалғып кеткенде етпетімнен түсе жаздаған мені құшақтай ап,— отыра алмайтын болдың ғой өз бетіңмен. Сүйен маған, құшақтай отырайын.
Балқаштың өзіне қарай икемдей бергенін ғана білем, одан басқа түк те білмеймін...
Әлдекім: «Оян, Бәтес!» деп жұлқылағанға көзімді ашсам, екі арбадағы аттар да тоқтап тұр. Күн түске тармасып қалған. Серіктерімнің Балқаштан басқалары жерге түсіп, менің арбамның маңына келген, мен Балқаштың құшағында отырмын.
— Өлердей ұйықтадың ғой, шырағым,— деді маған Найзабек,— қалғығаныңа қашан. Одан бері дүниенің жерін жүрдік. Ал, енді түс жерге!.. Желпініп ұйқыңды аш!.. «Қасқа бұлақ» аталатын жерге кеп тұрмыз, салқын суға жуын, содан кейін ұйқың ашылады.
— Сен де құшағыңнан босат! — деді Жаңыл, басымды көтергеніммен, мені әлі де сүйемелдеңкіреп отырған күйеуіне, —«сүйе» дегенге жабысып айырылмай қалдың ғой!..
Шала-шарпы ашылған ұйқымды, Жаңылдың Балқашты менен қызғанған сияқты естілген сөзі тұманды қуған желдей серпіп жіберді де, арбадан қарғып түсе қалдым.
Тұрған жеріміз әлде не жыраның сағасы екен. Сағадағы тастақ қуыстан жылап қана шығып жатқан бұлақ, төмендегі аумағы отау үйдің жұртындай құмайт шұқырға сарқылып, теп-терең, мөпмөлдір шұқанақ жасаған екен. Біздің Бұзауқақ маңында да дәл осындай бұлақ және шұқанақ болушы еді, аты «Қайнар». Әжемнің «суға кетесіңдер» деп ұрсуына қарамай, апыл-тапыл басқан соң-ақ кішкене бала біткен төңірегінде ойнап, шалп-шұлп шомыла беруші едік. Мына шұқанақты көргенде, өз ауылымның шұқанағы да, барлық балалық шағым да көз алдыма келе қап, қасына қалай жүгіріп барғанымды сезбеппін. Есімнен айырылғаным сондай, басымдағы бөркімді лақтырып, сыртқы киімдерімді шешіне бастаппын.
— Уай, Бәтес, шомылғалы жатырмысың?!—деген дауысқа жалт қарасам, Нұрбек екен. Сонда ғана абайласам, үстімде көйлегім мен аяғымдағы етігімнен басқа ештеңе қалмапты. Оныма ұялғандай, төс қамзолымды жалма-жан кие бастағанымда:
— Балалығы есіне түсіп кетті-ау деймін, осы баланың,— деді Балқаш.— Аулының жайлауында «Қайнар» атты бұлақ бар еді. Бәтес балалық шағында содан шықпай, ұзақ күнге шомыла беретінін көруші ем...
— Жүрген-тұрған жерін бала күнінен біледі екенсің ғой!— деді Жаңыл күйеуіне. Балқаш күмілжіп үндемей қалды. Маған мұнысы да қызғануы сияқты боп кетті. Қылжақбас Нұрбекке де солай көрінді ғой деймін, Жаңылды түрткілей түскісі келгендей:
— Бұл мұғалімнің көзінде сондай қарағыштық барын білмеуші ме едің, жеңгей?—деп қойды жымиып.
— Болды!— деді Найзабек, Нұрбекке ұнатпаған кескінмен қарап қойып.
«Начальнигім» деп пе, жасы үлкен деп пе, жалпы сыйлап па, Найзабекпен сөз таластырмайтын Нұрбек, Жаңылға айтқысы келген әзілін одан әрі өрбіткен жоқ.
Су болса маңы көгал болатын әдеті. Біздің «Қайнардай», «Қасқа бұлақтың» да маңайы толықсып тұрған көкорай шалғын екен. Соған қызыға қарағандай боп тұрған Найзабек:
— Ал, жолдастар! Аттарды осы арада ағытып, сарығын бастырамыз да, жақсылап шалдырамыз. Өзіміздің де қарынымыз ашқандай болды. Біздің бәйбішенің жолға берген азын-аулақ азығы бар. Кішірек бір сүйретпе қымызы да бар, соларды жеп-ішіп қаужалып алайық.
— Кеше Еркін семіздіктен мамырлап қалған бір қазды, одан да семіз бір үйректі атып әкеп, Баршагүл олардың ішіне тау жуа мен буылдырық толтырып шар-дәрілеп пісіріп берген еді,—«жолда Бәтес жесін» деп, бір кіреңкеге піскен қаймақ та салған, «ашып кетпей жегізерсің» деп... Оны ертең жейміз бе?— деді Балқаш.
— Болар, дәмдендірмей!— деп алая қарап қойды Жаңыл.
Оның Балқашты менен қызғануына енді күдігім қалған жоқ. Балқаш пен Жаңылдың арасында жас жағынан он екі жылдық айырмасы барын кеше естігем: Балқаш отыз бірде,
Жаңыл он сегізде. Қалияның айтуынша, Балқаш әйелге қырлы болмаған адам. Біздің елде бірнеше жыл мұғалімдік құрғанда, оның өсек-аяңын естіген кісі жоқ. Жұрт оның сонысына қарап, «осының дені сау ма екен?» деген күдік те шығарған. Солай қырсыздығынан ба, әлде кеш үйленуінен бе, дембелше, семізше, жалпақ бет, маймұрын, кескінсіз әйел, болғанмен, Жаңылды ала салған; Жаңыл да түр-тұлғасы солай болған соң, әрі кескінсіз, аса қартамыш Балқашқа тие салған ғой деймін. Сол қалыптарына қарап, Нұрбек сияқты қалжыңбас бозбалалар, «ағама жеңгем сай» дегендей, «теңтеңімен, тезек қабымен» дегендей, «екеуін құдайдың тауып қосуыай!» деп күлісіп жүрген.
Бірақ, ақыл кескін мен тұлғаға ғана біте бере ме? Ер болсын, әйел болсын, сырты сұлулардың ішінде, іші ақымақ талай адам кездеспей ме? Жаңыл маған кеше түр тұлғасы қораш көрінгенмен, ап-ақылды кісі сияқты еді, сонысынан бүгін қалай өзгере қалғанына ғажаппын. Әлде, Балқаштың мені құшақтап отырып ұйықтатуына әйелдің жүрегі ауыра қалды ма екен? Болмаса шағыстырған біреу бар ма екен?.. Қайсы болса да, мынадай мінез көрсеткен соң, мен енді Балқашқа сүйкенбеуге бекіндім.
Серіктерім де, мен де Қайнардың көздің, жасындай мөлдір суына жуынып, тастай суын таза алақанмен іліп ап ішіп, ұйқымызды ашқаннан кейін, жұмсақ көгалдың кеңдеу бір тұсына отырдық. Кеше қапалау, ыстықтау болған күн, бүгін самалды қоңыржай екен. Нұрбек қалжыңға емес, іске де епті жігіт боп шықты. Ол:
— Осында менен кішің — Бәтес қана екен. Ол қонақ. Жаңыл жеңгейдің жасы кіші болғанмен жолы үлкен. Қызметті тегі мына Жолдыбай22 екеуміз істемей болмас!—деп ұршықтай үйірілген қимылмен, дастарқанды да көгалдың үстіне лезде жайды. Содан кейін, осында тамақтан коп нәрсе жоқ. Назиқа23 жеңгей мен Баршагүл жеңгей пісіріп салған тамақтың өзі Қостанайға жеткенше бітетін емес. Ол жетпей бара жатса Бәтестің шешесі әкеп берген бір үлкен чемоданға толы: сүр қозы қарын сары май, бір дорбадай мейіз, құрт-ірімшік бар, ал, соның қайсысынан бастаймыз?— деді.
— «Біздің үйдің асынан» демедік пе?— деді Найзабек.— Бәтеске арналып сойылған семіз қозы еді. Ауылда дәм татырудың сәті түспеді. Сонан «жол азығымыз болсын» деп үлкен шұңқыр табаққа сала қойғамыз. Күнге ұрынса жас малдың еті бұзылып кетеді, әуелі соны жейік!
— Бақыр бар ғой, жылытсақ қайтеді?— деді Нұрбек.
— Қозы етінің салқыны жақсы!— деді Балқаш.
Балқашты жұрт «етке өштілердің» бірі десетін. Біздің елде бала оқытқанда, «ауыл боп тойғыза алмадық» деген сөзді құлағым шалған. Біздің үй бір семіз бие сойып, қалыңдығы середен артық, үлкендігі етектей телшікті тұтасымен асқанда, осы Балқаш жалғыз жеп кеткенін көргенім бар-ды. «Салқыны жақсы» деген түріне қарағанда, қозы етіне ол құмартып отыр.
Дастарқанын ашқан қара табақты алдымызға әкеп қойған қозының етінде кеспеге қара болсайшы!.. Сүбе майлары табандатқан төрт елі!.. «Ең арық мүше» дейтін кәрі жіліктің көк етінің арасына да қыртыстана май кіріп кетіпті!.. Етінің семіздігін көрсеткісі келді ме, әлде расы ма, «неменелерін салды екен мұның?» деп Найзабек қозының жүйеленген мүшелерін чемоданнан дастарқанға аудартса, ішек-қарыннан басқасы түп-түгел!.. Құйымшағын да алмастан тұтас салып жіберген құйрығының өзі кішігірім тегенедей!..
— Ә, жарадың, бәйбішем!— деп қойды Найзабек, әйелі не де, етіне де риза болғандай кескінмен,— ет түгел екен және сойғанда, асқанда, түсіргенде қолым тиіп байқай алмап ем, семіз де екен.
— Ал, Балқаш!—деді Найзабек, семіз етті дастарқанға ыдырата жайғаннан кейін,— сенен басқа өндіреріміз болмас, тегі. «Жақсы жейді» деп естігем сыртыңнан. Дастарқандас болып отырғанымыз осы. Кәне, жеші бір!..
— Онда көретін ештеңе жоқ,— деді Балқаш, әдеттегі сабырлы кескінін өзгертпей.—Басқа ештеңең болмаса, бұныңды жалапжұқтап берейін.
Қымыздан басқам жоқ,— деді Найзабек, шошынып қалғандай.
— Оны өзің іш. Еттен басқаға кінәм жоқ. Қымыздан көп болса екі-ақ тостаған жұтам!..
Түнгі салқынға тобарсыған аппақ майлы етті жеуге кіріскенде, жұрттың екі көзі Балқашта болды. «Әуелі майды меңгеріп алайын» деп бастаған ол, Нұрбек алдына білемдеп тастаған құйрықты малжаңдай шайнап отырып, лезде таусытып тастады. Содан кейін «ендігі еңсеретінім сүбе» деп екі сүбенің де туырылып тұрған, қалыңдығы төрт елі майын туратпастан, шетінен қалаштан тістелеп үзіп ап әп-сәтте оны да жеп қойды. Содан кейін «неге телміре қарай қалдыңдар маған? Ac көрмеп пе едіңдер, ас жеген кісі көрмеп пе едіңдер? Қалған мүшелердің де майын мен жейін, қара етін сендер жеңдер, әйтпесе аш қаларсыңдар!» деп, жіліктердің, омыртқа, белдемелердің қыртыс майларын түгелімен сыдырып соғып алды...
— Ал, енді өкпең бар ма?— деді ол Найзабекке, қозының бар майын түгел жеп болғаннан кейін.
— Тойсаң өкпем жоқ,— деді Найзабек.
— Ту қойдың етін көтере жеп кететін Балқаш, қозыңның етіне қайдан тояды?— деді Балқаш күліп,— жұмыршағыма жұқ та болған жоқ!..
— Астапыралда!.. Сенімен ерегісуге болмас?..
Біраз жайланып ілгері қарай жүрмек болғанда:
— Ағай, ұлықсат етсеңіз, мен сіздің қасыңызға отырам,— дедім мен Найзабекке.
— Неге?!
— Өтінем!
— Е, неге?.. Анау Жаңыл жеңгеңмен екеуің сөйлесіп отырмаймысыңдар жолшыбай?
— Менімше, бұл Бәтес, ең алдымен, сол жеңгесінен қашып отыр! — деді шапшаңбай Нұрбек.— Мен сөздің турасын жақсы көрем: ұят та болса айтайын, осы жеңгей Балқашты Бәтестен қызғанып келеді.
— Астапыралда!— деп қорқып қалған болды Балқаш. «Рас» дегендей, Жаңыл бұртың етіп теріс қарады. Мен ішімнен: «Айта түссе екен, ақымақ әйелдің сорақы қылығын бетіне баса түссе екен» деп тіледім. Найзабек те солай ойлады ма, немене, тіс жарып ештеңе демей, «осыларың ұят қой» дегендей, Жаңыл мен Балқашқа кезекмезек қарады да отырды. Нұрбек менің ойымды түсінгендей, Балқашқа өршеленіп кетті:
— Не «астапыралдасы» бар? Есуас па, немене мынау қатының? Төреңдей жігіті барда, баспа өгіз сияқты талпиған сені не қылады бұл Бәтес, қызығып?..
— Жетер, Нұрбек, енді!— деп Балқаш Нұрбекке қоқиған болды...
— Түр-тұлғасына лайық, ақылы да шұнамдай-ақ екен қатыныңның!— деді Нұрбек өршелене түсіп.
— Енді болар, Нұрбек!— деді Найзабек.
— Е, қайдам, жынымды келтіріп!— деді Нұрбек бәсеңдеп.
— Жынданбақ түгіл қағынып кет!— деп Балқаш көтерілген болды.
— Қойыңдар ұрысты!— деді Найзабек.— Бәтес менің қасыма-ақ отырсын. Нұрбек, божыны қорапкенің алдына отырып ұста.
Біз солай орналастық та жүріп кеттік. Қызбелдің таныс белестері мен ылди-өрлері... Балқаштың құшағында ұйқым қанып қалудан ба, Қайнардың қасында жақсылап дем алудан ба, самалды қоңыржай ауаның желпуінен бе бойым кәзір аса сергек. Менімен не жайда сөйлесудің ретін таба алмай ма, мінезі тұйық па, Найзабек үн-түнсіз отырып, ара-тұра қалғып кетеді. Ал, Нұрбек ше? Артына анда-санда жалтақтап қарап қоюынан оның менімен сөйлескісі кейде жымыңдай қарауынан әзілдескісі келетіні байқалады, бірақ, Найзабектен қаймығатын түрі бар. Сондықтан ол ақырын ғана дауыспен толып жатқан әндерді бірінен соң бірін өте әдемі нақышпен кейде ысқырына, кейде сөзімен орындауға кірісті. Не деген әнші, не деген көңілді жігіт!..
Күн кешкіре тағы бір жерге кеп ат шалдырғанда, бүгін қайда қонудың жәйі сөз болды.
— Мен бір ұсыныс айтайын, жолдастар,— деді Балқаш,— жолда Бүркіттің үйі бар. (Менің жүрегім әлденеге зырқ ете қалды. Б.) «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегендей, араларында түсінбеушілік боп, уақытша айырылған Бүркітті Бәтесжанның іздеп келе жатуы мынау. Біздің ептеп бойымызда қазақшылығымыз да бар адамбыз ғой. Бәтес өз әке-шешесінен ұлықсат алмастан келе жатыр...
— «Әкесінен» деңіз, жолдас мұғалім,— деді Нұрбек, Балқаштың сөзін бөліп,—«шешесінен» демеңіз!
— Неге?
— Е, кеше, Қызыл отауда өз көзіңізше қолынан шығарып салған жоқ па шешесі?
— Ол туған шешесі ғана. Тәрбиялаған шешесі үйінде...
— «Шешені» қоя тұрайық,— деді Найзабек,— айта бер, Балқаш, сөзіңді!
— Бүркіттің әке-шешесінен Бәтестің бата ала кеткені мақұл ғой деймін,— деді Балқаш.
— Сондай қазақшылықты қойсақ та болады!— деді Нұрбек кейіген дауыспен теріс айналып.
— Неге қоям?—деді Балқаш екіленіп,— сені мен маған бәрібір: сен мұнда қаласың, мен оқуға кетем. Аманшылық боп, Бүркіт пен Бәтес табыса қалса, Бәтес «әке-шешеңнен бата алып келдім» десе, Бүркіттің қаншалық риза боларын білемісің?.. Қайдан білейін деп ең сен, винтовка ұстаудан басқаны!..
— Олай таусылма, Балқаш!— деді Найзабек, «винтовка ұстаудан» деген сөзді өз атына да айтқандай көрген үнмен,— винтовка ұстау — ақылдан айырылу емес.
— Жөн сөзге көшіңдер!— деп қойды, ешбір сөзге араласпай келе жатқан атшымыз Жолдыбай.
— Көңіліңе ауыр алып қалдың ғой,— деді Балқаш Найзабекке,— саған емес, Нұрбекке айтылған сөз. Ескертіп қоймаса, бұның өзі кейде аузына келгенін сөйлейтін далдың-дұлдың...
— Хош, барайық, Әбеудің үйіне,— деді Найзабек,— сонда жылы қабақпен қарсы алуларына көзің жете ме?
— Жетеді!.. Жетпесе түсіндіреміз!..
— Онда Бәтестің өзі білсін,— деді Найзабек.
Балқаш менен сұрап еді:
— Өздеріңіз біліңіздер,— дедім мен,— жол жүріп бара жатқан адаммын, маған қабылдаған, қабылдамағанның бәрі бір. Тек, кінә менде қалмаса болады...
— Дұрыс!— деді Балқаш, менің бұл сөзімді «көндіге» санап.— Соға кетейік. Менімше, құшақ жайып қарсы алуға тиісті. Әбеу ағайдың қыңыраюы мүмкін, мінезі қатал кісі; ал, Асылтас жеңгей бар ғой, Бәтес үйіне әдейілеп соққанын көргеннен кейін, қолқ етіп түсе қалады, баласы Бүркіттің жан жолдасын көріп бауырына басады...
— Соқсақ, соғайық!— деді де, серіктерім ілгері тартты.
Күн батып бара жатқан шақта, артымыздан айғай естілді. Алда отырған Нұрбек жалт қарады да:
— Балқаш бөркін бұлғайды, тоқтайық,— деп, кешкі салқынмен қызына желіп келе жатқан аттардың божысын тежеп барып тоқтады. Артымыздан кеп тоқтай қалған Балқаш:
— Сонау бір бүйірлеу көрінген ақ ауыл Әбеудікі,— деді бізге.— Қаннен-қаперсіз отырғанда үстінен түсе қалмай, мен бұрынырақ барып хабар берейін. Ақырындау жүріп, сіздер де артымнан жетерсіздер.
— Мақұл.
Балқаштар жортып кетті де, біз іркіліп қалдық. Біздің аттар ақырындау жүріспен ауылға жақындағанша, күн батып, шығыс қара көлеңке, батыс қара күрең тарта бастады. Сол кезде беттеп келе жатқан ауылымыздан әлдекім аттанып, әрі қарай шоқыта жөнелді.
— Әбеу!—деді, көзі қиядағыны шалатын Нұрбек.
— Кәне?—деді, алыстағыны бұлдырлау көретін Найзабек.
— Анау, ауылдан шығып жорта жөнелген.
— Қалай таныдың сонша жерден?
— Мен, енді, сізден жасырақпын ғой,— деді Нұрбек Найзабекке еркелей сөйлеп,— сондай жерден танымайтын, не болыпты менің көзіме?.. Астында қылаңдаған жылқы соның қарасұр аты.
— Құдай біледі, қашты бізден!— деді Нұрбек.
Алдымызда не күтіп тұрғанын білмей-ақ ауылдағы үлкен ақ үйдің нақ қасына ат тұмсығын тіреген шағымызда, ішінен қабаған қаншықтың ащы шәуіліндей құлақ жарарлық әйел даусы шаңқылдай қалды. Бәріміз де арбамыздан түспей, тың боп тыңдай қалдық.
— Балқаш!—деп айқайлады әйел,— жаумысың өзің, елмісің?.. Жау болсаң аларыңды айт, ел болсаң, кетір салдақыңды көзіме көрсетпей!
Бұл шаңқылдап жатқан, әрине, Бүркіттің шешесі Асылтас. «Сонда салдақысы мен бе?» деген оймен бар қаным басыма атып шыға келді.
— Жеңеше, сабыр!—деген даусы естілді Балқаштың.
— Неменеге, «сабыр», ойбай!—деп көтеріліп кетті әйел,— екі айғырды шайнастырған қақ байтал емес пе оның?.. Екі елді бүлдірген «ала тай» емес пе?.. Әкетемісің, ойбай, Балқаш, қу қаншығыңды, әкетпеймісің?.. Әкетпесең, пышақты оған да салам, өзіме де салам!..
— Мынау жынды қатын ба еді?— деді Нұрбек көтеріліп,— жынын қағып келсем қайтеді өзінің?
Ол түспек болып еді, Найзабек жауырынынан тартып «отыр!» деп қойды. Сол кезде, үйден ең, алдымен — Жолдыбай, оған ілесе — Жаңыл, оған ілесе — Балқаш қашып шықты... Арттарына жалтақтай, жүгіре басып арбаларына келген оларға Найзабек:
— Не болды?—деп еді:
— Құрысын, «не болғаны!»—деді Балқаш арбасына асыға мініп, қасындағыларға да «тез мініңдер!» деп,— басымыз аманында құтылайық, кәпірден!..
Біз жөнеп бердік. Алдымызда келе жатқан Балқаш, ауылдан ұзай тоқтады да, ілесе тоқтаған бізге арбасынан түсіп кеп:
— Япырай, Найзабек-ай, талай долы қатынды көре жүріп, бұндай көк долыны көрген емен!.. Білемін деген адамын да білмейді екен ғой, кісі!.. Мен осы кісіні ақыл иесі адам ба деп ойлайтын ем. Мынау барып тұрған делқұлының өзі!. Сендер енді аз уақыт кешіккенде тарпа бас сап, тырналап, тістелеп тастайтын да беті бар еді, арбаларыңның даусы шыққан соң алаңдап, әзер аман қалдым...
— Не қыл дейді сонда?—деді Найзабек.
— Қыл дейтіні көп. Бәрін айтып тауысар емес. Бір жағынан сынауға да болмайды екен, күйікті отыр екен өзі.
— Неге?
— Әбеуді кеше тығыз түрде Қостанайға шақырып әкетіпті. Үй іші «жауып қоя ма» деген қауіпте отыр...
— Жапса жабады да,— деді Найзабек.— Многолавканың мүлкін жеуі туралы жұмысы зерттеуде жүрген. Болыстан әнеукүні бір құшақ материалды өз қолымыздан жөнелткеміз... «Түйені түгімен, биені жүгімен» дегендей, халықты да жеп баққан екен, сабаз!.. Енді солардың бәрін құсатын шағы жеткен сияқты.
Бұл сезге менің жүрегім зырқ ете қалды: біздің елдің қазақтары «көп дүкен» атаған бұл сауда жұмысында менің әкемнің де ортағы бар ғой. Оның да жегені аз емес. Ендеше, Әбеумен екеуінің ілінетін қармағы біреу ғана. Менің бұл ойымды Нұрбектің:
— Сонда, әлгі қарасұр атпен ауылдан қаша жөнелген салтты кім? —деген сұрауы бөліп кетті.
— Әбеудің баласы — Текебай,— деді Балқаш,— Әлдеқайда асығыс жұмысы бар ма, бізден қашты ма, қайтсе де, біз үйіне кіре бере, амандық-саулыққа келместен шыға жөнелді. Одан кейін атынын, дүсірін бір-ақ естіп қалдық...
— Түсінікті,— деді Найзабек,— ал, енді тұрмайық, ілгері жөнелейік.
— Қай жолмен, сонда?—деді Балқаш.
— Тура жолмен.
— Ел жоқ жолмен жүргенде қарнымыз ашпай ма?— деді Балқаш, — одан да, бұрыстау болғанмен, қонар-түстенер ауылдары бар жолмен жүрмейміз бе?
— Сен тоятын тамақ арбада да бар ғой,— деді Найзабек.
— Қайда бар?—деді Нұрбек Найзабекке ойнақы кескінімен,— Қостанай әлі де бес-алты қоналқалық жер. Көрген жоқсыз ба Балаекеңнің жесін мана?.. Арбада келе жатқан етіңіз, бір қоналқада қылғуынан қала ма?.. Ең кеміне күніне бір семіз тоқты керек емес пе, бұл кісіге?
— Бұралаңдап жүруге Балқашта уақыт болғанмен, бізде жоқ,— деді Найзабек салмақты кескінмен,— саудаласып тұратын нәрсе емес бұл. Ал, тарт!..
— Қайда қонамыз, сонда?
— Ілгері барып. Өзім айтам.
— Қап, қайран тоқтылар-ай бұйырмаған!.. Маңырап қала берді-ау, бәрі де!— деп Нұрбек аттарды айдай жөнелді... Кешкірген күн қарауыта түсті. Бейуақ бұйықтырған біздің көңілімізді көтергісі келгендей, Нұрбек бар даусымен «Майра» әнін шырқады:
Қызы едім мен Уәлидің атым Майра.
Қызыл тіл көмекей мен тілім сайра,
Осы әнге бүлкілдете басқанымда, Еретін сонда маған жігіт қайда?
Майра, Майра,
Керекулік Майра,
Айра, райра,
Қызыл тілім сайра Шіркін, осындайда Әй!..
Не деген көңілді әйел еді Майрасы?.. Сөзіне, әніне қарағанда, әйелдің «Нұрбегі» ғой ол?.. Құдай мені де сондай ғып неге жаратпады екен!..
Нұрбек айтқандай, жолшыбайғы елсіз далада бізге төрт қонуға тура келді. Тағы да сол Нұрбек айтқандай, біз жолға пісіріп алып шыққан ет Балқаштың, жұмырына жұқ болған жоқ. Баршагүл пісіріп берген қаз бен үйректі жеуге келгенде, Найзабек «маған бауырсақ пен құрт-май да ас болады, қазды да, үйректі де Бала-екеңе берсек қайтеді?» деп еді, «е», біз сонда бұ кісінің аузын жалаймыз ба? Мырзалық қылам десеңіздер өз сыбағаларыңызды беріңіздер, мен өзімдікін өзім жеймін!» деп, Нұрбек өз үлесін бөліп алды. Соған өкпелегендей Балқаш өзге қазды да, үйректі де бәрімізге бөлдіріп берді.
Тамақ әңгімесінен басталған бұл ырың-жырың, одан гөрі салмақтылау бірдемелерге соғып, аяғы жанжалсымақтау боп кетті. Одан әрі кеңесетін сөз біткендей, әркім жату жабдығына кірісті. Менің ойым, қай жерге болса да Жаңылмен бірге жату еді. Ол сорлы күйеуінен бөлінсе-ақ қасқыр жеп қоярдай, мініп келген арбасына әуелі өзі жатты да, күйеуін:
— Мұнда кел!— деп шақырды. Ол:
— Бәтес ше?—деп еді:
— Қайтесің Бәтес-мәтесті!.. Өз арбасы бар емес пе?..
Жатар содан орын тауып. Кел, «кел деген соң!»—деп бұйыра айқайлады.
— Барыңыз!—дедім мен Балқашқа, тағы да жанжал туар деп қорқып, мен орын табам!
— Екі әйелдің бірге жатқаны жөн,— деп Нұрбек шаптаңқырап еді:
— Уа, қойсайшы, қылжақты! Ойнайтын кісіңмен ойнасайшы!.. Сенің құрдасың жоқ мұнда. Немене, мазақ қылғың келе ме?—деп Балқаш ақырып тастады.
— Тастаңдар, жанжалды!— деді Найзабек,— Бәтес біздің арбаның үстіне жатады. Нұрбек екеуміз жерге жатамыз.
Арба үстіне киімшең жата кеткен менің құлағыма аз уақыттан кейін:
— Бүгін сақ болу керек,— деген даусы шалынды Найзабектің,— бұл ара Сасық ауылдарының тұсы. Жесірі кетіп намыстан өлгелі жүрген оның атарман-шабармандары осындайда қимылдап қалуы мүмкін.
— Не істейді, қимылдағанда?—деген Нұрбекке:
Бала екенсің ғой, тәйірі! — деп кейіді Найзабек,— аттарымызды ұрлап әкетсе, аз ба оларға кәзір? Қолдарына тисе, өткелектен өткізеді де жібереді. Содан кейін, мықты болсаң тауып кер!.. Өзі түгіл исін де таптырмайды. Бүгін соны істеуге тырысады олар. Ұзақ жолдың үстінде жаяу қалдырса, емен-жарқы кегі сонымен де бітіп қалады.
— Сақтанғанда не істейміз?—деді Найзабектің сөздері көкейіне қонғандай болған Нұрбек.
— Аттарды таң атқанша арбаға байлап қойып, аяқтарына кісен сап тастау керек. Өзіміз де сақ жатуымыз керек.
— Кісен салған соң да ма?
— Жеңілтектігің-ай, сенің осындай!.. Егер күзет болмаса, кісен дегенің немене ұрыға?.. Кілтін ашуы да оңай, шынжырын үзуі де оңай. Аттарды түнде кісенде ұстау керек те, таң атқан соң кезекпен күзетіп оттату керек. Көзін, тайды-ақ жымқыра қашады. Нанбасаң ұйықтап көрші, оянған шағыңда атын, орнында болса, мен мына мұрнымды кесіп берейін.
— Сонда, осы маңда жүргені ме олардың?
— Қаптап жүр!.. Сай-салада толып жүр!.. Біздің қимылдарымызды бақылап жүр!.. Мана Текебай неге аттана жөнелді дейсің ауылынан? Хабар айтуға кетті қолдастарына!.. Адасқан қасқырлар бір бірімен ұлып табыспай ма? Текебайдың аттануы, ұлуы. Керекті кісілеріне содан бері хабарландырып болды. Кәзір бәрі де осы маңайда!..
Мына сөзден менің тұлабойым қалтырап кетті де басымды көтеріп ап:
— Онда қайтеміз, аға?—дедім Найзабекке.
— Жата бер, шырағым!— деді ол.—«Сақтықта қорлық жоқ» дегенім ғой, әйтпесе, ояу шағымызда, мен жатқан жерге мыңы болса да жолай алмайды олардың. Қазір олардың қолдарынан келері қараңғы ұрлық қана.
Мен орныма бүк түсіп қайта жаттым. Түнгі салқыннан ба, қорқудан ба, денем қалтырап барады. Құлағыма шалынған дыбысқа бақсам: аттар арбаларға байланды, аяқтары кісенделді... Нұрбек, Найзабек, Жолдыбай үшеуі екі арбаның ортасына отырып, маған естілмейтін әлденелерді күбірлесіп кеңесе бастады... Мен қайткенмен де қалғымауға тырысып жатырмын. Қалғысам-ақ жаулар бас салатын сияқты...
Олар сүйтті... Азан-қазан у-шу боп, қалың, салтты қаптап кетті де, біздің адамдарды тарпа бас сап, көкпардың лағындай сүйрете жөнелісті!.. Әрқайсысының «өлдім!» деген даусын бір-ақ естідім. Арбада бұққан мені шашымнан сүйреп алған адамның кескініне қарасам, Сасық!.. Көзіме албастыдай көрінген ол, «сені бауыздап өлтірейін!» деп бір қолымен шашымнан орай ұстап, екінші қолымен кісесіндегі қынынан сапысын суыра берген де, бар даусыммен шыңғырып кеп қалдым!..
— Не болды?!—деген дауыстарға жалт қарасам, әлдекімдер төніп тұр!.. Олардан шошына бергенімде:
— Бәтес!.. Біз!.. Найзабек, Нұрбек!..— десті. Сонда ғана есімді жиғандай, арбадан қарғып түсіп, екеуін құшақтай алдым... Біраздан кейін ақылыма келсем, әлгі көргендерімнің бәрі түсім екен!.. Серіктеріме айтқанда:
— Ұйықтап қалсақ, ондай оқиғаның шындықта да болып қалуға мүмкіндігі бар,— деді Найзабек.— Сай-саладан бұлаң еткен талайларын көзіміз шалды. Сандары бірталай көрінеді. «Ұрының арты қуыс» дегендей, біз кезек-мезек ербеңдеп көрінген соң, бассалуға бата алмады...
Ол кешіміз сондай ырың-жырыңмен өтті. Келер кеште есіме шешем әкеп берген сүр түсті де, серіктеріме жегізу ниетімен тақтай чемоданды ашып қарасам: біздің үй өткен қыстың аяғына тақау сойған семіз жылқының, шекке сыймаған соң бүйенге тыққан, жуандығы жеңді білектей, бүктегендегі ұзындығы кезден артық қазысымен, сала құлаш қартасы екен. Олардың арасында қыртыс майының қалыңдығы төрт еліден асатын үлкендігі тоқымдай екі қақпыш жүр. «Олар да аз болар» дегендей, майы туырылған жүрегі мен қолқасын сапты, ұзындығы сала құлаш, шылғи майдан жасаған шұжық сапты!.. Бәрі де мейіздей боп кепкен, бәрінің де ысталған әдемі исі аңқып тұр... Бір жапырақ май жүрегіме шық ете түсіп жей алмайтынымды білетін байғұс шеше, мұншама майды кімге және неге үйіп-төгіп салды екен!..
Тәтті сүрдің бұрқыраған исін сезген Балқаш қасыма жүгіріп келді де, ақтарған майды көріп:
— Уау, мал мұнда екен ғой!—деді қуанып кетіп.
— О не?— дегендерге:
— Арбамызда мұншама май келе жатқанда неге ашығамыз?—деді ол,— астыру керек те, шетінен кертіп жеу керек!..
— Шешесінің қалаға барғанда қорек қылсын деп берген асы емес пе?—дегендерге:
— Білмеймін бе мен Бәтесті? Лақтың асығындай майды да жей алмайды. Бұның бәрін қашан тауысады ол. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дегендей, Бәтеске тамақ табылмас деймісің? — деді Балқаш.
— Асамыз, ағай!— дедім мен.
Найзабектің «қайтесіңдер!» дегеніне қарамай Нұрбек екеуміз семіз сүрді үлкен бақырға сыйғанша астық.

үр ү р


— Ішінде бөсірі болса да тауыса алмас бұны!— деді Нұрбек Балқашқа естіртпей.
— Тоқты еті бұдан аз боп па?— дедім мен.
— Мәселе аздығында я көптігінде емес қой. Мынау көкпеңбек мұз сияқты сүр ғой, бұны жеу, қойдың жас майын жеуден әлдеқайда қиын.
— Енді оны жегенде көрейік.
Сүр жас жылқының еті болушы еді, сондықтан, піскенде екі есе өсіп кетеді екен, тоқты еті толмаған табаққа тураған шақта, ернеуінен асып тұрды.
Мана тоқтының қара етінен біраз жескен жұрт, мына көк майдан бір де асай алған жоқ. Балқаш, картоп жегендей малжаңдай шайнап жүрегімізді айнытатын болған соң, біз маңынан қаштық. Біраздан кейін «келіңдер!» деп дауыстады ол. Барсақ бар сүрді жеп боп, алақаны әрең толатын май қалған екен. Балқаш оны асап алды да, кілкіген майлы тұздықты табақтың шетінен ұрттап қойды.
— Саған ден қойдық!— десті серіктері,— сен жегіш емес, обыр екенсің!..
Бұл жолымыздағы күндер мен түндерде, егер қанша айтса да қажымайтын Нұрбектің әндері болмаса, Балқаштың жаның түршігерлік жемпаздығы болмаса, елсіз-күнсіз далада біз іш пысудан жарылып өлер ме едік қайтер едік. Еркектердің өздері бірдеме сұрамаса, маған олармен кеңесу қиын. Тағдырымның не боларын білмей дел-сал болып келе жатқан ойымды түсіне ме, әлде не тақырыпта сөйлесудің ретін таба алмай ма, өзім бірдеме демесем, олар да маған ештеңе айтпайды. Қасымдағы жалғыз әйел Жаңыл, аттанған күні қоңыраюын әлі де тастаған жоқ. Сонда да, «әйел жынысты адам ғой» деп оған бірдемелерді айтып жақындасайын десем, бар білгені сол ма, әлде жақындағысы келмей ме, кейде томсарып үндемей қояды да, кейде шошытқысы я сынағысы келгендей, еркек пен әйелдердің арасындағы тұрпайы бірдемелерді айтып, маңынан еріксіз қатырады... Осылай келе жатқан бетімізде, алдыңғы жағымыздан бұлдырап орман көрінді.
— Аманның қарағайы!—десті қасымдағылар.
Білем ол қарағайды. Оның ішіндегі көлдерді де білем. Семиозерное аталатын орыс селосын да білем. Былтыр әжем төркініне алып барғанда жолшыбай бәрін де көргем, аралағам. Тамаша орман!.. Тамаша көлдер!..
Біз Семиозерноеге жақындағанда күн кеш боп қалды. Оған таяна бере, серіктерім аттарын тоқтатты да, қайда қонуды ақылдасты: Қалаға ма? Кел жағасына, қарағайдың, ішіне ме?..
— Қаланың асы түгіл жамбасы да сатулы болады,— деді Балқаш. — Жалпақ жаздың ортасында неміз бар,— әрі жамбасқа ақша төлеп, әрі асты сатып ішіп? Аттар да ашығады қалада!.. Оданда, қаладан алыс кетіп, қалың қарағайдың ішіне, әулие көлдің жағасына қонайық. Қаладан нан-пұн, қалаш-малаш алармыз. Ет өзімізде бар.
«Бар» дегені менің сүрімнің қалдығы, одан Балқаштан басқа кісі тауыса алмайтын бір сүйем қазы, бір сүйем қарта, жарты шұжық қалған. Бәрі де кеспеге қара жоқ шылғи май. Балқашқа ол жүк, болмауға тиісті. Әйткенмен, оны да жеп тауысуға құлқыны құрып тұр. Жесе жесін! Жемегенде неменеме үнем болады ол!..
Нұрбек далаға қонуға наразылық білдірді.
— Қала тұрғанда далаға қонып не сор қысыпты бізді?— деді ол.— Орман арасының шыбын-шіркейі кеп болады, өзі түнде салқын болады; әрі «аңдушыларды артта қалып қойды» деуге болмайды. Орман арасы олардың құдайының берген жері және күн де бұлттаныңқырап тұр бүгін, түнде жауын жауып кетуі мүмкін, сонда жүреміз бе ағашқа тығылып? Тығылғаныңмен қайың мен терек емес қой, саясы пана болатын; сып-сидам қарағай пана бола ма кісіге? Балқаш ағайдың құлқынын құртып тұрған ет; оған уайымдамай-ақ қой, ағай! Орыстың бір семіз сарығын бүгін өз ақшама-ақ сатып әперейін. Құйрығы жоқ демесең, бұл арада сарықтың семіздігі шошқадан кем болмайды, тажал болсаң да тауыса алмайсың оның етін; төрт атқа түні бойы жететін шепті Жолдыбай екеуміз көлдің жағасынан шауып әкелеміз.
Ендігі шешім Найзабекте қалған сияқты болып еді, «сен не айтасың?» деген Балқашқа,—«көрерміз» деді де қойды ол.
Серіктерім әлдене орыстың үйіне тоқтап сұрастырып еді, не тамақ аламыз десек те әзір екен: нан ба, сүт пе, қаймақ па, май ма?.. Алғымыз келсе, ұзын құйрық семіз қара сарықтар да қорасында толып жүр.
Осы жәйді білген Найзабек орысты әлдеқайда оңаша алып кетті де, аз уақытта қайтып оралды. Оның қамзолының ішкі өңірі томпайып, қолына бір құшақ бөлке мен қалаш ұстап, қолтығына кішірек кіреңке қыстырып, ішкі қалталарын да томпайтыңқырап қайтты.
— Ал, енді Нәкеңді қалаға байласаң да тұрғыза алмайсың,— деді Нұрбек, оңашалау тұрған маған жақындап, сыбырлап.
— Неге?
— Қойныңдағы томпайғаны, құдай біледі самогон!
— О не?
— Қолдан ашытатын арақ және сұмдық күшті арақ.
— Қайдан білдің оны алғанын?
— Исінен және Нәкеңнің кескін-кейпінен сезіп тұрмын. Осы адамның мінезі де, ісі де алтын кісі. Жалғыз кемшілігі: қан төгісте, арпалыста кеп болуынан ғой деймін,— қолына арақ тисе қатты ішіп қоятыны бар. Көптен арақ таба алмай жүр еді, самогон табылуына қуанып келеді. Бірақ, жәй ішсе оқасы жоқ-ау.. Іше қалса, кейде сандырақтап мазаны алады, кейде бой бермей арпалысып қасындағы адамды қалжыратады.
— Ішпеңіз десек қайтеді?— дедім мен.
— Айта көрме!— деді Нұрбек,— пәлеге қаласын онда. Одан да білмеген болу керек.
— Тамақ табылды!— деді Найзабек серіктеріне.— Нан, мынау!— деді ол қышқылтым тәтті исі мұрынды қытықтаған бөлкелер мен қалаштарды жоғары көтеріп,— пештен жаңа шыққан ып-ыстық!.. Бұны батырып жейтін шикі қаймақ мынау!— деді қолтығындағы кіреңкені көрсетіп, — қаймаққа батырып жеген жылы қалаштың қасында, өзге тамақтар садағасы кетсін!.. Мына қалталарды,— деді ол екі жан қалтасын қағып көрсетіп,— сарымсақ пен Марковке сығарлай толтырып алдым... Енді не керек, саған?— деді ол Балқашқа,— сарық ба, керегі? Қажет десең, оны да сатып алайын.
Балқаш үндемеді.
— Жас ет жоқ деп уайымдама, достым!—деді Найзабек оған.— Бәтестің қалған сүрін бүгін түгел астырамыз. Оның үстіне, мына тәтті қалаштарды қаймаққа батырып соғып алсаң, ішіңде жеті басты жыланың болса да тоясың.
— Мен сенен тамақ сұраған жоқпын ғой,— деді Балқаш жәбірленгендей.— Сен асырап жүрген жоқсын мені. Қалаға қонайын, далаға қонайын, өз тамағымды тауып жей алам.
— Ойнаймын,— деді Найзабек.— Көңіліңе ауыр алма. «Бұра сөйлеген күлуге жақсы, бұрыла қашқан түлкі қууға жақсы» деген.
— Оқасы жоқ,— дей салды Балқаш.
— Сонымен, далаға кетеміз бе?— деді Найзабек, серіктеріне.
— Ұлықсат етсеңіз, мен таң атқанға дейін қалада қалар едім,— деді Нұрбек.
— Неге?
— Көптен моншаға түскен жоқ ем, денем кірлеңкіреп, қышынып жүр еді. Түнде парға соғынып, тазаланып алайын да, қонған жерлеріңізге қай кезде кел десеңіз де жетейін.
— Қалсаң, қал!— деп Найзабек көне кетті.
— Біз,— деді ол Нұрбекке,— қаладан ұзаңқырап, Аяқкөлдің шығыс жақ шетіне түнерміз. Жалтыр жағы ғой ол. Масасы болмайды. Сен оған таң сібірлей бергенде жет!
— Құп болады!..
Нұрбек қалды да өңгеміз жүріп кеттік. «Аяқкөл» дегені көп жер екен. Қаладан екінді кезінде шыққан біз, қалың қарағайдың арасындағы құмдақ жолмен қатты жортып отырып, күн байып боп, дала күңгірттене бастаған кезде әрең жеттік. Оны «Аяқ» деп өзге алты көлден шеткері тұрғандықтан айтқан ғой деймін, әйтпесе, ұлан байтақ кең, жалтыр көл екен. Біз түскен жағаның қайраңдығы төсеген тақтайдай, суының мөлдірлігі көздің жасындай. Тескіндіксіз айнала өскен қалың қарағайдың ортасында, көлдің бейнесі, сырлы аяққа құйған қымыздай. Өзінің тұлабойы құсқа тұнып тұр екен. Күндегі әдеті ме, әлде бізді көріп мазасызданды ма — қазы, үйрегі, шағаласы, қызғышы, тауқұдіреті, балшықшысы дегендей, араласа ұшып-қонып дүрліге бастады. Мылтық шалмайтын алыста көл бетінде деңкие ағараңдаған екі аққу біразға дейін салмақтымсып отырды да, бір кезде әлденеден шошығандай, көлдің бетін қанаттарымен сатырлата сабай, әлдеқайда көтеріліп кетті... Не деген әдемі жер еді бұл!.. Не деген тамаша көл еді мынау!..
Аттар ағытылып, қарағайларға байланды, аяқтарына кісен салынды. Содан кейін:
— Ал, Бәтесжан, қалған сүрді асамыз ғой?—деді Найзабек.
— Асамыз!—дедім мен.
Жаңылмен екеуміз көлден су әкеп, сүрді жуып, бақырға салғанша, қарағай арасынан жинаған отын да даяр болды. Ет асылып, өзіміз жайғасқан шақта:
— Ал, жолдастар!—деді Найзабек,— қойнынан үлкендеу екі бөтелкені суырып,— мынаның аты, «самогон», яғни қолдан жасалған арақ. Қарағай арасының түні салқындау болғандықтан тоңып қалармыз деп әлгі орыстың үйінен ала салдым. Балқаш екеумізге жетеді бұл. Жолдыбайға сұраса да бермейміз, аттарды күзетеді. Жаңыл болмаса, Бәтес бұны әлі татып көрмеген болар...
— Мен де татқан жоқпын,— деді Жаңыл.
— Балқаш, сен қарсы болмассың?— деді Найзабек...
— Енді... ептеп...— деп Балқаштың көмекейі бүлк ете қалды.
— Онда, екеуміз ас піскенше мына сарымсақ пен нанды талғажау ғып, ептеп іше тұрайық.
— Оқасы жоқ,— деді Балқаш.
Сұйық асқа арнап жолға алып шыққан ыдысымыз үш ағаш тостаған-ды; қымызды да, сорпаны да осы тостағандармен кезектесіп ішетінбіз. Найзабек екі тостағанға самогонды толтыра құйып еді, исі сордың суындай сасықтау екен. Мен «арақ» дегенді естігенім болмаса өмірде көрмеген адаммын. Сондықтан самогон ғана сасық па, өзгелері де солай ма, білмеймін. Қымызға мас болғанды көргенім бар, бірақ, ол мастық: адамның кескінін күрең тарттырып, аздап қана қыздырғаны болмаса, ешуақытта естен тандырмайды, оның тандырғаны — ұйықтатқаны; сырт естуімше, адам арақтан өлердей мас боп, жынды сияқты бетімен сөйлеп, арпалысып кетеді. Ондай адамды көрген емен. Қайда көрем? Біздің елде, «арақ ішеді» деген кісіні көрмек түгіл естіген де жоқпын. Өсекшілердің «Бүркіт арақ ішіпті-мыс» дегеніне жанымның түршіккені де содан ғой.
Міне, енді, сол арақ алдымда, Найзабектің қолында отыр. Найзабек, менің ұғымымда ақылдың да, сабырдың да иесі. Егер арақ жаман нәрсе болса осындай адам оған неге жолайды?..
Найзабек пен Балқаштың арақты тезірек ішуін тіледім, ондағы ойым, ішкеннен кейін не болғандарын тезірек көру. Самогон толған бір тостағанды Балқашқа ұстатып, біреуін өзі алып:
— Ал, кәне, не үшін ішеміз?—деді Найзабек.
— Жолымыз болуы үшін де!
— Құп!
Екеуі тостағандарын түйістірді де қағып салды. Неге екенін кім білсін, бет-аузын тыржитып қатты шіміріккен Найзабек, үлкендігі жұдырықтай сарымсақты танауына баса, қатты иіскеп отырды да, аузына тұтасымен тығып жіберіп, бытырлата шайнай бастады. Балқашқа қарасам, мыңқ етер түрі жоқ. Арақ емес, су жұтқан адамдай, маңқиған қалпын өзгертпейді. Тегі, оның қанбай қалды ғой деймін.
— Ал, Нәке, тағы да бірді тартсақ қайтеді?— деді ол ащы арақтан ба, ащы сарымсақтан ба, шайнағанын жұтқанмен, әлі де тыржиыңқырап отырған Найзабекке...
— Боп-боп-болсын!— деді Найзабек, тілі күрмеліңкіреп.
Екеуі тағы да бір-бірден тартқаннан кейін, Найзабек кіреңкедегі қаймаққа қалаш батырып жемек болып еді, кең аузын қалтақтаған қолы таба алмай, сұйық қаймақты жарқыратып төгіп алды. Оған ыза болғандай, кіреңке-міреңкесімен қаймақты лақтырып жіберді.
— Өй, неге лақтырасың?—деген Балқашқа, тілі күрмеле сөйлеген Найзабек байланыса кетті...
— Немене?— деді ол түйіле қарап,— мас деп отырмысың мені?
— Жо-жоқ...
— Жоқ, сен мас деп отырсың мені!.. Тағы да құяйын, ендеше, бірін!.. Көрейін, кім бұрын мас болғанын!..
Толтырып ұсынған тостағанды Балқаштың алғысы келмеп еді:
— Ал, әкеңнің...— дей берген Найзабек маған жалт қарады да,— ойдолойын!.. Сен отыр екенсің ғой!.. Боқтамайын!... Әйтпесе, бұның ба?—деп Балқашқа тікілене қолын безеді.
— Сен, жеті атаңның аузын...— дей беріп, маған тағы да жалт қарап, «ойдолойын» деп қойды да,— жаның барда іш!— деді Балқашқа,— әйтпесе мына тоқпақ төбеңнен тоқ ете түседі!— деп жуан жұдырығын көрсетті. Ұрар деп қорыққандай, Балқаш тостағанды тағы көтере салды...
Одан кейін Найзабекте береке қалған жоқ: күрмелген тілімен, не сөйлеп, не қойғанын білмейді... Менен басқаларын сыпыра боқтайды да, мені ғана ара-тұра «ойдолойын!» деп қояды.
Найзабек сандырақтап отырып Балқашты жазғырады. Сондағы сөзінің ұзын-ырғасы: «Бәтес пен Бүркітке сен дос емес, қассың. Шамаңнан келсе, ниетің бұларды қосу емес, айыру. Байлардың, алашорданың құйыршығысың сен. Сенің Бәтес пен Бүркітке істегелі жүргенің солардың тапсырмасы. Бірақ, істеп көр, не болар екенсің?.. Қожаларыңа қосып, сені де жерге қағып жібереміз!..
— Неге олай дейсің?— деп алғаш қарсы болған Балқашқа Найзабек өршеленіп кеткен соң, анау не десе де жым болды да отырды. Жаңыл да бұрын мас адамды көрмеген ғой деймін, иттен ығысқан ешкідей, тығылар жер таба алмаған сияқты. Өзі тимейтіндігіне көзімнің жетуі ме, әлде Найзабектің жат қылықтарын қызық көруімнен бе, мен онша тиышсызданбаймын.
Аздан кейін Найзабек қалғып кетті. Балқаштың: «Қайтесің, жата берсін, өлмесе өрем қапсын» дегеніне қарамай, мен басына жастық сап, үстіне шекпенін айқара жаптым.
— Естуші ем, «барып тұрған алкагол» дегенді, өзім ішкенін көрген жоқ едім. Мынауың бір ит екен ғой, барып тұрған!— деді Балқаш.
— Ойбай, оянып кетер, естіп қалар!—дедім мен.
— Енді балталасаң да оянбайды,— деді Балқаш.— Бірдей-ақ іштік қой, екеуміз? Мен неге мас болмаймын, сонда? Арақ әбден жеңіп алған екен сорлыны. Жаңыл, пісір тезірек асты. Жейік те жатайық.
Піскен шылғи майды, Балқаш қалған самогонге қосып соғып алды. Әйелі «мас боласың!» деп еді, «бөшкесін ішсем де жұмырыма жұқ болмайды» деді Балқаш. Жолдыбайға да ішкізбек болып еді, ол «татып көрмеген нәрсем» деп жолаған жоқ. «Ендеше, түнде аттарға сен ие боларсың» деп, оған ұсынған арақты Балқаш қағып салды. Сонда да тілі күрмелмейді, сонда да мас болар түрі жоқ. Найзабектікі не?.. Бұныкі не?.. Бұл не ғажап?!.
Күндегі дағдымен, Балқаш пен Жаңыл өз арбаларының үстіне жатты. Жолдыбай: «Аттар суып болды, енді кісенімен көл жағасындағы шалғынға жіберем де, өзім бағам» деді. Мен: «Ағай, қасыңызда болайын» деп ем: «Жата бер, шырағым, өзім күзетем, тәуекел!» деді.
Мен өз арбама жаттым. Көпке дейін көзім ілінген жоқ. Басымда толып жатқан ойлар сапырылысады. Солардың ішінде ерекше тоқталатыным — Найзабектің Балқашқа мені мен Бүркіт туралы айтқан манағы сөзі. «Мастығы ма, расы ма?» деп ойлаймын мен...
Сөйтіп жатып ұйықтап кетіппін...
Дәл құлақ түбімнен мылтықтың даусы күрс ете түскенге атып түрегелдім. Тағы да шаңқ ете қалды мылтықтың ащы даусы. Найзабек те орнынан атып тұрып, есеңгірегендей жан-жағына алаңдап, жалпақ қайыс белбеуінің мықынында, бұлғары қабына салып жүретін наганын суырып алды... Айдың жарығы ма, таң ба, дала ала сәулеленіп қалған екен. Көл жағасынан әлдекім ербеңдей келеді екен.
— Тоқта, атам!—деді Найзабек оған мылтық ұсынып.
— Мен, Жолдыбай!—деді ол.
— Мылтық атқан кім?
— Білмеймін.
— Аттар қайда?..
— Кісенде, отта еді...— деді Жолдыбай күмілжіп.
— Қайда, «отта» болса?..
Әлдекім қарағай арасынан қараңдап көріне бергенде:
— Тоқта, атам!— деді Найзабек тағы да.
— Мен!— деген даусы есітілді Нұрбектің.— Құдай ұрды, Нәке!
— Не болды?!
— Аттардан айырылдық!..
— Қалай?!..
— Осы маңайға келе жатқан пішенші орыстардың арбасына мініп, жақын жерден түсіп, ағаш арасымен жаяу келе жатсам, төрт атты жетектеген екі адам көл жағасынан қарағайға кіре берді. «Біздің аттар болар ма!» деп тоқтатпақ боп мылтық атып ем, атқа екеуі ырғып мініп, қалған екеуін жетектеп қалыңға сіңді де кетті... Жүгіріп ем, жете алмай қалдым...
— Сен қайда едің?— деген сұрауға:
— Түні бойы міз бақпай-ақ күзетіп ем,— деді Жолдыбай,— таң қараңғысына дейін отырып ем... Содан кейін қара басып қалғып кетіппін... Мылтық даусынан ояндым...
Балқашқа қарасақ бырылдап ұйқтап жатыр. Әйелі ояу болу, керек, бірақ қорқып жатқан болу керек, Балқашпен бірге жамылған шекпеннің астында қозғалады.
Балқашты да ояттық. Таң да ағара бастады. Жан-жаққа жүгіріп қарасақ, қарағайға кірген аттардың да, жетектеген адамдардың да іздері шыққа шұбалып жатыр.
— Қап!—деп өкінді екі милиция,— аттың жоғы-ай, әйтпесе, мынау ізбен заматта табар едік-ау, ұрыларды!
— Апырай, қандай иттер екен, ұрлаған?— деген Балқашқа:
— Білмей тұрмысың, қандай екенін?— деді Найзабек,— Сасықтың із-өкшемізден қалмай келе жатқан ұрылары. «Қарға тамырлы қазақ» дегендей, бұл маңайда да көп оның ілік-шатыстары. Соларына ұрлаттырып отыр.
— Ішімізде қарулы милиция барын біле тұрып, қорықпай қалай келді екен?!—деген Жолдыбайға:
— Құтырған қасқыр емес пе олар кәзір?—деді Найзабек.— Неден қорқушы еді ондай қасқырлар?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет