Л. Н. Нұрланова Қазақ Әдебиеті



бет5/67
Дата04.05.2023
өлшемі1,59 Mb.
#176067
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   67
Байланысты:
қә 11 1-1
Лабораторная работа №5 виды адресации в электронной таблице MS EXCEL, Бақылау сұрағы, Бақылау сұрағы, Бақылау сұрағы, Бақылау сұрағы, Бақылау сұрағы, Графикамен жұмыс, Графикамен жұмыс, Тақырып 5.4. Мобильді қосымшалар, 100 злата королева, 1. ЕМН 10 сынып, Телекоммуникациялық құралдар түрлері, aisha, Биомеханиканың робототехникада қолданылуы (1), Пояснительная (3)
Зерделіой
Оралхан - еш уақытта тақырыптан таусылып көрген жазушы емес. Бір-ақ сөйлемдік мәселеден қалауынша шығарма тудыра беруге қабілеті де, құдіреті де жететін. Сол себепті де болар, ол: «Жоспарланған дүниемнің көптігі сондай, оларды ешқашан жазып тауыса алмайтын шығармын», - деп қиналатын.
Дидахмет Әшімханұлы
Сюжеттің байланысы осы кездесуден басталады. Бір жұтым ішімдік сұрау үшін арнайы іздеп келген, бір кезде Қарабура атанған Тағанды «көк есек ретінде пайдалансам қайтер еді?» деген ой келген Ерік: «Ей, Қарабура, сен маған еріп жүр. Аузыңнан арақ, алдыңнан тамақ кетпейді», - дейді. Бұған қуана келіскен Тағанды жол бойы ішімдіктен беріп қойып, «Екеуміз де бұрынғы палуанбыз. Жол ұзақ, тау биік, жас мал еңгезердей екі жігітті көтере алмай, қызыл май болып, өкпесі күйіп кетеді» деген сылтау айтып, атына мінгестірмей, жаяу ертеді.
Жазушы бұдан соң Нюра кемпір мен Айнаның қалай тіршілік етіп жатқанын баяндайды. Катонқарағай өзенінің күркіріне құлағы әбден үйренген Айнада тыным жоқ. Қора жақтағы тауықтарға жем шашады, қымыз ашытады, айран ұйытады. Сал боп жатқан енесіне самаурынның шайын береді. Жазушы «Жапан- дағы жалғыз үйде ішіп-жеудің небір түр-түрі ырғын, аста-төк - ит басына іркіт төгіліп жататын. Тіпті тауда өспейтін көкөніс, жеміс-жидекке дейін Прохор Алек- сандрович Зырян қаласынан қап-қап қылып жеткізіп тастайтын» деп жазады. Прохор -вертолетші, Еріктен аң терілерін алып, кәсіп жасайды.
Осы тұста Айнаның монологі арқылы оның жылқышының қызы екендігі, бүкіл балалығы, қырмызыдай боп бойжеткен шағы жаз-жайлауда өткені, сондықтан ба, қылтың-сылтыңы жоқ, біртоға, тіпті үйкүшіктеу болып өскені, келін болып түскені, енесінің қазақы жөн-жосыққа жетіктігі, кимешек киіп, намаз оқитындығы беріледі. Шай үстіндегі әңгіме диалог түрінде өрбиді. Міне, осы кезде «Сиыр мөңіреді. Жылқылар осқырынды. Малдың тынышы бұзылған секілді» болады. Жүрексінген келіншек қосауыз мылтықты алып, далаға шыққанда самырсынның түбінде екі аяғына тік тұрып, ақырған аюды көріп, қолындағы мылтығы түсіп кетеді. «Аю ақылды болып шықты. Жанында шоқайып-шоқайып, енесі не істесе соны қайталаған екі қонжығын томпаңдата ертіп, бұрылып жүре берді», - дейді жазушы.
- Ол не екен, Айнаш? - деген енесіне: - Үйге кіріп, күпәйкесін шешіп тұрғанкеліні:«Аю екен» деген сөзді «сиыр екен» дегендей аса жай бара қатайтты.
- Айттымғой, Алтайдың аюы адамға шаппайды.
- Расайтасыз, апа, біз тиіспесек, олар тиіспейді екен...
Әрі қарай Нүрке кемпірдің күйеуі Қандауыр туралы айтуы арқылы Еріктің әке-шешесінің өткен өмірімен танысамыз. «Бір күні қалың жыныс орман ішінде бір аяқ жолмен тауға қарай өрлеп келе жатқанда, Қандауырдың алдынан екі аю жолығыпты. Шегінерге жол жоқ, мінген аты жүре алмай, бір орнында тұрып қалғанда, аюлар мұрнын шүйіре маңқайып қарапты да, «ендеше, жолды біз берейік» дегендей, бұрылып орманға кіріп кеткен екен. Аюдан ақылды хайуан жоқ деп, сүйсініп отырушы еді жарықтық», - дейді. Қандауырдың әкесі Меккеге барып, қажы атанып қайтқаннан кейін, үркердей үш келінін бірдей, оның ішінде Нүрке де бар, мұсылманша оқытып, хат танытады. Ал Нюраның әкесі ғана емес, бүкіл Фадеевтер әулеті қызының қазақ жігітімен қашып кеткенін кешіре алмай, соғыс ашуға келеді. Екі ел арасы бүлінетін болғандықтан, Нюра өз еркімен келгендігін айтып, мән- жайдыәреңтүсіндіріп,бір-біріне мылтық кезенген адамдарды әрең тоқтатады.
- Бізге көрші Сарқыт деген кемпір болды, төбені қойып, маңдайдан, мұ- рынның ұшынан қан ала беретін, жарықтық жақсы адам еді, жатқан жерің жаннат болсын (Нүрке бетін сипады). Сол кісі айтатын, бұл қан алудың ең қиындығы - емші кісінің қандауырды тамырға көлденең салмай, жарып са- луында деп. Ол кемпір бұл дүниеден аттанған соң, басының қаны тасыған талай адам аттанып кетті соңынан... Иә, ол кісі бетімдегі жараны да жазып еді, сондықтан да есімнен, бес уақ намазымнан қалдырмай, атап отыратынмын. Алғашында маған бала тоқтамады, не түсік тастаймын, не болмаса қырқынан шыққан соң, қызылша шығып өліп қалады, не керек, бұл қорлықтан өз анам қайтыс болған соң ғана, көзім ашылды. қатал кісі еді-ау, жарықтық. Қатал еді. оның да топырағы торқа болсын, ғайбаттап қайтейін аруақты, емшек сүтін емізген шешем ғой. Менің шешем келбетті кісі еді, амал не, мінез-құлқы қатты болатын. Байлар тәркіге ұшырап, жер аударыла бастағанда, барлық бұғыларды сатыдан шығарып, өз үйін өзі өртеп, арғы бетке қашты. Пахомов дегеннің партизан отрядымен болған арадағы атыста ағайым Александр оққа ұшады, қызылдардың қолына түспеуге бекінген анам улы шөп қайнатып ішіп өлген екен. Сөйтіп, бергі бетте бір әулеттен жалғыз қалдым, ал ауылдың аты Фадиха атанып кетті» - дейді. Айна «Қатын суы» аталуы тарихын білгісі келгенімен, өзен тарихын Ерік те, Нүрке кемпір де білмейді: «Бәлкім, мен секілді жалғыздықтан жаны жанған әйел, өрт болып лаулаған жалынын басар шипа іздеп, суға секіріп, ағып өлген шығар».
Жалғыз тірі қалған баласы Ерік өсе келе жұртқа жұғымы жоқ, даланың тағысы секілді тәкаппарлау болып кеткенін тілге тиек ете келе: «Саған да обал, келін шырақ, ішім сезеді, құсалық бар, қайтейін, Алтайдың аңғарына қамап ұстайтын аң емессің.» - деп қамығады.
Сюжет байланысы осылайша келіні мен енесі арасында толассыз өрістеп отыратын әңгіме арқылы алмағайып кезең шындығы ашылады, яғни уақыт пен кеңістік бірлігі айқын көрінеді.
1917 жылғы ақтар мен қызылдардың соғысы, 1921 жылдардан басталған ашаршылық, 1937 жылғы репрессия, 1941-1945 жылдардағы орыс-герман соғысы - осының барлығының бел ортасында болған Қандауыр мен Нюраның көрмеген азабы жоқ. Айнаға кержақтардың кім екенін баяндап береді: «Кержақ-орыстар - орыстың ішіндегі төменгі жақтан ауып келген аса діншілі. Естуімше, патша ағзамның өзі ішкері жаққа жер аударыпты, неге екенін білмеймін, «кержақтар» атанғанбыз».
«Үйінен су бермейді екен, ал алда-жалда су сұрап іше қалсаң, сол ыдысты қайтып пайдаланбайды екен, бөтен біреу ұстаған есіктің тұтқасын ыстық сумен жуады екен» деуші еді, рас па? - деп сұрады енесінің әңгімесін ұйып тыңдаған Айна.
- Баяғыда одан да сорақы әдеттері бар еді, қазір оның жұрнағы да қалмай, жергілікті елмен сіңісіп кеттіғой.
3-бөлімде автор жолаушыларға қайта оралады. «Мың жолдыны бір сорлы байлайды» дегендей, ілбіп әрең келе жатқан Тағанның жағдайына байланысты жолдағы Захар деген омарташының үйіне екеуі түнеп шығады. Бұл үйден қолдан ашытылған сыра ішіп, дәмді тағам жеп әлденіп алған Таған «Неге біз осы.» деп басталатын лекциясын оқуға қайта кіріседі.
«Егер әлем саясаткерлері мен тарихшылары Тағанға ізгілік, ақиқат, болашақ туралы болжамдар мен өмірлік проблемалардан емтихан тапсырса, ешқайсысы да зачет ала алмас еді. Ондай атты күн қа-й-да-а. НЕГЕ БІЗ ОСЫ.
Шай ішкен соң, жолға шықты: Ерік - атта. Таған - жаяу.
Тағандар Захар мен Марфаның үйіне келгенде, алдарынан үріп шыққан еңгезердей екі ит қаппаған. Бұл романда: «Жылқышы аулына таянғанда да бұларға қарай зулаған үш ит саңқылдай үріп, жандарына келді, бірі ат үстіндегі Ерікті аударып тастардай қатты өршеленді, ал қалған екеуі Тағанды иіскелей еріп келеді. «Ит қаппайтын кісі болады деген, тегі, рас екен» деп ойлаған Ерік құлақ етін жеп, алды-артын ораған аламойнаққа қамшы сілтеп еді, ит одан ары жінікті. Осы кезде жаяу салпақтаған Таған: «Қой енді!» - деп еді, жағы семді. Енді ол үш иттің қоршауында ежелгі таныстарындай тайраңдай басып келе жатты. Үйлерінен өре шығып, осы көріністі бақылап тұрған жұрт қайран қалып еді. Әсіресе, балалар мәз», - деп суреттеледі.
Осы көрініс арқылы автор он жыл бойы ішімдікке салынып, жүдеп-жадап, қаңғыбасқа айналған Тағанның соншама жаман адам емес екенін аңғартады. Ал жол бойында есі кірген кезде «Неге біз осы...» деп бастайтын қоғамдық-әлеуметтік өмір туралы лекциялары арқылы білімді адам болғандығын танимыз. Негізі Таған әуелі әлеуметтік экономика саласы бойынша диссертация жазып, қорғай алмайды. Екінші рет «Алтайды мекендеген ұлттардың тарихы» деген диссертациясына «ұлтшылдықпен уланған» деген айып тағылып, қудалауға түседі. Кейінгі әйелі де бір баласын алып, бұған қарамай, кетіп қалады. Содан кейінгі өмірі «бомждыққа» айналған.
4-бөлімде автор будан аралар туралы баяндайды. 1956 жылы генетик-селекционер У.Керр африкалық бал арасын Еуропаға алып келеді де, жергілікті тұқыммен будандастырады. Буданнан пайда болған африкаландырылған араның сыртқы пішінінде пәлендей айырмашылық болмағанымен, еңбекқор және қауіп төнсе, тобымен шабуыл жасайтын өте агрессивті болып қалыптасқан. «Жауыз ара» атануы да содан. Айталық, осы Африка мен Еуропа араларын будандастырудан пайда болған буданның шағуынан 1969 жылы Бразилияда 200 адам өліп, мыңдаған адам жарақат алған. Кісілер үшін жергілікті, яғни өз арамыздан гөрі будандастырылғандардың уы әлдеқайда қауіпті. Осы тұрғыдан будан араның тарихын түсіндірген жазушы Еріктің де араның бұл елде жоқ түрін алғаш рет вертолетші жігіттен естіп, «Наука и жизнь» журналынан «Қауіпті гибрид» деген мақаланы оқып, осы араға аңсары ауғандықтан, Прохор Александровичтің шетелге ұшатын самолетте істейтін әріптестері арқылы жең ұшынан жалғасып, «жауыз араны» алдыртады. Күйеуі шетел арасына Айнаны жолатпайтындықтан, ол бұдан хабарсыз. Тек жаңа тұқымды «импорт» араның ұясын ғана біледі. Осы бір жайды енесіне айтқанда, Нүрке кемпір: «Жатжұрттық ешқашан да жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады, түбі тыныш болғай», - деп, ауыр күрсініп еді.
Тағандар тақағанда «Үй-бай-ау, ұстайық» деп Ақмойнаққа оқталған Айнаға Ерік:
- Ой, ол сүмелекті ит қаппайды екен, - дейді.
- Таған Мақажанов деген бірге оқыған досым, тәте, - деп таныстырғанда шешесі басын оқыс көтеріп алып:
- Тәңірім-ау, не айтып отырсың. Өзіміздің Мақаңның - алты алашты аузына қаратқан Мақажан ақынның немересі ме? Біздің Көкен жарықтықтың ұлы ма? Ол қайдан жүр бұл ит өлген жерде? – дегенде Ерік:
- От оттап, су ішіп отырған жеріңізге «ит өлген» деп тіл тигізбеңіз, тәте, - дейді.
Кемпірдің сөзі және келініне аяушылықпен қарайтыны арқылы «Көптен кеткен көмусіз қалар» деген эпиграфтың тегін алынбағанын аңғаруға болады.
Нюра монологі арқылы Тағанның шешесі Аналық екеуі апалы-сіңлілердей болып, ең бір ауыр да азапты жылдарды бірге өткізгендігі, Қандауырдың да Тағанның әкесі Көкенмен құйрық-жалы жарасқан қос торыдай үзеңгілес дос болғандығы еске алынады. 1937 жылы бай-шонжарлардың тұқымы болғандықтан, Қандауырмен бірге Нюраға да қауіп төнеді. НКВД-нің (ішкі істер халық комиссариаты) шолақ қол бастығы қыр соңдарына түседі.
Көкен мен Аналық екеуі Нюраны ешкім бармайтын ескі моншаға жасырып, аман сақтап қалады. Осы кездегі Нюраның тартқан азабы жан төзгісіз. Шолақ қол Нюраны моншаға дейін іздеп барады. Үңгір-монша туралы аңыздан сескеніп тұрғанда өзімен бірге еріп барған адамды байқамай, атып алады. Содан Шолақ қолдың өзіне айып тағылып, сотталып кеткеннен кейін ғана тығылған жерінен шыққан Нюраның 4 жастағы қызына суық тиіп, қайтыс болып кетеді. «Халық жауының» отбасы болғандықтан, жұмыс берілмейді. Тек Тағанның әке-шешесінің қамқорлығы арқасында өзі тірі қалады. Ал 1937 жылы сотталып кеткен Қандауыр төрт-бес жылдан соң ғана оралғанын жазушы былай пайымдайды: «Соғыс басталғанына екінші жыл толғанда, ойда жоқта Қандауыр оралды. Өлгені тіріліп, өшкені жана қуанған Нюраның ерімен екеуі арасындағы қызық тым келте кесілген. Он күнге ғана сұранып келген Қандауыр бір аптадай еру болды да, айыпкер батальонның сапында, алғы шепке аттанып кете барған... Содан қайтып оралған жоқ... Сталинград түбінде ерлікпен қаза тауыпты. Ал Көкен бір аяқтан айырылып оралды, бірақ елуінші жылдан асып жасай алмады. Аналық алпысыншы жылдан аттап өте алмады», — деп бастан өткен қиын күндерді баяндап берген Нүрке кемпір енді Тағанға ерекше назар аударады. «Қыстап шыққың келсе, менің айтқаныма көніп, айдағаныма жүресің» деп, әртүрлі шөптерді қайнаттырып, оны емдей бастайды. Көп қиындықпен, Нүрке кемпірдің арқасында Тағанның беті бері қарай бастайды. Ол енді «Маралкөл жақта әр таудың басын көксеп, маңып жүрген кісікиік Шал бар» дегенді бұрыннан білетін, сонымен жолыққысы келіп, тау ішін аралай бастайды. Ақыры Шалмен ойда-жоқта жолығып, оның тұратын екі бөлмелі кең үңгірінде қонақ болады. Шалдың кемпірі ертеректе қайтыс болып кеткен, өз кіндігінен бала жоқ. Қозы, Баян деген ұл мен қызды асырап алған. Шал Тағанның атақты ақын Мақажанның немересі екенін білгеннен кейін арнайы қой сойып, күтеді.
Ал бұл кезде Ерік өзімен-өзі әуре, араларға қарайды, аңға шығады, Қатын өзенінің арғы бетінде үнемі келіп тұратын бір қызға түрін көрмесе де ғашық. Өйткені өзеннің ағысы қатты, көпір жоқ, күркіреп ағатындықтан, сөз естілмейді. Сонда да сырттай соны көргеніне мәз болып жүреді. Айнаға адам екен-ау деп, көңіл аудармайды.
Бірде Айна үй сыртында екі баласымен өліп жатқан адамды көріп шыңғырып, сол жерде талып қалады. Сөйтсе, бұл терісі сыпырылған баяғыда өзіне тиіспеген, екі қонжығы бар аю екен. Мұның бәріне жайбарақат қараған Ерік аю терілерін Прохордосына беріп жібереді.
Автор ой үстінде жүретін Тағанға өз-өзіне «Неге біз осы» деген сұрақты қойғызу арқылы дүние қыр-сырына шолу жасайды.
Сюжеттің шарықтау шегі - тордан шыққан будан аралардың есік алдында отырған Нүрке кемпірді шағуы. Ол өлер шағында бой жасап, сөйлей бастайды. «Асықпай дәреттеніп, ақтық дәм - атау-кере суын ішіп болған соң, Алла тағалаға мінажат білдіріп, рахымына көнетінін, төтеден жіберген дертіне мың да бір алғысын айтып, ұзақ күбірледі. Бұдан соң «бисмилла рахман рахим» деп, екі қолын кеудесіне қойып, шалқалай жатып көзін жұмды... Енесінен көз алмай отырған Айна бір уақта... жаңа ғана қыбырсыз жатқан: бұл түсінбейтін орысша әлденені айтып күбірлеп, бұл түсінетін «о, господи, прости своего грешнего.» деген сықылды сөздерді араластыра сөйлеп, шоқына бастағанын көргенде. иә-иә, көргенде.екі көзі шарасынан шыға шошынғаны соншама, «апатайым- ау, мұның не?!» деп, айқайлап барып құлады. Талып қалды. Бұл - Айнаның өз өмірінде екінші рет оңбай қорыққаны, талғаны еді.Нүрке кемпір қанша діндар болса да, не мұсылманша, не христианша жерленбей, өз иманын өзі айтып, өз жаназасын өзі шығарып», өзі аңсаған туған жері Фадихадан топырақ бұйырмай, Қатын өзенінің жағалауына жерленеді. Себебі күн ыстық, жол ұзақ.
Ерік өзінің баласы жоқ екенін өмірінде бір-ақ рет есіне алады. Бар ақылы ақша жасауға жұмсалғандықтан, оның сезімі қатыгезденіп кеткен. Ал Айнаға ендігі өмірдің мәні жоқ көрінеді. Қатын өзеніне секіріп кеткен жерінен оны Таған құтқарып алады. Сол бетінде Шалдың үйіне қарай алып кетеді. Ал Шалды Ерік жеккөреді, ата жауы санайды. Сондықтан екеуін іздемейді де. «Жетісерсіңдер, жетісерсіңдер! - деп, жын ұрғандай, тауды басына көшіре сақылдап күліп: «Прохор келсін, вертолетпен Бекзатты алдырамын. Маған бәрібір, қатын болса - болды», - дейді. Ертеңінде әлемді аппақ кебінге орап, қар жауады. Биылғы жылдың алғашқы сонары. Еріктің ойы – аңға шығу.
Роман сюжеті былай аяқталады: «Келер жылдың көктемі шығып, жабағыланған сіреу қар еріп, таусылып, арқырап өзен тасып, ағаш бүрлеп, гүл бас жарғанда, Ерік жылдағы әдетінше Қатын суын құлдап, тарихи мекеніне барған. Арғы беттегі шынарға жанарынан су аққанша қарады. Әне, көрінді! Сол! Өзі! Ақбоз ат мінген сұлу! Омарташының ғашығы! Аттан түсіп жетелеген күйі, өзен жағасына келді - тым жақыннан көрінді. Қолын бұлғады. Ерікте ес қалмады. Суға түсердей болып, жағалауға мінбелей ынтыққан. «А, Құдай, араға айналсам екен, ара болып, арғы бетке ұшсам екен» деп, тізерлей отырып, қолын аспанға соза, бар болмысымен тіледі-ай, тұңғыш рет зар еңіреп жылады-ай.Құдайдың құдіретімен омарташы араға айналды.бірақ бал арасына емес, малға тыныштық бермейтін көкбас сонаға айналды. Айналуы сол екен, арғы жиектегі Қызға зымырай ұшқан. Ұшқан қалпы ғашығына жетіп, иығына қонды. Не болғанын білмей, сасып қалған Қыз қолындағы екі бүктелген қамшымен сескене салып қалғанда, енді ғана арманы- на жеткен «Ерік-Сона» қанатын серпуге шамасы жетпей, тырапай асып домалап түскен. Қатын суының айлағындағы керемет үй, көл-көсір байлық, қора толған мал, бал аралары иен қалды. Қалса - қалсын. көп ұзамай Қатынға тоған орнатылып, су көтерілгенде, бәрібір шіріп астында қалады. Су астында Нюра Фадеевнаның жетімсіреген зиратыда қалады. «НЕГЕ БІЗ ОСЫ.».
Неге Ерік сонаға айналды? Автор мұны дүниеқоңыз адам тек сонаға ғана айнала алады деген ирониямен беріп отыр. Өйткені ендігі оның өмірінде мән жоқ. Қайтадан тіршілік бастай алмайды. Ал Таған мен Айнаның жан дүниесінде ұқсастық, қайырымдылық болғандықтан, екеуі үйленіп, өз әлдерінше тіршілік ететін болады деген ой тастайды.
Романның екінші атауы «Қауіпті будан» болуы тегін емес, өйткені шексіз дүниеқоңыздыққа бой алдырған Ерік шетелдік араның қауіпті екенін біле тұра алдыртып, ақырында шешесінің беймезгіл өліміне себепші болады. Сонымен бірге Нюраның әке-шешесінің келісімін алмай, тұрмысқа шығуы, оған шешесінің лағынет айтуы, қарғыс дұға жасауы - осылардың бәрі жинақтала келе романның «Атау-кере» деп аталуына себеп болған. Осы орайда орыс жазушысы Владимир Личутиннің «Бөкеевтік прозаның әуені мұңлылау әрі мұнтаздай болып келеді. Сондықтан әсері күшті: Жалғыз басты адам. Жалғыз киіз үй. Оқшау жаратылысты, оның үстіндегі күн және иесіне адал аттың жалғызсырай тықыршуы» деген сөзі есімізге түседі.
«Атау-кере» романы
(«Қауіпті будан»)
Үзінді
Ол Бек Алқаға жылыңа бір рет міндетті түрде қатынайтын. Туған ауыл, ел-жұртын емешегі үзіліп сағынғандықтан емес (қайбір екі туып, бір қалғаны бар), жыл бойғы табан ет, мандай тердің құнын шығарып, ұшы қиыры таусылмас шаруасының шалғайың қайыру үшін етектегі елге Үлкен Жерге асығатын. Ал шаруа, басқаны қайдам. Ерік үшін қайта айналып орнына келе берер күн мен түн секілді мəңгілік қозғалыстағы, мəңгілік айналымдағы дүбірлі дүние, таусылмас қазына.
Еріктің былтырдан бері ауылға келгені - осы. Өзгермеген. Өзгергені аз ғана секілді, көшеде көрген жұрттын бəрі бұған үрке қарайтындай сезікті сезінеді. Бұрынғыдай емес, бұл ауылдың адамдары бұлдана есендесетіндей, бейне бір кісікиік көргендей көздерінің астымен сүзе қарайды, не болмаса байқамағансып, байырқаламай асығыс өте шығады. Соңғы кезде адамдар мінезіне санамен кіріп, сыздата бүлдіріп жүрген осына тоңмойындық ауылдастарының баяғы жайсаң жанын қай жылдардан бастап қасаңдай бастағаның зейін қойып зерттер зерде Ерікте бар - жоғын білмейміз: біздің білетініміз: замана көші байсалданып, баянды ғұмыр кешкен сайын өмір сүру жеңілденіп, сауық - сайран көбейген сайын санамыз сарабдал тартып, таңғажайып оқиғаның куəсі болған сайын құлқынымызға құм түскендей қатал да қайырымсыз: ешкімге де, еш нəрсеге де сенбейтін сезімсіз «сергектік» жайлағандай еді бойымызды. Тек алға, алға ғана тура тартқан: жасықтық пен жалтақтықтан ада асау батылдық, балталасаң да қынқ етпес батырлық сықылды болғанымен, көсегеніміз көгертпес көкбеттікке бой алдырар кісəпірліктің көрігін көбірек басып жүрген жоқпыз ба деген күнəлі ой түрткілеп мазаны алар еді. Еріктің туған ауылының кеткеніне, сонда да мүлдемге емес, үш-ақ жыл болса да, өзін осыншалық жат, өзегеше бір өгейлікпен қарсы алады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ...
Ерік ауылдағы барлық шаруаларын тыңдырып, керек жарағын түгендеп болған соң, түнде тоғай арасына арқандап қойған көкбесіні жетектеп өз үйіне келді. Қараса, қақпасы ашық қалған екен. Қайран қала, атын жетектеген күйі аулаға кірді. Көкбесті құлағын тіге қорс ете түсті. Тура есік алдында бүк түсіп ұйықтап жатқан алба-жұлба адамды енді байқаған Ерік те сескене тұрып қалды. Көкбестіні байырқалата арқасынан қағып, діңгекке байлады да, жетім балаша қол-аяғын бауырына ала бүрісіп жатқан маскүнемнің жанына жақындады. Үсті-басы адам көргісіз кір-қожалақ, ұзын болып өсіп кеткен шашы құйын ұрғандай дудырып білтеленген, кір басқан аяғына әбден тозығы жеткен бәтеңкені шұлықсыз суға салған және өмір бақи шешпейтін болуы керек, бауы шиеленген... бірде-бір түймесі салынбаған... Көгеріп, көзінің асты көлкілдеп кеткен беті кісі танығысыз. Ерік тосырқап әрі жиіркене қарап біраз тұрды да, аяғымен түрткілеп: «Ей, тұр, давай, әкеннің төрінде жатқан жоқсын», - деді. Маскүнем оянған жоқ. Еңкейіп барып алқам-салқам жағасынан жұлқылады – былқ етер емес. «Мына нәлеттің түрі таныс», - деп ойлады. Әсіресе құс қанатындай иіле біткен қап-қара қасын көрген секілді. Үңіле жақындап еді, тұла бойынан мүңкіген жағымсыз иістен тыжырынан шегініп кетті. «Қайдан көрдім?» Маскүнемнің оянар түрі жоқ. Үстіне сар еткізіп құя салатын маңайда су жоқ, амалсыз тағы тепкілеп еді, болар-болмас ыңырсыды. «Е, әйтеуір, бойыңда жаның бар екен, әйтпесе мен өлтірді деп пәле жабар еді».
Әрең дегенде басын қалқайтып отырғызды. Белгісіз адам әуелі «қайда жатырмын» дегендей жан-жағына кіржие қарады, содан соң ғана желкесін есіней қасып, жанарын Ерікке қадады.

  • Құдай берді! – деп, орнынан қуана тұрды. – Іздегенім сен едің! «Өлмегенге өлі балық» деген – осы, Ерік. Аманбысың, кластасым?

Өзін құшақтағалы ұмтылған маскүнемнің кеудесінен жақтырмай итеріп қалғанда, ол тәлтіректеп барып тыраң ете түсті. Көтерем сиырдай орнынан әрең көтерілген. Көтерілген соғ буынын мықтап тұрып бекітіп алды да:
- Танымай тұрмысың, Қарабауыр. Баяғы кезім болса, аяғынды аспаннан келтірер едім, - деді, Оның әбден... лайланған көзі кең ашылып, қанталанып кеткен қарашығынан болар-болмас от – әлі де мүлдем сөне қоймаған ашу ұшқыны, бәлкім, намыс шоғы жылтырады. Қара нардай қайқайып тұрған омарташының жұлындары дір етіп, біртүрлі сескеніп қалды. Осы сескеніс он шақты жылды араға салып барып, іздеп тауып алғанына қайран қалудан туған-ды. Қайран қалмасқа амалы жоқ еді, өйткені ол «Қарабауыр» деген намысын шабақтар сөзді жалғыз-ақ адамнан еститін және кек қайтаруға шамасы жетпей, бейамал күй кешіп іштей кектенетін және де анау иілген құс қанат қастың астындағы аялы қара көзде әмбе дылт еткен ұшқынды да бір-ақ жігіттен көрген, көрген сәтті ғана асу бермес асау мінезі пәс тартып, мысы басылатын. «Сол, - деп дауыстап жберді. – Соның өзі. Таған ғой мынай!» Иә, оның алдында адамдық сиықтан айырылып, ербиіп тұрған маскүнем мектепте он жыл бойы бір партада отырған, Алматыда бес жыл қатар оқыған, аспирантураны тауысқан, ешкім жауырынын жерге тигізіп көрмеген жігіттің сұлтаны... Таған еді! «Құдай-ау, бұл қайдан жүр? Өлмеп пе еді?»
- Иә, мен әлі тірімін, Қарабауыр! – деген сөзден селк етіп, сасқалақтап ойын жинап алды.
- Мықты екенсің онда. – Басқа еш нәрсе аузына түсе қойған жоқ.
- Менің мықты екенімді білмеуші ме едің? Өлмегеніме қуансаң, басымды жаз, - деді ыржалақтап, еріктің ес-ақылын жинаған осы сөз болды.
«Е, бәсе, неғып күшейіп кетті десем».
- Басыңды жазбақ түгіл, астауға құйып шомылдырайын. Тек айтқанымды істейсің, айдағаныма жүресің, айтақтағаныма үресің.
- Көк есегің болайын, көкетай. – Шөге түсіп аяғынан құшақтады. – Зекетіңмін. Құлыңмын.
«Әбден біткен екенсің, Қарабура» (Бұл Тағанның бір кездегі лақап аты еді. Бүгінде оны ешкім де бұлай атап, әспенсітпейді). Адамдықтан кері азып, маймылға айналып-ақ кеткен екенсің».
Қолы-басы дірілдеп, аш аруақ секілді еңбектеніп жүрген мүскін, расында да, орангутанға өте-мөте ұқсап кеткен.
- Жә, тұр енді. – Тері қоржынды ақтарып... көк мойын шөлмектің бірін күнге шағылыстыра суырып алғанда, мойын тамыры білеудей маскүнем тобықтай жұтқыншағы бүлкілдеп, көзі бағжаң ете қалды. Кеберсіген быт-шыт ернін жалап, жараның орнындай үңірейген ұясына кіріп кеткен көзі жыпылық қаға еңіреп жіберген.
- Құлың болайын, Ерікжан.
Сұқ саусағымен бір нұқып қаңылтыр тығынды ішіне кіргізе ашып, лақтырып жіберіп Тағанға: «Аш аузыңды», - деді. Анау бөбежігі көрінгенше аңырайта аузын ашты. Жуылмай, аттың тісінше түбі қарайып кеткен тісін ақсита, қып-қызыл болып үңірейте ырситқан өңешіне бүлк-бүлк құйып еді, ашырқанған да, шашалған да жоқ. Ерік таңғалды.
- Тағы да, - деді Таған тамсана ұмтылып. – Тағы да бірер тамыз. Ағынан гөрі қызылы тәуір еді.
«Иттің ішіне сарымай жақпайды» деген-ау. Дегенмен осы Қарабура өзі айтқандай көк есек ретінде пайдалансам қайтер еді». Омарташы өз ойына өзі қуанды. «Бич! Иә, иә, кез келген бичті жұмысқа бишіксіз-ақ салар күш - арақ-шарап. Анамның ағаш күбісіне бал сыра ашытып, күніне бір литр жұтқызып қойса, бар жұмысты осы атқармай ма? Табылған ақыл».
- Ей, Қарабура , сен маған еріп жүр. Аузыңнан арақ, алдыңнан тамақ кетпейді.
- Рас айтасың ба, алдамайсың ба? – деді екі көзімен Еріктің қолындағы шөлмекті ішіп-жей...
- Да, да, - деп тамсанды... Айда, ерім соңыңнан, милициясы, дружиннигі, он бес тәулігі жоқ бостандыққа аттанайық. Тек анауыңнан тағы бір жұтқыз.
- Жұтасың, осының бәрі сенікі, мен ішіп жатқам жоқ. Ол аз десең мына сумканың іші толған сенің горючиің...
- Құлдығың болайын, Ерікжан. Білемін, сен бала кезіңнен ішпейтінсің. Мен дайынмын, бірақ... Көрші ауылдан мініп кеткен атты иесіне қайтару керек еді...
«Құлым болатынын рас, - деп ойлады көкбестіні шығарып, қақпаны мықтап жауып түрған Ерік. - Сасық сары сырамен суара берсем, Қатын суына көпір салып берерсің».
-Ауыл арасы жақын, атты өздері-ақ іздеп тауып алады, сайтан алады дейсің бе, сойып жейтін сорпалығы да жоқ. Кеттік, - деді. Шөлмектегі аштыдан тағы бір ұрттатты да, аузын тығындап, қоржынына салды. Атқа қонды. "Шашты" деп аталатын асуға қарай желе-жорта жөнелгенде, маскүнем жігіт аңшының соңынан ерген тазы иттей жаяу сүмеңдеп еді. Ол қалжырап қалыңқырап қойғанда, басын шұлғи аяңдаған көкбестінің тізгінін тартып аялдатады да, енді-енді құйрық тістесті-ау деген кезде, тақымын қыса сау желе жөнелтеді. Асудың дәл алқымына тақалғанда аттан түсіп, жан тері шыға ентіккен бала кезгі досыңа, қазіргі «құлына»... молырақ ішкізді.
- Сені аттың артына мінгестіре алмаймын. Жол ұзақ, тау биік, жас мал еңгезердей екі жігітті көтере алмай қызылмай болып, өкпесі күйіп кетеді. Біздер қайбір қаңбақтай жеңіл едік. Екеуміз де бұрыңғы палуанбыз. Қазақша күрестен... - деп мысқылдады.
Көкбестінің төс айылын тартып, өмілдірігін тарылтып болған соң, Ерік атқа қайта қонды. Жағасы жайлауда, мойны сорайып, эрозияға ұшыраған даладай сортаңданған бетінен айғыз-айғыз тер сорғалаған Қарабура да ербиіп орнынан тұрды.
- Менен көз жазып қалма, - деді артына бұрылып Ерік.
- Қап тауын асып кетсең де, іздеп табамын, - деді Таған.
- Сенің иісшіл ит екеніңді баяғыдан білемін, - деді Ерік.
- Сенің атақты аңқос екеніңді мен де білемін... Бірақ екеуміз де жетісіп келе жатқан жоқпыз. Бірдейміз.
- Неге? - деп таңырқай сұрады ерге бір жамбастай артына қарап отырған омарташы.
- Былтыр ЛТП-да емделгенім бар еді. Сонда деймін-ау... Сонда қоршауда жүрген маскүнемдер де, сол маскүнемдерді сырттай бақылап күзететіндер де қашып та, ешқайда ұзап та кете алмайтын. Айырмасы біреуі - іште, екіншісі - сыртта.
Ерік ләм деп жауап берген жоқ. «Мына иттің ақылы азбаған ба, - деп ойлады. -Оны омартаға барғанда тексеріп көрерміз...
Шаштының үстіне алдымен шыққан Ерік сонау етекке таман бір отырып, бір жүріп, әйтеуір, жансебілдікпен өрге қарай ілби тырмысқан мүсәпірге қарап басын шайқады: «Қандай сор екен айдап келе жатқан? Биік мансап, ұлы мақсатқа өрлеп келе жатқандай жанталасуын бейшараның...»
2
Арпалысқан әлемнің әлегінен, даңғаза да мазасыз тіршілігінен қашып келіп немесе ұлы шерулі көштен адасып қалып жападан-жалғыз қалған бұл үйдің иесі - біз жоғарыда әңгіме еткен Ерік есімді омарташы жігіт. Алматыдағы дене тәрбиесі институтын бітірген, күрестен спорт шебері Еріктің жалпақ дүниенің барлық қызығынан жеріп, атты адам араға бір қонып, (онда да жаз айында, қыста жан баласы қатынай алмайды) әрең жетер ит өлген жерге кетуінің сырын ешкім де білмейді. Бұл үйдің ала жаздай анда-санда келіп тұрар жалғыз-ақ қонағы бар. Ол - орманды өрттен қорғаушы, вертолетші жігіт Прохор Александрович Лаптев. Омарташы мемлекетке тапсырар балды осы кісіден беріп жіберетін және үлкен жермен арадағы байланыс тек Лаптев арқылы жасалар еді...
Қатын суының ағыс үніне үйренген адам басқа жерге барса, түн баласында өзеннің гүріліне үйреніп алғаны сонша, көз ілмеуші еді. Ал бөтеннен келген кісі бұл үйде ұйықтай алмайтын. Табиғат иеміз бар байлығын үйіп-төге салған түкпірдің өз қызығы, өз азығы өзінде, қоғамдасқан өмірдің заңынсыз-ақ өгейсімей ғұмыр кешіп жатар еді. Дегенмен осы «сен тимесең, мен тимең» оңаша да, бейбіт тірлік те, жұмыр басты пенде екені рас болса, жанын жеп, жалықтырады-ай; жүрек сыздатар сағыныштың, дабырласып сөйлесер, айғайласып ұрсысар көршінің мінез-құлқын, қол беріп амандасар қошеметін, қарасы бар, ағы бар адамдардың сан түрлі бет-жүзін көксеп мұңға батырады-ай... Бәрінен де бұрын ес біліп, етек жапқалы, барлық ғұмырын қадірлі халқы, жағалай жұртымен өткізіп, «көппен көрген ұлы той» деген ұлағатты сөзді имандай тұтып келген Еріктің шешесі - Нюра Фадеевнаға да қиын тиді. Ал Еріктің жары Айнаға Қап тауын асып кетсе де бәрібір, күйеуі қайда - бұл сонда, қосағымен қоса ағарудан өзге арман да, мақсат та жоқ. Тау қойнауындағы жалғыз үйдің күйбің-күйбің шаруасы жалықтырған емес, белі талып шаршаған да емес. Күйеуі әр жылдың осы мезгілінде ауылға аттанып, ұшқан құстың қанаты талып әрең жетер құзар таудың басында енесі екеуі ғана қалатын. Енесі- жасы ұлғайған адам, оның үстіне, міне, жарты жыл болды саржамбас күй кешіп, төсек тартқан сал ауру, екі аяғын баса алмайды, оның асты-үстін тазалап, тамағын әзірлеп, сусын жұтқызып отыруда Айнаның мойнында. Ара бағу – қолы білген адамға әуресі жоқ таза жұмыс: өздері жайылады, өздері еңбектенеді, өзін ғана емес өзгені де асырайды, тек уағында тексеріп, дер кезінде балын жинап, ауру-сырқаудан сақтасаң, шаш етектен байлыққа батырар берекелі шаруа. Бірақ бұл үйде ара өсіруден басқа тіршіліктің көзі мол. Тайынша, торпағын қоса есептегенде, оннан аса сиыр мал, бес-алты жылқы, елу шақты қойдың қысқы азығын дайындаудың өзі-ақ ерлі-зайыптыларды сүріндіріп жығатын. Әсіресе бірер күн ғана ашылып, қалған мезгілде төпелеп жаңбыры құйып тұрар өлкенің шөбін шірітпей, қораға үйіп алудан азапты жұмыс жоқ. Қоғадай болып бойлап өсе беретін балдырлы шалғынның малға жұғымы аз, қырдың бір түп күреңсесіне бір шөмелесі татымайтын қурайлы келеді, сондықтан да мая-мая пішен дайындамасқа лажың жоқ. Әуелі қос тігіп, шабылған пішенді соның үстіне үйгенде ғана, шірітпей кептіріп алар еді. Екі-үш күннен бері ғана қабағы ашылған күннің әр сағатын пайдаланып қалу үшін, жалғыз өзі жанталасқан Айна ертеңнен қара кешке дейін тыным таппай шөп үйеді. Оның ара-арасында үш биенің алты-жеті уақ сауымы бар. Қас қылғандай, күннің дәл Ерік кеткенде шайдай ашылғанына налыды. Ал енесінен қайран жоқ, қайта-қайта үйге жүгіріп несебін тазалап, тамағын беріп, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Талай жылдан бері шындап шаршағаны да осы шығар. Екі иіні талып, арқасы удай ашып, екі алақаны мен табаны күйіп, түні бойы ұйықтай алмады. Бір жағынан, кемпірдің аһылап-үһілегені, өз-өзімен күбірлеп сөйлегені, «Құдай-ау, неге алма»сың?» деп зарлағаны бұған да запыран болып тиіп, көрер таңды көзімен атқызар еді. Отыздан асса да өңін бермеген сұңғақ бойлы, үлкен қара көзді, ақ құба, дөңгелек жүзді Айнаның келбеті екі-ақ күнде кеспірсізденіп, соғыс кезіндегі әйелдердің кебін киген-ді...
Айна әдеттегіден де ерте тұрды. Есік алдындағы үстін шатырлап, қолдан қалап қойған пешке от жақты, пештің үстіндегі шойын қазанға су құйды. Беті-қолын жуып, тілерсегіне түсетін шашын тарап, төбесіне түйді. Табиғат сыйға тартқан көл-көсір мол шаштың ұйысқанын жазып, тарап өруден қиын нәрсе жоқ-ты. Ыза болған күні кесіп тастамаққа сан рет оқталса да, енесі: «Қайшыңды жалақтатпа, мен өлген күні қиясың», - деп, келісімін бермейтін. Енесінің сөзін екі етпейтін Айна лажы таусылып: «Қойдым, апа, қойдым», - деп, бетінен сүйетін. Ене мен келін арасындағы сыйластыққа толы қарым-қатынас әншейін үлкенді-кішінің ізет тұтуы ғана емес, жо-жоқ, одан гөрі терең де телегей шын жақсы көруге ұласқан сүйспеншілік еді. Сондықтан да абысындардай сырласатын, шешесі мен қызындай сыйласатын. «Құдайға күнәлі болсам да, ұлымнан гөрі сені жақсы көрем, келінжан», - деп, Нюра кемпір айналып-толғанатын.
Пештің үстіндегі қазандағы су жылыған соң, жез құманға құйып Нүрке кемпірге (ауылдастары Нюраны Нүрке деп атап кеткен) апарды. Ол ояу еді. Кәріліктен бе, әлде екі аяғы сырқырап тынышын ала ма, әтеш алғаш шақырғаннан-ақ, қыбырлап, жөткірініп ояу жататын.
Темір төсегінің аяқ жағына байлап қойған қайыс белбеуден тартып басын көтерді. Айна да жастығынан демеп, арқасын тиянақтап қойды.
- Шүкір, күн бүгін де ашық екен, - деді Нүрке кемпір келіні құйған шым-шым сумен беті-қолын жуып.
- Иә, шайдай ашық, апа.
- Жалғыз өзіңе қиын болды-ау. Менің түрім болса мынау, тобанаяқ болып ас ішіп, аяқ босатқан.
- О не дегеніңіз, апа, осы күніңізге зар болып қиналмасақ. Ерік бүгін келер.
Нүрке кемпір сау кезінде дәрет алып, намаз оқып әдеттенгендіктен бе, ұзақ жуынатын. Бір қолымен жез легенді, екінші қолымен жез құманды ұстап тұрған Айна енесінің осына туасы біткен кірпияз тазалығына таңғалатын әрі сүйсінетін. Қазір де сәл жымиып, асықпай су құйып тұр.
- Рақмет, Айнаш! – деді қос білегін, бет-аузын асықпай сырбаздай сүрткен Нүрке. – Дүниеде өз аяғыңмен барып дүзге отырғаннан артық арман бар ма екен. Жас балаша астыға жаялық төсетіп, артық-ауысты саған тасытып...
- Ештеңе етпес, апа, - деп енесінің сөзін бөлді. – Жұғып қалар дейсіз бе? Осындай жұмысты арамсынбай-ақ атқарып, жанын сақтайтын адамдар бар емес пе. Әлі-ақ жазылып кетесіз... маған шөп жиысасыз...
- Енді қайтып тұрмасымды білемін...
Шай жасалды. Ене мен келін бабымен сораптап ұзақ ішті. Екі иінінен дем алып, қарағайдың қызулы шоғына қайнаған самауырдың оттығы жылтырап, бүлк-бүлк қайнап тұр. – Прохорға мың да бір рақмет, - деді Нүрке, - үнді шайын үзген жоқ.
- Расында да, дәндеп алыппыз. Дегенмен осы «үндінің» өзі қымбатқа түсіп жүр-ау деймін.
Түпсіз ойдың тұңғиығына тұншыққан Айна қайтадан бетіне қалқып шыға алмай ұзақ отырды. Көзден де, көңілден де баяғыда қашаңдап кеткен жастық дәурен – қыз кезі, бірге өсіп, біте қайнасқан достары, туған-туысқандары есіне түсті. Қыздар институтының жаратылыстану факультетінде оқып ж.рген шақта, қолаң шашын қос бұрымдап өріп, жанынан өткен адамды жалт қаратар сұлулығымен талайды таңғалдырмап па еді... Құрбылары шашын қиып күзеген байталдай болып жүргенде, хас маңдайдан қақ жарып тарап, бір талын шашау шығармай өрген шашын жалау ғып жайнап, жігіт біткеннің аузының суын құртқан... Әлгі бурыл шаш қыр соңынан қалмаған соң, институтты тастауға мәжбүр болған. АХБК-ға жұмысқа орналасты. Сөйтіп жүріп оқуға өте кеш түскен өзінен ересек Ерікпен танысты. Айтып-айтпай не керек, Ерік әдемі еді ғой: қара торы, сұңғақ, бәрінен де көзі – азиялық әлпетіне ойда жоқта орналасқан еуропалық көгілдір тартқан көзі мен қара бұйра шашы... Екеуі қолтықтасып қатар келе жатқанда, көлде жүзген аққудай аса жарасатын, дос-жарандарының бәрі қызыға да қызғана қарайтын. Ерік күресті қойған соң ғана, төртпақтанып толып кетті ғой... Оқу бітірген жылы үйленді. Ерік аудан орталығындағы спорт мектебіне орналасқанда, дипломы жоқ Айна интернатта тәрбиеші болды. Осылайша он жыл өмірлері оңды-солды, мән-мағынасыз өте шыққан екен. Мамандықтарын тастап ара бағып кеткендеріне де осы жазда бес жыл толған. Тәңірім-ау, сонда не қызық көрді? Көрер қызығымыз алда дейін десе, өзі отыздан асып, Ерік қырыққа толыпты... ендеше, ғұмырының аяулы шағы ертеңге ауып, сарықарын тартар шақтағы қонған бақтың, қоңсыған байлықтың керегі бар ма өзі...
Елік әупілдеді. Анау бір самырсынның бұтағында қолында аппақ қып аршып алған балқарағайы бар тиін жүр, ал түбіндегі сала-сала боп адырайған тамырдың қуысынан боршатышқан жылтыңдайды. Екі ұрты томпайған, тегі, балқарағай дәнін толтырып алып, ініне асығыс тасып жүр-ау. «Барлығымыз да – жан-жануардың толайымы қыстың қамына дайындалудамыз, - деп жымиды Айна, тер басқан бетіне жабысқан шөптің қоқымын жаулығымен сүртіп тұрып. – Шұқылап зерттеген адамға осы көріністің қай-қайсысы да ғажап-ау. «Табиғат ешқашан да өз құпиясын ашпайды» дегенді оқығаны бар еді, алайда тым-тым ашып тастасаң, тағы бәле. Бәле болатын себебі – Табиғат-Ана абыройдан айырылады, содан соң ашуланады. Айталық, қазір жер бетінде табиғат апаты тым көбейіп кетті, түбі неге апарып соғарын кім білсін; бекерден-бекер мөңкитіндей не көрінді. Ашуланады ғой жарықтық...»
...Жарықтық күйеуім балажанды кісі еді ғой... амал не! Еріктің ержеткенін көре алмады... Көзі тірі кезіндегі сәбидің бірде-біреуі тоқтамады. Айтып-айтпай не керек, не көрмедік, неге көнбедік... Ерігім біртоға, тұйық, сенер кісісі болмаған соң, шаруақой болып өсті. Мектеп бітірген соң да, мені жалғыз тастап кетуге қимай, оқуға кешеуілдеп барды ғой. Алматыда жүргенде көп қиыншылық көрген секілді. Өйткені колхоз совхозға ауысып, апалас-төпелеске ұшыраған кезеңде мен пенсиясыз қалдым, кейін ғой кемпір бас сайын 28 сом «айлық( тағайындағаны, әйтеуір, елде бардың ерні қимылдап жұтамадық, халықтан айналайын, қарнымызды ашырмады. Жалғыз бала қатты болады деуші еді содан ба, Ерігім өсе келе жұртқа жұғымы жоқ, даланың тағысы секілді тәкаппарлау болып кетті. Саған да обал, келін шырақ, ішім сезеді, құсалық бар, қайтейін, Алтайдың аңғарына қамап ұстайтын аң емессің...
- Қойыңызшы, апа, мен тіпті де жалғызсырап жүргенім жоқ. Тағдырымды Ерікке тапсырғанмын, Мұзтауды асамын десе де, қалармын ба соңынан. - Рақмет, Айнам, Еріктен артық көрмесем, кем көрмейтінім бір құдайға хақ. Екеуіңнің жамандықтарыңды көрмей, бiр күрек топырақ бұйырып, алдарында кеткеннен озык мұрат бар ма мен үшін.

- Сiз... апа... сiз орыс та, қазақ та емессіз... сіз баска бiр... ұлтсыз... жер бетінде жоқ ұлттың өкiлiсiз. Ол ұлттын аты - аяулы АНА. Әттең, сiздей адам жалғыз-ақ па деп қорқамын...


Айнаның шамның сәулесімен боталаған жанары жасаурай, енесін катты қысып құшақтады. Неге екенін өзі де білмеді, екі иығы селкіл деп, ағыл-тегіл жылаған. Байтак ел, бақытты күндерін аңсады ма, әз анасынын жұпар иісін сағынып, кең кеудесіне басын қойғысы келген шығар, бәлкім, бұған дейін көкірегінде бұғып жатып, әбден кысылып, әбден сыздаган мұңның ененің еміренісінен кейін иіп, бұлак боп, көздің жасы боп сарқырап аққаны ма екен?.. Кім білсін, кімнің ішіне кім кіріп шыққан... бәрімізде де ашылмаған сыр, айтылмаған сөз бар-ау...




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   67




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет