Сабит Муканов. Молдир махаббат



бет1/12
Дата14.05.2022
өлшемі269,92 Kb.
#143259
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
мөлдір мах
29.09.2021, 20Б, сай, m-hanbet-ali-lyny-tar-keze-romanynda-y-ltty-a-arman-beynesi

ҮШІНШІ БӨЛІМ

АДАСУ


әтестің дәптерінен)
Талайлар түзеледі жолдан жазса,
Ал, ғашық жөн таппайды бір адасса.
Әбілқасым Фердаусиден

БЕТАШАР


Бұрынғы қазақтың ұғымында «Беташар» деп жаңа түскен жас келіншектің бетіндегі пердесін сырған шақта жырланатын өлеңді айтады. Ондай беташардың шет жағасын өзіміз де көріп қалдық.
Келіншектің көбі, әдетте жазғы жайлауда түсер еді. Жаңа адамның және өркендеуге, өсуге қажеті бар адамның келуіне бүкіл ауыл боп қуанып, оны қарсы алуға әзірленер еді. Бұл қуаныш әсіресе балаларға қызық боп, келіншек түсердің алдындағы бірер күнде ұйқы, күлкіден қалар еді де, қалғыса қызық өтіп кетердей, көз шырымын алмас еді, ғайыптан сап ете түсетіндей, үйіне де кірмес еді, екі көзін келіншек келеді деген жақтан айырмас еді.
Ауыл салтында келе жатқан келіншектің көшінен күйеу озып кетіп ауылына бұрын кеп хабар айтар еді. Сол кезде, келіншектің алдынан жастар жағы аттылы-жаяулы шұбырып шығар еді. Жері белесті біздің Қызбелдің ауылдарына, келе жатқан келіншек таянып қалғанға дейін көрінбес еді, сондықтан, келіншекті керуге асыққан аттылы жастар жарыса шауып, «Алты қырдың асты» дейтін жерден қарсы алар еді. Бес-алты жасымнан атқа шауып үйренген мен де осы топтың ішінде болар едім...
Қарсы алған жастар жеткен шақта, жас келіншек атынан түсіп, болашақ достарына иіле сәлемдесер еді. Қоршап амандасқан жастар, барар ауылдары жырақта қалса келіншекті атына мінгізіп, жақында болса жаяу қолтықтап алып жүрер еді. Ауылға жақындағанда, келіншектің алдынан шымылдық құрылып, керілген бауынан ұстаған екі жігіт я екі келіншек алып жүрер еді. Келіншектің бетіне жұқа перде жабылар еді...
Ауылға таяна, жақын абысындарының бірі кеп жас келіншектің бет пердесін ашар еді де, жастар дауыстарын қосып, жаңа достарына құттықтау өлеңін айтар еді. «Беташар» аталатын өлең осы болушы еді. «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» деген мақал да осындай әдеттен туған еді...
Келіншекті қарсы алу, жас келіншектің бетін ашқанын көру, беташар айтқанын есіту маған өлшеусіз қызық сияқты еді. Өзім де сондай келіншектің бірі боп түсуді арман ететін күндерім де аз емес еді...
Енді ержете бастаған шақта байқасам, ауылдың ондай салты мен үшін өтіп кеткен дүние екен. Әке-шешем бала көріп жүргенмен, өзіме де кейде өзім бала сияқтанып кеткеніммен, келіншек боп түсудің заманы қалай етіп кеткенін сезбей де қаппын!.. Ақылыма жүгініп көрсем, үйде қыз салтын құрып отырғаным болмаса, кәзір бетім де ашылыпты менің... беташарым да айтылыпты!.. Сонда бетімді ашқан да Бүркіт, беташарымды айтқан да Бүркіт!.. Ендеше, менің Бүркіттен ыстық кімім бар?.. Жоқ, ондай адам!..
Сонша ыстық көрінген Бүркіт, Кәкенді ұзатқаннан кейінгі күндердің біреуінде оңаша жолығып, асықпай кеңескен бір шағымызда:
— Ақбота!—деді маған.
— Әу?
— Сен орыстың «драма» деген сөзін естідің бе?
— Жоқ. Ол не сөз?
— Мысалмен айтпасам түсінбессің оған. Мысалы, сен екеуміз ғой, бір-бірімізді жас күнімізден сүйдік?
— Сүйдік!..
— Біздің бұған ертерек осындай жақын болуымызға ғой, көлденең біреулер бөгет жасады?
— Рас!..
— Біз ғой, ол бөгеттерге қарамай, бірталай қиын кезеңдерді өтіп, ақыры табыстық?
— Тек осының байсалды болуын тілейік!
— Әрине, «драма» дегеніміз осы, яғни, екі ғашықтың бөгеттерден өтіп қосылуы.
— Жақсы сөз екен онда?
— Жаман да бір сөзі бар оның.
— Иә?!..
— Егер әлгі бөгеттер ғашықтарды айырып, аяғы қайғымен бітсе, оның аты «трагедия!».
— Мысалы, Қозы Көрпеш пен Баян сияқты ма?
— Иә!
— Ендеше, айта көрме, оны!..
— Онда қызық бір сезді айтайын: егер бөгет жасаушылар жұрт алдында күлкі боп қалса, оның атын «комедия» дейді.
— «Театр» деген сөзді естідің бе сен?
— Мынау бір жақсы сөз екен!..
— Естідім. Бірақ, көрген жоқпын.
— Әлгі «драма» деген де, «трагедия» деген де, «комедия» деген де театрда, ойын-сауық ретінде көрсетіліп жатады...
— Оны естимін. Бірақ, көрмеген соң түсінбеймін.
— Орыста және бір қызық нәрсе бар.
— Қандай?
— Орыстың кейбір оқыған адамдары басынан кешкен оқиғаларын дәптерге күн сайын жазып жүреді де, «дневник» деп атайды. Енді біреулері, күнде көргенің емес, біраз уақытта көргендерін теріп жазса, оның атын «мемуарлар» дейді. Онысы «естелік» деген сөз.
— Жақсы әдет екен ол.
— Солардан үлгі алған қазақтар, жазып жүрген дәптерлерін «естелік» деп атайды.
— Өзіңде бар ма, ондай естелік.
— Бар.
— Кәзір бар ма?
— Бар.
— Көруге бола ма?
— Неге болмасын,— деп Бүркіт, қамзолының ішкі қалтасында бүктеулі жүрген жұқа былғарымен тыстаған қалың дәптерін суырып берді.
Оқып қарасам — қызық!..
Түгел оқып шығуға, Бүркіттің аттанатын уақыты таянып қалған еді. Ол сонысын ескерткеннен кейін:
— Тастап кетесің бе маған, қайтып оралғанша?— дедім.
— Ал! Бірақ, мұндай дәптер менде екеу.
— Екіншісі қайда?
— Етігімнің қонышында,— деп Бүркіт тағы да суырып берді. Екі дәптердің түсі де, қалыңдығы да бірдей.
— Осындай былғарымен тыстаған дәптерлер бола ма?— дедім мен, аударыстырып көріп.
— Орынборда әдейілеп жасаттырып алып едім, қажеті боп қалар деп. Бастапқы дәптерді Орынборда жүрген күндерде толтырдым. Екіншісін өткен жаз елге келгеннен кейін бастадым.
Екіншісін ақтарып көрсем, жартысынан аз-ақ артық беттері толтырылған; біріншісі — түгел толтырылған.
— Мынау неге толтырылмаған?— дедім екінші дәптерді көрсетіп.
— Ондағы оқиға да әлі аяқталған жоқ,— деді Бүркіт жымиып.
— Не оқиға ол?
— Оқығанда көрерсің. Әзірге айтарым: бірінші дәптерде өз өмірімнің кезеңдері ғана жазылған; екінші дәптер — екеуміздің жайымызда...
— Қойшы?!
— Рас!
— Онда оқу керек екен.
— Оқысын деп әдейі көрсетіп отырмын. Сүйсінетін де, сөгетін де жерлерің болуы мүмкін. Қайсысына болса да шыдаймын. Бір ғана шартым: ренжитін жерлерің болса, сөгуіңе бейілмін. Араздасуыңа жол жоқ.
— Мақұл.
— Әкел қолыңды осыған!
Екеуміз қол алыстық. Бүркіт дәптерлерін маған тастады да аттанып кетті.
Ол оралғанша, екі дәптерді де әлденеше рет оқып шықтым. Содан кейін ойлап қарасам, Бүркітті бұған дейін тануым, ендігі тануымның жүзден бірі ғана сияқты. Азғантай жасында не деген бай өмір кешкен!.. Жас басынан өмір талқысында қалай шыңдалған!.. Не деген шыншыл адам өзі!..
— Түгел оқып шықтың, ба?— деді ол маған, оралғаннан кейін.
— Бір сөзін тастамастан!.. Әлденеше қайталап!..
— Ренжіген жерің жоқ па?
— Жоқ!
— Майлыбай үйінде қонуымды сипаттаған жерін оқығанда ше?
— Ол арасы менің саған деген сенімімді бекіте түсті!
— Сені тануым рас болса, өзім де «сөйтер» деп сенген ем, Ақботам!..
— Бұл дәптерлерің Кәкеннің тойына келуіңді сипаттауыңмен ғана аяқталыпты ғой. Аржағын жалғастырасың ба?
— Екеуміз ЗАГС үйінен қолтықтасып шыққанға дейін!..
Өмірінен мен білмейтін көп мәлімет бергеніне алғыс айттым да, дәптерлерін өзіне қайтарып бердім.
— Ал, Ақбота, сенен бір өтінішім бар,— деді Бүркіт, естеліктерін қалтасына салып жатып.
— Иә?
— Осындай естелікті сен де жазсаң қайтеді?
— Жаза алам ба мен?
— Мен білетін Бәтес екенің рас болса,— жазасың!.. Менен артық та жазуың мүмкін!..
— Неге?..
— Маған сенің сезімталдығың менен әлдеқайда күшті сияқты көрінеді. Күнделік пен естелік сезім дүниесінің ісі. Ендеше, сенің, жазғаның менен әлдеқайда терең болуға тиісті.
— Келістіре алмасам ше?
— Шамаңның келгенінше жаз!
Мен Бүркітке «жазам» деп ауызша уәде бермегенмен, іштей уәде бердім. Өйткені, аз жасымда көрген бейнетім одан әлдеқайда аз болғанмен, сезім дүниесіне шомуым артық болмаса, кем емес сияқты. Және екеуміз бір киім сияқтымыз: ол — тысы, мен — астары; өз жағын мейлінше жақсы байқап, әдемі сипаттайтын Бүркіт, менің жағымды да біраз шолғанмен, астардың бүктесініне бұғып жүрген кейбір сырларымызды байқай да алмаған сияқты; ендеше, өз қабатымның сырын неге ақтарып, жұрт алдына жәйіп салуға тырыспаймын? Бүркіт өз дәптерінің беташарында айтқандай, күндердің күнінде менің де бұл жазғандарым кәдеге аспауын кім біліпті?
Осы оймен бүгіннен бастап, мен де қалың, бір дәптерді шимайлауға кірістім. Бүркітке еліктеп, кіріспе сезімді мен де «беташар» деп атадым...


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет