Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Орталық Қазақстан академиясы



бет4/6
Дата24.10.2019
өлшемі0,56 Mb.
#50596
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
2019 Қазақ тілін оқыту әдістемесі 5В011700 каз


Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
6-дәріс. Қазақ тілінің лексикасы мен фразеологиясын оқыту әдістемесі

Жоспар:


  1. Қазақ тілінің лексикасын оқытудың әдіс-тәсілдері.

  2. Лексиканы оқытудың принциптері.

  3. Қазақ тілінің фразеологиясын оқытудың әдіс-тәсілдері.

Қазақ тілінің жүйесін құраушы кіші жүйе ретіндегі лексиканы және аралық деңгей ретіндегі фразеологияны оқытудың мақсаты мен міндеттері. Лексикалық ұғымдар және оларды меңгерту әдіс- тәсілдер жүйесінің ерекшеліктерін түсіндіру. Оқушы тілінде байқалатын лексикалық қателер және оларды болдырмау жолдарын айқындау. Лексиканы оқытуда көрнекілік пен сөздіктерді қолданып, олармен жұмыс жасаудың жолдарын үйрету. Лексиканы оқыту барысында оқушылардың машық, дағдыларын қалыптастыру. Тіл мен мәдениеттің өзара байланысын түсінуде оқушыға тіліміздегі сөздердің мағынасы мен мәнін меңгертудің, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, халық педагогикасын сана-сезімдеріне сіңіруде тілдің сөздік қоры мен сөздік құрамын үйретудің мәні айрықша. Қазақ тілінің лексикологиясын меңгеру арқылы оқушы тілдің не бір терең қабаттарындағы сөздердің мән-мағынасын меңгеруге мүмкіндік алады. Сөз мағынасындағы түрлі мағыналық реңктерді меңгерген оқушының тілі де, сөйлеу мәдениеті де жоғары болады.

Лексика бөлімінің білімділік, танымдық маңызы оқушылардың тіл білімі туралы ұғымының кеңеюіне, тілдің ең кіші бөлшегі – сөздің фонетикамен, морфологиямен, синтаксиспен стилистикамен қатысын түсінуіне, соның негізінде бүкіл тілдің жүйесін тұтас ұғып, теориялық білімдерін практикада ұштастыруға мүмкіндік береді. Лексикалық ұғымдар 5-6 сыныптарда арнайы өтілумен бірге, тілдің өзге салаларын оқыту барысында да қайталанып, жаңа материалды толықтыру, түсінікті ету үшін қажет болады. Ол үшін лексика туралы алған ұғым әрқашан грамматиканы оқыту барысында кеңейіп, практикалық маңызы ашыла түсуі қажет. Ғалым А.Айғабылов лексиканы оқытудың маңызын ерекше атап өтеді. Мектеп курсында оқушыларға лексика бөлімінен саналы білім беру үшін бағдарламаға енген тақырыптардың теориялық және практикалық жағынан мәні анықталады. Лексика бөлімін оқытуда негізінен үш ұғымды білуіміз қажет.

Лексиканы оқыту методикасында негізінен төрт прицип бар. Оның біріншісі-сөз мағынасын оның (сөздің) аңғартатын болмысымен (зат, сын-сапа, сан, қимыл т.б.) салыстыру, екіншісі-лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаны салыстыру, үшіншісі-семантикалық-мағыналық принцип, төртіншісі – диахрондық принцип. Лексиканың негізі – сөз және оның мағынасы. Сөз ұғымын меңгерту арнайы логикалық жаттығулармен бірге грамматикалық, орфографиялық және стилистикамен байланысты жаттығу жұмыстары жүргізіледі.

Лексикалық жаттығуларағы негізгі нысан – сөздің мағынасы мен ұғымын игерту. Бұл мақсатты орындау үшін мына жүйеде жұмыс жүргізудің тиімділігі анықталады: 1) белгілі мазмұнды мәтіндердегі минимумда берілген жеке сөздердің мәтін мағынасын игерту арқылы сөздерді қолдана білуге жаттықтыру; 2) сөздердің тура, ауыс мағыналарын ажыратып игертумен байланысты сөздерді қолдана білуге дағдыландыру; 3) сөздерді тіркесте, контексте қолданылуы бойынша жаттығулар; 4) сөздерді әдеби тіл стильдері мен сөйлеу түрлеріне байланысты қолдана білу икемділіктері мен дағдыларын дамыту. Ол үшін сөздерді қолдана білуге дағдыландыратын нәтижелі жұмыс түрлері мен жаттықтыру жұмыстары топтастырылды. Мәселен, сөзбен жұмыс жүргізуді белгілі бір кезеңдерге бөлеміз: бірі – сөздерді игертудегі бекіту кезеңі, екіншісі – олардың қолданылуына дағдыландыру жұмысы.



Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
7-дәріс. Фразеологияны оқыту әдістемесі

Жоспар:


1. Фразеологияны оқыту әдістемесі туралы түсінік.

2. Фразеологияның жасалу жолдары.

3. Фразеологияны оқытудағы көрнекі құралдарды пайдану.

Фразеологияны оқытудың мақсаты мен міндеттерін түсіндіру. Фразеологияны меңгерту барысында ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін таныту. Фразеологияның жасалу жолдары. Фразеологияны оқытуда көрнекті құралдары, қосымша әдебиеттерді пайдалану жолдары.

Фразеологиялық единицаның лексикалық единицалармен арақатынасы олардың қай сөз табына қатысты екендігіне байланысты болады. Тұрақты тіркестерге тән қасиет олардың құрамындағы сөздер мағына тұтастығы мен бірлігін сақтап бір сөздің орнына жұмсалады.

Мыс: күлін көкке ұшыру күйреу деген сөздің орнына қолданамыз әрі лексика-грамматикалық жағынан етістік. Фразеологизмдерді белгілі бір сөз табына жатқызу мәселесінде біріншіден, компоненттер құрамының беретін мағынасына, екіншіден, морфологиялық табиғатына, үшіншіден синтаксистік қызметіне қарап, шартты түрде топтастыруға болады. Қазақ тіліндегі фразеологизмдерді топтастыру туралы пікірлерді Ә.Қайдаров, Р.Жайсақова мен Ә.Болғанбаевтың еңбектерінен кездестіреміз. Ә.Болғанбаев – қазақ тіліндегі фразеологизмдерді сөз табына қатыстылығы жағынан төрт топқа бөледі.



  1. Етістік мағыналы фразеологизмдер

  2. Сындық мағыналы фразеологизмдер

  3. Заттық мағыналы фразеологизмдер

  4. Үстеу мағыналы фразеологизмдер.

Фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің сөз табына қатысы деген мәселе өте күрделілігімен байқалады.

Г.Смағұлова фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығын тек шартты түрде семантикалық құрылымына қарай, ішкі мағына тұтастығына және сөйлемдегі атқаратын қызметіне қарап алты топқа бөледі. Фразеологизмдерді талдатып, мағыналарын ашу. Фразеолгизмдерді меңгерту мақсатында ұлттық құндылықтарды тереңдетіп жеткіземіз.



Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
8-дәріс. Сөзжасамды оқыту әдістемесі

Жоспар:


  1. Сөзжасамды оқытудың мақсат- міндеттері.

  2. Сөзжасамды оқытудың ұстанымдары.

  3. Сөзжасам және орфография.

  4. Сөзжасам және стилистика.

  5. Сөзжасамды оқытуда көрнекі құралдарды пайдалану.

Мектепте сөзжасамды оқытудың маңызы, мазмұны, міндеттері мен ұстанымдары. Сөзжасамды сөз таптарымен, орфографиямен, тіл мәдениетімен және стилистикамен байланыстыра оқыту. Жаттығулар жүйесі. Сөз құрамын талдау мен сөзжасам жолын талдау, бұлардың ұқсас жақтарымен айырмашылықтары. Сөзжасамды оқытуда көрнекті құралдар мен техникалық құралдарды, сөздіктерді пайдалану. Сөзжасам прцесін, оның қыр- сырын, ерекшеліктерін қарастыратын тіл білімінің бөлек бір саласы болатындығын түсіндіру. Сөзжасамның ерекше сипаты, өзіне тән негізгі қасиеті болып табылатын жаңа сөз тудыру ерекшелігі, сол арқылы тілдің сөз құрамын байытуы, сөз қатарының артуы. Сөзжасам – ең алдымен тілдік процесс. Белгілі тілдік үлгілер негізінде сөзжасам тәсілдері арқылы жаңа сөздер жасалып отырады. Сонымен бірге сөзжасам үлгілерінің қай түрі болмасын жаңа сөз тудыруға қасиеті бірдей емес. Біреулері ондаған ғана сөз тудырса, енді біреулері жүздеген, тіпті мыңдаған жаңа сөз тудырады. Сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған туындылардың әрқайсысы бөлек - бөлек лексема, жаңа мағыналы сөз болғанымен, оал белгілі бір тілдік үлгі құрайды. Сөзжасам тәсілдерінің әрбір түрі бір ғана туындымен шектеліп қана қоймайды, жаңа туындылар қатарын құрайды және жаңа туындылар жасала беруіне негіз болады.

Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
9-дәріс. Грамматиканы оқыту әдістемесі

Жоспар:


  1. Грамматиканы оқыту әдістемесі.

  2. Грамматикалық ұғымдар жүйесі.

  3. Грамматикалық талдау түрлерін үйрету.

Мектепте грамматиканы оқытудың мақсаты мен міндеттерін түсіндіру. Мектепте оқытылатын грамматикалық ұғымдар жүйесі мен оларды меңгерту әдістерінің жүйесі. Грамматикадан берілетін эмпирикалық және теориялық білім мазмұны мен көлемін анықтау. Эмпирикалық және теориялық грамматикалық талдау әдістерін оқушыларга меңгерту әдістемесі. Оқушылардың әр түрлі іскерлік дағдыларын қалыптастыруда, грамматикалық қателерді болдырмау үшін алдын ала жұмыс жүргізуде, тілін байытуда грамматиканы оқып-үйренудің аса зор рөл атқаратындығы.

Грамматикалық талдау әдістемесінің теориялық негіздері. Талдаудың түрлері. Грамматикалық терминдер. Сұрақтар туралы мәселе. Қазақ тілін оқытуда грамматиканың маңызы және алатын орны. Жалпы білім алуда грамматика көрнекті орынға ие болады. Мектеп грамматикасының жүйелі курсы оқушыларға ана тілінің негізгі фактілерін теориялық та, практикалық та білуге мүмкіндік береді, ой-өрісін кеңейтеді, логикалық ойлауын дамытады. Ол оқушылардың ауызша және жазбаша сөйлеу, мәнерлеп оқу дағдыларын орфографиялық, пунктуациялық, стилистикалық дағдыларын іс жүзінде меңгеруге көмектеседі.

Грамматика сабақтарының мазмұны. Грамматика сабақтарының мазмұны фонетика, морфология мен синтаксис бойынша негізгі мағұлматтардың ғылым негіздерінің жиынтығы болады, бұл мағұлматтар қазақ тілінің грамматикалық құрылысы туралы толық түсінік береді. Грамматикадан берілетін білім көлемі мектеп бағдарламасымен белгіленеді.

Мектепте оқушылар қазақ тілінің грамматикалық құрылысымен, фонетика, морфология және синтаксиспен сипаттамалы түрде танысады, сөздердің түрленуі, сөз тіркестері мен сөздердің сөйлемде қолданылуы жайында негізгі грамматикалық ережелерді біледі, тіл жайында бұрыннан белгілі грамматикалық құрылыс тұрғысын жете түсініп, жүйеге келтіреді, грамматикалық ережелерді оқып білгендерін іс жүзінде қолдануға жатқызады.



Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
10-дәріс. Морфологияны оқыту әдістемесі

Жоспар:


  1. Морфология- грамматика жүйесінің бір бөлігі.

  2. Морфологияны оқытудың әдіс-тәсілдері.

  3. Сөз таптарын оқытудың жолдары.

  4. Морфологияны оқытудың практикалық маңызы.

  5. Мрфологияны оқытудың ұстанымдары.

Мектеп бағдарламасында морфология материалдарын оқытудың өзіндік мақсаты бар. Морфологиялық заңдылықтарды оқыту дидактикалық принцип негізінде іске асырылады.

Қазақ тілі морфологиясының қарастыратын объектілері тілдің бірден-бір нақты, зерттелген, әбден қалыптасқан актуалды мәселелері болып есептеледі. Сондықтан қазақ тілі морфология материалдарын оқытуда зерттелмеген екі ұшты ұғым тудыратын категориялар ұшыраспайды.

Морфология – сөз және оның грамматикалық көрсеткіштер туралы ілім. Әрбір сөздің контексте нендей өзгеріске түсіп, грамматикалық қандай мағына мен қызметке ие болып тұрғаны ескеріледі. Морфологияны оқытуда мұғалімдерден қазақ сөздерінің қандай топқа бөлінетінін, ол топтардың әрқайсының өзіне тән қандай грамматикалық сипатының барлығын және контексте қандай қызмет атқаратынын оқушыларға білдіру талап етіледі. Тілдің заңдылықтарын практикада дұрыс пайдалана білуге дағдыландыру, баулу жұмыстарын әр сабақ үстінде үнемі ескеріп, іске асырып отыратын негізгі өзек деуге болады. Сондықтан тіл фактілерінің сапалы да, тиянақты меңгертілуі мұғалімдердің теориялық біліміне тікелей қатысты. Мұғалім тілдің ішкі заңдылығын жан-жақты терең білсе, оқушыға берілетін білім де, тілдің жүйесі де, тараулары да өзара байланысып, дұрыс оқытылады.

Морфологияны өткен кезде ең бірінші сөз құрамы, сонымен байланысты түбір, түбірлес сөздерге ерекше назар аударылады. Сөз құрамын схема арқылы меңгерткен ыңғайлы. Сөз құрамындағы бөлшектерін: негізін, түбірін, жалғауын, жұрнағын ажыратып үйренбейінше – оқушылар сөз таптарын, орфографиялық ережелерді, көп сөздердің мағыналарын түсіне алмайды. Онсыз морфологияны оқыту да мүмкін емес. Оқушыларға сөздердің құрамындағы негізгі түбір, туынды түбір, жұрнақ (сөз тудырушы) және жалғауларын тапқызып, дағдыландыру үшін, мұғалім арнайы сөйлемдер дайындап келіп, тапсырмалар беріп отырады.

Сөз таптарын түсіндірмес бұрын мұғалім қазақ тілі лексикалогиясындағы сөздердің негізгі, көмекші және одағай сөздер болып бөлінетінінен мағлұмат береді. Сөз табының лексика-грамматикалық белгілерін дұрыс аңғарту үшін, мұғалім тілдің семантикалық, морфологиялық, синтаксистік приницптерін бірдей қамтып отыру керек. Сонда ғана әр сөз табындағы мағына мен форма нақты ашылып, сөз табының бөліну принципі дұрыс аңғартылады. Бірақ мұғалім бұл үш принциптің барлық сөз таптарына ортақ еместігін де ескергені дұрыс.

Оқушылардың грамматика бойынша білім, дағды, іскерлік дұрыс қалыптасуы оқыту әдістері мен тәсілдеріне тығыз байланысты оқыту әдістеріне мұғалімнің сөзі, өз бетімен жұмыс, бақылау т.б. жатады. Грамматикалық талдау білімді бекіту, материалды қайталау мақсатында жүргізіледі. Мектеп тәжірбиесінде талдау мазмұнына қарай: морфологиялық, синтаксистік; көлеміне қарай: толық, жартылай; тәсіліне қарай ауызша, жазбаша; орнына қарай: сыныптық және үйде болып бөлінеді.

Әрбір сөз табының заңдылықтарын, олардың грамматикалық белгілерін меңгертуді фонетика, лексика, орфографиядан өтілген білімді еске түсіріп, солармен ұштастыра іске асыру керек. Қазақ тіл білімінің морфология саласынан терең білімі бар мұғалім сабақты қалай түрлендіріп өтсе де өзі біледі. Қазіргі таңда сабақ процесінде жаңа технологияның элементтерін де ұтымды қолдану үлкен нәтижеге жетуге көмектеседі.

Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
11-дәріс. Синтаксисті оқыту әдістемесі

Жоспар:


  1. Синтаксис туралы жалпы түсінік беру.

  2. Синтаксисті оқыту әдістері.

  3. Синтаксис жүйесінің ішкі құраушылары.

  4. Сөз тіркесі синтаксисі және сөйлем синтаксисі.

  5. Жай сөйлем синтаксисі мен құрмалас сөйлем синтаксисі.

  6. Синтаксистік талдау және оны жүргізу логикасы.

Синтаксис- грамматиканың көлемді құраушы бөлігі болып табылады. Синтаксис жүйесінің ішкі құраушылары - сөз тіркесі синтаксисі және сөйлем синтаксисі. Сөйлем синтаксисінқұраушылары - жай сөйлем синтаксисі мен құрмалас сөйлем синтаксисі. Мәтін синтаксисі және қатысымдық синтаксис мәселелерін жан- жақты түсіндіру. Синтаксистік байланыстар мен синтаксистік қатынастар туралы ұғым қалыптастыру. Синтаксистік талдау жүргізудің жолдарын ұсыну. Синтаксистің тілдің басқа деңгейлерімен тығыз байланыстылығы.

Синтаксис туралы жалпы мәлеметті оқушыларға әңгіме әдісімен де, лекция арқылы да түсіндіруге болады. Қандай әдіспен түсіндірілсе де мұғалім синтаксистің өзіндік ерекшелігін оқушыларға саналы білдіру үшін, оның тілдің өтілген басқа фонетика, лексика, морфологиямен салыстыруды ұмытпаған жөн. Ол бөлімдердің қарастыратын мәселелерін оқушылардың есіне қысқаша түрде түсіре отырып, синтаксистің нені зерттейтінін саралап айтып берсе, оқушылар жақсы меңгереді және тілдің басқа салаларынан синтаксистің айырмашылығын жете біледі.

Синтаксис жайында жалпы түсінік төмендегі көлемде және осы жүйеде берілгені жөн:

1. Синтаксис деген терминнің мәні.

2. Синтаксис грамматиканың ең негізгі саласы екені.

3. Синтаксис қарастыратын мәселелер (синтаксистің өзіндік белгілері).

4. Қазақ тілі синтаксисін оқытудағы мақсат.

5. Қазақ тілі синтаксисінің мәні.

6. Қазақ тілі синтаксисі оқулығы мен жаттығулар жиынтығы жөнінде қысқаша мәлімет.

7. Қазақ тілі синтаксисін оқытқанда қолданатын көрнекі құралдар.

Тіл ғылымында синтаксис грамматиканың ең негізгі саласы болып есептеледі. Ол – сөздердің басын қосып, тіркес жасап, бір-бірімен байланыстырып, сөйлем құруды, сол арқылы адам ойын білдіру жолын үйретеді. Сондықтан да сөз тіркесі мен сөйлем жайындағы ғылымды синтаксис дейміз. Қазақ тілі синтаксисі іштей үш салаға бөлінеді: сөз тіркесі синтаксисі, жай сөйлем синтаксисі, құрмалас сөйлем синтаксисі. Сөз тіркесі синтаксисі сөздердің тіркес жасайтын, жай сөйлем синтаксисі, негізінен сөйлем мүшелерімен жай сөйлемнің түрлерін және оқшау сөздерді зерттейді; ал құрмалас сөйлем синтаксисі сөйлем түрлерін қарастырады. Әрбір синтаксистік тұлғаның өзіндік белгілері болады. Соларды бір-бірімен салыстырып, әрқайсысының өзіндік белгілерін ажырата, саралай түсіндіру. Морфология мен синтаксисті, синтаксис пен пунктуацияны, синтаксис пен стилистиканы мүмкіндігінше байланыстырып оқыту.

Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
12-дәріс. Сөз тіркесін оқыту әдістемесі

Жоспар:


  1. Сөз тіркесі - коммуникативтік бірлік.

  2. Сөз тіркесінің сыртқы белгілерін меңгерту.

  3. Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері, байланысу түрлері.

  4. Сөз тіркесінің құрамы мен түрлері.

  5. Сөз тіркесін талдау логикасы.

  6. Сөз тіркесіне байланысты жаттығулар.

Сөз тіркесінің коммуникативтік бірлік – сөйлем құрау материалы болып табылатындығы. Сөз тіркесінің сыртқы белгілерін меңгерту. Сөз тіркесінің жасалуындағы синтакситік байланыстар мен синтаксистік қатынастарды танудың алатын орнының маңыздылығы. Сөз тіркесінің мағыналық түрлері. Сөз тіркесін сөз таптарының тіркесілімдік қабілеті арқылы жасалатын синтаксистік бірлік ретінде таныту, сөз тіркесін өзіне ұқсас тұлғалармен салыстыра беру, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын меңгерту.

Сөз тіркесін оқыту әдістемесі дегеніміз – оқушылардың жас ерекшеліктері негізінде сөз тіркестерінің ішкі байланыстары мәнін оқушыларға ұғындыру заңдылықтары (сөз тіркесінің тіркесу заңдылықтары,байланысу заңдылықтары т.б.) арқылы олардың сабаққа, пәнге деген қызығушылығы мен танымын арттыратын тиімді амал-тәсілдердің жиынтығы.

Мектеп бағдарламасында қазақ тілінің синтаксис саласын өткенде ең алдымен, сөз тіркесін, оның зерттеу нысанын, ішкі құрылысын, ерекшеліктерін талдап, онан соң байланысу тәсілдері мен формаларын қарастыру керек. Әр тақырып өзара тығыз байланыста түсіндірілсе, оқушыларға синтаксис саласын толық меңгеру, дұрыс түсіну, ұғыну қиындығын туғызбайды. Сөз тіркесін оқыту төмендегідей бағытта жүргізілуі қажет.

1. Сөз тіркесі туралы түсінік.

2. Сөз тіркесінің құрылысы.

3. Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері.

4. Сөз тіркесінің байланысу формалары.

5. Сөз тіркесін топтастыру туралы.

6. Сөз тіркесінің лексика-грамматикалық мағынасы.

7. Сөз тіркесі және оған ұқсас тұлғалар.

Оқушыларға сөз тіркесі туралы жалпы мағлұмат бергеннен кейін, оның айрықша белгілеріне, зерттеу нысанына тоқталып, тілдегі негізгі қызметіне талдау жасау қажет. Сөз тіркесінің құрылысын түсіндірген кезде екі сөздің байланысу ерекшеліктеріне қарай бес түрге бөлінетінін келесі сабаққа қалдырса, оқушылар бұл тақырыпты тез меңгереді. Сөздердің байланысу формаларын алдыңғы сабақта өткен сөз тіркесінің құрылысынан өрбітіп, дамытып, өзара байланыстыра түсіндіруге болады. Мұғалім сөздердің байланысу формаларының ішінде қайсысын бірінші өтерін алдын-ала жоспарлап алады. Қиысу, меңгеру, матасу, қабысу, жанасу рет-ретімен өтіледі.

Сөз тіркесінің байланысу тәсілдеріне де мысал келтіріп, жаттығу жұмыстары негізінде жүзеге асыру қажет.

1. Қосымшалар арқылы байланысу тәсілі;

2. Септік жалғаулар арқылы байланысу;

3. Орын тәртібі арқылы байланысу;

4. Интонация арқылы байланысу.

Сөз тіркесінің байланысу формаларын жақсы меңгерген оқушыға сөз тіркесінің лексика-грамматикалық мағынасын меңгеру қиынға соқпайды.

Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
13-дәріс. Жай сөйлемді оқыту әдістемесі

Жоспар:


1. Жай сөйлем туралы ұғым қалыптастыру.

2. Жай сөйлемнің құрылымдық-мағыналық жүйесі.

3. Жай сөйлемнің түрлерін түсіндіру.

4. Жай сөйлемді талдау әдістемесі.

Жай сөйлем туралы ұғым қалыптастыру әдістемесі. Жай сөйлем жасалуындағы синтаксистік байланыстар. Жай сөйлемнің құрылымдық-мағыналық жүйесі және оны меңгерту әдістемесі. Жақты және жақсыз сөйлемдерді оқыту және олардың стильдік қызметіне назар аудару. Толымды және толымсыз жай сойлемдерді оқыту және оларды қатысым синтаксисі тұрғысынан меңгерту әдістемесі. Атаулы сөйлемді оқыту және оны логикамен байланыстыру жолдары. Жай сөйлемді талдау әдістемесі.

Жай сөйлемді оқыту барысында мұғалім ең алдымен сөйлемнің басты қасиеттеріне ерекше тоқталғаны жөн. Хабарлы, лепті, сұраулы сөйлемдерді оқытқанда, оқушыларға бұл сөйлемдердің әрқайсысының қандай жағдайда, қандай мақсатпен қолданылатынын және олар ауызекі сөйлеу тілінде немесе жазбаша мәтіндерде қандай мән беретінін, мағынасын жеткізе түсіндіру керек. Осыған орай, сол сөйлемдердің айтылуындағы тиісті дауыс ырғағын сақтап, мәнерлеп, нақышына келтіріп, ашық, айқын, дұрыс оқуға, оларды оқудың интонациясы сөйлемнің бүкіл мазмұны мен мағынасына сай келуі жағына айрықша көңіл бөлінуі тиіс.

Сөйлемнің қалай түрленетінін мұғалімнің өзі жақсы білуі шарт. Сөйлемнің түрленуін түсіндірген кезде оқушылардың сөйлемді дұрыс оқуына мән беруіміз қажет.

Сөйлемді интонациясына қарай түсіндіргенде бір сөйлем алып, сол сөйлемді әртүрлі интонациямен айтып, сөйлемнің түрін байқатып, интонацияның мәнін, ерекшелігін байқатып түсіндірген тиімді. Сөйлем мүшелерін талдау тәртібін әр уақытта ескеріп отыру керек. Синтаксисті өту арқылы оқушы жазу тілі мен ауызекі сөйлеу тілінің маңызын игере түседі. Оқушыға сөйлемдегі сөздердің бәрі грамматикалық байланысқа түсе бермейтінін, сөйлемді талдағанда оқшау сөздердің сөйлем мүшесі бола алмайтынын жете түсіндірген жөн. Синтаксистік талдау кезінде оқушылардың тез, дұрыс талдау дағдысын қалыптастыру керек. Шартты белгілерді саналарында берік қалыптастыруға күш салу керек. Сөйлем мүшелерін өткенде, мұғалімнің бір назар аударатыны сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі үлкен рөл атқарады. Баяндауыш және анықтауыш мүшелердің орны тұрақты болады да, басқа мүшелердің орны ауыса береді.



Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
14 -дәріс. Сөйлем мүшелерін оқыту әдістемесі

Жоспар:


1. Сөйлем мүшелерін оқытудың әдіс- тәсілдері.

2. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері.

3. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері.

4. А. Байтұрсыновтың пікірлері.

А.Байтұрсынұлы жасаған сөйлем мүшелері терминдерін мағыналық жағынан талдау. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері және олардың сөйлемнің қызметін атқаруын ұғындыру жолдары. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері және А.Байтұрсынұлының осыны жайылма сөйлеммен байланыстыра оқытуды ұсыну себебін анықтау. Сөйлем жасалуындағы сөйлем мүшелерінің орын тәртібінің, комбинаторлық ауысудың атқаратын мағыналық қызметін талдау әдістемесі. Сөйлем мүшелері – құрылымдық –семантикалық жағынан сөйлемнің дербес бөлшектерін құрайтын толық мағыналы сөздер мен сөз тіркестері болып табылады. Сөйлем мүшелері жасалу құрылысына қарай дара және күрделі болып келіп, белгілі бір сұраққа жауап береді. Сөйлем мүшелерінің тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелері болады. Жалаң сөйлем бастауыш пен баяндауыштың қатынасы арқылы жасалып, тұрлаулы мүшелер құрайды. А. Байтұрсынұлы бас мүше (бастауыш) және баяншы мүше (баяндауыш) деп атаған. Тұрлаусыз мүшелерді анықтауыш мүше, пысықтауыш мүше деп жіктеген. Қазірде қазақ білімінде сөйлем мүшелерінің жіктелуі осы негізде қалыптасты. Сөйлем мүшелерін жіктеуде басқа да көзқарастар болды. Жалпы алғанда белгілі бір сөз таптары белгілі бір сөйлем мүшесі болуға икем тұрады.

Әдебиеттер: 1-5, 6-10, 11-23, 24-27.
15-дәріс. Құрмалас сөйлемді оқыту әдістемесі

Жоспар:


  1. Құрмалас сөйлемді оқытудың әдістері.

  2. Құрмалас сөйлемнің құрылымдық- мағыналық жүйесі.

  3. Құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары.

  4. Құрмалас сөйлемді талдау әдістемесі.

Құрмалас сөйлемнің табиғаты туралы ұғым қалыптастыру. Құрмалас сөйлемді теориялық деңгейде оқыту әдістемесі. Құрмалас сөйлемнің құрылымдық- мағыналық жүйесі туралы түсінік беру жолдары. Құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары. Құрмалас сөйлемді талдау әдістемесі. Салалас құрмалас сөйлем және оның жасалу жолдары. Салалас құрмалас сөйлемнің мағыналық түрлерін оқыту әдістемесі. Сабақтас құрмалас сөйлем мен оның жасалу жолдарын оқыту әдістемесі. Сабақтас құрмаластың мағыналық түрлері мен олардың жасалу жолдарын меңгерту. Аралас құрмалас сөйлемді оқыту әдістемесі. Аралас құрмаластың өзіне тән жасалу жолдарын меңгерту әдістемесі. Көп компонетті құрмалас сөйлемді оқыту әдістемесі.

Синтаксис курсындағы күрделі тақырыптың бірі – құрмалас сөйлем туралы түсінік. Бұл тақырыпты оқыту арқылы оқушыларға құрмалас сөйлем танытылады. Осы тақырыптан берілетін теориялық білімнің аясы кең. Атап айтқанда, оқушылар мынадай білім алады:

1. Құрмалас сөйлемді оқытудағы мақсат.

2. Құрмалас сөйлем қазақ тілі синтаксисінің үлкен бір саласы екені жөнінде түсінік.

3. Құрмалас сөйлемнің өзіндік белгілері.

4. Құрмалас сөйлемнің анықтамасы.

5. Құрмаластың өзара салалас, сабақтас, аралас құрмалас сөйлемдер болып бөлінетіні.

Құрмалас сөйлем туралы түсінікті оқушылар санасына екі түрлі жолмен жеткізуге болады: біріншісі - әңгіме, байқау әдістері арқылы; екіншісі – мұғалімнің түсіндіруі, байқау әдістері арқылы.

Құрмалас сөйлемді оқыту барысында оқушыға салалас құрмалас пен сабақтас құрмаластың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстыра отырып түсіндірген тиімді. Салалас пен сабақтас сөйлемнің бір-бірінен айырмашылығы оның баяндауыш формасында екендігі мысалдар арқылы түсіндіріледі. Алынған сөйлемді бір-біріне айналдыру арқылы тереңірек түсіндірген жөн. Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен айырмашылығы оның күрделі ойды білдіретіндігінде екенін жай сөйлемді мысал ретінде алып, салыстырған дұрыс. Кейбір құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен де қысқа болып келетінін, ал керісінше кейбір жай сөйлемдердің ұзақ болып кездесетінін де айтып өту қажет. Сөйлемдерді талдату арқылы мұғалім оқушыларға құрмалас сөйлемді терең жеткізе алады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет