Сабит Муканов. Молдир махаббат



бет5/12
Дата14.05.2022
өлшемі269,92 Kb.
#143259
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
мөлдір мах
29.09.2021, 20Б, сай, m-hanbet-ali-lyny-tar-keze-romanynda-y-ltty-a-arman-beynesi

4. МӘЛІМСІЗ САПАР


Ол күні де жақсы ұйықтап қаппын. Әлдекім оятқанға көзімді ашсам, Қалиса! Түндік жабулы. Үй іші қаракөлеңке.
— Қай мезгіл?— дедім оған.
— Күн түске тармасып қалды. Ұйқыңды қандырып тұрсын деп түндікті ашқан жоқ ем. Әлі де оятпас едім, егер үйге кісі кеп қалмаса. Болысымыз ғой деймін, тегі, Еркін!.. Ат-арбасының жобасы соған ұқсайды. Екпіндетіп қатты келеді. Беті тура біздің үй.
— Шымылдықты түсіре қойсаң қайтеді, жеңеше?— дедім мен, бойым қалтырай қап.
— Неге?!.
— Оған көрінбесем қайтеді?..
— Қайдам...— деп Қалиса толқыңқырады да,— түсірсем түсірейін, шымылдықты. Бірақ, сен киін де даяр отыр. Әуелі Еркін бе, жоқ па, соны білейін. Одан кейін, оған көріну я көрінбеудің ретін байқайын. Жеңіл киімдеріңді мана төсектің аяқ жағына әкеп қойғам. Әне, арбасының салдыры мен атының дүсірі таянып та қалды. Мем түндік ашайын да, кім де болса қарсы алайын.
Қалиса шығып кетті. Түндік тез ашылып, аспанның бел түстігінен күлдіреуіш арқылы сығалай қалған күн көзінен, үйдің іші жарқырады да кетті. Мен төсегімнен тез тұрып, қалтыраған денеме киімдерімді тез іле бастадым. Сонда дауыл толқытқан судай басымда сапырыла қалған ой: «Өзі ғана ма екен, әлде қасында Бүркіт те бар ма екен?.. Қайсысы болса да неге келе жатыр екен?!»
Мен киініп үлгергенше, жүргінші де үй сыртына кеп тоқтап үлгерді.
— Уа, Қалиса жеңгей, аманбысың? — деген еркек даусы естілді,
Еркіннің даусы! Ауыл әйелінің ер адамға самбырламай, сыбырлап қана амандасатын әдеті. Қалиса, тегі сол салтына бақты ғой деймін, сәлемдескен үні естілмеді.
— Түндікті жаңа ашып жүрсін бе?— деген даусы естілді Еркіннің.
— Көбірек ұйықтайтын күніміз боп...— деді Қалиса,— жолаушылап кеткен жерімнен таңға жақын қайтып...
— Жуық арада келгенде жолаушы кеткеніңді естіп ек. Қатты өкініп ек оған!.. Әсіресе, Бүркіт.
Бұл есім аталғанда, жүрегім дір ете қалды. «Оның да даусы естілер ме екен?» дегендей сыртқа құлақ тіктім.
— Ендігі сөзді үйде кеңесейік,— деді Қалиса қонақтарына.
Үйге беттеген аяқ сыбдырларына қарағанда, қонақтар екі-үш кісі болу керек. «Еркіннен басқалары кімдер екен?!». «Іштерінде Бүркіт те болар ма?» деген үмітпен, олар есіктен кіре бергенде, шымылдықтан сығалай қарасам, іздегенім жоқ!.. «Кетіп қалғаны ма?» деген ой кеп кетті басыма. Ол ойдан басым айналып кеткендей боп, ұйықтаған ағаш төсегіме тәлтіректей әрең жеттім де, үстіне қисая кеттім.
— Шымылдық не?— деді төрге отыра берген Еркін Қалисаға қалжыңды дауыспен,— Қиқаң жатқан жоқ па ішінде?
— Не бопты оған, шалшы түске дейін шымылдық ішінде жататын? —деді Қалиса да қалжыңды дауыспен,— үйі жаңа түсіп пе?
— Енді кім жатқан?
— Жәй бір, балалар!..
— Ал, Қалиса!— деді Еркін,— біз өте асығыспыз. Қымыз болса ауыз тиеміз де аттанамыз.
— Неге олай асығасың?
— Бір тығыз науқан боп қап, ел аралауға шығып ем. Соқпай да кететін жайым бар еді, егер соғуды қажет ететін бір жағдай болмаса.
— Шабыншылықсыз жүретін күндерің болар ма екен!— деді Қалиса кейіп.— Немене бола қалды дейсің, атыңды борбайлайтын?.. Азар болса, байларды бұрынғыдан да қыса түсудің жабдығы шығар. Қыспасаң да қайда кетер дейсің ол байлар. Азар болса,— деді Қалиса салмақты даусын қалжыңға аударып,— биенің бірер сауыны кейінірек қысарсың оларыңды. Мен көп болса биенің бір-ақ сауынындай уақыт бөгеймін. Бұл үйден дәм татпағаныңа бірталай уақыт болды. «Ойда жоқта келе қалса» деп, әдейі саған сақтап жүрген мейіздей тәтті сүрім бар еді, өзі азғантай. Аттарын, сарығын басқанша соны бүлкілдете қоям да аттандырам. Қымыздың тәттілігіне кепіл бола алмаймын: жолаушылап кеткен соң аз ғана биені Молда-ағамның үйіндегі тоқалға сауа тұр, сабаңа құя түр дегем. Ол үйдің қымызды салақ ұстайтынын білесің. Егер алып келген қымызым тіліңді үйіре қоймаса, кінәламассың. Оның орнына, ақ қылшық орман түлкідей құлпырған қызыл-күрең шай берем!..
— Асыңның дәмді болуында дауым жоқ,— деді Еркін,— талай рет татып жүрген дәм ғой ол. Бұл үйдің шәйін өзге жұрттың етіне бермейтініміз рас. Жұмысымның аса тығыз екені де рас. Сондықтан, тәтті астарыңды кейінге қалдыра тұрсақ қайтеді.
— Болмайды ол. Аттарыңды жігіттерге кәзір доғартам да тастаймын. Төбелесіп жегемісің сонда? Сақтаған дәмімді таттырмай, не десең де жібермеймін.
— Қап, мынау қиын болды-ау!— деді Еркін.
Қарамауымызға амалымыз қанша,— деді қасындағы біреу қалжыңды дауыспен,— жеңгейдің беті қатты. Тамақ жемейміз деп таяқ жеуіміз қиын болар. Қарайық.
— Онда, тез!—деді Еркін.
— Айттым ғой, «биенің бір сауынында» деп. Одан да тез боп қалуы мүмкін.
— Ал, жігіттер, сендер онда аттарды ағытып, сарығын азғантай басқаннан кейін отқа жібере тұрыңдар!..
Еркіннің қасындағы екі адамның тысқа шығып кеткен сыбдыры естілді. Босаға жақтағы әлде не ыдыстар салдырлай қалысты. Тегі Қалиса да ас жабдығына тысқа шығуға ыңғайланды ғой деймін.
— Сен тоқтай тұршы!— деді Еркін оған. Қалиса оның қасына жақындаған сияқтанды.
— Естідің бе, жоқ па,— деді Еркін оған, сыртқа естіргісі келмеген, ақырындау құмыққан үнмен,— қайын сіңлің бүлдірді!
— Неменені?
— Бүлдірген емей немене: балалық шағынан бері ғашық болдым деп жүрген жігітінің бетіне, жуық арада былш еткізіп бір түкірді де, енді қайтып көрместей ғып қоя берді.
— Қайда ол?— деді Қалиса.
— Бүркітті айтасың ба?
— Ие!
— Кетіп қалды.
Естігім келмей жатқан бұл сөз құлағыма шалынғанда, мен бетімді басып жылап жібердім. Тегі жылаған дыбысым естіліп қалды ғой деймін:
— Кім бар, мұнда?!—деді Еркін елеңдеген дауыспен.
— Жәй... бір... сырқат бала...— деді Қалиса, сөздерін бөле айтып, — сонымен,— деді ол, ендігі сөздерін жылдамдатып,— қайда кетіп қалды Бүркіт?
— «Қайда» болсын?.. Оқуына!..
— Онысы қалай, жаным-ау?!
— Не «қалайы» бар? Орыстың: «Зорлықпен сүйкімді бола алмайсың» деген мақалы бар. Сүйдім деп жүрген қызы айнып кетсе, не істей алады оған!.. Күш қолданатын емес бұл. Қыз бетіне түкірген соң амалы құрыды да кете барды.
— Ештеңе деместен бе?
— Жүрер алдында «жолын, түссе тастай кетерсің» деп, конвертке сап хат тастап кетті маған. Сыртқы жазуына қарасам, ғашығына арналған. Ішінде не жазылғанын білмеймін: ол айтқан да жоқ, мен сұраған да жоқпын. Соны, егер үйіңде болсаң сол хатты саған тастап кетейін деп, тура жолымнан әдейі бұрылып кеп отырмын!
— Еркежан!—деген қуанғандай үні естілді Қалисаның.
- Әу!— деп қалдым мен, басымды төсектен көтеріп алып.
— Шық бері қарай!
Шымылдық ішінен шыға келген маған, «бұ қайдан?!» дегендей, Еркін одырая қарады да:
— Ә, осында екен ғой, бұл бала!— деді.
— Арнаулы хатты өзіне бер,— деді Қалиса, қолымен мені нұсқап.
Адам асығып күткен нәрсесін көргенде есінен айрылып қала ма, немене, «ұят-аятты қойып» дегендей, қойынындағы хатты суырып ұсынған Еркіннің қасына кердеңдей басып бардым да, өйтпесем бермейтіндей, қолынан жұлып алдым. Ол қылығым, тегі Қалисаға ерсі көрінген болу керек, кескініме алая қарады да, Еркіннен жасырып, сол жақ бетін үсік саусағымен бір безеп қойды. Қолыма тиген хатты шымылдық ішіне кіріп оқуға беттей берген маған:
— Енді несі бар, жасыратын оның?— деді Қалиса,— мені мен Еркіннен жасырамысың? Сонда, кім деп бізді? Таста, әрі, оны! Боғауыз жазбаған болар. Одан басқа не жазса да бізге естіртіп оқы кәзір!
«Ішіне кіріп кетер» дегендей, Қалиса шымылдықты түріп тастады. Бұл үйде енді тығылар жерімнің жоқтығына көзім жеткендей аңырып тұрған маған:
— Оқы дедім ғой, саған анау хатты!— деді Қалиса бұйырған дауыспен.
— Сөйт, шырағым!—деді Еркін өтінген дауыспен.— Әуелі көзіңді жүгіртіп ал да, естіртерлік хат болса, оқып бер!
Конвертті ашып, ішіне салған бір тарақ қағаздың екі бетіне жазған сезге көзімді жүгіртіп шықсам, кісіден, әсіресе Еркін мен Қалиса сияқты дос кісілерден жасыратын ештеңесі жоқ екен. Бірақ, оны оқып бере аларлық күшім жоқ: көзіме толып, алқымыма тығылған жасым, дыбыс шығарсам-ақ, саулай жөнелгелі тұр!.. Осындай халде, «бойда бар-ау» деген қуат атаулымды жинап, хатты Еркінге ұсынып, дірілдеген дауыспен күшім кеп айтқан сөзім:
— Ағатай, өзіңіз оқып беріңіз!..
Еркін дауыстап оқып берген хаттың сөздері төмендегідей екен:
«Бәтес!
Өмірімнің барлық гүлдері түгелімен шешек атып жайнаған жазында, «махаббат» аталатын кең, тұнық, мөлдір мұхиттың ортасында рахаттана жүзіп келе жатыр едім, не жел тұрмай, не нөсер құйып күн күркіремей, ешбір себепсіз аяқ астынан көтерілген сұрапыл толқын, мені тұншықтыра көмді де кетті. Қазекеңнің «сең соққан балықтай» деген күні басыма туып, есеңгіредім де қалдым. Өзімнің жаныма да, арыма да үңілсем, саған деген тазалығымда бір кіршік жоқ. Ал, сенің ойда жоқта осынша тулап, мені осынша басқа р у
теуіп талдырып кетуіңе қайранмын. «Жел болмаса шөп басы қимылдамайды» дейді қазақ. Әрине, сенің, де босқа туламауың керек, тулатарлық себебін, болу керек. Бірақ, осы жайда сөйлесуге, түсінісуге болатын еді ғой. Сен оны істемедің де: «Сендер кеткенше келмеймін» деп, есікті тарс жауып кеттің де қалдың. Оныңа қарап, менің де аттанып кете бармай, айналақтауым, жолығуым, сөйлесуім қажет сияқты еді. Бұны істеуге, сол бір шақта лаулай қалған намысым мұрша бермеді. «Е, бұ несі?!—деп ойладым мен,— басыма бұлайша үн-түнсіз теуіп талдырып кетудің орнына, өлтірерлік дәлелі болса, айтып неге өлтірмеді?.. Айнып қалса неге ашып айтпады?.. Махаббатта зорлық бар ма еді? Екі жаққа тең бөлінбейтін махаббаттың керегі қанша?..» Намысым осылайша қоза қалған мен, —«қой!—деп бекіне қалдым сол арада,— тілге келместіктей жазығым жоқ. Басыма теуіп кететін игі емеспін. Ендеше неге жығылам аяғына?»
Осы ашудың үстінде арбаға қалай мініп, қалайша жүріп кеткенімді өзім де аңғармай қаппын.
Міне, мен сенен алыс жерде отырмын. Неге тулауыңның себебін әлі де ойлап таба алған жоқпын. Не істеуім керек енді? Саған оралып баруым керек пе? Егер бара қалсам, сен әнеугі сертіңмен, сөйлесу түгіл көрінбей қойсаң, бір емес екі өлмеймін бе мен? Ондай итжандылықтың қайсымызға керегі бар?
Осыны ойладым да, оқитын қалама жүріп кетуге бел байладым. Мен өзімді, сенің сыныңнан түгел өткен адамға санаймын. Сен де солай сияқты боп жүріп, нақ пышақ кесер жерге келгенде, сертіңнен жалт бердің. Махаббаттың екі адамға бірдей екені рас болса, бұзған сертіңді өз қолыңмен түзеуге тиістісін. Ол үшін не істеудің керектігіне менің ақылым жетпейді. Оны өз қабырғаңа да, жаны шын ашитын достарыңа да ақылдасып көр!.. Әсіресе, Қалисаға!.. Мен соңғы барған жолы ол кісінің үйде болмауына қайранмын! Сені мен менің арама өзге от жақса да, ол от жақпауға тиісті еді. Аса керекті шақта жолаушылап кетуі күдікті-ақ!..»
— Бұлай боларын біліппін бе мен?!—деп Қалиса жылап жіберді.
— Хаттың, азғантай ғана сөзі қалды,— деді оған Еркін.— Бөгеме, жеңгей...
— Аяқта, аяқта!—деді Қалиса көзін сүртіп. Қалисаның жайын өзің білесің, Бәтес! Менің бұл елде ендігі сенетін жалғыз адамым, жолдас Еркін Ержанов оған ақылдасқың келсе, білгенін аямас деп ойлаймын.
Кіршіксіз көңілден Бөкенің!»
Соңғы «Бөкенің» деген сөз «басымнан біржола ұшты» деп жорыған бақытымды қайтадан әкеп қондырғандай, «өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай», өмірімнің аспанын түгел бүркеп алған қаһарлы қара бұлт айығып, күнім шыққандай, Бүркіт айтқандай, «барлық гүлдерім қайтадан түгелімен шешек атып, жазым жайнағандай» боп кетті. Соңғы күндері солып, сақарға салған сүйектей құп-қу боп кеткен ажарым да кәзір бұрынғы бақытты бейнесіне түсе қалды ма, немене:
— Түсінікті ме хат?— деді көңілдене қалған Қалиса, бетіме жылы жүзбен телміре қарап.
— Түсінікті!— дедім мен.
— Еркін шырағым!— деді Қалиса,— осылар арам тер боп босқа бүлініп жүр. Араларындағы наразылық, үшкіргеннен қалмайтын жел ұшық сияқты бірдеме. Егер осылар жүз көрісті бар ғой, түсініседі де кетеді. Соны істеуге не амал бар?
— Менің де бұл кеп ойланған ісім, жеңгей,— деді Еркін байсалды дауыспен,— кімнің кімді сүюі, сүйісетін адамдардың өздерінің ғана ісі. Онда ешқайсымыздың қатынасымыз болмауға тиісті.
— Әрине,— деді Қалиса,— біреумен біреудің жүрегін жалғап беруге ешкімнің де күші келмейтіні рас. Бірақ, жалғасамын деген жүректердің бәрі жалғаса бере ме? Жалғасудың орнына жыртылатындары да бола бермей ме? «Арманда өтті» дейтін ғашықтар солар емес пе? Жалғастыруға да, айыруға да себепкер болатындар бар емес пе сүйіскен жүректерді?
— Рас, жеңгей!— деді Еркін күліп,— сіз кейде жазушылар сияқты бейнемен де сөйлеп кетесіз!..
— Әркім білген тілін айтады да,— деді Қалиса, Еркіннің қалжыңды сөзін ұнатпағандай.— Сөз жарыстырып жататын орын емес бұл, Еркін шырағым. Белгісіз біреулер, шын сүйіскен бұл екі жасты әзірге айырғандай боп тұр,— деп Қалиса оған қысқаша ғана маған келген альбомның тарихын айтып берді.
— Солай ма?— деп ойланып қалды Еркін. Қалиса оған:
— Алдыртсақ қайтеді сонысын?— деп еді.
— Қажеті болмас,— деді Еркін.
— Енді не істеуге болады?— деп бетіне үңіле қараған Қалисаға:
— Менімше,— деді Еркін маған қарап ап, — бұл баланың ауылда бұдан былай да тұра беруінің ешбір сәні жоқ.
Менің де ойым сондай,— деді Қалиса,— сонда не істеуі керек.
— Оқуға кетуі қажет қой деймін.
— Қалай?

  • Болыстық мекемелер орнаған жерге бұдан екі-үш күн бұрын Қостанайдан «Қызыл отау» деген келді.

— Ол не?

  • Әліби Жангелдиннің ана жылы осы арадан өтетін қызыл керуенін көріп пе едің?

  • Көргем. Осы ауылда бірнеше күн жатқан. Біреудің біреуде кеткен есесін алып беріп... қылмысты адамдарды соттап... аштарға жәрдем беріп... жетім балаларды оқуға әкетіп... басына ерік сұраған адамды босатып... ел бұйымнан тарығып тұрған шақта азын-аулақ болса да керек-жарағын саттырып... халыққа ойын-сауық көрсетіп... жаңада құрылған Совет өкіметінің хал-жайын түсіндіріп... дегендей, көп жұмыстар істеп кеткен.

— Мынау «Қызыл отау» деген де сол «Қызыл керуеннің» бір түрі, —деді Еркін.— Айырмасы (кәзір тоқшылық орнағандықтан, ол жолғыдай ала келген астығы жоқ; кәзір бұйым көбейгендіктен, алып келген саудасы жоқ. Өзгесінің бәрі бар. Бастығы — Бектасова Әсия деген әйел.
— Әйел?!— деп қалдық Қалиса екеуміз қосарлана.
— Ие, әйел!—деді Еркін нығарлап;—кеше ғана күңдікте жүрген қазақ әйелдерінен кәзір ел басқару жұмысына араласушылар да шыға бастады. Мынау әйел, Қазалы қаласындағы жұмысшы адамның, қызы екен. Бала кезінде аздап орысша оқыған екен. Өзі ажарлы да, сымбатты да адам. Соған бір бай қызығып, тоқалдыққа алам деп жүрген шағында революция боп қалады да, көзі ашық қыз қызылдарға қосылып, туған жерінде Совет өкіметін орнату ісіне ат салысады. Совет өкіметі орнағаннан кейін Тәшкенге барып, заң жұмысын үйрететін бір жылдық курсқа түседі де, оны бітіргеннен кейін бірер жыл зерттеуші боп, одан кейін аудандық сот боп тағайындалады. Соңғы екі жылда. Қазақстан Жоғарғы сотының коллегия мүшесі екен. Қызыл отау жұмысын басқаруға содан жіберіліпті.
— Ім-м-м, қызық екен!— деп қойды Қалиса ыңырана сөйлеп, «қазақ әйелдерінен де ел басқарушылар шықты» дегенге таңданған кескінмен.
— Сол қызыл отау,— деді Еркін,— қызметіне кірісе бастады. Әйел бостандығын да қолға қатты алып жатыр. Қалыңға сатылған қыздардан, сүймесіне еріксіз берілген әйелдерден, әйел үстіне барғандардан... дегендей, қызыл отауға жауған арызда қисап жоқ. Қызыл отау соларды шетінен шытырлата шақырып, сұраған бостандығын беріп жатыр...
— Сонда, сол қыз-келіншектерді шақырғанға жіберіп жатыр ма иелері?— деді Қалиса.
— Еркіне салса, әрине, жібермейді. Заңнан күшті емес. Жібермесе милиция жіберіп күшпен әкетеді.
— Не деген милиция шақ келеді оның бәріне?
— Милиция жетерлік. Сарықопада милиция штабы құрылған. Начальнигі Самарқанов Найзабек. Қырыққа жақын милиционері бар. Жетпей ме сол?
— Әрине, жетеді!— деді Қалиса.
— Көлденең сөзге кетіп қалдық,— деді Еркін Қалисаға,— тақырыбымызға оралайық: мәселе, мына Бәтестің оқуға кетуі жөнінде еді ғой...
— Егер әке-шешесі жіберсе!— деді Қалиса, ауыр күрсініп.
— Еркіне салса, әрине жібермейді,— деді Еркін.— Бірақ, енді, егер ақылы болса, бұл баланың әке-шешеге енді қарайлауының қажеті жоқ қой деймін. Несіне қарайлайды?.. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегендей, Бүркітке байланысты атағы шықпау керек еді. Ал атақ шығып, ел-жұртқа тарағаннан кейін, үйде «қыз» боп отырудың не сәні бар енді?
— Түк те сәні жоқ!— деді Қалиса, мені шегелегісі келгендей,— ұл емес, қыз баланың көзге шыққан сүйелдей боп отыруынан масқара не бар дейсің. Өйтіп отырғаннан, не өлгені, не кеткені жақсы. «Жақсы ит те өлімтігін көрсетпейді» депті аталарымыз. Ит құрлы жоқ па бұл?
«Сырды шешкен соң түгел шешейік» деп, Қалиса Еркінге өткен түні менің басымнан кешкен оқиғаны қысқаша айтып берді.
— Бүркіттің мына хатынан кейін өлудің қажеті болмас!— деді Еркін қолындағы хатты көтеріп.
— Менімше де солай!— деді Қалиса.
«Менімше де» деп қойдым мен ішімнен.
— Сонымен,— деді Еркін маған,— бұл ауылда енді қалма. Оқуға кет. Сонда Бүркітіңді көріп кеңесерсің, түсінісерсің. Оқу көзіңді дүниеге кеңірек ашар. Ғашық болу өз жүрегіңнің ғана ісі болса, қалай өмір жасауды білу, оқудың ісі.
— Оған бел байладық қой деймін,— деді Қалиса.— Сонда қалай алдырады мұны қызыл отау?
— «Оқуға барғым келеді, әке-шешем жібермейді» деп Бәтес қызыл отау атына арыз береді.
— Қалай береді ондай арызды?—деді Қалиса,— «оқуға жібермейміз» деген жоқ қой әке-шешесі бұған?
— Барам десе жібереді деп ойлайсыз ба, сонда?
— Жібермейді!—дедім мен.
— Ендеше, арыз жазуың қажет емес пе, шырағым?
— Жазам!
— «Милиция» дегенмен,— деді Қалиса,— әкең мен әжең, әcipеcе, әжең оңайлықпен жібере қоймайды сені. Ұрыс-жанжал да боп қалуы мүмкін араларында. Тіл де, қол да жұмсалып қалуы мүмкін ашынған шақта. Шыдай аламысың соның бәріне?
— Шыдаймын!— дедім мен.
— Солқылдап, не айнып қалмаймысың?—деді Қалиса нығарлап.
— Солқылдамаймын да, айнымаймын да.
— Ә, онда арызыңды жаз, шырағым!—деді де, жазуға бөгет болғысы келмегендей, Еркін орнынан көтеріле берді.
— Қалай жазуын айтпаймысың?—деді Қалиса оған.
— Не айтатыны бар? Көңілі нені тілесе соны жазсын, білгенінше жазсын!
Еркін шығып кетті.
— Шын бекіндің бе, шырағым?— деді Қалиса Еркін кеткен соң.
— Шын!..
— Ендеше, бетіңнен жарылғасын. Сапарың оң болсын...
Бұндай тілекке қазақ «айтсын!» деп жауап беруі керек қой. Мен оны айтпадым. Несіне айтам: туған ауылдан кетуге бекінгенмен, бұл сапарымның оң я теріс боларына кімнің көзі жетіпті?
Көңіліме сондай күдік ұялай тұра, мен бекінген ойымнан қайтпадым да, мәлімсіз сапарға жетелейтін арызды жазу жабдығына кірістім. Ол ойымды түсінгендей, соған көңілі бұзылғандай, Қалиса көзіне жас алды да, үйден шығып кетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет