3-дәріс. Азаматтық-саяси қайшылықтар


Қырғыз (Қазақ) АКСР-ның құрылуы. Кеңестік тоталитарлық басқару жүйесінің негіздерінің қалануы



бет7/10
Дата08.02.2022
өлшемі90,2 Kb.
#118264
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
17 бет Студенттерге 3-дәріс ҚҚЗТ(1)
17 бет Студенттерге 3-дәріс ҚҚЗТ(1), 000645ac-ac14542e (1), 000645ac-ac14542e (1), Б лім бойынша жиынты ба алау а арнал ан тапсырмалар То санда ж
3. Қырғыз (Қазақ) АКСР-ның құрылуы. Кеңестік тоталитарлық басқару жүйесінің негіздерінің қалануы. Ресей империясының ұлттық аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Коммунистік партияның ұлттық бағдарламасына сәйкес бұрынғы отар халықтардың мемлекеттігін құру мәселесі тұрды. Патша өкіметінің қазақтарды ұлттық мемлекеттілігінен айырып, қазақ өлкесін бірқатар әкімшілік-аумақтық бөліктерге бөліп тастаған отаршылдық саясатының зардаптарын жою қажет болды.
Билікке келген Коммунистік партияның ұлттық саясатының негізгі принциптерін Қазан революциясына дейін В.И.Ленин тұжырымдады. Ол бойынша басты қағыида ұлттың бөлініп шығуына, жеке мемлекет құруға дейін өз даму жолын өзі анықтау (өзін-өзі билеу) құқығын талап ету болып табылды. Бұл шет аймақ халықтарының Қазан революциясы кезінде большевиктерге (коммунистерге) қолдау көрсетуіне әкелді. Алайда большевиктер билікке келгеннен кейін В.Ленин ұлттың өзі-өзі билеу құқығын, яғни Ресейден бөлініп шығып, тәуелсіз мемлекет құру құқығын аяғына жеткізгісі келмеді, ол сөз жүзінде қалды, бұл мәселені шешу үшін ең алдымен, социализм үшін күрескен еңбекшілер мүддесі тұрғысынан қарау дегенді баса атап көрсетті. Кеңес өкіметі құратын мемлекет халықтың барлық топтары үшін қызмет ететін мемлекет емес, жұмысшылар мен шаруалар мемлекеті, яғни таптық мемлекет дегенді білдірді. В.И.Ленин Кеңестер ғана мемлекеттілік идеясын жүзеге асыра алады және Коммунистік партияның басшылығымен пролетариат (жұмысшы табы) диктатурасының 3 негізгі міндетін: революция жолымен биліктен кетірілген таптардың (помещиктер, капиталистер және ұлттық шет аймақтардағы олардың одақтастарының) қарсылығын тойтару, капитализмді қалпына келтіру әрекеттерін болдырмау; барлық еңбекшілерді пролетариаттың төңірегіне топтастыру, оларды коммунизмнің бірінші сатысы – социализмді құруға жұмылдыру; революциялық күштерді қаруландыру және елді сыртқы жаулардан қорғауды ұйымдастыруға ммүкіндік береді деп есептеді. Большевизмнің көсемі, орталық Кеңес үкіметінің басшысының бұл теориялық тұжырымы кейін Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (РКФСР) түріндегі Кеңестік федерацияны және Кеңестік социалистік республикалар Одағы (КСРО) құруда толығымен жүзеге асырылды.
Кеңестік типтегі алғашқы көпұлтты мемлекет – РКФСР-дің құрылуы ұлттық автономиялық кеңестік мемлекеттердің құрылуына серпін берді. Елдің шығысында кеңестік автономиялық республикалар құруға дайындық басталды. Кеңес өкіметі 1917 ж. желтоқсанда ІІ-ші Бүкілқазақ съезінде құрылған Алашорда ұлттық-аумақтық автономиясын да, 1917 ж. қарашада құрылған Түркістан автономиясын («Қоқан автономиясын») да мойындамайтынын ашық білдірді, тіпті Қоқан автономиясын 1918 ж. ақпанда талқандады.
Шығыстағы алғашқы Кеңестік көп ұлтты республика Кеңестердің Түркістан өлкелік V съезінде (Ташкент қаласы, 1918 ж. 20 сәуір – 1 мамыр) жарияланған Түркістан АКСР-і болып табылады. Оған қазіргі Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстары (бұрыңғы Сырдария мен Жетісу обл-ры) кірді.
Кеңес өкіметін нығайту және қазақ автономиясын құруға дайындық жұмыстарын жүргізу кезінде «Үш жүз» партиясының көсемдері, Көлбай Тоғысов Алаш партиясына қарсы күресті күшейтті. Бұл партияның ұлттық-мемлекеттік құрылыс бойынша айқын бағыт-бағдары болған жоқ. Олар 1918 ж. бастап Алаш автономиясына қарсы шықты. Ұлттық мәселені шешудің мемлекеттік формасы «түркі-татар» қоғамдастығын құруда деп білді, бір ғана түркі тілдік белгісіне қарай Ресей мұсылмандарын жасанды жолмен біріктіру идеясын көтерді. Үшжүздіктер большевиктердің кеңестік автономия идеясын қабылдап, Кеңес өкіметін қолдап шықты.
1918 ж. жазда Азамат соғысы мен шетелдік интервенцияның басталуына байланысты Қазақ кеңестік автономиясын құру жұмысы баяулап қалды. 1919 ж-ң басынан бастап Қызыл Армияның жеңіске жетуі барысында Қазақстан ақ гвардияшылардан тазартылып, азат етілген жерлерде Кеңес өкіметі қалпына келтірілді. Азамат соғысы жүріп жатқан кезде кезек күттірмейтін міндеттерді шұғыл шешетін төтенше билік орындары – революциялық комитетер құруды өмірдің өзі талап етті. 1919 ж. ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелері қайта көтерілді. Алашорда мұны ІІ-ші Бүкілқазақ съезі шешімдеріне сай шешуге тырысты, ал Кеңес үкіметі бұрынғысынша қазақ автномиясын таптық принципке негізделген кеңестік республика түрінде ұйымдастыруды көздеді. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 1919 жылы 10 шілдеде В.И.Ленин қол қойған декрет (жарлық) бойынша Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық Комитет (Кирревком – Казревком) құрылды. Оның құрамында: Астрахань губерниясының қазақтар тұратын бөлігі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары кірді. Ол өлкедегі ең жоғарғы әскери-азаматтық басқарма болып саналды. Казревкомның алғашқы төрағасы С.Пестковский, мүшелері: А.Байтұрсынов, В.Лукашов, Ә.Жангелдин, М.Тұңғаншин, С.Меңдешев, С.Сейфуллин, В.А.Радус-Зенькович, А.Авдеев, Б.Қаратаев, Ә.Әйтиев, Ә.Әлібеков, С.Арғыншиев, Х.Ғаббасов, Т.Седельников болды.
Казревком 1919 ж. 10 шілде – 1920 ж. 10 қазан аралығында 15 ай жұмыс істеді. Оның міндеттері: Контрреволюция мен интервенцияға қарсы күресу, өлкеде мемлекеттік, шаруашылық, мәдени даму үшін жағдай жасау, өлке Кеңестерінің Құрылтай съезін әзірлеу. Казревкомның аса маңызды міндеті – қазақтың байырғы жерін бір қолға жинақтау, яғни болашақ қазақ мемлекетінің аумағының тұтастығын қамтамасыз ету болды. Казревкомның құрылуы Кеңес өкіметі мен Алаш қозғалысының арасындағы белгілі бір мәміленің көрініс табуы болды. Бұл мәміле екі жаққа да пайдалы болды: Кеңес өкіметі Қазақстан ұлттық автономиясын құруды жақтағандардың бір бөлігін өзінің одақтасына айналдырды, ұлттық автономияның әлеуметтік базасын әлсіретті; ал Алашордашылар бұл мәмілеге амалсыз барды, себебі 1918 ж. ақпанда Кеңестердің Орта Азияда Түркістан автономиясын құлатуы, көктемде құрамына Қазақстанның оңтүстік облыстары кірген Түркістан АКСР-н құрылуына байланысты Кеңестердің Алашорда мемлекеттілігін құрудың іске аспайтындығына көзін жеткізуімен байланысты Алаш басшылары Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру үшін кеңестік автономияны орнату идеясын қабылдады.
1919 ж. 19 қыркүйекте Орынборды Қазақ өлкесіне қосылуы туралы шешім қабылданып, ол 1920 ж. 7 шілдеде республика құрамына енгізілді. 1920 ж. 9 наурызда Алашорда таратылды. Казревком қазақ жерлерін біріктіру жөнінде жұмыстар атқарды. Қазақ революциялық комитеті Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезін шақырудың, болашақ республиканың шекараларын анықтаудың дайындық жұмыстарын жүргізді. Оларды орындауда Қазревкомның жанында құрылған А.Байтұрсынов басшылық еткен Қазақ республикасының шекараларын анықтау жөніндегі Комиссия, Бүкілқазақ съезін шақыруға дайындық мәселесі бойынша Ерекше комиссия үлкен рөл атқарды.
1920 ж. 26 тамызда РКФСР құрамындағы, астанасы Орынбор қаласы болатын «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасын құру туралы» декретке ХКК-нің төрағасы В.И.Ленин мен БОАК-нің төрағасы М.И.Калинин қол қойды. Қазақ АКСР-нің аумағына: Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Маңғышлақ уезі, Красноводск уезінің 4-ші, 5-ші адай болыстары, Астрахань губерниясының бір бөлігі кіретін болды. Ақмола, Семей облыстары Азамат соғысы кезінде Сібір ревкомына қарап кеткен еді, осы облыстар 1921 жылға дейін, дайындық жұмыстары аяқталғанша Сібір революциялық комитетіне қалдырылды, олар 1921 ж. толық қосылды; ал Түркістан АКСР құрамындағы Жетісу мен Сырдария облыстарын Қазақ АКСР-не қосу мәселесі осы облыстар өлкелерінің съезінде шешілуі тиіс болды.
1920 ж. 4-12 қазанда Орынборда Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің Жұмысшы, шаруа, солдат депуттарының Құрылтай съезі өтті. Қазақ АКСР-нгің жоғарғы өкімет органдары сайланды: Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып Сейітқали Меңдешев, Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып В.А.Радус-Зенькович сайланды.
Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезі қабылдаған аса маңызды құжат: «Қырғыз (Қазақ) АКСР еңбекшілері құқықтарының декларациясы» болды. Съезд былай деп мәлімдеді: «Қырғыз (қазақ) халқының саналы еңбекші бұқарасы республиканың еңбекші халықтарының біртұтас ынтымақты әлеуетіне енеді... ал оның басты міндеті адамды адамның қанауын жою, қоғамның таптарға бөлінушілігін толық жою... социалистік қоғам орнату». Съезд делегаттары 1920 ж. 26 тамыздағы Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы декретін құптады. Сөйтіп, Қырғыз (Қазақ) АКСР-інің құрылуы өлкенің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінде елеулі оқиға болып табылады. Таптық принциптер негізіндегі Кеңестер формасындағы болса да, байырғы қазақ жерінің аумағында Қазақстан мемлекеттілігі құрылды. Ресей империясының бодандығы тұсында ыдырап кеткен Қазақстанның аумақтық тұтастығы қалпына келтіріле бастады. Қазақтың кеңестік ұлттық мемлекеттілігінің жариялануының орасан зор тарихи маңызы болды. Қазақ халқы бұл актіні өзінің ғасырлар борйғы арманының орындалуы, отаршылдыққа қарсы сан ғасырлық күрестің нәтижесі, ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам деп қабылдады. Осылайша, Қазақ АКСР-і – большевиктік кеңестік автономия құрылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет