3-дәріс. Азаматтық-саяси қайшылықтар


ІІ -ші Бүкілқазақ съезі және Алаш автономиясының құрылуы



бет4/10
Дата08.02.2022
өлшемі90,2 Kb.
#118264
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
17 бет Студенттерге 3-дәріс ҚҚЗТ(1)
17 бет Студенттерге 3-дәріс ҚҚЗТ(1), 000645ac-ac14542e (1), 000645ac-ac14542e (1), Б лім бойынша жиынты ба алау а арнал ан тапсырмалар То санда ж
ІІ -ші Бүкілқазақ съезі және Алаш автономиясының құрылуы. Қазан революциясының жеңісімен байланысты ұлттық мәселелер, ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелері өткір талқылана бастады. РКФСР құрылғаннан кейін елдің шығысында жаңа автономиялық республикаларды құруға әзірлік жұмыстары басталды. Большевиктік (коммунистік) партия мен Кеңес өкіметі Қазақ АКСР-н құруға кірісті. Бұл үшін Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан Қазақ бөлімі құрылды. Әліби Жангелдинге Қазақстан Кеңестері Құрылтай съезін шақыруды әзірлеу тапсырылды. Кеңестердің бүкілқазақтық съезін шақыруға дайындық жұмыстары өлкеде кеңес өкіметін нығайту процесімен қабат жүріп жатты. Оқиғалардың бұлай өрбуімен Қазан революциясын және Қазақ мемлекеттілігін кеңестік негізде құру идеясын қабылдамаған «Алаш» партиясы мен оның көсемдері келісе алмады.
Қазан революциясынан бұрын-ақ қазақтың ұлттық-демократиялық қозғалысының көсемдері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы жайлы өз бағдарламалық көзқарастарын кеңінен насихаттаған болатын, ал 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев, және Ғ.Бірімжановтар құрастырған «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. Бағдарлама жобасында он тарау бар: 1) Мемлекет қалпы. Ресей демократиялық, федеративтік республика болу. Федеративті республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады, әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді. 2) Жергілікті бостандық. Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Ресей республикасының Федерациялы бір ағзасы болу... Алаш партиясы әділдікке жақ, нашарларға жолдас, жәбірлерге жау болады... 3) Негізгі құқық. Ресей республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең болу. Жиналыс ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік. 4) Дін ісі. Дін ісінің мемлекеттен бөлек болуы. Дін біткенге тең құқық. 5) Билік һәм сот. Әр жұрттың билік пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болуы. Би һәм судья жергіліктің тілін білуі... Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болу. 6) Ел қорғау. Әскерлік жасына жеткен жастар жерінде үйретіліп, жерінде қызмет ету. Әскерлік міндетін қазақ атты милиция түрінде атқару. 7) Салық. Әл-ауқат, табысқа қарай: байға - байша, кедейге – кедейше әділ жолмен тарату. 8) Жұмысшылар. Жұмысшылар заң панасында болу. «Алаш» партиясы жұмысшылар турасында социал-демократтардың меньшевик тобының бағдарламасын жақтайды. 9) Ғылым-білім үйрету. Оқу орындарының есігі кімге де болса ашық һәм ақысыз болу; жұртқа жалпы оқудың жайылуы. Бастауыш мектепте ана тілінде оқу, қазақ тілінде орта мектеп, университет ашу, оқу жолы өз алдына автономия болу, үкіметтің оқу ісіне кіріспеуі. 10) Жер мәселесі. Құрылтай жиналысы негізгі заң жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу: қазақ жер сыбағасын алып орналасқанша, қазақ жеріне мұжықтың келмеуі, бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандарының қазаққа қайтуы.
«Алаш» партиясы басшыларының арасында да Кеңес үкіметіне қарсы күрес идеясы мен тактикасы бірден қалыптаса қойған жоқ. Алаш партиясының көсемдері Петроградта қарулы күштердің жеңіп, кеңес өкіметін орнауын сақтықпен қабылдады. Олар Қазақстанда билік Кеңестердің қолына өтіп кетпеуі үшін нақты қадамдар жасады. Большевиктер мен олардың одақтасы солшыл эсерлердің билікті басып алуы қазақтарға өзін-өзі билеу құқығын сөз жүзінде жариялағаннан басқа ештеңе бермеді, ал Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы арқылы Қазақстанның егемендігін заңды түрде алуға болатын еді. Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы адам айтқысыз таптық зорлық-зомбылықпен жүргізілді. Соған қарамастан, Ресейдің, Қазақстанның халық бұқарасы, ұлт-азаттық қозғалыс көсемдері Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына зор үміт артып, оған сайлауға дайындала бастады.
1917 ж. қазанда «Алаш» партиясының облыстық бөлімдері құрыла бастады. Семей облыстық бөлімін Х.Ғаббасов, Омбы бөлімін – А.Тұрлыбаев, Торғай бөлімін – Ә.Бөкейханов басқарды. Қазақстанның оңтүстік уездерінде жергілікті партия ұйымдарын құру туралы келіссөздер басталды. Партия қазақ ауылдарында үгіт-насихат, партия бағдарламасын түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ұлттық мемлекетті құруға бағытталған Алаш партиясының келесі қадамы – 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында II Бүкілқазақ съезін өткізуі болды. Съезд қазақ халқының түрлі топтарын біріктірді. Съезге қазақтар мекендеген он облыстан – Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Ферғана, Сырдария, Закаспий және Астрахань губерниясындағы Бөкей ордасынан 80-ге жуық делегат қатысты.
Съезд маңызды екі шешім қабылдады: 1) Қазақ (Алаш) автономиясын құру туралы шешім қабылдады, оның құрамына Бөкей Ордасы, Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары, сондай-ақ Закаспий облысы, Алтай губерниясындағы қазақтар мекендеген аудандар енгізілді. 2) Қарулы күштерді құру. Съезд делегаттары Уақытша үкімет құлағаннан кейін, азаматтық қарсы тұру жағдайында қалалар мен селоларда, қырда қазақтардың этнос ретінде өмір сүруіне зор қауіп төндіретін анархияның өсуі күннен-күнге күшейе түсіп отырғанын атап көрсетті. Осыдан келіп съезд «халықты аман сақтап қалу мақсатында» Құрылтай жиналысының шешіміне дейін Алаш автономиясын басқару үшін Уақытша халық кеңесін немесе «Алашорданы» (Алаш автономиясының үкіметін) құру туралы шешім қабылдады, Алашордаға «қазақтар тұратын жерлердегі барлық атқарушы билікті өз қолына алуын тапсырды».
Уақытша халықтық кеңес – «Алашорда» 25 адамнан тұруға шешім қабылданды. Съезд үкіметінің 15 мүшесі сайланды, ал 10 орын Қазақстанда тұратын орыс және басқа ұлт өкілдеріне қалдырылды. Ә.Бөкейханов Қазақ (Алаш) автономиясы үкіметінің төрағасы болып сайланды. Алашорда автономиясының басшылары: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов. Съезд қазақ милициясын құру жоспарын жасады. Милицияға 30-дан 35 жасқа дейінгі ер адамдар қабылданды. Съезд құжаттарының ішіндегі ең маңыздысы Қазақ автономиясын құру жөніндегі шешім болып табылады. Съезд делегаттары автономияға ұлттық-аумақтық мемлекеттік құрылым ретінде анықтама беруге келісті.
1917 ж. қараша – 1918 ж. қаңтарда өткен Құрылтай жиналысына сайлауда қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің «Алаш» партиясының бағдарламасын қолдады, партия көп дауыс жинап, сайлауда үлкен жеңіске жетті. Бұл партияның қазақтар арасындағы беделінің жоғары екендігін көрсетті. «Алаш» партиясы билік үшін күресте большевиктерге елеулі оппозиция болды.
Құрылтай жиналысына сайлауда «Алаш» партиясы жеңіске жеткенімен, бұл партияға еш нәрсе берген жоқ және оған өлкеде ешқандай нақты билік тимеді. Бұл кезең Кеңес өкіметін жақтаушылар мен оның қарсыластарының арасында күрестің өрши түскен кезі болатын. Ұлт-азаттық қозғалыс («Алаш» партиясы) өкілдері үлкен үміт артқан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын большевиктердің 1918 ж. 6 қаңтарда қуып таратуы, 18 қаңтарда Орынборды қызыл гвардияшылдардың алуы Алашорданың жағдайын қиындатты. Байланыс құралдарының нашар болуы, бүкіл қазақ аудандарын бір орталықтан басқарудың мүмкін болмауы нәтижесінде 1918 ж. қыркүйекте Алашорда екіге бөлінді: шығыс бөлімі – Семей қаласында (Ә.Бөкейханов басшылығымен) және батыс бөлігі Жымпиты (Орал обл., Жанша және Халел Досмұхамедовтар басшылығымен). Алашорданың жетісулік бөлігі де бөлек іс-қимыл жүргізді. Мұндай жағдайда Алашорда үкіметі бір-бірін мойындау үшін Орталық Кеңес үкіметімен, оның жергілікті органдарымен байланыс жасауға мәжбүр болып, келіссөздер жүргізеді. 1918 ж. наурызда Мәскеуге Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы – В.И.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі Халық комииссары – И.В.Сталинмен кездесу үшін Ә.Бөкейханов өзінің екі сенімді серігі – Ж. және Х.Досмұхамедовтартерді жібереді. Ә.Бөкейхановтың тапсырмасымен 1918 ж. 2 сәуірде Семейден Халел Ғаббасов телефон арқылы И.Сталинмен сөйлесті. Келіссөздер барысында Алашорда басшылары В.И.Ленин мен И.В.Сталиннің талап етуімени «Кеңес өкіметі елде барлық автономиялық мемлекеттік құрылымдардың орталық өкіметі» екенін амалсыз мойындады. Осыған қарамастан, олар кеңес басшыларының алдына дұрыс шешілген жағдайда Алаш автономиясының тәуелсіздігін белгілі бір дәрежеде қамтамасыз ететін мынадай өз мәселелері мен талаптарын да қойды: автономия ауқымында Қазақстан аумағының тұтастығын қамтамасыз ету; Алашорданың қолына заңдық және атқарушылық билікті беру; қазақ ішіндегі даулы мәселелерді халық өзі сайлайтын уездік және облыстық соттарға беру; «халық милицияларын» - автономияның қарулы күштерін ұйымдастыру; Алашорданы қолдағаны және кеңес өкіметіне теріс пиғыл танытқан ұйымдарға қатысқаны үшін Алаш қайраткерлері мен қазақ зиялы өкілдеріне қарсы саяси жаза қолдануға тыйым салу. Алашорданың бұл ұсыныстары ел басшылығына ұнамай, олардың арапынан ешқандай қолдау таппады. Кеңес үкіметінің мүддесіне сай келмеді. Сондықтан келіссөздер тоқтатылады. Ленин, Сталин Қазақстанда большевиктік балама үкімет құруға кіріседі. Мәскеудің большевиктік емес либерал-демократиялық қазақ автономиясын мойындағысы келмегенін көрген Алашордалықтар большевиктерге қарсы күштермен, ең алдымен Орынбор атаманы Дутовпен жақындаса бастайды. Осылайша, Кеңестер билігін мойындамаған «Алаш» партиясы большевиктердің қарсыластарының жағында болып шықты. Алашорда көсемдері ұлттық мемлекеттілікті құру принциптеріне ұлттық бірлікті, ұлттың біртұтастығын негіз етіп алса, ал 1917 ж. Қазанда большевиктер ұлттық мемлекеттілік құрылым негізіне таптық, яғни ақыр соңында Азамат соғысына алып келген халықтың бір бөлігін екінші бөлігіне қарсы қою принципін ұсынды. 1918 ж. көктемде Ресейде Азамат соғысы басталып, оның көптеген оқиғалары Қазақстанда өтіп, өлкеге өз әсерін тигізді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет