3-дәріс. Азаматтық-саяси қайшылықтар


Қазақстан Азамат соғысы жылдарында («ақтар» мен «қызылдардың» күресі)



бет5/10
Дата08.02.2022
өлшемі90,2 Kb.
#118264
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
17 бет Студенттерге 3-дәріс ҚҚЗТ(1)
17 бет Студенттерге 3-дәріс ҚҚЗТ(1), 000645ac-ac14542e (1), 000645ac-ac14542e (1), Б лім бойынша жиынты ба алау а арнал ан тапсырмалар То санда ж
2. Қазақстан Азамат соғысы жылдарында («ақтар» мен «қызылдардың» күресі). Жұмысшы-шаруа Кеңестерінің 1917 ж. 25 қазанда орталықта және жергілікті жерлердегі билікті басып алуы алғашқы күннен-ақ құлатылған таптардың қарулы қарсылығын туғызды. Бұл қарсылық 1918 ж. мамырда бүкіл Ресейді қамтыған кең ауқымдағы әскери іс-қимылдарға – Азамат соғысына ұласты. Азамат соғысы дегеніміз бір мемлекет ішіндегі әлеуметтік топтар мен таптар арасындағы өкімет билігі үшін қарулы күресі. Азамат соғысы 1918 – 1920 жылдары болды. Бұл соғыста Ресей тұрғындары бір-біріне қарама-қарсы, жау екі лагерьге бөлінді, олар: Қызыл Армия (қызыл гвардияшылдар) – большевиктер, жұмысшылар, шаруалар, солдаттар, яғни Кеңес өкіметін жақтаушылар және ақгвардияшылдар – Кеңес өкіметіне қарсылар: меньшевиктер, Уақытша және патша үкіметтерін жақтаушылар. Оларды Алашорда, казактар қолдады. Екі жақ арасындағы күрес бітіспес қанды қырғынға ұласты.
Қазақстанда Азамат соғысы ошақтарының бірі Орынбор губерниясы мен Торғай обл-ң әкімшілік орталығы Орынборда қалыптасты, мұнда казак атаманы Дутов 1917 ж. қарашада Кеңес өкіметін құлатады. Кеңес өкіметіне қарсы күштер 1917 ж. қарашада Жетісу мен Оралда да топтасты. Бұл аймақта антикеңестік күштердің әлеуметтік базасын Жетісу мен Оралдағы казак әскерлері, көпестер, саудагерлер құрады. 1917 ж. 1(14) қарашада Жетісу казак әскерлері Жетісудағы жоғары билік – «Әскери үкіметті» құрды. Ақгвардияшыл офицерлер мен юнкерлер Верный (қазіргі Алматы қ.) қаласына жан-жақтан келіп, бас қосты, осы жерде алаш полкі құрылды. Оралда да Орал казак әскерлерінің облыстық «Әскери үкіметі» ақ гвардия офицерлеріне, казак атаман-кулактарға сүйенді, оларды жергілікті эсерлер, меньшевиктер мен алашоардашыдар қолдады.
Азамат соғысы мен шетел интервенциясының (Антанта) кең ауқымды соғыс ретінде басталуы: Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен Австрия-Венгрия солдаттарынан құрылған 50 мыңдық Чехословак корпусы 1918 ж. мамырдың аяғында Еділ бойы мен Сібірде Кеңес өкіметіне қарсы бүлік шығарады, бұл большевиктерге қарсы барлық күштерді қозғалысқа келтірді. Корпустың бір бөлігі ішкі контрреволюциялық күштермен бірігіп, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Омбы, Павлодар, Семей, Атбасар, Қостанай қалаларын басып алды.
Орта Азия мен Қазақстандағы Азамат соғысы Ресейдегі Азамат соғысының құрамдас бөлігі болды. Азамат соғысы кезінде Қазақстан аумағы ірі майдандардың – Шығыс майдан, Түркістан майданы, Орал майданы және жергілікті майдандар – Ақтөбе майданы, Жетісу майданының әскери іс-қимылдар ошағына айналды.
1918 ж. жазда Орал, Ақмола, Семей, Торғай облысының басым бөлігін ақ гвардияшылар толықтай дерлік басып алды. Одан әрі қарай олар Жетісуға (атаман Анненков) қарай өтті. 22 шілдеде Жетісу майданы әскерлерінің штабы құрылды. Облыстың біріккен қарулы күштері ақ гвардияшыларға соққы бере алмады. Ақ гвардияшылар басып алған аудандарда Кеңес өкіметін қайта орнату партизан қозғалысы түрінде жүрді. Қоныс аударушы шаруалардың үлкен тобы Черкасск селосында қорғанысты ұйымдастырды, бұл тарихта «Черкасск қорғанысы» деп аталды. 1918 ж. жазында Кеңес өкіметі Қазақстанда Жетісудың басым бөлігінде, Сырдария облысында, Торғай обл-ң оңт. өңірлерінде, Бөкей Ордасының бірқатар аумағында ғана сақталып қалды.
Контрреволюцияға шетел интервенттері көп көмек көрсетті, қару-жарақпен, қаржымен жабдықтады. Тамызда Иран мен Закаспий облысына ағылшын әскерлері енді. Орта Азия мен Қазақстанды интервенттер мен ақ гвардияшылардың басып алу қаупі төнді.
Азамат соғысы елде кеңінен қанат жая берді. Қазақстанмен шектесетін аумақтарда бірқатар аймақтық кеңеске қарсы үкіметтер пайда болды. Антанта елдері қолдаған чехословак корпусының көмегімен Самарада эсер-ақ гвардияшылар үкіметі – Құрылтай жиналысы комитеті (Комуч), Омбыда адмирал Колчак басқарған Уақытша Сібір үкіметі құрылды. 1918 ж. 18 қаңтарда Орынбордан қуылған атаман Дутов Кеңестерге қарсы қайта шабуылға шықты, 1918 ж. 3 шілдеде Орынборды басып алып, кеңестік Түркістанды орталық Ресейден бөліп тастады.
Азамат соғысы жағдайындағы Қазақстанның кеңестік өңірлерінде Қызыл армия бөлімдерін құру едәуір табысты өтті. Алғашқы Қызыл армия бөлімдері қатарында орыстар, қазақтар, украиндар, ұйғырлар, татарлар, дүнгендер т.б. халық өкілдері болды. 1918 ж. жазда Қызыл армияның ұлттық құрамалары – «Мұсылман бөлімдері» де құрыла бстады, оның базасы Сырдария, Жетісу облыстары, Бөкей Ордасы мен Торғай обл-ң кеңестік уездері болды.
Қазақстан аумағында өріс алған майдандардағы соғыс қимылдарының дамуы алғашқы кезекте Шығыс майданындағы соғыс операцияларының барысымен тығыз байланысты болды. Кеңес өкіметі Қазақстан майдандарында соғысып жатқан Қызыл Армия бөлімдеріне қажетті әскери көмегін аямады. Соның бірі болған Ә.Жангелдин экспедициясы Ақтөбе майданына қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізуде маңызды рөл атқарды: Ол 1918 ж. 20 шілдеде мол қару-жарақпен Мәскеуден теміржолмен шығып, 1 тамызда Астраханға келеді. 21 тамызда экспедиция екі желкенді кемемен Каспий арқылы Бозашыға келіп, Жандауыр мүйісіне жетті. 11 қарашада, 57 күннен кейін, аса қиын дала жолымен жүріп өткен экспедициялық отряд өзін асыға күтіп отырған Ақтөбе майданы тұрған Шалқар станциясына келіп жетті.
1918 ж. қарашада Шығыс майдандағы Қызыл армия бөлімдері Орынбордағы атаман Дутовтың және Орал казак әскерлеріәне қарсы шабуылды өрістетті. 1919 ж. қаңтарда Қызыл Армия Орынбор мен Оралды азат етті. Мұның өзі Кеңестік Ресейдің Қазақстанмен және Орта Азиямен тікелей байланысты қалпына келтіруге мүмкіндік берді. 1919 ж. көктемде Антанта Кеңес еліне біріккен жорық жасады. Басты соққыны Колчактың ақ гвардияшыл әскерлері берді.
Кескілескен қырғын азамат соғысы жүріп жатты, оның от-жалынында 8 млн. адам қаза тапты. Қызылдар мен ақтардың қимылынан ең алдымен қарапайым халық зардап шекті. Олардың қайсысы болса да, ең алдымен аттарды реквизициялады, қазақтар арасында күштеп мобилизация жүргізді, ауылдар мен даланы өртке орады. Атамандар Дутов пен Анненков казактары ерекше қатыгездік көрсетті. Қазақстан жерінде ақ гвардияшылар басып алған жерлерде партизан қозғалысы мен халық көтерілістері өріс алды. Қозғалыс Қостанай уезінде, Ақмола, Семей облыстарында кең етек алды. Партизан қозғалысына әскерден қайтқан солдаттар, матростар, Ақпан және Қазан төңкерістеріне, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқандар, коммунистер басшылық етті. Партизандық астыртын жұмысты ұйымдастырушылар: Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев, Ә.Майкөтов, М.Жәнібеков, А.Войцеховский т.б. Партизан қозғалысының тарихында Ақмола обл-ң Атбасар уезіндегі колчакшыларға қарсы Маринский көтерілісі үлкен орын алды. Жетісу жеріндегі 1918 ж. маусым – 1919 ж. қазандағы атаман Анненковтың отрядтарына қарсы партизандық әрекеттер «Черкасск қорғанысы» деген атпен тарихта қалды. Сондай-ақ Орал қорғанысы, Тарбағатай мен Алтайдың «Тау қырандары» партизан отрядтарының әрекеттері Қазақстандағы Азамат соғысының тарихында көрнекті орын алды.
1919 ж-ң жазында Шығыс майдандағы Колчак армиясының негізгі күштерінің күйретілуі Батыс, Солтүстік, Солт-Шығыс Қазақстан мен Жетісуді азат етуге жағдай жасады. 1919 ж-ң аяғында Қазақстанның негізгі аумағы ақ гвардияшылардан босатылды. 1920 ж-ң наурызында Азамат соғысының ең соңғы майданы – Солтүстік Жетісу майданы жойылды. Қазақстан жеріндегі ірі соғыс операциялары М.В.Фрунзе, М.Н.Тухачевский, В.И.Чапаев т.б. белгілі қолбасшылар, И.П.Белов, И.С.Кутяков, А.Иманов т.б. командирлер басшылығымен жүзеге асырылды.
Азамат соғысы жылдарындағы Алашорда. Алдашорданың дағдарысы мен күйреуі. Қазақстанның көптеген өңірлерінде Азамат соғысының етек жайып, Кеңес өкіметін құлату жағдайларында Алашорда (Алаш автономиясының үкіметі) Кеңестерге қарсы бірігіп күресу үшін Орынборда атаман Дутовпен одақ құрды. Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен және Самарадағы Құрылтай жиналысы комитетімен (Комуч) тығыз байланыс орнатты, Кеңестерге қарсы бірлесе күрес жүргізу мақсатымен Орал, Сібір және Жетісу казактарымен байланысын нығайтты. 1918 ж. маусымда Алашорда үкіметі жергілікті жерлерде нақты билікке қол жеткізу үшін бірқатар декреттер қабылдады, Алаш автономиясы аумағында Кеңес өкіметі шығарған барлық заңдар жарамсыз деп танылды. Алашорданың Әскери кеңесі құрылды. Алаш автономиясы барлық әдістермен жаңа құрылған Ресей үкіметтерінің ІІ Бүкілқазақ съезінің шешімдерінің негізінде қазақ автономиясын мойындауларына күш салды. Ә.Бөкейханов бастаған Алашорда басшылары қандай жағдай болса да қазақ халқына ұлттық мемлекеттілік құру мүмкіндігін күн тәртібіне қойды.
Алайда ұлттық автономия идеясы большевиктер тарапынан кеңестік негізде және таптық принцип тұрғысында ғана қолдау тапты. Басқа саяси күштердің барлығы бұл идеяның шешімін Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының еркімен байланыстырды.
Алаш көсемдері Кеңестерге қарсы күресте биліктің жергілікті органдарымен байланыс орнатуға тырысты, ал олар Ә.Бөкейхановтың ұлттық идеясына салқындық танытты. Алашорда Омбыдан да, уездерден де қолдау таппады. Большевиктік емес барлық саяси партиялар федерацияның қажеттігін үстірт мойындады, ал іс жүзінде унитарлық мемлекетті жақтады. Ақ гвардияшылар большевиктердің билігін құлатып, кадет-эсерлер билігін орнату большевиктер әкелген анархия мен бүліншілікке тоқтау салады, сондықтан автономия идеясы қажет емес деп санады. Елде бір орталықтан басқарылатын билік органы болмады. Ақмола мен Семей обл-ында Сібір үкіметімен қатар Сібір казак әскерінің билік аппараты да қызмет етті. Оралда Орал казак әскери билігі мен Алашорда үкіметі орнады. Заңдылық пен билік қала мен поселкелерде бір түрлі, станицаларда екінші түрлі, ауылдарда үшінші түрлі әрекет етті. Ұлт өкілдері аралас елді мекендерде адамдардың қандай да бір билікке бағынудан бас тартқан кездері жиі болды.
Алаш басшылығы үш ай бойы мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, ел қорғау, жер мәселесі бойынша бұйрықтар шығарып, өз билігін орнықтыруға тырысты. Сібір үкіметі тарапынан Алашорда билігіне қолдау көрсетілмеді. Алашорда басшылығы 1918 ж. 23 шілдеде Сібір үкіметінің басшысына жолдаған хатында «қазіргі сәтте Ресей бірыңғай біртұтас мемлекет ретінде өмір сүріп отырған жоқ. Сондықтан автономиялық облыстар мен халықтар большевиктер билігінен құтылып, өзін-өзі басқару жолына түсуі тиіс...», - деп жазған. Сібір үкіметі «бұратана халықтың мәдени-ұлттық қажеттіліктерін қанағаттандыру туралы талаптарын қолдауға әзірміз, бірақ дербестікке ұмтылу мемлекеттің өзін-өзі құртуына әкеледі» деген пікірде болды. 1918 ж. күзде Алашорда Сібір үкіметі тарапынан жартылай танылады: Алашорда қазақ халқының билік органы деп танылды, оған салық жинауға рұқсат берілді, ол ұлттық солт жүйесін құра алады, ал Қарулы күш – ұлттық әскер Сібірдің белгілі бір әскери ведомствосының принциптеріне негізделіп құрылатын болды. Ұлттық әскердің басшысын, бөлімше командирлері Алашорданың келісімімен Сібір әскери үкіметі тағайындайтын болды. Осылайша, Алашордаға белгілі бір жеңілдіктер бере отырып, Сібір үкіметі басты саяси мәселеде өктемдік танытты.
1918 ж. қыркүйекте Бүкілресейлік жоғары өкімет билігі құрылып, ол Директория деген атқа ие болды. Директорияның төрағасы эсер Н.Авсентьев пен оның әріптестері Алашорда үкіметі жойылсын, оның қызметі мәдени-тұрмыстық, шаруашылық-экономикалық мәселелермен шектелсін деген шешімге келді. Бұл шешім Алаш қайраткерлері үшін күтпеген жағдай болды.
Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков әскери бөлімнің меңгерушісі Х.Тоқтамышевпен бірге 1918 жылы шілде мен тамызда Самарадағы Құрылтай жиналысының комитеті және Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен Алашорда қарулы күштерін құруға көмек көрсету мәселесі бойынша келіссөздер жүргізді. Алашорданың батыс бөлімшесінің басшылары Жанша мен Халел Досмұхамедовтер Самарадан Құрылтай жиналысының комитеті арқылы 600 винтовка мен пулемет алды, жақын уақытта 2000 адамнан тұратын қазақ әскерін ұйымдастыруға уәде етті. Дутовтың көмегімен Қостанай мен Ырғыз уезінде 2 атты полк құру ісі қолға алынды. 1918 жылы тамызда Семейде Уақытша Сібір үкіметінің көмегімен Бірінші Алаш атты полкі құрылып, оның құрамы 38 офицер мен 750 жауынгерден тұрды. Ақ гвардияшылардың көмегімен асығыс үйретілген алаш отрядтары көп ұзамай Қызыл Армияға қарсы күрес жүргізуге қатысты. Сібір үкіметінен белгілі мөлшерде көмек алып тұрған Алашорда оның орнына келген Директориядан ұлттық әскер құру ісінде ондай көмек ала алмады. Алашорданың билігін жою және Ә.Бөкейхановтың басшылығымен қазақ істерін басқарудың арнаулы органын құру туралы Директорияның 1918 ж. қыркүйектегі қаулысынан кейін ұлттық-мемлекетті құру процесі тоқтап қалды. Бұдан кейінгі оқиғалар ресейлік биліктің Алашордаға кері қатынаста болғанын көрсетеді. Алашорда Ресейдің орталық мемлекеттік билігіне төнетін қауіп ретінде қарастырылды. Осы көзқарас Директорияның, одан кейін Колчак үкіметінің де ұстанымына айналды. Ұлттық мемлекеттілікті құру мүмкіндігінен айыру қазақ халқының басым көпшілігін Кеңес өкіметіне қарсы белсенді түрде күресуден шет қалдырды. Оның үстіне саны аз, нашар қаруланған «халық милициясының» құрамалары Қазақстандағы Азамат соғысынаның барысы мен нәтижелеріне қандай да бір елеулі әсер ете алмады.
Азамат соғысы – большевиктер мен олардың қарсыластары арасындағы соғыс нәтижесінде Алашорда Қазақстан аумағының көп бөлігіне бақылауынан айырылды. Колчакшылардың қазақтарға автономия бермеуі, сонымен бірге большевиктердің өзін-өзі билеуі туралы ұранының сөз жүзінде қалуы 1918 – 1919 жылдары Алашорданың дағдырысы мен күйреуіне әкелді.
Ақтар режимі Алашордаға сенімсіздік білдірді, кейде жаулық пиғыл танытып, қауіп төндірді. Ақ гвардияшылардың, казактардың қазақ тұрғындарына «ұлыдержавалық» шовинизмі, казактар тарапынан тонау, малды реквизициялау, шаруашылық жұмыстарына қазақтарды алу т.б. Алашордаға ұнамады. Сөйтіп ақтар өз одақтасын мүлдем түңілдіріп, оны ұлттың өз тағдырын өзі анықтау мәселесін шешудің басқа жолдарын іздеуге ұмтылдырды. Екі оттың (Кеңестер мен ақтар қозғалысының) ортасында қалған Қазақстан, Татарстан, Башқұртстанның ұлттық-демократиялық қозғалысының көсемдері 1919 ж-ң бастап Кеңес өкіметі жағына амалсыз өту туралы шешімге келеді. Ұлттық қозғалыс көсемдерінің трагедиясының мәні, басқа түскен қос ауыртпалықтың қайсысының қасіреті аздау көрінгенін амалсыз таңдауында жатыр (А.Байтұрсыновтың сөзі: «Кеңес өкіметі Колчак диктатурасынан артық...»).
Осындай жағдайда Азамат соғысында жеңіске жете бастаған большевиктер ақ гвардияшылардан және түрлі үкіметтерден көңілі қалған алаштықтармен байланыс орнатты. 1919 ж. наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті Алашордаға амнистия (кешірім) жариялайды, наурызда Алашорда басшыларының бірі, оның Торғай бөлімінің жетекшісі Ахмет Байтұрсынов пен оның жақтастарының бір тобы Кеңес өкіметі жағына шықты. 1919 ж. 10 желтоқсанда Алашорда басшылары Кеңес өкіметін мойындайды. Ә.Бөкейханов бастаған шығыс бөлімі де Кеңес өкіметін мойындайды. 1920 ж. Қазақстан жерін ақ гвардияшылардан босатылып, Кеңес өкіметі қалпына келтіріледі. 1919 ж. 10 шілдеде «Қырғыз» (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет (Казревком) құрылады.
Алаш белсенділерінің Кеңес өкіметі жағына шығуымен оларды алда тағы бір қайғылы белес күтіп тұрды. Алашорданың Кеңес өкіметімен қатынастары күрделі болды. 1920 ж. қаңтарда Семейде, ақ гвардияшылармен бірге әрекет етті деп Ә.Бөкейханов пен Алаштың облыстық басшыларының үш мүшесі тұтқындалды. Тұтқындау Ақмола обл-ң бірқатар қалаларында да орын алды. Елдің батысында да іс оңбады. Ж. және Х. Досмұхаммедовтар, Көшкінбайұлы, Жалелұлы, Атшыбайұлы Қазақстаннан жер аударылады. Казревком құрған комиссия Алаш белсенділерінің жағдайын зерттеп, қызыл қазақтар мен алашордашылар бірігіп жұмыс істпей алмайды деген қорытынды жасады. Кеңес билігі саяси рақымшылық принциптерін сақтай отырып, Алаш белсенділері Ә.Бөкейханов пен оның жақтастарын Қазақстанның саяси аренасынан кетіру болды (олар қазақтарды кеңестік құрылысқа тарту ісіне зиянын тигізеді делінді). Комиссия пікірі негізінде 1920 ж. 9 наурыздағы Казревкомның қаулысына сай Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметі таратылады. Алашорда жойылып, Қазақстанды басқару Казревкомға көшеді. Алаш қайраткерлері 1919 – 1920 жылдары саяси аренадан кетсе де, Қазақстанның мәдениеті мен ғылымын, халық шаруашылығын дамыту ісіне елеулі үлес қосты. Кеңес өкіметі 1919 – 1920 жылдары бірнеше жариялаған рақымшылыққа қарамастан, Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлері ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында «буржуазиялық ұлтшылдар» және «халық жауы» деген жаламен репрессияға ұшырады.
Алашорданың дағдарысының себептері: антибольшевиктік коалициядағы Алашорда одақтастарының Алаш автономиясы туралы идеяларды қабылдамауы, ал Кеңес үкіметі тарапынан қазақтарға өзін-өзі билеуге дейін саяси құқық береміз деген уәденің берілуі, Азамат соғысы кезінде экономиканың нашарлауы, Алашорда бөлімдерінің арасындағы байланыстың нашарлығы; осының бәрі Алашорда басшыларына Кеңес өкіметі жағына шығудан басқа амал қалдырмады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет