Kkn/opd 209 «Кәсіпкерлік» пәні бойынша тақырып. Кәсіпкерлік және бизнес анықтамалары



бет2/17
Дата26.12.2021
өлшемі319,5 Kb.
#105912
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
Байланысты:
лекцияКәсіпкерлік

2 - тақырып.

Кәсіпкерлік түрлері және ұйымдастырушылық-экономикалық формалары
Лекцияның мақсаты: Кәсіпкерліктің түрлерін және ұйымдастырушылық нысандарын, олардың ерекшеліктерін қарастыру
Лекцияның сұрақтары:

  1. Кәсіпкерліктің жіктелуі.

  2. Кәсіпкерлітің ұйымдастырушылық-құқықтық нысандары.

  3. Кәсіпкерліктің ұйымдастырушылық-экономикалық нысандары


Лекцияның мазмұны

Кәсіпкерліктің негізгі жіктемелік белгілеріне келетін болсақ, ол былайша жіктеледі:



  1. Көлемі бойынша: шағын, орта, ірі;

  2. Меншік нысаны бойынша: жеке меншік, мемлекеттік, шетелдік;

  3. Территориялық орналасуы бойынша: жергілікті, аймақтық, халықаралық;

  4. Салалық бағытына қарай: өнеркәсіптік, аграрлық, құрылыс, сауда және т.б.

  5. Қызмет көрсету түрлеріне қарай: өндірістік, коммерциялық, қаржылық, кеңес берушілік;

  6. Ұйымдық – құқықтық нысандары бойынша: дара кәсіпкерлік, өндірістік кооператив, толық серіктестік, коммандитті (сенім) серіктестігі, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік, акционерлік қоғам, мемлекеттік кәсіпорындар.

  7. Ұйымдық – экономикалық нысандары бойынша: концерн, консорциум, холдинг, картель, синдикат, пул, трест, қаржылық – өнеркәсіптік топтар және т.б.

Көлемі бойынша кәсіпкерліктің бөлінуінің негізгі критерийлері қызметкерлер саны мен активтерінің орташа жылдық мөлшері болып табылады. Мысалы, шағын кәсіпкерлікке жатқызу үшін жұмыскерлерінің орташа жылдық саны 50 адамнан, активтерінің мөлшері 60000 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Ал орта кәсіпкерлікте жұмыскерлері 50 адамнан 250 адамға дейін, активтерінің орташа жылдық құны 325000 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Егер жұмыскерлерінің орташа жылдық саны 250 адамнан және активтерінің орташа жылдық құны 325000 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса онда ірі кәсіпкерлікке жатқызылады.

Меншік нысаны бойынша мемлекеттік, жеке және шетелдік болып бөлінеді. Осы меншік нысандарына байланысты кәсіпкерлікті ұйымдастырудың ұйымдық – құқықтық нысандарын бөліп көрсетуге болады. Яғни, заңды тұлға құрмастан қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер, сондай –ақ заңды тұлға түрінде қызметін жүзеге асыратын шаруашылық серіктестіктер (толық серіктестік, коммандитті (сенім) серіктестік, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік), өндірістік кооператив және акционерлік қоғам. Мұның барлығы жеке меншік нысанында жүзеге асырылса (акционерлік қоғамдар жеке меншікте ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік меншікте де бола алады), кәсіпорынның тағы бір ұйымдық – құқықтық нысаны – мемлекеттік кәсіпорыдар мемлекеттік меншікте болады және мемлекеттік кәсіпкерлік нысанында қызметін жүзеге асыруы мүмкін.

Территориялық орналасуы бойынша жергілікті, аймақтық және халықаралық болып бөлінсе, салалық бағытына қарай өнеркәсіптік, аграрлық, құрылыс, сауда және басқа да салалар бойынша бөлінеді.

Жүзеге асыратын қызмет түрлеріне қарай кәсіпкерлік өндірістік, коммерциялық, қаржылық және кеңес берушілік болып бөлінеді. Олар өз ішінен тағы бірнеше түрлерге бөлінуі мүмкін.

Жоғарыда айтып өткеніміздей шағын кәсіпкерлік субъектілеріне дара кәсіпкерлікпен қатар мынадай ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалар да жатқызылады:


  • толық серіктестік;

  • сенім (командитті серіктестік) серіктестігі;

  • жауапкершілігі шектеулі серіктестік;

  • қосымша жауапкершілігі бар серіктестік;

  • өндірістік кооператив.

Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік» туралы Заңында көрсетілген критерийлерге сүйенсек орта кәсіпкерлік субъектілеріне белгіленген талаптарға жауап беретін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды жатқызуға болады. Ол шаруашылық серіктестерімен қатар акционерлік қоғамдар да болуы мүмкін.

Акционерлік қоғам деп өз қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатымен акциялар шығаратын заңды тұлғаны айтады. Ал акция үлесті немесе меншікті куәландыратын бағалы қағаз. Яғни, акционерлік қоғам шығаратын және акционерлік қоғамды басқаруға қатысу, дивиденттер алу және қоғам таратылғаннан кейін оның қалған мүліктерінің бір бөлігіне құқықтарын куәландырады.

Кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру ұйымдық-құқықтық және ұйымдық-экономикалық нысандарда жүзеге асырылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей ұйымдық-құқықтық нысандарға дара кәсіпкерлік, шаруашылық серіктестіктер, акционерлік қоғам, өндірістік кооператив және мемлекеттік кәсіпорындар жатқызылады (бұл нысандар келесі тарауда кеңінен қарастырылады). Ал, ұйымдық-экономикалық нысандарға концерн, консорциум, холдинг, картель, синдикат, пул, трест, қаржылық-өнеркәсіптік топтар және т.б. жатады.

Концерн – меншік пен бақылау бірлігін сипаттайтын бірлестіктің кеңінен тараған нысандарының бірі. Ол инвестициялық, қаржылық, табиғат қорғаушылық, сыртқы экономикалық және басқа да қызметтерді, өндірістік даму мен ғылыми-техникалық функцияларды ерікті түрде орталықтандыру негізінде бірлескен қызметті жүзеге асыратын дербес кәсіпорындар бірлестігін білдіреді.

Консорциум – нақты міндеттерді шешу, ірі мақсатты бағдарламалар мен жобаларды, соның ішінде инвестициялық, ғылыми-техникалық, құрылыстық, табиғат қорғаушылық және басқаларын жүзеге асыру үшін құрылған уақытша немесе тұрақты бірлестік. Консорциум кез келген меншік нысанындағы кәсіпорындар тобының күшімен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін құрылуы мүмкін.

Холдинг – кәсіпорындардың акцияларының бақылау пакетін иеленетін, олардың қызметін бақылау мен басқаруды қамтамасыз ететін бірыңғай құрылымға біріктірілген бас («ұстаушы») компания. Басқаша айтқанда, акциялардың бақылау пакетін иелену, қатысу жүйесі арқылы кәсіпорындарды басқару мақсатымен құрылған ірі акционерлік компания немесе заңды тұлға.

Картель – бірлескен коммерциялық қызметті жүзеге асыру үшін құрылған бір саладағы кәсіпорындар бірлестігі. Яғни, өндіріс көлемі, өткізу нарықтары, тауар бағалары, сату және жеткізу шарттары арқылы өнімді өткізуді реттеп отырады. Картельге келесідей белгілер тән:


  • бірлестіктің келісімді сипаты;

  • картельге қатысушылардың өз кәсіпорындарына меншік құқығының сақталуы және осыған байланысты шаруашылық, қаржылық және заңдық дербестігінің сақталуы;

  • өнімді сату бойынша бірлескен қызметті жүзеге асыру.

Синдикат – картельдік келісімнің бір түрі болып табылады. Оның қатысушылары өз арасындағы артық (қажеті жоқ) бәсекені болдырмас үшін бірыңғай өткізу органы (сауда кеңсесі) арқылы өнімдерін өткізетін болады. Синдикаттың қатысушылары коммерциялық дербестігін толық көлемде сақтамағанымен өздерінің заңдық, өндірістік, шаруашылық дербестігін сақтайтын болады.

Картельдік типтегі бірлестікке пулды жатқызуға болады. Пул – қатысушылары пайданы бөлудің ерекше тәртібін қарастыратын кәсіпкерлер бірлестігі. Оның қатысушыларының пайдасы алдымен «ортақ қазанға» түседі, ал содан кейін олардың арасында алдын ала белгіленген арақатынас (пропорция) бойынша бөлінеді.

Трест – қатысушылары өздерінің өндірістік, коммерциялық, шаруашылық және заңдық дербестігін жоғалта отырып бірыңғай өндірістік кешенге бірігетін және орталықтандырылған басқару жүйесіне бағынатын кәсіпкерлер бірлестігі.

Қаржылық өнеркәсіптік топтар – өнеркәсіптік, банктік, сақтандыру және сауда капиталдарын, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдардың интеллектуалдық әлеуетін (потенциалын) біріктіретін бірлестік.


Өзін – өзі бақылау сұрақтары:

  1. Кәсіпкерлік белгілері бойынша қалай жіктеледі?

  2. Кәсіпкерліктің негізгі түрлері қандай?

  3. Кәсіпкерлік қызметтің ұйымдастырушылық – құқықтық нысандары.

  4. Кәсіпкерлік қызметтің ұйымдастырушылық – экономикалық нысандары.


Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Сейдахметов А.С., Елшібекова Қ.Ж., Ізмаханова А.Қ. «Кәсіпкерлік» оқулық. Алматы: «Экономика», 2011, 344б.

  2. Предпринимательство: учеб. / под редакцией В.Я. Горфинкеля, Г.Б. Поляка, В.А. Швандара. – М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2011 – 581 с.

  3. Елшібаев Р.Қ., «Кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру» Оқу құралы. Алматы: 2009ж.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет