3-дәріс. Азаматтық-саяси қайшылықтар


Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнатылуы



бет2/10
Дата08.02.2022
өлшемі90,2 Kb.
#118264
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
17 бет Студенттерге 3-дәріс ҚҚЗТ(1)
17 бет Студенттерге 3-дәріс ҚҚЗТ(1), 000645ac-ac14542e (1), 000645ac-ac14542e (1), Б лім бойынша жиынты ба алау а арнал ан тапсырмалар То санда ж
Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнатылуы. Қазақстандағы осы кезеңдегі саяси жағдайлардың өз ерекшеліктері болды. Мұнда пролетариат аз, қоныс аударушы шаруалардың көпшілігі жермен қамтамасыз етілген, өлкеде патша үкіметі кезінен артықшылық жағдайдағы казактар сословиесі болды. Іс жүзінде патша өкіметінің саясатын жалғастырған Уақытша үкімет Қазақстанда ұлт мәселесін, қазақтардың жер мәселесін шешпеді, өзін-өзі билеу, автономия алу мәселесін күн тәртібіне қоймады. Еңбекшілердің жағдайы нашарлап, Сырдария, Жетісу обл-рын аштық қамтыды. 1917 ж. қыркүйек-қазанда Қазақстан қалалары – Петропавл, Орал, Орынбор – Ташкент темір жол станцияларының жұмысшыларының ереуілдері, Верный, Әулиеатада бұқаралық бас көтерулер, шаруалар қозғалысы болды. Уақытша үкімет бұл бас көтерулерді басты.
Өлкенің қазақ тұрғындары 1917 ж. шілдеде І Бүкілқазақ съезінде құрылған «Алаш» партиясын, мұсылман саяси ұйымдарын қолдады. Қазан революциясы қарсаңында большевиктердің Қазақстанда айтарлықтай беделі болмады. Алайда Петроградта Қазан қарулы көтерілісі жеңіп, орталықта Кеңес өкіметінің орнауы және Қазақстанмен іргелес жатқан, өлкенің жекелеген әкімшілік орталықтары болған Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань сияқты ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда биліктің толығымен Қазақстан Кеңестерінің қолына өтуі үшін шешуші мәнге ие болды. Қазақстанның Ресейдің отарлық шет аймағы ретінде елде қалыптасқан саяси жағдайға байланысты Қазан төңкерісінен кейін көп ұзамай Қазақстанның ірі қалаларында кеңес өкіметі орнай бастады. Қазақстанда кеңес өкіметін орнату кей жерлерде «бейбіт», кей жерлерде қарулы күрес арқылы жүріп, 4 айға: 1917 ж. қазанның аяғынан 1918 ж. наурызға дейін созылды. Бұл процесс өлкенің әлеуметтік-экономикалық, мәдени артта қалуынан, жергілікті жұмысшы табы мен большевиктік ұйымдардың санының аз, әлсіз болғандығынан, ұлтаралық қатынастардың күрделігінен туған қиыншылықтарға байланысты шиеленісті.
Негізінен жұмысшылар мен қызыл гвардияшы отрядтарына сүйенген Қазақстандағы Кеңестер облыстық және уезд орталықтарындағы билікті басып алды, ауыл-селолық жерлерде де кеңес өкіметін жариялады. Кеңес өкіметі жағындағылардың күші басымдыққа ие болған Сырдария, Ақмола обл-рының басым бөлігінде, Бөкей Ордасында оның қарсыластарының бір-бірімен байланысы үзіліп, лайықты қарулы қарсылық көрсете алмады, бұл жерлерде Кеңес өкіметі «бейбіт жолмен» жергілікті кеңестердегі большевиктер мен олардың жақтастарының санының көптігімен жеңіп шықты. 1917 ж. 30 қазанда Перовскіде (қазіргі Қызылорда қ.), 6 қарашада Әулиеатада (қазіргі Тараз қ.), одан әрі Черняевта (қазіргі Шымкент қ.), кеңес өкіметі «бейбіт жолмен» орнады. 1 қарашада Ташкентте, одан кейін Түркістан, Қазалы, Сырдария облысының т.б. қалаларында Кеңес өкіметінің тез орнауы жергілікті шенеуніктік аппараттың, қоныс аудару деревнясы билеушілерінің, армия бөлімдерінің большевиктерді қолдауы арқасында мүмкін болды. 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалыстан қорыққан олар пролетариат диктатурасына қарағанда «түземдік» халықтардың отаршылдыққа қарсы бас көтеруінен қорықты.
Торғай, Орал, Жетісу облыстарында қайғылы оқиғалар орын алды. Мұнда большевиктерге қарсы күш біршама жақсы ұйымдастырылған, жеткілікті қаруланған еді. Бұл облыстардың аудан орталықтарында Кеңес өкіметі қарулы көтерілістің нәтижесінде және Уақытша үкімет жақтастарының қарсылығын қаталдықпен басып-жаншу арқылы орнады.
Торғай облысында Кеңес өкіметін орнату үшін біршама күрес орын алды. Мұндағы қарсы күштердің тағдыры Торғай облысының орталығы және Орта Азия мен Қазақстанды Ресейдің орталық өңірлерімен байланыстыратын Орынбор қаласы үшін күреспен тығыз байланысты болды. Кеңеске қарсы Орынбор казак әскерлерінің атаманы Дутовтың әскерлерін, Ә.Бөкейханов басқарған Алашорданы және эсерлер мен меньшевиктерді біріктірген үлкен күш топтасты. Орынборда 1917 ж. қарашада Кеңес өкіметі орнады, алайда оның билігі ұзаққа созылмады. Атаман А.Дутовтың казактары 14-15 қараша түні қаладағы билікті басып алды, жергілікті Кеңесті қуып таратып, оның басшыларын тұтқынға алды. Билік казактардың «Әскери үкіметі» қолына көшті, Кеңес өкіметіне қарсы соғыс операцияларын өрістетті. 1918 жылы 18 қаңтарда ғана Орынбор дутовшылар мен оның одақтастарынан азат етіліп, кеңес өкіметі орнады.
Солтүстік және Шығыс Қазақстанда (Ақмола мен Семей облыстарында), Жетісуда кеңес өкіметі аса күрделі және ұзаққа созылған күрес нәтижесінде орнады. 1917 жылы қараша-желтоқсанда Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Қостанай қалаларында билік большевиктерге өтті. 2 желтоқсанда Астрахань губерниясы құрамындағы Бөкей Ордасында, 1918 ж. қаңтарда Атбасарда, Ақтөбеде (8 қаңтар), Павлодарда, ақпанда Семейде, Өскеменде, Зайсанда, наурызда Өскеменде, Жетісуда, Верныйда кеңес өкіметі орнатылды.
1918 жылы көктемге қарай Қазақстанның бір ғана өңірі – Оралда ғана большевиктердің жағдайы қиын болып, кеңес өкіметін орнату қиынға соқты. Оның себебі жергілікті большевиктердің әлсіздігі және Орал казак әскерлері төңірегіне топтасқан большевиктерге қарсы күштердің тығыз ынтымақтастығында еді. 1918 жылы қаңтар-наурыз аралығында бірқатар уездік орталықтар мен елді мекендерде (Темір, Доссор, Гурьев) Кеңес өкіметі жеңгенімен, революциялық (кеңестік) күштердің жағдайы Оралдың өзі мен казактар қоныстанған аудандарда аса қиын болды. Орал өңірінде кеңес өкіметі Азамат соғысы жылдары ғана түпкілікті орнатылды.
Сонымен, 1917 жылғы қазанның аяғынан 1918 жылғы наурызға дейін Кеңес өкіметі негізінен Қазақстанның қалалары мен ірі елді мекендерінде (Орал мен оның кейбір айналасындағы елді-мекендерден басқа) орнатылды. Бұл тұста Кеңес өкіметінің жеңуіне жергілікті гарнизондардың солдаттары және шаруаларға жер мен шалғайдағы ұлттарға өз тағдырын өзі шешуге құқық беруге уәде еткен өкіметке шын берілген бұрыңғы майдангерлерден құралған Қызыл гвардия отрядтары шешуші рөл атқарғанын атап өту керек. Қазақстанда кеңес өкіметін орнату Азамат соғысы басталғанға дейін жалғасты.
Кеңес өкіметінің социалистік экономика мен мәдениеттің негіздерін жасау шаралары. Қазақстанда Кеңес өкіметінің жеңуіне байланысты бұрынғы буржуазиялық-помещиктік мемлекеттік аппаратты қирату және жаңа өкімет орындарын құру басталды. Уақытша үкіметтің жергілікті органдары, қоныстандыру басқармалары, болыстық земство басқармалары, болыстық және ауылдық старшындар, билер соты таратылды. Жергілікті жерлерде ауылдық, қыстақтық, селолық Кеңестер, шаруа Кеңестері, Халық шаруашылығы кеңестері, аудандық жер-су комитеттері құрылды. Кеңестердің атқару комитеттері жанынан денсаулық сақтау, әділет, қаржы, ағарту, жер және өнеркәсіп бөлімдері ұйымдастырылды. Бұл шаралар Кеңес өкіметі жауларының қарсылығын тудырды. Банкі, пошта-телеграф т.б. мекемелердің шенеуніктері оған бағынудан бас тартып, жұмысты тоқтатты. Саботажға, ішкі контрреволюцияға қарсы күресу үшін Қазақстанда да Бүкілресейлік төтенше комиссия органдары құрылды. Контрреволюцияға іш тартқаны үшін бас бостандығынан айыру енгізілді, атып тастау, «тап жауларын» концентрациялық лагерьлерге қамау, қызыл террор жүргізілді – осының барлығы революцияның бастапқы негіздерін бұрмалады. Жаңа өкімет органдарын құру мен нығайтуда Кеңестердің облыстық және уездік съездері аса зор ұйымдастырушылық қызмет атқарды.
Кеңес өкіметінің орнауымен бір мезгілде экономика мен мәдениетті қайта құру шаралары қолға алынды: өнеркәсіп кәсіпорындарында (1918 ж. ақпанда Семей былғары және кеме жөндеу зауыттарында, кейін Спасск зауытында, Қарағанды шахталарында, Успенск руднигінде, Ембі мұнай кәсіпшіліктерінде т.б.) жұмысшы бақылауы енгізілді, бірқатар өнеркәсіп орындары мен банктер, темір жолдар, су көлігі т.б. мемлекет меншігіне айналдырылды, 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді. Қазақстанда 300-ден астам өнеркәсіп орны мемлекет меншігіне берілді. Ресей мен Қазақстан үшін аса маңызды аграрлық мәселені шешудің мәні ерекше болды. Кеңестердің ІІ Бүкілресейлік съезі мақұлдаған Жер туралы декретте шаруаның талап тілегі қарастырылды. 1918 ж. көктем-жазда шаруаларға жер беріле бастады. Ақмола, Семей обл-рында жері жоқ не аз шаруаларға бұрын ірі жер иелеріне тиесілі болған 270 мың десятина жер бөліп берілді. Қазақстанда алғашқы ұжымшарлар (колхоздар) мен кеңшарлар (совхоздар) құрыла бастады.
Осы кезеңдегі өткір мәселенің бірі – азық-түлік мәселесі болатын. Қазақстанда азық-түлік жағдайы қиындап, оған деген баға өсті. Азық-түлікпен алыпсатарлық жасау дағдылы құбылысқа айналды. Кеңестер бұл мәселені экономикалық әдіспен емес, революциялық күш қолдану, тәркілеу т.б. төтенше қатаң шаралар арқылы шешті. Ақмола, Павлодар, Петропавл Кеңестері «алыпсатарлықпен аяусыз күрестің» басталғанын жариялады. Мемлекеттің азық-түлік диктатурасы орнатылды. Жер алғанымен, шаруаның өз еңбегінің нәтижесіне емін-емін билік ету құқығы болмады. 1918 ж. 28 наурызда Өскемен уездік кеңесінің Атқару комитеті қалада астықтың өте тапшылығына тоқталып, жақын орналасқан Долгое селосының ауқатты шаруаларын және жергілікті несие серіктестігін аштыққа ұшыраған қала тұрғындарын астықпен қамтамасыз етуге міндеттеді. Шаруалардан мәжбүрлеу жолымен азық-түлік жиналды. Ашыққандарға көмектесу үшін жергілікті байларға салық салынды.
Жаңа үкіметтің алдында тұрған, дереу шешуді талап еткен маңызды мәселенің бірі жұмыссыздық болды. Империалистік соғыс халық шаруашылығын құлдыратты, көптеген кәсіпорындар жабылып қалды. Жаппай жұмыссыздық Қазақстанның барлық аймағын қамтыды. Оның үстіне аштық пен ауру қосылды. Кеңестерге осы апатты белгілі бір мөлшерде жеңілдету үшін зор күш жұмсауына тура келді. Кеңестер тамақтандыру пункттерін ашты, жұмыссыздардың күн-көрісіне елден азық-түлік жинады, биржалар, еңбек бюроларын, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру бойынша комиссиялар құрды. 1918 ж. 24 қаңтарда Кеңестердің Түркістан өлкелік ІV Төтенше съезі жұмыссыздықпен күресу үшін кәсіподақ жүйелерін құруға, өлкеде тегін асханалар мен жатақханалар ашуға және жұмысшыларға дәрігерлік көмек көрсетуді ұйымдастыруға қаулы қабылдады. Аштықпен күресуге 300 мың сом қаржы бөлінді. Ақтөбе уездік Кеңесінің Атқару комитеті 1918 ж. 29 қаңтарда халықтың қолындағы артық астығы мен тауарларын есепке алу, тығылған артық астықты тәркілеу, мұқтаждарға көмек көрсету туралы қаулы шығарды. Өлкедегі басқа Кеңестер де осылай әрекет етті. Әрине, бұл шаралар халықтың азық-түлікке деген қажеттерін толық қанағаттандырмады, жұмыссыздық мәселесін толық шешпеді, алайда жағдайды біраз жеңілдетті, жұмыссыздар санын азайтуға мүмкіндік берді.
Осы кезеңдегі Кеңестер қызметінің аса маңызды бағыты – мәдени құрылыс мәселесі ең алдымен халыққа білім беру мәселесі болды. Кеңестер алғашқы қадамды мектептерді қайта құрудан бастады. Облыстық, уездік, болыстық Кеңестер атқару комитетінің жанынан халыққа білім беру бөлімдері құрылды. Облыстық, уездік білім беру бөлімдерінің жанынан мәдени-ағарту жүйесі ұйымдастырылды. Ақмола облысында халыққа білім беру бөлімін С.Сейфуллин басқарды, ал С.Меңдешов Бөкей облысының халыққа білім беру комиссары болды. Қазақстанда 1917 ж. революцияға дейін бастауыш мектепте мектеп жасындағы баланың 4,1%-ы ғана қамтылды. Облыстарда мектептер мен училищелер ашыла бастады. Мектептерде ана тілінде тегін оқыту енгізілді. Қазақстан Кеңестері ересектер арасында сауатсыздықты жою бойынша да ауқымды жұмыстар атқарды. Қарапайым сауат ашу курстары, ересектер үшін қоғамдық негізде дәріс беру, тегін курстар ұйымдастырылды.
Большевиктер жаңа өкіметті нығайтуда және жергілікті жерлерде революциялық идеяны өрістетудегі мерзімді баспасөздің рөлін жақсы түсінді. «Алаш» партиясының, оған жақын қоғамдық-саяси және жастар ұйымдарының баспасөз органдары («Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат» газеттері, «Абай» журналы), кадет, эсерлердің де баспасөз органдары жабылды. Олардың орындарына Кеңестік баспасөз органдары («Жұмысшы және солдат депутаттарының Семейлік кеңесінің хабаршысы», «Алтай үні», «Бостандық шұғыласы», «Петропавл Кеңесінің хабаршысы», «Бірлесу» газеттері, «Қызыл журнал») ашылды. Большевиктер театрға өз идеясын насихаттаудың және халықтың «таптық санасын» тәрбиелеудің маңызды құралы ретінде үлкен мән берді. 1918 ж. 20 сәуірде Семейде алғашқы халық театры ашылды. Газет редакциялары, клубтар жанына тегін халықтық оқу залдары ашылды. 1918 ж. Верныйда технологиялық, табиғи-географиялық факультеттері бар халық университеті жұмыс істеді. Жергілікті кеңестер мәдени құндылықтарды (кітапхана, мұражай, мұрағаттарды) сақтау мәселесі, халыққа дәрігерлік қызмет көрсетудің жаңа жүйесін ұйымдастыру бойынша да маңызды жұмыстар жүргізді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет