Сабит Муканов. Молдир махаббат



бет7/12
Дата14.05.2022
өлшемі269,92 Kb.
#143259
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
мөлдір мах
29.09.2021, 20Б, сай, m-hanbet-ali-lyny-tar-keze-romanynda-y-ltty-a-arman-beynesi

6. ҚЫЗЫЛ ОТАУ


Бір өзбек айтқан екен дейді: «Қазақтың «әне жер!» деген иегінің астында екі жыл жүрдім» деп. Сол айтқандай, үйде жүрген шағымда, болыстық кеңселер орнаған ауылды «жап-жақын жер» десетін еді; енді міне, соған қарай беттеп шыққанымызға қашан!.. Ауылдан аттануымыз қызыл іңірдің аз-ақ арты сияқты еді. Бұлттың аспанда түні бойы сирей көшіп, енді жұлдыздың, бетін бүркеп қалыңдай бастауына, түні бойы тына қалған желдің енді қатая қозғалып, аспанда бұлтты, жерде өсімдікті сапыра есе бастауына, түндегі тұнық қараңғылықтың бозамықтана бастауына қарағанда, тегі, таң сібірлеп келе жатқан болуға тиісті. Іңірден бастап таң бозарғанға дейін салт, тың, жүрдек атпен шоқыта жортқан адам қанша жерге кетпек?..Ара-тұра ызғыта шауып та алған жоқпыз ба?.. Осының бәрін қосқанда, дүниенің жері! Ал, ала сәулелене бастаған төңірегіме көз тастасам, қиядан-ақ шалатын қарашығыма, ауыл барлықтың ешбір белгісі ілінбейді. Ендеше,«жақын жерде» деген кеңсесі қайда?.. Әлде, біз адасып, әлсіз құла дүзге кетіп барамыз ба?..
Көмекейімде тұрған бұл сұрауды серіктеріме айтқан жоқпын себебі — бозамық сәуледен айқын көрінген олардың кескіндері, сол сәуленің өзі сияқты сұп-сұр; таңға жақын маужырап ұйқылары келе бастады ма екен, немене, түні бойы ауыз жаппаған сөздерін кәзір түгелімен доғарып, әлсін-әлсін ауыздарын аңырайта ашып есіней береді; сондай адамдарды сұраумен мазалаудың қажеті қанша!.. «Ұйқы мен тамақ дұшпан» демей ме, қазақ. Ауыр ойда жаным жүдеп келе жатқан мен, соңғы түндерде шала ұйқы болғанмен де, маужырай бастағанымды сезем; кей уақытта қалғып кеткенімді білмей де қап, жортып келе жатқан салт аттың үстінен ауытқып барып әрең оңалам!..
Сөйтіп жығылып кете жаздап, атымның шоқтығын құшып әрең оңалған бір шағымда, кезімді кеңірек ашып алдыңғы жағыма қарасам, ерлеп келе жатқан адырымыздың арғы еңісінен, қызараңдаған бірдеме қозғалады!.. «Бұ не?!» дегендей көзімді төне тіксем, жалпылдаған жалынға ұқсайды!.. Олай дейін десем, әлгінде қалыңдаған бұлт, аз уақыттан бері сіркіреп жауа бастаған. Жауын астында жалын бола ма?!.. Не екенін қасымдағылардан әлі де сұрамай, көзімді тіге түссем, жаңағы «жалыным» әр жерде жылтыңдап көбейіп барады!.. «Бұ не?!.. Есеңгіреуім бе менің?!..» Бұл ойымды түсініп келе жатқандай:
— Қызыл отауға да келіп қалдық!— деді Найзабек.— Анау желбіреген қызыл жалаулар, соның және қасына қатар тігілген үйлердің төбелеріне тігілген тулар.
— «Қызыл отау» дейсіз бе?— дедім мен, сағынғанымды жолықтырардай серги қап.
— Иә, қызыл отау!.. Болыстық кеңселер де осы арада. Олар ілкім төменіректе.
Мен сияқты ол да қалғып келе жатып, ұйқысын Найзабектің «Қызыл отауға да келіп қалдық» деген сөзімен ашып жіберді ме, әлде, есерлеу мінезіне бақты ма:
— «Майраға» басып жіберсем қайтеді?— деп Нұрбек ат үстінде қоқандай қалды.
— Таста, ұят болар!— деді Найзабек оған.— Шырт ұйқыдағы жұртты өлеңмен оятатын жынымыз бар ма?
Ауыл салтында, ауылға жақындаған жолаушының ақырын жүретін әдеті бар ғой. Соған бақты ма, әлде ұзақ жерге қатты жортып ақ көбіктене бусанып келе жатқан аттар тыныс алсын деді ме, Найзабек:
— Енді аяңдайық,— деді де атынын, басын тежеді. Біз де тежедік.
— Шырағым Бәтес!— деді Найзабек, — «кеңсе» дегенге, сен оны көше-көше қала екен деп ойлама. Жұрттың шаруасы көтеріліп, тұрмысы түзелгенмен, ғасырлар бойы көшіп келген қазақ ауылдары, әсіресе, түгелімен көшпелі саналатын біздің торғайлықтар, әзірге қоныстанып үлгіре алмай жатыр ғой. Ел көшкен соң, жергілікті кеңселер де көшіп, жайлауға бірге шығып жүр. Сарықопаның бойындағы «Ұшқын» артелінің қасына, кеңсенің тұрақты үйлері биылғы көктемнен бастап қана салынып жатыр. Әзірге іргесі қаланғаны: болыстық мекемелердің бәріне арналған көп бөлмелі бір үй, елу төсектің орны болатын, емдеу бөлмелері болатын дәрігерхана, мал дәрігерлеріне арналған алты бөлмелік бір үй, қырық кісілік монша, залына жүз кісі сиятын клуб, оның ішінде кітапхана болады...
— Көп қой, ағай-ау!— дедім мен.
— Одан да көбейеді, шырағым. «Ұшқынды» үкімет Торғай даласындағы мәдениет ошағының біріне айналдырмақ. Кірпіштен, ағаштан, саманнан өз бетімен, қала тәртібімен үй салам дегендерге үкімет «ссуда» аталатын жәрдем бере бастады. Биылдың өзінде, артельдің мүшелері сексен мың сомдай ссуда алды.
— Дүниенің ақшасы ғой ол!
— Әлі азғантай ол. Алдағы жылдарда жақсы үй салғысы келгендерге, одан әлдеқайда көп береді.
— Кеңселер қашан бітеді?
— Аманшылық болса, алдағы жылдың жазында кіреміз бе деген ойымыз бар...
Біздің Қызбелдің жері қызық: белестене біткен оның «әне тұр!» деген тұсына атыңды қарықтырып әрең жететінің болады. Біз де сөйттік. Әлгінде желбіреп керіне қалған қызыл тулар, із тастай, қашқан түлкінің құйрығы тәрізденіп, кейде бұлаң етіп көрініп қап, кейде зым-зия жоқ боп кетіп, жеткізбей әуре етті. Сонысына ыза болғандай:
— Ағай, осы Қызбел адырының ұзыны мен көлденеңі қанша жер екен?—деп сұрадым Найзабектен.
— Дәл мөлшерін Сақаң білетін шығар,— деді Найзабек Сақтағанды нұсқап.
— Землемермен кезгенім бар,— деді Сақтаған,— ойы-қырын түгел араладым. Сонда землемердің дәлдеп өлшеуінше, шығыстан батысқа қарай көсіле жатқан Қызбел дөңінің ең ұзын тұрқы сексен үш километр және жеті жүз алпыс екі метр екен!..
— Паһ!— деп күліп жіберді Нұрбек,— Сақаңның метріне дейін ұмытпауы-ай!..
— Расында солай,— деп қойды Найзабек маған қарап, «күдіктенбе» дегендей,— бұл Сақаңның памяты деген сұмдық: көзі мен құлағына іліккеннің ешқайсысын ұмытпайды.
— Көлденеңі?— деп сұрадым Сақтағаннан.
— Азар болса, жеңілтек мінезді Нұрбек тағы да күлер,— деді Сақтаған,— қырық бір километр және бір жүз тоқсан метр!..
— Онда,— деді Нұрбек күліп,— ұзыны көлденеңінен екі-ақ есе артық екен ғой?
— Солай екен,— деді Найзабек.
— Ендеше, бұны «Қатынбел» демей, «Қызбел» деп несіне атаған?
— Неге?—деді Сақтаған күліп.
— Демегенде ше?—деді Нұрбек былай да ойнақы сұлу кескінін одан да бетер ойнақшыта түсіп,— көлденеңінен ұзыны екі-ақ есе артық қыз бола ма?..
Нұрбек бұл сөзімен Сақтағанның қытығына тиген сияқты болды, өйткені, Сақтаған үйіндегі жеңгейді көргенім бар да: быртиған жуан денелі ол кісінің, ұзындығы көлденеңінен екі есе емес, бір жарым-ақ есе артық сияқты да; сондықтан, Нұрбектің сөзін өз атына айтылғандай көрген Сақтаған, оған:
— Шайқымазақтана қалатының-ай, сенің!— деп ренжіп тастады. Серік боп келе жатуынан ба, сыйлайтын адамы, ма, Сақтағанның ренішін ыдыратқысы келгендей:
— Мәселе өлшеп-пішуде емес қой, Нұрбек,— деді Найзабек. —«Халық айтса қалт айтпайды» дегендей, халық жер-суға білмей ат қоя ма?.. Жаздыгүні сағымға бөленген шағында, алыстан қараған кісіге, шалқасынан көсіле жатқан қыздың денесі сияқты көрінуі рас қой, Қызбелдің?
— Рас!—деді Нұрбек.
— Өзіміз осы арада туып-өскендіктен бе, әлде расы солай ма,— деді Нұрбек,— талай жерлерді кезе жүре, талай аласалы-биікті белестер мен тауларды көре жүре, дәл Қызбелдей жүрегімді тартып, көзімді қызықтырған жерді көрген жоқпын!.. Шіркін, туған жер, неткен ыстықсың!..
Менің көзімнен жасым ыршып кетті. Оны жеңіммен сүртіп үлгергенше, біз белесіне шыққан деңнің арғы еңісінен төбелеріне қызыл ту тігіліп, ауыл салтымен дөңгелей емес, қала салтымен көшелене қонған кигіз үйлер жарқырай қалды!..
Ұмытып барады екем: манағы бозамықтанған, шынында да таң екен. Ол таң кәзір айқын атып, аспанның шығыс жақ жиегіндегі бұлт қызыл күрең түске боялған. Алдымыздағы үйлердің төбесіне тігілген, таңғы самалға желбірей құлпырған қызыл тулар, анау таң тіккен ұлы тудың бөлшектері сияқтанып, бәрі тұтаса жайнағанда, бүкіл дүние қызыл отаудың үстіне тігілген шетсіз-шексіз қызыл ту сияқтанды да кетті!.. Торғай жерінде атқан осы бір таңның әдемісінай!..
Алдымыздағы ауыл, мен бұрын көрмеген түрде екен. Бұған дейін мен көріп жүрген ауылдардың бұлай көшелене қонбай, дөңгелене қонуын былай қойғанда, бай ауыл болсын, кедей ауыл болсын, «ауыл» деген аты болған соң, бірінде көп, бірінде аз болғанмен, іші-сырты жайылған я жусаған мал болатын. Алысырақ арқандалған бірер ат болмаса, мынау көшелене қонған үйлердің маңында ондай малдардың өзі түгіл исі де жоқ. «Онысы несі?!» деген ойымды айтпай-ақ түсінгендей:
— Бұл ауылдың маңайында мал жоғы ерсі көрініп келе жатқан жоқ па, Бәтесжан!— деді Найзабек бетіме күлімсірей қарап.
— О несі?!—дедім мен, ойымды жасырмай.
— Қулардың бұған қойған аты, — «Қағаз ауылы». Бұнда отырған үйлердің қағаздан басқа бағар малы жоқ...
— Асты қайдан ішеді, сонда?
— Маңайдағы ауылдардан сатып алатыны бар, сыйлап әкелетіндер бар, тамақсыз болмайды...
— Тым болмаса, иті де жоқ екен, алдымыздан үріп шығатын! — деппін мен. Ол сөзімді ұнатпай қалғандай:
— Алдыңнан да үріп шыққан, артыңнан да үріп қуған иттер аз емес қой, енді үргізіп қайтесің оларды!
үр р
Одан кейін аз уақыт үндеспедік.
— Шырағым Бәтес!—деді Найзабек ауылға таяна,— Еркін сені өз үйіне түсір деп тапсырған. Кеше жолаушылап кеткен еді, оралғаноралмағанын білмеймін. Әйеліне тапсырып кетем деген. Аты — Баршагүл. Газет-журнал оқырлық қана сауаты бар адам. Екі баласы бар. Қонақжай, бауырмал, жақсы кісі.
— Сақтаған, Нұрбек!— деді ол серіктеріне,— сендер өз үйлеріңе баратын шығарсыңдар. Мен Бәтесті Еркіннің үйіне апарып саламын.
— Құп!— десті аналар.
Мені қасына ерткен Найзабек, аумағы үлкендеу, түндігі жабулы қоңыр үйдің сыртына кеп, атынын, тізгінін тартқанда, иығыңа биқасаптан тіккен қаптал желеңін жамылған, басына шашақты ақ бөртпе шәлісін орай салған, орта таразы денелі, көркемше кескінді әйел шыға келді.
— Ие, Баршагүл, аманбысың?—деді бізге қарай жүрген оған Найзабек.
— Бәтес деген сіңлің осы,— деді Найзабек Баршагүлге мені нұсқап.
Атымның, шаужайынан ұстап, мені жерге қолтықтап түсірген Баршагүл, туысқанның біреуіндей мені бетімнен сүйіп амандасты.
— Еркін келген бе еді?— деді Найзабек Баршагүлге.
— Жоқ.
— Онда мен түспей-ақ қояйын. Балалар ұйықтап жатқан болар. Бәтес те ұйықтайтын болар. Жолдан шаршап келді.
Өз ерінен басқа еркекпен сапылдасып сөйлесе қоймау бүкіл қазақ әйелінің дәстүрі. Сонысына баққандай, Найзабекке жауап қатпаған Баршагүл:
— Жүр, шырағым, үйге!— деп маған жол нұсқады. Түндігі жабулы кигіз үйге кірсек, іші көлеңкелеу болғанмен, не барын көрерліктей екен. Он, жақта шымылдық түсірулі тұр, оның ішінде балаларының ұйықтап жатқандығы мұрындарының жеңіл ғана пысылдауынан сезіледі. Сол жақта төсегі жиналған бір темір кроват тұр, оның алдында түрілген шымылдық тұр. Төрдегі жүкаяқта бірер чемодан және аздаған көрпе-жастық бар, үйдің төріне кигіз, оның үстіне тықыр кілем төселген. Оң босағаға ақ ши қоршалған.
Ыдыстары мен астары сонда болуға тиісті. Керегенің төр жақ басында азын-аулақ киім ілулі тұр, осылардан басқа бұл үйде ештеңе жоқ.
— Ал, Бәтесжан,— деді Баршагүл,— мезгіл әлі ерте ғой. Жұрт тұрғанша тынық. Анау бос тұрған кроватқа төсек сап берейін де, шымылдығын түсіріп қояйын.
— Жарайды,— дедім мен, жатқым да, ұйқым да келмегенмен, ұйқыдағы үйдің мазасын алмайын деп.
Шымылдығы түсірілген оңаша төсекке жатқаныммен, ұйқым келсінші, енді!.. Өзімді өзім зорламақ боп, көзімді жұмайын десем, алдымда әлде не суреттер қаптай қалады да, кейбірі қорқынышты болғаннан кейін, үрейленіп еріксіз ашам. Не малы, не иті жоқ ауылда қызық болады екен: көзім бақырайып жатқан менің түрік құлағыма, қалғып үлгерген Баршагүлдің қаттырақ пысылы мен балаларының жұмсақ пысылынан ешбір дыбыс шалынбайды. Сөйтіп жатып қалғып кетсем керек, әлдекімнің есіктен кіре берген сыбдырына оянып кеттім. Баршагүлдің де ұйқысы сақ қой деймін, ол да мендей оянып шымылдығының ішінен шықты ғой деймін. Әлде не еркек адамның:
— Бәтес келген ғой, тегі?—деген сыбырына:
— Келді!— деп жауап берді сыбырмен.
— Қалай?
— Қайдам, қалайын. Түн қатып келуден бе, кейістігі бар ма, кескіні құп-қу!..
Ұйқылары қанды ма екен, әлде әкелерінің сыбдыры мен сыбырына оянды ма екен:
— Әке!— деп қосарлана шуласқан екі баланың даусы естілді. Бірі кішкене ұлдың, бірі тіпті кішкене қыздың даусы сияқты. Әкелерінің оларды ақырын үнмен «айналайын!» деп аймалағаны да естіліп тұр. Бұл, әрине, Еркін. Сырттан да әлдекімдердің қаңғыр-күңгірі естіледі.
— Көбірек ұйықтапсыңдар ғой ,— деді Еркін даусын ақырын ғана шығарып.
— Бәтес әлгінде, күн шығардың алдында ғана келді. Мен әрі сол ұйықтасын деп, әрі балалар да ұйқылары қанып тұрсын деп, ертерек оянсам да қозғалмай жатыр ем,— деді Баршагүл.
— Ендеше киін. Ас даярла. Биенің бас сауыны болып қалды.
Ұйқым тағы да ашыла қалған мен, одан әрі жата беруді ыңғайсыз көріп, шымылдық ішінде сыбдырлап киіне бастадым.
Үй ішінің тұрып жайлануына бөгет болғысы келмегендей Еркін тысқа шығып кетті. Іле шымылдық ішінен шыға берген маған:
— Неге жата түспедің?— деді Баршагүл.
— Ұйқым келмейді.
Ойда жоқ адам шымылдық ішінен шыға келуіне таңданып, жатырқағандай, Баршагүлдің өзіне тартқан екі-үш шамасындағы бүлдіршіндей қыз бен жобасы Еркінге келетін төрт-бес жастағы семізше әдемі ұл, шешелерінің көйлегіне тығылып, бастарын ғана қылтитты.
— Мана «қалжырап келген адамды мазаламайын» деп ештеңе деген жоқпын,— деді Баршагүл,— жол жайыңды білем, сапарың оң болсын. Бүркіт осы үйден аттанды. Тіл-аузым тасқа: теңіңді тапқан екенсің, өзінің жан-тәні сенің үстіңде, ағасы сені «артыңнан жіберем» деп қалды, артына алаңдап кетті байғұс бала! Келмей ме деп қорқып ек, келген екенсің. Оның жақсы болған. Атағың шықпағай еді, шыққан соң не қарайлайтыны бар енді!.. Кідірмей аттанғаның мақұл!
Еркіннің тыста жұмыстары болды ма, немене, Баршагүлдің шәйі даярланғанмен, бірталай уақыт тостырып қалды. Баршагүл:
— Қарамай-ақ қойсақ қайтеді?— деп еді:
— Күтейік!—дедім мен.
Баршагүл адамға жұғысымпаз, кішіпейіл, кеңескіш кісі екен. Асын даярлап, бетін жауып қойған дастарқанның қасында отырып, ол екеуміз лезде сырласып кеттік. Қысқаша айтқан өмірбаянына қарасам, ол байғұс та тоқалдыққа алғалы отырған бір байдың қалың төлеген жесірі екен. Амангелді жорығының кезінде бай оған қарсы болған да, соғыс күндері оққа ұшқан. Сол себеппен бай алып үлгіре алмаған Баршагүлді, күйеуінің інісі (о да бай) алам деп қоқыраңдай бастағанда, Еркінмен көз таныс боп үлгеріп, Совет өкіметі Торғайда орнаған жылы алған да қашқан. Оқу жобасына қарасам менен артық ештеңесі жоқ сияқты. Әйткенмен, жол-жоба көргендігіне бағып, ол да маған әйел бостандығы туралы, оны пайдалану туралы ақыл айтып жатыр.
Кешікпей Еркін де келді. Оның қасына қалаша киінген көрікті, сымбатты жас әйел еріп келді. Әдеп сақтап түре келген маған туған ағаның дағдысын жасап, Еркін де маңдайымнан сүйіп амандасты. «Бұл үйдегі ерлі-зайыпты адамдар мені туысқан көріп алғаны ма, екеуі бірдей сүйіп амандасып?» деген ой келді маған.
— Бектасова Әсия деген апаңыз,— деп таныстырды Еркін қасындағы әйелді маған, өзі маңдайымнан сүйгеннен кейін,— Қызыл отаудың бастығы!
— Бәтес дейтін сіңліміз осы екен ғой,— деді Әсия маған қолдасып.— Арызың бойынша шақырттық. Сапарың оң болсын.
Шәй үстіне менің балалық шақтағы мұғалімім Жидебаев Балқаш кіріп келді. Қасында шәлі бүркенген жас әйел, «тегі әйелі болар» деп шамаладым ішімнен. Озық шәкірті болғандықтан мені ол жақсы көріп «Бәтесжан» дейтін.
— Е, Бәтесжан, аманбысың?—дей кірді ол есіктен жылы қабақпен. Орнымнан көтеріле берген маған:—қазақ дастарқан үстінде қолдаспайды, отыра бер, шырағым!— деді.
Үй иелерінің өтінішімен төрге шыққан ол, қасындағы жас әйелге:
— Келінсің ғой, сен дастарқанның төменгі жағына отыр!— деді қалжыңды дауыспен. Төменнен орын алған келіншекті,—«біздің үйдегі жеңгең, шырағым Бәтесжан, аты Жаңыл» деп таныстырды, Балқаш.
Алдына шәшкемен берген шәйді ұрттамай тұрып, тек дастарқаннан жұмсақ бауырсақтың біреуін ғана аузына сап шайнаған Балқаш:
— «Кәртайғанда кәрі боз жорға шығады» дегендей, жас күнімізде көп оқи алмаудың есесін енді толтырып жүрмін, Бәтес шырағым; бұрнағы жылы Тәшкен қаласындағы мұғалімдер даярлайтын институтқа түсуге кеткенімді білесің. Оның бір курсын бітіріп, екіншісінен Қызылорда институтына кешкем, қазір оның үшіншісінде оқимын. Жаз каникулға шыққан соң, бір жағы табыс болсын, бір жағы халыққа пайда болсын деп, бірер айдай осында сауатсыздарды оқыттым. Енді оқу уақыты жақындаған соң жүргелі жатыр ем, сені осында келеді деген, ілгергі жаққа барып оқитын көңілі бар деген хабар естіген соң, өзімнің, жақсы көретін шәкіртім болған соң, мына Бектасова жолдаспен және Ержанов жолдаспен келісіп, бірге ертіп ала кетуге әдейі жолымнан қап тосып жатырмын.
— Осы кісімен жіберуді мақұл көргеніміз рас,— деді Әсия маған қарап.— Бұрын алыс жолға шығып көрмеген екенсің дұрыс бастап апаратын адам табылғаны жақсы болды. Және жай адам емес, оқытқан мұғаліміңіз, жаны шын ашитын адам. Бұл жолдас сені қалаға апарып қана қоймай, оқуға тұратын жерге өз қолынан орналастыруға уәде берді.
— Рас,— деді Балқаш.— Сүйікті шәкіртім, бұған жәрдемдеспегенде кімге жәрдемдесемін?
— Ал енді, біздің кешікпей жүріп кеткеніміз мақұл болар,— деді Балқаш Еркінге.
— Бәтестің келерін тостық қой,— деп жауап берді Еркін Балқашқа,— аттар, әрине, әзір. Түу-түу, ит арқасы қиян жердегі Қостанайға салт атпен жету қиын. Арбасы құрғыр бар ма бұл елде. Өз арбамның әнеукүні арысы сынып, Сарықопадағы ұстаға жіберіп ем, бірер күнде келуге тиіс. Келе салысымен аттарыңды жектірем де жөнелтем.
Менің ойымда, «осылар мені сыртымнан-ақ билеп-төстеп болған ғой. Егер «оқуға бармаймын» деп шалқамнан түссем не істемек?» деймін. Шәйдан кейін:
— Қызыл отау жаққа барсақ қайтеді?—деді маған Әсия.
— Барсақ барайық.
Тысқа шығып жарықта байқасам, беттесе қаз-қатар тігілген жиырма шақты кигіз үй екі ауылдың, жобасына ұқсап, топтаса қонған екен. Бір тобы көбірек, бір тобы азырақ. Солардың ішінде тең жараға жақынның ғана төбесіне ту тігілген, өңгелерінде жоқ. Алысырақтағы үлкен бір ақ үйдің төбесіне тігілген туда езге үйлердегіден қомақтылау, маңдайшасына айқыра керген қызыл шүберегі де кеңдеу, сыртында қызыл матадан жасаған әлем-жәлемі де көптеу. «Қызыл отау дегені сол болар» деп шамаладым ішімнен. Мені ерткен Әсия сол үйге қарай беттеді. Жолшыбай ол маңайдағы үйлермен таныстыра бастады:
— Екі ауыл сияқты боп жобаланып түр ғой бұл үйлер. Бір жобасында болыстық кеңселер, олар көбірегі азырақ тобы біздің қызыл отаудың қарамағында.
— Неше үй, сонда, қызыл отау қарамағында?— деп сұрадым.
— Алтау. Анау тұрған үлкен ақ үй — қызыл отау, онда түске дейін қыздар оқиды...
— Қыздар??!
— Ие!.. Бас бостандығын іздеп келген қыздардың сауатсыздарына хат танытып жібермек боп жатырмыз. Кәзір олардың саны қырыққа жетті. Түстен кейін қызыл отауда сот мәжілісі болады. Оның жәйін кейін түсіндірермін. Қызыл отаудың оң жағындағы боз үй — оқитын қыздардың жататын жері, сол жағындағы — сот қызметкерлерінің, жататын жері. Бір үй шақырумен келіп-кетіп жататындарға арналған. Анау бір қараша үйде қызыл отау адамдарына тамақ пісіріледі. Сонау дөңесте оңашарақ тұрған үлкен қоңыр үй, уақытша абақтымыз...
— Абақты?!—дедім мен шошығандай.
— Ие, шырағым, абақты!— деді Әсия нық дауыспен,— ырыққа көнбеймін дейтін қылмыстыларды қамап тастайтынымыз да болады. Сот үкімімен абақтыда жату жазасын кесетіндеріміз де бар...
— Қаншаға?..
— Қылмысына қарай: үш айдан үш жылға дейін...
— Көп қой, апай-ау!..
— Одан да көбі бар, шырағым. Атылатындары да бар...
— Астапыралла!— деппін әжемнің дағдысымен...
— Ондай жазалыларды тергеу, жазалау жұмысын қаладағы Жоғарғы соттарға жолдаймыз... Бізде кімдердің жазаланатынын көруге болады. Бүгін дем алысымыз. Ертең түстен кейін қаралатын біраз азаматтық және қылмысты істер бар!..
— Ол қандай істер?
— «Азаматтық» деп біреуде біреудің кеткен есесін әперуді айтамыз, «қылмысты» деп біреуге біреудің көрсеткен зорлықзомбылығы үшін, қылмыстыны жазалауды айтамыз.
— Түсінікті.
«Қызыл отау» деген үйге жақындай берген шақта:
— Қыздардың үні шықпайды,— деді Әсия,— олар жатақ үйлерінде сабақтарын жаттап жатқан болар, әуелі соған кірейік.
Біз үйге кіріп келгенде, ортаға тақтайдан ұзын ғып жасаған столдың төңірегінде кейі жазумен, кейі оқумен шұғылданып отырған көп қыз, әлденеге селтиіп түре келісті.
— Отырыңыздар!—деді Әсия оларға.
Бәрі шапыр-шұпыр отыра қалысты. Танып қарай ма, танымай қарай ма, бәрінің де көздері менде. Өз ойымда «құдай біледі, бәрің де менің кім екенімді жорамалдап я біліп, «атақты Бәтес осы боларау!» деп таңдана қарап тұрсыңдар-ау?» деген сөз тұр. Қыздардың неге қарауын Әсия да түсінгендей:
— Біреуіңе апа, біреуіңе сіңлі болар, шырақтарым, бұл бала,— деді қыздарға мені нұсқап,— аты Бәтес...
«Сол осы ма?!» дегендей бәрінің де көздері бажырая қалысты.
— Бұл да өздеріңдей бас бостандығын іздеген және өнер-білімге ұмтылған қыздардың бірі,— деді Әсия, қыздардың бажыраюын ұнатпағандай,— ескіліктің шырмауынан енді ғана құтылып, аяғын азаттық жолының шетіне жаңа ғана басқан беті.
Әсия маған «отыр, шырағым, таныс мына құрбыларыңмен» деп, сығылысқан қыздардың арасынан орын нұсқап еді, олардың көз қарастарын шамалаған мен, тезірек шығып кетуді ойлап, отырмадым. Сөйтіп тұрып, қыздардың жобаларын көзіммен шалып, олардың түртұлғалары тұралы ойланып та үлгердім: «Иә, қырық шамалы бар. Бірақ, қыз ба осының барлығы? Ең алдымен, егер бәрі де қыз болса, жұп-жұқа көйлекпен неге отырады бәрі?.. Ауылдың қай қызы олай отырып көріп еді?.. Қашан шәлі астына түскенге дейін қыз байғұс төсін жан адамға көрсету түгіл, барын білдірмеуге тырысып, кеудесін тақтайдай тегіс қып таңып тастамайтын ба еді?.. Сонда да сезіліп қалар дегендей, төсегіне жатқанда ғана болмаса, төсі білінген қыз, жеңсіз төс қамзолын үстінен тастаушы ма еді?.. Ендеше, мына қыздардың төстерін едірейтіп көйлекшең отырғандары несі?.. Әлде бұл, мен көру түгіл естімеген жаңа тәртіп пе екен?.. Не тәртіп болса да, мен мұндай ұятсыздыққа көне алман!..»
«Расында да осының бәрі қыз ба?— деп жалғастырдым ойымды,— әне біреулерінің кескін-кейіптері қызға келіңкірейді. Ал, мына бір беттері әжімделіп қалған, төстері иттің басындайы кімдер?.. Біздің елдің Орынбор жағына шектес отыратын Жағалбайлы — Жаппастар қыздарын отызға келтірмей ұзатпайды дейтін еді, сөйтіп отырып, кейбірі перзентті де боп қалады дейтін еді, әлде әжімділер, сондай кәрі қыздар ма екен?.. Біздің жерде «кәрі қыз» аталатын қурай өседі, қасына жанасып кетсең-ақ, қап-қара, ұп-ұсақ бүршіктері киіміңе жабыса кетіп, тырнап түсірмесең айырылмайды. Мынау кәрі қыздар да сондай пәлелер ме екен?..»
Қыздар мен менің көз қарасымның қабыспауын жобалағандай болған Әсия:
— Ал, шырақтар,— деді оларға,— сендер сабақтарыңмен шұғылдана беріңдер. Мен мынау Бәтеске қызыл отаудың өзге үйлерін де таныстырайын. Үйінен бұндай жолға шығуы бірінші рет болу керек, көрсін бұндағы жайларымызды білсін. Кім біледі, ертең өзі де осындай қызыл отаудың бірін басқарып шығар...
Әсия екеуміз тысқа шыққан соң:
— Апай!— дедім мен оған.
— Әу, Бәтесжан.
— Еркін ағайдың үйіне барсақ қайтеді?
— Неге?!..
— Біз өткен түні көз шырымын алған жоқпыз. Одан бұрынғы бірер түн де мен үшін тиышсыз болған. Мана ұйқым келмегенмен, енді маужыраңқырап тұрмын.
— Ә, болсын!—деді Әсия.— Мен апарып салайын.
— Өзім де барам ғой...
— Болмайды ол. «Шығарып салғанның жолдастығы жоқ» деген.
Еркін үйіне келе жатқан бетімізде, Әсия маған ауылдағы тап тартысының, әйел теңдігінің, советтік істердің, кейбір өзгешеліктерін ұғындыруға тырысып, бірталай әңгіме айтты. Олардың ешбірі құлағыма кірген жоқ. Менің ойымды билеп келе жатқан нәрсе: «шөлдің дуадағы сияқты, ең далада еркін жайылған жан едім, енді, міне, тағдырым мені айдап әкеп, «Қызыл отау» аталатын көлге қондырды. Көлге қонған я мекендеген дуадақты ешкім көрмек түгіл естіген де емес. Ендеше мына көлді мен мекендей аламын ба, жоқ па?.. Я қонуын немесе жүзуін білмей, тұңғиығына батып кете барам ба?»
Әкеп салған Әсия Баршагүлге мән-жайымды айтқаннан кейін:
— Болады!—деді ол.— Түндікті жабам, іргені түріп самал соқтырып қоям. Шымылдықты түсірем. Төсегін жайлы ғып салып берем. Содан кейін тірі тышқанды жорғалатпаймын, тірі шыбынды ызыңдатпаймын. Балалар басқа үйде ойнайды. Ауылда мазалайтын мал, үретін ит жоқ. Босқа шулайтын бейсауат адам да жоқ.
Баршагүл жасап берген осындай жағдайда, манағы кроватыма шешіндім де жаттым. Одан кейінгі менің халым, туған жерімнің көктем кезіндегі аспанына ұқсады да тұрды. Ол кезде біздің аспанның құбылмалылығы ғажап: ап-ашық тұрған аспанға әп-сәтте бұлт үйіріле қап, одан әп-сәтте ашыла қап, торланған бұлт аспанның еш жеріне тоқырамай, кейде олай, кейде бұлай ауытқып, біресе сіркіреп, біресе нөсерлей құйып, біресе қаһарлана төніп келгенімен жаумай өтіп... дегендей, күніне әлденеше құбылады да жатады. Кроватқа жатқаннан кейінгі менің ұйқым мен ойым да дәл сол аспандай құбылды. Бір рет маужырап, бір рет қалғып кетіп, бір рет ояна қап, кейде шошып оянып... дегендей, ұйқым құбылды да жатты. Ойым да сондай: қалғып кеткен минуттарымда шым-шытырық түс көрем, ояна қалған минуттарымда әлде не бытықы-шытықы ойлар сапырылысады да кетеді. Сондай шатасулардың арасында, басыма ұялайтын жалғыз ғана дені дұрыс ой: өзімді ауылдан алып келген Найзабегін, Сақтағанын, Нұрбегін, бұндағы Баршагүлін, Еркінін, Әсиясын қосып, бәрін тұтас алғанда, беттерінен бетіме, бұған дейін тиіп көрмеген жылы леп тиетін сияқты...
Біраз уақыт осылай өткеннен кейін сырттан:
— Баршагүл!—деген даусы естілді Еркіннің анадайдан.
— Әу!— деді сол тұстан Баршагүл.
— Әлгі Бәтес әлі жатыр ма, жоқ тұрды ма?
— Білмедім. Үйге кірген жоқпын.
— Асың ше?
— Ол даяр. Піскен еттің астындағы отын сөндіріп, суып қалмасын деп қазанның бетін қақпағымен бүркеп қойдым.
— Ендеше бар да, ұйықтап жатса оят Бәтесті.
— Ояу болса көрейін. Ұйықтап жатса оятпаймын.
— Неге?
— Қанып тұрсын ұйқысы.
— Қанады ғой ұйқы. Күн кешкіріп қалды. Біраздан кейін тағы да ұйықтамай ма? Күндіз көп ұйықтаса басы ісіп кетеді. Таңертең шәйға ғана ернін тигізіп, басқа ас ішпеген. Қарны да ашқан болар, оят.
Баршагүл есіктен кіре бергенде, басымды көтеріп түрегелдім де, киіне бастадым. Сыбдырымды естіген болу керек, Баршагүл шымылдық ішіне кіре берді де:
— Ә, өзің де тұрып жатыр екенсің ғой,— деді маған,— ағаң оят деген еді. Ас даяр.
Киініп тысқа шығып, дөң астына кетіп қайтып оралсам, Еркіннің үйінде Әсия, Найзабек, Сақтаған, Нұрбек бар, танымайтын тағы біреулер бар, бірталай адам отыр екен. Қазақ қызында қолдасып амандасу түгіл, сөйлесіп амандасу да бола ма?.. Амандасқан адамға ол ернінің ұшын ғана қыбырлатпай ма?
Үйге сол әдетті сақтай кірген мені: «Қарағым, мұнда кеп отыр!» деп Әсия қасына алды. «Бәтес деген бала осы» деп таныстырды ол танымайтындарға. Манағы қыздардың көздері сияқты: «Ә, осы ма?!» дегендей, олардың да көздері маған түйіле қалысты. Мен жерге қарадым. Осы бір таңдана және тұтаса қараған көздер, ақыры, мені жеп тынбаса не қылсын!..
Сырттан әлде не жігіт, бетіне дастарқан жапқан ұзынша ағаш астауды көтеріп кірді де, оң босаға жақта отырған Еркіннің алдына әкеп, әуелі астауды жерге қойып, одан кейін, бусаған еттің бетінен дастарқанды ашып, Еркіннің алдына жайып, астауды соның үстіне қойды. Содан кейін:
— Құрметті қонақтар,— деді ол қалжыңды кескінмен,— біздің үйде қой жоғын білесіңдер. Қанжығалы Асаубай шешен айтты деген сөз бар:
Бар болса, сойып бергеннің жөні бар, Бір тоқтыда он кісінің құны бар.
Сойса қозы өледі,
Соймаса өзі өледі,
Соймаса қан шықпайды.
Құр тілден май шықпайды.
деп. Сол айтқандай, анау Бәтес бала үйімізге кеп түсе қалған соң, мал соймауға қиналып, қой баласын іздестіріп таба алмай, ұялсақ та мына бір тушаны біреуден сатып ап сойып, қонағасысына тартқалы отырмыз...
— Бала ғой, баланың сыбағасына осы лайық қой,— деді біреу.
Алдымызға әкеп қойған астауға қарасам, тушаның еті семіз де екен, түгел де асылған екен және не қатаң болмай, не жидіп кетпей, бабында әдемі піскен екен. Асқа бапты Баршагүл жеңгей тұздығын да тамаша татытқан екен. Тұздыққа ол таулық жерде ғана өсетін тау жуаны, құмда өсетін көсікті араластыра турап, ыстық сорпаға бұқтырып қойып жасаған екен. Біздің араның үлкендігі қошқардың асығындай тау жуасының иісі бұрқыраған тамаша келеді; көлемі үйректің жұмыртқасындай буылдығын қоламтаға көміп я сүт пен сорпаның біреуіне сап пісірсең, аузыңда үгіліп, дәмі қант татып тұрады; ұзындығы табан қарыс, түбінің жуандығы тұтамға толатын көсікті де не қоламтаға көміп, не сүт сорпаға қайнатып жесең, тәтті дәмі балқаймақ татиды... Бұлардың біріншісі — біздің арада жабайы өсетін сарымсақ, екіншісі — картоп, үшіншісі — маркоп. Осыларды араластыра турап, тұздығын татыта құйған жас малдың, әсіресе, жеуге жеңіл ешкі баласының етінен дәмді не бар дейсің!..
Ешкі баласының етіне Мен үйде жүргенде өте құмар едім. Әжем «жеме, жарамайды» деп тыйғанмен, кәрі жіліктің жүрегіме тимейтін көк етін жеуді жақсы керуші едім. Одан соң жақсы көретінім: бүйрек пен тілі болушы еді. Сондай жақсы көретін еттерім бусанып алдыма келе қалғанмен, тұздығының бұрқыраған әдемі исі мұрнымды қытықтай қызықтырғанмен, көңілсіздігім бе, әлде ұйқымның қанбауы ма, ет мені тартпай-ақ қойды. Бедірейіп жемей отыруға ұялып, бірер жапырағын аузыма салып көріп ем, жүрегім айнып құсқым келгендей боп әрең жұттым. Одан кейін, астау басындағылар: «Же, шырағым!» деп қайта-қайта айтқанмен, біреулері: «Түк те жемедің ғой» дегенмен, мелшиіп қаттым да қалдым!..
Менің көңілсіздігіме қарауларынан ба, әлде қызметтері бар ма, астан кейін, күн батар алдында, табақтас болғандар тарап кетті. Мен «басым ауырады» дедім де, тағы да төсегіме жатып қалдым.
Қас қарая мен бұрын аса қызыға қарайтын тағы бір нәрсе басталды. Тегі алтыбақан құрылып, соның төңірегінде жастардың сауығы басталды ғой деймін, қызыл отау жақтан дауыстарын қоса әндеткен қыз-бозбалалардың үндері естіле бастады. Бұндай сауыққа мен «ұл» боп жүрген кезде де, «қыз» бола бастағаннан бері де желөкпе адамның бірі едім. Әжем мені езге ойындардан қақпайлағанмен, алтыбақанға жібермей қойған емес. Қатынасатын алтыбақанда, әткеншек тебушілер мен ән салушылардың жуан ортасында болатын едім, жұртқа да, өзіме де, бұл ойынның менсіз сәні жоқ сияқты еді...
Енді, шаршап жатуымнан ба, әлде сауықтың қызуы кеудемде суып, я сөніп қалған ба, қызыл отау жақтан естілген тамаша әндер, ызыңшулар қызықтырудың орнына мазамды алып, мен қайткенде оны естімеудің айласын таба алмай әуре болдым... Аздан кейін мені алтыбақанға шақырушылар келген еді, «ауырып жатырмын» деп бармай қалдым. Сөйтіп жатып ұйықтап кетіппін...
Балалардың шарылдасқан даусына оянып кетсем, түндік жабық болғанмен есік ашық екен. Басымды көтеріп шымылдықтың етегінен қарасам, далада жарық, күндіз. Қатты ұйықтаудан ба, қатты ойдан ба, басым зеңгіп қапты. Шарылдасқан, осы үйдің ойнап отырып төбелескен екі баласы екен. Кеше күндіз байқауымша кішісі шақарлау сияқтанған, үлкенінің білегінен қыршып ап жылатып қойған. Және өзі «пәлеқор» сияқтанып, тістеп жылатуымен қоймай, «үлкені ұрып тастай ма» дегендей байбалам сап босқа бақырған. (Кәкен екеуміз де кейде өстуші едік, мына кішкене қыздай, мен де Кәкенге бұрын соқтығып жылатып қоятын ем. О да бір қызық дәуір екен-ау!.. Шіркін, қайта айналып келер ме еді!..) Кәзір де кішкене қыз сонысын қайталап отыр ғой деймін: ағасын жылатып қойып, өзі босқа бақырып отыр!..
Баршагүл даладағы жабдықтарында жүріп, балаларының шарылдасқан даусын естіген болу керек:
— Қап, Бәтеске ұйқы бермеді-ау бұлар!— деп үйге кейи кіріп еді:
— Оянып жатырмын, апай!—дедім мен шымылдық ішінен,— кәзір тұрып жуынам.
— Сөйтсең, сөйт, шырағым!.. Әсия кеп кетті жаңа. Ол сені таңертеңгі шайға шақырды. Тосып отырмыз дейді.
Ол үйге мені Баршагүл ертіп барды. Әдейі жасағаны болу керек, жиналған оншақты адамның бәрі әйел екен. Олардың да көзі менде!..
Менің ең жақсы көретін асымның бірі, ішіне жаңа ғана іріткен ақ ірімшік сап аздап торталы сары май құйып пісіретін тұшпара болушы еді. Әсия қамырын ақ ұннан илетіп сондай тәтті тұшпара жасатқан екен. Бүгін ұйқым да қанған. Басымның манағы зеңгуі де басылған. Салт ат соққан денем де бүгін жадыраған. Кеше жатырқаған жаңа жағдайға бүгін бойым да үйреніп қалған сияқты. Екі күннен бері тамақ жемегендіктен, мана тұрғаннан кейін қарным да ашқан тәрізді еді. Енді мынау әйелдердің таңдана қарауына тағы да қитыға қалдым ба, немене, көзім қызыққан, исіне құмартқан тұшпараны тағы да мекілік атып жей алмауым бар емес пе?.. «Же, же» десе де ештеңені өндіріп жей алмаған соң, кешеден бері тамақты нашар ішуімді бақылап жүрген Әсия:
— Байғұс бала-ау, қалай тіршілік жасайсың бұл тамақ ішкен түріңмен? Бұрлығып өлесің ғой, бұл қалпыңмен!— деді.
— Ал, Бәтес!— деді Әсия, шәй жиналғаннан кейін,— кешікпей қызыл отауда қыздардың оқуы басталады. Ішінде болам десең еркің.
— Болайын,— дедім мен көргім кеп.
«Қыздар» дегендері — кешегі көргендерім. Оларға сабақ берушілердің біреуі Әсияның өзі екен. Күндегі әдеті ме, әлде, бүгін маған әдейі көз ғып тұр ма, оқу басталардың алдында Әсия оларға «Интернационал» әнін айтқызды. Бұрын біреулердің жеке айтқанын көргенім бар еді де, көпшілік қосылып айтқанын көрген жоқ едім. Енді Әсияға қырық қыз қосылып айтқанда, тамаша боп естіледі екен. Одан кейін:
Ал, қазақ кедейі,
Ұйымдас жалшымен,
Байларды, молданы Қойдай қу қамшымен,—
дейтін өлең әнімен айтылды. Оған қосылып тұрған қыздар: «сен де сол байлар мен молдалардың бірінің қызысын ғой» дегендей, маған қарап жымыңдасып қояды.
Әсия оларға «Саяси сауат» деген сабақты оқытады екен, онысы, жаңа айтқан екі өлеңнің баяндауышы сияқты. Бұрын ондай сабақты оқымауымнан ба, әлде, Әсияның байларды даттап, кедейлерді жақтап сөйлеуі құлағыма жақпағандықтан ба, маған онша қызғылықты естілген жоқ.
Жағрапия мен жаратылыстан оқытқан тағы екі сабағын тыңдап көрсем, сұраған, жауап берген түрлеріне қарағанда, бұл қыздардың қайсысының.болса да білімі менен әлдеқайда төмен сияқты. Олай ойлауымды айтпай-ақ түсінгендей, үшінші сабақтан кейін:
— Сенің енді пәтер үйіңе барып тыныға тұруыңа болады,— деді Әсия маған.— Түстен кейін сот мәжілісін жүргіземіз, онда да болуыңды өтінем. Мына тыңдағандарың кітап сабағы болса, сот мәжілісінен өмір сабағын аласың.
Расында да солай екен. Ортасында жарты сағаттық үзіліс боп, бес сағатқа созылған ол күнгі мәжілістің алғашқы жартысында жалшылардың байлардан еңбек ақы даулаған арыздары, екінші жартысында, әйелдердің теңдік сұраған арыздары қаралды.
Кәзіргі заң бойынша, жалшылар байлардан бұдан он бес жыл бұрын кеткен еңбек ақысына дейін даулай алады екен. Сондай заң барын естігеннен кейін, жалшылар қызыл отау атына арыздарын жаудырған да жіберген. Қызыл отау соты арызға емес, дәлелге қарайды екен. Дәлелі толық көп арыздың ішінде «байды жалшыға бәрібір жығып береді» деген дақпыртпен бейкүнә арыз бере салушылар да кездеседі екен. Ондай бірер «жалшы» сот алдында күлкі боп шықты. Ал, басым көпшілігінің арызы шын. Олардың біразы өз көзімізбен де көріп жүрген істер. Енді соның бәрі жиналып сот алдына кеп, дәлеліне қарай үкім шығарылғанда іштей риза боп та отырады екенсің. Өткен патша заманында, байлар жалшыларды қалай қатты қанаған!
Азаттық сұрап берген әйелдердің арыздарын қарағанда ішінде отыру, маған әрбір істен бір кітап оқып шыққандай қызғылықты білім берді. Әрбір көркем шығарманы оқығанда, ішінде қайғыратын да, қуанатын да, жылайтын да, күлетін де жерлерің болуы сияқты, мына істердің де әрбірін тыңдағанда сөйтеді екенсің. Бірнеше мысал:
Бірінші: Мәжен деген кісінің, жеті әйелінің алтауы азаттық сұрап арыз беріпті. «Бұ не деген көп әйел?» деп ойласам, Мәжен өз тұқымынан өлген аға-інілерінің әйелдеріне «әмеңгерім» деп неке қиғыза береді екен де, араларында өзі қонақтап жүреді екен. Қазақтың үйленген әйелін меншігі көріп, ұрып-соғуға ерікті болатын әдеті. Мына Мәжен шәлкес мінезді адам болады екен де, аяқ салған әйелдің басына қымс етсе қамшы айырмай сабай береді екен. Енді, Мәжен, Совет өкіметі орнап, әйелдерге теңдік тигеннен кейін кіжіңдейін десе: «Жоқ, Мекалай заманы емес!» деп әйелдері қарсыласа кететін көрінеді. Бұрын бауырлап алған әйелдерін, Мәжен әлі де сол қыспақта ұстайын десе, әлдекімнің ақыл беруі ме, «құдай» өз көкейлеріне ұялатты ма, әйелдері азаттық сұрап қызыл отау сотына арыз береді.
Сот арыз берген алты әйелді де алдырған екен. Солардың сұраужауаптарына кейде шегің қата күлесін, кейде жаның ашып жылайсың. Мәженнің өзі, жасы жетпісті алқымдаған, бірақ сақалшашы қап-қара түрінде сақталған, тілі шолжың кісі екен. Оның жауаптарын, әйелдерімен жауаптасуын тыңдағанда да, кейде шегіміз қата күліп, кейде жыламағанмен, оны аяп та отырдық.
Өйтпегенде ше?.. Бұрын билеп-төстеп алдым деген әйелдері, енді сот алдында өзің арадай талаған шақта: «Қыздай алған қатыны жоқ кісінің күні осы ғой!» деп жылап жіберді. Онысы маған аянышты көрінді.
Екінші: Шалабай деген аса бай кісі сексен екі жасында қыздай әйел алған екен. Әйелі сымбатты да, көркем де кісі екен. Кәзір ері тоқсан жаста, әйелі 25 жаста. Ерімен арасында соншалық алшақтық бар жас әйел, ұрлық жолымен болса да теңін таппай қоя ма? Ол қылығын білген ері бұрын сабайды екен де, енді совет заманында сабаймын деп қожыраңдайды екен. Совет заңы құлағына тиген әйел, бір күні ұрамын деп ұмтылған шалдың өзің төмпештеп тастаса, алды алпысқа келген, алты отау боп кеткен ұлдары жиналып алады да, әйелді сабайды. Осы іс қызыл отау сотында қаралғанда, бұл шалды да мен аяп кеттім. Тегі, алжыған ба, немене, бейшара, (бірақ жүрісі пысық, сөзі мығым), соттың хатшысы әйелін айыру туралы үкімді оқығанда, шал әйеліне қолын созып: «Қыздай алған қатыным-ау, шыныңмен кеткенің бе?» деп еңіреп қоя берді...
Үшінші: Қалия деген біреу (әйелдің атын қоюын-ай!) орта дәулетті, өзі палуан адам жігіт шағында үйленеді де, егде тартқан кезде әйелі өліп, артында бой жетіп отырған сіңлісін «балдызым» деп алады... Біраз жыл отасқаннан кейін ол әйелі де өліп, оның сіңлісін тағы алады... Ол да бірер жылдан кейін өледі... Осы кезде жиырма бірінші жылдың ашаршылығы боп, қайын жұрты түгелімен қырылғанда, он бір жасар қызы ғана жан сақтайды. Осы кішкене баланы, «балдызым» деп Қалия тағы алады... Бұл істі тыңдау, жан түршігерлік жұмыс болды...
Төртінші: Өгізбай деген байдың жас тоқалы арыз беріп, қызыл отау соты оны босатқанда, қайқы мұрын қара, жуан бәйбішесінің: «Құтқардың ба құдай-ау, құтқармадың ба құдай-ау!» деп байын бас сап, үйді басына көтере жылағанын, байы оны кеудеге итеріп: «Өлсем де жібермеймін!» деп тоқалына ұмтылғанын көрсең!.. Бұған да сотқа қатынасушылар қыран-топан!..
Бесінші: Қартаңдау жастағы Қабанбай дейтін бай кісі өледі де, шамасы, сол кезде алпысқа таянып қалған әйелі, «әмеңгерім» деп, жиырма жастағы қайын інісіне қосылады. Жастығы ма, әлде байлығына қызықты ма, ол кезде еркімен алған жігіт, енді желігіп, жуырда жас әйел алады. Басқа істері жоқ кемпір, жігітті еншісіз қумақ болады. Жігіт енші даулап қызыл отауға арыз береді. Осы іс қаралғанда да, қатынасушылардың шек-сілесі қатып бақты...
Өзгелеріне тоқтамай-ақ қояйық. Әсияның айтуынша, бұл араға қызыл отау келген аз ғана күннің ішінде, жүзге жақын әйел бас бостандығын алған. Ақысын даулап алған жалшылардың саны жүз елуден астам.
Аз күнде не деген көп жұмыс қаралып біткен! Баяғыда біреу, бір үйдің ірі ботасын көріп, «бұның түйесі қандай екен?! депті ғой. Сол айтқандай, қызыл отауы мынадай жұмыс атқарып жатқан Совет өкіметінің, бұдан зор мекемелерінің атқарып жатқан істері қандай екен?
Бірақ, мен осы қызыл отау маңынан тез кеткім келеді. Өйткені, расы солай ма, әлде қорыққанға қос көріне ме, бұл маңайда бетіме кім қараса, сол маған: «Елден, жұрттан шыққан бұзылған қыз!» дегендей болады да тұрады. Өйтіп «әй кәпір» атанып жүруден көрінбей жоғалсам болмай ма? «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» демей ме қазақ? Ит құрлы жоқпын ба мен?
Жүріп кетудің сәті де түсе қалды. Қызыл отауға үшінші түнердің кешінде, Еркіннің түзетуге берген тарантасы кеп қалды. Қостанайға дейін қажымай апаратын пар ат та даяр болды. Сол күні кешке Әсия мені өз қасына қондырып, ертеңіне таң салқынымен сапар шегетін болдық. Серігім болса-болмаса да Балқаш пен оның әйелі Жаңыл.
Әсия үйіне барардың алдында, Еркін: «Сен сыртта жүре тұр, үй маңына кісі келтірме!» деп әйелін шығарып жіберді де, өзі менімен біраз уақыт әңгіме жасады.
— Ал, шырағым, сонымен жүретін болдың ғой енді?— деп бастады ол сөзін.
— Солай ұйғардық қой.
— Жақсы тілектер бұрын да болған, кәзір де бар, сондықтан, ең алдымен айтар тілек-батам — сапарың оң болсын.
— Рахмет, аға.
— Екінші айтарым: біздің еліміздің дәстүріне аға мен қарындастың бірін бірі қатты сыйлайтыны бар. Біз екеуміздің, арамызда туысқандық ешбір байланыс болмағанымен, әлде не себептердің салдарынан, туыс адам сияқты халге жеттік. Егер сен бұл ұсынысты қабылдасаң, бұдан былайғы уақытта, мені ең жақын, ең адал туысыңның бір көруіңді өтінем.
у р ру
— Оған мен әзір, аға!
— Туысқандық жөнінен айтатын аз ғана әңгімем бар, шырағым.
— Тыңдайын, аға.
— Ең алдымен, мен сені жақсы көрем, сондықтан жаным шын ашиды. Алдымен, жақсы көретін себебімді айтайын: Бүркіт деген бала бар, таптық жағынан ол менің жауым, өйткені, оның әкесі Әбуталыппен екеуміз өмір бойы қандасып келе жатқан адамбыз. Қанша араздасты дегенмен, баланың аты бала, әке мен бала бірін бірі өкпеге қиғанмен, өлімге қимайды...
Өз әкем есіме түсіп кеткен мен, ауыр күрсініп алдым.
— Көрдің бе?— деді неге күрсінгенімді түсіне қалғандай болған Еркін,— өз әкең де есіңе түсіп, ішің уылжып кетті ғой?
Мен теріс қарап жылап жібердім.
— Жылама, шырағым!—деді Еркін,— бекіт буыныңды!—
Уақытымыз аз. Сөз тыңда.
Мен жеңіммен көзімді сүрттім.
— Әңгіме әке мен бала туралы еді ғой, шырағым,— деп жалғастырды Еркін сөзін,— дәлдеп айтқанда, Бүркіт пен Әбеу туралы еді ғой. Әбеу еңбекшілердің яғни біздің тап жауымыз, сондықтан, осы күш, яғни Совет өкіметі осы қалпында тұрса, біз Әбеу және сол сияқты адамдарды тап ретінде құртуға тиістіміз, яғни, еңбекші тапты қанауға қолданатын бар құралын қолынан сыпырып ап, одан әрі, егер маңдай терін төгіп жұмысқа араласам десе, еңбекке араласуына мүмкіндік беріп, қарсылық көрсетсе жазалаймыз...
— Сен үшін қиындау кеңеске кетіп барады екем,— деді Еркін аз кідіріп,— тап тартысы деген өте ауыр мәселе. Ол да ғылым. Оны білу үшін мектебін өту керек. Мен саған бұл арада саяси сабақ оқытқалы отырған жоқпын, сөздің сырағысын ғана айтып отырмын. Оным:— әкесін дұшпан көретін Бүркіттің өзіне қалай қараймын мен?
— Жақсы қарайтыныңызды айтады.
— Себебін айта ма оның?
— Айтады.
— Айтса, сол!.. Бүркітті жақсы көргендіктен, ол сүйетін сені де жақсы көріп кеттім. Екі жақтан жақсы көрдім мен сені: біріншіден, жолыңда қандай қиындық кездессе де, бас бостандығыңа талмай ұмтылуың үшін, екіншіден, Бүркітке деген махаббатыңның айнымас беріктігі үшін. Белгісіз дұшпандарыңның араларыңа от жағу салдарынан, жуық арада екеуің айрылып кеттіңдер. Енді сол үзілген жіпті қайтадан жалғастыру талабына кірісіп отырсыңдар. Менің тілегім — осы жіптің қайтып үзілместей болуы!
- Рахмет, ағай!— дедім мен. — Бірақ, шынын айтқанда, жалғаса қоюы да оңай емес, ағай! Өзіңізге мәлім альбомның қалай жасалуына және бұл істе Бүркіттің кінәсіздігіне көзім жеткенше, менің оған осы суыған көңілім суыған. Расымды айтқанда, мен бұл сапарға оқу үшін емес, альбомдағы сүгіреттердің анығына жету үшін шықтым. Ылайымда Бүркіт ақ болып шықсын!... Онда бәрінің де реті табылады. Ал, егер қара болды бар ғой, аға, одан кейін маған оқу түгіл өмірдің де керегі жоқ.
— Бұл менің бойым сыймайтын іс,— деді Еркін,— менің тек қана: өтінішім, асықпа, саспа, не істесең де, істің анығына көзің күдіксіз жетіп алғаннан кейін істе!..
— Әрине солай болады!
— Әкел, шырағым, осыған қолыңды!
Екеуміз қол алыстық.
— Ертең сендермен бірге Найзабек пен Нұрбек те жүреді,— деді Еркін.
— Неге?
— Байлар осы күні құтырған қасқыр сияқты, өлеріне қарамай тұра шауып, тарпа бас сап, шамасы келсе талап жеуден қашпайды. Қостанай бұл арадан көп жер. Жолда да елсіз-күнсіз айдалада, ылдилы-өрлі белесте, жыныс орман да кездеседі, Қайын жұрттың ба, басқа бір дұшпандарың ба, солардың бір жерінде тосып тұрып, шабуыл жасауы мүмкін. Ондай жерде қастарыңда қарулы адам болмаса болмайды...
— Ондай ниетке кірмесін,— дедім мен, жүрегім қобалжи қап,— кіре қалса, екі милиция төтеп бола ала ма оларға?!
— «Бір мылтықтың аузына жүз адам сыяды» дейді қазақ. Мәселе атысуға келсе, Найзабектің жалғыз өзі жүздеген кісіге төтеп болады. Ол Памир тауында жападан-жалғыз, бір топ мылтықты басмашымен р у р
күн ұзын атысып, көбін қырып тастаған адам. Соғыста жүрегі тас сияқты, бір өзі құралды қалың қолға қойып кетуден тайсалмайды. Және өзі «құралайды көзден атады» дейтін мерген, атқан оғы мүлт кетіп көрген емес.
— Ал, шырағым,— деп қорытты Еркін кеңесін,— оңашада айтайын дегенім осы еді, енді анау шақырған үйіңе бар, жеңгең апарып салсын!..
Әсияның үйіне іңірде барсақ, жалғыз өзі ғана отыр екен.
— Бүгін, бір... оңашада... кеңесіп жатайын деп... басқа ешкімді шақырмадым, Бәтесжан!— деді ол.
Баршагүл даяр тұрған шайдан бірер шәшке ішті де кетіп қалды. Әсия екеуміз төр алдына қатар салынған төсекке қатар жаттық.
— Ұйқы келгенше кеңесейік,— деді Әсия,— сырттан ешкім тыңдайды деп ойлама, күзетке қойған милиция бар.
Әсия маған бақыт жолын қалай табу туралы, кездескен бөгеттерді қалай жеңу туралы, оқудың жайлары қаланың тәртібі туралы кеңестер айта бастады. Адал ниетпен, маған ақыл-ой салу ниетімен айтып жатқаны көрініп түр. Бірақ, мен ол сөздердің көбін сол құлағыммен тыңдап, ешбір мән берген жоқпын. Несіне берем?.. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды» дейді қазақ. Біреудің ақылымен өмір жасай ма адам?.. Не істеуді өмірдің өзі көрсетпей ме?
Ұйқым қанбай жүруден бе, Әсияның кеңесін салғырт тыңдауымнан ба, қалғып оянып жатқан шағымда, далада екі адамның даусы шар ете қалды.
— Кім, әй!—деген еркек даусы естілді әуелі. Әсия әңгімесін доғарып, тыңдаған түрде үн-түнсіз жата қалды. «Тегі, бұл күзеттегі милиция болар» деп жорамалдадым, селт етіп ояна қалған мен. Оның көзіне шалынған адам жақындай берген болу керек:
— Тоқта!—деді еркек. Анау тоқтамай жақындай берді ғой деймін, — әй, не қылған адамсың сөз тыңдамайтын? Мылқаумысың? Жақындама!.. Әйтпесе атам!—деді еркек. Тегі анау тоқтамаған соң, еркек мылтық ұсынды ғой деймін:
— Мә, атсаң!— деген әйел даусы шар ете түсті.
— Неге жақындайсың, «жақындама» дегенде?..
— Балам бар осында!..
— Шешем!—деп атып түрегеппін мен төсегімнен.
— Қайдағы?— деді Әсия да төсектен көтеріле берген дауыспен...
— Туған шешем... Жәния!..— деп, қараңғы үйдің ішінде әлденеге қақтығып-соқтығып, жығылған-сүрінгеніме қарамай, жалаңбас, көйлекшең, жалаң аяқ қалпымда далаға шыға жүгірдім.
Далада қараңдап еркегі «жібермеймін» деп, әйелі «жібер!» деп, қарсыма-қарсы тұрған екі адамға жүгіріп келсем, еркек әйелдің кеудесіне мылтықтың ұңғысын тірердей боп көлденең ұстап тұр екен. Кім екенін танымаған мылтықтының қолын қағып жіберіп, әйелді «шеше!» деп бассалдым. Кім екенімді таныған бейшара шеше, мені салқын киімді құшағына қатты қысып ап, бар даусымен, ал кеп, көріс!..
Бәйбіше өгей шешенің баласы боп, туған тоқал шешемді жатырқап, маңайына жоламай өскен мен байғұс, адамның құшағына бұдан бұрын дәл осындай жабыса кіріп көріппін бе?.. Күңдік дәрежеде өскен бейбақтың жәй сөзі болмаса, мынадай айғай сап жылауын өмірде естіппін бе?.. Үні дәл құлақ түбімнен шыққандығы ма, немесе, шынында да солай ма, не деген өткір, күшті дауыс еді?.. Және жай дауыс па ол?.. Сөздерін ұйқастыра жыр ғып айтқан дауыс!.. Сөздері қандай тамаша еді жырының!.. Бұрын естімек түгіл сезіп көрмеген бұнша өнер, бейшара шешенің бойына қалай жасырынып жүрген!..
Шешемнің кең даланы басына көтере бар даусымен айтқан жыры, бүкіл жер шарындағы адам атаулыны түгел оятқандай боп, төңірегіміз адамға толып кетуі, шуласа басу айтқан үндерінен сезіліп тұрды. Олардың кімдер екенін байқауға өзімнің де, кезімнің де шамасы келетін емес. Даланың салқын ауасынан ба, сағыныштан ба, шешемнің құшағына қысылған денем, аузымды сөзге келтірместік дәрежеде қалшылдап ұшып барады; шешемнің бетінен сорғалаған көз жасы бүкіл денемді суға айналдырып ерітіп жібергендей, ез көз жасым да саулап тұр!.. Шіркін, туған шеше-ай!..
Әлден уақытта, қоршаған жұрт шешем екеумізді күшпен әрең айырды. Даладағы шудан бізді оңашалағысы келгендей:
— Үйге жүрейік,— деді Әсия шешеме.
— Бәтес, бастап жүр!— деді Әсия маған.
— Иә, сөйтіңдер!— деген даусы естілді Еркіннің топ ішінен,— таң ата аттанады ғой Бәтес, оған дейін көз шырымын алсын!
— Алар!— деді әлдекім кекеткен дауыспен,— шешесімен бұлайша көріскен қыз аттанар енді!..
Үйге Әсия, шешем, мен — үшеуміз ғана кірдік. Сыртта шуласқан жұртқа:
— Тараңдар!—десіп жатты әркімдер.
Аздан кейін шу сөнді. Әсия шам жақты. Шешеме енді ғана танысып амандасқан ол, менің жайымды айтып еді:
— Бір де бөгетім жоқ, шырағым,— деді шешем,— жамандыққа жұмсап жатпаған боларсыңдар, жақсылыққа жұмсап жатқан шығарсыңдар. Өкімет адамысыңдар ғой сендер. Бұл өкіметтің аялға деген көзқарасы жақсы екенін, қараңғы адам болсақ та ептеп түсінеміз. Мен бөгет болу үшін емес, іштен шыққан бала болғасын қимай, тым болмаса көріп, мауқымды басып қалайын деп келдім. Жолынан қалдырма баланы!.. Аттанатын уақытында жүргіз!..
— Таңға әлі біраз уақыт бар,— деді Әсия білек сағатына қарап,— оған дейін отырамыз ба, қисая тұрамыз ба?
— Жата тұрайық,— деді шешем,— әкесі «Бопашым» дейтін еді бұл баланы. Соған қарап үй ішіміз тегісімен «Бопаш» дейтін еді. Ұлықсат етсең, аз уақытқа болса да Бопашымды бауырыма басып жатайын!..
— Ұлықсат, апай!..
Шешеммен екеуміз менің төсегіме бір дене боп жабыстық та қалдық. Құрсағында жүргеннен кейін, біздің осылай бір дене болуымыз, бірінші рет шығар!.. Туған шешенің құшағы қандай рахат еді!..
Сыбырға оянып кетсек:
— Әсия!—деген ақырын дауыс естіледі.
— Әу!—дейді Әсия.
— Мен — Еркін. Тан, білініп келеді...
— Шырт ұйқыда жатыр ғой деймін әлі...
— Оятқан жөн болар. Аттар да, серіктері де даяр.
— Біз ояумыз,— деді шешем.
— Ә, жақсы болды онда!—деді Еркін.— Күн кеше ашыққа байыды, сондықтан бүгін ашық және ыстық болуға тиіс. Ерте жүріп кетсе, күн ысығанша бірталай жерге барып қалады. Салқынсалқынмен жүріп отырмаса, аттар ағып кетеді ғой қазір.
— Тұрайық онда!—деді шешем.
— Түндегі жылауыңа жол, жеңгей,— деді Еркін.—
Оған өзіміз де көзімізге жас алдық. Біз де әке-шешеміз болған, балаларымыз да бар адамбыз ғой. «Әркім өз мұңына жылайды» дегендей, жүйені босататын сөздер шықты түнде аузыңыздан. Бүгін өйте көрмеңіз.
— Алла сақтасын!— деді шешем.— Бала жақсылық жолға шығарда жамандық шақырып жылай ма адам.
— Онда жарадың, жеңгей!—деп Еркін шығып кетті. - «Ыбырсыбыр кеңестері болар, бөгет жасамайын» дегендей, Әсия да тез киініп шығып кетті...
Ал, енді айырыла алсақшы шешем екеуміз!.. Ол да мені тапқанда осындай-ақ қиналған болу керек, мен де туғанда осындай-ақ қиналған болуым керек, денеміз әлденеге қалшылдап айырыла алмай жатқанда, сондай халімізді сезгендей, үйге дауыстай Еркін кіріп келді. Оның даусы, кіндік кесетін пышақтай шешем екеумізді бөліп жіберіп, төсегімізден көтеріле бастадық...
Баршагүл шай даярлап қойған екен. Оны ішу қайда!.. Жегілген арбаға тезірек отырмасам, дірілдеген денеме ие бола аларлық халым жоқ. Ал, шешеме қарасам, жауар алдында тына қалған бұлттай боп, қанын ішіне тартып сұрлана қапты...
Бізге екі пар ат жегілген екен: екі милицияға бір пары, Балқаш пен маған бір пары. Мені арбама Әсия мен Баршагүл қолтықтап әкелді. Шешемді де әлде не әйелдер қолтықтап алған. Арбаның үзеңгісіне аяқ салардан бұрын шешеммен құшақтасып амандассам, мен дауысымды шығармай солқылдап жыласам, ол манағы тастай қатып қалған қалпында, бойындағы бар қуатын жинап аузынан әрең шығарған сөзі болу керек:
— Жолың болсын, сәулем!— деп арбаға мінерде бетімнен сүйді. Кескініне көзім түссе, қайнар алдындағы сүттей бүлкілдей бастаған екен. Сол ыстық үстіме төгіліп кетердей, мен арбаға ырғып мініп аппын!
— Ал, тарттық!— деп аттардың божылары қағылып қалғанда, бабындағы аттар тарантасты жұлқи жөнелді.
Жиналған қалың жұрт «жолдарың болсын!» дегенді бір ауыздан айтты. Жасқа толған менің көзіме олардың ішінен, елесі ғана болмаса, айқын тұлғасымен ешкім де шалынған жоқ. Жүргіш аттардан лезде алыстай берген шешем де бұлдыр көрінді маған!..
«Уа, сорлы шеше, хош!» деген сөзді мен аузыммен емес, жүрегіммен ғана айттым!..


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет